Өлең, жыр, ақындар

Жесір дағуалары хақында

  • Bain
  • 29.04.2015
  • 1
  • 0
  • 6145
Дау-жанжал көп қазақтың жұрттарында,
Себеп бар фітнәнің шыққанында.
Әуелден әдеттеніп келе жатқан.
Рәсім болған мынау бір ғұрыфларында.
Біздің қазақ халқының бір ғадеті,
Шариғат низамда жоқ бұл ғадеті.
Фітнәні көбейтуге себеп болып,
Рәсім боп бұзылмай тұр ғадеті.
Келе жатыр әуелден ғұрыфтай болып,
Мұнысы ұнамаған хұлықтай болып,
Дау-жанжал арасынан арылмайды,
Берекесіз бұзылған жұрттай болып.
Қатын алу хақында жанжалдары,
Бұл ғадет әуелгіден қалған бәрі.
Көрсеңіз бұл күндегі жанның көбі
Болмайды даусыз қатын алғандары.
«Нешік?» десең, себеп бар бұған және
Бесікте жатар жаңа туған бала.
Бесікте жатқан ұл мен қыз балаға
Ата-анасы болады құда және.
Бала өскенше өтеді қанша заман,
Уақыт қандай болады барса да аман.

Ақсақ, соқыр, саңырау, таз, сақау, мәжнүн
Сондай бір зағифлықта қалса тамам.
Жаман мен жақсы қалайша тең болады?
Зағиф адам һәр қашан кем болады.
Өскен соя бірін-бірі сүймей тұрса,
Оны нешік қосуға жөн болады?
Бір адамда бес жасар бала болса,
Біреуде бойжеткен қыз және болса.
Осы екі бала қалай лайықты,
Атасы ойламай ма дана болса?
Балаға бойжеткен қыз тең бола ма,
Айттыру осы қызды жөн бола ма.
Қыз жиырма жасында, бала бесте,
Атасының бергені ем бола ма?
Бір адамның қатыны өлген болса,
Өзі алпыс, жетпіс жасқа келген болса.
Айттырып он бес жасар қыз алады,
Атасына малды көп берген болса..
Кетеді осындайлар жөніменен,
Малының жұмысы жоқ көбіменен.
Ұлыққа ғарыз беріп дау қылады
Өзінің қашып барып теңіменен.
Мұнан кейін жанжалға кіріседі,
Арасында барымта жүріседі.
Мұның кебін халық қосса ықтиярсыз
Өз ісін тағы артынан біліседі.
Хәләл қатын болады осы қалай,
Келеді көңілінің хошы қалай?
Ол қатынның табылар досы талай,
Осыдан хәләл бала тусын қалай?
Қуаныш ойлар қазақ көрейін деп,
Балама жаста қалың берейін деп.

Осылай ойлап қызды айттырады
Мерекелі қызыққа енейін деп.
Реніш, қуаныштың ахыр соңы
һәр атам аңғармайды ғафыл соны.
Бір қатынның байы өліп тұл қалады,
Көреді ағайыны жақын соны.
Әмеңгер деп еріксіз оны алады,
Оның ісі қалайша оңалады.
Шариғатта жоқ жұмыс қайдан шықты?
Тұл қатынды алуға жол табады.
Және біреу бес-алты қатын алар,
Тең ұстамай мойнында хақы қалар.
Бұл жұмыс пайғамбардың сүннәті деп,
Дәлел айтып оның бір шартын табар.
Ала алсын көп қатын тең ұстаса,
Әрбірін риза қылып жөн ұстаса,
Гунаһкәр болмағанда не болады,
Біреуінен біреуін кем ұстаса?
Пайғамбар көп қатынды алуы рас,
Бәрінің ризалығын табуы рас
Пайғамбардың фиғылы һүммәтіне,
Әлбетте сүннәт болып қалуы рас.
Қатынның бәрін бірдей көреді екен,
һәммасы риза болып сенеді екен.
һәр біріне «сені артық көремін» деп,
Бір алтын білезікті береді екен.
«Сен мұны аналардан жасыр» дейді,
«Мен сені артық көремін жақсы», - дейді.
«Білезікті көрсетпе өзгесіне,
Сенің көңлің ризалық тапсын» дейді.
Бұл сөзге һәр қайсысы нанушы еді,
Соныменен алданып қалушы еді.
«Пайғамбар мені жақсы көреді» деп,
Көңілдері ризалық табушы еді.

Бай қазақтар қатынды көп алады,
Сүннәті пайғамбардың деп алады.
Осындай ғаділдікпен ұстамаса,
Гүнаһкәр боп бекерге неге алады?
Біреуін бәйбіше деп дәрәжалар
Екінші бала үшін және де алар.
Үшіншіні алады қызмет үшін,
Хисабы күн орнына бағаланар.
Төртінші және алады тұл қатынды,
Әмәңгер деп байы өлген бір қатынды,
Пайғамбардың сүннәті осылай ма?
Ықтиярсыз алады бұл қатынды.
«Әмәңгер» деген сөз жоқ шариғатта,
Қазақ өзі тауып жүр оны жатқа.
- Зәру болсаң, ал деген, бірден артық
«Сүннәтім» деп айтқан жоқ тағы халыққа.
Пайғамбардың сүннәті осылар ма?
Сүннәт деп мұны бізге борыш қылар ма?
Байлар тоқал алады қызмет үшін,
Осы да зәрулікке қосылар ма?
Екі адамның көңілі жақын болса,
Көңілі жақындықпен тату болса.
Бұлар құда болады жақын жүріп,
Соңынан өкінер, іс ғафыл болса.
Бұлар болса өз көңілін шамалайды,
Жөніне жас баланың қарамайды*
Қыз жаман боп, ұл бала жақсы болса,
Әлбетте, оны тендікке және алмайды,
Жаман қыз жақсы қатын бола алмайды,
Ғұмыры таусылғанша оңалмайды.
Ғаділдікпен ұстамай, хорлайды ері,
Өле-өлгенше теңдікке оны алмайды.

Әуелде никахланған жар еді ғой,
О да хұдай жаратқан жан едіі ғой.
Қалады бишараның обалына,
Оныңдағы өз теңі бар еді ғой.
Адамның қызығады малына адам,
Адамдығын санайды тағы да адам.
Баланың хор болуын ойламайды,
Қылады өз басының ғамын адам.
Біреуге біреу жақын жүрейін деп,
Құда болар сыр жайын білейін деп.
Бір-бірін сүймесе де құда болар,
Сонымен партияға кірейін деп.
Бірін-бірі тең көрмей қомсынған жан,
Дұрыс жүрмес қомсынып қосылған жан.
Махаббаты басқаға аударылып,
Харам бала туады осылардан.
Бір ғұрфымыз тағы бар біздің және,
Жөні осылай бұрынғы іздің және.
Кейінгі жас балаға қаратады,
Күйеуі өлсе бойжеткен қыздың және.
Біреу байдың малына қызығады,
«Құда боп қызымды ал» деп қыздырады.
Ақырында бұл адам кедей болса,
«Қызымды бермеймін» деп бұзылады,
Бір кедей қызын және малға берер,
Қыз риза болмаса оған не дер?
Қыз жылар көзінің жасын артып,
Алғанын шамасы жоқ қайта төлер.
Асығар ұлға қалың беру үшін,
Құда болар мереке көру үшін.
Біреу мал берейін деп келіп тұрса,
Қыз атасы бөгелсін ненің үшін?
Қуаныш сол - жас баласы мал болады,
Білмейді соңыра қандай хәл болады?
Ұл мен қыз бірін-бірі сүймегенде,
Мал берген ұл атасы дал болады.

Онан да қуанышты бұлай көрсе,
Фәтуәлі болып халық бұзбай көнсе.
Оқытса жас баланы ер жеткенще,
Дәреже болар еді хұдай берсе.
Татарлар дін қарындас өзімізбен,
Оның ісін көреміз көзімізбен.
Оларда біз секілді дау-жанжал жоқ,
Фәтуәлі болады сөзі бізден.
Ноғай қыз айттыруға асықпайды,
Жас балаға құда боп мал шықпайды.
Кәмелетке жеткенше оку оқып,
Дәрежесі қазақтан аз шықпайды.
Жас қызға хұтба окиды молла тағы
Ризалығын білмейді сондадағы.
Жанжал болса, «мин никах оқығам» деп,
Гулығын береді соңыра тағы.
Моллалар олжа алады, аямайды,
Жылаған көз жасына қарамайды.
Олжа алған еоң жұмысын бітіреді,
Обалы, сауап болғанын санамайды.
Осылары дұрыс па моллалардың?*
Жүзінің ыстықтығы олжа малдың,
Дау-жанжал болмағаннан болғаны көп.
Балаға жаста құда болғандардың.
Қалдырса осы айтқанның һәммаларын,
Азайтар еді қазақ бұл жанжалдарын.
Он жеті, он сегізге бала келмей,
Тоқтатса қыз беріп мал алғандарын.
Он жеті, он сегізге бала келмей,
Ұл, қыз бірін бірі жақсы көрсе.
Өзінің сүйгеніне бармақ болып,
Атасына сонан мал алсын десе.

Жанжалсыз сонда жұмыс тынар еді,
Шариғат пен низамға ұнар еді.
Мусәфірдің тыйылып көз жастары,
Халық арасы тыныштықта тұрар еді.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Григорий Николаевич Потанинге

  • 1
  • 0

Ардақты Қарт! Келдім бүгін тойыңа,
Бүктік тізе, еттік құрмет тойыңа.
Қалам тарттым, қазақ ұлы қарыздар,
Шатлық сыймай толқыған сол бойыма.

Толық

Қайда едің?

  • 1
  • 2

Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде,
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып алаш жүргенде,

Толық

Бүркіт кегі (баллада)

  • 1
  • 1

Қыран бүркіт бір күні
Алып қызыл түлкіні,
Масаттанып қайтып ед,
Иесі бастап әңгіме

Толық

Қарап көріңіз