Өлең, жыр, ақындар

Әлемдегі ең жаны сірі актер — Джеки Чанның өмірі мен тағдыры

Бақытты балалық шақ деген не? Ең жақсы ойыншықтар мен тәтті тағамдар, соңғы топтамадан шыққан су өтпейтін киім бе? Екі тілде тәрбиелеп ойнататын таңдаулы балалар бақшасы ма екен? Немесе тоқтап қалған кұрылыс орындарында өрмелеп, гараждан гаражға секіру мен өзендерде шомылу сияқты шексіз еркіндік шығар? Соңғы кездері жасалған зерттеулер бұл нұсқалардың барлығы да бақытты балалық шақ болуы мүмкін дейді, бірақ бір шарт орындалуы керек: бүлдіршін барлық балалармен бір әлеуметтік топта болатын жағдайда өсуі қажет. Бақытты болу үшін кішкентайлар жұмағында не болып жатқаны маңызды емес: бастысы — бәрінде керектінің барлығы бар немесе ешқайсысында ештеңе жоқ, яғни тең болуы керек. 

Алайда, балалық шақтың бақытты болуы ересек өмірде сені үлкен жетістіктер күтіп тұрғандықтың кепілі емес. Кішкентай кезіңде ешкімге қызыға қызғанбасаң, ештеңеге құмартпасаң, болашақта мансап қууға ынтаң болуы екіталай.  

Джеки Чанның тарихы — үнемі аш жүрген кішкентай баланың таудай талабы арқылы таңғажайып жағдайды шындыққа айналдыруы туралы. 

Көрші қытай балақай

Сәби күнінде А-Пао («бала — зеңбірек ядросы») деп атанған Джеки 1954 жылдың сәуір айында дүние есігін ашпастан жатып-ақ бәрін таң тамаша қалдырды. Ол кез үшін Джеки өте ірі болып туды. Ата-анасының айтуынша оны шешесі қалыпты тоғыз ай орнына он екі ай құрсағында көтеріп жүргендей болған еді. Салмағы бес килограммнан асатын жаңа туған нәресте туралы жергілікті газет жазды! Бұл өте құйтырқы әрекет еді. Джекидің ата-анасының тұрмысы жұпыны болды, сондықтан олар баланы сыйақы төлесе, асырап алатындарға бере салуды да ойлады. Алайда, бұндай салмақты ерекше бала өздеріне керек болады деп ұйғарды. Осылайша Джекиге өзінің туған отбасында қалатын мүмкіндік туды.  

Бұл өзі біртүрлі балалық шақ болды. Джекидің әкесі аспаз болып жұмыс істеді, ал шешесі болса — француз консулының үйінде қызметші болды. Бұл түтін Гонконгта, Виктория шыңындағы елшілер қалашығында тұрды. Бірақ, олардың үйі дипломатиялық мұғдарыдағы ең кедей үй еді. Джеки уақытының көбін басқалардан еш кем емес екенін дәлелдеу үшін және «өзінің қызын» — консулдың қызын басқалардың озбырлығынан қорғау үшін көрші балалармен төбелесумен өткізетін. Оған әкесі кішкентай кезінен-ақ ушу амал-айлаларын үйрете бастады да, «көрші қытай балақай» алты жасында жұдырығы арқылы ата-анасының әлеуметтік мәртебесінің орнын толтыруға болатынына көз жеткізді.  

Өкініштісі сол, мектепке барған бірінші жылы-ақ асқан шеберлікпен төбелесе алудан оқуда еш пайда жоқ екені белгілі болды. Аса белсенді сотанақ бала үй кітап-дәптері салынған портфелін екі күннің бірінде жоғалтып, сабақтардан қашып жүрді, ата-анасы таныстық арқылы әрең кіргізген елшілік мектебіндегі тәртібінің нашар болғаны сондай, оның болашағы туралы қиын мәселе күн тәртібіне шықты. Отбасылық кеңесте А-Пао балақайды әйтеуір «сатып жіберу», нақтырақ айтсақ Қытай драма академиясына оқуға беру туралы бүкіл өмірін өзгерткен шешім қабылданды. Шындығында бұл балалар уақытының көбін ыждаһаттылықпен жасалатын акробатикалық жаттығуларға жұмсайтын интернат еді. Бұл ретте, бала онда қабылданғанда оның ата-анасы баланың «ұстаздың меншігі» («еті - сенікі, сүйегі - менікі») болатын келісімге қол қоятын. Осылайша мұғалім өз қарамағындағы балаға кез келген физикалық жазаны қолдана алатын.

Сол екі арада, 1960 жылы Джекидің әкесі жаңа қызметке ие болды. Ол кісіні Американың Австралиядағы консулдығына аспаз болуға шақырды да, кішкентай сотанақтың отбасы оны интернат мұғалімдерінің қарауына қалдырып, елден кетіп қалды. Джеки кейін есіне алғандай, оның, бір жағынан, мереке кездері де үйіне барып қайта алмайтын болғандығы, көңіліне қаяу түсірді, екінші жағынан, шешесі, оны сыныптастарының күлкісіне қалдырып, апта сайын оны жуындыру үшін бір шелек ыстық су алып келмейтіні көңіліне жақты. Ол жылдары Гонконгта сумен қамту жағы қиын болды да, академиядағы гигиенаны сақтау қарабайыр деңгейде тұрды.

Алғашқы махаббат

Еденге жатып ұйықтау, таңғы асқа, түскі асқа, кешкі асқа күріш жеу, адамды қалжыратып жіберетін жаттығулар, сонымен қатар кез келген сылтау болса болды мұғалімдерден таяқ жеу кімнің болса да тауын шағып тастар еді, тек Джеки Чанның тауын шаға алмады. Ептілігі мен артистизмі үшін ол, көп уақыт өтпей-ақ, театр труппасының негізгі құрамына алынып, сахнаға шығып өнер көрсетіп, кино түсіру алаңдарында статист болып істей бастады.    

Дәлдегендей, ол шақта Гонконгта экшн-атыс-шабыс жанрының дәуірі жүріп тұрған. Сондықтан кунг-фуды жетік игерген академияның оқушыларын статист ретінде аттай қалап алып жатты. Қосымша жұмыстан көп ақша таба қою қиын еді (60 доллардың 55-ін мұғаліп алып алатын, өйткені оқушылар, әлі де болса, мұғалімнің меншігі болып саналатын), алайда, бұл Джеки үшін сәбилік шағынан бері көзден бұлбұл ұшқан еркіндігіне қол жеткізудің таптырмас мүмкіндігі еді: кино түсірілімінен қашып кетуге болады ғой! Тек кадрға түскен статистерге ғана ақы төленетін және академияда бүгін жолы болмағанын айтып, жеке басының шаруаларын тындыруға кетіп қалуға болатын. Ондай шаруалар жас төбелесқорда дәл осы кезде пайда бола бастады.   

Джеки он төрт жасқа толып, келешектегі «қытай кинемотографының ең сырбаз актері» бірінші махаббат азабын тартты — жақсы отбасынан шыққан қызбен жүре бастады. «Ол кезде біз әлі жас бала едік, иығымыз тақалып орындықта бірге отыратынбыз, — деп Джеки еске алады. — Мен оны қайта-қайта құшақтайтынмын, біз осылай бес-алты сағат бойы отыра беруші едік. Менің қолым талып, ұйып қалатын, бірақ мен қолымды алуға ұялатынмын». Ғашықтық көңіл күйімен орындықта отыра беру некелесіп тынуға сәл жетпей қалды — қалай десек те, бозбала мен бойжеткен бұған дайын болатын. Алайда, бойжеткеннің ата-анасы «қайыршы статистке» қызына үйленуіне үзілді-кесілді қарсы болды.   

Бұл Джекидің намысына қатты тиген соққы болды. Бұндай соққыларға ол кішкентай күнінен бастап жанкешті төбелеспен жауап қатуға дағдыланған соққы болды. «Қайыршы статист» өзінің Гонконгтағы ең мықты каскадер екенін дәлелдеп, «Айдаһар-Жолбарыс» шебері атағын алуға — кино түсірілімдеріндегі айқас-төбелестерді қоюшының ассистенті болуға бел буды. Ата-анасы баланың талабын демеп жіберуге келісіп, ол академиядан көшіп кетіп, өзінің дербес өмірін бастауына болатын құрқылтайдың ұясындай ғана пәтер сатып алып берді.   

«Кассалық жинақ қарғысы атқан» мырза

Джеки Чан өзінің арманын акиқатқа айналдыруға бірнеше тұстан бірақ кірісті, және айта кету керек, оның бұл әдісін үлкен қалада тұру жөнінде ойланып жүрген кез келген жігіт пайдаланғаны дұрыс. Ең әуелі ол «Гонконгтың ең көзсіз батырлыққа әуес каскадері» ретінде жұртшылыққа мәшһүр болуға асықты. Ол істеуге ешкім келіспейтін трюктерді орындай беретін. Кейіндеп Джеки бұл өзінің ақ жолы әрі өзіне бұйырған жазасы болғанын айтқан еді: осылайша үйдің шатырынан дублерсіз және еш сақтанбай-ақ оп-оңай секіре салатын Джеки Чанның әйгілі «фирмалық стилі» дүниеге келді. Дегенмен, публика одан әрдайым осыны қалап, енді межені төмендету мүмкін болмай қалды.  

Сонымен бірге ол кино түсіру технологиясының қыр-сырына қаныға бастады. Мысалы, экшн-фильмдердегі статисттерге қойылатын негізгі талаптардың бірі «жақсы өлу», яғни оларды басты кейіпкер «өлтіріп тастаған» соң қозғалмай жату болды. Бұндай кезде тыныстамау маңызды болды, әсіресе катанамен қылыштасу кезінде кеудеге қадалған қылыштың ырғалып тұруы сол сәтте-ақ «өліктің» сапасыздығын білдіріп қояды. Джеки түсірілім «Мотор!» сөзі айтылған соң басталатынын санасына тоқып алды. Осы себепті режиссер «Дайындалыңдар! Камера!» деп айқайлап, ал басқа статистердің бәрі тынысы жоқ өлік болып жатқан кезде, біздің айлакер керісінше тыныстап алуға барын салып жататын. Ол тек үшінші командадан соң ғана қатып қалатын да, бұл оған басқалардан ұзағырақ мінсіз өлік болып жатуына сеп болатын. Осы трюгі оның Гонконгтағы ең сұранысқа ие статист болуына және тіпті сөзі бар бірнеше рөлді алуына пайдасын тигізді. Оның үстіне өте икемді жігіт айналасымен тез әрі оңай араласып кететін болып шықты. Қытайда енді-енді пайда бола бастаған және кино саласының ең бір белді-беделді адамдары мінетін қымбат көліктерге қызығатын. 

«Айдаһар-Жолбарыс» шебері болсам деген арманы енді соншалықты орындалмас тілек емес еді. Аз ғана уақыттан соң ол арманы ақиқатқа айналды! Алайда, Джекидің бастапқы мақсаты — сүйікті қызымен отау құру — бұл уақытта кунг-фу-фильмдерінің жаңа туып келе жатқан жұлдызы үшін өзінің тартымдылығынан айырылып қалған болатын. Сүйіктісі онымен бір шаңырақта тұрып жатты: ол қыз ата-анасының еркіне көнбеді. Бірақ Джеки үйде болатын уақытын күннен күнге азайтып, достарымен көңіл көтеруге кетіп қала беретін болды. Биші және актриса қыз-келіншектердің ішінде оның ашыналары пайда болып, ақыр соңында алғашқы махаббаты Джекиден кетіп қалды. Сол сәтте бұл жағдай оған өте жақсы болды. Дегенмен, ол кейін осы үшін өзін өмір бойы кінәлі санап жүрді. Ол атақты болып кеткен кезде өзінің бірінші қызымен қайта бас қосуға тырысты, оған қымбат сыйлықтар жіберіп тұрды. Бірақ ол қыз араласқысы келмей, кейін Джекиге белгілі болғанындай, провинцияға кетіп қалып, онда жалғыз тұрыпты.  

Осы кезде «Гонконгтың ұлы каскадерінің» мансабында еш болжап білмеген күрт бұрылыс алдынан шықты: Брюс Ли қайтыс болып кетті де, экшн-атыс-шабыс фильмдері ойламаған жерде сәннен шығып қалды. Кино түсірілімдері азая берді, ақша болмай қалды. Кунг-фудан басқа ештеңе білмейтін Джеки өміріндегі жоқшылық пен торығушылық тудырған қатаң кезеңдердің бірін басынан өткерді. Ақыр аяғында, ақшасы жейтін тамағына да жетпей қалатынын біліп, ол Австралиядағы ата-анасына кетіп қалуды ұйғарды. Шешесі оны жылап қарсы алды, ал әкесі, әрине, баласының бұл қылығына қарны ашты. Десек те, балалары ата-анасына масыл болмауға барынша тырысып бақты (оны ата-анасы екі рет «сатып жіберуге» тырысқанын ұмыта қойған жоқ). Джеки құрылысқа және мейрамханаға аспаздың көмекшісі болып кірді. Алайда, шешесі австралиялық тып-тыныш өмір оған қиын соғып, ішін пыстырып жүргенін байқап жүрді. Бір жылдан кейін, Гонконгтан фильм түсіріліміне қатысу, оның үстіне актер ретінде қатысу туралы ұсыныс келгенде, Джеки ойланбастан кері қайтып кетті.

Бұл Ло Вэйдің — кезінде Брюс Лиді жұлдыз қылып шығарған режиссердің жобасы болатын. Патриарх көрерменнің кунг-фу-фильмдеріне деген ықыласын оятуға қабылеті жететін дарынды жаңа кейіпкер іздеп жүрген еді. Джеки Чан тағдыр оған қандай мүмкіндік бергенін ұғынған кезде бақыттан басы айналды. Алайда… бұл жерде қауіпті тұзақ құрулы тұр еді. Ло Вэй болса Брюс Лиді — қабағы қатулы, еш міні жоқ суперқаһарманды қайта тірілтіп алғысы келді. Бірақ, ебедейсіз мұрыны мен қуланған физиономиясы бар Джеки үшін сері жігіттің идеалды бейнесінің ауылы алыс еді. Қап-аттеген-айы сол, Джеки Чан ойнаған «Қаһардың жаңа жұдырығы» фильмі прокатта құрдымға кетті. Келесі картинасы да жетістірген жоқ, осылайша «кунг-фудың жаңа жұлдызы» продюсерлер арасында «Кассалық жинақ қарғысы атқан» мырза деген атақты иемденді.  

Теңдесі жоқ Джеки

Бұл уақытқа дейін көбінің салы суға кетіп қалар еді, бірақ Джеки Чан өйткен жоқ! Ол алған бетінен қайтпай, киноға түсіп, адам нанғысыз трюктерді жасай берді. Өстіп жүргенде жұлдызы оңынан туа қалды: оны басқа киностудияның продюсерлері байқап, жаңа киножанрдың — комедиялық кунг-фудың тұсауын кескен «Бүркіт көлеңкесіндегі жылан» фильмінде ойнауды ұсынды. Бұл Джекидің оң жамбасына келіп, тамаша хит болған фильмдер бірінен соң бірі шығып жатты. Сөйтіп, бірнеше жылда бұрынғы қайыршы статист мультимиллионер, супержұлдыз болып шыға келді.  

Бұл оның адуынды мінезі барынша ашылған уақыт болатын. Джеки өзінің жеке каскадерлер командасын құрып, оларға біркелкі спорт автокөліктерін алып берді. Осылай олардың кортежі бүкіл Гонконг көшелерін шулатып өткен кезде жұрт еріксіз оларға мойын бұрып қарап қалатын. Ол швейцариялық сағаттар мен сәнді жейделер сатылатын бутиктерді көшіріп әкететін де, сосын оларды достарына таратып беретін. Күн сайын бүкіл түсіру тобына арнап той-думан жасайтын. Антиквариатты саудаласпай-ақ сатып ала берді және экзотикалық аң-құстардан құралған хайуанаттар паркін кұрды. Алайда, бұның бәрі оның басты әуестігі — түсіру алаңындағы адреналин атқылайтын алаңғасарлығының бір пұшпағына да татымайтын.

Джеки өзі адам сенгісіз қатерлі трюктерді ойлап тауып, оларды орындап жүре берді. Міне, мысалы, «Мен бақыттымын» автоөмірбаянында сипатталған трюктердің бірі: «Оқиға желісі бойынша менің кейіпкерім қылмыскерді қуып келе жатып, галереядан төмен қарай сауда орталығының холлына секіріп түсуі тиіс. Алтыншы қабат биіктігінде жұмыр әрі тайғанақ сүйеніште тұрып, мен алдымен екі метр болатын ұзындыққа секіріп, сосын метал сым, электр шамдары, қанттан жасалған әйнек және пиротехника шырмаған темір бағанға жармасуым, содан кейін бағанды бойлай төмен қарай сырғи жөнелуім керек еді. Батылым барып бұл кадрды түсіруді бастаудан қатты қорықтым.     

Ақыр соңында мен сүйенішке шықтым да, еріксіз түрде иығымды сілкіп қалдым — осы кезде төмен жақта оннан аса камераның біркелкі іске қосылғанын көрдім. Мен бұның түсіруді бастау туралы белгі емес екенін айтқым келді, бірақ бұл тым кеш еді. Көз алдыңызға келтіріп көріңіз: түсіру алаңында жүрген әлденеше жүз адам — және құлаққа ұрған танадай тыныштық. Бір сарынмен ғыжылдап тұрған механизмдердің дыбысынан басқа ешқандай үн жоқ. «Өлсем өлейін», — деп ойладым да алға қарай секіре салдым.  

Бір секунд өткен соң мен металл бағанды қолыммен де аяғыммен де құшақтап алдым, төмен қарай сырғып бара жатқанымда электр шамдары жарқ-жұрқ етіп, атылып жатты, әйнек пен ұшқындар жан-жаққа шашырап жатты. Әуелі екі алақаныма келіп тұрған ыстықты сездім, сосын қолым қатты ауыра бастады, одан кейін мүлдем семіп қалды. Бұл үдеріске менің «А-а-а-а-а…» деп созылып шыққан айқайым қосылып, мен қант әйнегіне гүмп етіп құладым да, оның күл-талқанын шығардым, содан кейін барып кәмпит толтырып қойған үйшіктің үстіне құлап түстім. Ойдағыдай шықты. Бірақ дубль әлі тамам болмаған еді. Кадрды аяғына жеткізу үшін мен оңбағанды ұстап алып ұрып тастауым керек. Сонымен, мен жерге түсе салысымен атып тұрдым да, өзімнің тобымдағы каскадерлердің бірін ұрып-соға бастадым: сарт-сұрт! зыңқ-зыңқ! Ол жалынып «Джеки, болды, мені ұрып өлтіретін болдың!» дегенше оны тоқпаштай бердім. Мен оны жібере салғанымда ол жерге сұлап түсті. Осы кезде барып есімнен адасып, жындысүрейдің қылығын істегенімді түсіндім. Сол трюкті орындаған соң мен екінші деңгейлі күйікке шалдықтым, бүкіл бет-жүзім қанға боялып кетті, ал қант әйнегінің сынықтары денемнің сау тамтығын қалдырмапты».   

Джекидің табынушылары ол үшін өздеріне қол салып жатты, ал баспасөзде оның алдыңғы қатарлы азиялық актрисалармен көңіл жарастырғаны турасында қаңқу сөз көптеп жүрді, олардың бірі рас болып шықты. 1983 жылы Джеки Чан оның екінші адал құрбысы және баласының анасы болған Джоан Линьге үйленді.  

Американы ашу

Келесі қисынды қадамы халықаралық нарықты бағындыру болмақ еді. Сөйтіп, 1980-жылдары Джеки «Зеңбірек ядросы» жарысы» фильмінің түсіріліміне қатысу үшін Голливудқа жол тартты. Бұл жерде Чанды тағдырдың тағы бір шапалағы күтіп тұр еді: ол Америкада жұлдыз болған жоқ, бірақ тілді білмегені үшін және варварлық әдеттері үшін жұрттың мазағына қалатын күлкілі цирк маймылына ұқсас біреу болып саналды. Тілге келгенде шынымен-ақ үлкен қиындықтар болды: Джеки алғашқы жарты жыл бойы тек гамбургерлер мен кока-коланы азық етті, өйткені басқа тағамдарға қалай тапсырыс беруді білмеді. Осының нәтижесінде қанындадағы холестерин көлемі анағұрлым артып кетіп, ауруханадан бірақ шықты. Америкада оған болысар ештеңе болмады және ол түскен фильм де сәтсіздікке ұшырады. Салы суға кеткен Джеки Чан отанына қайтуға асықты. Дегенмен, Голливуд оның көзін ашып берді: каскадер батыстық әдіс-тәсілдердің бәрі адами ресурстарға негізделетін қытайлық әдіс-тәсілдерден қаншалықты айырмашылығы барын түсінді. Джеки Чан енді оның каскадерлік командасы Қытайдағы ең жанынан безген емес, батыстық ең жоғары стандарттарға сай болады деп ұйғарды.

1995 жылы Голливудтың ресурстары арқылы істей алмаған нәрсе ойламаған жерден өз күштерімен-ақ жүзеге асып кетті: АҚШ экрандарына «Бронкстағы мықтыны анықтау» гонконгтық қырғын-төбелес фильмі шығып, мүмкін болған рекордттардың бәрін шаң қаптырды. 1998 жылы «Алашапқын» фильмі түсірілді де, осыдан соң Джеки Чанға әлемдік деңгейдегі жұлдыз мәртебесі түбегейлі орнықты. Ол өзінің фильмдерінің режиссері болатын болды. Енді Джеймс Кэмерон, Уилл Смит, Сильвестр Сталлоне — оның өнеріне табынушылар және достары! 2002 жылы «Даңқ аллеясында» оның жеке өзінің жұлдызы пайда болды. Комикалық кунг-фу әлемді жаулады!   

Мәңгі бақи оныншы қабаттан баспен төмен секіре беру мүмкін емес. 2003 жылдан бері Джеки актерлік шеберлікке ден қойып, алаңғасар трюктерді қажет етпейтін рөлдерді сомдап жүр. 2011 жылы оның актерлік мансабындағы жүзінші фильм — «Соңғы империяның тоқырауы» тарихи драмасы шықты. Ал 2012 жылы Каннда Чан қартайып кеткенін, саны жоқ жарақаттарының білініп жүргенін, сондықтан ол енді түсіру алаңдарында трюктерді орындамайтынын жариялады. Жер-жаһандағы ең ессіз актердің дәуірі ақырына таяды. Бірақ, бұл Чанның жұмысты мүлдем доғаратынын білдірмесе керек. Ол фильмдерін түсіріп, бизнеспен және саясатпен айналысып жүр. Джеки қызығы мен шыжығы толы өмір сүріп жатқаны сондай, 2016 жылы оның аты-жөні Панамалық құжаттардан көрініп қалды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (4)

Сайлаухан

65 ке толды ғой

Берік

Джеки тіріме қазір18.04.2019ж

Әсем

Джеки тірі. Мықты тұлға!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз