Өлең, жыр, ақындар

Ауылым – алтын бесігім (ауыл туралы жырлар)



Ауылым – алтын бесігім
(ауыл туралы жырлар)

Жыр-тұлпарға шабыт-шана жексем де,
Ақ бұлттарға ақ сұңқар боп жетсем де,
Ақ түтіні бұрқыраған ауылым!
Сарқылмаған сағынышым – тек сенде.

Әлі есімде...
Құмға аунап әр күні,
Ерке балаң құшағыңда ойнады.
Қасиетті топырағың арқылы
Тағылымың тамырыма бойлады.

Әлі есімде...
Жілік майын асатқан
Ақсақалдың бал татыған бармағы.
Тарамысты, салаланған саусақтан
Сезілетін тәлімінің салмағы.

Қоңыр күздің нөсерлеткен жауынын –
Гүлін аңсап, жасын төккен сен деймін.
Өкпелеме, сені мәңгі ауылым,
Қара өлеңнің бесігінде тербеймін.
***
Көк майсаның балғын исі бұрқырап,
Қытықтайды тұмса інгеннің танауын.
Аш ішегі қыж-қыж қайнап, шұрқырап,
Бұйырғын жеп басты іштің алауын.

Анау қырға көз тастасам тоқталып,
Құмай тазы шыр айнала жұгіріп,
Егесімен еңіс жақты бетке алып,
Бара жатыр қыдырып.

Шіркін, ауыл!
Таңғажайып табиғат,
Құпияға көмкерілген қойнауың.
Нағыз әлем сен – екенің ақиқат,
Жасыл желек жайлауым!





***
Ақ сандықтан ақтарылған ұлпадай,
Соқыр жауын құйса аспаннан нөсерлеп.
Шашасына шаң жұқпаған тұлпардай
Зулайтынбыз жалаң аяқ көше өрлеп.

Қиыршық тас табанымды тілімдеп,
Шырғанақтар балтырымды сыдырып,
Кетсе-дағы жара орны іріңдеп,
Белдеу жақта ойнайтынбыз жүгіріп.

Құлағыма естіледі сыңғыры,
Ақша бұлттан сырғып түскен тамшының.
Сағынамын ауылымның жыңғылын,
Бұрқыраған топырағын, балшығын.

Аңсаудамын нөсерлеткен жауынын,
Сар даламның самалына шөлдедім.
Қазақылық исі аңқыған ауылым,
Сенен асқан жұмақ мекен көрмедім.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз