Эссе және өлең-жыр байқауы

Қан қысымын қалай көтеруге болады: көмегі тиері анық 5 жылдам тәсіл

Одан бөлек төменде тағы 7 тәсіл бар, олардың арқасында қан қысымы проблемасын өмір бойы ойыңызға алмауыңыз әбден мүмкін.

Жақсы жаңалықтан бастайық: төмен қысым — жақсы нәрсе емес, бірақ одан көбінесе қауіп жоқ. Алайда гипотония ұстамасын елемей жүре беруге мүлдем болмайды.

Қан қысымының төмен болуы деген не және ол несімен қауіпті

Шекаралық деңгей — 90/60 екенін есте ұстаңыз. Тонометр осы мәндерді көрсетіп тұрса немесе осы мәннен аздап ауытқып тұрса, бәрі дұрыс деген сөз. Бірақ осы екі санның кез келгені — біріншісі болсын, екіншісі болсын төмендеп кетсе — қысымның азайғаны туралы айтуға болады.  

Бұнда бір азғантай маңызды ерекшелік бар. Егер жоғары қысым бойынша анық болса: ол бәріне қауіпті, төменгі артериялық қысым жай ғана сіздің өзгешелігіңіз болуы мүмкін. Ол сізді сырқаттандыра бермесе, оны денсаулықтағы кінәрат деп санамайды және онымен күресудің қажеті жоқ.   

Мынандай симптомдар пайда болып жатса, мәселе басқа:  

— әлсіздік;  

— естен танып қалардың сәл алдындағыдай күйге түсіретін бас айналуы;  

— көздің бұлдырауы;  

— жүрек айнуы;  

— қалтырау;  

— тершеңдік;  

— енжарлық.  

Бұл симптомдар жиынтығы мазаңды алып, жұмыс істеуіңе және елмен араласуыңа кедергі келтіреді. Бірақ ең бастысы: төменгі қысым жағымсыз симптомдармен бірге жүрсе, бұл шындығында тек симптом ғана.  

Артериалдық қан қысымының төмендеуінің себептері әртүрлі: жай ғана организмнің сусыздануы мен стресстен бастап гормоналдық бұзылыстарға, іштен қан кетуіне және миокард инфарктіне дейін болуы мүмкін.  

Гипотонияны қоздырып жатқан не екенін нақты анықтап алып барып, емделуді бастаудың маңызы жоғары. Негізгі кесел емделген кезде қан қысымы өзі-ақ қалпына түседі.   

Қай кезде жедел жәрдемді шақыру қажет

Өзіңізден немесе жақын адамыңыздан аса төмендеп кеткен қан қысымын ғана емес, сондай-ақ:  

— тері суық, жабысқақ және бозарып кеткен кезде;  

— жылдам үстіртін тыныстаған кезде;  

— тамырдың әлсіз және жылдам бүлкілдеп тұрған кезінде;  

— ақыл-естің кіресілі-шығасылығын байқай сала жедел жәрдемді шақыру керек.

Бұл жедел артериалдық гипотензияның (коллапстың, шоктың) нышандары. Бұндай күй өмір үшін қауіпті. Ол мыйдың және ішкі ағзалардың гипоксиясына апарып соғуы мүмкін. Осы себепті медициналық көмекке жүгінуді кешеуілдетуге болмайды.  

Үй жағдайында қан қысымын қалай тез жоғарылатуға болады

Еске салайық: егер төменгі қысымның жағымсыз симптомдары белгі беріп тұрса, терапевтке барып қаралыңыз. Олай етпеген жағдайда жасырын әрі анағұрлым ауыр кеселге ұшырауыңыз мүмкін. Бірақ, сіз дәрігерге жеткенше немесе маман сырқаттанудың себептерін анықтағанша, қысымды жоғарылатудың үйде істеуге болатын қарапайым амалдарын қолдануға болады. Өзіңізге мына амалдардың ең жайлысын таңдап алыңыз немесе оларды үйлестіріп қолданыңыз.  

1. Тұзды бір тағамды жеп алыңыз

Майшабақтың бір тілімін, тұздалған қиярды, сүзбе ірішіктің бір-екі тілімін, соя тұздығы молынан демделген бір қасық күрішті жеңіз...  

Натрий хлориді (кәдімгі ас тұзының өзі) артериалдық қысымды арттырады. Ол кейде күрт жоғарылатып жібереді, сондықтан гипертониясы бар адамдарға оны мүлдем қолдануға болмайды. Бірақ біздікі мүлдем керісінше жағдай.  

Назар аударыңыз! Қан қысымын тұзды тағамдармен үнемі жоғарылатып жүре беруге болмайды. Артық мөлшердегі натрий адам жүрегін, әсіресе егде тартқан кісі болса, әлсіретіп жіберуі мүмкін.  

2. Бір стакан су ішіп алыңыз

Дұрысы, іше алсаңыз, екі стакан ішіп жіберіңіз. Сұйықтық қанның көлемін арттырады (оның салдарынан қанның тамырға түсетін қысымы артады), сонымен қатар сусыздануды болдырмайды.

3. Компрессиялық гольф немесе шұлық киіп алыңыз

Икемді шұлықты қалыпты жағдайда домбықкан жерді немесе варикоз болған тамырлардағы ауырсынуды азайтып басу үшін киеді. Бірақ, бұған қоса, ол аяқтағы қанның көлемін азайтады. Саумаланып шығып кеткен қан негізгі тамырлардағы қысымды арттырады.   

4. Дұрыс дене күйін ұстаңыз

Бұл компрессиялық шұлықтарға өзінше бір балама.  

Егер отырсаңыз, бір аяғыңызды екінші аяғыңызға айқастыра қойыңыз. Осылайша сіз аяқтағы қан көлемін азайтып, негізгі тамырлардағы қан қысымын арттырасыз. Айтпақшы, осы себепті гипертонияға шалдыққандарға бұндай позада отыруға болмайды.   

Егерде түрегеп тұрсаңыз, екі саныңызды қайшыға ұқсатып айқастырып, оларды қатты қысуыңызға болады. Бұның әсері де алдыңғысына шамалас болады.

Тағы бір жолы бар: бір аяғыңызды орындыққа немесе сәкіге қойыңыз да, бүкіл денеңізбен барынша алға еңкейіңіз.   

5. Кофе ішіп алыңыз

Бұл қан қысымы деңгейін жоғарылатудың ең көп қолданылатын, бірақ пәрменді болуы екіталай тәсілдердің бірі. Кофеин шынымен-ақ кофені ішуі сирек адамдардың артериалық қысымын жоғарылатып жіберуі мүмкін. Ал ол адам кофеман болатын болса, керекті әсер міндетті түрде бола қоймайды.   

Қалай дәрі-дәрмексіз қан қысымын ұзақ уақытқа жоғарылатып алуға болады

Қайталап өтейік: хал-ахуалыңыздың себептерін айқындаған дәрігер емдеу жобасын жасағаны жөн. Симптомдарды бәсеңдету үшін медик төмен қан қысымын қалыпқа түсіретін дәрілерді жазып береді.

Алайда, сіз, өмір салтыңызды аз-кем өзгертіп, организіміңізге көмектесе аласыз. Гипотония кезінде дәрігерлер былай істеуге кеңес береді:   

1. Көбірек, әсіресе күн ыстық кезде және температураңыз болса, су ішіп тұрыңыз.  

2. Алкгольдік ішімдіктерді тұтынуды азайтыңыз. Мүмкіндігінше спирттік ішімдіктерден мүлдем тыйылғаныңыз абзал.   

3. Жүйелі түрде жаттығып тұрыңыз немесе, ең құрығанда, көбірек серуендеп тұрыңыз: физикалық күш түскенде тамырлардың тонусы жақсарады.   

4. Бір орында ұзақ тұра бермеуге тырысыңыз. Егер түрегеп тұрып істейтін жұмыста жүрсеңіз, жиірек бой жазып тұрыңыз: отырып-тұрыңыз, секіректеңіз, билеңіз.   

5. Ыстық ваннада ұзақ уақыт жатып алмаңыз. Денсаулыққа пайдалырақ түрі — контрастты (ыстық су мен суық су кезек-кезек ағызылатын) душқа түсу.  

6. Күнделікті рационыңыздағы көміртектердің мөлшерін азайтыңыз. Тәтті жегіңіз келіп бара жатса, жеміс-жидек жеңіз.  

7. Кішігірім порциядан күніне 4–5 рет тамақтанып тұрыңыз.

Оқуға кеңес береміз:

Қан қысымының төмендеуі

Қан қысымының көтерілуіне жол бермейміз

Артериялық гипертензияның алдын алу


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (1)

Мұхит

Қан қысымын көтеру үшін хабардан өтірік жаңалық көремін)

Пікір қалдырыңыз

Жүктелуде...