Эссе және өлең-жыр байқауы

Мұхтар Әуезовтың қайталанбас, асыл мұрасы

Қазақ өнерінің кемелденуіне, әлемдік әдебиет пен мәдениетке қымбат қазына қосқан, «сарқылмайтын, бітпейтін, жасарып, жаңғыратын, өмірдің өзіндей, жапырағы мәңгі жап-жасыл, жалғаса беретін» әлемдік құбылыс, қазақ әдебиетінің шыңы саналатын, қазақ халқының ғасыр перзенттерінің бірі - Мұхтар Омарханұлы Әуезов.

Мұхтар Әуезовтың есімін атаған кезде ең алғаш Абай бейнесі, «Абай жолы» эпопеясы көз алдымызға келеді. ««Абай эпопеясы-творчествоның тылсым сырына, өмір мен өлеңнің өзара байланысына терең бойлаған туынды, ақын мен поэзия жайлы әлем әдебиетіндегі ең шоқтығы биік үздік шығарма» деген екен М. Луконин.

Шынында да, «Абай жолы» - М. Әуезовтің шығармашылық зор мұрасы, қазақ әдебиетінің мақтанышы, кезінде көпұлтты кеңес әдебиетінің ірі жетістігі саналған айтулы туынды. М. Әуезов осынау ұлы туындысын жазуға жан-жақты ұзақ даярлықпен келді, көптеген жылдар бойы Абай өмірі мен шығармашылығын сарыла зерттеді, шығармаларын жариялады, ақын туралы очерк, мақалалар, көлемді зерттеу еңбектер жазды.

Абай - эпопеяның бас кейіпкері. Өйткені, осынау төрт томдық ғажайып асыл рухани қазына ең әуелі Абайдай аяулы азаматқа, күрескерге, ұлы ақынға арналған, оның халықпен қуанышты да, қайғыны да бірге бөліскен «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп соққан ұлы жүрегіне арналған рухани ескерткіш.

Абайдың азаматтық һәм ақындық тағдыры, оның өз заманының озық өрені ретінде дәуірінің жауыздығымен, надандығы мен бетпе-бет келуі, осы жекпе-жекте ол тартқан қайғы мен мұң, ол тұтқан адамгершілік жол, халықтан тапқан қолдауы, “халық”, “әділдік”деген қасиетті ұғымдармен Абайдың адамдық,

суреткерлік мақсат-мұраттың тоғысуы, міне, бұлар ұлы Мұхтар Әуезов шығармаларында ерекше қараған, айрықша шығармашылық қуатпен, шеберлікпен көркем шешіп берген басты мәселелер.

М. Әуезов Абайдың рухани өсуіне әсер еткен жайлар туралы: «Ұлттық және бүкіл адамзаттық мәдениеттің үш түрлі мол арнасы данышпан ақынның шығармашылық ісіне рухани азық болды. Абайдың бүкіл ой-қиялына, әлеуметтік, ақындық ісіне дәм беріп, шапағатын төккен арнаның бірі-халықтың өзі жасаған, ауыздан ауызға тараған, баспа жүзінде басылып сақталып келген қазақтың бағзы замандағы халық мәдениетінің бай мұрасы, ақындығына рухани дем беріп, азық болған екінші арна-Шығыс мәдениетінің тамаша мұрасы, үшінші арна-орыс мәдениеті, Еуропа мәдениеті», - деген.

М. Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясындағы қазақ халқының жарты ғасырлық өмір-тіршілігінің кең де көркем панорамасын берді. Замана сипатын, саяси-әлеуметтік алуан түрлі оқиғаларды, адамдар характерін, олардың арасындағы күрес-тартыстарын бейнелеуде зор суреткерлік шеберлік танытты. Әсіресе жазушының тіл шеберлігі мен көркем ойлау қуаты айрықша көзге түседі.

Жазушы шеберлігі кейіпкер тілін мінездеріне сай даралаудан да, суреттеу мен мінездеу тәсілдерін ұтымды, әсерлі қолдануынан да көрінеді. Құнанбай тегінде шешен адам, бірақ, ол қыздырма қызыл тілге орынсыз бара бермейді, өз ортасындағы бедел-айбынына сәйкес ол көбіне қысқа, тұжырымды, салмақты сөйлеп, шешіле бермейді. Сәлемінде зіл, бұйрыққа бергісіз мағына бар. Өз мақсатын қалайда орындатуға келгенде ол өзгені мүдіртер шешендік те, ойлы оралымдылық та таныта алады. Ал әділет сөзін айтып, ақиқат үшін алысқан Абай, Дәркенбай, Байзаралы сөздерінен тіліп түсер өткірлік,адамгершілік пен надандық,шындық,өзіндік мінез танылады.Абайдың сөз саптасы,ойлау жүйесі оның есеюіне,ойшыл азаматтың дүниетанымы мен ақындық күрескерлік тұлғасының қалыптасу белгілеріне байланысты өзгеріп,байып,тереңдеп отырады.

Жазушы көркемдік қуатпен бейнелеген табиғат көріністері де эпопеядағы оқиға дамуымен,кейіпкерлердің іс-әрекеті,ой-толғаныстарымен,мінез,танымдарымен идеялық тұрғыдан шебер байланысып-астасып жатыр.

«Абай жолы» - М.Әуезовтің тарихи роман жанрындағы зор көркемдік табысы.Эпопея ұлттық сөз өнерінің ғана емес,жалпы әлем әдебиетінің де заңды мақтанышына айналған айтулы шығарма.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Басқа сайттағы жаңалықтар:

Жүктелуде...