Эссе және өлең-жыр байқауы

Кітап оқудағы кейбір ережелер

Оқып шыққаннан кейін «оны өзім де жаза аламын» деген ойға салатын кітаптар ең жақсылары болып табылады.

Блез Паскаль

Кітап — бөлек бір әлем. Сол әлемге топ етіп, ондағы әлемге саяхат жасаған адамның ақылы мен санасы қатар өсері анық. Кітап оқу — бұл тек бос уақытты қызық өткізу ғана емес. Сонымен бірге тұлға болып қалыптасуға орасан зор көмегі тиетін өте пайдалы іс. Нақтырақ айтқанда, бұл процесс ойлау қабілетін жетілдіріп, сөздік қорды ұлғайтады және сөйлеу мәдениетін дамытып, ми белсенділігін жақсартады. Сондай-ақ, әрбір адамның бойындағы шығармашылыққа деген сүйіспеншілігін оятуға итермелейді. Сол себепті, оқырмандарымыздың кітапқа деген махаббатын ояту үшін әрі кітапты таңдауда, оқуда қателіктер жібермесін деген оймен бірнеше кеңестің тізімін жасадық.

Алғашқы кітапқа мән беру керек

Алғашқы қолға алған кітапқа ерекше мән беру керек. Осы ретте ата-аналарға құлаққағыс: Балаға ең алдымен жасына, ойлау қабілетіне сай кітапты ұсыныңыз. Алғашында бірнеше туындыны оқып бергеніңіз жөн. Кейінірек балалар әдебиетіндегі қысқа шығармаларды оқытыңыз. Мәселен, Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасы», Ханс Кристиан Андерсонның «Жабайы аққулары», қазақ жазушыларынан Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» секілді кітаптар.

Кітапты балалар әдебиетінен бастаған жөн

Кез келген адам таным көкжиегіне шығып, білуге деген құштарлығы арқылы көптеген пайдалы ақпараттарға бас сұққысы келеді. Оқырмандар да солай. Балалар әдебиетін шолып өтіп, ертең роман-эпопеяларды парақтай бастайды. Бірер күннен соң қолында бизнес кітаптары жүреді. Әрине, ниеті дұрыс. Дегенмен оқу барысында жүйелікке көп көңіл бөлген абзал. Бастауыш оқушылары жоғарыда айтылған кітаптарды оқымай тұрып «Абай жолы» немесе «Көшпенділерді» оқығанымен, толықтай түсініп, өзіне керекті дүниені ала алмайды. Сол секілді, жасөспірім шағында (мектептің жоғарғы сыныптары, 1-2 курс студенттері) «Махаббат, қызық, мол жылдарды» оқымаған адам, жасы ұлғайған шағында қанша талпынса да романның қызығына бата алмайды. Демек, асқан жүйелікпен, жасына қарай авторларды таңдаған жөн.

Өзіңізді кітаптың кейіпкеріне айналдырыңыз

Қазақ әдебиетінде оқуға тұрарлық мыңдаған әдеби туынды бар. Оларды оқитын оқырман да жеткілікті. Кейде жүздеген кітапты тауысып, әлем әдебиетіне көз тігіп жатқан жандарға таңқала қараймыз. «Осыншама кітапты қалай ұмытып қалмайды екен?» деген сауал да туындайды. Ал, сол кісілердің өзге тұлғалардан басты айырмашылығы неде, білесіздер ме? Олардың қиялдары өте ұшқыр. Әр кітаптың желісін өзінің өміріне балап, сондағы кейіпкерлердің бірін өзі секілді қабылдайды. Басқа прототиптерді айналасындағы жақындарынан іздейді.

Кітап оқу жайлы қызықты деректер:

— Ғалымдардың айтуынша, кітапты баяу оқуға қарағанда, жылдам оқу кезінде көз анағұрлым аз шаршайды екен.

— Адамдардың 95 пайызы кітапты өте баяу оқиды — минутына бар болғаны 180-220 сөз (1 бетті 1,5-2 минутта).

— Кітапты дәстүрлі түрде оқуда оны түсіну деңгейі 60 пайызды құраса, жылдам оқуда — 80 пайыз.

— Кітап оқу кезінде оқырманның көздері әр әріпті жеке сурет ретінде көрсетеді, ал ми оларды бір суретке біріктіреді.

— Оқу дағдысы орташа есептелетін адамның көзі кітаптың бір қатарына 12-16 рет кідірсе, жылдам оқитындар — тек 2-4 рет қана кідіреді.

Кітап оқуда ерекше жетістікке жеткендер:

М. Горький минутына 4000 сөз оқыған;

— Француз жазушысы Оноре де Бальзак жарты сағатта 200 беттік романды оқып бітіретін болған;  

— Жазушы, кітаптанушы Н. А. Рубакин ұзын саны 250 мың кітап оқыған;

Наполеон минутына 2000 сөз оқыған;

Томас Эдисон бір мезетте кітапты 2-3 қатардан оқыған.  

Оқуға кеңес береміз:

Адам балалық шағында қаншалықты көп оқыса, есейгенде соншалықты бай болады

«Вавилондағы ең бай адам» кітабы

Бай болу үшін оқылуы тиіс 10 кітап

Баланы кітапқа баулу


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүктелуде...