Баланы кітапқа баулу

Әлемдегі ең керемет кинозал — ми. Бірақ сен оны тек кітап оқығанда ғана түсінесің.

Скотт Ридли

Барлығымыз бала-шағамыздың білімді болуын, көп кітап оқуын қалайтынымыз анық. Бірақ осы білімге баулуға, кітапқа оқуға бағыт-бағдар көрсетіп жатқанымыз қаншама?! Өйткені кітап оқу дағдысын қалыптастыру оңай шаруа емес. Кез келген нәрсені мәжбүрлеп істету ұзаққа бармайтыны сияқты кітап оқу дағдысын қалыптастыруда да мәжбүрлеу іске аспайды. Керісінше мәжбүрлеп қинап оқыту балада кері әсер, кітапқа деген теріс көзқарас қалдыруы мүмкін. Ал сонымен қатар кішкентай кезінде қалыптасқан дағдылар адамның бүкіл өмірін түрлендіреді. Яғни 10 жасқа дейінгі мерзім қиял күшінің жетілуі және кітап оқуды жақсы көруі тұрғысында өте маңызды кезең. Егер осы кезеңде бала кітаптан алшақ қалса кейінгі кезеңдерде өз еркімен кітап оқуда қиындық тартады.

Көрінген кітапты оқи берген жарамайды, көңілде туған сауалдарға жауап бере алатын кітаптарды оқыған абзал.

Лев Толстой

Кітап оқу дағдысын қалыптастыруда отбасының маңызы зор. Бала үшін ең әсерлі тәлім ошағы саналатын отбасыда ешкім кітап оқымайтын болса, балада да кітап оқу қалауы болмайды. Сондықтан алдымен өзімізге қарауымыз керек. Үй ішінде кітап оқуға деген қызығушылық бар ма?! Әлде телефонға үңіліп отыруға бейімбіз бе?! Аптада немесе айда қанша кітап немесе қанша бет оқисыз?! Ең болмағанда баланы ынталандыру үшін кітап оқығансымақ болып, ырымын жасай аласыз ба?!

Қолға түскенін емес, әбден таңдап-сараптап оқыңыз. Діл мен жаныңызды байытып, оны тәрбиелеңіз.

Иван Тургенев

Көп уақыт бөлу де шарт емес, жарты сағат кітапқа көңіл бөлсеңіз немесе кітап оқығансымақ болсаңыз, балаңыздың кітапқа қызығушылығын оята аласыз. Тіпті балаңыз оқу, жазу білмейтін болса да осылай баланың қызығушылығын оятуға тырысу керек. Балаларға арналған кітапша, журнал әперіңіз. Оқу білмесе де беттерін ақтарып, суреттерін қарайды. Өзіңіз де оған ішінен ертегі, әңгімелерін оқып беріңіз. Бір-екі рет оқып дағдыға айналдырсаңыз, кейінгі күндері балаңыз оқып беруіңізді өзі сұрайтын болады.

Сізді ойлауға мәжбүр ететін кітап қана өз міндетін толық атқарған кітап.

Дороти Паркер

Тағы бір айта кететін жәйт теледидар, интернет, әлеуметтік желі, телефон секілді көңілді алаңдататын, уақытты жейтін дүниелер бар. Осы дүниелерге де орынды шектеу қойған жөн.

Мәдениеттің мәйегі — кітап.

Шерхан Мұртаза

Қадірлі замандастар! Оқуға, оқыған ұрпаққа қажеттілік бар. Ұлттық және рухани құндылықтарымыздан бастап, кейін мамандығымызға қатысты кітаптар мен мақалалар оқуға құлшыныс танытайық. Газет, журналдардағы мақалалардан оқиық. Газет-журналдан кітапқа өту оңай болады. Бір кітапты күніне 1-2 беттен оқып бастап та осы жолда қадам тастауға болады. Өзіміз оқиық, сонда бала-шаға да оқитын болады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)