Өлең, жыр, ақындар

Ілмек бойынша іздеу


Мақалалар (11) Өлеңдер (68) Мақал-мәтелдер (20) Ұлағатты сөздер (68) Әзіл, анекдоттар (1)

Замана сипаты: білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билер заман.

Ілмектер: мал, жұрт, заман Ахмет Байтұрсынұлы

Заман талабының деңгейінде болу үшін біздер — мәдениет қайраткерлері өмірге барынша терең бойлап, оны жан-жақты тануымыз керек, ең жоғарғы шеберлікке жетіп, ерінбей-жалықпай еңбектенуіміз қажет.

Ілмектер: қайраткер, заман Ғабиден Мұстафин

Ақын ғаріп емес пе,
Байды өтірік мақтаса.
Заман ғаріп емес пе,
Әділеттен аттаса.

Ілмектер: бай, заман, әділет, тағлым Жамбыл Жабаев

Әр замананың өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, хұқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды.

Ілмектер: заман, қоғам, салт Әлихан Бөкейханов

Ханның бағы таярда -
Дұшпаны сырттан көбейіп,
Жаны ашыр досы аз қалар;
Бидің бағы таярда -
Үлгілі сөзден айырылып,
Әркімнің мінін қазбалар;
Байдың бағы таярда -
Танабын құдай тарылтып,
Қасынан қоңсы қозғалар.

Ілмектер: қоғам, мемлекет, заман, бақ, бай, дұшпан Базар Оңдасұлы

Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заман.

Ілмектер: заман Шәкәрім Құдайбердіұлы

Заманды жаралыс билейді.

Ілмектер: заман Шәкәрім Құдайбердіұлы

Заман емес - адам ренжітеді.

Ілмектер: заман, адам, ренжу Иүгінеки Ахмед

Таза жүрген жол таба алмай торығып,
Өсіп жүр ғой арам жолға түскендер.

Ілмектер: қоғам, заман, арам, жол Иүгінеки Ахмед

Жаман әйел – жігіттің тайдырады табанын,
Тар қылады заманын.
Жақсы әйел – жігіттің жақсы қылар жаманын,
Ұшқыр қылар шабанын.

Ілмектер: жаман, әйел, жігіт, заман Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Заман қартайтқанға - бояу айыпты емес.

Ілмектер: заман, қарттық Махмұд Қашқари

Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы!

Ілмектер: заман Ахмет Байтұрсынұлы

Біздің заманда бейқам кісі ғана түрін жасқа бермейді. Күрес, бейнет, ой күйігі, ашу-ыза адамдардың бетіне қашан да із түсіреді.

Ілмектер: заман, адам, түр, күрес, бейнет, ашу, ыза, із Бауыржан Момышұлы

Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман.

Ілмектер: заман, жарыс, бой, ой Нұрсұлтан Назарбаев

Көкіректе сайрап тұр, қолды заман байлап тұр.

Ілмектер: заман Әлихан Бөкейханов

Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірбиелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады.

Ілмектер: білім, ғылым, заман Қаныш Сәтбаев

Кезінде Мөңке би келешек туралы былай депті:
"Кер заман кезінде: -
Көлдің суы бітіп, табаны қалар,
Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар,
Жақсының атағы кетіп, азабы қалар
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ санасыздың заманы болар.
Кер заманның кезінде: -
Құрамалы, қорғанды үйің болар,
Айнымалы, төкпелі биің болады,
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішінде шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады,
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Табалдырықтан биік тау болмас.
Кер заманның кезінде су тартылыр,
Таң мен торпаққа жүк артылар,
Ар-ұяттың бәрінен жұрдай болып,
Қарап тұрған жігітке қыз артылар.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің де ішпейді.
Бірақ адам оған құмар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады,
Ит пен мысықтай ырылдасқан
Еркек пен қатының болады...
Кер заманның кезінде: -
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен ала түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Еркегің қазаншы болады,
Әйелің базаршы болады.
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады.
Кебір жерге теңеледі,
Әйел ерге теңеледі.
Көл теңізге теңеледі,
Сиыр өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы -
Сағынып тамақ жемейді
Ащыны ащы демейді.
тапқанын олжа дейді,
Алһам білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса көрші көршіге кірмейді.
сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады.
Ақырзаман халқының -
Шайдан басқа асы жоқ,
Жақыннан басқа қасы жоқ.
Лағынет қамыты мойынын да
Жұмыстан қолының босы жоқ.
Әрқашанда олардың
Көңілінің қошы жоқ.
Бар шауасы түп-түгел,
Енді мұның иесі жоқ.
Заман ақыр болады,-
Жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
"Ә" десе "Мә" дейтін кесір болар.
бас қосылған жерлерде
Әйел жағы ден болар.
Жаман-жақсы айтса да
Өзінікі жөн болар.

Ілмектер: заман, кер заман, болжам Мөңке би

Бұ заманда не ғаріп - ақ қалалы боз ғаріп, жақсыларға айтпаған асыл шырын сөз ғаріп.

Ілмектер: заман, сөз, ғаріп Асан қайғы

Айтылған сөз, уәденің байламы жоқ,
Өтірікке шындықтың қайраны жоқ,
Шындық айттым осылай шырқыраған,
Құл Қожа-Ахмет сөзінің жалғаны жоқ.

Ілмектер: қоғам, заман, уәде, шындық Қожа Ахмет Йассауи

Тірі болсақ - алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!

Ілмектер: алаш, мемлекет, заман, нақыл, афоризм Әлихан Бөкейханов

Пікірлер