Өлең, жыр, ақындар

Жүрек арызы

Жалған елес құшағында сырғанап,
Байқамаппын тағдырымның тайғағын.
Көңіліме қоршау қылып мұз қалап,
Жүрегіме қайғы жібін байладым.

Құшағымның кеңдігіне қарамай,
Құс аруым жанға мұң боп тығылды.
Өміріне өкпелеген баладай,
Ұмытам ба сезім деген ұғымды?

Шағын үміт нəрімен суарып,
Бабын табам көңілдегі қай гүлдің.
Сезім атты бəйтерегім қуарып,
Қоры азайды сенім деген айдынның.

Дастанымыз шырқауына жетпестен,
Адалдықтың қаламсабын түгестік.
Алыстатып жүректерді шектескен,
Біз бір сəттік құмар үшін күрестік.

Жан бағымды жаулап алды сан күмəн,
Бетпердесін киіп алып үміттің.
Қадамымнан қателікті аңдыған,
Қалай табам кілтін күдік-құрықтың?

Жалғыздығы жалмаңдаған уақытты,
Жеңем бір күн, тауып алып бір емін.
Өмірде мен болмасам да бақытты,
Өлеңде ең бақытты боп жүремін!!!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз