Өлең, жыр, ақындар

Қобыланды батыр

  • 02.06.2018
  • 0
  • 9
  • 64355
Қият рулы Қараманның жауға аттанып бара жатып, құрдасы Қара қыпшақ Қобыланды батырға айтқаны.
Қараман айтты: — Құрдасжан,
Мен, Сейілдің ұлы Қараман!
Қазанға кетіп барамын,
Жүрмейсің бе, құрдасжан?
Көп қолқалық қыламын.
Замандасым, мұңдасым,
Заманы бірге сырласым,
Жылы бірге жылдасым,
Жасы бірге құрдасым,
Қазан деген шаһарға
Сапар қылып жол шектім,
Жүрмейсің бе, жолбарысым?
Жасыңнан артықталайың,
Қобыланды сондай батыр ең,
Жұлдызы туған жоғары,
Жүрмейсің бе, құрдасым?
Дұға тиген ер едің,
Кезіңе келген дұшпанның
Білемін, Қобылан, оңбасын.
Сапар қылып жол шектім,
Жүрмейсің бе, жолбарысым?
Қобыланды сонда сөйлейді: —
Бағымды бастан алмасын,
Алды-артымнан шалмасын,
Ақыреттік жолдасым,
Ителгі құстай іледі,
Сүйкімді назбен күледі,
Менің барар-бармасымды,
Хабар салып алайын,
Үйдегі Құртқам біледі.
Мұны есітіп, Естемес
Сұрағалы Құртқадан
Сол арада жөнелді,
Құртқадан хабар алмаққа,
Қобыландының жанынан
Естемес шықты ел жаққа.
Базарда бар ақ мата,
Бұл сөзімде жоқ қата,
Ойнақтайды жас бота.
Тоқтарбайдың қасында
Құртқа тіккен отауға,
Қыз Құртқаның жанына,
Естемес келді сөз қата.
Күн шыққан жоқ, таң ата,
Естемес келіп сөйлейді:
- Үйдемісің, қыз Құртқа?
Әйел болдың, амал жоқ,
Егер де еркек болғанда,
Болар ең тұтқа бір жұртқа.
Мінген аты қызылды,
Іс тағдырға сызылды;
Жолда жатқан дұшпанға
Арыстанның көңілі бұзылды.
Мінбекке керек қазанат,
Белге керек шар болат,
Жан жабарға аманат,
Жалғыз емес Қобын екем,
Қияттан шықты қолғанат.
Батырдың мініп шабуға,
Асыл туған қыз Құртқа,
Жазымен баққан бурыл ат,
Жарамай ма бурыл ат?
Құртқаның сонда шыққаны:
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп,
Саулы інгендей ыңқылдап,
Күшігіндей сұңқылдап,
Сөйлеген сөзі сымпылдап,
Алтын иекті ақ Құртқа
Көтеріп жаулық сөйлейді,
Естемес құлға былқылдап:
- Дүниеде көп адамзат,
Бенде тоймас іңкәрға.
Екі тоқты, бір саулық
Берер едім қырқарға.
Жұмсады ма сіздерді
Үйдегі бурыл тұлпарға?
Дұғай сәлем дегейсің
Тұлпарына жұмсаған
Жұрт иесі сұңқарға,
Және де сәлем дегейсің
Құрбы менен құрдасқа,
Заманы бірге сырласқа,
Жылы бірге жолдасқа,
Жасы бірге құрдасқа!
Мінем көшке көк қасқа,
Саламын қамшы жамбасқа,
Бірі қастық қылмайды
Жанына ерген жолдасқа.
Береке менен той басқа,
Ешкі менен қой басқа,
Бәйбіше менен күң басқа,
Туған ұл мен құл басқа,
Жұмсады ма сіздерді
Біздей нашар жолдасқа?
Жолдасына жұмсаған
Көп құлдық бас дегейсің,
Қараспан тауын жайлаған
Жұрт иесі жолбарысқа!
Тілімді алса, сұлтаным,
Бұл сапарға бармасын,
Бұл олжадан алмасын,
Көп жылайды дегейсің
Үйдегі нашар жолдасың.
Асқар таудай белдік бар,
Азда қанша тендік бар,
Құрдаста қанша елдік бар,
Тілімді алып бармасын,
Сұлтаныма сәлем де,
Біз байлаған бурылда
Қырық үш күндік кемдік бар.
Мұны есітіп Естемес,
Қобыландыға келеді:
Құртқа солай айтты деп,
Естемес барды Қобыланға.
Қобыланды келді құрдасқа,
Жүремін деген жолдасқа,
Сонда Қобылан сөйлейді:
- Көлден ұшқан қалбаймын,
Жаманның тілін алмаймын,
Қақ бұйырған сапардан,
Арыстаным, қалмаймын.
Асыл достым, сөкпесең,
Бұл сапарға бармаймын,
Бұл олжадан алмаймын.
Асқар тауды бел деген,
Ақ бармақпен жемдеген,
Ауырса жеммен емдеген,
Өзінен басқа көрмеген,
Өзінен басқа білмеген,
Бағып тұрған баласы,
Күтіп тұрған анасы,
Өзі әйелдің данасы,
Тұлпар туған бурылдың
Қырық үш күнін кем деген.
Қараман сонда сөйлеген:
- Бұл барғаннан барсақ біз,
Ер Қазанды өлтіріп,
Қаласын бұзып алсақ біз.
Еркек болып не етеміз,
Әр сапарға шығарда,
Қатынға ақыл салсақ біз.
Есіктің алды айбана,
Ерлер киер кебене,
Кеткен кісі келе ме,
Алған тәңір бере ме,
Әр талапқа шығарда,
Қатынға ақыл салған соң,
Асыл туған Қобыланды,
Қатынның тілін алған соң,
Неше батыр болса да,
Басында билік жоқ адам,
Арыстан туған құрдасжан,
Ол қатын емей, немене?
Қараманның аузынан мынандай сөз шыққаннан кейін, Қобыланды батыр қатыны Құртқаға ашуланып, басын кесіп келуге атына мініп жөнеген жері.
Сонда Қобыланды батырдың
Тері тамып иектен,
Оқ тиді батыр жүректен,
Үш ай тоқсан болғанда
Құтылар қошқар күйектен,
Неше батыр болса да,
Қараман айтқан бұл сөзі
Өтіп кетті сүйектен.
Тобыршақ атқа зор салды,
Қамшы басты сауырға,
Екпіні ұсап дауылға,
Тобылғы меңді тор атпен
Қобыланды шапты ауылға.
Қатуланып, қаттанып,
Буырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігінен мұз тамып,
Ар жақ пенен бер жаққа,
Найзасын ұстап бармаққа,
Аттанбаққа қалмаққа.
Еш кінәсі жоқ еді,
Сөзге сынық қылды деп,
Егер шықса алдынан,
Батыр кейіп келеді,
Бұлаңдаған Құртқаның
Басын кесіп алмаққа.
Дарбазалы есікті,
Үйде отырған қыз Құртқа
Дүбірін аттың есітті.
Ағыны қатты кім болсын,
Сұлтаным дағы десіпті.
Тұра келіп бұлаңдап,
Қарады ашып есікті.
Қарады да қамықты,
Құстың жүні мамықты,
Арпа, бидай қабықты,
Көтере алмас кедейлер
Жылында бір салықты,
Тастай беріп қыз Құртқа
Және ашады жабықты.
Жабықтан көзін салыпты,
Қараса ерді таныпты.
Түсі суық керінді,
Ерге болған секілді
Бір сөзбенен жазықты.
Құртқадайын сұлуың
Өксіп жылап қамықты.
Енді Құртқа сасады,
Бетінен қаны қашады,
Оң етегін басады.
Сасқан емей немене,
Аш күзендей бүгілді.
Шыдай алмай қорыққаннан
Есік пенен төріне
Неше қайта жүгірді.
Сасып жүріп жөн тауып,
Ақылменен ой тауып,
Түтікпенен су ішкен,
Күндікпенен күн көрген,
Төрде тұрған бурылдың
Басын шешіп алады.
Тайбурыл атты жетектеп,
Қобыландыдай бөрінің
Бұлаңдаған қыз Құртқа
Алдынан кетіп барады.
Бурыл емес, көк дөнен
Туғаннан жеміс, жеді өлең,
Туғалы торды көрмеген,
Түнектен шыққан Тайбурыл
Айдалаға шыққан соң
Түлкідей көзі жайнайды,
Қазандай болып қайнайды,
Көлденең жатқан көк тасты
Сулығымен шайнайды.
Он екі құлаш арқанмен
Атылып бурыл ойнайды.
Қыз Құртқаны көтеріп,
Бурыл көкке екі ұшты,
Салмағыменен қыз Құртқа
Алып жерге бұл түсті.
Анасы әйел демесең,
Сол Құртқадан кім күшті?
Қамығып Құртқа сөйлейді:
- Асқар таудың белдігі,
Аздың бар ма тендігі?
Құрдастың жоқ-ты елдігі.
Үш ұшар ең аспанға,
Бір ұшуың кем болды.
Мен қайтейін, Тайбурыл,
Қырық үш күннің кемдігі!
Кентті жерді жайласа,
Үзілмейді базары.
Қайда қалмас, жігіттер,
Үлкен сордың мазары.
Қобыландыдай бөрінің
Тайбурылды көрген соң,
Құртқадан қайтып қаһары,
Бурылға түсті назары.
Қобыланды сонда сөйлейді:
- Көлден ұшқан қаздаймын,
Қаз жайлайтын саздаймын,
Наурыздан соңғы жаздаймын.
Ақылы жоқ мен байғұс,
Бүйтіп жүрген Құртқаны
Шауып тастай жаздаймын.
Сарайда, сарай, сарай бар...
Сарайға қолын жеткізген
Қос өркешті қызыл нар.
Әр бендеге лайық
Өзі теңді қосқан жар.
Малы кемнің зары бар,
Әр адамның өзінің
Лайықты жары бар.
Атымды бағып-баптауға,
Текшедегі найзамды
Қарағайға саптауға,
Құртқадайын майысар
Жар тапқанша талай бар.
Сонда Құртқа жабықты,
Құс төсектей мамықты,
Арпа, бидай қабықты,
Батыр Қобылан келгенде,
Наз етсе де, қорықса да,
Құртқадайын сұлуың
Өксіп жылап қамықты...
Алма-кезек домалап
Шал-кемпірдің қойнында
Артық туған Қобыланды
Кірпік қақпай таң атты.
Таң сарғайып атқанда,
Таң шолпаны батқанда,
Шал-кемпірдің қойнында
Арда Қобылан жатқанда,
Тайбурыл атқа ер салып,
Аз ғана азық жем салып,
Бәйгеден келген көк дөнен
Түнімен үйық көрмеген.
Ұйқы көрмей, ақ үйдің
Алдынан сонда өткізді
Құртқа сұлу көлденең.
Қобыланды сынды батырың
Тайбурыл атты мінеді,
Ақ сауытын киеді.
Қараспан тауын бөктерлеп,
Көп қосынның соңынан
Батыр Қобылан жөнеді...
...Қобыланды мінген Тайбурыл
Елбең-елбең жортады.
Қала берді кемпір-шал
Аруақтарға жалынып.
Бұл жерден бурыл гуледі,
— Әйт, жануар, шу! — деді.
Бірде шауып желеді,
Кешегі кеткен қосынға
Тұлпар туған бурылмен,
Құртқаның айтқан жерінде
Жатыр екен көп қосын.
Артық туған Қобыланды
Гулетіп келді бесінде.
Қобыланды батыр келсе, Қараман Қазан қаласында дұшпандардың жай-күйлерін білмек үшін жіберген он сегіз жансызы қайтып келіп отыр екен. Қобыландыны көргеннен кейін амандасып отырып, мынау сөздерді айтады: "Сырлы қаланың олжасы мол екен. Атысар адамы жоқ екен. Қазанның өзінің жатқан Қара қаласының бір жағы аққан су, биік жар екен. Бір жағы жеті қабат қазған ор екен. Қайрат етіп алған кісіге онда да олжа мол екен. Қазан қаласы бұл жерден қырық күншілік шел екен", — дейді.
Жансыздардың бұл сөздерін есіткеннен кейін Қараман батыр: "Кім де кім малтасын жиып, ат құйрығын сүзіп, Қазан қаласына ат қойып, қала бұзып, осы жатқан адамдарға олжа салса, сол адам осы қосынға бас болады", — деп, атына мініп, жөнеп кетеді.
Қобыланды батыр сол арада сол күні жатты, екінші күні жатты, келесі күні (үшінші күні) атына айтқан сөзі:
Мінейін деп тұрғанда
Анаңыз Құртқа не деді?
Қыдыра жалды жылқыдан
Бурыл қалмас деп еді.
Анаңыз "тұлпар" деуші еді,
Анаңның сөзін сынайын,
Біздің ауыл қалыста,
Есебі жоқ алыста.
Қаса тұлпар ат болсаң,
Тұлпарым, бүгін қарышта!
Қырық күншілік Қазанға
Бір мезгілде жетуге
Сіздей малға алыс па?
Қатын Қобылан қалды деп,
Кешегі кеткен жолдасқа,
Қоямысың намысқа,
Дұшпанның келдім кезінде,
Тұлпарым, саған айтайын,
Сал құлағың сөзіме:
Қырық күншілік Қазанды
Намазшамға жеткенше,
Түсірмесең жүзіме, Көрсетпесең көзіме,
Онда шешең, мұнда сен,
Қалады көңілім өзіңе.
Осылай толғап болды да,
Артық туған Қобыланды
Тобылғы сапты қамшыны
Толғап ұрды санына.
Астындағы тұлпардың
Жаман батты жанына.
Жанына батпай не қылсын,
Сауысқан, қарға тойынды
Санынан аққан қанына.
Қобыландының қамшысы
Тайбурылға шын батты,
Шыбын жаны тым тәтті.
Құрыбында адам жоқ
Қобыландыдай сымбатты.
Жанына қамшы батқан соң,
Жоғарғы ерні жыбырлап,
Төменгі ерні қыбырлап,
Иегімен сыбырлап,
Тайбурылға тіл бітті.
Тайбурыл сонда сөйлейді:
— Артық туған Қобылан нар,
Қызылбастың жұртына
Осынша болдың ынтызар.
Басымды түзеп, сал жолға,
Төрт аяғым тең жорға,
Үстімде сен есенде,
Қажу бар ма мен сорда.
Айтқаның жерде қалар ма,
Құртқа сынды жұбайға.
Қырық күншілік Қазанға
Бір мезгілде жет дейсің,
Ұшқан құсқа оңай ма?
Қиын да болса, Қобыланды,
Қиналамын қайтейін,
Уағдаңыз солай ма?
Қазанның Сырлы қаласын
Намаздыгер өткенше,
Намазшамға жеткенше,
Түсірмесем жүзіңе,
Көрсетпесем көзіңе,
Сүйіп мінген бурылды
Сол жерде шал құдайға.
Қобыланды сынды батырдың
Көңілі бітіп бурылға:
- Әйт, жануар, шу! — деді,
Аршындап бурыл гуледі.
Тау мен тасты көрмеді,
Табаны жерге тимеді.
Тіктеп тиген тұяғы
Көлденең жатқан көк тасты
Саз балшықтай иледі.
Қараша емес, қауысты,
Қоңырлатып дауысты,
Берсін кімге намысты?
Күн төбеден аумай-ақ,
Түзеді бурыл шабысты.
Қос құлағы тігілді,
Қайырға біткен қамыстай.
Түс ауған соң бүктелді,
Илеуі жеткен қайыстай.
Байлаулы малдай шешілді,
Төрт аяғын көсілді.
Кешегі кеткен қосынға
Бұлаңдаған бурылмен,
Артық туған Қобыланды,
Аңқып жетті бесінде.
Қол соңында барады.
Қара Боқан жаурыншы,
Боқанға келді: — Арма! — деп,
- Алдында кісі бар ма? — деп.
Сонда Боқан сөйлейді:
- Жылқы ішінде алалы,
Қылшық жүнді қаралы,
Осынау дөңнің астында
Аққозы кетіп барады.
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да жетті сыпыртып,
- Үлкен едің, арма! — деп,
- Алдыңда кісі бар ма? — деп.
Аққозы айтты аланы,
Қылшық жүнді қараны,
- Осы таудың астында
Қосдәулет кетіп барады.
Тайбурылды құтыртып.
Оған да жетті сыпыртып,
- Үлкен едің, арма! — деп,
- Алдыңда кісі бар ма? — деп.
Қосдәулет сонда сөйлейді:
- Алыстан айқын көрінген,
Жылқы ішінде аланы,
Қылшық жүнді қараны,
Адасты деп ойлап ек,
Қобыланды сынды баланы.
Оңдаса біздің сапарды,
Бәнденің болмас шарасы,
Қызыл тілді сөйлеткен
Қаусырма жақтың арасы.
Жеткендей деп ойлаймын
Өз көңіліме шамасы.
Кешегі қонған мезгілден
Шапқаннан бері, шырағым,
Көрінген жоқ көзіме
Құрдасыңның қарасы.
- Әйт, жануар, шу! — деді,
Бурыл тұлпар гуледі.
Есен найза қолынан,
Жұлдызы туды оңынан.
Бір сағаттай болмай-ақ,
Екпінді тұлпар бурылмен
Қобыланды сынды батырың
Қараманның жетті соңынан,
Қобыланды жетіп сөйлейді:
- Болғаның ба, досым-ай,
Мақтаған атың осы ма-ай?
Он екі күнде келерсің
Менің жауға тіккен қосыма-ай.
Тауға біткен татыр-ай,
Жарасар құрған шатыр-ай,
Анау күні қатын деп,
Қарамай кеткен батыр-ай!
Қатын да болса білдің бе?
Құртқамның асыл затын-ай.
Қатынның баққан атын-ай,
Қалсаң өлім жақын-ай.
Жүрмейсің бе, Қараман?
Үш күн кейін соң қалып,
Мен де озып барамын.
Жүре берді, бұларға
Жалғыз сағат қарамай.
Қала берді көп Қият
Бірі еруге жарамай.
Бұл жерде бурыл гуледі,
— Әйт, жануар, шу! — деді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тегістеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Қарсы келген қабақтан
Бурыл қарғып жөнеді.
Аманбайдың Ақтікен
Асып бурыл жөнеді.
Баялышты құмайттан
Бүлдіршінді шүңейттен,
Асу-асу шөлдерден,
Қасқалдақты көлдерден,
Асқар-асқар белдерден,
Ылай-батпақ көлдерден,
Қан сасыған жерлерден,
Үмітін үзіп жол шекті,
Қараспанды жайлаған
Қалың Қыпшақ елдерден.
Хан жайлаған Қаратау,
Би жайлаған Алатау,
Одан да өтіп, жол шекті-ау.
Сол төбе мен бұл төбе,
Бауыры шұбар күн төбе,
Күдердің қара дөңінен.
Астындағы Тайбурыл
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады.
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Жаңбырдай тері сіркіреп,
Жауған күндей күркіреп,
Қар суындай тасады.
Құлан менен құлжаның
Ұзатпай алдын тосады.
Көл жағалай отырған
Көкқұтан мен қарабай,
Көтеріліп ұшқанша,
Белінен кесе басады.
Өлген кұстар көп қалды,
Ақсары менен лашын
Өлген құсты жеп қалды.
Қоғалының қулы көл,
Қызғыштының қызыл көл,
Сеңгір-сеңгір таулардан
Секіріп бұрын жөнеді.
Астындағы Тайбурыл
Құбылып ойнап жер басты.
Алдыңғыдан артқысын
Сынық сүйем кем басты.
Шалқайып ұшқан қоңыр қаз
Тозаңынан адасты.
Бірде шауып желеді,
Құбылып ойнап жер басып,
Дөңгеленіп келеді.
Намаздыгер өткенде,
Намазшамға жеткенде,
Қазанның Сырлы қаласын
Қобыланды батыр көреді.
Қазандының көп жылқы
Жатыр екен далада,
Қаланың сыртқы баурында,
Бұлаңдаған бурылмен
Қобыланды жетіл келеді.
Артық туған Қобыланды
Қуалап жылқы алады,
Айдап жөнге салады.
Бір уақта көңіл қылады,
Бұзайын деп ойлайды
Қазанның Сырлы қаласын.
Қобыланды жалғыз ат қойып,
Қаланың аузын қандатты,
Көшенің аузын шандатты,
Қақпадан атын қарғытты,
Қандекіден оғын ырғытты.
Туырлығын тоқым қып,
Керегесін отын қып,
Үрерге итін қоймады,
Сығарға битін қоймады.
Баспақты сиыр танаға,
Жан шығармай далаға,
Мал шығармай салаға,
Өтірік емес, жан аға,
Он екі күнде сәскеде
Жалғыз адам құтқармай,
Сырлы қала бәндесін,
Артық туған Қобыланды
Айдап шықты далаға.
Жалғыз бұзып, Қобыланды
Бұл қаланы алады,
Артық бақыт табады.
Қарауыл қарап қайтпаққа,
Бұлаңдаған бурылмен
Асқар тауға барады.
Таудың шығып басына,
Ақ найзаға сүйеніп,
Жан-жаққа көзін салады.
Қараса көзі көріпті,
Қалың Қият көп қосын
Олар да келіп қамайды,
Қазанның Қара қаласын.
Көп Қияттың басы Қараман батыр қырық мың қолмен келіп, Қара қаланы қамаса да, ордан өте алмай, күші жете алмай, қайрат ете алмай жатыр екен. Өздерінен еш нәрсенің өнбейтінін біліп, Қараман батыр жолдастарына айтты: "Мен Қобыланды батырға барайын, сол алып бермесе, біздің қаланы алатын түріміз көрінбейді",— дейді.
Қараманның Қобыландыға келіп тұрып, айтқан сөзі:
Қобыланды сынды батырға
Қараман келіп сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
- Артық туған Қобыланды,
Балтам тасқа өтпейді,
Жамандар сөзді кектейді.
Жүрмеймісің, батырым?
Қызылбастың кентіне,
Сенсіз күшім жетпейді.
Қобыланды сонда сөйлейді:
- Атан ба екен, нар ма екен,
Шекер ме екен, бал ма екен,
Ер бұзбаған шаһарды
Қатын бұзған бар ма екен?
Мал саттым базар бөзіне,
Салсаң жылқы тоқтайды
Арқаның бөрі көзіне.
Аспаймын құлақ сөзіңе,
Жолама менің өзіме,
Қатын деп айтқан сөзіңді,
Сен бір айтсаң, екі айттым,
Келмеді ме кезіме!
Неше батыр болсаң да,
Үйде қалған Құртқаның
Сатса, алмаймын өзіне.
Өзі түгіл алмаймын,
Сағынғанда бір ауыз
Қалқам жан деген сөзіне.
Қараман бұл сөзді есіткеннен кейін, шыдап тұра алмай, ашуланып, өкпелеп жөніне жүре берді. Қобыланды батыр артында біраз қарап тұрды да: "Қанша айтқанменен, жылы бірге жылдас, жасы бірге құрдас ер еді, жаңсақтан айтқан бір ауыз сөзіне бола көңілін қалдырмай-ақ қояйын" деп шақырып алып, өкпе-кінәларын айтысып, екеуі де қосынға келді.
Қобыланды Қазанның қазған орынан Тайбурылды секіртпекші болып, атына арнап айтқан сөзі:
Қобыланды тұрып сөйлейді:
- Мал саттым базар бөзіне,
Салсаң жылқы тоқтайды
Арқаның бөрі көзіне.
Тұлпарым, саған айтайын,
Құлағың сал сөзіме.
Шекер менен бал қандай,
Жая менен жал қаңдай,
Атыңыз тұлпар деуші еді,
Қазанның қазған орынан
Қарғимысың, хал қандай?
Тайбурыл сонда сөйлейді:
- Артында қалды еліңіз,
Болды ма менде кегіңіз,
Анамыз Құртқа деген соң,
Сатылмайды теріміз.
Қысылған жерде дем берсін,
Жылқышы Қамбар піріміз.
Ойыңа алсаң қоймайсың,
Артық туған шеріміз.
Салған қолқаң сол болса,
Қарғысам, қарғып көрейін,
Тәуекел етіп көріңіз.
Қобыланды сынды еріңіз,
- Әйт, жануар, шу, — деді,
Бурыл балқып гуледі,
Ортасына шаһардың
Бурыл келіп топ етті;
Жердің шаңы бұрқ етті.
Төрт аяғы тиген жер
Тесіле жаздап солқ етті.
Келмей Қобылан жүрген соң,
Қайтпасын батыр білген соң,
Қара қасқа ат мінген,
Aт құйрығын шарт түйген,
Артына сауыт бөктерген,
Алдына дабыл өңгерген,
Алмағанға дем берген,
Азды, көпті тең көрген,
Көктен дұшпан сұраған,
Жау көрмесе жылаған,
Қолына жұмсақ болсын деп,
Найза ұстаған жеріне
Топтап барқыт ораған;
Шын қаһары келгенде
Жаңбырлы қардай бораған,
Суда болар cap сазан,
— Жеке ме, бала, жеке — деп,
Алдынан шықты ер Қазан...



Пікірлер (9)

анель

Маган бул жыр катты унады

мынау мұқтар әуезовтыкі ма

бірақ күшті екен

амина

мен негизи олендеринин аттарын издеген болгам

асем

мен негізі республикалық жарысқа іздеген болатынмын 110 жаттау бірақ бұлда болар екен

Құралай мақсұт

Мен қобыланды батыр жыры жазайн дейім

Metis

jattap algim keledi. Ezberliyenlere helal olsun!

Шыңғысхан

Өте керемет

Алмас

жыр катты унады

Дияра

Керемет бірақ жаттау қыйын болды мен үшін ????♥️

Пікір қалдырыңыз

Өтірік өлең

  • 0
  • 3

Қайныма қарға мініп ұрын бардым,
Күйеуден өзім қатар бұрын бардым.
Айғырын шегірткенің ұстап мініп,
Алдына қайын атамның қырындадым.

Толық

Қарап көріңіз