Ғылымды қызықты еткен адамдар

Стивен Хокинг

Жақында ғана, 2018-жылдың 14-наурызында әлем Стивен Хокингпен – заманымыздың ең ықпалды және беделді ғалымдарының бірімен қош айтысты. Физик-теоретик, кванттық космологияның негізін қалаушы, жазушы және біздің Ғалам туралы түсінігімізді өзгерткен, бірнеше адам нанғысыз болжамдарды алға тартқан зерттеуші, әрі көзі тірісінде ғылымды дәріптеген керемет жан. Хокинг үнемі өз көзқарастарын көпшілікке неғұрлым көбірек таратып, жұмыстарын бәріне қол жетімді етуге тырысты. Ол дәрістер оқыды, студенттермен, өзін құрметтеген жандармен және тілшілермен әзілдесті, камео ретінде киноға түсіп, теледумандарға қатысты.   

Оның 1988-жылы шыққан «Уақыттың қысқа тарихы» деген кітабы әлемдік бестселлерге айналды. 20 жылда ғана оның 10 миллион данасы сатылып кетті. Ол кітапта өте маңызды ғылыми тақырыптар (Ғаламның жаратылысы, кеңістік пен уақыт табиғаты, қара құрдымдар, математикалық парадокастар және Суперстриң Теориясы (Бау теориясы) көтерілгенімен, кітап жеңіл әрі қызықты тілмен жазылған. Ең бастысы – кітап беттерінен тек бір ғана формуланы, мектеп партасынан бері білетін E=mc² фомуласын ғана кездестіруге болады.

Ғылым саласында Хокингті тек астрофизика ғана қызықтырған жоқ, ғалымға Ғаламның барлық үрдістері мен нысандары қызықты болды. Мысалы, ол бөгде ғаламшарлықтардың басып кіруінің мүмкін болатын сценарий туралы гипотезаны алға тартты: «Егер бір кездері басқа өркениеттің өкілдері Жер бетіне келетін болса, бұл Колумбтың Американы ашқаны сияқты болады. Естеріңізде болар, байырғы тұрғындар үшін мұның арты жақсылыққа апармаған. Тек, енді бөгде ғаламшарлықтар ұшып келген жағдайда, бейбіт ниетпен келеді деп үмітену ғана қалады». Сонымен қатар, Хокинг медицина саласындағы инновациялық зерттеулерге қатты қызықты: «Мен бүкіл өмірімді космостың ақыл жетпейтін құпияларын зерттеуге арнадым. Алайда, мені таңқалдыруын қоймайтын тағы бір параллель Ғалам бар – ол өз жасушамыздың бүтін бір галактикасы. Бүгінде біз медицинаның жаңа дәуірінің табалдырығында тұрмыз -  бұл барлық сырқаттарды емдей алатын дәуір. Осының бәрі өз денеміздегі микроскопиялық бөлшектер – бағаналы жасушалардың арқасында.»   

Стивен Хокинг әлемге ғылым  - тереңіне тек таңдаулы адамдар ғана жете алатын абстрактілі, ақылға қонбайтын, құпия материя емес, кез-келген ынтасы бар адам ұғына алатын, түсінуге жеңіл, қызықты шындық екенін түсіндірді. Сол үшін оны әлемдегі миллиондаған адамдар жақсы көреді:  Хокинг талай рет әйгілі мультфильмдердің кейіпкеріне айналды, ғылыми-фантастикалық телехикаяларға түсті, ал «Pink Floyd» тобы оның бәріне танымал синтезделген даусын «Keep Talking» композициясына қосты.

Ричард Фейнман

Данышпан ғалымның деңгейі оның дарыны мен ғылыми танымымен ғана емес, оларды қарапайым адамдарға ақылға сыйымды әрі түсінікті етіп жеткізе білуімен анықталады. «Егер сіз ғалым, кванттық физик болсаңыз және немен айналысып жүргеніңізді бес жасар балаға екі ауыз сөзбен түсіндіріп бере алмасаңыз, онда сіз – дүмшесіз» деген әйгілі сөздің авторы Ричард Фейнман солай есептеген. Фейнман өз әріптестеріне және өзі үшін осындай формуланы енгізген. Америкалық физик-теоретик, кванттық электродинамика негіздерін қалаушылардың бірі, физика бойынша Нобель сыйлығының иегері функционалды интеграцияның жаңа әдістерін, Квантты құйын теориясын және нуклонның партонды үлгісін ғана емес, «ғалым-қоғам» байланысының түбегейлі жаңа қарым-қатынасының үлгісін ұсынды.

Ділмар әрі көңілді, әзілді түсіне білетін, шытырман оқиғаларға дайын, керемет шешен Фейнман ойнақы түрде үлкен аудиторияның назарын өзіне аудара білетін. Барлық дәрістері аншлагпен өтетін. Оның 1960-жылдары Калифорния технологиялық институты студенттеріне оқыған дәрістер курсы бейнетаспаға жазылып, кейін «Физикадан Фейнман дәрістері» деген атауға ие болды. Бұл дәрістер материалды жеңіл жеткізу тәсілі: құрғақ ғылыми тілдің аз болуы, ашық бейнелілік және күнделікті өмірден мысалдар келтіру арқасында физика ғылымы бойынша ең танымал кіріспе курстардың біріне айналды. 

Сонымен қатар, Фейнман универститеттердегі сабақ беру әдістемесінің реформаларының жақтасы болды. Ғалым классикалық академиялық жүйе өте ескірді, студенттердің алып жатқан білімдері шынай өмірден алыс, тым абстрактлі және шартты, қазіргі шақты бақылап, болашаққа қараудың орнына өткен шаққа бейімделген деп есептеді. Тек бұл ғана емес, Фейнман қалың көпшіліктің алдында да дәріс оқып, оларға физиканың күрделі құбылыстары мен заңдарын жеңіл, түсінікті мысалдармен түсіндіріп беретін. 1986-жылы ол телеарналардың бірінде тікелей эфирде күнделікті қолданыстағы заттармен «Челленджер» ғарыш кемесінің апатқа ұшырауының құпиясын ашуға мүмкіндік берген нәтижелі тәжірибе жасады.

Никола Тесла

Никола Тесланы қарапайым ғалым деп айту қиын. Ол данышпан, мистификатор, ХХ ғасырды «жасаған» адам, әртіс және эксцентрик. Ол барлық сипаты бойынша марапатқа ие болған жан. Бұл да негізсіз емес. Өйткені Тесла ғылыми әлемнің ерекше адамы болды, ол нағыз ғалым деген түсінікке мүлдем кереғар тұлға еді. Ол ғылымды кітапхананың шаңынан шығарып, құпиялық пердесін ашты, бұрын ешқашан әлемнің қалай пайда болғаны туралы қызықпаған жандардың қызығушылығын оятты. Ол өз заманындағы ең ақылды адамдарға қарсы шықты. Тесла мен Томас Эдисонның әйгілі текетіресін бүкіл әлем дем шығармай бақылады. Нәтижесінде, тоқтар соғысының жеңімпазы Тесла болды:  2007-жылы Нью-Йорк Тесла дәріптеген айнымалы тоққа толықтай өтті.

Өз жақтастарын неғұрлым көбейтіп, қатарына ықпалды физиктерді ғана емес, қарапайым азаматтарды тарту үшін Тесла тәжірибелерін жарқын думанға айналдырып, көрнекті түрде көрсете білді. Адам үшін айнымалы тоқтың қауіпсіз екенін дәлелдеу үшін (Томас Эдисон адамдардың жаңашылдықтан қорқатынын жақсы пайдаланып, жақында ашылған айнымалы тоқтың аса қауіпті екені туралы әңгіме таратты) Тесла қалың көпшіліктің алдында жиілігі 700 Гц болатын тоқты денесінен өткізіп, әрине, аман-сау қалды. 1893-жылы Чикагодағы Бүкіләлемдік көрмеде ол көрмеге келушілерге флуоресцентік әйнек түтіктен қазіргі неон шамдардың түпнұсқасын жасап шығарған әріптестерін таныстырды. Бес жылдан кейін Тесла ешқандай ескексіз, ескекшісіз өздігінен жүзіп жүрген қайықты көрсетіп, көрерменді тағы таңқалдырды. Бұл механизм өзі ойлап тапқан қашықтан басқару құрылғысына негізделген болатын.

Өзін саналы түрде сан түрлі аңыздар мен құпиялардың, қауесет пен болжамдардың өзегіне айналдырған адам ғылыми-көпшілік ортаның ең құрметті тұлғаларының біріне айналды. Оның әйгілі катушкасы – резонансты трансформатор Джармуштың фильмінде көрініс тапты. Ал Ноланның фильмінде Тесланың рөлін Дэвид Боуи сомдап шықты. Сонымен қатар ғалым комикстер мен телехикаялардың кейіпкері болды, Ғаламды құтқарды, қансорғышқа айналды, қылмысты ашуға көмектесті, тіпті Эдисонмен рэп-баттл түрінде сайысқа түсті. Өйткені, әр ұрпақ бұл данышпан адамның феноменін өздерінше шешкісі келеді. 

Билл Брайсон

Ғылымды дәріптеуші болу үшін міндетті түрде ғылыми дәрежеге ие болып, докторлық диссертация қорғау керек емес. Оған дәлел  - америкалық жазушы, жиһангез әрі энтузиаст Билл Брайсон. 2003-жылы жарыққа шыққан «Әлемдегі барлық нәрсенің қысқаша тарихы» («A Short History of Nearly Everything») деген кітабы үшін Брайсон ғылымды дәріптегені үшін берілетін беделді еуропалық Рене Декарт атындағы сыйлыққа ие болды. 2005-жылы бұл кітап тағы да «Aventis» марапатына лайық болды. Ол Ұлыбританияда бестселлерге айналып, 300 мың данамен сатылды.

«Әлемдегі барлық нәрсенің қысқаша тарихы» арнайы білім алмаған, негізінен тек мектептегі химия, физика және биология пәндерінен алған білімдерімен шектелген қалың көпшілікке арналған. Кітап, атауы айтып тұрғандай Ғаламның, ғаламшарлардың пайда болуынан және Жер бетіндегі тіршіліктің жандануынан бастап жорамал апаттар мен мүмкін болатын апокалипсистер сценарийіне дейінгі әлемнің жалпы бейнесі жайлы жазылған. Күрделі ғылыми терминдер, мәліметтер мен тақырыптар мәнерлі, түсінікті ұқсастықтармен және еске тез сақталатын салыстырулармен тілге жеңіл, жатық түсіндірілген. Ал ұлы ғалымдардың өмірінен алынған күлкілі оқиғалар кітаптың сәнін кіргізді. Мысалы, Брайсон бәріміздің үйімізде бар қарапайым тұрмыстық техникамен бір тәжірибе жасауды ұсынады: «Теледидарыңызды ешқандай трансляция жоқ кез-келген арнаға қойыңыз. Экрандағы секіріп тұрған элетростатикалық кедергінің бір процентке жуығы Үлкен Жарылыстың көне іздерімен байланысты. Сондықтан, келесі жолы экранда ешнәрсе жоқ деп шағымданбай тұрып, өзіңіздің Ғаламның пайда болуын бақылауға мүмкіндігіңіз бар екенін есіңізге алғайсыз». Ал автор көп адамның есінен шығып кете беретін салмақ пен массаның айырмашылығын былай түсіндіреді: «Жердің өзінде салмақ пен масса екі түрлі нәрсе. Салмақ – бұл заттың тірекке түсірген немесе ілгекті төмен тартқан күші. Ал масса – бұл долбарлап айтқанда, заттағы заттектің саны. Еркін құлап келе жатқан тас ешнәрсеге қысым түсірмейді. Сондықтан оның салмағы нөлге тең – ол салмақсыздық жағдайында. Ал оның массасы сақталып қалады. Мұны тас басыңызға түскенде бірден сезесіз.»

Бұл кітапты ерекше энциклопедия деп атап кетті. Алайда оны толық академиялық оқулық деп қабылдауға болмайды. «Әлемдегі барлық нәрсенің қысқаша тарихында» кітап соңында түгенделіп, көрсетілген бірқатар олқылықтар мен қателіктер бар. Негізі, Брайсон әмбебап мектеп оқулығын жазуды немесе халықаралық жүлде алуды мақсат етіп қойған емес. Ол тек балаларды, жасөспірімдерді және ересек адамдарды ғылымға қызықтырып, біреулердің әрі қарай терең зерттеулер жүргізуіне шабыт беріп, көпшілікті бір қарағанда күрделі, бірақ дұрыс қырынан қарай білсе шын мәнінде қызықты пәндерге деген қызығушылығын арттырғысы келді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)