Эссе және өлең-жыр байқауы

Мәдениеттанушы заманауи жоғары сұраныстар мен қызығушылық ие мамандық!

Мәдениет адам әлемі десек,  адамды қоршаған заттар, дүние бұл мәдениеттің сыртқы көрінісі ғана, оның мәні руханилықты адам әрекетінің нәтижесінде заттандыруда жатыр. Сондықтан мәдениеттің ішкі мәні қоғамдағы өмір сүріп жатқан адамдардың өзіндік санасында, парасаттылық сезімдерінде, рухани ізденістерінде айқындалады.

Ал өз кезегінде мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі құралады. Сонымен бірге мәдениет адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал және адамды қалыптастыру қызметі десек қателеспейміз.

Мәдениет қоғамда болып жатқан түрлі процестерді барынша қамтып, мәдениет дамуының жалпы заңдылықтарын, оның өмір сүруінің принциптерін және түрлі мәдениет түрлерінің өзара байланыстарымен, тәуелділіктерімен зерттеп, олардың өзара байланыстарын, қарым-қатынасын зерттей отырып, адамзат баласының біртұтас мәдени даму процесінің жалпы заңдылықтарын анықтайды.

Сонымен қатар тұлға ретінде заманауи әлем­дік озық үлгілеріне ілесіп және ұлт­тық мәдениетті уақыт талаптарына сай жаңғыруына мәдениеттану саласына да келелі міндеттер жүктейді. Бұл елімізде мәде­ниеттану пәні мен ғылымын ке­ңінен дамытудың өзектілігін алға тартады. Осыған орай мәдениет­тану пәні орта арнаулы жә­не жо­ғары оқу орындарының бағдар­ла­маларына енгізілді. Қашанда жаңаны бастау, бір­ден қалыптастыру қиын. Дүниетанымдық бағ­дар­лардың алмасып, еліміз өт­пелі кезеңнің қызығы мен шы­жығын бастан кешіп жатқан тұс­та оқу орындарында қоғамдық пәндерді жүргізетін қарапайым оқытушылардың айқын бағыттан айы­рылып, біраз абдырап қалғаны рас. Гуманитарлық пәндердің, оның ішінде жеке пән ретінде жаңадан енгі­зілген мәдениеттанудың да­ бұрынғыдай үйреншікті тәр­тіп­ке сай стандарттық үлгісі де, тип­­тік бағдарламасы да болмады. Бар ауыртпалық, бір жағы­нан нарықтың қыспағына ұшы­раса да, қалаған кәсібін жал­ғастырған оқытушыларға түсті. Мә­дениеттанудың ғылыми негізін жасау қажеттілігі қатты сезілді. Осы кездері кейбір отандық қоғам­танушы ғалымдар бұл мұқтаж­дықты өтеуді өз қолдарына алды.  

Жалпы Қазақстанда мәдениеттану пәнін алғаш оқытқан қазақ және шетел философиясы тарихы кафедрасы республика бойынша мәдениеттану және тарихи-философиялық пәндер базасы болып табылады. 2002 жылдан бастап «Мәдениеттану» мамандығын дайындау басталып, маман даярлайтын кафедра атауы философия тарихы және мәдениеттану кафедрасы деп өзгертілді. Профессор Ғабитов Тұрсын Хафизұлы және Құлсариева Ақтолқын Тұрлыханқызы алғашқы қазақ тілінде жазылған «Мәдениеттану» оқулығының авторы болып табылады.

Тәуелсіздіктің рухы асқақтаған сайын ұлттық идеяның субьектілері  ұлттық бірегейліктің қайта жаңғыруына, қайта түлеуіне және өрістей түсуіне үлес қосуды өзіндік парызына айналдырып келеді. Қоғамымыздың ұлтжанды зиялы қауымы осы қызметте іргелі жауапкершіліктерін терең түйсініп, өзіндік таланты мен ғылыми шығармашылықтарын арнап келеді. Бұл үдеріс қазақ қоғамының тарихи-әлеуметтік, мәдени-рухани саласының әрбір сәттерінен де көрініс тауып отыр. Оның ішінде, білім беру мен ғылым саласының атқарар міндеттері заман талабына сай келетін үлкен жауапкершіліктер артуымен шартталады. Осы орайда, қоғамдық-гуманитарлық білімдердің атқарар міндеті орасан.

Ал мәдениеттану ғылымы тарихтың дамуына, әлеуметтік прогрестің жетілу барысына тікелей жауапты бола алмаса да, өз бетінше дүниеауи жалпы бағдарлар беруге тағайындалғандығы күмәнсіз. Бұл әрбір қоғамның даму келбеті мен үдерістеріне сәйкес, мәдениеттанушы-ғалымдарға үнемі-үздіксіз жаңа міндеттер жүктейді. Ендеше, біздің еліміздің зиялы қауымдарының баршасы секілді мәдениеттанушыларда «ғалымдық жауапкершіліктен» тыс бола алмайды.  Осы жауапкершілікті басқа да ұлтжанды, терең парасатты ғалымдардың топтасқан, бас қосқан ордасы  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өзінің қайталанбас ерекшелігі мен кәсіби мәртебесін бекемдей түскен, барлық жағынан заман ағымына ілесуге талпынатын, ғылыми дәрежеде негіздейтін, біліктілігі өте жоғары мамандар дайындайтын ғылыми орта, философия ғылымдарының докторы, профессор Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы басқаратын «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасы болып табылады.

Қазіргі таңда «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасы – заманауи жоғары сұраныстар мен қызығушылық ие, еліміздің тәуелсіздігімен қатар жаңа ғасыр мамандықтары болып табылады.  Бұл мамандықтардың білім беру бағдарламасы жоғары білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандартына сай негізделген.

Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған  нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген ұлағатты жадында сақтай алған, адам ғұмырын көк тіреген еңсесі көз арбаған алып тауларға теңейтін болсақ, бар ғұмырларын осы ғылымға арнаған ардақты профессорлық оқытушылық құрамы табысты жұмыс атқаруда.

Сонымен қорытындылай келе мәдениеттануға деген қызығушылық аталмыш ғылым саласының елі­­­­мізде жедел қарқынмен дамып, осы уақытқа дейін әртүрлі бағыттағы бірқатар мектептердің қалыптасып үлгеруіне әкелді. Кафедра ұжымы жоғары мектеп алдына қойылып отырған заманауи талаптарға сәйкес жоғары білікті, жаңаша көзқараспен жұмыс жасауға бейім жас кадрлармен толығуда. Қазақстанда мәдениеттанудың осы мектептері мен бағыттарының қалыптасу үдерісіне үлес қосып, шығармашылық шабыт пен ғылыми жасампаздықтың, белсенділік пен қажымас қайраттың үлгісін көрсетіп жүрген ғалымдарды мәдениеттану майталмандары деуімізге болады.

Мусаев Ринат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Басқа сайттағы жаңалықтар:

Жүктелуде...