Өлең, жыр, ақындар

Эмоционалдық интеллект деңгейінің төмендігін қалай анықтауға болады

Егер жеке өміріңізде жолыңыз болмай, достарыңызбен, әріптестеріңізбен арадағы қарым-қатынастарыңыз нашар болса, мәселе эмоционалдық интеллект деңгейінің (EQ) төмендігінде болуы мүмкін. Мұны келесі сұрақтарға жауап беру арқылы анықтауға болады.

1. Өз мүмкіндіктерімді объективті бағалаймын ба?

Сіз өздерін өте әзілқой адам ретінде ұстайтын, алайда достары тарапынан әзілдерінің түсініспеушілігімен бетпе-бет келетін адамдармен кездестіңіз бе? Не болмаса өздерін жазушылар ретінде қабылдайтын, бірақ шын мәнінде бұл сала мамандарынан емес әуесқойлармен таныс шығарсыздар. Бұған түсірген суреттері тек өздеріне ғана ұнайтын фотографтарды да қосыңыз. Аталған адамдардың бәрі EQ деңгейінің төмендігімен ерекшеленетінін айтуымыз қажет.

Жақсы дамыған эмоционалдық интеллектісі бар адам өзінің мықты және әлсіз жақтарын біліп, олардың тиімді тұстарын пайдаланып, кемшіліктерінің өзіне де, басқаларға да кедерді келтірмеуін қадағалап отырады.

Эмоционалдық интеллектісінің төмендігімен ерекшеленетін адамды анықтау үшін оған басқа адамдардың көңіл-күйлерін түсінбейтіні жайында айтсаңыз болады. Ол, өз кезегінде, таныстары арасында өзінен асқан эмпатты көрмегенін хабарлайды.

EQ деңгейі төмендігінің көрсеткіші: айналаңыздағылардың Сізді түсінбейтінін, бағаламайтынын, барлық жақсы игі істеріңізді орынсыз сынға алатытын сезіну.

2. Басқаларды сынға аламын ба?

EQ деңгейі төмен адамдар, көп жағдайда, басқаларды сынға алудан тайынбайды. Біреуді түсіну мен оған кешіріммен қарауды өздері үшін жаратылмаған эмоциялар ретінде қабылдайды. Мұндай жағдайда олар басқа адамдардың жағдайын түсінуге тырыспай, кеңес беруді дұрыс деп санайды.

Мұндай адамдар басқаларын өте сезімтал деп қарастырғандықтан, оларды ренжітуі мүмкін сөздер айтып, адамның осал тұстарын әшкерелеуден де тайынбайды. Олар өздерінің мұндай әрекеттерімен басқаларының жүректерін жаралаймын деп ойламайды. Айналасындағы адамдардың қайғыларына ортақтаспайды, керісінше, одан әрі ушықтыра түседі.

Психологтардың айтуынша, мұның негізгі себебі EQ деңгейі төмен адамдардың басқаларының сезімдерін түсінбеуінде жатыр екен.

EQ деңгейі төмендігінің көрсеткіші: егер адам Сіздің қалжыныңызға ауыр жауап қайтарса, Сіз оның тым эмоционалды екені және кіші-гірім келеңсіздіктерге көп көңіл бөлетіні туралы нәтиже шығарасыз. Және өзіңіз де ашу-ызаға толасыз.

3. Басқа біреудің көзқарасын қабылдай аламын ба?

Төмен EQ деңгейіне ие адамдардың тағы бір ерекшелігі олардың дау-дамайға жақын тұруы мен бірбеткейлігі болып табылады. Мұндай адамдар өз пікірлерінің дұрыстығына сенетіндері соншалық, басқаларды тыңдағылары да келмейді. Өз пікірлеріне қайшы келетін пікірлерді жалған ақпарат ретінде қабылдайды.

EQ деңгейі төмендігінің көрсеткіші: жоқ жерден ілік іздеп, дау-дамайды бастап кетуге әзір болып тұрасыз. Ал қарсыласыңыздан сенімді дәлел келтіруін талап етесіз. Дауға дос-жарандарыңызды, туған-туыстарыңыз бен әріптестеріңізді тартасыз. Ақыр аяғында дау барлығыңыз үшін эмоционалды тұрғыдан ауыр келеді.

4. Өз қателерімде өзге адамдарды кінәлаймын ба?

Өз сезімдеріңізді ұстай алмау көп жағдайда эмоционалдық серпілістерге әкелуі мүмкін. EQ деңгейі жоғары адам өз бойында қандай сезімдердің орын алып отырғанын және олардың қандай жағдайларға әкелетінін білгендіктен, мұндай серпілістерге орын бермеуге тырысады.

Ал EQ деңгейінің төмендігімен ерекшеленетін адамдардың жағдайы әлдеқайда қиынға соғады. Өзіңіз түсінбейтін нәрсені бақылауға алып, реттеп отыру өте қиын. Сондықтан айналаңыздағы адамдар да мұндай эмоционалдық серпіліс мезеттерін адам бойындағы тепе-теңдіктің бұзылуымен байланыстырады.

EQ деңгейі төмендігінің көрсеткіші: мұндай жағдайда өзіңізді емес, қоршаған ортаңыздағы адамдарды кінәлайсыз. Эмоционалдық серпіліс көзі ретінде өзіңізді қарастыру мүмкіндігіне жол бермейсіз. Таңдау болмағандықтан, осындай жағдайға душар болдым, ал жақындарым мені мүлдем түсінбейді деп, өзіңізді аяудан да тежелмейсіз.

5. Өзімнің шын эмоцияларымды жасырамын ба?

EQ деңгейі төмен адамдар аса ауыр эмоцияларды тудыратын жағдайларға төтеп бере алмайды. Олар мұндай жағдайлардан алыс тұруға тырысатындықтан, өздерінің шын эмоцияларын жасырын ұстайды.

EQ деңгейі төмендігінің көрсеткіші: достық және ғашықтық қарым-қатынастарын ұзақ уақыт бойы жалғастыру Сіз үшін қиынға соғады. Жаныңыздағы адамның көзқарасымен, оның қажеттіліктерімен санасу қажеттілігі Сіз үшін тым қиын сынақ болып табылады, сондықтан аяушылық сезімдерін білдіру қажет болғанда, не істеу керектігін білмеуіңіз де мүмкін.

6. Өзімді басқа біреудің орнына қоя аламын ба?

Эмоционалдық интеллект деңгейі төмен болғанда, адам не өзінің, не басқасының эмоцияларын түсіне алмайтындықтан, оның эмпатияға ие еместігін айтуға болады. Алайда кей жағдайларда, мысалы, үйсіз-күйсіз қалған ит-мысықтарға деген эмпатиясы болмаса, адамдарға келгенде, оның бәрі ұмыт болып қалады.

EQ деңгейі төмендігінің көрсеткіші: өзіңізді басқа біреудің орнында болған жағдайда қандай эмоцияларға берілетініңізді көз алдыңызға мүлдем елестете алмайсыз.

EQ деңгейі төмендігі көрсеткішіне ие адамдардың тағы келесідей ерекшеліктері бар:

- олар адамдардың іс-әрекеттерінің астарында не жатқандығын анықтауға ұмтылмайды;

- көп жағдайда негативті эмоцияларға беріліп, аталған эмоциялардың қайнар көзін анықтай алмайды;

- көбінесе өздерін ғана ойлап, айналасындағы адамдарға көмек қажет екенін байқамай қалады;

- қате жасаудан қорқатындықтан, орын алған қателерінен кейін өз-өздеріне келу біршама уақыт алады және басынан кешірген негативті тәжірибелеріне қайта орала береді;

- интуицияларына сенбей, оны орынсыз деп санайды;

- жаңа жағдайларға тез уақытта үйренісе алмайды, өзгерістерді жек көреді;

- адамдарды тыңдау мен айтылған нәрсені ести алу олар үшін мүмкін емес қабілеттер.

Психолог Николас Холл әзірлеген тест сұрақтарына жауап беру арқылы өзіңіздің эмоционалдық интеллект деңгейіңізді анықтай аласыз.

Эмоционалдық интеллектіңізді қалай дамытуға болады.

- Өзіңізді зерттеп көріңіз. Бұл үшін белгілі бір уақыт аралығында (мысалы, бір апта бойы) басыңыздан өткен жағдайлар мен олардың қандай эмоциялардың көрініс беруіне әкелгенін жазып отырыңыз. Бәрін жазуға тырысыңыз: таңертең оянған мезетте көңіл-күйіңіздің қандай болғанын, таңғы асыңызды ішкен сәттегі сезімдеріңізді, жұмысқа бара жатқандағы ойларыңызды, бастығыңыздың сөгіс жариялаған кездегі сезімдеріңізді және т.б. жазу қажет.

- Түрлі эмоциялардың ағзаңызға қалай әсер ететінін анықтап алыңыз. Ғашық болған кездегі сезімдеріңіз қандай, стресс сәттерінде жылағыңыз келе ме, әлде айналаңыздағы нәрсенің бәрін қиратқыңыз келе ме? Шаршаған кездегі сезімдеріңізді және, ең бастысы, ауыр эмоцияларға жол бергеннен кейінгі көңіл-күйіңізді зерделеп көріңіз.

- Эмоцияларыңыз бен жүріс-тұрысыңыз арасындағы байланысты іздеп табуға тырысып көріңіз. Мысалы, ашушаң кездеріңізде барлық негативті жаныңыздағы адамға қарсы қолданасыз ба? Ал ұялған сәттерде ешкімнің көзіне көрінбеуге тырысасыз ба? Осы арақатынасты талдау арқылы өзіңіздің нақты өзгерткіңіз келетін жайттарға көңіл бөліңіз.

- Өзіңіздің жағымды эмоцияларыңыздың қайнар көзін табуға тырысыңыз. Сүйікті кафеңізге барып отыру, балаңыздың күлкісі, терезеден көрінетін әсем көрініс, не болмаса орманға шығып, серуендеу – осы тектес қарапайым нәрселердің бірі Сізді де жағымды эмоцияларға жетелеуі тиіс. Оларды өзіңізге жағымды эмоция қажет болатын сәттердегі «бұлақ көзі» ретінде қабылдаңыз. Әрдайым оптимист болуға тырысыңыз.

- Басқа адамдармен сөйлесу барысында ашық әрі ұстамды болуға тырысыңыз. Өз көзқарасыңызды нақты білдіріңіз және қарсыласыңызға қысым көрсетуден аулақ болыңыз.

- Басқа бірінің көзқарасын қабылдау қабілетін дамыту мақсатында теледидардан көрсетілетін пікір-сайыстарды талдап көріңіз де, өзіңізді алдымен бір адамның, кейін оның қарсыласының орнына қойып көріңіз.

- Эмпатияны дамытуға тырысыңыз: өзіңізді басқа адамдардың орнына қойып, оның қандай эмоцияларға берілгенін және көмектесу жолдарын қарастырып көруге талпыныңыз.

- Басқалардың көзқарастарын, ойларын, позицияларын біліп отыруға тырысу қажет. Олардың эмоцияларын жасаған іс-әрекеттері мен мимикасы арқылы анықтауға тырысып көріңіз.

- Өзіңіздің өзге адамдарға қалай әсер ететініңізді анықтап алыңыз. Қуантасыз ба, әлде ашуын туғызасыз ба? Ызаландырасыз ба, не болмаса тыныштандырасыз ба? Жақындарыңызға аталған сұрақтарды қою нәтижесінде өзіңізге ұнамауы мүмкін жауап алудан қорықпаңыз, себебі Сіз өз мінез-құлқыңызды кез келген уақытта түзете алу мүмкіндігіне иесіз. Мұны естен шығармаған жөн.

- Өз іс-әрекеттеріңіздің модельдерін түсіне бастаған кезде, оларды бақылауға алу әлдеқайда оңай болатынын да ұмытпаңыз. Себебі эмоцияларға берілмей, кез келген жағдайда нақты не істеу қажеттілігін білетін боласыз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Жанарыс

Қызықты екен

Гулзия

Пайдалы нәрсе алуға болады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар