Шаш неге түседі?

Әлемдегі барша адамның шашы түседі, тек бірінде аз, енді бірінде көп мөлшерде түсіп жатады. Себебі, шаштың да өз өмір сүру мерзімі бар, сондықтан шаштың аз мөлшерде түсуі — заңды үдеріс.

Адамның басынан күніне 100 тал шаштың түсіп тұруы қалыпты жағдай. Шаштың өмірлік циклі шартты түрде үш кезеңге бөлінеді: белсенді өсу кезеңі (анаген) ол — екі жылдан алты жылға дейін; демалыс кезеңі (катаген) бар болғаны 15-20 күнге және жойылу кезеңі (телоген), 90-120 күнге дейін жалғасады. Алайда, шаш қалыпты мөлшерден тыс түсетін кездер болады. Сонымен, шаштың түсуінің себебі неде?

Шаштың түсу себептері

Шаш түсуінің ең қарапайым себебі — маусымдық өзгерістерден болуы мүмкін. Көктемде және күз мезгілдерінде шаштың қарқынды түсуі — қалыпты жағдай болып саналады. Дұрыс тамақтанбау, ағзаға ақуыздың, дәрумендер мен микроэлементтердің, әсіресе, маусымаралық кезеңде мырыш пен темірдің жетіспеуі, немесе әр түрлі диеталардың әсері шаш саулығының бұзылуына бірден бір себепші. Осы мезгілде болатын иммунитеттің әлсіреуі де шаштың түсуіне әкеп соғады.

Соңғы жылдары шаш түсуінің негізгі себебтері: күйзеліс, зиянды әдеттер, ұйқысыздық пен депрессия, қалжырау — тек шашқа ғана емес бүкіл ағзаға теріс әсерін тигізеді.

Көп жағдайда шаш бас терісі ауруларының салдарынан түседі. Тіпті шашқа ешқандай қатысы жоқ деп ойлайтын аурулардың әсерінен де түсуі мүмкін. Мысалы: қант диабеті, пневмония, теміртапшылықты анемия, иммунитеттің әлсіреуіне әкелетін инфекциялық аурулар, және т.б.  Сондай-ақ шаштың мөлшерден артық түсуі антибиотиктерді, гормондық препараттар мен кейбір жүктіліктің алдын алатын дәрілерді қабылдаудың нәтижесі де болуы мүмкін. 

Шашқа саналы түрде зиян жасайтынымыз тағы бар. Ыстық ауамен кептіру, химиялық бұйралау, шашты бояу, шаш түзететін құралды, бигудиді көп қолдану, сонымен қатар, шашты жиі жуу, қарқынды тарау, шаш күтіміне арналған құралдарды дұрыс таңдамау — шашыңызға саулық сыйламасы анық. Сонымен қатар шашты табиғи факторлардан: қыста аяздан, жазда күннің көзінен, жылдың кез-келген мезгіліндегі жауын-шашынынан қорғау аса маңызды.  Сондай-ақ қанайналымды бұзатын тар баскиімнен, жасанды шаш (париктерден) бас тарту керек.

Бірақ, біз іс жүзінде әсер ете алмайтын факторлар да жоқ емес. Мысалы: тұқымқуалаушылық немесе ағзадағы гормондардың бұзылуы әсерінен шаштың түсуі. Бұл жағдайларда шаш көп мөлшерде емес, тіпті толығымен түсіп қалуы мүмкін. Әдетте бұған ер адамдар бейім келеді, себебі шаштың толық түсуі ерлердегі жыныс гармоны — андрогендердің шектен тыс көбеюінен болады. Дегенмен бұл жағдай  әйелдерде де кездесу мүмкін. Сондай-ақ қалқанша безі қызметінің бұзылуынан да шаш шамадан тыс түсуі мүмкін. Әйелдерде көбінесе  босанғаннан кейін шаштың түсуі байқалады. Дегенмен бұл — қалыпты жағдай.

Бұл жағдайда шаштың түсуімен күресу барысында косметикалық рәсімдерді тек арнайы медициналық дәрі-дәрмекпен және мамандардың бақылауымен жасау керек. Сондықтан шаштың түсу себептерін біліп алу өте маңызды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)