Өлең, жыр, ақындар

Қайырымды түлкі

  • Bain
  • 28.04.2015
  • 1
  • 2
  • 61966
Бір мерген бозша құсты атып алды,
(Қоймады өлтіріп-ақ жалғыз жанды).
Басында бір ағаштың үш баласы
Шырылдап ұясында жетім қалды.
Ана жоқ таситұғын тағам-жемді,
Күн көрер бишаралар қайтіп енді?
Шулаған балапандар даусын естіп,
Сөз сөйлеп осылайша Түлкі келді:
«Алда сорлы, бейшара балалар-ай,
Жасынан өлген екен аналары-ай.
Көбелек, шыбын аулап күн көретін
Жоқ екен пақырлардың шамалары-ай.
Әй, құстар! Тыңдаңыздар құлақ салып,
Кезекпен жем тасыңдар ұшып барып.
Үшеуін асырауға қанша қиын,
Етіңдер аз күн қайыр бөліп-жарып.
Көкек құс! Жүнің түлеп жүр ғой бекер,
Азырақ жетім үшін жұлсақ нетер?
Қайырдың бұл дүниеде жетімге еткен
Басқа іс сауабына бар ма жетер?!
Бозторғай! Қарап тұрма сен де текке,
Жүресің бекер шырлап ұшып көкте.
Даладан, тоғайлардан тамақ ізде,
Бұлардың үшеуіне көп керек пе?!
Сарымойын! Ер жетті ғой балаларың,
Бәледен Құдай сақтар бірер-жарым.
Бұлардың күндіз-түні жанында бол,
Жоқтатпай сорлылардың аналарын.
Қарлығаш! Сен келтірсең маса-шыбын,
Бұларға о да қорек болар тығын.
Осындай жұрт жабылған сауап іске
Ұят қой кіріспесең, жарықтығым.
Сандуғаш! Не қылайын сені қайрап,
Қоярсың оқтын-оқтын өзің сайрап -
Көңілін біраз ғана көтермекке
Зарлының жетім қалған соры қайнап.
Достарым! Осындай бір іс етелік,
Жастарды жетім қалған кісі етелік.
Ізгілер орманда да бар екенін
Осындай сауап іспен көрсетелік!»
Тұрғанда Түлкі сөйлеп сауап жолды,
Қайғыға естігеннің көңілі толды.
Аштыққа шыдай алмай үш балапан,
Ағаштан төмен жерге түсіп қонды.
Жұрт жинап жақсы кеңес қылған Түлкі,
Зарланып жетімді аяп тұрған Түлкі
Аузына үшеуін де қағып салды -
Өзі екен нағыз Құдай ұрған Түлкі.

* * *
Жеп қойды құстың жетім балапанын,
Қорықпай-ақ обалынан Түлкі залым.
Қарасақ, ел ішінде аз ба адамдар
Жеп жүрген обалсынбай жетім малын?
Пана боп, өзің сақта, Құдіретім,
Кім де кім балапандай қалса жетім.
Жұмсақ тіл, көңілі қатты залымдардың
Ете көр жетімдерден аулақ бетін!



Пікірлер (2)

nurai_sailau

бул мысал оте терен магына береды.Оте керемет мысал

Ахмет Байтұрсынұлы

Өлен

Пікір қалдырыңыз

Жауап хаттан

  • 1
  • 2

Аманбыз, жезде,
Солай ма сізде?
Амандаспақ — жол, әдет.

Толық

Қарға мен түлкі

  • 1
  • 5

Бір түйір ірімшікті тауып алып,
Ағашқа Қарға қонды ұшып барып.
Тоқ санап ірімшікті көңіліне,
Жей қоймай, отыр еді ойға қалып.

Толық

Малшы мен маса

  • 1
  • 16

Бір Малшы көлеңкеге келіп жатып,
Қасқырдан иттеріне сеніп жатып,
Үстінде көк шалғынның,
самал жерде тырайып қалды

Толық

Қарап көріңіз