Өлең, жыр, ақындар

Жар деген жаралған ғой аялауға

  • 05.08.2016
  • 0
  • 0
  • 6779
(Ұзатылып бара жатқан әпкесіне сіңлісінің тілектері)

Қалықтап махаббаттың аспанда әні,
Жайылып думан-тойдың дастарқаны.
Ұғынысқан жүрекпен тұр ғой бүгін
Тағы бір жұбайлық жол басталғалы.

Сақталып салт-дәстүрім ұлтымда әлі -
Азаттықтың бесікте бұлқынды әні.
Бүгінгі той - аяулы әпкеміздің
Қалыңдық боп бақытқа ұмтылғаны.

Қосылып ақ батамен тағдырлары,
Тілеулес болды айнала жанның бәрі.
Бүгінгі той - әпкені жездеміздің
Аялап алақанға қондырғаны.

Той деген - қос жүректің атар таңы,
Жұбайлық жолда үлкеннен бата алғаны.
Бүгінгі той - сезіммен екі жастың
Бір кемеде жолаушы атанғаны.

Естіді ме олардың таң сырларын,
Деді ме екен бақыт боп қонсын жарың.
Осынау аппақ тілек - ақ сапарда
Әпкеме деймін енді: "Жансын бағың!"

Қуаныш жүректерге құйды лебін,
Той деген шаттықты ән, күй - білерім.
Болашақ өзі тіккен ақ отауда
Әпкеміз болсын енді сыйлы келін!

Уақыт жылжыр-дағы баяу алға,
Келер күн талай мақсат қояр алда.
Жезде, әпке, сол жолда сүрінбеңдер,
Жар деген жаралған ғой аялауға.

Нұрынан қуат алып Дала-таңның,
Бір-біріңе әркезде бақ атанғын.
Ішінен шаттық күлкі үзілмесін
Өздерің қалап тіккен ақ отаудың!

Жалғаған халықпыз ғой сан дәстүрін,
Иман - серік, сабыры - жолдас бүгін.
Жездем мен әпкеміздің осы тойы
Тапсыншы мәңгілікке жалғастығын!

***

Той шаттығы сезіліп күйден бүгін,
Ғашық жүрек аялар сүйген гүлін.
Сенің тойың, әпкетай, бақыт тойы,
Сен қалыңдық көйлегін киген күнің.

Оянғанда бақыт боп алдан күні,
Сол үміттің, мінеки, жалғанды үні.
Бүгінгі той, шаттық той - сенің тойың,
Ата-ананың осы еді арман күні.

Қашанда қуанышқа кенде ме елім,
Үміт артты саған да сенген елің.
Ақтадың да өмірде сол сенімді,
Атандың, міне, ардақты сен де келін.

Салды, міне, жас отау бастапқы әнін,
Қалар ем сол әуеннің асқақтауын.
Сен әдемі көріндің сол бір сазбен,
Сенімiңдi өмiрде қостап жарың.

Шырқаңдар бақыт-саздың мың түрлі әнін,
Қалармын өмір-бақтың құлпырғанын.
Саған бақыт тілер ем үзілмейтін,
Тілер ем кірпігіңде мұң тұрмауын.

Сен едің шаңырақтың бір шынары,
Атандың бүгін жардың гүл-сыңары.
Жұбайлар қалап тіккен ақ отаудан
Бақыттың енді үзілмей тұрсын әні!

Дегенде шаттық күнің атыпты нық,
Тұрсыншы әр бір кезде уақыт күліп.
Төрінен жас отаудың қашанда да
Ұзамай жүрсінші енді бақыттылық!

Бас иген даналықтың сөздеріне,
Нұр жайнар жас отау да көзге, міне.
Айдыннан ұшып шыққан аққуымыз
Қонып тұр бақыт іздеп өз көліне.

Дақ түспей әулет артқан сенімге мін,
Болсыншы өзің қонған көлің керім.
Жұбайлар жарастықпен қол ұстасқан
Бақыттан тұрсын мәңгi өмірлерің!

***

Той басталды, ала келіп ізгі үнін,
Тергендей-ақ шаттық жырдың біз гүлін.
Толқыныспен, қуанышты әнменен
Ұзатылып бара жатсыз сіз бүгін.

Бақыт жолы соқпақ емес белгісіз,
Махаббат та қиял емес сенгісіз.
Сондықтан да сол қастерлі жолменен
Ұзатылып бара жатсыз енді Сіз.

Дегендей-ақ осы жолда еленгін,
Алыс болсын дегендей-ақ сенен мұң.
Айтылады аппақ қардай тілектер,
Сізге тілеп жақсылығын Әлемнің.

Сіз теруге бара жатсыз бақ гүлін,
Арай болып алдыңыздан атты Күн.
Осы жолда босағасын аттайтын
Сезініңіз шаңырақтың шаттығын.

Аралаңыз адалдықтың құт-бағын,
Килікпесін бақытты осы жұпқа мұң.
Босағасын киелі етіп отаудың,
Берік етсін шаңырағыңыздың уықтарын.

Тұрсын шаттық жаныңызда жаңғырып,
Алдыңыздан атсын әр кез таң күліп.
Жездемізбен қадамыңыз қол ұстасқан
Бақыт жолға айналсыншы мәңгілік!

***

Асығып олар бақыт көктеміне,
Тілекші болдық шаттық сәттеріне.
Бақыттың биігіне ұмтылдыңыз
Ақ көйлек киіп сіз де, әпке, міне.

Дарытып сіздерге енді бата-нұрды,
Сезімнің таңы бақ боп ата білді.
Жазсын деп тойыңызда біз тілейік
Бір сізге сыйлы келін атануды.

Ниет қып тек жақсылық жолығарын,
Әрбір күн қоссын бақтың бағына әнін.
Берік қып өмір бақыт босағасын,
Нұр шалсын жас отаудың шаңырағын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұстаздың ұлағаты

  • 0
  • 1

Әр сабағы болып өтіп тағылым,
Әр шәкірттің оятатын танымын.
Мейлі, есейіп кетсе де сол ұл-қызы,
Санасында жүре берер әлі күн,

Толық

Ұстаз тілегі

  • 0
  • 1

Жылдар бір жылдарға жалғанып,
Зыр қағар уақыт жүрдек-ті.
Мінеки, ұядан қомданып,
Түлегі ұшатын күн кепті.

Толық

Азаттық деген - болашақ

  • 0
  • 1

Азаттық деген не десең,
Арманы елдің жайдары.
Кеңеюі үшін керегең
Кеңескен баба ойлары.

Толық

Қарап көріңіз