Қымбатты Ұстаз!
Егер шәкірттік жылдарымыздың балдәурен, балалық сезімге толы парақтарын бүгінгі есейген, ес тоқтатқан болмыс-бітімімізбен тағы да бір ой елегінен өткізіп, сараптап отырсақ, соның әр бетінде көзге ыстық, көңілге жылы көрініп ұшыраса беретін аяулы бір бейне бар, ол - Өзіңіз. Содан бері өткізген әрбір жылымыздың мазмұн-мағынасында ақыл-парасат, сабыр мен төзім, адалдық пен ар дүниесіне деген іңкәрлік, әділдік пен жақсылыққа деген құштарлық, махаббат пен достыққа деген табандылық танылып, ізгілік пен руханиятқа жүрек көзі ашылып, "бойда қайрат, ойда көз" жатқан сәттеріміз аз ұшыраспаса, осының барлығының түпкі төркіні - Сіздің еншіңізде. Шәкірттеріңізбен араласа жүріп қызмет еткен сәттеріңізде біздің әлі қалыптаса қоймаған балаң сана-сезімімізге баға жетпес білім, білік байлығын сіңіруді, сөйтіп ғылым әлемінің таусылмайтын шетсіз-шексіз көкжиегіне жетелеуді ғана мақсат етіп қойған жоқсыз, Сіз ең алдымен мына әлемге, мына қоғамға, мына өмірге Адам беруге тырыстыңыз. Бұл тіпті де Сіздің мәнді де мағынаға толы ұстаздық сәттеріңіздің басты өлшеміне айналғандай еді. Сізден бөлініп, қанат қатайтып, өмір баспалдағының басқышымен әрбір сәтте ілгері аяқ басқан кездерімізде Сіз сіңірген өнеге мен тәлімді өмірдің өзінен сабақ ала отырып, бұрынғыдан да айқын, бұрынғыдан да жарқыраған көңіл көзімен сезіндік, бойға ұялаттық, жүрекке жақындаттық. Өмір баспалдағымен неғұрлым ілгері басқан сайын - Ар, Адалдық, Тазалық, Жақсылық, Әділеттілік, Шындық, Ізгілік, Достық, Махаббат сияқты қасиетті ұғымдар Сіздің Ұстаздық бейнеңізбен үйлесім тауып, алдымыздан шығып отырды, осы ұғымдардың алдында сүрінген сәттеріміз бола қалса, сол Ұстаздық бейнеңізден қысылдық. Ғұмыр-дарияның өткел бере қоймас асау толқынына ұшырасып, иірімді ағысына қарсы әрбір қадам жасаған сәттерімізде де Сіз айтқан сөздер жақсылық ұшқынындай болып, бағыт-бағдар берер шамшырағымызға айналды, Сіз нұсқаған биігі мен шыңынан үнемі қол бұлғап, мен мұндалап отырды. Сонда барып ұстаз ұғымының қасиеті мен ұлылығын ұғындық, түйсіндік, пайым-парасат биігінен парақтадық, ой көзімен сарапқа салдық, асыл дүниесін қайта тапқан жоқшыдай өз ұрпағымыздың бойына сіңіруге тырыстық.
Қадірлі ұстаз!
Өзіңізден алыстап, өмір соқпағымен әрбір қадам алға басқан сайын, тұлғаңыз соншалықты биіктей түсті, сол биіктей түскен болмысыңыз жанға жігер сыйлағаны бір басқа, әрдайым да уақыт кемесін балалық мінездеріміз жазира жағалауында қалып қойған кешегі күндеріміздің тұп-тұнық айдынына тағы да бір сәт бұрып әкетіп отырушы еді.
Құрметті ұстаз!
Осындай өткен шақтарымыздың балғын бейнеге толы парақтарын тағы да бір тамашалай қарап, ой елегінен өткізіп, үңіле түскен сәттерімізде де сол қызықты жылдардың басты тұлғасы болып саналатын Өзіңізге мықты денсаулық, қажырлы қайрат, толағай табыстар тілей отырып, отбасыңыз бен балаларыңыздың амандығын, еңбек еткен ұстаздық жылдарыңыздың жемісін, ұл-қыздарыңыздың қызықшылығын көре беруіңізге әрдайым да шын жүректен тілектестік білдіруші:
Сіздің шәкірттеріңіз
Акбаян
Отец керемет
Акбаян
Отец керемет