Өлең, жыр, ақындар

Оян

Оян
Жазайын мен ақ қағазға ойымды,
Бұғып қалмай, кеңге салып бойымды.
Дәл Міржақып атамыздай дабылды
Қағамын мен салып тұрып жанымды.
Өміріңді телефонға байламай,
Кітап оқы, сараңдыққа бойламай.
Дүниенің түп қазығы білімде,
Білім жинап мәңгілікке күлімде.
Ұйқы, шіркін, жіпсіз байлар адамды,
Алға қарай басқызбайды қадамды.
Мәңгілікке ұйықтайсың бір күнде,
Қасиетті қара жерге кіргенде.
Оқимын деп тілмен орақ орғанша,
Әрекет ет бақ-жұлдызың жанғанша.
Қара қытай қаптап жатыр шығысты,
Бұдан аздап қалың қазақ ығысты.
Бермеу үшін жат қолына еліңді,
Білімді бол, бекем буғын беліңді.
Мал – бір жұттық, ал білімің мәңгілік,
Тұрады ол күндіз-түні жаңғырып.
Сондықтан да тек кітапты серік ет,
Біліміңді сарқылмастай берік ет.
Ұлтың үшін тарихыңды ұмытпа,
Оны әр кез ауызға алып ұлықта.
Көзіңді аш, таста жаман қылықты,
Бола көрме жалқаулыққа құлықты.
Ұйқысырап жүрсек егер осылай,
Үш қайнаса сорпамыз еш қосылмай.
Елімізге қандай үлес қосамыз,
Болашақтан қандай үміт тосамыз?!
Түсінгенге бұл сөздерім ем болар,
Жақсылықтың нышанымен тең болар.

Мамытхан Гүлзинат



Пікірлер (1)

Дони

Керемет!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз