Оян!
Оян!!!
Түн аспаны түнек-бұлттан сейіліп,
Түріп жатыр, қараңғылық түндігін...
Түс пен өңнің өтіндегі кей үміт -
Түлкі бұлғаң... бүтін жүрген кім бүгін?!
Терезенің ар жағынан ай күліп,
Жарқ еткізсе, түнек аспан жұлдызын...
Жанарымның шағылысып, жарқылы
Жүрегімнің жарар едім, бір гүлін...
Жарық дүние-ай!
жаратушы сен бе едің?
Қараңғыда жол таба алмай адассам,
Айдың нұры адастырмай, дем бергін...
Өзді-өзімен күбірлеумен көз іліп,
ұйқтап кеткен рухымның көргені:
***
... Көкірегі соқырлар базарында
Көзі соқыр бір ғаріпті көргемін...
Тесік қалта түбінен тесік теңге ап,
Тері телпегіне салып бергенім –
Ұят болды-ау... барым сол еді...
Қысылғаннан терледім...
Кірерге тесік таппадым,
Бірақ, өлмедім...
Уффф! Неткен ұзақ таң?
Шөлдедім...
***
...құм сырғиды, кері қарай жер жылжып...
Дем шығарсам, үмітім тұр сөнгелі...
Жүріп келем... арды қайрап, азапқа,
Көкбөрінің жолда ғой деп, жөргемі...
Құлбазардан құтылғандар тойлап жүр
Атасына құран оқып, көрдегі...
Арасында өлілердің атам жүр...
Қамшысының ұшын беріп өрмелі:
Өлең оқып тұрғандай боп сөйлейді:
- Қасиетті жер мен көктен
жаралған
Ей, Көк бөрі, Хас сақтардың жөргегі!
Сайда саның, құмда ізің қалмайды-ау,
Оянбасаң, отың тұр ғой, сөнгелі,
Қамшысымен тартып өтті, "Оян!" деп:
"Дұшпаның тұр көмгелі"
- Атаааа!
(Қаhарынан қатты шошып)
ОЯНДЫМ!
- Бисмилла! Түс екен ғой, көргенім...
Ақ сақалды, атам ба екен, жаңағы?!
Көзім түсті, портретке төрдегі...
Иә, атам...
Айдың нұры төгіліп тұр, манағы...
Жұма екен ғой, неге екен, келгені?
Ал, қолыма қарасам,
қамшы емес, қалам екен, Бергені...
Оян! дей ме?
Кімді оятам... қаламмен?
Шым-шытырық...
Түс айтады өң нені?
Елең-алаң...естіледі мешіттен...
- Азан!!! Атып шықтым да, бөлмеден,
алақанымды айға жайып, көп тұрдым:
- Шырт ұйқыдан оята гөрші,
Қазақ деген ПЕНДЕНІ...
Оян! Ояныңдаршы!
Өлілердің ұят болды ғой
КЕЛГЕНІ...
Шынар Кендін - 2018 жыл.
Бүркеншік аты - Аршын Керей.
Әсем
Өлеңдеріңіздің барлығы керемет! Өлеңдер жинағын басып шықсаңыз болады екен.
arshynkerei
Өлеңімді оқыған жандарға рахмет! Сіздердің пікірлеріңіз мен үшін өте құнды. Бір-бірімізді бағалап, дем берейік! Сіздерге де шығармашылық табыс тілеймін!
Айша
Өте керемет, Жарайсыздар!Өлеңдеор өте жақсы!
Дархан
Жақсы жазыпсыз. Бірақ өлілерден емес біріншіден құдайдан одан кейін өзімізден, келешек ұрпақтан ұят болу керек. Құдайдан, өзіңнен ұялу дегенің не үшін бұл дүниеге келгеніңді түсіну. Болмаса малдан айырмашылығымыз қалмайды. Өмірдің, өз болмысымыздың мағынасы жойылады.
Raika
Жақсы жазғансыз. Лирика. Ұнады. Қаламыңыз мұқалмасын. Шабытты болыңыз!
arshynkerei
Бұл жерде тірі біз түгілі өлі аруақ та көрінде тыныш жата алмай, бүгінгі ұрпаққа аян беріп, келіп жүргені - өлілерден ұят болды ғой, тірі адамдар рухани тірілейік, оянайық! деп отырғаным белгілі. Себебі өлеңнің өзі - түс, аян ғой.
Айтпақшы, бұл өлеңді сайыс үшін жазбағам. Басқа өлеңдерімнен үміттенген едім. Тақырыбы ояну туралы болғасын осы ілінген сияқты, қазылардың қолына)))
arshynkerei
Рахмет, әр пікір құнды))
arshynkerei
Басқа өлеңдерімді де оқысаңыз қуанып қалар едім.
Райхан
Ояну керек! Өзімізді құрметтеуіміз керек. Сол құрметті талап ету керек!