Өлең, жыр, ақындар

Төтенше жағдай кезінде не істеу керек

Төтенше жағдай (ТЖ) — адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлар, олар өндірістік апат, террористік акт, әскери операциялар немесе жер сілкінісі, сел жүру секілді табиғи апат салдарынан болуы мүмкін. Халықты осындай қауіптен сақтау үшін, Төтенше жағдайлар министрлігі және Азаматтық қорғаныс штабы сияқты қызметтер ұйымдастырылған. Қандай да бір қауіптілік төнген жағдайда арнайы қызмет орындарына хабар беріп, көмекке шақыру керек. 

112-ге хабарласыңыздар!

Бұл Төтенше жағдайлар департаменті диспетчерлік қызметінің телефон номері. Бұған ұялы телефоннан SIM-картасыз да хабарласуға болады.

Басқа да төтенше қызметтердің номерлері:

Өрт сөндірушілер 101;
Полиция 102;
Медициналық жедел жәрдем 103;
Газдың апаттық қызметі 104;
Терроризмге қарсы қызметтің тікелей арнасы 110.

Алматы қаласында қандай төтенше жағдайларға дайын болу керек

Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан, мұнда шағын, еміс-еміс сезілетін жер асты сілкінулері үнемі болып тұрады. Алайда соңғы 120 жылда мұнда тек төрт ірі жер сілкінісі болды. Жер сілкінісі болған жағдайда не істеу керектігін білу керек, бірақ одан қорқудың қажеті жоқ. Қала тау бөктерінде орналасқан, сондықтан әрбір тұрғын кез келген уақытта тауға шыға алады. Тауда адамды күтіп тұрған басты қауіп – сел мен қар көшкіні. Төніп тұрған қауіптің жоғарылығы туралы Төтенше жағдайлар министрлігі SMS арқылы ескертеді. Егер де сіз осындай ескерту алсаңыз, тауға барудан бас тартыңыз. Алайда Алматыда су тасқыны жоқ, көшкін де өте сирек болады. Қала билігі мұндай жағдайды үнемі бақылап, не болып жатқанын ескертіп отырады.

Алғашқы медициналық көмек қалай көрсетіледі?

Адам қайғылы жағдайға кез келген жерде: үйде, көшеде, жолда, көлік апаттары кезінде немесе т.б. ұшырауы мүмкін. Көбінесе адамдар алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі білімінің  жоқтығынан жанындағы адамдарға, кейде  тіпті туысы, танысы немесе досына көмек көрсете алмай жатады.

Алғашқы медициналық көмектің негізгі мақсаты – адам өмірін құтқару. Ең бастысы – алғашқы секундтарда дұрыс әрекет етуге үйрену, дәрігерлер келгенше апатқа ұшыраған адамның өмірін сақтап қалу. Келесі кеңестер өзіңізге, жолдасыңызға басқа да көмекті қажет ететін кез келген адамға алғашқы көмекті дұрыс көрсете алуға септігін тигізеді.

Ең алдымен адамды қайғылы жағдай болған жерден алып шығыңыз, оның өміріне қауіпті  жағдайды (талып қалу, бастырылып немесе қысылып қалу, қан тоқтамау) жойыңыз; жарақатының қандай дәрежеде екенін, көлікпен немесе жаяу тасымалдауға келетін-келмейтінін  көріңіз; қауіпсіз, медициналық көмек көрсетуге қолайлы жерге апарыңыз; алғашқы медициналық көмек көрсетіңіз.

Көз қарашығының жарық сезгіштігін анықтау тәртібі. Бас бармақпен үстіңгі қабақты көтеріп, қарашыққа қараңыз. Егер қарашық жарық түскеннен кейін де үлкен күйінде қалса, онда ол жарықты сезбейді деген сөз. Қараңғы кездерде қарашықтың жарық сезгіштігін электр қолшамының көмегімен байқауға болады.

Ұйқы артериясындағы тамыр соғысын байқау тәртібі. Төрт саусағыңызды жарақаттанған  адамның мойнына қойыңыз. Саусақтарыңызды  кеңірдек пен мойын бұлшық етінің ортасына қойып, тамыр соғысын байқау үшін аздап батырыңқыраңыз.

Қолдан немесе аяқтан қан ағатын (капилярлық немесе тамырлық) болса, зақымданған  жерді таза дәкемен қаттырақ байлаңыз (бастырып байлау) немесе лейкопластырьдың көмегімен мақта-дәкеден бірнеше қабат етіп жасалған тампон қойыңыз. Алайда жарақатты өте қатты байлап тастауға да болмайды (қан жүрмей, мүше көгеріп қалуы да мүмкін). Бастырып байлау кішірек артериялардың қанауын тоқтатады.

Артериялық қанау кезінде артерияны қолмен басып тұрады, қан тоқтатушы жгут көмегімен немесе  қолды не аяқты бүгу арқылы тоқтатады. Артерияны қолмен немесе жұдырықпен басқан кезде қан бірден шамамен 10-15 минутқа тоқтап қалады, содан соң қол шаршап, қысым әлсірей бастайды. Сондықтан артериядағы қан тоқтай салысымен қан тоқтатушы жгутты пайдаланыңыз. Жгутты жалаңаш денеге байлауға болмайды. Адам терісі қатпарланбай, тегіс болуы керек, жгут байланатын жерді орамалмен немесе дәкемен ораңыз. Жгутты аяқ немесе қолдың астынан алып, үстіне қарай байлаңыз, алғашқы екі байламды қатты етіп, үшіншісін тартпай сәл ғана байлаңыз. Егер қан тоқтамаса, жгутты алып, қайтадан одан да жоғарырақ жерден байлаңыз. Байлауыңыздың қаттылығы қанды тоқтатуға болатындай, бірақ мүлдем қан жүргізбей тастамайтындай болуы керек. Жгутты байлап болған соң  жгут салынған уақыт, құтқарушының аты-жөні, лауазымы жазылған қағаз қыстырып қоюды ұмытпаңыз. Жгут әдетте 1,5 — 2 сағатқа ғана, ал суық күндері 0,5 — 1 сағатқа қойылады. Ал әрбір 30 — 60 минут сайын жгутты босатып отыру керек, яғни бірнеше минутқа босатып, сол кезде жгуттың жоғарғы жағынан саусақпен басып отыру керек, жгут тұрған жердегі ізге ақырын ғана массаж жасау керек. Жгутты 2 сағаттан артық ұстауға болмайды.

Фабрикалық жгут болмаған жағдайда оны қолда бар нәрсемен (резина түтік, галстук, белдік, белбеу, орамал, бинт және т.б.) алмастыруға болады, тек сым темірді қолданбаңыз.

Бүркітбаева Ақбала Амангелдіқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз