Қазақтың әдет-ғұрпында жол-жоралғы деген ұғым бар. Бұл – әр адамның еңбегіне, ата-тегіне, туыстық қатынастарына сай жасалатын алыс-беріс, сый-сыяпат ретінде берілетін тарту-таралғы. Мұның әр түрлі жолдармен жасалатын реті болады. Мысалы, алғаш рет келген құрметті қонаққа, батырға, ақынға, ел ағаларына, құда-құдағиға көрсетілетін жол бар. Олардың жанындағылар да елеусіз қалмайды. Мұндай тарту-таралғыға ат-шапан, кісе белбеу, ер-тұрман, қару-жарақ, қалы кілем, құндыз бөрік, домбыра, күміс қамшы жатады. Жол жөн-жосық, кезек беру арқылы да көрсетіледі, мысалы: бата беру, бас ұстау, жоғары отыру. Бесікке салуда жол құдағиға немесе басқа рудың әйелдеріне беріледі. Жас ақын аға ақынға, жас палуан бас палуанға, жігіт қызға жолын береді, өйткені «қыздың жолы жіңішке» деген бар. Жастар қарияларға жол береді. Ерсі, әдепке жатпайтын жайларды қазақ «жолсыз іс» дейді.
Жалпы қазақ баласы қай жерде де, қай істе де жолсыз, жоралғысыз аяқ баспайды. Ел ішінде күн сайын кездесетін жолдасу, жол алу, жолын беру, жоралғы жасау, жөн-жосық, міне, алдымен осы жолдан басталады.
«Орамал тон болмаса да, жол болады», - дегенде, атам қазақ: «Үлкен-кіші болса да, сыйлай біл, арзан-қымбат болса да, жолы мен жөнін көрсете біл», - деп ескерткен. «Е, құдайым, тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме, аттан құласам да, жолымнан құлатпа!» - деп тілеген ел жолдан жығылуды ар санаған, сол жолдан таймаған.
Арқаның атақты Шәрке салы Шыңғыс төремен араз екен. Бір сапарында малға кедей Шәркені ұялту үшін Шыңғыс оның аулына бір топ нөкерлерімен түсе қалыпты. Қонақасыға Шәрке сал маңдайына біткен жалғыз жүйрік атын сойғалы жатқанда, Шыңғыс жүгіріп барып: «Соя көрме», - деп, кешірім сұрайды. Шәрке сал: «Сойсам, ат өледі, соймасам, Шәрке өледі», - деп, атын бауыздап жіберіпті. Міне, жолдан жығылмаудың үлкен бір мәрттік мысалы осындай.
Қазақ жолдан жығылуды өліммен тең санаған. Жол-жоралғы – әр адамның азаматтық, елдің елдік қасиетін сынайтын ұлағатты ғұрып. «Жаңа отауға тарту деп қазақ жоралғысымен бір-бір соғымды ақ сазандай тулатып әкеп байлаған», - деп жазады С.Жүнісов.
Демек, тұрмыстағы салт-дәстүр, өмірдегі әдет-ғұрыптың бәрі осы жол-жоралғы арқылы жасалады, жөнін табады. Жолды ұстай білу – биік адамгершіліктің, ұлттық парасатымыздың берік тұғыры.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі