Жүрек ауруы жөнінде не білуіміз керек?

Жүрек-қан тамырларының ауруларын адам денсаулығының бірінші жауы деп атайды, өйткені басқа ауруларға қарағанда, бұдан адамдар ажалға көбірек ұшырайды. Миокард инфаркті – жүрек-қан тамырлары сырқаттары ішінде ең қатерлісі. Көптеген адамдар «инфаркт білдірмей жүреді де, уақыты келгенде тарпа бас салады» деген пікір бар. Бұл қате! Аталған дерт өз үдерісінде талай сезіктер туғызады, оларды уақытында аңғару адамды оның азабынан да, ажалдан да құтқарады.

Инфаркттің себептері

Біздің денеміздің қандай ағзасы, қандай жасушасы болса да қанмен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілгенде ғана үздіксіз жұмыс істейді. Ал жүрек бұлшық еті қанның мол келіп тұруын қажет етеді. Жүрек бұлшық етін қоректендіріп тұратын артериялардың ішінде біреуінің саңылауы не тарылады, не мүлде бітеліп қалады, сондықтан оның бұл қореқтен құр қалған жері жұмсарады да, бірте-бірте бұлшық еттің жиырылу қабілетін тежейтін тыртық пайда болады. Жүректің осындай зақымдануын инфаркт деп атайды.

Миокард инфарктінің пайда болуындағы негізгі себептердің бірі – атеросклероз. Мұнымен ауырғанда артериялардың қабырғаларына май сияқты зат – холестерин, одан әрі тағы кальций тұздары өңездеп қалады. Тамырлар қатаяды, тарылады, бірқалыпты серпінділігінен айырылады. Атеросклероздың өңез түскен жерлерінде көбінесе жара пайда болады, қан қойылады. Ұйыған қан, яғни тромбылар тамырларды бітеп тастайды да, жүрек бұлшық етін қанмен қамтамасыз ету өрескел нашарлайды.

Бұл ауру қатты ашу-ыза кернегенде, қорыққанда, қалжырап шаршағанда және т.с.с. әсерінен артериялар едәуір тарылғанда да тап береді.

Инфаркттің белгілері қандай?

Ауру көбінесе оң немесе сол қолға, кейде сол жақ жауырынға зардабын тигізеді, жүрек тұсы қатты ауырады да ұстама басталады. Жүрек бұлшық етін қанмен жабдықтау бұзылғандықтан, тері бозарып кетеді, суық тер шығады, адам қатты ентігеді.

Жүрек талмасына шалдыққанда, адам өзіне айрықша тыныштық керек екенін естен шығармауы қажет, оған мән бермесе, зақымданған жүрек қабырғасының жарылып кетуі мүмкін, не оның томпайып, аневризма болуы сөзсіз.

Емнің қонуы адамның дәрігерге қаншалықты тез қаралуына байланысты. Егер аурудың алдын алса, жүрек қызметін толық қалпына келтіруге болады.

Инфаркт болған адамды белгілі бір мезгілде тырп еткізбей қою керек деген пікір соңғы кезге дейін болып келді. Бұл дұрыс па?

Қазіргі кезде инфаркт болған адамды ауруханаға мүмкіндігінше ертерек орналастыру қажеттілігі дәлелденіп отыр, онда қазіргі заманғы емдеу әдістерін қолдануға, мейлінше тыныштық сақтауға, асқынып кетудің алдын алуға көбірек мүмкіндік болады. Егер дәрігер инфаркт қатерлі деп санамаса, науқасты ауру ұстамасы басылған бойда көлікпен ауруханаға әкелу қажет.

Аурудан емделудің негізгі кезеңдері мен режимі жайлы ауру адам және оның төңірегіндегілер не білгені жөн?

Дәрігер алдымен ауруды басуға және қан айналысының қатты бұзылуын тоқтатуға әрекет жасайды. Егер дәрінің көмегі болмаса, сүлік салады, жүрек тұсына қыша қағазын қояды, басқа да түрлі шаралар қолданады. Алғашқы екі-үш апта бойы төсек үстінде қатты қимылдауға болмайды, төсекте ең кемі 4-6 апта, ауыр жағдайда 2 ай жатуға тура келеді.

Әрине, шалқадан осылайша ұзақ және қыбыр етпей жату өте қиын. Бірақ мұндай жағдайды біраз жеңілдететін амал бар. Егер аурудың жағдайы қолайлы болса, дәрігер екінші, үшінші аптаға қарағанда денені шынықтырып, жаттығу жасауға рұқсат етеді.

Инфаркт алған адам еңбек қабілетін сақтай ала ма?

Әдетте ауруынан жазылған адамдар үш-төрт айдан кейін бұрынғы жұмыстарына оралады, бірақ ауыр күш түсірмейтін, жүйке шаршатпайтын қызметте болуға тиіс. Егер емделіп шыққаннан кейін де инфаркт белгілері болса, стенокардия ұстамалары жиі болып тұрса, науқастың уақытша мүгедектікке ауысқаны жөн.

Инфаркт болдырмау үшін не істеу керек?

Бұдан сақтандыру атеросклероз бен стенокардияның алдын алуға келіп тіреледі. Бірқалыпты заттар алмасуы бұзылса, холестерині мол азық-түлікті: жұмыртқаның сары уызын, майды, етті, ет пен балықтың майлы өнімдерін, бауырды, мал майларын тежеген дұрыс. Сонымен қатар сорпа, кофе, қою шай сияқтылардан аулақ болған жөн. Сүттен, көкөністен даярланған тамақтар мен С витамині мол сусындар өте-мөте пайдалы.

С. Х. Сұбханбердин


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)