Өлеңдер Бөлімі

Жастық жыры

Мен – тәуелсіз, егеменді ел ұланы,
Қожасымын, тұтқасымын заманның.
Ақ гүлімін байтақ ұлы даламның.
Ізі қалған батыр ата-бабамның
Қасиетті топырағынан жаралдым.
Мен – аспанның қалықтаған қыраны,
Айбынды Алаш елім дер,
Алтын арқа жерім дер,
Жарық күнде сәуле қуған балаңмын.
Махаббат пен мейірімнің тұрағы –
Жұдырықтай жүрегіме еніңдер,
Жас жүрекке үкілі үміт беріңдер.
«Қазақ» атын әйгілейтін аспанға,
Мағжан сеніп қолдау берген жастарға
Барлығың да сеніңдер!

Мен – жастықпын, жалын болып лаулаған,
Лапылдаған алаумын.
Азат ел деп танитұғын бар ғалам,
Көк аспанда желбіреген жалаумын.
Күңіреніп кең даланы шарлаған
Әз Қорқыттың қобызының үнімін.
Алаш үшін бар ғұмырын арнаған
Арыстардың жырымын.

Игілік пен құндылықтың кеніші,
Сан ғасырлық ақыл-ойдың жемісі,
Тіршіліктің мазмұны һәм шырағы,
Тағылым мен парасаттың теңізі:
Мен – біліммін.
Даналық пен көркем ойдың бұлағы,
Әлдекімнің айдауына ермеген,
Бодандықтың тұрлауына көнбеген,
Ақиқатты айтамын деп терлеген
Толғауы тоқсан тілімнің
Тағдырына шырылдаған құлынмын.

Мен – жеңіспін.
Сақ тайпасын билеген,
Жауға қылыш сермеген
Томиристің өрлігі бар қанымда.
Дұшпанына ақ найзасын түйреген,
Арамдық пен қорқаулықты сүймеген,
Сатқындарды жер сүйгізіп сүйреген
Батырлардың рухы бар жанымда.
Отан үшін құрбан еткен жас жанын,
Қайсарларым – аласармас асқарым,
Дәл осындай болу керек «Ер» деген!
Бабалардың арқасы – ашық аспаным,
Көкіректі шаттық әні кернеген.
Көкжиектен күліп атар таңым да,
Отан – басты байлығым да, барым да!
Керегі жоқ өз елімнен басқаның,
Кең даламның сүйем көл, тау, тастарын,
Ең бақытты адаммын ғой мен деген!


Қарап көріңіз


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Басқа да жазбалар

×