Өлең, жыр, ақындар

Ишиас

Ишиас — шонданай жүйкесінің нәтижесінде пайда болатын ауырсыну. Бұл жүйкенің қабынуынан болатын ауырсыну, әдетте, арқаның төменгі бөлігінен жамбастың артқы бөлігіне тарайды.

Шонданай жүйкесі — адам тәніндегі ең ірі жүйке. Ол жұлынның бел бөлігіндегі жүйке түбіршектерінен, арқаның төменгі жағынан басталып, бөксе белігінен өтіп, аяққа қарай төмен түседі.

Ишиастың туындау себептері

Ишиас омыртқааралық шеңбер жарығының пайда болуынан туындайды. Бұл жарық жүйкені қысады, сондықтан жарық пайда болса немесе жүйке қабынса, ишиас белгілері байқалады. Шонданай жүйкесінің қабынуына маңындағы сүйектің, ісіктердің, бұлшық еттердің жүйкені қысуы, іштей қан кетулер, жұқпалар, жарақаттар және т.б. себеп.

Белгілері

Ишиас ауырсыну, қызу сезімін, жансыздану немесе шаншу тудырады. Бұл белгілер арқаның төменгі бөлігінен бөкседен жоғары, жамбастың артқы бөлігіне және сираққа тарайды. Қабыну үдегенде жүру қиындап, адам тіпті қозғала алмай да қалады. Кейде ишиас белгілері жүргенде немесе еңкейгенде күшейіп, жатқанда жоғалады.

Нақтамалау

Нақтама науқас адамды қарау және сырқатнама негізінде қойылады. Кейде ишиас себептерін толығырақ анықтау үшін рентгеноскопия және компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, электромиография секілді қосымша зерттеулер тағайындалады.

Емі

Дәстүрлі емде ишиас кезінде науқасқа төсекте жату режимі ұсынылады. Бұған қоса аурудың негізгі себептерін жою үшін ауырсыздандырушы, қабынуға қарсы дәрілер, бұлшық еттерді босаңсытуға арналған дәрі-дәрмектер, физиоем тағайындалады. Омыртқаның төменгі бөлігі жүйкесінің қысылуынан туындаған тұрақты ишиас кезінде хирургиялык шаралар қажет болуы мүмкін.

Г. Н. Бөпешбаева, невропатолог


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз