Уақытынан бұрын шаттану: сәттілікке апарар жолыңызда кедергі болатын әдет екен. Кәсіпкер Джон Машни осы әдеттен құтылған соң, ісі алға жылжи бастаған. Джонның мақаласының аудармасын назарларыңызға ұсынамыз.
Жеңімпаздар алдымен жеңеді, тек содан кейін соғысқа барады, ал жеңілгендер шабуылдаған соң жеңісті іздей бастайды.
Осы әдетім жайлы көп жылдар бойы білмеген екенмін. Бұл әдет маған көп жағдайда кедергі болған. Тіпті кез-келген бағытта дамуымды тежеді деуге болады.
Енді, бұл әдет жайлы білгеннен бері, оны барлық жерде байқап қаламын. Достарымның, әріптестерімнің, таныстарымның осы әдетке бой алдыратынын жиі көремін.
Осы жайлы бұрын-соңды көп ойланбаған екенмін. Алайда, осы әдеттен құтылсақ, тұрақтылық пен жүйеліліктің кілтін таба алатынымызға сенімдімін.
Егер осыны үйреніп алсаңыз, ешқашан жеңіліс көрмейсіз.
Тәртіп еркіндікпен пара-пар.
Адамдардың басым бөлігі уақытынан бұрын шаттанатыны рас.
Мен осы өмірлік сабақты балаларға арналған кітаптан үйрендім. Менің досым Люк Мардигян осы кітапты ұлыммен бірге оқуымды ұсынды: «Жауынгер бөбектің өмір жолы» Джоко Виллинк.
Кітаптың мазмұны қарапайым: жүзу білмейтін, үнемі айналадағы балалардың мазағының астында қалатын, көбейту кестесін білмейтін, бір рет те тартыла алмайтын баланың үйіне қонаққа әскери қызмет жасайтын ағатайы келеді. Ағасы балақайдың өзгеріп, мықты болуы үшін шынығуына көмектесті.
Бұл балалар мен ересектерге арналған тамаша оқиға.
Уақыт өте келе бала белтемірге бірден төрт мәрте тартылуды үйренді. Оның қуанғаны сонша, шаттанып, мәз-мейрам болды. Ол өмірінде осындай көрсеткішке қол жеткізбеген еді!
Алайда ағасы аса қуана қоймады, себебі, іс әлі бітпеген еді.
Мақсат — 10 мәрте тартылу. Ал балақай бар болғаны төртеуін ғана жасады.
Шаттануға себеп жоқ, әлі уақыты келмеді.
Тұзақтың қайда орналасқанын білудің өзі — оны айналып өтудегі алғашқы қадам болып есептеледі.
Адам өмірінде бір жақсылық орын алған кезде психологиялық жеңілдік сезіне бастайды. Қандай да бір себептен талпынысы азайып, босаңсу пайда болады. Көп адамдар үшін уақытынан ерте қуану әдетке айналып кеткен.
Джоко Виллинк бізге маңызды үндеу жіберуде: жұмысыңды аяқтамай, шаттанба. Жолдарыңдағы кішкентай жеңістер — бұл жақсы, алайда сендерге әлі талай майданда жеңіске жету керек.
Маңызды істерге барар жолда кішкентай жеңістердің кедергі болуына жол бермеңдер.
Виллинктің кітабындағы кішкентай балақай өзінің кішкентай жеңісіне қуанып жатқанда, ағасы жай ғана «Жақсы» дейді де, әрі қарай жұмысын жалғастыра береді.
Данышпан болу өнері — нені назарға алмау керегін түсінуде.
Көп адамдар табысқа жетелейтін қиын жұмыстарды ұната бермейді. Сондықтан жеңістің алғашқы дәмін, жұмысты осымен тәмамдауға болады деген белгі деп қабылдайды.
Бұл — қателік. Мен де осы қателікті талай рет жасадым!
— Көп жыл бұрын өзімнің аудио-видео кәсібім үшін жаңа құрылғы сатып алғым келді. Жұмыста пайдаланбаған демалыс күндерім жиналып қалған екен, басшыдан сол күндердің ақысын төлеуін сұрадым. Мен әдейі демалыс алмаған болатынмын, өйткені компания сот үрдісін жүргізіп жатқандықтан уақытты бекер жібермеу керек еді. Басшы бірден «Иә» дегеніне таң қалдым, қуанышым қойныма симады. Мен $3000 аламын деп ойлап, ақша табудың басқа жолдарын тіпті іздемейтін болдым. Бірақ, ерте қуанып қойған екенмін. Басшы менің сұранысымды жоғарғы жаққа жібергенде, ол жақтан сұранысым қабылданбады деген жауап келді. Сол кезде қатты қамықтым. Уақытынан бұрын келген осы қуанышым, сол уақыт арасында атқарып үлгеретін жұмыстарымның барлығын тежеп қоюға себепші болды.
— Алғаш рет қомақты қаржының чегін қолыма алғанда, қатты қуандым. Сонымен қатар керемет өткен тегін саяхатқа жолдама алдым. Азын аулақ ақшам да бар еді. Ақыр соңында осы қаражат пен саяхатқа қол жеткізуге көмектескен ісімді жалғастыруды тоқтататып тастадым. Табыс пен қуаныш менің әрі қарай дамуымды тежеп қойды. Мен уақытынан бұрын қуанған екенмін. Маған бұрын істеген жұмыстарымды қайта жасауыма тура келді.
— Көп жылдар бойы жазуды қаладым. Бір нәрсе жазсам қатты қуанатынмын. Бірақ, тұрақты жазып жүрмедім. Міне, осы нәрсе менің ары әрі қарай дамуыма кесірін тигізді.
Егер тұзақты байқамай қалсаңыз, аңшыны кінәламаңыз.
Көп жыл бұрын Олимпиадалық ойындардан жеңген спарталық жігіт туралы оқыған едім. Жеңісі үшін ол керемет сыйға ие болды. Бұл — жеңістің белгісін білдіретін алтын мен асыл тастар көмкерілген өнер туындысы еді. Жауынгер керемет сыйды қуана қабыл алды. Бұл бұйым оның жеңісінің ғаламат көрсеткішіне айналды.
Жарыстан соң, келесі күні жігіт сыйлығын сатып жіберді де, әрі қарай жаттығуын жалғастыра бастады.
Сыйлық — бұл жауынгердің жетістігін айналасынағылардың қабылдауы үшін қажетті құрал ғана. Шын мәнінде жауынгер өзінің ішкі жеңісіне баса мән берген еді.
Кез-келген жеңісті тойлау кезінде басқа да маңызды істерді назардан тыс қалдырмаңыз. Егер біреулер сізді кішкентай жеңісіңіз үшін құттықтап, оған тамсанып жатқанда, Виллинктің кейіпкерін есіңізге түсіріңіз. Өзіңізге «жақсы» жетістік деңіз де, әрі қарай сол қарқынмен ісіңізді жалғастыруға тырысыңыз.
Жүйелілік — қарқындылықтан да маңыздырақ.
Жүйелілік — кемелділікке бастар жол. Уақытынан бұрын шаттану әдеті сізді тығырыққа әкеп тіреуі мүмкін. Одан құтылыңыз да, алға қарай жылжыңыз. Жұмыс аяқталғанда ғана шаттана біліңіз. Өз кәсібіңізге қамқорлық жасаңыз да, мақсаттарыңызға қарай жүріңіз.
Өйткені, ең маңызды нәрсе — тойлау емес, жеңіс!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі