Әлем елдерінде тұмауды қалай емдейді?

Күн салқындай бастағаннан-ақ адамға тұмау жиі «жабыса» бастайтыны рас. Әрине, дәріханалар тұмауға қарсы түрлі дәрі-дәрмекке толы. Бірақ, аталған ауруға қарсы бабаларымыздан қалған кейбір әдіс-тәсілдердің әсері дәрілерден кем түспейді. Тіпті, олар әлі күнге дейін қолданылуда.

Әлемнің түрлі елдерінде қолданылып келе жатқан ем тәсілдерін жинақтаған едік. Мәліметпен таныса отырып, сіздер де басқа мәдениеттердің мұрын бітеліп, тамақ ауруымен қалай күресетінін бағалап көріңіздер.

Ыстық сидр (Америка)

instagram: @raspberry_tart

Құрамында пияз, сарымсақ, зімбір, кайен бұрышы, ақжелкек, лимон, бал және түрлі дәмдеуіштері бар суық тиюге қарсы күшті сусын. Ол бірнеше апта бойы тұндырылып қойылады. Одан кейін ішсе, сөзсіз, микробтарға жол жабылмақ! Қоспа аса ащы болып келгендіктен, шектеулі мөлшерде, шамамен ғана қолдану керек.

Ноқат ұнынан әзірленген десерт (Пәкістан, Үндістан)

instagram: @riddhirk

Жартылай тәтті болып келетін бұл десерт Үндістандағы Пенджаб штатынан шыққан. Ол жөтел мен суық тиюге қарсы нағыз табиғи қоспа. Оны ноқат ұны, сүт, гхи майы және қант қосу арқылы дайындайды. Емделу барысындағы өте үйлесімді тәсіл: тұмауратқан адам дәрі-дәрмегін ішсе, отбасының басқа мүшелері десерт жейді.

Тауық сорпасы (Израиль)

instagram: @lkopans

Жер шарының тең жартысы суық тиюдің алғашқы белгілері біліне бастағаннан-ақ тауық сорпасын әзірлеуге кіріседі десек қателеспейміз. Бірақ, қою, нәрлі тауық сорпасы тек Израильде ғана «еврей пенициллині» деген атауға ие.

Сарымсақ шәйі (Испания)

Сарымсақтан әзірленетін бұл шәй тым кермек, жағымсыз болып қалмауы үшін оған бал және лимон қосылады. Қоспа «испандық дәрі» деп аталады жән тұмаудан құтылуға жақсы көмектеседі. Аталған қоспаны артық салмақтан арылу мақсатында да ішуге болады.

Кесіртке сорпасы (Гонконг)

instagram: @agrasut

Бұл тағам тауық сорпасына ұқсас, тек, қытай нұсқасында жасалады. Десе де, әсер ету нәтижесі бірдей – сұйықтық қалыпқа келіп, мұрынмен демала бастайсыз, жөтел жеңілдейді. Кептірілген кесірткені жергілікті дүкендерден табу қиын, оны арнайы қытай ұлттық медицина дүкендерінен күмәнсіз табуға болады.

Қылша қайнатпасы (Қытай)

instagram: @dr.ginamorishige

Қытай шөп медицинасы мыңдаған жылдардан бері белгілі. Қылша немесе ма-хуанг – ежелгі дәрілік өсімдік. Бұл шөпті тұтынуға әлемнің көп елдерінде тыйым салынған. Себебі, шамадан тыс мөлшерде қолдану есірткімен пара-пар. Бірақ, аспан асты елінде суық тию мен бас ауруларын кейде осы шөппен де емдейді.

Копай бальзамы (Перу)

instagram: @seed.to.sow

Копай ағашының майы байырғы заманнан белгілі және оны түрлі формада Перудің ежелгі тұрғындары қолданған. Ол тыныс алу жолдары ауруларына жақсы көмектеседі және көбінде ингаляция мен сылау кездерінде жиі пайдаланылады. Копай бальзамы – бірнеше майлардың жиынтығынан тұрады.

Маринадталған умэбоси қараөрігі (Жапония)

instagram: @maruchofoods

Маринадталған умэбоси қараөрігін тұтынбас бұрын оны көк шәйға салып, біраз уақыт жібітіп қою керек. Оның құрамында аскорбин және лимон қышқылы көп болғандықтан, жапондықтар оны суық тию мен тамақ ауырған сәттерде пайдаланады.

Мия конфеті (Голландия)

instagram: @jolanda4175

Мия конфеттерінің дәмі өзгешелеу, ерекше болғанымен, Нидерланды тұрғындарына өте қатты ұнайды. Бір жағынан дәрі-дәрмек болса, екінші жағынан тәтті тағам бола алады. Айтулы конфетті қызылмия өсімдігінен жасайды. Ал, қызылмия — жөтел мен тамақ ауруына қарсы жақсы көмекші. Бұл конфеттің дәмін сезініп көру үшін атақты қызылмия тамырынан әзірленген шырынды еске алсақ, жеткілікті.

Алкогольді шұлық (Финляндия)

instagram: @ramona_reinvall

Көпшілігіміз спиртпен емделудің бірнеше түрін естіген болармыз — компресс жасау, денені сылау т.б. Енді оның қатарына Финляндиялық алкогольді шұлықтарды қоссақ болады. Ол да өзінше суықтан емдемек. Ем барысы: ұйықтар алдында шұлықты спиртке малып, киіп, оның сыртынан қалың жүн шұлық киіп жату қажет. Осылайша таңертең тұрғанда тұмаурату белгісі сезілмейдіміс. 

Түрлендірілген куркума (Үндістан)

instagram: @vegaaninni

Үнді мәдениетінде куркума бірнеше түрлендірулермен қолданылады. Оның бәрі куркума құрамының қабыну мен бактерияға қарсы қасиеттерінің арқасында. Куркуманы шәй немесе кофемен араластырып ішуге, тағамдарға дәмдеуіш ретінде қосуға, ингаляция жасауға, тіпті, жәй ғана қуырылған ұнтағымен дем алса да болады.

«Том Ям» сорпасы (Таиланд)

instagram: @dirafhadi

Тайлық «Том Ям» сорпасына пайдалы шөптер мен дәмдеуіштер қосылып даярланады. Яғни, онда лемонграсс, чили ащы бұрышы мен зімбір бар. Олар тай халқы үшін тыныс алу жолдары ауруларында алғашқы көмек көрсетуші болып есептеледі.

Суық терапиясы (Финляндия)

instagram: @karinapavlie

Суық тиюдің алғашқы сатыларында емделудің финдік тәсілі  — жақсылап балмұздақ жеу немес мұзды суатқа түсу.  Содан кейін жақсылап сүртініп, жылы киініп алған жөн.

Шикі жұмыртқамен емделу (Латын Америкасы)

instagram: @luchomiligramos

Аталған тәсілдің түп-тамыры шаманизмге апарып соғады. Десе де, бұл әдіс латынамерикалық әжелер тарапынан әлі күнге дейін қолданылып келеді. Яғни, олар бала ауырып қалса, оған көз тиді деп есептейді. Ал көз тиюден арылту үшін шикі жұмыртқамен арнайы рәсімдер жасап, соңында суы бар стақанға жарып тастайды. Осылайша, барлық жамандықты, зұлымдықты әшкерелейдіміс.

Нети-поттың көмегімен шаю (Үндістан)

instagram: @cbcthegoods

Нети-пот  — ішінде мұрынды шаюға арналған тұзды ерітіндісі бар арнай ыдыс. Үндістанда оны мұрын бітеліп қалғанда, суық тиюде және олардың алдын-алу мақсатында пайдаланады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (1)

Камила

Том Ям српасы жиіркенішті екен

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)