ozgetil.kz

Өзгеше ойлау

Физика пәнінің мұғалімі мен студенті арасында емтихан сұрағына берілген жауап турасында келіспеушілік туындап, екеуі оқу орнындағы профессорға ( Корольдік академиясының президенті Эрнеcт Резерфордқа) келеді.

Эрнеcт Резерфорд — ағылшын физигі, радиоактивтілік және атом құрылысы жөніндегі ілімнің негізін салушы.

Сұрақ мынадай еді: «Қандай да бір ғимараттың биіктігін барометр арқылы қалай табуға болады?»

Студент болса бұл сұраққа «Барометрді жіпке байлап ғимараттың шатырынан төмен қарай түсіремін. Барометр жерге тигенге дейінгі жіптің ұзындығын өлшеу арқылы ғимараттың биіктігін табамын» деп жауап берген болатын. Әрине мұғалімнің күткен жауабы бұл емес еді. Әйтсе де мұндай жолмен табуға болары анық.

Профессор екеуін тыңдағаннан кейін пікірталасты ұзатпау үшін шәкіртке бұл сұрақты басқа жолмен қалай шешуге болатынын сұрайды. Шәкірт: «Оның шешу жолдары көп қой» деді. Профессор ойыңа келген бірнешеуін айта қойшы, бірақ ең болмағанда біреуі физиканы қамтитын болсын» дейді. Шәкірттің бірінші жауабы мынадай еді: «Барометрді шатырдан төмен қарай тастап жіберіп, секундомермен қанша уақытта жерге түскенін анықтап x=0.5*a*t^^2 формуласы арқылы биіктікті табамыз» Күтілген жауап бұл болмаса да физиканы қамтитын еді.

Шәкірт жауаптарын тізбектеуді ары қарай жалғастырды: «Ашық аспанды күнде барометрді тік ұстап өлшеп, сосын көлеңкесін өлшеп, содан кейін ғимараттың көлеңкесін өлшеп пропорция құру арқылы ғимараттың биіктігін табуға болады.» Бұлай да дұрыс.

Шәкірттің үшінші жауабы: «Басбалдақпен көтерілген сайын дуал бойымен барометрдің бойын белгілеп, кейін белгі мөлшерімен барометрдің биіктігін көбейтеміз.» Бұлай да өлшеуге болады.

Ал төртінші жауап мұғалімдердің шынайы түрде таңданыстарын тудырды. Өйткені бұл жауабы шәкірттің физиканы өте мықты білетінін айқындап тұрған еді. «Кішкентай жіпке барометрді байлап алдымен жерде, сонан соң шатырда тербетеміз. Жіптің ұзындығы мен тербелу периодтары арасындағы айырмашылық арқылы Ньютонның “g” коэффицентін анықтап, екі “g” коэффиценті арасындағы айырмашылық арқылы ғимараттың биіктігін табамыз.» Соңғы жауаптан кейін шәкірттің физиканы мықты білетініне бәрінің көзі жетеді.

Мұғалімдердің көзінде үлкен әсер қалдырған шәкірт енді күліп жіберді де: «Негізінде ең оңайы ғимарат күтімінен жауапты адамға барометрді сыйға беріп, есесіне ғимараттың биіктігін айтуын өтіну керек» дегенінде мұғалімдер де күле бастады.

Профессор шәкіртке қарап: «Мұғаліміңнің сенен күткен негізгі жауапты білемісің?» дегенінде шәкірт: «Иә, шатырдағы қысым мен жердегі қысымды өлшеп, арадағы айырмашылықтан биіктікті табамыз» дейді. «Онда неге қажетті жауапты жазбадың» деген сұраққа: «Өйткені таяз ойлаудан және тар көзқарастан жалықтым» деп жауап берген екен... ал, шәкірттің есімі Нильс Бор болған.

Нильс Хенрик Давид Бор  (1885–1962) — даниялық ғалым, нобель сыйлығының лауреаты (1922 ж.), бүгінгі физиканың негізін салушылардың бірі, Дания корольдік қоғамының мүшесі (1917) және 1919 жылдан оның президенті.

Бұл мысал кейбір сырты бүтін іші түтін, орынсыз ұран және ережелермен шектелмей кең пікірлеп, жан-жақты ойлаудың артықшылығын көрсетіп тұрғандай. Расында өмірдегі көптеген мәселелер бір ғана шешімнен тұрмайды. Кейде үйреншікті жолға қарағанда, өзгеше жолдар көбірек жеміс беруі мүмкін.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)