Өлең, жыр, ақындар

Ләйлі - Мәжнүн

  • Bain
  • 03.05.2015
  • 1
  • 13
  • 50971
Біле ме біздің қазақ ғашық жайын,
Ұқсаңыз, білгенімше сипаттайын.
Ғашықтық — махаббаттың ең күштісі,
Жүрекке қатты орнығар басқан сайын.

Әркімде ондай ғашық жаралмайды,
Шын асыл көп халыққа таралмайды.
Мәжнүннің Ләйлә менен сыры қиын,
Еш адам байыбына бара алмайды.

Талай жан оның жайын ұға алмаған,
Ойсыздың жүрегіне жұға алмаған.
«Тез оңар, әсіреқызыл болмаған соң,
Әр елге өлең болып шыға алмаған.

Бұрынғы бәйітшіні білемісің?
Мен айтсам, оның кім деп күлемісің.
Сабырбай, Жанақ, Шөже, Кеншімбай деп,
Түк білмей онан өзге жүремісің.

Науаи, Сағди, Шәмси, Фзули бар,
Сайқали, Қожа Хафиз, Фердаусилар.
Бәйітші, елден асқан шешен болып,
Әлемге сөздің нұрын жайған солар.

Мәжнүннің Ләйләменен аз жұмысы,
Әне сол шын ғашықтың қылған ісі.
Бұлардың әпсәнәсін жазған адам —
Фзули Бағдади деген кісі.

Ондай ғып еш бәйітші жаза алмаған,
Нақышын шын келтіріп қаза алмаған.
Кітабын Фзулидің іздеп тауып,
Кез болды былтырғы жыл азар маған.

Мен оның келтіре алман мыңнан бірін,
Айтуға тіл жетпейді тәтті жырын.
Мәжнүннің атын білер, жайын білмес,
Қазаққа ұқтырайын біраз сырын.

***
Ғарапта бір бай болды дәулеті асқан,
Саудасы әр патсамен араласқан.
Құдайдан бір мирасқор бала сұрап,
Малының садақаға көбін шашқан.

Бай еді қайыры мол, бек қабағат,
Тіледі бала бер деп көп жамағат.
«Көп тілегі— көл» деген мақалдайын,
Болыпты бәйбішесі екі қабат.

Босанып есен-аман, бір ұл тапты,
Жан-жаққа сүйіншіге кісі шапты.
Жақсының тойға келген бәріне де,
Ас қылып ат мінгізіп, шапан жапты,

Қайыс деп сол баланың атын қойды,
Қуанып неше түрлі қылды тойды.
Қырық күндей кедейлерге тамақ беріп,
Меккеде талай түйе — құрбан сойды.

Келбеті бұл баланың өзгеден жат,
Бір көрсең, көргің келер неше қабат.
Бетінде бек сүйікті бір нұры бар,
Қыласың ықтиярсыз шын махаббат.

Балқытар жылы жүзі сүйегіңді
Бергендей аса мұқтаж тілегіңді.
Неге жақсы көргенің мағұлым емес,
Арбап тұр нұрлы жүзі жүрегіңді.

Баланың қырқы толып өтіп еді,
Тойдың да тарқар кезі жетіп еді.
Шырқырап бала жылап қоя берді,
Қатындар тойға келген кетіп еді.

Көтерді уата алмай қолына алып,
Ойлайды қалды ма деп науқас шалып.
Бар екен әлем асқан бір дәрігері,
Әкелді соны біреу жылдам барып.

«Баланың,— деді дәрігер,— дені таза,
Науқасын білмей калсам, менде жаза.
Бір түрлі жүрегінде қайғысы бар,
Білмеймін не себептен болды наза.

Көтерсін бұл баланы даяшы қыз,
Сыртынан байқап отыр өздеріңіз.
Көшеде балалармен алдандырсын,
Болмаса біле алмадық мәнісін біз».

Баланы даяшы қыз алып жүрді,
Артынан ата-анасы қарап тұрды.
Көтерген бір баланы даяшыға
Құдайым әлгі қызды жолықтырды.

Көрген соң бірін-бірі жақындасты,
Баланы уатуға ақылдасты.
Қолында екеуінің екі бала,
Біріне-бірі қарсы бетін ашты.

Баласы оның-дағы жылайды екен,
Көтеріп уатқаны ұнайды екен.
Балалар жылағанын қоя қойды,
Себебі бар нәрсенің Құдайда екен.

Үйіне даяшы қыз қайтып келді,
Қалайша уатқанын айтып келді.
Тағы да ертең түсте жылаған соң,
Қайысты қыз қолына қайтып берді.

Базарға даяшы қыз тағы барды,
Біреуді бала уатқан тауып алды.
Баланың бетін ашып көрсетсе де,
Шырқырап онан жаман ойбай салды.

Сол кезде кешегі қыз келді тағы,
Баласы зар қағып жүр қолындағы.
Қайысқа бетін ашып көрсетеді,
«Жылауын қоя ма екен» деді-дағы.

Жүрген соң бірін-бірі жақындасып,
Уанды екі бала мауқын басып.
Күн сайын сол арада жолықпаққа,
Екі қыз уағда қылды сөз байласып.

«Ата мен жөн сұрастық анамыздан,
Көтерген таныс болдық баламыздан.
Бала кім қолыңдағы?»—деп сұрады,
Қайысты көтерген қыз ана қыздан.

«Бұл бала бір төренің жалғызы еді,
Демесең айыбы әйел хан қызы еді.
Өзіммен осы бала туған бөле,
Төренің менің шешем балдызы еді.

Қырық күнге туғанына жаңа толды,
Шешесі сіздің тойда үш күн қонды.
Жылаған емес еді одан бұрын,
Келген соң тойдан қайтып былай болды:

Бұл қыздың, сұрасаңыз, аты – Ләйлә,
Біз таптық жылағанға мұндай айла.
Далада күнде бүйтіп отырмалық,
Бір үйден күндіз кірер пәтер сайла».

Бір кемпір есітіп тұрды сөздің бәрін,
Шақырды «мұнда кел,— деп, – балаларым,
Балам жоқ, байым өлген, үйім иесіз,
Отырсаң қалай кіріп, ықтиярың.

Үйімде алағызып тұра алмаймын,
Мен байғұс үй қыдырып жүре алмаймын.
Күн сайын жас баланы бір иіскет,
Сендерден одан басқа түк алмаймын».

Қайысты кемпір алып сүйіп еді,
Тал бойы жас балаға иіп еді.
Жіберді сүт сорғалап емшегінен,
Баланың қолы барып тиіп еді.

Іс болды таң қаларлық мұның өзі,
Мінеки сондағы айтқан кемпір сөзі:
«Жан берген қара тасқа, құдайым-ай!
Жетеді құдіретіңе кімнің көзі!

Елуге кемпір едім жасым жеткен,
Сорлы едім бала көрмей зарлап өткен.
Тамыры құрып қалған тас желіннен
Сүт ақса мұнан бұрын қайда кеткен?

Сәлем айт бұл баланың анасына,
Болайын мен күтуші баласына.
Емшектен босағанша маған берсін,
Тапсырып бір Алланың панасына.

Таптым ғой, таппасам да Қайысты мен,
Қоймай ма мұны көрсе өзі де ден.
Көзімнен осы бала таса болса,
Маған жоқ бұл тіршілік, сөзіме сен.

Қайысты маған берсін, асырайын,
Жалынып аяғына бас ұрайын.
Пұшпағым қанамаған бір сорлы едім,
Сырымды енді қайтып жасырайын.

Сөзімді ұмытпай айт бара сала,
Көрсетті құдіретін Хақ тағала.
Көзіме жас, кеудеме сүт толтырып,
Жібіткен тас емшегім осы бала.

Баладан мені айырып зарлатпасын,
Көзімнен қанды жасты парлатпасын.
Тағдырдың жазуына қарсы келіп,
Біреудің қанын жүктеп қарғатпасын».

Ләйләні көтерген қыз қайран қалып,
Құлағын осы сөзге тұрды салып.
«Мұны да бір емізіп беріңіз» деп,
Кемпірге жақын келді баланы алып.

Ләйләні кемпір қолға алған шақта,
Көңілі тағы емізіп байқамақта.
Емшектің сүті түгіл өзі құрып,
Қайтадан бұрынғыдай болды тақта.

Қайысқа және емізсе, сүті дайын,
Кетеді бұлақ болып сорған сайын.
Дегенде қыз емейін, дәнеме жоқ,
Қайран боп біле алмады мұның жайын.

Бұл кемпір ұрғашыдан туған зерек,
Кісі екен оқымысты жөні бөлек:
«Екеуін бір емшектен емізбеске
Алланың бір хикметі болса керек».

Ойлады осылай деп кемпір ғарып,
Тағдырды шеше алады кім басқарып.
Екі қыз көргенінің бәрін айтты,
Баланы үйді-үйіне алып барып.

Мұны есітіп ата-анасы ақылдасты,
Кемпірге бермек болды Қайыс жасты:
«Кешегі біз сықылды бейшара екен,
Зарлатып қойғанымыз жарамас-ты».

Қайысты ата-анасы қасына алды,
Кемпірдің қақпасына қарай салды.
Зарлының зарлы жайын біледі екен,
«Құдайға тапсырдым» деп алып барды.

Қолынан әкеп берді өз баласын,
Бұлардың ақылына таң қаласың:
«Мал аяр деп ойлама, тартынбай айт,
Бәйбіше, сүтақыңа қанша аласың?»

«Емеспін бас болмаса, дүниеге зар,
Бес жүз қой, осы күнде жүз түйем бар.
Қайысқа менің сүтім қарыз емес,
Сол малды қайта сіздер алыңыздар.

Жоқ еді бұрын менің мирасқорым,
Басымнан Қайысты алып кетті сорым.
Оллаһи, маған малдың керегі жоқ,
Ол малға ие болмақ сіздерге орын.

Сөзіме куә болсын қауымым да,
Білемін бұл сіздерге ауырын да.
Малменен енді менің жұмысым жоқ,
Болады Қайыс болса бауырымда».

Десе де «мал алмаймыз», болмайды бір,
Қазыға есептетіп жазғызып жүр.
Қойыпты тамам малын Қайысқа арнап,
Ал енді Ләйлә жайын тыңда да отыр.

Жылады Ләйлә тағы ертең түсте,
Жолыққан ол бала да мұндай іске.
Кемпірге даяшы қыз алып келіп,
Уатты сол арада азар күшке.

Қайыстан бір тынбайды кетсе жылап,
Байқады анасы да әбден сынап.
Оны да сол үйге әкеп асыратты,
Әкесі шешесі мен қабат ұнап.

Ер жетті екі бала сонда тұрып,
Жасынан тату болды бірге жүріп.
Балалар тоғыз жасқа толғаннан соң,
Апарды үйлеріне киіндіріп.

Мектепке оқысын деп берді екеуін,
Молда да баласындай көрді екеуін.
Бірі бай, бірі төре жалғызы деп,
Қадірлеп ардақтайды ел де екеуін.

Барады екі уақыт сабағына,
Қайтады мезгілімен тамағына.
«Бұларда махаббаттың нұры бар» деп,
Қарайды жанның бәрі қабағына.

Отырса сабақ оқып өңкей бала,
Қайысқа Ләйлә келер тұра сала.
«Мына бір сабағыңды ұмыттың»— деп,
Өтірік бір оқуға жабар жала.

Сондайды сылтау қылып сөз қатады,
Іштегі ғашық неге тек жатады.
Хат жазса, «мына жазу дұрыс па» деп,
Біріне-бірі апарып сынатады.

Теріс деп таласқансып шындасады,
Бірі оқып, кейде бірі тыңдасады.
Қапыда балалардың көзін алдап,
Сөйлесіп қабағымен ымдасады.

Тесіліп оңашада қарасады,
Есінен, көп қараса, адасады.
Бір болса іші қандай, тысы да бір,
Сықылды егіз бала жарасады.

Кітабын ұмытқансып тастап кетіп,
Келеді іздеген боп қайта жетіп.
Көріспек, сөйлеспекпен бар ынтығы,
Нәрсені неше түрлі сылтау етіп.

«Ау» дейді, «Қайыс» десе Ләйлә келіп,
Жауапты Ләйлә үшін Қайыс беріп.
Жұмысы күні бойы — осындай іс,
Айтайын қайсы бірін түгел теріп.

Ғашықтық өсе берді барған сайын,
Бүлардың әркім білді осындайын.
Ләйләні жібермеді сабағына,
Шешесі естіген соң қыздың жайын.

«Он үшке жаңа келдің, балам,— деді,
Сөзім бар айтатұғын саған, — деді.
Біреуге жас басыңнан болдың ғашық,
Анықтап айтты біреу маған, — деді.

Сабаққа жібермеймін енді сені,
Халқыма қарамастай қылдың мені.
Сен түгіл үлкендерге лайық емес,
Шығардың ойымда жоқ неменені?

Түсіп ең әлдекімнің алдауына,
Сабаққа себеп болды бармауыңа.
Егерде бұл мінезді тастамасаң,
Кесемін, қолыңды әкел, байлауыма».

«Әжеке-ау, ғашық деген қандай жұмыс,
Білмеймін мағынасын, айтшы дұрыс.
Оқуды ғашық деген оқығам жоқ,
Ұқтырып бұл сөзіңді байқап ұрыс».

«Білмесең онан арман тіпті білме.
Білсең де білгізбеспін саған мүлде.
Сөзімнің ғашық деген мағынасы —
Еркекпен жас басыңнан ойнап-күлме».

Шошыды сонда Ләйлә есі шығып,
Айтқанын шешесінің әбден ұғып.
«Мұнан да жерге кірген жақсы ғой» деп,
Ұялып сырт айналып кетті бұғып:

«Ұядан жаңа шыққан қаз едім ғой,
Ұға алмай бағанадан наз едім ғой.
Сөз еді бұ не деген, сұбхан алла!
Ондайдан құдайға хақ, таза едім ғой.

Әжеке-ай, көп емеспін, жалғыз едім,
Болсам да жақсы-жаман хан қызы едім.
Қойғандай көзің көріп сөз айтасың,
Артымнан мені қашан аңдып едің?

Әжеке-ай, ашуланып, налып айттың,
Зар-күйің біржолата салып айттың.
Құдайдан сұрап алған жалғызыңа
Бұл сөзді қайтып аузың барып айттың?

«Қарағым, бұл сөзіңе мен не дейін,
Демеймін жалғыз сені кемітейін.
Әншейін үйде отырып ісіңді қыл,
Сабаққа бармай-ақ қой мұнан кейін.

Серт қылдым енді сені шығармасқа,
Балам жоқ ермек қылар сенен басқа.
Емессің еркек бала молда болар,
Жетеді осы оқу да сендей жасқа».

Соны айтып шығармады қызын үйден,
Ләйләге осы жұмыс қатты тиген.
Қыз жиып күндіз алаң болса-дағы,
Түн болса ұйқы көрмей жанып-күйген.

Сабаққа қиын болды бармағаны,
Көрмекке Қайыс еді арнағаны.
Ләйләнің ғашық оты ішін өртеп,
Бір үйде жалғыз жатып зарлағаны:

Ай нұры да азаяр,
Айнала шеті толған соң.
Ақ жүзіңнен нұр таяр,
Арманда болып оңған соң.
Оңбасыңа амал жоқ,
Қызыл гүлің солған соң.
Махаббаттан жаман жоқ,
Бір айрылмақ болған соң.
Кешегі біздің күн қайда,
Күнде жайнап жүретін?
Ойлағанмен не пайда,
Медресе қалды кіретін.
Қас пен ғана қабақтан
Ымдағанды білетін.
Хайла қылып сабақтан,
Қайыс жоқ ойнап-күлетін.
Өшірілмей түнде шам,
Өз үйім болды абақты.
Қайысты көріп отырсам,
Оқымай-ақ сабақты.
Ғашықтық оты алдыма
Жасымнан тартты табақты.
Жайнаған өмір қалды ма,
Қақтырмай-ақ қабақты.
Мен зарладым бұл жерде,
Қайысқа үнім жетер ме?
Жалынсам соққан желдерге,
Сәлемімді алып кетер ме?
Біз сықылды зарлыға
Алласы рахым етер ме?
Көзім жетпес алдыма,
Осымен өмір өтер ме?
Қайысым, саған не қылдым,
Жан, жүрегім сенде тұр.
Сен не сездің, не білдің,
Сенің жаның менде тұр.
Менің жаным өзіңде,
Менде құры кеуде тұр.
Екі көзім көзіңде,
«Бір көрейін» деуде тұр.
Көзімді жұмып жатайын,
Түсші келіп ойыма.
Жанымды алшы, сатайын,
Тал шыбықтай бойыңа.
Көңіліме нұрың келгенде,
Кіргендейсің қойныма.
Тілегімді бергенде,
Тойдым қашан ойныңа.
Қосылмадым, қосылдым,
Айта алмайсың бекер деп.
Қосылуға шошындым,
Жалыным өртеп кетер деп.
Жанымды аяп қалмадым,
Өзіме залал етер деп.
Аузыңнан сүйіп алғамын,
Осыным да жетер деп.
Мен тартайын уайымды,
Мұнымды Қайыс білмесін.
Осы көрген жайымды,
Ол есітіп жүрмесін.
Қабағын шытып қамығып,
Қайғылы өмір сүрмесін.
Мен сорлыны сағынып,
Медіресеге кірмесін.
Кіріп барса Ләйлә жоқ,
Қайысым қайтіп шыдасын.
Ләйләсіз жерде пайда жоқ,
Осыған не амал қыласың!
Суретімді сонда қыл,
Құдіреті күшті құдасың.
Суретке бер және тіл,
Мен екен деп ұнасын.
Соған тұрса жұбанып,
Жалынға жанып жатайын.
Қайысым жүрсе қуанып,
Қайғысын мен-ақ татайын.
Ғашықтықтың дертіне
Күн сайын әрі батайын.
Жетпек болсам сертіме,
Ол үшін жанды сатайын.
Қиындық па, қызық па,
Білемісің сырымды;
Алла жазған сызық па,
Көремісің түрімді.
Бағасын ешкім біле алмас,
Рахатқа бермен мұнымды.
Жан переуат қыла алмас,
Осы көрген күнімді.

***
Мектепке ертең ерте Қайыс барды,
Жан-жаққа Ләйләні іздеп көзін салды.
Сабаққа келмегенін есіткен соң,
Ғашыққа шыдай алмай талып қалды.

Молда да, балалар да қайран қалып,
Үйіне науқас па деп қойды апарып.
Су бүркіп, гүлмен желпіп ата-анасы,
Отырды Қайыс есін жиып алып.

Айналды ата-анасы баладан кеп,
Ғарыптар зарланып жүр уайым жеп.
Табипқа жібергелі жатыр еді,
Баласы безек болды «жіберме» деп:

«Дәрігерге қаратпаймын жын қақса да,
Дертімді ойымдағы шын тапса да.
Құдайдан басқа менің дәрігерім жоқ,
Бұл дерттен жазылмаймын кім бақса да.

Байқайын серуендеп тауға шығып,
Сабаққа ішім пысты тым қыстығып.
Осыдан Құдай оңдап жазылмасам,
Сіздерден науқасымды қойман тығып».

Жалма-жан жабдық-сайман жиып жатыр,
Құрбысы, құлы қайда — бәрін шақыр.
Елсізге шығып алып Қайыс жатты,
Бір сайға тігіп алып алтын шатыр.

«Ләйлә» деп зарланады ұзақ түнге,
Жүдеді қайғысы асып күннен күнге.
Ғашықтық ішін өртеп диуана боп,
Қор болып адамдықтан шықты мүлде.

Бір күні әкесіне берді хабар,
Жиылды өңкей құрбы байбатшалар.
Ата-ана, елі-жұрты — бәрі барып,
Қайыстан «қалайсың?» деп сұрайды олар.

«Демеңіз, халқым, мені құдайға шет,
Ата-анам хақыңды кеш, мархамат ет.
Дауасы науқасымның сіздер емес,
Аман бол, үмітіңді үз, қасымнан кет.

Дертіме табылмайды сізден айла,
Кісендеп, жынды десең, мені байла».
Аузынан «аһ» дегенде жалын шығып,
Деді де талып кетті «Ләйлә! Ләйлә!»

Ел білді науқасының не екендігін,
Байқады дерті қатты, бекемдігін.
Ләйләні сұрай барды жұрт жиылып,
Білген соң шыны ғашық екендігін:

«Болыпты Қайыс ғашық балаңызға,
Көз көрмей өтірікке нанамыз ба?
Жасында көріспесе жылаушы еді,
Ойлаңыз соны салып санаңызға.

Ләйләні жынды болды көрмеген соң,
Жаны бар кеудесінде өлмеген соң.
Құдайым іштен туа қылды ғашық,
Екеуі қабат өлер, бермеген соң».

Бұл сөзге әкесі айтты: «Көнбеймін, – деп,
Өлсе де жалғыз қызым, өлмеймін, – деп.
Бұл үшін, халқым, маған өкпелеме,
Қызымды бір жындыға бермеймін», – деп.

Ләйләні бермегенін Қайыс білді,
Өткізді жылауменен күндіз-түнді.
Сауыққа, ұйқы, тамақ бір қарамай,
Айрылып ақылынан болды жынды.

Жалындап ғашық оты өртеді ішін,
Сол қайғы ақылы мен алды күшін.
Ғарапша «мәжнүн» деген — жынды демек,
«Мәжнүн» деп ат қойылды соның үшін.

Бұл дертке ем ойлайды жұрттың бәрі,
Бар екен бір қария адамдары:
«Құшақтап Байтолланы тілек қылса,
Көңілінен шығар, – дейді, – ғашық жары».

Мәжнүнге елі-жұрты түгел барды,
«Мекеге жүріңіз» деп көп жалбарды.
Халқы мен ата-анасы зарласа да,
Олардың тілін алып бармай қалды.

Көнбеді Байтоллаға апармаққа,
Бұл хабар жайылыпты шартарапқа,
Баяғы асыраған сорлы кемпір,
Сол естіп іздеп келді Мәжнүн жаққа.

«Көзіңнен айналайын, Қайысым-ай,
Қарлыққан сені жоқтап дауысым-ай!
Жібіткен қара тасты, қарашығым,
Дүниенің көз жұмғанша ауысуы-ай!

Жатыр ем науқастанып есім жимай,
Кеудеме кетті есітіп қайғым сыймай.
Қарағым, тілегімді беремісің,
Көзімнің қоямысың жасын тыймай.

Мекеге тілімді алып барамысың,
Анаңды көрнеу отқа саламысың?
Ләйләмен бірге өсірген қарызым бар,
Қақымды мойныңа алып қаламысың?»

Зарлады осылай деп кемпір ғарып,
Сүйегін соның сөзі кетті жарып.
«Жылама, сорлы анам,— деп айтты Мәжнүн, –
Хақыңнан құтылайын Меке барып».

Мекеге алып барды ата-анасы,
Көзінен тия алмайды аққан жасын.
Мәжнүннің зарлап айтқан сөзі мынау,
Құшақтап Байтолланың босағасын:

«Арғы атам — Адам Ата, хақ пайғамбар,
Айрылып Хауа Анадан болыпты зар.
Дұғасын осы арада қабыл қылдың,
Бере көр тілегімді паруардігар!

Шығарма Ләйлә дертін жүрегімнен,
Айырма ғашық отын сүйегімнен.
Зарлатып өмірімде күйіп-жанғыз,
Өзімнің болды дейін тілегімнен.

Ләйләнің мен алмасам құрметті атын,
Көңіліме қатты бекіт махаббатын.
Жолдасым — бейнет болсын, жауым — рахат,
Көп тартқыз ғашықтықтың михнатын.

Күн сайын рахатымды қашыра бер,
Дертімді жалындатып асыра бер.
Көп жүргіз, бейнет көргіз, жасымда алма,
Қайғының ең ауырын басыма бер!

Қорықпаймын жас күнімде өлемін деп,
Айтамын бір Ләйлә үшін көнемін деп.
Бір Алла, рахметіңмен уағда қылдың,
«Пендеме, шын тілесе, беремін» деп.

Жалғанда жануменен өткізе көр,
Тыныштық, рахатымды кеткізе көр.
Дүниеде қосылуға жазбасаң да,
Өлген соң мұратыма жеткізе көр!»

Мәжнүннің осы болды бар тілегі,
Ләйләден басқа да емес жан жүрегі.
Ел-жұрты, ата-анасы күдер үзді,
«Бұл дерттен жоқ екен, – деп, – түзелмегі».

Қайтадан елге жүрді қадам басып,
Күн сайын жынды болды қайғысы асып.
«Аң болып айдалада жүремін» деп,
Айрылды халқыменен амандасып.

Жалынған қарамады сөздеріне,
Жабылса бой бермейді өздеріне.
«Ата-ана, елі-жұртым аман бол» деп,
Көрінбей кетті алыста көздеріне.

Қаңғырып шығып кетті елсіз жерге,
Кез болды осындай дерт қайран ерге.
Адамнан аң сықылды көрсе қашып,
Қосылды даладағы киіктерге.

Елсізде аңмен бірге қаңғырыпты,
Тау мен тас дауысына жаңғырықты.
Жартаспен жаңғырыққан жауаптасып,
Лебізі тиген жерді жандырыпты.

«Әй, жартас, мен айтқанды сен де айтасың,
Дертімді мазақ қылып ұлғайтасың.
Ләйләнің менен өзге ғашығы жоқ,
Ұқтыршы, сен Ләйлә деп кімді айтасың?

Сенің де Ләйлә деген жарың бар ма,
Ішінде мен сықылды зарың бар ма?
Атама ғашығымның құрметті атын,
Ынсап қыл, рахым, ұят, арың бар ма?

Жандырма жанып тұрған жүрегімді,
Ерітпе атын айтып сүйегімді.
Ләйләнің атын жалғыз мен атайын,
Зарлатпа, бер жалынған тілегімді?

Сенің де жарың болса Ләйлә аттас,
Қайғылы сорлы болсаң өзім заттас,
Сен неге қанды жасты ағызбайсың,
Болып па ең ғашығыңның дертінен тас?

Көрмеймін көз жасыңның парлағанын,
Кеудеңнің біліп тұрмын жанбағанын.
Қайғылы бір ғарыпты мазақ қылып,
Жарай ма ғашықпын деп алдағаның?»

Соны айтып Мәжнүн жылап зарлағанда,
Көзінен қанды жасы парлағанда,
Ұшқан құс, жүгірген аң шыдай алмай,
Жиылып тұс-тұсынан аңдағанда.

Оларға мұңын айтса зарландырып,
Баршасы жабырқайды тыңдап тұрып.
Аңменен әбден үйір болып алып,
Шөп оттап, су ішеді бірге жүріп.

«Ләйлә» деп зар қағады күндіз-түні,
Жылайды аң шуылдап шыққанда үні.
Аңның да ақылы бар, хал, тілі бар,
Жалған деп ойламаңыз, сірә, мұны.

Сол кезде бір саятшы қақпан құрып,
Бір киік ілініпті оттап жүріп.
Көрген соң киікті үстап алғандығын,
Шыдамай келді Мәжнүн зыр жүгіріп.

Жалынып саятшыға жетіп барды:
«Ағатай, мен де осындай едім зарлы».
Оқалы алтындаған тонын беріп,
«Өзімдей ғарып қой» деп киікті алды.

Аңшыдан алды сатып киім беріп,
Мәжнүннің кетті киік соңына еріп.
Ұстаған бір көгершін және біреу
Жолықты қарсы алдынан кездей келіп.

Қолынан алтын жүзік берді-дағы,
Босатып қоя берді оны тағы.
Киік пен көгершінге бас ұрады,
Зарланып мұңын айтып ойындағы.

«Сендерге сыр айтуға ұяламын,
Адасқан ақылымнан диуанамын.
Залалсыз бір ғарыппын, менен қашпа,
Аңға ерсем, адамға ермей, уанамын», —

Дейді де екеуіне кетеді еріп,
Шөп жейді хайуанша жұлып, теріп.
Мәжнүннің сырын біліп аң қашпайды,
Құдайым оларға да ақыл беріп.

Сонымен жүре тұрсын елсіз сайда,
Баяғы зарлап жатқан Ләйлә қайда?
Азғана сол туралы сөз айталық,
Ол байғұс жатыр екен қандай жәйда.

Мәжнүннің ғашығымен күйіп-жанып,
Көрмейді ұйқы, тамақ мейірі қанып.
Бір түні ай жарықта тысқа шығып,
Білдірмей еш адамға жүр зарланып.

Сөйлесті аспандағы айды көріп:
«Жүресің жердің жүзін сен тексеріп.
Бір түнде дүниені шарқ ұрасың,
Мәжнүннен қуантсаңшы хабар беріп.

Қайда жүр, тірі жүр ме, не қылып жүр,
Ішімді ғашық оты жандырып тұр.
Болсаң да сен де мендей күнге ғашық,
Нұрымен жарқырайсың, жанбайсың құр.

Күн ғашық саған-дағы салды нұрын,
Бар ма еді өзіңде нұр онан бұрын.
От салды жүрегіме менің Мәжнүн,
Аузымнан шықты жалын, көрдің түрін.

Мұнан соң барды аяңдап тоғай жаққа,
Жеміс пен ағаш еккен бау-шарбаққа.
Түндегі жылы желдің лебізімен
Сөйлесті жасыл гүл мен жапыраққа:

«Жылы жел, ғашығымның лебіндейсің,
Сен мені не білесің, не білмейсің.
Желменен сыбырласқан жапырақтар,
Шын ғашық болсаң неге егілмейсің?

Түн болса дымқыл шықпен буланасың,
Өтірік ғашықпын деп қуланасың.
Қан ағыз ғашық болсаң жас орнына,
Егіліп жыламайсың, суланасың.

Жел, сен де ғашықпын деп дау қыласың,
Кей-кейде көзден жаңбыр жауғызасың.
Жасылдың жерге біткен бәрі жарың,
Көңіліңді әркімге бір ауғызасың.

Кейде сен жапырақты ұн қыласың,
Аямай қызыл гүлді сындырасың.
Соғасың кейде жұмсақ, кейде қатты,
Құбылып кімнің көңілін тындырасың».

Сөйлесті онан кейін жұлдыздармен,
«Жаным-ай, көрдің бе, — деп, – Мәжнүнді сен.
Жарымды жаным сүйген бір көре алмай,
Сұрайын бір хабарын көрінгеннен.

Ей, жұлдыз, түнде тудың, күндіз батып,
Қасыңды кімге ымдайсың қимылдатып.
Ғарыппын мен де өзіңдей тұтқындағы,
Зарлаймын күні бойы үйде жатып.

Қаптайсың түн болғанда көктің жүзін,
Сорлымын қатты тартқан қайғы сызын.
Сендерге дүниеде таса жер жоқ,
Мәжнүннің тым болмаса көрсетші ізін!»

Бір жұлдыз ағып еді жерге таман,
Дегендей қуанады «жарың аман».
Жүріпті жұлдыз аққан жаққа қарай,
«Жобасын көрсетті-ау, – деп, – осы маған».

Алдында бір адам тұр қараңдаған,
Сескеніп Ләйлә жақын бара алмаған.
«Досым ба, дұспаным ба, кім біледі,
Байқамай жарамас, – деп, – арандаған».

Ол келген Мәжнүн екен Ләйләні іздеп:
«Ғашығым, ойлап па едің көреміз», – деп.
Ләйлә айтты: «Аманатыңды ал, қарағым,
Мұнан соң тірі көрмен, күдер үз», — деп.

Ойлады қызға жақын барайын деп,
Құшақтап бір сүйдіріп қарайын деп.
Көрем бе, мұнан кейін көрмеймін бе,
Сақтаулы аманатты алайын деп.

Барады, жақындаса, жанып-күйіп,
Денеге болар емес дене тиіп.
Екеуі шыдай алмай талып кетті,
Аузынан алған екен бірер сүйіп.

Көрдің бе шын ғашықтың анық жайын,
Іштегі от дәуірлейді барған сайын.
Бұл жерде екі ғашық жата тұрсын,
Батырдан Науфал деген сөз бастайын.

***
Ғарапта бір батыр бар Науфал атты,
Ұстаған шариғаттың жолын қатты.
Қайдағы қайғысы көп ғарыпты іздеп,
Соларға қылады екен мархаматты.

Жалғыз-ақ шариғатты мықты ұстайды,
Өлсе де оған қарсы іс қылмайды.
Шықпайды адалдықтан қылдай тайып,
Алса да басын кесіп, бұрылмайды.

Мұңлы үшін жанын отқа салады екен,
Қасына әскер ертіп алады екен.
Бір жерде зорлық көрген жан бар десе,
Ерінбей әдейі іздеп барады екен.

Мәжнүннің ата-анасы жүрді зарлап,
Ізденіп ем таба алмай елді шарлап.
Науфалға кемпір бастап алып барды,
Кісідей суға кеткен талды қармап:

«Ей, батыр, атың шыққан жер-жиһанға,
Қайдағы болысушы ең ғарып жанға.
Ісі хақ, шариғатқа түзу болса,
Таяныш болушы едің жығылғанға.

Ғадалат, рахым қонған жүрегіңе,
Ну біткен тумай тұрып сүйегіңе.
Кем-кетік бейшараның әкесіндей,
Жеткізбей қоймаушы едің тілегіне.

Зарланып келіп тұрмыз алдыңызға,
Бір балам ғашық еді хан қызына.
Қайғыдан қаңғып кетті диуана боп,
«Жынды» деп бермей қойды жалғызыма.

Екеуі ғашық болды туа сала,
Көрмесе жылайтұғын болды бала.
Халқымнан сұрасаң да, сөзім рас,
Осындай күйге салды Хақ тағала.

Қаңғырып айдалаға кетті балам,
Өмірі қорлықпенен өтті балам.
Осыған құдай үшін мархамат қыл,
Сарғайып өлер халға жетті балам».

Орнынан Науфал сонда атып түрды:
«Батырлар, қайдасың? — деп бір ақырды,—
Жаны үшін жаным құрбан балаңа» —деп,
Әскерін ертіп алып Науфал жүрді.

«Жалғыз-ақ болсын, — дейді, — сөзің рас,
Жаралған сондай іске бұл ғарып бас.
Жолына шариғаттың ісім түзу,
Құдайым болса жәрдем, ол құтылмас».

Мәжнүнге кешікпей-ақ жетіп барды,
«Жарыңды әперем» деп ертіп алды.
«Қырамын, қыз бермесе, тұқымын» деп,
Ләйләнің әкесіне хабар салды.

О-дағы намыс қылды кызын бермей,
Елшіні қайырыпты сөзге көнбей.
Әскерін жиып алып қарсы шықты,
«Ләйләні бермеймін, – деп, – өзім өлмей».

Соғысып, екі әскер араласты,
Қыз үшін бірін-бірі жараласты.
Қайтпаған жаннан беті өмірінде,
Науфалдың батырлары қайта қашты.

Науфалдың жатқан үйі алтын шатыр,
Сәждеге басын қойып Мәжнүн жатыр.
Бір дүбір естіген соң Науфал шықса,
Алдына келді қашып өңкей батыр:

«Тақсыр-ай! Қашпаушы едік жаудан ығып,
Жеңіп ек жау әскерін жерге тығып.
Шыдатпай, бет қаратпай қайта қуды,
Ғажайып алдымыздан бір өрт шығып.

Білмедік қайдан шықты осы жалын,
Мұндай іс болған емес бұрын мәлім.
Сопыдан кереметті сұраңызшы,
Сол кісі біле ме екен мұның халін?»

Сопы айтты: «Мәжнүн жатыр Хақтан тілеп:
«Әскерін ғашығымның қор қылма», —деп.
Анық-ақ бұл керемет содан болды,
Сұраңыз нанбасаңыз өзін әкеп».

Ол айтты: «Тілегенім рас Хақтан
Бұл әскер келді ғой деп жарым жақтан».
Мәжнүнге Науфал сонда жалыныпты:
«Қарағым, дұға қылма, енді сақтан.

Жатырмын қырылысып жарың үшін,
Ойлаймын жеңейін деп арым үшін.
Осының бәрі жалғыз сенің қамың,
Аянып тұрғаным жоқ жаным үшін», —

Деді де өзі бастап Науфал барды,
Қойдайын қасқыр тиген қырып салды.
Ұрғызбай аңдып жүріп жолдасына,
Тірідей қыз әкесін ұстап алды:

«Бермедің қызды неге сұрағанда,
Зар қылып елі-жұртың жылағанда.
Біреудің жалғызының қанын жүктеп,
Тимей ме қызың байға бұ заманда?»

«Ей, батыр, дәтімді айтқыз, сөзім тыңда
Бермедім намыс ойлап мен басында.
Амалсыз ойнасына қыз берді деп,
Дұспаным табалайтын тұр қасымда.

Қаңғырып кетті Қайыс онан кейін,
Жындыға қыз берем деп мен не дейін.
Жаңада біреу келіп құда түсті,
Халқымнан сұраңыз, мен үндемейін.

Ләйләні айттырды кеп Ебнсалам,
Қалайша жалған айтып тірі қалам.
Әперсең, кісі хақын әпересің,
Өзің біл не қылсаң да енді, балам».

Науфалдың қаны қашты көзі жайнап,
Бармағын ыза болып алды шайнап.
«Сен маған кісі хақын әперме, — деп,
Бір жағынан Мәжнүн тұр ағата
Алмаймын әперсең де кісі хақын,
Бар еді Ләйліге бір жазған хатым.
Сенімді жолдасыңнан соны жеткіз,
Сізге жоқ онан өзге аманатым».
Жеткізбек болды Науфал аманатты,
Осындай көрдің бе шын бекзатты.
Шақырып Зәйіт деген бір жолдасын,
Тапсырды қызға бер деп осы хатты
Құтылды қыз әкесі шынын айтып,
Қайтеміз босқа бекер сөзді ұзайтып.
Құдайдың қоспаған бір ісі екен деп,
Еліне Науфал батыр кетті қайтып.
Зарланып қалды Мәжнүн онан жаман,
Басына қайта түсті ақыр заман.
Далада таты қаңғып жүре тұрсын,
Келелік Ләйлі деген қызға таман.
Бағана екі ғашық қалған талып,
Отырған Ләйлі есін жиып алып.
Мәжнүнді талып жатқан тұрды күтіл,
Бетіне тортын шәлін жаба салып.
Тұра алмай ғашық жары қалды есі ауып,
Ләйліні даяшы қыз алған тауып.
Мәжнүнді көрмегенсіп жүре берді,
Өсекке қалар ма деп қылып қауіп.
Аздан соң тұрды Мәжнүн есін жиып,
Әрі-бері шәлді иіскеп жатты сүйіп.
Онан соң Науфал тауып алып кеткен,
Жарыңды әперем деп жанды қиып.
Ләйлі қыз үйде отырып күйіп-жанды,
Айналды бір көбелек жаққан шамды.
Шам менен көбелекке мұңын айтып,
Өткізді кірпік қақпай ұзақ танды:
«Көбелек, сен де мендей шамға ғашық,
Боласың қайтіп ғашық менен асып.
Күйсең де өлмесеңші мен сықылды,
Өлесің екі айналмай мұнша сасып.
Қарамай шыңдасаңшы жанғаныңа,
Білген соң жетпесіңді арманыңа,
Тартсаңшы неше жылдай жар күйігін,
Разы ма жарың өле қалғаныңа?
Шам, сен де лапылдайсың жанған болып,
Көңіліңде қайғылы дерт арман болып.
Байлаулы қол-аяғың, басың қара,
Жылайсың көкке назар салған болып.
Жалындап сен жанасың жалғыз түнде,
Тұрасың жанбай аман ұзақ күңде.
Жанамын күндіз-түні мен қайғыдан,
Рахаттан күдерімді үздім мүлде.
Көзімнен, міне, ағып тұр қанды жасым,
Ғашықтың қайғылы оты — ішкен асым.
Көзіңнің қаны түгіл жасы да жоқ,
Жанғансың түні бойы май жұтасың.
Досың — май, дұспаның — жел, тез өлесің,
Жанғанға шыдай алмай жөнелесің.
Сүйікті досым — бейнет, жауым — рахат,
Қалайша енді маған теңелесің».
Соны айтып отыр еді жаққан шамға,
Ұқсады біреу бір хат ұсынғанға.
Қараса — ғашығының жазған хаты,
Отырды азар шыдап оқығанда.
Хатты алып Зәйіт екен келген кіріп,
Ысылған мұндай іске талай жүріп.
Мәжнүннің жазып берген сөзі мынау,
Айта алсам дәл өзіндей қисындырып:
«Ғашығым, жанға өлшеген Ләйлі жаным,
Белгілі бір сен үшін зарлағаным.
Егерде өзің сүйіп тиген болсаң,
Қайырлы, құтты болсын жар тапқаның.
Мен-дағы сен қуансаң, қуанамын,
Күн көрген көлеңкеңде дуанамын
Қарағым, жарлымысың, зарлымысың,
Анықтап сырыңды айтсаң, ұғынамын.
Алдаған сөзім емес, байқайын деп,
Жарыңнан көңіліңді шайқайын деп.
Қосылған өзің сүйіп жарың болса, -
Ойладым разылығымды айтайын деп
Ойымнан махаббатың кетпейді бір,
Сен сүйсең бөтен жарды, ол неге тұр.
Жүрегім әлі өзімнің жарым дейді,
Хат жаздым сандалақтап сонымен құр.
Бір хат жаз осы хатты апарғаннан,
Алғанша хабарыңды жүрегім қан.
Шыныңды айт, құдай үшін алаң қылма,
Құрбаның болсын енді бұл шыбын жан.
Жылдам бер не де болса хабарыңды,
Топырақ баспай тұрып ажарымды.
Сен кетсең өзге жарға, тез өлемін
Білмедім онан басқа табарымды».
Бар сөзін хатындағы оқып біліп,
Қағаз бен қалам алды Ләйлі тұрып.
Қайтадан ғашығына жауап жазды,
Көзінің қанды жасын сия қылып:
«Бұл сөзге таңғаламын нанғаныңа,
Жеткізер кімді жалған арманына.
Қарағым, қайтіп аузың барып айттың
Өзгеге сені тастап бармағыма.
Орайым бар ма менің сенен кетер,
Ондайға алаң болмай жүрсең нетер.
Әкемнің беремін деп айтқаны рас,
Әуре боп болмас іске жүр ғой бекер.
Ойладым есіткенде өлейін деп,
Сен үшін қу жанымды берейін деп.
Тоқтаттым өзімді-өзім қайта ойланып,
Құдайым шыны жазса, көрейін деп.
Жаратқан алла мені бір сен үшін,
Жаралған жар едің ғой сен мен үшін.
Барам деп өзге адамға ойламаймын,
Көңілім бір құдайға сенген үшін.
Кім қылды бала күнде саған ғашық,
Уандым сені көрсем мауқым басып. -
Қарағым, соны ойламай неге жаздың,
Алланың тағдырына қарсыласың.
Қарағым, мен — сенікі, сен — менікі,
Орайсыз құры үміт қой өзгенікі.
Алланың бекіткені бұзыла ма,
Бұра ма құдай ісін пенденікі?
Тағдырда не жазылды, көрейік те,
Көңілді бір аллаға берейік те.
Көз бұрмай, көңіл бұрмай, мінез бұрмай,
Шын ғашық бетімізбен өлейік те.
Өзге ойды, разы емеспін, көп ойласаң,
Кешікпей жолығып кет, мені ойласаң.
Көзіңді көріскенде жеткізейін,
Бұл сөзді шып емес қой деп ойласаң».
Ол хатты Зәйіт кетті тағы да алып,
Кешікпей, аялдамай қайта салып.
Адасып ақылынан жатқан жерде,
Мәжнүнге Ләйлі хатын берді апарып.
Ол кезде жатыр еді есі кірмей,
Қолына берді хатты Зәйіт білмей.
Алды да қалтасына сала салды,
Зәйітті адам бар деп көзіне ілмей.
Жатқанын есі кетіп сонда білді,
Қасыңда айықсын деп күтіп тұрды.
«Ғашығың қатты науқас, шақырды» деп,
Зәйітке біреу келіп хабар қылды.
Тұра алмай Зәйіт кетті, Мәжнүн қалып,
Жерінен түрегелді жатқан талып.
Есіне алған хаты соңда түсіп,
Оқытты қалтасынан жұлып алып.
Білген соң хатын оқып көңілі тынды,
Сөзінен таба алмады ешбір мінді.
Ләйлінің жайын енді сөз қылайық,
Тоқтатып қоя тұрып Мәжнүнді.
Ләйлі жүр Мәжнүн үшін жанамын деп,
Айттырған Ебнсалам аламын деп.
Бір күні атасына берді хабар
Қол ұстай бүгін кешке барамын деп.
Той қылып шақырыпты талай елді,
Қанша сый тартуменен күйеу келді.
Бір қатын Ебнсалам байбатшаға
Ләйліні кеш батқан соң әкеп берді.
Төсекке күйеу жатты, Ләйлі жатпай,
«Қарағым, неге отырсың сөзде қатпай?
Шеш-тағы киіміңді қойныма кір,
Ұялып отырмысың маған батпай».
Ойлады бір айла айтып қарайын деп:
«Қасыңа жатық едім барайын деп,
Бір пері жас күнімнен аңдушы еді,
Келіп тұр жақындасам алайын деп».
Төсектен күйеу басын жұлып алды,
«Қайда тұр ол пері», — деп көзін салды.
Айтса да алдайын деп Ләйлі өтірік,
Бір пері түсі суық келіп қалды.
Мұрны көк, төменгі ерні жер тірейді,
Дауысы жауған күндей күркірейді.
«Ләйлінің құдай қосқан жары емессің,
Қанеки, маңайынан жүрші!» - деңді.
«Ешқашан бұған жақын келме, — дейді, —
Өзін де жүзі түгіл көрме, — дейді. —
Біреудің ғашық жарын аламын деп,
Қорлықпен азап көріп өлме, - дейді. -
Ләйліден, өлтірмеймін, аулақ жүрсең,
Өлесің қолын ұстап, жүзін көрсең.
Мың жаның болса-дағы сені қойман,
Осындай іс көрдім деп хабар берсең».
Ант етті Ебнсалам: «айтпаймын, — деп, —
Сертімнен бір айтқан соң қайтпаймын, — деп, —
Алланың қоспағанын аламын деп,
Мойныма кісі хақын артпаймын», — деп.
Деді де «уағдаңнан жүрме тайып»,
Сол пері болып кетті көзден ғайып.
Болса да іштен құса Ебнсалам
Бұл сырын жанға айтпады елге жайып.
Ол-дағы батыр еді ер жүректі,
Жүрегін ғашық оты елжіретті.
Ләйлінің жүзін көрмей тұра ала ма,
Аяғы басқан сайын кейін кетті.
Періден қорықпаса да уағдасы бар,
Тая ма айтқанынан қайраттылар.
Сарғайып запырандай солды жүзі,
Болса да денесі тас қайдан шыдар.
Келсе де Ләйліменен бір жатпайды,
Қолынан, жүзін көріп, дәм татпайды.
Жазылмас дертті болды қайран батыр,
Адамды шын ғашықтық шыдатпайды.
Жүрегін ғашық оты кетті шарпып,
Күн сайын жүдей берді қайғысы артып.
Жақындап өлер халге болды дертті,
Есіл ер ала алмады бойын тартып.
Науқасы барған сайын кетті дендеп,
Дерт емес жазыларлық дәрігер емдеп.
Өлімге таянғанын білгеннен соң,
Ләйліні шақырыпты жақын кел деп:
«Мен саған жар емеспін, жақыныңмын,
Қайғымен қапыда өткен пақырыңмын.
Именбей енді менің қасыма кел,
Барында қоштасайын ақылымның.
Мәжнүнге ғашығыңды білмеуші едім,
Ортаңа, оны білсем, кірмеуші едім.
Ол саған ғашықтығын білсем-дағы,
Сен оған ғашық қой деп жүрмеуші едім
Көрсетті тағдыр маған жасырынды,
Ашты ғой пері келіп бар сырыңды.
Көңілімді сені алмасқа бекіткенмін,
Ойлама жалғаншы деп пақырыңды.
Періден ойлап едім қашпайын деп,
Өлермін әзер болса, саспайын деп.
Білген соң өзімді-өзім тоқтатқамын,
Ғашықтың сырын елге шашпайын деп.
Сорлы едім бір айтқан соң мойын бұрмас,
Өлім мен уағда бұзған — бәрі бір бәс.
Мәжнүнге сәлемімді айт, көре қалсаң,
Құрбы едім бір жыл туған түйдей құрдас.
Мәжнүнге жазып қойған бар бір хатым,
Тілегім— соны тапсыр — аманатым.
Артымнан дұға қылсын хақын кешіп,
Ұмытпасын, Ебнсалам — менің атым.
Сен де кеш әдепсіздік істерімді,
Көре алман енді қайтып түстеріңді.
Тағдырда қосқан болса, көрісерсіз,
Күйдірме қайғы ойлап іштеріңді.
Мінеки қайғы ойлаған мен не болдым,
Гүл едім жайнап тұрған, бүгін солдым.
Деуші едім жердің жүзін аралармын,
Жалғанның бір қызығын көрмей өлдім.
Сізді айтса, бізді де айтар кейінгілер,
Қояды кімді жұтпай бұл қара жер.
Алланың жазғанына ризамын,
Атақсыз, атсыз елер кей пенделер.
Сіздер де сөз боларсыз артқыларға,
Жаны ашыр, жаны бардың ғашық жарға.
Аузынан кешу алып кетер едім,
Мәжнүнді көрмей өлдім, амал бар ма?
Мен-дағы жеті атадан едім жалғыз,
Қарағым, жазам болса, естен қалғыз.
Қалыңға бергенімнің бәрін кештім,
Малымды әкеңе айтып жиып алғыз.
Ұзамай маған ажал келер әлі-ақ,
Қылғамын әлдеқашан сені талақ.
Сендерге менің қылар бөгетім жоқ,
Мені ойлап өз жарыңнан болма салақ.
Мәжнүнге айт, дүниеге қойсын сенбей,
Жүреді неге түзде саған келмей.
Жарына жаны барда бір жолықсын,
Болмасын қайдан білді о да мендей.
Айттым ғой, адаспасам, білгенімді,
Сіздердің көрмей өттім күлгеніңді.
Дүние-ай, көрер ме екем ақыретте,
Мәжнүнмен құшақтасып жүргеніңді».
Есіркеп Ләйлі тұрып жақын келді,
Жүрегі тазасына көңілі сенді.
«Мен кештім, сіздер де кеш», - деді-дағы,
Шаһадат иман айтып жөнелді енді.
Тағдырда солай жазған паруардігер,
Бұл сырды өзге білмес, Ләйлі білер.
Ләйлінің үйден шыққан үнін естіп,
Жүгірді тыста тұрған күзетшілер.
Өткенін Ебнсалам халқы білді,
Бірталай, есіткен соң, жұрт жиылды.
Шығарып жаназасын таза арулап,
Қабірін бек айбаттап күмбез қылды.
Ләйлінің ойындағы ғашық жары,
Ойлайды байы өлді деп жұрттың бәрі.
Өлгенін Ебнсалам сылтау қылып,
Ішінен шықты тысқа қайғы-зары.
Мәжнүнді неге ұмытсын өлгенінше,
Зарланды соны жоқтап өз көңілінше.
Отыр деп байын жоқтап халық ойлайды,
Жасырмай жылаған соң жұрт көзінше.
Шаһарға бір күн Мәжнүн келді қаңғып,
Ойы бар бір жолықпақ Ләйліні андып.
Бір шалды біреу ұрып жетелеп жүр,
Кісендеп тепкілейді бетін шаң ғып.
Жүгіріп Мәжнүн келді «ағатайлап»;
«Ғаріпті неге ұрасың қолын байлап
Сорлының әлде қандай жазасы бару
Ұқтырып айтыңызшы маған жайлап.
«Әкемді осы өлтірді таспен ұрып,
Кетіпті ұрған тасы миға кіріп.
Осыдан кегіңді ал деп қазы берді,
Жазасын тартқызамын өстіп жүріп.
Мұнымды шариғатқа сыйғызамын,
Жетелеп елден қайыр жиғызамын.
Өлтірсем, қинасам да ерік өзінде,
Көнбесе қазір мойнын қиғызамын».
«Жүктедің, сорлы-ау, неге адам қанын,
Есіркеп, шықпай қалды азар жаным.
Бар еді бұл адамда қандай кегің,
Әкесін өлтіргенің не қылғаның?»
«Ұрып ем aшy қысып таспен атып,
Басына жіберген тас кетті батып.
Қатеден мұндай күйге душар болдым,
Қайтесің мен сорлыны былшылдатып».
«Бұл шалды не қыласың, мені-ақ айда,
Кісендеп аяғым мен қолым байла.
Бейнетті мұның үшін маған тартқыз.
Бар дейсің қайыр сұрап, айтшы қайда?»
Босатты өзін беріп әлгі шалды,
Кісенді аяғына өзі салды.
Мәжнүнді шап орнына ноқталап ап,
Жетелеп әр қақпаға алып барды.
«Ләйлі»деп зар қағады тынбай жылап,
Жүреді кешке жақын қайыр сұрап.
Отырған терезеде Ләйлі көріп,
Жығылды есі кетіп тамнан құлап.
Дүрс етіп жерге түсті Ләйлі барып,
Таныды оны Мәжнүн көзі шалып.
Өлгелі әншейінде жүрген сорлы
Көрген соң құлағанын қалда талып.
Тырп етпей жатып алды есін жимай,
Кісі тұр жетелеген оны қимай.
Аузынан «аһ» дегенде жалын шықты,
Қалың дерт жүректегі ішке сыймай
Кісенді аяғынан шешіп алды,
Ноқтаны сыпыра алмай кесіп алды.
Жындыны қайтемін деп кетті тастап,
Сорлының өлмегенде несі қалды.
Бірқатар сол арада жатты талып,
Аздан соң екеуі есін жиып алып,
Оңаша, қараңғы түн, еш адам жоқ,
Ғаріптер мұңдасады жақын барып.
«Қарағым, — деді Ләйлі, — қарызыңды;
Құшақтап, қойыныма қолыңды сал.
Жолықпақ күнде мұндай табылмайды,
Бір татқыз тым болмаса тіліңмен бал.
Мәжнүн-ау! Ғашық болсаң сөзің өжет,
Дертіме осы арада бір дәрмен ет.
Тіліңнен сорғыз-дағы бір құшақтат,
Әйтпесе өз қолыңнан өлтіріп кет.
Өлемін қосыла алмай қалсам-дағы,
Ұмытпаймын ақыретке барсам-дағы.
Болады сен сау қалсаң, мен өлейін,
Құшақтап шыдай алмай жансам-дағы».
Жақындап келді тілін берейін деп,
Сорғызып мауқын басып көрейін деп.
Аузына аузы барып тиген кезде,
Өртеніп бара жатыр өлейін деп.
Ұмтылды құшақтайын жансам да деп,
Бұл жерде жанып өліп қалсам да деп.
Айқасып аш белінен жабысады,
Өлемін ақыр қайда барсам да деп.
Лақылдап шыдатпады күйіп-жанып,
Қолдарын кейін кетті жазып алып.
Қараса біреу жақын келіп қапты,
Сырт беріп жүре берді Ләйлі қалып.
Мәжнүннен бір қалмайды әлгі жаяу,
Шаһардан шыққан кезде келді таяу
Кідірмей әлде кім деп кетіп еді,
Сыбырлап «тоқтаңыз» деп айтты баяу.
Тоқтады көрейін деп мұның түрін,
Білерлік адам ба деп Ләйлі сырын.
Қараса өңі сұрлау, жап-жас жігіт,
Ұмытпаса, көрген емес мұнан бұрын.
Қасына келіп тұрды сәлем беріп:
«Байқадым құшақтасқан сізді көріп.
Қойныңнан қосылғанда от шыққан соң,
Келіп ем білейін деп артыңа еріп.
Білуші ем ғашықтықтың мен де халін,
Жасыңнан сенің жайың бізге мәлім.
Әдейі айырмаққа барып едім,
Болушы ең мен болмасам күл мен жалын.
Білемін өлім емес саған бұйым,
Жаныңды аямайсың жалғыз тиын.
Бейнетке шыдай алмай өлді десе,
Болмай ма бәрінен де осы қиын.
Жолықсаң құшақтама, құр жүзін көр,
Іштегі жалын шықсын, сөйлесе бер.
Жалғанда қосылуға жазған болса,
Табады өзі-ақ ебін паруардігер.
Жалынға сен шыдасаң, қыз шыдамас,
Өлтірсең өзін өртеп, тіпті ұнамас.
Еркектен қайда көрсең әйел нәзік,
Қаңғырған соны көріп мен бір қу бас.
Бар еді менің де бір сүйген жарым,
Көрмесем құрушы еді ынтызарым.
Шыдамай ғашықтыққа өліп кетті,
Көп айтсам қозғалады іште зарым.
Мен сенен ақылды емен, жол көргемін,
Қайғыны өз әлімше мол көргемін.
Ғашығым дүниеден өткеннен соң,
Біле алмай қайтерімді сенделгемін.
Демеңіз әдебі жоқ неткен тантық,
Айтамын жанбасын деп ерте қамтып.
Тең емес бақайыңа біз бүйткенде,
Сіздердің ғашықтығың жүз есе артық.
Сорлының сен де мендей біреуісің,
Ләйлінің ғашық болған күйеуісің.
Беремін тым болмаса хабар алуға,
Сен менің кім екенім білемісің?
Білмесең — Зәйіт еді менің атым,
Аз емес басымдағы михнатым.
Бір қызға Зейнеп деген ғашық болып,
Күн сайын асып еді махаббатым.
Қыз елді, мен артында тірі қалдым,
Зарлануға моласына күнде бардым.
Өлгенше жолдас болып жүрейін деп,
Артыңнан әдейі іздеп жаяу салдым.
Мен сенің баяғыдан досың едім,
Хат тасып хабарыңды қосып едім.
Ол кезде ақылыңның жоқ кезі еді,
Азғана айықсын деп тосып едім.
Зейнептен сонда хабар алып едім,
Деген соң қатты науқас барып едім.
Мен сорлы шыдай алмай жөнелгенде,
Жия алмай сен есінді қалып едің».
Мәжнүнге жолдас болды қоса зарлап,
Екеуі екі қызға жылайды арнап.
Бармаған тау, баспаған жер қоймайды,
Шарқ ұрып дүниені жүрді шарлап.
Бір күні Зәйіт айтты Мәжнүнге кеп,
Бір ақыл көңіліме түсіп тұр деп.
Ләйліге ебін тауып жолығайық,
Барайық, сен соқыр боп, мен жетелеп.
Мәжнүнді соқыр қылды көзін тартып,
Жетелеп, кейде арқалап, мойнына артып.
Қолына талдан жуан таяқ беріп,
Шаһардың көшесінде жүр сандалып.
Ләйлі де өлер болды зарлай-зарлай,
Шыдасын о да қайтіп күйіп-жанбай.
Қасына бір қыз ертіп тысқа шықты,
Жатуға күні бойы шыдай алмай.
Жоқтайды Ләйлі жылап ғашық жарын,
Қараңыз терең оймен қылғандарын.
Бұлтқа аспандағы мұңын айтып,
Болады шығармақшы іштен зарын:
«Қайғырдың, қара бұлт, мұнша неге,
Келдің бе разы болмай дүниеге.
Мәжнүнді көре алмаған мен сықылды,
Жүрмісің ғашық болып бірдемеге.
Қарайып, қамығасың тым құрыстап,
Күркіреп уһілейсің дертің ұстап.
Көңілің — от, көзіңнен жас жаудырасың
Сағынған ғашық жарын маған ұқсап.
Кей-кейде шатырлайсың қаһарланып,
Көрсетіп қайратыңды тым мақтанып.
Аузыңнан отты жалын, оқ шығады,
Қайтесің, біз жазасыз кетсек жанып.
Ғаріпке жараса ма осындай жол,
Ешкімге, ғашық болсаң, залалсыз бол.
Қыласың бірде ашу, бірде рахым,
Төменсің сен де менен, айтқаным сол.
Сен неге күннің көзін жасырасың,
Қайғысын қайғылының асырасың.
Нұрымен ғашығының тұрса жайнап,
Сұрланып жердің өңін қашырасың.
Рахымсыз неткен жаман сенің ниетің,
Көрмесе жер мұңаяр күннің бетін.
Күн жерге, жердегі шеп күнге ғашық,
Дерті зор, улы жүрек болар шетін.
Қызыл гүл бұзылмай ма күн көрмесе?
Жарынан жарқыраған нұр көрмесе?
Рахым ет, көз жасыңнан су беріп кет,
Қайғыдан қурап өлер дым көрмесе.
Көкорай көлеңкеңнен күңгірт тартты,
Көрдің бе, жер жабырқап қайғысы артты.
Құйып кет көз жасыңды сорғалатып,
Бұршақпен шөп қиратып жаума қатты.
Торламай, айналып кет жер мен күнді,
Мұңайтпа күнді бермей, о да мұңды.
Қызыл гүл — мен сықылды ол бір зарлы,
Көре алмай күйіп жүрген Мәжнүнді».
Тұр еді көкке қарап Ләйлі зарлап,
Жақындап екі жаяу келді барлап.
Бұл келген бағанағы Зәйіт екен,
Мәжнүнді соқыр қылып жүрген алдап.
«Ағам, — деп, — көзі шыққан» айта салып,
Жетелеп бір соқырды қасына алып.
Әркімнен көшедегі қайыр сұрап,
Ләйлінің маңайына тұрды барып.
Соқырға қайыр берді жиылған көп,
Айламен Зәйіт тапты осындай еп.
Ләйліге жақын келді әлгі соқыр,
«Қарағым, марқабатың болмай ма? » — деп.
Екенін мұның Мәжнүн Ләйлі білді,
Көзі шын шықты ма деп қайғы қылды.
Қалтадан пешеттеген бір хат алып,
Соқырға садақа деп соны берді.
«Санап ап ашып көріп адам жоқта,
Ішіңде ақшасы бар, аз ба, көп пе.
Қайырды көрінеу берген мақтау болар,
Пайғамбар жасырын бер деген жоқ па? »
Берген соң сол қағазды алды соқыр,
Ашпай-ақ қалтасына салды соқыр.
Алса да садақасын кетіп қалмай,
Сол жерде табан аумай қалды соқыр
Ғашығын көре тұра кетсін қайтіп,
Зәйіт тұр алдандырып сөзді ұзайтып
Өзгелер кет десе де тіл алмайды,
Ләйліге кетемін деп мұңымды айтып:
«Жоқтаймын бұл көз емес, шын көзімді,
Кім ұғып, кім ұқпайды бұл сөзімді.
Бақытым жоқ, дертім қатты бір сорлымын,
Саламын жанған отқа күнде өзімді.
Бұл көзім жоқ болса да бардай көзім,
Жоғалған шыны ғашық жардай көзім.
Қайғыдан босанарлық уақытым жоқ,
Көміліп топыраққа қалмай көзім.
Көрсем де дүниені көргенім жоқ,
Көңілімді өзге жанға бергенім жоқ.
Жалғанның рахатынан мүлде бездім,
Шықпай тұр құры жаным, өлгенім жоқ.
Көзім тұр, дуа қылсаң, көрейін деп,
Көңілім тұр күйе бермей өлейін деп.
Қайғыдан қашып өлген ерлік емес,
Бейнетке жүрегім тұр көнейін деп.
Қалқам-ау! Өлейін бе, өлмеймін бе?
Ем сұрай мұнан кейін келейін бе?
Көзімнің дауасының ақысы үшін,
Жанымды осы арада берейін бе?
Ғаріппін, жылап туған өзімді көр,
Шатасқан диуана боп сезімді көр.
Дертіме бұ жалғанда дауа бар ма?
Соқыр деп жиренбесең, көзімді көр».
Көтерді көлеңкелеп орамалды,
Ішінен сезді Ләйлі бұл амалды.
Көзіне құдай үшін қарайын деп,
Білген соң жақын барды ол амалды.
Деді де көрсетеді міне көзім,
Қараңыз айла қылып айтқан сөзін:
«Соқырмын, түзу тұрмай жығыламын,
Беліңнен ұстат, — дейді, — мықтап өзің».
Амалмен аш белінен алды оралып,
Жығылды шыдай алмай Ләйлі талып.
Іштегі ғашықтықтың қызуы өтіп,
Ләйлінің бара жатыр үсті жанып.
Жүгірді көрген жандар тұра сала,
Соқырды Зәйіт кетті сүйреп ала.
Ләйліні өз үйіне алып барды,
Әр жері көйлегінің күйген шала.
Ақылын жиып алды біраз тұрып,
Бұған да айла тапты ойлап жүріп:
«Салулы қалтамдағы сіріңкені
Жандырды-ау әлгі соқыр қақырынып...»
Бір жерін денесінің жалын шарпып,
Күн сайын іштегі дерт барады артып.
Жүре алмай бұрынғыдай түрегеліп,
Бір жола жатып алды төсек тартып.
Мәжнүнді оңашаға алып кетті,
Ләйліден айрылдым деп налып кетті.
Жарының садақа деп берген хатын
Аулақта қалтасынан алып көрді.
Бір жүзік, екі бөлек салған хаты,
Біреуі Ебнсалам аманаты,
Біреуін өз қолымен Ләйлі жазған,
Қоштасып ғашығына айтқан дәті.
Бұл өлең қызық емес көрер көзге,
Сырты мұз, іші жалын, мағынасы өзге.
Жамағат құлақ салмай, ойынды сал,
Ләйлінің хатындағы мынау сөзге:
«Қарағым! Екі хаттың бірі аманат,
Өзіңе сәлем айтты неше қабат.
Іші дерт, уағдасы берік, бір сорлы екен,
Байғұстың қатесін кеш, қыл мархамат.
Өзімнің екінші хат — жазған хатым,
Қоштасқан біржолата мінажатым.
Көзіңнен айналайын, жылай көрме,
Мен кетсем, қалды өзінде махаббатым
Қарағым, жерім қиын, келе алмайсың,
Бір келіп тілегімді бере алмайсың.
Бұрынғы көп сөзінің бірі деме,
Мұнан соң дүниеде көре алмайсың.
Демеуші ем, қалқам, сені күйгізейін,
Деуші едім күнде саған сүйгізейін.
Денеңе денем тисе жана бердім,
Өлген соң құшақтатып тигізейін.
Ғашыққа сендей шыдап жүре алмадым,
Қойныңа, арманым сол, кіре алмадым.
Қайтейін атым әйел, денем нәзік,
Еркектей қайрат қылып тұра алмадым.
Сен жеңдің, мен жеңілдім, бұрын өттім,
Жолыңа шыбын жанды құрбан еттім.
Қолына сағынғанда қарасын деп,
Белгіге жүзігімді беріп кеттім.
Артыңнан түнеугіде біреу кетті,
Шаһардан шыға бере саған жетті.
Сол барған, енді ойласам, Зәйіт екен,
Шошыма мен Зәйітпін десе нетті.
Сол жерде-ақ аманатың бермес пе едім,
Құшақтап жатып сені өлмес пе едім.
Не өліп, не қосылып сол арада
Тағдырда не жазылса көрмес пе едім?!
Өкініп өткен іске алмас пайда
Зәйіттей іздесең де жолдас қайда?
Жүзімді тірі күнде бір көріп қал,
Бір айла табар Зәйіт осындайда.
Баптанар жай ойланып заман емес,
Кешіксең, мен боламын аман емес.
Зәйіттің сенен гөрі есі дұрыс,
Зейнепке қосылам деп алаң емес.
Зәйітке сәлемімді айт, айла тапсын,
Бір амал жолығуға қылып бақсын.
Шошимын жүрегімнің соғысынан,
Көре алмай, аялдасаң, қалар-ақсың.
Аман бол, жолықпасаң, мұнан былай
Бейісте қосылуға жазсын құдай!
Ішімді іштен туа елжіретіп,
Еріткен жүрегімді, ғашығым-ай!
Мен үшін Мәжнүн болды-ay Қайыс атың,
Өзгеден бөлек еді махаббатың.
Көзі — нұр, көңілі майда, қарашығым!
Ішіңді күйдірмесін жазған хатым.
Мен үшін кезіп кеттің айдалаға,
Білмедім кеткеніңді қай далаға.
Қарағым, ақыретте табысайық,
Бұл өмір енді қайтып айнала ма?
Қарағым, аманатың кетті меңде,
Сақтап кел қарызымды бұзбай сенде.
Еншалла, кейінгіге жыр болармыз,
Есіркер, дұға қылар туған пенде.
Қарағым, басқа жарға көзің салма,
Жалғанда опа бар деп қапы қалма.
Біреуге аманатым беріл кетіп,
Бейісте қосыла алмай сонда ұялма.
Жалғанда білгеннен соң тұрмасымды
Жолыңа қылдым құрбан бір басымды.
Әншейін үлгі болсын деп айтамын,
Білемін жанға мойын бұрмасыңды.
Мен үшін тентіредің, Меке бардың,
Құдайдан ауыр науқас сұрапалдың.
Әншейін шала ғашық жаманша өлмей,
Белгі боп кейінгіге мирас қалдың.
Кім қылар біздің қылған ісімізді,
Жаратқан өзгеден жат ішімізді.
Ғашықтың әулиесі деп-ақ айтар,
Артқылар көрмесе де түсімізді.
Келіп жүр өлсем-дағы күмбезіме,
Көрінер мен кеткен соң кім көзіңе?
Өлген жоқ, мен өлсем де, махаббатым,
Кетіп тұр амандасып күнде өзіме.
Кеш, қалқам! Әйел едім, нашар едім,
Мауқыңды тірі болсам басар едім.
Зарланып қабіріме келіп тұрсаң,
Қойнымды әлім келсе ашар едім.
Құдая, қосылмадым бұ жалғанда,
Болады мен сықылды кім арманда.
Қақ жарып қабірімді жібергейсің
Басыма келіп Мәжнүн зарлағанда.
Қарағым! Мен өлді деп қайғы жеме,
Білемісің жан өлмейді, өлер дене.
Келгенде амандаса бейітіме,
Сөзіңді айт тірідегі, өлді деме.
Құр денем білмесе де жаным білсін,
Жанына өлгендердің мәлім қылсын.
Сен де өліп, жаным жанға қосылғанша,
Сағынбай дауысыңды сезіп жүрсін.
Қарағым, жаза берсем, жандырармын,
Дертіңді ауырлатып қалдырармын.
Жылама, құдай қосса, қияметте
Құшақтап құмарыңды қандырармын».
Мәжнүнге қиын тиді хатты оқыған,
Отырды шыға жаздап құр шыбын жан.
Көзінен жас орнына қан сорғалап,
Қағаздың беті болды қып-қызыл қан.
Қараңыз ғашығына ауған ниетін,
Махаббат билеген жан қандай шетін.
Егіліп етпетінен жата қалды,
Бетіне басып алып хаттың бетін.
Кеттің деп неге тастап мені қиып,
Алады анда-санда хаттан сүйіп.
Мәжнүнді Зәйіт келіп құшақтайды,
Көзінің о да ала алмай жасын тыйып.
Ол-дағы ақылынан кетті адасып
Жүрегін eciл-дерті қайта басып.
Болса да жаны темір шыдата ма,
Қоштасып жазылған хат амандасып.
Көтерді есін жиып Зәйіт басын,
Жек көрді хат сөзінің мағынасын.
Мәжнүнді уатуға сөз айтады:
«Ғашығың тірі, неге зарланасың?
"Хатында бір жолық деп айтқан жоқ па,
Бастама жаман ырым,әзір тоқта.
Онан да жолығуға қам қылайық, :
Ұмтылма күні бұрын құрулы оққа.
Бос оймен не қыласың босқа еңіреп,
Кеттің деп неге тастап зарладың кеп.
Өлмеген оны елді деп өзің өлсең,
О да айтса не дер едің тастадың деп.
Хатынан тірі екені байқалады,
Оның да көңілі өзіндей шайқалады.
Сендерде ғашық оты азғана ма,
Қалайша өлмеймін деп айта алады?
Нана тұр құдай үшін бұл сөзіме,
Белгілі менің жайым болды өзіңе.
Кеудемде жаным болса бір қосайын,
Жарыңды көрсетемін бір көзіңе.
Әуелі мен келейін онда барып,
Онан соң барамыз ғой қайта салып.
Жолықпақ уағдамен жер дайындап,
Құмарды бір басалық оңаша алып».
Соны айтып Зәйіт кетті шаһар жаққа,
Ләйліге тірі болса жолықпаққа.
Үміттің қауіп пенен арасында
Теңселіп Мәжнүн отыр сандалақта:
«Тірі ме, өлі ме екен, көремін бе,
Жолығып аманатын беремін бе?
Келгенше қайта хабар шыдай алмай,
Ләйліні бір көре алмай өлемін бе? »
Ойлашы осы кезде Мәжнүн қандай?
Жанып тұр тұла бойын өрт алғандай.
Қолымен басын сүйеп сұп-сұр болып,
Өзінің барлығын да байқай алмай.
Жоғалар дем алысы мүлде сарқып,
Маңдайын «уһ» дегенде жалын шарпып.
Өзегі үзілгенше өксігенде,
Лебізін ала алмайды қайта тартып.
Мөлдіреп екі көзі көкке қарап,
Білмеймін қай тілекті қылды талап.
«Ләйлі» деп әлі келсе бір айтады,
Бетінде қанды жасы тұр сор талап.
Кей-кейде тірілгендей, өліп кетіп,
Көтерер қайта басын қалт-құлт етіп.
Суретін келістіріп айта алмадым,
Қолымды жылы жүрек дірілдетіп.
Көңіліңе түсірдім бе шын келбетін,
Мұндайды келістірмек тіпті шетін.
Оқыса бір художник бұл сөзімді,
Бұлжытпай салар еді-ау дәл суретін.
Жігіттер, кімді аяйсың мұны аямай,
Шыдайды ол ғаріпті кім аямай?
Жүрегім, махаббатым тоқтатпайды,
Жазайын десем-дағы тым аямай.
Біржола өлсе, әйтеуір, Жұмыс бітті,
Бұл Мәжнүн екі өлімнің бірін күтті.
Зәйіт кеп бір хабарын бергенінше,
Болар ма мұнан қиын уақыт тіпті?
Болсаң да шыдар ма едің қандай батыр,
Осындай күйде болды Мәжнүн пақыр.
Өлі емес, тірі емес боп отырғанда
Бір адам шаһар жақтан келе жатыр.
Бір тұрып, бір отырды келгенінше,
Хабарын не де болса бергенінше.
Қайғыдан өмірінде бір босамай,
Қайран жас қаңғып өтті-ау өлгенінше!
Зәйітте жай басады, ентелемей,
Не тірі, не болмаса өлді демей.
Мәжнүнге түсі суық көрінеді,
Намысын алып келген періштедей.
«Ей, Зәйіт, қандай хабар алып келдің,
Сұрланып, қаның қашып нағып келдің.
Шынын айт, азар болса өлген шығар,
Тірі деп болмай іздеп барып келдің.
Жолдасым, көргеніңді бұрып айтпа,
Мені аяп ет-жүрегің жылып айтпа.
Жүзінде ғашығымның өлімі тұр,
Құрбымсың, маған айла қылып айтпа!»
«Ғашығың, — деді, — аман, маған нансаң,
Жалған деп амалым не нанбай қалсаң?
Күні ертең жолығуға сөз байладым,
Бақшада жолығасың, кешке барсаң.
Біз барып отырмақпыз көп зиратқа,
Бақша бар оған жақын шаһар жақта.
Ымыртта Ләйлі келмек бақшасына,
Сол жерде уағда қылды жолықпаққа».
Нандырды не қылса да жылы сөзбен,
Ғашығы тірілгендей күдер үзген.
Отырды таң атқанша азар шыдап,
Қан ағып жас орнына екі көзден.
Бейнетті рахат десіп ғашық жарға,
Тегінде, шыны да сол байқағанға.
Зейнеппен жүргендегі жайын айтып,
Ермек қып Зәйіт отыр ұзақ таңға.
Бұл Мәжнүн тұра тұрсын танды күтіп,
Кетпелік Ләйліні де тіпті ұмытып.
Бағана төсек тартып жатты деп ек,
Салмақты болып дерті қайғы жұтып.
Ол Ләйлі күннен күнге нашарланды,
Ұйқы жоқ, тыныштық жоқ, астан қалды.
Бір сұмдық денесінен сезді-дағы,
Шақырып ата-анасын қасына алды:
«Ата-анам, бір сөзім бар сіздерге айтар,
Өмірін ажалдының кім ұзайтар?
Кетейін амандасып сырымды ашып,
Жалғаннан уақыт жетті енді қайтар.
Жыбырлап сорлы жүрек қайта соқты,
Болмаңыз іздеп әуре кеткен жоқты.
Мәжнүнге туа сала ғашық едім,
Мінекей болдым соған айтқан тоқты.
Жасымда-ақ шыдамаппын оны көрмей,
Қойдыңдар көре тұра мені бермей.
Бұл сізді табалаған сөзім емес,
Тағдыр сол, қалған шығар жөні келмей.
Енді мен сыр айтуға ұялмаймын,
Айтпауға жүрегімді тыя алмаймын.
Тіріден еді кісі Ұяла ма?
Әйтеуір дүниеде тұра алмаймын.
Жастықпен болғаным жоқ жүре ғашық,
Кетпедім тым болмаса мауқым басып.
Шыдамай бір құшақтап сүйемін деп,
Өртенді өне бойым дертім асып.
Күйеуге бермей және қоймадыңдар,
Той қылып, жұртты жиып ойнадыңдар.
Сен бердің, тәңірім бермей сақтап қалды,
Алды деп Ебнсалам ойладыңдар.
Хаты бар малын сізге берген қаттап,
Сырының соңда жазған бәрін даттап.
Өзімді жүзім түгіл бір көре алмай,
Сонан да қалып еді құдай сақтап.
Мәжнүннің жанында бар жазған хаты,
Шықты құр алды деген жаман аты.
Сарғайып құсаменен өліп кетті,
Оның да менде болып махаббаты.
Мәжнүнге жас күнімнен бас ұрушы ем,
Ұйқымды бір сол үшін қашырушы ем.
Өлгенін Ебнсалам сылтау етіп,
Дертімді онан бұрын жасырушы ем.
Ата-анам, мен өлемін, сен қаласың,
Айрылып жалғыз қыздан сандаласың.
Өлімге таянғанда талып кетсем,
Бетімнен сүйемін деп қамданасың.
Бетімнен, етімнен де сүймеңіздер,
Біреудің ғашығына. тимеңіздер.
Денемнің өлсем-дағы оты сөнбес,
Жалынды сүйемін деп күймеңіздер.
Десеңіз жанға өлшеген жалғыз балам,
Кешің дер қарызыңды, ата-анам!
Тілегім, өлерімде сүйме мені,
Мәжнүннен басқа жанға тәнім арам.
Қиянат қылмаңыздар Мәжнүн жасқа,
Мен үшін қаңғырды ғой тау мен тасқа.
Баршасын дүниенің қылды талақ,
Жалғанның несін алды менен басқа!
Өлген соң қабіріме Мәжнүн келер,
Маңымнан аулақ кетсін онда өзгелер.
Жетпей ме тірілікте бермегенің,
Денемді тым болмаса оңаша бер.
Басымда зарланғанда Мәжнүн келіп,
Шыға тұр қабірімді оған беріп.
Күйеуің қызыңменен қосылғанда,
Тұрғаның ұят болар көзің көріп.
Ол кірер қабірімді ашып қойыныма,
Айқасып салар қолын мойыныма.
Болса да ол киімшең, мен жалаңаш,
Ұнай ма қарағаның ойыныма.
Лақатты кеңдеу қазғыз сол сыярлық,
Қылмасын екеуімізге қабір тарлық.
Мәжнүнмен бір бейітте қосылуға
Құдайдан, еншалла, болар жарлық.
Бұлжымай осы сөзім келер анық,
Болса да сізге күмән, маған қанық.
Қабірге кіріп өлсе, қозғамаңыз,
Сыртынан жаназа оқып қайтсын халық.
Мәжнүнге хат жазғамын мұнан бұрын,
Қоштасқан сол хатта бар барша сырым.
Көрсеңіз, үш қайтара сәлемімді айтыңыз.
« Аласарт жастығымды енді ақырын».
Әкесі уағда берді: «Ұнадым, - деп, -
Қарағым, айтқаныңды қыламын» деп.
«Қош, — деді, иман айтып көзін жұмды, -
Сөйлеуге бағанадан шыдадым», — деп.
Болғанын бір сұмдықтың көзі көрді,
Ойбайлап ата-анасы жылай берді.
«Мәжнүн!» деп жан шығарда үш айтты да,
Жалғаннан Ләйлі сүйтіп жөнелді енді.
Немене айтып-айтпай, дүние шолақ,
Адамның осы жүрген бәрі қонақ.
Еріткен тас жүректі қайран Ләйлі,
Алды-арты өмірінің болды сол-ақ.
Есіркеп елі-жұрты көп жылады,
Ләйлі үшін қатты уайым жеп жылады.
Мәжнүнге сұрағанда бермей қалған
Обалы әкесіне деп жылады.
Арулап ертең түсте жаназалап,
Қабірге алып жүрді солай қарап.
Ішіне бір күмбездің қонды-дағы,
Сандықтап мәрмәр таспен қойды қалап.
Сіздерден білген сөзді аянбалық,
Бұл бітті, Мәжнүнге аяңдалық.
Бақшада жолығам деп күтіп еді,
Біз енді соның жайын баяндалық.
Отырды танды күтіп талай заман,
Күн шытып, жақындады түске таман.
Айналып әңгімеге отырғанда,
Бұзылды Мәжнүн өңі тіпті жаман.
Қадалды сұп-сұр болып көкке қарап,
Зәйіт жүр не болды деп жанасалап.
«Ләйлінің жаны келіп шақырып тұр,
Қасында бірталай жан жүр анталап.
Зәйіт-ау, Ләйлі саған кез келді ме,
Шынымен мені тастап жөнелді ме?
Ләйлінің өткеніне көзім жетті,
Дұрыс айт, кеше өлді ме, жаңа өлді ме? »
«Қарағым, — деді Зәйіт, - кеше кеткен,
Кезімде өткен екен жаңа жеткен.
Болған соң әбден қойып айтайын деп,!
Мен сізден жасырып ем со себептен.
Кеше айтсам кешікпейсің, тез барасың,
Ләйліні өліп жатқан бас саласың.
Құшақтап өліп кетер деп ойладым,
Өлімге онсыз-дағы қасқарасың».
«Зәйіт-ау! Енді отырмыз кімге айналып,
Мен тірі жүре адам ба онан қалып?
Жүр-жүрлеп жаны келіп шақырып тұр,
Қабірін тура көрсет тез апарып».
Тоқтамай соны айтты да кетіп қалды,
Ләйлінің бейітіне жетіп барды.
Түлкі алған қыран бүркіт сықылдана,
Құшақтап қу моланы жатып алды:
«Қарағым! Неге кеттің ала кетпей,
Қор болып мұратыма қалдым жетпей.
Сен үшін тыным алмай үш жыл жандым,
Артыңа тастап кеттің рахым етпей!
Қарағым! Мен өлген соң, неге өлмедің,
Білесің, бір сен үшін не көрмедім.
Жаныңнан жанымды артық көргенім жоқ,
Тартайын бейнетіңді деп өлмедім.
Сөзіңе не де болса көнбес пе едім,
Жанымды сұрасаң да бермес пе едім?
Көзімше ең болмаса өлсең етті,
Құшақтап жатып сені өлмес пе едім!
Ғашығым, неге кеттің мені тастап,
Шақырып алып келді жанын, бастап.
Қабірдің астында сен, үстінде мен,
Қосылмай өлейін мен мола жастап!
Қалқам-ай! Қайта тұрып, жүремісің,
Қабірге мені де ала кіремісің?
«Өлген соң тигізейін денемді», — деп,
Хатында жазғаныңды білемісің?
Өлсең де келгенім жоқ қашайын деп,
Мауқымды келіп тұрмын басайын деп.
Хатында алдамасаң, тағы айтқансың,
«Сен келсең, қойынымды ашайын», - деп.
Сен кеттің, тірі қалдым, ұлғайды арман,
Айрылып сорлы болдым ғашық жардан.
Айтқаның қате болып көріп пе еді
Өлген соң бола ма енді сөзің жалған.
Тіліңнен сорғыз дедің, бермедім бе,
Жеріңе уағдаласқан келмедім бе.
Қарызым мойынында кеткен жоқ па,
Жүзіңді шыныменен көрмедім бе?
Деме сен «өліп қалдым, сен менен қаш»,
Айтқаның рас болса, қабіріңді аш!
Жаталық бір орында құшақтасып,
Болсақ та мен киімшең, сен жалаңаш».
Жіберді сол қабірді тәңірім жарып,
Ләйліні құшақтады Мәжнүн барып.
Қайтадан қалыбына түсті сандық,
Қосылды осылайша екі ғаріп.
Қабірдің Зәйіт-тағы басында еді,
Кете алмай жолдасының қасында еді.
Жалғаннан сөйтіп өтті Ләйлі, Мәжнүн,
Сол жылы дәл он алты жасыңда еді.
Сыртынан жаназа оқып халқы кетті,
Бұл өлім талай жанды еңіретті.
Аямай ажал шіркін кімді алмайды,
Ол түгіл пайғамбарға қаза жетті.
Зәйіт пен Ләйлі, Мәжнүн ата-анасы
Зарлаумен сонда тұрып өтті жасы.
Мәжнүнді асыраған сорлы кемпір,
Оның да сол арада бітті жасы.
Жігіттер, ендігі сөз — менің сөзім,
Мәжнүннен аз-ақ кейін көрген күнім.
Мен ондай қызға ғашық болмасам да,
Ғаріппін дерті қалың, шын осыным.
Іздеген ғашық болып бес нәрсем бар,
Берейін атып атап, ұқсаңыздар:
Махаббат, ғаделет пен таза жүрек,
Бостандық, терең ғылым, міне, осылар.
Жарамас сөз ұғуға сыртқы құлақ,
Іштегі құлағыңмен тыңда, шырақ!
Бұлар жоқ дүниеде деп ойлама,
Қазақта ол бесеуі болмас бірақ.
Ол қайдан табылсын деп ойыңа алма,
Елде жоқ нәрсе ғой деп айта салма.
Ақылға мүмкін істің бәрі «мәужіт»,
Өлгенше ізденіп бақ, қапы қалма.
Махаббат бұрын өлді, мен тірімін,
Көп иттің жұлып жүрген жемтігімін.
Баста бақ, қолда дәулет болса-дағы,
Осы елдің өз ойымша кемітімін.
Ақ жүрек, ғаделетке қолым жетпей,
Қу жаным қуарып жүр өліп кетпей.
Ішінде көп арамның жүргенімше,
Құдайым тез алса екен тентіретпей!
Дегенім «қол жетпейді» ақым емес,
Жорысаң сөзімді олай, мақұл емес.
Таппадым таза жүрек, арманым сол,
Адалға елі-жұртым жақын емес.
Қазақта қайдан болсын терең ғылым,
Түбі арам айла қуған өңкей жылым.
Іздеген бес ісімнің бірін таппай,
Не болды қайғы болмай көрген күнім?
Өзім де тап баспаймын ғаделетке,
Ұрғызбай кетейін деп көп жеңде же.
Сонымен өз бойымды арамдадым,
Айтарлық емің бар ма мұндай дертке?
Құбылдым, құйқылжыдым, шатып бақтым,
Бір мезгіл білмегенсіп жатып бақтым.
Шыдатпай шымбайыма батырған соң,
Ол атса, менде оларды атып бақтым.
Жынданды бәрі бірдей барған сайын,
Тереңге кете берді салған сайын.
Көңілім дүниеден суи берді,
Халқымнан күдер үзіп қалған сайын.
Алған жоқ ешкім жеңіп өзімді өлі,
Кеткен соң не қылайын елдің сәні.
Махаббат, жылы жүрек, ақ пейіл жоқ,
Құрысын мені бүйтіп «хан» қойғаны.
Мәжнүннен менің дертім болды қалай?
Басымда бар емес пе қайтым талай?
Мал емес, мансап емес іздегенім,
Жазылмас жара берген құдайым-ай!
Бостандық— бойымдағы бір арманда,
Өзімді-өзім билеп жүре алғанда.
Еріксіз не сүйдіріп, не күйдірмей,
Қоя ма қазақ тыныш бұ жалғанда?
Не қулық, не сұмдықпен Жұмысым жоқ,
Алдаған айла қылып бір ісім жоқ.
Арсызбен араны ашық арпалысып,
Жалғанда тақатым жоқ, тынысым жоқ.
Басында Мәжнүн болды барға ғашық,
Жолында бір Ләйлінің жанталасып.
Мен сорлы жоққа ғашық болып өттім,
Менікі кеткен жоқ па онан да асып?
Қазақта ғаделетті ғалым бар ма?
Бұл күнде момын жемтік залымдарға.
Мұным не, жоққа ғашық болған емей,
Мәжнүнше зарламасқа халім бар ма?
Болса да сыртым бүгін, ішім түгін,
Үзеді тірі жаннан кім үмітін.
Өлі деп есеп қылсаң болар мені,
Деуші едім туысқанға ерте күнін.
Мұнымды ескермеді бірде-бірі,
Қояды естиді де оны құры.
Талайдан сөзім анау, өзім мынау,
Жүрер деп ойлайды екен қанша тірі.
Ақ жүрек таба алмадым елді шарлап,
Халқым деп жабырқадым күнде зарлап.
Ләйлінің қабіріне барғандаймын,
Табамын мен де қабір бір күн қармап.
Дертімді асырмаңыз, бөгеңіздер,
Мақтайды өзін-өзі демеңіздер!
Оны айтсаң, сүйегімді кеміргенің,
Жемтікті иттен қалған жемеңіздер.
Оның же, кімің жесең жемтігімді,
Тоймасаң толтыра бер кемтігіңді.
Адамға адам еті халал емес,
Өзің біл ойламасаң ең түбіңді.
Қуансаң етім саған бұйырғанға,
Қасқырша табандап тарт сыдырғанда.
Мені жеп тірілікте таймасаң да,
Тоярсың көзіңе құм құйылғанда.
Тағы жұт қарыныңды томпайтпасам,
Болмассың бір жолата шоңқайтпасам.
Қыл көпір, тас таразы құрылғанда,
Аузым жоқ әзір менің, сонда айтпасам!



Пікірлер (13)

Диана Төлтебаева

Өлеңді соңына дейін оқып шықтым. Керемет! Тамаша! Ғашықтық осындай жағдайға дейін жеткізеді деп ойламаппын.

Қадырқожа Ақерке

Мен ақын атамызға ризамын осы өлен жолдары үшін көп еңбектеңді

Лайла

Керемет!

Ерлан

Менің Ләйләм оқыды ма екен мұны...

қалғаны кайда

толық осыма

Акниет

бұл толығыма калғанын қай жерден оқысақ болады өте керемет

Myrza

Тамаша!

Аружан

Осындай өлең жолдары көп болсын деп тілейміз✍️

Myrza

Тамаша!

BAINUR

өлең толық емес тәрізді ары қарай оқығым келеді негізі керемет

Нургуль

Мектепте окыгам әдей тауып кайта окыдым керемет бирак жалғасы бар аякталмаган жалғасы кайда

Тлек

Жалғасы?

Аблахатұлы Дәулеткерей

Өте ұнады. Нағыз ғашықтар поэмасы!

Пікір қалдырыңыз

Шаруа мен ысырап

  • 1
  • 1

Қайтер еді, жігіттер,
Тым қымбатты кимесек.
Мақтан үшін борышты
Үсті-үстіне үймесек.

Толық

Бір Аллаға сыйынған адам өлмес...

  • 1
  • 7

Бір Аллаға сыйынған адам өлмес,
Құдайсыз қу қолынан іс те келмес.
Белін бекем буғанның белі талмас,
Ел бұзса да, адалдық өзгерілмес.

Толық

Дүйсенбі күні болғанда...

  • 1
  • 1

Дүйсенбі күні болғанда,
Ұлы сәске толғанда,
Барып едім шөп сала,
Оқыранды Қоңыр ат.

Толық

Қарап көріңіз