Ғаламтор арқылы білім алудың кемшіліктері

Қашықтан білім алудың болашағы оның қолжетімділігі мен ыңғайлылығы себепті бізді қатты қызықтырады. Соған қарамастан білім алудың дәстүрлі емес үлгісіне біраз сақтықпен қарайтынымыз рас. Қашықтан білім алушы студенттің қандай қиындықтармен кездесетінін және оны қалай шешуге болатынын талқылап көрелік.

№1 кемшілік. Мотивация

Бұл әріден келе жатқан мәселе.

Жаңа білім алуды ұнататын адамдар және оқу орындарына тек бой сергіту үшін ғана баратын адамдар қашан да болған. Заманауи технологияларды пайдаланудың өзі бұл мәселені шеше алмайды. Ғаламтор арқылы білім алу үлкен жауапкершілікті және өзін-өзі бақылауды талап етеді. Әйтпесе оқуыңызды мезгілінен бұрын үзуіңіз немесе «оны біраз тежеп қоюыңыз» әбден мүмкін.  

Көп адамның бойындағы бәрін ертеңге қалдыру деген жаман әдет еркін сабақ кестесімен бірге қосылып, нәтижесінде оқылмаған ақпараттар көлемі жинала береді де, оқу үрдісі ұзаққа созылып кетеді.

Егер әдеттегі білім алу кезінде ұқыпсыз оқушылар үшін «қатал бақылаушы» рөлін мұғалімдер мен көпшіліктің сөгісі атқарса, қашықтан білім алу кезінде бәрін өз бетіңше оқуды үйренуге тура келеді.

Кез келген адамның оқуға деген ынтасы жоғалып кетуі мүмкін. Мұның алдын алу үшін психологтардың пайдалы кеңестерін пайдалануды ұсынамыз. Бәлкім, бойыңыздағы мотивацияны сақтауға сол көмектесер.

№2 кемшілік. Күмәнді білім беру бағдарламалары

Көп ақша болмаса да, адал еңбекпен тапқан аз ақшаны да беймәлім жерге салу расымен де қорқынышты емес пе. Курсты ұйымдастырушылар аяқ астынан жоғалып кетсе немесе оқытушылар бірегей авторлық бағдарлама деп, қарабайыр дүниелерін ұсынып жатса қайтесіз? Білім берудің қаншалықты салмақты болатынын бірнеше белгілеріне қарап анықтауға болады:

Сапалы ғаламторлық білім беру арзан болмайды. Қашықтан оқыту әдеттегі білім беруден әлдеқайда арзан. Бірақ бұл оны тегін алуға болады деген сөз емес. Бағасы тым арзан болса, демек сіздің алдыңызда бір күндік қана курстар.

Білім беру мекемесінің барлық құжатнамаларын — лицензияларын, сертификаттарын, жарғылық құжаттарын сұраңыз.

Оқытушылар, олардың білімдері, еңбек өтілдері туралы сұрақтар қойыңыз. Ниеті түзу ұйымдар болашақ оқушыларының қалағандарын орындап, оларға барлық қажетті ақпараттарды береді. Ақпараттарды беруден бас тарту, жоғалтып алдық деу, «бір аптадан кейін салып жібереміз» деп уәде беру — сақтанудың салмақты себебі.

Ғаламтор арқылы білім беру бағдарламасымен алдын ала танысыңыз, сақтықта қорлық жоқ. Өзіңіздің не сатып алатыныңызды білуге құқыңыз бар. Егер сізге бағдарлама мен сабақ жоспарын ақысын төлегеннен кейін жібереміз десе — ойланыңыз: демек, ұйымдастырушылар сабақтың кемшілігін алдын-ала көрсеткісі келмейді немесе жоспар тіпті әлі де дайын емес. Сізге бұл керек емес шығар?

Білім алмай тұрып барлық ақпараттарды жинаңыз. Пікірлерді оқыңыз, бұрынғы оқушыларға хат жазыңыз, оқытушымен жеке сөйлесіңіз, байқау сабақтарына қатысыңыз — сіз өзіңізді ешкімнің алдап кетпейтініне сенімді болуыңыз керек.

№3 кемшілік. Алынған білімнің төмен сапасы

Көпшілік қашықтан сапалы білім алу мүмкін емес — ол тек қана жалаң теория, ешқандай тәжірибе жоқ, білімді күмәнді әдістермен тексереді...

Шын мәнінде тәжірибелік күндізгі оқу елдің бәріне керек емес. Әрине қашықтан білім алып дәрігер болу мүмкін емес. Бірақ тілді, тарихты, психологияны, дизайнды, бағдарламалауды, бухалтерлік есепті және т.б. қашықтан оқуға болады.

Тәжірибелік сабақтардың барлығын виртуалды ортаға ауыстыру оңай. Пәнді тереңірек меңгеріп, материалдарды ұғыну және кәсіби дағдыны ұштау үшін онлайн кеңестер, семинарлар, зертханалық жұмыстар өтіледі.

Ғаламтор арқылы білім алуды тексеруде және бағалауда белгілі бір қиындықтар бар. Шынымен де, үй тапсырмасын өзіңіз орындадыңыз ба, әлде көршіңіз — ғылым кандидаты орындады ма, анықтау қиын. Білім беру сапасын мемлекеттік дипломмен растайтын үлкен университеттер студенттерінен онлайн режимінде, оқытаушылардың бақылауымен сынақ алады. 

Ақыл тоқтатқан ересек адамдар көбінесе ғаламтордағы біліктілікті арттыратын немесе жаңа мамандықты үйрететін қысқа мерзімді курстарды таңдайды. Әдетте қысқа мерзімді білім берудің бірнеше нұсқасын ұсынады — кері байланысты және кері байланыссыз. Екінші әдіс үнемділеу — сізге оқу материалдарын жібереді. Ал оны түгел оқып шығу өзіңіздің ар-ұятыңызға байланысты.

Егер ғаламтордағы курстар сіз үшін, ең әуелі, білім алудың қайнар көзі болса, онда тәжірибенің болмауы да, оқытушының бақылауының аздығы да сізге кедергі болмайды.

Егер сізге тәлімгердің сызғышын ұстап төбеңізден төніп тұрғаны және екілік қойғаны керек болса, онда білім алудың басқа жолын таңдаңыз.

Өзіңіз байқағандай, біраз мәселелер бар екен. Бірақ, шешімдері де бар. Сіз ғаламтор арқылы білім алудың қаншалықты тәуекелді екенін ойланып отырғаныңызда, миллиондаған адамдар жаңа технологиялар мен жаңа білімнің арқасында өмірлерін жақсы жаққа қарай өзгертіп жатыр. Бәрі өз қолыңызда!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)