Өлең, жыр, ақындар

Богданов деген біреу бар...

Санаторийге ауданнан өкіл келді. Жай келген жоқ, ішкен-жегенді. алған-бергенді тексере келді. Өкілдің қолындағы арызға қарағанда республикалық санаторий «Каменское платоның» тігерге тұяғы, үзерге алмасы қалмаған. Арыз бойынша алған-берген, кіріс-шығыс, жүрген-тұрған, бар-жоқтың бәрінің есебі алынған. Санаторийде бір сау адам жоқ: бәрі арамтамақ, бәрі ішеді, бәрі жейді делінген. Қысқасын айтқанда, арыз берген кісіден басқаның бәрі жаман болып шыққан. Я ұмытылып бара жатқан бір нәрсе бар — қолының жымсымасы, құлқынының кеңдігі білініп қалып жұмыстан шығарылған біреулерді «жақсы еді», «сабы алтын» еді деген.

Арыз тергеле бастады. Жұмысшылар, қызметкерлер тегіс шақырылды. Арызда көрсетілген нәрсенің бәрі мұқият тексерілді. Арыз анықталмады. Өкіл ауданға қайтып кетті...

— Тағы өкіл келді,— деді кеңседен келген кісі.

— Қайдан, не жұмыспен келген?

— Облыстан. Арыз тексере келген. Бәрінді шақырып жатыр.

— Арыз берген кім?

— Аты жоқ.

Нақ бұрынғыша қайта зерттеу жүргізілді. Арыздағы сөз тағы анықталмады...

Санаторийдегі жұмыс тағы қызу жүре бастады. Осындай қызу жұмыс үстінде тағы бір жайсыз хабар естілді. Кеңседен келген кісі:

— Арыз тексере кісі келді,— деді.

— Қайдан?

— Министрліктен.

— Арыз иесі кім?

— Богданов.

— Осы арыздың бітер күні болар ма екен бір тыныштықпен қызмет істетпеді,—деп ренжіді санаторийдің кызметкерлері. Олар қабақ шытқанмен амал қанша, арызды тексермеуге бола ма? Тексергенмен нәтиже шықпады...

— Енді осымен бітсе игі еді,— деп тілек білдірісті көпшілік.

Өз қолында жоқ, нәрсе, ойлағандай бола ма? Арызы құрғыр бітпеді. Қайдан біте қойсын: «домалағы» да, аузы-аяғы бары да көбейіп. алды тексеріліп біте бастағанда артқысы жоғары орындарға топылдап, түсіп жатты. Тексеру бола берді, комиссия келе берді, ұшы-қиыры жоқ... анықталмаған арыз несі де шақырылды.

— Арыз кімдікі?

— Баяғы Богдановтікі.

— Әйтеуір Богданов деген біреу бар, құлақтан қиқу кетірмейді,— десті қызметкерлер.

Өкіл сөз бастады:

— Сапырылысып жүргенімізге бірнеше ай болды. Арыздан ешнәрсе анықталмады. Енді кімді шақыр дейсіз? Өзіңіз айтқан кісіні шақырайық.

— Ребровты, Мұрынбаевты, Мерсиді неге шақырмайсыз? _

Бұл адамдар ұрлығы, тағы басқа әртүрлі қолайсыз жағдаймен басқа жаққа, басқа қалаларға кеткен болып шықты. Тиісті документтер әкелінді. Бұдан кейін тексеруші мен арызқойдың арасындағы сөз былай болды:

— Бас дәрігер мемлекеттің мындаган сом акшасымен үлкен сарай салды дегенсіз.

— Мұным анықталды ғой.

— Я, анықталды. Сарай орнында екі шаршы метр жерде тауық күрке бар екен. Ол өз қаражатымен салынған. Оның жүз қазы бар, оны санаторий есебінен жемделеді дегенсіз.

— Я, Я.

— Санадық. он шақты екен.

— Мен санағаным жоқ.

— Енді қалай жаздыңыз?

— Солай шығар деп ойлап едім...

— Айтыңызшы, бас дәрігер арақ ішеді дегенсіз,

— Ішеді, ішетін болуы керек.

— Соңғы рет қашан ішті?

— Есімде жоқ. Айтқандай мейрамда ішкен шығар...

Бұл тексеру аяқталған соң екі-үш апта тыныш болды. Бір күні тағы бір тексеруші келді. Бір тәуір жері, бұл жолғы арыз Богдановтікі емес, оның әйелі Хабаджидікі. Үлкен арыз. Талай жерге жазған. Тексеру тағы басталып кетті.

«Жақсыны көрмек үшін» деген ғой, осы шамадан тыс ақ жүрек болып, арызымен елге жұмыс істетпей жүрген Богдановты оқушыға таныстыра кетейік.

Богданов баяғыда медициналық дәрігер болатын. Дипломы да бар. Қырағылығын жоғалтқаны үшін партиядан шығып қалған. Сөйтіп жүріп жел аударған қаңбақтай Алматыға келіп, одан осы санаторийге орналасқан. Анкетті кім ашып көре берсін, дәрігерлікті місе тұтпай, «жағалап жүрсем мен жемей кім жейді» деп шаруашылық кызметке ауысқан. Онысы ойынан дөп шықты. Қазір санаторийдің алма бағының ортасында тұрады. Керек десе бұл жерге демалушыларды да жібермей қояды. Алматының ауасы жалғыз өзіне аз болатындай көреді. Жан-жағын жалғыз жайласам дейді. Санаторийді демалушылар үшін емес, өзі үшін ұстап отырғандай санайды.

Күнде арыз беріп жүрген ақ жүрегіңіз санаторийдің төрт атын таудан құлатып өлтіріп, әлі «көргем жоқпен» келеді. Шаруашылықтың басында жүрген болып, ашық жердің бәрінен огород салып ала береді. Нақ күні бүгінге дейін 19 участокте огороды бар. Осы огородты күніне бір айналып шыққанша, күн де батып кетеді. Ал түні арыз жазумен өтеді. Көріп отырған шығарсыз, өзі айналдырған 24 сағат уақыттың. мемлекеттің жұмысын атқару үшін несі қалды? Ол бригадир болып істейтін участоктегі жұмысшылардың бірінен Богданов туралы жақсы пікір естімейсіз. Бәрі де: «көрмегеніміз Богданов болсын» деседі. Тіпті ол айтты деген кейбір сөзді естігенде аза бойыңыз қаза болады...

«Жұқпастың жұбайы өзіне лайық» дегендей, Богдановтың әйелі Хабаджи де арыз жазудың неше түрлі тәсілін үйреніп келеді. Соңғы арызында ол Алматыда тұратындардың барлығын жамандай келіп, маған кызмет бермейді деген. Ал шынына келгенше, оған жұмыс берілген, бұйрық та болған. Тіпті өзі қалаған жұмыс. Бірақ 19 жерге салған огородты қарап күтуден қолы тимейтін болған соң, ал партия мүшесі бола тұрып, партия ұйымының тапсырған жұмысынан бас тартқан.

Ерлі-зайыпты арызқой 19 огородтың төңірегінде қазір де жүріп жатыр.

— Санаторийдегі жол асфальттанбаған деп жазғанымды кәне, анықталмады деп көріңізші,— деп Богданов орнынан атып тұра келеді.

Оған біз мына жауапты ұсынғалы отырмыз:

— Дұрыс. Бұл анықталды. Егер Алматының тауында жабайы алма, өрік өседі, жаз бойы тау басынан қар кетпейді деп жазса, сөз жоқ бұл да анықталады. Айтып айтпай немене, тексере келе Богдановтың 105 бет арыз жазғаны да анықталады. Оның анықталмағаны да анықталады.

1953


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз