Шай туралы

Шайдың да алғаш шыққан жері Қытай деп білінеді. Аңыз бойынша б.з.д. 2500 жылдары Қытай императоры Шен Йонг гигиена ретінде суды қайнатып ыстықтай ішкен екен. Жаздың ыстық күнінде қайнаған суына кездейсоқ екі-үш түйір жапырақ түседі. Император ыстығын басып, өзін сергіткен бұл сусынды қатты ұнатқан екен деседі. 758 жылы философ Лу Йу шай қалай өсіріліп өңделетінін, қалай демделетінін қаламға алып «Шай қаруы» атты кітап жазған. Жапондар шайды «Ча-но-йо» атты рәсіммен ұсынатын болған. Какузо атты ақындары шайнама атты еңбегінде шайды құдайдың берген ниғметі ретінде мақтап жазған. Европаға шайды Венециялық саудагрелер алып барған. Шайды кеңінен саудалағандар болса 1560 жылдардан бастап Португалиялық саудагерлер болды. Өте бағалы болғандықтан тек дәріханаларда сатылып, тек байлар ғана іше алатын. Ағылшындар Үндістан мен Цейлондағы коллонияларында шай өсіріп Қытайдың монополиясына бәсекелеп нарықты қолдарына түсірді.   

Шайдың екі түрі танымал: қара шай және көк шай. Қара шай көп өңдеулерден өтеді. Алдымен ыстық ауа арқылы жартылай құрғатылады. Кейін жапырақтар сығылып сөлі шығарылады. Онан соң ферментациядан өтеді. Салдарында түсі қараяды. Кейін жапырақтары бұталарынан тазаланады. Көк шайдың өңделуі қысқа. Жапырақтары бұталардан ажыратылған соң ферментацияға алынады. Көк шайдың түсі ашық түсті және қышқылды болады. Зәр айдаушы қасиеті бар. Қара шай нәзіктеу келеді, жарық өткізбейтін ыдыста сақтау керек. Жеміс-жидек және гүл негіздерімен хош иістендірілген шайлар да бар. Ең мәшһүрі бергамут майымен өңделіп дайындалған шай.

Шайдағы кофеин мидағы капилярларды кеңейтіп, мидағы қысым азаяды, бас ауруы да осы себепті тоқтап, адам рахаттанады. Тері бетіндегі капилярлар кеңейгенде ыстықтық сыртқа шығып, адамның ыстығы басылып серігіп қалады. Асқазанды желдендірмейді, қышқыл түзбейді. Әлсіздікті кетіреді, зейінді ашады. Шайдағы В витамині демделу кезінде суға өтеді, сондай-ақ шайда Е және К витаминдері және пайдалы минералдары бар. Демдеп 5-10 минуттан кейін ішкен жақсы, 2-3 сағат өткен шайды ішу зиян деп айтылады.  Шай ыстық және ылғалды өлкелерде өседі. Шай өсіретін елдер көбінесе 36 паралелдің үстінде.

Елімізде шайға сүт қосып немесе лимон қосып ішу әдет. Соңғы кездері көк шайға қызыл шайды араластырып оған лимон қосып ішу модаға айналуда. Солтүстік Африкадағы Туарегтер шайға мята қосып ішеді. Тибеттіктер, ұйғырлар шайға сары май, сүт және тұз қосып ішеді. Моңғолдар бұған ұн да қосатын көрінеді. Өзбектер қызыл шайға қарағанда көк шайды көбірек ішеді. Шайды ең көп ішетін халық ретінде ағылшындар белгілі. Лэди Астор премьер-министр Черчильге қарап «әйеліңіз болсам, шайыңызға у қосып берер едім» деген сөзіне Черчиль «күйеуіңіз болсам сол шайды ішер едім» деп жауап берген екен. Америка тәуелсіздігін шайға борыштар. Шай импортына өте жоғары салық сұраған ағылшындарға қарсы шығудан басталған көтеріліс тәуелсіздік соғысының ұшқыны болған. Шай бұрындары қымбат дүние болатын. Бір тұтам шайға қол жеткізген кедейлер оны құрғатып қайта демдейтін. 1950 жылдардан кейін шай көбейіп бағасы арзандай бастады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (3)

Казыбек

Ассалау магалейкум динимизде шайга карсылык бармен?

Айтық

Дінімізде шайға қарсылық жоқ, оы қайдан шығардың, Қазбек?

жания

Казир шынында да ешким шайсыз омир суре алмайды

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)