Өлең, жыр, ақындар

Адыраспан – киелі шөп

Шығыс халқы адыраспанның киесі бар деп есептеген. Тіпті оны аяқ астында таптамай, ат үстінен керекті мөлшерін ғана алып ем қылатын. Үйге ырыс, бақ әкелсін деп босағаға іліп қоятын. Әлі күнге дейін өзбектер жол сапары сәтті болсын деп машинаның алдыңғы әйнегіне іліп қояды екен. Жас келін босанғанда, сәбилер сырқаттанғанда, өкпе ауруына шалдыққанда адамдарды аластайды екен. Адыраспанға қылшаны және ермен, кермек жусан шөптерін қосып, күн батар кезде әдейі арналған ыдысқа өртеп, оның түтінімен емдейді.

Адыраспан - көпжылдық өсімдік. Оның сабағы бұтақшалы, тамыры діңгекті, жапырақтары тілімденген, кезектесіп орналасқан. Бес күлтешесі бес бөлімді. Аталығы он бес, гүлдері ақ-сарғылт. Жемісі дөңгелек тәрізді кауашақ, ірі қоңыр түсті көп тұқымды болады.

Қазақстанда адыраспанның бір-ақ түрі өседі. Биіктігі 20-60 см. Гүлдену мерзімі – мамырдың аяғы мен маусым айында. Шілде айында жемісі тола бастайды.

Адыраспанның химиялық құрамында гармалин алкалоидтары бар. Гүлі мен сабағында печаник алкалоиді бар. Бұл өсімдік улы дәріге жатады.

Адыраспан - ең көп тараған емдік шөптердіңі  бірі. Одан жасалған гармалин алкалоидының әсері банистерин алкалоидынан асып түседі. Ол эниефалит ауруын емдегенде жақсы нәтиже береді.

Ауруға шалдыққан адамның жүйке жүйелері асқынып, ұстамалы қояншық (эпилепсия) ауруы  мен қалтырау салына (дрожательный паралич) шалдыққанда қолданылды.

Халық емшілері құяңмен ауырғанда адыраспан жапырағымен булауды ұсынады. Көп жағдайларда булау жасап, ісіктерге де басады. Әртүрлі тері ауруларына және ревматизмнің салдарынан сүйектер сырқырап ауырса, адыраспаннан жасалған бұлау табылмастай ем.

Адыраспанның ерекше қасиеті - өкпе ауруына ем. Өкпе туберкулезі, демікпе, ентікпе, тағы да басқа әр түрлі өкпе ауруларына шалдыққанда адыраспанды пайдаланған.

Көп жағдайда суық тиіп, ауру басталғанда адамның денесі мұздап, қалтырап берекесі кетеді. Сол кезде адыраспанның қайнатпасын ішсе, ауруды жеңілдетеді. Тер шығару мен несеп айдау адыраспанның ерекше қасиетінің бірі. Безгек ұстағанда да көп адамға ем болған. Адыраспанның талаурауға, қабынуға қарсы қабілетін пайдаланып, оала көтермеген әйелдерді де емдеген. Адамдар адыраспанды бояу ретінде де қолданған. Мысалы, шөптің тұқымымен жүннен тоқылған бұйымдардың түрін қызыл түске бояп, тіпті заттың күн нұрына өңін бермейтін амалын тапқан. Түркияда ерте заманнан-ақ адыраспаннан әдемі қызыл бояу алып, онымен бас киімді бояп киген. Бояудың 10 грамымен 5 шаршы метр жібекті, 50 шаршы метр матаны алқызыл етіп бояуға болады. Қазақ адыраспанның тұқымымен қойдың, түйенің жүнін бояп, алашаға, текеметке көрік берген.

Адыраспан - улы, сасық иісті, жұмыр өсімдік. Көбінесе жол жағасында, шөлейтті, ірі құрғақ жерлерде өседі. Құрамында адыраспан сілтісі мен ұшпа майы бар.

Жинау мен өңдеуіне келер болсақ, жердегі бөлігі және тұқымы дәріге пайдаланылады. Жер үстіндегі бөлігін жазда немесе күзде жинап, жас күйінде немесе кептіріп турап жасайды. Ал тұқымы піскенде жинайды. Бір ескере кететін жәйт: адыраспан улы болғандықтан, пайдалану мөлшерін сақтап (сабағы мен жапырағынан 4-8 грамм, тұқымынан 0,1-0,5 грамм), абайлап қолданған жөн.

Сабағы мен жапырағын қайнатып, мөлшерімен ішсе, талма, сал, ұмытшақтық, суықтан болған ми қабынуы және тарамыс ауруларына жақсы ем. 500 грамм шөбін 0,5 литр қызыл араққа қайнатып, күніне 30 грамнан 1 ай ішсе, талма, бастың созылмалы ауруынан айықтырады.

Күніне 4-6 грамнан онбес күн ішсе, ревматизм ауруын басады. Оған жаншылған зығыр түқымын қосып, жалғастырып ішсе, демікпені жазады. Тісті адыраспан шөбімен ыстаса, қақсап ауырғаны басылады.

Буынның жел-құз қоздырған қабынуына қолданылады. Ол үшін жас сабағы мен жапырағын жаншып, буынға таңады.

 

 

Г.ӘЙМІШЕВА.

Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің

 география пәнінің мұгалімі

Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2009(№3). – 15 бет.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз