АВТОРДЫҢ AЛҒЫ СӨЗІ
Мұнда оқушыларымызға баяндағалы отырған хикая қаһармандары аттарының аяғы «ос» пен «иске» бітсе де, олардың ертегі-аңызға ешбір қатынасы жоқ екені анықталады.
Осыдан бір жылдай бұрын Людовик XIV-нің тарихын жазбақшы болып, король кітапханасын ақтарып жүргенімде, ойда жоқ жерден «Д'Артаньян мырзаның естеліктеріне» тап болдым. Сол дәуір авторларының ақиқат шындықты айтқысы келген көптеген туындылары сияқты, мұны да Амстердамдағы Пьер Руж баспасынан шығарыпты, әйтпесе, авторы аз ба, көп пе, Бастилия түрмесіне әйтеуір бір жатып шығар еді-ау, Оның тақырыбына қызығып кеттім де, кітапхана сақтаушысының рұқсатымен, сол мемуарды үйге алып келіп, құнығып оқи бастадым.
Бұл арада мен со бір тартымды шығарманы егжей-тегжейлі баяндайын деп отырғаным жоқ, тек өткен күндердің суреттерін бағалай білетін оқушыларыма осы мемуармен таныс деген кеңесті ғана айтпақпын. Олар бұл туындыдан шын шебердің қолынан шыққан портреттерді табады, осынау асығыс суреттемелер көп жағдайда казарма есіктері мен шарапхана қабырғаларына сүйеніп тұрып жазылғанымен, оқушылар бұдан Людовик XIII мен Анна Австрийскаяның, Ришелье мен Мазаринидің бейнесін, сол кездегі сарай маңындағылардың талайының бейнесін бірден таниды, Анкетиль мырза тарихы қандай айқын болса, бұл бейнелер де сондай айқын.
Бірақ жазушының құбылмалы ерке ойын кейде қалың оқушы қауым байқай бермейтін жайттардың тебірентетіні көптен мәлім. Осы мемуардың жоғарыда айтылған жақсы жақтарына таң қалып, таңдай қаға отырып — бұған әлі талай кісілердің таң қалатынына кәміл сенеміз — біз бәрінен де бұрын осы уақытқа дейін, шамасы, құдайдың тірі жаны назар аудармаған бір жайтқа қатты қайран қалдық.
Д'Артаньянның айтуына қарағанда, король мушкетерлерінің капитаны де Тревиль мырзаға алғаш келгенінде ол қабылдау бөлмесінен сол атақты полкте қызмет ететін үш жас ноянды көреді, оларды Атос, Портос және Арамис деп атайды екен. Д'Артаньян да осы даңқты полкке қабылдау құрметіне ынтызар болып жүрген еді.
Жасырып қайтеміз, құлағымызға тосын естілетін бейтаныс емдердің өзімізді қайран қалдырғаны рас және со замат бұл тек д'Артаньянның, сол кезде әйгілі болған кісі есімдерін әдейі жасырған жалған аттары шығар деген ой келді, әлде осы бүркеншік аттардың иелері еріккен-желіккеннен бе, реніш-кейістен бе, болмаса, жоқ-жүдеуліктен бе, әйтеуір, мушкетер шекпенін киген күні осы аттарды өздері қалап алмасын кім білген.
Сол уақыттың шығармалары ішінен өзімізді еліктіріп, ерте жөнелген ғажайып есімдердің көмескі бір ізі табылмас па екен деп, біз енді ұйқыдан да, күлкіден де айрылдық.
Осы мақсат жолында оқып шыққан кітаптарымыздың тізімінің өзі тұтас бір тарау болар еді, бұл, әрине, өте өнегелі, ізгілікті іс, бірақ оқушыларымызды қызықтыра қояр ма екен. Сол себепті де біз оларға мына бір жайтты айтпақпыз; ұзақ уақыт сарыла іздеп, түк таппағасын тауымыз шағылып, енді осы сергелдеңді қоялық деп тұрған кезде, атақты оқымысты досымыз Полен Паристің кеңесін басшылыққа ала отырып, біз ақырында infolio, қолжазбаны, анығын дәл айта алмаймын, № 4772 ме, әлде 4773 пе, әйтеуір, бір қолжазбаны тауып алдық, оның басы былай екен: «Король Людовик ХІІІ-нің патшалық құруының ақырғы кезі мен король Людовик XIV-нің патшалық құруының бастапқы кезінде Францияда болған оқиғалар жайлы граф де Ла Фердің естеліктері».
Осы қолжазбаны — өзіміздің соңғы үмітімізді — парақтап қарап отырғанда, оның жиырмасыншы бетінен Атостың есімін, жиырма жетінші бетінен Портостың, ал отыз бірінші бетінен Арамистің есімін кездестіргенде жүрегіміз жарылардай қуанғанымызды өзіңіз де сезген боларсыз.
Тарих ғылымы соншалық жоғары сатыға көтерілген дәуірде жұртқа беймәлім қолжазбаны табу бізге ғажайып бір керемет болып көрінді, Егер Француз Академиясына өз еңбегіңмен қабылданбай қалатын болсаң — бұл әрине даусыз нәрсе ғой, — онда реті келгенде бөтен біреудің еңбегімен Жазбалар Академиясына немесе Әсем Сөз академиясына бару үшін, біз дереу осы қолжазбаны жариялауға рұқсат сұрадық.
Ондай рұқсат бізге берілді де, мұны ашық айтуды біз өз борышымыз деп есептейміз, өйткені өзіміз өмір сүріп отырған дәуірдің үкіметі әдебиетшілерге оң қабағын бермейді-міс дейтін дұшпандардың өтірігін бетіне басу үшін біз оны осы арада тағы да айта кетпекпіз.
Біз қазір осынау аса құнды қолжазбаның бірінші тарауына лайықты ат қойып, оқушыларымыздың назарына ұсынамыз, егер оның осы бірінші тарауы жұртқа ұнайтын болса, — оған әрине біз күмәнданбаймыз да, — онда қолжазбаның екінші тарауын да дереу жария етеміз.
Ал енді мирасқор кісі қолжазбаның екінші иесі болғандықтан да, оқушыларымыздан өздерінің рақат-ләззаты үшін немесе ерігіп-зеріккені үшін граф де Ла Ферді емес, бізді кінәла демекпіз.
Хош, мәселені осылай анықтап алғаннан кейін, біз енді хикаямызды баяндауға кіріселік.
БІРІНШІ БӨЛІМ
І
ДАРТАНЬЯН ӘКЕ МЫРЗАНЫҢ ҮШ СЫЙЫ
1625 жылғы апрельдің алғашқы дүйсенбісінде, «Раушангүл жайлы романның» авторы ілгеріректе дүниеге келген, Менг қалашығының барша тұрғындары, гугеноттар осы қалашықты тап бір екінші Ла-Рошельге айналдыратындай-ақ абыр-сабыр болып, әбігерге түсті де қалды. Қаланың кейбір тұрғындары Бас көшеге қарай далақтап жүгіріп бара жатқан әйелдерді көріп, үй алдары улап-шулаған балалар дауысын естісімен, дұшпан көзі болсын деп үстеріне сауыт-саймандарын киіп, қолдарына мушкет, бердіш алып қарулана бастады, сосын дереу «Еркін диірменші» мейманханасына қарай ұмтылысты. Бұл кезде мейманхана алды сәт сайын молайып, азан-қазан болған ығы-жығы жұрттан көрінбей кетіп еді.
Ол заманда мұндай оқиғалар дағдылы құбылыс саналатын, қалалардың біреуі болмаса екіншісі күн құрғатпай мұндай дау-жанжалды шежірелеріне түсіріп қоятын. Текті мырзалар өзара қырқысып, король кардиналмен, испандар корольмен соғыс жүргізіп жатқан кезді. Бірақ бірде баяу, бірде қатал, бірде астыртын, бірде ашық жүріп жататын қырықпышақ қырқысқа қоса, жұрттың бәріне қарсы соғысатын қайыршылар мен гугеноттар да, қаңғыбастар мен дәйекшілер де бар еді. Қала тұрғындары ұры-қарыларға, қаңғыбастар мен дәйекшілерге қарсы, жиі-жиі — дәулетті бай-мырзаларға, оқта-текте — корольге қару алып қарсы шығатын, ал, кардиналға немесе испандарға қарсы ешқашан да қол көтерген емес. Жұрттың қанына сіңіп кеткен осы салттың нәтижесінде, 1625 жыл апрелінің әлгіде айтылған дүйсенбісінде қала тұрғындары герцог Ришелье қызметшілерінің сары, қызыл значоктері мен оқалы киімдерін көрмесе де, айқай-шуды естісімен «Еркін диірменші» мейманханасына қарай ағылып еді.
Бұл әлек-шәлектің сыры жұртқа тек осы араға келгенде ғана мәлім болды.
Қылшылдаған жас жігіт. Біз енді оны суреттеп көрелік. Он сегіздер шамасындағы Дон-Кихотты, қару-жарақсыз, сауыт-саймансыз Дон-Кихотты көз алдыңызға елестетіп көріңізші; үстіндегі көк жүн күрткесі оңып, баяғыда-ақ жирен мен көгілдір аспан түсінің арасындағы белгісіз бір түске айналыпты. Беті сопақтау келген қара торы жігіттің шығыңқы жағынан қулықтың нышаны байқалады. Бұлтылдаған шықшыт еттеріне қарап, басында береті жоқ болса да, оның Гасконнан шыққанын бірден білуге болады, ал бұл жігіттің басында қауырсын тәрізді бірдеңе қадалған береті бар еді. Имектеу келген қыр мұрынды бозбаланың бойы жасына қарамай біп-биік, бірақ марқайған ер-азамат үшін әрине аласалау. Былғары бау тағып беліне іліп алған, атының жалынан ұстап, жапсарласа жаяу жүргенде немесе оған мініп алғанда сарт-сұрт қонышын соғатын шпагасы болмаса, тәжірибесіз көрмедік кісі оны жолсапарға шыққан фермердің баласы екен деп қалар еді.
Өйткені біздің бозбаламыздың астында аты бар еді және ат болғанда қандай, өткен-кеткен кісілердің назарынан қағыс қалар емес. Бұл — он екі, он төрттер шамасындағы, құйрық-жалы сұйылып, бақайшағы ісіп кеткен, Беарн төңірегінен шыққан жирен сары мәстек еді. Ол басын тізесінен төмен салып, иесін ауыздықпен алыстырмай, митың-митың желсе де, күніне сегіз лье жер жүретін. Бірақ байғұстың бұл қасиетін арбиған түр-пішіні мен өзгеше түсі бимәлім етер еді. Ол кезде жұрттың бәрі ат қадірін білетін, сол себепті де осы бір Беарн мәстегінің содан он бес минут бұрын ел көзіне шыққан сүйелдей әсер етуінен енді ат кесірі иесіне тиіп еді.
Мұны бірден сезген жас д'Артаньян (Жаңа Росинантқа шалқия мініп алған жана Дон-Кихотты осылай атайтын) қанша шабандоз атанғанымен, осы сияқты өлмелі мәстек мініп келе жатқанда жұртқа күлкі болғаннан басқа мәнпағат таппайтынын өзінен-өзі жасырып әуре болмады. Д'Артаньян әкесінің қолынан осы бір сыйды ала бергенде тегіннен-тегін күрсінбеп еді. Мұндай аттың құны ең көп дегенде жиырма ливр ғана тұратынын ол жақсы білетін. Оның есесіне әкесінің осы сыйды көлденең тартып тұрып айтқан ақыл-кеңесіне баға жетпейтін.
«Ал, балам! — деген Гасконның ақсүйегі тап-таза беарн мәнерімен сөйлеп, Генрих Төртінші де өле-өлгенше осы акценттен құтыла алмай қойып еді, — Ал, балам, мына жануар біздің үйде осыдан он үш жылдай бұрын жарық дүниеге келіп еді, содан бері қолқанат болып көңілімді бір қалдырған емес, ендеше сіз де бұған теріс қарамассыз деп сенем. Тірліктен қанша тауқымет көрсеңіз де, сіз мұны сатпаңыз, жасына жетіп, қартайып барып, ажалынан ғана өлсін. Ал егер сіз мұнымен жортуыл-жорыққа шығатын болсаңыз, қарт қызметшіге жаныңыз қалай ашитын болса, бұған жаныңыз солай ашысын. Егер жолыңыз түсіп хан сарайына қабылдана қалсаңыз, — деді д'Артаньян-әке сөзін жалғап, — ежелден келе жатқан асыл тегіңізге салсаңыз сіздің оған кәміл хұқыңыз бар — онда өзіңіз үшін де және жақын-жуықтарыңыз үшін де ақсүйек намысын қастерлеп ұстағайсыз, бұл атақты бес жүз жыл бойына сіздің ата-бабаларыңыз ардақтай білген. Жақын-жуықтарыңызды айттым. Король мен кардиналдан өзге кісілерге бағына көрмеңіз. Біздің заманда дворянин өзіне тек ерлікпен ғана, — естіп тұрсыз ба, тек ерлікпен ғана! —жол сала алады. Кімде-кім бір сәтке ғана жалтақтап жасқаншақтаса болғаны, сол қас қағымдай сәт тағдырдың тарту еткен бақ-дәулетінен, бәлкім, айрылып та қалатын шығар. Сіз жассыз және екі себептен көзсіз батыл болуға тиіссіз: біріншіден, сіз гасконсыз, оның үстіне менің перзентімсіз. Ешқашанда кездейсоқ жайттерден қорықпаңыз және қатерлі оқиғаларды өзіңіз іздеп жүріңіз. Мен сізге шпагамен қалай сайысуды үйреттім. Сіз қазір тепсе темір үзетін болаттай берік шағыңыздасыз. Көрінгенді желеу етіп соғыса беріңіз, жекпе-жекке тиым салынған, ендеше, шайқасқа шығу үшін ер жігіт жүрек жұтқан батыр болуға тиіс. Ал, қарағым, мен сізге он бес экю ғана беріп, астыңызға ат мінгізе аламын және әлгіде өзіңіз тыңдаған кеңестен басқа айтарым жоқ. Шешеңіз бұған бір кезде цыганнан алған бальзамның ішірткісін қосатын шығар; бұл бальзамның бір ғажап жері жүрек қайғысынан басқа жараның бәрін құлан-таза жазып жібереді. Осыларды кәдеңізге жаратыңыздағы ұзақ, уақытты өмір кешіңіз, қарағым... Менің сізге айтатын тағы бір сөзім бар, ол мынау еді, балам, көзім тіріде өзіңізге үлгі-өнеге болар бір кісіні атасам деп едім, ол, әрине, мен емеспін, өйткені мен өмірде сарайды төңіректеп көрген жан емен, тек дін жолында өз еркіммен біраз соғысқа қатысқаным бар. Менің айтайын дегенім, бір кездегі көршім де Тревиль мырза еді. Бала күнінде ол біздің короліміз Людовик Он үшіншімен (әманда оған жаратқаным жар болғай!) бірге ойнау құрметіне ие болған екен. Кейде олардың ойынының арты төбелеске айналып кететін көрінеді, сонда короліміздің де таяқ жеп қалған кездері болыпты. Жас күнінде жеген жұдырығынан ба, әйтеуір, король де Тревиль мырзаны қатты сыйлап, оған дос пейілін білдіреді екен. Кейінірек, Парижге тұңғыш рет барған кезде де Тревиль мырза бетіне келген кісілермен бес рет, король марқұм болып, жас король кәмелетке жеткенше, соғыстар мен жортуыл-жорықтарды есептемегенде — жеті рет, ал, осы короліміз кәмелетке толғаннан күні бүгінге дейін жүз рет шайқасқан! Ешбір указдарға, бұйрық-жарлықтарға, қаулы-қарарларға қарамастан, оның қазір мушкетерлердің капитаны болып жүргені тегін емес, бұл — цезарь легионының бастығы деген сөз. Оны король жоғары бағаласа, кардинал оған бата алмайды. Ал, оның ешкімнен жасқанбайтыны жұрттың бәріне мәлім. Бұған қоса де Тревиль мырза жылына он мың экю алады. Демек, ол — аса қадірлі, дәулетті кісі. Ол да өзінің өмірін сіз сияқты бастаған. Оған мына хатты апарып беріңіздағы, содан үлгі алып, ол не істесе, сіз де соны істеңіз».
Осы сөздерді айтқасын, д' Артаньян-әке мырза баласына өзінін шпагасын ұстатып, екі бетінен алма-кезек сүйіп, батасын берді.
Бөлмеден шыға бергенде жігітіміз өзінің шешесін көрді, қолында әлгі атышулы бальзамның шіріткісі, баласын күтіп тұр екен, әкесінің жоғарыда айтқан кеңестеріне қарағанда, ол осы бальзамды енді жиі қолданатын шығар. Әкесіндей емес, шешесі айналып-толғанып баласымен ұзақ қоштасты, бұл, әлбетте, әкесі жан дегендегі жалғыз ұлын жек көргендіктен емес, д'Артаньян мырза еркек басымен сезімге бой алдырып, сыр бергісі келмеді, ал, д'Артаньян ханым болса әйел-ана ғой. Ол байғұс егіліп көп жылады, несін жасырайық, кіші д'Артаньян мырза абырой болғанда, келешек мушкетерге лайық мінез танытып, қанша шыдап бағам десе де, ақырында көңілі бұзылып, көзіне біраз жас алды, бірақ онысын қолынан келгенше көрсетпеуге тырысты.
Әкесінің тарту еткен үш сыйын бойына құт санап, жігітіміз сол күні жолға шықты, жоғарыда айтылғанындай, ол сый он бес экюден, ат және де Тревиль мырзаға жазылған хаттан тұрушы еді ғой. Әке кеңесін есепке алмасақ та болады.
Осындай он сапар тілеген сөздерден кейін д'Артаньян сыртқы түрімен ғана емес, ішкі рухани дүниесімен де Сервантестің кейіпкерінен айнымай қалып еді, әңгімешінің парызы бойынша, оның портретін бейнелеген кезде біз оны Дон-Кихотпен салыстырып өте дұрыс жасаған екенбіз. Дон-Кихотқа жел диірмен — дәу, отар-отар қой — қалың қол болып көрінген ғой. Д'Артаньян әрбір күлкіні өзін қорлап-жәбірлеу, жұрттың әрбір көзқарасын төбелеске шақыру деп ұқты. Сол себепті де ол Тарбадан Менгке жеткенше түйілген жұдырығын бір жазбады және құдайдың құтты күні кемінде он рет шпагасының сабына жармасты. Дегенмен оның жұдырығы ешкімнің де иегін сындырған жоқ, ал, шпагасы қынабынан суырылмады. Рас, өткен-кеткен жолаушылар қырсық шалған кәрі мәстектің түрін көрісімен ыржиып күле бастайды, бірақ ат бүйірін сипай соғып келе жатқан ұзын шпаганы, одан жоғары тәкаппарлығы ұстап, ұшқын атқан көз емес, ашу-ызадан жалтылдаған көзді көріп, күлкілерін тия қояды, ал егер сақтықтың орнын шаттық басып, күлкі қысып бара жатса, олар ежелгі маскалар сияқты, бір езуімен жымияды да қояды. Сонымен д'Артаньян ат үстінде бір илікпей сіресіп отырған күйі, жұртты сұсымен жасқап, әлгі бәлелі қала Менгке келіп жетті.
Бірақ осы арада, «Еркін диірменші» мейман жайының есігі алдында қожайынның, дәйекшінің немесе атшының демеуінсіз көлігінен түсіп жатып (бұ соққандар тым болмаса атты тізгінінен ұстап тұруы керек қой), д'Артаньян бірінші қабаттың ашық терезесінен ұзын бойлы бір маңғаз дворянді көрді. Бұл өзі түсінен иманы безген, кекірейген біреу екені, қасындағы серіктеріне күбірлеп бірдеңені айтып жатты, ал ана екеуі мұның сөзін қошеметтей тыңдап тұрған тәрізді.
Д'артаньян үйреншікті әдетімен әңгіме өзі жайлы болып жатыр екен деп ойлап қалды да, құлағын тоса қойды. Бұ жолы ол қателеспепті, қателессе де сәл ғана қателесіпті: әңгіме мұның өзі емес аты жөнінде екен. Бейтаныс кісі, шамасы, аттың күллі қасиеттерін келістіріп суреттеп шықса керек, әлгіде айтқанымдай тыңдаушылары оны қатты қошеметтейтін болғандықтан да әрбір сөзді айтқан сайын қолпаштап, қарқылдап күлісіп жатты. Егер болмашы күлкінің өзі батырымыздың шамына тиетінін ескерсек, мазақтың аяғы неге апарып соққанын өздеріңіз де сезген шығарсыздар.
Д'артаньян ең әуелі өзін жәбірлеген сойқанның бет-әлпетіне бір қарап алмақшы болды. Ол бейтаныс кісіге тікірейе бір қарағанда, өткір қара көзді, аппақ жүзді, қара мұртын бипаздай бастырған дөң мұрынды, қырықтар шамасындағы бір кісіні көрді.Ол көк түсті қамзол мен шалбар киіпті, киімінің өзге әшекейі жоқ, шашақ бауы да көк түсті матадан екен, тек омырауындағы ойықтан жейдесі көрініп тұрғаны болмаса, киімі көрер көзге жұпыны. Қамзолы да, шалбары да су жаңа болғанымен сандықта көп жатқан зат сияқты умаждалып бүктетіліп қалыпты. Осы бір кісі өз өміріне әжептәуір әсер ететінін іштей сезді ме қайдам, әйтеуір д'Артаньян соның бәрін жіті көзбен қас-қағымда байқап қалды.
Хош, сонымен д'Артаньян мырзамыз көк костюмді кісіге тіксініп қарай берген сәтте, беарн атының адресіне ол да ең бір жымысқы ең бір зымиян мысқылды айтып та жіберген еді. Оның қасындағы жарамсақтары мәз болып, жырқылдай күлісті, ал, әңгімеші үйреншікті әдетінен айнып, жылусыз ғана жымиып күлгендей еді. Енді шүбәланбаса да болады: д'Артаньянды бұдан артық қорлауға болмайтын да еді.
Осындай бір шешімге тоқтаған жігітіміз беретін баса киіп алды да, Гасконға келген бай саяхатшылардан көрген сарай мәнеріне еліктеп, бір қолымен шпагасының сабынан ұстап, екінші қолын бүйіріне таянып, алға қарай бір аттап тұра қалды. Бірақ қырсық шалғанда, ашуға булығып, көзі ештеңені көрмей қойды, әуелде ол шоқтығынан бip қарап тәкаппарси тіл қатып, оны ұрысқа шақырамын ғой деп ойлаған, мұның орнына ол қолын шолтандатып, бір-екі ауыз дөрекі сөздерді айтуға ғана шамасы жетті:
— Әй, мырза! — деді ол айқайлап: — Сіз! Иә, терезе қақпағын қалқалап тұрған сізді айтам! Кімге күліп тұрғаныңызды айтпас па екенсіз, бәріміз бірге күлейік!
Дәулетті жолаушы бұрын атқа қараса, енді жайымен мойнын бұрып оның иесіне қарады. Осы бір қияңқы сөздің өзіне арналып айтылғанын ол қапелімде аңдамай қалған тәрізді. Сосын, бұ жөнінде көңілінде күдігі қалмағасын, ол сәл шытынап, қабағын түйді де, біраз уақыт үнсіз тұрып барып, айтып жеткізгісіз шеберлікпен менменсіп, мысқылдай тіл қатты:
— Мен сізбен сөйлесіп тұрған жоқпын, мейірімді мырза.
— Ал, мен сізбен сөйлесіп тұрмын! — деді жігіт дауыстап, осы бір содырлық пен сыпайылық, кішіпейілдік пен жиіркеніш аралас сөздерден қаны қайнап.
Бейтаныс кісі тағы да д'Артаньяннан бір сәт көзін алмай тұрды да, сосын терезе алдынан әрі қарай кетіп қалып, мейманхана есігінен асықпай баяу басып шыға берді,сол бетімен жас жігітке екі-үш қадамдай жақындап, атының алдына келіп тұра қалды. Оның байсалды қалпына, кекесінді жүзіне қарап, терезе алдында тұрған көңілдестері мәз болып күлісіп жатты.
Д'Артаньян ол жақындай бергеннен-ақ шпагасын қынынан бір аршындай суырыңқырап қойды.
— Мынау аттың түсі шынымен-ақ жалқын сары ма, әлде бір кезде солай болған ба? — деді бейтаныс сөзін жалғап; д'Артаньянның ызаланып тұрғанын көрмеген кісідейін, терезе алдындағы тыңдаушыларына қарап сөйледі, ол тіпті жас гасконның өзі мен серіктерінің арасында тұрғанын да көзге ілмеді. — Өсімдіктер әлемінде жиі кездесетін осы бір түс, тап бүгінгі күнге дейін жылқыда ілуде бір кездеседі деп есептелініп келіп еді.
— Қожасынан қорыққан кісі атына күлді! — деп дауыстады гаскон жігіт қатуланып.
— Мен, қарағым, сирек күлетін жанмын, — деді бейтаныс кісі. — Оны менің бет-жүзімнен де байқауға болады. Бірақ қалаған кезде күлуге қақым бар ғой деп ойлаймын.
— Ал, мен болсам, кім көрінгенді жөн-жосықсыз жыртаңдатып қоя алмаймын! — деді д'Артаньян еліріп.
— Шынымен солай ойлайсыз ба? — деді бейтаныс, бұрынғыдан да сабырлы үнмен. — Ендеше, мұныңыз жөн екен.
Сосын ол артына жалт бұрылып, мейманхананың қақпасына қарай беттеді, әлгі әзірде осылай қарай келе жатқанда д'Артаньян қақпа алдынан ерттеулі атты көрген-ді.
Өзін мазақ еткен кісіні жайбарақат жібере салу д'Артаньянның әдетінде жоқ-ты. Ол шпагасын қынабынан жалақтатып суырып алып, көңілін қалдырған кісінің соңынан тұра ұмтылды.
— Бері қараңызшы, бері қараңызшы, артыңыздан қылыш жұмсағаным қиянат болар, — деді ол дауыстап.
— Мені шауып тастамақсыз ба? — деді бейтаныс кісі артына жалт бұрылып, ол жас жігітке әрі таңырқап, әрі қомсына көз тастады. — Сізге не болған, сізге не болған, сүйіктім, сіз, шамасы, жынданған боларсыз!
Сo замат өзімен өзі сөйлескендей:
— Қап, әттегене-ай! Мынау ұлы ағзамға таптырмайтын олжа ғой өз мүшкетерлерінің, санын толықтыру үшін ол кез келген жерден өңкей бір қырғи жігіттерді іздеп жүруші еді, — деді күбірлеп.
Ол сөзін айтып бітірер-бітірместен д'Артаньян ұмтылып барып шпагасымен бір шанышқанда, бейтаныс кісі кейін қарай ыршып түсті, әйтпесе жаңағы сөз оның өміріндегі ең соңғы әзілі болатын еді, істің насырға шауып бара жатқанын бірден түсінген бейтаныс шпагасын суырып алып, дұшпанына тәжім етті де, шынымен-ақ қорғануға кірісті.
Бірақ тап сол мезетте әлгі кісінің екі серігі мен шарапхана иесі үшеуі қолдарына таяқ, күрек, ауыр шымшуыр алып, д'Артаньянға тұра ұмтылып, оған соққыны жаудырып жіберді. Осы бір тосын шабуыл жекпе-жек ағымын күрт өзгертті, өзіне қарай жауған соққыны қайтару үшін жігітіміз жалма-жан артына бұрылған кезде, оның дұшпаны сол қолайлы сәтті пайдаланып, аспай-саспай шпагасын қынабына қайта сала қойды. Осы бір тайталасқа қатысушы кісіден енді ол куәгер кісіге айналды — ол бұл рөлін де ешбір міз бақпастан жайбарақат орындап шықты.
— Осы бір гаскондарды қарғыс атпайды екен! — деді ол күбірлеп.— Өзін мына бір құла жирен сарысына мінгізіңдерші жөнін тапсын.
— Сені өлтірмей кетпеймін, қоян жүрек қорқақ! — деді д'Артаньян үш дұшпанымен бетпе-бет тайталасып, жан-жағынан төпелеген соққыға тойтарыс беріп жатып.
— Гасконның белгілі мақтаншақтығы! — деді бейтаныс күңкілдеп, — арыммен ант етейін, осы гаскондар өлмей түзелмейді! Қалағаны сол болса, өзін таяққа жығыңдаршы, бәлем. Жанына батып бара жатса, өзі-ақ байбалам салады!
Дегенмен бейтаныс кісі қандай қайсар жігітке жолыққанын әлі де білмейтін еді. Д'Артаньян кешірім сұрап кішірейетіндер қатарына жатпайды. Сол себепті де шайқас тағы да бірнеше секундке созылды. Ақырында жас гасконымыз әл-дәрмені құрып, шпагасын қолынан түсіріп алды, қайқайта соғылған сойылдан ол сынып та қалды. Келесі соққы оның маңдайынан тиді де, қаны саулап, есеңгіреп құлап түсті.
Тап сол сәтте осы оқиға болған жерге халық та тұс-тұстан жиналып қалған еді. Қожайын қаңқу сөзден қорқып, дәйекшілерінің көмегімен жаралы жігітті ас үйге көтеріп апарды да, жарасын жуып-шайып қол ұшын бергенсіді.
Бұл кезде бейтаныс кісі терезе алдындағы орнына қайтып келіп, жапырласқан жұртқа тыжырына қарап тұрды, шамасы, осы қалың көп оның ызасын қоздырып жіберген сияқты.
— Әй, әлгі қос үрейдің хәлі қалай? — деп сұрады ол ашылған «есік дыбысына бұрылып қарап, енді ғана кіре берген шарапханашыға тіл қатып; ол мұның жай-күйін білмекке келген екен.
— Шапағатты мырза, денеңізге зақым келген жоқ қой, Әйтеуір? — деді шарапханашы.
— Әзірге дін-аманмын, сүйікті қожайын. Бірақ мен әлгі жігітімізге не болғанын білгім келіп еді.
— Ол қазір тәуір. Есінен танып жатыр, — деді қожайын майдалап.
— Шынында да солай ма? — деп бейтаныс кісі қайыра сауал қойды.
— Бірақ әлгі бір әзірге дейін бар күшін жинап, сізді қайта-қайта шақырып, боқтап-боралап, өшімді алам деп өрекпіп жатты.
— Шайтанның пәлесін қара! — деді бейтаныс дауыстап.
— Жо-жоқ, олай емес, шапағатты мырзам, — деді қожайын тыжырына аузын қисайтып. — Ол талып жатқанда біз оның тұла бойын тінтіп көрдік. Түйіншегінде бір-ақ жейдесі, әмиянында он бір экю ғана ақшасы бар екен. Бірақ соған қарамастан, есінен танып бара жатқанда ол: егер осы оқиға Парижде болса, сіз оған табанда өкінер едіңіз, ал енді мұнысына ол әлі-ақ өкінеді деп екіленіп жатты.
— Ол ендеше киімін өзгерткен ханзада шығар, — деді бейтаныс кісі салқын үнмен.
— Менің сізді: әмәнда абай болып жүріңіз деп ескертіп қойғым келеді, шарапатты, мырзеке, — деді қожайын.
— Ол қызбалықпен біреудің атын атаған жоқ па?
— Атағанда қандай! Қалтасын сыртынан қағып қойып, ол: Қамқорлығындағы кісіні қорлағандарың үшін де Тревиль мырзаның не дейтінін әлі көресіңдер, — деп қайта-қайта айбат шекті.
— Де Тревиль мырза деді ме? — Бейтаныс кісі бірден жиырылып сала берді. — Де Тревиль мырзаның атын атағанда қалтасын бір сипап қойды дейсіз бе? Сонымен, оның аяғы не болды, құрметті қожайын? Жас жігітіміз есінен танып жатқанда сіз оның со бір қалтасын да қарап шықтыңыз ғой деп ойлаймын. Онда не бар екен?
— Мушкетерлердің капитаны де Тревиль мырзаға жолданған хат бар екен.
— Шын айтып тұрсыз ба?
— Шапағатты, мырзеке, әлгіде өзіңізге баяндаған сөзімнің айна-қатесі жоқ.
Өзгенің сыңайын онша тани бермейтін көрсоқыр қожайын соңғы сөздерді естігенде, бейтаныс кісінің өңі қалай құбылғанын аңғармай да қалды. Осы уақытқа дейін терезенің кәсегіне сүйеніп тұрған кісі енді кейін шегініп барып, әлденені ойлап тұнжырап сала берді.
— Мына әзәзілді-ай! — деді ол тістеніп. — Шынымен-ақ Тревиль мына гасконды мені аңдуға жібергені ме? Әлі шіп-шикі жас қой! Бірақ жас-кәрісіне қарамай, шпагамен түйреудің аты — түйреу ғой. Ал, мына баладан бір қатер болады дегенге сену қиын. Кейде ұсақ кедергі ұлы мақсатқа жеткізбей тастауы мүмкін.
Бейтаныс кісі біраз уақыт ойланып қалды.
— Әй, қожайын, сөзді тыңдаңыз! — деді ол ақырында. — Сіз мені мына есуастан құтқарсаңыз қайтеді? Оны өлтіре салуға арым баратын емес бірақ... — ол қатуланып түнеріп кетті, — бірақ осы жігіт маған бөгет болып тұр. Өзі қазір қайда?
— Менің әйелімнің бөлмесінде, екінші қабатта жатыр. Қазір оның жарасын таңып жатыр.
— Заттары мен сөмкесі қайда? Қамзолын шешкен жоқ па еді?
— Қамзолы да, сөмкесі де төменде, ас үйде. Бірақ мына есуас бала сізге кесірін тигізсе...
— Әлбетте кесірін тигізеді. Ол сіздің мейманхананың әлек-шәлегін шығарды ғой, бұл ақпейіл адал жандардың мазасын алған емей немене... Қазір өзіңізге барыңыз, менімен есеп айыру жағын әзірлеп, қызметшіме дайын тұр деп ескерте салыңыз.
— Қалай? Шарапатты мырзекең бізді тастап кетпекші ме?
— Ол сізге бұрыннан мәлім болатын. Мен сізге атымды ерттеп қой деп ем ғой. Сонда менің әмірім әлі орындалмағаны ма?
— Орындалды. Ат қақпа алдында ерттеулі дайын тұр, шапағатты мырзакеңнің оны өз көзімен барып көруіне болады.
— Жарайды, ендеше жаңағы айтқанымды орындаңыз.
«Мәссаған» — деп ойлады қожайын. — Ол кісі ана баладан қорқып тұрған жоқ па екен?»
Бірақ бейтаныс кісі аларып бір қарағанда-ақ оның ойы үзіліп кетті. Ол жарамсақтана иіліп, далаға шығып кетті.
«Мына жүгермек миледиді көрмесе болғаны, — деп ойлады бейтаныс кісі. — Ол да ұзамай келіп қалар. Кешігіп жатыр ма қалай? Одан салт атпен шыққаным жөн болар...Шіркін, де Тревильге жолданған хатта неьарын білер ме еді!»
Бейтаныс кісі өзіне бірдеңе деп күбірлей жүріп, ас үйге қарай беттеді.
Бұл кезде шарапханашы тек жас жігіттің кесірінен ғана бұл кісінің мейманхананы тастап кететініне ешбір шүбә келтірмей, әйелінің бөлмесіне көтерілді. Д'Артаньян есін жинаған екен. Қадірмен бай кісімен жанжалдасқаның үшін полиция ізіне түсуі мүмкін деп қожайын д'Артаньянды азғыра бастады, оның әлсіздігіне қарамастан орнынан тұрғызып, көшеге шығармақшы болды, ал, әлгі бейтаныстың, дәулетті кісі екеніне күмәнданбады да. Соққыдан есеңгіреп қалған д'Артаньян басын сүлгімен таңған күйі, қамзолсыз орнынан тұрып, қожайын арқасынан жайымен итере бергесін, басқышпен төмен түсе бастады. Ac үйдің табалдырығынан аттай бере, ойында ештеңе жоқ, терезеге бір қарағанда оның көзіне алғаш түскен кісі бағанағы усойқы болып шықты, ол қос норман аты жегілген жол күймесінің тепкішегіне шығып алып іштегі біреумен жайбарақат сөйлесіп тұр екен.
Оның сөйлесіп тұрған адамы — күйме терезесінен басы ғана көрінеді — жиырма — жиырма екілер шамасындағы жас келіншек еді. Д'Артаньянның әр адамның бет-жүзінің ерекшелігін бірден байқап, қағып алатынын жоғарыда айтқанбыз. Ол әйелдің балғын жас, сұлу екенін бірден байқады. Әйелдің сұлулығына қайран қалған тағы бір себебі, д'Артаньянның осы кезге дейін тұрған, өскен жері — Оңтүстік Францияда мұндай әйелдер тіпті кездеспейтін. Ол — шашы иығына төгілген, тымық көгілдір көзді, шырын ерінді, былқылдаған ақ білекті, аршыған жұмыртқадай аппақ келіншек еді. Әйел әлгі бейтаныс кісімен тез-тез сөйлесіп жатты.
— Сонымен, жоғары мәртебелі тақсыр маған...— деді әйел.
— ...Англияға дереу қайтсын-дағы, герцог Лондоннан шыға қалса, қолма-қол хабар берсін, — деп әмір етті.
— Басқа жарлықтары жоқ па?
— Оларды сіз мына қобдишаның ішінен табасыз, ал, қобдишаны Ла-Манштың арғы бетіне шыққасын ашасыз.
— Өте жақсы, Ал, сіз өзіңіз не істемексіз?
— Парижге қайтамын.
— Ана тентек баланың сазасын бермей қайтасыз ба?
Бейтаныс кісі жауап бермек болып аузын аша бергенде, жоғарыдағы әңгімені түгел естіген д'Артаньян есік алдына шыға келді.
— Бұл тентек бала кімнің де болса сазасың бере алады, — деді ол дауыстап. — Оның сазасын берем деген кісі осы жолы қашып құтыла алмайтын шығар.
— Қашып дейсіз бе? — Бейтаныс қабағын түйіп, қайта сауал қойды.
— Әйелдің алдында қашып кетпессіз деп сенемін.
— Есіңізде болсын... — деді миледи даусын көтеріп, бейтаныс кісінің шпагасына жармасқанын көргесін, — есіңізде болсын, сәл кешіксеңіз бәрі де зая болады!
— Дұрыс айтасыз, — деді бейтаныс асығыс. — Өз жөніңізбен жүре беріңіз. Мен де кеттім.
Соны айтып, әйелге тәжім етті де, атына қарғып мінді, ал, көшір жегулі аттарына қамшы басты, Бейтаныс кісі мен әйел екеуі екі жаққа қарай зулай жөнелді.
— Ау, ақшаны кім төлейді? - деді қожайын безектеп, қонағы есеп айырыспай шаба жөнелгесін, оны бұрын ұнатып қалса да, табанда жек көріп жиреніп кетті.
— Жалқау неме, сен төле! — деп айқайлады салт атты қосшысына шауып бара жатып, атқосшысы шарапхана иесінің алдына бірнеше күміс теңгені лақтырып тастап, мырзасының соңынан тура шапты.
— Қорқақ! Жексұрын! Ақсүйек атын жамылған оңбаған! — деп дауыстады д'Артаньян, атқосшының соңынан тұра ұмтылып:
Бірақ мұндай қимыл-әрекетті көтеруге ол әлі әлсіз еді. Он қадамдай жүгірмей жатып, оның құлағы шулап, көз алды қарауытып, басы айналып кетті де: «Қорқақ! Қоян жүрек қорқақ, Қашақ!» — деп айқайлаған күйі көшенің ортасына дүрс етіп құлап түсті.
— Иә, сұмдық сужүрек екен! — деді д'Артаньян сыбырлап, — Бірақ ана әйелдің сұлуын-ай, шіркін!
— Ол кім? — деді шарапханашы.
— Миледи, — деді күбірлеп д'Артаньян, ол тағы да есінен танып қалып еді.
— Лаж қанша, — деді қожайын, — екі мейманнан айрылып қалдым. Бірақ бізде мынаның бірнеше күн болатынына анық көзім жетеді. Он бір экюді қайтсем де қағармын.
Д'Артаньянның әмиянында бар болғаны он бір экю қалғанын біз жақсы білеміз ғой.
Шарапхана иесі қонағым он бір күн ауырар да, күніне бір экюден төлеп тұрар деп ойлаған, бірақ ол өз қонағын әлі де білмеуші еді. Келесі күні д'Артаньян таңғы сағат бесте тұрып, төмендегі ас үйге түсті де, кейбір дәрі-дәрмекті тауып беруін сұрады.Әрине оның толық тізімі бізге жеткен жоқ, мұның үстіне ол тағы шарап, сары май, розмарин әкеп беруін талап етті, сосын шешесі берген ішірткіні қолына алып, қажетті бальзамды жасап, толып жатқан жарақаттарына жағып, таңып тастады, сөйтіп дәрігерлерді маңайлатпай қойғасын, д`Артаньян со күні кешке салым орнынан тұрып кетті де ертеңіне құр аттай ойнақтап шыға келді.
Тамақты талғап қана ішетін бозбаламыз со күні қажетіне жаратқан май мен шарап үшін есеп айырысты, ал, астындағы аты, қожайынның айтуына қарағанда, жемшөпті өз шамасынан үш есе артық жеген болып шықты, д'Артаньян сонымен қамзолының қалтасынан он бір экюі бар көнетоз әмиянын ғана тауып алды, Ал, де Тревиль мырзаға жолданған хат жоқ болып шықты.
Әуелі жас жігітіміз со хатты асықпай ұзақ уақыт мұқият іздеді. Шалбары мен желетінің қалтасын жиырма мәрте ақтарып қарап, жол дорбасының түбін қайта-қайта қағып көрді. Ақырында хаттың жоғалғанына анық көзі жеткесін бұлқан-талқан болып ашуланды, жас қонақ тағы да ызаға булығып: егер хатты тауып бермесеңдер үй ішіңнің ойран-ботқасын шығарам деп қорқытқаннан кейін, қожайын жалма-жан кеше жұмсаған сойылына, әйелі сыпырғышқа, дәйекшілер таяққа жармасты, сөйтіп, батырымызға тағы да шарап пен иіс май қажет болып қала жаздады.
— Хат, әлгі аманат хатым қайда? — деді д'Артаньян айқайлап. ІІІайтан атсын, хатымды тауып беріңдер. Әйтпесе, бәріңді шілге ұқсатып істікке шаншамын!
Жолы болмағанда, жас жігітіміздің бұл жазаны жүзеге асыруына кездейсоқ бір жайт бөгет болды. Бұрын айтқанымыздай, оның шпагасы алғашқы айқаста-ақ шорт сынған еді, бұл жай жігітіміздің жадынан мүлде шығып кетіпті. Сол себепті де шпагасын суырып алған кезде шолтаң етіп, оның бір тұтам сынығы ғана шықты, шарапханашы сүмбінің үш жағынан шанышқы жасамақ болып, тығып тастап, оның сағақ жағын қынапқа сұғып қоя салыпты.
Егер қожайын: қонағымыздың бізге қойып отырған талабы орынды демегенде, қызу қанды жас жігіт қаруының жоқтығына да қарамас еді.
— Шынында да сол хат қайда екен? — деді қожайын, шоқпарын білемдеуді қойып.
— Иә, ол хат қайда деймін? — деді д'Артаньян ақырып. — Бір ескертетінім: ол хат де Тревиль мырзаға жолданған, сол себепті де табылуы керек. Егер ол хат табылмаса, де Тревиль мырза желкелеп отырып тапқызады, бұған сенбей көріңдерші, түге!
Мұндай ызғарлы сөзден кейін қожайынның зәре-құты қалмады. Король мен кардинал мырзадан кейін, тек әскери қызметшілер ғана емес, қала тұрғындары да де Тревиль мырзаның есімін аузынан тастамайтын. Иә, бұлармен бірге «Жозеф әкей де» бар екен-ау, бірақ оның есімі жәйімен сыбырлап қана айтылатын: кардинал Ришельенің досы, «қарасұр хазіреттен» жұрттың қарап жүріп үрейі ұшатын.
Әуелі өзі бастап шоқпарын тастаған шарапхана иесі әйеліне — сыпырғышын, қызметшілеріне — таяқтарыңды тастаңдар деп белгі берді де, хатты іздестіруге кірісті.
— Ол хаттың ішінде бағалы бірдеңе бар ма еді? — деп сұрады ол біраз іздеп әбігерге түскеннен кейін.
— Енді қалай деп ең! — деді гаскон дауыстап, осы хат арқылы ол сарайдан өз соқпағын салмақ еді. — Менің бар байлығым сол хатта болатын.
— Испан бондары ма еді? — деді қожайын.
— Ұлы мәртебелі корольдің өз қазынасынан ақша алуға арналған бон еді, — деді д'Артаньян, сол хаттың көмегімен король қызметіне түсемін ғой деп ойлаған жігітіміз тәуекелге бел байлап, астам сөйлеп салса да, өтірік айттым - ау осы деп қиналмады.
— Қап, шайтан соқыр - ай! — деді шарапханашы өзге лажы қалмағасын.
— Бірақ соны қойшы... — деді д'Артаньян, гасконға тән мақтаншақтығына басып, — соны қойшы, тәйірі, ақша да түк емес. Хаттың өзі, иә, сол хат қана қымбат еді маған. Мен ол хатты жоғалтқанша, мың пистоль ақшаны жоғалтқаным артық еді!
Бір лепіріп кеткесін, «жиырма мың» дей салуына да болатын еді, бірақ оған жас жігітке тән қарапайымдылығы бөгет болып еді.
Күллі үйді аударып-төңкеріп қарап шыққан қожайынның басында кенет бір сәтті ой жылт етіп көрінгендей болды.
— Хат мүлде жоғалмаған! — деді ол.
— Не дейсіз? — деді д'Артаньян дауыстап.
— Жоқ. Хат қолды болған.
— Сонда оны ұрлаған кім?
— Кешегі бейтаныс дворянин. Ол сіздің қамзолыңыз жатқан ас үйге кеткен. Сонда біраз уақыт жалғыз қалған. Хатты ұрлаған сол екеніне бәс тігем!
— Сіз солай ойлайсыз ба? — деді д'Артаньян шүбәланып.
Ол хаттың тек өзіне ғана бағалы екенін жігітіміз сол арада тұрғандардың қайсысынан да болса жақсы білетін, сондықтан да бөтен біреу оған қызыға қоймас деп ойлаған. Мейманханада болған жолаушылардың, осындағы қызметшілердің ешқайсысы да ол хаттан көк тиын пайда таппайтыны ақиқат.
— Сонымен сіз әлгі оспадар дворяниннен күдіктенесіз ғой? — деді д'Артаньян тағы да.
— Оған көзім кәміл жетеді, — деді қожайын. — Мен оған: сізге де Тревиль мырза қамқор екен, қалтаңызда сол қадірменді бекзатқа деген хат бар дегенімде ол қыбыжықтап бір орнында тұра алмады; ол хат қайда еді, деп. менен сұрап алды да, дереу төмендегі ас үйге, сіздің қамзолыңыз жатқан жерге кетіп қалды.
— Ендеше нағыз ұры сол болды! — деді д'Артаньян қызуланып. — Мен оны де Тревиль мырзаға айтам, ал, де Тревиль мырза корольге жеткізеді!
Сосын қалтасынан екі экюді маңғаздана суырып алып, қожайынға ұсынды, сол-ақ екен, шарапханашы бас киімін шешіп, қонағын қақпаға дейін шығарып салды. Ол дереу сары жиреніне қарғып мініп, енді ешбір дау-жанжалға ұрынбай, аман-есен Париж қаласына, Сент-Антуан қақпасына келіп жетті. Д'Артаньян осы арада астындағы атын үш экюге сатып жіберді, егер сапардың соңғы күнінде жануардың әбден тулақ болып қалғанын ескерсек, бұл кәдімгідей тәуір баға еді. Сол себепті де д'Артаньяннан жоғарыда айтқан ақшаға атты сатып алған пайдакүнем саудагер: мұндай сұмдық бағаға ол мына аттың сирек кездесетін өзгеше түгі мен түсіне бола алып жатқанын жорамалдап сездірді.
Хош, сонымен д'Артаньян түйіншегін қолтығына қысып Парижге жаяу келіп кірді де, болмашы қаржысына лайық бөлме тапқанша көше-көшені аралап, сенделіп жүрді де қойды. Бұл мансарда сияқты бөлме Люксембургке таяу жерде, Көр қазушылар көшесінде болатын.
Пәтер ақының бір бөлегін төлеген д'Артаньян бөлмеге бірден кіріп алды да, күннің қалған уақытында өз тірлігімен айналысты: қамзолы мен шалбарына оқалы галун тікті, мұны шешесі д'Артаньян-әке мырзаның су жаңа қамзолынан сөгіп алып, жасырып баласына берген-ді. Сосын ол Темір Сүймен жағалауына барып, шпагасына жаңа сүмбі жасатпақ болды. Бұдан кейін жігітіміз, Луврға дейін жетіп, бірінші жолыққан мушкетерден: «де Тревиль мырзаның үйі қай жерде» деп сұрады. Сөйтсе, оның үйі Ескі кептер ұясы көшесінде орналасқан екен, бұл — д'Артаньянның пәтерінен қол созымдай жерде ғана, мұны ол болашақта жолым болады екен деп жорыды.
Көңілін осылай бір демдеп алған батырымыз, Менг қаласында жасаған қылығына мәз болып, жалпы өзінің өткен тірлігіне сірә да өкінбей, бүгінгі тірлігін жанына медеу тұтып, жарқын келешегінен жақсы-жақсы үміт күтіп, төсекке бас қойды да, со замат қатып ұйықтап қалды.
Алыс түкпірден келген кең қолтық жігіт ертеңгі сағат тоғызға дейін ұйықтады, сосын орнынан тұрып, д'Артаньян-әке мырзаның пікірі бойынша, корольдіктегі үшінші кісі, шартарапқа атағы жайылған де Тревиль мырзаға қарай беттеді.
II
ДЕ ТРЕВИЛЬ МЫРЗАНЫҢ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСI
Де Тревиль мырза — оның Гаскондағы туыстары әлі күнге дейін осы есіммен аталады, Парижге келгесін ол өзін ақырында де Тревиль деп атап кетті — өмір жолын шынында да д'Артаньян сияқтанып бастап еді яғни қалтасында көк тиын да ақшасы болмайтын, бірақ өжеттік пен тапқырлық, уыттылық бір басына жетіп артылатын, соның арқасында гасконның әкеден қалатын мұрадан дәмеленіп жүретін сіңірі шыққан ең жарлы ақсүйегінің өзі бағы жанып, Перигорий мен Беррийдің бар байлығына арқа сүйейтін ең шонжар дворяндарынан асып түсуші еді. Қырық пышақ болып қырқысқан заманда жүрек жұтқан батырлығына қоса жұлдызы ұдайы оңынан туып, сарай маңындағы бақыт басқышының ең биік сатысына қырандай самғап бір-ақ шыққан еді.
Әкесі Генрих IV-шінің аруағына бас иетін, корольдің жақын досы болатын. Де Тревиль мырзаның әкесі Лигаға қарсы соғыста Генрих IV-шіге жанқиярлықпен қызмет етеді, Парижді алғаннан кейін, қалтасында нақты ақшасы болмағасын, — ал, беарндық батырымыз өмір бойы ақшаға жарымай өткен тесік қалтаның нақ өзі еді, ол борыш-қарызының бәрін жанынан суырып салатын жалғыз байлығы — әзіл-қалжыңмен қайтаратын, — король оған разы болып, ақсүйектің қара шеңбер аясындағы арыстан салынған гербісіне: «Адал да Айбарлы» деген ұранды таңбалауына рұқсат етеді. Бұл зор құрмет болғанымен одан түсетін пайда аз еді. Сонымен ұлы Генрихтың бас батыры өлер алдында жалғыз ұлына мұра етіп, шпагасы мен атақ-даңқын ғана мирас етіп кетеді. Осындай асыл мұра мен ата атағына кір жуытпауының арқасында де Тревиль мырза жас ханзаданың сарайына қабылданады; ол мұнда өз шпагасымен адал қызмет етеді және ата жолынан айнымайды. Сол себепті де күллі корольдіктің ен таңдаулы сайыскерінің бірі Людовик ХІІІ-ші, егер көңілдес достарының бірі жекпе-жек сайысқа шыққысы келсе, әдетте, секундант етіп ен әуелі мені, сосын де Тревиль мырзаны шақырыңыздар, деп кеңес береді екен, ал, көңілі түскен кейбір шақтары, өз қызметшісінің артықшылығын да мойындайды екен.
Людовик XIII де Тревильді шын пейілмен жақсы көрген, әрине, бұл өзімшіл өр кеуде корольдің жақсы көруі ғой, бірақ қанша айтқанмен, жақсылықтың аты жақсылық. Тағы бір айтылатын жайт, со бір қилы-қилы заманда жоғары дәрежелі қасқа мен жайсаңдардың бәрі өз төңірегіне де Тревиль сияқты ержүрек нояндарды жинауға тырысатын. Де Тревильдердің гербісінің екінші бөлігінде жазылған «айбарлы» деген сөзді ұран етіп алғысы келетіндер көптеп-ақ табылар еді, ал, бірақ осы жазудың бірінші бөлігіндегі «адал» деген теңеуге бірлі-жарымы болмаса, дворяндардың басым көпшілігі сай келмес еді. Де Тревильдін бұған хақы бар-тын. Ол адал төбет сияқты, әміршінің жарлығын көп ойланып жатпай, көзсіз орындайтын және ақылы мен айласы қатар жүретін аса сирек кездесетін тас-метін жандардың бірі еді. Жіті көз оған королдің біреуге ашуланып қалған-қалмағанын көріп-білуге, ал қажырлы қол Бем немесе Моревор, Польтро, де Мере немесе Витри сияқты кінәлі біреулерді жазалау үшін керек-ті. Өзінің бар құдіретін көрсетейін десе де осы уақытқа дейін Тревильге оңтайлы оқиға кездеспей келген-ді, бірақ ол сондай жайт бола қалса, айдарынан шап етіп ұстап алмақшы болып, қолайлы сәтті күтіп жүре берді. Людовик ХІІІ-ші оны өз мушкетерлерінің капитаны тегіннен-тегін тағайындамаған еді, Генрих ІІІ-ге жасауыл күзеті, Людовик ХІ-ге шотланд гвардиясы қалай қызмет етсе, бұған осынау нояндары да солай қызмет ететін.
Өз тарапынан кардинал да корольден қалыспайды. Людовик ХІІІ-нің төңірегін қаһарлы да қайтпас батырлардың ең таңдаулы жасағымен қоршап алғанын көріп, Францияның осынау екінші, дұрысын айтқанда, бірінші билеушісі өз гвардиясын құрмақ болды.Сол себепті де ол, Людовик XIII сияқты, өз мушкетерлерінің қолын жасақтады, осынау бәсекелес қос билеушінің Францияның күллі уәлаяттарынан, тіпті шет мемлекеттерден де соғыстағы ерлігімен атағы шыққан адамдарды сұрыптап жинап жатқандарын жұрт сырттай барлап, байқап жүрді. Ришелье мен Людовик XIII кешке салым шахмат ойнағанда жиі-жиі өз сарбаздарын жарыса мақтап, ерегісіп отырушы еді. Олардың әрқайсысы өз нояндарының келісті кескін-келбетін, жаужүрек батылдығын мақтап сөз жүзінде жанжал мен жекпе-жекті айыптағанымен, өз қорғаушыларын астыртын сондай төбелеске айдап салатын. Егер мушкетерлары жеңіп немесе жеңіліп қалса, шын көңілден мәз бола қуанысып, болмаса кәдімгідей ренжісіп қалатын. Осындай жеңістерінің көпшілігіне және жеңілістердің де кейбіріне ортақ болған бір кісі өзінің мемуарларында бұл жайтты тап осылай баяндайды.
Тревиль өз әміршісінің осал жерін дәл тапқан еді, сол себепті ол әдетте, достарынан тез айнып кететін король онымен ұзақ жылдар бойы баянды дос болып алған-ды. Ол кардинал Арман мен дю Плесси Ришельенің алдынан өз мушкетерлеріне сап түзетіп, парад маршымен қыр көрсетіп өткенде, мәртебелі тақсырдың көзі шатынап, ақ бурыл мұрты тікірейіп кетер еді. Тревиль сол кездегі соғыс өнерін жете білгендіктен де қай уақытта дұшпанның есебінен қай уақытта отандастарының есебінен күн көру тәсілін мейлінше шебер меңгерген еді; оның солдаттары да тек капитанның өзіне ғана бағынатын нағыз басбұзарлардың жасағы-тын.
Ұдайы шала мас болып ішіп, бет-ауыздары тырналған, қалай болса солай киіне салған корольдің мушкетерлері, әділін айтсақ, де Тревиль мырзаның мушкетерлері шарапханаларда, көңіл көтеpетін орындарда, сейіл-серуен құратын жерлерде ертелі-кеш айқайласып-дабырласып, шпагаларын кезеніп, сенделіп жүрер еді, егер жолай кардиналдың күзетшілері кездесе қалса, қолма-қол ілінісе кететін. Сосын әзіл-қалжыңы аралас қынаптан шпага суырылып алынатын. Кейде бұларды да өлтіріп кететін, бірақ олар артындағы достары көз жасын төгіп, кегімізді қайтарады деген сеніммен жер жастана құлайтын; көбінесе бұлардың өзі басқаларды өлтіретін, сонда бізді түрмеде шірітіп қоймайды: де Тревиль мырза құтқарып алады деп кәміл сенетін. Олар де Тревиль мырзаны жанындай жақсы көріп, бәрі бірдей тұс-тұстан жамырай мақтасатын, мушкетерлер қаншама жүрек жұтқан, ұрт мінезді жігіттер болғанымен, капитанның алдында, ұстаз алдындағы шәкірттей дірілдеп, оның бір айтқанын екі етпей орындайтын және ол зәредей реніш білдірсе, содан ақталу үшін жанын құрбан етуге дейін баратын.
Де Тревиль мырза әуелгі кезде осы бір құдіретті күшті король мен оның жақтастарының игілігіне жұмсады, кейін, жүре келе өз басының және достарының пайдасына жаратты. Дегенмен сол уақыттың мемуарларынан бір білетініміз тіпті дұшпандарының өзі, — ал, оның қалам ұстайтындар ішінде де, шпага ұстайтындар ішінде де дұшпаны аз болмаған, — иә, дұшпандарының өзі осынау қадірменді кісіні солдаттарының көрсеткен көмегі үшін әлдекімдерден пара алыпты деп айыптай алмайды екен. Қулық-сұмдық, айла-тәсіл жүргізуді әбден әккі болған алаяқтардан кем білмесе де, ол адал күйінде қалған еді. Мұның үстіне, ол кісінің титығына жететін жортуыл - жорықтарға, әскери әмірдің таршылық-торабына қарамастан, көңілді шытырман оқиғаларды жатпай-тұрмай іздеп жүретін, тіпті реті келгенде аса сыпайы, нәзік махаббат өлеңдерін айтып, әйелдердің жүрегін елжіретіп жіберетін сайып-қыран жігітшілігі де мол болатын. Осыдан жиырма жыл бұрын Бассомпьердің жігітшілігі жайлы қанша сыпсың сөз жүрсе, оның талай әйелдерді тұзаққа түсіргені жайлы да сонша өсек-аяң қаулап жататын — мұның өзінен де талай нәрсені аңғаруға болады ғой. Мушкетерлердің капитанына біреу таң қалып, таңдай қақса, екінші біреулер қорқатын, ал, енді біреулер оны шынымен-ақ жақсы көретін, басқа сөзбен айтқанда — оның жолы болып, бақ-дәулеттің биігіне көтерілген еді.
Людовик XIV-ші «Ай менен Күндей, әлемге бірдей жарқырап», өз сарайындағы уақ-түйек жұлдыздар шоғырының жарығын білдірмей тастаған еді, ал, оның әкесінің күні кеп кісілерден көмескі болғандықтан да, өзі сүйіктілерінің, жақын-жуықтарының әрқайсысына дербес жарқырап-жайнап жүруіне жағдай жасаған еді. Король мен кардиналдың «таңертеңгі қабылдауларына» қоса, Парижде жұрт өзгеше назар аударатын екі жүзден аса тап осындай «таңғы қабылдау» болатын. Солардың ішінен де Тревиль мырзаның таңғы қабылдауына кісілер айрықша көп жиналатын.
Ескі кептер ұясы көшесіндегі оның оқшау үйінің ауласы жазда таңғы сағат алтыдан, қыста ертеңгі сағат сегізден лагерьге ұқсап қайнап жататын. Бақайшағына дейін қаруланған, әрқашанда әр нәрсеге сақадай сай тұратын елу-алпыс қаралы мушкетер ұзын саны кемімеген күйі, әлсін-әлі ауысады да, кең аула ішінде еркін кезіп жүреді. Осында бір шарапат іздеп келген тілемсектер әр алуан уәлаяттардан мушкетерлер қатарына алуды арман етіп келген дворяндар, өз мырзаларының жолдама хаттарын әкелген ала-құла оқа-зерлі ливрей киген малайлар — бәр-бәрі аумақты да кең басқыш үстімен жоғары-төменді түсіп-шығып жатады, қазіргі құрылысшы болса осы басқыш тұрған жерге тұтас бір үйді қондыра салар еді. Қабылдау бөлмесіндегі қабырғаны қуалай қойылған ұзын орындық үстінде ең таңдаулы кісілер яғни қожайынның өзі арнайы шақырған кісілер отырады. Ертеден қара кешке дейін қабылдау бөлмесіндегі гуіл бір басылмайды, ал, бұл кезде осымен жалғас кабинетте де Тревиль қонақтарды қабылдайды, жұрттың арыз-шағымдарын тыңдайды, жарлықтар береді, сонымен бірге, Луврдегі балконынан король қалай қараса, бұл да терезе алдына келіп, өз адамдары мен қару-жарақтарға байқау жасай алады.
Д'Артаньян осы араға алғаш келген күні, алыс түкпірден келген ауыл адамының көзіне солай көрінді ме, әйтеуір, мұнда жиналған халық қисапсыз көп екен. Ауыл адамы деп отырғанымыз, әрине, гаскон еді, ал со заманда оларды састыра қою оңай емес деп есептелетін. Кенерелерін қуалай төрт бұрышты шегелер қағылған қомақты қақпадан өтіп, жас жігіт қарулы қалың қолдың арасына келіп кірді. Олар аула ішінде әрлі-берлі жүріп, бірін-бірі дауыстай шақырып, бірде егесіп, бірде әзілдесіп ойнап жатты. Осынау сеңдей соғылысқан қалың нөпір ішінен өту үшін не офицер, не дәулетті бір бекзат, не сұлу әйел болу керек еді.
Шидиген сирағына ұзын шпагасын қыса ұстап, қолын жалпақ жиекті қалпағынан алмай, өзінің іштей асып-сасқанын сездірмеу үшін, ыржиып күлген күйі, біздің жігітіміз жүрегі асаудай тулап, сеңдей соғылысқан жұрт арасымен қысылып-қымтырылып әрең жүріп келеді. Осында жиналған жұрттың белгілі бір тобынан өткен кезде ол жеңіл күрсініп, «уһ» деп бір дем алады және көп кісілердің өзіне бұрылып қарап тұрғанын айқын аңғарады. Осы уақытқа дейін өзін ешкімнен кем санамайтын д'Артаньян, өмірінде тұңғыш рет өзін өңге күлкі боларлықтай икемсіз де ебедейсіз екенмін-ау деп ойлады.
Басқыштың дәл түбіне барған кезде жағдай мүлде қиындап кетті. Төменгі тепшіктерде төрт мушкетер бір қызық ойынмен көңілдерін көтеріп жүр екен, ал сол арада олардың он-он екі қаралы дос-жарандары осы ойынға қатысу үшін кезек күтіп тұр еді. Әлгі төртеудің біреуі серіктерінен бірнеше басқыш жоғары тұрып алып, шпагасын жалақтатып, қалған үшеуін жоғары жібермеуге тырысып бағады. Төменгі үшеуі шпагаларын көз ілеспейтін жылдамдықпен сілтеп, анаған шабуыл жасайды.
Д'Артаньян әуелгі кезде бұл шпагаларды ұшы мұқалған сайыс рапиралары деп ойлап қалған. Бірақ ұзамай, ойынға қатысушылардың бетіне түскен сызаттарды қарап, шпагалардың ұштарының әбден қайралып, өткірленгенін байқады. Беттерін алмас тырнап кеткен сайын, көрермендер ғана емес, әлгі жәбір шегушінің өздері де қарқылдасып күліседі.
Жоғарғы тепкішектегі мушкетер бұл кезде дұшпандарының шабуылын шеберлікпен тойтарып тұрған. Бұл ойынның шарты бойынша, бетіне сызат түскен жаралы ойыннан шығады да, оның орнын жеңген сайыскер басады. Арада бес минут өтпей жатып, әлгілердің үшеуі де тырналды: біреуінің қолы, екіншісінің иегі, үшіншісінің құлағының шеті тілініп шыға келді, ал басқышты қорғап тұрған жігіт дін-аман қала берді. Мұндай жылпос сайыскер, ойынның ережесі бойынша, үш кісіден ілгері барып тұруы керек.
Біздің жас саяхатшыны бірдеңемен таң қалдыру, яғни таң қалғанын жұртқа сездіріп қою қандай қиын болса да, ол осы жолы мына ойынға шынымен-ақ қайран қалды. Мұның елінде, жігіттері қызу қанды, жанжалқой келетін өлкеде, біреуді жекпе-жекке шақыру үшін әйтеуір бір желеу табу керек-ті. Мына төртеуінің сайысы тіпті Гасконда жүріп талай нәрсені естіп білген біздің жігітімізге де бұрын көрмеген керемет болып көрінді. Ол әлі Гулливер тап болып, зәре-құты қалмай қорқатын аты әйгілі дәулердің елінен келіп шыққандай болды. Ал, мақсатына жетуге әлі талай жер бар-тын: жоғарғы алаң мен қабылдау бөлмесі алда еді.
Алаңда сайысып жатқан жан көрінбеді, мұнда — әйелдер жайлы әңгіме, ал қабылдау бөлмесінде — корольдің сарайы жайлы әңгіме қызып жатыр екен. Д'Артаньян жоғарғы аланда бір қызарып, бір бозарса қабылдау бөлмесінде дірілдеп кетті. Осында айтылып жатқан ғашықтықтың машақаты мен тоят алған махаббат жайлы әңгімелер, әйгілі адамдардың аттары мен мұның үстіне аса құпия бір жайттарды тізе жөнелгенде мүлде күшейіп, тұздықтанып сала берер еді, әрине, мұндай керемет Гаскондағы дәйекші қыздар мен кейде жас келіншектерге де қатерлі көрінетін, зирек те сергек қиялды жас жігітіміздің өңі түгіл түсіне де кірмеген еді. Егер алаңда оның күнәдан пәк, адал жанына алғашқы соққы тиген болса, қабылдау бөлмесінде кардиналды сырттай құрметтеп-қошеметтеуі біраз әлсірегендей болды. Д'Артаньянның сұмдық қайран қалған бір нәрсесі: осы арада күллі Европаны сескентіп дірілдеткен саясатты өлтіре сынағанын өз құлағымен есітті; бұл жерде кардиналдың жеке басының тіршілігі де сынға алынды, оны білмек болғаны үшін талай-талай аса құдіретті қасқа мен жайсандардың жәбір-жапа шеккенінен д'Артаньянның өзі де хабардар болатын. Д'Артаньян-әке қатты құрметтейтін осынау ұлы адамды мына жерде де Тревиль мырзаның мушкетерлері мазақтап күліп отырды. Бұлардың кейбіреуі оның қамыт аяғы мен бүкірлігін кекетсе, енді біреулері кардиналдың ашынасы мадам д'Эгильсн мен жақын қарындасы де Комбалэ ханым жайлы өлеңді тақпақтап айтып жібереді, ал, үшінші біреулері қолма-қол кардиналдың қол балалары мен күзетшілерін тәлкек етпек болып өзара келісіп жатты — міне, осынын бәрі д'Артаньянға біртүрлі ақылға сыймайтын жат қылық болып көрінді.
Бірақ кардиналдың атына айтылған осынау ащы мысқылдың арасына байқаусызда корольдің есімі кіріп кеткен болса — көрінбей бір қол сол бейпіл ауызды сол табанда баса қойғандай болып сезілер еді. Әңгіме айтып лепіріп, отырғандар дабырласқан дауыстары қалың қабырғадан де Тревиль мырзаның кабинетіне естіліп қалатындай-ақ, өзінен-өзі қысылып жан-жағына елеңдеп қарай береді.Бірақ олардың тағы біреуі жалма-жан ойнақы бір әзіл қашырады да тағы да мәртебелі тақсырға көшеді, мушкетерлер тағы да дуылдасып, ұлы кардиналдың басқан қадамын әңгімеге тиек етіп айтып кетеді.
«Мына соққандардың бәрін Бастилияға қамап, дарға асатын шығар, — деп ойлады д'Артаньян үрейленіп. Осылардың қосағында өзім де кетіп қалып жүрмейін: өйткені сөздерін бірге тыңдап, өз құлағыммен есіткесін мені де мына қаққандардың жақтасы деп қалар. Өле-өлгенше кардиналды құрметте деп ақыл айтқан әкем, тап осындай діннен безгендердің арасында отырғанымды көрсе не дер еді!»
Сол себепті де д'Артаньянның бұл әңгімеге араласпағанын өздеріңіз де оп-оңай түсінген шығарсыздар. Бірақ ол мұның бірде-бір сөзін шашау шығармай ұғып алу үшін бар ынта-ықыласын салып тыңдады. Әкесінің ақыл-кеңесіне қанша құлақ асқанымен, өз көңілінің қалауымен мен талғауына қарап, төңірегінде болып жатқан жайттарды айыптамай, қайта құптағысы келетін сияқты.
Де Тревиль мырза жақтастарының қалың тобыры ішінде мүлде бөтен кісі екенін ескеріп және оны осы арадан тұңғыш рет көргесін, одан не шаруамен келгенін сұрады. Д'Артаньян әуелі аты-жөнін айтып, содан кейін де Тревиль мырзамен жерлес екенін сылтау қылып, өзіне сауал қойған дәйекшіден де Тревиль мырзаға бірнеше минутке қабылдауын өтінетінімді жеткізіңіз деді. Дәйекші мұның өтінішін қажетті уақытында жеткізермін деп қамқорси үн қатты.
Әуелгі кездегі қысылып-қымтырылғанынан бірте-бірте арылып, д'Артаньян енді айналасындағы адамдардың киімі мен бет пішініне көз тоқтатып қарай бастады.
Ең бір көңілді топтың дәл ортасында, кереметтей костюмімен жалпы жұрттың назарын өзіне қарай аударып бір кекірейген ұзын бойлы мушкетер тұрды. Оның үстіне кигені үйреншікті мундир емес-ті, ол кездері мундирді міндетті түрде киіп жүру аса қажет деп есептелмейтін, несін айтасыз, ол еркіндік аз болғанымен, тәуелсіздіктің көп кезі еді ғой. Сонымен оның үстінде өңі біраз оңып кеткен көгілдір мундирі, көнетоз қамзолы бар-ды, қамзолының сыртынан ол иығынан қиғаштай, шаңқай түс кезінде су бетінде ойнайтындай күн шұғыласындай жарқыраған алтын зерлі иықбау тартыпты. Ал қызыл барқыттың пішілген ұзын шекпен шалқақ иінінен төмен қарай төгіліп тұр, әлгі көз жауын алатын зерлі иықбауға сала құлаш шпага тағылыпты, мол шекпеннен иықбаудың алдыңғы жағы ғана көрінеді.
Бұл мушкетер әлгіде ғана қарауыл міндетінен босаған екен, суық тиіп қалыпты деп әдейі күрк-күрк жөтеліп тұрды. Ол мұртын ширатып, керіліп әрең сөйлеп, мына шекпенді жамылып жүргенім де сол деп, қасындағыларға істің мән-жайын түсіндірген болды, ал, айналасындағы кісілер, әсіресе, д'Артаньян оның алтындатқан белдігіне таң қалып шуласып жатты.
— Амал бар ма, бұл қазір модаға айналып барады, — дейді әлгі мушкетер. — Мұның аса қымбат екенін өзім де білем, бірақ ата-ананың жіберген ақшасын да бірдеңеге жұмсау керек қой, әйтеуір.
— Ах, Портос, — деді дауыстап, сол арада тұрған кісілердің біреуі, — мына иықбау әкенің жомарттығынан алынды деп бізді иландыра алмайсың. Мұны саған тарту еткен әлгі мен өткен жексенбіде өзіңмен бірге Сент-Оноре қақпасының қасынан көретін, бетін бүркеп алған әйел емес пе?
— Жоқ, мен оны өз ақшама сатып алдым, бұған арым кәміл және ақсүйектік шын сөзім осы, — деді, жұрт Портос деп атаған мушкетер.
— Иә, — деді сол арадағы мушкетерлердің бірі, — мен мына жаңа әмиянды қалай сатып алсам, бұл да солай сатып алған: өз басым мұны ашынам ескі әмияныма салып қойған ақшаға сатып алғанмын.
— Жоқ, шын сөзім, — деді Портос, — бұған он екі пистоль төлегенімді ашық айта аламын.
Қолпаштаған дауыстар күшейіп кетсе де, күмән әлі сейіле қоймап еді.
— Осыным рас қой, Арамис? — деді Портос, екінші бір мушкетерге қарап.
Бұл мушкетер, Арамис деп тіл қатқан мушкетерден мүлде басқаша жан еді. Ол жиырма екі, жиырма үштер шамасындағы, өңі сүп-сүйкімді, момақандау келген, күздегі майда түк басқан шабдалы сияқты қызыл шырайлы, қара көзді жігіт еді. Жоғары ернін жиектей мойыл қияқ мұрт бір сызып өтіпті. Ол тіпті қолының тамырлары білеуленіп кетеді деп сақтанып, оны төмен түсірмейтін де сияқты. Күн көрінетін жұқа құлағын күтіп ұстау үшін сырғалығын әлсін-әлі ұстап, сипап қояды. Ол сызылып тұрып, жайымен баптап сөйлейді, жиі-жиі басын иіп, аппақ маржандай тісін ашып, үнсіз сыпайы күледі, өзінін мұнтаздай тұла бойын қалай баптап күтсе, тістерін де солай күтетін сияқты. Досының сөзін ол басын изеп мақұлдай салды.
Шамасы, ол мақұлдағаннан кейін керемет иықбау жөніндегі жұрттың күдігі біржола сейілгендей болды. Оған жұрт қызыға қараса да, енді оны сөз қылмады, бірте-бірте ойды-ой, сөзді-сөз қозғап, әңгіме мүлде басқа тақырыпқа ауысты.
— Де Шале мырзаның атшысы айтқан сөзге қалай қарайсыз? — деді бір мушкетер, сауалын ешкімге арнап айтпай, жалпы көпке бірдей арнап.
— Ол не депті? — деді Портос маңызданып.
— Оның сөзіне қарағанда, ол Брюссельде кардиналдың жанқияр қызметшісі Рошформен кездесіпті. Рошфордың үстінде канунциннің киімі болса керек, осындай маскарадты шебер пайдаланып әлгі қарғыс атқан Рошфор де Лэг мырзаны ақымақ қылып; тақырға отырғызып кетіпті.
— Ақымақ қылғаны қалай? Соның өзі рас па? — деді Портос ақырып.
— Мен оны Арамистен есіттім, — деді мушкетер.
— Шынымен солай ма екен?
— Сіз оны жақсы білесіз ғой, Портос, — деді Арамис. — Мен оны сізге айтып едім ғой. Соны қайталай беріп қайтеміз.
— «Қайталай беріп қайтеміз!» — деді Портос дауыстап. — Сіз солай деп ойлайсыз ба? «Қайталай беріп қайтеміз!» Шайтан атсын сені, мәселені шолтаң еткізіп, шалт қайыра салады екенсің!.. Бұл жарамайды! Кардинал адал дворянның қыр соңынан қалмай, опасыз сатқынның, залым қарақшының, дардан қашқанның көмегімен оның жазған хаттарын ұрлап алады, сосын әлгі шпионды пайдаланып, жоғарыда айтылған хат негізінде: Шале корольді өлтіріп, корольеваға герцог Орлеанскийді қосайын деп жатыр-мыс деген жалған айып тағып,- Шале байғұсты дарға асады! Осы жұмбақтың шешуін ешкім де таба алмай қойып еді. Сіз жұрттың ойлаған жерінен шығып, кеше ғана сол тылсымның сырын айттыңыз содан әлі есімізді жинап үлгіре алмай жатқанымызда, Бүгін «Соны қайталай беріп қайтеміз!» дейсіз.
— Мақұл ендеше, сіз қаласаңыз тағы да қайталайық, — деп Арамис оп-оңай көне кетті.
— Егер мен де Шале мырзаның атшысы болсам, — деді Портос қызып, — ана Рошфор кәззаптың сазасын берер едім!
— Ал, «Қызыл герцог» сіздің сазаңызды берер еді! — деді Арамис байсалды.
— «Қызыл герцог»... Пәле, жарадың! «Қызыл герцог!».. — деді Портос өрекпіп, алақанын шапалақтап, оны мақұлдай басын изеп. Қызыл герцог» — мұны керемет тауып айттыңыз. Мен бұл сөзіңізді жұртқа жаюға тырысамын, оған қам жемесеңіз де болады. Арамистің өзі пәле, шаяндай шағып алады!... Сіздің өз жөніңізбен кетпегеніңіз қандай өкінішті! Сізден тамаша аббат шығар еді!
— Е, оны уақытша ғана тастадық қой, — деді Арамис жай ғана. Асықпасам, бір кезде аббат болатыным хақ. Портос, өзіңізге мәлім, мен соны күн ілгері ойлап, діни ілімді оқып, зерттеп жүрмін ғой.
— Бұл дегеніне жетеді. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, дегеніне жетеді, — деді Портос.
— Ертерек жететін шығармын, — деді Арамис оған.
— Иә, үйіндегі шкафта мушкетер киімінің тасасында ілулі «тұрған сутанды қайта кию үшін ол тек бір ғана оқиғаны күтіп жүр, - деді мушкетерлердің біреуі естірте.
— Ол сонда нені күтіп жүр? — деді екінші біреу.
— Ол королеваның елге мұрагер тауып беруін күтіп жүр.
— Мырзалар, мұндай қалжыңды қойыңыздар. Құдайға шүкір, королева әлі тұғырынан тайып тұрған жоқ, ондай күн әлі-ақ туады, — деді Портос.
— Лорд Бекингэм Францияда жүр дейді ғой, — деді Арамис қуақылана мырс етіп, оның осы мырс етіп күлгенінен әңгіме екі ұшты болып естілді.
— Арамис, досым-ау, сіз осы жолы ағат кеттіңіз, — деді Портос оның сөзін бөліп, — бұралқы сөзге үйірсектеніп жүріп, әдептен асып кеттіңіз. Егер де осы сөз Тревиль мырзаның құлағына жетсе, сізді оңдырмайды.
— Сіз маған тәлім айтудан саумысыз, Портос? — деді Арамис, ұяң көзі кенет нажағайдай жарқ етіп.
— Досым-ау, — деп жауап қатты Портос, — бір мезгілде әрі мушкетер, әрі аббат болу қиын, екеуін қабат алып жүрем деу қателік. Есіңізде ме, жуырда Атос сізге: астау біткеннің бәрінен асап жүрсіз, деді ғой. Жо-жоқ, бір өтінішім, екеуміз ерегісіп қалып жүрмейік. Оның түкке де қажеті жоқ. Сіз бен Атос үшеуіміздің арамыздағы шартты жақсы білесіз ғой. Сіз д'Эгильон ханымның үйіне барып жүресіз және оны айналдырып та көргенсіз. Сіз де Шеврез ханымның қайын сіңлісі де Буа-Траси ханымдікінде де болып жүрсіз, жұрттың айтуына қарағанда, де Шеврез ханымның сіз дегенде жаны қалмайды дейді. О, мырзалар, сіздер өз бақыттарыңызды ортаға салмай-ақ қойыңыздар, сіздердің кішіпейіл, қарапайым кісі екеніңіз көпке аян, сол себепті де құдайдың тірі жаны сіздерге сырыңызды ақтарыңыз деп талап қоймайды! Ал, егер сіздер, шайтан алғырлар, екі елі ауыздарыңызға төрт елі қақпақ қоя білсеңіздер, ұлы мәртебелі ханым жайлы сөз туа қалса, әлгі әдеттеріңізді ұмытпаңыздар. Мейлі, жұрт король мен кардинал жайлы ауыздарына не келсе соны оттай берсін, бірақ королева — қасиетті жан, ендеше оны сөз қылған кісі тек жақсылық жағын ғана айтсын.
— Портос, сіз Нарцисс сияқты өзіңізге өзіңіз сенгіш-ақсыз, бұл есіңізде болсын, — деді Арамис. — Сіз менің ақыл үйреткенді жек көретінімді білесіз ғой, ақыл-кеңесті тек Атостан ғана алғанды ұнатам. Ал, енді сізге келетін болсақ, сүйіктім, әне бір жарқырауық, иықбауыңыз сіздің ізгі сезіміңізге деген сенімімізді әсте арттырмасқа керек. Қажет деп тапсам, мен аббат та бола аламын. Әзірге мушкетермін, ендеше мушкетер ретінде ойыма не келсе, соны айтамын. Тап қазір сізге: мені жалықтырып жібердіңіз деп айтқым келіп тұр.
— Арамис!
— Портос!
— Мырзалар!.. Мырзалар!.. — деп шуласқан дауыс тұс-тұстан жамырап кетті.
— Де Тревиль мырза д'Артаньян мырзаны күтіп отыр! — деді малай бұлардың сөзін бөлiп, кабинеттің есігін шалқайта ашып тұрып.
Осы сөздер айтылып біткенше есік ашық тұрды, сол себепті де бәрі тым-тырыс болып, үндемей қалды. Осындай жым-жырт тыныштықты бұзып, жас гаскон қабылдау бөлмесін кесіп өтіп, мушкетерлер капитанының кабинетіне кіре берді, ол әлгі бір өзгеше жанжалдың немен тынғанын көрмей, дәл кезінде кетіп қалғанына шын көңілден қуанғандай еді.
III
ҚАБЫЛДАУ
Де-Тревиль мырза шытынап ашуланып отыр екен. Соған қарамастан басы жерге жеткенше еңкейіп сәлем берген жас жігітті кішіпейілмен сыпайы қарсы алды, оның марапаттаған сөзін жымиып тұрып тыңдады. Жас жігіттің беарн мәнерімен сөйлегені, оған жастық шағын, кіндік кесіп кір жуған атамекенін есіне салды — өткенді осылайша еске алу кімді де болса қуантады ғой. Бірақ со мезетте қабылдау бөлмесінің есігіне барып, әуелі басқа бір шаруаларды реттей салайын, сосын сізбен кеңесермін деген ой тілегіне д'Артаньяннан рұқсат сұрағысы келгендей қолын шошайтып көтерді де, саңқ-саңқ етіп үш рет айқай салды және дауыстаған сайын үні қатайып, әкіреңдеген бұйрық райдан ызбарлы ашуға дейін жетті:
— Атос! Портос! Арамис!
Біз әлгінде танысып үлгірген қос мушкетер, соңғы екі есімнің несі болар еді, бірден серіктерінен бөлініп, кабинетке келіп кірді, олар табалдырықтан аттап етісімен арттарынан тарс етіп есік те жабылды. Іштей мазасызданып тұрса да, кісілік қадір-қасиетін түсірмей, өздерін әрі асқақ ұстады, әрі әміріңе құлдық деп бас игендей кішіреюі, жалпы солардың емін-еркін мәнері д'Артаньянды да қатты қызықтырды, ол бұ сарбаздарды айрықша әулие санап, ал, олардың бастығын кез-келген уақытта күндей күркіреп, нажағай ойнатып шыға келетін Күркіреуік-Юпитер деп танығандай еді.
Қос мушкетер ішке кіріп, олардың артынан есік жабыла берген кезде қабылдау бөлмесіндегі гуіл қайтадан күшейіп кетті, шамасы екі сарбаздың шақырылуы тілге тиек болса керек; ақырында байқау кезіндегідей үнсіз сіресіп тұрған Портос пен Арамистің алдынан де Тревиль мырза қабағын түйіп, үш-төрт рет әрлі-берлі өтті де, кенет бетпе-бет келіп тұра қалды, сосын оларды қолдарынан аяғына дейін ызалана бір шолып өтіп:
— Мырзалар, осы кеше ғана, кешқұрым корольдің маған не айтқанын білесіздер ме? Оны әлі естіген жоқсыздар ма? — деді жайымен.
— Жоқ, — деді аз-кем үнсіз тұрғаннан кейін екі мушкетер де. — Біз әлі ештеңені естіген жоқпыз, мырза.
— Бірақ со хабарды сіз бізге айтып, құрмет көрсетеді ғой деген үміттеміз, — деді Арамис сызылып, сосын сыпайы иіліп бір тәжім етіп қойды.
— Ол кісі, бұдан былай мушкетерлерді кардинал мырзаның гвардияшылары қатарынан іріктеп алам деді.
— Кардинал мырзаның гвардияшыларынан дей ме? Мұнысы қалай? — деді Портос таңырқап.
— Ол кісі өзінің ашқылтым әлсіз шарабына асыл шарап қосып күшейтпесе болмайды екен деген тоқтамға келіпті.
Екі мушкетер де құлағына дейін дуылдап, қып-қызыл болып кетті. Д'Артаньян қайда тығыларын білмеді, егер жердің жарығы болса со замат кіріп те кетер еді.
— Иә, иә солай! — деді де Тревиль мырза қызған үстіне қыза түсіп.— Ұлы ағзамның айтқаны дұрыс, өйткені мушкетер мырзалар сарай маңында аянышты халге түсіп барады! Кеше кешкілік шахмат ойнап отырғанда кардинал мырза біреуге көңіл айтқандай-ақ — мұнысы менің шамыма тиді — мына қарғыс атқан мушкетерлер, мына баскесерлер — ол бұ сөздерді қандай кекесінмен айтқанын көрсеңіз, шымбайыма өлердей батты — мына сойқанды содырлар, — деді ол маған мәлік көзімен бажырая қарап, — Феру көшесіндегі шарапханада сандырақтап отырып, рұқсат етілген мезгілден кешігіп қалыпты. Түнгі күзетте жүрген оның гвардияшылары, — ол менің бетіме тұп-тура қарап, мазақтап күліп жіберер ме екен деп ойладым, — жұрттың түнгі тыныштығын бұзушы содырларды ұстауға мәжбүр болыпты. Ала құйын шайтандар, түге! Мұның не екенін білесіздер ме? Мушкетерлерді қамады деген не сұмдық! Сіздер сол жиында болғансыздар... иә, мына сіздер, кәне, жалтарып көріңіздерші, сіздерді бірден таныған, кардинал да сіздердің аттарыңызды атады. Кінәлі, мына менмін, өзіме де обал жоқ, сіздерді таңдап-талғап алған өзіммін. Мәселенки, мына сізді алайық, Арамис: аббаттың киімі тұрғанда, сіз менен мушкетердің қамзолын сұрап алғаныңыз қалай? Ал, сіз ше, Портос... Мынау сияқты жарқыраған алтын иықбау сізге қамыс шпаганы ілу үшін керек шығар? Атос ше... Мен Атосты көрмей тұрмын. Атос қайда?
— Мырза, — деді Арамис мұңайып, — ол науқас, ауыр науқас.
— Науқас? Ауыр науқас дейсіз бе? Сонда немен науқастанып жатыр?
— Қызылша емес пе деп қорқамыз, мырза, — деді Портос та, әйтеуір бірдеңені.айтқысы келіп. — Соған қатты қайғырып жүрміз: осы ауру оның бет-жүзін шұбарлап кетуі мүмкін.
— Қызылша?.. Қайдағы жоқ тарихты қайдан айтып тұрсың, Портос! Оның жасында кісі қызылшамен ауыра ма екен?! Жоқ! Жоқ!.. Ол мүмкін жаралы шығар... бәлкім, оны өлтіріп те кеткен шығар... Шіркін, соны білсем!.. Шайтан соққандар сол! Мушкетер мырзалар, мен өз сарбаздарымның күдікті де күмәнді жерлерде сандалып жүруіне, көше-көшелерде жанжал тудырып, қараңғы бұрыштарда шпага жұмсауларына жол бере алмаймын! Мен өз жігіттерімнің кардинал мырзаның гвардияшыларына күлкі бола алмаймын! Ана гвардияшылар — шеттерінен байсалды, оралымды бір оңды жігіттер. Оларды тұтқындай қояйын десең кінәлары жоқ және олар өздерін тұтқынға алдыра да қоймайды. Менің бұған кәміл көзім жетеді! Олар бір қадам шешінгеннен гөрі сол арада өлгенді артық көреді. Қашып-пысатын да, бой тасалайтын да, бетімен безетін де — корольдің мушкетерлері!
Портос пен Арамис ызаға булығып, қалшылдап әзер тұр... Егер де Тревиль мырзаның бұларды жанындай жақсы көргендіктен де осындай ащы сөздерді айтып тұрғанын білмесе, олар сардарын баяғыда-ақ буындыра салар еді. Олар аяғымен кілемді тепкілеп, еріндерін қаны шыққанша тістеп, шпагаларының сабын құшырлана қыса берді.
Қабылдау бөлмесінде тұрған кісілер Атосты, Портос пен Арамисті шақырғанын және бастықтарының қатулы түріне, қаһарлы үніне қарап, де Тревиль мырзаның ашуланып жатқанын аңғара қойды. Іште не айтылып жатқанын анық есту үшін он шақты кісі есікке жабыса қалды, олардың құлақтары бірде-бір дыбысты мүлт жібермей қағып алып жатса, ауыздары капитанның өздерін масқаралап, жәбірлеген сөздерін көпшілікке жеткізу үшін, айнытпай қайталап жатты, мұны естігенде олардың жүзі аппақ болып қуарып ашуға ерік бергені белгілі ғой. Осынау қомақты үлкен үй, кабинеттің есігінен бастап, сыртқы қақпаға дейін бір сәт ішінде қайнаған қазанға ұқсап шулап кетті.
— Солай де! Король мушкетерлері кардиналдың гвардияшы өздерін қамап жатқанда ауыздары аңқиып тұра беретін көрінеді! — деді ақырып де Тревиль мырза сөзін жалғай түсіп, шындап келгенде ол бұл жайтқа солдаттарынан бетер ашуланған еді, сол себепті де әрбір сөзін тыңдаушыларының кеудесіне қанжар сұққандай етіп, нығарлап, шегелеп айтты. — Кардиналдың алты гвардияшылары да ұлы ағзамның алты мушкетерін тұтқынға алды деген не сұмдық! Шайтан атсын! Мен қатал бір шешімге тоқтадым. Қазір тап осы жерден тікелей Луврға барамын да, отставкаға шығамын, король мушкетерлері капитанның атағынан бас тартып, өзімді кардинал гвардияшыларының лейтенанты етіп тағайындауын сұраймын. Ал, егер маған ол қызметті бермесе, онда шайтан соқса да, аббат болам!
Осы сөздер айтылған кезде сырттағы наразылық дуылдап, дауылға айналды. Жан-жақтан қарғыс айтқан боғауыз сөздер, құдайдың өзін тілдеген ащы дауыстар естіліп жатты. «Мың-мың шайтан атсын!», «Періштелерімен қоса құдайы да құрысын!», «Ажал мен тозақ!» —деген сияқты айқай-қиқу айналаны көміп кетті. Д'Артаньян бір перде болса, соның тасасына тығыла салмақшы болып жан-жағына көз салып көрді, тіпті лып етіп, столдың астына кіріп кеткісі келді.
— Капитан мырза, мені тыңдаңыз! — деді Портос дауыстап, төзімі әбден таусылғасын, — Расында да біз - алтауға қарсы алтау едік, бірақ олар бізге бір бұрыштан тосын шабуыл жасады, біз шпагамызды суырамыз дегенше, екі серігіміз табанда тіл тартпай кетті, ал, Атостың ауыр жараланғаны сонша, өлудің аз-ақ алдында қалды; ол екі рет орнынан тұрмақшы болып ұмтылып көріп еді, екеуінде де қайтадан сұлап түсті. Соған қарамастан біз берілмедік. Жоқ! Бізді күштеп сүйретпекші болды. Бірақ жолай біз құтылып кеттік. Ал, Атосқа келетін болсақ, оны өліп қалды деп ойласа керек, қозғап әуре болғысы келмей, жатқан жеріне тастап кетіп қалыпты. Жай-жағдай, міне, осылай болған. Шайтан соқсын, капитан! Көрінген соғыста жеңе беру қиын. Ұлы Помпей Фарсаль шайқасында жеңіліп қалған, король Франциск Бірінші болса, — менің естуімше, ол да оңай кісі болмаса керек, — Павийдегі соғыста сәтсіздікке ұшыраған.
— Менің сізге баяндайын дегенім, — деді Арамис, — шабуылшының біреуін мен өз шпагасымен түйреп тастадым, өйткені өз шпагам бір сілтегенде-ақ морт сынып кеткені. Өлтірді дейсіз бе әлде түйреп тастады дейсіз бе — еркіңіз білсін, мырза!
— Мен оны білмедім ғой, — деді де Тревиль мырза біраз жұмсарып. — Енді байқасам, кардинал мырза оқиғаны біраз өсіріп жіберген тәрізді.
— Бірақ сізден жалынып сұрайын дегенім, мырза...— деді Арамис сөзін жалғап, де Тревильдің райдан қайтқанын көріп, өтініш айтуға бел байлады, — жалынамын сізге, Атостың жараланып қалғанын тірі жанға айта көрмеңіз. Бұл жайт корольге мәлім болып қалса, ол қатты ренжиді. Жарақаты аса ауыр болғасын — шпага иығын тесіп, кеудесіне дарыған сияқты — қауіпіміз күшті...
Со замат есіктің шымылдығы ысырылып, табалдырықтан игі жүзді, кескінді келген бір мушкетер көрінді, бірақ оның өңі өлердей болып қуарып кеткен екен.
— Атос! — деп мушкетердің екеуі бірден айқайлап жіберді.
— Атос — деді де Тревиль олардың ізінше.
— Капитан мырза, сіз мені шақырған екенсіз, — деді Атос де Тревильге қарап. Оның даусы әлсіздеу шыққанымен, өзі сабырлы да салмақты еді. — Жолдастарым маған сізді шақырды деді, сосын өзіңізге жеткенше асықтым. Әміріңізге құлдық, мырза!
Осы сөздерді айтты да, мұнтаздай болып киінген, ұдайы қаршығадай жинақты жүретін мушкетер нық басып кабинетке кірді Солдатының мына ерлігіне қатты риза болып, көңілі елжіреп кеткен де Тревиль соған қарай ұмтыла берді.
— Әлгіде ғана мен мына мырзаларға өз мушкетерлерімнің жөн-жосықсыз басын бәйгеге тіге берулеріне тыйым саламын деп айтқан едім. Батыр жігіттерді король қадірлейді, ал, мушкетерлердің ержүрек батырлар екені корольге аян. Қане, қолыңызды беріңіз, Атос!
Осынау дос пейіліне мушкетердің жауап беріп жатуын күтпей де Тревиль Атостың оң қолын ұстап, бар күшін сала қатты қысып жіберді, бірақ қанша шыдамды болса да, Атостың жаны көзіне көрініп, дір ете түскенін бұрынғыдан да бетер бозарып кеткенін сезбей қалды.
Есік жартылай ашық қалыпты. Осы жанжал төңірегін бүркеп-анықтап, қанша құпияда ұстаса да, Атостың жараланып қалғанын жұрттың көбісі біледі, жігіт енді сол жарақатымен жетіп келгенде таңданбаған жөн. Капитанның соңғы сөзіне жұрт уілдесіп кетті, екі-үш мушкетер қуанғанынан есіктің пердесі арасынан сығалап қарап та қойды. Де Тревиль ережені бұзғаны үшін оны қатты ескертпекке ыңғайлана бергенде, кенет Атостың өзі қысып тұрған қолы дір етіп ыршып түскенін сезді де, мушкетердің бетіне бір қарағаннан-ақ оның есінен танып қалуға жақын тұрғанын біле қойды. Со мезетте бар күшін жинап, жараның ауырғанын сездірмей тұрған Атос, дерт меңдегесін еденге өлі кісідей құлай түсті.
— Емшіні шақыр! — деді айқайлап де Тревиль мырза. — Менің емшімді немесе корольдің емшісін, әйтеуір, ең тәуір дәрігерді шақырыңдар! Емші келсін, әйтпесе, шайтан соққанда, қаһарман Атосым жан тапсырады!
Де Тревиль айқайы шыққан соң қабылдау бөлмесінде тұрған жұрт түгелдей ашық қалған есіктен ішке қарай лап қойды. Бәрі жапырласып жаралының маңына үймелесті. Емші осы үйдің өзінде болмағанда , олардың қолынан еш қайран келмес еді. Ол кимелеген жұрты, әлі де ес-түссіз жатқан Атостың қасына келді у-шу болып, әбігерге түскен жұрт бөгет бола бергесін ол науқасты көрші бөлмеге апарыңдар деп әмір етті. Де Тревиль мырза жалма-жан тағы бір есікті ашып, жаралы досын көтеріп алған Портос пен Арамиске жол көрсетіп, ілгері қарай жүрді. Бұлардың соңынан емші де ере берді, сосын оның соңынан есік те жабылды.
Сол-ақ екен де Тревиль мырзаның бұрын кірген кісінің есін шығаратын сұсты кабинеті дереу қабылдау бөлмесінің бір бөліміне айналды. Қалың көп шеттерінен жамырай сөйлесіп, өзеуресіп әлдекімдерге қарғыс жаудырып жатты, аузына келген ащы сөздерді ірікпей кардиналды да, оның гвардияшыларын да жын-шайтанмен қосақтап боқтап жатты.
Біраздан кейін Портос пен Арамис қайтып келді. Жаралының қасында де Тревиль мен емші қалыпты.
Ақырында де Тревиль мырза да келді. Оның сөзіне қарағанда, жаралы жігіт есін жинапты. Дәрігер: достары енді мұның жағдайынан қауіптенбесе де болады, өйткені есінен танып қалған себебі, қансырап қалған екен депті.
Сосын де Тревиль мырза қолымен бір белгі бергенде жұрттың бәрі сыртқа шығып кетті,мұнда тек гасконға тән қайсарлығымен д'Артаньян мырза ғана қалған еді, ол әлі қабылдауда тұрғанын ұмытқан жоқ еді. Жұрт тегіс шығып, есік жабылғасын де Тревиль мырза бұрыла бергенде жас жігітпен жүзбе-жүз кездесіп қалды. Әлгі оқиға оның ойын бөліп кетіпті. Ол осы бір қайсар жастан не шаруамен келгенін сұрады. Д'Артаньян аты-жөнін айтып еді, де Тревиль мырза бұрынғыны да, қазіргіні де дереу есіне түсіре қойды.
— Сүйкімді жерлес, кешіріңіз, — деді ол жымиып, — сіз менің есімнен мүлде шығып кетіпсіз. Не айтасыз! Капитан да өзгеше семьяның әкесі сияқты, бірақ қарапайым әкеден гөрі оның жауапкершілігі күштірек. Солдаттар да бір, ересек балалар да бір, бірақ менің өз басым, корольдің, әсіресе кардиналдың жарлықтары орындалсын деп талап еткенімде...
Д'Артаньян жай күлімсіреді де қойды. Осы күлкіден де Тревиль мырза алдында тұрған жігіттің ақылсыз емес екенін бірден сезді де, тікелей шаруа жайына көшті.
— Meн сіздің әкеңізді өте жақсы көруші едім, — деді ол. — Оның баласына қандай жақсылық жасай алар екенмін? Тілегіңізді тез айтсаңыз, уақытым аз еді.
— Мырза, — деді д'Артаньян, — Тарбадан Парижге қарай шыққанымда, әлі есіңізден кетпеген ескі достық үшін, сізден мушкетердің шекпенін сұрасам ба деп едім. Соңғы екі сағат ішінде осы жерден көрген-білгеніме қарап, осы тілегім қабыл болса, бұл өзі мол шарапат екен, соған сай бола алмай қалам ба деп қорқып тұрмын.
— Мұның өзі шынында да мол шарапат, жігітім, — деп жауап қатты де Тревиль мырза. — Бірақ ол сіз үшін өзіңіз ойлағандай, әлде, ойладым деп көрінгіңіз келіп тұрғанындай, онша қиын да болмауы мүмкін. Ұлы ағзамның бір жарлығы осындай жайттарға бағышталған, дегенмен бір өкінішті жері, бірнеше айқастарға қатысып сыналмаса, өзгеше бір ерліктер жасап көзге түспесе немесе біздің полктен гөрі қара дүрсіндеу басқа бір полкта екі жыл қызмет етпесе, ешкімді де мушкетерлер қатарына қабылдамайды.
Д'Артаньян үнсіз тәжім етті. Діттеген тілегіне жетудің қанша қиын екенін анық сезгелі бері ол мушкетер формасын киюге тіпті құмартып кетті.
— Бірақ... — де Тревиль сөзін сабақтап, жерлесінің жүрек түкпірінде не жатқанын көргісі келген кісідейін оған біраз тесіле қарады, — бірақ сіздің әкеңізді, әлгінде айтып едім ғой, өзімнің ескі досымды сыйлап, қанша қиын болса да, сізге, жігітім, бір жақсылық жасағым келеді. Біздің Беарнның бозбалалары арасынан, әдетте, дәулеттілер өте сирек кездесуші еді, мен туған жерімнен кеткелі бері оның жағдайы өзгере қойған жоқ шығар деп ойлаймын. Сіздің өзіңізбен ала келген ақшаңыз күнделікті мұқтажыңызға жетпейтіні кәміл...
Д'Артаньян ешкімнен қайыр-садақа сұрайтын жайым жоқ дегендей бойын түзеп, шікірейіп тұра қалды.
— Жетті, жетті, жігітім, — деді мырза әңгімесін жалғай түсіп, — мұндай мінез маған ертеден мәлім. Баяғыда Парижге келгенімде менің қалтамда төрт-ақ экю ақшам болатын, бірақ соған қарамастан, Луврды сатып алуға сенің қолын қысқа деп айтқан кісіні ойланбастан жекпе-жек сайысқа шақырар едім.
Д'Артаньян басын кекжитіп, бұрынғыдан бетер шірене түсті. Астындағы атын сатып жібергенінің арқасында ол тірлік-мансап жалын, де Тревиль мырзаның әуелгі кездегі ақшасынан төрт экю артық ақшамен бастағалы отыр.
— Сонымен, — деді капитан сөзін жалғап, — үйден әкелген ақшаң көп болғанымен оны жаныңда сақтай тұру керек. Мұның үстіне қаруды игеру, қолдану өнеріне жетіле түсуге тиістісіз — ол ақсүйекке өте қажет өнер. Мен бүгіннен қалдырмай король Академиясының басшысына хат жазып берем, ертеңнен бастап сізді ақысыз-пұлсыз оқуға қабылдайды. Бұдан бастартып жүрмеңіз. Біздің жас дворяндарымыз, қанша бай, дәулетті-текті болғанымен, оған қолы жете бермейді. Сіз ат құлағында ойнауды, сайысты, бидің түр-түрін үйренесіз. Қажетті кісілермен танысасыз, оқтын-оқтын маған соғып, жай-күйіңізді білдіріп кетіп тұрасыз және менен қандай көмек керек екенін айтасыз.
Сарай маңындағы салт д'Артаньянға қанша бимағлұм болғанымен ол осы қабылдаудан салқын бір ызғар ескенін сезбей тұра алмады.
— Әттегене-ай! — деді ол дауыстап. — Әкемнің сізге әдейі жолдаған хатының жетіспей тұрғанын сезіп те, көріп те тұрмын, қайтейін.
— Шынында да, — деді де Тревиль, — осынша алыс сапарға сіздің бірден-бір сиқырлы кілт — хатсыз шыққаныңызға мен де таң қалып отырмын, ондай хат біздің беарндық ағайындарға өте қажет қой.
— Мырза, сондай хат, құдайға шүкір, менде де бар еді және келістіріп-ақ жазылған еді! —деді д'Артаньян өкініп. — Бірақ оны менен зұлымдық жолмен ұрлап алды.
Содан кейін ол Менгде болған оқиғаны әңгімелеп айтып берді, бейтаныс дворянның кескін-келбетін егжей-тегжейлі суреттеді, жас жігіттің ақ жүректен қызына айтқан әңгімесі де Тревиль мырзаға қатты әсер етті.
— Біртүрлі түсініксіз тарих екен... — деді мушкетерлердің капитаны біраз ойланып. -Сіз менің атымды дауыстап, жұртқа естірте айттым дедіңіз ғой?
— Иә, айтқанда қандай. Мен тіпті сақтануды да білмеппін. Бірақ менің жазығым қанша! Сіздің есіміңіз сияқты әйгілі есім жол-жөнекей маған қалқан болуы керек еді. Өзіңіз ойлаңызшы, талай рет сол есімді қорған қылғаным да рас.
Ол кездері біреуді мақтай сөйлеу салтқа айналған еді, кез-келген король немесе кардинал сияқты, де Тревиль мырза да ондай тәтті сөзді естуге құмар еді. Сол себепті ол да ырза болғанын білдіріп, күліп бір жадырап қалды, бірақ күлкісі тез сөнді.
— Маған мынаны айтыңызшы... — деді ол, Менгде болған оқиғаға қайта оралып, — сол дворянның самайында кішкентай бір тыртығы жоқ па екен?
— Иә, оқ жырып кеткен сияқты бірдеңе бар.
— Көрнекті кісі ме екен?
— Иә,
— Бойы ұзын ба?
— Иә.
— Қара шашты, аппақ шөлмектей кісі ғой?
— Иә-иә, тап сондай кісі. Мырза, сіз ол адамды қайдан білесіз? Ех, шіркін, ол адам бір кезде әйтеуір бір қолыма түссе — сізге ант етейін, ол сойқанды мен дозақта жүрсе де тауып аламын бір күні...
— Ол бір
— Ол бір әйелді тосып тұр ма екен? — деді де Тревиль оның сөзін бөліп.
— Ол сол күткен әйелімен бір-екі ауыз сөйлескеннен кейін ғана аттанып кетті, бұл — ақиқат.
— Олардың не деп сөйлескенін білмейсіз бе?
— Әйелге бір қобдишаны беріп жатып ол: мұның ішінен ана кісінің жарлығын табасыз, оны тек Лондонға барғасын ашқайсыз деді.
— Өзі ағылшын әйелі ме екен?
— Ол оны миледи деп атады.
— Бұл соның өзі! — деді де Тревиль күбірлеп. — Соның тап өзі! Мен оны әлі Брюссельде жүрген шығар десем.
— О, мырза, — деді д'Артаньян дауыстап, — ол кісінің кім екенін және қайда тұратынын айтып беріңізші, сонда сізден ештеңені де сұрамаймын, тіпті мушкетерлер қатарына алыңыз деп те өтінбейін! Өйткені ең алдымен сол кісімен есеп айырысуым керек.
— Одан құдай сақтасын сізді, жас жігіт! — Де Тревильдің даусы қаттырақ шығып кетті. — Егер сіз оны көшенің бір жағынан көрсеңіз, дереу екінші жағына шығыңыз. Ол жартасқа соқтыға көрмеңіз: әйнектей быт-шыт болып сынасыз.
— Бәрібір, егер оны жолықтыра қалсам... — деді д'Артаньян.
— Қалай болған жағдайда да, әзірге оны іздемей-ақ қоя тұрыңыз деп кеңес берер едім, — деді капитан.
Кенет ойына өзгеше бір күдік еніп, де Тревиль үндемей қалды. Әкесінің хатын ұрлап кетті-міс деген кісіге кектенуінің түрі жаман... Сол өшпенділік тасасында бір зұлым ой жатқан жоқ па екен, кім білген? Мынау уыздай жас жігітті жұмсап отырған мәртебелі тақсыр емес пе? Бұл оны, де Тревильді, алдап арандатқалы жүрген жоқ па? Өзін д'Артаньянмын деп атаған осынау жылпос жігіт біздің үйге етене ендіргелі жүрген шпион емес пе екен? Ол әуелі менің сеніміме кіріп алып, бұрын да талай адамдарды құртқаны сияқты, мені де құртайын деп жүрген шығар? Ол д'Артаньянға бұрынғыдан да бетер байыптай қарады. Жігіттің ақыл мен қулықты, келгір жұпынылықты қат-қабат сездіріп тұрған құбылмалы жүзіне кәрі жырынды онша сене қоймады.
«Мұның анық гаскон екенін білем, — деп ойлады де Тревиль. — Ол өз қабілетін маған қалай жұмсаса, кардиналдың пайдасына да солай жұмсай алады ғой. Ендеше өзін бір сынап көрелік...»
— Қарағым, — деді ол жаймен, — ескі досымның баласын — өйткені мен әлгі бір хаттың шырғалаңы дегенге толығынан сенем — ескі досымның баласын ә дегеннен салқын қарсы алғанымды жуып-шаю үшін, мен сізге өзіміз жүргізетін саясат сырын ашайын. Король мен кардинал — айрылмас достар. Олардың арасындағы жалған қырын қабақтық ақымақтарды алдау үшін қажет. Мен өз жерлестерімнің, уыздай әдемі жеткіншектің, тек абырой-атақ үшін жаратылған жайсаң жігіттің осындай айла-шарғының құрбандығына шалынып, басқа да көптеген кісілер сияқты, қосақ арасында күйіп кеткенін қаламаймын. Есіңізде болсын, мен аса құдіретті осы екі билеушіге шексіз берілген жанмын және менің әрбір басқан қадамым корольге және Франция ел болғалы ең бір асып туған аса көрнекті ақылды ұлдарының бірі кардиналға қызмет ету мақсатына бағышталады. Жас жігіт, әманда есіңізде болатын бір жайт, бүгіннен бастап, егер үй ішінің араласуы немесе достық қарым-қатынастың әсерінен болмаса қызбалыққа салынып, кейбір дворяндар сияқты ұстамсыз мінез білдіріп, кардинал мырзаға жауығатын болсаңыз, біз сізбен біржолата қоштасамыз. Мен сізге кез келген уақытта қол ұшын беруге әзірмін, бірақ өзіме жақындата алмаймын. Менің ақ көңілден бәрін ашып айтқаным, тым болмаса сізді маған дос етер, өйткені сіз өз өмірімде тұңғыш рет ашық сырласқан бірден-бір адамсыз.
« Егер кардинал маған мына түлкісін жіберген болса, — деп ойлады капитан, — менің өзін өлердей жек көретінімді біле тұра, ол шпионына де Тревильдің сеніміне ие болудың ең төте жолы — өзін келістіріп жамандай беру деп үйреткен де шығар. Әрине, қазір мына қу баласы, менің ақыл-кеңесіме қарамастан, мәртебелі тақсырды ит етінен бетер жек көретінін айта бастайтын шығар».
Бірақ жағдай де Тревиль мырза ойлаған жайттардан тіпті өзгеше болып шықты. Д'Артаньян бірден турасына кешті.
— Мырза, — деді ол бар сырын ақтарып, — мен Парижге тек осындай мақсатпен ғана келдім. Әкем маған корольден, кардинал мырза мен сізден өзге ешбір кісіге бағынба да бас име деп кеңес берді. Сіздерді ол Францияның бірінші адамдары деп есептейді.
Де Тревиль қайран қалды. Мұндай көрегендік, мұндай ағынан жарылу капитанға қатты ұнады, бірақ көңіліндегі күдігін біржола сейілте алмады. Бұл жас жігіттің басқа жастардан артықшылығы неғұрлым айқын көрінген сайын, одан соғұрлым көбірек сақтанған жөн, әйтпесе, де Тревиль алданып қалса , арты қиынға соғады ғой.
— Сіз адал адамсыз, — деді ол д'Артаньянның қолын қысып, — бірақ мен қазіргі таңда әлгіде айтқан уәдемді ғана орындаймын. Менің үйімнің есігі әр уақытта ашулы болады. Кейінірек, маған қалаған кезіңізде келе беретін мүмкіндік туған кезде, қолайлы бір сәтті бағып жүрсеңіз, сіз, бәлкім , алған мақсатыңызға жетіп қаларсыз.
— Басқа сөзбен айтқанда, мырза, сіз менің бұл құрметке лайық екенімді сынап көргіңіз келеді ғой, — деді д'Артаньян. — Ендеше сіз ондай сәтті ұзақ күтпессіз, — деді ол сөзін аяқтап, гасконға тән сергектікпен.
Ендігі қалғаны тек менің мойнымда дегендейін, жігіт кетпек болып, сыпайы тәжім етіп қоштаса бастады.
— Асықпай тұра тұрыңыз, — деді де Тревиль оны тоқтатып. — Мен сізге академияның бастығына хат берем деп уәде еткенмін Әлде, сіз, жігітім, ондай хатты менен алуға арланатын тәкаппар шығарсыз?
— Жоқ, мырза! — деді д'Артаньян. — Ол хаттың тағдыры әкемнің хатының тағдырындай болмайтынына сіздің алдыңызда жауап беремін. Мен оны көзімнің қарашығындай сақтап, тиісті жеріне жеткізем деп ант етем, оны менен ұрлап алғысы келген кісі сазайын тартады!
Жігіттің бұл мақтаншақтығына де Тревиль езу тартып, жымиды да қойды. Жас жігітті жаңа ғана екеуі әңгімелескен терезе алдында қалдырып, ол уәделі хатын жазбақ болып столға отырды Бұл кезде қолы бос д'Артаньян терезе әйнегінен бір марштың әуенін шертіп, осы үйден бірінен соң бірі шығып жатқан мушкетерлерге қарап, оларды көшенің сонау бұрылысына дейін көзімен шығарып салып тұрған.
Де Тревиль мырза хатты жазып, сүргіштеп, орнынан тұрды да енді оны иесіне бермекші болып, жас жігітке қарай беттей берген еді. Тап сол мезетте д'Артаньян хатқа қолын соза бергенде, де Тревиль жас жігіттің кенет дір ете қалғанын, сосын ашу қысып қып-қызыл болып, кабинеттен шықпақшы болып, айқай салып жүгіріп бара жатқанын көріп, аң-таң болып тұрып қалды.
— Жоқ, жоқ, мың-мың шайтан атса да, осы жолы менен қашып құтыла алмайсың! — деп долданып бара жатты ол.
— Кім ол? Кім? — деді де Тревиль дауыстап.
— Әлгі ұрлықшы, соның тап өзі! — деді д'Артаньян кетіп бара жатып. — Ах, сұмырай! — Осыны айтып ол бөлмеден атып шықты.
— Есуас! — деді де Тревиль күбірлеп. — Сонда мұнысы...— деді ол жаймен, — қулығы өтпей қалғанын біліп, қашу үшін жасалған айла емес пе екен.
IV
АТОСТЫҢ ИЫҒЫ, ПОРТОСТЫҢ ИЫҚБАУЫ ЖӘНЕ АРАМИСТІҢ БЕТ ОРАМАЛЫ
Д'Артаньян құтырған кісідей қабылдау бөлмесінен үш-ақ аттап өтіп, басқыш алаңына жүгіріп шыға келді, енді онымен ағып ене берем деп зымырай бергенде ойламаған жерден де Тревиль мырза үйінің, бүйірдегі есігінен шығып келе жатқан мушкетермен соқтығысып қалды. Мушкетер даусы оқыс шығып кетті яғни ол жаны ауырғаннан шыңғырып жіберді.
— Кешіріңіз мені... — деді д'Артаньян өз жөнімен жүре бермекші болып, —кешіріңіз, асығыс едім.
— Сіз асығыс екенсіз ғой, — деді мушкетер өліктей болып қуарып, — сол себепті де мені қағып кетіп, «кешіріңіз» деп істі тындырғыңыз келеді ғой? Бірақ бұл жарамайды, жігітім. Егер де Тревиль мырза бүгін бізбен қатал сөйлескен екен, енді бұларды көзге ілмесе де болады деп ойлап қалғаннан саумысыз? Онда қателесесіз, жас жігіт. Сіз де Тревиль мырза емессіз.
— Маған сенсеңіз... — деді д'Артаньян, жарасын таңдырып қаңғып келе жатқан Атосты танып, — маған сенсеңіз, сізбен байқаусызда соқтығып қалдым, аңламай жасалған іс болғасын, мен: «кешіріңіз» дедім. Меніңше, осы жетіп жатыр. Ал, қазір мен тағы асығыспын, өте асығыспын дегім келеді, әрине, мұны айтудың керегі жоқ сияқты. Сол себепті де сізден сұрайтыным, мені ұстамаңыз, жіберіңіз.
— Мырза, — деді Атос асып алған қолын шығарып, — сіз надансыз.Алыстан келгеніңіз анық көрініп тұр.
Д'Артаньян үш тепкіштектеп бір-ақ аттап, төменірек кетіп қалған еді, Атостың сөзін естіп қалт тұра қалды.
— Шайтан атсын, мырза! — деді ол қызып. — Мен қанша шалғайдан келсем де, бір ескертетінім, мені жақсы мәнерге үйрететін тап мына сіз болмассыз.
— Кім білді! — деді Атос.
— Ех, шіркін, егер мен асығыс болмасам, егер мен бір сойқанды қуып жүрмесем... — деді д'Артаньян дауыстап.
— Ендеше, Асыққыш мырза, сіз мені қуаламай-ақ табасыз, есіттіңіз бе?
— Сонда қай жерде, айтпас па екенсіз?
— Дешо монастырының қасында.
— Қай сағатта?
— Он екілер кезінде.
— Он екілер кезінде дейсіз бе? Мақұл, сол араға келемін.
— Мені күттіріп жүрмеңіз. Он екіден он бес минут өткен шамада құлағыңызды шұнтитып қолыңызға берермін.
— Мақұл, — деді д'Артаньян айқайлап — он екіге он бес минут қалғанда жетемін!
Бейтаныс кісіні әлі де болса қуып жетермін деп, ол алды-артына қарамай зулап келеді, өзі асықпай жай басып бара жатыр еді, онша алыстап кете қоймаған шығар.
Бірақ ол қақпа алдында қарауылмен сөйлесіп тұрған Портосты көрді. Екеуінің арасында бір адам емін-еркін өтетіндей кеңістік бар екен. Д'Артаньян маған осы кеңістік те жетер деп, екеуінің арасынан атқан оқтай ағып өтпекші болып тура тартты. Бірақ д'Артаньян желдің соғу бағытын ескермепті. Ол жайбарақат әңгімелесіп тұрған екеудің арасынан зып етіп өте берем дегенде, тентек жел Портостың сүйретілген ұзын плашын желбіретіп жіберді де, д'Артаньян оған маталып қалды. Өз киімдерінің ішіндегі ен маңызды осы бір шекпенін Портостың ұдайы иығынан түсірмеуінің өзгеше бір себебі болса керек, өйткені бір қолымен қымтай ұстап тұрған етегін жіберудің орнына, ол оқы өзіне қарай жұлқи тартып қалды, сол-ақ екен, д'Артаньян Портостың кесірінен шыр айналып, барқыт плащқа бұрынғыдан бетер орала түсті.
Мушкетердің өзін боқтап-боралап жатқанын естіген д'Артньян, плащтың астынан шығу үшін соқыр кісі сияқты, киімнің қыртыстарын сипалап, қармана берді. Бәрінен бұрын ол өзіміз жоғарыда айтқан оқалы иықбауды байқамай бүлдіріп алам ба деп қорықты. Бірақ абайлай көзін ашып қараса, өзі Портостың ту сыртына, жаурынының арасына, дәлірек айтсақ, сол аспалы белдікке тіреліп тұр екен.
Бірақ амал қанша, дүниедегі көп нәрсенің тек сырты ғана жылтырап тұрады ғой, Портостың иықбауы да тек алдынғы жағынан ғана алтын оқасымен жалтырағаны болмаса, арт жағы қарапайым өгіз терісінен тігілген екен. Портос нағыз мақтаншақ ретінде, алтынмен кестеленген тұтас иықбау алуға жағдайы көтермегесін, алдыңғы жағы ғана алтындалған иықбау алған екен. Әлгі суық тиіп қалыпты деп, плащты тастамай жүргені де содан екен.
— Ой, сайтан! — деп ақырып қалды Портос, арт жағында тыпырлап тұрған д'Артаньяннан құтылмақшы болып әлекке түсті де қалды. — Қарап тұрған кісіге ұрынып, осы жұрт жынданып кеткен бе?
— Кешіріңіз, — деді д' Артаньян, алыптың қолтығының астынан сығалап, — мен асығыс едім. Бір адамды қуып жүр едім...
— Басқа біреуді қуалағанда көзіңізді үйге тастап кетесіз бе? — деді Портос күжілдеп.
— Жоқ... — деді'д'Артаньян намыстанып, — жоқ, менің көзім қайта жұрт көрмейтін нәрселерді көреді.
Портос мұны ұқты ма, әлде ұқпады ма, қайдам, әйтеуір, ашуына мініп алды.
— Мырза, — деді ол ақырып, — сізді күні бұрын ескертіп қояйын: егер сіз мушкетерлерге ұрына берсеңіз, біраз сілкілеп аламыз!
— Сілкілеп аламыз дейсіз бе? Бәсеңкіреп кеткен жоқсыз ба? — деді д'Артаньян ерегісіп.
— Біле-білсеңіз, мұны айтып тұрған кісі — дұшпандарынан өмірде жалтырмайтын армайтын адам.
— Өйтпегенде қайтесіз! Сіздің ту сыртыңызды ешкімге де көрсетпейтініңізді жақсы білемін.
Өзінің қияқы қылығына мәз болған жеткіншек рақаттана күліп, ілгері қарай жүре берді.
Ашуланғаннан Портыстың көзі түк көрмей, жынына тиген жүгермекке қарай тұра ұмтылмақ болды.
— Кейін, кейінірек! —деді д'Артаньян дауыстап. — Үстіңізде плащыңыз жоқ кезде келерсіз!
— Ендеше, бір сағат бірде Люксембург сарайының артында кездесеміз!
— Тамаша, сағат бір болса, бір-ақ болсын! — деді д'Артаньян бұрыштан айналып бара жатып.
Бірақ өзі жүгіріп келе жатқан көшеден де, алақаныңдағыдай көрінетін келесі көшеден де тірі жан көрінбеді. Қанша жай жүрсе де, бейтаныс кісі, әйтеуір, көзден таса болыпты, шамасы, бір үйге кіріп кетсе керек. Д'Артаньян ол туралы кездескен кісілердің бәрінен сұрады, тіпті, өткелге дейін барып, Сена көшесімен кейін қайтты, Қызыл Крест көшесін де бір сүзіп шықты. Әлгі кісі ізім-қайым жоқ! Дегенмен бұл жүгірістің пайдасы да тиді: маңдайынан тер бұршақтаған сайын, өзі де суи бастады.
Ол енді басынан өткен оқиғаларды ақыл таразысына сала бастады. Ойлап тұрса, бір басына жетіп артылады және бәрі де бұған қырын соғып жатыр екен. Таңертеңгі сағат он бірдің кезі болса да, де Тревиль мырзаның көңілін қалдырды — ол д'Артаньянның оқыс кетіп қалғанын әдепсіздікке жорымай тұра алмайды.
Оның үстіне бұл енді екі рет жекпе-жек сайысқа шықпақ және дұшпандарының әрқайсысы шындаса үш д'Артаньянды бірден сұлатып тастап жүре береді. — бір сөзбен айтқанда, ол екі мушкетерлерді жанындай жақсы көреді және іштей оларды жұрттың бәрінен жоғары қояды.
Ия, жағдайы мәз емес. Атостың қолынан қаза табатынына кәміл сенген жігітіміз Портостпен сайысамын-ау деп қам жемеді. Дегенмен кісі үміті оңайлықпен өше қоймады, д'Артаньян да осы шайқастан өле қоймаспын , тек жарақаттанып қалуым мүмкін деп ойлады да, енді болашақ тірлігі есіне түсіп, бүгінгі қателері үшін өзіне өзі кейіді:
«Мен қандай ақылсыз дарақымын. Әлгі бақытсыздыққа ұшыраған Атос батырдың жаралы иығын, қошқарға ұқсап жүгіріп барып бір сүзіп өттім-ау. Қайта оның мені табанда өлтіріп тастамағанына таң қалам, оның солай етуге әбден хақы бар-ды: мен оның иығын зар қақсатқан шығармын. Ал Портосқа келетін болсақ... Ия Портосқа келетін болсақ, — құдай ақы, ол тек күліп қана қоятын нәрсе ғой!..»
Жас жігіт мұны ойлағанда қанша мұңайып келе жатса да, жаны жадырап, күліп қоя берді, бірақ оңаша келе жатып жөн-жосықсыз күлгені біреу болмаса біреудің намысына тие ме деп жан-жағына байқастап қарап қояды.
«Ал, Портосқа келетін болсақ — ол бір қызық жайт қой. Дегенмен, менің өзім ақымақпын. Қарап тұрған кісіге солай барып ұрынуға бола ма екен, — өзің ойлап көрші — және біреудің плащының астын тінтетін не құным қалып еді! Егер мені түлен түртіп, әлгі қарғыс атқан иықбауын қозғамағанымда ғой, ол менің ағаттығымды кешіреді... иә, кешірер еді. Бірақ мен оны жай мегзедім де қойдым ғой, бірақ шебер мегзедім-ау деймін! Ах! Шайтан соққан гаскон, дозақта отқа үйтіліп жатсаң да, осы қулығыңды қоймайсын ғой... Достым д'Артаньян, — деді ол өзіне өзі дос пейілімен үн қатып, — егер сен осыдан аман қалатын болсаң-әй, соған сену де қиын — онда ерекше сыпайы, кішіпейіл бол. Осы күннен бастап, жұрттың бәрі саған қайран қалып, үлгі-өнеге алуға тиіс. Сыпайы, елгезек болу — қорқақ болу деген сөз емес. Әне, ана Арамиске қарашы! Арамис — нағыз момынның өзі және сыпайы да сырбаздығын қайтерсің. Бірақ оны бірде-бір кісі қоян жүрек қорқақ дей ала ма? Әрине, дей алмайды! Бүгіннен бастап мен енді содан ғана үлгі алам... Әне, оның өзі де тұр екен!»
Д'Артаньян өзімен өзі сөйлескен күйі д'Эгильонның оқшау үйінің тұсына келді, Арамис осы арада үйдің дәл алдына аялдап, екі король гвардияшысымен әңгімелесіп тұр екен. Өз тарапынан Арамис те д'Артаньянды байқап қалды. Бүгін ертеңгілік осы жеткіншектің көзінше де Тревиль мырзаның қатты ашуланғанын ол әлі ұмыта қоймап еді. Мушкетерлерді қалай сыпыра кейігенін естіген кісіні ол сырттай жек көріп қалған, енді оны көрмеген сыңай танытты. Ал, д'Артаньян болса өзінің ойына алған жоспарын орындау үшін сыпайы, елгезек жастың үлгісі болу мақсатын көздеп, жас жігіттерге жақындап келіп, ақ көңілмен жадырай күлімсіреп, оларға иіліп сәлем берді. Арамис басын иігі сәлемдескен болды, бірақ күлмеді. Со замат үшеуі бірден әңгімесін үзіп, үндемей қалды.
Өзінің орынсыз киліккенін түсінбейтіндей д'Артаньян онша ақылсыз жігіт емес-тi. Бірақ ол жоғары зиялы қауымның әдет-салтына әлі қанығып, ысылмаған-ды, сол себепті де, онша таныс емес кісілерге жетіп келіп, олардың бұған, тіпті де қатысы жоқ әңгімелеріне араласып кеткен адам сондай ыңғайсыз жағдайдан құтылу үшін не істеуі керек екенін білмеуші еді. Кісілік парасатын түсірмей осы арадан қалайда жылдам кету жолын қарастырып тұрғанда, ол кенет Арамистің бет орамалын түсіріп алғанын байқады және соны аңғармай қалды ма, әйтеуір, орамалды аяғымен баса қойды. Д'Артаньянға ыңғайсыз жағдайды реттей қоюдың сәті түскендей болып көрінді. Ол еңкейіп, мушкетер қаншама мықтап басып тұрса да, орамалды лезде суырып алды.
— Міне, сіздің орамалыңыз, — деді ол ерекше бір елгезек мінез танытып, — оны жоғалтып алсаңыз, кейін өкініп жүрерсіз.
Орамал әр түрлі әсем кестеге бай екен, бір мүйісінен тәж бен герб көзге түседі. Арамис қып-қызыл болып сасып қалды да, орамалды гасконның қолынан жай ғана алмай, жұлып алды.
— Солай ма, — деді гвардияшылардың бірі дауыстап, — енді біздің бұқпантай Арамисіміз шын жүректен көңілі түсіп, орамалын сыйлап жатқан сүйкімді бикешпен — де Буа-Траси ханыммен ара-қатынасымыз нашар деп айтпайтын шығар!
Арамис жас жігітке ызғарлана бір қарап, оған сұмдық бір жау тауып алғанын аңғартқандай болды да, соның ізінше күнделікті әдетіне басып, тәтті тілін безей жөнелді.
— Сіздер жаңылып тұрсыз, мырзалар, — деді ол майдалап. — Орамал тіпті де менікі емес, мына мырзаның оны сіздердің біреуіңізге бермей, әдейілеп неге маған бергеніне түсінбей тұрмын. дәлелдеу үшін өз орамалымның қалтамда Бұл сөзімді дәлелдеу үшін өз орамалымның қалтамда екенін айтсам да жеткілікті болар.
Осы сөздерді айтқаннан кейін ол қалтасынан өз орамалын суырып алды, бұл да жұп-жұқа бәтестен тігілген өте әсем орамал екен, — ол жылдары бәтес аса қымбат болушы еді, — бірақ бұл орамал кестесіз және гербі жоқ екен, оған иесінің атының бас әрпі ғана тігіліпті.
Бұл жолы д'Артаньян үндемей қалды: ол өз қатесін бірден ұқты. Қанша жалтарғанмен, көңілдес серіктері Арамиске мүлде сенбей қойды. Олардың біреуі өтірік маңғазданып, мушкетерге шұқшия тіл қатты:
— Егер іс шынымен-ақ сіздің айтқаныңыздай болса, — деді ол, — мен онда әлгі орамалды сізден, қымбатты Арамис, тап қазір қайтып алуға мәжбүр боламын. Өзіңізге мәлім, Буа-Траси — менің жақын досым, сол себепті де оның әйелінің заттарын әлдекімдер алып, мақтанып жүргенін қаламаймын.
— Бірақ соң оны келістіріп сұрай алмай тұрсың, — деді Арамис оған. —Маған қойған талабыңның әділ екенін мойындасам да, бірақ оның түр-сипатына қарап, сенін бетіңді қайтарамын .
— Шынында да, — деді д'Артаньян биязы ғана, — мен ол орамалдың Арамис мырзаның қалтасынан түскенін көргенім жоқ. Арамис мырза оны аяғымен баса қойғасын, орамал осыныкі екен ғой деп ойладым.
— Сөйтіп қателесіп кеттіңіз, — деді Арамис салқын үнмен, д'Артаньянның өз кінәсін жууға талпынып жатқанын көргісі келмегендей, — Айтпақшы, — деді Арамис сөзін жалғап, Буа-Трасимен доспын деп гвардияшыға қарай сөйлеп, — қымбаттым менің, Буа-Трасимен сіз сияқты етене жақын дос болмағанмен, мен де онымен көңілдес екенім есіме түсті... ендеше мына орамал тек қана менің қалтамнан емес, сіздің қалтаңыздан да түсуі ықтимал.
— Жоқ, ант атсын! — деді ұлы ағзамның гвардияшысы азарда-безер болып.
— Сен ант атсын дейсің, ал мен адал сөзімді айтамын, сонда да екеуміздің біреуіміз ақиқат өтірікшіміз. Сіз білесіз бе, Монтаран? Одан да екеуміз оны бөліп алалық.
— Орамалды ма?
— Иә.
— Ғажап! — десті дауыстап көңілдес гвардияшының екеуі де. — Сүлеймен пайғамбардың әділдігі! Арамис, сен шынында да нағыз данышпанның өзісің.
Жас жігіттер көңілденіп бір күлісіп қалды, өздеріңіз де білген боларсыз, осымен іс те тәмам болды. Бірнеше минуттен кейін әңгіме-сөз үзілді де, олар бірінің қолын бірі риза көңілмен қысысып, тараса бастады. Гвардияшылар бір жаққа, Арамис екінші жаққа кетті.
«Мына дегдар жігітпен татуласатын ыңғайлы кез келді білем», — деп ойлады д'Артаньян, бұлар әңгімелесіп біткенше ол оқшаулау тұрған еді. Ойына келген жақсы мақсатын дереу жүзеге асыру үшін ол бұған көз қиығын да салмастан өз жөнімен кетіп бара жатқан мушкетерді қуып жетпек болды.
— Мырза, — деді д'Артаньян мушкетерге жете беріп, — менің ағаттығымды кешірерсіз деп сенем...
— Мейірбанды мырза, — деді Арамис оның сөзін бөліп, — бұл мәселеде сіздің дегдар кісінің дәрежесінде болып, оңды мінез көрсете алмағаныңызды айтуға рұқсат етіңіз.
— Мұныңыз қалай, мархабатты мырза! — деді д'Артаньян дауыстап. — Сіз сонда...
— Меніңше, мырза, сіз ақылсыз ақымақ емессіз, жер арқасы қияндағы Гасконнан келсеңіз де, ешкімнің себептен-себепсіз бет орамалды аяқпен баспайтынын білуіңіз керек еді. Шайтан атсын, Париждің көшелеріне бәтес орамал төселіп жатқан жоқ қой.
— Мырза, сіз мені оп-оңай жәбірлей қоямын деп әуре болмаңыз, — деді д'Артаньян, енді ешкімге тиіспей, тыныш жүрем деген ойын қиян қылығы жеңе бастап. — Менің Гасконнан келгенім рас, ал, бұл жайт сізге мәлім болса, гаскондықтардың қызба келетінін есіңізге салмай-ақ қояйын. Біле-білсеңіз, олар өздері жасаған есерлігіне кешірім сұрағанмен, жалбақтауды әдеттегіден екі есе асырып жібердім деп ойлайды.
— Мырза, мен бұл сөзді айтқанда сізбен егесу, жанжалдасу үшін айтқаным жоқ. Құдайға шүкір, өз басым жанжалқой содыр емеспін және уақытша ғана мушкетер болып жүрген кісімін. Тек лаждың жоқтығынан ғана төбелесем, әманда кежегемнен кейін тартып сайысқа беттемеймін-ақ. Бірақ бұл жолы іс насырға шапты, әңгіме әйел жөнінде, сіз ұятқа қалдырған әйел жөнінде болып отыр.
— Біз ұятқа қалдырған! — деді д'Артаньян шытынып.
— Сол орамалды маған ұсынуға қалай дәтіңіз барды?
— Өзіңіз неге жерге тастай салдыңыз?
— Сізге әлгіде айтып ем ғой, мырза, тағы да айтам, ол орамал менің қалтамнан түскен жоқ.
— Ендеше, мырза, сіз екі рет өтірік айттыңыз, орамалдың сіздің қалтаңыздан түскенін мен өз көзіммен көрдім.
— Е, гаскон мырза, қалай-қалай кергіп барасыз! Ендеше мен сізге қалай жүріп-тұруды үйретейін!
— Ал мен сізді қайтадан дұға қайыруға жөнелтемін, аббат мырза! Қане шпагаңызды шығаруыңызды сұраймын, тaп қазір шығарыңыз!
— Жо-жоқ, сүйікті досым, бұл ара шатасатын жер емес. Сіз біздің д 'Эгильондар үйінің қарсы алдында тұрғанымызды көрмей тұрсыз ба? Бұл үйдің іші толған кардиналдың сыбайластары шығар?Мәртебелі тақсырдың менің басымды кесіп әкелуді сізге тапсырмағанына кім кепіл бола алады? Білгіңіз келсе айтайын, мен өз басымды қатты қастерлеймін, кейде бұған тіпті кісінің күлкісі келеді. Маған ол екі иығымның үстінде әбден бекем отырған сияқты болып көрінеді. Ендеше, асықпай-ақ, қойыңыз, мен сізді өлтіруге бармын, бірақ бір оңаша жерде, у-шусыз, өліміңізді ешкім білмейтін бір түкпірде өлтіргім келеді.
— Солай-ақ болсын. Бірақ онша асқындай бермеңіз және әлгі орамалды алуды ұмытпассыз: ол сіздікі ме, әлде басқанікі ме, әйтеуір, қажетіңізге жарап қалар.
— Сіз, мырза, шынымен-ақ гасконсыз ба? — деді Арамис кекетіп.
— Ия, бірақ гаскондықтар сақтық қамын ойлап, сайысты кейінге қалдырмайды.
— Мырзам, сақтықтың мушкетерге тіпті де қажеті жоқ қасиет екенін жақсы білем. Бірақ ол шіркеу қызметшілеріне керек. Өз басым уақытша ғана мушкетер болып жүргендіктен де, сақ болғанды жөн көрем. Сағат екіде мен сізді де Тревиль мырзаның үйінде көрермін деп ойлаймын. Жекпе-жекке лайықты орынды мен сонда айтармын.
Жас жігіттер иіліп тәжім етісті де, Арамис Люксембург сарайына апаратын көшеге түсті, ал, д'Артаньян, мезгіл біраз болып қалғасын, Дешо монастырына қарай беттеді. «Қолдан келер шара жоқ, — деді ол өзіне өзі, — енді мұны жөндеу де қиын. Көңілімнің бір жұбанышы сол: егер мен қаза тапсам, мушкетердің қолынан қаза табатын болдым».
V
КОРОЛЬДІҢ МУШКЕТЕРЛЕРІ MEH КАРДИНАЛ МЫРЗАНЫҢ ГВАРДИЯШЫЛАРЫ
Д'Артаньянның Парижде ешбір танысы жоқ еді. Сол себепті де, маған дұшпанымның секунданты да жетер деп ойлап, Атоспен сайысқа секундантсыз жалғыз кетті. Бірақ ол жаужүрек мушкетерден тиісті кешірім сұрамақшы болып күнілгері өз ойын қорытып та қойды, әрине, бұл ретте дұшпанға әлсіз болып көрінуге болмайды. Ол бұған бел байлағанда, осындай сайыстың зардабы кісіге қатты тиетінін де ойлады, өйткені қайрат-жігері тасыған өзі тәрізді жас жігіт жарақаттанып әлсіреп қалған кісімен төбелесейін деп тұр ғой. Егер бұл жеңіліп қалса — дұшпанының мерейі асқан үстіне аса түседі; ал, бұның өзі жеңіп шықса, онда мұны жаралыны қапылыста соқты, оп-оңай жеңіске жетті деп айыптайды.
Бәлкім, біз шытырман оқиғаларды іздеп, шарқ ұрып жүретін жігітіміздің мінез-құлқын нашар бейнелеген шығармыз, әйтпесе, оқушыларымыз д'Артаньянның қатардағы қарапайым кісі емес екенін баяғыда-ақ байқауы керек еді. Д'Артаньян осы жолы даусыз қаза табатынын өзіне-өзі қайта-қайта айтса да, онша батыл да, баянды да емес ынжық кісілер сияқты, ажалға мойынсұнып, үн-түнсіз сүмірейіп тұра бермеді. Қайта ол айқасқалы тұрған кісілерінің мінез-құлықтарының айырмашылығын ойланып-толғана келе, жай-жағдаятты бірте-бірте анықтап, ұғына берді. Ол келістіріп кешірім сұрасам, Атоспен дос болып кетуім ғажап емес деп ойлады, оның қатулы жүзі мен кісілік парасаты бұған ерекше әсер еткен еді. Жігітіміз Портосты иықбаудың тарихын айтып жасқантып қоймақ болды, егер ол сайыста өліп қалмаса, бұл оқиғаны жұрттың бәріне жаймақ, бұл әңгімені нашына келтіріп, келістіріп айтып берсе, Портостың достары мен жолдастарының арасында күлкі болатыны даусыз. Ал, ана ақылды сұм Арамиске келетін болсақ, д'Артаньян одан онша қорықпайды. Егер тағдыр айдап, кезек оған дейін жететін болса, д'Артаньян Цезарьдің Помпеи солдаттарына жаса деген ақылын алмақ болды — ол Арамистің бетін шпагасымен бір осып, шаруасын бітірмекші еді яғни жас жігіттің әлдеқандай болып мақтан тұтып жүрген сұлу жүзін біраз бүлдірмекші еді.
Мұның үстіне д'Артаньян әкесінің ақылына сүйеніп, қайтпас қайсар болуға бел байлаған, ал, сол ақыл-кеңестің мазмұны мынадай еді: «Корольден, кардинал мен де Тревиль мырзадан басқа ешкімге бағынбау керек». Міне, сол себепті де д'Артаньян Дешо монастырына қарай жаймен ғана жүрмей, қанат байлап ұшқандай болды. Бұл — айналасы қу тақыр, терезелерінің әйнектері сынған иесіз үй еді, қажет болған кездері әлгі қу тақыр Пре-о-клер сияқты бір-ақ мақсатқа пайдаланылатын: бұл жерде уақытын босқа өткізгісі келмеген асығыс кісілер шайқасушы еді.
Д'Артаньян монастырдың іргесіндегі тақырға келген кезде уақыт шаңқай түс болған-ды. Атос оны небәрі бес-ақ минут күтіпті — демек д'Артаньян дәл уақытында келіпті, жекпе-жектің заңына жетік ешбір сот оған зәредей де кінә таға алмас еді.
Де Тревильдің емшісі жарасын жаңадан таңып берсе де, Атостың иығы қақсап, көп қинады, бірақ ол бұрынғы әдетінше, сыртқа сыр бермей, парасатты, дегдар қалпын бұзбай отыра берді. Д'Артаньянды көрісімен ол әдеп сақтап, орнынан тұрып, бұған қарсы бірнеше қадам басты. Д'Артаньян өз тарапынан қалпағын қауырсыны жерді сызып жүретіндей етіп ұстап, дұшпанына жақындай берді.
— Мырза, — деді Атос, — мен осындағы екі досыма хабар жібердім, солар секундантым болмақ. Достарым әлі келмей жатыр. Олардың мұндай әдеті жоқ еді, кешіккеніне таң қалып отырғаным.
— Менің секундантым жоқ, — деді д'Артаньян. — Мен Парижге кеше ғана келдім, мұнда де Тревиль мырзадан өзге бірде-бір танысым жоқ, ал, әкем бір кезде капитанның досы болу құрметіне жеткен екен, сол кісінің қамқорлығына мені тапсырғанға ұқсайды.
Атос бір сәт ойланып қалды.
— Сіз тек де Тревиль мырзамен ғана таныссыз ба? — деді ол.
— Ия, мен тек сол кісімен ғана таныспын.
— Оқиға деп осыны айт! — деді Атос, сөзін сөйлесіп тұрған кісісінен гөрі өзіне арнап. — Иә, оқиға деп осыны айт. Егер сізді өлтірсем, жұрт мені баланың жалмауызы деп атап кетеді ғой.
— Олай бола қоймас, мырза, — деді д'Артаньян иіліп, сыпайы ғана. — Олай бола қоймас дейтінім, жаныңызға батып жатқан жарақатыңызды елемей, сіз мені өзіңізбен сайысу құрметіне шақырып тұрсыз.
— Шын сөзім, жаныма қатты батып тұрғаны рас. Несін жасырайын, сізде менің жарақатымды аяусыз-ақ ауырттыңыз. Бірақ мен шпаганы сол қолыммен ұстаймын, осындай кезде ұдайы солай ететін әдетім. Бұдан өзіңіздің жағдайыңыз жеңілдейді екен деп алданып қалып жүрмеңіз: мен екі қолыммен бірдей сайысамын, бұл сізге біраз ыңғайсыз да болуы мүмкін. Егер дұшпаны сыр мінез болмаса, солақай кісімен соғысу оңай болмайды. Осы жайтты сізге күн ілгері айтып, ескертіп қоймағаныма өкінем.
— Мырза, сіз иман жүзді, мейірімді жан екенсіз, — деді д'Артаньян, мен сізге қатты ризамын.
— Сіздің сөзіңізден мен де қысылып тұрмын, — деді Атос аса сыпайы мінез танытып. — Егер қарсы болмасаңыз, басқа бірдеңені сөз етсек... Ах, шайтан, жарамды жаман қақсаттыңыз-ау! Иығым жанып бара жатқан сияқты!
— Егер сіз рұқсат етсеңіз... — деді д'Артаньян ұяла күбірлеп.
— Не айтайын деп едіңіз, мырза?
— Менде жарақатты емдейтін керемет бір бальзам бар. Ол бальзамды шешем берген, оны жарама жағып сынап көрдім.
— Сонда не болды?
— Не бары бір үш күннен аспай сіз жараңыздан құлан-таза жазылып кетесіз, бұған менің күмәнім жоқ, сол үш күн өткесін, ауруыңыздан айыққасын, сізбенен шпага айқастыруды, мырза мен өзіме ұлы құрмет санаймын.
Д'Артаньянның бұл сөздері жүрегінің түкпірінен шыққан қарапайым сөздер еді, бұл оның бір жағынан сергек жанды, көргенді жігіт екенін білдірсе, екінші жағынан, ержүрек батылдығына да шүбә келтірмес еді.
— Құдай атымен ант етейін, мырза, — Атос, — бұл ұсынысыңыз жаныма жағады-ақ. Бұл әрине мені сонымен келісе қояды деген сөз емес, бірақ осы ұсынысыңыздан тұтас бір шақырым жерден асыл текті ақсүйек иісіңіз аңқып-ақ тұр. Ұлы Карлдың заманындағы нояндар тап осылай сөйлеп, тап осылай әрекет жасайды екен, әрбір азамат солардан үлгі алуға тиіс.Бірақ, бір өкінішті жері біз ұлы императордың кезінде өмір сүріп отырған жоқпыз. Біз құрметті кардинал мырзаның уақытында тұрып жатырмыз, сол себепті де, екеуміз құпиямызды қанша сақтадық дегенімізбен, айтпады демеңізбен, осы үш күн ішінде біздің сайысайын деп жатқанымызды біліп қояды да, ойға алғанымызды орындатпай қояды да, ойға алғанымызды орындатпай қояды... Айтпақшы, әлгі жалқаулар біржола құрып кетті ме, қалай!
— Мырза, егер сіз асығып тұрсаңыз, — деді д'Артаньян, әлгіде ғана Атосқа сайысты үш күн кейінге қалдырайық дегені сияқты шын көңілден ұсыныс жасап, — шынымен асығып тұрсаңыз және менен тез құтылғыңыз келсе, бір өтінішім — қысылмай-ақ қойыңыз.
— Маған бұл сөзіңіз де ұнайды, — деді Атос д'Артаньянды құрметтей бас изеп. — Мұндай тек естияр,тек дегдар азамат қана айтады. Мырза, мен сіз іспеттес кісілерді қатты ұнатам, егер осыдан екеуміз бір-бірімізді өлтірмей тарасақ, кейін өзіңізбен қуана-қуана сөйлесермін. Сізден сұрайтыным, менің достарымды күте тұралық, мен онша асығып тұрғаным жоқ, сөйткеніміз жөн болар. Е, әне, солардың біреуі келе жатыр ғой деймін!
Шынында да тап осы мезгілде Вожирар көшесінің шетінен Портостың алып тұлғасы көрініп еді!
— Қалай? Сіздің бірінші секундантыңыз Портос мырза ма? — деді дауыстап Д'Артаньян.
— Ия. Бұл сізге бір себептен ұнамай ма қалай?
— Жо-жоқ!
— Әне, екіншісі де келе жатыр.
Д'Артаньян Атос мегзеген жаққа бұрылып қарап Арамисті тани қойды.
— Қалай? — деді ол дауыстап, әлгіден де бетер таң қалған үнмен. — Сіздің екінші секундантыңыз Арамис мырза ма?
— Әлбетте. Әрқашанда үшеуіміздің жұбымызды жазбай жүретінімізді білмеуші ме едіңіз, мушкетерлер де, гвардияшылар да король сарайында да, қала ішінде де бізді Атос, Портос, Арамис деп немесе айрылмас үшеу деп атайды. Сіз Дакстан ба, әлде По жағынан келгесін...
— Таврдан, — деді д'Артаньян, — мархабатты мырзалар, сіздердің лақап аттарыңыз сәтімен табылған, ал егер менің басымнан өткен оқиға кейін жұртқа мәлім болса, сіздердің достығыңыз мінез-құлықтарыңыздың әр түрлілігі емес, ұқсастылығына негізделгеніне дәйекті дәлел бола алады.
Портос бұл кезде жақындап келіп, қолын сермеп Атоспен сәлемдесті де, бұрыла бергенде д'Артаньянды көріп, аңырап тұрып қалды.
Иіні келгесін айта кетелік, Портос осы уақыттың ішінде иықбауын алмастырып, плащын тастап келіпті.
— Хо-хош... — деді ол ыңыранып. — Мұны қалай түсінеміз?...
— Мен осы мырзамен сайысқа шығам, — деді Атос, қолымен д'Артаньянды мегзеп, оның бұл қимылы жас жігітке тағзым еткендей болып көрінді.
— Мен де тап осы жігітпен шайқаспақпын, — деді Портос.
— Тек түскі сағат бірде, — д'Артаньян оны жұбатқандай.
— Пәлі, мен де осы мырзамен шайқасушы ем, — деді Арамис бұларға жақын келгенде.
— Тек түскі сағат екіде — д'Артаньян жайбарақат үнмен.
— Сен не себептен сайысқалы тұрсың, Атос? — деп сұрады Арамис.
— Не деп жауап берерімді өзім де білмеймін, — деді Атос.— Ол мені иығымен қатты итеріп жіберді. Ал, сен ше, Портос?
— Мен төбелескім келгесін төбелесейін деп тұрмын, — деді Портос қызарақтап.
Назарынан ештеңені қағыс қалдырмайтын Атос гаскондық жігіттің миығынан жымиып бір күлгенін байқап қалды.
- Біз бір киім-кешек жөнінен шекісіп қалдық, — деді жас жігіт.
- Сен ше, Арамис?
— Мен бір діни мәселеден келісе алмай қалғасын сайсқалы тұрмын. — деді Арамис, жекпе-жектің шын себебін айтпа дегендей ол д'Артаньянға ымдап белгі берді.
Гаскон жігіттің бір жымың еткенін Атос тағы байқап қалды.
— Соның рас болғай?
— Ия, әулие Августиннің бір аяты жөнінен екеуміздің пікіріміз қарама-қайшы келді, — деді д'Артаньян.
«Осының өзі сөзсіз ақылды жігіт», — деп ойлады Атос.
— Ал, енді бәріміз осы араға бас қосқан екенбіз, — деді д'Артаньян, — сіздерден кешірім сұрауыма рұқсат етіңіз, мархабатты мырзалар.
«Кешірім» деген сөзді естігенде Атос бір түрлі мұңайғандай болды, Портос менсінбей бір мырс етті, Арамис болса, жақтырмай басын шайқады.
— Сіздер мені дұрыс түсінбей қалдыңыздар білем, мырзалар, — деді д'Артаньян басын көтеріп. Сол сәтте күн сәулесінен оның әсем де айбарлы жүзі нұрлана түскендей болды. — Мен кешірім сұрағанда, егер осыдан үшеуіңіздің, көңіліңізді түгелдей қанағаттандыруға мүмкіндігім жетпей қалатын болса, соны ескеріңіз дегенім еді. Өйткені Атос мырза мені бірінші болып өлтіруге хақы бар, сонда мен Портос мырза, сіздің алдыңыздағы ар-намысымның қарызын өтей алмай қаламын ғой; ал, сізге берген сертім, Арамис мырза, мүлде бос сөз болып шығады.Сонымен мархаббатты мырзалар, тағы да қайталап айтайын, сіздер мені тек сол үшін ғана кешіріңіздер...Енді бастасақ қайтеді?
Осыны айтты да, жас гаскондық шпагасын суырып алды.
Оның қаны қызып, өрекпіп кетті. Тап қазір ол тек Атосқа, Портос пен Арамиске ғана қарсы емес, король елінің күллі мушкетерлеріне қарсы шпагасын жалаң ұстап тұра ұмтылар еді.
Уақыт бірден он бес минут өткен кез-тін. Шанқай түс, күн тас төбеге шығып алып, сайыс болатын жерді өртеп жіберетіндей-ақ шақырайып тұрып алды.
— Күннің ыстығын-ай, — деді Атос шпагасын қынабынан суырып жатып. — Бірақ маған қамзол шешуге болмайды. Менің жарамнан әлі де шып-шып қан шығып жатқан тәрізді, сол себепті де мен жас дұшпаныма өзі төкпеген қанның түрін көрсетіп шошытқым келмейді.
— Иә, мырза, — деді д'Артаньян. — Осы қанды төккен мен бе, әлде басқа ма, бәрібір, егер маған сенсеңіз, өзіңіз сияқты баһадүр ақсүйектің қанын көру әрқашанда ауыр болар еді. Сіз сияқты мен де қамзолымды шешпей сайысамын.
— Міне, мұныңыз тамаша, — деді Портос дауыстап, — бірақ, тәтті сөздер осымен бітсін! Біз де өз кезегімізді күтіп тұрғанымызды ұмытпаңыз!..
— Осындай жөнсіз сөздерді айтқанда тек өз атыңыздан ғана сөйлесеңіз, Портос, — деді Арамис оның сөзін бөліп. — Маған келетін болсақ, мына екі мырза айтқан әңгіме, меніңше, аса лұғатты және осы екеуі сияқты парасатты дворяндарға лайық сөздер.
— Қызметіңізге әзірмін, мырза, — деді Атос орнына келіп.
— Мен сіздің сөзіңізді ғана күтіп тұрғанмын, — деді д'Артаньян шпагасын айқастырып.
Бірақ бұлардың шпагалары бір-біріне соғысып, зыңылдап үлгірмей жатып, кардинал гвардияшыларының де Жюссак мырза бастаған шағын жасағы монастырьдің бұрышын айналып, бері шыға берді. .
— Кардиналдың гвардияшылары! — деді Портос пен Арамис екеуі бірдей айқайлап.— Шпаганы қынабына, мырзалар! Шпаганы қынабына!
Бірақ бұлар кешігіп қалды. Олар дұшпандардың бетпе-бет келіп, қару кезеніп тұрған үстерінен түсті.
— Ей! — деп айқайлады де Жюссак бұларға қарай беттеп, сосын қарауындағы жасауылдарына соңымнан еріңдер деп белгі берді. — Ей, мушкетерлер! Осы жерге сайысайын деп әдейі жиналғансыңдар ғой, ә? Ал, жарлықты қайтеміз?
— Сіздер өте кішіпейіл екенсіз, гвардияшы мырзалар! — деді Атос шытынып, өйткені де Жюссак осыдан екі күн бұрын мушкетерлерге жасалған шабуылға қатысқан еді. — Егер сіздер төбелесіп жатсаңыздар, шын сөзім, біз сіздерге бөгет жасамас едік. Сіздер бізге ерік беріңіздер, сонда ешбір бейнетсіз-ақ, көп қызықты көресіз.
— Мархабатты мырзалар, — деді де Жюссак, — өкінішке қарай, мен сіздерге ол мүмкін емес деп айтуға мәжбүр болып тұрмын. Біз үшін бәрінен де борышымыз жоғары. Шпагаларыңызды қынаптарына салыңыз да, артымыздан еріңіз.
— Мархабатты мырза, — деді Арамис де Жюссакты мазақтап, — егер бұл өзіміздің еркімізде болса, біз сіздің кішіпейілмен жасаған ұсынысыңызға қуана-қуана көнер едік. Бірақ қынжылғаннан не пайда, ол мүмкін емес: де Тревиль мырза бізге мұндай іске тыйым салған. Сіздер үшін ең дұрысы — қазір өз жөніңізбен жүре беру.
Бұл мазаққа де Жюссак бұлқан-талқан болып ашуланды.
— Егер сіздер бағынбасаңыз, біз сіздерді қамауға аламыз! — деді гвардияшы қатуланып.
— Олар бесеу де, біз үшеу-ақпыз, — деді Атос бәсең. — Біз тағы да жеңіліп қаламыз немесе бәріміз орнымыздан қозғалмай тұрып қаза табамыз, өйткені сіздерге ашықтан-ашық айтарым: жеңіліп қалғасын капитанға көрініп қарабет бола алмаймын.
Атос, Портос пен Арамис сол сәтте көзді ашып-жұмғанша бір-біріне жақын келіп, иін тіресіп тұра қалды ал, де Жюссак өз солдаттарын сапқа қойды. Осы минутте д'Артаньян да бір шешімге бел байлады. Кісі тағдырын қас қағымда анықтап беретін ғажайып оқиғалардың бірі болып еді. Ол король мен кардинал екеуінің біреуін таңдап алуы керек-ті; ал, қалап алғаннан кейін, содан таймауы қажет. Қазір шайқасқа араласса, онда заңға бағынбағаны, онда жанын шүберекке түйгені, онда корольден де құдіретті министрдің жауына айналғаны. Мұның бәрін жас жігіт қас-қағымда ұқты. Бірақ оның абыройына қарай, бір сәт те солқылдақтық жасамады.
— Мырзалар, — деді ол Атос пен оның достарына қарап, — сіздерді түзетуге рұқсат етіңіз. Сіздер әлгіде біз үшеуміз дедіңіз, меніңше, біз — төртеуміз.
— Сіз мушкетер емессіз, — деді Портос оған.
— Ол рас, — деп құптай кетті д'Артаньян, — менде мушкетердің киімі жоқ, бірақ мен жан-тәніммен мушкетермін. Менің жүрегім — мушкетердің жүрегі. Мен соны сезінемін де, мушкетердің іс-әрекетін жасаймын.
— Бұл арадан кетіңіз, жігітім! — деді де Жюссак дауыстап, ол д'Артаньяннын қолын сермеп сөйлегеніне, бет-пішініне қарап, ойын көкейіндегі ойын ұғып қалса керек. — Сіз кете беріңіз, біз оған қарсы емеспіз. Басыңыздың амандығын ойлаңыз! Тезірек!
Д'Артаньян орнынан қозғалмады.
— Сіз шынында да тамаша жігітсіз, — деді Атос оның қолын қысып.
— Тез, тезірек қимылдаңыз! — деді де Жюссак тызақтап.
— Тезірек бір шара қолдану керек! — деді Портос пен Арамис . қосарланып.
— Осынау жас жігіттің жаны қандай жомарт, өзі қандай кеңпейіл, — деді Атос.
Бірақ үшеуі де д'Артаньянның жастығынан, тәжірибесіздігінен қорықты.
— Біз — үшеуміз, оның да біреуі жаралы, қасымызда бір жеткіншегіміз (оны бала десе де болады) тағы бар, кейіннен бізді төртеу еді дейді.
- Солай ғой, бірақ шегінуге...— деді Портос гүрілдеп.
— Шегінуге болмайды! — деді Атос.
Д'Артаньян олардың неге жүрексініп тұрғанын түсіне қойды.
— Мархабатты мырзалар !— деді ол, — мені сынап көріңіздерші, арыммен ант етем, өліспей беріспеймін, жеңілмей тұрып осы арадан қозғалмаймын!
— Есіміңіз кім, жауынгер жеткіншегім? — деді Атос.
— Атым д'Артаньян, мырза.
— Кәне ендеше, Атос, Портос, Арамис, д'Артаньян! Алға! — деді айқайлап Атос.
— Ay, құрметті мырзаларым, мәселені шешетін уақыттарыңыз әлі жеткен жоқ па? — деп де Жюссак бұлардың жай-күйін білмек болды.
— Біз бәрін де шешіп қойдық, — деді Атос.
— Сонда қандай түйінге тоқтадыңыз? — деді де Жюссак.
— Біз сіздерге шабуыл жасаймыз ,— деді Арамис бір қолымен шпагасын жалаңаштап.
— Солай ма... Қарсыласамыз дейсіздер ме! — деді де Жюссак дауыстап.
— Ах, шайтандар! Сонша неге таң қаласыздар?
Сонымен, шайқасқа шыққан тоғыз ноян бір-біріне қарай қатты жауығып, тұра - тұра ұмтылысты, бірақ бәрінің де қимыл-әрекеті ақыл-айламен ойластырылған әрекет еді.
Атос кардиналдың сүйікті жауынгері Каюзак дегенмен шайқасса, Портостың үлесіне Бикар тиді, ал, Арамис болса, екі дұшпанмен жалғыз айқасып кетті.
Ал, д'Артаньянға келетін болсақ, оның дұшпаны де Жюссактың өзі еді.
Жас гасконның жүрегі асаудай тулап, кеудесін жарып шығып кете жаздады. Құдай біледі, сонда қорыққанынан емес (қорқу қайда), делебесі қозып, еліріп кеткенінен еді. Ол дұшпанының айналасында зыр жүгіріп, тактикасы мен тұрған орнын сәт сайын өзгертіп, ызалы жолбарыстай шайқасты. Сол кездің тілімен айтқанда Жюссак «сайыстың шын шебері» және аса тәжірибелі сарбаз еді. Бірақ соған қарамастан ол өзінің шиыршық атып қолды-аяққа тұрмайтын, әдісқой да сергек дұшпанының шабуылынан әзер-әзер қорғанып жүрді, жас гаскон сайыстың жалпыға мәлім ережелерін минут сайын бұзып, қырық құбылып, шабуылды бір мезгілде жан-жақтан төңіректей жүргізеді, ал сонымен бірге, өз денесін мейлінше қастерлейтін кісі сияқты, дұшпанының шпагасын қаққыштап, бойына дарытпай қойды.
Осы сайыс ақырында де Жюссактың шыдамын тауысты. Өзі темір қанат балапан санаған дұшпанына әлі жетпегеніне намыстанған де Жюссак ызаға бой алдырып, қайта-қайта қателесе берді. Д'Артаньян сайыс өнерінен әлі тәжірибе жинап жарытпағанымен, теорияға жүйрік еді, соны есіне түсіріп, бұрынғыдан бетер шапшаң, шалт қимылға көшті. Жюссак не де болса, мұның шаруасын бітірейін деп, дұшпанын аяусыз бір түйреу үшін шпагасын ілгері қарай ұмтылып қалды. Бірақ д'Артаньян оның шпагасын қағып жіберіп, де Жюссак бойын түзей берген шақта, қолтығының астынан жылан сияқты сумаң етіп, оны шпагасымен бір түйреді. Жюссак кескен теректей гүрс етіп құлап түсті.
Дұшпанын осылай бір жайғастырып тастағаннан кейін д'Артаниян дереу айқас алаңын көзімен бір шолып өтті.
Арамис дұшпанының біреуін ертерек сұлатып тастаған екен, бірақ екіншісі мұны қатты қусырып бара жатты. Соған қарамастан Арамистің хал-жағдайы оңды көрінді, оның әлі де біраз қорғанатын хәлі бар сияқты.
Бикар мен Портос еркін сайысып жүр. Портос — иығынан, Бикар бүйірінен жараланыпты. Бірақ екеуінің де жарасы онша қауіпті емес-ті, сол себепті де олар қатулана қасарысып, сайыс өнерінің не бір үлгілерін көрсетісіп жатты.
Каюзактан екінші рет жараланған Атос уақыт өткен сайын әлсіреп бет-аузы көгеріп бара жатты, сонда да бір қадам кейін шегінер емес. Ол тек шпагасын екінші қолына ауыстырып алып, сол қолымен сайыса бастады.
Жекпе-жектің сол замандағы дәстүрлі заңы бойынша, д'Артаниян айқасып жатқан серіктерінің біреуін қолдауға хақысы бар-ды. Өз көмегі ең әуелі қайсысына көбірек қажет екенін білмей аңырап тұрғанда кенет оның көзімен Атостың көзі ұшырасып қалды. Атос өлсе де өзге кісіні көмекке шақырмайды. Бірақ оның семірене қарауына да, оның көзімен көмек сұрауына да болады. Д'Артаниян оны бірден түсінді де, тұра ұмтылып барып, Каюзактың бір бүйірінен дүрсе қоя берді.
— Гвардияшы мырза , қане, маған кел! Жер жастандырайын! Каюзак бұрыла қойды. Көмек дәл мерзімінде келіпті. Тек көзсіз ерлігі арқасында әрең жүрген Атос дәрмені құрып, бір тізерлеп отыра кетті.
— Қарғыс атқыр-ай! — деді ол айқайлап. — Оны өлтіре көрме жас жігіт! Кейін жара жазылып кеткесін мен одан ескі бір өшімді алуым керек. Оның шпагасын қағып жібер-дағы, қарусыз қалдыр... Бәсе тап солай етіңіз... Бәрекелде! Өте жақсы!
Каюзактың шпагасы жиырма қадамдай жерге ұшып түскенін дауыстан жіберген еді. Д'Артаниян мен Каюзак екеуі бірдей шпагаға ұмтылысты: сонда біреуі — оны қолына қайта ұстау үшін, екіншісі — олжа қылу үшін ұмтылысты. Анадан гөрі қағілездеу д'Артаньян бірінші болып жүгіріп барып шпаганы табанымен баса қойды.
Каюзак дереу Арамис өлтірген гвардияшыға барып, оның рапирасын жұлып алды да, д'Артаньянға қарай беттеді, бірақ осы болмашы уақыт ішінде аз да болса тыныс алып үлгірген Атос оның алдынан шыға келді. Дұшпанын д'Артаньян жер қаптырып қоя ма деп қауіптенген Атос қайта шайқаспақ болды.
Бұған кедергі жасаса Атостың ренжитінін д'Артаньян бірден біле қойды. Шынында да көп ұзамай Каюзак құлап қалды: Атостың шпагасы оның кеңірдегін тесіп өткен еді.
Тап сол кезде Арамис те құлап жатқан дұшпанының төсіне шпагасының ұшын қадап, оған біржола жеңілгенін мойындатты.
Енді Портоспен Бикар қалған-ды. Портос Бикардан: жарығым-ау, сеніңше, қазір уақыт қанша болды, ағаңның Наварр полкінен алған ротасы құтты болсын, — деп қалжыңдап, әзіл қашырып жүрді. Бірақ оның бұл тәлкегінен ештеңе шықпады: өйткені Бикара өліспей беріспейтін темірдей берік жандардың бірі болатын.
Дегенмен сайысты бітіретін уақыт жетіп еді: Күтпеген жердей күзет келіп қалып, жекпе-жекке қатысушыларды түгелдей — жаралысын да, сауын да, кардиналдың жақтастарын да, корольдің жақтастарын да — тұтқынға алуы мүмкін. Атос, Арамис пен д'Артаньян бағын деп Бикараны қоршап алды. Көпке қарсы жалғыз өзі болса да, бүйірінен жараланған жігіт бағынудан бас тартты. Жаралы Жюссак шынтағына әрең сүйеніп, басын көтеріп, беріл, — деп айқай салды. Д'Артаньян сияқты Бикара да гаскондық еді. Ол керең адамдай күлді де қойды. Сайысып жүріп екі ұмтылыстың арасында ол шпагасының ұшымен бір жерді түртіп қалды.
— Осы арада... — деді ол библияның сөзін өзгертіп, — осы арада қасындағы серіктерімен бірге, көптің бірі есебінде Бикара ажалын табады.
— Олар — төртеу, сен — жалғыз. Бұйырамын — беріл!
— Сен бұйырсаң — мәселе басқаша, — деді Бикара. — Сен менің бригадирімсің, бағынуым керек.
Кенет кейін қарай бір секіріп, дұшпанына бермеу үшін, шпагасын морт сындырды. Сосын оның сынығын монастырь дуалының сыртына лақтырып жіберді де, қолын кеудесіне айқастыра ұстап, кардиналдық өлеңдердің бірінің әуенін ысқырып жайбарақат тұра берді.
Тіпті дұшпанының ерлігі болсын мейлі, ерлік әрқашанда ардақталады. Мушкетерлер шпагаларын көтеріп, батыл гвардияшыға салют беріп, қынабына салды. Д'Артаньян да солардан көргенін істеді, сосын дін-аман қалған жалғыз гвардияшы Бикараның көмегімен Жюссак пен Каюзакты және Арамистің жараланып қалған дұшпанын монастырь басқышының алдына апарды. Төртінші гвардияшының қаза тапқанын біз жоғарыда айтқанбыз. Содан кейін олар кірмеліктегі коңырауды бір қағып, дұшпандарының бес шпагасының төртеуін олжа қылды да, жеңіс қуанышына елтіген күйі, де Тревиль мырзаның үйіне қарай беттеді.
Олар бір-бірімен қолтықтаса, кең көшені түгел алып, жолдан кездескен мушкетерлермен сөз қағыстырып мәз-мәйрам болып келе жатты, ақырында олардың бұл жүрісі салтанатты шеруге ұқсап кетті. Д'Артаньянның төбесі көкке жеткендей болды. Ол Атос пен Портостың ортасында, екеуін есі кете құшақтап келеді.
— Егер мен әлі мушкетер болмағанмен, — деді ол өзінің жана достарына, де-Тревиль мырзаның үйі алдына келгенде, — енді өзім шәкірт ретінде қабылдандым деуіме болатын шығар, солай емес пе?
VI
ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ КОРОЛЬ ЛЮДОВИК XIII
Бұл оқиғаның аяғы дау-жанжалға апарып соқты. Де Тревиль мушкетерлеріне жұрт көзінше кейіп, оңашада құттықтап жатты. Дегенмен уақытты босқа өткізуге болмайтын еді бұл хабарды дереу корольге жеткізбек керек, осы мақсатпен де Тревиль жеделдетіп Луврға кетті. Бірақ кешігіп қалыпты: король есігін тарс бекітіп, кардиналмен отыр екен. Де Тревильге: корольдің қолы бос емес, қазір ешкімді де қабылдай алмайды — делінді. Тревиль содан кешке салым, король карта ойнап отырған кезде келді. Корольдің қолы жүріп, ұтып отыр екен, ұлы ағзам аса сараң кісі еді, сол себепті де қолы шыққасын аса көңілді екен.
— Капитан мырза, бері келіңізші! — деді ол дауыстап де Тревильді алыстан байқап қалып. — Бері келіңіз, мен қазір сізге қатты ұрсайын деп отырмын. Мәртебелі тақсырдың маған келіп, енді мушкетерлердің үстінен шағым айтқанын және содан қатты тебіреніп кетіп, төсек тартып жатып қалғанын білесіз бе? Бұл не өзі, сіздің мушкетерлеріңіз шеттерінен баскесер шайтандар ма қалай а?
— Жоқ, ұлы ағзамым, — деді де Тревиль корольдің бірінші сөзінен-ақ істің шиеленіскелі тұрғанын сезіп. — Жоқ, керісінше, олар қой аузынан шөп алмайтын момын, қайырымды жандар және олар, имандай шыным бір-ақ мақсатқа ғана ұмтылады: шпагасын тек сіздің ұлы мәртебеңіз үшін ғана қынабынан суырады. Бірақ шара қанша; кардиналдың гвардияшылары кез келген жерде дікілдеп, оларға күн көрсетпейді, сосын қайтсін байғұс жас жігіттер тым болмаса, полкіміздің намысын бермейік деп қорғануға мәжбүр болады.
— Де Тревиль мырза, мені тыңдаңыз! — деді король даусын көтеріп. — мені тыңдаңыз! Сіз бір тахуа сопылар қауымы жайлы сөз қозғап тұрсыз ба қалай? Қымбатты капитаным, мен сізді шынымен-ақ капитан шенінен жұрдай етіп, оны мадемуазель де Шемроға бергім келіп тұрғаны, өйткені мен ол әйелге монастырьдің басы етем деп уәде берген едім. Бірақ мені сөзіңізге сенді екен деп ойлап қалып жүрмеңіз. Де Тревиль мырза, мені Әділ Людовик деп бекер атамайды, біз қазір бәрін де...
— Сіздің сол қара қылды қақ жарған әділдігіңізге шексіз сенгеннен кейін де мен ұлы ағзамның шешімін аспай-саспай, сабырымды сақтай отырып күтемін.
— Тұра тұрыңыз, тұра тұрыңыз, Мен көп күттірмеспін, — деді король.
Бұл кезде корольдің карта ойынындағы жолы тарыла бастап еді: ол ұтыла бастағасын, ретін тауып, — артық айтсақ жұрт кешіре жатар — бір жағына қарай жалт бергісі келіп отыр еді. Араға бірнеше минут салып, король орнынан тұрып, стол үстіндегі ұтқан ақшасын түгелдей сыпырып қалтасына салды да, асығыс тіл қатты:
— Ла Вьевиль, менің орныма отырыңыз. Де Тревиль мырзамен бір маңызды мәселе жөнінде кеңесуім керек еді... Ах, иә, мына жерде менің сексен луи ақшам жатқан — ұтылғандар көңіліне алмасын, соны орнына салыңыз. Бәрінен бұрын әділдік керек!
Сосын ол де Тревильге бұрылып қарады.
— Сонымен, мырза, — деді ол капитанмен бірге сарай терезелерінің біріне қарай беттеп, — сіз мушкетерлермен жанжалды бастаған тек мәртебелі тақсырдың гвардияшылары ғана деген сөзіңізден қайтпайсыз ғой?
— Иә, ұлы ағзамым, әр кезде де солай болып жүр.
— Сонда қалай болған! Айтыңызшы. Қымбатты капитаным, сот әділ болу үшін екі жақты да мұқият тыңдауы керек екені сізге мәлім шығар.
— Құдай сақтасын! Сол оқиға елеусіз ғана басталып кеткен. Менің ең таңдаулы үш солдатым — олардың есімі, ұлы ағзам, өзіңізге әйгілі, олардың адалдығына талай рет көзіңіз жеткен, ал, олар жан-тәнімен өз қызметіне берілген деп сізді, ұлы ағзамым, шын көңілден сендіре аламын — сонымен, менің үш солдатым, Атос, Портос, Арамис мырзалар, бір жас гаскондық төртеуі қалаға серуен құрмақ болады, әлгі жеткіншекті мен бүгін ертеңгілік соларға: көз қырыңызды сала жүріңіздер деп тапсырған едім. Ұмытпасам, олар Сен-Жерменге бармақ болады да, Дешо монастырының қасындағы алаңнан кездесуге уәде байласады. Ойламаған жерден де Жюссак мырза бастаған Каюзак, Бикар мырзалар мен екі гвардияшы олардың үстіне келіп қалады. Ол мырзалар онда тұтас бір қол болып, шамасы, заңды бұзу мақсатымен барған болу керек.
— Бәсе, бәсе, мәселеге енді ғана түсіндім ғой, — деді король. — Олардың өздері жекпе-жек төбелеспек болған, солай ма?
— Мен оларды айыптамаймын, ұлы ағзам, бірақ ұлы мәртебелі ағзам, өзіңіз ойлап көріңізші: бақайшағына дейін қаруланған бес адам кармелит әйелдер монастырының қасындағы оңаша орынға қандай мақсатпен барады?
— Сіз әділін айттыңыз, Тревиль, әділін айттыңыз!
— Бірақ олар менің мушкетерлерімді көреді де, әуелгі ойынан қайтады, енді өз араларындағы бас араздық полктер арасындағы дұшпандыққа ауысады. Ұлы ағзам, өзіңіз білесіз, мушкетерлер корольге, тек қана корольге берілген — олар кардинал мырзаны қостайтын гвардияшылардың ата жауы емес пе?
— Иә, Тревиль, иә, — деді король жабырқап. — Францияда осы бір екі дай болып бөлінгенді көріп қатты қайғырамыз. Бір корольдікте екі бастың болуы да аса қайғылы. Бірақ мұның бәрі әлі жөніне келеді, Тревиль, жөніне келеді... Хош, сонымен сіз мушкетермен жанжалды бастаған гвардияшылар дейсіз ғой?
— Мен оқиға, шынында да, тап осылай болған шығар деп ойлаймын. Дәл солай деп кесіп айта алмаймын. Өзіңіз білесіз, мұның анық-қанығына жету қиын. Бұл үшін Әділ Людовик аталған Людовик ХІІІ-шінің ғажайып көрегендігі, сезімталдығы керек.
— Дұрыс айтасыз, Тревиль. Бірақ сіздің мушкетерлеріңіз де жалғыз болмаған. Олардың қасында бір жеткіншек бала болған дейді.
— Иә, ұлы ағзамым, тағы бір жаралы болған, сайып келгенде үш король мушкетері, олардың біреуі жаралы делік, қастарындағы баламен бірге кардинал мырзаның атышулы ең мықты бес гвардияшысына қарсы тұрған және олардың төртеуін сұлатқан.
— Пәлі, мынауың жеңіс қой! — деді король жадырап. — Нағыз жеңіс!
— Иә, ұлы ағзам, Сэ түбіндегі жеңіс тәрізді толық жеңіс.
— Біреуі жаралы, біреуі балақай дерлік төрт кісі дедіңіз бе?
— Оны тіпті бозбала деуге де келмес. Бірақ осы айқастың кезінде оның керемет ерлік көрсеткені сондай, оны, ұлы ағзам, сіздің мархабатыңызға ұсынып, бір батылдық жасасам деп едім.
— Өзінің аты кім?
— Д'Артаньян, ұлы ағзамым. Ол — менің ең ескі достарымның біреуінің баласы. Ұлы ағзамым, сіздің әкеңізбен бірге соғысқа өз еркімен қатысқан ақсүйектің баласы.
— Және сол бала қайсар мінез көрсетті дейсіз бе? Тревиль, маған сол оқиғаны тәптіштеп айтып беріңізші: менің соғыстар мен шайқастар туралы әңгімені жақсы көретінімді білесіз ғой.
Осыны айтып, король Людовик ХIIІ-інші тәкаппарлана шалқайып, мұртын бір ширатып қойды.
— Ұлы ағзам, — деді Тревиль сөзін жалғап, — әлгіде айтып едім ғой, д'Артаньян әлі сары үрпек бала деп, мушкетер болу құрметіне қолы жетпегесін ол қала адамы сияқтанып киінген екен. Кардинал мырзаның гвардияшылары оның әлі балғын екенін, әсіресе, полкке жатпайтынын еске алып, біз шабуылға шықпай тұрғанда дереу кетіңіз деген талап қояды...
— Көрдіңіз бе, Тревиль, әуелі шабуыл жасаған солар екен, — деді король.
— Өте дұрыс айтасыз, ұлы ағзам, оған күмән жоқ. Сөйтіп, аналар оған жөніңді тап дейді, бірақ ол: менің жаным — мушкетердің жаны, ұлы мәртебелі корольге берілген адаммын, демек, мушкетер мырзалармен бірге боламын, — деп жауап қайтарады.
— Жігіт-ақ екен! — дейді король күбірлеп.
— Ол шынында да мушкетерлермен бірге қалады, ұлы ағзамым, сіз тағы бір тамаша жауынгер таптыңыз, кардинал мырзаның жынын келтіріп жүрген де осы жігіттің де Жюссак мырзаны шпагасымен өлтіре түйреп тастаған сайыскерлігі ғой.
— Жюссакты жаралаған сол ма? — деді король дауыстап, — Рас сол ма? Бала ма? Ол мүмкін емес, Тревиль.
— Бәрі де, ұлы ағзамым, тура өзіңізге айтқандай болған.
— Жюссак күллі Францияның ең таңдаулы сайыскерлерінің бірі ғой.
— Оған шара бар ма, ұлы ағзам, «Өзіңнен күшті шықса, екі көзің сонда шығады» деген емес пе.
— Мен сол жас жігітті көргім келеді, Тревиль, әдейі көргім келеді, егер оған бірдеңе қажет болса, біз оған көмектесейік.
— Ұлы ағзамым, сіз оны қашан қабылдай алар екенсіз?
— Ертең түсте, Тревиль.
— Бір өзің ғана ертіп келейін бе?
— Жоқ, төртеуін бірдей әкеліңіз, Мен олардың бәріне бір мезгілде алғыс айтпақпын. Бізге жан-тәнімен берілген кісілер сирек кездеседі, Тревиль, және адалдық сый-құрмет көрсетуге тұрады.
— Ұлы ағзам, шаңқай түсте біз Луврде боламыз.
— Кіші қақпадан кірерсіз, Тревиль, кіші қақпадан. Кардинал білмей-ақ қойсын.
— Құп, ұлы ағзамым.
— Сіз түсінесіз ғой, Тревиль заңның аты — заң. Сайысуға тыйым салынғаны рас.
— Бірақ бұл тайталас, ұлы ағзам, кәдімгі жекпе-жектің ауқымынан асып жатыр. Бұл — қағысып қалушылық, менің үш мушкетерім мен д'Артаньян мырзаға кардинал гвардияшыларының бесеуінің жабылғаны. — соның айқын айғағы.
— Дұрыс-ақ, — деді король. — Дегенмен Тревиль, кіші қақпадан келерсіз.
Тревиль езу тартты да қойды. Бала ұстазына қарсы шықты — міне, оның қолынан келгені осы ғана, білген кісіге бұл да аз емес. Ол корольге құрметтей тәжім етіп, одан рұқсат алып, кетіп қалды.
Сол күні кешқұрым үш мушкетердің үшеуіне де ертең көрсетілетін құрмет жайы хабарланды. Корольдің сырын баяғыдан білетін ысқаяқ жігіттер бұған онша қобалжи қоймады. Бірақ д'Артаньян ұшқыр қиялды гаскон емес пе, осы оқиға оған болашақ бақыттың нышаны болып көрінді де, түнімен небір ғажайып суреттерді көз алдынан өткізіп жатты. Таңертеңгі сағат сегізде ол Атостың үйіне келді.
Д'Артаньян келгенде мушкетер киініп болып, енді шыққалы жатыр екен. Король түсте қабылдайтын болғандықтан, Атос екі досымен Люксембург ат қорасы маңындағы шарапханаға барып, доп ойнамақ болып келісіпті. Ол д'Артаньянды өзімен бірге жүруге шақырды, әлгі ойыннан хабары болмаса да, ол бұған келісе кетті. Уақыт ертеңгі сағат тоғыз шамасы, ол он екіге дейін не істерін білмей дал болып еді.
Портос пен Арамис уәделі жерге келіп, допты қақпақылдап ойнап тұр екен. Дене жаттығуларының сан түрлеріне келгенде алдына жан салмайтын Атос, Д'Артаньян екеуі аланның екінші жағына барып тұрып, ана екеуіне ойналық деп белгі берді. Ол сол қолымен ойнаса да, бір сермегеннен кейін-ақ, мұндай жаттығуды жасауға жарасы мүмкіндік бермейтінін түсінді. Сөйтіп алаңда д'Артаниян жалғыз қалды, бірақ ол ойынның күллі ережесін сақтап ойнауға тәжірибесі жетпейтінін әуелде айтып қойғандықтан, екі мушкетер ұпайды есептемей, тек допты қағып тастаумен ғана шұғылданды. Портостың әлуетті қолымен жіберілген бір доп ұшып келе жатып, д'Артаньянның бетіне тиіп кете жаздады, со замат ол: егер әлгі доп жанап өтпей бетіме тисе, қабылдау болмас еді, өйткені мен сарайға бара алмай қалар едім деп ойлады. Өзінің гаскондық қиялы бойынша, оның күллі болашағы осы қабылдауға байланысты. Ол Портос пен Арамиске иіліп тәжім етіп, сіздермен күш салыстыруға хәлім жеткен кезде ойынды жалғастырармын, деді. Осы сөздерді айтты да, ол көрменің сыртына шығып көрермендерге келіп қосылды.
Д' Артаньянның сорына қарай, көрермендер арасында мәртебелі тақсырдың бір гвардияшысы тұр еді. Өз жолдастарының кеше ғана масқара боп жеңіліп қалғанына намысы қозған осынау гвардияшы бір реті келгенде солардың кегін алмақшы болып ант еткен . Осы бір сәт оған аса қолайлы болып көрінді.
— Мына баланың доптан қорыққанын қарашы, — деді ол қасындағы көршісіне. — Бұл, шамасы, мушкетердің шәкірті болды.
Д'Артаньян жылан шағып алғандай оқыс жалт бұрылды да, әлгі бір қияс сөздерді айтқан гвардияшыға тесірейе қарады.
Не боп қалды? — деді гвардияшы сөзін сабақтап, мұртын мысқылдай ширатып тұрып. — Сүйкімді балақай, маған қалай қарасаң — олай қара, бәрібір, айтқан сөзімнен танбаймын.
— Айтқан сөзіңіз тасқа таңба басқандай айқын және ешбір түсіндіруді қажет етпейді, сол себепті де артымнан еруіңізді сұраймын, — деді д'Артаньян.
— Сонда қашан? — деді гвардияшы кекесін үнмен.
— Өтінемін, тап қазір жүріңіз.
— Менің кім екенімді білетін шығарсыз деп сенемін?
— Мүлде білмеймін және білгім де келмейді.
— Бекер асығасыз! Бәлкім, менің атымды білсеңіз, мұндай дікеңдемес едіңіз.
— Онда атыңыз кім?
— Бернажу, әміріңізге құлдық.
— Сонымен, Бернажу мырза, мен сізді қақпа алдынан күтемін, деді д'Артаньян салмақпен.
— Жүре беріңіз, мырза. Мен сізден кейін шығамын.
— Екеуміздің бірге шыққанымызды, мырза, ешкім байқап қалмасын, онша асықпай-ақ қойыңыз. Екеуміз айналысатын іске басы артық куәнің керегі жоқ.
— Мақұл, — деді гвардияшы, өз есімі бұған ешқандай әсер етпегеніне таң қалып.
Расында да, Бернажу есімі д'Артаньяннан өзге жұрттың бәріне мәлім болатын. Король мен кардиналдың күллі әмір-жарлықтарына қарамастан, күн құрғатпай өтіп жататын қақтығыс-соқтығысып бәріне түгел дерлік қатысатын айтулы жанжалқойың осы еді.
Портос пен Арамис ойын қызығына түсіп кетіп, ал, Атос олардың ойынынан көз жазбай тұрып, жас жігіттің кетіп қалғанын да сезбеді; жігіт кардиналдың гвардияшысына берген уәдесі бойынша есік алдына шығып тұра берді. Д'Артаньян корольдің талма түске шақырған қабылдауына кешігіп қалам ба деп асыға бастады. Жан-жағын көзімен бір шолғанда, ол көшенің қаңырап бос жатқанын көрді.
— Имандай шыным, — деді ол өз дұшпанына қарап, — өзіңіз Бернажу аталғаныңызбен, жолыңыз түсетін болды! Сіз шәкірт-мушкетерге тап болдыңыз. Бірақ қам жемеңіз: мен аянып қалмаймын. Кәне, қорғаныңыз!
— Меніңше... — деді д'Артаньянды сайысқа шақырған гвардияшы, — меніңше, бұл ара ыңғайсыздау сияқты. Бізге Сен-Жермен аббаттығының сырты немесе Пре-о-Клердің төңірегі ыңғайлы болар еді.
— Сөзіңіз құлаққа кіреді-ақ, — деді д'Артаньян. — Бірақ лаж бар ма, уақытым аз еді. Дәл сағат он екіде біреумен жолығуым керек. Сол себепті, мырза, қорғаныңыз, қорғанып бағыңыз!
Мұндай сөзді екі рет қайталап айтқызатын кісі Бернажу емес-ті. Сол мезетте, ол шпагасын жалт еткізіп, дұшпанына тап берді, гвардияшы аузынан ана сүті кеппеген неменің зәресін алып, қорқытып қоя салмақшы еді.
Бірақ д'Артаньян мұның алдында ғана жақсы мектептен өткен болатын. Кешегі жеңіс қызуы әлі басылмаған және алдынан бір жарылқап тастайтын жақсылық күткен жігітіміз қайтсе де бір адым кейін шегінбеуге бел байлады. Шпагалар зуылдап айқасып кетті. Д'Артаньян қасарысып тұрып алғасын, дұшпаны бір адым кері кетуге мәжбүр болды. Осы шегініс кезінде Бернажудың шпагасы сәл тайқып кеткенін пайдаланып, д'Артаньян өз шпагасын босатып алды да, қас қағымда алға бір ұмтылып, сүңгі ұшын дұшпанының иығына қадай салды. Д'Артаньян дереу кейін шегініп, шпагасын көтере қойды. Бірақ Бернажу бұл түк те емес деп айқай салып, ет қызуымен алға ұмтылғанда, тағы да д'Артаньянның шпагасына тап болып, түйреліп қалды. Соған қарамастан, дұшпаны құлап қалмағасын және жеңілгенін мойнына алмағасын, тек сайыса отырып, бір жақыны қызмет ететін үйге, Ла Тремуль мырзаның үйіне қарай шегініп бара жатқасын, оған соңғы салған жарасының қауіпті екенін сезбеген д'Артаньян оны тықсыра қуып біраз жерге апарды, тіпті, бәлкім, өлтіріп те жіберер ме еді. Бірақ сол кезде доп ойнап жатқан үй ішіндегі кісілер көшеден шыққан шуды естіп қалды. Өздерінің досы, д'Артаньянмен бір-екі ауыз сөзге келмей жатып, шпагасын суырып алып, соның соңынан көшеге жүгіріп шығып кеткенін көріп қалған екі гвардияшы үйді алақтап шыға келді де, жеңіске жеткен жігітімізге дүрсе қоя берді Бірақ әлгілердің ізін ала Атос, Портос пен Арамистің де қарасы, көрінді, өздерінің жас досына жабылып жатқан гвардияшыларға тап беріп, олардың бетін өздеріне қаратып алды. Сол замат Бернажу құлап түсті, енді төрт ноянның ортасында екеуден-екеу қалғам гвардияшылар:
Де Ла Тремульдің адамдары, қайдасыңдар, жәрдемге келіңдер! — деп айқай салды.
Бұл үндеуге де Ла Тремульдің үйінде жүрген кісілердің бірі қалмай, көшеге атып-атып шығып, төрт мушкетерге лап қойды.
Бірақ сол арада мушкетерлер де өз тарапынан:
— Мушкетерлер, көмекке келіңдер! — деген айбарлы ұран тастады. Бұл ұранды қостайтындар әрқашанда көп еді. Мушкетерлердің мәртебелі тақсырдың ата жауы екенін жұрттың бәрі білетін, кардниалды жек көргендіктен де көпшілік оларды жақсы керетін. Сол себепті де, Арамис айтқан «Қызыл герцогке» қызмет етпейтін басқа полктің гвардияшылары осындай соқтығыс кезінде король мушкетерлерін жақтап шыға келетін. Бұл кезде Дезэссар мырза полкінің үш гвардияшысы сол арадан өтіп бара жатқан, олардың екеуі қолма-қол төрт жолдасына қол ұшын беру үшін тұра-тұра ұмтылысты, ал, үшіншісі:
— Мушкетерлер, көмекке келіңдер! Көмекке келіңдер! — деп жан ұшыра айқайлап, де Тревиль үйіне қарай жүгіре жөнелді.
Де Тревиль мырзаның ауласында, әдеттегісінше, полк солдаттары қаптап жүр екен, олар жолдастарына жәрдемдесу үшін дереу солай қарай тұра-тұра ұмтылысты. Жаппай, қызыл шеке төбелес енді басталды, бірақ мушкетерлердің күші басым келді. Кардиналдың гвардияшылары мен де Ла Тремуль мырзаның адамдары үйдің ауласына қашып тығылды, арттарынан дұшпандары кимелеп кірмесін деп қақпаны дереу бекітіп тастады. Ауыр жараланып әл үстінде жатқан Бернажуды ертерек үйге көтеріп кіргізген-ді.
Мушкетерлер мен олардың одақтастарының әбден делебесі қазып, желігіп алған еді, де Ла Тремульдің адамдары король мушкетерлеріне жүрегі дауалап, шабуыл жасағаны үшін, оның үйін өртеп жіберсе қалай болады деген мәселе де туды. Қызба біреудің аузынан шығып кеткен осы сөзді жұрт жамырап қостай жөнелді, бірақ сәті түскенде, сағат он бірді соқты. Д'Артаньян мен оның достары қабылдауға баратынын естеріне алды, бірақ өздері жоқ кезде әлгі сұмдық әзілді жүзеге асырып қояды екен деп қауіптенеді, олар бүйірі қызып алған содырларды сылап-сипап, сабасына түсіруге тырысты. Дегенмен лақтырылған бірнеше тас қақпаға барып тиді. Бірақ қақпа берік екен, мызғымады. Бұл қалың нөпірді біраз суытайын деді. Оның үстіне бәріне бас болып жүрген жігіттер қалың көптен бөлініп, де Тревильдің үйіне қарай беттеді, осы оқиғаны түгел білетін капитан бұларды үйінде тосып отыр екен.
— Дереу Луврға кеттік! — деді ол. — Бір минутты да жоғалтпай Луврға кетуіміз керек, кардинал хабарлап үлгірмей тұрғанда, корольмен ертерек барып көріселік, Біз бұл істі кешегі оқиғаның жалғасы деп айтайық, сонда екеуі бір ғана іс болып шыға келеді.
Де Тревиль мырза көңілдес төрт жігітін ертіп, Луврға қарай асығыс жүріп кетті. Бірақ ондағылар мушкетерлер капитанын аң-таң қалдырып, король бұғы аулау үшін Сен-Жермен орманына аттанып кеткен десті. Де Тревиль мырза бұл жаңалықты екі рет қайталап айтқызды да, оны естіген сайын қабағы түсіп, тұнжырай берді.
— Ұлы ағзам аңға шығамын деген шешімге кеше келіп пе еді? — деді ол.
— Жоқ, биік дәрежелім, — деді камердинер. — Бүгін ертеңгілік бас аңшы келіп: өткен түнде сізге бола бір бұғыны қаумалап қоршап алдық деген хабарды жеткізді. Король әуелі бармаймын деп кесіп айтып еді, бірақ кейін ондай қызықтан қалғысы келмеді ме, әйтеуір, кетіп қалды.
— Король аңға кеткенге шейін кардиналмен көрісті ме? — деді де Тревиль мырза.
— Шамасы, көріскен болуы керек, — деді камердинер. — Бүгін ертеңгісін қақпа алдынан мен мәртебелі тақсырдың жегулі күймесін көрдім. Мен одан: бір жаққа барасыз ба? — деп сұрап едім: Сен-Жерменге — деген жауап алдым.
— Біз қалып қойыппыз! — деді де Тревиль. — Бүгін кешқұрым, мырзалар, мен корольмен кездесем. Ал, енді сіздерге келетін болсақ, мен сіздерге оның көзіне түсе көрмеңіз деп кеңес берер едім.
Бұл — ақылды кеңес еді, ең бастысы, сол кеңесті беріп отырған кісі корольді бес саусағындай білетін, сондықтан да көңілдес төрт жігіт онымен сөз таластырмады. Де Тревиль мырза бұларға үйлеріңізге қайтыңыздар да, менен хабар күтіңіздер деп әмір етті.
Үйіне қайтып келгесін де Тревиль бұл істе ширақ қимылдап, бірінші болып шағым жазған жөн болар, — деп ойлады. Ол де Ла Тремуль мырзаға хат жазып, өзінің бір кісісін жіберді, бұл хатында капитан ол кісіден кардиналға қызмет ететін гвардияшыны өз үйінен қуып жіберуін және мушкетерлерге шабуыл жасағаны үшін өз адамдарына қаттырақ бір ұрсып қоюын сұрады. Өзінің атшысынан (Бернажу соның туысқаны болатын) бұл хабарға қаныққан де Ла Тремуль мырза былай деп жауап жібереді: де Тревиль мырза да, оның мушкетерлері де маған шағына алмайды, қайта шағынатын болсам — мен шағынуым керек, өйткені мұның қызметкерлеріне әуелі тиіскен мушкетерлер, олар тіпті мұның үйін өртемекші де болған. Бұл екі бекзаттың арасындағы дау-жанжал, әрине, ұзаққа созылар еді және бұлардың әрқайсысы қасарысып өз айтқанынан қайтпас еді, бірақ де Тревиль мәселені анықтай түсетін соны бір тәсіл ойлап тапты. Ол де Ла Тремуль мырзаға өзі бармақ болды.
Де Ла Тремуль мырзаның үйіне күймемен келіп, ол өзінің келгенін қожайынға хабарла деп әмір етті.
Бекзаттар бір-бірімен сыпайы сәлемдесті. Араларында достық ынтымақ болмаса да, бұлар бір-бірін қатты құрметтейтін. Екеуі де ар-намысты, кең пейілді жандар еді. Де Ла Тремуль мырза өз басы протестант болғасын, хан сарайына өте сирек келетін, сол себепті де ешбір партия қатарына да қосылмайтын, ол, әдетте, біреумен қарым-қатынас жасарда таза, қалтқысыз көңілін ұсынатын. Қанша айтқанмен, бұл жолы де Тревиль кішіпейілмен сыпайы қабылданса да, бұрынғыдай емес, арадан бір салқындық лебі сезіліп тұрды.
— Мырза, — деді мушкетерлердің капитаны сөз бастап, — біз екеуміз де өзімізді өкпелі санаймыз, сол себепті де мен сізге келгенде, әлгі бір даулы істің мән-жайын бірлесе отырып анықтауға келдім.
— Рақым етіңіз, — деді де Ла Тремуль, — бірақ әуелі ескертіп қояйын, мен бұл істің жай-жағдаятын жақсы білем, бар айып сіздің мушкетерлеріңіздің мойнында.
— Сіз, мырза, бір нәрсені өлшеп-пішіп алмай сөйлемейтін ақылды да әділ адамсыз, сол себепті де менің әдейі айтқалы келген ұсынысымнан бас тарта алмайсыз.
— Мырза, өтінемін, құлағым сізде.
— Сіздің атшының туысы Бернажу мырзаның хал-ахуалы қалай екен?
— Оның хәлі мүшкіл, мырза. Иығындағы жарасы онша қауіпті емес, бірақ өкпесіне зақым келтірген екінші жарақаты тағы бар. Емші ол осыдан сауығып кете алмас деп қорқады.
— Жаралы есін біле ме?
— Иә. Ақыл-есі бүтін.
— Өзі сөйлей ала ма?
— Қинала-қинала сөйлейді.
— Ендеше, мырза, ұзамай. жаны жаннатқа ұшады-ау деген жігітке баралық та, құдай атымен ант етіп, одан бар шындықты айтуын сұралық. Мейлі, өзі араласқан істің әділ қазысы сол жаралы жігіт-ақ бола қойсын, мен ол не айтса — соған сендім.
Де Ла Тремуль мырза бір сәт ойланып қалды да, бұдан ақылды ұсыныс таба алмайтынын біліп, бірден келісе кетті.
Екеуі де жаралы жігіт жатқан бөлмеге келіп кірді. Оның көңілін сұрауға келген осынау текті мырзаларды көргенде, ауру жігіт кереуеттен басын көтеріп отырмақ болды, бірақ әбден әлсіреп қалған байғұс, осы болмашы қимылдың өзіне шыдай алмай, есінен танғандай, төсекке қайта құлай кетті.
Де Ла Тремуль мырза оған жақындап барып, бетіне тұзды шиша апарып еді, науқас есін жиды. Содан кейін де Тревиль мырза ауру кісіге сөзімен ықпал жасады деп айыптамасын деп, жаралымен өзіңіз сөйлесіңіз деген ұсыныс жасады.
Мәселенің бәрі де Тревиль мырзаның ойлағанындай болып шықты. Ажал аузында жатқасын, Бернажу ақиқат шындықты жасырмады. Ол болған оқиғаны айна-қатесіз айтып берді.
Де Тревиль мырзаға керегінің өзі осы еді. Ол Бернажуге тезірек тәyір болыңыз деген тілек білдіріп, де Ла Тремуль мырзамен қош айтысып, үйіне келді де, төрт досқа түс мезгілінде келсін деп арнайы кісі жіберді.
Де Тревиль мырзаның үйінде ең таңдаулы қауым — иіні келгенде айталық — кардиналдың дұшпандары ғана жиналған болатын. Сол себепті де түскі ас үстінде әңгіме әлгі мәртебелі тақсыр гвардияшыларының қара басып, екі рет жеңіліп қалғанын төңіректеп шықпай қойды. Осы екі шайқастың да қаһарманы д'Артаньян болғандықтан да, мақтау сөздің бәрі тек соның басына ғана жауып жатты, Атос, Портос пен Арамис бұған жақын жолдас ретінде ғана қуанған жоқ, олар тап осылай көкке жеткізе мақтаудың талайын естіп еті үйренген, ендеше осы жолғы үлесін жас серігіне қиюға болады ғой.
Кешкі сағат алтылар кезінде де Тревиль енді Луврға бара беруге болады деді. Бірақ қабылдау мерзімі өтіп кеткеннен кейін, ол енді кіші қақпадан өтуге рұқсат сұрап жатпай, төрт серігімен бірге барып қабылдау бөлмесінен орын алды. Король әлі аңнан келмепті.
Біздің жас достарымыз жарты сағаттай күткеннен кейін, кенет күллі есіктер бір мезгілде айқара ашылып, ұлы корольдің келгені хабарланды. Д'Артаньян тебіреніп кетті. Бәлкім, ендігі бірнеше минут оның күллі болашақ тағдырын шешетін шығар. Ол тынысын тартып король кіретін есіктен көз жазбай отырып қалды.
Людовик ХІІІ-ші табалдырықтан аттай берді. Ол серіктерінен озып алда келеді. Король шаң-тозаңнан көрінбейтін аңшы костюмі мен саптамасын шешпепті. Қолында қамшы. Бір қарағаннан-ақ д'Артаньян оның қаһарланып келе жатқанын сезе қойды.
Корольдің қабағы салыңқы екенін сезсе де, сарай төңірегіндегілер ол жүретін жолды қуалай тұра - тұра қалысты: корольді қабылдау бөлмелерінде назарға ілінбей қалғаннан гөрі ашулы болса, әйтеуір бір көзге түскенді абырой санайды. Үш мушкетер дін салған жерден алға ұмтылғаны да содан, ал, д'Артаньян болса, мұның керісінше, олардың тасасына жасырынып, көрінбеуге тырысты. Король Атосты, Портос пен Арамисті жақсы таныса да оларды көрмеген кісі сияқты, тіпті назар аудармастан, ләм деместен түнеріп өте шықты. Де Тревильге келетін болсақ, король өзін шаншыла қараған кезде, міз бақпай тесірейіп тұрып алғаны сонша, ұлы ағзамның өзі көзін тайдырып әкетті. Осыдан кейін ұлы ағзам түсініксіз бірдеңелерді айтып, өзінің аңыраған апартаменттеріне кіріп кетті.
— Хал нашар, — деді Атос жымиып. — Және бүгін бізге орден бере қоймайтын шығар.
— Осы арада он минут күтіңіздер, — деді де Тревиль мырза. Егер соған дейін мен келмесем, біздің үйге бара беріңіз: одан кейін тосудан пайда жоқ.
Төрт дос сарылып он минут, ширек сағат, жиырма минут күтті де Тревиль көрінбегесін бұлар әлденеден қауіптеніп жөндері кетіп қалды.
Бұл кезде де Тревиль мырза король кабинетіне еркін басып кіріп келді, сөйтсе ұлы ағзамның сіркесі су көтермей отыр екен. Ол креслода шалқайып, шыпыртқының сабымен саптамасының қонышын ұрып қояды. Де Тревиль аспай-саспай, сабырмен корольдің денсаулығын, жай-күйін сұрады.
— Несін сұрайсыз, мырза, хал-ақуалым жаман, — деді король. — Мен зеріккеннен жарылғалы отырмын.
Бұл шынында да Людовик ХІІІ-нің ең ауыр сырқатының бірі еді. Кейде ол өзіне жақын-жуық көңілдестерінің біреуін терезе алдына алып кетіп: «Зерігіп тұрмын, мырза! Кәне, екеуміз қосылып зерігелік», — дейтін.
— Қалай! — Де Тревиль дауыстап жіберді. — Ұлы ағзамым, Сіз қалай зерігесіз? Бүгін сіз, ұлы ағзам, аңға шығып, рақаттанып қайтқан жоқсыз ба?
— Ондай рақаты құрып қалсын! — деді король күңкілдеп. — Жанымды садақа етейін, бәрі де азып-тозып барады! Білмеймін, осы кезде түздің тағысы із қалдырмайтын болған ба, әлде, иісшіл иттер қалмаған ба! Біз алты сағат бойы өкшелей қуып, соңынан қалмай жүріп бір бағлан бұғыны әбден діңкелетіп, мақсатымызға жеттік деп, Сен-Симон сыбызғысын ерніне апарып жеңіс сазын сызылта берген кезде, қай әттегене-ай десейші, ит біткен жалт бере шабаланып, бір жақтағы қодығын қуалай жөнелгені. Мінеки, көріп тұрсыз ба, бір кезде құс салуды қойсам, енді ит жүгіртіп, тағы қуалауды да қоятын шығармын. Ах, де Тревиль мырза, мен деген бір бақытсыз сорлы корольмін! Қолымда бір жалғыз ителгім қалып еді, үш күн болды, ол да өліп қалды.
— Ұлы ағзамым, расында да сіздің өкінішіңізді өз басым қатты түсіріп тұрмын: бұдан өткен қайғы болмас. Бірақ сізде әлі де бір сыпыра сұңқар, қаршыға және басқа қыран құстар қалған сияқты еді ғой?
— Бірақ соларды аңға баулитын адам қалған жоқ. Саятшылар дүние салып жатыр. Сұңқармен аң аулау өнерін білетіндерден енді жалғыз өзім ғана қалдым. Менен кейін бәрі де құриды. Аңды қақпанмен, дұзақпен, аранмен аулайтын болады. Егер мен шәкірттерді үйретіп үлгерсем... Жоқ ,оған мұрсат қайда, кардинал мырза маған бір минут тыныштық бермейді, Испания жайлы, Австрия жайлы, Англия жайлы жатпай-тұрмай әңгіме айтып, миымызды ашытады! Айтпақшы кардинал туралы сөз бар: де Тревиль мырза, мен сізге риза болудан қалып барамын.
Де Тревильдің күткені де осы еді. Ол корольдің жайын баяғыдан біледі және бір ұққаны: бағанадан бері шағынып отырғаны үлкен әңгіменің кіріспесі ғана оны өзіне қарай түсу үшін ғана яғни оны өзіне қарай түсу үшін ғана пайдаланатын сияқты. Әуелден айтқысы келген сөзін ол енді ғана айтады.
— Ұлы ағзамым, сіздің алдыңызда айыпты болып қалатындай мен байғұс не жазып едім сонша? — деді де Тревиль кереметтей қайран қалған кісідейін.
— Өз борышыңызды осылай орындайды екенсіз ғой, мырза? — деді король, де Тревильдің сауалына тікелей жауап беруден жалтарып. — Мен сізді мушкетерлердің капитаны етіп тағайындаған да, қарауыңыздағы кісілеріңіз жұртты қырып-жойып, тұтас бір кварталды дүрліктіріп, күллі Парижді өртеп қоя жаздасын деп тағайындап па едім? Және сіз бұл жөнінде жұмған аузыңызды ашпайсыз! Бірақ мен, — деді король сөзін жалғап, — бекер ренжіп отырған шығармын. Бәлкім, кінәлы кісілер тұтқынға алынып, сіз олардың әділ жазасын алғанын айтайын деп келген шығарсыз.
— Жоқ, ұлы ағзамым, — деді де Тревиль сабырмен, — мен сізден соларға сот құру жайын өтінгелі келдім.
— Кімді соттаймыз сонда? — деді король дауыстап,
— Өсекшілерді! —деді де Тревиль.
— Міне, жаналық деп осыны айт! —деді король даусын көтеріп. — Әлгі қарғыс атқан үш мушкетеріңіз — Атос, Портос пен Арамис, және бір Беарннен келген тентекпен бірігіп, құтырған ит сияқты, Бернажу байғұсқа тап беріп, көрімін көзіне көрсеткенін сіз жоққа шығара алмассыз, о бейшара ендігі жан тәсілім етуге жақындап қалған шығар? - Содан кейін олар герцог де Ла Тремульдің үйін қоршап, өртеп жібермекші болғанын жоққа шығара алмассыз, егер соғыс уақыты болса — онысы теріс болмас еді, өйткені ол үй — гугеноттардың ұясы, бірақ бейбіт күндері бұл өзгелерге жаман үлгі болып саналады. Енді шыныңызды айтыңызшы: сіз осының бәрін жоққа шығарғалы келген жоқсыз ғой?
— Ұлы ағзамым, осы ертегіні сізге айтып жүрген кім — деді де Тревиль тағы да байсалды қалпын сақтап.
— Кім айтты дейсіз бе, мырза? Мен ұйықтап жатқанда әсте көз жұмбайтын, мен көңіл көтеріп жүргенде еңбек етіп жататын, елдің ішкі және сыртқы істерінің бәрін — Франция мен Европадағы істердің бәрін басқарып отыратын кісі айтпағанда, оны маған кім айтты деп ойлайсыз?
— Ұлы ағзам, сіз, шамасы, құдай тағаланы айтып отырған боларсыз, — деді де Тревиль, — өйткені менің алдымда сізден, ұлы ағзамым, сонша биік тұратын тек құдай ғана.
— Жоқ, мырза, менің айтып отырғаным — корольдіктің тірегі, менің бірден-бір қызметшім, бірден-бір досым — кардинал мырза.
— Кардинал мырза — қанша айтқанмен, қасиетті әулие емес,
— Мырза, сонда сіздің не айтқыңыз келеді?
— Менің айтайын дегенім, күнәсіз кісі — тек папа ғана, ендеше кардиналды күнәдан пәк деуге болмайды.
— Сіз сонда ол мені алдап жүр, маған опасыздық жасап жүр дегіңіз келе ме? Демек, сіз оны айыптайсыз ба? Кәне, турасын айтыңызшы, сіз оны айыптайтыныңызды мойындайсыз ғой!
— Жоқ, ұлы ағзам. Менің айтайын дегенім, ол кісінің өзі алданып қалған. Мен оған жалған мәлімет берген деймін. Мен, ұлы ағзамым, ол сіздің мушкетерлеріңізді, әділдіктен айнып, асығыс айыптаған, өз мәліметтерін жаман кісілерден жинаған деймін.
— Айыптаудың көзі де Ла Тремуль мырзадан, герцогтің өзінен шығып жатыр.
— Ұлы ағзам, герцог бұл іске жанын сала кірісіп жүр, сол себепті де одан қара қылды қақ жарған әділдікті табу қиын болар, деген жауапты айтар едім. Бірақ мен, ұлы ағзамым, олай деуден аулақпын. Мен герцогтің парасатты да адал кісі екенін білемін міне сол кісінің айтқан сөзіне тоқтаймын, бірақ сіздің алдыңызға бір ғана шарт қоямын...
— Қандай шарт?
— Ұлы ағзам, мен сіздің ол кісіні дереу шақырып алып тергеуіңізді және оны ешбір куәсіз, көзбе-көз оңаша отырып тергегеніңізді қалар едім және герцог кетісімен, ұлы ағзамым, мені бірден қабылдауыңызды өтінген болар едім.
— Солай ма! — деді король. — Сіз сонда де Ла Тремуль мырза айтса, соған тоқтайсыз ғой?
— Иә, ұлы ағзам.
— Және соған бірден мойын ұсынасыз ғой?
— Иә.
— Және ол қойған талаптың бәрімен келісесіз ғой?
— Иә, ұлы ағзам.
— Ла Шене! Ла Шене! — деді король дауыстап.
Людовик ХІІІ-нің ұдайы есік алдында әмір күтіп тұратын сенімді камердинері зып етіп бөлмеге кіріп келді.
— Ла Шене, — деді король, — де Ла Тремуль мырзаға дереу кісі жіберіңдер. Бүгін кешке онымен сөйлесуім керек.
— Ұлы ағзам, сіз де Ла Тремуль екеуміздің арамызда ешкімді қабылдамаймын деп сөз бересіз ғой?
— Ешкімді де қабылдамаймын, — деді король. Ендеше, ертеңге дейін хош болыңыз, ұлы ағзамым. Ертеңге дейін, мырза. Қай сағатқа әмір етесіз, ұлы ағзамым? Қалаған уақытыңызда.
— Бірақ мен ете ерте келіп қалып, сізді оятып жіберем бе деп қорқам, ұлы ағзамым.
— Мені оятып дейсіз бе? Мен осы ұйықтай ма екенмін? Мен қазір ұйықтамайтын болғанмын, мырза. Ілуде бір көз шырымын аламын — сол да жетіп жатыр. Қанша ерте келемін десеңіз де келе беріңіз, тіпті, сағат таңғы жетіде келіңіз. Ал, егер мушкетерлеріңіз кінәлі болса, менен жақсылық күтпеңіз!
— Егер менің мушкетерлерім кінәлы болса, олар заматында сіздің қолыңызға табыс етіледі, ұлы ағзам, сосын оларға не істейтініңізді өзіңіз білесіз. Ұлы ағзамның бізге айтатын тағы қандай талаптары бар екен? Екі құлағым сізде. Әміріңізге құлдық.
— Жоқ, мырза, жоқ. Мені Әділ Людовик деп тектен-текке атамаған. Ертеңге дейін, мырза, ертеңге дейін.
— Құдай пана болсын сізге, ұлы ағзам!
Сол күні король қанша нашар ұйықтады, дегенмен, де Тревиль мырза одан да нашар ұйықтады. Ол үш мушкетер мен олардың ертеңгі сағат алты жарымда маған келсін деп кешқұрым хабар жіберген. Ол жігіттерді өзімен бірге сарайға ертіп әкелді, бірақ оларға ешқандай уәде де бермеді, ештеңені мойнымен көтергісі де келмеді және бұлардың да, өзінің де тағдыры қыл үстінде тұрғанын жасырмады.
Бұларға тоса тұрыңдар деп капитан кіші қақпадан кіріп кетті. Егер король әлі ашулы болса, олар ешкімнің көзіне түспей, елеусіз кетіп қалады. Ал, егер қабылдайтын болса, шақырып алады.
Корольдің жеке қабылдау бөлмесінен де Тревиль мырза Ла Шенені көрді, ол бұған кеше кешқұрым герцог де Ла Тремуль мырзаны үйінен таба алмағанын, ол қайтып келгенде сарайға кіруге өте кеш болғанын, герцогтің мұнда әлгіде ғана келгенін, тап қазір корольмен әңгімелесіп отырғанын айтты.
Соңғы хабар де Тревиль мырзаның жанына майдай жақты. Енді ол де Ла Тремульдің кетуі мен өзінің корольге кіруіне арасында ешкім ұлы ағзамға ықпал жасап үлгірмейтініне кәміл сенді.
Шынында да арада он минуттей өтпей жатып, есік ашылды да, де Тревиль кабинеттен шығып келе жатқан де Ла Тремульді көрді. Герцог бірден бұған қарай беттеді.
— Де Тревиль мырза, — деді ол, — біздің үйдің қасында болған оқиғаның егжей-тегжейін білу үшін ұлы ағзам мені өзіне шақырып алды. Мен оған ақиқат шындықты айттым, яғни кінәлі менің кісілерім екенін және сізден кешірім сұрауға әзір екенімді білдірдім. Енді міне өзіңізбен кездескен екенмін, соны қазір жасауыма рұқсат етіңіз, бұған қоса мені әманда өз достарыңыздың бірі деп есептеңіз.
— Герцог мырза, — деді де Тревиль, — сіздің адалдығыңызға, әділдігіңізге сенгенім сонша, корольдің алдында өзіңізден өзге жақтаушыны көргім де келмеді. Міне енді алданбағаныма анық көзім жетті және әлі де болса Францияда сіз туралы не айтсам, сондай сөзді қателеспей-ақ айтуға болатын азаматтар қалғаны үшін сізге шын көңілден алғыс айтамын.
— Тамаша, тамаша! — деді осы сөздің бәрін есік алдында тұрып естіген король. — Ол өзін сіздің досыңызбын деп тұр ғой, ендеше оған, Тревиль, менің де оның достарының санатында болғым келетінін айтарсыз, бірақ ол мені көзіне іле бермейді. Мен оны көрмегелі көп ұзамай аттай үш жыл толады және оны өзім шақыртып алып әрең көрдім. Оған менің осы тілегімді жеткізерсіз, өйткені мұндай нәрсені корольдің өзі ауызба-ауыз айта алмайды.
— Рақмет, ұлы ағзам, рақмет. Бірақ менің сізге, ұлы ағзам, айтайын деген бір сөзім — әрине, оның де Тревиль мырзаға тіпті де қатысы жоқ — сізге айтайын деген бір сөзім, ұлы ағзам, ұзақты күннің кез келген уақытында көріп жүрген кісілеріңіздің бәрі бірдей сізге шын пейілімен берілген жандар емес.
— Сіз менің айтқанымды естіген екенсіз ғой ендеше, герцог? Онда тіптен жақсы болды! — деді король, алға қарай бір басып. — А, бұл сіз бе едіңіз, Тревиль? Әлгі мушкетерлеріңіз қайда? Мен оларды осыдан үш күн бұрын ертіп әкеліңіз дегенім қайда. Осы уақытқа дейін оны неге орындамай жүрсіз?
— Олар төменде, ұлы ағзам, сізден рұқсат болса, Ла Шене оларды шақырып келеді.
— Иә, иә, олар тап қазір келсін. Ұзамай сағат сегіз болады, ал тоғызда маған бір кісі келеді... Жүре беруіңізге болады, герцог, бірақ сарайға міндетті түрде келіп тұрыңыз... Тревиль, кіріңіз.
Герцог иіліп ізет көрсетіп, есікке қарай беттеді. Ол есікті аша берген кезде, басқыштың жоғарғы алаңынан үш мушкетер мені Артаньян көрінді. Оларды Ла Шене ертіп келді.
— Кәне, жақындап берірек келіп тұрыңыздар, нояндар, — деді король. — Сіздерге қазір кейін деп тұрмын.
Мушкетерлер иіліп тәжім етіп, жақындай берді. Д'Артаньян олардың соңынан ерді.
— Ақ шайтандар түге! Төртеуден төртеу болып жүріп екі күннің ішінде кардиналдың жеті гвардияшысын қатардан қалай шығарып үлгірдіңіз? — деді Людовик ХІІІ-ші сөзін сабақтап. — Бұл көп, өте көп. Егер іс осылай бола берсе, онда мәртебелі тақсыр, үш аптадан кейін өз ротасының құрамын толық жаңартады ғой. Ал, мен указды қатал жүзеге асыруға мәжбүр боламын. Бірлі-жарым болса ештеңе емес, оған қарсы емеспін. Бірақ екі күнде жеті кісіні сұлату — тағы да қайталап айтам, бұл — көп, өте көп.
— Ұлы ағзам, өзіңіз де көріп тұрған боларсыз, сол себепті де бұлар қазір қатты қысылып тұр, кеуделері өкінішке толы, сізден кешірім өтінеді.
— Қысылып тұр, өкінішке толы дейсіз бе? һім... — деді король сеніңкіремей. — Мен бұ қуларға сенбеймін. Әсіресе, әне бір Гаскон кейіптес пәлекетіңе сенбеймін. Мырзам, бері келіңізші!
Д'Артаньян бұл сөздің өзіне арналғанын ұғып, қатты қынжылатынын түрімен білдіріп, жақындай берді.
— Пәлі! Сіз маған қайдағы бір жас жігіт жайлы айтып едіңіз. Жаным-ау, бұл бала ғой, балдырған ғой тіпті! Сонда әлгі Жюссакты оңдырмай жаралайтын осы сәби ме?
— Және Бернажуді екі рет оңдырмай түйреп өтетін де осы сәби!
— Шынында да солай ма?
— Тағы бір жәйтті есептемесек, — деді Атос, — егер ол мені Каюзактың қолынан құтқармағанда, тап осы сәтте мен, ұлы ағзам, сізге басым жерге жеткенше иіліп, ізет көрсету құрметіне ие бола алмас едім.
— Ендеше, мұның өзі барып тұрған дию болды ғой, сіздердің жас беарндықтарыңыз, менің марқұм әкем тап осындай шақта мың шайтан атсын деуші еді. Мұндай қақтығыс - соқтығыста талай қамзолды жыртып, талай шпаганы сындыру оп-оңай. Ал, гаскондар баяғы күніндегідей кедей шығар, солай емес пе?
— Ұлы ағзам, — деді де Тревиль, — бұлардың тауларынан әзірге саф алтын табыла қоймағанын мойындауым керек, бірақ сіздің марқұм әкеңіздің тәж-таққа ие болу жолындағы күресін қызу қолдағаны үшін, құдай тағалам керемет құдіретімен, бұларды бір жарылқап тастаса артық болмас еді.
— Бұдан шығатын қорытынды, егер менің өз әкемнің перзенті екенім шын болса, гаскондар мені де король еткені ғой, солай емес пе, Тревиль? Ендеше, бұл жігітке он сапар тілейік, өзі маған ұнайды... Ла Шене, қазір барыңыз да, менің күллі қалталарымды ақтарып көріңізші — қырық шақты пистоль табылмас па екен, егер табыла қалса, оны осында маған әкелерсіз. Ал, әзірше, болған оқиғаны асырмай да жасырмай, айна-қатесіз айтып беріңіз.
Д'Артаньян кешегі оқиғаны сабақты жіпке тізгендей етіп, тәптіштеп айтып берді: ұлы ағзамды көретініне қуанып, өзінің түні бойы ұйықтай алмай, қабылдауға үш сағат қалғанда достарына барғанын, сосын төртеуі бірігіп шарапханаға беттегенін, ал, оның доп бетіме тиіп кетпесін деп сақтанып тұрғанын байқап, Бернажудің мұны көптің көзінше мазақ қылып күлгенін, сол тәлкегі үшін өмірмен қоштаса жаздағанын, бұл іске тіпті үш қайнаса сорпасы қосылмайтын де Ла Тремуль мырзаның екі ортада үйінен айрылып қала жаздағанын келістіріп баяндап өтті.
— Хош! Герцог те маған тап осы жәйтті айтқан!.. Байғұс кардинал! Екі күнде жеті адамынан айрылу және жанына жақын адамдарынан айрылу оңай емес!.. Енді жетеді, мырзалар, естіп тұрсыздар ма? Жетеді! Сіздер Феру көшесінің есесін қайтардыңыздар, тіпті асырып та жібердіңіздер. Осыны қанағат тұтыңыз.
— Егер ұлы ағзам қанағат тұтса, біз де қанағат тұтамыз, — деді де Тревиль.
— Иә, қанағат, — деді король, сосын Ла Шененің қолынан бір уыс алтын теңгені алып, д'Артаньянның қолына құйды. — Менің ризалығымның дәлелі осы болсын, — деді ол тағы да.
Ол заманда тәкаппарлықтың біздің кезге тән түсінігі жұртқа мүлде би мәлім еді. Дворянин арланып - қорланбай-ақ, корольдің өз қолынан ақшаны ала беретін. Сол себепті де д'Артаньян қысылып-қымтырылмастан алған қырық пистолін қалтасына салып, ұлы ағзамға асқан ізетпен адал алғысын білдірді.
— Ендеше жақсы болды, — деді король, қабырғадағы сағатқа қарап, — жақсы-ақ. Қазір уақыт сегіз жарым, енді сіздер жүре беріңіздер. Тоғызда біреу келеді деп айтып ем ғой. Шексіз берілгендігіңіз үшін сіздерге шын көңілден алғыс айтам, мырзалар. Бұдан былай да сіздерге сене беруіме болады ғой, солай емес пе?
— Ұлы ағзам, — деді төрт достың төртеуі бірдей дауыстап, — короліміз үшін біз өзімізді кескілеп шауып тастаса да, ештеңеден тайынбаймыз.
— Жарайды, жарайды! Кескіленбей-ақ қойғандарыңыз жақсы. Сонда маған да оңды болады, әрі пайдаңыз да тиеді...— Тревиль, — деді король бәсең үнмен, жас жігіттер шығып бара жатқанда, — полкіңізде бос орын жоқ болғандықтан және оның үстіне сыннан өткізбей тұрып, полкке ешкімді қабылдамаймыз деп шешім қабылдағандықтан, мына бозбаланы күйеуіңіз Дезэссар мырзаның гвардиялық ротасына қабылдаңыз... Ах, шайтан алсын, кардинал мырзаның мұны естігенде бір тыржың ететінін ойлап, күн ілгері қуанып тұрғаным! Ол, әрине, жатып ашуланады, мейлі, маған бәрібір. Әділдіктен тайғаным жоқ қой, әйтеуір.
Король қолымен ишарат етіп, де Тревильді жөніне жіберді, ол мушкетерлерінің соңынан кетті. Бұл келсе, олар д'Артаньян алған қырық пистольді бөлісіп жатыр екен.
Король айтқандай-ақ кардинал шынында да қатты ашуланып, бір жеті бойы кешкілік шахмат ойнауға келмей қойды. Бұған қарамастан король онымен көріскен сайын жадырай күлімсіреп, сыпайы үнмен:
— Кардинал мырза, әлгі бір адал күзетшілеріңіз, Бернажу мен Жюссак байғұстардың хал-ахуалы қалай? — деп сұрауды ұмытпай жүрді.
VII
МУШКЕТЕРЛЕР ӨЗ ҮЙ — ӨЛЕҢ ТӨСЕГІНДЕ
Луврдан шыққаннан кейін д'Артаньян достарынан қырық пистольдің өзіне тиген үлесін қалай жұмсасам екен деп ақыл сұрағанда Атос: «Қарағай жаңғағына» барып жақсы түскі асқа заказ бер, — деді. Портос: «Дәйекші жалда», ал, Арамис: «Ажарлы бір көңілдес әйел тауып ал», — деп кеңес берді.
Түскі астан сол күні берілді, жаңа дәйекші дастарқан маңында қолды-аяққа тұрмай ызғып жүрді. Түстікке Атос заказ берді іс, малайды Портос тапты. Ол пикардиялық жігіт еді. Оны жайсаң мушкетеріміз сол күнгі түскі астын құрметіне жалдап алған. Ол бұл қуды Ла Турнель көпірінің үстінен кездестіреді, Планше — дәйекшіні осылай деп атайтын — сол арада суға түкіріп, одан жыбырлай тараған білезік толқындарға қарап тұр екен. Портос оның осындай іспен айналысып тұрғаны — әр нәрсені аңғарып, ақылмен қорытуға қабілетінің бар болғаны деп ойлап, істің қалған жөн-жосығына бара бермей, оны өзімен бірге ертіп ала жөнеледі. Енді осыған қызметке тұратын шығармын деп дворяниннің маңғаз кейпіне разы болып келе жатқан Планше, ол орынды Мушкетон деген әріптесі алып қойғанын білгенде кәдімгідей жасып қалады. Портос оған өз үйінің дәулеті қанша ағылып - төгіліп жатса да, оны бір-ақ қызметші жайғастыратынын, сол себепті де, Планшенің д'Артаньянға дәйекші болып баратынын түсіндіреді. Кейін өз қожасы жасап жатқан тойға қызмет етіп жүргенде, ол мырзасының есептесіп жатып қалтасынан бір уыс алтын теңгені суырып алғанын көріп, осындай қалталы бекзатқа жолықтырған құдайға мың алғыс айтты. Түскі ас біткенше оның көңілі тоқ жүрді, көптен ішер асқа жарымай жүрген байғұс, дастарқанда қалған тағамға тыңқиып тойып алды. Бірақ түнде қожасының төсегін саларда оның тәтті қиялы сейіліп кеткен еді. Жатын бөлме мен кірмеліктен тұратын күллі пәтерде бір-ақ керует бар екен. Планше д'Артаньянның кереуетінен көрпесін сыпырып алып, астына төсеп кірмелікке қисая кетті, содан былай қарай қожасы жамылғысыз ұйықтайтын болды.
Атостың да дәйекшісі бар-ды, қожасы оны мүлде өзгеше баулыған болатын. Оның есімі Гримо еді. Осынау парасатты мырза — біз, әрине, Атосты айтып отырмыз — нағыз үндеместің өзі. Бес-алты жылдан бері ол — Портоспен, Арамиспен жұбын жазбайтын дос. Осы уақыт ішінде достары оның жымиып езу тартқаны болмаса, жадырап күлгенін көрген емес. Ол сөзді дәлме-дәл қысқа сөйлеп, шолақ қайырады, не айтқысы келсе, соны ғана айтады; бір ауыз артық сөз болмайды, бірдеңені әсемдеп, әсірелеп, боямалап айту дегенді білмейді. Ол мәселенің тоқ етер түйінін ғана жеткізеді, оны сипаттап әуре болмайды.
Атостың өзі отыздың беделіндегі, жаны да ары да тап-таза, кескінді де келбетті жігіт болса да, оның көңілі сүйген әйелі болыпты дегенді ешкім естімеген еді. Ол ешқашан әйелдер жөнінен әңгіме қозғамайтын, бірақ басқа кісілердің бұл тақырыпта сөйлеуіне зәредей де кедергі жасамайтын, дегенмен өзі анда-санда бір ащы сөз қосып қалып немесе зілді әзіл айтып отырса да, оның мұндай әңгімені суқаны сүймейтіні бірден байқалушы еді. Ол соншама сабырлы, үндемес болғасын ба, әйтеуір жасамыс шал сияқтанып көрінетін. Сол себепті де, өзінің үйреншікті әдет - ғұрпынан айнығысы келмеген Атос, дәйекшісіне әмірін айтқызбай жүргізетін: Гримо оның ойын ымдаған белгісінен, еріннің емеуріннен түсіне қоятын. Атос дәйекшісімен тек ерекше бір маңызды оқиға болып қалғанда ғана сөйлесетін.
Қожайынын жанындай жақсы көріп, оның ақыл-ойына бас исе де, Атостан өлердей қорқатын Гримо кейде: оның көңіліндегісін тап бастым ғой деп бір істі тындырып тастайды, бірақ қожасының ойы мүлде басқаша болып шығады. Сол-ақ екен, Атос иығын бір қушитып қойып, ешбір ашу-ренішсіз Гримоны сабап алады. Мұндай күндері ол жарқылдап біраз әңгіме де айтатын.
Өзімізге мәлім, Атосқа қарағанда Портос мүлде басқа кісі еді: ол тек көп сөйлеп қана қоймайтын, сампылдап қатты сөйлейтін. Бірақ обалына не керек, өз сөзін жұрт тыңдай ма, тыңдамай ма — оған бәрібір болатын. Ол сөйлегеннен кәдімгідей ләззат табады — өз сөзін өзі тыңдағанда рақаттанып, бір жасап қалады. Ғылымнан басқа дүниенің бәрін әңгімесіне азық ететін, оның өз сөзіне жүгінсек, ілімнен ол бала күнінде-ақ біржолата түңілсе керек. Оның кескін-келбеті Атос сияқты айдынды емес-ті, әуелі тыныққан шақтары Атостың артықшылығын сезген Портос, бұған біраз шытынай қалып та жүрді. Дегенмен ол тым болмаса Атостан киім-кешек байлығымен асып түспек болды. Бірақ, лаж қанша, Атос қарапайым мушкетер шекпенін киіп, кеудесін шалқақ ұстап, кербез басып, алға шықты дегенше өзіне лайық орнын алатын еді де, ал қымбат киінген Портос қораштанып елеусіз қалушы еді.
Портос өзін-өзі жұбатып, де Тревиль мырзаның қабылдау бөлмесі мен Луврдың қарауыл үйінің ішін көңілдес әйелдері жайлы дабыра даңғой сөзге қарық қылатын, Атос мұндайға әсте баспайтын. Ен соңғы кездері әйгілі соттардың әйелдерінен даңқы жер жарған әскери кісілердің әйелдеріне, чиновниктің әйелдерінен бароноссаларға көшкен Портос, енді бір шетелдік княгиняның өзіне ғашық болып қалғанын тұспалдап айтатынды шығарып еді.
«Қожасы қандай болса, қызметшісі де сондай» дейді ескі мақал. Сол себепті де енді Атостың дәйекшісінен Портостың дәйекшісіне, Гримодан Мушкетонға көшейік.
Мушкетонның шыққан тегі Нормандия. Оның Бонифации деген жұпыны атын қожасы Мушкетон деген кереметтей әуезді атқа айырбастаған болатын. Ол Портосқа қосшылыққа тұрғанда: «Менің киімім мен тамағым мойныңызда, бірақ екеуі де молынан болсын», — деген шарт қойған. Мұның үстіне ол: «Қажетті кәсіппен айналысу үшін күн сайын екі сағатқа босатасыз, ол өзімнің қалған қажетімді өтеуіме керек», — деп өтініш жасаған. Портос оның бұл шартына көне кетті: өйткені қызметшісінің айтқандары көңілінен шығып еді. Портос өзінің ескі киім-кешегі мен басы артық плащтарынан Мушкетонға бірнеше қамзол піштіріп тіктірді. Мушкетердің ескі-құсқыларын қайта пішіп, қайта тігіп, өңін айналдырып, дәйекшінің қажетіне жаратқан тігіншінің жылпостығы арқасында, қожасының қасына еріп жүрген Мушкетонның түр-пішіні сырт көзге кәдімгідей тұрлаулы көрінетін.
Ал, енді Арамиске келетін болсақ, оның қызметшісінің аты Базен болатын, біз Арамистің мінез-құлқын әп-әсем етіп суреттеп берген сияқтымыз, дегенмен оның өзі мен достарының мінез-құлқының жетілу, өсу - өрбу жолын мұнан былай да көрсете бермекпіз.
Қожайыны алдағы бір кездері діни атақ алудан үміткер болып жүргеннен кейін, дін қызметшісінің дәйекшісі де соған лайық ұдайы қара киініп жүретін. Бұл — отыз бес, қырықтар шамасындағы, момын да сабырлы, жуантық келген бериялық еді. Қожасының рұқсатымен алған бос уақытын ол діни кітаптарды оқуға бағыштайтын, қажет бола қалған кездері тағамның бірнеше түрлерінен аса дәмді түскі ас әзірлейтін. Басқа мәселелерге келгенде ол әрі саңыpay, әрі сақау, әрі соқыр. Бірақ адалдығында шек жоқ-ты.
Біз өзіміздің мырзалармен және олардың дәйекшілерімен ат үсті болса да, танысып шыққаннан кейін, енді олардың тұрған үйін жеке-жеке суреттеп көрелік.
Атос Люксембургтен қол созым жерде, Феру көшесінде тұратын. Ол мұнтаздай жиналған шағын екі бөлмені, уылжыған жас болмаса да, әлі хаса сұлу саналатын бір әйелден жалға алған, мушкетерге қылмаң қағып қанша телміре қараса да, ол әлі еш нәтиже шығара алмай жүр. Бір кездегі мол бақ-дәулеттің қалдығы осы бір жұпыны пәтердің о жер, бұ жерінен қара көрсетіп қалар еді, мәселенки, шын шебердің қолынан шыққан, Франциск 1-ші дәуірінен қалған шпаганы алайық, оның асыл тастармен өрнектелген сабының өзі екі жүз пистольден кем тұрмайды. Бірақ Атос оны өмірінің ең қиын кездерінің өзінде ақшаға аманатқа қалдыруға немесе сатуға ырзалығын берген емес. Портос осы шпагага көп уақыт қызығып, жүрді. Ол осы қаруға ие болу үшін өмірінің он жылын аямай бере салар еді.
Бір күні әлдеқайдағы бір герцогинямен дидарласуға барарда Портос оны Атостан уақытша алмақ болады. Атос күллі қалтасын ақтарып, бағалы нәрселерінің бәрін: әмияндарын, доғалары мен алтын шынжырларын алып, досына ұсынады. Ал, шпаганы алатын болсақ, дейді ол, бұл қару қабырғаға қадаулы тұр, оның иесі осы хұжырадан кеткенде, ол да кетеді. Мұнда шпагадан басқа өзгеше сән-салтанатпен киінген, омырауында Қасиетті Рух ордені бар, Генрих ІІІ-ші заманындағы бір асыл текті бекзаттың портреті кісі назарын аударар еді. Бұл портреттің Атосқа біраз ұқсастығы, сол әулетке тән дерлік жалпы бір белгілері бар-ды, соған қарап осынау король ордендерін алған бекзатты Атостың арғы аталарының бірі деуге болатын еді.
Осынын бәрін жинақтай келгенде, шпага мен портреттегідей герб қойылған, зергерлік өнердің ғажайып бір үлгісі дерлік қобдишаны айтпай кетуге болмайды. Ол аса нәзік ою-өрнектерімен пеш үстіне қойылған заттардың бәрінен ерекше көзге түсер еді. Бұл қобдишаның кілтін Атос ұдайы қалтасынан тастамайтын. Бірде Атос оны Портостың көзінше ашқан, сонда Портос оның ішінде хаттар мен қағаздардан басқа ештеңе жоғына көзі жеткен, ол шамасы, ғашықтық хаттары мен үй ішінің архиві болса керек-ті.
Портос Ескі кептер ұясы көшесінде, сыртынан қарағанда аса бай көрінетін бір үлкен пәтерді мекендейтін. Әр кезде көңілдес серіктерінің біреуімен өз терезелерінің қасынан өтіп бара жатып, Портос басын шалқайтып, қолын шошайтып: «Менің тұрағым осы», — дейтін, әдетте, тап со мезетте әлгі терезелердің біреуінің алдында малай ливрейін киген Мушкетон тұратын. Бірақ қожайын ешқашанда үйінен таптырмайтын, өзі ешқашанда ешкімді үйіне шақырып көрген емес, содан ба қалай, әйтеуір, құдайдың тірі жаны осынау әсем үйдің ішінде қандай байлық жасырынып жатқанын әсте білмейтін еді.
Енді Арамиске келетін болсақ, ол қонақжайы, асхана мен жатын бөлмесі бар шағын пәтерді иемденген еді. Басқа бөлмелері сияқты, мұның жатын бөлмесі де бірінші қабатта еді, оның терезесі аядай ғана жап-жасыл саялы баққа қарайтын, ағаштың қою өскен жапырағы терезені ынтық кездерден тасалап тұратын.
Д'Артаньянның мекен-жайы бізге әуелден мәлім және оның қызметшісі Планшемен біз ілгеріде танысқанбыз.
Табиғатынан айлакер, қушыкеш болып жаратылған кісілер сияқты, д'Артаньян да тумысынан білмекке құмар, зерек жан болатын. Ол Атостың, Портос пен Арамистің шын мәнінде кім екенін білу үшін бар ақыл ойын жұмсап бақты. Өйткені осынау лақап атпен олар өздерінің ақсүйектік есімдерін жасырып жүрген-ді, мәселенки, Атостың нағыз бекзат екенін бір шақырымнан байқауға болар еді. Ол Атос пен Арамис жөнінен бір мәлімет аламын ба деп Портоспен, ал, Портостың кім екенін білу үшін Арамиспен сөйлесті.
Бірақ, өкінішке қарай, Портос өзінің үндемес жолдасы жөнінен жұрт аузындағы сыбыстан басқа ештеңені білмейтін болып шықты. Махаббаттың әлегінен ол кезінде қатты қасірет шегіпті, әлдекімнің опасыздығынан осы бір асыл азамат айықпас қайғыға ұшырапты деседі жұрт. Бірақ сол опасыздықтың мән-жайын ешкім де білмейді.
Ал, Портосты сөз етсек, оның шын атынан басқа, күллі өмірін білу онша қиын емес-ті, оның екі жолдасы мен өзінің шын аты тек де Тревиль мырзаға ғана мәлім еді. Атаққұмар да сөзуар, даңғой Портoc, кристалл сияқты ар жағы көрінетін, ақ көңіл жанды. Тек оның мақтанып айтқан лепірме сөздеріне сенген кісі ғана жігіттің кім екенін білмей, жаңылыс басар еді.
Сырт көзге өзгеден сыр жасырмайтын аңқау сияқты болып көрінсе де, Арамистен өткен қытымыр, тылсым жан жоқ-ты. Өзгелерге қатысы бар сұрауларға әрбір сөзін санап, сараң жауап беретін ол әңгіме өзі жөнінде бола қалса, жұртты тіпті маңайлатпай қояды. Д'Артаньян бір күні ұзақ уақыт қадала сұрап, Арамистен өздерінің ортақ досы Портостың бір герцогиняны айналдырғаны жайлы лақаптың рас - өтірігін анықтап алғаннан кейін, ол енді өзі әңгімелесіп отырған досының махаббат хикаяларын білмек болған-ды.
— Өзге кісілердің баронессалармен, графиня, герцогинялармен көңілдестігі жайлы құлшына сөйлейтін сүйікті досым-ау, енді өзіңіздің, мына хикаяңызды айтсаңызшы?..— деген.
— Кешіріңіз, — деді Арамис оны тоқтатып. — Мен бұл жәйттерді Портостың өзі айтқасын айтып отырмын, осы бір әп-әсем оқиғаларды менің көзімше жұртқа жария еткен соның өзі. Сүйікті мырзам, д'Артаньян, егер де мен оны басқа біреудің аузынан естісем немесе осы жәйтті оның өзі маған сыр қылып айтса, имандай шыным, менен өткен аузына берік сопыны таба алмас едіңіз.
— Мен бұған тіпті де шүбәланбаймын, — деді д'Артаньян, — бірақ мені сізбенен танысу құрметіне жеткізген әне бір кестелі орамалдағы гербтер өзіңізге сыралғы дүние сияқты көрініп еді.
Арамис бұл жолы ашуланбады, тек мүләйім кейіппен еркелете тіл қатты:
— Сүйікті досым-ау, мен күндердің бір күнінде шіркеуге кетем бе деп жүрген пендемін, ендеше дүнияуи сауық-сайранмен көңіл көтеруден аулақ жүретінім рас. Өзіңіз көрген орамал маған арналған сый емес-ті, менің бір досым оны біздің үйге ұмытып тастап кетіпті. Ана екеуін — жігіт пен оның ашынасын өсекке олжа қылмас үшін мен орамалды дереу жаныма тыға салдым... Өз басым иіл біздің Атостың кемеңгер үлгісін қостап, біреумен көңілдес болу дегенді білген де емеспін, білгім де келмейді, Атос сияқты менің де жаным қалаған көңілдес әйелім жоқ.
— Шайтан атсын, сіз аббат емес, мушкетерсіз ғой!
— Уақытша ғана мушкетермін, қымбаттым. Кардинал айтқандай, еркімнен тыс мушкетермін. Маған сенсеңіз, өз басым жан жүрегіммен шіркеу қызметшісімін. Әйтеуір бос жүрмесін деп мені осы іске әкеп теліген Атос пен Портос қой. Тап сол, шіркеуге қол тапсырам деп жүрген кездері, бір кісімен болмашы бір ыңғайсыз іске ұрынып қалғаным... Қой, мұны айтудың сізге қажеті де аз, алтын уақытыңызды алмай-ақ қояйын.
— Тіпті де олай емес, бұл сөзіңізге мен қатты құмартып отырмын, — деді д'Артаньян дауыстап, — Және тап қазір не істерімді білмей, зерігіп отырған адаммын.
— Иә, бірақ менің дұға қайыратын уақытым болып қалды, — деді Арамис, — содан кейін д'Эгильон ханым өтінген бір өлеңді құрастыруым керек. Сосын Сент-Оноре көшесіне соғып, де Шевреа ханымға далап сатып алуға тиіспін. Өзіңіз көріп отырсыз, қымбаттым, сіз асықпағанмен, менің асығатын жөнім бар.
Сонымен Арамис жас досына көңілдене қолын беріп, қоштасып кетіп қалды.
Д'Артаньян қанша тырысып баққанымен, өзінің жаңа достары жөнінде ешқандай қосымша дерек таба алмады. Олардың өткен өмірі жайлы ол қазіргі әңгімелерге сенбекші болды, болашақта бұлар туралы егжей-тегжейлі дәйекті мәліметтерді білермін деп ойлады жас жігіт. Әзірге Атос оған Ахилл, Портос — Аякс, Арамис — Иосиф болып көрінді.
Жалпы алғанда, жас жігіттер көңілді тірлік кешіп жатты. Атос құмар ойнайды да, ұдайы ұтылып қалады. Өз әмиянын достарына ұдайы ашып тұрса да, Атос бұлардан өмірде бір су да (тиын де) қарыз алмайды. Егер ол ауызша серт беріп, ойнаса, ертеңіне таң сәріден — сағат алтыдан қарызын қайтару үшін, дәйекшісін жіберіп, ақша берген кісіні оятады.
Портос картаны сирек ойнайды. Ұтқан күндері өжет те ер көңіл болып, делебесі қозып жүреді. Ал, егер ұтылып қалса, бірнеше күн бойы ұшты-күйлі жоғалып кетеді, содан кейін жағы суалып, аппақ болып қайтып келеді, бірақ қалтасы құр қайтпайды әйтеуір.
Арамис ешқашанда құмар ойнамайтын. Бұлардың ішіндегі ең берекесіз мушкетер де, дастарқан басында отырғанда ең көңілсіз мейман да осы Арамис болатын. Ол әманда тығыз ісім бар еді деп кетіп қалатын. Бағзы бір кездері, той-томалақ енді-енді жанданып, әңгіме қызығына, шарап қызуына бөккен жігіттер стол қасында әлі бір-екі, тіпті үш сағаттай отырамыз ғой деп көңілдері қош-уақ болған шақта, Арамис сағатына көз қиығын тастап, орнынан тұратын еді де, дос-жарандарымен жайдары жымия қоштасатын, сонда бір оқымысты ғұламамен кездесуге уәде байласқан едім, дейтін. Енді бір сәттері ол діни диссертациясын жазу үшін үйіне жетуге асығатын да, дос-жарандарынан мені алаң етпеңіздер деп өтінетін.
Сондай кездері парасатты жүзі шырайланып, Атос өзінің сиқырлы әсем күлкісімен езу тартып қала беретін, ал, Портос шарапты тартып-тартып жіберіп: осы Арамистен ең мықтағанда деревняның дүмше священнигі шығады деп ант-су ішетін.
Д'Артаньянның дәйекшісі Планше, тағдырдың басына берген бақытына шүкіршілік етіп жүре берді. Ол күніне отыз су жалақы алады, бір ай бойы үйіне тұз құсындай еркін, көңілді қайтып жүрді, қожасының бір айтқанын екі қылмай лыпылдап тұрды. Ал, көр қазушылар көшесіндегі пәтер үстін бұлт торлай бастаған кезде, яғни басқа сөзбен айтқанда, король Людовик ХІІІ-нің қырық пистолінен көк тиын қалмай таусылған кезде, Планше көлденең көк аттыға шағынатын бір жылайман мінез тапты: Атос оның мұнысын жүрен айнитын қылық, Портос — әдепсіздік, Арамис — кісі күлетін қыңқыл деп атады. Атос д'Артаньянға бұл алаяқты қуалап жібер деce, Портос жақсылап бір шықпыртып ал, деп кеңес берді: ал, Арамис болса, мырзасы қызметшінің аузынан өзі туралы жақсы сөзден басқа ештеңені естімеуі керек, — деп бір-ақ кесті.
— Бұл айтуға ғана оңай, — деді д'Артаньян, — Сіз, Атос, Гримо екеуіңіз тіл қатыспай-ақ тұра бересіз, өйткені оның ләм деп аузын аштырмайсыз, одан ешқашанда, ешбір жаман сөз естімейтініңіз содан; сіз, Портос, байлыққа малынып жатқасын, Мушкетоныңыз сізді құдайдай көреді; ең ақырында, Арамис, сізге айтайын дегенім, ұдайы құдайға құлшылық етіп, дұға қайырып жүргесін, қызметшіңіз — қой аузынан шөп алмайтын момын, діндар Базен сізді әулие санап қатты құрметтейді. Ал, табан тірер топырағы, күнелтер қаржы-қаражаты жоқ, әлі де не мушкетер, не гвардияшы санатына қосылмаған — мен байғұс, осы қалпыммен Планшеге мені сыйла, жақсы көр, деп қалай ғана айта аламын, оны қалай ғана қорқыта аламын?
— Маңызды мәселе, — деді үш дос біраз ойланып. —Бірақ Пул — үй ішінің, жеке бастың шаруасы. Әйелдер сияқты, қызметшілерді де, өзіңіз лайықты деп санаған жерге қоя білу керек. Осыны оңаша бір ойлап көріңізші.
Д'Артаньян біраз ойланып-толғанғаннан кейін, Планшені мықтап бір сабап алғанды жөн көрді, сол-ақ екен, ол әр іске қандай ықтиятты болса, бұл істі де сондай ықтиятпен атқарып шықты. Жігітіміз қызметшісін келістіріп тұрып бір сабағаннан кейін, Планшеге менің рұқсатымсыз үйді де, қызметті де тастамайсың, деп қатты ренжітіп қойды.
— Есіңде болсын, — деді д'Артаньян оған, — мен келешектен үмітім зор адаммын. Егер сен менімен бірге қалсаң, әлі талай-талай қарсылықты көресің, тағдыр-талайына ренжімейтін боласың. Мен сенің өз өміріңді рәсуа етуіңе жол беріп қарап тұратын кісің емеспін, мен — қайырымды мырзаңмын, сол себепті де, қанша сұрансаң да, енді сені әсте босатпаймын.
Д'Артаньянның осы бір іс-әрекетінен кейін мушкетерлер оның елшілік қабілетін қатты құрметтейтін болды. Тіпті, Планшенің өзі бұған шын көңілден разы болып, кетемін деп қыңқылдағанын қойды.
Жас жігіттер бірте-бірте бәрі бірігіп, ортақ тірлік кешуге қарай ойысты. Алыс түкпірден алғаш рет келген д'Артаньян әлі қала дағдысына үйренген жоқ еді, ол мұнда келісімен мүлде жаңа тірлікке бойлап кетті де, қасындағы дос-жарандарының әдет-ғұрпына бейімделіп алды.
Олар қыста — сағат сегізде, жазда — таңғы алтыда тұрып, де Тревиль мырзаға келіп парольді білетін, содан кейін со төңіректегі оны хабарларды естуге тырысатын. Д'Артаньян мушкетер болмаса да, қызметте ұятқа қалғысы келмеді. Ол ұдайы қарауылға тұрады, өйткені достарының қайсысы күзетке шықса, соған серік болады. Оны мушкетер казармасындағылар жақсы білетін және бәрі де сенімді жолдас деп санайтын. Бір көргеннен-ақ шын көңілден ұнатып, қадір-қасиетін байқап қалған де Тревиль мырза, корольді көрген сайын д'Артаньянды бір мақтап қоюды ұмытпайды.
Үш мушкетердің үшеуі де жас жолдасын жанындай жақсы көреді. Осы төртеуінің басын қосқан достық сезімі, бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын ынта ықыласы әр түрлі жайттан көрінеді. Кейде бір жекпе-жек сайысты немесе көңіл көтеретін сауық-сайранды, әлде бір зәру істі желеу етіп, күні бойы бірін-бірі іздейді де жүреді. Шығарда жаны ғана басқа осынау айрылмас төртеуді Люксембургтен Сень-Сюльпис алаңына дейін немесе Ескі кептер ұясы көшесінен Люксембургке дейін бірін-бірі сұрап, сабылып жүргенін көруге болар еді.
Сол кездері де Тревиль мырзаның уәдесі де бірте-бірте орындала бастады. Күндердің бір күнінде король Дезэссар мырзаға өзінің гвардиялық ротасында д'Артаньянды қабылдау жөнінде жарлық берді. Д' Артаньян бір күрсініп гвардияшы мундирін киді: қайтсін-ай, еркінде болса, ол мына мундирді мушкетердің плащына айырбастау үшін қиналмай-ақ он жыл әмірін қия салар еді. Де Тревиль мырза мұндай жақсылықты оған екі жылдық сыннан өткеннен кейін жасамақ болды, бірақ д'Артаньян сәті түсіп, корольге бір қызмет көрсетсе немесе басқа бір жолмен елден ерек көзге түссе — бұл мерзім қысқаруға тиіс еді. Осы уәдені көңіліне медеу тұтқан д'Артаньян соның ертеңіне тиісті қызметін атқаруға кірісті.
Енді д'Артаньян қарауылға шықса, оңымен бірге Атос, Портос пен Арамис баратын болды. Сонымен д'Артаньян қызметке кіріскен күні Дезэссар мырзаның ротасы бір адамды емес, төрт адамды тұтас қабылдады.
VIII
САРАЙ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ АЙЛА ШАРҒЫ
Бұл фәниде басталған нәрсе бітпей қоймайды ғой, король Людовик ХІІІ-нің қырық пистолі де ол кезде әбден таусылған еді. Содан бастап төрт батырдың басына қиын күндер келіп орнады. Әуелгі кезде бұларды Атос өз қаражатымен асырап жүрді. Сосын оның орнын Портос басты, әбден бойға сіңген әдеті бойынша, ол тағы бір рет жоғалып кетті де, қайтып келіп, бәрінің ішіп-жемін екі аптадай өз мойнына алды. Ақырында кезек Арамиске де жетті, оның сөзіне сенсек, қалған-құтқан діни кітаптарын сатып, бірнеше пистоль тауып алыпты.
Содан кейін ежелгі әдеті бойынша, олар де Тревиль мырзаның көмегіне жүгінді, ол жалақы есебінен бұларға аз ғана ақша берді. Бірақ шаш-етектен қарызданып жүрген үш мушкетерге, әлі қарыздана қоймаған гвардияшыға бұл ақша қайдан жетсін.
Ақырында, ұзамай жанға қорек болатын, ең қажетті нәрсенің өзі болмай қалады-ау деген кезде, бәрі жиналып әзер-мәзер он такты пистоль тауып еді, Портос соларды қағып алып, құмар ойыннан бағын бір сынап көрмекке аттанды. Бірақ байғұстың ол күні жолы болмады: қолындағысын түгелдей және оның үстіне өлердегі сөзін айтып қарызға алған жиырма пистольді қоса ұтқызды.
Сол-ақ екен, онсыз да тарығып жүрген сабаздар нағыз жоқшылықпен жүзбе-жүз жолығысып қалды. Бұл күндері дос-жарандарының біреуі болмаса біреуі ықыласы түсіп тамақтандырар деген үмітпен, дәйекшілерін ертіп көшелер мен кордегардияларды кезіп жүрген аш мушкетерлерді кездестіруге болатын еді. Арамистің сөзімен айтқанда, басына күн түскенде, аз да болса жүрек жалғау үшін, тоқ күнінде дастарқанды жинамаған жөн екен.
Атос қонаққа төрт мәрте шақырылғанда, соның бәріне де достары мен олардың қызметшілерін ертіп апарды. Портос алты рет шақырылғанда, дос-жарандарын бірге ерте жүруді ұмытпады. Арамис бәрінен асып, қонаққа сегіз рет шақырылды. Бұл жігіт үндемей жүріп, көп нәрсені тындырушы еді, мұны байқаған боларсыздар.
Астанадан әлі таныс таба қоймаған д'Артаньянға келетін болсақ, ол тек бір-ақ рет Гасконнан шыққан священниктің үйіне таңғы асқа, шоколад ішуге, тағы бір рет гвардия корнетінің үйіне қонаққа шақырылды. Әлбетте, ол өзімен бірге священниктікіне осы армиясын ертіп келіп, байғұстың екі айлық қорегін сыпыра-сиыра жеп кетті, ал, корнет болса бұларға өмірде жасамаған жомарттығын жасады. Бірақ, Планше айтқандай, қанша тойсаң да, бір-ақ рет тамақтанасың ғой.
Атостың, Портос пен Арамистің тойдағыдай ағыл-тегіл ауқаттандырғаны үшін тек бір жарым ғана түстік ас тапқанына д'Артаньян кәдімгідей қысылып қалды — өйткені священниктің таңғы асы түстік астың жартысына ғана татиды ғой. Күллі достарын туғанын бір ай бойы асырағаны аңқау да албырт жастың есінен шығып кетіп, енді қалғандарына масыл болармын деп қорықты. Ол дереу бар жай-жағдаятты ақыл таразысына салып, жан ұшырып ойлана бастады. Ол ержүректі, алғыр да айлакер төрт жігіт одақтасқанда шала қызып, серуен құрғаннан гөрі, сайыс өнеріне жаттығып, әр алуан ойын-оспаққа берілгеннен гөрі алдына басқа бір мақсат қойғаны дұрыс болар еді деген қорытындыға келді.
Шынында да, өздері сияқты төрт жігіт, бір-біріне ақша-қаражаты ғана емес, өмірін де қиюға әзір тұрған, әрқашанда бірін-бірін демеп-жебейтін, ештеңеден де тайынбай, бәрі бірігіп қабылдаған әрбір шешімді жеке немесе бәрі қауымдасып іске асыратын төрт ноян, кез келген дұшпанға жеке немесе бірігіп айбар-айбат көрсететін тоқпақтай төрт жұдырық — ашық па, әлде жасырын ба, төте жолмен бе, әлде бұру жолмен бе, қулықпен бе, әлде күш-қуат пен бе, әйтеуір, бір нысаналы мақсатқа ол қанша қашық болса да, қырық қамалмен қоршаулы тұрса да — жетуі керек еді.
Ол осылай ойланып-толғанып, сол мақсатқа әлгі төрт есе көбейетін құдіретті күшті апаратын жол-жобаны қарастырып басы қатып отырған және сол күштің көмегімен Архимедтің рычагіне сүйенгендей-ақ, дүниені төңкеріп тастауға болар еді деп ойлай бергені сол еді (бұл оған тіпті де шүбәланбайды) — кенет есікті әлдекімнің абайлап қаққан дыбысын есітті. Д'Артаньян Планшені оятып, есікті аш деп әмір етті.
Бірақ біздің оқушыларымыз «Планшені оятты» деген сөзден түп болып қалған екен немесе таң әлі атпаған екен деп ойлап қалып жүрмесін. Әрине, ондай ештеңе де болған жоқ-ты. Сағат әлгіде ғана төртті соққан. Осыдан екі сағат бұрын Планше мырзасына келіп, түскі ас сұраған, сонда ол қызметшісіне: «Ұйықтағанның — қарны тоқ» деп мақалдап жауап берген. Сонымен Планше тамақ орнына ұйқыға бас қойған еді.
Планше бөлмеге, қала тұрғыны ма, қайдам, әйтеуір, жұпыны киінген біреуді ертіп кіргізген еді.
Планше тәтті астан да гөрі сөздің не жайлы болатынын білгісі келіп еді, бірақ әлгі кісі д'Артаньянмен аса құпия маңызды бір іс жөнінен сөйлескісі келетінін айтты.
Д'Артаньян Планшені шығарып жіберіп, мейманның отыруын сұрады.
Екеуі де үндемей қалды. Әуелі бірін-бірі біліп алғысы келгендей-ак, қожайын мен қонақ көзімен аңдысып отыр. Ақырында зейінім сізде дегендейін, д'Артаньян жайымен иіліп ишарат жасады.
— Маған таныстарым д'Артаньян мырза аса батыл, жүрек жұтқан жігіт деп айтқан еді, — деді әлгі кісі. — Мына өзіңізді сол атаққа лайықты ер-азамат деп білгендіктен де, сізге құпия сырымды ашпақ болып келдім.
— Сөйлеңіз, мырза, сөйлеңіз, — деді д'Артаньян, осы істен бір пайда түсетінін іштей сезіп.
Келген кісі бір сәт үндемей қалды да, сосын сөзін жалғай берді:
— Сударь, менің әйелім королеваның кастельяншасы болып істейді. Ол өзі ақылды да сұлу әйел. Мені оған осыдан үш жылдай бұрын үйлендірген. Оның жасауы қораштау болса да, королеваның аға камердинері де Ла Порт мырза оның кіндік әкесі және әл-қадарынша оны демеп-жебеп жүреді...
— Сосын, мырза, сосын не болды?
— Сосын ба...— деді келген кісі, — сосын, кеше ертеңгілік қоймалықтан шығып келе жатқанда менің әйелімді ұрлап әкетті.
— Сонда оны ұрлаған кім?
— Әрине, мен ештеңені де тап басып, дәл айта алмаймын, бірақ өз басым бір адамнан қатты күдіктенемін.
— Кімнен күдіктенесіз?
— Қыр соңынан қалмай жүрген бір сұмнан күдіктенемін.
— Шайтан атсын!
— Бірақ, сударь, менің ойымша, осы істе махаббаттан гөрі саясат басым ба деп қорқам.
— Махаббаттан гөрі саясат басым... дейсіз бе, — деді д'Артаньян ойланып. — Нендей жорамалыңыз бар?
— Көкейдегі болжауымды сізге айта алар ма екенмін, соған көңілім жетіңкіремей тұрғаны...
— Есіңізде болсын, сударь, мен сізден ештеңені де сұрағаным жоқ. Маған келген өзіңіз. Құпия сырыңызды айтпақшы болған да өзіңізсіз. Не істеймін десеңіз де өзіңіз білесіз. Маған ешбір сыр шашпай, қайтып кете беруіңізге де болады.
— Жоқ, сударь, жоқ! Сіз маған ақ ниетті, адал жігіт болып көрінесіз, сол себепті де сізге иманымдай сенемін. Маған осы істің түп-төркіні — менің әйелімнің махаббат мәселелерінде емес, одан әлдеқайда жоғары тұрған бір ханымның махаббат шырғалаңында жатқан сияқты болып көрінеді.
— Хош! Ол — де Буа-Траси ханымның махаббат хикаялары емес пе? — деді д'Артаньян, сарай маңындағы тірлікті жақсы білетін кісі болып көрінгісі келіп.
— Одан жоғарырақ, сударь, әлдеқайда жоғары!
— Д'Эгильон ханымның хикаялары ма?
— Одан да жоғарырақ!
— Де Шеврез ханымның хикаясы ма?
— Жоғарырақ, көп жоғары.
— Сонда сіз...
— Иә, сударь, тап солай, — деді әлгі кісі үрейлене сыбырлап.
— Кіммен?
— Герцог болмағанда кім болушы еді..,
— Герцогпен?..
— Иә, мырза, — деді мейман ерні ғана жыбырлап.
— Сіз соның бәрін қайдан білесіз?
— Ах... Қайдан білесіз дейді ғой!
— Иә, шынында да қайдан білесіз? Маған біржола сенесіз... әйтпесе... өзіңіз білесіз...
— Мен оны сударь, өз әйелімнен, туған әйелімнен білемін.
— Әйеліңіз оны қайдан біледі?
— Де Лa Порт мырзадан. Әйелімнің, королеваның сенімді кісісі де Ла Порттың кіндік қызы екенін әлгіде айтып едім ғой. Хош, сонымен, де Ла Порт мырза менің әйелімді ұлы ханымның қол астына орналастырады, сондағы ойы — королева байғұстың қасында бір сенімді кісі болсын деген, король салқындап кеткен сол бейбақтың кардинал ізіне түсіп қыр соңынан қалмай жүр және өзіне кім көрінген опасыздық жасайды.
— Е, бәсе, жағдай енді-енді айқындалып келеді.
— Осыдан төрт күн бұрын, сударь, әйелім үйге келген — сондағы қызметінің бір шарты бойынша, әйелімнің маған аптасына екі рет келіп-кетуіне рұқсат етілген. Әлгіде ғана өзіңізге айтқанымдай, әйелім мені өлердей жақсы көреді, соңғы бір келгенінде ол маған аса құпия сыр етіп, қазір королеваның қатты тықыршып мазасызданып жүргенін білдірді.
— Рас болса игі еді?
— ...Сіз Сарабанда тарихын білесіз ғой?
— Білгенде қандай! Мен білмегенде кім біледі оны! — деп жауап қатты д'Артаньян, одан түк хабары болмаса да, білетін кісі сияқтанып.
— Ол сезім қазір өшпенділіктен гөрі кекшілдікке айналып кетті.
— Қойыңызшы, рас па?
— Сонымен, королева бірдеңеден секемденіп..,
— Королева неден секем алып жүр?
— Ол: герцог Бекингэмге менің атымнан хат жіберілген сияқты деп секемденіп жүр.
— Королеваның атынан ба?
— Иә, әуелі оны Парижге шақырып алып, келгесін, есебін тауып герцогті бірдеңеге арандатпақ.
— Шайтан атсын!.. Бірақ, сударь, сіздің әйеліңіздің оған қандай қатысы бар?
— Оның королеваға жан-тәнімен берілгені жұрттың бәріне белгілі. Оны, шамасы, әмірші ханшасының қасынан аулағырақ әкеткісі келе ме, әлде, әуелі қатты қорқытып, артынан ұлы ханымның сырын біліп алғысы келе ме, немесе ақшаға қызықтырып, тыңшы жасағысы келе ме — әйтеуір бір мақсаты бар шығар.
— Мүмкін, — деді д'Артаньян. — Бірақ сіз әлгі әйеліңізді ұрлаған адамды білесіз бе?
— Әлгіде айттым ғой: мен со кісіні білетін сияқтымын.
— Аты кім?
— Атын білмеймін. Бірақ оның кардиналға иттен бетер берілген, сүйікті кісісі екенін білемін.
— Сіз оны бұрын-соңды көріп пе едіңіз?
— Иә, әйелім оны бірде сыртынан көрсеткен.
— Кездесе қалғанда бірден біле қоятындай оның өзгеше белгісі жоқ па? Өткір көзді, аппақ тісті, қараторы кісі. Және самайында тыртығы бар.
— Самайында тыртығы бар! — деп д'Артаньян дауыстап жіберді. — Оның үстіне тісі маржандай, өткір көзді, қара шашты, кекірейген қара торы кісі дейді. Бұл — баяғы Менг қаласындағы бейтаныстың тап өзі!
— Менгтегі бейтаныс дедіңіз бе?
— Иә, иә! Бірақ оның бұл іске ешқандай қатысы жоқ. Яғни мен қателесіп кетіппін: бұл істі жеңілдете түсетін болды. Егер сіздің жауыңыз, сұрастыра келе, менің де жауым болып шықса — онда мен екеуміздің де кегімізді қайтарамын, бар болғаны осы. Бірақ мен ол кісіні қайдан табамын?
— О жағын білмеймін.
— Оның қайда тұратынынан хабарыңыз жоқ па?
— Әзәзіл! Әзәзіл! — деді д'Артаньян күбірлеп. — Бұл әлі анық емес. Әйеліңіздің ұрланғанын сізге кім айтты?
— Де Ла Порт мырза.
— Ол кісі сізге қосымша ештеңе айтқан жоқ па?
— Басқа ештеңе білмейтін болуы керек.
— Өзгe жерлерден сұрастырып, бірдеңе білген жоқсыз ба?
— Білдім. Қолыма...
— Ия қолыңызға... не дейсіз?
— Білмеймін... Бәлкім, мұным аңғалдық та шығар..
— Сіз тағы да ескі әуеніңізге бастыңыз. Артық та болса айтайын, енді сізге шегінуге болмайды.
— Шайтан соқсын, шегінейін деп тұрған мен жоқ! — деді мейман, қарғанса ерлігі қайтып оралатын кісідейін. — Бонасьенің ар-намысымен ант етейін..
— Есіміңіз Бонасье ме еді?
— Ия,бұл — менің фамилиям.
— Сонымен, сіз: «Бонасьенің арымен ант етейін»... дедіңіз. Сөзіңізді бұзып жібергеніме кешірім сұраймын. Бірақ мен сіздің атыңызды бір жерден естіген сияқтымын.
— Мүмкін, мырза. Мен осы үйдің қожасымын.
— Ах, солай ма еді? — деді д'Артаньян орнынан сәл көтеріліп ізет көрсетіп, — Осы үйдің қожасы сіз екенсіз ғой?
— Иә, мырза, менмін. Міне үш айдың жүзі болды сіз менің үйімде тұрып жатырсыз және әр түрлі маңызды істермен шұғылданамын деп пәтерақы төлеуді ұмытып кетіп жүрсіз, бірақ мен бір мәрте де сізді мазалағаным жоқ, сол себепті де менің сыпайы сырбаздығымды ескерер деп ойлағанмын...
— О әлбетте! Ол өзі кекірейген бір маңғаз мырза, шашы мойылдай қап-қара.
— Оған сөз бар ма, сөз бар ма, Бонасье мырза! — деді д'Артаньян.
— Сеніңіз, мен сіздің бұл қылығыңызға қатты разымын және өзіңізге болмашы бір пайда тигізе алатын болсам, соны іске асыруды мойнымдағы парызым деп білемін.
— Сізге сенемін, сударь, сізге сенемін! Сізге соны айтайын деп те ойлағанмын. Бонасье арымен ант етейін, мен сізге иманымдай сенемін!
— Ендеше сөзіңізді аяғына дейін айтып шығыңыз. Келген кісі қалтасынан бір парақ қағаз алып, д'Артаньянға ұсына берді.
— Хат қой! — деді жас жігіт дауыстап.
— Бүгін ертеңгісін алдым.
Д'Артаньян оны жазып жіберіп, ымырт үйіріліп бара жатқасын, терезе алдына барды. Мейман оның соңынан ерді.
«Әйеліңізді іздемеңіз, — деп оқыды д'Артаньян — Қажет болмай қалған кезде, оны өзіңізге қайтарып береді. Егер сіз оны іздестірген болсаңыз — өлесіз»
— Міне, мұнда бәрі де анық айтылыпты, — деді д'Артаньян. — Бірақ, қанша айтқанмен, бұл — тек қорқыту ғана.
— Иә, бірақ мен осыдан өлердей қорқамын. Өзім әскери кісі емеспін, сударь және Бастилия дегенде зәре-құтым қалмайды.
— һім-м... Иә, мен де Бастилияны қайбір жақсы көреді дейсіз. Егер әңгіме шпаганы жұмсау жөнінде болса — сөз басқа.
— Осы істе, сударь, сізге қатты сеніп едім.
— Рас па?
— Сізді әрқашанда кереметтей бір ноян мушкетерлердің қасынан көргесін және олардың де Тревиль мырзаның мушкетерлері, демек, кардинал мырзаның дұшпандары екенін білгеннен кейін, мен сіз өзіңіздің достарыңызбен бірге біздің бейшара королеваны қорғайсыз және оған қоса, бір реті келгенде мәртебелі тақсырдың тобығынан бір қағуға кет әрі емессіздер ғой деп ойлап едім.
— Әлбетте.
— Бұдан кейін тағы бір ойлағаным — егер сіз маған пәтерақы төлемей, үш айға қарызданып қалған екенсіз және мен оны сізге айтпаған екенмін...
— Иә-иә, сіз әлгіде ғана осы дәлелді айтқансыз және мен оны әбден орынды талап деп есептеймін.
— Бұдан былайғы уақытта да менің үйімде қанша тұрамын десеңіз де, оны өзіме зор құрмет санап, пәтерақы төлеу жайын сізге айтпаспын деген оймен...
— Тамаша!
— ...мен оған қоса, егер қазір, жұрт ойлағандай емес, әр түрлі себептермен ақшадан қысылып жүрсеңіз, мен сізге елу пистоль ақша ұсынсам деп едім...
— Керемет! Бірақ, Бонасье мырза, сіз сонда бай кісі болдыңыз ба, қалай?
— Дұрысырақ айтқанда, мен орта дәулеттің ғана адамымын. Уақ-түйек заттармен сауда жасап жүріп, жылына екі-үш мың экю пайда түсіретін қор жинаған едім. Мұның үстіне мен әйгілі теңізші Жан Мокенің соңғы сапарына біраз қаржы жұмсаған болатынмын. Енді қалғанын өзіңіз түсінесіз ғой, сударь... япыр-ай, мынау не пәле? — деді Бонасье мырза кенет дауыстап.
— Ол не? — деді д'Артаньян.
— Анда, анда...
— Қайда?
— Көшеге, терезенің қарсы алдындағы подъезге қараңызшы! Плащына оранып бір кісі тұр!
— Бұл — соның тап өзі! — деп д'Артаньян мен Бонасьенің екеуі бірдей дауыстап жіберді, бұлардың екеуі де өздерінің ата жауын танып еді.
— Ә, бәлем, тап осы жолы... — деді д'Артаньян тістеніп, — тап осы жолы менен құтыла алмассың!
Шпагасын жалаңдатып, бөлмеден атып шықты.
Ол басқышта өзіне қарсы келе жатқан Атос, Портоспен соқтығысып қалды. Ол екеуі екі жаққа ығысқанда, д'Артаньян олардың арасынан ағып өте шықты.
— Қайда жүгіріп барасың? — деді мушкетерлер айқайлап мұның соңынан.
— Менгтегі бейтанысты көрдім! — деп дауыстады да, д'Артаниян жүгіріп кетіп қалды.
Д'Артаньян сол бейтаныспен қалай кездескенін, оған таңғажайып бір жолаушы әйелдің келіп қосылғанын және мына кісінің анау әйелге маңызды бір хатты тапсырғанын жолдастарына талай рет айтқан.
Атос: д'Артаньян әкесінің хатын жұртпен жағаласып жүргенде жоғалтып алған деп ойлайтын.
Оның пікірінше, дворянин — д'Артаньянның суреттеуіне қарап белгісіз кісінің дворянин екеніне күмән келтірмейтін — иә, двориянин біреудің хатын ұрлап алу сияқты жиіркенішті іске баспауға тиіс.
Портос бұл оқиғаны әйелдің өз жігітімен немесе жігіттің өз ғашығымен ашыналық кездесуі, ал оған д'Артаньян мен оның сары мәстегі кесірін тигізген деп есептейтін.
Арамис болса, бұл оқиғада тылсым бір сыр жатыр, оны табам деп бас қатырудың қажеті жоқ, деген пікір білдірді.
Сол себепті де олар д'Артаньянның асығыс айта салған бірер сөзінен оның кімді айтқанын бірден біле қойды. Дегенмен, олар д'Артаньян бейтаныс кісіні қуып жетер, немесе одан айрылып қалса қайтып келер деген оймен басқышпен жоғары көтеріле бастады.
Бұлар келіп кіргенде д'Артаньянның бөлмесінде тірі жан жоқ екен: үй иесі пәтершісі мен бейтаныс кісінің арасында туатын жанжалдың зардабынан қауіптеніп және д'Артаньянның мінез-құлқының өзі айтып берген сипатына сүйене отырып, дереу тайып тұруды жөн көрді.
IX
ДАРТАНЬЯННЫҢ МІНЕЗ -ҚҰЛҚЫ АЙҚЫНДАЛА БАСТАДЫ
Атос пен Портос ойлағандай, арада жарты сағат өткеннен кейін д'Артаньян үйіне қайтып келді. Бір сиқырдың күшімен ғайып болған сияқты, бейтаныс кісі тағы да ұстатпай кетіпті. Д'Артаньян шпагасын ұстап, жүгірген күйі таяудағы көшелердің бәрін айналып шығыпты, бірақ іздеген кісісіне ұқсас ешкімді де кездестірмепті. Ақырында ол әуел баста-ақ жасауға тиіс әрекетіне көшеді: бейтаныс кісі сүйеніп тұрған есікті барып қағады. Бірақ ол есікті балғамен он-он екі рет қақса да — іштен ешкім дыбыс бермейді. Әлгі үйдің осы бір тарсыл-гүрсілі есіткен көршілері табалдырыққа шығысып немесе терезелерінен қарасып: күллі есіктері бекітулі бұл үйде алты айдан бері тірі жан тұрмайтынын айтады.
Д'Артаньян көше кезіп, есік қағып жүргенде өз жолдастарының қатарына Арамис те келіп қосылған еді, д'Артаньян қайтып келсе, бәрінің төрт көзі түгел отыр екен.
— Не болды? — десті үш мушкетердің үшеуі де бір дауыспен, қара тер болып, ызаға тұншығып келген д'Артаньянға қарап.
— Не болушы еді! — деді бозбала қалпағын керуеттің үстіне атып жіберіп. — Оның өзі нағыз жын, пері болса керек. Көлеңке сияқты, аруақ, елес сияқты қапелімде жоқ болды.
— Сіз елеске сенесіз бе? — деді Атос Портосқа.
— Мен тек көзіммен көрген нәрсеге ғана сенемін, ал, өз басым өмірде елес атаулыны көрген емеспін, ендеше оған сірә да сенбеймін, — деді Портос.
— Библия бізді аруақтарға сен дейді, — Арамис мүләйім тіл қатты. — Самуилдің аруағы Саулға келіп аян берген ғой, діннің осы сүресіне мен тіпті де шүбә келтіруге болмайды деп санаймын.
— Мейлі ол кім болса ол болсын; адам ба, әлде әзәзіл ме, тірі жан ба, әлде көлеңке ме, қиял ма, әлде шындық па маған бәрібір, тек соның менің сорыма жаратылғаны хақ. Сол соққан қашып кетпегенде мен жүз шақты пистоль, тіпті одан да көбірек ақша табатын едім.
— Қалай, қайтып? — деді Портос пен Арамис екеуі бірдей дауыстап.
Атос әдетінше артық сөз айтқысы келмей, д'Артаньянға сұраулы көзбен бір қарап отыра берді.
— Планше, — деді д'Артаньян, бірдеңе есітем бе деген үмітпен есікті ашып, сығалай берген дәйекшісіне қарап, — төменге түсіп, осы үйдің иесі Бонасье мырзаға барып, бізге Божанси шарабының алты-жеті шынысын беруін өтініңіз. Мен өзге шараптың бәрінен де соны жақсы көремін.
— Мәссаған! — деді Портос дауыстап. — Сіз, шамасы, қожайыныңыздан қанша ақша керек болса, сонша ала беретін болдыңыз ғой?
— Иә, — деді д'Артаньян. — Дәл бүгіннен бастап. Қам жемей-ақ қойыңыздар: егер шарабы нашар болса, біз өзгесін әкелуге жұмсаймыз.
— Алған — жақсы, бірақ салмақ салған жаман! — деді Арамис ақылсымси сөйлеп.
— Д'Артаньян біздің бәрімізден де ақылды деп әманда айтамын, — деді де Атос үйреншікті әдетімен үндемей отырып қалды, д'Артаньян бұған иіліп ишарат етті.
— Дегенмен соны бізге айтсаңызшы? — деді Портос.
— Иә, сол құпияда бізді ортақ етсеңізші, қымбатты досым, — деді Арамис оның сөзін іліп ала жөнеліп. — Онда да егер бұл оқиғаға әйелдің ар-абыройының қатынасы жоқ болса ғана айтыңыз, әйтпесе, сыр шашпағанға не жетсін!
— Абыржымай-ақ қойыңыздар, менің сіздерге айтатын сөзімнен ешкімнің де абыройы төгілмейді.
Сосын ол достарына үй иесімен сөйлескен сөзін түгел айтып осынау қадірменді қала тұрғынының әйелін ұрлаған кісі анада «Еркін Диірменші» мейманханасында менімен шекісіп қалатын бейтаныс болып шықты, деді ол тағы да.
— Жаман іс көрінбейді, — деді Атос, шараптан бір ұрттап, оның жақсы екенін басын бір изеп білдіріп қойды. — Сол бір қайырымды кісіден елу-алпыс пистольді шыжымдап алуға болатын сияқты. Бірақ сол алпыс пистольге бола төрт кісінің басын бәлеге байлағаны қалай болады, соны ойластырып көрелік.
— Бірақ, — деді д'Артаньян дауыстап, — гәп әйел жөнінде болып отырғанын ұмытпаңыздар және ол байғұсты қорқытып... тіпті азаптап та жатқан шығар, соның бәрі өз әміршісіне адал болғаны үшін ғана жасалып жатыр ғой.
— Байқаңыз, д'Артаньян, абай болыңыз! — деді Арамис. — Меніңше, сіз Бонасье бикенің тағдырына елігіп, елтіп бара жатқан сияқтысыз. Әйел дегеніңіз біздің сорымызға бола жаратылған және бәле-жаланың бәрі бізге әйелден келеді.
Арамис осы сөздерді айтқан кезде Атос ернін бір тістеп, тұнжырап сала берді.
— Мен Бонасье бикенің қамын ойлап отырғаным жоқ, — деді д'Артаньян, — мен король суып кеткен, кардинал қыр соңынан қалмай қойған королеваның және өз жақтастарының бірінен соң бірінің басы алынып жатқанын көріп-біліп жүрген королеваның қамын ойлап отырмын.
— Ендеше королева, біз жұрттың бәрінен де жек көретін елдің адамдарын — испандар мен ағылшындарды неге жақсы көреді?
— Испания — оның Отаны, — деді д'Артаньян, — ендеше испандықтарды, туған жерінің перзенттерін жақсы көруі табиғи нәрсе. Ал, енді сіздің екінші қоятын кінәңізге келсек, менің естуімше, ол ағылшындарды емес, бір-ақ ағылшынды жақсы көреді.
— Ол ағылшынның махаббатқа лайық жан екенін мойындамасқа болмайды, — деді Атос. — Мен ешқашанда тап сондай парасатты да кескінді кісіні көрген емеспін.
— Оның кереметтей киінетінін көрсеңіз, — деді Портос. — Ол маржан моншақтарын оңды-солды шашып жатқан кезде Луврде болғаным бар, сонда, өтірік айтсам құдай атсын, екі маржан тасты теріп алып, кейін олардың әрқайсысын екі жүз пистольден сатқаным бар. Арамис, сен оны білесің бе? »
— Мырзалар, сіздер сияқты мен де оны жақсы білемін. Оны Амьен бағында ұстап алатын кісілердің біреуі мен едім, мені ол жергe ертіп апарған королеваның атшысы де Пютанж мырза болатын. О жылдары менің әлі семинарияда жүрген кезім. Бұл оқиға маған корольді қорлау сияқты болып көрінген еді.
— Соған қарамастан, — деді д'Артаньян, — егер мен герцог Бекингэмнің қайда екенін білсем, кардиналға ерегіскенде, оны қолынан жетелеп королеваға апарар едім! Біздің ата жауымыз кардинал ғой, егер құдай айдап, кардиналдың сазасын беретін бір жағдай болса, мен соған басымды бәйгеге тігіп кірісіп кетер едім.
— Жалған хат жазып Бекингэмді осында шақырып алды деп королеваның қауіптеніп жүргенін әлгі галантерейші де тұспалдап білдірді ме? — деді Атос.
— Королева содан қатты сескенетін көрінеді.
— Тұра тұрыңызшы... — деді Арамис.
— Нe болып қалды? — деді Портос.
— Ештеңе емес, сөйлесе беріңіз. Мен бір жайтты есіме түсіре алмай отырғаным.
— Тап қазір менің көзім анық жететін бір нәрсе... — деді д'Артаньян сөзін жалғап, — мына әйелдің ұрлануы біз айтқан оқиғамен бәлкім, герцог Бекингэмнің Парижге келуімен сабақтасып жатқан болар.
— Осы гасконның зерегі-ай! — деді Портос таңдана дауыстап.
— Мен оның сөзін тыңдағанды кереметтей жақсы көремін. Өзінің сөйлеу мәнері бір түрлі қызық, — деді Атос.
— Сүйікті мырзалар, тыңдаңыздар! — деді Арамис.
— Арамисті тыңдалық! — деді достары дауыстап.
— Кеше мен бір меңіреу көше орамындағы оқымысты ғұламаның үйінде болдым, ғылыми еңбектеріме қажет болып қалғанда сол кісімен оқта-текте бір кеңес құратыным бар...
Атос бір жымиып қойды.
— Өзінің тілек-кәсібіне, қабілет ыңғайына қарай ол алыс бір орамда тұрады. Хош, сонымен әлгі кісінің үйінен шыға бергенімде...
Арамис осы араға келгенде тоқтап қалды.
— Сонымен? Әлгі үйден шыға бергеніңізде...
Көбірек бөсіңкіреп кетіп, ойламаған жерден бір кедергіге кездесіп қалған кісі сияқты, Арамис кібіртіктей берді. Бірақ тыңдаушылары бұдан көзін алмай, әңгіменің аяғын тықырши күтіп отырғасын шегінуге болмай қалды.
— Сол ғұламаның жиен қарындасы бар... — деді Арамис сөзін сабақтай түсіп.
— Пәле! Оның жиен қарындасы бар деңіз — деді Портос жігіттің сөзін бөліп.
— Сарқарын болып қалған, — деді Арамис.
Үш дос мәз болып күліп жіберді.
— Егер сіздер ыржыңдап күле берсеңіздер және маған шүбәлансаңыздар — енді менен бір сөзді де естімейсіздер.
— Біз саған Мұхамбеттің үміттері сияқты сенеміз және өзіміз табыт сияқты меңіреуміз, — деді Атос.
— Сонымен, әңгімемді қайта жалғайын, — деді Арамис, — Жиен қарындасы анда-санда ағасына келіп-кетіп жүреді. Кеше сол әйел екеуміз мүлде кездейсоқ ғұламаның үйіне бір мезгілде барыппыз, сосын оны күймесіне дейін шығарып салғаным...
— Ах, солай деңіз! Діндәр ғұламаның жиен қарындасының күймесі бар екен? — деді Портос тағы да киіп кетіп, оның басты айыбы — аузына мүлде ие бола алмаушы еді. — Мұның бір әсем таныстық екен, досым.
— Портос, — деді Арамис, — бұрын да бір рет айтқан едім: сіз бейпіл ауыздаусыз, сол себепті де әйелдер сізге онша сене бермейді.
— Мырзалар, мырзалар, — деді д'Артаньян бұл оқиғаның астарын бірден сезіп, — бұл өзі маңызды іс екен! Қолымыздан келсе, енді мұны әзіл-қалжыңға айналдырмайық. Кәне, сөйлеңіз, Арамис, сөйлеңіз!
— Кенет, д'Артаньян, сіздің әлгі бейтанысыңыз сияқты ұзын бойлы, қара шашты, жүріс-тұрысы дворянинге ұқсаған бір кісі...
— Бәлкім, соның өзі де шығар, — деді д'Артаньян.
— ...он шақты қадамдай жерде, артына бес-алты жасауыл ертіп алыпты, менің қасыма келіп: «Герцог мырза» деді де, сөзін жалғастыра берді: «Сіз де, ханым», деді менің қолыма сүйеніп келе жатқан бикеге қарап... .
— Ғұламаның жиен қарындасына ма?
— Қойшы енді, Портос! Тіпті тұрпайы болып кетіпсіз, — деді Атос оған зекіп.
— «Рақым етіп күймеге отырыңыз және қарсылық жасаймын, шу шығарамын деп әуре болмаңыз», — деді әлгі кісі.
— Ол сізді Бекингэм деп ойлап қалған екен, — деді д'Артаньян шыдамай.
— Мен де солай ойлаймын, — деді Арамис.
— Әйелді ше? — деді Портос.
— Ол оны королева деп ойлаған! — деді д'Артаньян,
— Дұрыс айтасыз, — деді Арамис оны қолдап.
— Бұл гаскон ба, бұл — нағыз перінің өзі! Оның көзінен ештеңе де таса қалмайды, — деді Атос сүйсініп.
— Шынында да, — деді Портос, — бойымен де, жүріс-тұрысымен де Арамис сұлу герцогті еске түсіреді. Бірақ, меніңше, мушкетердің киімі...
— Үстімде ұзын плащым болатын, — деді Арамис.
— Июль айында ма! — деді Портос сампылдап. — Сенің ғұламаң шынымен-ақ жұрт сені танып қояды деп қорыққаны ма?
— Әрине, шпион сұлбаңызға қарап алданып қалуы мүмкін, бірақ бет-аузыңыз...
— Басыма жалпақ жиекті қалпақ киген едім, — деді Арамис.
— Құдайым-ай, құдай сөзін оқу үшін сонша сақтанбаса да болады ғой!—деді Портос таңырқап.
— Мырзалар! Мырзалар! — деді д'Артаньян олардың сөзін бөліп. — Әзіл-оспаққа уақытты шығын етіп қайтеміз. Жан-жаққа тарайық та, саудагердің әйелін іздейік — күллі айла-шарғының шешуі сонда.
— Сондай төмен дәрежедегі әйел! Сіз шынымен-ақ солай деп ойлайсыз ба, д'Артаньян? — деді Портос ернін жиіркене шүйіріп.
— Ол әйел — королеваның сенімді адамы де Ла Порт мырзаның кіндік қызы. Мен оны сіздерге айтқан жоқ па едім, мырзалар. Бұған қосайын дегенім, бәлкім, ұлы королева осы жолғы есебінде көмекті төменгі кісілерден алғысы келген шығар. Жоғарыдағы кісілердің басы алыстан көрінеді, ал, кардиналдың көзі қырағы ғой.
— Ендеше галантерейшімен келісіңіз, бірақ ақысы қымбат болсын, — деді Портос.
— Енді оның қажеті бола қоймас, — деді д'Артаньян. — Меніңше, егер ол бізге ақы төлемеген күнде, басқа кісілер төлейтіндей болып көрінеді...
Сол сәтте басқыштан әлдекімнің асығыс көтеріліп келе жатқаны естілді де, есік шалқасынан ашылып, кеңесіп отырған достардың үстіне галантерейші байғұс келіп кірді.
— Мырзалар! — деді ол апалақтап. — Әулие-әнбиелер үшін мені құтқарыңыздар! Төменде төрт солдат жалақтап тұр, мені қамауға алуға келіпті. Құтқарыңыз мені! Құтқарыңыз!
Портос пен Арамис орнынан атып-атып тұрысты.
— Сәл қоя тұрыңыз! — деді д'Артаньян, жартылай суырылған шпагаларды қынабына қайта салыңыз деген белгіні көрсетіп. — Бұл жерде батырлықтан гөрі сақтық керек.
—Біз сонда мынадай зорлыққа... — деді Портос өрекпіп.
— Д'Артаньянның өздігінен әрекет жасауына ерік берелік, — деді Атос. — Тағы да айтам: ол біздің бәрімізден де ақылды. Мен, өз басым, соған бағынатынымды ашықтан-ашық айтамын... Д'Артаньян, не істесең де еркің білсін!
Со-замат төрт солдат ауызғы бөлменің есігінен көріне берді. Бірақ шпага асынған төрт мушкетерді көргесін олар ілгері жүруге бата алмай, қипақтап тұрып қалды.
— Кіріңіздер, кіріңіздер, мырзалар! — деді д'Артаньян дауыстап. — Сіздер менің үйіме келдіңіздер, ал біз бәріміз де король мен кардинал мырзаның адал қызметшілеріміз.
— Олай болса, мейірімді мырзалар, сіз біздің алған бұйрығымызды орындауға бөгет жасамайсыздар ғой? — деді олардың біреуі, шамасы отрядтың бастығы болса керек.
— Мырзалар, егер қажет болса, біз сендерге тіпті көмек көрсетуге де әзірміз.
— Мынау не деп кетті? — деді Портос күбірлеп.
— Сен ақымақсың, үндеме! — деді Атос сыбырлап.
— Әлгі уәдеңіз қайда... — деп міңгірледі галантерейші байғұс.
— Біз сізге азат жүрсек қана көмек көрсете аламыз, — деді оған д'Артаньян сыбырлап. — Ал, егер қазір біз сізге араша түсетін болсақ, сізге қоса бізді де тұтқынға алады.
— Бірақ, менің ойымша...
— Кіріңіздер, мырзалар, кіріңіздер! — деді д'Артаньян даусын көтеріп. — Бұл кісіні қорғайтындай, ол менің екі туып, бір қалғаным емес. Мен оны бүгін бірінші рет көріп отырмын және қандай жағдайда көрді дейсіздер ғой... оны өзі айтар... ол менен пәтерақы сұрай келіпті!.. Бонасье мырза, шындықты айтып тұрмын ба, қалай? Кәне сөйлеңіз.
— Тап-таза шындық! — деді галантерейші міңгірлеп. — Бірақ мушкетер мырза...
— Мен туралы, менің достарым туралы, әсіресе королева туралы жұмған аузыңызды
ашпаңыз, әйтпесе, бәріміз де құримыз! — деді д'Артаньян сыбырлап. — Кәне, мырзалар, іске кірісіңіздер! Мына адамды әкетіңіздер.
Сосын д'Артаньян сасқалақтап есі кеткен галантерейшіні жасауылдардың қолына итере салды.
— Сіз топассыз, қымбаттым. Жетіп келіп ақша талап етесіз... сонда кімнен дейсіз ғой, мен сияқты мушкетерден!.. Түрмеге қамаңдар! Тағы да қайталап айтам, мырзалар: мұны түрмеге апарып қамаңыз да, мен қашан пәтерақыға ақша жинап үлгергенше шығармаңыздар.
Полицейлер алғыстарын жаудырып, құрбандығына қажет сорлыны ұстап алып, кетіп қалды.
Олар басқышпен түсе берген кезде д'Артаньян кенет бастығын жаурынынан бір қағып қойды.
Сіз менің денсаулығым үшін, мен сіздің денсаулығыңыз үшін шарап алып жіберсек қайтеді? — деді ол Бонасье мырзадан алынған божанси шарабын екі бокалға толтыра құйып.
Құрметіңізге құлдық! Көп-көп рақмет! — деді күзетшілердің бастығы күбірлеп.
— Кәне, сіздің денсаулығыңыз үшін, мырза... атыңыз кім еді?
— Буаренар.
— Буаренар мырза!
— Сіз үшін, мархабатты мырза! Енді сұрауға рұқсат етіңіз, құрметтім, есіміңіз кім еді?
— Д'Артаньян.
— Сіздің денсаулығыңыз үшін, д'Артаньян мырза!
— Ең алдымен, кімнің денсаулығы үшін көтеру керек — деді д'Артаньян айқайлап, ол тіпті масайрап кеткендей көрінді. — Корольдің денсаулығы үшін, кардиналдың денсаулығы үшін!
Егер шарап нашар болғанда күзет бастығы д'Артаньянның сөзінің растығына шүбәланар да еді, бірақ шарап жақсы болғасын ол бұған бірден сенді.
— Бұл сіздің қай сұмдығыңыз? — деді Портос, күзет бастығы қарауындағы кісілерінің артынан кетіп, төрт дос оңаша қалғаннан киін. — Ұятың қайда! Сомаладай төрт мушкетер түгел тұрып, жәрдем сұрап келген бір сорлыны қамауға беріп, жайбарақат тұрып қалдық! Дворянин тыңшымен шарап ішеді!
— Портос, — деді Арамис, — Атос сені әлгіде есер деп еді, енді мен сонымен келіскелі тұрмын... Д'Артаньян, сен ұлы адамсың, келешекте де Тревиль мырзаның орнын басқан кезінде, мен сенен маған қамқор болып, монастырьдың имамы болуға қол ұшын беруіңізді сұраймын.
— Түсінсем бұйырмасын! Сіздер д'Артаньянның әлгі қылығын мақұлдап тұрсыздар ма? — деді Портос таң қалып.
— Шайтан алғыр-ау, мақұлдағанда қандай! —деді Арамис.Оның әлгі ісін қолдап қана қоймай, құттықтаймын да.
— Ал, енді, мырзалар, — деді д'Артаньян өз қылығын Портосқа түсіндіріп әуре болып жатпай-ақ, — біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін — біздің бұдан былайғы ұранымыз осы, солай емес пе?
— Ay...— деп Портос бірдеңені айтпақшы еді.
— Қолыңды создағы ант ет !— деді Атос пен Арамис қосылып.
Оларға қосыларын қосылса да, өзінше бірдеңе деп күбірлеп. Портос та қолын созды, сосын төртеуі бірден қосылып, д'Артаньян шын сөзін қайталады.
— Бәріміз — біріміз үшін, біріміз — бәріміз үшін!
— Өте жақсы. Енді әркім өзінің үйді-үйіне қайтсын, — деді д'Артаньян, өмір бойы тек жұртқа әмір етіп үйреніп қалған кісідей-ақ. — Және абай болыңыздар, өйткені осы минуттен бастап біз кардиналмен арбасуға кірістік.
X
ОН ЖЕТІНШІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАҚПАН
Қақпан — біздің заманның ойлап тапқан өнері емес. Қоғам полицияны ойлап тапқан кезде, полиция қақпанды ойлап тапқан.
Оқушыларымыздың әлі де болса Париж полициясының өзгеше тіліне дағдыланбағанын ескере отырып және он бес жылдан бері жазушылық жұмысымызда тұңғыш рет осы бір сөзді әлгідей бір жәйтке қолданып отырғаннан кейін, оның мән-жайын түсіндіріп көрмекпіз.
Қандай да болмасын бір үйден қылмысты делініп күдікке ілінген кісіні қамауға алады, бірақ оның қамалғаны құпия сақталады. Пәтердің ауызғы бөлмесінде төрт немесе бес полицейден тоспа-аран жасайды, есікті кім келіп қақса, соған аша салады, есік жабылысымен әлгі кісі қамауға алынады. Сонымен арада екі-үш күн өтпей жатып, осы үйге ұдайы келіп тұратын кісілер түгелдей тұтқынға түседі.
Қақпан дегеніміз осы.
Бонасье мырзаның үйіне де тап осындай қақпан құрылып, кім мұнда басын сұқса, кардинал мырзаның адамдары шап беріп ұстап алып, тергеп жатқан еді. Ал, д'Артаньян жайғасқан екінші қабаттағы бөлмелердің есігі басқа болғандықтан да оның меймандары мұндай пәледен тіпті де аулақ жүрген-ді.
Бірақ оған үш досынан басқа тірі жан келмейтін. Әркім өз бетімен, бұлардың үшеуі де әйелді іздеу ісімен айналысқан, бірақ, олар әзірге ештеңені де таба алмады, тіпті ештеңені де көре алмады. Мүлде болмай бара жатқасын, Атос де Тревиль мырзаға бірнеше сұрақ та қойды, әдетте, жұмған аузын ашпайтын маңғаз мушкетердің бұл қылығына капитан аң-таң қалды. Бірақ де Тревиль ештеңені де білмейді екен, оның үстіне кардиналды, король мен королеваны соңғы рет керген күні кардинал оған бірдеңенің қамын жеп, ойланып жүргендей, король әлденеден абыржып мазасызданып тұрғандай көрінген, ал, королеваның қызарып кеткен көзіне қарап, әлде түнімен кірпік ілмеген, әлде езіліп жылаған ғой деп те ойлаған. Дегенмен соңғы жәйтке онша таңдана қоймаған: королева күйеуге шыққалы бері көп жағдайда түн баласында көз ілмей жиі-жиі жылайтын.
Де Тревиль мырза, артық болмас деп, Атостың, корольге, әсіресе королеваға жан-тәнімен қызмет етуі керек екенін есіне салды және осы тілегімді дос-жарандарыңа да жеткіз деді.
Д'Артаньянға келетін болсақ, ол үйінен шықпай қойған. Өз бөлмесін ол бақылау орнына айналдырды. Терезеден ел осы үйге келіп ол қақпанға түскендердің бәрін көріп отырды. Сосын еденнің паршетін сөгіп, алып-алып тастады, енді оны тергеу жүріп жатқан төменгі бөлмеден тек төбе ғана бөліп тұрды; сол себепті де ол тыңшылар мен айыпты кісілер арасындағы сөзді түгел есітетін болды. Тергеу басталмай тұрып, әуелі ұсталған кісілердің тұла бойын мұқият тінтіп шығатын, содан кейін бәріне де бірдей төмендегі сияқты сауалдар берілетін:
«Бонасье мырза әйеліне немесе басқа бір кісілерге тапсырыңыз мен сізге бірдеңе берген жоқ па?»
«Олар сізге ауызша бір құпия - сыр айтқан жоқ па?»
«Егер бұларға істің мән-жайы мәлім болса, — деп ойлады д'Артаньян, — олар мұндай жәйттерді сұрамас еді-ау. Бұдан туатын сауал біреу-ақ: бұлар сонда не білгісі келеді? Шамасы, олар Бэкингэмнің Парижде бар-жоғын және оның королевамен жолығып қойғанын немесе жолыққалы жүргенін білгісі келетін шығар».
Д'Артаньян осындай бір жорамалға тоқтады, күллі жәйтті ойластыра отырып қараса, бұл шындыққа жанасатын да сияқты.
Әзірге қақпан тоқтаусыз әрекет жасап жатыр-дағы, біздің жігітіміздің де күллі назары төменде еді.
Бонасье байғұсты қамауға алған күннің ертеңіне, кешқұрым, Атос далаға шығып кетіп, де Тревиль мырзаға қарай жөнелгесін, сағат тоғызды соға берген сәтте түнгі төсекті әлі салып үлгірмеген Планше сол іске енді кірісе берген кезде, біреу көше жақтан келіп, кіpеp есікті қақты. Есік дереу ашылып, сарт етіп жабыла қойды: қақпанға тағы біреу түскен-ді.
Д'Артаньян еденнің тақтайы алынған жерге жетіп барып жата қалды да, төменге құлағын тоса қойды.
Ұзамай шыңғырған, ыңқылдаған дауыс шықты, әлдекімдер оның аузын басып, тұншықтырып тастағысы келетін сияқты. Тергеу-тексеру мүлде естілмейді.
«Әзәзіл! — деп ойлады д'Артаньян. — Меніңше, осы әйел болуға тиіс: өзін тінтіп жатқанға ұқсайды, әйел қарсыласып жатыр... Ерлер күш жұмсайды... Жексұрындар!..»
Төменде болып жатқан оқиғаға көлденеңнен барып килігіп кетпес үшін д'Артаньян бойындағы бар ерік-күшін салды.
— Мырзалар, мен сіздерге осы үйдің иесі екенімді, Бонасье бике екенімді айтып тұрмын ғой, королеваға қызмет етем дедім ғой! — деп бақытсыз әйел ашына айқайлады.
— Бонасье бике! — деді күбірлеп д'Артаньян. — Жолым оңғарылғанда, жұрттың бәрі іздеп жүрген әйелді таптым ба қалай?
— Біздің күткеніміз де өзіңіз едіңіз! — деп жауап қатты оған.
Әйел даусы үзіліп барып өше берді. Өздері ырсылдап алысып-жұлысып жатыр. Төрт еркек жабылса да, әйел жанталасып қарсыласып жатқан тәрізді.
— Жіберіңіз мені, жіберіңіз... — әйелдің ащы даусы шығады. Бұл бейбақтың ең соңғы жан даусы еді.
— Олар байғұстың аузын басып жатыр, қазір әкетеді — деді д'Артаньян орнынан атып тұрып: — Шпагамды әпер!.. Жанымда екен ғой... Планше!
— Әміріңізге құлдық?
— Қазір қанат байлап Атосқа, Портос пен Арамиске жет. Үшеуінің біреуі болмаса, біреуіне тап боларсың, бәлкім, ендігі бәрі де үйіне келген шығар. Қару-жарағын алып, осында жетсін дереу... Ах, енді есіме түсті. Атос де Тревиль мырзаның үйінде.
— Сіз, сіз қайда барасыз, мырза?
— Мен терезеден төменге түспекпін! — деді д'Артаньян дауыстап. — Сонда тезірек жетемін. Сен паркеттегі тесікті бітеп, еденді сыпырдағы, есіктен шығып, мен айтқан жерге қарай зыт.
— О, мырза, мырза, мойыныңыз үзіледі! — деді Планше айқайлап.
— Өшір үніңді, есек! — деп д'Артаньян оған зекіп тастады.
Сосын терезенің ернеуінен ұстап, сәті түскенде, пәстеу келген екінші қабаттан жерге қарғып түсті, еш жеріне де зақым болмады.
Табаны жерге тиісімен, ол жалма-жан кіретін есікке барып, оны жайымен тықылдатып қаға қойды.
— Қазір қақпанға мен де түсем, мен сияқты тышқанға ұрынған мысық та оңбас! — деді ол күбірлеп өзіне-өзі.
Балға есікке тимей жатып, іштегі у-шу тым-тырыс тына қалды. Біреу адымдап келіп есікті аша берді, сол-ақ екен, д'Артаньян шпагасын жалаңаштап, Бонасье бикенің үйіне кимелеп кіріп келді, есігі серіппелі болуы керек, мұның артынан сарт етіп жабылып қалды.
Со замат осынау қырсық шалған үйдің тұрғындары және оның таяудағы көршілері жан даусы шыққан айқайды, шпагалардың зыңылын,аяқ тарсылын, қозғалып сынып жатқан мебельдердің дыбысын есітті. Біраздан кейін, у-шу дыбыстан шошып, үрпиісіп, не болып қалғанын білмек үшін терезелерінен үңілген жұрттың бәрі есіктің қайта ашылып, оның ішінен үріккен қарғалар сияқты, далбалақтап атып-атып шыққан қара киімді төрт кісіні көрді, еденде, столдардың бұрыш-бұрышында олардың жұлынған қауырсындары, басқа сөзбен айтқанда, киімдерінің жыртығы мен шекпендерінің жұрнағы түте-түте болып қалып еді.
Мақтағанымыз емес, д'Артаньян жеңіске көп қиналмай-ақ жетті, өйткені тыңшылардың біреуінің ғана қаруы бар екен, оның өзі де қарсы тұрып жарытпады. Несін жасырайық, қалғандары қолма-қол орындық, стул, көзе лақтырып, жас жігітті талдырып тастамақшы да болды. Бірақ гасконымыз шпагасымен дұшпандарын бірер рет осып-осып жібергеннен кейін олардың зәре-құты қалмады. Оларды үйден бөріктіріп айдап шығып, майдан даласының қожасы болып қалу үшін д'Артаньянға он-ақ минуттай уақыт керек болды.
Сол бір бітпес көтерілістер мен қарулы қақтығыстар заманындағы Париждің тұрғындарына тән сабырлы салқын қандылықпен әлгіде терезелерін ашқан көршілері қара киімді төртеу қашып кетісімен, терезелерін қайтадан жаба-жаба салды. Олар әзірге оқиғаның аяқталғанын сезе қойды.
Мұның үстіне, уақыт та біраз болып қалған еді, тап қазірдегі сияқты ол кезде де Люксембург сарайы төңірегіндегі көше орамның халқы ерте жатып қалатын.
Бонасье бикемен оңаша қалған д'Артаньян бұрылып әйелге қарады. Әйел байғұс кресло үстінде талып қалыпты. Д'Артаньян оны көзімен бір шолып өтті.
Ол жиырма бес — жиырма алтылар шамасындағы, қолаң шашты көгілдір көзді, кертік мұрын, маржан тісті сүп-сүйкімді әйел екен. Ақ мәрмәрдай аппақ жүзінде нұр қызыл шырай бар. Осы бір белгілеріне қарап, оны жоғары зиялы қауымның әйелі ғой деп те ойлап қалуға болатын еді. Қанша ақ білек болғанымен қолы сәл ғана дөкірлеу. Аяқтары да асыл тектіден шықпағанын мегзеп тұр. Бірақ бақытына қарай, д'Артаньян мұндай уақ-түйекке тіпті де мән бермейтін.
Жоғарыда айтқанымыздай, Бонасье бикені көзімен шолып тұрған жігітіміз, кенет оның аяғына қарай берген кезде, еденде жатқан кip бет орамалды көріп, оны еңкейіп ала берді. Орамалдың бұрыннан өзі көрген герб көзіне оттай басылды, осы гербке бола Арамис екеуі пышаққа түсе жаздаған.
Содан бері қарай д'Артаньян гербі бар орамалға үрке қарайтын. Сол себепті де ол еденнен алған орамалды, ләм деместен, Бонасье бикенің қалтасына тыға салды. Келіншек сол сәтте есін жинай бастады. Көзін ашып, айналасына үрпие көз тастаған әйел, бөлменің қаңырап босағанын, мұнда өз құтқарушысымен екеуі ғана қалғанын көрді. Ол күлімсірей жігітке қолын соза берді. Бонасье бикенің күлкісінде өзгеше бір сиқыр бар еді.
— Ах, мырза, сіз мені бір пәледен аман алып қалдыңыз! Сізге алғыс айтуыма рұқсат етіңіз, — деді ол сыпайы.
— Менің орнымда басқа бір дворян болса да, тап осыны жасар еді, бикем, — деді д'Артаньян. — Сол себепті де сіз маған алғыс айтсаңыз да болады.
— О жоқ, жоқ, мен өзімнің жақсылықты ұмытпайтынымды сізге бір реті келгенде дәлелдеп беремін ғой деп ойлаймын. Бірақ әлгі кісілердің менде нендей жұмысы барын білсем бұйырмасын, әуелгі кезде мен оларды ұрылар екен деп қалдым және үйде Бонасье мырзаның жоғына не себеп болды екен?
— Бұл кісілер ұры-қарылардан әлдеқайда қауіпті, бикем. Олар — кардинал мырзаның жансыздары. Ал енді сіздің күйеуіңіз Бонасье мырзаның жайына келетін болсақ, оның мұнда болмайтын себебі — кеше оны ұстап алып, Бастилияға әкеткен.
— Менің күйеуім Бастилияда дейді! — Бонасье бикенің даусы шығып кетті. — Ол не бүлдіріп қойды екен! Кінәсіз жан тап сондай-ақ болар!
Манадан бері үркіп тұрған жас әйелдің жүзінен енді ғана көмескі бір күлкі ізі білінгендей болды.
— Ол не істеп қойып еді, бикем? — деді д'Артаньян. — Меніңше, оның бар кінәсы — сіздің еріңіз атанып, әрі бақытты, әрі бақытсыз сорлы болып жүргені-дағы.
— Сонда, мырза, сіз мына бір жәйтті...
— Мен сіздің қолды болғаныңызды ғана білемін.
— Мені ұрлаған кім сонда, кім? Соны білесіз бе? О, егер сіз оны білетін болсаңыз, маған айтыңызшы!
— Сізді ұрлаған қырық бес — қырық алтылар шамасындағы қара торы, қара шашты, сол жақ самайында тыртығы бар бір кісі...
— Дұрыс, дұрыс-ақ! Бірақ оның аты кім?
— Аты дейсіз бе?.. Мен оны білмеймін.
— Менің ұрланғанымды күйеуім білді ме?
— Ол оны ұрлаушы жазған хаттан білген-ді.
— Ол менің неге ұрланғанымның себебін сезе ме екен? — деді Бонасье бике қысылыңқырап.
— Менің ойымша, ол бұған саясаттың салқыны тиген деп шамалайды.
— Әуелгі кезде мен оған шүбә келтірген едім, бірақ қазір өзім де сондай пікірге келдім. Сонымен, қайырымды Бонасье мырза маған ешбір шүбәланбайды екен ғой?
— О, ешбір шүбә келтірмейді! Ол сіздің ақылыңызға, өзін сүйетініңізге тәнті болып, мақтан тұтады екен.
— Иә, сонымен қалай қашып құтылдыңыз? — деді д'Артаньян әйелге қадалып.
— Бүгін таңертеңнен бастап өзімді неге ұрлағанының себебіне көзім анық жеткеннен кейін, оңаша қалған бір минутты пайдаландым да, простыня байлап терезеден түстім. Күйеуім үйде екен деп, жүгіріп келгенім осы еді.
— Одан пана іздейін деп пе едіңіз?
— О жоқ! Ол байғұс сүп-сүйкімді кісі ғой. Маған пана бола алмайтынын да білгем. Бірақ басқа бір нәрседе қолғабысқа жарар деп ескертіп қояйын деп едім.
— Нені ескертпекші едіңіз?
— Жоқ, ол менің өз басымның құпиясы емес! Сол себепті де оны сізге айта алмаймын.
— Айтпақшы, — деді д'Артаньян, — бикем, кешіріңіз, өз басым гвардияшы болсам да, сізді сақтандырып қояйын: меніңше, бұл жер сыр ашуға қолайлы жер емес. Әлгіде қуалап жіберген тыңшыларым қазір қосымша күшпен қайтып келеді. Егер олар біздің үстімізден түссе, қаза табатынымыз сөзсіз. Рас, мен үш досыма хабар бер деп дәйекшімді жібергенмін, бірақ оларды үйлерінен тапты ма, таппады ма — білмеймін...
— Иә-иә... сіз дұрыс айтасыз! — деді үрейленіп Бонасье бике. — Кетейік, қарамызды өшірейік бұл арадан!
Осыны айтты да, келіншек д'Артаньянның қолтығынан ұстап, оны есікке қарай тарта берді.
— Сонда қайда барамыз? Қайда тығыламыз? — деген сөз д'Артаниянның аузынан еріксіз шығып кетті.
Ең әуелі осы үйден аулағырақ кетелік! Қалғанын көрерміз.
Артындағы есікті жаба кетуді де ескермеген бұлар, үйден шығысымен, Көр қазушылар көшесіне түсіп алып жүгірген күйі Король Оры көшесіне бұрылып, Сен-Сюльпис алаңына жетіп бір-ақ тоқтады.
— Ал, енді қайтеміз? Сізді қай жерге шығарып салайын? — деді д'Артаньян.
— Сізге не деп жауап берерімді де білмеймін... — деді Бонасье бике. Мен күйеуімді жұмсап, де Лa Порт мырзаны шақыртып алып, соңғы үш күнде Луврде не болып, не қойғанын, менің онда қаіп-қатерсіз төбе көрсетуіме бола ма екен — соны білгім келіп еді.
— Пәлі, де Ла Порт мырзаны мен де барып шақырып келе аламын ғой, — деді д'Артаньян.
— Әлбетте. Бірақ бір бөгет болатын нәрсе: Бонасье мырзаны Луврдегілер білуші еді де, бірден жібере салушы еді, ал, сізді онда ешкім де білмейді, сол себепті күллі есік алдыңыздан жабылып қалады.
— Уақа емес! — деді д'Артаньян. — Луврдың көп қақпаларының бірінде сізді жақсы білетін қақпашы бар шығар, ол парольді естісе...
Бонасье бике жас жігітке қадала бір қарады.
— Егер мен сол парольді сізге айтсам, — деді келіншек күбірлеп — бір рет қажетіңізге жаратқасын, бірден ұмыта аласыз ба?
— Шын сөзім, дворяниннің сөзі! — деді д'Артаньян, тіпті шүбә келтірмейтін үнмен.
— Мақұл ендеше. Сізге сендім. Өзіңіз бір оңды жігіт екенсіз. Бәлкім, болашағыңыз сол адалдығыңызға да байланысты болар.
— Маған уәденің қажеті жоқ, корольге қызмет ету үшін, королеваға жақсы көріну үшін қолымнан келгеннің бәрін шын пейілден жасаймын. Мені дос деп біліңіз де, жұмсай беріңіз, — деді д'Артаниян.
— Өзіңіз келгенше мені қайда жасырасыз?
— Де Ла Порт мырза өзіңізді іздеп келе алатындай бір танысыңыз жоқ па еді?
— Жоқ, мен бұл іске ешкімді де араластырғым келмейді.
— Тұра тұрыңыз, — деді д'Артаньян. — Біз Атостың үйінің дәл тұсында тұрмыз... Иә, дұрыс-ақ.
— Атос дегеніңіз кім еді?
— Достарымның біреуі.
Ол үйінде болып, мені көріп қойса қайтеміз?
— Ол қазір үйінде емес және сізді пәтерге кіргіземін де, кілтті алып кетемін.
— Ол келіп қалса қайтемін?
— Ол келмейді. Тіпті болмай бара жатса, оған менің бір әйелді әкеліп, соның пәтеріне тастап кеткенімді жеткізеді.
— Бірақ онда мен қарабет атанам ғой, сіз соны да түсінбейсіз бе?
— Оған назар аудармай-ақ қойыңыз. Сізді танитын бір адам жоқ онда. Соншалық әдеп сақтап, сызыла қалатындай қайбір жетісіп тұрмыз.
— Жарайды. Досыңызға баралық ендеше. Ол өзі қайда тұрушы еді?
Феру көшесінде, осы арадан екі-ақ аттам жерде.
— Кеттік.
Олар әрі қарай жүгіре жөнелді. Д'Артаньянның болжағанындай, Атос үйінде жоқ екен. Атостың досы болғасын д'Артаньянға кілтті ұдайы сұратпай-ақ бере салатын, ол кілтті алып, басқышпен жоғары көтерілді де, Бонасье бикені ілгеріде өзіміз суреттеген аядай пәтерге әкеп кіргізе берді.
— Тап өз үйіңізге келгендей жайласа беріңіз, — деді ол. — Есіңізде болсын, есікті ішінен бекітіп алыңыз да, сырттан тап мынадай етіп, үш рет қақпаса, ешкімге де ашпаңыз. — Ол үш рет тықылдатты — алғаш екі рет қатты, сосын сәл үзіліс жасап, жайымен бір рет қақты.
— Жақсы, — деді Бонасье бике. — Енді мен сізге біраз тапсырма берейін.
— Құлағым сізде.
— Тап қазір Луврға барыңыздағы, Эшель көшесіне қарайтын қақпаны қағыңыз. Сосын Жерменді шақырыңыз.
— Жарайды. Сосын қайтемін?
— Ол сізден: не керек, — деп сұрар, сонда сіз жауаптың орнына: Тур мен Брюссель деген екі сөзді ғана айтарсыз. Сосын.ол сіздің әміріңізді бірден орындайды.
— Мен оған қандай әмір айтам?
— Де Ла Порт мырзаны, королеваның камердинерін шақырыңыз дейсіз.
— Ол оны шақырғасын, де Ла Порт мырза шыққасын не айтамын?
— Сіз оны маған жібересіз.
— Тамаша. Ал, енді мен сізді қашан, қай жерде тағы да көремін?
— Сіз менімен тағы да қайта жолыққыңыз келе ме?
— Әрине!
— Ендеше, маған сеніңіз де, жайбарақат жүре беріңіз.
— Сөзіңізге сендім.
— Сеніңіз.
Д'Артаньян Бонасье бикеге иіліп, ізет көрсетіп, оның шып-шымыр әсем тұлғасын бір шолып, ғашық көзбен қиыла қарады, сосын басқышпен төмен түсіп бара жатқанда, есіктің тарс етіп жабылып, құлып кілтінің екі рет бұралғанын естіді. Ол Луврға көзді ашып-жұмғанша жетті. Эшель көшесіндегі есікке жете бергенде ол сағаттың күмбірлеп, кешкі онды соққанын есітті. Біз суреттеген осы оқиға жарты сағат ішінде жалт-жұлт етіп өте шыққан еді.
Бәрі де тап Бонасье бике айтқандай болды. Парольді естігесін Жермен иіліп тәжім етті. Арада он минут өтпей жатып, де Ла Порт есікшінің бөлмесіне жетіп келді. Д'Артаньян не болып, не қойғанын, Бонасье бикенің қайда екенін бір-екі ауыз сөзбен айтып берді. Л а Порт адресті екі рет қайталап айтып дереу сыртқа қарай беттеді, бірақ бірер аттап барып, кенет әлгі жерге қайта келді.
— Жігітім, — деді ол д'Артаньянға, — сізге бір ақыл айтуға рұқсат етіңіз.
— Не ақыл айтайын деп едіңіз сонда?
— Осы болған жәйттер сізді бір жамандыққа апарып соқтыруы мүмкін.
— Сіз солай ойлайсыз ба?
— Иә. Сағаты кеш қалып қоятын бір досыңыз жоқ па еді?
— Сосын не айтасыз?
— Ендеше соған барыңыз, бірақ ол кейін тоғыз жарымдар кеткенде сіздің соның үйінде болғандығыңызға куәлік ете алатын болуға тиіс. Заң қызметшілері мұны алиби дейді.
Д'Артаньян бұл кеңесті дұрыс деп тауып, со замат екі өкпесін қолына алып, де Тревиль мырзаның үйіне қарай жүгірді. Бірақ ұдайы жұрт дүмеп жататын қонақжайға бармады, кабинетке кіруге рұқсат сұрады. Ол мұнда жиі-жиі келіп-кетіп жүретін болғандықтан, оған ә дегеннен-ақ рұқсат етті де, дәйекші: маңызды бір хабарды жеткізбекші болып, жас жерлесіңіз қабылдауыңызды өтінеді, — демекке де Тревиль мырзаға кетіп қалды. Енді бір бес минуттан кейін де Тревиль мырза кабинетіне келді. Ол д'Артаньяннан: сізге не пайдам тиер екен және кештетіп суыт жүргеніңізге жөн болсын, — деп сұрады.
— Кешіріңіз, мырза! — деді д'Артаньян жалғыз қалған кезді пайдаланып, сағат тілін отыз бес минутке кейін жылжытып қойған еді. — Мен тоғыздан жиырма бес өткен кезде сізге барсам кеш болмас деп ойлап едім.
— Тоғыздан жиырма бес минут өтті дейсіз бе? — деді де Тревиль мырза, қабырға сағатына бұрылып қарап. — Қой, олай болуы мүмкін емес!
— Ендеше әне, қарай қойыңызшы, сонда өзіңіздің де көзіңіз жетеді, — деді д'Артаньян."
— Иә, дұрыс екен, — деді де Тревиль. — Мен уақыт кеш қой деп ойлағанмын. Иә, менде қандай жұмысыңыз бар еді?
Сол-ақ екен, д'Артаньян королева жайлы ұзақ-сонар бір әңгімені бастап кетті. Ол ханшаның жай-күйін ойлап қатты мазасызданып жүргенін, кардиналдың Бекингэмге қарсы қысастық әрекет жасағаны жайлы естіген-білгенін ортаға салды және оның осынау сөзді аспай-саспай, жайбарақат салмақпен айтқаны де Тревильді сендірмей қоймады, мұның үстіне, жоғарыда айтқандайын, оның өзі де кардиналдың, король мен королеваның ара-қатынасынан жаңа бір жәйттерді сезгендей еді.
Сағат онды соққан кезде д'Артаньян де Тревиль мырзамен қоштасып кетіп қалды, капитан жеткізген хабары үшін оған алғыс айтып, король мен королеваға әманда осылай адал қызмет етіңіз деп ақыл берді де, мейманжайға қайта барды.
Басқыштан түскеннен кейін, д'Артаньян кенет асатаяғын ұмытып кеткенін білді. Сондықтан да ол дереу кабинетке қайта көтеріліп, ертең ертеңгілік сағаттың артта қалып қойғанын ешкім сезбесін деп, оның тілін орнына қарай жылжыта салды. Сосын ол өзінің кінәсіз екенін дәлелдейтін бір куә табылғанына кәміл сеніп, төмен түсті де, көшеге шығып кетті.
XI
АЙЛА-ШАРҒЫ ШИЕЛІНICE ТҮСЕДІ
Де Тревиль мырзадан шыққаннан кейін, д'Артаньян бір қалың ойға шомып кетті де, үйіне қайту үшін ең бұру жолды таңдап алды.
Жүрер жолынан бір бүйірге шығандап кеткен жас гаскон бірде күліп, бірде күрсініп, жұлдыздарға әлсін-әлі қарап келе жатып не ойлады екен?
Ол Бонасье бике жайлы ойлап еді. Шәкірт - мушкетерге осы бір жас әйел, ашына әйелдің үлгісіндей болып көрінген еді. Сарай төңірегіндегі күллі қулық-сұмдықтардың сыр -жырына қанық болғандықтан да, өзгеше бір тірлік қамын ойлағандай әсем жүзі ұдайы құбылып тұратын осынау сұлуша келген жұмбақ келіншек бұған онша «кет әрі де» емес сияқты, ал сондай әйел тәжірибесіз ғашыққа кереметтей қылықты, тартымды көрінеді. Бұған қоса д'Артаньян оның тұла бойын тінтіп, кейін, бәлкім, азапқа да салғысы келген жендеттердің қолынан жұлып алды ғой, жігіттің осы бір ұмытылмас қызметі әйелді бұған тәнті қылғандай еді, иіні келгенде ол сезім оп-оңай-ақ нәзік ләззатқа айналып кетер.
Қиял қанатына қонған арманнан ұшқыр не бар — д'Артаньян енді жас әйел жіберген кісінің өзіне алдағы сұқбаттасу жайлы хат және оған қоса алтын шынжыр немесе алмас жүзік әкеліп беретінін көз алдына елестетті. Сол заманның жас жігіттері король қолынан әр түрлі тарту-таралғыларды қысылып-қымтырылмай-ақ ала беретінін біз жоғарыдан айтқан едік. Бұған тағы бір қосатынымыз, салт-сананың онша қатал емес, дарқан кезінде ерлер көңілдестерінің алдында да тәккаппарсынып кекірейе бермейтін. Олардың көңілдес әйелдері жігіттерінің құбылмалы сезімін асыл сыймен байлап-матап тастағысы келгендей, әманда мәңгі белгі болсын деп аса құнды қымбат заттар тартатын.
Сол заманның ерлері әйелдердің демеу-жебеуімен тірлікте өздеріне жол салатын және одан ұялмайтын. Ажарлы әйелдер қалаулысына ажарын ғана сыйлайтын, әлгі «Ең сұлу деген қыздың өзі бойындағы барын ғана береді» деген нақыл, шамасы, содан қалса керек. Бай әйелдер ақша-қаражатының бір бөлегін беретін, сол бір шытырман оқиғаларға бай заманның көптеген қаһармандары, егер көңілдестері ақша толы әмияндарды қанжығасына байлап бермесе, жоғары шен-шекпенге де, ұрыс майданында жеңістерге де жете алмас еді.
Д'Артаньян жарлы болатын. Алыс түкпірден өзімен бірге еріп келген именшектік, шабдалының үпелегі сияқты осы бір нәзік гүл, үш мушкетердің қиянпұрыс достық кеңестерінің желімен баяғыда - ақ ұшып кеткен-ді. Өз уақытының өзгеше әдет-ғұрпына мойынсұнған д'Артаньян Парижде жүргенде тап бір жаулап алынған қалада жүргендей болып сезінді: егер Фландрияда жүрсе: испандар — анда, әйелдер — мында деп өзін тап осылай сезінер еді. Қайтсын-ай, анда да — жау, мында да — жау, солармен шайқасуы керек, соғыс салығын салу керек болса — салу керек.
Соған қарамастан д'Артаньян қазір бұрынғыдан да парасатты, ізгі сезімге бой алдырған еді. Рас, саудагер оған едәуір байлығы барын айтқан. Бонасье мырза сияқты қарадүрсін күйеудің әмиянының иесі, айналып келгенде, әйелі шығар деп д'Артаньян дұрыс болжам жасаған екен. Бірақ осының бәрі жігіттің бикені бір көргеннен-ақ лап етіп тұтанған сезіміне тіпті де әсер етпеді және оның жүрегінде бүршік жарған махаббат қарабастың қамын ойлаудан ада-жұда аман дерлік еді. Біздің «дерлік» деген сөзді қолданып отырған себебіміз, өткір тілді, жарқын жүзді сұлу әйел, оның үстіне дәулетті болып кездессе, жігіт көңілін суытпай, қайта оны бұрынғыдан бетер ынтықтыра түседі деп ойлаймыз.
Әйел ажарына ажар қосатын ақсүйекке тән уақ-түйек заттар көбіне-көп егіздің сыңарындай боп бақ-дәулетпен қоса жүреді. Үлбіреген ақшаңқай шұлық, шілтерлі жаға, қасықтай туфель, қолаң шаштағы әсем лента кеспірсіз әйелді көрікті ете алмайды, ал, көрікті әйелді хас сұлуға айналдырады, енді жаңағының бәрі сүйрік саусақ ақ білекті мүлде жандандырып жіберетінін айтпасақ та болады. Қолы сол ақ борықтай балғын күйінде қалуы үшін әйел нәуетек болуға тиіс.
Мұның үстіне д'Артаньян миллионер емес-тін, оның ақша-қаражатының шама-шарқын біз оқушыдан жасырған жоқпыз. Рас, ол кездері байимын ғой деп үміттенетін, бірақ сондай жақсылыққа жететін кезі оның ойынша әлі алыс жатқан. Ал, әзірге жанындай жақсы көретін әйелің мың сан уақ-түйек нәрсеге құмартса — ол нәзік жандардың көңілінің қуанышы да, жұбанышы да сол болса қайтерсін — және сен сол мың сан уақ-түйекті оған жайнатып алып бере алмасаң, одан өткен сұмдық бола ма! Егер әйелдің өзі бай болып, ашынасы кедей болса, жігіті сыйға тарта алмайтын ол-пұлды оның өзі-ақ сатып ала береді ғой. Әдетте, әйел сол әлем-жәлемнің бәрін күйеуінің ақшасына түсірсе де, сол үшін оған іштей разы болып, көңілі көнши қоймайды.
Д'Артаньян келешекте нәзік сезімді ашына болуға әзірленіп жүрсе де, жанқияр дос күйінде қалды. Жәудіреген Бонасье бикеге қанша ынтық болып жүрсе де, ол өзінің дос-жарандарын да ұмытқан жоқ. Ол қасына Атос, Портос пен Арамисті ертіп, осы келіншекпен Сен-Дени алаңына, Сен-Жермен жәрмеңкесінде бір серуен салса, төбесі көкке жеткендей-ақ болар еді және бір реті келгенде осы әйелмен көңілдес екенін айтып, достарының алдында мақтанатын да ойы бар болатын. Сосын, ұзақ серуеннен кейін, кісінің тәбеті ашылады. Біраз уақыттан бері д'Артаньян мұны да аңғарып жүр. Ендеше ғашығыңмен білегін — білегіне, аяғың — аяғыңа тиіп, аймаласып отыратын жарасымды бір сұхбатты отырыстар жасап, әлсін-әлсін бас қосып тұруға болады. Ең соңында, әбден жай-күйлері кетіп, титықтаған бір қиын күндерде д'Артаньян дос-жарандарын демеп, қол ұшын береді әлі.
Д'Артаньянның әлгі дұшпан көзі ретінде, «бастан-құлақ садақа» деп көпке естірте бас тартатын, ал, жайымен: жәрдемді де беремін, құтқарып та аламын, деп сыбырлап, тыңшылардың қолына жетелетіп жіберетін, баяғы Бонасье мырзаның хал-ахуалы қалай екен? Д'Артаньянның оны есіне де алмағанын біз оқушыларымыздың алдында лажсыздан мойындаймыз, ал, егер оны есіне ала қалса, тек қайда жүрсең де, сол жағыңнан қайта көрме, деген тілекті іштей айту үшін ғана есіне алатын. Амал қанша, құмар-құштарлықтың ішіндегі ең өзімшілі — махаббат қой.
Бірақ біздің оқушыларымыз қам жемей-ақ қойсын: егер д'Артаньян өз қожасының қайда жөнелтілгенін білмей қалдым дегенді желеу етіп, оны ұмытып қалса немесе ұмыттым-ау деген сыңай танытса мейлі, таныта берсін, бірақ біз оны ешқашанда ұмытпаймыз және оның қайда жүріп-тұрып жатқанын кәміл білеміз. Дегенмен, әзірге біз де ғашық болып қалған гаскон жігітінің кебін киелік — қадірмен галантерейшіге кейін бір айналып соғармыз.
Махаббат қиялына шомып кеткен д'Артаньян, түңгі аспанмен сыр шертісіп, жұлдыздармен жымыңдасып, сол жылдары Шерш-Миди ме, әлде, Шасс-Миди ме, әйтеуір, бірдеңе деп аталған көшемен жоғары қарай аяңдап келе жатты. Арамистің үйіне жақындап келіп қалғанын біліп, ол досына соға кетпекші болды және оны дереу қақпан құрылған үйге кел деп Планшені бұған неге жібергенін түсіндіріп айтпақшы еді. Егер Планше келген кезде Арамис үйінде,болса, ол заматында Көр қазушылар көшесіне жетіп барып, одан екі жолдасынан басқа ешкімді де кездестіре алмай, бұл не ғажап деп аң-таң қалған шығар. Д'Артаньян досына не себептен шақырғанын түсіндіріп шығуы керек-ті. Оның өзіне-өзі дабырлап сөйлеп келе жатқаны да содан болатын.
Бұл — жігіттің жан жүрегін толық билеп алмаса да, ойын толық билеп алған әсем келіншек жайлы әңгіме қозғаудың ыңғайлы бір желеуі — оның өзінің ойы да осыған сайып еді. Өмірінде алғаш рет ғашық болған кісіге аузына ие бол деу қиын-ақ. Алғашқы махаббаттың жан серігі — шексіз қуаныш болады, сол себепті де, ол ә дегеннен ағынан жарылмаса, ғашық байғұс құса болып кетеді.
Париждің қараңғы Түн қойнына енгеніне де, екі сағат болған-ды, енді көшелер құлазып, қаңырап қала бастады. Жып-жылы түн маужырап тұр. Сен-Жермен мекенжайының күллі сағаты күмбірлесіп он бірді соқты. Д'Артаньян қазіргі Асса көшесінің орнындағы тығырықпен жай басып келе жатқан. Сонау Вожирар көшесі жағынан, кешкі салқынмен түнгі шық түскен бақтан бір жұпар иісті аңқыған қоңыр самал есіп тұр. Алыстағы бір шарапханадан көңіл көтеріп жатқан қыдырымпаз жұрттың салған әні, берік бекітілген терезе жапқыштардан да өтіп еміс-еміс талып естіледі. Тығырықтың шетіне дейін келіп, д'Артаньян солға қарай бұрылды. Арамис тұратын үй Кассет көшесі мен Сервандони көшесінің аралығынан қоныс тепкен еді.
Д'Артаньян Кассет көшесінен өткесін алыстан досының үйінің есігін көрді, оның жоғарғы жағын жабайы жүзім өркендері мен үйеңкі бұтақтары бірге өріліп өскен жасыл шымылдық жауып тұрған. Кенет Д'Артаньянның көзіне біреу қараң етіп, Сервандони көшесінен бұрылғандай болды. Әлгі қараң еткен көлеңке плащқа оранып алған, ол әуелде д'Артаньянға еркек сияқты болып көрінді. Бірақ, тапал бойына, бұраң жүрісіне қарап, оның әйел екенін бірден біле қойды. Өзінің іздеген үйі осы ма, осы емес пе, деп шүбәланғандай, әйел басын көтеріп, айналасына жалтақтап қарай береді, бірде күмілжи аялдап, кейін бұрылып бірер қадам аттайды да, қайтадан ілгері жүреді, шамасы, қай жерде келе жатқанын анықтап алғысы келетін тәрізді. Д'Артаньян одан көзін айыра алмады.
«Оған қызметіңізге әзірмін десем қайтеді? — деп ойлады жігіт. — Жүрісіне қарағанда, уыздай жас... бәлкім, сұлу да шығар. Әлбетте! Бірақ осындай жеті түнде көше кезіп жүрген әйел тек ғашығымен дидарласу үшін ғана шыққан шығар. Шайтан алсын! Кездесуге кедергі жасау — танысудың жақсы әдісі емес».
Бұл кезде жас әйел үйлер мен терезелерді санап, ілгері жүріп бара жатты. Ондай іске еңбектің де, уақыттың да онша көп керегі жоқ қой. Көшенің алдыңғы жағында енді үш-ақ үй бар, ал, не бәрі екі-ақ терезе көше жаққа қарайды. Олардың біреуі Арамистің флигелімен жарыса, қатар тұрған шағын үйдің терезесі, екіншісі — Арамистің өз терезесі.
«Құдай ақы! — деп ойлады д'Артаньян, тосыннан ғұламаның жиен қарындасы есіне түсіп. — Құдай ақы, егер мына кешіккен көгершін біздің досымыздың үйін іздеп жүрмесе неғылсын! Егер бұл солай болмаса, иманым мен жанымды бәске тігуге әзірмін! Кәне, қымбатты Арамисім, тап осы жолы шындыққа көзімді жеткізерім хақ!»
Сонымен д'Артаньян бір қараңғы хұжыраның түкпір жағындағы тас орындықтың қасына, аядай жерге тығыла қойды.
Келіншек бірте-бірте жақындап келеді. Оның жас екенінде күмән жоқ; әйел екенін білдіретін сылаң жүрісіне қоса, үні де ашық еді: ол жайымен жөткірініп еді, д'Артаньян оның нәзік дауысты әйел екенін сезе қойды. Сол арада тұрып ол тағы да мына жөтел — шартты бір белгі емес пе екен, деп ойлады.
Осы белгіге тағы бір осындай жауап болды ма, әлде, ол көздеген жеріне жеткенін ешкімнің, көмегінсіз-ақ білді ме, қайдам, әйтеуір, әйел кенет Арамистің терезесіне қарай еркін басып барды да, саусағын бүгіп, терезе қақпағын бір қалыппен үш рет қақты.
— Әрине, ол Арамистің терезесін қағып тұр! — деді күбірлеп д' Артаниян. — Сырыңыз мәлім болды, екі жүзді мырзам! Сіздің діни кітапты қалай оқып жүргеніңізді енді білдім!
Әйелдің терезені қағуы мұң екен, ішкі кәсек ашылып, қақпақтың арасындағы саңылаудан жарық көрінді.
— Aһa... — деді, мұны есік алдында емес, терезе қасында тыңдап тұрған кісі, — aha, бұл бикешті тықырши тосып отырған екен ғой! Қазірі қақпақ ашылады да, әйел терезеден кіреді. Керемет!
Бірақ д'Артаньянды қайран қалдырған бір нәрсе — қақпақ ашылмай қойды. Жылт етіп көрінген от та ғайып болды. Әлем қайтадан қараңғы түн қойнына енді. Д'Артаньян қазір тағы да бірдеңе болатын шығар деп төңірекке көзін қадап, құлағын тосып тұра берді.
Оның ойы дұрысқа шықты. Сәлден кейін іштен терезені екі рет қаққан дыбыс естілді.
Көшеде тұрған жас әйел жауап ретінде қақпақты бір рет қағып еді, ол жайымен ашыла берді.
Д'Артаньянның бұдан қалай көзін жазбағанын, әрбір дыбысты мүлт жібермегенің өздеріңіз де сезген боларсыз.
Қырсық шалғанда, жарықты басқа бөлмеге алып кетті. Бірақ жігіттің кезі қараңғыға үйреніп қалған еді. Иә, мұның үстіне, жұрттың айтуына қарағанда, гаскондардың көзі, мысықтың көзі сияқты, қараңғыда да көре береді дейді ғой.
Д'Артаньян әлгі келіншектің қалтасынан бір ақ түйіншекті алып, дереу жазып жібергенін көрді. Бұл — орамалды. Оны жазып, әйел іштегі кісіге орамалдың бұрышын көрсетті.
Сол сәтте Бонасье бикенің аяғының астынан тауып алған орамалы Д'Артаньянның көз алдына көлбең етіп тұра қалды, бұл жайт әлгі Арамис қалтасынан түсіріп алатын орамалды табанда есіне салды.
— Шайтан алсын, осы орамал сонда қандай роль атқарған болып шығады?
Жас гаскон өзінің тұрған жерінен Арамистің бет-жүзін көре алмайтын еді, бірақ терезе түбіндегі әйелмен Арамистің сөйлесіп тұрғанына ол тіпті де шүбә келтірмеді. Жігіттің білмекке құмарлығы сақтығын жеңіп кетті де, осынау көріністің қос кейіпкерінің назары орамалға ауғанын пайдаланып, ол — тұрған жерінен ың-шыңсыз, жай оғындай атылып шығып, көшені кесіп өтті де, Арамистің бөлмесінің іш жағын көретіндей болып, қабырғаның ең бір қолайлы жеріне барып жабыса қалды.
Терезеге үңіліп бір қарағанда, таң қалғаннан д'Артаньянның даусы оқыс шығып кете жаздады: түңгі жолаушымен Арамис емес, әйел сөйлесіп тұр. Өкінішке қарай, д'Артаньян оның жалпы сұлбасын ажыратқанмен жүзін анықтап көре алмады.
Сол сәтте бөлме ішіндегі әйел өзіне берген орамал орнына, қалтасынан басқа бір орамал алып ұсына қойды. Сосын екі әйел күбірлесіп бірер сөз айтысты. Ақырында терезе қалқаны да жабылды. Көшеде тұрған әйел кейін бұрылып, д'Артаньянды жанай, екі-үш қадамдай жерден өте берді, сосын барып плащының бүркемесін бетіне түсірді. Бірақ бұл сақтығын ол сәл кешігіп жасады, өйткені д'Артаньян Бонасье бикені танып қалып еді.
Бонасье бике! Ол әлгіде орамалды суырып алған кезде, жігіт оны сол әйел емес пе екен деп күдіктенген. Бірақ осы келіншек мұны де Лa Порт мырзаға жұмсаған, ал сол мырза бұл бикені Луврға ертіп апармақшы еді, ендеше ол Бонасье бике, тағы да қолды болатынына қарамай, түнгі сағат он бір жарым кезінде көше-көшені аралап, дедектеп жүреді деп кім ойлаған!
Демек, бұл өзі аса маңызды бір іске бола жасалып жатқан шаруа болды. Жиырма бес жастағы келіншекке махаббаттан өзге маңызды мәселе болушы ма еді.
Бірақ ол осындай тәуекелге қара басының қамы үшін барды ма, әлде үшінші біреу үшін барды ма? Д'Артаньян бұл сұрақты өзіне де қойып көрді. Ол сол әйелдің тап бір сыралғы ашынасы сияқты, жігітіміз қызғаныштан өртеніп кете жаздады.
Бонасье бикенің қай жаққа асығып бара жатқанын білудің қарапайым бір жолы бар. Бұл үшін әйелдің ізінен қалмау керек. Осы әдістің оңайлығына бірден көзі жеткен д'Артаньян оны ойланбастан-ақ жүзеге асырмақ болды.
Хұжырадан шыққан тас мүсін сияқты, қабырғадан суырылып шыға келген жігітті көргенде және оның аяғының тықырын естігенде, Бонасье бике шар етіп, қаша жөнелді.
Д'Артаньян оның соңына түсті. Ұзын плащына оратылған әйелді қуып жету жігітке онша қиынға түспеді. Ол әйел қашып бара жатып бұрылған көшесінің үштен біріне жетпей жатып қуып жетті. Байғұс әбден қалжырап қалыпты, шамасы шаршағандықтан емес, қорыққандықтан діңкелеп қалса керек, д'Артаньян қуып барып, иығынан ұстаған кезде ол бір тізелеп отыра кетті де:
— Мейлі, қаласаңыз мені өлтіре беріңіз! Сонда да ештеңені айтпаймын! — деген даусы шығып кетті.
Д'Артаньян оны белінен құшақтап орнынан тұрғызды, бірақ әйел денесінің ауырлап, қолына былқ-сылқ сүйеніп тұрғанына қарап, оның енді талып қалуға жақын екенін сезді, сондықтан да оған жан-тәнімен берілгенін айтып, келіншекті жұбата бастады. Бонасье бике мұндай сөздерге тіпті де иланбайды: арам пиғылды адам да мұндай уәденің талайын айтып, жақсы сөзбен жарылқап тастайды ғой. Бірақ нағыз дару — сөйлеген кісінің даусы еді. Жас әйел осы бір дауысты танығандай болды. Ол көзін ашып, өзінің зәресін алған жігітке қарады да, д'Артаньянды танып, қуанғаннан дауыстап жіберді,
— Ах, бұл сіз бе едіңіз? Құдайдың мұнысына да шүкіршілік! — деді ол бәсең.
— Иә, бұл мен ғой. Сізді қанаттыға қақтырмас үшін, тұмсықтыға шоқыттырмас үшін мені жіберген бір құдайдың өзі-дағы, — деді д'Артаньян.
— Сол себепті де сіз мені аңдыған екенсіз ғой? — деді жас әйел қулана күліп, оның әзілкеш, күлкішең мінезі енді бел ала бастап еді. Жау дегені дос болып шыққасын, әйелдің жүрегі opнына түсейін деді.
— Жоқ, — деді д'Артаньян, — жоқ, шын сырым да осы. Сізбен кездейсоқ тоғысып қалдым. Мен бір әйелдің өз достарымның біреуінің терезесін қағып тұрғанын көріп қалдым...
— Достарымның біреуінің дейсіз бе? — Бонасье бике оның сөзін бөліп жіберді.
— Әрине, Арамис — менің ең жақын достарымның бірі.
— Арамис? Ол кім?
— Қойыңызшы! Сіз маған шынымен-ақ Арамисті білмеймін деп айтпақшысыз ба?
— Мен мұндай есімді тұңғыш рет естіп тұрмын.
— Демек, сіз мына үйге бірінші рет келдіңіз бе?
— Әлбетте.
— Сонда осы үйде жас жігіт тұратынын білген жоқсыз ба?
— Жоқ.
— Мушкетер екенін де білмедіңіз бе?
— Жо-ға, білген жоқпын!
— Ендеше, сіз оны іздеген жоқ екенсіз ғой?
— Әрине, солай. Мен сөйлескен кісінің әйел екенін өзіңіз де көрген шығарсыз.
— Мұныңыз рас. Бірақ ол әйел — Арамистің көңілдесі шығар?
— Білмеймін.
— Ау, ол соның үйінде тұрмай ма?
— Онда менің шаруам жоқ.
— Оның өзі кім?
— О, бұл құпия — менің құпиям емес.
— Қымбатты Бонасье бике, сіз сұмдық сүйкімді жансыз. Бірақ сонымен қатар сіз сұмдық құпия әйелсіз.
— Сол да мін болып па?
— Жоқ, сіз қайта кереметтей әдемісіз.
— Соныңыз рас болса, қолыңызды беріңізші, сүйенейін.
— Мінекиіңіз. Ал, енді не бұйырасыз?
— Мені шығарып салыңыз.
— Қайда?
— Менің бара жатқан жағыма.
— Ал, сіз қайда бара жатырсыз?
— Есікке дейін жеткізіп салсаңыз, көресіз ғой.
— Сізді тосу керек пе?
— Оның қажеті бола қоймас.
— Бұл — сіздің жалғыз қайтпаймын дегеніңіз бе?
— Иә десем де болады, жоқ десем де болады.
— Сізді шығарып салатын кісі — әйел ме, еркек пе?
— Тап қазір білмеймін.
— Бірақ мен білемін әлі!
— Қалайша?
— Күте тұрамын-дағы сіздің кіммен бірге шыққаныңызды көремін.
— Ендеше — қош болыңыз!
— Мұныңыз қалай?
— Енді сіздің маған түкке де керегіңіз жоқ.
— Әлгіде өзіңіз өтініп едіңіз
— Мен аңдушы шпион емес, дворяниннен көмек өтінгенмін.
— Бұл сөзіңіз тым қатал!
— Кісінің еркінен тыс соңынан қалмай аңдитындарды не деп атаушы еді?
— Әдепсіз дейді.
— Бұл сөз тым жұмсақ.
— Лаж бар ма, бикем. Байқаймын, сіздің күллі тілегіңізді орындамасам болмайды екен.
— Осы тілегімді ә дегеннен-ақ орындап, жақсы атты көрінуден неге бас тарттыңыз?
— Кісінің өкінішінің өзі тілек емес пе?
— Сіз шынымен-ақ өкініп тұрсыз ба?
— Соны өзім де білмеймін... Менің кәміл білетінім: егер сіз өзіңізді көздеген жеріңізге дейін шығарып салуға рұқсат етсеңіз, қалаған нәрсеңізді түгел орындауға әзірмін.
— Сосын мені тастап кетесіз бе?
— Иә.
— Және ізімнен аңдып жүрмейсіз бе?
— Жоқ.
— Уәде ме?
— Дворяниннің серті!
— Ендеше қолыңызды әкеліңіз — кеттік!
Д'Артаньян Бонасье бикеге қолын ұсынып еді, келіншек күлкісі келіп селкілдеп, оған сүйене берді. Сонымен олар Лагарп көшесінің аяғына дейін жетті. Бұрын Вожирар көшесінде қалай кібіртіктесе, ол осы араға келгенде тағы да солай кібіртіктеді, сосын кейбір белгілеріне қарап, қажетті есікті тауып алғандай болды.
— Ал, енді мен мында кіруім керек, — деді ол тиісті есікке жақындап. — Маған жасаған жақсылығыңа мың да бір рақмет. Жалғыз жүрсем қандай бәлеге кезігерімді білмеймін, сіз мені сол қауіптің бәрінен де құтқардыңыз. Енді сіздің уәдеңізді орындайтын мезгіл жетті. Мен қажетті жеріме жеттім.
— Ал, қайтарда қорықпайсыз ба?
— Ұрылар болмаса.
— Ұры оңай жау ма?
— Олар менен нені алады? Қалтамда көк тиыным да жоқ.
— Сіз герб басылған кестелі орамалды ұмытып тұрсыз.
— Қайдағы орамал?
— Аяғыңыздың астынан тауып алып, қалтаңызға салып қойған орамалды айтам.
— Үндеме, үндей көрме, байғұс! — деді келіншек дауыстап. — Әлде менің түбіме жетейін деп пе едіңіз?
— Міне, көрдіңіз бе, басыңызға қауіп төніп тұрғанын өзіңіз де сезесіз, бір сөзге бола дірілдеп-қалшылдап, дегбірсізденіп кетесіз және сол жалғыз ауыз сөз әлдекімнің құлағына тисе, өліп кететініңізді де мойындайсыз... Мені тыңдаңызшы, бикем, — деді д'Артаньян дауыстап, әйелді отты көзімен ішіп-жеп, — именшектемей, батылырақ болыңызшы, сеніңізші маған! Сізге ынтық болып, адал қызмет етуге әзір екенімді көзімнен-ақ байқап тұрған жоқсыз ба?
— Соны сеземін де. Ендеше менен өз сырым, өз құпиямды, қанша болса да, сұрай беріңіз, ал, өзгенің құпиясының жөні басқа.
— Мақұл, — деді .д'Артаньян. — Бәрібір мен оларды ашамын. Сол құпия жәйттер сіздің тағдырыңызға әсер ететін болса, олар ендеше менің де құпиям болсын.
— Құдай ондайдан сақтасын сізді! — деді жас әйел жұлып алғандай, оның даусының үрейлі шыққаны сондай, д'Артаньян селк етіп, шошып кетті. — Жалынамын сізге, маған қатысы бар нәрсенің бірде-біріне араласпаңыз және менің мойныма жүктелген істі орындауға көмектесем деп әуре болмай-ақ қойыңыз. Маған деген ыстық сезіміңіз үшін және қиыншылықта көрсеткен қызметіңіз, өз басым өмір бойы ұмытпайтын қызметіңіз үшін, мен сізден соны жасай көрмеңіз деп жалынып-жалбарынамын. Менің айтқаныма сеніңіз! Бұдан былай мені ешқашанда ойламаңыз, өмірде көрмеген-білмеген кісі сияқты, мені жоқ деп есептеңіз.
— Арамис те тап мына менің кебімді киюі керек пе? — деді д'Артаньян әйелдің сөзіне шамданып.
— Мырза, сіз сол бір есімді осымен екінші ме, әлде, үшінші рет пе, қайталап айттыңыз. Әлгіде айтып ем ғой, бұл есім маған мүлде бейтаныс.
— Өзіңіз терезесін қаққан кісіні білмейсіз бе сонда? Бикем-ау, сізге не болған! Мені соншалық бір әңгүдік деп ойлайсыз ғой деймін.
— Жасырып қайтесіз, сіз маған шынымды айтқызу үшін осы оқиғаның бәрін ойлап тауып, Арамисті де жаныңыздан шығардыңыз ғой.
— Бике, мен ештеңені де ойлап таппаймын және ешкімді де жанымнан шығармаймын.
— Өз достарыңыздың біреуі сол үйде тұрады деп шынымен-ақ айтасыз ба?
— Мен оны айтқанмын, керек болса тағы үшінші рет қайталайын: бұл үйде менің досым тұрады, оның аты — Арамис.
— Мұның бәрі жүре келе анықталады, ал, әзірше, мырза үндемей жүре беріңіз! — деді келіншек сыбырлап.
— Егер сіз алдыңызға жайып тастаған жүрегімде не барын оқи білсеңіз, — деді д'Артаньян, — одан оттай лаулаған ынтызарлықты көріп, мен байғұсты аяр едіңіз және сонымен бірге маздаған махаббатымды сезіп, сол замат ынтызар көңілімнің мауқын басар едіңіз! Өзіңізді сүйетін кісіден қауіптенудің қажеті жоқ.
— Сіз қас қағым болмай жатып махаббат күйін шертіп кеттіңіз ғой, — деді келіншек басын шайқап.
— Махаббат лезде лап етсе және тұңғыш рет тұтанса қайтейін. Мен әлі жиырмаға да жеткенім жоқ.
Бонасье бике жігітке көз қиығымен бір қарады да қойды.
— Тыңдаңызшы, мен бір ізге түстім білем, — деді д'Артаньян, — Осыдан үш ай бұрын сіз әлгі әйелге көрсеткен орамал сияқты бір орамалға бола, тап осындай гербі бар орамалға бола, мен Арамиспен айқасып қала жаздаған едім.
— Имандай шыным, сударь, осы бір жөн-жосықсыз тергеуіңізбен мені әбден қажыттыңыз, — деді жас әйел.
— Қойыңызшы, бике, өзіңіз сауысқандай сақ кісісіз... егер қамауға алынған кезде осы орамалды тауып алса, жаман атқа қалмайсыз ба?
— Неге? Онда кестеленген менің есімім емес пе? «К. Б.» Констанция Бонасье.
— Немесе Камил де Буа-Траси.
— Ойбай, үндемеңіз, сударь! Үндей көрмеңіз! Егер маған араның ашып тұрған қауіп-қатерді ескермесеңіз де, өз басыңызға төніп тұрған қауіпті ойласаңыз етті.
— Маған ба?
— Иә, сізге. Менімен танысқаныңыз үшін абақтыға қамалуыңыз да, тіпті басыңыз кетуі де мүмкін.
— Ендеше сіздің қасыңыздан кетпеймін!
— Сударь... — деді әйел майыса үн қатып өз қолын өзі уқалап. — Сударь, сіздің әскери намысыңыз бен азаматтық арыңызға жүгінемін — кетіңізші! Есіттіңіз бе: сағат түн жарымды соқты, мені тап осы сағатта күтуші еді.
— Бике, — деді д'Артаньян тәжім етіп, — осынша қиылып өтінген кісінің тілегін қалай орындамассың. Қам жемеңіз, мен кеттім.
— Сіз менің соңымнан еріп, аңдымайсыз ғой әйтеуір?
— Дереу үйге қайтам.
— Аһ, сізді өзім де осындай адал жігіт деп ойлаушы едім! — деді Бонасье бике дауыстап, бір қолын бұған ұсынып, екінші қолымен тас дуалдың қуысындағы шағын есікке ілінген балғаны ұстай берді.
Д'Артаньян келіншектің қолына шап беріп, оны құшырланып сүйе бастады.
— Бұдан да сізбен ешқашанда кездеспегенімнің өзі жақсы еді! — деп жігіт ойын төтесінен қойып қалды, әдетте әйелдер сыңайылап сызылғаннан гөрі осындай мәрттікті жақсы көреді, өйткені бұдан жігіттің аяулы сезімі ақыл тұсауын үзіп, буырқанып бір көрініп қалады.
— Жоқ — деді Бонасье бике, жігіт қолын еркелей қысып, д'Артаньян оның қолын әлі ұстап тұрған еді, — жоқ, мен олай дей алмаймын: бүгін сәті түспеген істің, бәлкім, болашақта бір сәті түсер. Менің де қолым босайтын бір күн туар, сол кезде сіздің ынтық көңіліңізді көншітетін шығармын, кім білген...
— Ал, менің махаббатым ше — оның да үміт үзбегені жөн шығар? — деді жас жігіт қуанып кетіп.
— О, мен бұл жөнінен өзімді өзім жіпсіз байлай алмаймын! Менің сезімімді сіз тұтата аласыз ба, алмайсыз ба — соған байланысты ғой.
— Ендеше, бикем, әзірше...
— Әзірше, сударь, мен сізге тек алғыс сезімімді ғана білдіремін.
— Сіз аса сүйкімді бір перизатсыз, — деді д'Артаньян жабырқау үнмен, — және менің махаббатымды көзге ілмей тұрған сияқтысыз,
— Жоқ, сударь, мен сіздің кісілік парасатыңызды ғана пайдаланып тұрмын. Бірақ өзінің уәдесін ұмытпайтын кісілер де бар екеніне сеніңіз. __
— Пәлі, сіз мені ажалды кісілердің ішіндегі ең бақыттысы еткелі тұрсыз. Осы кешті ұмытпаңыз, осы уәдеңізді де ұмытпаңыз!
— Қам жемеңіз. Уақыты келгенде бәрін де есіме аламын. Ал енді, құдай үшін, тезірек кетіңізші! Мені сағат он екіде тосқан еді, кешігіп қалдым.
— Бес минутке ғана.
— Кейбір кездері бес минут — бес ғасырға татиды.
— Әрине, шын сүйген кісіге.
— Осы мәселе ғашық кісі жайлы емес деп сізге кім айтты?
— Сізді еркек күтіп отыр екен ғой! Еркек! — деді д'Артаньян дауыстап.
— Міне, біздің егесіміз тағы қайта басталды, — деді Бонасье бике жымия күліп, бірақ үнінен тызақтап тұрғаны байқалды,
— Жо-жоқ! Мен кетемін, кетемін. Сізге сенемін, менің өзіңізге жан-тәнімен берілгеніме сіз де сеніңіз, осы көзсіз берілгенім есерлікпен шектесіп жатса да лаж бар ма, қайтейін. Хош, бикем, хош болыңыз!
Келіншектен қазір айрылып кетпесе, қолын жібере алмайтынын сезген кісідейін, ол кенет бұрылып жүре берді. Ал, Бонасье бике қолына балғаны алып, бұрын терезені қалай қақса, тап солай етіп, есікті де қақты: арасын бірдей етіп, жайымен үш рет қақты. Бұрышқа дейін жүгіріп барып, д'Артаньян артына қарады. Есік ашыла түсіп, қайта жабылды. Галентерейшінің әсем әйелі көзден ғайып болды.
Д'Артаньян өз жөнімен жүре берді. Ол Бонасье бикені аңдымаймын деп серт етті, ендеше қалған өмірі келіншектің қайда баратынына немесе оны кімнің ұзатып салатынына байланысты болса да, ол енді тек қана үйіне барады, жігітке сертінен таюға болмайды. Арада бес минут өтпей жатып ол Көр қазушылар көшесіне келіп жетті.
«Байғұс, Атос! — деп ойлады ол. — Мұның мәнісін қайдан білсін. Ол мені күте-күте, келмегесін ұйықтап қалған шығар, әлде үйіне кетіп қалған шығар, сосын өзі жоқта үйінде бөтен әйел болғанын есіткен шығар. Атостікінде әйел болғаны қандай ғажап! Пәлі, Арамистің үйінде де әлгіде бір әйел болды ғой. Осының бәрінде бір сыр жатыр-ау, ақыры немен бітерін білер ме еді».
— Жағдай жаман, сударь, жаман! — деді әлдекім.
Д'Артаньян оның Планше екенін біле қойды.
Басына беймаза бір ой келген кісі көңіліндегі нәрсені естіртіп өзімен сөйлесіп кетеді ғой, д' Артаньян да өз-өзімен күбірлей сөйлесемін де, есігінің алдына қалай келгенін байқамай да қалыпты, енді іште өз пәтеріне көтерілетін басқыш бар.
— Жаманы несі? Онымен не айтқың келеді, ақымақ! — деді л' Артаньян. — Не болып қалды сонша?
— Қайдағы жоқ бір бәлелер.
— Не ол?
— Біріншіден, Атос мырзаны қамауға алды.
— Қамауға дейді? Атосты қамады ма? Не үшін?
— Оны сіздің үйден тапты. Және оны сіз деп ойлады.
— Оны қамауға алған кім?
— Жасауылдар. Оларды көмекке шақырған әлгі өзіңіз қуып жіберген қара киімді кісілер.
— Ау, ол өзінің кім екенін,- бұл іске ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, жөн-жосықты түсіндірмеді ме?
— Мырза, ол кісі өлсе де сыр шашпас еді. Өйткені маған тақап келіп, былай деп сыбырлады: «Тап қазір менен гөрі сенің қожаңның азат жүргені жон. Оған жай-жағдаяттың бәрі мәлім, мен ештеңені де білмеймін. Мыналар оны қамадық деп ойлай берсін, ал, ол өзінше әрекет жасай береді ғой. Енді бір үш күннен кейін мен бұларға өзімнің кім екенімді айтамын, сосын мені лажсыздан босатып жібереді».
— Бәрекелде, Атос! Жігіттің сұлтанысың ғой! — деді күбірлеп д'Артаньян. — Өзін осы бір әрекетінен танығанымды қарашы. Жасауылдар не істеді?
— Олардың төртеуі Атосты айдап әкетті, қайда әкеткенін — Бастилияға ма, әлде Фор-Лебекке ме — білмеймін. Екеуі үй ішін тінтіп, күллі қағазды әкеткен қара киімді кісілердің қасында қалды. Ал, қалған екеуі есікті күзетіп тұрды. Сосын олар өз жұмысын тындырып, үй ішін түгел тонап, есікті аңқитып ашқан күйі, өз жөніне кетіп қалды,
— Портос пен Арамис қайда?
— Мен оларды таба алмадым, сол себепті де о кісілер келген жоқ.
— Бірақ олар енді келетін шығар. Сен оларға менің күтіп отырғанымды айт деп тапсырып кеттің ғой?
— Иә, сударь.
— Дұрыс. Ендеше осында бол. Егер олар келе қалса, не болып, не қойғанын түгел айт. Олар мені «Қарағай жаңғағы» шарапханасынан күтсін. Олардың мұнда қалуына болмайды — қауіпті. Үйді аңдитын да шығар. Мен де Тревиль мырзаға барамын да, болған жәйтті баяндап беремін, сосын оларды іздеп шарапханаға соғамын.
— Мақұл, сударь, — деді Планше.
— Сен осында боласың ғой? Қорықпайсың, ғой? — деді д'Артаньян қайта оралып келіп, қызметшісінің көңілін аулап жігерлендірмек болып.
— Қам жемей-ақ қойыңыз, сударь, — деді Планше. —Сіз мені әлі білмейсіз. Сенсеңіз, көңілім қаласа — батыр да болып кетем. Гәп көңілдің қалауында ғой. Оның үстіне мен Пикардиядан шыққан кісімін.
— Сонымен, бір түйінге келдік қой: Осы арадан өлсең де кетпейсің, солай ма?
— Иә, сударь. Мырзама жан-тәнімен берілгенімді дәлелдеу үшін мен байғұс не істемейді дейсіз.
«Керемет!» — деп ойлады д'Артаньян. — Осы жігітке қолданған тәсілім өте дұрыс тәрізді. Реті келгенде тағы да қолданармын».
Бүгін күні ұзын жүгіре-жүгіре әбден талып қалған аяғының әл-қадарынша ол енді Ескі кептер ұясы көшесіне қарай жүгіре жөнелді.
Де Тревиль мырза үйінде жоқ болып шықты. Оның ротасы Луврда күзетте екен. Ол ротасымен бірге сонда жүрген көрінеді.
Қайтсе де де Тревиль мырзаға жетуі керек. Оған болған оқиғаны жасырмай айтқан жөн.
Д'Артаньян есебін тауып Луврға кірмекші болды. Дезэссар мырза ротасы гвардияшысының формасы куәлік кәдесіне жарар деп ойлады ол.
Ол Кіші Августин көшесімен жүріп, әрірек барғасын жағалауды бойлап, Жаңа көпірден өтпек болды. Пароммен өтсем бе екен деген бір ой жылт етті, бірақ өзенге қарай ылдилап келе жатқанда қалтасына қолын салып еді, қайыққа төлейтін көк тиыны жоқ екен.
Генего көшесіне жеткен кезде ол Дофин көшесінің бұрышын айналып келе жатқан бір кісілерді көрді. Олар екеу — еркек пен әйел еді. Олардың сырт бейнесі д'Артаньянды қайран қалдырды.
Әйелдің сырт бейнесі Бонасье бике тәрізді, ал, еркегі Арамистен айнымайды екен.
Әйел бір қара плащқа оранып алыпты, оның осы бейнесі Вожирар көшесіндегі терезе алды мен Лагарп көшесіндегі есік қасында көрген күйі Д'Артаньянның жадында тасқа басқан таңбадай жатталып қалыпты. Еркек үстіне мушкетер формасын киіпті.
Плащтың кимешегін әйел бетіне түсіріп қойыпты, ал жігіт жүзін бет орамалымен көлегейлеп келеді. Мына сақтығына қарағанда, екеуі де жұртқа танылғысы келмейтін сияқты.
Олар көпірмен жүрді. Луврға бара жатқасын мұның жолы да осы көпірмен өтетін. Д'Артаньян олардың соңына ерді.
Он қадамдай жүрмей жатып-ақ, әйелдің Бонасье бике екеніне, ал еркектің Арамис екеніне оның көзі анық жетті.
Қызғаныш буған жігіт жүрегінде тағы да күдік пен шүбә ояна бастады.
Оны қатты алдапты, ең әуелі досы алдапты, сосын көңілдесім деп асық болған әйел алдапты. Бонасье бике әлемдегі құдай атаулының атымен Арамисті білмеймін деп ант етіп еді, енді міне, арада ширек сағат өтпей жатып Арамиспен қолтықтасып келе жатқам түрі мынау.
Д'Артаньян галантерейшінің әсем әйелімен осыдан үш сағат бұрын ғана танысқанын ойлап бас қатырмады, әйелді ұрлағысы келген тыңшылардан құтқарғанына алғыс айтудан басқа мұны келіншекпен ештеңе жуыстыра алмайтынын, оның бұған ешбір уәде бермегенін жігіт ақылға салып жатпады. Ол өзін алданып, қор болып қалған, масқараға ұшыраған ер жігіттей сезінді. Арқаны қозып, құтырынып, қаны басына тепті. Ол қайтсе де ақиқат шындықты білмек болды.
Келіншек пен оның серігі өздерін біреудің аңдып келе жатқан сезді де, жүрісін жылдамдатты. Д'Артаньян жүгіріңкіреп барып, бұлардан оза түсті де, сосын кейін бұрылып, олар фонарь жарығы түсіп тұрған Самарит әйелдің мүсінін жанап өте берген кезде, солармен бетпе-бет жолығысып қалды, шам сәулесі көпірдің осы бөлегін тегіс нұрландырып тұр еді.
Д'Артаньян бұлардың қарсы алдына келіп тұра қалғасын, олар да лажсыздан аялдай берді.
— Сударь, сізге не керек? — деді мушкетер, бір қадам кейін шегініп, оның шетелдік екенін сөйлеуінен аңғарған д'Артаньян, ойына алған көп күдігінің бірі қате екенін сезді.
— Бұл Арамис емес қой! — деді ол дауыстап.
— Жоқ, мырза, Арамис емеспін. Мына сөзіңізге қарағанда, сіз мені басқа кісі екен деп қалыпсыз, сол себепті де сіздің бұл әбестігіңізді кешірдім.
— Кешірдім дейсіз бе? — деді д'Артаньян өрекпіп.
— Иә, — деді бейтаныс кісі бәсең үнмен. — Менде ешқандай жұмысыңыз жоқ болса, өтіп кетуіме рұқсат етіңіз.
— Дұрыс айтасыз, сударь, менің сізде ешқандай да жұмысым жоқ екені рас. Бірақ сіздің қасыңыздағы әйелде азғантай шаруам бар еді,— деді д'Артаньян.
— Қасымдағы әйелде? Сіз оны тіпті де білмейсіз ғой! — деді бейтаныс таңырқап.
— Сіз қателесесіз, сударь, мен оны білемін.
— Ах, — деді Бонасье бике мұны кінәлай тіл қатып, — сіз маған әрі дворян, әрі әскери адам ретінде уәде беріп едіңіз, мен сіздің сертіңізге сеніп қалып едім!
— Ал, сіз, бике, сіз өзіңіз... — деді д'Артаньян қызарақтап, — өзіңіздің маған берген уәдеңізде...
— Менің қолыма сүйеніңіз, бике, — деді шетелдік, — енді жөнімізбен жүре берелік.
Ойламаған жерде абдырап сасып қалған д'Артаньян, Бонасье Пике мен оның жол серігінің алдына қолын кеудесіне айқастыра ұстаған күйі тапжылмай тұра берді.
Мушкетер ілгері қарай бір аттап, д'Артаньянды жол шетіне қарай итере салды.
Д'Артаньян кейін қарай ыршып түсті де, шпагасын суырып алды. Шетелдік кісі де қас-қағымда шпагасын жалт еткізді.
— Құдай үшін, милорд! — Бонасье бике дызақтап бұлардың орнына түсіп, шпагаларынан ұстай алды.
— Милорд! — Басына оқыс бір ой келген д'Артаньян қалай қышқырып қалғанын өзі де сезбеді. — Милорд!.. Кешіріңіз, сударь!.. Япырмай, сіз шынымен-ақ...
— Милорд — герцог Бекингэм, — деді баяу ғана Бонасье бике. — Сіз енді бәрімізді опат ететін болдыңыз.Милорд, бикеш, сіз де, бір өтінішім, ағат кетсем кешіріңіздер!.. Қайтейін, милорд, мына бикені жақсы көруші едім, сол себепті көзсіз қызғаныппын. Махаббаттың не екенін өзіңіз де білесіз ғой, милорд! Мені кешіріңіз және бір ауыз сөзіңізге бола сіз үшін жанымды пида етуге әзір екенімді біліп қойыңыз.
— Сіз адал азамат екенсіз, — деді герцог д'Артаньянға қолын ұсынып, жігіт оның қолын қошеметтей қысты. — Сіз маған қызмет көрсетуге әзірмін дедіңіз, мен ол тілегіңізді қабыл алдым. Бізді Луврға дейін шығарып салыңыз, егер біздің соңымыздан аңдып келе жатқан біреуді байқасаңыз болды, табанда сұлата салыңыз.
Д'Артаньян шпагасын қолына алып, Бонасье бике мен герцогті алға жиырма қадамдай оздырып жіберді-дағы, өзі сол екеуінің соңынан ере берді және Карл І-нің асыл текті, әсем министрінің әмірін бұлжытпай орындауға бел байлаған еді.
Сәті түскенде бұл кеште біздің жас батырымызға өзінің шын көңілін іс жүзінде көрсетуге қажетті жағдай тумай қалды, ал сылқым келіншек қасындағы көрнекті мушкетерімен бірге, сұқ көзге шалынбай, Луврға жетті де, Эшель көшесінің қарсысындағы есіктен ішке кіріп кетті. Енді д'Артаньянға келетін болсақ, ол дереу өзін Портос пен Арамис күтіп отырған «Қарағай Жаңғағы» шарапханасына қарай жедел басып жүріп кетті.
Ол достарына неге шақырғанын түсіндіріп жатпай: «әуелде бір іске көмектерің керек бола ма деп ойлап қалып едім, бірақ әлгіде оны өзім-ақ реттедім», — деді ол.
Ал енді осы хикаяның қызығына түскен біз, үш досымызды үйді-үйлеріне қайтарып жіберелік те, өзіміз Луврдың жықпыл-ықпылына түсіп, герцог Бекингэм мен оның әйел серігінің соңынан ерелік.
XII
ДЖОРДЖ ВИЛЛЬЕРС, ГЕРЦОГ БЕКИНГЭМСКИЙ
Бонасье бике мен герцог Луврға көп қиындық көрмей еркін кіріп кетті. Сарайдағылар Бонасье бикені королеваның қызметіндегі әйел деп білетін, ал герцог де Тревиль мырза мушкетерінің формасын киіп алған еді, жоғарыда айтқанымыздай, бұл мырзаның ротасы сол кеште сарай күзетінде тұрған. Оның үстіне Жермен королеваға көзсіз берілген кісі еді, егер бірдеңе бола қалса, жұрт Бонасье бикені Луврға ашынасын алып кірді деп айыптар еді. Іс осымен тамам болар еді. Бар кінәны ол өз мойнына алар еді, шынына келсек, оның абыройы айрандай төгілер еді, бірақ бұ дүниенің мықтылары қайдағы бір галантерейшінің байғұс әйелінің ар-абыройын қайтсін!
Аулаға кіргесін герцог пен Бонасье бике тас қоршауды жаралап жиырма бес қадамдай жүрді. Содан кейін Бонасье бике әдетте түнде жабылып, күндіз ашық тұратын бір шағын есіктің тұтқасын басып қалды. Есік ашылып кетті. Олар ішке кірді. Айнала тастай қараңғы, бірақ Луврдың сарай қызметшілеріне бөлінген осы жақ қанатының күллі есік-тесігін Бонасье бике бес саусағындай білетін. Артындағы есікті жапқасын, әйел герцогті қолынан жетелеп, абайлап бірнеше қадам жүріп келіп, басқыштың қоршауынан ұстап, аяғымен тепкішекті басып көріп, жоғары көтеріле бастады. Герцог әйел соңынан ере берді. Олар үшінші қабатқа шықты. Осы арада Бонасье бике оңға қарай жалт бұрылып, қасындағы серігін ұзын дәлізбен ертіп, бір қабат төмен түсті де, тағы бірнеше қадамнан кейін құлыпқа кілтті салып, бір есікті ашты, сосын герцогті түнгі , шам ғана жағылған бір бөлмеге кіргізді.
— Осы арада тоса тұрыңыз, милорд. Қазір келеді, — деді әйел сыбырлап.
Содан кейін әйел әлгі есіктен шықты да, оны кілттеп жауып тастады, сөйтіп герцог нағыз тұтқынға айналды.
Бірақ соқа басы сопайып жалғыз қалғанымен герцог тіпті саспады. Оның мінез-құлқындағы ғажайып бір қасиеті — шытырман оқиғаларға өлердей құмартын және романтикалық нәрсенің бәрін жанындай жақсы көретін. Тірі жаннан беті қайтпаған, алымды да шалымды батыр жігіт, басын тап осылай талай рет бәйгеге тіккен. Өзіне қанат байлатып Парижге әкелген бір себеп — Анна Австрийскаяның хаты жалған екені, ол мұны әдейі арандатуға жасалған айла екені бұған мәлім болғаны қашан. Бірақ Лондонға қайтудың орнына, ол болған істі желеу етіп, сізбен дидарласпай кетпеймін деп королеваға сәлем жолдады. Әуелгі кезде королева бұдан үзілді-кесілді бас тартты, бірақ жаны күйген герцог тағы бір есуастық жасар деп қауіптеніп, кездескенде тезірек кетуін сұрармын деген оймен оны қабылдамақ болды. Амал қанша, королева осындай шешімге келген күннің кешінде әлдекімдер Бонасье бикені ұрлап кетті, ал оған герцогке арнайы барып, оны Луврға жасырын ертіп әкелу тапсырылған еді. Екі күн бойы ол әйелге не болып, не қойғанын тірі жан білмеді, сонымен ойға алынған іс орындалмай тоқтап қалды. Ал, Бонасье бике азат болып, де Ла Порт мырзамен жолығысқаннан кейін, бәрі де қайтадан басталды, егер қолды болмағанда осыдан үш күн бұрын жүзеге асырылатын қауіпті істі ол енді ойдағыдай орындап шықты.
Оңаша қалғасын герцог айна алдына барды. Мушкетер киімі оған әбден жарасады екен.
Ол отыз бес жаста еді, оның тек күллі Франция ғана емес, Англия еліндегі ең сұлу бекзат, ең сыпайы, сал жігіт атанып жүргені тегіннен-тегін емес-ті.
Екі корольдің еркесі, миллиондаған йен байлық иесі Джордж Билльерс, герцог Бекингэм ел ішінің көз көріп, құлақ естімеген өктем билігі қолында болғасын, ойына не келсе соны істеп, қалың жұртты «әйт» деп өргізіп, «шәйт» деп қайырып, ертегі-аңызда ғана болатын ғажайып бір тірлік кешіп жатты, оның бұл тірлігі, арада жүздеген жылдар өтсе де, кейінгі ұрпақтарды таң қалдырып, тамсандырып келеді.
Өзіне өзі кәміл сенетін және өзге жұртты басқарып жататын заң-закүндердің бұған зәредей де қатысы жоқ екеніне айқын көзі жететін бұл сабазымыз өз құдіретіне өзі мәз болып, алдына қойған мақсатына төтелей тіке тартты, ал, бұл мақсаттың аспандағы жұлдыздай жарқырап алыс тұрғаны сонша, бәз біреулер оны ойына алып, қиялдаудың өзін есуастық деп ұғар еді. Осының бәрі қосылып келгенде, герцог бір тәуекелге бел байлап, созсаң қол жетпейтін асқан сұлу Анна Австрийскаямен дидарласып, оны ақыл-естен айырып, жүрегіне махаббат отын салмақ болды.
Сонымен, біз әлгіде ғана Джордж Вилльерс айна алдына келіп тұрды деп едік қой. Мушкетер қалпағы басып, біраз ұйысып қалған алтындай сары шашын жөндеп, мұртын ширатып, көптен аңсап, сағынған сәті жақын қалғанына жаны жадырай қуанған сері жігіт жүрегінде мақтаныш пен үміт оты маздап, айнадағы өз бейнесіне күлімсірей көз тастады.
Сол мезетте қабырға көмкермесінен байқалмайтын құпия есіктен бір әйел келіп кірді. Герцог оны алдындағы айнадан көрді. Даусы еріксіз шығып кетті — ол королева еді!
Ол кезде Анна Австрийская жиырма алты, жиырма жеті жастар шамасында, толған айдай толысқан ең бір сұлу шағында еді.
Ол әйелдің жүріс-тұрысы ханшадай, хақ тәңірінің өзіндей табындыратын. Зүбәржат атқан жанары кемел көрікке толып, нәзік те тәкаппар көрінетін.
Австрия корольдерінің барша әулетіне тән сәл шығыңқы төменгі ерінінің өзі де оның оймақтай ал қырмызы аузына соншалық жарасып тұратын, — күлімсіреген шағында таңғажайып көрініп, қаласа тәрк-талақ ете де білетін.
Жұп-жұмсақ үлбіреген мақпал денесі, жұп-жұмыр қолдары мен екі иығы көргеннің көз жауын алып, өз тұсындағы ақын біткеннің өлең-жырына арқау болды.
Ең қатал сыншының өзі сәл көмескілеу болса дейтін, ең талғампаз мүсіншінің өзі мұрын тұсы сәл пістелеу бітсе дейтін бет әлпетін келе-келе жирен тартқан, бірақ балғын кезіндегі ақшаңқан шашы опаланып, толқындай төгіліп, әсем әдіптеп тұратын.
Герцог Бекингэм бір сәт көзі қарығып сілейіп тұрып қалды: бұрын балдарда, той-томалақ, сауық-сайрандарда Анна Австрийская тап қазіргідей, үстіне жұпыны ғана ақ жібек көйлек киіп, соңына донья Эстефанияны ертіп осы бөлмеге кіріп келгендегідей таңғажайып сұлу болып көрген емес, донья Эстефания королеваның испан күтушілерінің ішіндегі корольдің қызғанышы мен кардинал Ришельенің қулық-сұмдығының құрбандығына әлі де шалына қоймаған бірден-бір күтушісі еді.
Анна Австрийская герцогке қарай бір басып тұрып қалды. Бекингэм оның аяғына құлай кетті де, королева бой тартам дегенше, оның көйлегінің етегін ерніне тақай берді.
— Сол бір хатты менің жаздырмағанымды білесіз ғой, герцог.
— О, иә, ханым, білемін, ардағым! — деді герцог дауыстап. — Мәрмәр тасқа жан бітеді, ақ қардан жылу шығады деп жүрген сымақ, есуас екенімді өзім де білемін. Бірақ амал қанша: өзің ғашық болғасын өзгені де солай екен деп ойлап қаласың! Ал, шынтуайттап келгенде, менің осы сапарым да бекерге өтпепті, өйткені өзіңізді көріп тұрмын ғой!
— Иә, солай, — деді Анна Австрийская, — бірақ сіз менің өзіңізбен кездесуге неліктен келіскенімді білесіз бе? Менің басымдағы реніш-күйінішімді көңіліңізге де ілмей, сіз қасарысып осы қаладан кетпей қойдыңыз және осында қалсаңыз, опат болатыныңызды да, менің ар-абыройыма дақ салатыныңызды да ескермедіңіз. Менің сізбен жүздесуге келіскен себебім, күллі әлем — тұңғиық теңіз де, еліміздің өзара жауласуы да, бір кезде берген ант пен сертіміздің қасиеттілігі де — бізді айырып-ажыратып тұрғанын айтқым келді. Міне, осының бәріне қасқайып қарсы тұру — аруақ аттағанмен бірдей, милорд! Менің сізбен керісуге келіскен тағы бір себебім, мырза, біз енді қайтып кездеспеуіміз керек дегенді айтқым келді.
— Тағы не дейсіз, ханым, айтыңыз, айта беріңіз, королева! — деді Бекингэм. — Қатал сөзіңізді нәзік үніңіз ғана жұмсартып тұр... Сіз аруақ, аттағандық, дедіңіз. Бірақ құдай бір-біріне ғашық етіп жаратқан қос жүректі ажыратудың өзі нағыз аруақ аттағандық емес пе!
— Милорд, — деді королева дауыстап, — мен сізді сүйемін деп ешқашанда айтқан емеспін, соны ұмытпаңыз!
— Бірақ сіз мені сүймеймін деп те айтқан жоқсыз ғой. Шынында да, егер мұндай сөзді айтсаңыз, ұлы мәртебелі ханым, ол сіздің тарапыңыздан жасалған қатал жаза болар еді. Өйткені ұзақ уақытта, үміт-сенім кесіліп, айрылысып кеткенде де ешбір сөнбеген менің махаббатым сияқты махаббатты сіз қайдан табасыз? Аңдаусызда түсіп қалған лентаны, жәудіреп бір қарағаныңызды, оқыс шыққан бір ауыз сөзіңізді қанағат тұтып жүре беретін махаббатты қайдан табасыз? Менің сізді тұңғыш рет көргеніме, міне қазір үш жыл болды, ханым, сізді осылай ес-түссіз сүйгеніме де үш жыл толды! Егер көңіліңіз қаласа, өзіңізді алғаш рет көргенімде қалай киінгеніңізді айнытпай айтып берейін? Тіпті көйлегіңіздің әшекей-кестелеріне дейін айтып берейін. Сіз тап қазіргідей әлі де көз алдымдасыз. Испан салты бойынша, сіз көпшік төсеп отырған едіңіз. Үстіңізде алтын-күміспен әдіптелген жасыл атлас көйлегіңіз барды, көйлектің кең де ұзын жеңі, сіздің осынау ақ борықтай балғын білегіңізді жалаңаштап, баданадай алмаз көзді түйреуішпен түріліп қойылған-ды. Аққу мойныңыз ақ шілтермен көмкерулі еді.
Басыңызда көйлегіңіз түстес тақияңыз бар-ды, ал оған аққұтанның қауырсыны қадалған еді... О, дүние, көзімді жұмсам болғаны, сізді тап сол кездегі қалпыңызда көремін! Ал, ашсам — сізді тап осы қазіргі күйіңізде, бұрынғыдан жүз есе сұлу күйіңізде көремін!
— Неткен есуастық! — деді күбірлеп Анна Австрийская, өз бейнесін жүрегінде аялай сақтап жүрген жігітке ашулануға дәті шыдамай. — Жан құмарлығын осындай естелікпен қандырудың өзі есуастық қой!
— Сонда мен қайтіп күн көремін? Естеліктен басқа мен сорлыда не қалды дейсіз. Сізбен әрбір кездесуім — жанымның қазынасына қосылатын асыл алмаз. Бүгінгі кездесу — сіз абайсызда түсіріп, мен қағып алған төртінші асыл тас. Соңғы үш жылда, ханым, мен сізді не бәрі төрт-ақ рет көрдім. Тұңғыш кездесуді әлгіде ғана айттым, екінші рет мен сізді де Шеврез ханымның үйінде көрдім, үшінші рет — Амьен бауларында көрдім...
— Герцог, — деді королева қызара сыбырлап, — со бір кешті еске салмай-ақ қойыңызшы!
— О жоқ, ханым, қайта соны бүгін еске алайықшы! Ол менің өмірімдегі ең бақытты, ең қуанышты кеш еді. Сондағы ғажайып түн есіңізде шығар. Бір хош иісті жұмсақ самал есіп тұрды-ау. Барқын аспанда жұлдыздар жамыраған. О, со жолы, ханым өзіңізбен бір сәт қана оңаша қалып ем-ау. Сонда сіз маған бар сырыңызды — жалғыз жүріп жабығатыныңызды, жаныңызды жеген қасірет-шеріңізді айтқыңыз келген-ді. Сіз менің қолыма, міне, мына қолыма сүйенген едіңіз. Сәл ғана еңкейгенде сіздің жібек шашыңыздың бетіме тигенін сезіп, өн бойым шымырлап, дуылдап кеткен ем. Қайран, королевам — ханымым менің! Сондай бір қайталанбас сәттерде қанша бақыт, ұжмаққа кіргендей бақыт-ләззат барын сіз білмейсіз ғой!.. Мен өзімнің күллі бақ-дәулетімді, байлығымды, атақ-даңқымды, енді қалған азды-көпті өмірімді тап сондай бір сәтке, тап сондай бір түнге өкінбей-ақ берер едім! Өйткені сол бір түні, ханым, иманым кәміл, сіз мені ақиқат жақсы көрген едіңіз!..
— Бәлкім, солай болған да шығар, милорд... иә, сол араның ғажайып кеші, сіздің қиыла қарағаныңыз, әйел байғұсты апатқа итермелейтін сан алуан жай-жағдаяттар кейде солай қат-қабат келеді, со бір қатерлі түнде менің басымда сондай бір хәлдің болғаны рас. Бірақ, милорд, нәзік әйелден әл кете бастағанда королеваның көмекке келгенін өзіңіз де көрдіңіз: сіз жүрек тоқтатып, маған тікелей тіл қатып еркінси бастағаныңыздан-ақ, мен оған жауап қайтарудың орнына күтуші әйелді шақырдым ғой.
— О, оныңыз рас. Менен басқа жанның махаббаты мұндай сынға төтеп бере алмас еді. Бірақ менің махаббатым бұл қорлыққа да төзді, қайта бұрынғыдан бетер маздап, жан-жүрегімнен мәңгі орын алды. Парижге қайтып келгесін сіз, шамасы, менен құтылдым деп ойлаған болуыңыз керек, ал мені билеуші қожам күзеттіріп қойған асыл қазынаны тастап кете алмайды деп есептесеңіз керек. Бірақ менің бүкіл жер шарындағы қазыналар мен корольдерде қанша шаруам бар! Арада бір апта өтпей жатып қайта келдім, ханым. Со жолы сіз маған ешбір кінә қоя алмадыңыз. Сізді бip рет қана көру үшін мен корольдің шарапатын да талақ еттім, тіпті өз жанымды да шүберекке түйіп келіп, сіздің қолыңыздан бір ұстауға да жарамадым, менің өз ағаттығымды өзім мойындап, құлдық ұрғанымды көргесін, сіз сонда бар күнәмды кешіріңіз.
Иә солай, бірақ өсекшілер сіздің сол ессіздігіңізді қатты пайдаланды, өзіңізге мәлім, милорд, менің бұнда ешбір кінәм жоқ еді ғой. Кардинал мырза қолтығына су бүріккесін король қаһарына мінді. Де Берне ханым қызметінен айрылды, Пютанж Франциядан қуылды, де Шеврез ханым корольдің қырына алынды. Сіз елші ретінде Парижге қайта келмек болғаныңызда, бұған корольдің өзі — есіңізде ме, милорд — корольдің өзі қарсы болды.
— Иә, король қарсы болғаннан кейін енді Франция соғысқа шығуы керек. Ханым, мен сізді көру мүмкіндігінен айрылған жанмын, бірақ сіз менің хабарымды күн сайын есітсеңіз екен деймін. Рэ аралына жіберілген экспедицияның мақсаты не екенін, әйтпесе, өзім ойластырып жүрген іс — Ла-Рошель протестанттарымен одақтасудың мақсаты не екенін сіз білесіз бе? Сізді бір көру ғанибеті. Қолыма қару ұстап Парижді жаулап ала алмайтыным ақиқат. Бірақ мына соғыстан кейін бітім шарты жасалады, ол үшін келіссөз жүргізіледі, ал келіссөзді жүргізу маған тапсырылады. Сол кезде бұлар мені қабылдамай көрсін, қабылдайды, сосын мен Парижге қайтып келемін де, көзімнің қиығымен болса да, сізді әйтеуір бір көремін, мен үшін бақыт деген осы. Рас, сол бақыт үшін мыңдаған адам құрбан болады. Бірақ менің онда ешбір жұмысым жоқ, сізді бір көрсем болғаны. Бәлкім, осының бәрі есуастың сандырағы да шығар, бірақ имандай шыныңызды айтыңызшы, қай елдің мен сияқты ынтызар ғашығы бар екен? Қай королеваның менен өткен адал қызметшісі бар екен?
— Милорд, милорд, сіз өзіңізді ақтаймын деп даттап тұрсыз. Милорд, махаббатыңызды дәлелдеуге келтірген мысалдарыңыз қылмыспен пара-пар ғой.
— Ханым, сіз мені сүймейтін болғандықтан да солай көрінетін шығар. Егер сіз мені жақсы көрсеңіз ол тіпті басқаша болып көрінер еді. Қайран дүние, егер сіз мені шынымен жақсы көрсеңіз... шынымен жақсы көрсеңіз, шексіз бақыттан жынданып кетер ме едім, қайдам! Иә, сіз әлгіде ғана есіңізге алған де Шеврез ханым сізге қарағанда мейірімді еді: Голланд оны жақсы көріп еді, ол жігітке кет әрі демеді.
— Де Шеврез ханым королева емес қой, — деді сыбырлап Анна Австрийская, шын ғашықтың сөзіне шыдамай бойы балқып кетіп.
— Ендеше, ханым, егер королева болмасаңыз сіз мені шынымен-ақ сүйер ме едіңіз? Айтыңызшы, сүйер ме едіңіз? Сізді қасарыстырып қойған тек королеваның дәрежесі ғана деп ойлауыма болар ма екен? Егер сіз де Шеврез ханым болсаңыз, Бекингэм байғұстың сізден үміт үзбеуіне болар еді ғой, солай ма?.. Осы бір тәтті сөздерінің садағасы кетейін, бір рақмет сізге!
— Милорд, милорд, сіз мені жаңсақ түсініп, тұрсыз. Менің айтайын дегенім басқа...
— Қойыңызшы, үндемей қоя тұрыңызшы! — деді герцог. — Егер маған иен бақытты сыйлаған сіздің бір қателігіңіз екен, ендеше оны жөндеймін деп тас жүрек аталмай-ақ қойсаңыз етті. Өзіңіз әлгіде ғана айттыңыз ғой, мені арандатқалы жүр деп. Бәлкім, мен осыдан өмірмен де қоштасармын... Бір ғажабы, соңғы кездері ажал тақап қалғандай-ақ өлімді көп ойлаймын... — Герцог аса бір сүйкімді кейіппен мұңая бір жымиып күлді де қойды.
— Құдай-ай, қайдағыны айтпаңызшы! — деді Анна дауыстап, сыртқа қанша сыр білдірмесе де, ханымның үрейлі үнінен оның герцогке ғашық екені бірден байқалып қалды.
— Мен оны айтқанда сізді қорқытайын деп айтқаным жоқ, ханым. О жоқ! Оны мен әшейін күлу үшін айттым, ондай сөз менің қаперіме де кіріп шықпайды. Бірақ сіздің әлгі бір айтқан сөзіңіз кеудемде үміт отын қайта тұтатты, енді менде арман жоқ, өлсем де арманым жоқ!
— Ендеше мен де ойымды жасырмайын, герцог, — деді Анна. — Мен де әлдебір бәлені сезгендеймін, ұдайы бір қорқынышты түс көріп, шырмалып жатамын... Бірде түсіме сіз еніпсіз: жараланып, қансырап жатыр екенсіз...
— Сол бүйіріме пышақ салып па? — деді герцог, оның сөзін бөліп.
— Иә, тап солай, милорд: сол бүйіріңізге пышақ салыпты. Менің осындай түс көргенімді сізге кім айтып қойды екен? Мен оны дұға қайырғанда бір құдайға ғана жалбарынып айтқан едім.
— Маған осы сөзіңіз де жетіп жатыр, ханым. Сіз мені жақсы көреді екенсіз, осымен іс тәмам.
— Мен сізді жақсы көремін бе? Мына мен?
— Иә, сіз. Егер сіз мені сүймесеңіз, құдай сізге менің түсіме енген түсті көрсетер ме еді? Егер жүрегіміз бен жүрегіміз жалғасып бір соғып жатпаса, екеуміз бірдей бір нәрседен сезіктенбес едік қой! Королевам менің, сіз мені жаныңыздай жақсы көресіз! Мен өлгенде жоқтап жылайсыз ба, қалай?
— О, құдай, құдайым-ай! — деді дауыстап Анна Австрийская. — Менің енді бұған шыдауға әлім жетпес. Герцог, бір өтінішім, құдай үшін, енді мені тастап тезірек кетіңізші! Сізді сүйемін бе, сүймеймін бе, білмеймін, бірақ анық білетін бір нәрсе: мен берген антымды бұзбаймын. Аяңызшы мені, кетіңізші! Егер сізді Францияда жараласа, егер сіз Францияда қаза тапсаңыз, егер сіз маған деген махаббат әлегінен қаза тапты деген бір ой көңіліме келді бар ғой, онда менің құрығаным, жынданып кетерім хақ! Кетіңізші, кетіңізші, жалынып, өтінемін сізден!
— О, сіз қандай ғажайып едіңіз. Жанымнан бетер сүйемін сізді! — деді Бекингэм тебіреніп.
— Кетіңізші! Кетіңізші! Жалынамын! Кейінірек қайтып соғарсыз. Мұнда елші немесе министр ретінде қайтып келерсіз, өзіңізді әманда қорғап жүретін күзетшілермен бірге, өзіңізді көздің қарашығындай сақтайтын қызметшілеріңізбен бірге келерсіз... Сонда ғана мен сәт сайын сіздің аман-саулығыңызды ойлап, қалтыраумен күн кешпей, сонда ғана мен сізді қуана-қуана көретін боламын.
Осы айтып тұрғаныңыз шынымен-ақ рас па?
— Иә, рас...
Ендеше... ендеше менің кінәмды кешіргеніңіздің белгісі ретінде маған өзіңіз тұтынып жүрген бір затты берсеңіз, ол және маған осы ғажайыптың бәрі түсіме енген нәрсе емес екеніне тағы бір айғақ болар еді. Өзіңіз салып жүрген бірдеңе болса... жүзік, алқа сияқты... оны мен де салар едім...
— Егер мен сіздің тілегіңізді орындасам — дереу кетесіз бе?.. Рас кетесіз бе?..
— Ия, кетем...
— Кідірмейсіз ғой?
— Ия.
— Сіз Франциядан кетесіз ғой? Англияға қайтып барасыз ғой?
— Иә, ант етемін сізге.
— Ендеше сәл кідіріңіз, кідіре тұрыңыз...
Анна Австрийская өз бөлмесіне кетіп қалып, табанда қолына бір қызыл ағаштан жасалып, есімінің бас әрпі басылған қобдишаны ұстап қайтып келді.
— Мына бір затты алыңыз, милорд. Алыңыз да, көзімдей етіп ақтаңыз, — деді ол.
Герцог Бекингэм қобдишаны алып, тағы да королеваның алдына тізерлеп отыра кетті.
— Сіз маған кетемін деп уәде бергенсіз, — деді королева.
— Мен уәдемде тұрамын. Қолыңызды беріңізші, ханым, қолыңызды беріңізші, сосын кетемін.
Королева Анна көзін жұмып, қолын ұсына берді, бойынан әл-дәрмені кетіп бара жатқасын ол екінші қолымен Эстефанияға сүйене қойды.
Бекингэм осы бір аппақ балғын қолға ерінімен жабыса кетті.
— Енді бір жарты жылдан қалмай сізді көруім керек, — деді ол еденнен тұра беріп, — ол үшін жер мен аспанды қосақтап төңкеріп тастаудан да тайынбаймын!
Сосын айтқанында тұрайын деп бөлмеден жүгіріп шығып кетті.
Дәлізден ол Бонасье бикені жолықтырды, келіншек оны бұрынғыша сақтықпен ертіп отырып, Луврдан аман-есен алып шықты.
ХIII
БОНАСЬЕ МЫРЗА
Оқушының өзі байқағанындай, осы оқиғаның ішіде хал-ахулы қанша мүшкіл болса да, ешкім көзіне ілмеген бір міскін жан бар. Сал-сері, батыр-нояндардың ерлігі мен махаббат шырғалаңына бай со бір дүрбелең дәуірдің өзара жымдасып, табысып-танысып кеткен саяси және ашыналық айла-тәсіл, қулық-сұмдықтардың құрбанына шалынған бұл қадірлі кісіміз Бонасье мырза болатын.
Оқушы жадында сақтап қалды ма, әлде ұмытып кетті ме, білмеймін, әйтеуір, бір сәті түскенде біз оны назардан тыс қалдырмаймыз деп уәде еткенбіз.
Оны тұтқынға алған тыңшылар байғұсты дедектетіп отырып Бастилиядан бір-ақ шығарған еді, осында келгесін оны қалшылдап дірілдеген күйі мушкеттерін оқтап жатқан бір взвод солдаттың қасынан айдап өткен-ді.
Сосын жартылай жер астындағы ұзын дәлізге келіп кіргесін айдаушылары оны боқтап-боралап, түйгіштеп-төмпештей бастады. Шыққан тегі ақсүйек емес екенін білгесін, тыңшылар оны тіленшіден бетер қорлады.
Арада жарты сағат өткеннен кейін хатшы келіп, мұны тергеу бөлмесіне апарыңдар деп әмір етті де, байғұсты азап-тозақтан бір құтқарды, бірақ мазасыз ойдан арылта алмады. Әдетте қамауға алынған кісілерді камераларында тергейтін, ал, Бонасье мырзаға келгенде ол әдетті сақтап бас қатырып жатпады.
Екі айдаушы қырсық шалған галантерейшіні ұстап, желкелеп ауладан өткізіп, үш қарауыл тұрған бір дәлізге кіргізді, сосын бір есікті ашып, төбесі доғаша иіліп барып қосылатын, ішінде стол мен орындықтан басқа ештеңесі жоқ бөлмеге мұны желкесінен бір түйіп кіргізе салды, комиссар да осында екен. Ол орындыққа жайғасып алып, стол басында бірдеңе жазып отыр.
Айдаушылар тұтқынды стол қасына әкелгесін комиссардың белгісімен шеткерірек, дауыс естілмейтін жерге барып тұрысты.
Осы кезге дейін қағазына шұқшиып отырған комиссар, алдында тұрған кісінің кім екенін білгісі келгендей кенет басын көтерді. Комиссардың түсінен кісі шошырлық — істік мұрын, бет-аузы запыран түсті, шықшыты шығыңқы, кішкене өткір көзді кісі екен. Түр-пішіні түлкі немесе сасық күзенге ұқсас. Қара сот мантиясының қатырма жағасына сорайып шығып тұрған қалтылдақ ұзын мойыны мен басы, сауыт ішінен мойнын созып қарайтын тасбақаның басы сияқты қозғалақтап тыным таппайды.
Комиссар ең әуелі Бонасье мырзаның аты-жөнін, фамилиясын, істейтін кәсібін, тұрақты мекенін сұрады.
Ол өзінің аты Жак-Мишель Бонасье екенін, елу бір жасқа шыққанын, бұрын шағын дүкеншінің иесі болғанын, енді сауда-саттықты бір жолата тастағанын, қазір Көр қазушылар көшесіндегі ең бірінші үйде тұратынын айтып берді.
Осыдан кейін комиссар тергеуді жинастырып қойып: егер қаймана бір кішкентай кісі жөн-жосықсыз саясатқа барып киліксе қандай қауіп-қатерге ұшырайтынын айтып ұзақ сөйлеп кетті. Бұнымен қоса ол кардинал мырзаның, алдына жан салмайтын министрдің, бұрынғы министрлердің бәрін де қанжығасына қыстырып кеткен жеңімпаз министрдің құдіретін, қажымас қайрат-жігерін, оның келешектегі министрлерге үлгі-өнеге екенін, өкімі мен билігіне, іс-әрекетіне ешкім де қарсы тұра алмайтынын баяндап, тұтас бір дәріс оқып шықты.
Сөзінің осы бір бөлегін айтып тауысқаннан кейін комиссар жыртқыш қаршыға көзін Бонасье байғұстың өңменіне қадап, өзіңнің хал-ахуалыңды ақылға салып, ойланып көргін деп әмір етті.
Бақалшыда қайбір күрделі ой болушы еді: ол де Ла Порт мырзаның мұны өзінің кіндік қызына үйлендірген күнді, әсіресе, со інікеш королеваның киім-кешек жағындағы қызметшілерінің қатарына қосылған күнді тілі жеткенше қарғап-сіледі.
Бонасье мырза табиғатында әуел бастан-ақ қара басының қамынан бөтен ештеңені ойламайтын аса сараң, қоян жүрек қорқақ қан еді. Оның жас келіншегіне деген махаббат сезімі, біз жоғарыда айтқан, ана сүтімен бірге сіңген қасиеттеріне астар бола алмайтын, бер жағындағы жасанды, үстірт сезім-ді.
Бонасье өзіне айтылған сөзді ақылына салып көп ойланды.
— Комиссар мырза, — деді ол сабырлы салмақпен, — бізді басқарғанының өзі құрмет болып табылатын, жан тең келмес, биік мәртебелі тақсырдың күллі қадір-қасиетін мен кімнен де болса артық білетініме және оны қатты бағалайтыныма сеніңіз.
— Солай ма? — деді комиссар шүбәланып. — Бұл имандай шыныңыз болса, сізді Бастилияға айдап келген қай шайтан?
— Осында қалай, дәлірек айтқанда, не үшін келіп түскенімді сізге айтып бере алмаймын, өйткені оны өзім де білмеймін. Бірақ бір шамалайтыным, әйтеуір, кардинал мырзаға ұнамайтын қылықтарым үшін отырмасам керек.
— Сізді мемлекетке опасыздық жасады деп айыптап отыр, ендеше бір ауыр қылмыс жасаған болуыңыз керек.
— Мемлекетке опасыздық жасады дейсіз бе? — Бонасье үрейлене дауыстап жіберді. — Мемлекетке опасыздық жасады?.. Гугеноттарды кісі деп санамайтын, испандарды ит етінен де жек көретін байғұс бақалшы қалайша мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталады? Өзіңіз ойлап көріңізші комиссар мырза! Ол тіпті ақылға сыймайды ғой!
— Бонасье мырза...— деді комиссар, тап бір бақалшының ішінде не жазулы тұрғанын оқитын кісі сияқтанып тесіле қарап. — Бонасье мырза, әйеліңіз бар ма?
— Иә, мырза, — деді галантерейші дірілдеп, ол бәленің енді басталатынын сезе қойды. — Менің әйелім... әйелім болған.
— Болғаны қалай? Әйеліңіз болған екен, ендеше оны қайда жібердіңіз?
— Оны менен ұрлап әкеткен, мырза.
— Ұрлап әкеткен? — деді комиссар сауалын қайталап. — Солай деңіз!
Осы бір «солай деңіз!» деген сөзден-ақ Бонасье істің шатасын, шиеленісіп бара жатқанын түсіне қойды.
— Хош, оны ұрлап әкетті-ақ делік! — Комиссар сөзін сабақтай түсті. — Сонда оны кім ұрлап әкеткенін білесіз бе?
— Білетін сияқтымын.
— Ол кім?
— Есіңізде болсын, комиссар мырза, мен ештеңені де «тап солай» деп кесіп айта алмаймын. Тек күдігімді ғана айтамын.
— Кімнен күдіктенесіз сонда? Кәне, ашып айтыңызшы.
Бонасье мырза абдырап сасып қалды: түк білмеймін деп отырғаны жөн бе еді, әлде, ағынан жарылғаны дұрыс бола ма? Егер ол азарда-безер болып, бәрін жоққа шығарса, бұл соққан көп нәрсені біледі, сол себепті де ештеңені мойындамай тұр деп ойлайды. Егер білетінін айтса, өздеріне тілеулес деп құптайды. Сол себепті де ол білетінінің бәрін де айтпақ болды.
— Мен бір түр-пішіні келіскен, асыл текті бекзатқа ұқсас, ұзын бойлы, қара шашты, қараторы келген бір кісіден қатты күдіктенем. Әйелімді Луврдан шығар жерде күтіп алып, үйге ертіп әкетіп жүргенімде әлденеше рет біздің ізімізге түсіп аңдығанын байқап қалғаным бар.
Комиссар біраз қипақтап, мазасызданып кеткендей болды.
— Оның аты кім? — деді ол.
— О, мен оның атын білмеймін. Бірақ онымен кездесе қалсам, ол кісіні мың сан адамның ішінен, оллаһи, айнытпай таныр едім.
Комиссардың қабағы түсіп кетті.
— Сіз оны мың сан адамның ішінен таныр едім дейсіз бе? — деді ол қайталап.
— Менің айтайын дегенім... — деді Бонасье күбірлеп, жауабының сәтсіз шыққанын сезіп... — Менің айтайын дегенім...
— Сіз оны таныр едім деп жауап бердіңіз, — деді комиссар, — жарайды. Бүгінге осы да жетеді. Әңгімеміздің аяғын әрі қарай жалғастырмай тұрғанда мен әуелі: сіз әйеліңізді ұрлаған кісіні біледі деп кейбір кісілерге хабарлап қоюым керек.
— Ойбай-ау, мен сізге оны білем деп айтқан жоқпын ғой! — деді Бонасье дызалақтап. — Мен тіпті басқа нәрсені айттым ғой...
— Тұтқынды әкетіңдер! — деп әмір етті комиссар, сол арадағы екі күзетшіге.
— Мұны қайда апар дейсіз? — деді хатшы.
— Камераға.
— Қайсысына?
— Құдай-ау, кез келгеніне апарып тығыңдар! Тек берік жабылса болғаны, — деді комиссар самарқау ғана, бұдан Бонасье байғұстың төбе шашы тік тұрды.
«О құдай-ай, сақтай гөр! — деп ойлады ол. — Басқа бәле жабысты деген осы да! Әйелім бір ауыр қылмыс жасаған ғой. Мені соның сыбайласы деп қоса жазалайтын болды енді. Ол кінәсын мойындаған шығар, мені бәрін де біледі деп айтқан шығар. Әйел деген нәуетек әлсіз халық... Кез келген камераға тыға сал! — деді. Әрине сөйтпегенде қайтеді! Түн дегенің қып-қысқа... Ал, ертең жаза, дар ағашы... О құдай, құдай-ай, сақтай гөр! Ая мені!»
Бонасье мырзаның жалынып-жалбарынғанын көзіне де ілмей, шамасы, оған құлағы үйреніп кетсе керек, күзетшілер тұтқынды екі жағынан ұстап камераға ала жөнелді. Комиссар дереу асығыс бір хатты жаза бастады. Хатшы оның әмірін күтіп қасында тұрып қалды.
Бонасье сол түні көз ілмеді, сонда камерасы аса жайсыз болғандықтан емес, қорқыныштан кірпік іліндіре алмады. Болмашы дыбыстан селк етіп шошып кетіп, ұзақты түн сәкі үстінде селтиіп отырды да қойды. Ертеңгісін күннің алғашқы шұғыласы терезе торынан жылжып түскен кезде оған күннің өзі қарауытып кеткендей болып көрінді.
Бір кезде ол есіктің жаппасының ашылып жатқанын есітіп, зәре-құты қалмай орнынан атып тұрды. Ол өзін дарға тарту үшін әкетуге келген екен деп ойлады.
Сол себепті де есіктен жендеттің орнына хатшысын ертіп кешегі комиссар келіп кіргенде, ол бұлардың мойнына асыла кеткісі келді.
— Қымбаттым менің, кешегіден кейін сіздің ісіңіз қатты шиеленісіп кетті, — деді комиссар. — Мен сізге тек ақиқат шындықты айтыңыз деп кеңес беремін. Сіз кінәңызды шын жүректен мойындасаңыз ғана кардиналдың қаһарынан қайтатын түрі бар.
— Ойбай-ау, мен бәрін де айтам ғой! — деді дауыстап Бонасье. — Әйтеуір, білгенімді жасырмаймын. Өтінемін, кәне, сұраңызшы.
— Ең әуелі әйеліңіздің қайда екенін айтыңызшы?
— Оны ұрлап әкетті деп айтып ем ғой.
— Иә, айттыңыз, бірақ кеше күндізгі сағат бестен кейін ол сіздің көмегіңізбен қашып кетті ғой.
— Менің әйелім қашып кетті ме? — деді Бонасье дауыстап. — О бейшара! Бірақ, мырза, ол егер шынымен қашып кетсе, ант етейін, оған мен кінәлі емеспін!
— Кеше күндіз әлгі үйіңізде тұратын д'Артаньян мырзаға не үшін бардыңыз және онымен не жөнінен соншама ұзақ сөйлестіңіз?
— Иә, ол рас, комиссар мырза. Оны мойындаймын және оның қате болғанын да мойындаймын. Д'Артаньян мырзаның бөлмесінде болғаным ақиқат.
— Сіз оған не мақсатпен бардыңыз?
— Әйелімді тауып беруге жәрдемдесіңіз дегенді айту үшін барғанмын. Мен оны қайтарып алуға хақым бар ғой деп ойлаған едім. Шамасы, мен тағы да қате бассам керек,сізден сұрайтыным, осы күнәмды кешіріңіз.
— Д'Артаньян мырза сізге не деп жауап берді?
— Д'Артаньян мырза маған көмектесем деп уәде етті. Бірақ көп ұзамай оның мені алдап жүргеніне көзім жетті.
— Сіз сотты адастыруға тырысып отырсыз! Әуелі д'Артаньян сізбен келісіп алды да, сосын осы уәдеге сүйеніп, сіздің әйеліңізді қамауға алуға келген полицейлерді қуалап жіберіп, сол бикешті қуғын-сүргіннен жасырып қалған.
— Д'Артаньян мырза менің әйелімді ұрлады дейсіз бе? Сіз осы маған не айтып, басымды қатырып отырсыз?
— Сәті келгенде, д'Артаньян мырза біздің қолымызға түсті, енді біз сіз екеуіңізді беттестіреміз.
— Жарайды, ендеше мен оған қуанбасам ренжімеймін! — деді Бонасье мырза жанданып. — Тым болмаса бір жүзі таныс кісіні керетін болдым.
— Д'Артаньян мырзаны кіргізіңіз! — деп әмір етті комиссар күзетшілерге қарап.
Күзетшілер Атосты айдап келді.
— Д'Артаньян мырза, — деді комиссар Атосқа бұрылып, — мына мырзамен екеуіңіздің араңызда қандай әңгіме болып еді?
— Ау, мына кісі д'Артаньян мырза емес! — деді Бонасье ышқынып.
— Д'Артаньян мырза емесі қалай? — деді енді комиссар дауыстап.
— Әрине ол емес! — деді Бонасье.
— Ендеше, бұл мырзаның аты кім? — деді комиссар шұқшиып.
— Сізге оны айта алмаймын: бұл кісіні мүлде білмеймін.
— Сіз оны танымайсыз ба?
— Жоқ, танымаймын.
— Сіз оны бұрын көрген жоқсыз ба?
— Көргенмін, бірақ атын білмеймін.
— Сіздің есіміңіз кім? — деді комиссар.
— Атос, — деп жауап қатты мушкетер.
— Пәлі, мұныңыз кісі есімі емес, қайдағы бір таудың аты ғой! — деді, комиссар байғұс өзінің шатасып бара жатқанын байқап.
— Ол менің атым, — деді Атос жайбарақат.
— Ау, сіз кеше өзіңізді д'Артаньян деп атайтынын айтыпсыз ғой.
— Оны мына мен айтыппын ба?
— Иә, сіз айтқансыз.
— Рұқсат етіңіз! Менен: «д'Артаньян мырза сіз боласыз ба?» — деп сұрады; мен оған: «сіз солай ойлайсыз ба?» — деп жауап бердім. Жасауылдар: оған көзіміз айқын жетеді, — деп шуласты да қалды. Сосын мен олармен дауласпадым. Мұның үстіне, менің де қателесуім мүмкін ғой.
— Мырза, сіз сот қадірін түсіріп, қорлап отырсыз.
— Тіпті де олай емес, — деді Атос салмақпен,
— Сіз д'Артаньян мырзасыз ба?
— Міне қараңызшы, өзіңіз де соны айтып отырсыз.
— Комиссар мырза, — деді Бонасье шыжылдап, — маған сенсеңіз, оған шүбәланбай-ақ қойыңыз! Д'Артаньян мырза — менің пәтершім, демек — ол маған пәтерақыны қанша төлемесе де, мен оны сол себепті де білуге тиіспін. Д'Артаньян мырза ең әрі дегенде он тоғыз — жиырмалар шамасындағы жас жігіт, ал, мына мырза ең кем дегенде отыз жаста. Д'Артаньян мырза Дезэссар мырзаның гвардиялық ротасына тіркелген, ал, мына мырза — де Тревиль мырза ротасының мушкетері. Өзіңіз бұ кісінің киіміне қараңызшы, комиссар мырза, анықтап қараңызшы!
— Дұрыс! — деді комиссар міңгірлеп. — Шайтан алсын, мұныңыз дұрыс!
Сол мезетте есік шалқая ашылды да, Бастилияның бір қарауылшысы ішке шабарманды кіргізді, шабарман комиссарға бір хатты ұсына берді.
— Ах, оңбаған! — деді комиссар дауыстап.
— О не? Бірдеңе айттыңыз ба осы? Кімді айттыңыз? Менің әйелім емес шығар, әйтеуір?
— Ия, тап сіздің әйеліңізді айтамын. Оны сөз етіп қайтеміз, хәліңіз қиындап барады.
— Бұл не сұмдық! — деді галантерейші жан ұшыра дызалақтап. — Комиссар мырза, өзім түрмеде отырғанда әйелім жасаған істен қалайша менің хал-ахуалым нашарлайды, соны түсіндіріп беріңізші.
— Олай дейтінім, әйеліңіздің жасап жүрген ісінің бәрі — мына сіз екеуіңіздің бірігіп жасаған жоспар-жобаңыздың жалғасы! Жан түршігерлік жоспардың жалғасы!
— Құдай ақы, сіз сұмдық қателесіп тұрсыз, комиссар мырза, мен әйелімнің не жасағысы келгенін мүлде білмеймін және ол істеген іске ешбір қатысым жоқ, ал егер ол бір есуастық жасап қойған болса, мен оны қарғаймын да талақ етемін!
— Комиссар мырза, — деді оқыстан Атос. — Егер мен сізге қажет болмасам, басқа бір жаққа әкет деп әмір етіңізші. Сіздің мына бір Бонасье деген мырзаңыз тіпті жүрегімді айнытып жіберді.
— Тұтқындарды камераларына апар! — деді комиссар, қолын бір сілтеп, Атос пен Бонасьені көрсетіп, — екеуінен де көз жазбасын.
— Егер сізге аса қажет кісі д'Артаньян мырза болса, мен оны қай дәрежеде ауыстыра алатынымды түсіне алмай дал болып отырмын, — деді Атос, әдеттегі байсалды қалпын сақтап.
— Әмірді орындаңыз! — деді комиссар жекіп. — Сыртқы дүниемен ешқандай қарым-қатынас жасалмасын! Есіттіңіз бе!
Атос иығын қиқаң еткізіп, күзетшілердің соңынан ерді, ал Бонасьенің жол бойы еңкілдеп жылағаны, ыңырсып күрсінгені сонша, тіпті жолбарыстай жыртқыштың өзін елжіретіп жіберер еді.
Галантерейшіні бұрын түнеп шыққан камерасына апарып қамады, ол күні бойы сонда отырды да қойды. Және күні бойы нағыз галантерейші сияқты солқылдап жылай берді: сөйтпегенде қайтсін, байғұс, тіпті өз сөзімен айтқанда, ол ерлік рухынан мақұрым қалған кісі ғой.
Кешқұрым, сағат тоғыздар шамасында, ұйқыға бас қояр алдында ол дәлізден әлдекімдердің келе жатқанын естіді. Олар мұның камерасына қарай жақындай берді; бір кезде есік ашылып, ішке қарауылшы солдаттар кірді.
— Соңымнан еріңіз! — деді солдаттармен бірге кірген полиция чиновнигі.
— Соңымнан ер дейсіз бе? — Бонасьенің даусы шығып кетті. — Осындай уақытта жүр дейсіз, а! Құдай-ай сақтай гөр, сонда қайда апарасыз!
— Жеткіз деген жаққа жеткіземіз.
— Мұндай да жауап болады екен!
— Бұдан артық ештеңе де айта алмаймыз.
— О, құдіретті құдайым-ай! — деді галантерейші байғұс күбірлеп. — Осы жолы шынымен-ақ өлетін шығармын!
Сонымен оның ұнжырғасы түсіп, ешбір қарсылық көрсетпей қарауылшының соңынан мөлтеңдеп кете барды.
Оны бұрын жүрген дәлізбен айдап отырып, үлкен ауладан, сосын тағы бір үйден өткізді, олар ақырында бас ауланың қақпасына келіп жетті, бұ жерде оларды төрт салт атты қоршаған бір күйме күтіп тұр екен. Бонасьені жабық күймеге отырғызды, полиция чиновнигі мұның қасына келіп жайғасты, сосын есікті сыртынан кілттеп қойды, сөйтіп бұл екеуі жылжымалы түрме ішіне түскендей болды.
Қаралы арба тәрізді күйме ілгері қарай баяу жылжи берді. Терезе торынан тұтқын үйлер мен көшені ғана көре алады. Бірақ Париждің байырғы тұрғыны Бонасье әрбір көшені тумбаларға, жарнамалар мен фонарларьға қарап танып келе жатты. Павел Әулиенің шіркеуіне жақындағанда ол есінен танып қала жаздады да, екі рет шоқынып алды, өйткені осы шіркеудің түбінде Бастилияның өлім жазасына кесілген тұтқындары жазаланатын. Ол күйме осы араға тоқтайды екен деп ойлаған. Бірақ күйме бұл арадан өте шықты.
Біраздан кейін ол тағы да зәре-құты қалмай сұмдық қорықты. Олар мемлекет қылмыстылары қойылатын қорым — Яков Әулиенің зиратын жанай жүрді. Бір маңызды жәйт ойына келгесін барып оның жүрегі орнына түсейін деді: оларды жерлемей тұрып, әуелі бастарын шауып тастайтын, ал, оның басы әзірге өз орнында. Бірақ күйме Грев алаңына қарай бұрылып, алдыңғы жақтан қала ратушасының үшкір шатыры көрініп, бұлар арқа астына енген кезде ол шаруам осымен біткен екен деп ойлады да, полиция чиновнигіне ақтық сөзін айтып, бақұлдаспақшы болды. Чиновник сөзіне құлақ аспағасын ол жаратқанға жалбарынып, зарлап жылай бастады, сол-ақ екен, полиция оған: егер қазір үніңді өшірмесең, аузыңды тығындап тастаймын деп қорқытты.
Бұдан кейін Бонасье аздап тынышталайын деді. Егер мені Грев алаңына әкеліп өлтіргісі келсе, аузымды тығындап қайтеді, жазалайтын орынға жақын келдік қой деп ойлады ол. Шынында да, күйме қатерлі алаңға тоқтамай желдіртіп өте шықты. Енді Трагуар Кресіңді қауіптенбесе болмайды. Ал, күйме де солай қарай бұрыла берді.
Осы жолы күдіктенбесе де болады: Трагуар Кресі алаңында қара халықтың өлімге кесілгендерін жазалайтын. Бонасье Павел Әулиенің алаңы мен Грев алаңында жазалануға лайық екенмін деп бекер дәмеленіпті. Оның осы саяхаты, тірлік-тынысы Трагуаррес Кресінде үзіледі. Қасірет кресі әлі де көрінбейді, бірақ оның бұдан қарсы үнсіз жылжып келе жатқанын анық сезгендей болды. Қатерлі жерге жиырма қадамдай қалған кезде қалың нөпірдің у-шуы естілді, күйме аялдап тоқтай қалды. Басынан кешкен күллі жәбір-жапа, үрей-қорқыныштан әбден қалжыраған Бонасье байғұс енді мұны көтере алмады. Үзіліп бара жатқан кісінің соңғы бір ыңқыл-гүрсілі сияқты бір әлсіз дыбыс берді де, есінен танып қалды.
XIV
МЕНГ ҚАЛАСЫНДА ҰШЫРАСАТЫН БЕЙТАНЫС
Алаңдағы нөпір дарға тартқалы жатқан адамды көру үшін емес, дарға тартылып қойған адамды көруге жиналған еді.
Сол себепті де күйме сәл ғана аялдап, сосын қалың тобырды қақ жарып ілгері тартты, Сент-Оноре көшесімен жүріп, Қайырымды Балалар көшесіне бұрылды да, шағын бір подъездің алдына келіп тоқтады.
Есік айқара ашылды да, полицей қолтығынан демеп тұрғызған Бонасьені екі гвардияшы құшақтап жерге түсірді. Сосын оны итермелеп, ұзын вестибюльге әкеп кіргізді, бір басқышпен жоғары ертіп әкеліп, ауызғы бөлме алдына қалдырып кетіп қалды.
Ол қалай жүріп келгенін өзі де біле бермейді.
Өң мен түс арасындағы бір халде еді, төңірек оған тұманданып бұлдырап көрінеді. Құлағына бір дыбыстар естіліп жатса да, оның мән-мағынасына түсінбейді. Егер оны осы кезде дарға аса қалса, осыдан қорғанайын деп «тұяғын да серіппес еді», кешірім сұрап, ләм деп тіл қатпас еді.
Ол қарауылшылар қалдырып кеткен жерде, шағын диванда, иіні салбырап, қабырғаға сүйенген күйі мең-зең отыра берді.
Біраздан кейін абайлап айналасына қарап еді, өзін тірліктен айыратындай немесе қауіп-қатер туғызатындай күмәнды ештеңені көрмеді, үй қабырғалары жұп-жұмсақ кордова былғарысымен көмкеріліпті, қалың қызыл жібек перделер алтын баулармен тартылыпты, ал өзі отырған шағын диван жайлы да жұмсақ екен, ендеше күні бұрын қорқып қайтем деп ойлады да, жайымен оңды-солды, жоғары-төмен көз тоқтатып қарай бастады.
Оның бұл қимыл-қозғалысын ешкім әнтек көрмегесін ол жүрегін тоқтатып, әуелі бір аяғын, сосын екінші аяғын жиып алды.
Ақырында диван жақтауына сүйеніп, созалаңдап жайымен орнынан тұрды.
Со заматта келісті келген бір офицер көрші бөлмедегі біреумен сөйлесіп тұрып есік шымылдығын ысыра берді. Сосын тұтқынға бұрылып қарады.
— Бонасье деген сізбісіз? — деді ол.
— Иә, менмін, офицер мырза, — деп міңгір етті галантерейші тағы да үрейі ұшып, — құзырыңызға әзірмін.
— Кіріңіз, — деді офицер.
Ол тұтқынды ішке енгізбек болып шегіне қойды. Бонасье үн-түнсіз мойынсұнып, өзін тосып отырған бөлмеге кіре берді.
Бұл — қабырғаларына алуан түрлі қару-жарақ ілініп қойылған кең кабинет екен; мұнда сырттан бірде-бір дыбыс естілмейді. Мезгіл сентябрьдің аяқ кезі болса да, каминде от маздап жатыр. Бөлменің дәл ортасында төрт бұрышты қомақты стол тұр, оның үстіндегі кітаптар мен қағаздарды бастыра Ла-Рошель қаласының аса үлкен картасы жайып тасталыпты.
Камин алдында орта бойлы, өткір көзді, жазық маңдайлы, тәкаппар да менмен пішінді бір кісі тұр. Жүдеу жүзін ширатылған мұрты мен шоқша сақалы ұзартып көрсетеді екен. Бұл кісінің жасы отыз алты — отыз жеті шамасында ғана болса керек, бірақ сақал-шашын ақ шала бастапты. Беліне қыстырулы шпагасы болмаса да, өзі әскери кісіге ұқсайды, етігіне қонған шаң-тозаңға қарап, оның бүгін атпен бір жаққа барып қайтқанын аңғаруға болатын еді.
Бұл кісі Арман-Жан дю Плесси, кардинал де Ришелье еді, әдетте, бізде оны ауыр науқастан азап шегіп, әбден әлсіреген, даусы сөніп, белі бүгілген, күні жетпей көрге түскен кісі сияқты жұмсақ креслоға шомып кеткен, тек ақыл-ойының күшімен ғана күн көріп, шамырқанған шабытты ой арқылы бүкіл Европамен жалғыз айқасқан шал кейпінде бейнелейді, ал, со заманда ол мүлде басқа — аса жылпос, тілінен балы тамған жұғымды жігіт еді, әлжуаз денесін қайнаған қайратты жігер-рухы ұдайы ширатып, шиыршық атқызып тұратын еді, сол себепті де ол өз дәуірінің ең тамаша адамдарының бірі болды. Герцог Неверскийдің Мантуан аймағындағы атамекенін сақтап қалуға жәрдемдесе отырып, ол Ним, Кастр, Юзесті басып алып, енді ағылшындарды Рэ аралынан айдап шығуға, сосын Ла-Рошельді қамауға алуға әзірлік жасап жатқан-ды.
Сонымен, әуелі көрген кезде бұл сірә де кардинал болып танылмас еді, ал оны білмейтін адам, алдында тұрған кісінің кім екенін айыра алмай дал болар еді.
Галантерейші байғұс есік алдында сілейіп тұрып қалды, ал, жоғарыда өзіміз суреттеген кісі оның өткен тірлігін білгісі келгендей-ақ, бұған қадалып қарай берді.
— Әлгі Бонасье деген кісі осы ма? — деді ол біраз үнсіз тұрғасын.
— Иә, шарапаттым, — деді офицер.
— Жақсы. Маған оның қағазын бергесін бізді оңаша қалдырарсыз.
Офицер стол үстінен қажетті қағазды тауып ұсынды да, иіліп тәжім етіп, сыртқа шығып кетті.
Бонасье бұл қағаздың Бастилияда жасалған тергеудің протоколы екенін біле қойды. Камин алдында тұрған кісі оқтын-оқтын қағаздан көзін алып, тұтқын бишараға байыптай қарайды, сол кезде оның дәл жүрегінен қос қанжар келіп қадалғандай болады.
Қағазды он минуттай оқып, тұтқынды он секундтай бақылағаннан кейін, кардинал барлық жағдаятты айқын түсінді.
— Бұ сорлы қаскүнемдікке ешқашанда қатыспаған, — деді ол күбірлеп. — Дегенмен байқап көрелік...
— Сізге мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылады — деді кардинал жайымен.
— Маған оны бұрынырақ та айтқан еді, шарапаттым! — деді Бонасье дауыстап, жанағы офицер мұны қалай лауазымдаса, бұл да оны солай лауазымдады. — Бірақ мен бірдеңені білетін болсам, онда мені ант атсын!
Кардинал күлімсіреп барып езуін жия қойды.
— Сіз әйеліңізбен, де Шеврез ханыммен және герцог Бекингэммен бірігіп қаскүнемдік жасамақ болғансыз.
— Расында да, шарапаттым, менің көзімше әйелім осы кісілердің аттарын атаған еді, — деді Бонасье.
— Қандай жағдайға байланысты атады?
— Кардинал Ришелье герцог Бекингэмді Парижге алдап шақыртып алды, көздеген мақсаты — оны, оған қоса королеваны да құртпақ, — деді әйелім.
— Әйеліңнің солай дегені рас па? — деді кардинал саңқ етіп.
— Иә, шарапаттым, айтқаны рас, бірақ мен оған мұндай сөздерді айтпа, өйткені мәртебелі тақсыр ондайға бармайды дедім...
— Өшір үніңді, есуас! — деді кардинал зекіп.
— Менің әйелім де тап осылай деді, шарапаттым.
— Әйеліңізді кім ұрлағанын білесіз бе?
— Білмеймін, шарапаттым.
— Бірақ сіз біреулерден күдіктенетін шығарсыз?
— Иә, шарапаттым. Бірақ ол күдігім комиссар мырзаға ұнамай қалған тәрізді, сол себепті де одан бас тарттым.
— Сіздің әйеліңіз қашып кеткен. Оны білуші ме едіңіз?
— Жоқ, шарапатты мырзам. Мен оны тек түрмеде комиссар мырзадан есіттім. Ол өзі сүйкімді кісі екен.
Кардинал екінші рет жымиды да, күлкісін тия қойды.
— Демек, сіз әйеліңіз қашып кеткеннен кейін оның қайда жүргенін білмейсіз ғой?
— Білсем бұйырмасын, шарапатты мырза. Ол, бәлкім, Луврға қайтып барған шығар.
— Түнгі сағат бір кезінде ол Луврда жоқ болатын.
— Құдай-ай, жар бола гөр! Оған не болды екен?
— Оған қам жемей-ақ қойыңыз, бәрі де белгілі болады. Кардиналдың назарынан ешнәрсе де тыс қалмайды. Кардиналға бірі де аян.
— Ендеше, шарапатты мырзам, сіз қалай ойлайсыз, кардинал маған әйелімнің қайда кеткенін айтып бере алмас па екен?
— Бәлкім. Бірақ сіз ең әуелі бізге әйеліңіз бен де Шеврез ханымның қарым-қатынасы жайлы өзіңіз білетін жәйттерді түгелдей айтып беруіңіз керек.
— Шарапатты мырза, бірақ мен ештеңені де білмеймін ғой. Ол әйелді мен өмірде көрген жан емеспін.
— Сіз әйеліңізді ала кету үшін Луврға барғаныңызда ол жұмыстан кейін үйге тікелей қайтушы ма еді?
— Ешқашанда тура қайтпайтын десем де болады. Оның бір мата сататын саудагерлерде шаруасы болатын, соған ертіп апаратынмын.
— Ондай саудагерлер көп пе еді?
— Екеу-ақ, шарапатты мырзам.
— Олар қайда тұрушы еді?
— Біреуі Вожирар көшесінде, екіншісі Лагарп көшесінде тұратын.
— Сіз оларға әйеліңізбен бірге еніп пе едіңіз?
— Ешқашанда. Мен оны есік алдында тосып тұратынмын.
— Ал, ол өзінің саудагерге жалғыз кіргісі келетінін сізге қалай түсіндіріп жүрді?
— Түсіндіріп көрген емес. Мені осы арада тоса тұр дейтін — мен маңқиып тұра беретінмін.
— Сіз кереметтей көнбіс күйеу екенсіз, сүйікті Бонасье мырзам! — деді кардинал.
„Бұ кісі мені «сүйікті Бонасье мырза» деді ғой. Шайтан алсын, ісім осы оңға басып келеді-ау шамасы!» — деп ойлады галантерейші.
— Әйеліңіз кірген үйлердің есігін таныр ма едіңіз?
— Иә.
— Номерлері есіңізде ме?
— Иә, есімде.
— Кәне, айтыңызшы.
— Вожирар көшесіндегі үйдің номері жиырма бес, ал, Лагарп көшесіндегі үйдің номері жетпіс бес.
— Жақсы! — деді кардинал. Сосын стол үстінен күміс қоңырауды алып қағып қалды.
Әлгі офицер жетіп келді.
— Рошфорға барыңыз, егер қайтып келсе, маған дереу жетсін, — деп әмір етті Ришелье бәсең ғана.
— Граф осында, Ол, мәртебелі тақсыр, сіздің қабылдауыңызды қатты өтініп тұр, — деді офицер.
— Ендеше кірсін! Дереу кірсін! — деді дауыстап кардинал.
Кардиналдың күллі қызметшілері әдетте қожасының әмірін орындауға қалай жанын салатын болса, бұл офицер де солай бөлмеден жүгіріп шығып кетті.
— Ах, «мәртебелі тақсыр!» — деді күбірлеп Бонасье, қорыққанынан көзі атыздай болып.
Офицер кетісімен, арада бес секунд отпен жатып есік ашылды да ішке жаңа бір кісі келіп кірді.
Мынау сол! — деп айқайлап жіберді Бонасье. Ол кім? — деді кардинал. Әйелімді ұрлаған кісі осы!
Кардинал тағы да қоңырауды қақты. Офицер жетіп келді.
— Мына кісіні апарып, әлгіде осында әкелген солдаттарға тапсырыңыз. Мен қайта оны шақырғанша кідіре тұрсын.
— Жоқ, шарапатты мырза, бұл кісі ол емес екен! — деді Бонасье бажылдап. — Мен қателесіппін! Әйелімді ұрлаған кісі тіпті басқа, мынаған ұқсамайды! Мына мырза — адал адам!
— Мына ақымақты әкетіңдер! — деді кардинал.
Офицер Бонасьені қарынан ұстап итермелеп, ауызғы бөлмеде күтіп отырған қарауылшыларға табыс етті.
Кардиналға енді ғана кірген кісі, Бонасьені көзімен шыдамсыздана ұзатып салды да, есік жабылысымен Ришельенің қасына жетіп келді.
— Олар дидарласты, — деді ол.
— Кім? — деді кардинал.
— Екеуі.
— Королева мен герцог пе? — Ришельенің даусы қаттырақ шығып кетті.
— Иә.
— Қай жерде?
— Луврда.
— Анық көзіңіз жете ме?
— Жеткенде қандай.
— Оны сізге кім айтты?
— Ланнуа ханша айтты, өзіңізге мәлім, ол сізге, мәртебелі тақсыр, жан-тәнімен берілген әйел.
— Ол соны неге ертерек хабарламаған?
— Жай әншейін кездейсоқ па, әлде сенбеді ме, кім білген, әйтеуір королева де Фаржи ханымға өзімен бірге қалып, ұйықтайтын бөлмесінде түнеп шығуға әмір етеді, сосын күні бойы оны қасынан жібермей қояды.
— Хош... Біз осымен жеңілдік. Енді есемізді жібермеске тырысып көрелік.
— Шарапатты мырзам, сізге жәрдем беру үшін мен бар күш-жігерімді жұмсаймын. Оған шүбә келтірмеңіз.
— Оқиға қалай болған сонда?
— Сағат түнгі он екі жарымдар кезінде королева сарай төңірегіндегі бибі-бикештерімен бірге отырады.
— Қай жерде?
— Өзінің ұйықтайтын бөлмесінде...
— Хош...
— Кенет оғлан күтуші әйел жіберген бет орамалды апарып береді...
— Сосын!
Табан астында королева бір түрлі құбыла қобалжып, бетіне далап жағып шырайландырып қойғанына қарамастан, реңі қуқыл тартады...
— Сосын, сосын не болған?
— Ол орнынан тұрып, даусы қарлығып: «Мені он шақты минуттай күте тұрыңыздар, көп ұзамай келемін», — дейді де, есікті ашып шығып кетеді.
— Де Ланнуа ханым осынын бәрін сізге неге дереу хабарламаған?
— Ол әуелде мән-жайға бірден түсінбей қалады. Оның үстіне королева: «мені күтіңдер» деген ғой. Сол себепті де ханымның әміріне қалай құлақ аспасын.
— Королева қанша уақыт жоғалып кетеді?
— Қырық бес минуттай.
— Оның қасына ерген әйел бар ма?
— Донья Эстефания ғана бірге болады.
— Сосын королева қайтып келген ғой?
— Иә, бірақ қызыл ағаштан жасалып, сыртына есімінің бас әрпі жазылған қобдишаны алып қайта шығып кетеді.
— Королева қайтып келгенде қолында қобдишасы бар ма екен?
— Жоқ.
— Қобдишаның ішінде не барын де Ланнуа ханым біле ме екен?
— Иә, біледі. Оның ішінде Ұлы ағзам сыйлаған гауһар алқа болған дейді.
— Королева қайтып келгенде қобдишасыз келген ғой?
— Ия.
— Де Ланнуа ханым королева қобдишаны герцог Бекингэмге берген деп есептейді ғой?
— Ол соны анық біледі.
— Қайдан біледі?
— Күндіз королеваның камер-фрейлинасы есебінде де Ланнуа ханым сол қобдишаны шарқ ұрып іздейді, ол жоғалып кетті ме деп көңілі байыз таппай, ақырында королевадан: сол қобдиша көзіңізге түспеді ме? — деп сұрайды.
— Сонда королева не депті?..
— Королева қызарып кетіп, алқаның бір шолпысы сынып қалып еді, жөндетуге зергерге беріп жібердім дейді.
— Ендеше корольдің зергеріне барып, соның рас-өтірігін білу керек.
— Мен мана барып қайтқам.
— Қалай екен? Зергер не деді?
— Зергер ондайды тіпті естімепті де.
— Бәрекелде, Рошфор! Үмітсіз шайтан, не боларын кім біледі... бәлкім, ісіміз оңға басар.
Мәртебелі тақсыр, сіздің даналығыңызға өз басым ешқашанда шек келтірмеймін...
— Өз шпионының қатесін жөндейтініне шек келтірмеймін дегісі келеді ғой?
— Мәртебелі тақсыр, егер сіз менің ойымды түгел аяқтатқызбасаңыз да, мен де тап осы сөздерді айтайын деп едім.
— Ал, енді... сіз герцогиня де Шеврез бен герцог Бекингэмнің қайда жасырынып жатқанын білесіз бе?
— Жоқ, шарапаттым. Менің тыңшыларым ол жайлы маған әлі нақты мәліметтерді айта алмай жатыр.
— Ендеше мен білемін.
— Сіз білесіз бе, шарапаттым?
— Иә. Анық білмесем де, шамалаймын.
— Мәртебелі тақсыр, сіз қаласаңыз, оның екеуін де қамауға жарлық берейін.
— Кешігіп қалдық. Олар ендігі аттанып та кеткен шығар.
— Тым болмаса бар-жоғын білелік...
— Өзіңізбен бірге менің он жасауылымды алыңыз да, екі үйді де жақсылап тінтіңіз.
— Құп болады, мәртебелі тақсыр.
Рошфор асығыс шығып кетті.
Жалғыз қалғасын біраз ойланып тұрып, кардинал қоңырауды үшінші рет қақты.
Есіктен бағанағы офицер көрінді.
— Тұтқынды кіргізіңіз! — деді кардинал.
Бонасье мырзаны тағы да кабинетке кіргізді. Кардиналдың сыңайын танып, офицер кетіп қалды.
— Сіз мені алдадыңыз, — деді кардинал қатуланып.
— Мен бе? — деді Бонасье күйгелектеп. — Мәртебелі тақсыр, сізді алдап маған не көрініпті сонша!..
— Сіздің әйеліңіз Вожирар көшесі мен Лагарп көшесіне барғанда мата сатушыларға бармапты ғой.
— Құдай-ай, сонда кімге барыпты ол жүзіқара?
— Ол герцогиня де Шеврез бен герцог Бекингэмге барып жолығыпты.
— Ия... — деді Бонасье, өткен-кеткен жәйттерді есіне түсіріп. — Иә, әбден дұрыс айтасыз, мәртебелі тақсыр. Мен әйелімнен: бір ғажабы — мата сатушылар маңдайшасында жарнамасы жоқ үйде тұратыны қалай? — деп талай рет сұрағанмын. Мен сұраған сайын әйелім мәз болып, сықылықтап күлетін. Ах, шарапатты мырза, — деді Бонасье, мәртебелі тақсырдың аяғына жығылып, — сіз нағыз кардиналсыз, ұлы кардиналсыз, жұрттың бәрі бас иетін данышпансыз!
Бонасье сияқты сорлыны табындырудан еш мәнпағат шықпаса да, бір сәт кардиналдың айызы қанғандай болды.
Содан кейін басына оқыстан бір жақсы ой келіп түскендей-ақ жымиып күлді де, галантерейшіге қолын соза берді.
— Тұрыңыз, досым. Сіз адал адамсыз, — деді ол.
— Кардинал менің қолымды алды, мен ұлы адамның қолын алдым! — деді масайрап Бонасье. — Ұлы адам мені досым деп атады!..
— Ия, досым, иә! — деді кардинал, әкесіндей қамқор үнмен. Ришельенің сырын білмейтін кісілер бұған алданып та қалатын. — Сізді бекер айыптапты, сол себепті де енді сізге айып-сый тартқанымыз жөн. Міне, мына әмиянды алыңыз, мұның ішінде жүз пистоль ақша бар, соны алыңыз-дағы, менің ағаттығымды кешіріңіз.
— Шарапатты мырзам-ау, кешіріңіз дегеніңіз ұят! — деді Бонасье, ақшалы әмиянға қолын созуға жүрексініп, ол, шамасы, мұны әзіл-ойын деп сезіктенсе керек. — Сіз біздің билеуші қожамызсыз, сіз мені қамай да аласыз, азаптап қинай да аласыз, тіпті дарға да асуыңызға болады, сонда да қыңқ ете алмаймын. Кешір дейсіз, шарапатты мырза! Құдай сақтасын, бұл кісі ойына да келмейтін бір сұмдық қой!
— Ах, сүйікті Бонасье мырза, сіз кереметтей кең пейілді кісі екенсіз! Соны өз көзіммен көргесін шын көңілден алғыс айтамын. Хош, сіз енді мына әмиянды алыңыз, осы арадан онша наразы болып кетпессіз.
— Мен сізге тәнті болып кетемін.
— Ендеше, хош болыңыз. Яки, көріскенше cay болыңыз, өйткені біз әлі кездесеміз ғой деп ойлаймын.
— Қалаған кезіңізде, мәртебелі тақсыр! Мен сіздің қызметіңізге әзірмін, мәртебелі тақсыр.
— Біз әлі жиі-жиі көрісетін боламыз, алаңдамай-ақ қойыңыз. Сізбен сөйлесудің өзі бір ғанибет екен.
— О, мәртебелі тақсыр...
— Көріскенше, Бонасье мырза, көріскенше.
Кардинал қолын бір қозғап, «жүре бер» дегендей белгі берді, бұған Бонасье жерге басы жеткенше иіліп тәжім етті. Сосын шегіншектеп барып бөлмеден шықты да, ауызғы бөлмеде: «Шарапатты мырза жасасын! Мәртебелі тақсыр жасасын! Ұлы кардинал жасай берсін!» — деп бар даусымен айқай салды.
Кардинал Бонасье бейшараның қуанышын жасыра алмай, мәз-мейрам болып айқай салған даусын күлімсіреп тыңдай берді.
— Міне, бұл кісі енді мен үшін өліп кетуге де разы, — деді ол Бонасьенің даусы алыстап барып естілмей қалған кезде.
Содан кейін кардинал біз жоғарыда айтқан Лa-Рошель қаласының стол үстінде жаюлы жатқан картасының қасына барып еңкейіп, оны мұқият қарай бастады. Сосын, кейін, арада жыл жарымдай уақыт өткесін, қамаудағы қаланың гаваніне кіретін жолды бітеп тастаған, атышулы бөгет жобасын қарындашымен сызып көрсете берді. Ол осы бір болашақ жоспарының жай-жапсарын толғап ойға шомып отырғанда, кенет есік қайта ашылып, ішке Рошфор кірді.
— Иә, не болды? — деп елең етті кардинал, оның орнынан дереу ұшып тұрғанына қарап, графқа жүктеген тапсырмасына өзгеше мән беретінін аңғаруға болатын еді.
Істің мән-жағдайы мынадай екен. Мәртебелі тақсыр, сіз мегзеген үйлерде шынында да жиырма алты - жиырма сегіздер шамасындағы бір жас әйел мен отыз алты — қырықтар мөлшеріндегі бір ер кісі тұрыпты. Әйел түнде, еркек таңертең кетіп қалыпты.
— Солардың тап өзі! — деді кардинал дауыстап, сосын қабырғасындағы сағатқа қарап сөзін сабақтады: — Енді олардың соңынан қуғын жіберудің қажеті жоқ, герцогиня қазір Турда, герцог Бекингэм Булонда. Оны біз Лондоннан табармыз.
— Мәртебелі тақсыр, не бұйырасыз?
— Болған оқиғаны тісіңнен шығарма. Королева ештеңеден де сезіктенбесін, оның құпия сырына қанық екенімізді білмей-ақ қойсын. Біз бір қаскүнем ұйымды әшкерелеу ісімен айналысып жүр екен деп ойлай берсін... Маған канцлер Сегьені шақырыңыз.
— Мәртебелі тақсыр, әлгідегі бір кісіні қайттіңіз?
— Қайдағы кісі? — деді кардинал.
— Әлгі Бонасьені айтамын.
Оған не жасау керек болса, соның бәрін де жасадым. Мен оны өз шпионыма айналдырдым, енді ол өз әйелін өзі аңдитын болады.
Граф Рошфор өз қожасының қол жетпес артықшылығын мойындаған кісідейін, иіліп құрмет көрсетіп, сыртқа шығып кетті.
Оңаша қалғасын кардинал креслоға қайта отырып, бір хат жазып, оған өзінің мөрін басып желімдеп, қоңырау қақты. Бағанағы кезекші офицер төртінші рет келіп кірді.
— Маған Витрені шақырыңыз және ол алыс жолға жүруге әзір болсын деп ескертіп қойыңыз, — деді кардинал.
Арада бірнеше минут өткеннен кейін, кардиналдың шақырған кісісі саптамасының шпорын сылдыратып, жолға шығуға әзір екенін білдіріп, алдына келіп тұра қалды.
— Витре, — деді Ришелье, — сіз қазір дереу Лондонға қарай қанат байлап ұшасыз. Сіз жолай бір секунд те кідірмейсіз. Мына хатты миледидің өз қолына апарып табыс етесіз. Екі жүз пистоль беру жөніндегі жарлық мынау. Қазір менің қазынашыма барыңыз, ол сізге қолма-қол төлейді. Егер менің тапсырмамды ойдағыдай орындап, алты күннен кейін қайтып келсеңіз, тағы да осындай ақша аласыз.
Шабарман ләм деместен иіліп тәжім етті де, хат пен екі жүз пистольдің чегін алып шығып кетті.
Хатқа төмендегі сөздер жазылған еді:
«Миледи! Герцог Бекингэм баратын ең бірінші балға (тойға) сіз де барыңыз. Оның қамзолынан сіз он екі гауһар моншақ тағылған алқаны көресіз; қасына таяп барып, амалын тауып, соның екеуін қиып алыңыз.
Асыл моншақтар қолыңызға түсісімен, со замат маған хабарлаңыз».
XV
ӘСКЕРИ АДАМДАР МЕН СОТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ
Осы оқиға болып өткен күннің ертеңіне, Атос ұшты-күйлі көрінбей қойғасын, д'Артаньян мен Портос оның жоғалып кеткенін до Тревиль мырзаға хабарлады.
Ал, Арамиске келетін болсақ, жұрттың айтуынша, бес күнге дем алыс сұрап алып, үй ішінің тығыз бір шаруасымен Руанға кетіп қалыпты.
Де Тревиль мырза өз солдаттарына әке орнына әке болып жүрген кісі еді. Мушкетерлердің, құдайдың тірі жаны танып-білмейтін ең елеусіз дегенінің өзі, үстіне форма киісімен өздерінің туған бауырынан қандай жәрдем күтсе, капитанынан да сондай жәрдем күтетін.
Сол себепті де де Тревиль мырза дереу қылмыстар жөніндегі бас судьяға қарай бет алды. Қызыл Крест күзет орнында тұрғандарды басқаратын офицерді шақырып алып, қолға түскен әр алуан мәліметтерді салыстыра отырып, Атостын Фор-Левек абақтысына қамалғанын анықтады.
Бонасье өткен, өзіміз куә болған, сын-сынақтың бәрінен Атос та аман-есен өтіп еді.
Біз екі тұтқынды бетпе-бет кездестіріп, жауап алған кезде болғанбыз. Осы уақытқа дейін, тыңшылар д'Артаньянды әурелеп, оның емін-еркін әрекет жасауына бөгет болар деген қауіппен күллі жай-жапсарды жасырып келген Атос, енді өз аты д'Артаньян емес, Атос екенін ашық мойындады.
Мұның үстіне ол Бонасье мырзаны да, Бонасье бикені де білмейтінін, олармен ешқашанда сөйлесіп көрмегенін айтты. Кешкі сағат ондардың кезінде ол қимас досы д'Артаньянның үйіне соғып кетпекші болады, оған дейін ол де Тревиль мырзаның үйінде болып, түстенген екен. Мұның рас екенін жиырма шақты кісі дәлелдеп бере алады. Сосын бірнеше атақты кісілердің есімін атайды, оның ішінде тіпті герцог де Ла Тремульдің есімі де бар еді.
Әдетте сот қызметкері әскери адаммен шекісіп қалғанда оны бір сүріндіріп кетуге құштар болып тұрады, бірақ қанша жанталасқанымен, бірінші комиссар сияқты, екінші комиссар да мушкетердің жайбарақат отырып, салмақпен айтқан тиянақты жауабынан асып кете алмады. Ол де Тревиль мырза мен герцог де Ла Тремульдің есімдерінен қатты қаймықты.
Өзгелер сияқты, Атосты да кардиналға апарған, бір өкінішті жері, кардинал Луврда корольмен отыр екен.
Бұл де Тревиль мырза қылмыс жөніндегі бас судья мен Фор-Левектің комендантынан шығып, Атосқа кіре алмай дал болып, корольге келген кезде болған еді.
Мушкетерлердің капитаны ретінде де Тревиль мырза корольге қалаған кезінде кіре беретін.
Корольдің өз әйеліне мүлде сенбейтінін біз жақсы білеміз және кардиналдың оған от тастап отыратыны да бізге мәлім ғой, ал, айла-тәсіл , қулық-сұмдыққа келгенде король еркектен гөрі әйел әккілеу келеді деп қатты қауіптенетін. Анна Австрийскаяға шүбә келтіретін тағы бір басты себебі, ол королеваның де Шеврез ханыммен сырлас болып жүргенін жақтырмайтын. Осы екі әйелдің қылығы оны Испаниямен жүріп жатқан соғыстан бетер, Англиямен арадағы дүрдараздықтан, финанс ісінің былығып кеткенінен бетер алаң етіп маза бермейтін. Оның пікірінше және қанына сіңген сенім-нанымы бойынша, де Шеврез ханым королеваның саясаттағы айла-тәсілдеріне ғана емес, ең сұмдығы, ашыналық айла-амалдарына да қол ұшын беріп, демеп-жебеп жүреді деп есептейтін.
Тур қаласына жер аударылып, сол қалада тұрып жатыр делініп жүрген де Шеврез ханымның Парижге жасырын келіп, осында бес күн болғанын, полицияны әуре-сарсаңға салып, кетіп қалғанын кардинал айта бастағаннан-ақ, король ашуына мінді. Тентек те опасыз король өзін Әділ Людовик, Әулие Людовик деп атағанды жақсы көретін. Оның мінез-құлқына келер ұрпақ түсіне қояр ма екен, өйткені, тарих сансыз көп мысалдар келтіріп, оны дәлелдеуге тырысқанымен, әлі де ақылға салып, ой тоқтатып көрген емес.
Кардинал Парижге де Шеврез ханымның өз бетімен келмегенін со заманда кабалистика деп аталатын шифр (жұмбақ жазу) арқылы королева сол әйелмен қайта байланыс жасағанын айтты, содан кейін ол өзінің осы бір сұмдық айла-тәсілдің өте нәзік тамырларын дөп басып, қолына күллі айғақ-дәлелдің бәрін жинап алып, әлгі айдалып кеткен әйел мен королеваның арасында дәнекер болып жүрген бір бикешті қылмыс үстінде ұстайын деп жатқанда, қайдағы жоқ, бір мушкетер киіп кетіп, тергеу-тексеру жүргізіп жатқан сот ісін үзіп тастайды, шпагасын жалақтатып, адал чиновниктерге шабуыл жасайды, ал әлгі чиновниктерге сол істі мұқият зерттеп, нәтижесін корольге жеткізу жүктелген еді — деп баяндауы мұң екен — Людовик XIII өзін-өзі билей алмай қалды. Үнсіз ашуға булығып, артынан сол ашуы бұрқырап сыртқа шыққан кезде, бұл монарх рақымсыз қатал әрекеттерге баратын, сол әдетімен ол еліктей қуарып, королеваның мекен-жайына апаратын есікке қарай беттей берді. Ал, кардинал болса, оған әлі Бекингэмнің атын айтып үлгірмеген еді.
Тап сол мезетте тал бойында бір міні жоқ, сыпайы да суық жүзі сұрланып де Тревиль мырза кіріп келді. Кардиналдың осында екенін, корольдің түрі бұзылып, қаһарланып тұрғанын көрісімен, де Тревиль мұнда не болып, не қойғанын бірден аңғарды. Сол-ақ екен, филистимляндарға жалғыз қарсы шыққан Самсон сияқты, өзінің күш-құдіретін сезе қойды.
Людовик ХІІІ-ші есік тұтқасынан ұстай берген еді. Де Тревильдің келгенін естіп, артына салт бұрылды.
— Сіз дәл кезінде келдіңіз, — деді король ашуға бой алдырған кезде ештеңені жасыра алмай қалатын әдетіне басып. — Сіздің мушкетерлер жайлы небір кереметтерді естіп жатырмыз.
— Ал, мен сізге, ұлы ағзам, сот қызметкерлері жөнінде де талай-талай тамашаларды айтып бере аламын.
— Мен сізге түсінбей тұрмын, — деді король тәкаппарсып.
— Ұлы ағзам, — де Тревиль сол байсалды қалпы сөзін жалғай берді, — бір топ чиновниктер, комиссарлар мен полицейлер, аса қадірлі, бірақ әскери адамдарды ата жауындай көретін кісілер, қалай дәті барғанын білмеймін, қайдағы жоқ бір бұйрыққа сүйеніп (оны маған көрсетуден де бас тартты), менің мушкетерлерімнің, дәлірек айтсам, сіздің, ұлы ағзам, мушкетеріңіздің біреуін, аса тәртіпті әрі әйгілі адамды, өзіңізге ұлы ағзам, тек жақсы атағымен мәлім десем артық бола қоймас, Атос мырзаны бір үйде отырған жерінен тұтқынға алып, көше-көшемен алдарына салып айдап, Фор-Левекке апарып қамап тастайды.
— Атосты ма? — деді король еріксіз қайталап. — Иә, осы бір кісінің аты маған таныс тәрізді.
— Ұлы ағзам, есіңізге түсіріп көріңізші, — деді де Тревиль мырза. — Әлгі өзіңізге мәлім, қырсық шалған жекпе-жекте де Каюзак мырзаны ауыр жаралап, басы бәлеге қалған кісі сол Атос мырза... Айтпақшы, мәртебелі тақсыр, — деді де Тревиль, кардиналға қарап, — Каюзак мырза құлантаза жазылып кетті ғой, солай емес пе?
Иә, рақмет, — деді кардинал ашуланғаннан ернін тістеп.
— Сонымен, Атос мырза, — деді әңгімесін жалғап де Тревиль, — өзінің досы, Беарннан келген жас жігіт, ұлы ағзам, өз гвардияңыздың кадеті, Дезэссар ротасы шәкіртінің хал-жағдайын білмекке барады. Жас жігіт үйінде жоқ екен. Досын күте тұрмақшы болып, Атос мырза қолына бір кітапты алып орындыққа отыра берген кезде, солдаттар мен тыңшылары аралас бір қалың тобыр үйді қоршап алады да, бірнеше есікті сындырады...
Кардинал бір белгі жасап, корольге: «Бұл әлгіде өзіңізге айтқан істің жайы ..» — деп түсінік берді.
— Мұның бәрі бізге белгілі, — деді король. — Өйткені соның бәрі біздің пайдамызға бола жасалған.
— Ендеше, — деді де Тревиль сөзін сабақтап, — сіздің пайдаңызға бола менің, ешбір кінәсі жоқ мушкетерлерімнің бірі ұсталып, сіздің пайдаңызға бола екі солдат, тап бір қаскүнем жауыз сияқтандырып, қала көшелерімен айдап кеткен, сонда, ұлы ағзам, сіз үшін бұрын да он сан рет қанын төккен, қажет болса тағы да қанын төгуге дайын тұрған сол асыл текті азаматты олар еріккен тобыр арасынан өткізіп қатты қорлаған ғой.
— Сөзіңіз рас болғай. Оқиға шынымен-ақ тап солай болған ба? — деді король қобалжып.
— Де Тревиль мырза, — деді кардинал салмақты да салқын қалпы, — осы бір бейкүнә мушкетеріңіз, асыл текті парасатты кісіңіз, содан бір сағат бұрын шпагасын суырып алып, аса маңызды істі зерттеп-тексеруге жіберген менің төрт комиссарыма тарпа бас салғанын мен әлі сізге айтқан жоқпын ғой.
— Ендеше сіз оны, мәртебелі тақсыр, дәлелдеп берерсіз! — де Тревиль гасконға ғана тән адалдық пен және әскери кісіге тән қаталдықпен тап осылай дауыстап жіберді. — Менің айтайын дегенім, содан бір сағат бұрын Атос мырза — ұлы ағзам әдептен асты демесеңіз — сол асыл текті кісі түскі асқа келіп, маған қатты құрмет көрсеткен және мейманжайда отырып герцог де Лa Тремульмен, граф де Шалюмен әңгіме-дүкен құрған-ды.
Король кардиналға қарады.
— Мен айтқан жәйттің бәрі,— деді кардинал, корольдің үнсіз қойған сұрағына жауап ретінде, — жәбір көрген кісілердің протоколында толық жазылған. Ұлы ағзам, оны сізге табыс етейін.
— Сот чиновниктерінің протоколы, шынымен-ақ, әскери кісінің адал сөзінен артық болғаны ма? — деді де Тревиль тәкаппарланып.
— Болды, болды, Тревиль, қойыңыз енді! — деді король.
— Егер мәртебелі тақсыр менің мушкетерімнің біреуіне күдік келтіретін болса, — деді Тревиль, — кардинал мырзаның әділдігі жұрттың бәріне де аян, ендеше тексеріп, тергеу жүргізуді өзім-ақ талап етемін.
— Тінту жүргізілген үйде, егер мен қателеспесем, әлгі мушкетердің досы беарндық жігіт тұрса керек-ті, — деді кардинал, сол салмақты күйінен айнымай.
— Мәртебелі тақсыр, д'Артаньянды айтып отырған шығарсыз?
— Мен әлгі сіздің өзіңіз, де Тревиль мырза, қамқорлық жасайтын жас жігітті айтып отырмын.
— Мәртебелі тақсыр, өте дұрыс айтып отырсыз.
— Осы бір жас жігіт әлгі мырзаға жаман әсер етуі мүмкін деп есептемейсіз бе?..
— Атос мырза одан көп үлкен ғой, — деді капитан. — Жоқ, шарапатты мырза, оны мүмкін деп есептемеймін. Тағы бір айтарым, д'Артаньян мырза да кешқұрым біздікінде болған.
— Пәлі, сөзіңізге болайын! Шамасы, жұрттың бәрі кешті сіздің үйде өткізген болды ғой! — деді кардинал дауыстап.
— Мәртебелі тақсыр, менің сөзімнің растығына да шүбәланып отыр білем? — де Тревиль қып-қызыл болып ашуланып кетті.
— Жоқ, құдай сақтасын! — деді кардинал. — Бірақ д'Артаньян сіздің үйде қай уақытта болып еді?
— О, мен оны сізге, мәртебелі тақсыр, дәл айтып бере аламын: ол жігіт келген кезде сағат тоғыз жарымды көрсетіп тұрған, ал маған уақыт одан әлдеқайда кештеу сияқты болып көрінген еді.
— Ол сіздің үйден қай кезде кетіп еді?
— Он жарымдар шамасында. Әлгі оқиғадан бір сағат кейін кеткен.
— Дегенмен бір даусыз нәрсе... — деді кардинал, де Тревильдің адал айтып тұрғанына бір сәт те шәк келтірмей, сосын ол дайын жеңістің қолынан сырғып шығып бара жатқанын сезіп, — дегенмен бір даусыз нәрсе, Атосты сол Көр қазушылар көшесіндегі үйден ұстаған ғой.
— Дос кісінің өз досына барып тұруына, менің ротамның мушкетері Дезэссар мырза ротасының гвардияшысымен туыстасып, достасып кетсе — оған тыйым салына ма екен?
— Егер оның өз досымен кездесіп жүрген үйі күмәнді болса, иә, онда тыйым салынады.
— Гәп, сол үйдің күмәнды болып тұрғанында ғой, Тревиль. Бәлкім, сіз оны білмеген шығарсыз, — деді король.
— Иә, ұлы ағзам, мен оны расында білмеп едім. Бірақ бұл күдіктің сол үйдің д'Артаньян мырза тұратын жағына ешбір қатысы жоқ екеніне менің көзім анық жетеді, өйткені ұлы ағзамның сол жігіттен адал қызметшісі, ал кардинал мырзаны сол жігіттен бетер қастерлеп, құрмет тұтатын кісінің жоқ екеніне сіздерді сендіре аламын.
— Ол әлгі кармелит әйелдер монастырының түбіндегі сәтсіз айқаста де Жюссакты жаралайтын д'Артаньян емес пе? — деді король, намыстан қызарып кеткен кардиналға қарап.
— Ал, екінші күні Бернажуды сұлатқан, — деді де Тревиль жылдамдата сөйлеп. — Иә, ұлы ағзам, соның тап өзі. Ұлы ағзамның зейін-зердесі керемет!
— Біз сонымен қандай шешімге келдік? — деді король.
— Ұлы ағзам, бұл іс менен гөрі сізге жатыңқырайды, — деді кардинал. — Мен әлгі бір Атост әлі де болса кінәлі деп санаймын.
— Ал, мен оны жоққа шығарамын! — деді де Тревиль өрепкіп. — Ұлы ағзамның әділ қазылары бар емес пе, істі солар шешсін.
— Өте дұрыс, — деді король. — Бұл істі түгелдей судьяларға тапсыралық. — Тергеу-тексеру солардың ісі, анық-қанығын өздері айтар.
— Қанша айтқанмен, осының бір жаман жері, — деді Тревиль тағы сөз бастап, — біздің заман сияқты сорлы заманда ең таза, мөлдір тірлік, айдан-анық қадір-қасиеттің бәрі жиналып кісіні қорлау-зорлаудан, қуғын-сүргіннен құтқара алмайды. Сіздің көзіңізді жеткізгім келетін бір жәйт, қайдағы бір полиция оқиғасының әлегінен қатал қуғын-сүргінге ұшырағанына армия ырза бола қояр ма екені.
Бұл аңдамай, ағат айтылған сөз еді. Бірақ Тревиль сол сөзді салмақтап әдейі айтты. Ол жанартаудың атқылауын күткен, ал тау атқылағанда алаулап төңірегін нұрландырып жібереді ғой.
— Полициялық оқиғалар! — деді король міңгірлеп де Тревильдің сөзіне жармасып. — Полициялық оқиғалар! Осылай дегенде нені айтқыңыз келді, мырза? Ана мушкетерлеріңізге ие болыңыз, менде шаруаңыз болмасын! Сіздің сөзіңізге қарағанда, бір мушкетерді тұтқындасақ болды — Францияға қауіп төнеді екен ғой! Қайдағы бір мушкетерге бола сонша шу көтеріп! Шайтан соқсын, сендерге ерегескенде мен олардың он шақтысын бірдей қамауға алуға бұйрық беремін! Жүзін, күллі ротаны қамауға алдырамын. Қане, қайсысың қарсы тұрар екенсің!
— Егер мушкетерлерден күдіктенсеңіз, ұлы ағзам, олардың кінәлы болғаны, — деді Тревиль. — Сол себепті де, ұлы ағзам, мен сізге шпагамды беруге әзірмін. Өйткені менің солдаттарыма айып тағып отырған кардинал мырза жүре келе менің өзіме де айып тағады. Ендеше осы бәлеге ұшыраған Атос мырзамен бірге, таяу уақытта соның кебін киетін д'Артаньян мырзамен бірге, мен де тиімді тұтқынға алындым деп есептегенім жөн болар.
— Гасконның қырсығы, сөзді қойыңыз дедім ғой сізге! — деді король кейіп.
— Ұлы ағзам, — деді де Тревиль даусын бәсеңдетпей, — менің мушкетерімді өзіме қайтып берсін немесе сотқа тартсын.
— Оны сотқа тартады да, — деді кардинал.
— Олай болса — жақсы болды. Ендеше, ұлы ағзам, мен сізден оны қорғауға рұқсат сұраймын.
Король тағы қызып кетермін деп қорықты.
— Егер мәртебелі тақсырдың жеке басынын себептері болмағанда... — деді король.
Кардинал корольдің нені мегзеп отырғанын сезе қойды да, бұлаң құйрыққа салды.
— Кешіріңіз, — деді ол, — егер ұлы ағзам, мені әлдекімге шұқшиып отыр десе, онда мен сотқа қатысудан бас тартамын.
— Ендеше былай болсын, — деді король, — осы оқиғалар өтіп жатқанда Атос біздің үйде болды, оған тіпті де қатысқан жоқ деп менің әкемнің атымен ант етіңізші.
— Сіздің қадірменді әкеңіздің атымен және әлемдегі ең жақсы көретін және оған жан теңгермейтін кісім — сіздің өзіңіздің атыңызбен ант етемін!
— Ойланыңыз, ұлы ағзам, — деді кардинал. — Егер біз тұтқынды босатып жіберсек, ақиқат шындықты ешқашанда біле алмаймыз.
— Атос мырза әрқашанда керек болған жерден табылады, сот мырзалар оны тергеу қажет деп тапса, ол жауап беруге әзір тұрады. Кардинал мырза, абыржымай-ақ қойыңыз, ол еш жаққа да кетпейді. Мен оған деген жауапкершілікті өз мойныма аламын, — деді де Тревиль.
— Расында да ол ешқайда да қашып кетпейді, — деді король оны мақұлдап. — Де Тревиль мырза айтқандайын, оны кез келген уақытта тауып алуға болады. Бұған қосатыным, — деді король бәсеңірек, кардиналға жалына көз тастап, — олардың шамына тимей-ақ қоялық, ең жақсы саясат сол болар.
Людовик ХІІІ-нің бұл саясатына Ришелье жымиып күлді де қойды.
— Ұлы ағзам, бұйырыңыз. Сіздің кешірім жасауға қақыңыз бар.
— Кінәлы кісіге ғана кешірім жасалады, — деді де Тревиль соңғы сөзді өзі айтып. — Ал менің мушкетерім айыпты емес. Сол себепті де, ұлы ағзам, оған кешірім жасамаңыз, тек әділдік жасағаныңыз болғаны.
— Ол Фор-Левекте ме? — деді король.
— Иә, ұлы ағзам, ол оңаша камерада, нағыз қылмысты сияқты, сыртқы дүниемен қарым-қатынас жасау құқынан айырылып, бейшара болып отыр.
Шайтан алсын! Енді қайтеміз? — деді король күбірлеп.
— Босату жөніндегі бұйрыққа қол қойыңыз, сонымен іс тамам, — деді кардинал — Менің пікірім де сіздің пікіріңізбен бірдей, ұлы ағзам, де Тревиль мырзаның, кепілдігіне өз басым тоқтаймын.
Король мушкетерді босату туралы бұйрыққа қол қойды, де Тревиль оны алып, асығыс кетіп қалды.
Ол асығып бара жатқан кезде кардинал оған қарап жадырап күлді де, сөзін корольге арнады:
— Ұлы ағзам, сіздің мушкетерлеріңіздің бастығы мен солдаттарының шығарда жаны бір екен! Қызмет бабында бұл өте пайдалы нәрсе және ротаның абыройын арттыра түседі, — деді жымысқылап.
«Бұл сұм таяу уақытта мені аяғымнан бір шалатынына күмәнданбасам да болады, — деп ойлады де Тревиль — Дүниеде оның не ойлап отырғанын білу қиын. Қой, асықпасам болмайды. Король өз шешімінен кез келген сәтте айнып қалуы мүмкін, түптеп келгенде, қамаудан шығарылған кісіні қайтадан Бастилияға немесе Фор-Левекке апарып тыға салу, бұрын қамауда отырған кісіні қозғамай, сонда қалдыра салудан әлдеқайда қиын».
Де Тревиль мырза Фор-Левекке сән-салтанатпен кіріп, бұрынғыша сабырлы да самарқау қалпын сақтап отырған Атосты босатып алып кетті.
Сосын д'Артаньянмен алғаш жолыққан замат:
— Осы жолы аман құтылдыңыз. Бұл — де Жюссакты жаралағандығыңыздың ақысы. Енді Бернажудың жеңілген есебі мойныңызда. Сақ боларсыз.
Кардиналға сенбей, бұл іс әлі аяқталған жоқ деп есептегенде де Тревиль әбден дұрыс жасаған еді. Мушкетерлердің капитаны есікті жабысымен, мәртебелі тақсыр корольге шұғыл бұрылды.
— Енді екеуміз оңаша қалғанда, — деді ол, — ұлы ағзам, егер көңіліңіз қаласа, маңызды мәселелерді сөз етелік. Ұлы ағзам! Герцог Бекингэм бес күн ұдайы Парижде болып, бүгін ертеңгісін ғана кетіп қалған.
XVI
ҮЙРЕНШІКТІ ӘДЕТІ БОЙЫНША КАНЦЛЕР СЕГЬЕ ҚОҢЫРАУДЫ ҚАҚПАҚ БОЛЫП ІЗДЕГЕНДЕ ОНЫ ТАБА АЛМАЙ ҚАЛҒАНЫ ЖАЙЛЫ
Бұл сөздің Людовик ХІІІ-шіге қандай әсер еткенін көз алдына елестетудің өзі қиын. Ол бір қызарып, бір бозарды. Жалғыз ауыз сөзбен әлгіде жоғалтқан сенімді қайтарып алғанын кардинал бірден біле қойды.
— Герцог Бекингэм Парижде! Ол мұнда неге келіпті? — деді король дауыстап.
— Сіздің жауларыңыз — испандықтармен, гугеноттармен бірігіп қаскүнемдік жасау үшін келген шығар.
— Жоқ! Олай емесіне, ант етем! Де Шеврез ханым, де Лонгниль ханыммен, күллі Конделермен ауыз жаласып, менің ар-намысыма тию үшін келген!
— Ұлы ағзам, сіз қалайша сондай ойға барасыз! Королева — аса ақылды әйел, ең бастысы — сізді, ұлы ағзамым, жанындай жақсы көреді.
— Әйел деген әлсіз жан, кардинал мырза! Ал, шын ғашықтық жайына келетін болсақ, менің ол жөніндегі пікірім өзгеше.
— Сонда да мен герцог Парижге тек саяси мақсатпен келген деп есептеймін, — деді кардинал.
— Мен оның мүлде басқа мақсатты көздеп келгеніне кәміл сенемін. Осыдан королева айыпты болды бар ғой, онда өз обалы өзіне!
— Расында да, — деді кардинал, — маған сондай бір нәрсені ойлаудың өзі бір азап... Ұлы ағзамым, сіз менің есіме қайдағы бір жәйтті әкеп салдыңыз: ұлы ағзам, сіздің әміріңізге жүгініп мен де Ланнуа ханымнан бірнеше рет жауап алған едім, бүгін ертеңгілік ол маған кеше емес, алдыңғы күні түнде ұлы мәртебелі ханымның өте кеш жатқанын, бүгін ертеңгісін ұзақ уақыт егіле жылап, күні бойы хат жазғанын айты.
— Енді бәрі де түсінікті!— деді король өзеуреп.— Әрине, хатты соған жазған! Кардинал, королеваның күллі қағазын менің қолыма түсіресің!
— Ұлы ағзам, оны қалай аламыз? Меніңше, ұлы ағзамым, сіз де, мен де бұл істі өз мойнымызға ала алмаймыз.
— Ау, маршал д'Анкрдің әйеліне қандай әдіс қолданып едіңіздер? — деді дігерлеп ашу буған король. — Әуелі оның шкафтарын ақтарып, сосын өзін тінтіп едіңіз ғой.
— Маршал д'Анкрдің әйелі қанша айтқанмен маршал д'Анкрдің ғана әйелі, бар болғаны Флоренция қаласынан шығып, қызық қуалап жүрген қайдағы бір әйел ғана, ал, ұлы ағзам, сіздің қасиетті зайыбыңыз Анна Австрийская болса Францияның королевасы яғни дүние жүзінің ең ұлы, ең дәулетті ханымдарының бірі.
— Сол себепті де оның күнәсы ауырлай түседі, герцог! Ол өзінің биік мәртебесін неғұрлым тез ұмытса, соғұрлым мол күнәға батқаны. Иә, оның үстіне мен баяғыда-ақ осы бір таусылмас қулық-сұмдықты — саясат пен махаббаттың шырғалаңын құртсам деген бір тоқтамға келгенмін... Егер қателеспесем, оның қол астында Ла Порт деген біреу істейді ғой деймін?
— Несін жасырайын, осы оқиғаның ең негізгі серіппесі сол кісі деп есептеймін, — деп кардинал да сөзін қыстыра салды.
— Демек, мен сияқты сіз де королева мені алдап жүр деп ойлайсыз ғой?
— Ұлы ағзам, королева корольдің билігіне қарсы қаскүнемдік топқа қатысып жүр деп ойлаймын және оны тағы да қайталап айтамын, бірақ мен оны сіздің ар-намысыңызды аяққа басқалы жүр деп айтқан емеспін.
— Дәл, мен сізге ол әйел екеуіне де қатысып жүр деймін. Мен сізге королева мені жақсы көрмейді, ол өзгені жақсы көреді деймін. Meн сізге ол әлгі оңбаған Бекингэмды сүйеді деймін. Парижде болған кезде сіз оны неге қамауға алмадыңыз?
— Герцогті қамауға бола ма екен? Король Карл Біріншінің министрін қамауға бола ма екен? Сізге не болған, ұлы азғам! Әлем түгел шулайды! Ал, егер — оған мен әлі де болса қатты шүбәланамын — егер ұлы ағзам, сіздің көңіліңіздегі күдігіңіз аз да болса расталса өсек-өтіріктің өршіп, құлақ естіп, көз көрмеген масқараға ұшырайтынымызды білесіз бе!
— Егер ол қайдағы бір қаңғыбас ұры-қары сияқты өз басын қауіп-қатерге байлаған екен, ендеше біз оны неге...
Аузынан шыққалы тұрған сөзден Людовик ХІІІ-ші өзі шошып кетті білем, үндемей тұрып қалды, Ришелье қанша мойнын созғанымен, король аузынан бұл сөзді ести алмады.
— Не дедіңіз?..
— Ештеңе емес, — деді король, — ештеңе дегенім жоқ... Парилде болған кезде сіз одан көз жазып қалған жоқсыз ғой?
— Жоқ, ұлы ағзам.
— Ол қайда тоқтады?
— Лагарп көшесі жетпіс бесінші үйде.
— Ол қай жерде?
— Люксембург сарайынан қол созым жерде.
— Сіз оның королевамен дидарласпағанына ақиқат көзіңіз жетеді ғой?
— Мен королеваны өз борышына шексіз берілген әйел деп есептеймін.
— Бірақ ол хат алысып тұрады. Королева хаттарын күні бойы соған арнап жазған. Герцог, сол хаттарды алуым керек!
— Ұлы ағзам, оның өзі...
— Герцог! Ештеңеге қарамастан ол хаттарды қайтсем де қолға түсіруім керек.
Бірақ, ұлы ағзам, сізге айтайын дегенім...
Сіз мені шынымен-ақ сатып кетейін деп жүрсіз бе, кардинал мырза? Сіз ұдайы менің айтқаныма қарсы шығасыз да жүресіз. Осы сіз шынымен-ақ испандармен, ағылшындармен, де Шеврез ханыммен және королевамен сөз байласып қойған жоқсыз ба?
— Ұлы ағзам, — деді кардинал күрсініп, — маған ондай күдік дарымайды деп ойлап жүрсем.
— Кардинал мырза, өзіңізге айттым ғой: со хаттарды қалайда қолға түсіргім келеді.
— Оның бір-ақ амалы бар...
— Қандай?
— Бұл міндетті канцлер Сегье мырзаға жүктеу керек. Бұл іс түгелдей соның қарауына жатады.
— Ендеше оны дереу шақырсын!
— Ұлы ағзам, әміріңізге құлдық, бірақ...
— «Бірақ» дегеніңіз қалай?
— Королеваның көнбей қоюы мүмкін.
— Менің әміріме көнбей ме?..
— Егер бұл бұйрық корольдің өзінен шығып жатқанына кәміл сенбесе, ол бағынбайды.
— Ендеше королева шүбә келтірмес үшін мен оны өзім ескертіп қоярмын.
— Ұлы ағзам, араларыңызды ажыратпас үшін менің қолдан келгеннің бәрін жасағанымды ұмытпассыз деп сенемін.
— Иә, герцог, мен сіздің королеваға келгенде кешірімпаз болып кететініңізді білемін... бәлкім, тіпті елжіреп еріп те кететін шығарсыз. Ескертіп қояйын, біз кейін бұл мәселеге әлі де ораламыз.
— Ұлы ағзам, қалауыңыз білсін. Бірақ мен өзімді сіз бен Франция королевасы арасында тыныштық пен келісім болуы үшін құрбандыққа шалуды мақтан тұтып, бақыт деп санар едім.
— Тамаша, кардинал, тамаша! Ал, енді канцлер мырзаға кісі жіберіңіз. Мен королеваға барайын.
Содан кейін Людовик ХІІІ-ші есікті ашып, өз мекенін Анна Азстрийекаяның апартаментімен қосатын дәлізден келіп шықты.
Королева сарай маңындағы көңілдес әйелдермен: де Гито ханыммен, де Сабле, де Монбазон, де Гемене ханымдармен бірге отыр екен. Бір бұрышқа, королевамен Мадридтен бірге келген камеристка, донья Эстефания жайғасқан еді.
Де Гемене ханым кітапты естірте оқып, бәрі де зейін қоя тыңдап отырған, тек королева ғана оны тыңдағансып, өз ойымен өзі болуы үшін осы бір амалды тапқан еді.
Махаббаттың соңғы бір жалыны шарпып өтсе де, бұл ойларда қайғы мен мұң басым еді. Күйеуінің сенімінен айрылған, кардиналдың өшпенділігі өкшелеп соңынан қалмаған (кардинал өзінін нәзік сезімін қабылдамай тастаған әйел қылығын кешірмеген еді) Анна Австрийская осындай өшпенділіктің өмір бойы құрбаны болған королева-ана үлгісіне тәнті еді, бірақ сол заманның өмірбаяндық туындыларына сенсек, Мария Медичи әуелгі кезде, Анна қайсарлықпен жібімей, сыйламай қойған ләззатпен кардиналды жарылқаған дейді ғой. Өзіне жан-тәнімен берілген қызметшілерінің, қимас-сырлас достарының, жаны сүйетін жақын жандарының құлап-құрып жатқанын Анна Австрийская өз көзімен көріп келеді. Күллі тағдыр-талайын қырсық шалған бақытсыз жандар сияқты, королева өзіне жуысып кеткен кісілердің бәрін де бәлеге ұрындырып жатты. Оның дос пейілі кісіге сор болып жабысатын да, әлгі байғұс бірден қуғын-сүргінге ұшырайтын. Де Шеврез ханым мен де Берне ханым жер аударылды, тіпті Ла Порттың өзі билеуші ханымынан кез-келген уақытта қамауға алынуы мүмкін екенін жасырмады.
Есік шалқая ашылып, бөлмеге король келіп кірген кезде, корольева осындай бір ауыр ойларға шырмалып отырған еді.
Кітап оқып отырған әйел үндемей қалды, бәрі де орындарынан атып-атып тұрысты, бөлмені өлі тыныштық басты.
Әйелдермен сәлемдесуді ар көрген король ордаңдай басып королеваның алдына келіп тұра қалды.
— Құрметті ханым, — деді ол өзгеше бір дауыспен, — қазір сізге канцлер мырза келеді. Ол менің сізге мәлім етіңіз деп тапсырған бір хабарымды жеткізеді.
Ұдайы ажырасамын, жер аударамын, тіпті соттатамын деп қорқытып қойған королева бейбақ бетін далаптап алса да, aппақ болып бозарып кетті.
— Ұлы ағзам, осы келуіңіздің қандай себебі бар еді? — деп сұрады королева шыдай алмай. — Өзіңіз айта алмаған нәрсені маған канцлер мырза қалай айтпақ?
Король ләм деп жауап қатпай жалт бұрылды, тап сол сәтте кезекші, гвардия капитаны Гито канцлердің келгенін хабарлады.
Канцлер келіп кіргенде бөлмеде король жоқ еді: ол басқа бір есіктен шығып кеткен.
Канцлер ұялғаннан қызарып кетсе де, жымия күліп келді. Біздің хикаямыздың даму барысында бұл кісінің әлі талай кездесетінін еске алсақ, оқушыларымыз онымен күнілгері таныса берсе артық болмайды.
Канцлер танысуға тұрарлық қызық кісі еді. Бір кезде кадиналдың камердинері болған, Құдай-ана шіркеуінің канонигі Де Рош Лe Маль, мәртебелі тақсырға де Сегье мырзаны іске жан-тәнімен берілген сенімді кісі ретінде қызметке ұсынған болатын. Кардинал оның сөзіне бірден сенді, абырой болғанда, кейін мұнысына өкінген жоқ.
Де Сегье мырза жайлы алуан-алуан сыбыс жүретін. Соның бірі мынадай бір оқиға еді.
Жас күнінде басын тауға да, тасқа соққан сабаз кейін монастырьды паналап, жас кезінің — мас кезінің талай есуастығынан аз да болса арылмақ болады.
Бірақ осынау қасиетті имаратқа келерінде күнәкар байғұс әрең қашып құтылған құмарлық-құштарлық сезімінен біржола арылу үшін есікті дереу жауып қоя алмайды да, нәпсі шайтаны мұның ізінше осында келіп кіреді. Ол ұдайы күнәға бой алдыра бергесін бойындағы қасырет-қайғысын қазыретке сыр қылып айтады, сонда әлгі жарықтық бұған нәпсі шайтаны азғырған кезде дереу нән қоңыраудың арқанын алдағы, бар күшіңді жұмсап қаға бер, қаға бер дейді. Қоңыраудың даусын естігесін монахтар бір бауырын шайтан азғырып жатқанын біледі де, жұмылып дұғаға бас қояды.
Бұл кеңес болашақ канцлердің жанына қатты жағады. Ол күллі монахтар қауымы оқыған дұға тасқынымен әзәзілді аластамақ болады. Бірақ әзәзіл қолына түскен олжадан оңайлықпен айрыла алмайды. Монахтардың дұға-намазы күшейген сайын әзәзіл де азғыруын, қызықтыруын күшейтеді, өз күнәсінен арылғысы келген байғұстың нәпсіге ергісі келмей, жанталаса еткен әрекетінің хабарындай болып, қоңырау күндіз-түні бірдей күмбірлеп күңіреніп жатады.
Монахтар демалу, тынығудан қалады. Күндіз олар жоғарыға мұнара басына апаратын басқышпен түсіп-шығудан қолы тимейді түн баласында үйреншікті дұғаларына қоса төсектерінен жиырма шақты рет атып-атып тұрып, өз құжыраларының еденіне бас қойып, жаратқанға жалбарынып жатқаны.
Сонымен әзәзіл ақ жолынан тайды ма, әлде бұл істен монахтар жалығып кетті ме, кім білген,әйтеуір араға үш ай салып, күнәсынан арылған адал пенде сыпайы қауымға қайта келіп қосылады және жұрт оны құдай жолын ұстанған, әлемдегі ең қатал кісі деп атап кетеді.
Монастырьден шығысымен ол судья атағын алып, ағасының орнын басты, парламенттің президенті міндетін атқарды, сөйтіп кардинал жағына шығып, өзінің аса көреген кісі екенін танытты, сосын канцлер болып тағайындалды да, мәртебелі тақсырдың король-анаға деген өшпенділігін, Анна Австрийскаяға қарсы жүргізген қулық-сұмдығын жүзеге асырудың сенімді құралына айналды; Шале ісі біткенше соттарды оған ұдайы айдап салып отырды, ұлы эконом Лафемнің күллі бастамаларын дәл кезінде қолдап-қостап берді, осындай қисапсыз көп еңбек сіңіріп, ақырында кардиналдың сеніміне ие болды, енді, міне өзгеше бір төтенше тапсырма алып, соны орындау үшін королеваға келген еді.
Бұл кіріп келгенде королева әлі түрегеп тұрған, оны көрісімен жайымен креслоға отырды да, қасындағы нөкер әйелдеріне көпшіктері мен мамықтарына отыруға белгі берді. Сосын ол келген кісіге тәкаппар бұрылып, көз қиығын салды.
— Сізге не керек, сударь? Қандай мақсатпен келдіңіз мұнда? — деді Анна Австрийская.
— Мәртебелі ханым, сізді шын көңілден қанша қатты құрметтесем де, корольдің тапсыруымен, қағаздарыңызды мұқият тексеріп шығуым керек.
— Не дедіңіз, сударь! Менің мүлкімді тінтем дейсіз бе?.. Мына мені?.. Бұл не деген оңбағандық! — деді королева күйініп.
— Кешіріңіз, мәртебелі ханым, мен — қазір корольдің қолындағы қаруымын. Ұлы ағзам жаңа ғана осында болып, менің келуіме сіздің әзір тұруыңызды ескертіп кеткен жоқ, па?
— Ендеше тінтуге кірісіңіз, сударь. Шамасы, мен қылмысты болсам керек... Эстефания, менің барлық столдарым мен бюроның кілттерін беріңіз.
Королева бүгін күндіз жазған маңызды хатты столға сақтамайтынын білсе де, канцлер лошіктерді қараған сыңай танытты.
Канцлер бюроның жәшіктерін қайта-қайта ақтарып, тінтіп болғаннан кейін, жүрегі дауаламаса да, ұятты қойып, бұл істегі ең соңғы әрекетті жасамақ болды, яғни басқа сөзбен айтқанда, королеваны тінтпек еді.
Канцлер Анна Аветрийскаяға қарай бұрылды.
— Қазір, — деді ол абыржып, ұялып қалғанын жасыра алмай, — тінтудің ең басты бөлігіне көшуім керек.
— Қай бөлігі? — деді королева, шамасы, ол канцлердің көздеген мақсатын түсінбеген немесе әдейі түсінгісі келмеген тәрізді.
— Ұлы ағзам, королеваның бүгін күндіз хат жазғанын кәміл біледі. Сол хаттың тиісті жеріне әлі жіберілмегені ұлы ағзамға мәлім болған. Сол хат сіздің столыңызда да, бюроңызда да болмай шықты. Ендеше ол бір жерге тығулы жатыр.
— Сіздің королеваңызға қол тигізуге де батылыңыз бара ма? — деді Анна Австрийская бойын түзеп, канцлерге ызғарлана қарады.
— Мен корольдің адал төлеңгітімін, сол себепті де ұлы ағзам не бұйырса соны орындаймын.
— Ендеше мұныңыз рас! — деді королева. — Кардинал мырзаның шпиондары да оған адал қызмет атқарыпты. Бүгін менің хат жазғаным рас, ол әлі жіберілген де жоқ. Хат мына жерде.
Осыны айтып королева әсем қолымен кеудесін баса қойды.
— Олай болса сол хатты маған беріңіз, мәртебелі ханым, — деді канцлер.
— Мырза мен оны корольдің өзіне ғана беремін, — деді королева.
— Егер король, мәртебелі ханым, бұл хатты сізден өзі алғысы келсе, әлгіде сұрап алар еді ғой. Бірақ тағы да қайталап айтайын: ол осы хатты сізден сұрап алуды маған тапсырды, егер сіз бұған көнбесеңіз...
— Айта беріңіз!
— Онда еріксіз алуды тағы да маған жүктеді.
— Қалайша? Сіз не айтқалы тұрсыз?
— Мен бе? Мен өз өкілдігімнің тереңде жатқанын, егер қажет болса, сол хатты табу үшін, мәртебелі ханым, сіздің өзіңізді тінтуге де рұқсат берілгенін айтқым келеді.
— Бұл не қорлық! — деді корлева ашынып.
— Сол себепті де, ханым, бір жолға көнуіңізді сұраймын.
— Сіз бізге ел естімеген дөрекі мінез көрсетіп тұрсыз, өзіңіз соған түсінесіз бе, жарқыным?
— Мәртебелі ханым, король бұйырып жатыр. Кешіріңіз мені.
— Мен бұған көнбеймін. Одан да өлген артық! — деді королева ширығып, қанша айтқанмен Испания мен Австрияны еркін билеген тәкаппар әулеттің қаны қайнап шыға келген сияқты.
Канцлер қармақтай иіліп тағзым етті де, өзіне тапсырылған міндетті орындау үшін бір сүйем де шегінбейтінін білдіргісі келгендей, тар қамауда қаныпезер жендет қалай әрекет жасаса, бұл да сондай әрекет жасап, королеваға жайымен жақындай берді, со замат королеваның көзінен ашу мен ыза жасы ыршып түсті.
Королеваның асқан сұлу екенін біз жоғарыда айтқанбыз. Сол себепті де басқа біреуге тап осындай тапсырма беру тәуекелге бел байлаумен бірдей еді, бірақ король герцог Бекингэмге деген көзсіз қызғанышқа беріліп, әйелін басқа жұрттан қызғануды қойған еді,
Кім білген, со замат канцлер Сегье әлгі өзіне ғана мәлім қоңырауды қағу үшін оның бауын іздеген де шығар, бірақ оны табылмағасын, королеваның өзі айтқан, хат тығулы жатқан жерге қолын созды.
Анна Австрийская бір қадам кейін шегінді, қазір үзілетін кісі сияқтанып құп-қу болып кетті. Құлап қалмас үшін артында тұрған столға сол қолымен сүйенді де, оң қолымен қоржыннан хатты алып, канцлерге ұсынды.
— Мына хатты алыңыз, сударь! — деді королева қобалжыған дауыспен, — Мынаны алыңыз, сосын мені өзіңіздің жексұрын бейнеңізді көруден құтқарсаңыз.
Бәрімізге түсінікті жайттен жаны толқып кеткен канцлер, қолы дірілдеп хатты алды да, басы жерге жеткенше иіліп құрмет көрсетіп, шығып кетті. Ол шығып үлгірмей жатып, королева сана-сезімнен айрылып, қасындағы әйелдердің қолына құлап түсті.
Канцлер хатқа көз салмастан корольге апарып берді. Хат қолына тигенше шыдамай король дірілдеп кетті. Ол хат сыртынан адресін таба алмай, бір қуарып бір бозарды, сосын хатты жайымен жазып, алғашқы сөздерден-ақ оның испан короліне арналғанын көріп, аяғына дейін көз жүгіртіп оқып шықты.
Бұл кардиналға шабуыл жасаудың толық жоспары екен; Королева өзінің ағасымен Австрия короліне Францияға соғыс жариялаймыз деп қыр көрсетіңіз, бейбітшілікті сақтаудың бірден-бір шарты — кардиналды отставкаға шығару болсын деп кеңес беріпті, ал, испан мен Австрия корольдері Ришельенің ұдайы Австрия королінің үй ішін кемсітіп менсінбеуге тырысатын жәдігөй саясатын өздерін қорлау деп түсінетін. Бұл хатта махаббат жайлы бірде-бір сөз жоқ екен.
Корольдің көңілі бірден көтеріліп, жадырап сала берді де кардинал әлі сарайда ма, біліп кел деп кісі жіберді. Бұған мәртебелі тақсыр өз кабинетінде, ұлы ағзамның жарлығын күтіп отыр деген жауап келді.
Король дереу кардиналға келді.
— Герцог, білесіз бе, мен емес, сіз дұрыс айтқан болып шықтыңыз, — деді король. — Бұл хаттағы күллі айла-әрекеттің бәрі саяси сыпатта, махаббат жайлы бір ауыз сөз болсайшы. Оның есесіне мұнда сіз туралы өте көп айтылыпты.
Кардинал хатты алып, үлкен ықыласпен оқып шықты. Аяғына жеткесін оны қайта, тағы бір оқыды.
— Менің жауларымның аянып қалмайтынын, міне өзіңіз де көріп отырсыз, ұлы ағзам, — деді кардинал, — егер сіз мені қуалап жібермесеңіз, екі жақтан соғыс ашамыз дейді. Ұлы ағзам, сіздің орныңызда өзім болсам бар ғой, несін жасырайын, мынадай құдіретті қысымға көнер едім. Ал, мен өз басым, осы істен қуана-қуана кетер едім.
— Герцог, сіз не айтып тұрсыз!
— Ұлы ағзам, менің айтайын дегенім, осы бір аса қиын күресте, шет-шегі жоқ таусылмайтын жұмыста денсаулықтан айрылатын түрім бар. Менің тағы бір айтайын дегенім, Лa-Рошельді қоршауға алған кезде қиындықты көтере алмаймын ба деп қорқамын, сол себепті де оған мені емес, соғыс жүргізу өзінің төл ісі болып табылатын Конде мырзаны тағайындағаныңыз жақсы болар еді, ал, мен болсам шіркеу қызметшісімін, өзінің құдай қосқан тірлігімен айналыспай, ынта-ықыласынан аулақ жатқан істерге жегіліп қойған бір сорлымын. Бұл сіздің үй ішіндік тірлігіңізді бақытқа бөлейтініне көне шетелдерде даңқыңызды арттыра түсетініне кәміл сенемін.
— Қам жемеңіз, герцог, — деді король оған. — Мен бәріне де түсінемін. Мына хатта аты аталған кісілердің бәрі тиісті жазасын алады. Одан королева да құтылмайды.
— Түһ, ұлы ағзам, не айтып кеттіңіз! Менің кесірімнен королева зәредей де болса зәбір шегеді дегеннен құдай сақтасын! Ұлы ағзам, өзіңіз де жақсы білесіз, мен ұдайы королеваны жақтап келемін, тіпті өзіңіздің алдыңызда жақтағанмын, соған қарамастан королева мені дұшпан көреді. О, егер ол сізге, ұлы ағзам, опасыздық, жасап, ар-намысыңызға тисе — сөз басқа, онда мен өзім бірінші болып: «Жүзіқараға аяушылық болмасын!» — деп айтар едім. Біздің бақытымызға орай, ол жөнінен сөз де туып отырған жоқ, ұлы ағзам оны өз көзіңізбен көріп, сеніп отырсыз ғой.
— Дұрыс айтасыз, кардинал мырза, — деді король. — Әр кездегідей бұл жолы да сіздің айтқаныңыз келді. Бірақ оған қарамастан королеваны жазғырғаным дұрыс болды.
— Ұлы ағзам, ханымның алдында өзіңіз кінәлысыз ғой. Егер бүгін сіз емес, ол кісі сізге ашуланса, әлдеқайда түсінікті болар еді. Ұлы ағзам, сіз ол кісіні өте қатты жазаладыңыз.
— Мен әрқашанда өзімнің де, сіздің де жауларыңызды биік дәреже-мәртебесіне қарамай, тап осылай қатал жазалаймын және осындай қаталдығым үшін қандай қауіп-қатерге ұшырасам да разымын.
— Королева, ұлы ағзам, сіздің жауыңыз емес, менің жауым. Ол қайта сізге жан-тәнімен берілген, не де болса көнетін, адал жар. Ұлы ағзам, өзіңіздің алдыңызда ханымды жақтап сөйлеуге рұқсат етіңіз.
— Ендеше, әуелі мәмлеге өзі келсін, бірінші қадам ханымнан болсын!
— Ұлы ағзам, одан да өзіңіз өнеге көрсетіңізші. Королеваға күмән келтіріп кінәлы болған сізсіз ғой.
— Әуелі менің кішіреюім керек! Жоқ, болмайды! — деді король дауыстап.
— Ұлы ағзам, өтінемін сізден!
— Иә, оған қолайлы бір желеуді қайдан табамыз?
— Ханымның көңілін көтеретін бірдеңе жасасаңыз дұрыс болар еді.
— Сонда не жасау керек?
— Бал жасаңыз. Королеваның биді жақсы көретінін білесіз. Өзіңіз осылай көңілін аулап, назар аударып жатқасын ханымның ашуы тарқап кетеді.
— Менің сондай сауық-сайранды жақтырмайтыным өзіңізге мәлім емес пе, кардинал мырза.
— Сіздің осындай ойын-тойды жек көретініңізді королева білсе тіптен жақсы, ол сізге дән разы болады. Оның үстіне сіз жуырда ханымның туған күніне тарту еткен ғажайып алқаны қадап шығуына қолайлы себеп туады, өйткені, королева оны тағып әлі еш жерде көрінген жоқ.
— Көрерміз, кардинал мырза, көрерміз әлі! — деді король, ханымның өзі тіпті қаперіне де ілмейтін қылмыста кінәлы болып, ал, іштей қатты қауіптенген істе мүлде кінәсіз болып шыққанына көңілі хошуақтанып, сол себепті де королевамен дереу татуласқысы келді. — Көрерміз. Бірақ, арым куә, сіз кеңпейіл кешірімді адамсыз.
— Ұлы ағзам, — деді кардинал, — қаталдықты министрлерге қалдырыңыз. Кешірімді болу — корольдердің қасиеті, сіз соған жүгініп көріңізші, жақсылық жасағаныңызды кейін өзіңіз-ақ білесіз.
Осыдан кейін сағаттың он бірді соққанын есітіп, кардинал мүләйім иіліп, тәжім етіп, кетуге рұқсат сұрады, сосын оның королевамен татуласуын қайта-қайта өтініп, корольмен қоштасып шығып кетті.
Әлгі бір хатты тартып алғаннан кейін, нағыз ұрыс-керіс енді басталады екен деп ойлаған Анна Австрийская, келесі күні корольдің татуласпақ болған сыңайын көріп, қатты қайран қалды. Әуелгі кезде ол бұдан бірден бас тартпақшы еді: тәкаппар әйелдің, мәртебелі королеваның қадір-қасиеті тап кешегідей қорлықты көрген емес, сол себепті де ол өкпесін бірден ұмыта алмады. Бірақ сарай маңындағы әйелдердің тіліне еріп, ақырында сол бір жайтты ұмытқан сыңай білдіруге тырысты. Королеваның көңіл күйіндегі осы бір өзгерісті пайдаланып, король оған таяу уақыт ішінде үлкен бал өткізетінін хабарлады.
Анна Австрийская сынды бейбақ бал дегенді жыл құсындай сирек көретін, сол себепті де осы хабарды естігенде, кардинал ойлағандай, ханымның, өкпе-ренішінің ізі де қалмады — жүрегінде не жатқанын кім білсін, әйтеуір, өңінен ештеңе байқалмады. Ол той-думанның қай күні болатынын сұрап еді, король оған сол мәселе жөнінде кардиналмен келісіп кеңесетінін айтты.
Шынында да король той-томалақтың қашан өткізілетінін кардиналдан күн құрғатпай сұрайды, бірақ кардинал күн сайын әр түрлі себептерді желеу етіп, соның қай күні болатынын нақтылап айтпай қойды.
Арада бір апта өтті.
Жоғарыдағы біз айтқан оқиғадан кейін, сегізінші күні кардиналға Лондоннан жіберілген бір хат келіп тиді, онда мынадай сөздер жазылған еді:
«Мен оларды қолға түсірдім. Лондоннан шыға алмай жатырмын, өйткені ақшам жететін емес. Маған бес жүз пистоль жіберіңіз, соларды алғасын, төрт немесе бес күннен кейін Парижге келемін».
Кардинал осы хатты алған күні король оған тағы да үйреншікті сауалын қойды.
Ришелье саусағын санап, іштей мынадай бір шешімге келді:
«Ол әйел ақшаны алғасын төрт немесе бес күннен кейін келемін дейді. Ақша Лондонға жетем дегенше арада бес күн өтеді, ал, ол мұнда келіп жетуіне тағы да бес күн керек. Сондағы не бары он күн. Мұндай кезде қарсы соққан желді, сан алуан кездейсоқ кедергілер мен кесірлі кеселдерді де есептеу керек. Шамасы, он екі күн...»
— Қалай, герцог, есептеп болдыңыз ба?— деді король.
— Иә, ұлы ағзам. Бүгін бізде жиырмасыншы сентябрь ғой. Қала басшылары үшінші октябрьде мейрам өткізеді. Бәрі де жүйе-жүйесімен жүріп келеді. Сізді королевамен мәмлеге өзі көніпті деп ешкім де ойламайды.
Кардинал бір сәт үндемей қалып, сөзін қайта жалғады:
— Айтпақшы, мерекенің алдында сіз королеваға әлгі алмаз алқаның оған жарасатынын, не жараспайтынын көргіңіз келетінін айтуды ұмытпассыз.
XVII
ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ БОНОСЬЕЛЕР
Корольмен әңгімелескенде кардинал алмаз алқа жайын осымен екінші рет еске салды. Людовик ХІІІ-ші мұндай дәйектілік аң-таң қалдырды, ол бұл кеңестің құпия бір сыры барын сезді.
Қол астында кереметтей полициясы бар кардинал (әрине, ол қазіргі заман полициясының дәрежесіне жетпеген-ді), корольлің үй ішінде болып жатқан жағдайды корольдің өзінен де жақсы білетін, сол себепті де ұлы ағзам оған талай рет ренжігені де бар. Осы жолы король: Анна Австрийскаямен сөйлесейін, бәлкім маған түсініксіз кейбір жәйттер содан кейін Мәлім болар — деп ойлады. Мәртебелі тақсырға бұрыннан мәлім, немесе беймәлім бір сырларды анықтағаннан кейін ол кардиналмен кайта көріспекші болды. Қалай болған күнде де бүл корольдің өз министрі алдындағы абырой-беделін бір көтеріп тастар еді.
Людовик XIII-ші королеваға келіп, үйреншікті әдеті бойынша, әңгімені ханымның төңірегіндегі жақын дәйекшілеріне айбат көрсетуден бастады. Анна Австрийская оның ұзақ сөзін әйтеуір бір бітетін шығар деп төмен қарап мөлиіп тұрып тыңдады. Бірақ корольге керегі бұл емес-ті. Оған керегі ерегіс-жанжалды, ерегісіп тұрғанда абайсызда бимағлұм бір сырдың ұштығы шығар, қандайда бір сыр болса да бәрібір. Ол кардиналдың көкейінде құпия бір бәле жатқанын, бұған оның оқыс бір зұлымдықты әзірлеп жүргенін кәміл сезеді, өйткені кардинал сондай залым істердің, алдына жан салмайтын шебері еді. Корольдің көзге шұқығандай етіп шұқшия айтқан айыптау сөздері діттеген жеріне жеткізгендей болды.
— Ұлы ағзам, — деді Анна Австрийская оның тұспалдай айтқан жымысқы сөздеріне шыдай алмай, — көңіліңіздегі күдікті неге ашық айтпайсыз? Мен не жазыппын? Қандай қылмыс жасаппын. Ұлы ағзам, сіз осы жанжалды менің әлгі ініме жазған хат үшін жасап отырған жоқсыз.
Осындай тура сұраққа король әуелде не деп жауап қатарын білмей абыржып қалды. Ол енді мереке алдында ғана айтылатын сөздің шығар сәті келген деп ойлады.
— Ханым, — деді ол маңызданып, — таяу күндердің бірінде ратушада бал мереке өткізіледі. Біздің дуанбасыларының құрметіне сіз со балға той көйлегін киіп, менің туған күніңізге сыйлаған алмаз алқаны ұмытпай тағып келерсіз. Менің жауабым осы.
Бұл жауаптан өткен сұмдық жоқ-ты. Анна Австрийская корольге бәрі де мәлім екен, ол кардинал азғырғасын ғана осы аптада ештеңе сездірмей жүрген болды деп ойлады. Корольдің осындай пысталығы да бар-тын. Королева аппақ шөлмектей болып, әдемі балғын қолы майысып, шағын столға сүйене берді. Корольге үрейлі көздерімен үрпие қарап, тілі күрмелгендей үнсіз тұрып қалды.
— Естіп тұрсыз ба, ханым, — деді король, әйелінің қатты абыржып қалғанының себебін білмесе де, соның өзіне мәз болып. — Естіп тұрсыз ба?
— Естіп тұрмын, ағзам, — деді королева күбірлеп,
— Сіз балда боласыз ғой?
— Иә.
— Алмаз алқаңызды тағып аласыз ба?
— Иә.
Королева бұрынғыдан да бетер қуарып кетті. Король оны бірден байқап, ханымның қатты әбігерге түскеніне айызы қанып, бойына сіңгеннен жаман әдеті — рақымсыз қаталдығына басып:
— Ендеше келістік! Менің сізге айтайын дегенім осы еді, — деді жайбарақат қана.
— Бал қай күнге тағайындалып еді? — деді Анна Австрийская.
Людовик XIII бұл сауалға жауап беруге болмайтынын сезе қойды: королеваның дауысы өліп бара жатқан кісінің даусына ұқсас еді.
— Таяу күнде, ханым, — деді король. — Дәл қай күні өтетіні есімде қалмапты, кардиналдан сұрау керек екен.
— Демек, осы балды өткізуге кеңес берген мәртебелі тақсыр екен ғой? — деді королева ширап.
— Иә, ханым. Сіз оны неге сұрадыңыз? — деді король таңырқап.
— Алмаз алқаны тағудың менің есіме салуға кеңес берген де сол кісі ғой?
— Сізге не десем екен,..
— Тап сол кісі, ұлы ағзам, соның өзі!
— Ол ма, мен бе — бәрібір емес пе? Осы өтінішті сіз қылмыс көрігі тұрғаннан саумысыз?
— Жоқ, ағзам.
— Демек, сіз келесіз ғой? — Иә.
— Жақсы болды, — деді король кетіп бара жатып. — Мен уәдеңізді орындарсыз деп сенемін.
Королева иіліп құрмет көрсетті, бірақ әдеп сақтағаннан гөрі, тізесі бүгіліп бара жатқасын иіле қойды.
Корольдің бұл арадан көңілі өсіп шықты.
— Мен құрыдым! Су түбіне кеттім! — деді королева күбірлеп. — Кардинал бәрін де біледі. Корольді маған айдап салып отырған да сол, король әзірге ештеңені де білмейді, бірақ ұзамай бәрін де білетін болады. Мен құрыдым! Құдай-ай! Құдай-ай!
Ол тізерлеп отыра кетті де, дірілдеген қолымен бетін басып, дұға оқи бастады.
Жағдай шынында да қиындап кетіп еді. Герцог Бекингэм Лондонға кайтып барды, де Шеврез ханым Тур қаласында. Өзін аңдуды бұрынғыдан әлдеқайда күшейткенін білетін королева опасыздық жасап жүрген кісі сарай маңындағы әйелдердің бірі екенін анық сезеді, бірақ соның кім екенін жыға танымайды. Ла Порт Лувр шегінен асып еш жаққа бара алмайды; бұл жалғанда ханым сенетін кісі де қалмады.
Басына төніп тұрған қауіп-қатерді анық сезіп, жалғыздығына жаны күйген королева шыдай алмай егіліп жылап жіберді.
— Мәртебелі ханым, сізге менің бір себебім тимес пе екен? — деді кенет бір нәзік дауыс жаны аши.
Королева жалт қарады: мына дауыс айна-қатесіз дос адамның даусы ғой.
Шынында да королеваның бөлмесіне апаратын көп есіктің біреуінің алдында әп-әсем Бонасье бике тур екен. Ол көрші шағын бөлмеде ханымның көйлектері мен ішкиімдерін жинастырып жатады да, король кіріп келгенде шығып кетуге үлгіре алмай қалады. Сөйтіп ол осы арадағы сөздің бәрін де естиді.
Королева өзінің бұл бөлмеде жалғыз емес екенін көргенде, аңдамай дауысы шығып кетеді. Абыржып қалған ханым ә дегенде, Ла Порт күтуші етіп қойған келіншекті тіпті танымай да қалды.
— О, сіз шошымаңыз, мәртебелі ханым! — деді келіншек, билеушісін мынадай шарасыз күйде көргенде ол өз қолын өзі уқалап, егіліп жылап жіберді. — Мәртебелі ханым, мен сізге жан-тәніммен берілген кісімін, біздің арамыз жер мен көктей болса да және менің деңгей-дәрежем өте төмен етекте жатса да, сізді осы бәледен құтқарудың амалын ойлап тапқан сияқтымын.
— Сіз! О тәңірім! Сіз бе?! — деді королева дауыстап. — Кәне, менің көзіме туралап бір қараңызшы. Айналамның бәрі опасыздар. Сізге сене алар ма екенмін?
— Мәртебелі ханым, — деді келіншек тізерлеп отыра кетіп, — арыммен ант етейін, сіз үшін өлуге бармын!'
Әйелдің жүрегін жарып шыққан осы үннен кейін оның адалдығына ешбір шүбә қалмады.
— Иә, — деді Бонасье бике сөзін сабақтап, — иә, бұл жерде опасыздардың бар екені рас. Бірақ әулие ананың атымен ант етейін, ұлы ханым, өзіңізге менен өткен адал адам жоқ! Әлгіде король силаған алқаны айтам... сіз оны герцог Бекингэмге бердіңіз соған, солай ма? Ол алқа герцог әкеткен қызыл ағаш қобдишаның ішінде ме еді?.. Мен қателесіп кеттім бе, әлде қайдағы жоқ бірдеңені айтып тұрмын ба?
— О, құдай, құдайым-ай! — деді королева, қорыққаннан тісі-тісіне тимей.
— Хош, енді сол алқаны қайтару керек қой, — деді Бонасье бике сөзін жалғап.
— Иә, қайтару керек. Бірақ, соны қалай жасарсың? — деді королева дауыстап.
— Біреуді герцогке жіберу қажет шығар?
— Бірақ кімді? Кімді жібереміз. Кімге сенеміз?
— Маған сеніңіз, мәртебелі ханым. Осы құрметті маған бір рет көрсетіңізші, королевамен менің, сонда мен шабарманды да табамын.
— Хат жазу керек қой!
— Аса қажет. Мәртебелі ханым, өз қолымызбен сыза салған екі сөзінің бен мөріңіз жетіп жатыр.
— Бірақ сол екі сөз — маған шығарған үкім-жаза, ажырасу, жер аудару...
— Егер бір залымның қолына түссе, әрине, солай болады. Бірақ сол хатыңыздың тиісті жеріне тапсырылатынына жаным кәміл.
— О жасаған! Сіздің қолыңызға мен өз өмірімді, ар-намысымды, кір шалмаған атымды сеніп тапсырғалы турмын!
— Иә, ханым, тапсырасыз. Бірақ сізді құтқаратыным анық.
— Қалай құтқарасыз? Тым болмаса түсіндіріңізші!
— Менің күйеуімді осыдан үш-төрт күн бұрын босатқан. Онымен әлі жолығып үлгере алмай жатырмын. Ол өшпенділіктен де, сүйіспеншіліктен де бейхабар жүретін бір қарапайым, қайырымды жан. Ол мен не қаласам, соның бәрін де орындайды. Ол апара жатқан нәрсесінің не екенін білмей-ақ аттанып жүре береді және, мәртебелі ханым, хатыңызды көрсетілген адресіне сізден екенін білмей сезбей-ақ апарып бере салады.
Королева жас әйелдің жүрегінің түкпірінде не жатқанын анықтап көріп алғысы келгендей-ақ, оны көзімен ішіп-жеп, қолын қатты-қатты қысты.
Бірақ әйелдің тұнық көзінен адал пейілін танып, бетінен шөп еткізіп сүйіп алды.
— Осыны орындасаң, менің өмірімді де, ар-намысымды да аман сақтап қаласың! — деді ол разы көңілмен.
— О, менің қызметімді асыра бағаламай-ақ қойыңыз, мен сізге қол ұшын бергенімнің өзіне бақыттымын! Мен қайбір құтқарушы ем. Ұлы ханым, сіз — жәдігөй айла-әрекеттің құрбанысыз.
— Оның рас, қарғашым. Сен жөнін айтып тұрсың, — деді королева бәсең.
— Ендеше маған хатты беріңіз, мәртебелі ханым. Уақыт тар.
Королева, үстінде сия, қағаз бен қауырсын қалам жатқан столшаға жүгіріп барды да, дереу екі жол хат жазып, оған өз мөрін басып бекітіп, Бонасье бике ұсынды.
— Иә, — деді королева, — айтпақшы, біз аса маңызды бір затты ұмытып кетіппіз.
— Ол не?
— Ақшаны айтам.
Бонасье бике қызарып кетті.
— Иә, оныңыз рас, — деді ол. — Менің айтайын дегенім, күйеуім...
— Күйеуіңіздің ақшасы жоқ қой? Сен соны айтайын деп пе едің?
— Жоқ, оның ақшасы бар. Бірақ ол сараңның сараңы — басты кемістігі де сол. Сіз қам жемей-ақ қойыңыз, мәртебелі ханым, біз бір жөнін табармыз...
— Қырсық шалғанда, қазір менде де ақша жоқ, — деді королева. (Де Моттвиль ханымның өмір баянын оқыған кісі буған онша таң қалмайды). — Тура тұрыңызшы...
Анна Австрийская өз қобдишасына барды.
— Мына бір жүзікті алыңызшы, — деді ол. — Білетіндер оны өте қымбат турады дейді. Мұны маған ағам, испан королі сыйлаған. Бұл менің өз меншігім, не етсем де еркімде. Осы жүзікті ал да, ақшаға айналдыр, сосын күйеуің жолға шықсын.
— Енді бір сағатта тілегіңіз орындалады.
— Мына адресті көрдің бе, — деді королева жайымен сыбырлап, оның не дегенін айырудың өзі қиын еді, — «Милорд герцог Бекингэмге, Лондон».
— Хат оның өз қолына табыс етіледі.
— Кең пейілді қарғашым! — деді королева дауыстап.
Бонасье бике королеваның қолынан бір сүйіп, хатты қорсажына тығып, құстай ұша жөнелді.
Енді бір он минуттан кейін ол үйіне келді. Ол королеваға айтқанындай, босатылғаннан кейін күйеуін әлі көрген жоқ еді. Ол күйеуінің кардиналға деген көзқарасының өзгеріп кеткенін де білмейтін, әсіресе соңғы кездері Бонасьенің ең жақын досына айналған граф Рошфор екі-үш рет келгеннен кейін бұл өзгеріс күшейе түскен болатын.
Граф онша қиналмай-ақ ,оның әйелі арам пиғылмен ұрланбағанына, ол тек саяси сақтықтан туған шара екеніне Бонасьенің көзін жеткізді.
Әйелі келгенде Бонасье мырза жалғыз екен; бір өзі үй ішін жинаймын деп машақатқа түсіп жүр екен. Мебель түгелдей сынған, шкафтардың іші қаңырап бос қалыпты: Сүлеймен патша бір кезде: үш нәрсе өзінен кейін із қалдырмайды депті ғой, әділ сот шамасы олардың қатарына жатпаса керек-ті. Дәйекші әйел қожайынын қамауға алысымен зытып кеткен. Қыз байғұстың қатты қорыққаны сонша, алды-артына қарамай, еш жерге аялдамай, Парижді тастап, өзінің атамекені — Бургулдиядан барып бір-ақ шыққан еді.
Қадірменді галантерейші үйіне келісімен өзінің аман-есен келгенін айтып әйеліне хабар жіберген, әйелі оған құтты болсын айтып, қыруар жұмысынан қолы қалт етсе болғаны күйеуімен көруге келетінін білдіріп сәлем жолдаған.
Оның қолының қалт етуін күйеуі табаны күректей бес күн күтті, жағдай басқаша болса, Бонасье мырза мұны өте ұзақ уақыт деп шыдамас та еді. Бірақ кардиналмен кеңескеннен кейін, граф Рошфор әлденеше рет келгеннен кейін бұл көп ойланып, көп толғанатын болған, ал, қалың ойға шомған кісі уақыттың қалай өткенін білмей қалады.
Оның үстіне Бонасьенің ойы кереметтей тәтті ойлар еді. Рошфор оны досым, сүйікті Бонасьем дейді және кардиналдың өзі жөніндегі пікірі жақсы екенін ұдайы айтады да отырады. Галантерейші енді өзін бақ-дәулет пен құрмет-қошеметке жақындап қалғандай сезінеді.
Бұл кездері Бонасье бике де талай нәрсенің жай-күйін ойлаған, бірақ ойына бақ-дәреже дегенің кіріп те шықпайтын. Өзінің еркінен тыс оның ойы әлгі әдемі албырт жас жігітке, шамасы, буған ғашық болып қалған жігітке айналып соға береді. Он сегіз жасында Бонасье мырзаға тұрмысқа шығып, күйеуінің елгезек те сергек жанды жас әйелдің құштар сезімін тіпті де оята алмайтын көңілдес серіктерінен басқа ешкімді көрмеген Бонасье бике арзан қызыққа әлі бой алдыра қоймаған еді. Бірақ ол заманда дворян аты қарапайым қала жұртына, қай кездегіден болса да, қатты әсер етуші еді, ал, д'Артаньян дворянин болатын. Бұған қоса оның үстіне гвардияшының формасы бар-тын, ал, әйелдер болса мушкетер формасынан кейін осы гвардияшы киімін қатты бағалайтын. Қайталап айтайықшы, бұл жігітіміз әрі жас, әрі сұлу және алғыр да алымды еді. Ол махаббат күйін шын ғашықтардай-ақ шертетін және махаббатқа жаны құмар жасты. Міне, осының бәрі жиналып келіп, жиырма беске енді шыққан келіншектің басын шыр айналдырып жіберуге жетіп жатыр еді, несін айтасыз, Бонасье бике әйелдің ең бір бақытты шағына келіп, пісіп-толысып тұрған кезі еді.
Сол себепті де, бір апта бойы көріспеген ерлі-зайыптылар бір-бірімен әрқайсысы өз ойымен өзі әуре болып жолықты, ал осы аптаның ішінде екеуінің басынан да елеулі-елеулі оқиғалар өткен еді. Бонасье мырза қанша айтқанмен шын көңілден қуанып құшағын жайып, әйеліне қарай қарсы жүрді.
Бонасье бике оған сүйсін деп маңдайын тоса берді,
— Екеуміздің, сөйлесуіміз керек, — деді ол.
— Жаным-ау, не туралы? — деді Бонасье таңырқап,
— Мен сізге аса маңызды бірдеңені... айтуым керек, — деді Бонасье бике сөз бастап.
— Иә, иіні келгенде айтайын, менің де сізге бірнеше салмақты сауалдар қойғым келеді, — деді Бонасье, әйелінің сөзін бөліп. — Сізді осы неге ұрлады, әуелі соны түсіндіріп беріңізші?
— Қазіргі әңгіме ол жайында емес, — деді Бонасье бике.
— Сонда не жайлы? Менің қамалғаным жайлы ма?
— Мен оны сол күні білгенмін. Бірақ сіздің ешбір қылмысыңыз жоқ-ты, ешбір құпия айла-әрекетке қатысты болып көрмеген едіңіз, сіз өзіңізді, немесе әлде басқа біреулерді қаралайтын ешбір жәйтті білмейтінсіз, сол себепті де мен ол оқиғаға онша көңіл бөле қоймаған едім.
— Тілмен орақ орғанға бел ауырмайды, бикем! — деді Бонасье, әйелінің буған самарқау қарағанына өкпелеп. — Бірақ сіз менің ұзақ тәуліктер бойы Бастилияда көзім жылтырап жатқанымды білесіз бе?
— Тәулік дегенің тез өтеді ғой. Сіздің қамалғаныңызды әзірге сөз етпей-ақ қоялық, оданда мені осында әкелген істің жайын сөз етелік.
— Сізді осында әкелген іс дегеніңіз қалай? Жаным-ау, сіз мұнда тұтас бір апта бойы көрмеген күйеуіңізбен жүздесуге келген жоқсыз ба? — деді галантерейші қабақ шытып.
— Иә, әуелі соны ойлап келгенім рас. Бірақ одан өзге де шаруам бар.
— Айтыңыз ендеше!
— Ол кереметтей бір маңызды жұмыс, бәлкім, біздің болашақ тағдырымыз тек соған байланысты да шығар.
— Бике, сізді көрмегелі бері біздің жағдайымыз күрт өзгерген, егер енді бірнеше айдан кейін жұрттың көбі бізді көре алмай күндейтін болса, мен оған таң қалмаймын.
— Егер сіз менің айтқанымды дәлме-дәл орындайтын болса қыз, солай болады да.
— Мен бе?
— Иә, сіз. Бір қайырымды да қасиетті істі жасасаңыз, ақшаның астында қаласыз.
Ақша жайын айтса, күйеуінің ен осал пернесін басатынын Бонасье бике кәміл білуші еді.
Бірақ галантерейші болсын, басқа болсын, әйтеуір кардинал Ришельемен он минут сөйлескеннен кейін, кез келген адам танымастай болып өзгеріп кететін.
— Қыруар ақша ма? — деді Бонасье төменгі ернін дүрдите.
— Иә, өте көп.
— Шамасы қанша болады?
— Бәлкім, тұтас бір мың пистоль болып қалар.
— Демек, сіздің маған салайын деп отырған қолқаңыз аса маңызды нәрсе болды ғой?
— Иә
— Сонда не істеу керек?
— Сіз дереу жолға шығасыз. Мен сізге бір хат беремін, оны көздің қарашығындай сақтайсыз да, тиетін кісінің өзіне қолма-қол апарып тапсырасыз.
— Қайда баруым керек?
— Лондонға.
— Мен бе? Лондонға ма? Сіз немене, әзілдеп турсыз ба? Менің Лондонда ешбір шаруам жоқ.
— Бірақ сіздің Лондонға баруыңызға зәру болып отырған кісілер бар.
— Олар кімдер? Сізге бір ескертейін дегенім, мен енді әуелі өз көзімді жеткізбей ештеңені де істемеймін және өз басымды қандай бәйгеге тігетінімді, кім үшін тігетінімді біліп алғым келеді.
— Сізді жұмсайтын асыл текті бір кісі, сол дегдар жан қазір сізді күтіп отыр. Сыйлық дегеніңіз сіздің ойлағаныңыздан да асып кетеді — менің сізге айтайын дегенім осы еді.
— Тағы айла-шарғы ма! Бітпейтін бір айла-әрекеттер! Рақмет! Енді мені алдай алмайсыз: кардинал мырза менің көзімді ашты.
— Кардинал! — деді Бонасье бике дауыстап. — Сіз кардиналмен көрістіңіз бе?
— Иә, ол мені шақырып алды! — деді галантерейші,
— Сіз соның шақырғанына ергенсіз ғой, не деген бейқам кісі едіңіз.
— Несін жасырайын, барамын не бармаймын деп шәниетін хал менде болған жоқ: екі жасауыл айдап апарды. Тағы бір мойындайын дегенім, мен ол кезде мәртебелі тақсырды тіпті білмеуші едім, сол себепті де о кісіге бармай, жалтарып қала алсам — соған қатты қуанған болар едім.
— Ол сізге дөрекі мінез көрсетті ме, қорқытты ма?
— Ол маған қолын ұсынып, досым деп атады, иә, досым деп атады! Естіп тұрсыз ба, бикем? Мен — ұлы кардиналдың досымын.
— Ұлы кардиналдың дейсіз бе?
— Япырмай, осы сіз сол кісінің атақ-дәрежесіне шүбә келтіруден саумысыз?
— Жоқ шүбә келтірмеймін, бірақ менің сізге айтарым, министірдің шапағаты — дәйексіз нәрсе, тек есуас қана өз тағдырын министрге апарып телиді. Одан да құдіретті, одан да жоғары тұрған өкімет бар — бір адамның құбылмалы еркіне ғана, немесе белгілі бір оқиғаның бітер-бітпесіне ғана сүйенбейтін өкімет-билік болады. Сондай өкіметке ғана қызмет ету керек.
— Бикем, мен қатты қынжылып отырмын, бірақ мен үшін сол ұлы адамның билігінен өзге билік жоқ, өз басым сол кісіге қызмет ету құрметіне ие болғанмын.
— Сіз кардиналға қызмет етесіз бе?
— Иә, бикем. Сол себепті де, кардиналдың қызметшісі ретінде мен сізді мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы бағытталған қаскүнемдік әрекеттерге жуытпаймын және өзі француз болмағасын, жан-жүрегімен Испанияны жақтайтын әйелдің айла-шарғысына сіздің көмек беруіңізге тыйым саламын. Бақытымызға қарай, біздің ұлы кардиналымыз бар әйтеуір: оның өмірде қалғымайтын қыран көзі дүниенің бәрін мүлт жібермей жіті бағып отыр және одан жасырын қалатын жүрек түкпірі болмайды.
Бонасье граф Рошфордан естіген сөзін сөзбе-сөз қайталап айтқан еді. Ол бұл сөздерді көңіліне тоқып алған, әдемілеп айтатын қолайлы сәтті күтіп жүрген-ді. Бірақ өз күйеуінің көмегіне сенген және сол үшін королева алдында серт берген жас әйел өзінің дәрменсіздігін көріп және сұмдық бір қауіп-қатерге табан астында арандап қала жаздағанын сезіп қалшылдап қорқып кетті. Дегенмен күйеуінің әлсіз жерін, әсіресе, құлқынқұмар қомағайлығын кәміл білетін әйел әлі де болса күйеуін ырқыма көндірермін деген үміттен айрылғысы келмеді.
— Ах, солай ма, сіз кардиналшы екенсіз ғой, мырза! — деді келіншек ширығып. — Сіз әйеліңізді азаптайтын, королеваңызды қорлайтын сұмдарға қызмет етеді екенсіз ғой!
— Жалпы жұрттың игілігі тұрғанда жалғыз адамның мүддесі деген не, тәйірі. Деп мемлекетті құтқаратын кісілерді жақтаймын! — деді Бонасье лепіріп.
Бұл да граф Рошфордың сөзі-тін, Бонасье оны жаттап алып, енді есебін тауып қыстыра салған-ды.
— Байғұс-ау, өзіңіз айтып тұрған мемлекет дегеннің не екенінен аздап та болса хабарыңыз бар ма? — деді Бонасье бике иығын қушитып. — Қулық-сұмдықты қайтесіз, одан да қарапайым мешанин болып жүре берсеңізші және кім көбірек пайда жасаймын десе соның жағына шыға қойыңыз.
— Кім білген... — деді даусын созып Бонасье, қасында томпайып жатқан қалтаны қолымен қағып-қағып қалғанда күміс сыңғыры естілді. — Құрметті уағыздаушы бикеш, сіз енді мынаған не дер екенсіз.
— Бұл ақша қайдан келген?
— Аңғармай отырсыз ба әлі?
— Кардиналдан ба?
— Сол кісіден және менің досым Рошфордан.
— Граф Рошфордан ба? Мәнжубас-ау, мені ұрлаған тап соның өзі емес пе!
— Ұрласа ұрлаған шығар.
— Сондай сұмырайдан ақша алғансыз ба?
— Сол ұрлықтың шын себебі саясат екенін өзіңіз де айтпап па едіңіз?
— Ол ұрлықтың негізгі мақсаты — мені күштеп ханымға опасыздық жасату еді, көнсем — көндім, көнбесем күштеп, азаптап, қасиетті билеуші ханымымның ар-намысына, тіпті, бәлкім, өміріне де қауіп төндіретін істерді маған мойындату еді.
— Бикеш, — деді Бонасье, — сіздің қасиетті билеушіңіз — опасыз испан әйелі, сол себепті де кардинал жасап жатқан іс-әрекеттің бәрі де заңды,
— Сударь, — деді жас әйел шаңқылдап,— мен сізді қорқақ та қомағай екеніңізді, ақылсыз ақымақ екеніңізді білуші едім, ал бірақ оңбаған залым екеніңізді білмеуші едім!
— Бике... — деді Бонасье мөлтеңдеп, әйелінің осылай ашуланғанын алғаш рет көріп, үй ішінің жанжалынан шошып кетіп, — бикеш, сіз не деп кеттіңіз?
— Мен сізді жексұрын деп турмын! — Бонасье бике күйеуіне қайтадан ықпалы өте бастағанын аңдап, әңгімесін соза берді. —Сөйтіп сіз саясатпен айналысып кеттім деңіз, оның үстіне кардиналдың жақтасы болдым деңіз? Сөйтіп сіз жән-тәніңізбен әзәзілге сатылдым десеңіз және ақшаға сатылғансыз ғой, солай ма?
— Әзәзілге емес, кардиналға!
— Оның бәрі бір! — деді келіншек шаптығып. — Кім «Ришелье» десе — «әзәзіл» деп айтқаны.
— Үндемеңіз, бикеш үндемеңіз! Сөзіңізді біреу болмаса біреу естіп қалар!
— Иә, сіз дұрыс айтасыз, бірақ сіздің қорқақтығыңыздан мен ұяламын.
— Сіз маған сонда не жаса дейсіз?
— Мен сізге әлгіде ғана айтқанмын: тап қазір жолға аттанып, өзіңізге сеніп тапсырылған істі адал орындап шығуыңызды талап етемін. Осы шартты қабылдасаңыз мен бәрін де ұмытамын да, кінәңізді кешіремін. Бұған қоса, — әйел оған қарай қолын созып, — сізбен қайта достасамын.
Бонасье әрі қоян жүрек қорқақ,' әрі сараң еді, бірақ әйелін өлердей жақсы көретін, оның көңілі босап кетті. Елу жастағы ердің жиырма бестегі әйеліне ұзақ бұртиып жүруі қиын болса керек-ті. Бонасье бике күйеуінің қипақтап тұрғанын сезе қойды.
— Кәне қалай? Тәуекелге бел байладыңыз ба?
— Қымбатты бикем, менен не талап етіп тұрғаныңызды өзіңіз бір ойлап көріңізші? Лондон алыста, Парижден тым қашық жатыр, оның үстіне сіздің тапсырмаңызды орындау ісі, бәлкім, қатерлі де шығар.
— Сол қауіп-қатерден аман қалсаңыз сізге бәрібір емес пе!
— Сіз білесіз бе, Бонасье бике? — деді галантерейші. — Білсеңіз, мен одан үзілді-кесілді бас тартамын. Айла-шарғыдан мен қатты қорқамын. Мен Бастилияны көрген кісімін! Бастилия дегенін бір сұмдық! Есіме түссе болғаны — арқамды аяз қарып өткендей болады. Мені азаптаймыз деп қорқытты! Ал, сіз азаптау дегеннің не екенін білесіз бе? Ағаш сыналарды башпайларыңыздың ара-арасына салып сүйегіңіз күлпарша болғанша қысады екен... Жоқ, айттым — бітті, кестім — үзілді! Өлсем де бармаймын. Ау, шайтан алғыр-ау, өзіңіз неге бармайсыз? Осы уақытқа дейін мен сіз жөнінде қателесіп келіппін: сіз маған бірте-бірте еркек болып көрініп барасыз және еркек болғанда да ең бір жанкешті, жаужүрек болып көрінесіз.
— Ал, мына сіз... сіз бе — нағыз әйелсіз, барып тұрған бейшара, ақымақ та ақылсыз әйелсіз! Ах! Сіз қорқақсыз ғой? Жарайды! Олай болса мен осы тап қазір сізді королева атынан қамауға ал деймін, сосын сізді айдап апарып, әлгі өзіңіздің зәреңіз қалмайтын Бастилияға қамайды да тастайды!
Бонасье терең бір ойға сүңгіп кетті. Ол қауіп қатердің қай жақтан — кардинал жақтан ба, әлде, королева жағынан ба — күшті болатынын ақылға салып, өлшеп-пішіп көрді. Сөйтсе, кардиналдың ашуынан өткен қауіп жоқ екен.
— Мені королева атынан тұтқындауға әмір етіңіз? — деді ол ақырында. — Мен мәртебелі тақсырға сүйендім деймін.
Өзінің асыра сілтеп жібергенін Бонасье бике енді ғана түсінді, түсінді де шошып кетті. Күйеуінің әсте шімірікпейтін топас жүзіне сескене көз тастап еді, одан зәре-құты қалмаған ақылсыз бейбақтың көзсіз қалшалығынан басқа ештеңені де көре алмады.
— Мақұл ендеше, — деді әйел жасып. — Түптеп келгенде, бәлкім, сіздің айтқаныңыз дұрыс та шығар. Саясатқа еркектер жетіктеу келеді, әсіресе, Бонасье мырза, сіз жетік шығарсыз, өйткені кардиналмен кеңестіңіз ғой. Дегенмен бір өкінетінім жерім, — деді әйел әңгімесін жалғап, — өзіме деген махаббатына құдайдай сеніп жүрген күйеуім, жеме-жемге келгенде, менің бір қолқамды, бір еркелігімді орындауға құлықсыз болып шықты.
— Сіздің қолқаңыздың қайда апарып соғатынын кім білген,- деді Бонасье қамқорси сөйлеп. — Сол себепті де мен одан сескенемін.
— Ендеше ойға алған істен бас тартам дағы, лаж қанша, — деді келіншек бір күрсініп қойып. — Солай-ақ болсын. Енді оны сөз қылмасақ та болады.
— Тым болмаса Лондонға барғанда менің не істейтінімді түсіндіріп айтып берсеңіз ғой, — деді Бонасье біраз үнсіз тұрғаннан кейін; әйелінің сырын шыжымдап біле бергейсің, деген Рошфордың әмірі оның есіне кешеуілдеп барып түскен еді.
— Сізге оны білудің ешбір қажеті жоқ, — деді келіншек сезіктене бойын тежеп. Ол әлгі кейде әйелдердің аңсары ауып кететін болмашы бірдеңе еді, тек шаш етектен пайдаға кенелетін бір нәрсені сатып алудың жайы еді.
Жас әйел көкейіндегі ойын тереңірек жасыруға тырысқан сайын, Бонасье әйелінің өзіне айтқысы келмеген құпия сырының аса маңызды бір нәрсе екеніне көзі анық жете берді. Сол себепті де ол дереу граф Рошфорға жүгіріп барып, королева Лондонға жіберетін шабарман іздеп жатыр, деп айтпақшы болды.
— Кешіріңіз, қымбаттым, менің кетуім керек, — деді ол. — Сізді бүгін келетініңізді білмегесін бір көңілдес кісіге келемін деп уәде берген едім. Мен кеп кідірмеймін, егер аз уақыт кідіре тұрсаңыз, әлгі танысыммен сөзімді бітіремін де, осында қайтып келемін, әне, көше де қараңғыланып барады, мен сосын сізді Луврға шығарып салармын.
— Рахмет, сударь, — деді Бонасье бике. — Маған бір мардымды көмек көрсете қоятындай сіз қандай батыр бола қалдыңыз. Луврға өзім-ақ бара беремін.
— Қалауыңыз білсін, Бонасье бике, — деді бұрынғы галантенрейші. — Сізді енді қайтып қашан көремін?
— Келесі аптада жұмыстан аздап та болса босайтын шығармын, соны пайдаланып үйге келіп, нәрселерімізді біраз ретке келтірмесек, өздері бір түрлі болып бүлініп, тозып кеткен сияқты.
— Мақұл, мен ендеше сізді күтемін. Сіз маған ашуланып қалған жоқсыз ба?
— Мен бе? Жо-ға!
— Көріскенше сау болыңыз дейміз бе?
— Көріскенше.
Бонасье әйелін қолынан сүйіп, асығыс кетіп қалды.
— Хош, — деді Бонасье бике, күйеуі шығып кетіп бөлмеде өзі оңаша қалғасын, — бұл топасқа енді кардиналшы болу ғана жетпей жүр еді. Ой, жазған басым-ай, королеваның алдында ант-су ішіп жүрсем, ханым бейшараны жарылқайтындай уәде беріп жүрсем... Құдай-ай, о, жасаған-ай! Ол енді мені де сарай ішінде құрт-құмырсқадай қаптап жүрген жәдігөйлердің бірі, өзін аңдысын деп әдейі қойған тыңшылардың бірі деп ойлайтын болды-ау... Беу, Бонасье мырза-ай! Өзіңді бұрын да онша жақсы көре бермеуші ем, енді тіпті түңілсем керекті: сізге қатты өшіккен сияқтымын, енді бір кезегім келгенде сазайыңды берермін!
Әйел осы сөзді айтып болуы мұң екен, төбеден бірдеңе тарс ете қалды, әйел аңырып жоғары қарады.
— Қымбатты Бонасье бике! — деген дауыс жетті төбеден. — Басқышқа шығатын кішкене есікті ашыңызшы, сосын мен төмен түсе қояйын.
XVIII
КӨҢІЛДЕСІ МЕН КҮЙЕУІ
— Иә, бикеш, өзіңізге бір сөз айтуға рұқсат етіңіз, күйеуіңіз бір бейшара екен, — деді д'Артаньян, келіншек ашқан есіктен кіріп келе жатып.
— Демек, сіз біздің сөзімізді естіген екенсіз ғой? — деді жеделдетіп Бонасье бике жігітке үрпие көз тастап.
— Басынан аяғына дейін есіттім.
— Құдай-ай, сонда қалай есіттіңіз?
— Сіз бенен кардиналдың тыңшылары арасындағы қызу сөзді қалай естісем, бұл әңгімені де солай есіттім.
— Біздің әңгімемізден сіз не түсіндіңіз сонда?
— Мен сан жәйттерді түсіндім. Біріншіден, менің бақытыма қарай, күйеуіңіз әрі ақымақ, әрі топас екен; сосын сіз қазір ауыр жағдайға тап болып тұрсыз, оған мен шын көңіліммен қуанамын, өйткені ол маған сіздің бір кәдеңізге жарауыма мүмкіндік береді — бір құдайдың өзі куә, мен сіз үшін отқа түсуге де әзірмін; ең соңында ұққаным, королеваға ержүрек, батыл, тапқыр да адал бір кісі керек, ол ханымның тапсырмасымен Лондонға баруға тиіс. Асырмай да жасырмай айтсам, іске қажет қасиеттердің біразы менің басымнан да табылады, ендеше мені емін-еркін жұмсай беруіңізге болады.
Бонасье бике бірден жауап бере қоймады, бірақ қуанғанынан жүрегі лүпілдеп, көзінде үміт оты жалт етті.
— Мен осы құпия міндетті сізге сеніп тапсырар болсам — оған қандай кепілдік бере аласыз? — деді келіншек.
— Сізге деген менің махаббатым соған кепіл болсын. Кәне, айтыңыз, бұйырыңыз! Не істеуім керек?
— Құдай-ай, сондай құпияны сізге сеніп тапсыра алар ма екенмін? Сіз әлі баласыз ғой!
— Байқаймын, сіз шамасы маған біреудің кепілдік бергенін қалайсыз ғой,
— Сонда ғана жаным жай табар еді,
— Сіз Атосты білесіз бе?
— Жоқ.
— Портосты ше?
— Білмеймін.
— Арамисті ше?
— Жоқ. Бұл мырзаларыңыз кім еді?
— Ұлы ағзамның мушкетерлері. Сіз олардың капитаны де Тревиль мырзаны да білмейсіз бе?
— О иә! Ол кісіні білемін, бірақ өзін тікелей емес, сыртынан білемін: королева ол кісіні аса адал, парасатты дворянин деп талай рет айтып отырғанын естігенмін.
— Сіз оны кардиналға жағынамын деп өзіңізге опасыздық жасайды деп есептемейсіз ғой әйтеуір?
— Әлбетте, олай ойламаймын.
— Ендеше сіз оған құпия сырыңызды айтыңыз-дағы, сол тылсым сырыңыз қаншалықты маңызды, қымбат та қорқынышты болса да, мына маған сеніп тапсыруға бола ма деп со кісінің өзінен тікелей сұраңыз.
— Бірақ ол менің өзімнің құпия сырым емес, сол себепті де оны айтуға ешбір хақым жоқ.
— Сіз оны Бонасье мырзаға сеніп тапсырмақшы болдыңыз ғой! — деді д'Артаньян ренжіп.
— Хатты кейде ағаштың қуысына, кептердің қанатына, иттің қарғысына да сеніп тыға салатын кездер болады, сол сияқты бір сенім ғой.
— Сізге өлердей ғашық екенімді өзіңіз де көріп тұрсыз ғой!
— Иә, өзіңіз солай деп тұрсыз.
— Мен — адал адаммын!
— Өзім де солай ойлаймын.
— Мен — батырмын!
— О, оған көзім кәміл жетеді.
— Ендеше мені сынап көріңіз!
Бонасье бике әлі де көңіліндегі күдігі сейілмегендей, жас жігітке тағы бір қарады. Бірақ оның көзі оттай жайнап, даусы да сенімді шыққасын, келіншектің бұған сенбеске амалы да қалмады. Мұның үстіне тұйықтан шығудың басқа жолы да жоқ еді. Тәуекелге бел байламаса болмайды. Орынсыз сақтық пен ашықауыз сенгіштік — королеваға мұның екеуі де қатерлі.
Сосын біз мойындайтын даусыз бір жәйт — осы бір балғын жігітке ынта-ықыласының еркінен тыс ауып тұратыны келіншекке тіл бітірейін деді.
— Жарайды ендеше, — деді ол, — мен сіздің айтқаныңызға көнейін және жақынымдай сенейін. Бірақ осыдан бар ғой, егер сіз маған опасыздық жасап, сатып кетсеңіз, дұшпандарым мені мың жерден кешіріп жатса да, обалым сіздің мойныңызда деп асылып өлмесем, мені бір құдайдың қарғысы атсын!
— Ал, егер мен сіздің тапсырмаңызды орындаймын деп жүріп қолға түсе қалсам, сіздерге сөзіммен де, ісіммен де көлеңке түсірмеймін, одан да өлгенім артық деп құдай алдында ант етем!
Міне осыдан кейін келіншек оған құпия сырын жасырмай айтты, бұл құпияның бір ұштығы оған анадағы бір оқыс жәйттен кейін, Самарит әйел мүсінінің қарсысындағы көпір үстінде мәлім болған еді.
Бұлардың бір-біріне айтқан ғашықтық сөзі осы еді.
Д'Артаньян иен бақытқа кенеліп, төбесі көкке жеткендей болды. Әлгіде ғана естіген құпия сыр, жанына балаған жас әйел оның бойын сергітіп, күшіне күш қосқандай болды.
— Мен аттанамын! Тап қазір аттанамын! — деді ол.
— Қалай, бірден жүре бермекшісіз бе? — деді Бонасье бике аң-таң қалып. — Полкіңіз, командиріңіз не дейді?
— Имандай шыным, қымбатты Констанция, сіз маған дүниенің бәрін ұмыттырдыңыз. Дұрыс айтасыз, маған демалыс керек.
— Тағы бір бөгет! — деді Бонасье, бике күйіне күбірлеп.
— О, мен ол бөгеттен тез құтыламын, қам жемеңіз, — деді д'Артаньян біраз ойланғасын.
— Қалай?
— Бүгін кешке салым мен де Тревиль мырзаға барамын да, күйеу баласы Дезэссардан маған демалысқа рұқсат алып беріңіз деп өтінемін.
— Бірақ онымен іс бітпейді...
— Сіз неден қысылып тұрсыз? — деді д'Артаньян, Бонасье бикенің күмілжіп тұрып қалғанын көріп.
— Бәлкім, сіздің ақшаңыз жоқ шығар?
— «Бәлкім» деген сөзіңіз артық, — деді жігіт күлімсіреп.
— Олай болса, мына қалтаны алыңыз, — деді Бонасье бике шкафты ашып теңге толы қалтаны алып, осыдан жарты сағат бұрын күйеуі осы қалтаны сүйсіне сипаған еді.
— Кардиналдың қалтасы ғой! — деді жігіт қарқылдай күліп, еденнің тақтайын алып тастап, ерлі-зайыпты екеуінің арасында болған әңгімені түгел естігенін біз жақсы білеміз.
— Иә, кардиналдың қалтасы, — деді Бонасье бике оны құптап. — Өзіңіз көріп тұрсыз ғой, бүйірі топ-толық.
— Ай, шайтан-ай! — деді д'Артаньян дауыстап. — Мұның өзі тіпті сауап болды-ау: королеваны мәртебелі тақсырдың ақшасымен құтқаратын.
— Сіз өте сүйкімді, аяулы жігітсіз! — деді Бонасье бике толқып. — Мәртебелі ханымның қарыздар болып қалмасына күмәнданбай-ақ қойыңыз.
— О, қазірдің өзінде-ақ менің еңбегім қайтты! — деді жігіт масайрап. — Мен сізді сүйемін — тап осылай деуіме рұқсат етесіз ғой... Осындай бақытқа жетем деген ой түнде түсіме кірген бе!..
— Тыс-с! — деді кенет Бонасье бике сыбырлап.
— Не болып қалды?
— Көшеде біреулер сөйлесіп келеді..,
— Кімнің даусы?..
Күйеуімнің даусы. Иә, соның тап өзі!
Д'Артаньян есікке жүгіріп барып, ілмекті жаба салды.
Мен кеткесін ашарсыз.
Бірақ менің де кетуім керек. Егер осында қалсам, ақшаның жоғалып кеткенін оған қалай ғана түсіндіремін.
— Дұрыс айтасыз, шығып кетелік ендеше.
Шығып дейсіз бе? Қайтып шығамыз? Біз шықсақ болды — ол бізді бірден көреді.
— Ендеше біздің үйге көтерілейік.
— Ах! — Бонасье бикенің даусы еріксіз шығып кетті. — Сіз осылай дегенде тіпті зәрем ұшып кетті...
Осы сөздерді айтқанда Бонасье бикенің кірпігіне жас ілінді. Д'Артаньян оның мөлтілдеген көз жасын көрді де, жүрегі елжіреп, ұялғаннан бір тізерлеп отыра кетті.
— Дворяннің адал сөзімен серт етем, шіркеуден қалай қауіптенбейтін болсаңыз, біздің үйден де қауіптенбей-ақ қойыңыз, — деді ол.
— Кеттік. Сізге өзімді сеніп тапсырдым, досым! — деді келіншек.
Д'Артаньян абайлап ілмекті ашып, сосын екеуі лып етіп, көлеңке сияқты жеңіл жылжып, ішкі есіктен алаңға шығып, басқышпен ың-шыңсыз көтерілді де, жігіттің бөлмесіне келіп кірді.
Бөлмесіне кіргесін жігіт сақтық ойлап есікті бастыра салды. Осыдан кейін екеуі терезе алдына келіп, Бонасье мырзаның плащқа оранып алған бейтаныс бір кісімен сөйлесіп тұрғанын көрді.
Плащты кісіні көрген кезде д'Артаньян дір ете түсті, сосын шпагасын суыра-муыра есікке қарай тұра ұмтылды.
Ол — Менг қаласында ұшырасқан бейтаныс еді.
— Сіз не істейін деп тұрсыз? Екеуміздің де түбімізге жетесіз ғой! — деді Бонасье бикенің шыр-пыры шығып.
— Мен ана кісіні өлтіруге серт берген едім! — деді д'Артаньян өрекпіп.
— Сіздің өміріңіз енді алдыңызға қойылған мақсатқа ғана бағышталады, оның билігі өзіңізде емес. Жол-сапар кезінде кездесетін қауіп-қатер болмаса, басқа бәле-мәтерден сақтанып жүруіңізді королева атымен талап етемін!
— Ал өзіңіздің атыңыздан маған ешқандай әмір етпейсіз бе?
— Өз атымнан... — деді Бонасье бике жаны тебіреніп, — өз атымнан да жалынып сұрайтыным осы! Кәне аналарды тыңдалықшы — солар мені сөз етіп жатқан сияқты.
Д'Артаньян терезенің алдына қайтып келіп, сыртқа құлағын тосты.
Бонасье өз үйінің есігін ашып, іште ешкімнің жоқ екенін көргесін, сыртта қалған плащты кісінің қасына қайтып барды.
— Әйелім кетіп қалыпты, — деді Бонасье. — Ендігі Луврге қайтып барған шығар.
— Сіздің аяқ астынан неге кетіп қалғаныңызға сезіктенбеді ме екен, соған көзіңіз жете ме? — деді плащты кісі.
— Ол өзі аса ұшқалақ әйел, оны қайдан сезсін! — деді Бонасье астамсып.
— Әлгі жас гвардияшы үйінде ме?
— Үйінде жоқ шығар. Өзіңіз көріп тұрсыз, терезелерінің қақпағы жабулы, саңылауынан ешбір сәуле көрінбейді.
Сонда да бір тексеріп қойған артық болмайды,
— Қалай тексерейік?
Есігін қағып көріңізші.
— Қызметшісінен сұрайын,
— Барыңыз.
Бонасье подъезге кіріп, әлгіде ғана қашқындар кірген есіктен өтіп, д'Артаньянның бөлмесінің алдына келіп, есігін қақты.
Ешкім жауап қатпады: өзінің сән-салтанатын арттыру үшін Планшені сол бір кеште Портос сұрап алған еді; ал, Д'Артаньянның өз басы тап қазір ләм деп үн қатпайды.
Бонасье есікті тарсылдатып қаққан кезде, екі жастың екеуі де жүректерінің дүрсілдеп соғып кеткенін сезді.
— Онда ешкім жоқ екен, — деді Бонасье.
— Бәрібір сіздің үйге кірелік. Көшеде тұрғаннан гөрі қолайлы болар.
— Ах! — деді Бонасье бике қынжылып. — Біз енді ештеңені де ести алмайтын болдық.
— Қайта бұрынғыдан да жақсы еститін боламыз, — деді д'Артаньян келіншекті жұбатып.
Д'Артаньян еңкейіп еденнің төрт бұрыш паркеттерінің бірнешеуін сетінетіп алып, оны Дионисийдің сақ құлағы сияқты бір тыңдаушы орынға айналдырды, сосын еденге кілем төсеп, тізерлеп отыра кетті, Бонасье бикеге де мен сияқты отырып, саңылауға еңкейіңіз деп белгі берді.
— Үйде ешкімнің жоқ екенін анық білесіз бе? — деді бейтаныс кісі.
Мен оған басыммен жауап беремін, — деді Бонасье.,
— Сіз әйеліңізді..»
— Сарайға қайтып барды деп ойлаймын.
— Ешкіммен сөйлесіп үлгірмеді дейсіз бе?
— Оған анық көзім жетеді.
— Оны дәлме-дәл білудің айрықша маңызы бар, түсіндіңіз бе?
— Демек, сізге айтқан мәліметтерімді бағалы мәлімет деуге болады ғой?
— Мен оның сізден несін жасырайын, қымбатты Бонасье, олар — аса бағалы мәліметтер.
— Ендеше кардинал маған ырза болады деңіз,
— Оған шүбә келтірмеймін.
— Ұлы кардинал!
— Өзіңізбен сөйлескенде әйеліңіз ешкімнің есімін атамады ма, ұмытып қалған жоқсыз ба?
— Жоқ, атамаған сияқты.
— Ол де Шеврез ханымды немесе герцог Бекингэмді, немесе де Берне ханымды атаған жоқ па?
— Жоқ, ол маған тек жоғары мәртебелі бір кісіге қызмет көрсету үшін мені Лондонға жібергелі жатқанын ғана айтты.
— Сатқын! — деді Бонасье бике күбірлеп.
— Тс-с, — деді д'Артаньян келіншектің қолынан ұстап, ойланып тұрған әйел қолын тартып алмады да.
— Қанша айтқанмен, сіз әңгүдік ақымақсыз, — деді плащты кісі сөзін жалғап, — әйтпесе әйеліңізді сырттай құптаған болып көрінуіңіз керек еді. Сонда хат ендігі біздің қолымызда болатын еді, мемлекетіміз бір қатерден аман қалатын еді, ал сіз..
— Иә, мен...
— Ал сізге... дворянин атағы берілетін еді.
— Оны өзі айтты ма сізге...
— Иә, оның сізді осындай күтпеген бір құрметпен қуантқысы келгенін кәміл білемін.
— Қам жемей-ақ қойыңыз, — деді Бонасье. — Әйелім мені қатты сыйлайды, әлі де кеш емес.
— Ақымақ! — деді Бонасье бике күбірлеп.
— Тс-с! — деді д'Артаньян бәсең ғана, әйелдің қолын қатты қысып қалып.
— Әлі кеш емесіңіз қалай? — деді плащты кісі.
— Мен қазір Луврға жүгіріп барамын-дағы, Бонасье бикені шақырамын, сосын оған райдан қайтқанымды, тапсырманы орындайтынымды айтамын, хатты алысымен дереу кардиналға апарып беремін.
— Мақұл ендеше. Тездетіңіз. Сіздің не істегеніңізді білу үшін мен де ұзамай қайтып соғармын.
Бейтаныс кісі шығып кетті.
— Жексұрын! — деді Бонасье бике күйеуіне ызасы келіп.
— Тынышталыңызшы! — деді д'Артаньян келіншектің қолын бұрынғыдан бетер қыса түсіп.
Тап сол сәтте әлдекімнің бажылдаған даусы д'Артаньян мен Бонасье бикенің ойын бұзып жіберді. Бұл — ақшалы қалтаның жоғалып кеткенін көргенде жұртты көмекке шақырған Бонасьенің жан даусы еді.
— О құдайым-ай! — деді Бонасье бике абыржып. — Мына есірік күллі кварталды дүрліктіретін болды-ау!
Бонасьенің ойбайы көпке дейін басылмады. Бірақ Көр қазушылар көшесінен мұндай айқай-шу жиі-жиі шығып жататын болғандықтан да, ешкім мұны естіп көшеге шықпады, оның үстіне галантерейшінің үйі біраздан бері бәлелі үй атанып кеткен-ді, көшеден тірі жанның төбесі көрінбегесін Бонасье сол маңдайын тоқпақтап ойбайлаған күйі үйінен жүгіріп шықты. Дюбак көшесі жағынан оның бажылдаған даусы көпке дейін естіліп жатты.
— Ал, енді, — деді Бонасье бике, — ол кісі кеткен екен, ендігі кететін кезек сіздікі. Сапарыңыз оң болсын, батырым, әйтеуір абай болғайсыз. Королеваның қызметінде екендігіңізді ұмытпаңыз.
— Ханымның да, сіздің де қарауыңыздамын! — деді д'Артаньян дауыстап. — Әсем бикеш, қауіптенбей-ақ қойыңыз! Ханымның алғысын алатындай болып қайтып келетінім анық, бірақ сіздің махаббатыңызға қолым жетер ме екен?
Бұған жауап ретінде келіншектің әсем жүзі дуылдап қызарып кетті. Арада тағы біраз минут өткен шамада д'Артаньян да плащына оранып көшеге шыға берді, оның етегін ұзын шпаганың қыны көтеріп бара жатты.
Бонасье бике оның соңынан ұзақ уақыт жәудірей қарап қала берді. Әдетте, әйелдер ықыласы құлаған жігітті осылай ұзатып салар еді.
Жігіт бұрыштан айналып көрінбей кетісімен әйел еденге тізесін бүгіп отыра кетті.
— О құдай! Королеваны да сақтай гөр, мені де сақтай гөр! — деді әйел қолы майысып.
XIX
ЖОРЫҚ ЖОСПАРЫ
Д'Артаньян ең әуелі де Тревиль мырзаның үйіне қарай беттеді. Енді бірнеше минуттен кейін кардиналдың әлгі бейтаныс кісіден күллі жағдаятты білетініне жігіттің көзі анық жетті, сол бейтаныс мәртебелі тақсырдың сенімді кісісі болса керек-ті. Ендеше бір минутты де текке өткізуге болмайды деп есептеді ол.
Жас жігіттің кеудесін қуаныш кернеп бара жатыр еді. Күтпеген оқиға ақша мен атақ-даңқты бірден табуға жағдай жасап отыр, мұның ең бір жақсы жері сол оқыс оқиға оны жақсы көретін әйелімен жақындастырады. Тағдыр оны ойламаған жердей қиялы да жете бермейтін мол бақытқа кенелтті.
Де Тревиль мырза мейманжайында, өзінің кәдуілгі текті дос-жарандарымен бірге отыр екен. Бұл үйдің кісілері д'Артаньянды жақсы білетін, сол себепті де ол бірден кабинетке кіріп, капитанмен аса маңызды бір шаруа жайлы сөйлескелі келгенін айтыңыз деп қызметшіні жұмсады.
Ол келгесін арада бес минут өтпей жатып, мұнда де Тревиль мырза келіп кірді. Жас жігіттің қуанышты жүзіне бір қарағаннан-ақ, көпті көрген капитан жаңа бір оқиғаның болғанын сезе қойды.
Жолай келе жатқанда д'Артаньян мынадай бір сауалға жауап таба алмай басы қатқан: де Тревиль мырзаға сеніп, сырымды ашсам ба екен, әлде құпия бір істі орындауға рұқсат сұрап қана қоя салсам ба екен? Бірақ де Тревиль мырза әрқашанда бұған келгенде ақ көңіл, адал ниетін білдіреді және өзі король мен королева дегенде жанын құрбан етуге дайын, ал, кардиналға қаны қас, ендеше мен оған бәрін де жасырмай айтайын, деп ойлады жас жігіт.
— Сіз менің қабылдауымды сұрағаныңыз рас қой, жас дос, — деді капитан.
— Иә, мырза, — деді д'Артаньян, — менің қандай маңызды мәселемен келгенімді білгеннен кейін өзіңізді мезгілсіз мазалағанымды кешірерсіз деп ойлаймын.
— Олай болса, сөйлеңіз. Зейінім сізде.
— Егер асырмай да жасырмай айтсам, — деді жас жігіт даусын бәсеңдетіп, — әңгіме королеваның ар-абыройын, бәлкім, тіпті аяулы өмірін сақтап қалу жайлы болып отыр .
— Сіз не деп барасыз! — деді де Тревиль мырза дауыстап, сосын бұл сөзді біреу естіп қоймады ма екен деп төңірегін көзімен бір шолып, әңгімеші жігіттің бетіне аңырып қарай берді.
— Мырза, менің айтайын дегенім, кездейсоқ бір жәйт маған бір құпия сырдың бетін ашты... — деді д'Артаньян.
— Ол сырды, сіз, жігітім, жаныңызды құрбан етсеңіз де сыртқа шашпайсыз ғой.
— Бірақ сол сырды менің сізге айтуым керек, мырза, өйткені мәртебелі ханым жүктеген міндетті орындауыма сіз ғана нақты жәрдем көрсете аласыз.
— Сол құпия сыр — сіздің өз құпияңыз ба?
— Жоқ, мырза. Ол — королеваның құпиясы.
— Сол құпияны маған айтуға мәртебелі ханым рұқсат етті ме?
— Жоқ, мырза, қайта оны тісімнен шығармауға әмір етті.
— Ендеше оны маған неге айтқалы отырсыз?
— Өйткені әлгіде айттым ғой, сіз жәрдем бермесеңіз менің қолымнан ештеңе де келмейді және менің айтқалы отырған өтінішімнің күллі жай-жағдаятын білмесеңіз, маған рұқсат етпей қоясыз ба деп қорқамын.
— Өзіңізге сеніп тапсырған құпияны сыртқа шашпаңыз, жігітім, ал, енді тілегіңізді айта беріңіз.
— Менің тілегім, Дезэссар мырзадан маған екі аптаға демалыс алып берсеңіз.
— Қай уақыттан?
— Бүгінгі түннен.
— Сіз Парижден жүріп кетпексіз бе?
— Тапсырманы орындау үшін кетуім керек.
— Қайда баратыныңызды маған айта аласыз ба?
— Лондонға.
— Сізді көздеген мақсатыңызға жеткізгісі келмейтін кісілер бар ма?
— Маған кедергі жасау үшін кардинал дүниенің бар байлығын сарп етуге әзір тұрған сияқты.
— Сонда жолға жалғыз шықпақсыз ба?
— Иә, жалғыз аттанбақпын.
— Олай болса, сіз Бондиден әрі аса алмайсыз, мұны де Тревильдің сөзі деп біліңіз.
— Неге?
— Сіздің ізіңізге бір баскесерді салып қояды.
— Ендеше өз борышымды өтеу үстінде қаза табамын-дағы!
— Алған тапсырмаңыз орындалмай қалады.
— Ол рас... — деді д'Артаньян.
— Маған сенсеңіз, — деді капитан сөзін жалғап, — мұндай сапарға төртеу болып аттанған дұрыс, сонда тым болмаса біреуіңіз діттеген жеріңізге жетесіз.
— Иә, сіз әбден дұрыс айттыңыз, мырза — деді д'Артаньян, — Атосты, Портос пен Арамисті өзіңіз де білесіз және олардың маған көмек көрсетуге әзір екенін де жақсы білесіз.
— Оларға құпияны ашпайсыз ба?
— Біз бір-бірімізге әрдайым көзсіз сене беруге және кез келген уақытта жан алысып, жан берісуге ант еткенбіз. Бұған қоса сіз оларға маған әбден сенетініңізді айтсаңыз, сіз сияқты олар да маған сөзсіз сенеді ғой.
— Мен олардың әрқайсысына екі аптадан демалыс бере аламын: жарасы әлі жазыла қоймаған Атосты Форждағы шипалы суға жіберемін; Портос пен Арамис ауыр халде жатқан досын жалғыз қалдырмас үшін сонымен бірге кетсін. Бұл сапарға менің келісім бергенімді дәлелдейтін демалыс куәлігі қолдарында болады.
— Мырза, сізге шын көңілден алғыс айтамын. Сіз керемет қайырымды жансыз...
— Қазір дереу достарыңызға барыңыз. Жолға бүгін түнде шығасыздар... Иә, сіз енді Дезэссар мырзаның атына өтініш жазыңыз. Бәлкім, сіздің әрбір қадамыңызды аңдып жансыз тыңшы да жүрген шығар, ендеше сіздің маған келгеніңіз, кардиналға қанша мәлім болса да, орынды да дәлелді болып шығады.
Д'Артаньян өтінішін жазды, қағазды жас гасконның қолынан алып жатып, де Тревиль оған енді бір-екі сағаттан кейін төрт демалыс куәлігі осы сапарға шығатын төрт жолаушының әрқайсысының үйді-үйлеріне жеткізіліп берілетінін айтты.
— Менің куәлігімді, рақым етіп, Атостың пәтеріне жіберсеңіз екен, — деді д'Артаньян. — Үйге қайтып барсам, ойламаған бір пәлеге арандап қаламын ба деп қорқамын.
— Қам жемеңіз. Көріскенше хош болыңыз, сапарыңыз оң болсын... Айтпақшы, тұра тұрыңызшы! — деді де Тревиль дауыстап д'Артаньянды тоқтатып.
Д'Артаньян қайтып келді.
— Ақшаңыз бар ма еді?
Ол қалтасындағы ақшалы әмиянды қолымен бір шертіп қалды.
— Жеткілікті ғой? — деді де Тревиль.
— Үш жүз пистоль.
— Бәрекелде. Ондай ақшамен жер шетіне де жетуге болады. Хош, ендеше жүре беріңіз!
Д'Артаньян де Тревиль мырзаға иіліп ізет көрсетті, капитан оған қолын ұсынды. Жас гаскон оның қолын риза көңілден қошаметтеп бір қысып қойды. Парижге келгелі бері әрдайым осындай адал да парасатты, кең пейіл қалпынан бір танбайтын осы бір тамаша адамның бұған көрсеткен жақсылығы ұшан-теңіз еді.
Д'Артаньян алдымен Арамистің үйіне келіп кірді. Ол досының үйінде Бонасье бикені аңдыған айтулы түннен бері болмаған еді. Ол тіпті соңғы кездері жас мушкетермен өте сирек көріскен, ал, көріскен сайын оз досының жүзінен арылмас бір мұң ізін көргендей болатын.
Бұл күні кешкілік Арамис те әлі жатпай бір қалың ойға батып, тұнжырап отыр екен. Арамис Әулие Августиннің он сегізінші тарауына келесі аптаға дейін латынша түсініктеме жазуы керек екен, сонысын бітіре алмай қатты абыржып жүргенін айтып, бір сылтауды алдына тарта қойды.
Екі достың әңгімесі басталғанына біраз уақыт өткен, кенет де Тревиль мырза дәйекшілерінің бірі келіп, Арамиске жабулы бір пакетті ұсына берді.
— Бұл не? — деді мушкетер.
— Мырза, бұл әлгі өзіңіз сұраған демалысқа берілген рұқсат қағаз, — деді дәйекші.
— Ау, мен тіпті демалыс сұраған емеспін! — деді Арамис аң-таң қалып.
— Үндемей ала беріңіз, — деді д'Артаньян оған сыбырлап.— Досым, мә, мына қызметіңізге жарты пистоль алыңыз, — деді сосын дәйекшіге қарап. — Арамис мырза сізге шын жүрегінен алғыс білдіріп жатыр деп де Тревиль мырзаға айтып барарсыз.
Басы жерге жеткенше иіліп тәжім етіп, дәйекші кетіп қалды.
— Мұның сыры қандай? — деді Арамис.
— Екі апталық саяхатқа қажет болады-ау деген нәрселерді жинаңыздағы, маған еріңіз.
— Бір жәйтті білмей тұрып, мен Парижден кете алмаймын...
Арамис үндемей қалды.
— Оған не болғанын білмей кетпеймін дейсіз ғой, солай ма? — деді д'Артаньян досының сөзін жалғап.
— Кімге? — деді Арамис.
— Осында болған әйелді айтам-дағы. Кестелі орамалы бар әйелді айтам-дағы.
— Осы үйде бір әйелдің болғанын сізге кім айтты? — деді Арамис өліктей қуарып кетіп.
— Мен оны көргенмін.
Және оның кім екенін білесіз бе?
Білмегенмен, шамалаймын.
— Ендеше, — деді Арамис, — сіз соншама көп жәйттерді білетiн болсаңыз, сол әйелге не болып, не қойғанын білмейсіз бе?
— Ол Турға аман-есен қайтып оралған болуға тиіс.
— Турға дейсіз бе? Иә, бәлкім, сіз оны білерсіз де. Бірақ маған бір ауыз сөз айтпай, ол қалайша Турға қайтып кеткен?
— Қамауға алынам ба деп қауіптенген.
— Тым болмаса неге хат жазып қалдырмаған.
— Сізді бір бәлеге ұшыратудан қорыққан.
— Д'Артаньян! Сіз мені өмірге қайта әкелгендей болдыңыз-ау! — деді Арамис дауыстап. — Мені ол менсінбей, көзіме шөп салып жүр ғой деп ойлап едім. Оны мен қайта көремін ғой деп қуанып жүр едім. Ол әйел мен үшін азаттығынан айрылатынына қарамай келеді екен-ау деген ой үш ұйықтасам түсіме енбеген, бірақ екінші бір тұрғыдан қарап, оны Парижге қайтып келуге мәжбүр еткен не нәрсе екен деп қайран қаламын?
— Бізді Англияға аттандырып жатқан себеп-тағы баяғы.
— Ол қандай себеп? — деді Арамис елең етіп.
— Арамис, бір кездері оны да білерсің әлі. Бірақ ғұламаның жиен қарындасын есіме түсіремін де, әзірге артық сөз айтпай қоя тұрамын.
Арамис ілгеріректе достарына айтқан ертегісін есіне түсіріп, жымиып күлді де қойды.
— Хош, ендеше ол ханым Парижден кетіп қалған болса және сіз оны анық білетін болсаңыз, бұл жерде енді мен алаңдайтын ештеңе де жоқ, өзіңізбен тап қазір жүріп кетуге әзірмін. Сіз осы жолға шығамыз дедіңіз бе...
— ...әуелі Атостың үйіне барамыз, егер сіз шынында да менімен бірге жүретін болсаңыз — асығыңыз, онсыз да көп уақытты текке өткізіп алдық. Айтпақшы, Базенді де ескертіп қойыңыз.
— Базен де бізбен бірге жүре ме?
— Мүмкін, жүріп те қалар. Расында да, оның Атостың үйіне келгені қолайлы болар.
Арамис Базенді шақырып алып, біздің ізімізбен Атостың үйіне кел деп әмір етті.
— Кеттік, ендеше! — деді Арамис плашы мен шпагасын қолына алып, үш пистолетін бірдей беліне қыстырып жатып.
Бір қуыста тиын-тебен жатып қалмады ма екен деп столдың бірнеше жәшігін суырып қарап, сосын қайта жаба салды. Қанша қарағанмен ештеңе таба алмайтынына көзі жеткесін Д'Артаньянның соңынан сыртқа қарай беттеді, кетіп бара жатып: менің үйімде қонақ болған әйелді бұл гвардияшы қайдан біледі және ол келіншектің қайда жоғалып кеткенін менен де жақсы білетіні қалай деп іштей біраз толғанды.
Табалдырықтан аттай бергенде Арамис Д'Артаньянның иығына қолын артып:
— Ол әйел жайлы ешкімге сыр шашқан жоқсыз ба?— деп сұрады.
— Тірі жанға айтқаным жоқ.
— Атос пен Портосқа да айтқан жоқсыз ба?
— Оллаһи!
— Құдайдың мұнысына да шүкір!
Бұл мәселе жөніне көңілін бір демдегесін, Арамис д'Артаньян мен қатарласып жүре берді. Ұзамай екеуі де Атостың үйіне келіп жетті.
Бұлар кіріп келсе, Атос бір қолына демалысқа берген рұқсат қағазды, екінші қолына де Тревиль мырзаның хатын ұстап тұр екен...
— Мына бір демалыс пен мына бір хаттың не екенін түсіндіріп бере алмайсыз ба? Мұны осы жаңа ғана алдым,— деді Атос аң-таң қалып.
«Сүйікті Атосым, денсаулығыңызға аса қажет болса, мен сізге екі апталық демалыс беруге қарсы емеспін. Форждағы шипалы суға барасыз ба, әлде көңіліңіз қалаған басқа жаққа барасыз ба — оны еркіңіз білсін. Тезірек сауығып шығыңыз.
Сізге ықыласы ауған ТРЕВИЛЬ».
— Бұл хат пен мына демалыстың мәнісі — сіздің менімен бірге жүруіңіз керек.
— Форждағы шипалы суға ма?
— Сол жақ па, әлде басқа жақ па — бәрібір ғой,
— Корольге қызмет етеміз бе?
— Король мен королеваға. Біз сол ұлы мәртебелі жандардың қызметшілері емеспіз бе?
Тап сол сәтте Портос та келе қалды.
— Ах, сайтандар түге! — деді ол әңгірлеп кіріп келгесін. — Осы мушкетерлерге сұрамаған демалысын қай уақыттан бері беретін болып еді?
— Сондайды сіз үшін жасап жүретін достарыңыз пайда болғалы бері.
— Бәсе...— деді Портос даусын созып — Мұнда бір жаңалық бар ғой шамасы.
— Иә, біз жүргелі жатырмыз, — деді Арамис.
— Қай жаққа? — деді Портос.
— Соны анық білмеймін, — деді Атос. — Д'Артаньяннан сұра!
— Біз Лондонға аттанамыз, мырзалар, — деді д'Артаньян.
— Лондонға! — деді Портос гүжілдеп. — Лондоннан не бітіреміз?
— Міне тап соны сіздерге айта алмаймын, мырзалар. Маған сеніп жүре бересіздағы.
— Ау, Лондонға саяхатқа бару үшін ақша керек, ал менде көк тиын да жоқ, — деді Портос.
— Менде де жоқ.
— Менде де.
Ал, менде бар, — деді д'Артаньян қалтасынан қазынасын суырып алып, стол үстіне лақтырып тастап. — Мына қалтада — үш жүз пистоль бар. Осыдан әрқайсымыз жетпіс бес пистольден лайық, сол Лондонға барып қайтуымызға әбден жетеді. Бірақ қам жемей-ақ қойыңыз — бәріміз де Лондонға жете алмаймыз.
— Heгe?
— Өйткен кейбіреуіміз шамасы жолда қалатын шығармыз..
— Сонда немене — біз жортуылға шығамыз ба?
— Және өте қауіпті жорыққа шығамыз, бұл естеріңізде болсын!
— Шайтан атсын! — деді Портос аңқылдап — Біз шынымен-ақ өлімге басымызды тігіп аттанатын болсақ, онда мен тым болмаса не үшін өлетінімді білгім келеді.
— Одан не мәнпағат табасың, әй! — деді Атос.
— Несін жасырайын, мен Портосты қолдаймын, —деді Арамис.
— Ау, король сіздердің алдарыңызда қашан есеп беріп еді? берген жоқ қой. Ол әдетте сіздерге: мырзалар, Гасконияда немесе Фландрияда соғысып жатқан көрінеді — соған барып соғысыңыздар! — дейді ғой. Сонда сіздер жүре бересіздер. Не үшін? Сіздер оны ойлап бас қатырмайсыздар.
— Д'Артаньян әділін айтып тур, — деді Атос — Міне, біздің үшеуіміздің де Тревиль мырза жіберген демалыс куәлігіміз және кім бергені белгісіз үш жүз пистольдің жатқаны мынау. Ендеше, басымызды өлімге байлап, жіберген жағына жүре берейік. Өмір дегенің соншама сауал қойып, бас қатырып жататын нәрсе емес қой! Д'Артаньян, мен сенімен бірге аттануға әзірмін.
— Мен де әзірмін! — деді Портос.
— Мен де! — деді Арамис. — Айтпақшы, мен қазір Парижден тура қашуға зар болып жүрген жанмын. Сөйтіп бір көңіл көтермесем болмайды.
— Көңіл көтеретін талай тауқымет болады әлі, мырзалар абыржымай-ақ қойыңыздар, — деді д'Артаньян.
— Тамаша. Біз қашан жүреміз? — деді Атос.
— Тап қазір. Бір минут те кідіруге болмайды, — деді д'Артаньян іле жауап қатып.
— Әй, Гримо, Планше, Мушкетон, Базен! —деп дауыстады олар өздерінің малайларына — Біздің саптамаларымызды жақсылап майлаңдар да, аттарымызды әкеліңдер!
Ол заманда әрбір мушкетер, казармадағы сияқты, тұрғын үйлерінде де өз аты мен қосшысының атын ұстауға тиіс еді. Планше, Гримо, Мушкетон мен Базен қожаларының әмірін орындау үшін тұра-тұра жүгірісті.
— Ал, енді, — деді Портос, — жол-жорықтың жоспарын жасайық. Ең әуелі қайда аттанамыз?
— Калеге, — деді д'Артаньян — Бұл — Лондонға апаратын тете жол.
— Ендеше, менің пікірім мынадай... — деді Портос маңызданып.
— Сөйле.
Бір жаққа шоғырланып аттанған төрт кісі жұрттың көңілінде бірдей күдік туғызды. Д'Артаньян біздің әрқайсымызға қажетті нұсқау берсін. Мен жолды шолу үшін Булонға бұрын кетіп қаламын. Атос менен екі сағат кейін Амьенді басып өтсін. Арамис біздің соңымыздан Нуайоиға қарай беттесін. Ал, д'Артаньянға келетін болсақ, ол қалаған жолымен жүрсін, бірақ үстіне Планшенің киімін кисін, ал, Планше біздің ізімізді басып, гвардия формасын киіп, д'Артаньян болып жүре береді.
Мырзалар, — деді Атос, — менің ойымша, бүл іске қызметшілерді араластырудың қажеті бола қоймас. Құпия сырды дворяниннің байқамай айтып қалуы мүмкін, ал малай дегенің кез келген жерде сатып кете береді.
—Портостың жоспары маған сәтсіз сияқты болып көрінеді, — деді д'Артаньян. — Ең алдымен, сіздерге нендей нұсқау беретінімді менің өзім де білмеймін. Мен хат апара жатырмын. Білетінім осы ғана. Ол хатты мен тағы үш дана етіп көшіре алмаймын, өйткені желімдеулі түр. Сол себепті де, менің ойымша, бірге жүргеніміз қолайлы. Хат, міне, мына жерде — мына қалтамда жатыр. Егер мен жазатайым біреудің қолынан қаза тапсам, сіздердің біреуіңіз хатты аласыз да, жүре бересіз. Егер оны да өлтірсе, үшінші кісінің кезегі келеді, істің жөні осы. Тек біреуіміз жетсек болды. Соның өзі жетіп жатыр.
—Бәрекелді, д'Артаньян! Менің пікірім де тура сенің айтқаныңдай, — деді Атос разы болып. — Оның үстіне дәйекті болған жөн. Мен — арасанға бара жатқан кісімін, сіздер менің қасымдағы серігімсіздер. Форж арасанының орнына мен теңізге сапар шегемін, өйткені не қаласам да өз еркім. Біреулер бізге бөгет жасағысы келеді. Мен оған де Тревиль мырзаның хатын көрсетермін, ал сіздер — куәліктеріңізді көрсетесіздер. Сосын бізге шабуыл жасайды. Біз қорғанып бағамыз. Бізді сотқа тартады, сонда: теңізге армансыз бір шомылуды аңсаған едік деп қасарып отырып аламыз. Әрқайсысы жолға жеке-жеке шыққан төрт кісіні қолға түсіру оп-оңай, ал төрт адам түгел бірге жүрсе — тұтас бір қол. Біз төрт қызметшімізді пистолетпен, мушкетпен қаруландырып қоямыз. Сосын мейлі бізге қарсы тұтас бір армияны жіберсе де, тайсалмай қарсы соғысамыз, д'Артаньян айтқандай, қайсымыз тірі қалсақ, сонымыз хатты апарып табыс етеміз.
— Тамаша, — деді Арамис. — Сен сөзге өте сараңсың, Атос, ал, бірақ, сөйлей қалсаң — желім ауыз — жез таңдай Ионнан кем түспейсің. Мен Атостың жоспарын қостаймын. Сен ше, Портос?
— Егер д'Артаньян келіссе, оны мен де қостаймын, — деді Портос. — Хат тапсырылған кісі д'Артаньян, ендеше біздің сапардың басшысы да сол. Шешімді соның өзі айтсын, ал біз оның, әмірін орындайық.
— Хош, онда мен мынадай шешімге келдім: біз Атостың жоспарын қабылдаймыз да, енді бір жарты сағаттан кейін аттанып кетеміз.
- Қабылданды! — деді үш мушкетердің үшеуі бірдей.
Сосын олардың әрқайсысы қалтаға қолын созып, жетпіс бес пистольден санап алды да, енді бір жарты сағаттан кейін дереу жолға шығу үшін мұқият әзірлене бастады.
XX
САЯXAT
— Түнгі сағат екіде, қайда шытырман оқиға болса соны іздеп жүретін төрт сабаз, Сен-Дени қақпасы арқылы Парижден шығып кетті. Төңіректі түнеріп түн басып тұрған беймезгіл шақта олар ләм деместен үн-түнсіз жүре берді; қараңғыда не боларын кім біледі — алдында жау тосқауыл бар шығар.
Таң арайланып атысымен бұлардың да тілі шығайын деді, күн көрінісімен көңілдері көтеріліп, жадырап-жайнап кетті. Тап бір ұлы шайқас алдында тұрғандайын жүректері лүпілдеп, көздерінде күлкі ойнады. Олар жазатайым үзіліп кететін өмір шіркіннің, қанша айтқанмен, таңғажайып тәтті нәрсе екенін сезгендей болды.
Сапқа тізіліп келе жатқан булар сырт көзге тым айбарлы көрінер еді: мушкетерлердің жортуылшы сарбаздардың қанатындай болып кеткен қара аттары, эскадроннан машықтанып қалған дағдысы бойынша, бұлаң құйрыққа салып сыдыртып келе жатты — мыс осының бәрі: тым жасырын істің өзін жұртқа жария етіп жібере алар еді.
Шығарда жаны басқа төрт достың соңынан бақайшағына дейін қаруланған қызметшілері келеді.
Таңғы сағат сегізде достар Шантильяға аман-есен келіп жетті. Енді ауқаттанып алмаса болмайды. Олар шарапхананың алдына келіп аттарынан түсті, оның маңдайшасында қайыршыға шекпенінің жартысын бөліп беріп жатқан Мартин әулие бейнеленген еді. Қайтадан жедел жүріп кету үшін олар қызметшілеріне аттардың ер-тоқымын алмай-ақ қойыңдар деп әмір етті.
Достар көпшілікке арналған бөлмеге келіп, стол басына отырды.
Әлгіде ғана Даммартен жолымен келген бір дворянин осы столдың басында ертеңгі асын ішіп отыр екен. Ол ауа райы жайлы әңгіме бастады. Біздің жолаушылар оны қостады. Ол бұлардың денсаулығына арнап шарап ішіп еді. Бұлар да қарыздар болып қалмады.
Бірақ Мушкетон келіп: аттар жолға әзір, — деп айта бергенде дос-жарандар да орындарынан тұрып, енді кеткелі жатқанда бейтаныс кісі Потосқа: кардиналдың денсаулығы үшін тағы бір рет алып жіберелік деп ұсыныс жасады. Сосын Портос тұрып: егер сіз король үшін алсаңыз, мен де әзірмін деп жауап берді. Бейтаныс кісі қолма-қол мәртебелі тақсырдан басқа корольді білмеймін, деп дауыстап жіберді. Портос оны маскүнем неме деп тілдеп тастады. Әлгі бейтаныс дереу шпагасына жармасты.
— Сіз бір ағаттық жасадыңыз. Бірақ амал қанша: еді шегінуге болмайды. Ана пәленің көзін жой - дағы, бізді жеделдетіп қуып жет! — деді Атос.
Осыдан кейін үш дос аттарына секірісіп мініп бірден шауып ала жөнелді, ал бұл кезде Портос өз дұшпанына: сізді сайыс өнеріне мәлім күллі әдіс-айланы қолданып, шұрық-тесік етпесем мені ант атсын деп серт етіп жатты.
— Хош, бірінші жау осы шығар! — деді Атос, бес жүз қадамдай ұзағаннан кейін.
— Бірақ әлгі адамның бәріміздің ішімізден Портосқа келіп киліккені несі? — деді Арамис таңырқап.
— Өйткені Портос дабырлап, бәрімізден де қаттырақ сөйледі, сосын әлгі кісі оны бастық деп ойлап қалған, — деді д'Артаньян.
— Осы жастасқан бала болса да дана деп ұдайы айтамын, — деді Атос күбірлеп.
Сонымен жолаушылар ілгері қарай тарта берді.
Бовеге келгесін олар аттарын тынықтыру үшін және Портос қуып жетер деген үмітпен екі сағат аялдамақ болды. Арада екі сағат өткеннен кейін Портос келмегесін және одан ешбір хабар болмағасын олар қайтадан жолға шықты.
Боведен әрі бір мильдей жүргесін жол екі жағы еңістеу келген қырат үстімен етеді екен, тап сол арада жолға тас төселмегенін ескеріп, он шақты адам соны жөндеген болып күйбеңдесіп жүр екен. Ал, шынында да олар жол үстінен ор қазып, оның сар топырақты сүрлеуін тереңдетіп жатыр еді.
Арамис осынау жасанды сазға етігімді былғап алармын деп соларға қатты бір сөз айтып қалды. Атос оған тоқтау салмақ болып еді, бірақ үлгіре алмады. Жұмысшылар жолаушыларды мазақтап күле бастады, олардың арсыздығына қаны қайнап кеткен Атос біреуін атымен қағып, құлатып түсірді.
Сол-ақ екен, олар шегініп барып, жиектегі арыққа тығулы жатқан мушкеттерін алып, қаруланып шыға келді. Біздің жеті жолаушымыз саптағы сарбаздар арасын қақ жарып өткендей болды. Бір оқ Арамистің иығынан тисе, екінші оқ. Мушкетон байғұстың май құйрығына қадалып қалып қойды. Бірақ аттан ауып түсіп қалған тек Мушкетон ғана болды. Жарақатын өз көзімен көрмегесін, ол байғұс жарасы жеңіл болса да, ауыр деп ойлап қалса керек.
— Бұл — тосқауыл. Атысып әуре болмайық! Алға! — деді д'Артаньян айқайлап.
Арамис жарақатына қарамай атына жалына жабысып, құйындатқан жұрт соңынан ілесе берді. Иесі қалып қойған Мушкетонның аты ойнақтай шауып, бұлардың қатарына келіп қосылды.
— Қосар бір атымыз болады енді, — деді Атос.
— Бұдан маған қалпақтың болғаны жақсы еді, — деді д'Артаньян. — Қалпағымды оқ жұлып кетті. Қайта оған құпия хатты тығып қоймағаным қандай жақсы болған!
Мұның бәрі дұрыс-ау, бірақ Портос сорлы осы арадан өткенде мыналар қалпақтай түсіретін болды-ау, — деді Арамис қиналып.
— Егер Портос аман болса, ендігі бізді қуып жетер еді, — деді Атос. Меніңше, жекпе-жекке шыққасын әлгі кісінің мастығы тарқап кеткен болуға тиіс.
Аттарының қиналып келе жатқанына қарамастан, олар тағыда екі сағаттай шапты, ақырында астындағы жануарлары зорығып қулап қалмаса игі еді деп қорықты.
Тағы біреулермен қақтығысып қалмас үшін олар бүйірдегі бір сүрлеуге бұрылды. Бірақ Кревкерге жеткенде Арамис одан әрі жүруге хәлі жоқ екенін айтты. Осы аранында өзіне жету үшін ол сыртқа сыр білдірмей, әрең дегенде сыпайы, сырбаз қалпын сатады. Әр минут өткен сайын әлсіреп, қансырай берді, ақырында оны серіктері екі жағынан демеп алды. Достары Арамисті бір асхананың алдына әкеліп түсіріп, қасына Базенді қалдырып кетті, әлгі айқас кезінде Базеннің жұртқа пайдасынан гөрі кесірі көбірек тиіп еді. Бүгін Амьенге жетіп қону үшін олар тағы да ілгері жүріп кетті.
— Әзәзіл-сайтан! — деді Атос екі мырза мен екі дәйекшіден — Гримо мен Планшеден туратын шағын отряд күре жолға түсіп, ілгері заулай жөнелгенде. — Ендігәрі мен олардың алдауына түспеспін! Міне, тап осы жерден сонау Калеге жеткенше аузымды ашпаймын деп серт етемін. Ант-су...
— Ант-су ішіп қайтесіз, — деді д'Артаньян оның сөзін бөліп. — Аттарымыз болдырып қалмаса, қаттырақ жүрсек.
Осыдан кейін жолаушылар аттарының бүйіріне тағы да шпорларын қадады, бұл жануарларға жаңа күш бітіргендей ширап сала берді.
Олар Амьенге түн ортасында келіп жетті де, «Алтын лилия» мейманханасының алдында аттарынан түсе берді.
Шарапханашы дүниедегі бір кішіпейіл жан екен. Ол жолаушыларды бір қолына шырағдан, екінші қолына түнгі телпегін ұстап қарсы алды. Ол екі мейманның бас-басына кереметтей жеке-жеке бөлме бергісі келетінін білдірді. Бірақ бір жаман жері, екі бөлме мейманхананың екі жақ шетінде көрінеді. Д'Артаньян мен Атос одан бірден бас тартты. Қожайын өздеріндей игі жақсыларға будан басқа ыңғайлы бөлме жоқ екенін айтты. Бірақ жолаушылар жалпы бөлмеде еденге матрац төсеп жата кетуге әзір екендігін білдірді. Қожайын дегенінен қайтпай, қасарысқысы келіп еді, жолаушылар оған ыңғай бермеді. Сосын ол амалсыздан көне салды.
Олар төсек салып, есікті жауып жата берейін дегенде аула жақтағы терезе қақпағын біреу келіп қақты. Булар оның кім екенін сұрап, өз қызметшілерінің даусын танығасын терезені ашты.
Олар шынында да Планше мен Гримо екен.
— Аттарды күзетуге Гримоның өзі-ақ жетіп жатыр, — деді Планше. — Егер мырзалар руқсат етсе, мен мына есік алдына кесе көлденең жатайын. Сонда үстеріңізге ешкімнің де кіре алмайтынына, мырзалар, өздеріңіздің де көздеріңіз жетеді.
— Астына не төсейсің? — деді д'Артаньян.
— Менің төсегім мынау, — деді Планше бір құшақ сабаңды көрсетіп.
— Сен дұрыс айтасың. Бері кел, — деді д'Артаньян — Осы қожайынның түрі маған ұнамайды, жылмиған біреу.
— Маған да ұнамайды, — деді Атос оны қостап.
Планше терезеден ішке кіріп, есік алдына кесе-көлденең жатып алды, бұл кезде таңғы беске төрт атты түгелдей жолға әзірлеп қоямын деп, Гримо да ат қораға кетіп қалған еді.
Бұл түн тыныш өтті. Рас, сағат екілер шамасында әлдекім абайлап ашпақшы болып еді, оянып кеткен Планше: «Бұл кім?» — деді айқайлап. Әлгі кісі есіктен жанылып кетіппін деп кетіп қалды.
Таңғы төрттің кезінде ат қора ішінен біреудің жан ұшырған айқайы, у-шу дауыстар естілді. Сөйтсе Гримо ұйықтап жатқан атшыларды оятпақ болады, олар тура салып, Гримоны ура бастайды. Булар терезені ашып қараса, Гримо бейшара аула ішінде ес-түссіз сулап жатыр. Оның басын айырдың сабымен ұрып жарып тастапты.
Аттарды ерттемек болып Планше далаға шықты. Сөйтсе әлде кім аттардың аяғын жаралап кетіпті. Кеше бес-алты сағат бойы адамсыз шапқан Мушкетонның аты жолға жарар еді, бірақ Қожайынның көп атының біреуінен қан алуға жіберген балгер, түсініксіз бір себептермен қателесіп, Мушкетонның атын да қансыратып тастапты.
Енді бұлар шыңдап абыржиын деді: бірінен соң бірі қат-қабат ұшырап жатқан осы бәленің бәрі кездейсоқ бір нәрсе немесе әдейі жасалған қаскүнемдіктің нәтижесі де болуы мүмкін. Атос пен Д'Артаньян көшеге шықты, ал, Планше болса, осы маңнан бір ұш ат сатып алуға болмас па екен деп, соны білмекке кетті. Шарапхана алдында ер-тұрманы салулы, жүгендеулі бір екі ат байлаулы тур, екеуі де тың, қайратты ат сияқты. Буған керегінің өзі де осы. Планше мына аттардың қолбасы қайда деп сұрады. Оған бұл аттардың иелері осы мейманханада түнеп шыққанын, қазір шарапханашымен есеп айырысып жатқанын айтты.
Атос қонып шыққандары үшін орын-пұл төлеуге кетті де, д'Артаньян мен Планше есік алдында тұрып қалды.
Шарапханашы үйдің тер жағындағы бір аласа бөлмеде жүр екен. Атостың сонда баруын сұрады.
Ойында ештеңе жоқ Атос бөлмеге кіргесін жанынан екі пистоль алып қожайынға ұсына берді. Шарапханашы бір жәшігі суырылған стол басында отыр екен. Ол теңгелерді алып, айналдырып керіп, мыналарың жалған теңге, мен сендердің (Атос пен оның серіктерінің) жалған теңгелерді жасаушы ретінде дереу қамауға алынуларыңды талап етемін деп шала бүлінді де қалды.
— Малғұн! — деді Атос оған ұмтылып. — Тап қазір құлағыңды құнтитып кесіп тастайын!
Сол азамат бақайшағынан басына дейін қаруланған төрт кісі бүйірдегі есіктен сау етіп кіріп келіп, Атосқа дүрсе қоя берді.
— Мен арандап қалдым! Д'Артаньян, жөнел! Атқа тақымды бас — деді Атос айқайлап бар күшін жинап, сосын пистолеттен екі рет атып жіберді.
Д'Артаньян мен Планше екі айтқызбады. Есік алдында байлаулы тұрған аттарды шешіп алып, қарғып мінді де, тақымды бір басып, сүре жолмен зымырай жөнелді.
— Атосқа не болғанан байқаған жоқсын ба?— деді ол Планшеге, шауып келе жатып.
— Оһ, мырза, — деді Планше, — мен оның екі рет атып, өзіне тура ұмтылған кәззаптардың екеуін жер қаптырғанын көрдім, есіктің әйнегінен ол қалған екеуімен сайысып жатқандай болып көрінді.
— Жарайсың, Атос! — деді д'Артаньян күбірлеп. — Қайтейін, сондай ерді тастап безіп барамын! Кім білген, енді біраз уақыттан кейін бізді де осындай бір тағдыр күтіп тұрған шығар. Алға, Планше, алға! Сен тамаша жігітсің!
— Мен сізге айтып едім ғой, мырза, пикардиялықтың қадірін бірте-бірте білесіз деп. Мұның үстіне мен қазір туған өлкемнің жерімен келе жатырмын, қайратым тасып келе жатқаны да содан болар, — деді Планше қызуланып.
Екеуі аттарын үсті-үстіне тақымдап, құйғыта шапқан күйі Сент-Омерден келіп бір-ақ шықты Сент-Омерде олар аттарын біраз тынықтырды, бірақ кездейсоқ жаңа бір пәлеге ұрынып қалмас үшін тізгіндерін қолдарынан шығармай, көшеде асығыс жүрек жалғап алып, әрі қарай шапқылап жүріп кетті.
Кале қақпасына жүз қадамдай жер қалғанда д'Артаньянның аты зорығып құлап түсті, тізгінінен қанша тартқылағанмен, ол орнынан тұра алмады; жануардың көзі мен танауынан қан атқылап кетті. Енді Планшенің аты ғана аман қалды, бірақ ол да біржола болдырып, ілгері қарай бір адым да баспай қойды.
Сәт түскенде, біз жоғарыда айтқандайын, қалаға жүз шақты қадам ғана қалған еді. Аттарын қара жол үстінде қалдырып, олар гаваньға қарай тура жүгірді. Планше булардың алдында елу қадамдай жерде қызметшісімен бірге кетіп бара жатқан бір дворянинге д'Артаньянның назарын аударды, өздері жаңа ғана келген сияқты және олар да жағалауға қарай беттеп барады екен.
Бұлар бір жаққа асығып бара жатқан әлгі кісіні қайтсе де қуып жетпек болды. Оның саптама етігін шаң басыпты және осы арадан дереу Англияға кетуге болмас па екен деп жай-күйді сұрастырып тұр екен.
— Одан оңай нәрсе жоқ қой, — деді жүзе жөнелуге дайын тұрған шағын кемелер қожасының бірі жай ғана, — бірақ бүгін ертеңгісін кардиналдың рұқсатынсыз бірде-бір адамды жібермеу керек деген қатал жарлық келді.
— Менің рұқсат хатым бар, — деді дворянин, қалтасынан бір қағазды суырып алып. — Мінеки.
— Ендеше оған порт бастығы белгі соқсын, — деді кемеші. — Бірақ кейін басқа кеме іздеп жүрмеңіз.
— Бастықты қайдан табамын?
— Ол қала сыртындағы үйінде.
— Ол үй қай жақта?..
— Қаладан жарты шақырымдай жерде. Ол, әне, осы жердей көрініп тур, ана бір төбенің етегінде.
— Жақсы-ақ, — деді әлгі адам.
Малайын қасына ертіп, ол порт бастығының үйіне қарай беттеді.
Оларды сәл-пәл ілгері жіберіп, д'Артаньян мен Планше іздеріне түсті.
Қаланың шетіне шыққасын д'Артаньян жүрісін тездетіп, жолаушы дворянинді шағын бір тоғайдың жиегіне ілінгенде қуып жетті.
— Сіз тым асығыс көрінесіз, сударь? — деді д'Артаньян сөз бастап.
— Асығыс жүргенім рас еді, сударь.
— Қатты қынжылсам да, сізге айтайын деген бір сөзім, — деді д'Артаньян әңгімесін жалғап, — мен де тым асығыс едім, сол себепті де маған қол ұшын бере алмайсыз ба деп өтінер едім.
— Сонда сізге қандай көмек керек?
— Сізден сұрайын дегенім — мені бұрын жіберсеңіз екен.
— Ол мүмкін емес, сударь, — деді дворянин. — Мен небары қырық төрт сағат ішінде алпыс мильдей жер жүрдім, ал, ертең түсте Лондонда болуым керек.
— Мен сондай жерден қырық сағатта ғана келдім және ертең сағат онда Лондонға жетуім қажет.
— Амал бар ма, сударь, мен бірінші болып келіп, екінші болып кете алмаймын.
— Сізге не дейін ендеше, екінші болып келсем де, бірінші болып жүріп кетуім керек.
— Корольдің әмірімен! — деді дворянин дауыстап.
— Мына өзімнің тілеуіммен! — деді д'Артаньян.
— Ау, сіз осы жанжал тілеп тұрған жоқсыз ба?
— Басқа не деп едіңіз енді?
— Сізге не керек?
— Білгіңіз келіп пе еді?
— Әлбетте.
— Ендеше тыңдаңыз: маған сізде бар, менде жоқ, бұйрық керек, мен оған қатты зәрумін.
— Сіз ойнап тұрған шығарсыз шамасы?
— Мен — ешқашанда ойнамайтын адаммын.
— Жіберіңіз былай! .
— Жоқ, сіз еш жаққа да бармайсыз!
— Батыр бозбала, басыңды жарып тастаймын... Дюбен, пистолеттерді әкел!
— Планше, қызметшісін жайғастыр, мен мырзасының жайын табайын, — деді д'Артаньян.
Әуелгі шайқастан кейін арқасы қозып алған Планше Любенге тұра ұмтылды, күші мен әдіс-айласы қатар жүретін сабаз, ананы алып ұрады, кеудесін тізесімен баса қойды.
Өз шаруаңызды реттей беріңіз, мырза, мен ісімді бітірдім, — Планше айқайлап.
Осыны көрген дворянин шпагасын суырып алып, д'Артаньянға тап берді. Бірақ ол оңай дұшпанға кезікпеген еді.
Үш секундтің ішінде д'Артаньян оны үш рет жаралады және түйреген сайын:
— Мынау Атос үшін! Ал, мынау Портос үшін! Мынау Арамка үшін! — деп атап-атап қояды.
Үшінші рет ұрған кезде жолаушы баудай сұлап түсті.
Дұшпаның өліп қалған шығар, немесе талып қалған шығар деп ойлаған д'Артаньян бұйрықты алмақ болып оған жақын келді. Бірақ ол әлгі кісінің тула бойын тінтпекші болып еңкейе бергенде, шпагасын қолынан түсірмеген жаралы, д'Артаньянды кеудесінен бір түйреп қалды.
— Бұл сіздің өз сыбағаңыз! — деді ол айызы қанып.
— Ал, мынаны мен үшін қабылда! Ең соңғы бір асатқаным болсын! — деді жыны қозған д'Артаньян төртінші рет оны ішінен жерге шегелей түйреп жатып.
Дворянин осы жолы көзін жұмып, есінен танып кетті.
Жолаушының рұқсат қағазды тыққан қалтасын сипалап, д'Артаньян оны суырып алды. Бұйрық граф де Вардтың атына жазылған екен.
Жасы жиырма бестерден әлі аса қоймаған, өзі есінен тандырып па , әлде, өлім халінде ме, әйтеуір елеусіз тастап кеткелі тұрған әдемі жас жігітке соңғы рет көз тастағанда, д'Артаньян өздеріне мүлде бейтаныс, бұлардың әлемде бар-жоғын да білмейтін қайдағы жоқ біреулердің мүддесіне бола қаймана жұртқа бірін-бірі өлтіртіп, қырқыстырып қойған қатал тағдырдың тәлкегін ойлап, ауыр бір күрсініп қойды.
Бірақ Любеннің әлдекімдерден көмек сұрап шыңғырған ащы даусы мұның ойын бөліп жіберді.
Планше оны тамағынан мытып-мытып жіберді.
— Мырза, — деді ол, — мен мынаны осылай қылғындырып ұстап тұрмасам, мұның үні өшпейді. Ал, жіберсем болғаны ол қайта-қайта байбалам салады. Бұл езі нормандық соққан болуға тиіс, ал, нормандықтар қайсар келеді.
Расындада Планше қанша қысып ұстағанымен, Любен әйтеуір бір дыбыс бермек болып жанталасып жатты.
— Қоя тұршы, — деді д'Артаньян.
Сосын орамалын суырып алып. пәлекеттің аузын тығындап тастады.
— Ал, енді мұны ағашқа мықтап байлап тастайық, — деді Планше.
Бұлар оны мұқият байлады. Сосын граф де Вардты қызметшісінің қасына сүйреп апарып тастады.
— Енді порт бастығына баралық! — деді д'Артаньян,
— Ойбай-ау, сіз жараланып қалғансыз ба, қалай? — деді Планше.
— Ештеңе етпейді! Әуелі ең асығыс шаруаны бітірейік, менің жарамды сосын қарармыз: меніңше, ол онша қауіпті емес сияқты.
Осыдан кейін бұл екеуі құрметті чиновниктің үйіне қарай тез басып жүріп кетті.
Оған граф де Вард келіп тур деп хабарлады.
Д'Артаньянды кабинетке ертіп әкелді.
— Сізде кардиналдың қолы қойылған рұқсат қағаз бар ма? — деді бастық.
— Иә, мырза, бар. Мінекиіңіз, — деді д'Артаньян.
— Хош, қағазың дұрыс екен. Тіпті сізге жәрдемдесу жөнінде нақты нұсқау да бар екен.
— Бұл түсінікті де. Мен мәртебелі тақсырға жақын кісілердің бірімін, — деді д'Артаньян.
— Мәртебелі тақсыр, шамасы, біреудің Англияға кетуіне бөгет жасағысы келетін сияқты.
— Иә, Беарн дворянині д'Артаньян деген біреуге бөгет болғысы келеді, ол өзінің көңілдес үш серігін ертіп, Лондонға бармақшы болып, Парижден шыққан көрінеді.
— Сіз оны білесіз бе?
— Кімді айтасыз?
— Әлгі д'Артаньян дегенді.
— Білгенде қандай.
— Ендеше маған оны кескіндеп беріңізші,
— Одан оңай нәрсе жоқ.
Д'Артаньян осыдан кейін граф де Вардтың кескін-келбетін тәптіштеп суреттеп берді.
— Оның қасында кім еріп жүр? Любен деген малайы.
— Ендеше оларды сөзсіз табамыз, егер қолға түсе қалса, мәртебелі тақсыр қам жемесін, біз оларды тиісті күзетпен Парижге жөнелтеміз.
— Онда сізге кардиналдың шарапаты тиеді, — деді д'Артаньян.
— Сіз ол кісіні қайтып келісімен көретін шығарсыз?
— Оған сөз бар ма.
— Ендеше ол кісіге менің адал қызметкер екенімді айтып барарсыз.
— Сөзсіз жеткіземін.
Оның бұл уәдесіне қуанып қалған порт бастығы қағазына аттануға деп белгі соғып, өзіне қайтып берді.
Д'Артаньян жылы-жылы сөйлеп, оның іші-баурына кіріп, уақыт өткізіп жатпады. Порт бастығына иіліп ізет көрсетіп, рақмет айтты да, өз жөніне жүріп кетті.
Планшемен екеуі жолға шыққасын жүрістерін жылдамдатып, орманды айналып өтті де, қалаға басқа бір қақпадан келіп кірді,
Бағанағы кемешік жүзе жөнелуге әзір тур екен. Қожайын жағада күтіп жүрген болып шықты.
Шаруа қалай? — деді ол д'Артаньянды көрісімен,
Порт бастығы қол қойған рұқсат қағаз мінекей.
Әлгі басқа мырза қайда?
Ол бүгін жүрмейтін болды. Бірақ абыржымай-ақ қойыңыз, мен жол пұлын екеуімізге де төлеймін, — деді жігіт.
- Олай болса кеттік! — деді қожайын көңілденіп.
— Кеттік! — деді д'Артаньян оның сөзін қайталап.
Д'Артаньян мен Планше қайыққа секіріп-секіріп отырысты. Енді бір бес минут өткеннен кейін олар кемеге келіп мінді.
Бұлар дәл мерзімінде келіп жетіпті. Д'Артаньян жағадан бір оттың жалт етіп, артынан гүрс етіп зеңбірек атылғанын көрген мізде, бұлар жиектен жарты мильдей ұзап кеткен еді.
Осынау зеңбірек даусы порттың жабылғанын хабарлаған.
Енді жарақаттанған жерін қараудың да кезегі келіп еді. Д'Артаньян ойлағанындай-ақ, жарасы онша қауіпті емес екен. Шпагатының ұшы қабырғаға тиіпті де, терісін сыдырып кетіпті. Көйлегі қараға бірден жабысып қалыпты да, қан сәл ғана тамшылап барып тыйылған тәрізді.
Д'Артаньян қатты шаршаған еді. Палубаға төсеніш салып берісімен, ол жата қалып, бірден ұйықтап кетті.
Келесі күні, ағарып таң атқанда, бұлар Англия жағалауына үш-төрт миль жақындап келіп қалған-ды. Түні бойы әлсіз жел тұрғасын, кеме де баяу жүрген.
Ертеңгі сағат онда кеме Дувр портына келіп зәкір тастады.
Он жарымдар кезінде д'Артаньян ағылшын жерін басып тұрып:
— Ақырында мақсатымызға да жеттік-ау! — деп дауыстап жіберді.
Бірақ сол әлі бітпеген еді: енді аман-есен Лондонға жету керек қой.
Англияда почта қатынасы ойдағыдай еді . Д'Артаньян мен Планше бір-бірден ат жалдады. Почтальон алдарына түсіп заулады да отырды. Төрт сағаттан кейін олар астана қақпасының алдынан келіп шықты.
Д'Артаньян Лондонмен мүлде бейтаныс еді, ағылшынша бір сөзді де білмейтін, бірақ ол бір жапырақ қағазға герцог Бекингэмнің атын жазып еді, жұрт оған герцогтің сарайын бірден көрсетті.
Герцог Виндзорда корольмен бірге аң аулап жүр екен.
Д'Артаньян герцогтің аса сенімді камердинерін шақырып алды, бұл өзі саяхат-сапардың бәрінде де қожайынынан екі елі қалмайтын, французша ағып тұрған кісі екен. Жас гаскон оған өзінің аса маңызды бір жұмыспен Париладен жаңа ғана келгенін, герцогпен дереу сөйлескісі келетінін айтты.
Д'Артаньянның емін-еркін сөйлегеніне қарап Патрик (министрами дәйекшісінің есімі осы еді) оның айтқанына бірден сенді. Ол қолма-қол екі атты ерттетіп, жас гвардияшыны өзі ертіп апармақшы болды. Ал, Планшеге келетін болсақ, оны аттан сүйеп түсірген кезде,ол жолдан әбден қалжырап қалғасын, тұла бойы сіресіп, шала-жансар бір күйге түскен еді. Д'Артаньян темірден жаратылған сияқты тіпті сыр бермейді.
Виндзор қамал-сарайына келгесін олар герцогтің қайда жүргенін сұрады. Король мен герцог Бекингэм екеуі осы арадан екі-үш мильдей жердегі саздақта сұңқар салып, аң қағып жүрген-ді.
Д'Артаньян мен оның серігі салдыртып отырып, жиырма минутта айтулы жерге де жетті. Көп ұзамай Патрик сұңқарын шақырып жатқан герцогтің даусын есітті.
— Милорд герцогке кім келді деп айтайын? — деді Патрик бұран қаран.
— Сіз ол кісіге, жасана көпір үстінде, Самарит әйелдің қарсысында өзіңізбен шекісіп қалған жасас жігіт келді деп айтарсыз.
— Бір түрлі қызық сөз екен!
— Өзге сөздерден кем түспесіне қазір көзіңіз жетеді.
Патрик қос аяқтап шаба жөнелді. Герцогті қуып жетіп ол жоғарыдағы сөздерді айтты да, өзін хабаршы күтіп тұрғанын білдірді.
Герцок тән д'Артаньян жөнінде екенін бірден біле қойды, Францияда өзіне қалайда жеткізілуге тиесілі бір оқиғаның болып қалғанын аңғарды да, сол хабарды әкелген жігіттің қайда тұрғанын сұрады. Алыстан гвардия формасын тани кетті де, ол, атымен құйғыта шауып, д'Артаньянның қасына жетіп келді.
— Королева бір бәлеге ұшырап қалған жоқ па, — деді ол саңқ етіп, оның бұл сөзінен қам көңілі мен махаббаты бірден сезілді.
— Олай деп ойламаймын, бірақ ханымға бір үлкен қауіптің төніп тұрғаны рас, одан, мәртебелі мырза, сіз ғана сақтап қаласыз.
— Мен бе? —деді герцог дауыстап. — Шынымен-ақ мен ханымның бір қажетіне жарау бақытына ие болар ма екенмін? Сөйлеңіз! Тезірек сөйлеңіз, ендеше!
— Міне хат, — деді д'Артаньян.
— Хат па? Кімнен?
— Меніңше, ұлы ханымнан шығар.
— Ұлы ханымнан ба? — деп қайта сұрағанда, герцог аппақ болып қуарып кетті, д'Артаньян сол мезет: осы кіс талып қалмағай, — деп шошып кетті.
Герцог конвертті ашып қарады.
— Мынау не? — деді ол д'Артаньянға хаттың тесіліп қалған жерін көрсетіп.
— Е, мен оны байқамаппын да! — деді д'Артаньян. — Граф де Вардтың шпагасы кеудеме қадалғанда тесіп кеткен болды ғой шамасы.
— Сіз жарақаттанып қалдыңыз ба? — деді герцог хатты жазып жатып.
— Болмашы бірдеңе, тырнап қана кетті, — деді жігіт.
—О, тәңірім! Бұл не сұмдық! — деді герцог дауыстап. — Патрик, осында қал немесе қайда жүрсе де корольді іздеп тауып ал, сосын улы ағзамға менің қол қусырып кешірім сұрайтынымды жеткіз, аса бір іске бола Лондонға лажсыз кетті де... Кеттік, сударь кеттік!
Екеуі де жан ұшырып астанаға қарай шаба жөнелді.
XXI
ГРАФИНЯ ВИНТЕР
Жолан герцог болған оқиғаны түгел сұрамағанымен, д'Артаньян болған жәйттің бәрін қазбалап сұрап алды. Жас жігіттен есіткен жәйттер мен өзінің жадында қалған жәйттерді салыстыра отырып, герцог ханымның хал-жағдайының қиындап кеткенін анық сезгендей болды, әрі қысқа, әрі тұспалдай жазылса да, королева хаты да соны аңғартқандай. Кардинал осынау жас жігітті қайтсе де ағылшын жағалауына жеткізбей желкесін қиғысы келді, бірақ қанша тырысқанымен оны жол бойында ұстап қала алмады, — герцогті қайран қалдырған бір нәрсе, міне, осы еді. Герцогтің осылай аң-таң қалғанына жауап ретінде д'Артаньян өзінің күнілгері жасаған сақтығын, ең жақын үні досының жанқиярлық ерлігі арқасында, королеваның хатын жыртқан шпагамен бір-ақ рет түйрелгені болмаса, аман құтылғанын, бірақ ол үшін граф де Вардты қатал жазалағанын, ал, жараланып, қансырап қалғанына қарамастан, жоғарыдағы үш досын амалсыздан жолда қалдырып кеткенін айтып берді. Осының бәрін қарапайым сөзбен жайбарақат айтып берген Д'Артаньянның әңгімесін тыңдап келе жатып, осындай сақтық, осындай ерлік пен адалдық жасы жиырмаға енді ғана жеткен бозбаланың қолынан қалай келді деп, өз көзіне өзі сенбегендей, герцог бұған оқтын-оқтын қарап қояды.
Бұлар құйындатып шауып келеді, енді бірнеше минуттен кейін Лондонның қақпасына да жетті. Д'Артаньян қала ішіне кіргесін герцог атының басын біраз тежейтін шығар деп ойлаған, бірақ ол олай кездескен бейқам кісілерді қағып кеткеніне қарамастан, бұрынғыша құтырынып шаба берді. Ішкі қаламен шауып өткенде, бірнеше адамды осылай қағып та кетті, дегенмен герцог: о байғұстар не халде екен деп көз қиығын да салмады. Төңіректегі жұрт қарғап-сілеп айқайлап жатса да, д'Артаньян оның соңынан қалмады.
Өз үйінің ауласына кірісімен герцог атынан қарғып түсіп, оған назар аудармастан тізгінін тастай салып, басқышқа жүгіріп шықты. Д'Артаньян да көлеңкесіндей герцогтің соңынан қалар емес, бірақ қамшы салдырмай лыпып тұрған қасиетті жануарлардың қамын да ойлап бара да жатты. Бірақ ат қора мен асханадан бірнеше қызметші жүгіріп шығып, аттарды жетелеп алып кеткенін көргенде, жігітіміз кәдімгідей-ақ қуанып қалды.
Герцогтің жылдам жүргені сондай, д'Артаньян оған әзер ілесіп келеді. Францияның ең бай текті бекзаттарының түсіне де кіре бермейтін небір асыл жиһаз-мүлікті мейманжайлардан өтіп, ол ақырында бір жатын бөлмеге келіп кірді, кісінің талап-талғамы мен бай-дәулеті осынша ғажап бола береді екен-ау. Көмкерулі қабырғаның қағаберіс қуысында бір есік бар екен. Герцог мойнына асып алған алтын шынжырға тағулы алтын кілтпен оны абайлап аша берді.
Д'Артаньян әдеп сақтап әрірек барып тұрған, бірақ герцог құпия бөлмесінің табалдырығын аттай бергенде артына мойнын бұрып, жас гвардияшының күмілжіп тұрғанын байқап қалды да:
— Жүріңіз, ал, егер сіз кейін зәуіменен ұлы ханымды қору бақытына қолыңыз жететін болса, осында не көріп, не білгеніңізді айтып барасыз ғой, — деді ол.
Герцогтің өзі шақырып тұрғасын, д'Артаньян оның соңынан ере берді, бұлардың артынан есік те жабылып қалды.
Олар қабырғасы парсы жібегімен алтындата көмкерілген, ішінде сансыз көп шырақ жанып тұрған бір часовняға келіп кірді.
Мағрип тәрізді бір тұғыр үстінде, шоқ-шоқ қызыл, ақ қауырсын қадалған көгілдір барқыт балдахин астында Анна Австрийскаяның түрегеп тұрған портреті қойылыпты, оның ханымның өзінен айнымайтыны соншалық, д'Артаньянның даусы еріксіз шығып кетті: сұмдық-ай, корлева енді-енді сөйлейін деп тұрғандай.
Портреттің дәл түбінде, мағрипте бір қобдиша тұр екен, гауһар алқа сонда сақтаулы көрінеді.
Қасиетті крест алдында тізе бүккен священник сияқты, герцог те мағрипке жақындап барып тізесін бүкті. Сосын ол қобдишаның аузын ашты.
— Міне, алыңыз, — деді ол қобдишадан гауһар таналары жалтыраған үлкен бір көгілдір бантты суырып. — Әлгі баға жетпейтін гауһар алқа осы. Мені осы асылмен бірге көмеді деп ант еткен едім. Қайтейін, мұны маған берген де королева еді, енді алатын да королеваның өзі болады. Құдайдың құдырет-шапағаты сияқты, әманда, әр түрлі жағдайда ұлы ханымның әмір-құдіреті аса берсін!
Сол арада отырып ол айрылғалы тұрған гауһар тананың әрқайсысын ұстап құшырланып сүйе бастады.
Кенет оның жан даусы оқыс шығып кетті.
— Не болды? Сізге не болды, милорд? — деді д'Артаньян абыржып.
— Бәрі зая кетті! — деді герцог өліктей қуарып. — Екі танасы кем. Он-ақ, моншағы қалыпты.
— Милорд оны жоғалтып қойды ма екен, әлде оны қолды болды деп ойлай ма?
— Оны менен ұрлап алған, бұл ұрлық — кардиналдың айла-шарғысы! Қараңызшы, тана тағылған ленталар қайшымен қырқылыпты.
— Соны ұрлаған кім екенін милорд білер ме еді... Бәлкім, танамоншақ әлі сол кісінің қолында шығар...
— Тоқтаңыз! Тоқтаңыз ! — деді герцог дауыстап. — Мен оны бір-ақ рет таққанмын, ол бұдан бір апта бұрын Виндзорда корольдің балында болған еді. Соған дейін қырын қабақ болып жүрген графиня Винтер со бал-тойда менімен анық татуласатын сыңай танытқан. Бұл қызғаншақ әйелдің өш алғаны болып шықты ғой. Co күннен ол әйел қайтып менің көзіме түскен жоқ. Ол әйел — кардиналдың шпионы!
Сонда шпиондар күллі дүние жүзіне тарап кеткені ме? — деді д'Артаньян.
— О иә, иә! — деді герцог ызалана тістеніп. — Иә, ол қорқынышты жау! Бал қай күні болушы еді?
— Алдағы дүйсенбіде.
— Алдағы дүйсенбіде! Әлі бес күн бар, уақыт жетіп жатыр... Патрик! — герцог часовняның есігін ашып айқайлап жіберді.
Герцогтің камердинері табалдырықтан аттай берді.
— Менің зергерім мен хатшымды шақыр!
Қожасының әмірін екі етпей көзсіз орындай беруге дағдыланған камердинер лезде кетіп қалды.
Бірақ әуелі зергерді шақырғанымен, бірінші болып хатшысы келді. Мұнысы түсінікті де, өйткені ол осы үйдің өзінде тұратын. Бекингэм жатын бөлмеде стол басында бір бұйрықты өз қолымен жазып отыр екен.
— Джексон мырза, — деді герцог келген кісіге, — қазір лорд-канцлерге барыңыздағы, мына бұйрықты орындауды соның өзіне жүктегенімді айтыңыз. Мен бұл жарлықтың жедел жарияланғанын қалар едім.
— Шарапатты мырза, — деді хатшы, жарлықты көзімен жүгіре оқып, — мұндай төтенше шараларға себеп болған қандай нәрсе деп сұраса, не деп жауап беремін.
— Менің қалауым осы және өзімнің іс-әрекеттерім үшін ешкімнің алдында есеп бермейтінімді айтарсыз.
— Егер ұлы ағзам ойламаған жерден: неге бірде-бір кеме қазірден бастап Ұлы Британияның порттарынан шығып кете алмайды, — деп сұрай қалса, лорд-канцлер осындай жауапты ұлы ағзамға қайталап айта ала ма? — деді секретарь жымиып.
— Сіз дұрыс айтасыз, мырза, — деді Бекингэм. — Ендеше лорд-канцлер корольге мен Францияға қарсы соғыс жариялауға шешім қабылдағанымды және осы шара сол елге деген менің тұңғыш дұшпандық әрекетім екенін айтсын.
Секретарь иіліп ізет көрсетіп, шығып кетті.
— Енді бұл жағынан қам жемесек те болады, — деді герцог д'Артаньянға бұрылып. — Егер тана-моншақ әлі Францияға жіберілмеген болса, онда ол со жаққа сіз қайтып барғаннан кейін ғана жетеді.
— Қалайша?
— Мен әлгіде ғана ұлы ағзамның қарауындағы порттарда тұрған кемелердің теңізге шығуына тыйым салдым, айрықша бір рұқсаты болмаса, енді олардың бірде-бірі зәкірін көтеріп кете алмайды.
Король сенімінен туған шексіз билікті өз махаббатының қызметіне жегіп қойған осынау құдіретті кісіге д'Артаньян аң-таң болып қарап қалған еді. Герцог жас гасконның түріне қарап, оның не ойлап тұрғанын сезіп, жымиып күлді.
— Ия, рас, — деді ол. — Айна Австрийская — менің нағыз королевам! Оның бір сөзіне бола мен өз еліме, өз короліме, тіпті құдайға да опасыздық жасауға бармын! Мен Ла-Рошель протестанттарын қолдаймын деп уәде берген едім ханым менен оларға қол ұшын бермеңіз деп өтініш етіп еді — бірден көне кеттім. Мен оларға берген сертімнен тайдым, бірақ ханымның тілегін орындағасын бәрібір емес пе. Өзіңіз ойлап көріңізші: мен осы көнбістігімнің рақат-қызығын көрген жоқпын ба? Сол көнбістігім үшін ханымның портретін алдым ғой!
Д'Артаньянның бір қайран қалғаны: халықтың тағдыры мен сансыз көп адамдардың өмір-тірлігі кейде осындай бір құбылмалы қыл үстінде қалтылдап тұрады екен-ау!
Зергер келген кезде бұл әлі өз ойына шомып тұрған еді. Өз ісінің асқан шебері, Ирландиядан шыққан осы бір кісі герцог Бекингэмның тапсырмасын орындау арқылы ғана жылына жүз мың фунт ақша табатынын ашықтан-ашық мойындайтын.
— О'Рейли мырза, — деді герцог оны часовняға кіргізіп, — мына алмас таналарға қарап, осының әрқайсысының құны қанша тұратынын айтыңызшы.
Зергер бір қарағаннан-ақ көмкерменің нарқын, алмастардың құнын іштей есептеп, жауабын күмілжімей тура айтты:
— Әрқайсысы бір жарым мың пистольден, милорд.
— Осындай екі тана-моншақты жасауға неше күн керек? Тананың екеуінің жетіспей қалғанын өзіңіз де көріп тұрсыз ғой.
— Бір апта керек, милорд.
— Мен соның әрқайсысы үшін үш мыңдай төлеймін, маған олардың арғы күнге дейін әзір болғаны керек.
— Ендеше милорд оны дәл мерзімінде қолына алады.
— Сіз баға жетпес жансыз, О'Рейли мырза! Бірақ айтайын дегенім тек бұл ғана емес: бұл таналарды ешкімге сеніп тапсыруға болмайды — оларды осы арада — сарай ішінде жасау керек.
— Мүмкін емес, милорд. Ескі тана мен жаңа тананың арасында ешбір айырма болмайтындай етіп тек қана мен жасай аламын.
— О'Рейли мырза, ендеше сіз менің тұтқынымсыз. Ал, егер сіз менің сарайымнан далаға шыққыңыз келсе де, тaп қазір шыға алмас едіңіз. Демек, осыған көнесіз. Іске қажет көмекшілеріңізді шақырыңыз және олардың қандай аспап-құралды ала келетінін де қоса айтыңыз.
Зергер герцогті жақсы білетін, сол себепті де қарсылықтан ешбір пайда жоқ екенін түсіне қойды. Салған жердей мойынсұнғаны да содан.
— Әйеліме мұны хабарлап қоюға рұқсат етіле ме? — деді ол.
—О, қымбатты О'Рейли мырзам, сізге әйеліңізбен дидарласуға да рұқсат беріледі. Абыржымай-ақ қойыңыз, сізге онша қатал бола бермеспіз. Бірақ жұртты тегіннен-тегін мазалай беруге болмас. Таналарды жасаудың ақысы үстіне, міне тағы да мың пистоль алыңыз, сонда өзіңізге жасаған өктемдігімізді ұмытарсыз.
Д' Артаниян адамдар мен миллиондарды оңды-солды еркін жұмсап жүрген осы министрге таң қалып, таңдайын қағып, есінен айрылып қала жаздады.
Зергер сол мезетте әйеліне хат жазып, оған қоса мың пистольдің чегін жіберді, мұның есесіне ол әйелінен көмекшілерінің ішіндегі ең ісмерін, алмастардың түр-түрін (оның сапасы мен салмағын дәлме-дәл белгілеп берді), сол сияқты қажетті аспаптарды жедел жеткізуін сұрады.
Бекингэм зергерді соның өзіне арналған бөлмеге ертіп апарды, енді бір жарты сағатта осы бөлме шеберханаға айналдырылды. Сөйтіп ол бөлмеге герцогтің камердинері Патриктен өзге құдайдың тірі жаны кірмесін деген қатал бұйрық беріп, әр есіктің алдына бір-бір қарауыл қойды. Ал, зергер О'Рейли мен оның жәрдемшісіне бірдеңені сылтау етіп бөлмеден шығып кетуіне қатаң, тыйым салынғанын айтпасақ та болатын шығар.
Қажетті жарлықтың бәрін беріп бітіргеннен кейін герцог д'Артанияньға қайтып келді.
— Жас дос, міне, енді Англия екеуміздің еркімізде. Сіз нені қалайсыз, қандай тілегіңіз бар? — деді ол.
— Төсек болса, — деді д'Артаньян. — Шынымды айтайын, қазір маған ең қажеті де сол.
Герцог д'Артаньянға өзінің жатын жайы мен көрші бөлмені әзірлеуге әмір етті. Жас жігітті ол өз қасынан алыстатқысы келмеді, сонда оған сенбегендіктен емес, королева жайлы әрдайым сөйлесіп-сырласып отыратын бір серік керек болғандықтан да әлгідей әмір берген еді.
Арада бір сағат өткеннен кейін Лондонда Францияға жүк апаратын бірде-бір кемені теңізге шығармау туралы бұйрық жарияланды. Тіпті почта кемесіне де рұқсат етілмеді. Жұрттың пікірінше, бұл екі мемлекет арасында соғыс жарияланды деген сөз еді.
Үшінші күні таңертеңгі сағат он бір кезінде тана-моншақ дайын болды, оның керемет айнытпай жасалғаны сонша, герцог ескі тананы жаңасынан айыра алмады, тіпті осындай істерді жетік білетін кісілердің өзі герцог сияқты дәрменсіз болып шықты.
Герцог табанда д'Артаньянды шақырып алды.
- Сіз әдейі әкеткелі келген алмас тана мінеки, — деді ол, — адам атаулының қолынан келе бермейтін нәрсені істегеніме өзіңіз куә боларсыз.
— Мазасызданбай-ақ қойыңыз, милорд, мен өз көзіммен көрген нәрсенің бәрін түгел айтамын. Бірақ, жарылқаушы мырзам, сіз шолпыны қобдишасыз бересіз бе?
— Жолай сізге қобдишаның кесірі тиеді. Мұның маған тағы бір қымбат болатын жері — ханымның көзіндей болып қолымда қалатын бір-ақ мүлік осы. Сіз оны менің әдейі алып қалғанымды айтарсыз.
— Мен сіздің қолқаңызды сөзбе-сөз жеткіземін, милорд.
— Ал, енді, — деді герцог жас жігітке тесіле қарап, — сізбенен қашан есеп айырысар екенмін.
Д'Артаньянның, екі беті қып-қызыл болып дуылдап кетті. Ол герцогтің бұған қайтсе де бір сыйлықты тарту етпекші болып тұрғанын сезе қойды да, өз басының көне жолдастарының төгілген қаны үшін буған ағылшын алтынын төлегісі келіп тұрғанын білгенде іштей тыжырынып, қатты жиіркенді.
— Ендеше ағынан жарылайық, милорд, — деді д'Артаньян, — арамызда түсінбестік болмас үшін бәрін де ақылмен салмақтап көрелік. Мен Францияның королі мен королевасына қызмет етемін және Дезэссар мырзаның гвардия ротасына тіркелгенмін, өзінің жездесі де Тревиль мырза сияқты ол да ұлы ағзамға адал көңілімен айрықша берілген. Бұған қоса айтарым, шарапатты мырза, королева сізге қандай қымбат болса, маған да сондай қымбат бір аяулы жан болмаса, мен мұндай тәуекелге бел байламас та едім.
— Иә, — деді герцог күлімсіреп, — сол бикешті мен білетін болуым керек. Ол әлгі...
— Милорд, мен оның есімін атаған жоқпын! — деді жас гвардияшы оның сөзін үзіп.
— Оның рас, — деді герцог. — Демек, сіздің жанқияр ерлігіңіз үшін мен со бикешке борыштар екенмін ғой, солай ма?
— Өзі де солай, шарапатты мырза. Өйткені тап қазір, соғыс басталғалы тұрған шақта, несін жасырайын, шарапаттым, сізді тек қана ағылшын, демек, біздің жауымыз деп есептеймін, сол себепті де сізбен Виндзор бауында, немесе Лувр дәліздерінде кездескеннен гөрі, соғыс алаңында бетпе-бет кездескенді тәуір көрер едім. Дегенмен бұл жәйт менің өзіме жүктелген міндетті бұлжытпай орындауыма бөгет жасамайды, тіпті соны орындау үшін жанымды құрбан етуден де тайынбаймын. Бірақ қайталап айтайын: бірінші рет кездескенде сіз үшін жасаған қызметіме, шарапатты мырза, борыштар болмасаңыз, екінші кездесуде жасаған қызметіме де сіз ешбір борыштар емессіз, шарапатты мырза.
— Біз мұндайда: «Шотланд сияқты тәкаппар дейміз, — деді герцог бәсең үнмен.
— Ал, біз: «Гаскон сияқты тәкаппар» дейміз, — деді д'Артаньян. — Гаскондар — Францияның шотландтары.
Д'Артаньян герцогке тәжім етіп, кетіп қалмақшы болды.
— Қалай? Сіз жүргелі жатырсыз ба? Сонда қай жолмен жүресіз? Англиядан қалай шығып кетпекшісіз?
— Иә, рас екен-ау...
— Осы француздар ештеңеден де сескенбейді! Өтірік айтсам — қарғыс атсын!
— Мен Англияның арал екенін, ал, сіз оның билеушісі екеніңізді ұмытып кетіппін.
— Портқа барыңыз да, «Зунд» кемесін сұраңыз, сосын капитанға мына хатты беріңіз. Ол сізді Францияның бір аядай айлағына апарады. О жерге балықшылардың қайықтарынан басқа ештеңе де аялдамайды.
— Ол айлақтың аты не?
— Сен-Валери. Жанықпай тұра тұрыңызшы... Сонда барғасын сіз аты-жөні, жарнамасы жоқ бір сиықсыз шарапханаға кіресіз, ол өзі теңізшілер құжынап жататын нағыз бәленің ұясы. Қайтсеңіз де қателеспейсіз — ол арада басқа асхана жоқ.
— Сосын?..
— Сіз қожайынды шақырып алып, оған «Forward» деген бір-ақ сөзді айтасыз.
— Оның мәнісі...
— «Алға». Бұл — пароль. Содан кейін қожайын сіздің қолыңызға ерттеулі ат тізгінін ұстатып, жол-жобаны сілтеп жібереді. Жол бойы сіз төрт жерден ат ауыстырып мінесіз. Егер қаласаңыз, аялдаған әрбір станцияға Париждегі адресіңізді тастап кетіңіз, сонда төрт ат түгелдей артыңыздан жіберіледі. Оның екеуі өзіңізге таныс, байырғы атсейіс ретінде сіз олардың нағыз бағасын шамалап та қойған сияқтысыз — ол әлгі сіз бен біз Винзордан мініп қайтатын аттар. Маған әбден сенуіңізге болады — қалғандары да аналардан кем түспейді. Сол төрт аттың төртеуі де жорық-жортуылға лайықталып ер-тұрманмен жабдықталған. Қанша тәкаппар болғаныңызбен сол аттың біреуін алудан бас тартпаңыз және дос-жарандарыңызға да бір-бір аттан ал деп кеңес беріңіз. Пәлі, сіз оларды бізге қарсы соғысқанда қажетіңізге жаратасыз ғой. Мақсатқа жету үшін амал-айланың бәрі де жақсы — дейсіздер ғой әдетте.
— Мақұл, милорд, мен келістім, — деді д'Артаньян. — Құдай қаласа, сіздің сыйыңызды келістіріп пайдаланармыз.
— Ал, енді қолыңызды әкеліңіз, жас жігіт. Бәлкім, сіз бен біз көп ұзамай майдан даласында кездесерміз. Бірақ әзірге дос болып айрылысармыз деген үміттемін.
— Ия, милорд, бірақ ұзамай жау боламыз ғой деп ойлаймын.
— Қам жемеңіз, жау болмасам — маған серт!
— Сөзіңізге сендім, милорд.
Д'Артаньян герцогке иіліп ізет көрсетіп, портқа қарай жедел басып жүріп кетті.
Лондон Мұнарасының қарсы алдынан ол қажетті кемені тауып алып, капитанға хатты берді, капитан оған порт бастығына белгі соқтырып, дереу желкенді кетерді.
Айлақта елу қаралы кеме рұқсат болысымен жүзе жөнелуге әзір тұр екен.
«Зунд» бригі осылардың біреуінің қасынан жанай өте берген кезде, д'Артаньянға кенет со кемеден баяғы Менгте кездесетін әйелдің, бейтаныс дворянин, «миледи» деп атайтын, жігітімізге ғажайып сұлу болып көрінген әйелдің сиқырлы жүзі жалт етіп бір көрінгендей болды. Бірақ қатты ағыс пен артынан соққан жел бригті алдына салып айдай жөнелгенде, зәкірде тұрған кемелер бір көрініп көзден ғайып болды.
Ертеңіне таңертеңгі сағат тоғыз кезінде кеме Сен-Валериге келіп зәкір тастады.
Д'Артаньян жалма-жан жоғарыда айтылған шарапхананы іздеуге кірісті, со жақтан шыққан уда-шу дауысқа қарап, ол оны бірден таныды. Мұндағы жұрт Англия мен Франция арасындағы соғыс таяуда анық болатынын ашықтан-ашық әңгіме етіп, теңізшілер дуылдасып, шарапқа бөгіп отыр екен.
Д'Артаньян көпшіліктің арасынан әзер өтіп, қожайынға таяп келіп, «Forward» деген сөзді айтты. Шарапханашы соңымнан ер дегендей белгі берді де, аулаға апаратын есіктен сыртқа шықты, сосын жас жігітті ертіп, ерттеулі ат тұрған қораға келді де: сізге тағы не керек, — деп сұрады.
— Қай жолмен жүретінімді білгім келеді, — деді д'Артаньян.
— Осы арада Бланжиге дейін, сосын Бланжиден Невшательге дейін барасыз. Невшательде «Алтын Орақ» шарапханасына барыңыздағы, қожасына парольді айтыңыз, онда да тап осындай бір ерттеулі ат әзір тұрады.
— Сізге қанша ақша төлеуім керек? — деді д'Артаньян.
— Бәрінің ақысы төленіп қойған және төленгенде қандай жомарттық жасалды деңіз. Ал, сау болыңыз, бір құдайым жар болғай!
— Аумин! — деді жас жігіт атпен шауып бара жатып.
Төрт сағаттан кейін ол Невшательге келіп кірді.
Айтылған нұсқауды ол мұқият орындады. Сен-Валеридегі сияқты, Невшательде де мұны ерттеулі ат күтіп тұр екен. Ол бұрынғы ер қасындағы пистолеттерді тың ат қанжығасындағы дорбаға салғысы келіп еді, мұнда да тап сондай пистолеттер бар екен.
— Париждегі адресіңіз?
— Гвардияшылар үйі, Деззссар ротасы.
— Жақсы-ақ, — деді қожайын.
— Қай жолмен жүрейін?
— Руанға апаратын жолмен жүріңіз. Бірақ қаланы сол қанатынан айналып өтесіз. Экуи деген бір шағын қыстаққа барып тоқтайсыз. Онда «Франция Қалқаны» деген бір-ақ шарапхана бар. Оның сыртына қарап түңіліп жүрмеңіз.
— Пароль бұрынғы ма?
— Тап сол.
— Қош болыңыз, қожайын!
— Қош, гвардияшы мырза! Сізге тағы бірдеңе керек емес пе? Д'Артаньян басын шайқап, атына тақым басып, шауып ала жөнелді.
Экуиге келген соң да жоғарыдағы жәйт қайталанды: көңіліңді айтқызбай тауып тұрған қожайын, таң асып, тыңайған жүйрік ат. Бұрынғы станциядағы сияқты, ол өз адресін мұнда да айтып кетті және үйреншікті жолмен салдырып отырып Понтуазға жетті. Понтуаздан ол соңғы рет ат ауыстырып, сағат тоғызда де Тревиль мырза үйінің ауласына екпіндете шапқан күйі келіп кірді.
Он екі сағатта ол алпыс мильден аса жер жүріпті.
Де Тревиль мырза онымен тап бүгін ертеңгілік қоштасқан кісідей қарсы алды. Оның қолын тек әдеттегісінен қаттырақ қысты да, ол жас гвардияшыға: Дезэссар мырзаның, ротасы Луврде күзетте, өз постыңызға барып тұра беруіңізге болады, — деді жайымен.
XXII
МЕРЛЕЗОН БАЛETI
Келесі күпі жұрттың бәрі қала басшыларының король мен королеваның, құрметіне әдейі арнап өткізетін сауық кеші бал туралы гу-гу әңгіме етіп жатты, со балда ұлы мәртебелі король мен королева, корольдің сүйікті биі, атақты Мерлезон балетін билеуі керек еді.
Шынында да, ратушада бір апта со бір салтанатты сауық кешке әр алуан әзірлік ісі басталды. Қала балташысы тойға шақырылған әйелдер отыратын сәкілер жасады, қала бақалшысы кең залды ақ балауыздан жасалған екі жүз шырақданмен әшекейледі, сол уақыттың көзімен қарасақ, бұл бір құлақ естіп, көз көрмеген иен дәулет еді: ақырында, тойға жиырма скрипкашы бірден шақырылды және оларға ойын-ақысы әдеттегіден екі есе артық төленетін болды, өйткені есеп хатта көрсетілгендей, олар түнімен скрипка тартуы керек еді.
Таңертеңгі сағат онда король гвардиясының лейтенанты де Лa Кост мырза қасына бірнеше полиция офицері мен атқыштарды ертіп, дуанбасының хатшысы Клеманға келіп, ратушаның күллі қақпаларының бөлмелері мен қызмет жайларының кілттерін сұрады. Күллі кілт оған табанда қолма-қол тапсырылды: кілттердің әр қайсысында бір-бірінен ажырататын сандары бар еді, сол минуттен бастап ратушаға апаратын бүкіл қақпа мен аллеяларды күзету міндеті де Ла Коста мырзаға жүктеліп еді.
Сағат он бірде гвардия капитаны Дюалье елу атқышты бастап келіп, олардың әрқайсысын ратушаның өздеріне тапсырылған есігіне күзетке қонды.
Сағат үште екі гвардия ротасы — біреуі француз, екіншісі швейцар роталары — келді. Француз гвардияшыларының ротасы жартылай Дюалье мырзаның солдаттарынан, жартылай Дезэссар мырзаның солдаттарынан құралған еді.
Кешкі сағат алтыларда тойға шақырылған кісілер келе бастады. Жұрттың келгенін келгенінше үлкен залдағы, қонақтарға арналған сәкілерге отырғызып жатты.
Сағат тоғызда Париж парламенті президентінің әйелі келді. Мерекеге шақырылған әйелдер ішіндегі королевадан кейінгі ең биік дәрежелі ханым сол болғасын қаланың игі жақсылары оны алдарынан шығып қарсы алып, королеваға арналған ложаның қарсы алдындағы ложаға апарып жайғастырды.
Сағат онда Қасиетті Иоан шіркеуі жағындағы шағын зал ішіне, төрт атқыш күзетіп тұрған, күміс аяқ-табағы бар буфет қасына корольге арналып жеңіл тағам әзірленді.
Түн ортасында сырттан дуылдасқан, шуласқан дауыстар естілді. Бұл — Луврдан ратушаға баратын, түрлі түсті шамдар шұғыла қашқан көшелермен келе жатқан король еді.
Со замат шұға мантиялы дуанбасылары, алдарына алау ұстаған алты сержантты салып, корольді басқыштан қарсы алуға шықты, сауда-саттық қауымының старшыны құттықтап сөз сөйледі; ұлы ағзам кешігіп келгеніне кешірім сұрап, өзін ақтау үшін түңгі сағат он бірге дейін мемлекет істері жөнінде кеңес құрып мұны босатпаған кардинал мырзаға бар кінәны арта салды.
Король салтанат киімін киіпті; оның қасына нөкер ретінде корольдің биік мәртебелі туысы герцог Орлеанский, граф де Суассон, ұлы приор, герцог де Лонгвиль, герцог д'Эльбеф, граф д'Аркур, граф де Л а Рош-Гюион, де Лианкур мырза, де Барада мырза, граф де Крамайль мен кавалер де Сувре еріп келді.
Корольдің әлденені ойлап, жабығып келе жатқанын қалың жұрт бірден байқады.
Мұнда бір бөлме корольге, екінші бөлме оның інісі герцог Орлеанскийге арналып дайындалып қонылған еді. Бұл бөлмелердің әрбіреуінде маскарад костюмі жатқан. Королева мен президенттің әйеліне де осындай құрмет жасалған. Ұлы мәртебелілердің нөкеріндегі өнерпаз жігіттер мен әйелдер осы мақсатқа даярланып қойған бөлмелерде екеу-екеуден киінуі керек-ті.
Өз бөлмесіне кірмей тұрып король: кардинал келісімен маған хабарлаңдар, деп әмір етті.
Король келгесін жарты сағаттан кейін сырттан тағы да құттықтаған дауыстар естілді; бұл королеваның келгенінен хабар бергендей еді. Дуанбасылары тағы да әлгі әдетін қайталады: сержанттары алдына түсіп, олар ұлы мәртебелі қонағын қарсы алуға ұмтылысты.
Королева залға келіп кірді. Король сияқты, королеваның да бір түрлі мұңайып, қажып келгенін көпшілік кескін-кейпінен бірден байқады.
Ханым кіре берген сәтте шағын ложаның осы кезге дейін жабулы тұрған шымылдығы сәл ысырылып, сол саңылаудан испан гранды секілді киінген кардиналдың ақшыл жүзі көрінді. Оның көзі королеваның көзіне тікірейіп қадала қалды, со замат жүзінде бір зымиян күлкі ойнады: королева гауһар алқасын тақпапты.
Королева дуанбасыларының құттықтауын тыңдап, әйелдердің ізет-тәжіміне жауап беріп, біраз кідіріп қалды.
Кенет кең залдың бір есігінен король мен кардинал екеуі қосарланып шыға келді. Кардинал күбірлеп оған бірдеңені айтып келеді; король боп-боз болып қуарып кетіпті.
Король маскісіз, қамзолының ленталарын жөндеп байлап та үлгірмей, қалың топты қақ жарып, королеваға жақындай берді.
— Ханым, — деді ол өзгеше бір қобалжыған дауыспен, — сұрады деп айыпқа бұйырмаңыз, алмас алқаңызды неге тақпадыңыз? Оны сіздің қадап шыққаныңыз маған ұнайтынын білуші едіңіз ғой.
Королева бұрыла бергенде кардиналды көрді, ол корольдің артында ызалана күліп тұр екен.
— Ұлы ағзам, — деді королева тебіреніп, — мына қалың нөпір арасында оны жоғалтып алармын деп қорыққаным.
— Тағы да жаза бастыңыз. Мен ол асыл әшекейді сізге тақсын деп сыйлаған едім. Қайталап айтам, ханым, сіз жаза бастыңыз.
Корольдің даусы ашудан дірілдеп кетті. Жұрт не болып қалғанына түсінбей, аң-таң қалысып, бұларға көзін қадап, құлақтарын тікті.
— Алдияр, — деді королева, — алқа Луврде, мен оған бір кісіні жұмсайын, сонда сіздің тілегіңіз, ұлы ағзам, орындалады.
— Жұмсаңыз, ханым, жұмсаңыз, тек тезірек болсын: енді бір сағаттан соң балет басталады.
Королева тәуелді екенін білдіріп басын иді, сосын өзіне арналған бөлмеге ертіп апаратын әйелдердің соңынан жайымен жүре берді.
Король де өз бөлмесіне қарай жүріп кетті.
Бір сәтте зал іші абыржып, әбігерге түсті де қалды.
Король мен королеваның арасынан бір қара мысық жүгіріп өткенін жұрттың бәрі де байқады, бірақ екеуінің жай сөйлегені сонша, ешкім де ештеңе ести алмады, өйткені көпшілік бұларды құрметтеп, кейін шегініп кеткен-ді. Скрипкашылар құйқылжыта күй төгіп жатса да, оларды тірі жан тыңдамады.
Король залға бірінші болып кірді; ол бір әсем аңшы костюмін киіпті. Биік мәртебелі герцог Орлеанский мен басқа да асылзадалар корольден айнымай киініпті. Ол костюм корольге қатты жарасады екен, расында да ол осы киіммен жүргенде өз елінің асқан дегдар дворянині болып көрінер еді.
Кардинал корольге жақындап келіп, оған бір шағын жәшікті ұсына берді. Король оның аузын ашып, ішінен бір екі алмас шолпыны көрді.
— Бұл не?— деді ол кардиналға.
— Өзгеше ештеңе де емес, — деді ол, — ал, егер королева алқасын тағып шықса (әрине мен оған қатты шүбәлімін), сіз оларды, алдияр, санап шығыңыз, сонда олардың саны он болса, мәртебелі ханымнан мына екеуін кім ұрлап алғанын сұрап көрсеңіз.
Король кардиналға бірдеңе сұрағысы келгендей аңырып қарай берген, бірақ ойындағысын сұрап үлгірмеді: жұрт бір кісідей таңырқасып, таңдайын қағып, гуілдесіп кетті. Егер король өз корольдігінің асыл текті дегдар дворянині болса, королева сөзсіз Францияның ең ғажайып сұлу әйелі еді.
Шынында да, аңшы костюмін кигенде ханым жайнап құлпырып сала берген: оның басында көгілдір қауырсын қадалған фетр қалпақ, үстінде гауһар ілгекті жылтылдаған бозғылт түсті барқыт кеудеше мен күміспен кестеленген көгілдір атлас юбкасы бар-ды, сол иығында қауырсын мен юбка түстес бантқа қадалған алмас алқа жалтырап тұрған.
Король — қуанғаннан кардинал — ашуланғаннан толқып кетті. Бірақ табанда алқа танасын санай қоятындай олар жақын тұрмаған королеваның оны таққаны анық: бірақ олардың саны он ба, әлде он екі ме — кім білген соны?
Сол замат скрипкашылар балеттің басталғанын хабарлады. Король өзі билеуге тиісті президенттің әйеліне жақындай берді, ал биік мәртебелі герцог Орлеанский королеваға барды. Бәрі де өз орындарына барып тұрысты, сосын балет басталып кетті.
Король королеваға қарама-қарсы жақта билеп жүрген, ханымның қасынан өткен сайын таналарды көзімен қанша ішіп-жесе де, дұрыстап санай алмай қойды. Кардиналдың маңдайын суық тер жапты.
Балет бір сағатқа созылды; оны жұрт он алты мәрте шығып билейді екен.
Би біткен кезде әрбір кавалер өз серігін күллі залдың қызу қол шапалақтауы үстінде орын-орнына құрметтеп апарысты, ал, король болса өзіне берілген жеңілдікті пайдаланып, би серігін тастап, асығыс королеваға қарай беттеді.
— Менің тілегімді бұлжытпай орындағаныңыз үшін сізге шын көңілден алғыс айтамын, ханым, бірақ бұлардың екеуі жетпей ме, қалай, сол себепті де, мен оларды сізге қайтарып берейін, — деді ол королеваға.
— Қалайша, мырза! — деді жас ханым таң қалған сыңай танытып. — Сіз маған тағы екеуін сыйлап тұрсыз ба? Енді мендегі тана он төрт болатын болды ғой.
Король санап еді: он екі тана түгелдей ұлы ханымның иығына ілінген екен.
Король кардиналды шақырып алды:
— Хош, кардинал мырза, мынауыңыз не осы? — деді король қатуланып.
— Мұның мәнісі, алдияр, — деді кардинал табан астында жалт беріп, — мен мына екі тананы ұлы ханымға тарту етейін дедім де, жүрегім дауаламағасын, осындай бір тәсілді қолданып едім.
— Мәртебелі тақсыр, сізге бір риза болатын жерім, — деді Анна Австрийская кардиналдың сыпайы да тапқыр жауабына алданып қалмағанын сездіріп, — осынау екі тананың бағасы сізге ұлы ағзам алған он екі тананың бағасынан кем түспеген шығар.
Осыдан кейін королева король мен кардиналға иіліп ізет жасап, Әлгіде үстіндегі костюмін киген бөлмеге қарай жүрді, ол мұнда киім ауыстырмақшы еді.
Осы тараудың бас кезінде өзіміз сөз еткен осынау биік мәртебелі кісілерге көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болып қалдық та, біраз уақыт д'Артаньяннан мүлде көз жазып қалыппыз. Анна Австрийскаяны жұрт естіп көрмеген, кардиналды жеңу салтанатына жеткізген, ноян жігіт тап сол кезде ешкімнің көзіне түспей, сапырылысқан қалың жұрт арасында елеусіз-ескерусіз, көп есіктің біреуінің қасында әлгі бір көріністі бақылап тұрған еді, бұл көрініс төрт кісіге ғана: король мен королеваға, мәртебелі тақсыр мен жігіттің өзіне ғана мәлім-ді.
Королева өз бөлмесіне келіп кірді.
Д'Артаньян енді кетейін деп тұрғанда, ойламаған жерден әлдебіреу келіп, жайымен иығынан қақты; ол бұрылып қарап, артынан бір жас әйелді көрді, ол бұған соңыма еріңіз деп белгі берді. Жас әйел бет-аузын жарты барқыт маскамен бүркеп тастапты, осынау жас жігіттен гөрі, өзгелердің көзіне түспеу қамын ойлап жасалған сақтық шарасына қарамастан, жігіт өзінің, тұрақты жол көрсетуші, сергек жанды, өткір тілді Бонасье бикені ә дегеннен-ақ таныды.
Олар бағана есікші Жерменнің үйінде қас пен көздің арасында бір көріскен, д'Артаньян оны мұнда келісімен шақырып алған. Жас әйел хабаршысының аман-есен келгенін королеваға дереу жеткізбек болып асыққаны сонша, ғашықтар бір-біріне бірер ауыз сөз айтып қана үлгірген. Сол себепті де д'Артаньянды махаббат пен ынтызарлық жетелеп, Бонасье бикенің соңынан ере берді. Жолай, ілгері жүрген сайын, дәліздегі кісілер азая берді де, д'Артаньян келіншекті тоқтатып, қолынан ұстап, бір сәт те болмаса бет-жүзіне, көзіне қиыла бір қарағысы келді; бірақ құс сияқты лыпылдап тұрған келіншек сырғақтап ұстатпай қойды, тіпті болмағасын онымен сөйлескісі келіп еді, әрі әмірлі, әрі әсем бір кейіппен саусағын шошайтып, ернін баса қойды, бұл белгіден ол: жоғарыда билеуші иең бар, ол саған шағынуға, жалынуға тыйым салады, тек оған көзсіз бағына бер, — деген сөздерді ұққандай болды. Ақырында қисапсыз көп есіктер мен өткелектер артта қалған кезде, Бонасье бике белгісіз бір есікті ашып, жігітімізді тастай қараңғы бөлмеге әкеп кіргізді. Осы арада ол жігітке тағы да үндеме деген белгі беріп, шымылдықпен бүркеулі тағы бір есікті ашып, жоқ болып кетті, ашық қалған есіктен самаладай ақ жарық төгілді.
Мен осы қайдамын дегендей, д'Артаньян әуелгі кезде бір минуттей қозғалмай тұрып қалды, бірақ ұзамай көрші бөлмеден түскен жарық, сол жақтан аңқыған жылы ауа мен жұпар иіс, екі-үш әйелдің қошаметтей сөйлеген сыпайы сөздері, бірнеше рет «ұлы ханым» деп қайталап айтқаны, міне, осының бәрінен ол королеваның бөлмесімен жалғас кабинетте тұрғанын білді.
Жас жігіт есік сыртында бой тасалап тұра берді.
Королева бүгін көңілді де бақытты сияқты, оның ұдайы әлденені ойлап, қамығып жүретініне көзі үйреніп қалған әйелдер бұған қайран қалып тұрған тәрізді. Королева өзінің қуанышын мейрамтой тамашасынан, балеттен тапқан рахат-ләззатымнан деп түсіндіріп жатты, ханым күле ме, әлде жылай ма, оған ешкім тыйым сала алмайтынын білетін жұрт Париждің игі жақсыларының, сүйікті ісін көкке көтеріп мақтай берді.
Д'Артаньян королеваны білмейтін, ұзамай оның даусын басқа дауыстан айыра алатын болды, әуелде тілінің жат жұртқа тән болмашы мүкісінен, сосын биік мәртебелі кісілердің әрбір сөзімен бірге еркінен тыс шығып жататын бұйрық райға қарап таныды.
Ол ханымның осы ашық қалған есікке бірде жақындап келіп, бірде алыстап кетіп жүргенін есітті, екі-үш рет біреудің көлеңкесінің жарықты көлеңкелеп, жібермей қойғанын да көрді.
Кенет ақ борықтай балғын қолдың шымылдықты ысыра созылғанын көрді. Д'Артаньян оның сыйлық екенін сезе қойды; ол тізерлеп отыра кетті де, балғын қолды қастерлей ұстап, жайымен ернін тигізді. Мұның алақанына бір затты қалдырып, әлгі қол ғайып болды, ол ғажайып бір жүзік екен.
Есік со замат жабылды да, д'Артаньян көзге түрткісіз қараңғы бөлмеде жалғыз қалды.
Д'Артаньян жүзікті саусағына салып, тағы да тұра берді; мұнымен іс бітпегенін ол сезе қойды. Шын берілгендігі үшін сый алса, махаббаттың да өз сыйы болуы керек қой.
Бұның үстіне балет аяқталмағанымен сауық кеші енді ғана басталған. Кешкі ас сағат үшке әзірленген еді, Қасиетті Иоан мұнарасының сағаты әлгіде ғана екіден қырық бес минут өткенін хабарлады.
Шынында да, көрші бөлмедегі дабыр-дүбір дауыс бірте-бірте басылып, алыстай берді, сосын д'Артаньян тұрған кабинеттің есігі қайта ашылып, ішке Бонасье бике жүгіріп кіріп келді.
— Сізбісіз! Келдіңіз-ау әйтеуір! — д'Артаньянның даусы еріксіз шығып кетті.
— Үндемеңіз! — деді келіншек оның аузын алақанымен баса қойып. — Үн шығара көрмеңіз және келген жолыңызбен қайта кете беріңіз.
— Ау, сізді енді қашан, қайдан көремін? — деді д'Артаньян дауыстап.
— Оны үйіңізге келген хаттан білесіз. Барыңыз енді, барыңыз!
Осыны айтты да ол дәлізге шығатын есікті ашып, д'Артаньянды кабинеттен шығарып жіберді.
Д'Артаньян ешбір қарсылық көрсетпей, ләм деп тіл қатпай, бала сияқты монтиып көне салды, бұл жігіттің шыннан ғашық болып қалғанының бір белгісі еді.
XXIII
ДИДАРЛАСУ
Д'Артаньян үйіне жүгіре басып қайтып келді, уақыт таңғы сағат үштен асып кетсе де және ол Париждің ең қауіпті орамдарын басып өтсе де, ешбір жамандыққа кезікпей аман-есен жетті. Маскүнемдер мен ғашықтарды қызғыштай қорғап жүретін періштелері болады.
Сыртқы есік сәл ашылып қалыпты: ол басқышпен көтеріліп, өзі мен қызметшісіне ғана мәлім белгімен есікті қақты. Осыдан екі сағат бұрын ол Планшені ратушадан үйге қайтарып жіберген, енді қызметшісі есікті дереу аша қойды.
— Маған бір хат әкелді ме? — деді ол бірден.
— Жоқ, мырза, ешкім әкелген жоқ, бірақ өз аяғымен келген бір хат бар, — деді Планше.
— Ол не дегенің, ақымақ?
— Оның мәнісі мынадай: үйге келсем, сіздің ұйықтайтын бөлмеңіздегі стол үстінде бір хат жатыр екен, ал, пәтердің кілті менің қалтамда болатын, оны бір сәт те жан қалтамнан суырғаным жоқ.
— Кәне, сол хатың қайда?
— Сударь, мен оны жатқан жерінен қозғағаным жоқ. Хаттардың кісіге осындай жолмен келіп түскенін кім көрген! Терезе ашық қалса немесе оның саңылауы болса бір сәрі, онда мен жұмған аузымды ашпас едім, бірақ қайран қалатыным, терезе тас бекітулі тұрған... Абай болыңызшы, сударь, осында бір пәле болып жүрмеcін.
Оның сөзін түгел тыңдап жатпастан, жігіт жүгіріп бөлме ішіне кірді де, хатты аша берді: хат Бонасье бикеден келіпті, оған мынадай сөздер жазылыпты:
«Сізді біреу өз атынан және өзге кісінің атынан ыстық ықыласпен құттықтағысы келеді. Бүгін, кешке сағат он кезінде, Сен-Клуге, д'Эстре мырзаның үйіне тақау тұрған павильонның қарсы алдына келіңіз.
Осы хатты оқып тұрғанда д'Артаньян жүрегінің бірде лүпілдеп қатты соғып кеткенін, сосын қысылып жай соққанын сезді, сорлы ғашықты күйіндіретін де, сүйіндіретін де осы бір асыл сезім ғой.
Бұл — оның ғұмырында алған тұңғыш хаты, бұл — әйелдің оны тұңғыш рет оңаша дидарласуға шақыруы. Қуаныш кернеген жігіт жүрегі махаббат деп аталатын жер ұжмағының табалдырығына жетпей жатып, жарылып кете жаздап еді.
— Сударь, сізге не болды? — деді Планше, қожасының бір қызарып, бір бозарып тұрғанын көріп. — Не екен? Мен дәл таптым ба, қалай, бір бәлеге бастамаса игі еді?
— Сен қателестің, Планше, соның айғағы деп мына бір экюді алдағы, менің денсаулығыма шарап іш.
— Ақшаңызға көп-көп рақмет, мырза және айтқаныңызды екі етпеймін деп уәде беремін, бірақ жабық үйлерге осындай жолмен келіп түсетін хаттар...
— Көктен түскен ғой, досым, көктен!
— Сіз тегі, сударь, разы болып тұрсыз ба осы? — деді Планше.
— Қымбатты Планше, мен бүгін ажалды пенденің ішіндегі ең бақыттысымын!
— Ендеше сіздің бақытты сәтіңізді пайдаланып ұйықтай беруіме болады ғой?
— Иә, иә, жатып ұйықта.
— Тәңірінің нұры жаусын сізге, сударь, бірақ қанша айтқанмен, мына хат...
Планше басын шайқап шығып кетті, оның түрінен Д'Артаньянның жомарттығы көңіліндегі күдігін сейілтпегені көрініп тұр еді.
Жалғыз қалғасын д'Артаньян хатты қайта оқыды, оқыған үстіне оқи берді, сосын айдай сұлу ғашығы жазған жолдарды шөпілдетіп сүйе бастады. Ақырында төсегіне жатып, бір рақат-ләззаты мол ойларға шомып, маужырап ұйықтап кетті.
Ертеңгі сағат жетіде орнынан тұрып, Планшені шақырды, ол есікті екінші рет шақырғаннан кейін барып ашты және өңінен кешегі қауіптің ізі әлі де кетпепті.
— Планше, — деді д'Артаньян, — мен қазір кетемін, бәлкім, кешке дейін келмеспін. Сонымен, сен кешкі сағат жетіге дейін боссың, ал, кешкі жетіде екі атты ерттеп дайын тұрғайсың.
— Солай ма! — деді Планше. — Біз тағы біреулерді қылыштауға барамыз ғой тегі.
— Мушкеттер мен пистолеттерді де ұмытпа.
— Бәсе, айтқаным келді ғой, — деді Планше дауыстап. — Өзім де осылай ойлап едім — бар бәле қарғыс атқан хаттан!
— Сабыр ет, ақымақ, аз уақыт серуендеп қана қайтамыз.
— Иә, айтарсыз, бұл да әлгі оқ жаңбырша жауған, аяқ басқан сайын қақпан құрылған, анадағы көңілді саяхат сияқты бірдеңе шығар.
— Планше мырза, егер сіз қорқатын болсаңыз, мен жалғыз өзім-ақ барайын. Бармай жатып қорқып, дірілдеп-қалшылдап тұрған серіктің барынан жоғы, — деді д'Артаньян сөзін жалғап.
— Сіз мені бүйтіп ренжітпеңіз, сударь! — деді Планше. — Қосшыңызды іс үстінде сынаған сияқты едіңіз ғой.
— Иә, сынап көргенмін, бірақ сенің бар батырлығың маған сол бір жолғы қимылыңмен біткен сияқты болып көрінді.
— Менің әлі де құр кеуде емес екенімді бір реті келгенде көрерсіз, сударь, бірақ сол батырлығым көпке жетсін десеңіз, сізден бір өтінішім, мені оңды-солды жұмсай бермеңіз.
— Кәне, ендеше өзің-ақ айтшы, бойыңдағы бар ерлігін бүгінгі кештің қажетін өтеуге жете ме?
— Жетеді.
— Бәрекелде. Ендеше саған сендім.
— Айтқан сағатыңызға әзір боламын. Бірақ мен гвардия ат қорасында сіздің жалғыз-ақ, атыңыз бар ғой деп ойлағанмын.
— Бәлкім, қазір біреу болса — біреу де шығар, бірақ кешке дейін олардың саны төртеуге жетеді.
— Сонда біз ат сатып алуға барған болып шықтық па?
— Тап солай, — деді д'Артаньян.
Кетерде Планшеге саусағымен сұс көрсетіп, жігітіміз үйден шыға берді.
Есік алдында Бонасье мырза тұр екен. Д'Артаньян құрметті галантерейшімен тілдеспей өте шықпақшы еді, бірақ оның шын көңілден жадырап, иіліп амандасқаны сонша, пәтерші жігіттің оның сәлемін қабылдап, сөйлеспесіне лажы қалмады.
Қасындағы әйел бүгін кешке өзіңмен Сен-Клуде, д'Эстре мырза павильонының қарсы алдында кездесем деп сөз беріп қойса, оның күйеуін аздап та болса мүсіркемей, қалай ғана кете бермексің! Д'Артаньян шын ықыласымен жылы шырай көрсетіп, Бонасьеге жақындай берді.
Әңгіме ә дегеннен байғұстың түрмеге түскеніне соқпай кете алмады. Өзінің Менгте кездесетін бейтаныс кісімен сөйлескен сөзін д'Артаньянның естіп қойғанын білмейтін Бонасье мырза жас пәтершісіне Лафем деген біреудің рақымсыз жауыз екенін ұзақ-сонар әңгімесінде ол оны кардиналдың жендеті дегенінен бір жазған жоқ), сосын Бастилияны, оның бастырғыларын, құрсаулы желдеткіштерін, саңылауларын, темір торлары мен азаптау құралдарың жайбағыстап айтып берді.
Д'Артаньян оны зейін қойып тыңдады.
— Ана жолы Бонасье бикені кім ұрлап кеткенін білдіңіз бе, қалай? — деді ол Бонасье әңгімесін бітіргесін. — Тек со бір қайғылы оқиғаның арқасында ғана мен сізбен танысу бақытына тап болдым ғой.
— Аһ, — деді Бонасье мырза бір күрсініп, —әрине, олар маған ұрлықтың мән-жайын айтқан жоқ, әйелім де ештеңені білмеймін деп азар да безер болды... Ал, сіздің өзіңіз ше, — деді Бонасье мырза монтансып, — соңғы күндері ізім-қайым жоғалып кеттіңіз ғой. Сіздің өзіңізді де, дос-жарандарыңызды да көрген жоқпын, кеше Планше етігіңіздің баттасқан шаң-тозаңын тазалап, сүртіп, жатыр еді, шамасы, ол Париж көшесінен жұқпаған болуға тиіс.
— Сүйікті Бонасье мырза, сіз бек дұрыс айтып тұрсыз: дос-жарандарыммен біраз саяхаттап қайтып едім.
— Алысқа ма?
— О, жоқ қырық льедей жер. Біз Атос мырзаны Форж арасанына шығарып салдық, достарым сонда қалып қойды.
— Ал сіз өзіңіз аман-есен қайтып келдіңіз бе әйтеуір? — деді Бонасье қуақы кейіппен жымысқылай сөйлеп. — Сіз сияқты әсем жігіттерге ашыналары ұзақ демалыс бермесе керекті, өзіңізді Парижде тықырши күткен бір сылқым бар-ау, шамасы, а?
— Сүйікті Бонасье мырза, дәл үстінен түстіңіз-ау енді мойындамасқа не лажым қалды, — деді д'Артаньян сылқ-сылқ күліп. — Мұның үстіне, сізден бірдеңені жасырып қалу тіпті де қиын тәрізді. Иә, мені бір сылқымның күткені де және тықырши күткені де рас.
Бонасьенің бет-аузын бір болмашы кірбің шалғандай болды, тіпті де д'Артаньян оны аңғармай да қалды.
— Сонымен, біз асығыс келгеніміздің рақат-ләззатын да татады екенбіз ғой, — деді галантерейші даусын сәл ғана өзгертіп, д'Артаньян жаңа ғана осы бір қадірменді кісінің жүзін шалған көлеңкені қалай байқамай қалса, даусындағы өзгерісті де солай байқамай қалды.
— О тек сіздің айтқаныңыз келсе игі еді! — деді д'Артаньян күліп.
— Менің бұның бәрін айтып тұрған себебім: сіз кештетіп қайтасыз ба, жоқ па — соны ғана білейін деп едім, — деді галантерейші.
— Сүйікті қожайын, бұл сауалыңызға жол болсын? Мені сарғая тоспақшысыз ба сонда? — деді жігіт.
— Жо-ға, бірақ түрмеге түскелі бері және үйімнен дүние-мүлік ұрланғалы бері, жүрегім шайлығып қалған ба, әйтеуір есік ашылса, әсіресе түнде ашылса болды зәре-құтым қалмай қорқатынды шығардым. Қайтейін, қолдан келер не қайран бар, мен солдат емеспін ғой.
— Егер мен түнгі сағат бірде, екіде немесе тіпті үште келсем де сіз қорықпай-ақ қойыңыз. Ал, мен мүлде келмей қалсам да қорықпаңыз.
Осы жолы Бонасье аппақ шүберектей болып бозарып кетті, д'Артаньян оны бірден байқады да, сізге не болды, деп сұрады.
— Ештеңе емес, — деді Бонасье, — ештеңе де емес. Жазған басым ана жолғы бәлеге ұрынғалы бері ойламаған жерден оқыс әлсіреп қалатынды шығардым, міне осы тап қазір арқамды бір аяз қарып өткендей болды. Маған онша көңіл бөлмей-ақ қойыңыз, одан да өз қамыңызды — ләззатқа кенелу жайын ойласаңызшы.
— Ендеше менің шынында да қолым тимейді, өйткені нағыз бақытты жан менмін.
— Әзірге епелектемей қоя тұрыңыз — ол қызық кешке болады деп өзіңіз айттыңыз ғой.
— Құдайдың мұнысына да шүкір, о кеш енді қайда кетуші еді! Бәлкім, оны сіз де мен сияқты тықырши күтіп отырған шығарсыз. Бәлкім, Бонасье бике бүгін ерінің қасына, отының басына келетін шығар.
— Бонасье бикенің бүгінгі кеште қолы бос емес! — деді күйеуі маңызданып. — Қызмет-міндеті оны бүгін Луврден шығармайды.
— Қайтейін, өз сорыңыз өзіңізге, сүйікті қожа-екем, өз сорыңыз өзіңізге! Мен өзім бақытты болған кезде, жұрттың бәрі де бақытқа бөленсе екен деймін, бірақ ол мүмкін емес тәрізді ғой.
Өз әзілін өзі ғана түсініп мәз болып қарқылдай күлген жігітіміз аршындай басып жүре берді.
— Көңілді армансыз бір көтеріп қайтуыңызға тілектеспін! — деді Бонасье міңгірлеп.
Бірақ ол кезде д'Артаньян алыстап кетті де, бұл сөздерді естімеді, көңілдің көк дөненіне мініп алып, самғап бара жатқан сабазымыз о сөздерді естігенімен, оны қаперіне де ілмес еді.
Ол де Тревиль мырзаның үйіне қарай беттеді; өзімізге мәлім, ол кеше мұнда бас сұғып қана шыққан, сол себепті де, жарытып ештеңені де айта алмаған.
Бұл келгенде де Тревиль мырза аса көңілді отыр екен. Король мен королева кешегі балда мұны қатты қадірлеп, жылы шырай танытыпты. Оның есесіне кардинал түксиіп, оң қабағын бермей қойыпты.
Түнгі сағат бір кезінде ол мазам болмай тұр деп кетіп қалыпты. Ал, ұлы ағзам мен ханым Луврға таңертеңгі сағат алтыда ғана қайта оралыпты.
— Ал, енді... — де Тревиль мырза даусын бәсеңдетіп, үйде өздерінен басқа кісі жоқтығына көзін жеткізгісі келгендей, бұрыш-бұрышқа мұқият қарап алды, — ал, енді, жас досым, өзіңіз туралы сөз қозғалық, сіздің барған сапарыңыздан сәтті оралғаныңыз корольдің қуанышымен, королеваның сән-салтанатымен және мәртебелі тақсырдың еңсесі түсіп қорлануымен байланысты болуға тиіс. Сіз енді бұдан былай ұдайы абай болып жүруіңіз керек.
— Ұлы мәртебелі иелерімнің мейірімі түсіп тұрғанда мен кімнен қорқамын? — деді д'Артаньян шалқып.
Маған сенсеңіз, жұрттың бәрінен де сескеніңіз. Кардиналдың мазақ еткен кісіден өшін алмай тынбайды, ал, сол әзілкеш кісі маған жақсы таныс гаскон жігіті деп шүбәланамын.
— Сіз шынымен-ақ кардинал да өзіңіз сияқты мәселенің мән-жайынан толық хабардар, Лондонға тап мына менің барғанымды біледі деп ойлайсыз ба?
— Шайтан соқсын! Лондонға барған сіз бе едіңіз? Ана бір саусағыңызда жарқырап тұрған алмас жүзікті Лондоннан алып келдіңіз бе сонда? Сақтаныңыз, сүйкімді д'Артаньян! Жаудың сыйы — жамандыққа бастайды. Осындай сый туралы бір латын өлеңі болушы еді... Тоқтаңызшы...
— Иә-иә, дәп солай, — деді д'Артаньян, оған латын тілі емге де қонбай қойған, өзінің надандығымен ол мұғалімдерінің зықын шығарушы еді. — Иә-иә, тап солай, сондай бір өлең болуы керек...
— Әлбетте, ондай өлеңнің бар екені рас, — деді, әдебиетке бейім жүретін де Тревиль мырза. — Осы жуырда ғана Бенсерад мырза соны маған оқып берген-ді... Тоқтаңызшы... Бәсе, есіме енді түсті! Тіmео Danaos et dona terentes.
Мұның мағынасы: Тарту әкелген дұшпаннан сақтан, — деген сөз.
— Бұл алмасты сыйлаған жауым емес, сударь, мұны маған королева сыйлады, — деді д'Артаньян.
— Королева! Oho! — деді де Тревиль мырза. — Ия, бұл шынында да корольдің сыйлығы! Бұл жүзік кем дегенде мың пистоль тұратын шығар. Королева мұны кім арқылы беріп жіберіпті?
— Ханымның өзі берді.
— Қай жерде?
— Киімін ауыстыратын бөлмеге жалғас кабинетте.
— Қалайша?
— Сүю үшін қолын маған соза бергенде берді.
— Сіз королеваның қолын сүйдіңіз бе! — деді дауыстап де Тревиль мырза, д'Артаньянға таңырқай қарап.
— Ұлы ханым мені сондай құрметке лайықты деп білген.
Сол сәтте қастарыңызда өзге кісілер болды ма? О, ханымның аңқауын-ай, әңгүдігін-ай!
— Жоқ, мырза, абыржымаңыз, оны ешкім де көрген жоқ, — деді д'Артаньян.
Сол арада ол де Тревиль мырзаға болған оқиғаны түгел айтып берді.
— О әйелдер, әйелдер! — деп кәрі солдат дауыстап жіберді. — Романтикалық әуендеріңнен-ақ танимын-ау сендерді. Құпия сыр бар жерде елігіп сендер жүресіңдер... Сонымен сіз ақ білекті көрдіңіз де қойдыңыз ғой. Королеваны көрсеңіз — танымайсыз; ол сізді көрсе — кім екеніңізді де білмейді.
Иә, бірақ мына алмасқа қарап... — деді жас жігіт қарсы дау айтып.
— Жігітім, — деді Тревиль мырза, — сізге бір ақыл, орынды ақыл, дос ақылын айтайын ба?
— Өйтсеңіз, мырза, маған үлкен құрмет көрсеткеніңіз, — деді д'Артаньян.
— Ендеше дереу бірінші кездескен алтын зергеріне барыңыздағы, мына алмасты ол қанша берсе, соған сатыңыз. Ол қанша сараң болса да, бұл жүзік үшін сегіз жүз пистольден кем ақша алмайсыз. Жас жігіт, есіңізде болсын, пистольдің аты-жөні болмайды, ал, мына жүзіктің аты-жөні, қорқынышты аты бар, ол өзін саусағына салған кісінің көзін жоюы мүмкін.
— Мына жүзікті сат дейсіз бе! Менің алдияр ханымым сыйлаған жүзікті сат дейсіз бе! Өмірде сатпаймын! — деді жігіт өрекпіп.
— Ендеше оның тасын ішіне қаратып, айналдырып қойыңыз, бақытсыз есерсоғым, өйткені гасконның жарлы ақсүйегі мұндай асыл тасты шешесінің қобдишасынан тауып ала алмайтынын жұрттың бәрі біледі!
— Сіз шынымен-ақ маған бір қауіп төніп тұр деп ойлайсыз ба? — деді д'Артаньян.
— Жас жігіт, білтесі тұтанған мына үстіне жатып ұйықтап қалған адам, мына сізбен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз деп өзіңізге тағы айтып тұрмын.
— Шайтан атсын! — деді д'Артаньян, де Тревиль мырзаның төндіре айтқан сөзінен шошынып.— Шайтан атсын, сонда мен не істеуім керек?
— Әрқашан да, әр жерде де сауысқандай сақ жүріңіз. Кардиналдың құрығы ұзын, зейіні зерек. Маған сенсеңіз, ол бір қапысын тауып сізді әлі мықтап бір сүріндіреді.
— Не істейді сонда?
— Пәле! Мен оны қайдан білейін! Әзәзілдің айла-тәсілінің бәрі соның қолында емес пе? Ең кем дегенде ол сізді қамап тастайды.
— Қалайша! Ұлы ағзамның қызметінде жүрген солдатты қамауға кімнің ғана батылы барады?
— Шайтан алсын! Олар ұялмай-қызармай Атосты қамауға алған жоқ па? Бір сөзбен айтқанда, жас досым, сарай маңында отыз жыл қызмет істеген адамның сөзіне сеніңіз: онша бейқам болмаңыз, әйтпесе, құрисыз. Қайта кез-келген жердей жау іздеуіңіз керек, айтпады демеңіз. Егер әлдебіреу өзіңізбен жанжалдасқысы келсе, ол тіпті он жастағы сәби болса да, есебін тауып жалтарып кетіңіз. Егер күндіз бе, әлде түнде де, өзіңізге біреулер шабуыл жасаса, ұялмай-ақ шегініп кетіп қалыңыз. Егер көпірден өтетін болсаңыз, табаныңыздың астын басып-басып байқап көріңіз, өйткені бір тақтайдың опырылып түсіп кетуі ғажап емес. Егер жаңа салынып жатқан бір үйдің қасынан жүретін болсаңыз, әуелі анықтап жоғары қарап алыңыз, өйткені төбеңе тас түсуі мүмкін. Егер зәуіменнен үйге бір кеш қайтатын кезең туса, артыңнан қызметшің жүріп отырсын және ол әбден қаруланып алсын, әрине, ең әуелі оған өзіңіз мықтап сенуіңіз керек. Бәрінен де: досыңыздан да, бауырыңыздан да, ашынаңыздан да... әсіресе ашынаңыздан сақтаныңыз.
Д'Артаньян қызарып кетті.
— Ашынадан дейсіз бе? — ол мұны қалай қайталап айтқанын сезбей қалды. — Бәрінен бұрын неге ашынамнан сақтануым керек? — Өйткені ашына — кардиналдың ең жақсы көретін және тез нәтиже беретін амал-айласының бірі, әйел сізді он пистольге бола сатып жүре береді. Далиланы есіңізге алыңызшы... Сіз киелі кітап сөзін білуші ме едіңіз?
Д'Артаньян со замат Бонасье бикенің оған тап бүгінгі кешке кездеспек болғанын есіне алды, бірақ абырой болғанда, біздің батырымыз, де Тревиль мырзаның жалпы әйелдер жөніндегі жаман ойына елігіп, әсем келіншекке зәредей де күмән келтірмеді.
— Айтпақшы, сіздің үш серігіңіз қайда жоғалып кеткен? — деді капитан.
— Олардан ешбір хабар алмадыңыз ба деп сізден енді ғана сұрағалы отыр едім.
— Ешбір хабар алғаным жоқ.
— Ендеше мен оларды жол да тастап кеткенмін: Портос — Шантильеде біреумен сайыспақшы болып қалған, Арамис — Кревкерде иығынан жараланып, ал Атос — Амьенде жалған ақша жасап тараттың дәл айыпталу қаупі төніп қалып қойған-ды.
— Солай деңіз! Ал, өзіңіз қалай сытылып кеттіңіз? — деп сұрады де Тревиль мырза.
— Керемет бір сиқырмен, мырза! Керемет бір сиқырмен құтылып кеткенімді жасыра алмаймын, шпагамен кеудемнен бір түйреліп қалсам да, граф де Вардты Калеге баратын жолда, қабырғаға жапсырған көбелек сияқтандырып, сүңгімен жерге шегелеп кете бардым.
— Жетпегені сол еді! Кардиналдың жақтаушысы, Рошфордың туысқаны де Вардты шегелеп кеттім деңіз!.. Сүйікті дос, тап қазір маған бір ой келгені.
— Қандай ой, мырза?
— Сіздің орныңызда болсам, мен мынадай бір нәрсені жасар едім.
— Ол не нәрсе?
— Мәртебелі тақсыр мені Парижден іздеп жанталасып жатқанда, өз басым астыртын, ың-шыңсыз қайтадан Пикардияға жүріп кетер едім де, үш серігіме не болып, не қойғанын егжей-тегжейлі біліп қайтар едім. Расында да олар сіздің тарапыңыздан сондай бір болмашы назар аударуыңызға татитын еңбек сіңірді ғой деп ойлаймын.
— Кеңесіңіз бек жақсы, мырзам, күні ертең жолға шығамын.
— Ертең! Бүгін кешке неге жүріп кетпейсіз?
— Бүгін менің Париладе шұғыл бір шаруам бар.
— , жігітім! Қапелімде біреуге ынтық қылған ұшпа сезім шығар? Қайталап айтамын, сақтаныңыз: біздің бәріміздің түбімізге жеткен бұрын да әйелдер еді, болашақта да солай болады. Менің айтқаныма құлақ асыңыз, бүгін кешке салым жүріп кетіңіз.
— Ол мүмкін емес, мырза.
— Уәде бергенсіз ғой шамасы?
— Иә, мырза.
— Ендеше сөз басқа. Бүгін түннен аман қалсаңыз, ертең аттанамын деп маған уәде беріңізші.
— Мақұл.
— Сізге ақша керек емес пе?
— Әлі де елу пистолім бар. Маған сол да жетеді ғой деп ойлаймын.
— Серіктеріңіздің қалтасы қалай еді?
— Олардың да ақшасы бар ғой деп ойлаймын. Біз Парижден шыққан кезде әрқайсымыздың қалтамызда жетпіс бес пистольден ақша бар-ды.
— Кеткеніңізше енді қайтып сізді көре алмаймын ба?
— Егер жаңа бір хабар болып қалмаса, көре алмайсыз ғой деп ойлаймын, мырза.
— Хош, ендеше жолыңыз болсын!
— Рақмет, мырза.
Мушкетерлердің қамын туған әкесінен бетер ойлайтын де Тревиль мырзаға дән риза болып, д'Артаньян қош айтысып шығып кетті.
Ол Атостың, Портос пен Арамистің үйлеріне кіріп шықты. Олардың ешқайсысы да қайтып келмепті. Қызметшілері де көрінбейді, олар жайлы еш хабар жоқ көрінеді.
Д'Артаньян жас жігіттердің хал-ақуалын ашыналарынан білер еді, бірақ ол Портостың да, Арамистің де ашыналарын білмейтін, ал Атосқа келсек, онда тіпті көңілдес әйел болып көрмеген-ді.
Гвардия казармаларынан өтіп бара жатып ол ат қораға сығалап еді, төрт аттың үшеуі жеткізілген екен. Бұған аң-таң болған Планше оларды тарақпен тазалап жатыр, аттың екеуі тазаланып, құйрық-жалы сүзіліп әзір тұр.
— Е, мырза, сізді көргеніме қуанып қалдым ғой, — деді Планше, д'Артаньянға қарап.
— Не болып қалды, Планше, — деді жас жігіт.
— Сіз қожайынымыз Бонасье мырзаға сенесіз бе?
— Мен бе? Өмірде сеніп көрген емеспін.
— Соныңыз дұрыс, мырза.
— Оны неге сұрадың?
Оны сұрайтын себебім, сіздер мана сөйлесіп тұрғанда, сөздеріңізді естімесем де, сырттарыңыздан бақылап тұрғанмын, сонда не көрдің дейсіз ғой, мырзам: әлгі кісінің жүзі қатарынан үш рет құбылып, қуқыл тартып кетті.
— Қой, қайдағыны айтпай.
— Әлгі бір хатпен іштей әуре болып тұрып, сіз оны байқаған жоқсыз, мырзам. Мұның керісінше мен сол хаттың біздің үйге өзгеше бір жолмен қалай келіп түскеніне түсіне алмай, оның бет-аузынан бір сәтте көз жазғаным жоқ.
— Оның бет-пішіні сонда саған қалай болып көрінді?
— Опасыз сатқынның пішініндей болып көрінді.
— Рас па, әй?
— Мұның үстіне, сударь, сіз онымен қош айтысып, бұрышты айналып кетпей жатып, Бонасье қалпағын қолына алып, есігін жапты да, көшемен қарама-қарсы жаққа қарай жүгіре жөнелді.
— Дұрыс айтасың, Планше, осының бәрі маған да бір түрлі күдікті болып көрініп тұр. Бірақ көп қам жеме: соны әбден анықтап алмай, біз о сұмырайға пәтерақы төлемейміз.
— Сіздің әзіліңіз таусылмайды, сударь, біраздан кейін оған өзіңіздің де көзіңіз жетеді.
— Амал қанша, Планше, болар іс болат-тағы!
— Япырмай, кешкі серуенге сонда да шықпақсыз ба, мырзам?
— Шыққанда қандай, Планше, Бонасьеге ерегіскенде мен әлгі бір сенің мазаңды алған хатта айтылған жерге қуана-қуана барамын.
— Қайтейін, сударь, егер сіздің шешіміңіз...
— ...болаттан да берік, досым. Сонымен кешкі сағат тоғызда осы казармада дайын тұрғайсың. Мен кешке саған соғамын.
Қожасының бір алған бетінен қайтпайтынына әбден көзі жеткен соң, Планше ауыр бір күрсініп, үшінші аттың тұла бойын сүзіп, тазалауға кірісті.
Ал, табиғатынан сауысқандай сақ жүретін жас жігітіміз д'Артаньян үйіне қайтып кетудің орнына ілгеріде, осынау төрт сабазымыз жадап-жүдеп жүрген кезде, бұларды ертеңгі аспен, шоколадпен сыйлаған гаскон священнигінің үйіне барып, тамақтанбаққа бет алды,
XXIV
ПАВИЛЬОН
Кешкі тоғызда д'Артаньян гвардия казармасына келсе, Планше дайын отыр екен. Төртінші ат та келіп жетіпті.
Планше мушкетімен, пистолетімен қаруланып алыпты.
Д'Артаньян беліне шпагасын іліп, екі пистолет қыстырыпты. Олар аттарына мініп, ың-шыңсыз аттанып кетті. Түн тастай қараңғы еді, бұлардың кеткенін ешкім де байқамай қалды. Планше өз қожасынан он қадамдай жерде, артта келе жатты.
Д'Артаньян жағалаумен жүріп отырып, Конферанс қақпасынан шықты да, Сан-Клуге апаратын жолға келіп түсті, ол кезде бұл жол қазіргіден әлдеқайда әдемі еді.
Бұлар қала ішімен келе жатқанда Планше өзі ойша шамалап қойған ара қашықтығын сақтап, абайлап жүрсе, жолда адам азайып, қараңғылық қоюлана түскен сайын, қожасына бірте-бірте жақындай берді, ал, Булон тоғайына келіп кіргенде жас жігітпен үзеңгі қағысып жүре бастады. Биік ағаштардың теңселген шуылы, қараңғы орман арасына ағараңдай төгілген ай нұры Планше байғұстың зәре-құтын қашырды. Д'Артаньян атқосшысының елегізіп қорқып келе жатқанын байқады.
— Пәлі, Планше мырза, сізге не болған? — деді д'Артаньян.
— Сіздіңше қалай, сударь, осы орман атаулының бәрі шіркеуге ұқсайды ғой деймін?
— Несімен ұқсайды сонда, Планше?
— Олай дейтінім, онда да, мұнда да дауыстап сөйлей алмайсың.
— Неге дауыстап сөйлей алмайсың, Планше? Қорқып келесің бе?
— Иә, сударь, даусымызды біреу естіп қоя ма деп қорқып келемін.
— Естісе есіте берсін! Біздің сөзіміздің ешбір әбестігі жоқ Планше шырақ, құдайдың тірі жаны бұл үшін бізге кінә таға алмайды.
— Аһ, мырзам-ай! — деді Планше өзіне маза бермей келе жатқан ойына көшіп: — Әлгі Бонасьенің қасы-көзінде бір зымияндықтың белгісі бар және ернін жыбырлатқанда бір түрлі жексұрын болып кетеді екен!
— Әй, Бонасьені есіне түсірген қай шайтан осы?
— Сударь, кісі дегенің де өзі білетін нәрсені ғана ойлайды, жоқты қайдан ойласын.
— Сен қоян жүрек қорқақсың, Планше, бұл содан.
— Сақтықты қорқақтықпен шатастырмаңыз, сударь. Сақтық дегенің жақсы қасиет.
— Бәлі, сен сондай сақпын де, Планше?
— Әне бір жылтылдап тұрған не екен, мырза? Мушкеттің аузы сияқты ғой. Еңкейгеннің зияны бола қоймас.
— Шынында да солай... — деді жігіт күбірлеп, де Тревильдің сақтандырғанын есіне алып, — шынында да солай ғой деймін, мына мақұлық ақырыңда мені де қорқытатын болды-ау.
Ол дереу cap желіске көшті.
Планше қожасының тап бір көлеңкесі сияқтанып, оның бүкіл қимыл-әрекетін айнытпай қайталап, қасына тепеңдеп жетіп келді.
— Сударь, қалай, түні бойы осылай жорта береміз бе?.
— Жоқ, Планше, сен міне келіп те қалдың білем.
— Мені келдің — дегеніңіз қалай? Сіз ше, сударь?.
— Мен ілгерірек кетемін.
— Сонда мені жалғыз тастап кетпекшісіз бе?
— Планше, сен қорқайын дедің бе?
— Жоқ, сударь, менің айтайын дегенім, түн өте салқын болады, ал салқын түнде кісінің құяңы қозады, құяңы бар қызметшіден не үміт, не қайыр, әсіресе, сіз сияқты елгезек қожайынға ере алмайды.
— Жарайды ендеше, Планше, егер тоңып бара жатсаң, әне бір көрініп тұрған шарапханалардың біреуіне кірерсің, бірақ мені ертең таңғы сағат алтыда есік алдынан күт.
— Сударь, бүгін ертеңгілік берген экюіңізді қастерлей жұмсап, ішіп-жеп қойғанмын, ал, енді түнде тоңғандай болсам, қалтамда жұмсайтын көк тиыным жоқ.
— Мә, саған жарты пистоль. Ертеңге дейін жетеді.
Д'Артаньян атынан түсіп, тізгінді Планшеге тастай салды да, плащына оранып жетеқабыл жүріп кетті.
Құдай-ай, қатып қалдым ғой, — деді Планше, қожасы көрінбей кеткесін.
Тезірек жылыну үшін ол сырты қала шетіндегі шарапханаға лайықтылап әшекейленген шағын бір үйдің есігін дереу қаға қойды.
Бұл кезде село арасының сүрлеуіне түскен д'Артаньян ентелей басып Сен-Клуге келіп жеткен еді, бірақ ол бұл араға келгесін бас көшемен жүрмей, бір қорған-сарайды айналып өтіп, оңаша бір тығырықтан келіп шықты, сосын ұзамай хатта жазылған павильонды тауып алды. Павильон меңіреу бір түкпірде екен. Тығырықтың бір қанатын түгелдей бір биік дуал алып жатыр, павильон тап соның іргесінен қоныс теуіпті, ал, тығырықтың екінші қанатындағы шағын бау көлденең кісі кірмесін дегендей шетенмен қоршалыпты, баудың түкпірінен бір жарлының жарты лашығы көрінеді.
Д'Артаньян жолығысатын жерге келді де, хатта өзінің осы араға келгенін білдіріп бір белгі беру жайында ешбір нұсқау болмағасын, неде болса күтіп тұра бермекке бел байлады.
Төңірегі тамылжыған тыныштық — кісі өзін астанадан жүз лье жерде тұрғандай сезінеді. Жан-жағына көз жүгіртіп, бір қарап шыққасын д'Артаньян жайымен шетенге сүйенді. Осы бір шетеннің, мына баудың, әне бір жарлы лашықтың ар жағындағы ұланғайыр кеңістікті қою тұман күргейлеп, бүркеп тастапты, сол жақта құлазыған қуыс,түпсіз тұңғиық тәрізденіп Париж ұйықтап жатыр, сол тұңғиық үстінен сығырайып бірер жарық — тамұқтың тұнжыр жұлдыздары елестейді.
Бірақ д'Артаньянға көзіне түскен нәрсенің бәрі сүйкімді болып көрінеді, ойы да жарқын, қараңғы түннің өзі мөлдіреп жарық болып кеткендей: ұзамай дидарласу сәті де соғады.
Шынында да көп ұзамай-ақ Сен-Клу мұнарасы қонырауының апырайған аузы баяу күңгірлеп он рет қағылды, меңіреу түнде құмыға шыққан қоңырау үні жоқ сұмдықты бастап, зар илегендей болады.
Дегенмен, оның әрбір күңгір-қағысы жас жігіттің жүрегімен қосыла соққандай, өйткені әрбір қағыс аңсаған сәтін жақындата түседі ғой.
Оның есіл-дерті дуал қасындағы шағын павильонда; оның екінші қабаттағы бір терезесінен басқа терезелерінің қақпақтары тарс жабулы.
Осы терезеден түскен ұяң жарық дуал сыртындағы бір шоқ үйеңкінің жыбырлаған жапырақтарын күміс нұрға бөлейді.
Осынау жұмсақ жарық төгіп тұрған шағын терезе ішінде мұны қылықты келіншек — Бонасье бикенің күтіп отырғаны айдан анық.
Осындай бір тәтті ойға шомып кеткен д'Артаньян жарты сағат бойы өзге дүниенің бәрін ұмытып, мына бір кіп-кішкентай әсем үйден көз жазбай қойды, іштен бөлме төбесінің алтын жалатылған бедерлі кәрнізінің бір бөлегі көрінеді, соған қарағанда павильонның іші кірсе шыққысыз боп безендірілгені байқалады.
Сан-Клу мұнарасының қоңырауы он жарымды соқты.
Д'Артаньян тап осы жолы, не екенін өзі де білмейді, бір түрлі жаны түршігіп дірілдеп кеткенін сезді. Бәлкім, ол осы арада тұрып тоңып та қалған шығар, сосын денесінің түршігіп кеткенін ой-санасының әлденеден секем алып, шошынғанына жорыған шығар.
Содан кейін ол хатты оқығанда жаңылған болармын, кездесу шамасы сағат он бірге тағайындалған шығар деп ойлады. Ол терезеге жақындап барып, жарық көзіне тұрды да, хатты алып қайта оқып шықты: жоқ, бұл қателеспепті, кездесу шынында да сағат онда болуға тиіс екен.
Ол бұрынғы орнына қайтып келді; оңаша, оқшау жер, өлі тыныштық, мұны бір ала көңіл, беймаза күйге салды.
Сағат он бірді соқты.
Д'Артаньян шынымен-ақ қорқайын деді: Бонасье бикеш бір бәлеге ұшырап қалған жоқ па екен?
Ол алақанын үш рет шарт еткізіп, ғашықтардың үйреншікті белгісін берді; бірақ ешкім жауап қатпады, тіпті жаңғырық та естілмеді.
Содан ол сәл налыңқырап, мені тосамын деп бәлкім келіншек ұйықтап қалған шығар деп те ойлады.
Дуалға барып, үстіне шықпақшы болды, бірақ жаңадан салынған қабырғаға тырнағын бекер сындырғаны болмаса, шыға алмады.
Сол замат оның көзі жапырақтары бұрынғыша күмістей жылтырап тұрған ағаштарға түсіп кетті, олардың біреуі жолдын үстінен көлбей өскен екен, жігіт соның бұтағына шықсам, павильонның ішін анық көрермін деп ойлады.
Ағаш басына ол оп-оңай-ақ шықты. Мұнын үстіне д'Артаньян жиырма жасқа енді ғана толған-ды, демек, балалық әдетін әлі ұмыта қоймаған еді. Ол бір секіріп әп-сәтте ағаш басына шықты да, мөлдір әйнектен бөлме ішіне көз тастады.
Д'Артаньян бір сұмдықтың болғанын өз көзімен көрді де, арқасын аяз қарып өткендей сезінді. Мына бір ұяң жарық, нұрлы шам жау шапқан бүліншілік орнына шұғыла шашып тұр: терезенің бір әйнегі сынған, бөлменің қираған есігі топсасына ілініп әзер тұр; сән-салтанатпен жасаған столды аударып тастапты, шыны сынықтары жаншылған жеміс-жидектер паркетте рәсуа шашылып жатыр; бөлмеде жанталасқан сұмдық бір шайқас болған сияқты. Д'Артаньян осынау бей-берекет боп, асты үстіне шығып жатқан нәрселер арасынан жыртылған киім тамтығын, дастарқан мен пердеге шашыраған қан тамшыларын көргендей болды.
Жүрегі асаудай бұлқынып, ол дереу жерге түсті; ол осы бір зорлық-зомбылықтың ізі көшеде де жоқ па екен деп енді соны қарауға кірісті.
Тылсым түн қойнауында сүйкімді күңгірт жарық бұрынғыша жылтырап тұрды. Д'Артаньян енді бұрын байқамаған нәрселерді көре бастады, өйткені ол тап осы сәтке дейін төңірегіне сезіктене, мұқият көз тастамаған еді: бір жері тапталып, екінші бір жері қазылып қалған көшеде адам мен ат іздері сайрап жатыр. Шамасы, Парижден келген бір күйме-экипаждың дөңгелектері жұмсақ топыраққа баттита таңбасын қалдырып, павильонға дейін келіпті де, қайтадан Париж жаққа қарай бұрылып кетіпті.
Әлі де жерге үңіліп қарап жүрген д'Артаньян, ақырында дуалдың дәл түбінен әйелдің жыртық биялайын тауып алды. Бұ биялайдың топыраққа тиіп бүлінбеген жері аппақ екен. Әдетте ғашықтар осындай хош иісті биялайларды сылқым келіншектердің балғын қолдарынан сыпырып алып жатады.
Д'Артаньян айналасына қараған сайын маңдайын суық тер жуып, көңілі қобалжып, жүрегі қысылғандай, тынысы тарылғандай болды; бірақ жігіт бұл павильонның Бонасье бикеге ешбір қатысы жоқ, ол менімен мына үйдің ішінде емес, сыртында кездеспек болған шығар, немесе Париждегі қызметінен босап шыға алмай қалған шығар, әлде күйеуі қызғанып жібермеген шығар, — деп өзін-өзі жұбатуға кірісті.
Бірақ осы дәлел-деректердің бәрін ішті жегідей жеген бір күмәнды сезім тас-талқан етіп, бүлдіріп-сындырып, көзін жойып құртып жатқан-ды, кейде кісінің сондай бір ішкі сезімі күнілгері өрeпкiп, өн бойыңды жайлап, басқа төніп келе жатқан қорқынышты қауіптен хабар беретіні бар.
Д'Артаньян табанда жынданып кете жаздады; ол күре жолға қарай жүгіре жөнелді, осында келерде жүрген соқпағымен екі өкпесін қолына алып жүгірген бетімен паромға келіп, қайықшыдан мән-жайды сұрай бастады.
Кешкі сағат жетінің кезінде қайықшы қара жамылғыға оранып алған бір әйелді өткізіпті, ол шамасы, жұртқа танылғысы келмеген сияқты; әйел аса сақтанып, абай болып жүргендіктен де қайықшы оған айрықша назар аударыпты және оның әрі жас, әрі сұлу екенін байқапты.
Қазіргі кездегі сияқты, ол заманда да көптеген балғын, сұлу келіншектер жұрт көзінен ұрланып, Сен-Клуге баратын, дегенмен де д'Артаньян қайықшының ақиқат Бонасье бикені көргеніне еш күмән келтірмеді.
Қайықшының лашығында жанып тұрған білте шамның жарығымен жас жігіт Бонасье бикенің хатын тағы бір рет оқып шығып, өзінің қателеспегенін, кездесудің басқа жер емес, Сен-Клуде, басқа көше емес, д'Эстре мырза павильонының қасында тағайындалғанын білді.
Күллі жай-жағдаят жиналып келіп, бір жамандықты оның күні бұрын сезгенін, со сұмдықтың болғанына д-Артаньянның көзін жеткізгендей еді.
Ол қайтадан кейін қарай жүгірді, оған павильонда жаңа бірдеңе болып қалғандай, өзін мұнда соны бір мәлімет күтіп тұрғандай болып көрінді.
Тығырықта бұрынғыша тірі жан жоқ, бағанағы ұяң жарық терезеден жай ғана төгіліп тұр.
Кенет д'Артаньян әлгі бір меңіреу, керең лашықты есіне түсірді, соның бірдеңені көрмеуі мүмкін емес, бәлкім, көргенін айтып та қалар.
Шағын қақпа жабық тұр екен, жігіт шетеннен қарғып өтті де, шынжырлаулы иттің шабалана үргеніне қарамастан лашыққа жақындай берді.
Ол терезе қақпағын қақты. Әуелде бұған ешкім жауап қатпады. Павильондағы сияқты, күрке ішін де өлі тыныштық жайлапты; дегенмен өзінің ең соңғы үміті осы күркеде болғандықтан да, д'Артаньян қақпақты қаға берді.
Ұзамай үй ішінен болмашы бір дыбыс, үркек дыбыс, біреу естіп қояр ма екен деп жүрексінген именшек тысыр естілгендей болды.
Сол-ақ екен, д'Артаньян қақпақты қағуын қойып, жалынуға кірісті және оның үнінен тызақтап мазасызданғаны, үміт-уәдесі, үркіп-қорыққаны, жалынышы — бәр-бәрі анық, естіліп тұрды, сол себепті де бұл дауыс су жүрек ынжықтың да жүрегін орнына түсіргендей еді. Ақырында терезенің шіріп бітуге айналған ескі қақпағы ашылды, яғни ашыла беріп, сарт етіп қайта жабылды, өйткені бұрышта сығырайып жанып тұрған шүйкедей шамның әлсіз жарығы Д'Артаньянның иықбауына, шпагасының сабына, пистолеттерінің дүміне түсіп еді. Осының бәрі қас қағымдай бір сәтте болса да, д'Артаньян шалдың бет-аузын көріп қалды.
— Құдай үшін, сөзіме құлақ салыңызшы! — деді ол жалынышты үнмен. — Мен бір кісіні күткен едім, бірақ келмей қойды. Енді не болғанын білмей жанығып тұрғаным. Осы маңайда сойқанды бір сұмдық болған жоқ па, білмейсіз бе?
Терезе қайтадан жайымен ашылып, одан әлгі кісінің жүзі қайта көрінді: бірақ оның түр-пішіні әлгіден де бетер қуарып кетіпті.
Д'Артаньян келіншектің атын атамағаны болмаса, ағынан жарылып, білетінін түгелдей шалға айтып берді; ол мына павильонның қасында бір жас әйелмен жолығысуға келгенін, бірақ ол келмегесін, үйеңкінің басына шығып, бөлме ішінің ойрандалғанын өз көзімен көргенін айтты.
Шал басын изеп, жігіт сөзін шын ықыласпен тыңдады. Д'Артаньян әңгімесін бітіргесін: менен қайбір жақсылық естірсің, дегендейін басын бір шайқады да қойды.
— Сіз не айтайын деп едіңіз? Құдай үшін, не болғанын айтыңызшы! — деді д'Артаньян дауыстап.
— Ах, сударь, — деді шал күйініп, — менен ештеңені де сұрамаңызшы, егер мен көргенімді айтсам, бір бәлеге ұрынарым хақ.
—Демек, сіз бірдеңені көрген екенсіз ғой? — деді д'Артаньян. — Олай болса, құдай үшін, не көріп, не білгеніңізді айтыңыз, ақсүйектің адал антымен ант етейін, ләм деп сыр шашпаймын, — деді жігіт сөзін жалғап, бір пистольді шалға лақтырып тастап.
Шал жігіт жүзінен шын қасіреттің ізін танып, ендеше тыңдаңыз дегендей белгі жасап, әңгімесін жайымен бастай берді.
Сағат кешкі тоғыздар шамасында сырттан белгісіз бір дауыстарды есіттім. Оның не екенін білмек болып есікке таяп келсем, біреу біздің бауға кірмек болып жатыр екен. Мен өзім тақыр кедей кісімін, әлдекімдер үйімді үптеп кетеді екен деп қауіптенбеймін де, сол себепті де есікті ашсам, үш-төрт қадамдай жерде бірнеше кісі тұр екен. Қараңғыдан көлікті күймені, қаңтарулы аттардың нобайын көзім шалды. Олар мына алдымдағы дворянша киінген кісілердің аттары болса керек.
«Қайырымды мырзалар, жол болсын, сіздерге не керек?» — дедім мен.
«Сенде саты болуға тиіс», — деді біреуі, маған ол бастық сияқты болып көрінді.
Иә, сударь, жемісті жинауға қажет саты бар».
«Ендеше оны бізге бер де, үйіңе бар. Мазалағанымыз үшін мына бір экюді ал. Бірақ есіңде болсын: осында көргеніңмен естігенің жөнінде бір сөз айтсаң бітті — өлгенің! Мен қанша қорқытқаныммен, бәрібір сенің бізге қарайтыныңды және тыңдайтыныңды білемін».
Осылай деді де, ол маған бір экюді лақтыра салды, мен оны қағып алдым, ол сатыны алып кетіп қалды.
Оның соңынан қақпаны жаптымдағы, үйге кірген болып, дереу сыртқы есіктен шықтым да, қызыл іңірде ұрланып, ана бір бадамның түбіне барып тығылдым, сол арада елеусіз тұрып, бәрін де көруге болатын еді.
Үш еркек күймені ың-шыңсыз жүргізіп үйге таяп барып, одан бір үстіне көнетоз қара киім киген, бурыл шашты, жұп-жуан, тапал кісіні түсірді. Ол абайлап басқышқа шығып, бөлме ішіне ұрланып бір қарады да, жайымен төмен түсіп:
«Соның өзі», — деді сыбырлап.
Әлгі менімен сөйлескен кісі лезде павильонның есігіне барып, қалтасынан бір кілтті алып, есікті ашты да, ішке кіріп есікті жаба салды; со замат қалған екеуі сатымен жоғары өрмелей бастады. Шал күйменің есігі алдында, көшір жегулі аттарды, ал, дәйекші салт аттарды ұстап тұрды.
Кенет павильоннан шыңғырған дауыс шықты, бір әйел төмен секірейін дегендей, жанығып келіп терезені ашты. Бірақ саты үстіндегі екі еркекті көріп, кейін шегініп кетті, со кезде еркектер бөлме ішіне секіріп-секіріп түсісті.
Мен бұдан өзге ештеңені де көргенім жоқ, бірақ сатыр-сұтыр сынып жатқан мебельдің дыбысын есіттім. Әйел бажылдап, жұртты көмекке шақырып жатты, бірақ ұзамай оның үні де өшті. Үш еркек терезе алдына келді. Олардың екеуі әйелді көтеріп сатымен төмен түсті де, оны күймеге апарып кіргізді; тәпелтек шал оның соңынан барып күймеге отырды. Павильонда қалған кісі терезені жауып, аздан кейін есіктен сыртқа шықты. Екі серігі оны атына мініп күтіп тұрған. Әйелдің күйме ішінде отырғанын көргесін ол да атына қарғып мінді, дәйекші көшірдің қасына келіп отырды, күймені алдарына салып, үш еркек аттанып жүре берді, сонымен бәрі тамам болды. Бұдан кейін мен ештеңені көрген де, естіген де жоқпын.
Осы бір сұмдық хабардан аза бойы қаза тұрған д'Артаньян үнсіз сілейіп тұрып қалды: жан-жүрегіне ыза-ашу мен қызғаныштың жын-шайтандары құтырынып жатыр еді.
— Мырза, енді көп қайғырмай-ақ қойыңыз! Олар сіздің ғашығыңызды өлтірген жоқ қой, ең керегі сол емес пе, — деді шал, шамасы, жігіттің үміті кесілгендей үнсіз тұрып қалғаны ойбай салып жылағанынан бетер әсер етсе керек.
— Осынау сұмдық істі жасаған сойқандарды бастап жүрген кім екен, аздап та болса білмейсіз бе? — деді д'Артаньян оған.
— Жоқ, мен оны білмеймін.
— Сіз онымен әлгіде сөйлестім дедіңіз, ендеше оны көрдіңіз ғой?
— Е, сіз оның кескін-кейпін сұрап тұрсыз ба?
— Иә.
— Ұзын бойлы, арық қара торы, қара мұртты, қара көзді кісі, сырт кейпіне қарасаң — дворянин.
— Хош, соның тап өзі! Тағы да сол! Бұл — менің ізіме түскен тажал болды! Ал, екіншісі кім?
— Қайсысын айтасыз?
— Кішкентайын.
— О, ол текті кісі емес, күмәнданбай-ақ қойыңыз. Оның белінде шпагасы жоқ, қалғандары оны сыйлап кісі деп көзіне ілмейтін тәрізді.
— Бір малай шығар, — деді д'Артаньян күбірлеп. — Ах, байғұсым-ай, бейбағым-ай! Қандай күйде екенсің?
— Сіз мұны тірі жанға айтпаймын деп уәде бергенсіз, — деді шал.
— Сол уәдемді тағы да айтамын. Қам жемеңіз, мен дворянинмін. Дворяниннің серті біреу-ақ, мен ондай сертті сізге бердім.
Іші қан жылап д'Артаньян қайтадан паромға қарай беттеді. Кейде ол әлгі шал айтқан әйелдің Бонасье бике екеніне сенбейді, сол себепті де оны күні ертең Луврден көремін деп ойлайды; ал, енді бір сәтте оған: келіншек бұдан бұрын басқа біреумен көңілдес болған, сол қызғаншақ ғашығы оны артынан қуып келіп, алып қашып кеткен ғой — деген де ой келеді. Ол не болғанын білмей, әр нәрсені бір ойлап, көп күйзелді.
— О, шіркін дүние-ай, тап қазір қасымда достарым болса ғой! — деді дауыстап д'Артаньян. — Сонда оны табудан үмітімді үзбес едім. Бірақ олардың да қандай күйде екенін білмеймін.
Уақыт түн ортасына таяп қалған-ды: енді Планшені тауып алмақ керек. Д'Артаньян көмескі жарығы бар шарапханалардың есігін түгел қақты. Бірақ бұлардың бірінде де Планше болмай шықты.
Aлтыншы шарапханаға келгенде д'Артаньян бұлай іздегеннен пайда жоқ екен деп ойлады. Ол қызметшісіне мені таңғы сағат алтыда күт деген, ал енді, қазір қайда жүрем десе де еркі бар.
Мұның үстіне жас жігіт өз ойын, оқиға болған жерге жақын-жуық жүрсем, осы бір тылсым жәйт жөнінде бірдеңені тезірек естіп, біліп қалармын деп түйді. Сонымен, біз жоғарыда айтқандай, Дартаньян алтыншы шарапханаға аялдап, ең тәуір шараптың бір шынысын сұрап алды да, қараңғылау бұрышқа барып жайғасып, таң атқанша осы арада отырмақ болды; бірақ бұл арада да оның үміті зая кетті, жігітті қоршаған қадірменді қауым — ісмерлер, малайлар мен көшірлер өзара ант-су ішісіп әзілдесіп, керілдесіп жатқан сөздерін қанша зейін қойып, мұқият тыңдаса да, қолды болған байғұс әйелдің ізіне түсіретін ешбір хабарды ести алмады. Сонымен ол бір шыны шарабын ішті де, басқа істейтін шаруасы болмағасын, жұрт күдіктенбесін деп, отырған түкпіріне жайғасып, ұйықтауға кірісті. Д'Артаньянның жиырма жаста екені біздің есімізде, ал, бүл жасқа шыққан кісі қанша зарлы, қанша шерлі болса да, ұйқыға төтеп бере алмайды ғой.
Таңертеңгі сағат алты кезінде д'Артаньян оянып кетті, түнімен дөңбекшіп, көз ілмеген кісідейін тіпті мазасы жоқ. Ол тез жиналды: ұйықтап жатқан кезінде біреу болмаса біреу қалтасына түспеді ме екен деп тұла бойын сипалап, бір тексеріп шықты, сөйтсе, сақинасы саусағында, әмияны жанында, пистолеті беліне қыстырулы екен, содан кейін шараптың ақысын төлеп, далаға шықты. Түнде таба алмаған қызметшісін енді табармын деп үміттеніп келеді. Шынында да ертеңгі бұлыңғыр сызды тұман арасынан оның көзіне бірінші шалынған кісі, кішкене бір мүсәпір лашық алдында екі атты тізгінінен ұстап, қожасын сарғая тосып тұрған мұның адал Планшесі еді, кеше түнде бұл арадан өткенде д'Артаньян осы жерде мұндай күрке бар екен-ау деп тіпті де ойламапты.
XXV
ПОРТОС
Бірден өз үйіне тіке тартып кетудің орнына, д'Артаньян де Тревиль мырзаның есігінің алдына келгенде атынан ырғып түсіп, басқышқа жүгіріп шықты. Осы жолы ол болған оқиғаны капитанға түгел айтып бермекші болды. Өйткені де Тревиль мырзаның өткен-кеткен күллі оқиға жайлы пайдалы кеңес беріп ақыл айтатыны күмәнсіз, оның үстіне де Тревиль мырза королевамен күн сайын кездеседі, бәлкім ол ұлы ханымнан әлгі бейшара әйел жайлы әйтеуір бір хабар біліп қалар, ол байғұс иесіне адал қызмет етемін деп зардап шекті ғой.
Де Тревиль мырза жас жігіттің әңгімесін аспай-саспай сабырмен тыңдады, ол бұл хикаяда махаббат шырғалаңынан гөрі салмақтырақ бір сыр жатқанын сезген тәрізді.
— һм... — деді ол д'Артаньян сөзін бітіргесін. — Бұл жолы да мәртебелі тақсырдың қатысы бар екені айдан анық
— Енді не істеймін? — деді д'Артаньян.
— Ештеңе істемейсіз, үзілді-кесілді тыйылыңыз, тек бір ғана ақылым — Парижден тезірек қараңызды батырыңыз, мұны сізге бұрын да айтқанмын. Мен королеваны көрісімен әлгі байғұс әйелдің ызым-қайым жоғалып кеткенін айтармын — әрине, ханым оны әлі білмейтін шығар. Осы айтқан жәйттар оны бір ізге түсірер-дағы, сіз кайтып келгеннен кейін мен өзіңізге, бәлкім, бір қуанышты хабар айтармын. Маған арқа сүйеуіңізге болады.
Де Тревиль мырза, қанша гаскон болғанымен, кісіге уәде беруді әдет қылмаған еді, ал зәуімен біреуге уәде бере қалса, оны асыpa орындайтын. Өзінің өткені мен болашағының қамын жеп, демеп жебегені үшін жас жігіт оған иіліп ізет етті, ал осынау батыр да жанкешті жігітті ұдайы қолдап-қостап жүретін қадірменді капитан оның қолын дос пейілмен қысып, оң сапар тіледі.
Де Тревиль мырзаның ақылын дереу орындау үшін жол қоржынын әзірлеуді өз көзімен көрмек болып д'Артаньян көр қазушылар көшесіне қарай беттеді. Үйге таяп келгенде ол есік алдында шекпен киіп тұрған Бонасье мырзаны көрді. Тумысынан сақ Планшенің қожайынның залым екендігі жөнінде кеше ғана айтқан әңгімесі есіне түскен д'Артаньян галантерейшіге бұрынғыдай емес, өзгеше көңіл бөліп, әдейі анықтап қарады. Шынында да өті қанына тараған, сырқат кісідей оның өңі сарғыш тартып, қуарып кетіпті, бәлкім, мұның басқа да кездейсоқ себебі бар шығар, кім білген, әйтеуір, д'Артаньян Бонасьенің бет-аузының қыртыс-қыртыс әжімінен екі жүзді опасыз кісіге тән әккілікті аңғарғандай болды. Алаяқ сұм адал жандай жадырап күлмейді; екі жүзді көлгірдің көз жасы да, ақкөңіл жанның көз жасынан өзгеше болады. Жалған атаулының бәрі — маска, қанша шебер жасалды дегенмен-дағы, анықтап қараған кісі оны адамның шын келбетінен әрқашанда айыра алады.
Енді міне д'Артаньянға Бонасье бетіне маска, тіпті жиіркенішті маска киетіндей болып көрінді.
Сол себепті де осы кісіге деген жиіркенішінен арыла алмай, онымен сөйлеспей, кекірейіп өте шыққысы келді, бірақ кешегі сияқты, Бонасье бүгін де әуелі тіл қатты.
— Ай-хой, жастық-ай десеңші. Шамасы, біздің түніміз де көңілсіз өтпейтін сияқты ғой, жігітім, а? — деді ол. — Шайтан алсын, уақыт таңертеңгі жеті болып қалды! Сіз осы үйреншікті әдетіңізді өзгерткенсіз бе, қалай, басқа жұрт үйінен енді-енді шығып жатқанда, үйіңізге қайтып келіп.
— Ал, сізге мұндай кінәны арту қиын-ақ, мэтр Бонасье, сіз нағыз орнықты кісінің үлгісіндейсіз. Рас-ау, қойныңда уылжыған сұлу қатының жатқанда басқа жақтан бақыт іздеп қайтесің: бақыт дегенің үйіңе өзі келіп қонақтайды ғой. Солай емес пе, Бонасье мырза?
Бонасье бөздей ағарып, жылмиып күлгендей болды.
— Ха ха, сіз керемет әзілқой екенсіз! — деді ол. — Шайтан алсын, бірақ бүгін түн қайда сандалып жүргенсіз, жас досым? Байқайсыз ба, ауыл арасының жолдары серуендеуге онша қолайлы емес қой деймін.
Д'Артаньян қонышына дейін балшық жұғып баттасып қалған етігіне қарады, со жерде аңдамай галантерейшінің башпағы мен шұлығына да көз тастады; оның аяқ киімі де бұл кешкен шалшықты кешкен сияқты: екеуінің аяқ киімдеріндегі айғыз-дақтар бірдей еді.
Со сәтте күтпеген бір ой д'Артаньянды оттай шарпып өтті. Әлгі бурыл шашты, жұп-жуан мыртық кісі, үстіне қара киінген малай тәрізді шал, күймені қоршаған қарулы салт аттылар менсінбей, жүрдім-бардым тіл қататын шал, дәл Бонасьенің өзі! Әйелін ұрлауға күйеуінің өзі мұрындық болған.
Д'Артаньян сол арада галантерейшіні кеңірдегінен қылқындыра ұстап, буындырып өлтіре салғысы келді, бірақ біз мұның аса сақ, ақылды жігіт екенін жоғарыда айтқанбыз, сол себепті де өзін-өзі әзер ұстап қалды. Бірақ оның өңінің қуқыл тартып, өзгеріп кеткені сондай, Бонасье қорқып кетіп, кейін қарай шегіне берді, бірақ артындағы есік жабулы тұрғасын, ол лажсыздан орнында тұрып қалды.
— Отағасы, сіздің әзілдескіңіз келеді ғой деймін, бірақ менің етігімді қалай тазалау керек болса, сіздің башпағыңыз бен шұлығыңызды да солай тазарту керек сияқты. Шынымен-ақ, мэтр Бонасье, сіз де бір жақта қызықты хикая іздеп қыдырып жүрдіңіз бе? Қойыңыз, ондай қылық сіздің жасыңыздағы кісіге, оның үстіне сылқым, жас келіншегі бар кісіге кешірілмес күнә ғой!
— О жоқ, құдай сақтасын! — деді Бонасье азар да безер боп. — Мен кеше өзіме бір күтуші әйел қажет болғасын, соның жай-жапсарын білмек болып, Сен-Мандеге барып қайтқанмын, бірақ қазір жолдың оңғаны бар ма, аяғымды сол жақта былғап алыппын, оны тазарта қоюға қолым тимей жатқаны.
Өзінің сейіл-серуен құрған жерінің атын атаймын деп, Бонасье Д'Артаньянның көңіліндегі күдікті бұрынғыдан да күшейте түсті. Бонасьенің Сен-Мандені атаған себебі — Сен-Манде мен Сен-Клу екеуі бір-біріне қарама-қарсы жақта.
Осы болжамы д'Артаньянның шерлі көңілін алғаш рет жұбатқандай болды. Егер әйелінің қайда екенін Бонасье білетін болса, амал-айланы асырып, галантерейшінің байлаулы тілін шешуге, құпия сырын зорлап айтқызуға болады. Гәп тек сол болжамның анық-қанығына көз жеткізуде ғана.
— Бонасье мырза, — деді д'Артаньян, — ағат кетсем кешірерсіз, бірақ біле-білсеңіз мен сусап өліп барамын. Үйіңізден бір стақан су ішуге рақым етіңіз. Көршіңізге осындай болмашы нәрсеге таршылық етпессіз!
Қожайынның рұқсатын күтпей, д'Артаньян дереу үйге кіріп, төсекке көз қиығын тастады, төсек бүктелмепті. Бонасье жатпапты.
Демек, ол үйіне әлгіде, бірер сағат бұрын келген болды, Демек, ол әйелін апаратын жерге дейін, ең кемі, бірінші почта станциясына дейін ұзатып салған.
Сізге алғыс айтамын, мэтр Бонасье, — деді жас жігіт стаканды босатып, — сізден маған керегінің өзі осы еді. Енді мен өз үйіме барып, Планшеге етігімді тазарттырамын, сосын, егер қаласаңыз, мен оны башпағыңызды тазарту үшін сізге де жіберейін.
Галантерейші оның осылайша қоштасқанына аң-таң болып, аңырайып тұрып қалды, сонда: өтірік айтамын деп шатасып кеткен жоқпын ба осы, деп өзінен-өзі қуыстана берді.
Басқыштың жоғарғы алаңында д'Артаньян үрпиген Планшені көрді.
— Ах, сударь! — деді дауыстап ол қожасын көрісімен. — Тағы бір жаңалық болды! Мен сіз келгенше әрең-әрең шыдадым.
— Не болды? — деді д'Артаньян.
— Өзіңіз жоқ кезде бізге кім келгенін сіздің мүлде таба алмайтыныңызға бәс тігісем!
— Қашан келді?
— Осыдан жарты сағат бұрын, сіз де Тревиль мырзаның үйінде болған кезде.
— Кім келді сонда? Айт жаныңның барында!
— Де Кавуа мырза.
— Де Кавуа мырза?
— Тап өзі.
— Мәртебелі тақсыр гвардиясының капитаны ма?
— Тап сол.
— Ол мені қамауға келіп пе?
— Жүзі жылмиып тұрғанымен, маған солай болып көрінді.
— Хош, оның жүзі жылы дедің бе?
— Сударь, тіпті керемет, түрі балдан да тәтті.
— Шын ба ей?
— Ол: мәртебелі тақсыр сізге тек жақсылықты ғана тілейді, сол себепті де сіздің Пале-Рояльге келуіңізді өтінеді, — деді.
— Сен оған не деп жауап бердің?
— Бұл мүмкін емес, о кісі үйде жоқ, — дедім, оған өзінің де көзі жетті ғой.
— Ал, ол не деді?
— Бүгін кешке дейін қайтсе де келсін, деді. Сосын сыбырлап сөзін жалғады: «Қожаңа мәртебелі тақсыр оны қатты ұнататынын және сіздің тағдырыңыз осы дидарласуға байланысты екенін жеткіз», — деді.
— Мұндай қулық кардиналға онша жараспайды екен, — деді жас жігіт кекете күліп.
— Мен оны сол себепті де бірден байқап, қожам қайтып келгенде қатты қынжылатын болды-ау деп жауап бердім. «Ол қайда кетті?» — деді де Кавуа мырза. «Шампандағы Труаға кетті», — дедім. «Қашан кетті?» — «Кеше кешкілік...»
Планше, досым менің, сен шынында да баға жетпес жансың! деді д'Артаньян оның сөзін бөліп.
Сударь, білесіз бе, егер сіз Кавуа мырзаны көргіңіз келсе, менің сөзімді жоққа шығарып, еш жаққа да кеткен жоқпын деп айта аласыз ғой деп ойладым. Ондай күн туа қалса, өтірік айтқан мен болып шығамын ғой, ал, мен ақсүйек емеспін, өтірікті оңды-солды айта беруіме болады.
— Сабыр, Планше, сен шыншыл адам деген атыңнан айрылмайсың: енді бір он бес минуттен кейін аттанамыз.
— Мен әлгіде ғана, сударь, сізге сондай бір кеңес бермекші болып едім. Егер онша құпия болмаса, айтыңызшы, біз қайда барамыз?
— Әрине, біз сен жаңа ғана де Кавуа мырзаға айтқан жағыңа қарама-қарсы жаққа аттанамыз. Айтпақшы, мен Атосқа, Портос пен Арамиске не боп қалды екен? — деп, соны білуге қалай асықсам, сен де Гримо, Мушкетон мен Базен жайлы бірдеңе білгің келіп, жаның жай таппайтын шығар?
— Әлбетте, сударь, — деді Планше, — мен тап қазір жүруге әзірмiн. Меніңше, тап қазір сіз екеумізге Париждің ауасынан гөрі алыс бір түкпірдің ауасы пайдалы, ендеше...
— ...ендеше жинал, Планше , кетеміз. Жұрт күдік келтірмес үшін мен қазір ештеңені алмай, ілгері қарай жаяу жүре беремін. Екеуміз гвардия казармасында кездесеміз... Планше, сенің біздің қожамыз жөніндегі сөзің дұрыс сияқты — ол барып тұрған жәдігөй көрінеді.
— Aha! Сударь, егер мен бір кісі жөнінен бірдеңе айтсам, қалтқысыз сене беріңіз: жұртты мен бет-жүзіне қарап танимын.
Әлгіде уәделескеніндей, әуелі төменге д'Артаньян түсті. Сосын кейін өкініп жүрмейін деп, үш досының пәтеріне соңғы рет барып шықты: олардың ешбірі келмепті, тек Арамистің атына уақ әріппен моншақтай тізіп жазған жұпар иісті бір хат жатыр екен. Д'Артаньян оны тиесілі кісіге апарып бермекші болды. Енді бір он минут өткен шамада Планше гвардия казармасының ат қорасында жүрген қожасына келді. Д'Артаньян уақытты текке өткізбей, атты өзі ерттеп қойған еді.
— Жарайсың, енді қалған үш атты ертте, сосын кетеміз, — деді жігіт, қанжығаға чемоданды берік байлаған Планшеге.
— Егер біздің жетегімізде тағы бір-бір аттан болса, жылдам жетеміз деп ойлайсыз ба? — деді Планше қуланып.
— Жоқ, әзілкеш мырза, — деді д'Артаньян байсалды, — егер олар әлі тірі болса, біз төрт атпен ана үш досымызды кейін қайтып әкеле аламыз ғой.
— Онда сапарымыздың сәтті болғаны, — деді Планше. — Бірақ құдайдың мейірім-шапағаты тимейді деп күні бұрын үміт үзуге болмайды.
— Әумин! — деді д'Артаньян атқа қонғасын.
Гвардия казармасынан шыққаннан кейін олардың екеуі екі жаққа қарай тартты: біріншісі Париждің Лавильет қақпасынан, ал екіншісі — Монмарт қақпасынан шығып, Сен-Дениде табыспақшы болды. Осы бір стратегиялық тәсілді екеуі де дәлме-дәл орындап, жұрттан амалын асырып кетті. Д'Артаньян мен Планше екеуі тізе қосып Пьерфитке жетті.
Бұл жерде Планшенің түннен гөрі күндіз батылырақ болғанын ашық айтуымыз керек.
Сонда да туа біткен сақтығы минут сайын көрініп қалып отырды. Ол әуелгі сапардың бірде-бір шырғалаңын есінен шығармай, кездескен кісілердің бәрін жау көріп сезіктеніп келе жатты. Соның кесірінен орыпсыз жалбақтап, қалпағын қайта-қайта шешіп иіле бергесін, д'Артаньян оған қатты кейіп тастады, өйткені ол Планше әсіре-сыпайы боламын деп жүргенде жұрт оны қарадүрсін біреудің қосшысы екен деп ойлап қала ма деп қауіптенді.
Бірақ жолай кездескен кісілер Планшенің кішіпейіл елгезектігіне риза болды ма, әлде бұ жолы д'Артаньянға бөгет жасау үшін ешкім жіберілмеді ме, әйтеуір, біздің жолаушыларымыз шытырман оқиғаға ұрынбай Шантильиге жетіп, бірінші сапар кезінде аялдаған Гран-Сен-Мартен мейманханасына келіп ат басын тіреді.
Қожайын артында қос ат жетелеген дәйекшісі бар жас жігітті көріп, есік алдына шығып, оны қошаметтей қарсы алды. Осы араға он бір лье жол жүріп келген д'Артаньян, мейманханада Портостың бар-жоғына қарамастан, аялдауды жөн көрді. Мұның үстіне келмей жатып, мушкетер жайлы сөз қозғағаны аңғалдық болар еді. Ойын осылай түйген д'Артаньян ешкімді сұрап әуре болмай, атынан түсіп, тізгінін дәйекшісіне ұстатты да, ортақ залға отырғысы келмеген кісілерге арналған шағын бөлмеге келіп кірді, сосын қожайынға ең таңдаулы шарап пен дәмді ас әкел деп әмір етті, осыдан кейін жас қонағын бір көргеннен қастерлеп сыйлаған қожайынның оған деген құрметі арта түсті.
Сонымен Д'Артаньянның әмірі ертектегідей жылдам орындалды.
Гвардия полкі корольдіктің ең таңдаулы ақсүйектерінен іріктеп алынатын, ал, қасына қосшысын ертіп, төрт сәйгүлікпен келе жатқан д'Артаньян жұпыны мундиріне қарамастан, бұл арада қатты әсер етуі керек-ті. Оған қожайынның өзі қызмет етпек болды; мұны көргесін д'Артаньян екі стакан алдырып, әңгіме бастады.
— Кәне, мархабатты қожайын, — деді ол екі стаканға шарап құйып жатып, — мен сізден ең тәуір шарап сұраған едім, егер мені алдасаңыз, онда өзіңізді өзіңіз алдаған болып шығасыз, өйткені мен өмірде жалғыз отырып іше алмаймын, демек, сіз менімен шарап серік боласыз! Ал, кәне стаканды алыңыз, ішелік. Ешкімнің өкпесіне қалмау үшін кімге бола ішсек екен? Ендеше сіздің шарапханаңыздың өркен жая беруі үшін ішелік.
— Мейірімді мырза, көп құрметтеп қайтесіз. Ізгі тілегіңізге мың рақмет, — деді қожайын.
Бірақ мақтады деп мастанып кетпеңіз, — деді д'Артаньян тағы, — менің тостымда, сіз ойлағаннан гөрі, өзімнің қара басымның қамын ойлағаным басымырақ болар. Ісі оңға басқан мейманханаларда ғана қонақтың бабын табады; ал, ісі кері кеткен қонақжайлар бейберекет былығып жатады да, саяхатшылар онсыз да қысқа жібі күрмеуге келмей, қысылып жүрген қожайынның тар пиғылының зардабын тартады. Мен көп саяхаттайтын, осы жолмен жиі-жиі жүретін кісімін, сол себепті де күллі шарапханашылар байи берсе екен деп тілеймін.
— Бәсе, сударь, мен сізді бұрын да көру ғанибетіне ие болған сияқты едім, — деді қожайын.
— Көргенде қандай! Мен шамасы Шантильиді он рет басып өткен шығармын, соның үш-төрт ретінде сізде аялдағанмын. Тұра тұрыңызшы... иә, мен осыдан он екі күн бұрын сізде болғанмын. Мен онда көңілдес достарымды, мушкетерлерді шығарып салған едім, егер қаласаңыз, есіңізге салайын, солардың біреуі бейтаныс бір кісімен — өзіне әуелі тіл тигізген кісімен жанжалдасып қалған.
— Иә-иә, ол рас! — деді қожайын жадырап. — Мен ол оқиғаны жақсы білемін. Мейірімді мырза, сіз Портос мырзаны айтып отырсыз ғой шамасы, солай ма?
— Иә, менің серігімді солай деп атайды. Құдай-ай, сақтай гөр! Ол бір бақытсыздыққа ұшырап қалған жоқ па, мейірбанды қожайын.
— Мейірлі мырзам-ау, оның жолға енді шыға алмайтынын өзіңіздің көруіңіз керек еді ғой.
— Иә, оның рас, ол бізді қуып жетемін деген, бірақ содан бері оны көргеніміз жоқ
— Ол осында қалып, бізге қатты құрмет көрсетті.
— Қалай? Осында қалды дейсіз бе?
— Иә, сударь осы мейманханада, Бірақ шынын айтсақ біз қатты мазасызданып жүрміз.
— Неге?
— Бізді біраз шығындатып тастады.
— Оған қам жемей-ақ қойыңыз! Ол қарызының бәрін қайтарады.
— О сударь, сіз менің жарама шипалы бальзам жақтыңыз! Біз оған несиеге көп қаржы бердік, емші мырза бүгін ертеңгілік бізге: егер Портос мырза маған борышын төлемесе, ісім сізбен болсын, өйткені мені шақыртқан мына сізсіз, деді маған зілденіп.
— Портос жаралы ма еді?
— Оны сізге айта алмаймын, сударь.
— Айта алмайтыныңыз қалай? Өзге жұрттан гөрі оның хал-ақуалын сіз жақсы білуге тиістісіз ғой.
— Оныңыз рас, сударь, бірақ біз тап қазіргі жағдайда білгеніміздің бәрін айта алмаймыз, өйткені бізді тіліңе ие болмасаң құлағыңнан айрыласың деп ескертіп қойған.
— Хош, ендеше маған Портос мырзаны көруге бола ма?
— Әрине болады, сударь. Басқышпен екінші қабатқа көтеріліңіз-дағы, бірінші номердің есігін қағыңыз. Тек әуелі өзіңіздің кім екеніңізді айтып ескертіп қойыңыз.
— Сонда бұл — менмін деп ескертейін бе?
— Иә-иә, әйтпесе жазатайым бір бәлеге ұшырап қаларсыз.
— Сонда қандай бәлеге ұшырап қалатынымды айтпайсыз ба?
— Портос мырза сізді менің үй ішімнің бір кісісі екен деп ойлап қалып, ашу үстінде шпагамен түйреп тастауы немесе басыңыздан бір оқты қадай салуы мүмкін.
— Соншалық оған сіз не істеп едіңіз?
— Біз одан ақша сұрап едік.
— Ах, шайтан атқыр, енді ғана түсіндім! Қалтасында ақшасы жоқ кезінде Портос ондай сұрауды ұнатпайды, бірақ оның ақшасы бар еді ғой.
— Біз де солай ойлағанбыз, мырза. Біз мейманжайда тәртіпті қатал сақтаймыз, апта сайын ісіміздің қорытындысын шығарамыз, сол әдетімізбен аптаның аяғында оған есеп қағазын беріп едік, бір көңілсіз отырған кезіне тап болдық па, әйтеуір, ақша жайлы айта бастағаннан-ақ, бізді жоғалыңдар деп қуып шықты. Рас, оның алдында ол құмар ойнап еді...
— Ах, ол ойнап па еді? Кіммен ойнады?
— Құдай-ау, соны кім білген! Жолаушы бір мырзамен ойнаған, Портос оған бір рет ландскнехт ойнайық деген.
— Гәп сонда. Байғұс, ақшасының бәрін ұттырған ғой.
— Атына дейін ұтқызды, сударь, өйткені бейтаныс кісі кетейін деп жиналып жатқанда, оның қызметшісінің Портос мырзаның атын ерттеп жатқанын байқап қалдық. Біз оған бұл қалай деп едік, ол мұнда шаруаларың болмасын, ат менікі — деді. Біз оны дереу Портос мырзаға айтып едік, ол: ақсүйектің сөзіне күмән келтіретін не қылған оңбаған адамдар, егер ол ат менікі десе, ол шынында да сонікі болғаны — деді.
— Портостың тап өзі! — деді күбірлеп д'Артаньян.
— Сосын, — деді әңгімесін жалғап қожайын, — мен оған шамасы біз бір-бірімізбен ақша төлеу жайлы ешқашанда бір уәжге келе алмайтын түріміз бар, ендеше сіз қайырым жасап, менің әріптесімнің «Алтын Бүркіт» мейманханасына ауысарсыз деген тілек білдірдім. Бұған Портос мырза: сіздің мейманжайыңыз жақсы, сол себепті де осында жата беремін, — деп жауап қатты. Бұл бір менің осал жерімді тапқан сәтті жауап болғандықтан, дікілдей беруді жөн көрмедім. Сол себепті де мен одан ендеше жатқан бөлмеңізді (ол мейманханадағы ең тәуір бөлме-тін) босатыңыз-дағы, төртінші қабаттағы шағын бөлмені қанағат тұтыңыз, дедім. Бірақ Портос мырза бұған: мен осы таяу уақытта сарай төңірегіндегі жоғары дәрежелі әйелдердің бірі болып саналатын ашынамды күтіп отырмын, ендеше үлкен басымды кішірейтіп, әзер аялдаған осы бөлменің өзі ондай әйелге сиықсыз болып көрінеді деп жауап берді. Бірақ оның сөзінің әділ екенін мойындасам да, алған бетімнен кайтпауды мақұл көрдім; бірақ ол менімен ерегісіп әуре болып жатқысы келмеді, пистолетін суырып алып, түнгі столшаның үстіне тастады да: егер маған басқа бір жаққа — өзге бөлмеге ме, әлде мейманханаға ма, әйтеуір бір жерге — көшу жайлы ләм деп аузыңызды ашсаңыз; сөйтіп абайламай ішкі ісіме қол сұқсаңыз болды, құдай болсаңыз да, басыңыздың мылжа-мылжасын шығарамын деп айбат шекті. Сондықтан да, сударь, әнеугіден бері ол кісігe қызметшісінен басқа тірі жан кірмейді.
— Мушкетон осында ма еді?
— Иә, сударь, аттанып кеткесін бес күннен кейін қайтып келген, бірақ ол да өте көңілсіз оралды. Шамасы, жолай ол да бірдеңеге ұрынып қалса керек. Біздің сорымызға қарай мырзасынан қызметкері пысық, қожасы үшін ол осы үйді астан-кестен актарып шығады, сұрасам бермейді деп ойлай ма, әйтеуір, қажет нәрсенің бәрін сұраусыз ала береді.
— Иә, Мушкетонның қожасына дегенде ішкен асын жерге қоятынын көптен байқап жүретінмін, — деді д'Артаньян.
— Ол рас та шығар, сударь, бірақ қожасына тап осындай пейілді, жылпос қумен бір жыл ішінде үш-төрт рет кездестім бар ғой, онда тыр жалаңаш кедей болып қалатыным хақ.
— Жоқ, ондай сөзді қойыңыз, Портос сізге бәрін де төлейді.
— һім-м... — деді шарапханашы шүбәланып,
— Аса дәулетті, текті бір бибі оны ұдайы демеп-жебеп жүреді, сізге берешек болып қалған сол болмашы нәрсе үшін ол Портосты кіріптар етіп қалдырмайды.
— Егер мен ойымдағыны батылым жетіп айтар болсам...
— Ойыңызда не бар еді?
— Тіпті білетінімді айтсам ғой...
— Не білесіз сонда?
— Көзім кәміл жеткесін ғой...
— Көзіңіз неге жетіп еді? Айтыңыз.
— Сол текті әйелдің кім екенін анық білетінімді айтып бере аламын.
— Мына сіз бе?
— Иә, мен.
— Оны қалай білдіңіз?
— О сударь, егер сіз ешкімге сыр шашпайтын болсаңыз...
— Айтыңыз. Ақсүйектің адал серті дейін, сеніміңіз ақталады.
— Хош, сударь, кісіден маза кеткенде ештеңеден тайынбайтынын өзіңіз де білесіз.
— Сіз сонда не істедіңіз?
— О, берерменнің хақынан асып қайда барды дейсіз бізді.
— Сонымен?
— Портос мырза сол бір герцогиняға хат жазып, оны почтамен жіберіңіз деп бізге берді. Ол кезде мырзаның қызметшісі әлі келмеген еді. Оның бөлмеден шыға алмайтынын еске алсақ, тапсырманы лажсыздан бізге бермегенде қайтеді...
— Сосын.
— Хатты почтамен жіберудің орнына — соның өзіне толық сене беруге де болмайды — бір кісіміз Парижге жүретін болғасын, мен сол хатты тікелей герцогиняның өз қолына апарып тапсырыңыз деп әмір еттім. Мұның өзі Портос мырзаның талабын бұлжытпай орындау деген сөз ғой, солай емес пе? Өйткені ол осы хат жайын көп ойлап, көп мазасызданып еді.
— Солай да шығар
— Ендеше, сударь, сол текті бибінің кім екенін сіз білесіз бе?
— Жоқ, мен оны Портостың өзінен ғана естігенмін, басқа ештеңені білмеймін.
— Сол жалған герцогиняның кім екені сізге мәлім шығар
— Тағы да айтам, мен ол әйелді білмеймін.
— Ол сударь, Шатледе тұратын бір прокурордың кәрі әйелі Көкнар бибі, оның жасы кем дегенде елуде, сонысына қарамай қызғаншағын көрсеңіз. Маған ерсі көрінген бір жәйт; текті әйел Аю көшесінде тұрады екен!
— Осының бәрін қайдан біліп жүрсіз?
— Оны білетінім, хатты алғасын әлгі бибі қатты ашуланып: Портос мырза — ұшқалақ, шпагамен түйреліп қалып жүргені де қайдағы бір әйелдің кесірі шығар, — дейді шаңқылдап.
— Е, ол шпагамен түйреліп қалып па еді?
— Құдай-ай, мен не айтып қойдым осы?
— Сіз Портос шпагамен түйрелді дедіңіз.
— Солай екені рас қой, бірақ ол маған мұны тісіңнен шығарма деп қатты ескертіп еді!
— Неге?
— Неге дейді ғой! Өйткені, сударь, сіздер кетейін деп жатқанда жанжалдасып қалған бейтаныс кісіні ол өңменінен бір түйреп, сұлата салмақшы болған, бірақ қанша бөссе де, оны бейтаныс кісі сұлатып салды. Портос мырза тәкаппар кісі ғой, шпагамен шаншылғанын мойындағысы келмейді, басынан кешірген шытырман оқиғаларды айтып тек әлгі герцогиняның жүрегін жібіткісі келсе керек.
— Сонда әлі күнге дейін шпагамен бір шанышқанды көтере алмай төсекте жатыр ма?
— Иә, шанышқанда да, несін айтасыз, қатты шанышқан ғой! Сірә, сіздің досыңыздың жаны тәніне шегеленіп қойылған болуға тиіс.
— Ендеше сіз жанжал кезінде сол арада болған екенсіз ғой?
— Мен оларды қызықтап, соңдарынан еріп, мырзалардың қалай шайқасқанын көрдім, бірақ олар мені көрмеді.
— Сонымен іс не болды?
— О іс көпке дейін созылмады, шыны да солай! Олар қарама-қарсы тұрысты. Бейтаныс кісі көзді ашып-жұмғанша, ұмсынып қалып бір түйреп өтті, Портос шпаганы қағып үлгірем дегенше, кеудесіне сүңгі үш дюймдей еніп кетті. Ол шалқалай құлады. Бейтаныс кісі дереу шпагасын оның кеудесіне қадай қойды, сосын Портос мырза өз тағдыры жауының қолында екенін көргесін, жеңілгенін мойындады. Осыдан кейін бейтаныс одан: есімің кім деп сұрады да, оның аты д'Артаньян емес Портос екенін білгесін, оны қолтығынан демеп, мейманханаға дейін апарды, сосын атына қарғып мініп, кетіп қалды.
Хош, бейтаныс кісі сонда д'Артаньянмен жанжалдаспақ болған екен-дағы?
— Иә, солай сияқты.
— Ол кісіге содан кейін не болғанын білмейсіз бе?
— Жоқ. Мен оны оған дейін де, содан кейін де көрген емеспін.
— Бәрекелде. Мен сізден білгім келген нәрсенің бәрін білдім, Сонымен сіз Портостың бөлмесі екінші қабаттағы бірінші бөлме дедіңіз бе?
— Иә, сударь, мейманханадағы ең жақсы бөлме, мен оны ендігі қонақтарға он рет беретін едім.
— Қой, сабыр етіңіз, Портос сізге ақыңызды герцогиня Көкнардың ақшасынан төлейді әлі,- деді д'Артаньян күліп.
— О сударь, кім болса ол болсын — прокурорша ма, әлде герцогиня ма — маған бәрібір, тек қалтасын қақса болғаны! Бірақ ондай күн қайда, о пәлекет Портос мырзаның тілемсектігі мен опасыздығынан әбден жалығып біттім, оған енді көк тиын да жібермеймін депті.
Әйелдің жауабын сіз өзіңіздің мейманыңызға жеткізіп қойдыңыз ба сонда?
— Жоқ, біз аңысын аңдай тұрмақшы болдық: әйтпесе, ол тапсырманы қалай орындағанымызды сезіп қояды ғой.
— Ендеше ол сұраған ақшасын әлі күтіп жатыр екен-дағы?
Гәптің өзі сонда, күтіп жатыр! Бибісіне кеше ғана екінші рет хат жазды, бірақ бұл жолы хатты қызметшісі почтамен жөнелтті.
— Сіз осы прокурорша әрі кәрі, әрі кеспірсіз дедіңіз бе осы?
Ең кемі елу жаста шығар, сударь, ал Патоның айтуына қарағанда, тіпті ұсқынсыз біреу көрінеді.
Ендеше қам жемеңіз, түптеп келгенде ырыққа көнеді. Оның үстіне Портос сізге көп қарызданып қалмаса керек-ті.
Көп қарызданбағаны қалай? Емшіні есептемегеннің өзінде жиырма пистольдей борышты, Ойбо... о... ой Ол ойына не келсе, соның бәрін істейді — кең қолтық болып әдеттеніп қалған тәрізді.
Егер оны ашынасы тастап кететін болса, дос-жарандары ешқашанда тастамайды, бұған сізге кепілдік ете аламын. Сүйікті қожайын, ендеше алаң болмай, ақсүйектің атақ-дәрежесіне қарай, оған қажетті қызметін жасай беріңіз.
Сударь, сіз маған прокурорша жайын есіне салмаймын, жараланғанын аузыма да алмаймын деп уәде бергенсіз.
— Оны есіме қайта салмасаңыз да болады, уәдем — уәде.:
— Біліп қойса, ол мені өлтіреді дегенім ғой.
— Қорықпай-ақ қойыңыз, былай қаһарлы болғанымен, іс жүзінде онша қорқынышты кісі емес.
Осыны айтты да, ол басқышпен жоғары көтеріле бастады. Дүниедегі ең қымбат екі нәрсе: өмірі мен ақшасы аман қалатынына көзі жеткен қожайынның жаны бір жай тауып, көңілі қошуақтанып төменде қала берді.
Жоғарыдағы есік сыртына күллі дәлізден көрінетіндей үлкен етіп қара сиямен «I» деген санды жазып қойыпты: д'Артаньян есікті қағып еді, іштен: келген жолыңмен тайып тұр, деген жауапты есітті де, бөлмеге кіріп келді.
Портос төсекте, қолы жатырқап қалмас үшін, Мушкетонме ландекнехт ойнап жатыр екен, ал ошақ үстінде істікке шаншылған құр еті айналуда, үлкен каминнің екі жағындағы қазандық үстінде екі кастрюль қайнап тұр, олардан үй қояны етінен жасалған фрикас пен шарапты тұздық құйылған балықтың иісі аңқып, мұрынды қытықтайды. Күллі шкаф пен комодтың мәрмәр тақтасының үсті бос шыныдан көрінбейді.
Досын көргенде Портос қуанғанынан дауыстап жіберді, ал Мушкетон мұны құрметтеп, отырған орнын беріп, кастрюль қарауға кетті, шамасы, олар Мушкетонның бақылауында болса керек.
— Ах, шайтан атқыр, бұл сіз екенсіз ғой! — деді Портос д'Артаньянға. — Хош келдіңіз! Төсектен тұра алмайтыныма кешірім сұраймын... Айтпақшы, маған не болғанын сіз әлі білмейсіз бе?— деді ол д'Артаньянға күдіктене көз тастап.
— Жоқ.
— Қожайын сізге ештеңе айтқан жоқ па?
— Мен одан сіздің қайда екеніңізді сұрадым-дағы, осылай қарай көтерілдім. Портос кеудесін кере еркін бір демалғандай болды.
— Сүйікті Портос, сіз не пәлеге ұшырап қалғансыз? — деді д'Артаньян.
— Не пәлеге ұшыраушы ем, дұшпанымды ығыстыра үш рет түйреп, енді төртінші ретте шаруасын бітірем ғой дей берген кезде, бір тасқа сүрініп, тіземді шығарып алғаным.
— Сізге не болған сонша!
— Арыммен ант етейін! Әлгі бір соққанның бағы бар неме екен, әйтпесе, тұрған жерінен тапжылтпай жанын алатыныма сөз бар ма!
— Оның өзі қайда кеткен?
— Кім білген со немені. Жазасын тартқасын алды-артына қарамай тайып тұрды... Ал, сіз ше, сүйікті д'Артаньян, сізге не болды?
— Е, сізді төсек тартқызып қойған да сол буыны тайған тізеңіз екен ғой, сүйікті Портос, — деді д'Артаньян сөзін жалғап.
— Қайтерсің болмашы ғана бірдеңе! Уақасы жоқ енді бірнеше күннен кейін жүруге де жараймын.
— Сіз өзіңізді Парижге апар деп неге әмір етпегенсіз? Бұл жерден әбден зерігіп кеткен шығарсыз?
— Өзім де солай етемін ғой деп ойлағанмын, бірақ кейбір жәйтке кезігіп қалғанымды, сүйікті достым, сізге айтуым керек.
— Ол не?
— Мынадай бір жағдай еді. Шынында да, өзіңіз айтқандай, мен осы арада қатты зеріктім, қалтамда сіз қалдырған жетпіс бес пистоль болғасын, көңіл көтеру үшін, осында аялдаған бір жолаушы дворянинді шақырып алдым-дағы, бір рет сүйек тастап ойнайық дедім, Ол келісе кетті, ақырында жетпіс бес пистолім менің қалтамнан оның қалтасына барып түсті, оған қоса атымды да әкеткенін айтып отырғаным жоқ... Ал, өзіңіздің хал-ахуалыңыз қалай, сүйікті Д'артаньян?
— Лаж бар ма, сүйікті Портос, жігіттің әрдайым жолы бола бермеді, — деді д'Артаньян. — «Кімнің картадан қолы шықпаса, махаббаттан жолы шығады» деген мақалды білесіз ғой. Сіз махаббаттан кенде емессіз, сол себепті де ойынның сізден бір өш алғысы келген шығар. Бірақ құбылмалы тағдырда не шаруаңыз бар! Tipшіліктің еркетотайы атанған жазған-ау, толықсыған герцогиняңыз бар емес пе, ол сізге жедел жәрдем беру үшін, әрдайым қасыңыздан табылады емес пе?
— Иә, өз басым сондай бір қырсық шалған ойыншы болғасын, оған елу шақты луидор жіберіңіз деп хат жазғанмын, тап қазіргі жағдайда осындай ақша маған өте қажет,
— Сонымен не болды?
— Не болушы еді! Бибі, шамасы, оз поместьелерінің бірінде жүрген болуға тиіс — әлі жауап алғаным жоқ.
— Қойыңызшы, рас па?
— Иә, жауап әлі келген жоқ. Кеше мен оған екінші хатты жолдадым, ол бірінші хаттан да дәлелдірек, дәйектірек... Сүйікті дос, мінеки сіз де келіп жеттіңіз, енді өзіңіз жайлы сөйлеселік. Несін жасырайын, сізге не болып қалды екен деп, аздап алаңдай да бастаған едім.
— Алайда, күллі жай-жапсарды ескерсек, қожайын сізге жаман қарамайтын сияқты, сүйікті Портос, — деді д'Артаньян, ас толы кастрюльдер мен бос шыныларды көрсетіп.
— Сіз де қызық екенсіз! — деді Портос. — Осыдан үш-төрт күн бұрын әлгі арсыз маған есеп қағазды әкеліпті, мен оны қағазымен бірге қуып шықтым. Мен қазір бұл арада жаулаушы ретінде, жеңімпаз ретінде отырған жанмын, сол себепті де шабуыл жасала ма деп қауіптеніп, бақайшағыма дейін қаруланып алғанмын.
— Дегенмен, сіз анда-санда жорыққа шығып қайтатын болуыңыз керек, — деді д'Артаньян күліп. Сосын ол қолын шошайтып, шынылар мен кастрюльдерді нұсқады.
— Сорлағанда мен шыға алмаймын ғой! —деді Портос. — Шыққан аяғым төсекке жіпсіз байлап тастады. Төңіректі шарлап, ішім-жем қорын тауып жүрген Мушкетон... Мушкетон, досым-ау, — деп Портос сөзін жалғай түсті, — өзің көріп отырсың, міне бізге қосымша күш те келіп жетті, енді біз азық-түлік қорын толықтыруымыз қажет.
— Мушкетон, сіз маған осы жолы бір қызмет көрсетіңіз, — деді д'Артаньян.
— Қандай қызмет, сударь?
— Осы әдісіңізді Планшеге үйретсеңіз. Бәлкім, бір кезде мен де қоршауға түсіп қалармын, сол кезде сіздің мына қожаңызға қазір жасап отырған қызметті Планше маған жасаса артық болмас еді.
— О құдай-ай, — деді Мушкетон жай ғана, — одан өткен оңай іс жоқ, сударь! Жылпос болсаң жетіп жатыр. Мен өзім деревняда өскен едім, әкем қолы бос кезінде ептеп-септеп ұрлық-қарлық жасайтын.
— Ол қалған уақытында не істеуші еді?
— Өз басым кәдімгідей пайдалы іс деп санайтын бір кәсіппен айналысатын.
— Қандай кәсіп?
— Бұл — католиктер мен гугеноттардың соғысы кезінде болған оқиға. Католиктердің гугеноттарды, гугеноттардың католиктерді дін-иман үшін рақымсыз қырып-жойып жатқанын көргесін, әкем өзіне бір дүбәра дін ойлап тауып, бірде католик, бірде гугенот болып жүре береді. Сонымен ол әдетте мылтығын иығына салып, жол қапталын қуалай өсетін бұталарды паналап, емін-еркін серуен құрып жүре береді екен, ал, егер жолай жалғыз келе жатқан католигі көрсе болғаны, протестант болып шыға келеді. Ол дереу жолаушыға мылтығын кезеп тұра қалады екен-дағы, анау он шақты қадам жақын келгенде оған сөз тастайтын болған, ақырында шыбын жанын аман алып қалу үшін жолаушы әмиянын тастап кете берген. Ал, әкем гугенотпен кездесе қалса, католик шіркеуін жан-тәнімен жақсы көріп шыға келетіні өзінен-өзі белгілі ғой, сонда ол осыдан ширек сағат бұрын ғана біздің қасиетті дініміздің артықшылығына қалай ғана шүбә келтіргеніне өзі де түсінбей қалады екен. Сізге бір айтайын дегенім, сударь, мен өз басым — католикпін, өйткені ұстанған қағидасынан айнымайтын әкем, менің ағамды гугенот еткен-ді.
— Сол бір қадірменді кісі өз ғұмырын қалай аяқтады? — деді д'Артаньян.
— О сударь, ақыры қайыр болмады ғой. Бір күні бір тар соқпақ үстінде ол бұрын дидарласқан гугенот пен католиктің арасына түсіп қалады, олар мұны бірден таниды. Әлгі екеуі табанда бас қосып, әкемді ағашқа асып кетеді. Сосын олар өздері жасаған ерлігіне масаттанып, жолай бірінші кездескен деревняның шарапханасына келіп кіреді, біз ағам екеуміз сол арада шарап ішіп, қызара бөртіп отырғанбыз...
Сонымен сіздер не жасадыңыздар? — деді д'Артаньян.
— Біз олардың сөзін естіп алдық-тағы, — деді Мушкетон, — олар кейін шарапханадан шығып, әрқайсысы өз жөнімен кеткесін, ағам католиктің жолында тоспада қалды да, мен гугеноттың жолын бақтым. Енді бір-екі сағат өткеннен кейін бәрі де тап-тұйнақтай болды: екеуміз де шаруамызды тындырдық, сонда күні бұрын сақтық ойлап, бізді әр діннің дәстүрінде баулыған әкеміздің көрегендігіне таң қалып, таңдай қағыстық.
— Оныңыз рас, Мушкетон, әкеңіз шынында да бір естияр қу болса керек. Қолы бос кезінде сол адал кісі зиянкес істермен айналысты дедіңіз бе?
— Иә, сударь, маған тұзақ құруды да, қармақ салуды да үйреткен сол кісі. Лаж қанша, оңбаған қожайынымыз қайдағы бір мешкейлерге лайық дүмбілез тағамдарды беріп, әлсіз асқазанымыздың берекесін қашыра бастаған кезде, мен жайымен, ептеп-септеп ескі кәсібіме көштім. Ханзаданың орман-тоғайларында серуендеп жүріп аңдардың жымына тұзақ құрдым, биік мәртебелі бекзаттың өзен-суларының жағасында жатып қармақ салдым, міне енді құдайға шүкір, өзіңіз де көріп отырсыз, құр мен қоян етіне, мөңкелер мен лақаларға, дімкәс кісілерге мың да бір дауа болатын, жеңіл де пайдалы тағамдарға шаш-етектен келіп жатырмыз.
Ал, шарап ше? Сіздерге шарапты кім әкеліп береді? Қожайын ба? — деді д'Артаньян.
— Бұған не десем екен... Иә деу де, жоқ деу де қиын.
— «Иә деу де, жоқ деу де қиын» дегеніңе қалай түсінеміз?
— Оның бізге шарап беретіні рас, бірақ соны қалай бергенін өзі де білмейді.
— Мушкетон, анықтай айтсаңызшы, сізбен сөйлескеннің өзінен кісі біраз сабақ алады.
— Айтайын, сударь. Саяхатқа шығып жүргенде мен кездейсоқ талай ел, талай жерді, соның ішінде Жаңа Жұртты да көрген бір испанға жолықтым.
— Мына конторка мен комодтың үстінде самсап тұрған шынылардың Жаңа Жұртқа қандай қатысы бар?
— Сабыр, сударь — оның да кезегі келеді.
— Дұрыс айтасың, Мушкетон, құлағым сенде.
— Сол испанның бір қызметшісі бар екен, Мексикада саяхат шеккенде қасында жүріпті. Сол қызметшісі маған жерлес болып шықты да, екеуміз дереу достасып кеттік, оның үстіне мінез-құлқымыз да бірдей екен. Біз екеуміз де барша дүниеден аңшылықты жақсы көреді екенбіз, ол маған бұратана халықтардың йен түзде жолбарыс пен жабайы қодастарды бұғалықпен аулайтынын айтып берді, сонда олар осынау қорқынышты аңдарға бұғалық тастайтын көрінеді. Әуелгі кезде мен жиырма-отыз қадам қашыққа арқан ұстап, қалаған нәрсені бұғалықтай алатын шебер кісі жоқ шығар деп ойлағанмын, бірақ көп ұзамай оның растығына көзім жетті. Менің әлгі серігім отыз қадам жерге шыны қойып, оған талай рет бұғалық тастап, тартып ала берді. Сосын мен де жатпай-тұрмай жаттыға бастадым, табиғат о баста мені қабілет-дарыннан құр алақан қалдырмаған екен, тап қазір мен бұғалықты кез келген мексиканнан кем тастамаймын. Ал мән-жайға енді түсінген боларсыз? Сіздің қожамыздың шарап погребі кереметтей бай, бірақ ол кілтті құдайдың тірі жанына бермейді. Сәті түскенде подвалдың төбесінде бір саңылауы бар екен. Сол тесіктен тұзақ тастаймын. Қазір жақсы шарап қойылған бір жерді білем, күллі шарапты сол жақтан алып жатырмын. Міне, сударь, конторка мен комод үстінде тұрған шыныларға Жаңа Жұрттың қатынасы дегеніміз осы! Ал енді сіз біздің шарабымызды татып көріңіз-дағы, ол жөніндегі ойыңызды бүкпей-бөгелмей айтыңыз.
— Рақмет, досым, рақмет, мен әлгіде ғана ауқаттанып едім.
— Хош, ендеше, Мушкетон, столға тағамдарды әкел, біз таңғы асқа отыралық, ал, д'Артаньян біз көріспеген он күн ішінде не көріп, не білгенін айтып берсін, — деді Портос,
— Айтайын, — деп д'Артаньян келісе кетті.
Портос пен Мушкетон жарақаттарынан жазылып келе жатқан кісілер емес пе, таңғы аспен рақаттана ауқаттанып жатқанда, д'Артаньян бақытсыз күндерді бастарынан бірге өткізіп, арадан қыл өтпестей тату, риясыз көңілді Арамистің жараланып, лаждың жоғынан Кревкерде қалып қойғанын, ал, Атос өзін жалған ақша жұмсадың ден айыптаған кісілермен айқасып Амьенде қалғанын, өзінің Англияға қайтсе де жету үшін, граф де Вардтың қарнын жарып тастағанын жырдай етіп айтып берді.
Д'Артаньян бар сырын осымен аяқтады; бірақ бұған қоса Ұлы Британиядан төрт арғымақ әкелгенін — оның біреуін өзіне, қалғанын жолдастарына әдейі арнап алғанын, сөзінің ең соңында Портосқа арналған аттың мейманхананың қорасында тұрғанын айтты.
Сол сәтте Планше келіп, өзінің қожасына аттардың біраз тыныққанын, енді Клермонге жетіп түнеуге болатынын хабарлады.
Портосты көріп көңілін бір демдегеннен кейін, жігітіміз қалған екі досының қандай күйде екенін білгенше асықты, сол себепті де науқастың қолынан қысып қоштасып, серіктерін іздеуге аттанатынын білдірді. Дегенмен ол енді бір аптадан кейін осы жолмен кейін қайтатынын, егер сол кезге дейін мушкетер Гран-Сен-Мартен мейманханасынан кетпесе, Портосты ерте кетермін деген ойын айтты.
Портос мына бір шыққан буынның кесірінен бұл арадан одан ертерек кете алмайтынын білдірді. Бұған қоса ол герцогинясынан жауап келгенше Шантильиден шыға алмайды.
Д'Артаньян оның тезірек жылы жауап алуына тілек білдіріп, Портосқа қамқорлық жасауды Мушкетонға тағы да қайталай тапсырып, қожайынға ақы-пұлын төледі де, Планшемен бірге жолға шықты, дәйекшісі қосарындағы бір атты осында қалдырып кетіп еді.
XXVI
АРАМИСТІҢ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕГІ
Д'Артаньян Портосқа оның жарақаты жөнінен де, прокуроршасы жөнінен де ләм деп тіл қатпады. Біздің гасконымыз жас та болса аса сақ бала еді. Ол мақтаншақ мушкетер айтқан әңгіменің бәріне құлай сенген сыңай танытты, өйткені ешбір дос біреудің өзінің құпия сырын әшкерелегеніне төзбейтінін және ол кісі намысына тиетін болса, тіпті төзбейтінін жақсы білетін. Мұның үстіне біз өзімізге өмір-тірлігі әбден мәлім кісіден іштей жоғары тұрамыз ғой. Сол себепті де д'Артаньян келешек айла-амалдарының жобасын жасай отырып, Атосты, Портос пен Арамисті бас пайдасының құралы етпек болды, бұл үшін күн бұрын көзге көрінбес бір жәйттерді астыртын жинап алып, солардың арқасында өзінің үш досын емін-еркін басқарып жүрмек еді.
Бірақ ол жол бойы ұдайы жабығып, көңілі бір көтерілмей-ақ қойды: адал қызмет ақ ниеті үшін бұған ықылас қойған балғын сұлу Бонасье бикені ойлады. Сонда ол қолына қонғалы тұрған бақыттан айрылғанына жабыққан жоқ, әйел байғұс бір бәлеге ұрынып қалмады ма екен деп қауіптенді. Жігіт кардиналдың сол әйелден өш алу үшін әдейі жасаған зұлымдығы екеніне күмән келтірмеді, ал, мәртебелі тақсырдың өшпенділігі сұмдық қатал болушы еді. Министрдің өзін қалай «ұнатып қалғанын» д'Артаньян білмейді, егер оның үйде отырған кезінде келгенде, бәлкім, гвардия капитаны де Кавуа оны бұған айтып берер ме еді, қайтер еді.
Дүниеде уақыттың қалай өткенін, жолдың қалай біткенін білдірмейтін бір құдіретті күш бар, ол: қалың ой тұңғиығы. Мұндай кезде кісі сырт көзге ояу көрінгенімен ұйықтап келе жатқандай болады, оның ойы ұйқыда көрген түспенен бірдей. Соның арқасында уақытта есеп болмайды, далада қашықтық болмайды. Сіз бір жерден шығып, екінші бір жерге келіп жетесіз — бар болғаны осы. Сонда әлгіде өткен жолдан есіңде көмескі тұманнан басқа ештеңе де қалмайды, әйтеуір ойыңа бұлдырап мың сан күңгірт суреттер: ағаштар мен бұталар, тау мен дала, сай-сала келгендей болады. Шантильи мен Кревкер арасындағы алты-жеті дье жерді д'Аратаньян бұлаң құйрықпен желе-жортып отырған атының ыңғайына көшіп, ұйқылы-ояу, меңзең күйде өткізді, бірақ осы қыстаққа келіп жетісімен жолда көрген нәрселерінің бәрін ұмытып қалды.
Тек осында келгесін ғана ол басын бір сілкіп, есін жинады, Арамис қалған асхананы көрді, сосын атын тебініп желдіріп келіп, есік алдына тоқтай берді.
Бұл жолы оны қожайын емес, әйелі қарсы алды. Д'Артаньян кісіні түрінен танитын; ол әйелдің тағдырына бек разы дөңгелек, шырайлы жүзін көріп, бұған қулық жасап, бас қатырмайын деп ойлады: осындай ақжарқын, қайырымды кісіден жамандық күтуге болмайды.
— Сүйікті бибі, осыдан он күндей бұрын біз мұнда бір көңілдес досымызды қалдырып кетіп едік, сол қазір қайда екен, білмейсіз бе? — деді д'Артаньян салған жерден.
— Жиырма үш-жиырма төрттер шамасындағы сұлу жас жігіт қой, өзі бір үндемейтін, биязы, сымбатты жігіт қой?
— Оның үстіне иығынан жараланған еді.
— Иә, иә.
— Сонымен ол?..
— Ол әлі осында, сударь!
— Қойыңызшы! — деді д'Артаньян, атынан секіріп түсіп, тізгінді Планшеге тастай салып. — Бибі, сіз мені қайта тірілткендей болдыңыз-ау! Менің қымбатты Арамисім қайда, қайда жүр ол? Құшақтайыншы өзін. Несін жасырайын, оны көргенше шыдай алар емеспін.
— Рақым етіңіз, сударь, тап қазір ол сізді-қабылдай алар ма екен?
— Неге? Оның бөлмесінде әйел отыр ма?
— Құдайым-ай, сақтай гөр, сіз не деп кеттіңіз! Байғұс бала! Жоқ, сударь, оның қасындағы әйел емес.
— Кім ендеше?
— Мондидьеден келген священник пен Амьендегі иезуиттер монастырының имамы.
— Жасаған-ай! Байғұстың хәлі соншалық мүшкіл ме еді? — деді д'Артаньян дауыстап.
— Жоқ, сударь, хәлі қайта жақсы. Бірақ науқастан кейін құдайдың шапағаты түскен бе, әйтеуір, діни тірлікке ауыспаққа бел буған.
— Ah, иә мен оның, уақытша мушкетер болып жүргенін тіпті ұмытып кетіппін, — деді д'Артаньян.
— Сонымен, сударь, сіз оны қайткенде де көргіңіз келеді ғой.
— Әлбетте.
— Ендеше аулаға шығыңыздағы, оң жақтағы басқышпен жоғары көтерілсеңіз, үшінші қабаттағы бесінші бөлме.
Д'Артаньян көрсеткен жаққа қарай Жүгіріп келді де, қажетті басқышты тауып алды: бұл ескі асханалардың ауласында әлі күнге дейін кездесетін сырт басқыштардың бірі еді. Бірақ болашақ аббатқа бірден кіру оңай емес екен: Арамистің бөлмесіне апаратын жол Армидайдың бағынан да бетер күзетіледі екен. Базен дәлізде қарауыл боп тұр екен, сескенуі-жасқануы жоқ, мұның алдын кес-кестей берді, көп жылға созылған ауыр сыннан кейін көкейіндегі мақсатына жетуге енді таяп қалғанда, оны жанын салып қорғамағанда қайтсін байғұс.
Расында да Базен өмір-бақи бір дін адамының дәйекшісі болуды арман ететін, осы тәтті қиялын бір сәт те ойынан шығармай, Арамистің плащты тастап, сутана киетін кезін асыға күтті. Жас жігіт құдайдың құтты күні ондай кез алыс емес деп қайта-қайта уәде бергесін ғана ол мушкетерге қызмет етіп жүре берді, ал Базеннің сөзіне жүгінсек, Арамистің бұл қызметтен түбінде діннен безген болып шығатыны шүбәсыз еді.
Демек, Базеннің жаны қазір рақатқа кенеліп жүрген. Алған бетінен жаңылмаса, қожайыны енді айтқан сертінен қайтпайды. Тән жарасы мен рух жарасы қосылып, қабаттасып келіп, тап осы жолы көкейінде көптен жүрген күрт қимылға бастаған: бір мезгілде жаны мен тәні бірдей азап шеккен Арамис ақырында дінге барып жармасқан, бір басына қос қасірет келіп жабысқасын — ғашығы ызым-қайым жоғалып, өзі иығынан жараланғасын — ол мұны құдіреттің қаһарына іліккенім деп жорыған.
Көңіл күйінің осындай бір құбылмалы кезінде Д'Артаньянның елестетіп келгенін, әрине, Базен жақтырмай, жиырылып қалды, өйткені онсыз да ұзақ уақыт бойы бұл фәнидің әбігер-қызығына түсіп кеткен қожасын ол қайтадан еліктіріп-желіктіріп әкетуі мүмкін. Ол қайткен күнде де есікті жанқиярлықпен қорғауға белін бекем байлады, ал, шарапхана иесінің әйелі бар сырды ашып қойғасын, ол көпе-көрінеу Арамис үйде жоқ деп айтуға дәті шыдамады, бірақ өкіректеп жетіп келген кісіге таң сәріден басталып, ақшамға дейін бітпейтін (бұл Базеннің сөзі ғой) жанға сауап кеңес кезінде қожайынына кесір жасау барып тұрған әдепсіздік екенін түсіндірмек болды.
Бірақ д'Артаньян мэтр Базеннің тіл майын тамыза айтқан мәймөңкесін құлағына да ілмей, жақын досының дәйекшісімен керілдесіп жатуды ар көріп, оны бір қолымен итере салды да, екінші қолымен сыртына «№ 5» деп жазылған есік тұтқасын тарта берді.
Есік ашылып кеткесін д'Артаньян ішке кірді.
Арамис үстіне қолпылдаған кең шекпен, басына скуфьяға ұқсас төбесі жайпақ тақия киіп, шиыршықтаулы қағаздар мен үлкен-үлкен кітаптар жатқан ұзынша стол басында отыр екен; оның оң жағына иезуит монастырының имамы, ал, сол жағына — Мондидьеден келген священник жайғасыпты. Перделер жартылай ғана ысырылып, терезеден діни кеңеске үндес бір сырлы жарық түсіп тұр. Жас жігіттің, жас жігіт болғанда мушкетер жігіттің бөлмесінен көзге түсетін дүнияуи заттардың бәрі сиқырға ұшырағандай, ұшты-күйлі ғайып болыпты; сондай заттардың сыртқы түрінің өзі мына алдамшы дүниені қожайынының есіне түсіре ме деп қорқып, Базен шпаганы, пистолеттерді, үкілі қалпақты, әр алуан кестелер мен шілтерлерді біржолата тығып тастаған сияқты.
Осылардың бәрінің орнына әріректегі күңгірт түкпірде шегеге шыпыртқы сияқты бірдеңе ілініп қойыпты, ол д'Артаньянға кісінің өзін-өзі азаптайтын дойыр тәрізденіп көрінді.
Есік сықырлай ашылғасын, Арамис басын көтеріп, кіріп келе жатқан досын көрді, бірақ Д'Артаньянның бір қайран қалғаны, мұның келгені мушкетерге зәредей де әсер етпеді — ол тіпті бұл дүниеден баз кешкен кісі тәрізді.
— Қош келіпсіз, - сүйікті д'Артаньян. Сізді көргеніме аса қуанышты екеніме сеніңіз, — деді Арамис самарқау үнмен.
— Мен де қуаныштымын. Бірақ, алдымда отырған кісінің Арамис екеніне сәл күмәнданып тұрғаным, — деді д'Артаньян жай ғана.
— Соның тап өзі, досым, соның тап өзі! Бірақ сіздің көңіліңізде сондай күдікті тудырған не нәрсе екен?
— Мен әуелі бөлмені шатастырған екенмін деп, сосын қайдағы бір діни кісінің үйіне тап болған екенмін деп қалғаным, ал сізді мына мырзалардың арасынан көргеннен кейін тағы да қателесіп кеттім: сіз ауыр науқас сияқты болып көріндіңіз.
Қара киінген екеу д'Артаньянның нені мегзеп тұрғанын бірден ұқты да, қабақтарын суытып, бұған зәрлене көз тастады, бірақ д'Артаньян саспады.
— Бәлкім, мен сізге бөгет жасап тұрған шығармын, сүйікті Арамис? — деді д'Артаньян сөзін жалғап. — Түр-пішініңізге қарағанда, сіз мына кісілерге жаныңызды жайып салып жатқан сияқтысыз.
Арамис сәл ғана қызарғандай болды.
— Бөгет жасап дейсіз бе? О жоқ, ант етейін бөгет болмайсыз, сүйікті досым! Осы сөзімді растау үшін, сіздің аман-есен, сау-саламат келгеніңізге шексіз қуанышымды білдіруге рұқсат етіңіз...
«Ақырында не айтатынын тапты-ау әйтеуір! Бұған да шүкіршілік», — деп ойлады д'Артаньян.
— Үшбу досым таяуда ғана зор қауіптен құтылған, — деді Арамис мүләйім дауыспен, әлгі дін адамдарына д'Артаньянды көрсетіп.
— Сол үшін жаратқанға жалбарыныңыз, сударь, — деді олар д'Артаньянға қосарлана тағзым етіп.
— Мен солай еткенмін, құрметті қалпелер, — деді д'Артаньян оларға өз тарапынан ізет көрсетіп.
— Сіз келер уақытты дәл тауып келдіңіз, сүйікті д'Артаньян, — деді Арамис сыпайы ғана, — егер сіз біздің айтысымызға қатысатын болсаңыз, өз біліміңізбен бізге көп-көп жәрдем көрсетер едіңіз. Амьен монастырының имам мырзасы, Мондидьеден келген кюре мырза үшеуміз көптен назарымызды аударып жүрген кейбір діни мәселелерді талдап отыр едік, егер сіздің осы мәселе жөніндегі пікіріңізді білсем, дүниедегі ең бақытты кісі болар едім.
— Әскери адамның пікірінде береке болушы ма еді, — деді д'Артаньян, әңгіменің насырға шауып бара жатқанынан сезіктеніп, — менің тілімді алсаңыз, мына мырзалардың оқымысты екеніне кәміл сенуіңізге болады.
Қара киімді кісілер тағы да тәжім етісті.
— Жоқ, — деді бұған Арамис, — сіздің пікіріңіз бізге аса қымбат. Гәп мынада: имам мырза менің диссертациям негізінен догматикалық және дидактикалық болуы керек деп есептейді.
— Сіздің диссертация! Сіз сонда диссертация жазып жатырсыз ба?
— Әлбетте, — деді иезуит. — Бірге қол тапсырмас бұрын, қиын сынақтан өту үшін, әуелі диссертацияның болмағы лазым.
— Қол тапсыру! — д'Артаньян дауыстап жіберді, ол ең әуелі шарапханашы әйелінің, сосын Базеннің айтқан сөздеріне мүлде сенбеген еді. — Қол тапсыру дейді!
Ол бұған аң-таң қалып, алдында отырған кісілерге аңырып қарай берді.
— Сонымен.. .— деді Арамис сөзін сабақтай түсіп, бір текті әйелдің жатын бөлмесіне таңертеңгі қабылдауға келген кісі сияқтанып креслоға сәнденіп отырып жатып, сосын бойына қан тарату үшін әйелдің қолы сияқты, аппақ балғын саусағын жоғары көтеpiп. — Сонымен, д'Артаньян, өзіңіз әлгіде ғана есіттіңіз ғой, имам мырза менің диссертациям догматикалық болса екен дейді, ал, менің өз басым оны іліми болса екен деймін. Міне, сол себепті де имам мырза маған бұрын ешкім зерттеп қарастырмаған және шынымды айтсам, сан саққа салып талдауға, уағыздауға болатын соны бір тақырыпты ұсынды: «Vtrague manus in denebicendo clericis interioribus necessaria est...»
Оқу-білімі өзімізге ертеден аян д'Артаньян бір кезде де Тревиль мырзаның әлгі бір сыйлықты жас жігіт Бекингэмнен алды екен деп ойлап қалып, сол сыйлық жайлы айтқан цитатаны қалай тыңдаса, мына цитатаны да солай, жайбарақат отырып тыңдады.
— ...бұл былай деген сөз, — деді Арамис оның жүгін жеңілдетпек болып, — «Төменгі дәрежедегі діни дәйекшілерге бата қайыру үшін екі қол қажет».
— Керемет тақырып! — деді иезуит дауыстап.
— Керемет және догматтық тақырып! — деді священник оны қостап шамасы, латыншаға д'Артаньян сияқты, ол да дүмбілездеу болу керек, сол себепті де иезуиттің ізінен жаңылмай, анау не айтса, соны жаңғырық сияқты қайталай беру үшін, иезуиттен көз жазбай қарады да отырды.
Ал, д'Артаньянға келсек, мына бір қара киімді кісілердің таңдай қағып, тамсанғаны бұған тіпті де әсер етпеді.
— Ия, бұл керемет, prorsus admirabile, —деді Арамис әңгімесін жалғап, — бірақ шіркеу әулие-әнбиелері мен киелі кітапты мейлінше терең оқып-зерттеуді қажет етеді. Бірақ — мен оны шіркеу қызметшілерінің алдында бас иіп мойындаймын — түнгі қарауылға тұрып, корольге қызмет ету салдарынан сабаққа салақсып кеттім. Сол себепті де мен сияқты facilius natars тақырыпты өзімнің таңдап алғаным дұрыс көрінеді, сонда метафизика мен философияға мораль қандай қажет болса, дін ілімінің қиын мәселелеріне ол да сондай қажет болар еді.
Д'Артаньян сұмдық жалығып кетті, кюренің де хәлі солай-ды.
Кіріспе сөзін қараңызшы, қандай ғажап! — деді иезуит дауыстап.
— Кіріспесін-ай! — деді кюре әйтеуір бірдеңе айтпақ болып.
— Quemadmodum infer coelorum immensitatem ,
Арамис д'Артаньян жаққа көз қиығын салып еді, досы жақ сүйегін тап қазір шығарып жіберетін кісідей, аузын кең аша есінеп отыр екен.
— Франсузша сөйлессек қайтеді осы, әкей — деді ол иезуитке, — д'Артаньян мырза біздің мәслихатымызды сонда жақсырақ бағалар еді.
— Әп бәрекелде, жолдан қатты шаршап келіп едім, мына латыны құрғырың сынаптай сырғып ұстатпай отырғаны,- деді д'Артаньян оны қостап.
— Мақұл, — деді иезуит сөзінен жаңылынқырап қалып, ал, ана кюре қуанғанынан жүзі жадырап, д'Артаньянға ырза көзбен бір қарап қойды.— Кәне, сонымен, осы қағидадан не табатынымызды қарастырып көрелік. Моисей, құдайдың құлы... есіңізде болсын, тек құлы ғана.. Моисей батаны қос қолымен қайырады. Еврейлер дұшпандарының мәселін қайтарғысы келген кезде, ол дұшпанына өзінің қос қолын сүйеп тұруға әмір етеді, демек, ол қос қолымен бата береді. Мұның үстіне евангелиеде: «manum емес, «imponite manus» делінген — бұл — «қолыңды» емес, «қолдарыңды қой» деген сөз.
— Қолдарыңды қой, — деді кюре қайталап, өзі қолын жайып көрсетіп.
— Ал, Петр әулиеге, — деді иезуит сөзін сабақтай түсіп, — оның мирасқорлары папалар ғой — керісінше былай делінген: «porrigе digitos» — «саусақтарыңды жай» делінген. Енді түсіндіңіз бе?
— Әлбетте, бірақ ол өте нәзік, ғажайып нәрсе ғой, — деді Арамис, осы мәслихаттан зор ғанибет тауып.
— Саусақтар! — деді иезуит қайталап. — Петр әулие саусақтарымен бата береді, демек, папа да саусақтарымен бата береді. Сонда неше саусағымен бата береді? Үш саусақпен: әке мен бала үшін және әулиенің аруағы үшін.
Сол арада бәрі де шоқынысты, д'Артаньян Да көпшілікке қосылғанды жек көрді,
— Папа — Петр әулиенің мирасқоры және құдайдың үш қасиетін бойына сіңірген; ал, қалғандары рухани сатының ordines inferiores болып табылады, олар қасиетті әулиелер мен періштелер атымен бата береді; шіркеудің ең төменгі дәйекшілері, мәселенки, біздің дьякондарымыз бен ризаничилеріміз бата қайыратын қисапсыз көп саусақтар бейнесіндегі ұшықтаумен бата береді. Тақырыптың тұрпайылап айтқандағы мағынасы осындай. Argumentum omni denudatum ornamento , Мен осыдан мынау сияқты екі том жасар едім, — деді иезуит.
Табанда шабыты тасып кеткен ол столды салмағымен майыстырып жатқан дуалы ауыз Иоанның кітабын алақанымен сарт еткізіп қойып қалды.
Д'Артаньянның тұла бойы дір етті.
— Әлбетте, — деді Арамис, — мен бұл тақырыптың әсемдігіне шек келтірмеймін, бірақ оған өзімнің әлім жетпейді ғой деп ойлаймын. Мен басқа бір тексті таңдап алдым. Сүйікті д'Артаньян, бұл сізге ұнай ма, айтыңызшы; «Non inutile est desiderium in oblatione», бұл былай деген сөз: «Құдайға құрбандық жасаған кісіге аздап та болса қынжылған жарасады».
— Тоқтаңыз! — иезуит бал ете қалды. — Тоқтаңыз мына текстіңіз дінсіздікпен пара-пар! «Augustinus» кітабында тап осындай бір қағида барды, ал, о кітап ерте ме, кеш пе, әйтеуір, жендеттің, қолымен өртеледі. Жас достым, сақтаныңыз, сіз жалған ілімге жақын тұрсыз! Сіз өзіңізді өзіңіз құртасыз, жас дос!
— Сіз өзіңізді өзіңіз құртасыз, — деді кюре қайталап, қайғыра басын шайқап.
— Сіз әлгі аты шулы ерік еркіндігі деген мәселені қозғап отырсыз, ол — әзәзілдің алдауы. Сіз пелагиашылар мен жартылай пелагиашылардың дінсіздігіне таяп қалдыңыз.
— Дегенмен, қасиетті әкей.. .— деп Арамис сөз бастай берді де, дәлелді сөздер басына бұршақтай борап кеткесін аңырып тұрып қалды.
— Өзіңізді құдай жолына құрбандық еткен сәтте, — деді иезуит оның сөзін бөліп, — өкінетініңізді сіз, кәне, қалай дәлелдеп бересіз? Сіз мына бір дилеммаға құлақ салыңызшы: құдай дегеніміз құдай, ал дүние дегеніміз әзәзіл. Жалған дүние өтеді деп өкіну — әзәзіл өтеді де бітеді деп өкінумен бірдей; менің түйінім осындай», Менің ойым да осындай, — деді жандайшап кюре. Рақым етіңіз! — деді Арамис қайтадан сөз бастап. Dcsideras diabolum, бишара! — деді иезуит дауыстап. Осы әзәзілді аяп тұр! О жас досым, жалынып-жалбарынып сұрайтыным, әзәзілді аямаңыз! — деді кюре күрсініп.
Д'Артаньян мәңгіріп бара жатқанын сезді; ол өзін жындыханаға келіп түскен екенмін, мына алдымыздағы кісілер қалай жынданып кетсе, енді мен де солай жынданып кететін шығармын деп ойлады. Бірақ ол үндемеді, өйткені әңгіменің не жайлы болып жатқанына тіпті де түсінбеді.
—Осы мені де бір тыңдап көрсеңіздерші, — деді Арамис сыпайы ғана, бірақ шамданғаны сезіліп қалды. — Мен өкінемін деп айтпаймын. Жоқ, мен ондай сөздерді ешқашанда айтпаймын, өйткені ол нағыз діннің рухына сай келмейді...
Иезуит қолын аспанға жайды, кюре де соны қайталады.
— Бірақ сіз мынадай уәжге тоқтайсыз ба: өзіңізді әбден мезі еткен нәрсені құдай жолына құрбандыққа шалуға болмайды. Д'Артаньян, айтыңызшы менің сөзім дұрыс қой?
— Әрине, дұрыс айтасыз, шайтан алғыр! — деді д'Артаньян дауыстап.
Кюре мен иезуит отырған жерінде қопаң-қопаң етісті.
— Менің сүйенер тірегім — силлогизм: дүние әсем; мен бұ дүниеден кетеді екенмін — ендеше, өзімді құрбан еткенім; киелі кітапта бұл жөнінде жақсы айтылған: «Құдайға құрбандық шал», — деп.
— Бұл дұрыс, — десті қарсыластары.
— Сосын... — деді Арамис әңгімесін созып, құлағы қызарсын деп оны қысып-қысып қойды, ал, қолы ағарсын деп оны жоғары көтерді, — сосын мен бұл тақырыпқа рондо жазғанмын. Өткен жылы оны Вуатюр мырзаға көрсеткен едім, сонда әлгі ұлы адам мені жатты да мақтады.
— Рондо! — деді иезуит кекеп.
— Рондо! — кюре оны қалай айтқанын өзі де байқамай қалды.
— Бізге соны оқып беріңізші, оқыңызшы. Аздап көңіліміз көтерілсін, — деді д'Артаньян дауыстап.
— Жоқ, оның мағынасы діни нәрсе, ол өлеңмен жазылған аят, — деді Арамис.
— Әзәзіл ме, бұл не пәле! — деді д'Артаньян.
— Міне, сол өлең, — деді Арамис мүләйім кейіппен, бірақ түрін де көлгірсудің болар-болмас табы бар еді.
Мұнша неге қайғырасың, шөгесің,
Мұнша неге ауыр азап шегесің.
Қасіреттік қара бұлтын таратқан
Мұнша неге қайғырасың...
Д'Артаньян мен кюре екеуі қатты қуанысты. Иезуит қасарын әлгі пікірінен қайтпай қойды.
— Құдайға бағышталған сөзден бұл жалғанның рухы шығудай сақтанбақ керек. Әулие Августин қандай өсиет айтқан? Severust, sit clcricorum sermo.
— Иә, уағыз түсінікті болуы керек! — деді кюре.
— Сонымен... — өзінің сыбайласы адасып бара жатқанын көрісімен, иезуит сөзге кірісті, — сонымен сіздің диссертацияңыз бибілерге ұнайды да қояды. Ол жұртқа қайдағы бір Патрю мырзаның араша сөзі сияқты әсер етеді де, ұмыт болады.
— Құдай қолдаса! — деді Арамис қызына дауыстап.
— Міне көрдіңіз бе! — деді иезуит даусын көтеріп. — Жұрт әлі сіз жөнінде көп шуласады, сонда altissima voce қатты шуласады. Сіз әлі, жас достым, күнәлі пендесіз, соны ойлаймын да жаным түршігеді: жаратқанның шапағаты сізге дарымай ма деп қорқамын.
— Қасиетті әкей, қам жемей-ақ қойыңыз, тас түссе — талайымнан көремдағы.
— Пенде шіркіннің астамшылығы ғой.
— Әкем-ау, мен өзімді өзім жақсы білемін, айтқаным — айтқан, одан сірә қайтпан.
— Сонымен, сіз осы қасарысқан күйіңізде сол тақырыпты кеміре бересіз ғой?
— Мен өзімді тек сол тақырыпты зерттеуге жаралған кісімін деп есептеймін, басқа тақырыпты қаламаймын. Сол себепті де басталған жұмысты жүргізе беремін, сіздердің нұсқауыңызға сәйкес оны қалай жөндегенімді көргенде күні ертең оған өздеріңіз де разы боласыз ғой деп ойлаймын.
— Асықпай еңбектене беріңіз. Біз сізді рухыңыз берік, көңіліңіз хош-уақ кезінде қалдырып барамыз.
— Иә, — деді иезуит, — дақыл себілді, енді біз тұқымның бір бөлегі тасқа түсті немесе жолда шашылып қалды, ал, оның қалған бөлігі жасаған иемнің құстарына жем болады деп қорқуға болмайды.
«О бәлекет, латыныңмен қоса өзіңді де оба жалмаса екен тезірек!» — деп ойлады д'Артаньян әбден діңкелегенін сезіп.
— Ұлым менің, ертеңге дейін хош болыңыз, — деді кюре.
— Ертеңге дейін, жаужүрек бозбала, — деді иезуит. — Сіз шіркеудің жарық бір шамшырағы болғалы тұрсыз. Осынау шамшырақтың дүниені жалмайтын жалынға айналмауына тәңірім жар болғай-ақ!
Ұзақ бір сағат бойы тырнағын кеміріп әзер отырған д'Артаньян енді саусағын шайнауға көшті.
Қара киімді екеу орындарынан тұрып, Арамис пен д'Артаньянға тәжім етті де, есікке қарай беттеді. Күн ұзақ сол арада тұрып, осынау іліми таласты шын пейілімен беріле тыңдаған Базен, дереу олардың алдынан шығып, священниктің дұғалығын, иезуиттің тәсбісін алып, оларға қошаметтей жол көрсетіп, ілгері жүрді.
Арамис оларды шығарып салмақ болып, басқышпен төмен түсті де, со замат әлі де ұйқылы-ояу кісідей мең-зең болып отырған д'Артаниянның қасына қайтып келді.
Өздері оңаша қалғасын, екі дос бір-бірінен ыңғайсызданып үндемей қалды; бірақ осы үнсіздікті екеуінің біреуі бұзуы керек еді; д'Артаньян бұ кезекті Арамиске бергісі келгесін бе, қалай, әуелгі сөзді Арамис бастады.
Өзіңіз көріп отырсыз, мен көкейкесті арманыма қайтып оралдым, — деді ол.
— Иә, жаңа ғана әлгі бір мырза айтқанындай-ақ, сізге шапагаттарын деген екен.
— О, бұл фәниді тәрк ету жөніндегі ой көңіліме баяғыда-ақ уалаған, оны сіз менен талай рет естігенсіз, солай емес пе, досым?
— Әрине, айтқансыз, бірақ мен соның бәрін сіз ойнап айтады ғой деп ойлайтынмын.
— Ондай нәрсемен ойнай ма екен! Д'Артаньян, сізге не болған.
— Шайтан алғыр-ау! Біз ажалмен де әзілдесіп жүрміз ғой.
— Соны бекер жасаймыз, д'Артаньян, өйткені ажал дегеніміз кісіні дозаққа немесе ұжмаққа апаратын дарбаза ғой.
— Келістім, Арамис, бірақ құдай үшін, діни таласты қоялықшы. Меніңше, сіздің әлгіде алған сыбағаңыз бүгінге әбден жетеді. Ал, маған келсек, шала-пұла білетін кейбір латын сөзінің өзін ұмытып қалғанмын, бірақ соның өзін білдім деуге де болмас, мұның үстіне, сізден несін жасырайын, ертеңгі сағат оннан бері нәр татқаным жоқ, өлердей ашпын.
— Қазір түскі асқа отырамыз, сүйікті дос, бірақ бүгін күн жұма екенін ұмытпаңыз, мұндай күні мен етті жемек түгіл, оған қарауға да жүрексінемін. Егер сіз менің тағамымды қанағат тұтсаңыз, ол — асылған тетрагон мен жемістер.
— Тетрагон дегеніңізді қалай түсінуге болады? — деді д'Артаньян елең етіп.
— Ол кәдімгі шпинат (өсімдік), — деді Арамис. — Бірақ сізге арнап тағамға жұмыртқа қостырамын, бұл, әрине, ережені бұзғандық, өйткені жұмыртқадан балапан шығады, демек, ол — ет деген сөз.
— Әрине, дастарқаныңыз мол емес, бірақ сізбен сұхбаттасу үшін көнемін-дағы, қайтейін.
— Құлқынды күйттеп кетпегеніңізге көп рақмет, — деді Арамис; — бұл тағам сіздің тәніңізге пайдалы болмағанымен, жаныңызға пайдалы болатыны күмәнсыз.
— Сонымен, Арамис, сіз дін саясына біржола шығасыз ғой? Бұған достарымыз не дейді, де Тревиль мырза не дейді? Айтпады демеңіз, олар сізді қашқын деп есептейді әлі.
— Мен діни қызметпен таныспаймын, онымен қайтадан табысамын. Егер мен шын қашқын болсам, онда осы жалған дүние үшін дінді тастаған шіркеудің қашқынымын. Мушкетер плащын кигенде өзімді өзім зорлап-қорлағанымды білесіз ғой.
— Жоқ, мен оны білмеймін.
— Менің семинарияны қалай тастап кеткенімді сіз әлі білмейсіз бе?
— Білмеймін.
— Ендеше, ол мынадай. Інжілдің өзінде: «Бір-біріңмен сырласыңдар» деп жазылған. Міне, мен де, д'Артаньян, сізге ағынан жарылмақпын.
— Мен сіздің күнәларыңызды айтпай-ақ кешіремін. Қандай қайырымды кісі екенімді өзіңіз де көріп отырсыз ғой.
— Қасиетті нәрсені қалжыңға шаптырма, досым.
— Қойдым, қойдым, кәне, сөйлеңіз, құлағым сізде.
— Мен тоғыз жастан семинарияда тәрбиелене бастадым. Жиырмаға толуыма үш-ақ күн қалған-ды, сосын аббат болып шығамын да, бәрі орны-орнына келер еді. Бір күні кешқұрым, үйреншікті әдет бойынша, уақытымның көбін өткізіп жүрген бір үйде отыр едім, — лаж бар ма, ол кезде әр нәрсеге әуес, елгезек жас едім — сол үйдің хозяйкасына әулие-әнбиелердің хикаяларын оқып бергеніме қызғанышпен түксіне қарап жүретін бір офицер кенет, ешбір дыбыс бермей, ың-шыңсыз кіріп келгені. Сол күнгі кеште мен Юдифь тарихының бір көрінісін аударып, қасымдағы келіншекке оқып беріп, ол оны асыра мақтап, иығыма басын сүйеп, әлгі өлеңді екеуміз қосылып қайта оқып отырғанбыз. Әйелдің тап осылай асылып... еркін отыруы... офицерге ұнамады. Офицер ләм деп сыр бермеді, бірақ мен далаға шыққанда, соңымнан ере шықты.
«Аббат мырза, — деді ол мені қуып жеткесін, — өзіңізді таяққа жыққанды жақсы көресіз бе?»
«Бұл сауалыңызға қапелімде не деп жауап берейін, сударь, өйткені осы уақытқа дейін мені ешкім, еш жерде ұрып көрген емес дедім».
«Ендеше, менің сөзімді құлағыңызға құйып алыңыз, аббат мырза: егер сіз бұдан былай бүгін екеуміз кездескен үйге келетін болсаңыз, мен сізге соны жасаймын».
Мен, шамасы, қорқып кетсем керек, өңім аппақ болып, тіземнің қалтырап кеткенін сездім, бірдеңе деп жауап қатайын десем, аузыма сөз түспейді, сосын үндемей тұрып қалдым.
Офицер менің жауабымды күтсе керек, мен үндемегесін қарқылдап бір күлді де, кейін бұрылып, үйге қайта кіріп кетті, Сол сүмірейген күйі семинарияға қайтып келдім.
Мен өзім — нағыз ақсүйекпін, қызу қанды кісімін, оны өзіңіз де байқаған шығарсыз, сүйікті д'Артаньян; ол мені қатты қорлады, бірақ оны ешкім көріп-білмесе де, сол бір жайт жүрегімнің бір түкпірінде жатып алып, шоқ түскендей күйдіргені-ай. Мен қасиетті әкейлерге діни қызметті қабылдауға әлі әзір емес екенімді білдірдім, сосын осы өтінішім бойынша, пірге қол тапсыру ғұрпы бір жылға кейінге қалдырылды.
Содан кейін мен Париждегі ең таңдаулы сайыскер ұстазға барып, одан күн сайын сабақ алмақ болып келістім — бір жыл бойы одан күн құрғатпай сабақ алып жүрдім. Сосын былтыр жәбір көрген күнге аттай бір жыл толғасын, сутанымды шегеге ілдім де, ақсүйекше ыздиып киініп, өзіме таныс бір текті әйелдің үйіндегі балға бардым, меніңше, дұшпаным да сонда болуға тиіс. Бұл оқиға Форс түрмесіне таяу, Фран-Буржуа көшесінде болған еді.
Офицер шынында да сонда жүр екен. Ол бір әдемі келіншекке қиыла қарап, оған махаббат өлеңін тақпақтай айтып тұрған кезінде қасына жетіп бардым-дағы, екінші шумақтың орта шенінде өлең ырғағын үзіп жібердім.
— Сударь, — дедім мен оған, — егер мен Пайен көшесіндегі өзіңізге мәлім бір үйге баратын болсам, сіз оған бұрынғыша қарсылық жасайсыз ба? Егер әміріңізге құлақ аспасам, сіз мені әлі де таяққа жығудан тайынбайсыз ба?»
Офицер маған аң-таң қалып бір қарады да:
«Сіздің менде не шаруаңыз бар, сударь? Мен сізді тіпті білмеймін ғой», — деді.
«Мен әлгі әулие-әнбиелердің хикаяларын оқып, «Юдифті» өлеңмен аударатын жас аббатпын», — дедім мен оған.
«Ах, иә! Енді ғана есіме түсті, — деді офицер мысқылдай күліп. — Сізге не керек?»
«Маған керегі — сіз менімен бірге далаға шығып, біраз серуендеп қайтсаңыз».
«Егер сіз соған ділгер болсаңыз, ертең азанда барайын және шын көңіліммен қуана-қуана барайын».
«Жоқ, ертең таң азанда емес, тап қазір жүріңіз»
«Дікілдеп қоймасаңыз, қайтейін...»
«Иә, қоймаймын».
«Олай болса, жүрелік. Бибілер, — деді ол әйелдерге қарап, — мазасызданып жүрмеңіздер: мен қазір мына бір мырзаны өлтіремін де, дереу қайтып келемін, сосын өлеңнің соңғы шумағын айтып беремін».
Екеуміз сыртқа шықтық. Мен оны Пайен көшесіне, осыдан бір жыл бұрын, тап осы мезгілде, өзіңізге мәлім, әлгі бір сыпайы сөздерді маған айтатын жерге, ертіп әкелдім. Тамылжыған айлы түн еді. Біз шпагамызды жалақтатып суырып алыстық, бірінші сілтегеннен-ақ мен оны тұрған жерінде сеспей қатырдым.
— Шайтан алсын! — деді д'Артаньян толқып.
— Әйелдер өз әншісінің қайтып келмегенін көргеннен кейін, — деді Арамис сөзін жалғап, — және оны Пайен көшесінде шпагамен түйреліп жатқан жерінен тауып алғаннан кейін, офицерді менің өлтіргенімді бірден біле қояды да, мұның соңы дауға айналды. Осының кесірінен біраз уақыт сутанадан бас тартуыма тура келді. Сол кездері танысқан Атос пен, сайыс сабақтарына қоса маған жекпе-жектің кейбір әдіс-тәсілдерін үйреткен Портос мені мушкетер плащын сұрап, өтініш айтуға көндірді. Аррасты қоршау кезінде қаза тапқан әкемді король өте жақсы көруші еді, содан ба, қайдам, маған плащ тапсырылды... Енді маған шіркеу аясына қайтып баратын уақыт келгенін өзіңізде түсініп отырған шығарсыз.
— Бүгіннен ерте де, кеш те емес, тап қазір шіркеуді тапқыңыз келгені қалай? Сізге не болған, осындай жаман ой көңіліңізге қалай ұялаған?
— Сүйікті д'Артаньян, мына жарақат маған тәңірінің зауалындай болып көрінді.
— Мына жарақат па? Қайдағыны айтпаңызшы! Оның өзі жазылып та қалыпты, сіз тап қазір осы жарақаттың азабын тартып жатқан жоқсыз.
— Енді ненің азабын тартыппын? — деді Арамис қызарақтап.
— Сіздің әйел салған жараңыз жүрегіңізде, Арамис ондай жараның азабы да ауыр, кісі қансырап қалады.
Арамистің көзі жайнап сала берді.
— Қойыңыз, — деді ол ішкі тебіренісін білдірмес үшін мұны елемеген болып, — соны сөз қылып қайтеміз! Махаббат машақатынан қасірет шегіп жүрсем сол! Vanitas vanitatum (Әбігердің әбігері!) Сонда қалай, сіз мені есалаң болып кетті деп ойлайсыз ба? Кім үшін? Гарнизонда жүргенде көңілдес болған кәнизактар мен күтуші қыздар үшін бе... Жиіркенішті нәрсе ғой ол!
— Кешіріңіз, сүйікті Арамис, сіз құлашты биігірек сілтеп жүрген сияқты едіңіз.
— Биігірек! Соншалықты намыс қуалап асқақтайтын мен кім едім? Мен — мүсәпір мушкетермін, дүниеде біреуге кіріптар болуды жек көретін, сыпайы қауым арасында өзін көзге шыққан сүйелдей оғаш сезінетін, қайыршыдай бір байғұспын ғой!
— Арамис! Арамис! — деді дауыстап д'Артаньян, досына күдіктене көз тастап.
—Тумақ бар да, өлмек бар. Тірлікте көретінің жәбір-жапа, қайғы-қасірет, — деді Арамис түнере сөзін жалғап. — Кісіні бақытпен байланыстыратын дәнекер жіп біртіндеп, қолында тұрып-ақ бырт-бырт үзіле береді, ең әуелі алтын жіптер үзіледі. О сүйікті д'Артаньян, — деді Арамис күйінішті үнмен, — маған құлақ салсаңыз: жаныңыз жараланған кезде оны жұрт көзінен жасырыңыз! Үндемеу — бақытсыз жанның соңғы қуанышы; өз қасіретіңізді ешкімге де айтпаңыз. Жаралы маралдың қанына шыбын қалай жерік болса, біздің көз жасымызға жерік жандар да толып жатыр.
— Қайран дүние, сіз маған менің өз басымнан өткерген қайғымды айтып бердіңіз-ау, сүйікті Арамис, — деді д'Артаньян ауыр күрсініп.
— Қалайша!
Ия! Күні кеше ғана жанымдай жақсы көріп, аялап ардақтап жүрген әйелді ұрлап кетті. Мен оның қайда екенін, кім қайда әкеткенін білмеймін: бәлкім, ол түрмеде шығар, бәлкім ендігі өліп те қалған шығар.
Сіз: ол әйел менен еркінен тыс кетіп қалды, деп өзіңізді өзіңіз жұбата аласыз және одан ешбір хабар келмесе, сізбен хабарласуға тыйым салынғанын білесіз, ал, маған келсек...
— Ия, сізге келсек?..
Жоқ, ештеңе емес, — деді Арамис. — Ештеңе емес...
— Сөйтіп, сіз бұл фәниден біржолата күдер үзесіз ғой, енді сол сетіңізден таймайсыз ба?
— Мәңгі таймаймын. Бүгін сіз менің досымсыз, ертең сіз мен үшін құр елессіз, тіпті ұшты-күйлі болмассыз да. Бұл дүние — қу мола, өзге ештеңе де емес.
— Шайтан атсын! Сары уайымға салынып кеттіңіз ғой тіпті!
— Енді қайтейін! Есіл-дертім осы рухани тірлікте қанат біткендей шарықтай жөнелгем.
Д'Артаньян жымиып бір күлсе де, ләм деп жауап қатпады.
Бірақ осыған қарамастан, әзірше араларында жүргесін, мен әуелі сіздің өзіңіз жайлы, дос-жарандарымыз жайлы сөйлескім келіп еді, — деді Арамис сөзін жалғап.
— Ал менің өз басым, — деді д'Артаньян оған, — сізбен мына өзіңіз жайлы әңгіме шертпекші едім, бірақ сіз бұл дүниеден баз кешіп, алыстап кеттіңіз. Сіз қазір махаббаттан жиренесіз, достарыңыз сіз үшін құр елес, дүние — қу мола...
— Қайтейін! Оған кейін өзіңіздің де көзіңіз жетер, — деді Арамис күрсініп.
— Ендеше бұл әңгімені доғаралық та, сіздің кәнизагіңіз бе, әлде күтуші қызыңыз ба, әйтеуір, біреуінің тағы да көзіңізге шөп салғанын хабарлайтын мына бір хатты отқа жағалық.
— Қайдағы хат? — деді Арамис елең етіп.
— Өзіңіз жоқта үйге келген, маған апарып беріңіз, деп тапсырылған хат.
— Кімнен екен?
— Білмеймін. Көзінен жас кетпейтін бір күтушіден немесе мұңлы кәнизактан шығар... бәлкім де, Шеврез ханымның күтуші бикесінен келген шығар, ол өзінің ханымына еріп, Турге қайтып барғасын, жазғанын маңызды етіп көрсету үшін хош иісті қағазды алып, сол хатына герцог тәжі бейнеленген мөрді баса салған ғой.
— Сіз не айтып кеттіңіз?
— Япырмай, а! Мен соны жоғалтып алдым ба осы... — деді жас жігіт қуланып, тұла бойын сипап қарап жатқан болып. — Бұл дүниені — мола, ал, адамдарды, демек, әйелдерді де — құр елес, махаббатты «жиіркенішті сезім!» деп айтқаныңыз қандай жақсы болды!
— Ах, д'Артаньян, д'Артаньян, сен мені өлтірерсің! — деді Арамис күйініп.
Е, бәсе, мында екен ғой! — деді д'Артаньян.
Ол сосын хатты қалтасынан суырып алды.
Арамис орнынан ұшып тұрып, хатты жұлып алып, оны дереу оқып шықты, дұрысында хатты қылғып жұтып қойғандай болды; табанда жүзі жадырап сала берді.
— Шамасы, күтуші әйелдің қаламы жүйрік болды ғой, — деді хабарлады жігіт самарқау.
— Д'Артаньян, саған мың рақмет! — деді Арамис, қуанғаннан жүрегі жарылып кетердей болып. — Ол Турға лажсыздан қайтып барыпты. Ол маған опасыздық жасамапты, мені бұрынғыша сүйеді екен. Бері келші, досым, кәне, бері келші, өзіңді армансыз бір құшақтайын, шіркін, нағыз бақыт дегенін осындай-ақ болар!
Сосын екі дос қадірменді Дуалы ауыз Иоанды айналып, еденге шашылған диссертация беттерін таптап, мәз болып билей берді.
Тап сол сәтте шпинат пен жұмыртқаны алып Базен де кіріп келді.
— Жоғал бұл арадан, бейшара! — деді Арамис айқайлап, оның бетіне скуфейкасын атып жіберіп. — Келген жағыңа тайып тұр, мына жүрек айнытатын овощтарыңмен шіріген жұмыртқаңды ала кет! Істікте пісірілген қоянды, семіз сұқсырды, сарымсақ себілген қой етінің қуырдағын және төрт шыны көне бургун шарабын әкел!
Қожасының табан астында қалай құбылып кеткеніне түсінбей қалған Базен байғұс оған көзі бақырайып қараймын деп тұрғанда лажы құрып, қуырылған жұмыртқаны шпинат үстіне, ал шпинатты паркет үстіне түсіріп алды.
— Ғұмырыңызды патшалардың патшасына бағыштағыңыз келсе, қажетті сәт туды, — деді д'Артаньян, — егер сіз оның көңілін табамын десеңіз: Non inutile desiderium in oblatione».
— Латыныңызбен қоса жоғалыңыз шайтанға! Сүйікті д'Артаньян, кәне, ішелікші, шайтан атып кетсе де, ішелік, аянбай ішелік және дүниеде не болып, не қойып жатқанын айтыңызшы!
XXVII
АТОСТЫҢ ӘЙЕЛІ
— Енді маған Атостың не болғанын білу ғана қалды, — деді д'Артаньян, көңілденіп қабағы ашылған Арамиске; мұны ол өздері кеткелі бері астанада болған күллі жаңалықпен досын таныстырып шыққаннан кейін, жақсы сіңімді ас олардың біреуіне — диссертациясын, екіншісіне — шаршап-шалдыққанын ұмыттырғаннан кейін айтқан еді.
— Сіз оны шынымен-ақ бір бақытсыздыққа ұшырап қалды деп ойлайсыз ба? Атос салқын қанды, батыр, шебер сайыскер кісі ғой, — деді Арамис.
— Иә, оған күмән бар ма, Атостың батырлығы мен шапшаңдығын жұрттан артық бағалайтын кісімін, бірақ меніңше, шпаганы сойылмен айқастырғаннан гөрі, найзамен айқастырған әлде қайда артық, өз басым Атосты малайлар ұрып тастауы мүмкін ғой деп қорқамын; о халық бір төбелессе, қатты төбелеседі және арқасы қозса, жуыр маңда басыла қоймайды. Шынымды айтайын, жолға тезірек шыққым келіп отырғаны да содан.
Атқа еркін отыра алмайтынымды сезсем-дағы, сізбен бірге жүруге тырысып көрейін, — деді Арамис. — Кеше мен ана қабырғада ілулі тұрған қамшыны алып, сілтеп көріп едім, иығым қақсап, со бір игі істі жасай алмай қойдым.
Оның себебі, сүйікті досым, оқ тиген жараны осы уақытта мені ешкім қамшымен емдеп көрмеген, бірақ сіз аурусыз, ал, науқас кісінің ақылын кемітеді, сол себепті де мен сіздің оныңызды кешіремін.
— Қашан жүресіз?
— Ертең таңсәріден. Бүгін түн ұйқыны жақсылап қандырып алыңыз, ертең күйіңіз көтерсе, жолға бірге шығалық.
— Ендеше, ертеңге дейін қош. Қанша темір болсаңыз да, сізге ұйқы қажет шығар, — деді Арамис.
Ертеңгілік д'Артаньян Арамистің бөлмесіне келсе, ол терезе алдында тұр екен.
— Сіз онда не қарап тұрсыз? — деді д'Артаньян.
— Жылқышылар тізгіндерінен ұстап тұрған әне бір сүліктей арғымаққа қарап тұрғаным. Мұндай аттың қызығын тек ханзадалар ғана көретін шығар.
— Олай болса, сүйікті Арамис, оның қызығын өзіңіз көріңіз, ана аттардың біреуі сіздікі.
— Мүмкін емес! Қайсысы менікі?
— Көңіліңіздің қалағаны сіздікі. Мен өзім кез келгенін ала саламын.
— Үстіндегі сәулетті ер-тұрманы да менікі ме?
— Иә.
— Сіз мені мазақтап тұрғаннан саумысыз, д'Артаньян.
— Сіз французша сөйлегелі бері мен мазақтауды қойғанмын.
— Анау алтын жалатылған кобуралар, барқыт тебінгі, күміс ер тұрман — бәр-бәрі менікі ме?
— Сіздікі. Әне бір тұяғымен жер тепкілеп тұрған ат — менікі, ал, анау көлбеңдеп тыным таппай тұрғаны — Атостікі.
— Шайтан алғырлар бірінен-бірі өтеді екен!
— Бұлардың сізге ұнағанына көңілім біраз өсіп қалды ғой.
— Мұндай сыйлықты сізге, әрине, король тарту еткен шығар,
— Бір білетінім, әйтеуір кардинал емес. Соның түбін қазбалай беріп қайтеміз, осылардың біреуі өзіңіздікі екенін білсеңіз болмай ма.
— Әне бір жирен дәйекші ұстап тұрған атты алайын
Өте жақсы!
Құдай атымен ант етейін, мына сыйлықтан менің күллі ауруым сап болды! Мұндай арғымаққа, денеме отыз оқ қадалса да отырамын. О, үзеңгісінің тамашасын-ай! Әй, Базен, бері кел, тезірек! — деді Арамис дауыстап.
Есіктен ұйқысы қанбай, қабағы салынып кеткен Базен көрінді.
— Менің шпагамды жалтыратып тазарт, — деді Арамис, — қалпағымды жөнге келтір, плащымды қағып, пистолеттерді оқта.
— Соңғы әміріңіз артық, ер қасындағы кобурада оқтаулы пистолеттеріңіз бар, — деді д'Артаньян оның сөзін бөліп.
Базен бір күрсінді.
— Болды, мэтр Базен, сабыр етіңіз, кім болсаң да түбінде о дүниеге барасың, — деді д'Артаньян.
— Менің мырзам тәп-тәуір ғұлама болып қалып еді! Ол кейін епископ, бәлкім, тіпті кардинал да болар ма еді қайтер еді, — деді Базен жыларман болып.
— Менің сүйікті Базенім, әуелі асықпай ойланып алдағы, сосын құдайшылығыңды өзің айт: діни қызметші болудың қажеті не? Ол бәрібір бізді соғысудан құтқара алмайды. Өзіңде көресің әлі — кардинал басына дулығасын киіп, қолына найзасын алып, бірінші жорыққа өзі шығады. Ал, Ногаре де Лавалет мырза ше? Ол да кардинал, сен соның малайынан: мырзаңның жара таңғышын неше рет жазып, орадың деп сұрашы.
— Ия... — деді күрсініп Базен. — Менің бір білетінім, сударь, қазір дүниенің бәрі аударылып-төңкеріліп кетті ғой.
Екі жас жігіт пен мүсәпір малай үшеуі сөйлесіп, төменге түсті.
— Базен, таралғыны ұсташы, — деді Арамис.
Ол өзіне тән әсем сыпайылығымен ат үстіне лып етіп қона қалды. Бірақ бабында тұрған жануар дік-дік желіп, бір-екі рет мөңкіп, шапшып секіріп еді, жігіттің өн бойы қақсай ауырып, боп-боз болып, шайқалақтап кетті. Осылай боларын білген д'Артаньян одан көз жазбай тұрған, дереу тұра ұмтылып, Арамисті ат үстінен қағып алып, қолтығына сүйеп, бөлмесіне апарды.
— Ал, сүйікті Арамис, әбден емделіңіз мен Атосты іздеуге өзім-ақ кете беремін, — деді ол.
— Сіз осы қоладан құйылған шығарсыз! — деді Арамис оған.
— Жоқ, әзірге менің жолым болып жүр, гәп сонда!.. Бірақ шыныңызды айтыңызшы, мен кеткеннен кейінгі тірлігіңіз қалай болмақ? Алақан жаю, бата қайыру жайлы тағы да әңгіме-дүкен құрасыздар ма?
Арамис бір жымиып қойды.
— Өлең жазамын, — деді ол.
— Иә-иә, де Шеврез ханымның күтушісінің хаты сияқты хош иісті өлең жазыңыз. Базенге өлең жазу ережелерін үйретіңіз, байғұсқа біраз жұбаныш болады. Ал, ана жануарға келетін болсақ, сіз онымен күн сайын аз-аздап серуен жасаңыз, сонда ат үстіндегі жүріске қайта үйренесіз.
— О, ол жағынан қам жемеңіз! Сіз оралып келем дегенше, өзіңізбен бірге жүруге әзір тұрамын.
Олар бір-бірімен қоштасты, д'Артаньян әуелі Арамистің қамын Базен мен хозяйкаға қайта-қайта тапсырып, енді бір он минут өткен шамада Амьенге баратын жолмен cap желіп, ағындатып келе жатты.
Атосты қандай күйде кездестіреді, оны таба алса жақсы болар еді-ау!
Д'Артания кетіп қалған кезде оның жағдайы өте қиын еді. Атостың қаза табуы да ғажап емес. Бұл ой д'Артаньянды сары уайымға салды; әлденеше рет ауыр күрсініп, дұшпандарынан өш алмаққа бел байлады.
Д'Артаньянның дос-жарандарының ішіндегі ең үлкені Атосты, сол себепті де ол өзінің таңдам-талғамы, бейімі жағынан бұған жақын болмауы керек-ті. Соған қарамастан, д'Артаньян оны өзгелерінен көпе-көрінеу артық санайтын. Атостың салауатты, сыпайы сырбаз бейнесі, әдетте өзін көлегейлеп көрсетпей жүретін көлеңкені кей-кейде найзағайдай жарқыратып жіберетін жан сұлулығы, сөйлескен кісі бір жасап қалатын, әрдайым бір қалпынан аумайтын салмақты мінезі, оның мысқылшыл жайдары көңілі, әсте асып-саспайтын салқын қанды сабырдан тумаса, көзсіз деп санарлық ерлігі — міне осы қасиеттерінің бәр-бәрін д'Артаньян дос көңілден құрметтеп қана қоймай, оған таң қалып, тәнті болушы еді.
Шынында да сарай маңындағы сәнқой да салауатты де Тревиль мырзамен қатар жүргеннің өзінде, егер көңілді болса, Атос онымен мықтап түсіп жатар еді; ол орта бойлы, дембелше болса да, денесі құрыштан құйылғандай шымыр, сұңғақ сол себепті де зәуіменен белдесе қалса, қара күшімен мушкетерлер арасында аты аңызға айналып кеткен, Портос сияқты алыптың өзін жығып тастайтын; ал өткір көзді, қыр мұрынды, Бруттың иегіндей салқы иекті құбылмалы жүзі бірде жадырап мейірлене қалса, енді бірде өктемси сазарып кетеді, ал, өзі тіпті назарын да салмайтын қолы, өз қолын ұдайы бадам-сабынмен жуып, хош иісті маймен сылап-сипап жүрегін Арамистің ішін күйдіретін, оның даусы да әуезді, күмбірлеп қоңыржай естілетін. Әрдайым жұрт көзіне түспей, елеусіз жүруге тырысатын Атостың кісі ақылы жетпейтін бір қасиеті — зиялы қауымды, әсіресе оның ең жоғарғы сәулетті тобының әдет-ғұрпын, салт-санасын жетік білетін және оның күллі жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінің ізгі тәрбиенің көргенділіктің нышаны танылып тұратын.
Ал, әңгіме қонақасы жайында бола қалса, Атос оны кез келген білікті-көргенді кісіден артық реттер еді, әрбір мейманды ата-тегіне, өзінің қоғамнан алатын орнына, жай-жағдайына сай, орын-орнына жайғастырып отырғызар еді. Егер сөз геральдика жайлы бола қалса, Атос корольдіктің күллі дворяндарының фамилияларын, олардың ата-тегін, семьялық қарым-қатынастарын, гербілерін (таңбаларын), гербілерінің шығу тарихын кәміл білетін. Ал, этикетте оған бимәлім уақ-түйек болмайтын; алпауыт жер иелерінің қандай праволары бар екені оған бес саусағындай белгілі-тін, ит жүгіртіп, құс салудың білікті шебері саналатын Атос, осынау қызғылықты өнер жайлы бір күні зәуіменен әңгіме-сөз туып кеткенде, аңшылықтың осы түрінің кәнігі маманы король Людовик ХIIІ-нің өзін қайран қалдырғаны бар.
Өз заманының күллі асыл текті бекзадалары сияқты, ол да ат құлағында ойнайтын шабандоз, керемет сайыскер-тін. Оның жан-жақты терең білімі бір басына аз болғандай-ақ, Атос тіпті сол дәуірдің дворяндары оқып-зерттей бермейтін, схоластика ғылымы саласындағы оқымыстылығы сонша, Арамистің лепірте айтатын, ал, Портостың айқын түсінемін дейтін латын сөздерін естігенде жымиып күліп қана қоятын; Арамис латын тілінен екі-үш рет граматикалық қате жібергенде, ол дос-жарандарын аң-таң қалдырып, етістікті қажетті шағына, зат есімді қажетті септік жалғауына қойған-ды. Ал, әскери адамдар ар-ұяты мен діни сенімдерінен оп-оңай ауытқып, ғашықтар құпия сырын, біздің кезімізге тән опасыздықпен жайып жіберіп, кедейлер болса — құдайдың жетінші өсиетінен тайып жатқан сол бір азған заманда, Атос адалдығына кір шалдырып көрген емес-ті. Бір сөзбен айтқанда, Атос айрықша жаратылған ғажайып жан еді.
Бірақ осынау нәзік сезімді тамаша адам, салауатты ақыл иесі бағзы бір кездері, қайрат-жігері қалай қайтып, зейін-зердесі қалай кемитінін өздері де байқамай қалатын шалдар сияқты, күнделікті сұрқай тірліктің өзін бірте-бірте езіп-жаншып, жасытып тастағанын сезбей қалатын. Сондай бір сәтсіз сағаттарда (ондай сағаттар аз емес-ті) Атостың кеудесіндегі жақсылық пен жарықтың бәрі сөніп, жадыраңқы жарқын жүзін қараңғы түнек күргейлеп, көрсетпей тастағандай болатын.
Пайғамбардай әулие ғайып болып, адам бейнесіндегі бір пенде қалатын. Басын төмен салып, бірер сөзді тілі күрмеліп әрең айтып, шыныға, стаканға немесе кейде Гримоға ұзақ уақыт бойы өлімсірей қарап, меңірейіп отыра берер еді, ал, қожасының ым-жымына бас иіп әдеттенген Гримо болса, Атостың жанары сөнген әлсіз көзқарасынан не тілеп отырғанын сезіп, соны дереу орындай қоятын. Ал, егер көңілдес достары осындай ауыр сәттерде бас қоса қалса, Атос әзер дегенде екі-үш ауыз сөз айтып, ортақ әңгімеден тыс, қағыс қалар еді. Мұның есесіне ол шарапты төртеуі үшін жалғыз ішетін, бірақ қабағын түйіп, бұрынғыдан бетер мұңая түскені болмаса, тіпті де сыр бермейді.
Д'Артаньян әр нәрсені көргіш те сезгіш ақылды, зирек жас болғанымен, қанша құмартса да, әлі де ойындағы сауалға жауап таба алмай келеді: осынау үмітсіз күйректіктің сыры неде, оны тудыратын нендей жайт — міне, соны біле де, таба да алмай жүр. Атос ешкімнен ешқашан да хат-хабар алмайды және дос-жарандарынан жасырып бірде-бір әрекет жасап көрген емес.
Оның осы бір мұң-шерін шарап тарқатады деп айтуға тіпті де болмайтын еді, өйткені ол шарапты сол жабыққан көңілін көтеру үшін ішетін, бірақ жоғарыда айтқанымыздай, сол шипалы су оның мұң-шерін бұрынғыдан бетер күшейте түсетін. Сол сияқты оның осындай зарығып-торыққан кезін құмар ойынның әсері деп те айтуға болмас еді, құбылмалы тағдырдың әрбір бұрылыс-қалтарысын өлеңдетіп-әндетіп, боқтап-боралап жүріп, қиналыссыз ұзатып салатын Портостан бір айырмасы, Атос құмар ойынында ұтса да, ұтылса да сыр бермей, самарқау-селсоқ күйде маңқиып отыра беретін, Бір күні мушкетерлермен алқа-қотан отырып, Атос бір-бірімен пистоль ұтып алады да, оны сол арада алтынмен зерлеген иықбауына қоса ұттырады, сосын осының бәрін, үстіне тағы жүз луидор қосып қайта ұтып алады — сонда оның әсем қара қасы бір рет дір етіп керілмейді, балғын қолының реңі бұзылмайды, сол байсалды қалпынан жайма-шуақ сұхбатты кеңес сол байсалды қалпынан бір таңған жоқ дейді.
Біздің көршілеріміз — ағылшындар сияқты, оның қабағының салыңқы жүретіні ауа райына да, жауын-шашынға да байланысты емес-ті, жылдың әрбір жақсы айларында ол тіпті торығып кететін: июнь, июль айлары — Атостың еңсесін көтертпейтін ең ауыр айлар еді.
Тап қазіргі кезде ол мұң-шер дегенді білмейтін, ал онымен болашақ туралы сырласа қалса, иығын бір қысып қоя салатын: демек д'Артаньянға жеткен көмескі сыбысқа қарағанда, оның шерлі көңілінің сырын өткен күндер жасырған тәрізді.
Атос атын күргейлеген тылсым сыр оған жұртты қызықтырған үстіне қызықтыра түсті, ол қанша ессіз мас болып қалғанымен, кейбіреулер жіңішкелеп жымысқы сауал қойғанда, не сөзімен, не көзімен сыр шашқан емес.
— Қайдам, — деді естіртіп д'Артаньян. — Бәлкім, Атос байғұс қазіp өліп те қалған шығар, ендеше оған ең әуелі мен кінәлімін. Сол бір шатаққа ол тек мен үшін ғана келіп килікті, оның неден басталып, немен бітетінін де білген жоқ және содан өз басына тырнақтай да пайда табуды ойламады.
— Басқасын былай қойғанда, сударь, — деді Планше, — несін жасырамыз, біз аман қалғанымыз үшін тек соған ғана борыштармыз. Есіңізде ме, ол: «Д'Артаньян, алға! Мен тосқауылға кезіктім!» —деп айқайлады ғой. Ал, сосын қос пистолетін гүрс-гүрс атты да, шпагасын зыңылдатып, жанталаса айқасып кетті. Тап бір жиырма адам немесе қаны қызып құтырынып алған жиырма дию шайқасып жатқандай болды-ау!
Бұл сөздерден кейін д'Артаньян тіпті жанығып кетті, ол онсыз да құйғыта шауып келе жатқан атына тақымын басты.
Ертеңгі сағат он бірдің кезінде жолаушылар алыстан Амьенді көрді, ал, он бір жарым шамасында қарғыс шалған шарапхананың алдына келіп, ат басын тіреді.
Д'Артаньян сол бір зұлым қожайыннан кегімді айыз қанғандай етіп қайтарсам деп көп-көп ойланатын, содан көңілі біраз жұбаныш тапқандай болатын. Сонымен ол қалпағын көзіне түсіріп, сол қолымен шпагасын сабынан ұстап, оң қолындағы дойырын сермеп қойып, еркін басып шарапханаға кірді.
— Мені таныдыңыз ба? — деді ол иіліп тәжім етіп, жақындай берген қожайынға.
— Танымадым, шарапаттым, — деді ол Д'Артаньянның тұла бойын құрсаған қару-жарағына тура қарай алмай жасқанып.
— Е, сіз мені танымадым деңіз!
— Жоқ, шарапаттым.
— Хош, ендеше бір-екі ауыз сөзбен түсіндірейін. Осыдан екі аптадай бұрын, жалған ақша жайып жүрсіз деп айып таққан дворянинді қайда жібердіңіз?
Шарапханашы қуарып кетті, өйткені д'Артаньян қаһарланып төніп қалғанды, ал, Планше айнытпай соның қимылын қайталап шыққан.
— Ах, шарапатты мырза, сіз маған соны айтпай-ақ қойыңызшы! — деді шарапханашы шағынып. — О құдайым-ай, сол қатемнің жазасын тарттым-ақ! Менің өзім бір жолым болмайтын бақытсыз сорлымын!
— Мен сізден: сол дворянинге не болды? — деп сұрап тұрмын.
— Рақым етіп әуелі менің сөзімді тыңдаңызшы, шарапатты мырза, қайырымды болыңызшы! Отырыңыз, рақым етіңіз.
Алагүлік көңілі өрекпіп, ашу буған д'Артаньян тап бір судья сияқты, түнеріп отыра кетті. Планше оның артына қасқайып тұрып алды.
— Оқиға былай болған еді, шарапатты мырза... — деді шарапханашы қорыққанынан қалтырап. — Мен сізді енді таныдым. Әлгіде өзіңіз сұраған мырзамен жанжал басталған кезде, асығыс кетіп қалған сіз бе едіңіз?
— Иә, мен. Егер осыдан бар шындықты айтпасаңыз, менен ешбір рақым күтпейтініңізді өзіңіз де жақсы түсінген боларсыз.
— Ендеше, мархабат көңіліңізбен тыңдайтын болыңыз, мен болған оқиғаны жасырмай, бүкпей айтып берейін.
— Зейінім сізде.
— Басшылар, қасындағы бірнеше жолдастарымен бірге сіздің тракторге әйгілі жалған ақша жасаушы барып тоқтайды, олар гвардияшылар мен мушкетерлердің киімін киіп барады, деген хабар берді бізге. Шарапатты мырзалар, сіздердің кескін-кейіптеріңіз, аттарыңыз бен қосшыларыңыз — бәр-бәріңіз дәлме-дәл суреттелген еді...
— Сосын, сосын! — деді д'Артаньян, мына дәл мәліметтерді кім бергенін бірден сезе қойып.
— Сол себепті де, маған көмекке деп алты адам жіберген басшылардың бұйрығына бағындым да, әлгі жалған ақша жасаушы дегендерді ұстау үшін қажетті шаралардың бәрін қолдандым...
— Тағы айтын ба! — деді д'Артаньян, «жалған ақша жасаушы» деген сөз құлағын кесіп кеткесін.
— Шарапатты мырза, сондай нәрсені айтқаным үшін сізден кешірім сұраймын, бірақ мені ақтайтын да сол сөздер ғой. Басшылар мені қатты қорқытты, ал, шарапханашы басшылармен тату-тәтті болуы керек екенін өзіңіз де білесіз.
— Сізден тағы сұрайтыным: сол дворянин қайда? Оған не болды? Ол тірі ме, өлі ме?
— Сабыр, шарапатты мырза, қазір біз оған да жетеміз. Сонымен, өзіңізге мәлім оқиға болды... сіздің асығыс кетіп қалғаныңызды ақтайтын оқиғаны айтамдағы, — деді қожайын жымысқы кейіппен, д'Артаньянның назарынан бұл да қағыс қалмады. — Сол дворянин, сіздің досыңыз, жан ұшыра қорғанды. Оның қызметшісі осында жіберілген, жылқышы болып киініп алған солдаттармен шекісіп қалады...
Ах, сұмырай! — деді д'Артаньян дауыстап. — Бәрің ауыз жаласып қойған екенсіңдер ғой, сендерді жусатып тастамай, аңқиып қарап отырғаныма өзім де таң қаламын.
— Жоқ, шарапатты мырза, бір өкінішті нәрсе, бәріміз бірдей ауыз бірлікте болмаппыз, қазір оған өзіңіздің де көзіңіз жетеді. Сіздің досыңыз сөз жоқ, оның бір қадірлі есімі де бар шығар, соны атамағаныма кешірім өтінемін, өйткені оның атын біз білмейміз — қош, сонымен сіздің досыңыз пистолетпен атып, екі солдатты қырып салды да, шпагасымен жауларын жасқап, кейін шегіне берді, сосын менің бір дәйекшімді мертіктіріп, өзімді сүңгісінің жалпақ жағымен ұрып талдырып тастады...
О сұм жендет, сөзіңді бітіресің бе, жоқ па,— деді д'Артаньян айқайлап . — Атос қайда? Атосқа не болды?
— Жаңа өзіңізге айттым ғой, шарапатты мырза, шегініп бара жатып, ол подвалға түсетін басқышқа тап болды, подвалдың есігі ашық тұрған, ол кілтті қағып алып, есікті жауып, ішінен бекітіп іліп қойды. Бәріміз де оның енді қайтып шыға алмайтынын білдік те подвалға түсуіне кедергі жасамадық...
— Бәсе, оны өлтіру сендердің ойларыңда да болмаған, тек қамауға алғыларың келген екен ғой! — деді д'Артаньян.
— Қамауға дейсіз бе, құдай сақтасын! Ант етейін, шарапатты мырза, ол өзін-өзі қамады! Ал, соның алдында ғана ол жасайтынын жасады: бір солдат тілсіз кетті де, екеуі жараланды. Өлгені мен жаралыларын көтеріп, серіктері кетіп қалды, қазір олар жайлы ештеңе де білмеймін. Ал, өз басым есімді жинағасын, губернатор мырзаға барып, болған оқиғаны түгел баяндап бердім-дағы, тұтқынды қайтемін, деп сұрадым. Бірақ губернатор аспаннан түскен кісідей-ақ: бұл әңгімеге мүлде түсінбейтінін, маған берілген бұйрықтың өзінен шықпағанын айта келіп, егер сіз бақытсыз сорлы, осынау сойқан іске губернатордың қатысы болды деп біреуге айттыңыз бар ғой, онда мен сізді дарға асуға әмір етемін, — деді. Шамасы, мен жаңсақ басып, біреудің орнына екінші біреуді ұстаған болуым керек, ал, ұсталуға тиіс кісі сытылып кеткен сияқты.
— Атос қайда, Атос? — деді айқайлап д'Артаньян, осынау іске жергілікті өкіметтің көзқарасын білгеннен кейін ол шынымен-ақ қаһарына мінді. — Атосқа не болды?
— Тұтқын алдындағы кінәмды тезірек жумақшы болдым-дағы,- Мен оны шығарып жіберейін деп погребке бардым. Ах, сударь, ол адам емес, нағыз дию болып шықты! Мен оған босатып жіберейін деп едім, ол: бәрібір тұзаққа түсірдіңдер, мен енді өз шарттарымды қоймай, далаға шықпаймын, — деді. Ұлы ағзамның мушкетеріне қол жұмсап, өзімді қандай халге түсіргенімді сездім-дағы, мен оған: сіздің шартыңызды орындауға әзірмін, деп иіле жауап қаттым. — Ең әуелі, — деді ол, — маған қызметшімді толық қаруымен қайтарып берулеріңізді талап етемін. Бұл бұйрық дереу орындалды; сіздің досыңыз не тілесе, соны орындауға әзір болғанымызды өзіңіз де түсінген боларсыз. Сонымен, Гримо мырза — өзі тұйық екен, сонда да атын бізге айтты — иә, Гримо мырза жараланғанына қарамастан погребке түсірілді. Қожасы қызметшісін қабылдап алды да, есікті жауып, енді өз беттеріңмен жүре беріңдер, деді.
— Ол қайда деймін? Атос қайда? — деді д'Артаньян ақырып.
— Погребте, сударь.
— Оңбаған, сен оны әлі погребке қамап қойғансың ба?
— Құдай сақтасын! Жоқ, сударь. Біз оны погребте ұстап қайтеміз! Оның сол погребте не істеп жатқанын білсеңіз етті! Ах, судар, егер сіз оны погребтен шығара алсаңыз, мен сізге өле-өлгенше разы болар едім, жарылқаушы періштем деп мінәжат айтар едім сізге!
— Хош, ол погребте ме? Қазір оны таба аламын ғой?
— Әлбетте, сударь. Қасарып шыққысы келмейді тіпті. Біз оған күн сайын айырға шаншып, саңылаудан нан береміз, қаласа, ет те береміз, бірақ бізді сорлатқан, оның негізгі тамағы нан да, ет те емес. Анау күні мен қасыма сойталдай-сойталдай екі жігітті ертіп, төменге түсейін деп едім, ол өлердей ашуланды. Мен оның пистолеттің шүріппесін, ал — қызметшісі мушкеттің шүріппесін қайырып жатқанын есіттім. Біз одан не істегелі жатырсың, деп сұрағанымызда, өлі қызметшім екеуміздің қырық оғымыз бар, солардың бәрін тауысқанша бірде-біреуіңді погребке жібермейміз, деді, Содан кейін шағым айтып, губернаторға барып едім, ол маған, өзіңе де сол керек, шарапханаңа келген дегдар мырзаларды қорламауыңа бұл енді саған сабақ болады, деп жауап қайтарды.
— Хош, сонда әнеугіден бері... — д'Артаньян шарапханашының сүмірейіп тұрған мүсәпір кейпін көріп, шыдамай күліп жіберді.
Иә, әнеугіден бері, — деді шарапханашы сөзін жалғап, — біздің хәліміз қиындап кетті, сударь, өйткені біздің күллі ішіп-жейтін азығымыз погребте сақталушы еді. Шыныдағы шараптар, кеспектегі шараптар, сыра, өсімдік майы, қалампыр, бұрыштар, шошқа майы мен шұжықтар — күллісі сонда. Бізге төменге түсуге тыйым салынған себепті, осында қонуға-түстенуге келген саяхатшы жолаушыларға ішімдік, тағам бере алмайтын болдық, енді мейман-жайымыз күн санап құлдырап, азып-тозып барады. Егер сіздің досыңыз погребте енді бір апта отырса, біз біржолата ақсирақ болып құримыз.
Өзіңе де сол керек, сұмпайы! Біздің жалған ақша жасаушы емес, дұрыс адамдар екенімізді түр-пішінімізден-ақ тануға болатын еді ғой?
— Иә, сударь, сіз дұрыс айтасыз.., — деді қожайын. — Әне, тыңдаңызшы, ол тағы долданып жатыр.
— Оны мазалаған шығар, — деді д'Артаньян дауыстап.
— Енді қайтеміз? Бізге ағылшынның екі бірдей ақсүйегі келіп жатыр — деді қожайын оған.
— Келсе келе берсін, бәрібір,
— Бәрібіріңіз қалай? Ағылшындардың тәуір шарапты жақсы көретінін өзіңіз де білесіз, сударь, ал, мыналар ең таңдаулы шарапты сұрап жатыр. Шамасы, менің әйелім мына мырзаларға талап еткен тағамын бермекші болып, Атос мырзадан төменге түсуге рұқсат сұраған шығар, ал, ол әдетінше кіргізбей қойған болар... Жарылқаушы жан ием-ай, бәле тағы басталды ғой!
Шынында да погреб жақтан бір шаң-шұң дауыс естілді. Д'Артаниян орнынан тұрды, қожайын шарасыздықтан өз қолын өзі уқалап, мұны погребке қарай бастады, Планше мушкетін кезеніп, бұлардың соңынан ерді.
Ағылшындар да қатты реніш білдіріп жатты: олар ұзақ жол жүріп, қатты ашығып, шаңырқап қалған-ды.
— Бұл барып тұрған зорлық! — десті олар, тілінің аздаған мүкісі болмаса, французша сайрап тұр. — Осындай қайырымды кісілердің өз шарабын өзіне билетпейтін анау бір есуас жынды ғой! Біз қазір есікті сындырамыз, ал, егер ол шыннан жынданып кететін болса, біз оны өлтіреміз, сонымен іс тамам!
— Тынышталыңыз, мырзалар! — деді д'Артаньян белінен пистолеттерін алып. — Ғафу етіңіздер, сіздер бірақ ешкімді де өлтіре алмайсыздар.
— Ештеңе етпейді. Ана мақтаншақтарды бері жіберіңіз, әуселесін көріп алайық, — деген Атостың байсалды даусы естілді іштен.
Ағылшындар қанша батыр болғанымен күмілжіп бір-біріне қарасты. Погребте кісі жейтін бір тажал, ертекте кездесетін дәу отырғандай, ешкім оның үстіне емін-еркін кіре алмайтындай көрінеді.
Бір сәт бәрі де тыныштала қалды, ағылшындар шегініп кетуге арланды білем, ызақор біреуі ашу үстінде басқышпен бес-алты тепшек төмен түсіп барып, есікті мықтап тұрып бір тепті, ол мына түрімен тас қабырғаны тесіп жібергендей еді.
— Планше, — деді д'Артаньян пистолеттерінің шүріппесін қайырып, — мен мына жоғарыдағысын өзіме алам, сен төмендегісімен шұғылдан... Кәне, мырзалар, сіздер атысуға әзірсіз бе? Өте жақсы, кәне, ендеше атысалық!
— Ақтағалам-ай! Мен осы Д'Артаньянның даусын есіттім бе, қалай?.. — Іштен Атостың даусы күңгірлеп шықты.
— Сен қателескен жоқсың, — деді д'Артаньян даусын қаттырақ шығарып, — бұл мен ғой, досым!
— Бәрекелде! — деді Атос. — Олай болса, біз ана сабаздардың сыбағасын береміз.
Ағылшындар шпагаларына жармасты, бірақ олар екі оттың ортасында қалып еді. Тағы бір секундтай олар кібіртіктеп тұрды, бірақ намысқа тырысып, погреб есігін шіреніп екінші рет тепкенде ол қақырап жарылып кетті.
— Жалтар, д'Артаньян, жалтар! Қазір мен атамын! — деді Атос айқайлап.
— Мырзалар! — деді д'Артаньян ол ешқашанда ақылын ашуға жеңдіріп көрген емес. — Өз жағдайларыңызды ойлаңыздар... Атос, бір минут қоя тұрыңызшы. Мырзалар, сіздер бір сойқанды іске ұрынғалы тұрсыз және ұзамай бораған оқтан шұрқ тесік боласыз. Біз, дәйекшіміз екеуміз, сіздерге үш оқ жолдасақ, подвалдан да сонша оқ келеді. Бұған қоса шпагаларымыз тағы бар, сенсеңіздер, біз, досымыз екеуміз, оны жап-жақсы жұмсай да білеміз! Маған кедергі жасамаңыздар, сонда мен сіздердің істі де, өзімнің ісімді де жайғастырамын. Тап қазір сіздерге жақсы ішімдік әкеліп береді, менің сертім осы!
— Әрине, шарап қалса, — деген Атостың мысқылдаған даусы естілді.
Шарапханашы арқасынан суық тердің бұрқ ете түскенін сезді.
— Егер шарап қалса — дегені қалай? — деді ол күбірлеп.
— Шайтан атсын, қалады шарабың! — деді д'Артаньян. — Сабыр етіңіз... екеуі погребтегі бар шарапты ішіп қойды дейсіз бе!.. Мырзалар, шпагаларыңызды қынына салыңыздар.
— Мақұл. Бірақ пистолеттеріңізді сіз де белдігіңізге қыстырыңыз.
— Шын көңілден қыстырамын.
Д'Артаньянның өзі бастап үлгі көрсетті. Сосын Планшеге бұрылып, мушкетіңді түсір деген белгі берді.
Мұны көзімен көргесін, ағылшындар күңкілдесіп, шпагаларын қындарына салды. Д'Артаньян оларға Атостың қалай қамалғанын айтып берді, екеуі де нағыз джентельмендер екен, күллі кінәны шарапханашыға артты.
— Ал, енді, мырзалар, өз бөлмеңізге барыңыздар, арада бір он минут өткеннен кейін сіздер не қаласаңыз, соның бәрін әкеліп береді, — деді жігіт.
Ағылшындар тәжім етіп, кетіп қалды.
— Енді мен жалғыз өзім қалдым, сүйікті Атос! — деді д'Артаньян. — Өтінемін, есікті ашыңыз!
— Қазір, — деді-Атос.
Іштен буылған шөпшектің тарсылдап құлағаны, бөренелердің сықыры естілді: қамалғандар енді есікті бастырған ағаштарды алып тастап жатыр еді.
Енді бір секундтан кейін есік ашылып, саңылаудан Атостың аппақ жүзі көрінді, ол айналасын көзімен бір шолып өтті.
Д'Артаньян досына тұра ұмтылып, оны абайлап құшақтай алды; сосын оны қолтығынан демеп, осынау түнерген мекенінен алып кетті, Атостың теңселіп келе жатқанын ол енді ғана байқады.
— Сіз жаралысыз ба?— деді ол.
— Мен бе? Тіпті де жаралы емеспін. Мен өлердей маспын, мәселе сонда. Осындай күйге түсу үшін ешбір адам ешқашанда тап мендей еңбектеніп көрген жоқ шығар... Құдай атымен ант етейін, қожайын, менің еншіме, шамасы, жүз елу шыныдан кем шарап тимеген шығар!
— Аяңыздар мені! — деді қожайын бажылдап. — Егер қызметшісі қожасы ішкен шараптың жартысын ішсе болғаны, менің су түбіне кеткенім.
— Гримоны тәртіпке әбден үйретіп қойғанмын, ол мен ішке шараптан өлсе де ішпейді. Ол тек кеспектен ішті. Айтпақшы, ол тығынын жабуды ұмытып кетті ғой деймін. Есіттіңіз бе, бірдеңе ағып жатыр?
Д' Артаниян мәз болып күліп жіберді, ал, қожайын байғұс судан отқа түскендей, әлгіде тоңып тұрса, енді терлеп кетті.
Сол мезетте Атостың артынан мушкетін иығына салып, Гримо шықты, рубенстің маскүнем сатирлері сияқты, оның, басы селкілдеп келеді. Омырауы мен арқасына жолақ-жолақ болып бірдеңе төгіліпті, қожайын оған бір қарағаннан өзінің зәйтүн майы екенін бірден біле қойды.
Бұлар қаздай тізіліп, үлкен бір залдан өтті де, мейманхананың Д'Артаньян сұраусыз алған, ең таңдаулы бөлмесіне келіп орналасты.
Тап сол кездері қожайын мен әйелі қолдарына шам алып, ұзақ уақыт бойы кіруге тыйым салынған погребке қарай тұра ұмтылды; келсе — бұл араның ойран-ботқасы шығып жатыр екен.
Атос ортасынан жарып өткен, бау-бау шөпшектерден, кеспектер мен тақтайлардан, стратегиялық өнердің ережелеріне сай жасалған бекіністе төгілген шарап пен май шалшықтарына малынып, олар, бұ жерден еті желінген сүйектер көрінеді, погребтің сол жақ бұрышында шынылар сынығы үйіліп жатыр; аузы ашық қалған кеспек «қанының» соңғы тамшылары тырс-тырс тамады. Ежелгі мынадай ақынның сөзімен айтсақ, соғыс даласы сияқты, бұл әрекет аралағандай қаңырап құлазып жатыр.
Төбедегі өрліктерге ілінген елу шұжықтың он шақтысы ғана қалыпты.
Қожайын мен оның әйелінің бажылдаған дауыстары погреб төбесін көктей өтіп, сыртқа жетіп еді, байғұстарды д'Артаньянның өзі де аяп кетті. Атос оған пысқырып та қараған жоқ.
Бірақ «мал ашуы — жан ашуы» емес пе, жаны күйген қожайын, өзін-өзі ұмытып, қолына түскен бір сүйменді ала салып, екі дос келіп орналасқан бөлмеге жетіп келді.
— Шарап әкел! — деді Атос оны көрісімен.
— Шарап! — деді қожайын қайран қалып, — қайдағы шарап! Ойбай-ау, сіздер жүз пистольден артық шарап іштіңіздер! Мен сорлы тақыр кедей болып қалдым, өлдім, құрыдым!
— Жетті! Біз тіпті шөлімізді де қандырған жоқпыз.
— Егер сіздер ішіп қана қойған болсаңыз, уақа емес, сіздер шыныларды қиратып кетіпсіздер.
— Сіз мені жинаулы шыныларыңыздың үстіне итеріп жібердіңіз, сосын олар шашылып құлап қалды. Оған өзіңіз кінәлісіз.
— Менің күллі майым рәсуә болыпты.
— Май — жарақатқа шипа екен. Гримо байғұс сіздер салған жарасын емдемегенде қайтеді.
— Шұлықтарымның бәрін құртыпсыздар!
— Погреб іші құжынаған егеуқұйрық.
— Сіз маған бәрінің де құнын төлейсіз! — деді шаңқылдап, терісіне сыймай кеткен қожайын.
— О сұмырай! — деді Атос орнынан тұра беріп, бірақ әлі бітіп, қайтадан орындығына сұлқ отыра кетті.
Д'Артаньян оған көмекке келіп, қамшысын көтере берді.
Қожайын бір қадам кейін шегініп, жылап жіберді.
— Бұл сізді мұнда құдайдың өзі жіберген жолаушыларға кішіпейіл болуға үйретеді, — деді ол.
— Құдай дейді! Одан да әзәзіл-пері десеңізші!
— Ей, шырақ, — деді д'Артаньян оған қыр көрсетіп, — егер сен осылай бажылдап, құлағымызға тыныштық бермейтін болсаң, онда біз қазір төртеуміз барып, погребіңді жауып аламыз да, қанша шығын шеккеніңді өзіміз тексереміз.
— Қойдым, мырзалар, қойдым. Кінәлы өзім екенін де мойындаймын, бірақ дүниеде кешірілмейтін күнә жоқ. Сіздер асыл текті мырзасыз, мен бір жүрген мүсәпір шарапханашымын, аяңыздар мені!
— Е, әңгімең енді жөнделейін деді! Бүйте берсең сен менің көңілімді елжіретіп жіберерсің де, кеспегінен аққан шарап сияқты, менің көзімнен де жас парлап кетер. Біз онша кісі қорқатын жандар емеспіз. Кәне, бері кел, сөйлеселік.
Қожайын үркектеп жақындай берді.
— Саған айттым ғой, қорықпа, жақын кел деп. Әнеугүні саған ақша төлеймін деп стол үстіне әмиян қойғанмын.
— Дұрыс айтасыз, шарапатты мырза.
— Әмиянда алпыс пистоль бар-тын. Қайда сол ақша?
— Сот кеңсесіне тапсырылған-ды, шарапатты мырза. Олар жалған ақша делінгесін мен қайтейін.
— Ендеше, сол әмиянды қайта таптырып алдағы, алпыс пистольді қалтаңа сал.
— Шарапатты мырза, сот чиновниктерінің қолына бір түскен ақшаны қайтармайтыны өзіңізге де белгілі ғой. Егер олар жалған теңге болса бір сәрі, онда олардан үміт үзбеуге болады, бірақ менің сорыма қарай, ол нағыз ақша болып шықты емес пе.
— Сотпен өзің келісе жатарсың, бауырым, онда менің жұмысым жоқ, ал қазір қалтамнан көк тиын да таба алмайсың.
— Айтпақшы, Атостың аты қайда осы? — деді д'Артаньян әңгімеге араласып.
— Қорада.
— Ол қанша тұрады?
— Елу пистольден аса қоймас.
— Аттың құны сексен пистоль делік. Сен соны ал, сонымен сөзді доғаралық.
— Қалай? Сен менің атымды сатпақшысың ба? Менің Баязетімді? — деді Атос таңырқап. — Жорық-жортуылға қалай шығамын — Гримоға мініп шығамын ба?
— Мен саған басқа ат әкелдім, — деді жігіт,
— Басқа ат?
— Өзі керемет! — деді қожайын дауыстап,
Е, басқа ат болса және өзі жас. жүрдек болса, онда менің атымды алдағы шарап әкел.
— Қандай шарап? — деді қожайын жүрегі орнына түскесін, кейбір погребтің түкпіріндегі темір тордың қасында жатқанын. Сол арада әлі жиырма бес шыны шарап бар, қалғаны мен құлаған кезде сынған. Алтауын әкелсең болады.
— Япырай, мынаның өзі адам емес, түпсіз кеспек қой, — деді қожайын күбірлеп. — Егер ол осында тағы бір-екі апта тұрып, ішкен - жегеніңнің бәріне төлейтін болса, мен шаруамды біраз жөндеп алар едім.
Сол шараптың тағы бір төрт шынысын ағылшын мырзаларға апарып беруді ұмытпа, — деді д'Артаньян қосымша.
Ал, енді шарап келгенде, д'Артаньян, сен маған қалған серіктеріміздің қайда жүргенін айтып берші, — деді Атос сөзін талғап.
Д'Артаньян Портосты аяғының буыны тайып, төсек тартып жатқан жерінен тауып алғанын, ал, Арамиспен екі ғұламамен бірге стол басында әңгіме-дүкен құрып отырған жерінде жолыққанын айтып берді. Ол әңгімесін аяқтай берген кезде әлгіде айтылған шарап пен погребтен басқа жерде сәтімен сақталып қалған бір шикі шошқа етін табаққа салып, қожайын да жетті.
— Бәрекелде, — деді Атос, д'Артаньян мен өзіне шарап құйып жатып, — Портос пен Арамис жөнінде айттық. Ал енді, достым, менің жағдайың қалай, не көріп, не білдің? Меніңше, сенің қабағың түсіп кеткен тәрізді?
— Қырсық шалғасын қайтерсің, лаж бар ма, бәріңнен де мен бақытсыз болдым ғой, — деді жігіт.
— Мына сен бақытсызсың ба, д'Артаньян! Не болды сонша! Айтшы кәне! — деді Атос дегбірсізденіп.
— Кейін айтармын, — деді д'Артаньян.
— Кейінді қой! Тап қазір неге айтпайсың? Сен мені мас деп ойлайсың ба? Досым, есінде болсын: шарап ішіп отырған кезде менен ақылды адам болмайды. Кәне, сөйле, құлағым сенде, Д'Артаньян оған Бонасье бикенің оқиғасын айтып берді.
Атос оның сөзін жайбарақат отырып тыңдады.
— Осының бәрі түк емес, — деді ол, д'Артаньян сөзін бітіргесін, — түк те емес.
«Түк емес» — Атостың жақсы көретін сөзі еді,
— Сіз бәрін де түк емес деп жүре бересіз, сүйікті Атос, — деді д'Артаньян, — өзі өмірінде әйелге ғашық болып көрмеген кісінің сөзінде береке болушы ма еді.
Атостың кілбиген көзі бір сәт жалт етіп жанды да, қайтадан сөніп, бұлдырап тұманданып кетті.
— Оның рас, мен өмірде ғашық болып көрген емеспін, — деді Атос самарқау.
— Ендеше мен сияқты сезімтал адамдарды айыптап, ағаттық жасап отырғаныңызды өзіңіз де аңғарған шығарсыз, тас бауыр досым.
— Сезімтал жүрек — жаралы жүрек, — деді Атос.
— Солай дегенде не айтпақшысыз.
— Менің айтайын дегенім, махаббат — лотерея билеті, ұтқан кісіге ажал шығады! Сүйікті д'Артаньян, маған сенсеңіз, ұтылып қалғаныңыз кереметтей жақсы болған! Менің айтар ақылым — әрдайым ұтыла беріңіз.
— Бике мені жақсы көреді ғой деп ойлаушы едім.
— Солай болып көрінген ғой.
— О,жоқ, ол мені шынында жақсы көретін!
— Баламысың деген! Сен сияқты, ашынасы өзін жанындай жақсы көреді деп ойламайтын, ал, сол аялаған ашынасы көзіне шөп салмайтын еркек бұл дүниеде жоқ.
— Сізді есептемей-ақ қоялық, Атос: ешқашанда ашына көрмеген жансыз ғой.
— Оның рас, — деді Атос біраз үнсіз отырып, — менде ешқашанда ашына болып көрген емес! Ішелік!
— Олай болса, ойшыл философым, мен өзіме ақыл-кеңес, жұбатушы іздеп жүрген жанмын, қолтығымнан демеп, енді не істейтіндігімді үйретіңіз.
— Жұбат дейсіз бе? Қалай?
— Бақытсыз шерлі көңілімді аулаңыз.
— Сіздің бақытсызбын дегеніңізге күлкім келеді, — деді Атос иығын қушитып. — Мен сізге бір махаббат тарихын айтып берсем, не дер екенсіз!
— Өзіңіз бастан өткеріп пе едіңіз?
— Ол менің бір досымның басынан өткен шығар, бәрібір емес пе?
— Айтыңыз, Атос, айтыңыз, ендеше.
— Кел, ішелік, дүниеде осыдан артық ештеңе де жоқ.
— Ішіңіз де, әңгімені шерте беріңіз.
— Иә, бұл екеуінің бір-біріне зияны жоқ, — деді Атос өз стаканын ішіп, сосын оған шарапты тағы құйып қойды.
— Зейінім сізде, — деді д'Артаньян.
Атос ойланып қалды, ол ойлаған сайын, Д'Артаньянның көз алдында өңі қуқыл тартып, қуарып сала берді. Атостың шарапты көп ішкені сонша, мұнын орнында басқа бір қарапайым кісі болса, ендігі құлап, ұйықтап қалар еді. Ол ояу күйі сандырақтап отырған сияқты. Өле мастың осы бір сандырағынан кісі қорыққандай еді.
— Сіз оны ақиқат тыңдағыңыз келе ме?
— Өтінемін, — деді д'Артаньян.
— Мақұл ендеше, айтқаныңызды орындайын... Менің көп дос-жарандарымның бірі... есіңізде болсын, мен емес, дос-жарандарымның бірі, — деді Атос тұнжырай күліп, — ата-тегі сол мен туып-өскен уәлаяттан яғни Берри уәлаятынан, өзі Дандола немесе Мон-маранси сияқты, асыл текті әулеттен шыққан бір граф, жиырма бес жасқа келгенде махаббат тәңірісіндей таңғажайып, он алтылар шамасындағы бір сұлуға ғашық болады. Уылжыған жасқа тән аңқаулығына қоса сол қызда әйел затына бітпеген ақыл бар еді, өзі қызу қанды бәлекей-ді. Ол еркекке ұнап қала қоймай, еліктіріп-елітіп, мас қылушы еді. Ол священник ағасы-екеуі шағын бір мекенде тұрып жатты. Олар бұл өлкеге басқа жақтан келген кірме болатын; олардың қай жақтан келгенін құдайдың тірі жаны білмейтін; қарындасы сұлу, ағасы құдай деген діндар кісі болғасын ешкім де бұлардың аты-жөнін сұрамаған. Бірақ жұрттың сыбысына қарағанда, екеуі де текті тұқымнан шықса керек. Менің досым сол уәлаяттың билеуші иесі, егер қаласа, әлгі қызды оп-оңай басын айналдырып, дегеніне көндіре алар еді, немесе күшпен көңілдес етер еді, сонда қожаның қолын кім қағар дейсің және әлдеқайдан келген, жан білмейтін бөгде кісілерге кім араша болар дейсің! Бірақ, сорына қарай, ол байғұс адал кісі екен, әлгі қызға үйленеді. Ақымақ, есуас, есек қой!
— Егер ол сол қызға шынымен ғашық болса, оның несі айып? — деді д'Артаньян.
— Тұра тұр, — деді Атос. — Граф оны өзінің қамал-сарайына келіп түсіріп, сол уәлаяттың маңдай алды бибісіне айналдырады. Әділін айту керек, әйел де өз рөлін ойдағыдай орындайды...
— Сосын не болды? — деді жігіт.
— Не болушы еді! Бір күні, графиня күйеуімен бірге аңда жүрген кезде, — деді Атос күбірлеп, сөзін жалғап, — әйел аттан құлап қалып қалады. Граф көмек бермекші болып әйеліне қарай тұра ұмтылады, көйлегі тырсылдап, денесін қыса бергесін, жігіт оны қанжарымен тіліп жібереді, байқаусызда әйелдің иығы жалаңаштанып қалады. Оның иығында не бар еді, кәне, тапшы, д'Артаниян! — деді Атос сақылдай күліп.
— Мен оны қайдан білейін? — деді д'Артаньян.
— Тұңғиық гүлі бар екен. Оған қарғыс таңбасы басылған екен! — деді Атос.
Со замат Атос қолындағы бір стакан шарапты бірден қағып салды.
— Сұмдық екен! Олай болуы мүмкін емес! — деді жігіт дауыстап.
— Ол рас, қымбаттым. Періште дегені қызыл көз пері екен. Сорлы қыз баукеспе ұры болған.
— Граф сосын не істейді?
— Граф өз жер-суын ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстайтын құдіретті қожайын болған, қарауындағы жұртты жазалаймын десе де, рақым етемін десе де еркінде екен. Ол графиняның көйлегін қақ айырып жыртып, оның қолын артына байлап, ағашқа асып кетеді.
— Құдай-ай, сақтай гөр, Атос! Бұл кісі өлтіру емес пе! — деді д'Артаньян дауыстап.
— Иә, соның тап өзі...— деді Атос өліктей қуарып. — Пәлі, бұл қалай? Менің шарабым бітіп қалған ба...
Со замат соңғы шыныны алып, оны аузына апарды да, тұра стаканнан ішкен сияқты, қылқылдатып тартып жіберді. Сосын ол қолымен басын сүйеді. Д'Артаньянның жаны түршігіп, оның алдында үрпиіп тұра берді.
— Содан бері қарай мен өзімді жақсы көретін, өлең-жырдай сүйкімді, сұлу әйелдерден ат құйрығын біржола кескенмін,- деді Атос бойын түзеп, шамасы ол граф жөніндегі әңгімені әлі бітірмесе керек. — Сізге де соны тілеймін. Ішелік!
— Сонымен әйелі өліп қалды ма? — деді д'Артаньян күбірлеп.
— Өлмегенде ше! — деді Атос. — Стаканыңызды әкеліңіз... Ет қайда, безгелдек! — деді ол айқайлап. — Біз енді іше алмаймыз.
— Оның ағасы қайда? — деді д'Артаньян именіп.
— Ағасы дейсің бе?
— Иә, священникті айтам.
— Ах, священник! Мен оны да асыңдар деп әмір етейін деп едім, ол менен бұрын шіркеуін тастап қашып кетіпті.
— Сол оңбағанның кім екенін, сөйтіп, білмей қалдыңыз ба?
— Шамасы, әлгі сұлудың бірінші ашынасы, ұры серігі, «апама жездем сайдың» өзі болса керек, көңілдесін күйеуге беріп, лайықты орнына қондыру үшін де священник болып, жұртты алдаса керек. Ендігі оның да қол-аяғын шапқан шығар деп ойлаймын.
— О құдай, құдайым-ай! — деп күбірлей берді осынау сұмдық хикаядан жаны түршіккен д'Артаньян.
— Сіз мына майлы еттен неге алмайсыз, д'Артаньян? Бұл бір дәмді ас екен, — деді Атос, бір жапырақ етті кесіп, жігіттің тарелкасына салып жатып. — Мынадай еттің погребте болмағанына өкініп отырмындағы. Әйтпесе, әлі де елу шыны шарап ішетін едім.
Бұл әңгімені әрі қарай соза беруге Д'Артаньянның шыдамы жетпеді, ол өзінің ақыл-есінен адасып бара жатқанын сезді. Ол ұйықтаған кісідей басын сылқ еткізіп, қолын жастанып отыра кетті.
— Жастар шарап ішуден қалған екен, ал мынау ең таңдаулы жігіттерден. бірі ғой, — деді Атос бұған қынжыла көз тастап.
XXVIII
ҚАЙТЫП ОРАЛУ
Атостың сұмдық әңгімесінен д'Артаньянның жаны түршігіп кетті, бірақ осы хикаяның көп жері бұған әлі көмескі еді. Өйткені бұл әңгімені ес-түссіз мас кісі екінші бір шала мас кісіге айтқан, бургунд шарабының екі-үш шынысын тастап алғаннан кейін кісінің көзі бұлдырап, басы айнала бастайды ғой, соған қарамастан ертеңіне ұйқыдан оянған кезде кешегі әңгіме зейін-зердесіне тап бір таспен басылғандай-ақ, әр сөзіне дейін ап-анық болып жатталып қалыпты. Көңіліне келген күдікті сейілтіп, айтылған сырдың анық-қанығына көзін жеткізу үшін д'Артаньян кешегі әңгімені қайта жалғамақ болып досының бөлмесіне келді, бірақ Атос дертінен әбден айығыпты, яғни әлемдегі ең сезгіш және өз сырын алдырмайтын сырбаз жанға айналыпты. Хош, мұнымен қол алысып қаннан кейін, мушкетер жігіттің ойындағысын бірден біліп қойды.
Қымбатты дос, кеше мен қатты қызып қалыппын, — деді ол бастап. — Мен оны бүгін ертеңгісін тілім аузыма сыймай, тамырым лыпылдап, шекемнің зырқ-зырқ соққанынан байқадым. Кеше саған кісі ақылына сыймайтын талай сұмдықты айтпасам — оңбай кетейін!
Осыны айтып, көңілдес серігіне тесіле қараған кезде жігіт қыбыжықтап қысылып қалды.
— Қойыңызшы оспақтамай. Егер ұмытып қалмасам, сіз кеше ағат ештеңе айтқан жоқсыз, — деді д'Артаньян оған қарсы дау айтып.
— Солай ма? Бұл ендеше ғажап екен. Мен саған аса бір қайғылы оқиғаны айттым ғой деп ойлап едім.
Осылай деді де, ол жас жігіттің ішінде не жатқанын көргісі келгендей, оған тағы да қадала бір қарады.
— Шамасы, осы мен кеше сізден бетер мас болып қалған болуым керек: есімде ештеңе қалмапты, — деді д'Артаньян.
Бірақ бұл сөз Атостың қаперіне де кіріп-шықпаған тәрізді әңгімесін жалғай берді.
— Сүйікті дос, өзіңіз де байқап жүрген шығарсыз, шараптан әркім өзінше мас болып қалады: біреу қайғырса, екінші біреу көңіл итеріп жатады. Мәселенки, көбірек ішсем болды, мен бір айықпас мұңға батып, бір кезде күтуші әйел құлағыма құйған сұмдық бір қорқынышты оқиғаларды айтқанды жақсы көремін. Бұл — менің бір кемшілігім, шынымды айтсам, үлкен кемшілігім. Ал, егер оны есепке алмасақ, мен шарапты іше білетін кісімін.
Атостың мұны жайбарақат айтқаны сондай, д'Артаньян бұрынғы ойынан қайтайын деді.
— Ах, иә, айтпақшы! — деді жас жігіт, сырғанап ұстатпай қойған бірдеңені есіне түсірмекші болып. — Шынында да әлде түсімде ме, әлде өнімде ме — білмеймін, әйтеуір, біз дарға асылған біреулер жайлы сөз қозғадық қой деймін.
— Бәсе! Міне көрдіңіз бе! — деді Атос, ол аппақ болып бозарып кетсе де, жымиып күлмек болды. — Өзім де солай деп ойлап едім: мен осы бір дарға асылғандардан құтыла алмай-ақ қойдым.
— Иә-иә, — деді д'Артаньян сөзін жалғап, — есіме енді ғана түсіп келеді... Иә, әңгіме... бір минут тұра тұрыңызшы әңгіме бір әйел жайлы болды.
— Тап солай, — деді Атос өліктей қуарып. — Бұл әлгі менің өте жақсы көретін аққұба әйел жөніндегі әңгімем екен, егер мен оны айтқан болсам — өлердей мас болғаным.
— Дұрыс айтасыз, ұзын бойлы, көгілдір көзді, аққұба бір сұлу әйел жөніндегі оқиға, — деді д'Артаньян оның сөзін қостап.
— Иә, және дарға тартылған әйел жайлы...
Сонда өзінің күйеуі, сіздің таныстарыңыздың бірі, дәулетті мырза дарға асыпты, — деді д'Артаньян, Атостан көзін алмай.
— Міне көрдіңіз бе, кісі не айтып, не қойғанын білсе, біреуді осылай нақақтан кінәлай салады! — деді Атос иығын қушитып әлденеге өкінгендей. — Осы бір сертім болсын, д'Артаньян: ендігәрі шарапты көп ішпеймін, бұл бір жаман әдет екен.
Д'Артаньян ләм деп жауап қатпады.
— Айтпақшы, әлгі маған әкелген атыңыз үшін сізге көп paхмет, — деді Атос, әңгіме бағытын шұғыл бұрып жіберіп.
— Ол сізге ұнады ма? — деді д'Артаньян.
— Ия, бірақ өзі мініске онша төзімді болмасқа керек.
— Қателесесіз. Бір жарым сағаттай уақытта мен ол атпен он льедей жер жүрдім, сонда сол жануар Сен-Сюльпис алаңын айналып өткендей-ақ тіпті сыр бермей, ойнақтап шапты да отырды.
— Солай ма! Ендеше өкінетін болдым-ау.
— Өкінгені қалай?
— Е, мен одан айрылып қалғанмын.
— Қалай?
— Оның мәнісі былай болды. Мен бүгін сағат таңғы алтыда тұрдым, сіз әлі қатты ұйықтап жатыр екенсіз, не істерімді білмей, зерігіп кеттім және кешегі тойдан әлі есімді жия алмаған едім. Сонымен, асықпай залға бардым, барсам, кешегі ағылшынымыздың біреуін көрдім, ол пайдакүнем саудагерден ат сатып алмақшы болып түр екен, өйткені кеше аты жолда зорығып өліпті. Мен оған таяп барсам, бір жирен қызылға жүз пистоль беріп жатыр екен. «Білесіз бе, сударь, — дедім мен оған, — менде де бір сатылатын ат бар еді». — «Әлгі досыңыздың дәйекшісі тізгінінен ұстап тұрған ат болса, ол бір керемет, — деді ол маған». — «Сіздіңше қалай, сол ат жүз пистоль тұра ма?» — «Тұрғанда қандай. Сіз оны маған сол ақшаға бересіз бе?» — «Бермеймін, бірақ оны ойынымызға бәске тігемін». — «Ойынымызға дейсіз бе?» — «Сүйек ойынына» Айттым — бітті, сонымен атты ұттырдым да жібердім. Оның есесіне ер-тұрманды қайта ұтып алдым.
Д'Артаньян мұны ұнатпай кіржің ете қалды.
— Осыған ренжіп қалғаннан саумысыз? — деді Атос.
— Несін жасырайын, ренжігенім рас, — деді д'Артаньян. — Шайқас күні бір кісі бізді осы аттарымызға қарап тануы керек еді. Бұл бір өзгеше сыйлық, ықыласы ауған көңілдің тарту-белгісі-тін. Соны бекер-ақ жасаған екенсіз, Атос.
— Қойыңызшы, сүйікті досым! Менің орнымда өзіңіз болсаңыз қайтер едіңіз, тіпті өлердей болып зерігіп кеттім және шынымды айтсам, ағылшын аттарын су қаным сүймейді. Егер күллі іс бізді әлдекімнің тану-танымауына тіреліп тұрған болса, онда қам жемей-ақ қойыңыз, ер-тұрманның өзі жетіп жатыр — оның өзі де анадайдан «кел мұндалап» тұрады екен. Ал енді аттарға келетін болсақ, олардың жоғалғанын бірдеңе етіп түсіндіреміз-дағы. Тіпті шынтуайттап келсек, аттың да ажалы бар! Мәселенки, менің атым жамандатып немесе маңқадан өліп қалар, оны кім білген.
Д'Артаньян бұрынғыдан бетер тұнжырап кетті.
— Қап, әттегене-ай! — деді Атос сөзін сабақтап. — Сіз, шамасы, сол жануарға бауыр басып қалған болдыңыз-ау, мен тіпті әңгімемді әлі бітірген де жоқ едім.
— Сіз тағы нені бүлдіріп едіңіз?
Өз атымды ұттырғаннан кейін — қараңызшы, оған — он, маған тоғыз — құмалақ түсті — мен сіздің атыңызды салып ойнамақшы болдым.
— Бірақ сіз ол ойыңызды жүзеге асырмаған шығарсыз деп ойлаймын?
— Жоқ, қайта мен ол ойымды табанда жүзеге асырдым.
— Ақыры немен бітті? — деді д'Артаньян дызақтап.
— Ойнадым да, жануарды ұтқызып жібердім.
— Менің атымды ма?
Иә, сіздің атыңызды. Оған — сегіз, маған — жеті шыққаны — бір ғана ұпайдың жетпегені... әлгі бір мақалды білуші ме едіңіз?
— Атос, сізге не болған, жынданып кеткенсіз бе?!
— Білесіз бе, сүйікті д'Артаньян, сіз мұны маған бүгін емес, әлгі бір қисынсыз есірік оқиғаларды баяндап жатқан кезде ашуыңыз керек еді. Мен ол жануарды кісі ойына келе бермейтін күллі ер-тұрманымен, қайыс-әбзелімен ұтқыздым.
— Бұл бір көз көрмеген сұмдық екен!
— Сабыр, сабыр, сіз бұл оқиғаны әлі түгел білмейсіз. Егер ойын үстінде қызып кетпесем, мен кереметтей ойыншы болар едім, бірақ ішкен кездегі сияқты, қит етсе делебем қозып кетеді, бұл жолы да...
— Сонда сіз ойынға тағы нені тіктіңіз? Қолыңызда ойнайтын ештеңе қалған жоқ қой.
— Жансақ сөйлеп отырсыз, досым, жансақ: біздің еркімізде әлі де болса сіздің мынау саусағыңызда жарқырап тұрған алмас жүзік бар емес пе, мен оны тіпті кеше байқап қалғанмын.
— Мына алмас! — деді д'Артаньян дауыстап, жүзігін жалма-жан бір сипап.
— Бір кезде менің де асыл алмастарым болған, оның, қадірін бір жаннан кем білмеймін, сол себепті де оның құны мың пистоль деп бағаладым.
— Бірақ сіз менің алмас жүзігімді аузыңызға алмаған боларсыз деген үміттемін? — деді д'Артаньянның үрейі ұшып тұнжырап тіл қатты.
— Жоқ, сүйікті досым. Ойлаңызшы, енді біздің күллі үміт-сеніміміз тек осы алмаста ғана қалды ғой, соны тігіп, мен бүкіл ер-тұрманымызды, аттарымызды, оған қоса жолға қажет ақшаны қайта ұтып ала алатын едім...
— Атос, менің декпірім қашып барады! — деді д'Артаньян күйгелектеп.
— Сонымен, алдымыздағы ойыншыға сіздің алмастың жайын айттым. Оған әлгі соққанның да көзі түскен екен. Шынында да, сүйікті досым-ау, сол шайтан алғырды қастерлеп қайтесіз! Сіз қолыңызға аспандағы жұлдызды жүзік етіп салып жүрсіз және оны жұрт көрмесе екен дейсіз! Ол мүмкін емес, бауырым!
— Қойыңызшы, сүйікті досым, сөзіңізді доғарыңызшы. Шын сөзім — мына түріңізбен кісіні өлтірерсіз, — деді д'Артаньян.
— Хош, біз бұл алмасты әр жүріске жүз пистольден деп онға бөлдік.
— Ах, солай ма! Сіз әзіл қашырып, мені сынағыңыз келеді екен ғой? — деді д'Артаньян, «Иллиада» дастанындағы Ахиллесті Миневра шашынан қалай қамти ұстаса, мұны да ашу-ыза тап солай алқымынан буа бастап еді.
— Жоқ, әзіл айтсам, шайтан атсын. Менің, орнымда өзіңіз болсаңыз не істер едіңіз, соны көрер ме едім! Ұзақ екі апта бойы мен құдайдың тірі жанының жүзін көрген жоқпын, шынымен сырласам деп тағыланып кетіппін.
— Менің алмасымды ойынға салатындай, ол сонша дәлелді желеу емес! — деді д'Артаньян ширыға жұдырығын түйіп.
— Түһ, аяғын тыңдаңызшы енді. Он жүріске әрқайсысы жүз пистольден он бәс тігіс және қайта ойнауға болмайды. Он үшінші жүріске келгенде мен жұрдай болып ұтылдым. Он үшінші жүріп те — он үш саны әрқашанда менің сорым. Күн де он үшінші июль екен...
— Шайтан атсын! — деді д'Артаньян күйініп стол басынан атып тұрып. Бүгінгі оқиға оған кешегі жәйтті тіпті ұмыттырып жіберді.
— Сабыр етші, — деді Атос. — Менің ойымда бір қулығым болды. Ағылшын — әңгүдік. Бағана ертеңгілік мен оның Гримомен сөйлесіп тұрғанын көрдім, кейін Гримо маған ағылшынның оны атқосшы болуға шақырғанын айтты. Міне, мен енді онымен Гримоға, тұйық Гримоға ойнаймын, қосшымды он жүріске лайықтап бөліп те қойдым.
— Қулық деп осыны айт! — деді д'Артаньян, еркінен тыс мәз бола күліп.
— Гримоны, ана Гримоның тап өзін тігіп ойнадым ғой, білдіңіз бе? Сонымен Гримоны он рет бәске тігуімнің арқасында ал, шынында оның өзі де бір дукат та тұрмайды ғой) алмасты ұтып алдым. Осыдан кейін, қайсарлық — қасиет емес деп көрші кәне!
— Құдай ақы, бұл бір керемет қулық екен! — деді Д'Артаньянның бойы жеңілденіп рақаттанып бір күліп алды.
— Өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз, қолым шыққасын мен табанда алмасты тігіп, қайта ойнай бастадым.
— Ах, солай деңіз! — Д'Артаньянның қабағы қайтадан салынып кетті.
— Мен әуелі сіздің ер-тұрманыңызды, сосын атыңызды, сосын өзімнің ер-тұрманымды, сосын барып өзімнің атымды қайтарып алдым-дағы, қайтадан ұттырдым. Қысқасын айтсам, мен сіздің ер-тұрманыңызбен өзімнің ер-тұрманымды ұтып алдым әйтеуір. Істің мән-жайы тап осындай. Мұның өзі бір ғажайып жүріс болды, осы араға келгенде аттың басын тартқаным ғой, д'Артаньян арқасынан күллі шарапхана салмағы түскендей деп бір дем алды.
Хош, сонымен алмас өз еркімде қалды ғой әйтеуір? — деді ол именіп.
Толығымен өз еркінде, сүйікті досым, оған қоса біздің Буцефалдардың ер-тұрмандары да өзімізде қалды.
Көліксіз ер-тұрманның қажеті қанша бізге?
— Ол жөнінде менің тағы бір ойым бар.
Атос, мен сізден қорқайын дедім.
Д'Артаньян, менің сөзіме құлақ салыңызшы, сіз көптен бері құмар ойнамаған сияқтысыз?
Тіпті ойнағым да келмейді.
Бірден қатты кетпеңіз. Хош, деймін мен, сіз көптен құмар ойламаған екенсіз, ендеше жолыңыз болады.
Солай-ақ болсын! Сосын не істейміз?
Сосын ба? Әлгі ағылшын серігімен әлі осында жүр. Оның ер-тұрмандарды қимай тұрғанын байқай қалдым. Сіз де атыңызға бауыр басып қалған сияқтысыз. Сіздің орныңызда болсам, атымды қайтарып алу үшін мен ер-тұрманды тігер едім.
— Бірақ ол ер-тұрманға бола атын тігуге келіспейді ғой.
— Шайтан алғыр, екі ердің екеуін де тік! Сіз сияқты мен өзімнің қара басымның қамын ғана ойламаймын.
— Сіз өзіңіз осылай ойнар ма едіңіз? — деді д'Артаньян күмілжіп, Атостың айтқанына еркінен тыс еріп.
— Арым куә, бір рет қана ойнар едім.
— Білесіз бе, атымнан айрылсам да, тым болмаса, ер-тұрманды сақтап қалудың мен үшін айрықша маңызы бар.
— Олай болса алмас жүзігіңізді тігіңіз.
— О, жүзіктің жөні басқа!? Мен оны өмірде ойынға тікпеймін!
— Шайтан атсын! — деді Атос. — Мен сізге ойынға планшені салыңыз дер едім, бірақ ондай бірдеңе бұрын болғандықтан да, ағылшын оған келісе қоймас.
— Сүйікті Атос, білесіз бе?— деді д'Артаньян. — Өз басым нар тәуекел атаулының бәрінен аулақ жүрсем деймін.
— Өкінемін-ақ қайтейін! — деді Атос суық. — Ағылшынның тұла бойы толған теңге. Қу құдай-ай, ең болмаса бір ғана жүріске бел байлаңызшы! Бір жүріс — бір минуттің ісі ғой.
— Ұтылып қалсам не болады?
— Ұтасыз дедім ғой, ұтасыз.
— Ал, егер ұтылып қалсам ше?
— Несі бар, ер-тұрманыңызды бересіз.
— Мақұл, бір жүрісте тұрған не бар осы! — деді жігіт.
Атос ағылшынды іздеуге кетті, сөйтсе ол ат қорада, ер-тұрманға қызыға қарап тұр екен. Қолайлы сәт деген осы-дағы. Атос бірден өз шартын айтты: бұлар аттың есесіне екі ер-тұрман немесе жүз пистоль тігеді, қалауыңыз білсін деді. Ағылшын дереу есептеп жіберіп, екі ер-тұрманның үш жүз пистоль тұратынын біле қойды. Ол қолма-қол келісе кетті.
Д'Артаньян қолы дірілдеп сүйекті шаша салды — үш ұпай шықты; оның аппақ болып кеткенінен шошыған Атос «жабуды жаба тоқи» салды:
— Жүрісіңіз онша емес, бауырым... Сіз, сударь, аттарды толық ер-тұрманымен алатын болдыңыз, — деді ол.
Астамсыған ағылшын сүйектерді араластырып әуре болып жатпады; ол енді қайтсем де жеңетін болдым деп ойласа керек, сүйекті қарамай-ақ стол үстіне тастай салды. Ренішін білдірмейін деп, д'Артаньян артына бұрыла қойды.
— Пәлі, мынаған қараңыз, — деді Атос байсалды әдетіне басып. — Мынау бір ғажайып жүріс болды-ау! Мен мұндайды өз өмірімде төрт-ақ рет көрдім: екі ұпай!
Ағылшын шұқшия қарағанда, көзі бір түрлі ежірейіп кетті; д'Артаньян бұрылып қарағанда, қуаныштан тілі байланып қалғандай болды.
— Иә, төрт-ақ рет көрдім, — деді Атос сөзін жалғап. — Бірінші рет де Креки мырзаның үйінде, екінші рет өз үйімде, қорған-сарайымда... қысқасы, ол кезде менің қорған-сарайым болатын; үшінші рет де Тревиль мырзаның бізді тап осылай бір таң қалдырғаны ең соңғы рет шарапханада сүйекті өзім шашып отырғанда бір шықты, сол жолы мен жүз луидор мен кешкі асымды қоса ұттырған едім.
— Хош, д'Артаньян мырза, сіз атыңызды қайтып аласыз ба?— деді ағылшын.
— Әлбетте, — деді д'Артаньян.
— Демек, менің қайта ойнауыма болмайды ғой?
— Біз қайта ойнамаймыз деп келіскенбіз, есіңізде шығар.
— Оныңыз рас, атты дәйекшіңізге апарып береді.
— Бір минутке, — деді Атос. — Егер сіз рұқсат етсеңіз, сударь, мен жолдасыма бірер сөз айтсам деп едім.
— Рұқсат, айтыңыз.
Атос д'Артаньянды ертіп шеткерірек барды.
— Иә, ібілісім, тағы не айтайын деп едіңіз? Ойнай түс әлі, демекшісіз бе сонда? — деді д'Артаньян.
— Жоқ, мен сізге әлі де ойланыңыз деп айтпақпын.
— Нені ойлаймын сонда?
— Атыңызды қайтып алғыңыз келіп тұр ғой, солай ма?
— Әлбетте.
— Сіз онда қателесесіз. Мен болсам жүз пистольді алар едім. Өзіңізге мәлім, сіз қалауыңыз білсін деп аттың орнына екі ер-тұрман немесе жүз пистоль тіктіңіз ғой?
— Иә.
— Мен жүз пистольді алар едім,
— Ал, мен атымды аламын.
— Қайталап айтайын: сіз қате жасайсыз. Екеуара бір атпен біз не бітіреміз? Мен сіздің артыңызға мінгесіп отыра алмаймын — онда біз аға-ініден жұрдай болған Эймонның екі баласына ұқсаймыз ғой. Мынадай ауыздықпен алысқан арғымаққа өзің міні мені жаяу қалдырып, жерге қаратып кетеді деп ойламаймын сені. Мен болсам, күмілжімей-ақ бірден жүз пистольді алар едім. Парижге жету үшін де бізге ақша керек.
— Бұл ат маған аса қымбат, Атос.
— Бекер қиналасыз, достым: ат сүрініп, тобығын тайдырып алуы мүмкін, әлде тізесі тазығырланып, жүдеп кетуі мүмкін, тіпті маңқа ат жем жеген астаудан жем жеп, мүрдем кетуі мүмкін, атың яғни жүз пистолің текке құрыды деген сол ғой. Қожайын астындағы атын ұдайы жемдеп отыруы керек, ал, жүз пистоль болса, өз қожасын өзі ауқаттандырып отырады.
— Сонда біз үйге немен қайтамыз?
— Шайтан алғыр-ау, малайларымыздың аты бар емес пе! Кездескен жұрт қара халық еместігімізді түр-түсімізден-ақ таниды.
— Жер тарпыған жүйріктеріне мінген Арамис пен Портостың қасында мына мәстектердің үстіндегі біздің сиқымыз қайбір онды ойлар дейсіз!
— Арамис пен Портостың! — деп дауыстады да, Атос қарқылдап күліп жіберді.
— Не болды сонша! — деді д'Артаньян досының неге мәз болғанына түсінбей қалып.
— Ештеңе де болған жоқ, сөзімізді жалғай берелік, — деді Атос.
— Демек, сіздің...
— Жүз пистольді алу керек, д'Артаньян. Жүз пистольмен біз осы айдың аяғына дейін көңіл көтере аламыз. Бәріміз де қатты шаршадық, енді біраз тынықсақ та артық болмайды.
— Тынықсақ дейсіз бе?.. О, жоқ, Атос, Парижге барған күннен Листап мен дереу әлгі бақытсыз бейбақты іздеуге кірісемін.
— Ендеше тіпті қажет! Сол іске кіріскеніңізде сыңғырлаған алтын ақшадан өзіңізге ат пайдалырақ болады деп ойлайсыз ба? 'Күз пистольді алыңыз дереу, досым, алыңыз жүз пистольді!
Бұған көну үшін д'Артаньянға енді бір желеу жетпей жатқанға ұқсайды. Соңғы дәлелі оған тіпті орынды болып көрінді. Мұның иегіне қасарыса берсе, Атосқа өзінен басқаны ойламайтын эгоист болып көрінермін деп қорықты. Сонымен ол Атостың айтқанына сөніп, жүз пистольді алмақшы болды, ағылшын оған табанда ақшаны санап берді.
Біздің достарымызды енді жолға шығу ойынан өзге алаң қылатын еш нәрсе жоқ еді. Шарапхана қожасымен татуласуға Атостың кәрі тарланына қоса алты пистолі жұмсалды. Д'Артаньян мен Атос Планше мен Гримоның жабыларына мінді, ал, қызметшілері ер тұрманды иықтарына салып алып, жолға жаяу-жалпылап шықты.
Көліктері қанша шабан болса да, мырзалар көп ұзамай қызметшілерін басып озып, Кревкерге бірінші болып жетті. Олар сонау алыстан-ақ терезе алдында, ертектегі «Анна қарындас» сияқты, көкжиектен бұрқылдай көтерілген шаң-тозаңға мұңая қарап мирган Арамисті көрді.
— Әй, Арамис! Сізді терезе алдына селтитіп қойған қай шайтан! — деді екі дос қосарлана дауыстап.
— Ах, бұл сізбісіз, д'Артаньян... бұл сізсіз бе, Атос, — деді жас жігіт. — Мен бұл жалғанның қызық-шыжығының өткінші нәрсе екендігі жайлы толғанып отыр едім, әлгіде ғана ана бір бұрқыраған шаңға сіңіп ғайып болған ағылшын атым мен үшін жер үстіндегі тірліктің қысқалығының бір айғағы еді. Біздің күллі өмір-тірлігімізді бәлкім: «erat, ets, fuit» деген үш-ақ сөзбен айтуға болады.
— Басқаша айтсақ? — деді д'Артаньян, мәселенің мән-жайын сезіп қалып.
— Басқаша айтсам, мені ақымақ етіп кетті. Сағатына cap желін отырып бес лье жер алатын жүйрікке алпыс-ақ луидор төледі.
Д'Артаньян мен Атос сылқ-сылқ күлісті.
— Бір өтінішім, маған ренжіп жүрмеңіз, сүйікті д'Артаньян, — деді Арамис. — Жоққа жүйрік жетпейді. Оның үстіне жұрттың бәрінен бұрын менің жолым болмады, әлгі бір оңбаған саудагер кем дегенде елу лундорымды қағып кеткен шығар. Аса сақ, мәттақам қожайын деп мына сіздерді айтар болар! Өздеріңіз малайларыңыздың көліктеріне мініпсіз-дағы, жел жетпес жүйріктеріңізді асықпай, жетекке алып жеткізіңдер деп әмір бергенсіз.
Әлгіде ғана Амьен жолынан қараңдап көрінген бір жабық арба шарапхананың алдына келіп тоқтай берді, со замат оның ішінен ер-тұрмандарын көтеріп Планше мен Гримо шықты. Жабық арба Парижге барып бос қайтып бара жатыр екен, малайлар орын пұлғa арбакешті жол бойы шараппен суаруға келісіпті.
— Бұ қалай? Ер-тұрманнан басқа ештеңе қалмаған ба? — деді Арамис аң-таң қалып.
— Енді түсіндіңіз бе? — деді Атос.
— Достарым-ау, сіздер де менің кебімді киіпсіз-ау. Не екенін өзім де білмеймін, мен де ер-тұрманды алып қалып едім... Ей, Базен! Менің жаңа ер-тұрманымды әкеліп, мына мырзалардың ертұрманының қасына қойшы.
— Айтпақшы, әлгі священниктеріңізден қалай құтылдыңыз? — деді д'Артаньян.
— Әнеугі күннің ертеңіне мен оларды түскі асқа шақырдым — сөз арасында айта кетейін, бұл араның шарабы керемет — сосын екеуін күшті шарапқа тойғызғаным сондай, кюре менің әскери мундирді тастауыма тыйым салды, ал, иезуит мені мушкетер қатарына алуға көмектесіңіз деп маған жатты да жабысты.
— Бірақ диссертациясыз қабылдасын! — деді д'Артаньян дауыстап. — Диссертациясыз! Мен диссертацияны маңайлатпауды талап етемін!
— Содан бергі тірлігім бір рахат, — деді Арамис әңгімесін сабақтап. — Мен бір буынды толғау ретінде поэма жаза бастадым. Мұның өзі бір қиын іс екен, бірақ әр нәрсенің қасиеті де қиындығына байланысты ғой. Оның мазмұны — махаббат, Мен сіздерге бірінші жырды оқып берейін, өзі төрт жүз өлеңнен тұрады, оны қазір бір сәтке оқып шығамын.
Сіз білесіз бе, сүйікті Арамис? — деді д'Артаньян, ол латын тілі сияқты, өлеңді де жан-тәнімен жек көретін. — Өлеңнің бір қасиетті қиындығы болса, оған екінші қасиеті — қысқалық екенін қосыңыз, сонда сіздің поэмаңыздың табаны күректей екі қасиеті болатынына иманыңыздай сеніңіз.
— Сонымен қатар поэмадан құмарлық атты асыл сезім аңқып тұрады, оны қазір өздеріңіз де аңғарасыз, — деді Арамис сөзін сабақтап. — Сонымен, достарым, біз ақырында Парижге қайтатын болдық қой. Браво! Мен дайын! Біз тағы да өзіміздің жайсаң жанды Портосты көретін болдық. Мен қуанып отырмын. Сол бір әңгүдік алып досымды қалай аңсағанымды сіздер білмейсіздер ғой! Бір патшалықты тұтас тарту етсе де, ол астындағы атын сатпайды! Су жаңа ер-тоқым салған арғымақпен ойқастап жүрген Портосты көргенше асық болып барамын. Ол Ұлы Моғолдан айнымай қалатын шығар, оған...
Аттарын тынықтырып алу үшін көңілдес достар бір сағаттай аялдамақ болды. Арамис қожайынымен есептесіп, Базенді фургондағы серіктерінің қасына отырғызғасын, бәрі бірігіп, Портосқа бармақшы болып, жолға шықты.
Портос кәдімгідей сауығыпты, д'Артаньян әуелгі келген кезде бозарып жүдеп қалған еді, бұл жолы олай емес, жалғыз өзі болса да, алдына төрт кісіге арналған тағамды қойып, стол басында қонжиып отыр екен; дастарқанда бабымен піскен ет тағамдары, таңдаулы шарап пен алуан түрлі жеміс бар еді.
— Төрлетіңіз, мырзалар! — деді Портос орнынан тұрып. — Сіздер дәл уақытында келдіңіздер. Столға отырғаным осы еді, енді менімен бірге түстенетін болдыңыздар.
— Оһо деді д'Артаньян. — Мына шынылар әлгі Мушкетон ілмек тастап тартып алатын шынылар емес қой. Бұзау еті, филе..
— Мен әлденіп жатыр едім...— деді Портос, — иә, әл-қуат жинап жатыр едім. Дүниеде буынның тайғанынан жаман нәрсе жоқ, кісіні діңкелетіп тастайды екен. Атос, сіздің буыныңыз тайып көрген жоқ па еді?
— Жоқ, бірақ әлгі бір Феру көшесіндегі жанжалда жараланып қалып, екі, екі жарым аптадай жатқаннан кейін, сіз сияқты әлсіреп қалғаным есімде.
— Мына тағам тек сіздің өзіңізге ғана арналмаған сияқты ғой, сүйікті Портос? — деді Арамис.
— Жоқ, — деді Портос, — маған осы төңіректе тұратын біраз дворяндар келуі керек еді, бірақ олар әлгіде ғана, келе алмаймыз деп хабар жіберіпті. Олардың орнын сіздер басасыздар, маған бұдан келер-кетері жоқ... Ей, Мушкетон! Орындықтарды жеткіз, шынылардың санын екі есе көбейт!
— Біздің не жеп отырғанымызды білесіздер ме? — деді Атос, арада бірнеше минут өткесін.
— Білгенде қандай! Менің өз басым, шошқа майы қосылған бұзау етіне артишок пен ми араластырып соғып отырмын, — деп д'Артаньян.
— Мен қой етінен жасалған филе жеп отырмын, — деді Портос.
— Мен тауықтың төс етін, — деді Арамис.
— Бәріңіз де қателесіп отырсыз, мырзалар. Сіздер жылқы етін жеп отырсыздар, — деді Атос байсалды.
— Қойыңыз! — деді д'Артаньян.
— Жылқы етін! — деді Арамис жиренгенін жасыра алмай кіржиіп. Тек Портос қана тіл қатпады.
— Иә, жылқы етін... Портос, рас па, біз жылқы етін жеп отырмыз ғой? Тіпті оны ер-тұрманымен қоса жеп отырған шығармыз.
— Жоқ, мырзалар, менің ер-тұрманым өзімде, — деді Портос.
— Өзімізге де обал жоқ! Бәріміз уәделесіп қойғандай, — деді Арамис.
— Енді қайтейін? — деді Портос қынжыла. — Сол бір ат меймандарымның көзіне шыққан сүйелдей болды, сосын байғұстарды қорламайын дедім.
— Оның үстіне сіздің герцогиняңыз әлі шипалы суда жүрген шығар? — деді д'Артаньян.
— Иә, әлі жүр, — деді Портос. — Оған қоса менің атым осы провинцияның губернаторына қатты ұнап қалыпты, сосын оның көңілін жыққым келмей, жануарымды соған бере салдым, ал, осы түскі асқа келетін мырзалардың біреуі сол кісі еді.
— Бере салғаны қалай! — деп д'Артаньян ыршып түсті.
— Ой құдайым-ай! Бере салғаным рас, — деді Портос, — өйткені ол жануар сөзсіз жүз елу луидор тұратын еді, бірақ әлгі сарай неме атыма сексеннен артық бере алмаймын деп қасарысып тұрып алды.
— Ер-тұрмансыз ба? — деді Арамис.
— Иә, ер-тұрмансыз.
— Мырзалар, байқайсыз ба, Портос бұл жолы да істі бізден гөрі пайдалырақ етіп тындырыпты, — деді Атос.
Олар мәз болып қыран-топан күлкіге көмілді, ал Портос байғұс бұған сасып қалды, серіктері оған күлкінің мән-жайын түсіндіргесін, оның өзі де бұларға қосылып қарқылдап күлді.
— Демек, бәріміздің де ақшамыз бар екен ғой? — деді д'Артаньян.
— Менде ғана жоқ, — деді Атос. — Арамистің әлгі испан шарабының маған ұнағаны сондай, дәйекшілерге фургонге апарып соның алпыс шынысын салыңдар деп әмір еттім, содан кейін әмияным біраз жеңілдеп қалды.
— Ал, мен болсам.., — деді Арамис, — Өздеріңіз ойлап көріңізші, бар ақшамды көк тиынын да қалдырмай Мондидье шіркеу мен Амьен монастыріне тапсырдым және біраз борыштарымды төлегеннен кейін, мырзалар, сіздерге, өзім бағыштап дұға қайыруын сұрадым, оның бізге шарапаты тиетініне кәміл сенемін.
— Ал, менің тайып кеткен буыным ше? — деді Портос, — Оған мен ақша жұмсамады деп ойлайсыз ба? Мушкетонның жарасын, айтпағанның өзінде, мен оған емшіні күніне екі рет шақырып тұрдым, ал, ол соққан оқ милау Мушкетонның әдетте тек аптекарьларға ғана көрсететін жеріне тигенін сылтау етіп, ақыны да менен екі есе қымбат алып жүрді. Мен Мушкетонды бұдан былай мұндай жарақаттан сақтан деп қатты ескертіп қойдым.
— Бәрекелде, сіз меніңше, ол байғұсқа көп қамқорлық жасапсыз; қайырымды мырза тап сіздей болуға тиіс, — деді Атос, д'Артаньян мен Арамиске бір-бір қарап.
— Қысқасын айтсам, күллі шығынды төлегеннен кейін қалтамда отыз экюдей ақша қалуға тиіс, — деді Портос сөзін жалғап.
— Менде он шақты пистоль бар шығар, — деді Арамис.
— Хош, сіздерге қарағанда біз крез сияқты бай екенбіз, — деді Атос. — Сіздің жүз пистоліңізден қанша қалды, д'Артаньян?
— Жүз пистольден дейсіз бе? Ең әуелі оның елуін сізге бергенмін.
- Солай ма?
— Шайтан атсын!
— Ах, енді есіме түсті. Дұрыс айтасыз.
— Алты пистольді шарапханашыға төледім.
— Сол шарапханашың не деген мақұлық еді! Сіз оған алты пистольді неге бердіңіз?
— Ау, ақшаны беріңіз деп өзіңіз айттыңыз ғой.
— Дұрыс айтасыз, мен өте қайырымды кісімін. Қысқасы, қанша қалды?
— Жиырма бес пистоль, — деді д'Артаньян.
— Менде, — деді Атос қалтасынан уақ тиын-тебенді шығарып жатып, — менде...
— Сізде — ештеңе...
— Шынында да өте аз екен, мұны ортақ ақшаға қоспаса да болады.
— Ал, енді бәрімізде қанша ақша барын есептелікші, Портос?
— Отыз экю.
— Арамис?
— Он пистоль.
— Сізде ше, д'Артаньян?
— Жиырма бес.
— Сонда бәрі қанша болды? — деді Атос.
— Төрт жүз жетпіс бес ливр! — деп есепті Архимедтен кем қайырмайтын д'Артаньян.
— Парижге барғанда, егер ер-тұрмандарымызды есептемесек, бізде төрт жүз ливр ақша болады, — деді Портос.
— Эскадронный, аттарын қайтеміз? — деді Арамис.
— Қайтушы едік! Дәйекшілеріміздің төрт атын өзімізге деп екі атқа айналдырамыз, сосын шар тастап, оларға қайсымыздың мінетінімізді анықтаймыз. Төрт жүз ливр жаяу қалған екеудің біреуіне жарты атқа жұмсалады, содан кейін бәріміз қалтамызды қағып, қалған ақшаны д'Артаньянға береміз. Оның қолы жеңіл, сол ақшаны алып бірінші кездескен құмар ойынға барады да ойнайды. Осымен сөз тамам.
— Енді тамақтаналық. Ас суып қалды, — деді Портос.
Сөйтіп болашақ тірлігін тиянақтап, көңілін бір демдеген достар түскі асқа отырды, сосын ас сарқытына Мушкетон, Базен мен Гримо мырзалар ме болды...
Парижде д'Артаньянды де Тревиль мырзадан келген бір хат күтіп жатыр екен, бұл хатта оның өтінішінің қабылданғаны, король, жігіттің мушкетерлер қатарына тұруына мейірімі түсіп, рұқсат еткені хабарланыпты.
Әрине, Бонасье бикені іздеп табу жөніндегі тілегін былай қойғанда, Д'Артаньянның көкейінде жүрген аяулы арманы, міне, осы еді, ол қуанғаннан осыдан жарты сағат бұрын ғана көрген достарына қарай тура жүгірді, олар әлдененің қамын ойлап, қамығып отыр екен. Достар кеңесу үшін Атостың пәтеріне жиналыпты, бұл әдетте жай-жағдайдың қиындап кеткенінің бір белгісі еді.
Де Тревиль мырза әлгіде ғана: ұлы ағзам соғыс әрекетін бірінші майда бастауға белді бекем буынғандықтан да, сіздер жорық жабдығын тап-тұйнақтай әзірлеп қойыңыздар, деген хабар жіберіпті.
Төрт философ не істерін білмей әбігерге түсіп, бір-біріне қарай берді: әңгіме тәртіп жайлы болған кезде, де Тревиль мырза әзіл-оспақты көтермейтін.
— Сол жорық жабдығын сіздер қанша тұрады деп есептейсіздер? — деді д'Артаньян.
— О, халіміз мүшкіл! — деді Арамис. — Біз соны жаңа ғана есептеп көрдік және спартаншылап шығынды азайтуға тырыстық, соның өзінде біздің әрқайсымызға кем дегенде бір мың ливрден ақша керек.
— Мың жарымды төртке көбейтсек, алты мың, ливр болады, — деді Атос.
— Меніңше, — деді д'Артаньян, — әрқайсымызға мың ливрден болса да жетпей ме... рас, мен спартан емес, сот қызметкері сияқтанып сөйлеп тұрмын...
«Сот қызметкері» деген кезде Портос елең ете қалды.
— Пәлі, менің бір жоспарым бар! — деді ол.
— Бірдеңенің ұштығы шығайын деді. Бірақ жоба-жоспар дегеніңнің менде өзі түгіл ізі де жоқ, — деді Атос салқын. — Ал, д'Артаньянға келетін болсақ, біздің қатарымызға қосылғанына мәз болып жүріп, ақыл-естен айрылып қалыпты. Мың ливр! Имандай шыным, менің бір өзіме екі мың ливр қажет.
— Төрт жердегі екі — сегіз, — деді Арамис. — Сонымен біздің жол жабдығымызға сегіз мың керек. Бірақ біздің ер-тұрмандарымыз бар...
— Оның үстіне... — деді Атос, де Тревиль мырзаға алғыс айтуға кетіп бара жатқан д'Артаньян есікті жапқанша кідірістеп, — оның үстіне досымыздың саусағында жарқырап жүрген ғажайып алмас бар. Шайтан білсін өзін! Саусағына тұтас бір қазынаны салып жүргенде, көңілдес достарын ауыр халде тастап кететіндей д' Артаниян онша жаман жолдас емес!
XXIX
ЖОРЫҚ ЖАБДЫҒЫН ІЗДЕУ
Асыл текті кісілерге — мушкетер мырзаларға қарағанда, жорық жабдығын әзірлеу гвардияшы д'Артаньянға әлдеқайда оңай болса да, осынау төрт достың бәрінен де жолдың қамын көбірек ойлаған сол жігіттің өзі болып шықты. Бірақ біздің жас гаскон, оқырманымыздың өзі де байқаған болар, аса сақ, сараң жігіт еді ғой, ал, енді қарап тұрсақ (мұндай қайшылықты қалай түсіндіруге болады), Портостан да өткен атаққұмар болып шықты. Рас, өзінің атақ-даңқын шығару қамын ойластырумен бірге, ол қара басының жай-күйінен мүлде басқа бір беймаза іспен де айналысты. Бонасье Пике жайын анықтайын деп қанша талпынса да, ол әрекетінен ешбір нәтиже шықпай қойды.
Де Тревиль мырза, бикенің жайын королеваға айтыпты; королева о келіншектің қайда жүріп, қайда тұрып жатқанын білмейді екен, іздестіріп көрейін деп уәде беріпті, бірақ ол екі ұшты айтылған уәде болғандықтан да д'Артаньянның көңілі байыз таппай қойды. Атос өз бөлмесінен шықпай жатып алды; ол жорық жабдығын қамдап әуре болмауға бел байлады.
— Біздің екі аптадай уақытымыз қалды, — деді ол достарына. — Егер осы екі апта бітер кезде ештеңе таба алмасам, яғни мені жол жабдығының өзі келіп таппаса, онда мен өзін өзі қақ маңдайдан атып өлгісі келмейтін қайрымды католик ретінде, жоғары мәртебелі тақсырдың төрт гвардияшысымен немесе сегіз ағылшынмен жанжалдасамын да, олардың біреуі болмаса біреуі өзімді өлтіргенше шайқасамын, қанша айтқанмен олардың саны көп қой, мені әйтеуір бір өлтіретіні хақ. Сонда жұрт мені корольдің жолында қаза тапты дейді, сөйтіп жорық жабдығын қамдамай-ақ, өз борышымды орындаймын.
Портос қос қолын арқасына салып, басын изеп, бөлмені кезіп жүріп:
— Мен өз жоспарымды қайтсем де орындаймын, — деп қайталап айта берді.
Арамистің шашы қобырап, тұнжыраған күйі тіл қатпай отыра берді.
Көңілдес достардың осынау түнерген түріне қарап, олардың еңсеci түскен бір шарасыз шағы басталғанын байқауға болатын еді.
Ипполиттің жортуылға мінетін аттары сияқты, бұлардың қызметшілері де өз тарапынан қожаларының басына түскен ауыртпашылықты бөлісіп отырды. Мушкетон нан кептірді; діндар Базен шіркеуден шықпай қойды, Планше еріккеннен шыбын санады. Қожасының: өлсең де үніңді шығарма, — деген әмірін бұлжытпаймын деп Гримо байғұс жалпы жұрттың ұнжырғасы түсіп кеткеніне қарамастан, жұмған аузын ашпай, үнсіз күрсіне бергені сонша, тіпті қара тасты да жібітер еді.
Хош, сонымен үш дос, — өйткені Атостың жорық жабдығын дайындамауға ант еткенін жоғарыда айттық қой — сонымен үш дос таң сәріде үйлерінен шығып, кештетіп қайтып жүрді. Олар күні бойы көше-көшені кезіп, өткен-кеткен кісілердің біреуі аңламай әмиянын түсіріп алған жоқ па екен дегендей, жерге төселген әрбір тасқа мұқият көз тастайды. Бұлардың назарына іліккен жұрттың бәріне күдіктеніп, шұқшия қарайтыны сонша, белгісіз біреудің ізіне түсіп, індетіп жүргендей еді. Ал, егер бір-бірімен жолығыса қалса, үміті кесілген шарасыз көзбен: «Қалай, сен ештеңе тапқан жоқсың ба?» — деп бір-біріне мөлие қарасар еді.
Әлдеқандай бір көмескі жоспар бірінші болып көңіліне оралған Портос, соны ақылына салып, әбден пісіріп алғасын, қолма-қол орындауға кірісті. Біздің қадірлі Портосымыз қажырлы да жігерлі жігіт-тін. Бір күні Портостың Сен-Ле шіркеуіне қарай кетіп бара жатқанын көрген д'Артаньян әлденені сезгендей, досының ізіне түсті. Киелі имаратханаға кірмей тұрып, Портос мұртын бір ширатып, эспаньолкасын жөндеп қойды, әдетте бір содырлықты бастарда ол тап осылай етуші еді. Досының көзіне шалынып қалмайын деп, д'Артаньян оның соңынан абайлап ішке кірді. Портос бір ұстынға сүйеніп тұра қалды. Одан бой тасалап келіп, д'Артаньян әлгі ұстынның екінші жағына сүйенді.
Священник уағыз айтып тұр, шіркеу іші толған жұрт. Соны пайдаланған Портос ұрланып әйелдерге көз жүгірте бастады. Мушкетонның бағып-қағуының арқасында болар, әйтеуір мушкетердің сырт бейнесінен жүні жығылып, іштей жүдеп жүргені байқалмайды, Иә, қалпағының тозыңқырап, үкісінің сәл оңғаны, киімінің тігісі ескіріп, шілтерінің ыдырай бастағаны сезіледі, бірақ осындай қаракөлеңке жерде ондай уақ-түйек байқала бермейді, қанша айтқанмен Портос сол баяғы сұлу Портос еді.
Д'Артаньян мен Портос екеуі сүйеніп тұрған ұстынға ең жақын жердегі орындықтан, д'Артаньян қара шарқатты, сар-кідір бір сұлуды көрді, өңі сәл ғана сарғыш тартып, ысқаяқтана түскені болмаса, өзі оқтау жұтқандай илікпейтін өр кеуде әйел тәрізді. Портостың көзі ұрланып барып осы әйелге сәл кідірді де, әрі, шіркеудің төріне қарай зырлап кетті.
Ал, әлгі бәйбіше бір қызарып, бір бозарып, әлсін-әлі ұшқалақ Портосқа жай оғындай жалт етіп бір қарап қояды, ал, сол сәтте жігіттің зымыран көзі тағы да шіркеу ішін кезіп кетеді. Мушкетердің мына қулығы қара шарқатты әйелдің қытығына тиіп отырғаны айдан анық-ты; ол ернін тістелеп, мұрнын сипалап, қипақтап бір орнында отыра алмады.
Мұны байқаған Портос мұртын бір ширатып, эспаньолкасын тағы бір сипап, клироска жақын отырған бір балғын сұлуға белгі бере бастады, ал, ол әйел тек қарапайым сұлу ғана емес текті сұлу болса керек, өйткені мінәжатқа тізе бүккен кезде төсенетін көпшікті алып, оның артында бір негр бала мен дұғалықтың герб кестеленген қабын ұстап күтуші бикеш тұрды, ал, әлгі әйелдің өзі дұғалықты алып аят оқып жатты.
Қара шарқатты бәйбіше Портостың ұры көзін жанарымен қуалай барып, оның барқыт көпшігі, негр баласы мен күтушісі балғын сұлуға қадалып қалғанын анықтады.
Ал, Портос болса, осы ойынын шебер жүргізе берді: ол көзін қысып, саусағын ерніне апарып, әлгі әйелге ақсия күліп тұрды, оның бұл күлкісі сар-кідір бәйбішеге оқтай қадалып жатты.
Ақырында, өз кеудесін өзі ұрып, «теа culpa» (менің кінәм) дегісі келгендей-ақ, әлгі әйел «һім!» деп дауыстап жіберді, сол-ақ екен, жұрттың бәрі, тіпті қызыл көпшікті сұлуға дейін, осылай қарай бұрылысып бір-бір қарасты. Портос бірақ сыр бермеді: ол мән-жайға түсінсе де, керең кісі сияқтанып меңірейіп тұра берді.
Қызыл көпшікті әйел шынында да көрікті екен, ол жұрттың бәріне ұмытылмастай әсер етті: қара шарқатты бәйбіше оны аса қатерлі күндесім деп таныды, ал, Портос оның қара шарқатты әйелден әлдеқайда сұлу екенін көрді, оған д'Артаньян да куә болды. Жігіт оның өзі әлгі Менгте, Кале мен Дуврде көретін әйел екенін біле қойды, мұның ізіне түскен тыртық бет кісінің оны миледи деп и атағанын есіне түсірді.
Қызыл көпшікті әйелді назарынан тыс қалдырмай, д'Артаньян Портостың өзінің күлкісін келтірген әдіс-айласынан көз жазбады. Ол қара шарқатты әйелдің Аюлы көшесінде тұратын прокурорша екенін бірден сезді және Сен-Ле шіркеуі сол көшеден онша қашық болмасқа керек.
Осындай бір қорытындыға келген жігітіміз Портостың ана бір кезде ақшалы әмиянынан тістей қатып айрылмай, Шантильиде өзін жерге қаратып кеткен прокуроршадан енді өш алмақ болып тұрғанын аңғара қойды.
Д'Артаньянның сол жердей тағы бір байқағаны — Портостың бұл қылығына жауап қатқан тірі жан болмады. Мұның бәрі тек қиял мен елес қана еді, ал, шын махаббат пен қызыл көз қызғаныштыққа қиял мен елестен өткен шындық болмайды!
Священниктің уағызы бітті. Прокурорша қасиетті су құйылған шараға қарай беттеді; Портос одан озыңқырап барып, шараға саусағын ғана батырудың орнына, күректей қолын малып жіберді. Портос менің қамымды ойлап жатыр ғой деп қалған прокурорша жымиып күле берді. Бірақ оның тауы табанда шағылды: бұл оған, үш қадамдай жақындап келе бергенде, жігіт бұрылып, қызыл көпшікті әйелге жаутаңдап қарай қойды, ал, кербез сұлу болса жайымен орнынан тұрып, соңына негр баласы мен күтушісін ертіп жігітке жақындай берген.
Қызыл көпшікті әйел қасына келген кезде Портос қасиетті су құйылған шарадан қолын суырып алды; таңғажайып діндар сұлу сүйріктей саусақтарымен Портостың күректей қолынан бір сипап, жымиып бір күлді де, шоқынып, шіркеуден шығып кетті.
Енді бұған шыдауға болмайды; әлгі ханым мен Портостың ашына екеніне прокурорша шәк келтірмеді. Ол үлпілдеген текті әйел болса, есінен танып қалар еді, бірақ ол тек прокурорша ғой, сол себепті де ішіндегі ызасын сездірмей, мушкетерге наздана тіл қатты:
— Ах, солай ма, Портос мырза! Сіз маған қасиетті суды да ұсынбайтын болғансыз ба?
Әйелдің даусын естіген кезде, тап бір қатты ұйқыдан оянған кісідей, Портос селк етіп шошып кетті.
— Су... сударыня! — деді ол дауыстап. — Бұл сіз бе едіңіз? Еріңіз, сүйікті Кокнар мырза сау-саламат жүріп жатқан шығар? Ол қалай, бұрынғыша әлі де кессе қан шықпайтын сараң ба? Менің көзіме не болған осы? Екі сағатқа созылған уағыз кезінде сізді қалай көрмегенмін?
— Мен сізден екі-ақ адымдай жерде ғана отырдым, — деді прокурорша, — бірақ сіз мені байқаған жоқсыз, өйткені әлгіде ғана қасиетті су ұсынған ханымнан көзіңізді алмай қойдыңыз.
Портос сырттай ұялған болды.
— Ах. солай деңіз... Сіз көрген екенсіз ғой... — деді ол.
— Оны көрмеу үшін тек соқыр ғана болу керек шығар.
— Иә, бұл бір менің көңілдес герцогиням еді, — деді Портос енжар үнмен. — Күйеуі бір сұмдық қызғаншақ кісі, соның кесірінен кездесу деген бір құдайдың азабы, менімен дидарласу үшін ғана осы бір шіркеу сымаққа, осы бір меңіреу түкпірге бүгін келемін деп хабар жіберген екен.
— Портос мырза, — деді прокурорша, — бір сүйкімді мінез көрсетіп, маған бес минутке ғана қолыңызды ұсынбас па екенсіз? Сізбен сөйлескім келіп еді.
— Шын көңілден, сударыня. — деді Портос, сәтті бір жүрісті жасар алдында миығынан бір күліп алатын ойыншы сияқты өзіне өзі елеусіз көзін қысып.
Сол заматта миледидің соңына түскен д'Артаньян бұлардың қасынан жанап өте берді; ол Портосқа бұрылып бір қарап, досының көзі жайнап сала бергенін байқап қалды.
«Еһе! — деп ойлады ол іштей сол бір ұшқалақ заманның салт-санасына лайықты қорытынды жасап. — Басқаны қайдам, қажетті мерзімге дейін Портостың жорық жабдығы дайын тұратын болды!»
Ескекке бейімделген қайық сияқты, прокурорша, қолының ырқына көнген Портос екі жағынан дуалмен қоршалған оңаша орын — Сен-Маглуар монастырының аула сына дейін барды. Күндіз ол арадан бірдеңені малжаңдап жеп жүретін тіленшілер мен ойын балаларын ғана көруге болатын еді.
— Ах, Портос мырза! — деді прокурорша дауыстап, өздерін осы бір шалғай мүйістің тұрақты кісілерінен басқа ешкім көрмейтініне және естімейтініне әбден көзі жеткесін. — Ах, Портос мырза, сіз шамасы, сұмдық сары ауыз шығарсыз!
— Мен бе, сударыня? — деді Портос кеудесін керіп. — Сіз неліктен солай ойлайсыз?
— Әлгіде ымдап белгі бергеніңізді, қасиетті суды қайда қоясыз? Жаңағы негр бала мен күтушісін ертіп жүрген әйел кім? Ең кемі бір ханша шығар!
Қателесесіз, — деді Портос. — Ол тек герцогиня ғана.
Шыға берісте оны тосып тұрған желаяқ хабаршыны, жеңіл күймені, оның үстінде иесін күтіп отырған ыздиған сәнқой күймешіні қайда қоясыз?
Портос малайды да, күймені де байқамапты, ал Кокнар бибінің қызғаншақ көзімен бәрін де байқап қалыпты.
Портос әлгі қызыл көпшікті әйелді ә дегеннен ханша дей салғанына өкінді.
— Ах, Портос мырза, сіз сұлу әйелдердің еркесісіз ғой! — прокурорша бір күрсініп әңгімесін жалғай берді.
Өзіңіз де түсінесіз ғой, табиғат маған мынадай кескін-кейіп бергенсің, аянайын ба, махаббат машақатының талайын бастан кешірдік қой, — деді Портос.
— О құдай-ай! Еркектер ұмытшақ келеді! — деді прокурорша көкке телміре қарап.
— Қанша айтқанмен, әйелдерден ұмытшақ емес! — деді Портос қолма-қол жауап қатып. — Мәселенки, мына мен өзімді сіздің құрбандығыңызға шалындым деп батыл айта аламын, сударыня, өйткені жараланып қалып, өлім халінде жатқан кезімде емші-домшылар маған қарамай кетті... асыл текті әулеттен шыққан мына мен сіздің дос пейіліңізге сенемін деп, әуелі — жарақаттан, сосын Шантильидің күйкі мейманханасында аштықтан жантәсілім ете жаздадым, ал, сонда сіз менің жаным жалын атып жазған көп хаттарымның бірде-біріне де жауап қатпадыңыз...
— Тыңдаңызшы, Портос мырза... — деді күбірлеп поркурорша, аса текті әйелдердің іс-әрекетімен өзін салыстыра келгенде шынында да кінәлі екенін мойындап.
— Сіз үшін баронесса де... қиып тастап кеткен қайран басым...
— Оны білемін ғой.
— Сіз үшін графиня де... тастап кеткен мен.
— О, Портос мырза, аяңыз мені!
— ...герцогиня де... тастап кеткен мен
— Портос мырза, рақым етіңізші!
— Мақұл, сударыня, мен қойдым ендеше.
— Ал, менің күйеуім қарыз дегенді естігісі де келмейді
— Кокнар ханым, — деді Портос, — маған бірінші рет жазған хатыңызды, менің жадымда мәңгі жатталып қалған хатыңызды есіңізге алыңызшы.
Прокурорша ауыр бір күрсінді.
— Сіздің қарызға сұраған ақшаңыз шынында да өте көп еді ой.
— Кокнар ханым, мен сізді өзгелерден артық көріп едім. Егер герцогиня де... хат жазсам болды. Мен ешқашанда оның атын айта алмаймын, өйткені маған бәрінен де әйелдің абыройы қымбат. Несін жасырайын, оған емеурін білдірсем болғаны, ол маған мың жарымды бірден жіберетін еді.
Прокурорша көзіне жас алды.
— Портос мырза, — деді ол, — имандай шыным, мен сазайымды тарттым, ал енді бұдан былай сондай бір мүшкіл халге түссеңіз, жай-жағдаятты тек өзіме ғана айтсаңыз жетіп жатыр!
— Сіз де ұялмайды екенсіз сударыня! — деді Портос әдейі ашуланып. — Өтінемін сізден, ақша жайлы айтпай-ақ қоялық, кісі содан бір түрлі жәбірленіп қалады.
— Шамасы, сіз мені енді сүймейсіз ғой... — деді прокурорша мұңайып.
Портос маңғазданып тіл қатпай қойды.
— Қайтейін, сіздің жауабыңыз осы шығар, түсінемін.
— Мені қалай қорлағаныңызды есіңізге алыңызшы, сударыня. Ол мына жерімде сақтаулы, — деді Портос қолын жүрегіне басып.
— Мен ол кінәмды өтеймін әлі, сүйікті Портос, сеніңізші маған!
— Сонда сізден не сұрадым? — деді — Портос иығын қушитып, ештеңені білмейтін аңқау кісідей-ақ. — Қарыз, тек қана қарыз сұрадым. Шынына келгенде мен есуас емеспін, сіздердің онша бай емес екеніңізді, күйеуіңіздің алдына келген арызшы байғұстардың ең соңғы экюін сығып алатынын білемін. Егер сіз графиня, маркиза яки герцогиня болсаңыз бір сәрі — онда іс басқа, онда сіздің қылығыңызды тіпті де кешіруге болмайды!
Прокурорша өкпелеп қалды.
— Білесіз бе, Портос мырза, — деді ол қарсылық білдіре — менің сандығым, ол тек прокуроршаның жұпыны сандығы ғана болса да, бәлкім, сіздің әлгі кедейленіп қалған кербез бикештеріңіздің бәрінің сандығынан да ақшаға лық толы шығар!
— Олай болса, Кокнар ханым, сіз мені қатты қорладыңыз, — деді Портос, қолын прокуроршаның қолынан тартып алып, — егер сіз шынымен-ақ бай болсаңыз, мені беттен қаққаныңызды тіпті де ақтауға болмайды.
— Егер мен «баймын» деп айтсам, оны сол қалпында түсінудің қажеті жоқ, — деді прокурорша, аңдамай қызып кеткенін сезіп. — Мен онша бай емеспін, бірақ азды-көпті қаражатым бар.
— Қой, сударыня, өтінемін, біз осы әңгімені доғарайық! Сіз менен бас тартқан екенсіз. Арамыздағы достық осымен бітті!
— Жақсылықты білмейді екенсіз!
— Ах, сізге бұл ұнамай қалды ма! — деді Портос.
— Әлгі тамаша герцогиняңызға бара беріңіз! Мен сізді енді ұстамаймын.
— Барсам барамын, меніңше, ол сүйкімді келіншек!
— Соңғы сауалыма жауап беріңізші, Портос мырза: сіз мені әлі де сүйесіз бе?
— Амал бар ма, сударыня, — деді Портос мейлінше мұңая сөйлеп, — біз жорық жолына шыққан кезде, кім білген, сол соғыста қаза табамын ба деп қорқамын...
О, қайдағыны айтпаңыз! — деді прокурорша дауыстап, сосын еңіреп жылап жіберді.
Соны өзім де сезетін сияқтымын, — деді Портос, қайғырған үстіне қайғыра түсіп.
— Одан да тағы бір махаббат шырғалаңы басталды десеңізші.
— Жо-жоқ, мен шын айтып тұрмын! Ешқандай жаңа кісіге зауқым жоқ және ашып айтайыншы — тап мына жерім, жүрегімнің терең түкпірі әлі де болса өзіңізге бұра береді. Бірақ өзіңіз білесіз, білмесеңіз де — енді бір-екі аптадан кейін біз тағдыр жорыққа шығамыз, демек, менің енді жорық жабдығынан қолым тимейді. Қажет ақшаны алу үшін Бретанның алыс түкпіріндегі туысқандарыма барып қайтуым керек... — Портос махаббат пен сараңдықтың соңғы сайысын жайымен бақылай берді. — Әлгіде ғана өзіңіз шіркеуде көрген герцогиняның мекен-жайы менің мекеніммен көрші болғандықтан да, екеуміз бірге жүрмекпіз, — деді ол сөзін жалғап. — Саяхат-сапарға парласып шықсаң жолдың едәуір қысқаратынын өзіңіз де білесіз ғой.
— Яғни, Портос мырза, Парижде сіздің достарыңыз жоқ болғаны ма? — деді прокурорша.
Портос қайтадан жабырқап.
— Достарыңыз бар, Портос мырза, бар! — деді прокурорша дауыстап, өзінің еміреніп кеткеніне өзі таң қалып. — Ертең біздің үйге келіңіз. Сіз — менің жақын апамның баласысыз, демек, маған інісіз. Сіз Пикардиядағы Нуайоннан келгенсіз. Сіздің Парижде бірқатар даулы істеріңіз бар, бірақ таныс сотыңыз жоқ. Сіз мұны ұмытпайсыз ғой?
— Ұмытпаймын, сударыня.
— Түскі асқа келіңіз.
— Тамаша!
— Абай болыңыз, сыр беріп алмаңыз, жетпіс алтыға келсе де, күйеуімнің көзі әлі жіті.
— Жетпіс алты жас! Шайтан алсын. Кереметтей жас! — деді Портос.
— Сіздің «егде жас» дегіңіз келе ме. Иә, Портос мырза, отағасым мені кез келген сәтте жесір қалдырып кетуі мүмкін, — деді прокурорша, Портосқа бір мәнді көз тастап. — Бір жақсы жері, біздің неке шартымыз бойынша, күллі дүние-мүлікке тірі қалғанымыз мирасқор боламыз.
— Толығынан ба?
— Толығынан.
— Байқаймын, сіз өте сақ, көреген әйел екенсіз, сүйікті Кокнар ханым! — деп Портос прокуроршаның қолын абайлап бір қысып қойды.
— Сонымен біз татуластық па, сүйікті Портос мырза? — деді прокурорша қылымсып.
— Мәңгі татумыз! — деді Портос әйелдің әуеніне көшіп.
— Көріскенше сау бол, опасызым!
— Көріскенше, ұшқалағым!
— Ертеңге дейін сау бол, періштем.
— Ертеңге дейін, жарығым!
XXX
МИЛЕДИ
Д'Артаньян миледидің соңынан елеусіз ере берді; ол әйелдікі күймеге барып отырғанын, күймешіге Сен-Жерменге деп әмір еткенін есітті.
Жарау қос ат жегілген күймені жаяу қуалағаннан не пайда. Сол себепті де д'Артаньян Феру көшесіне қарай беттеді.
Сена көшесінде ол Планшемен жолығып қалды; ол кондитер дүкені жаймасының алдында кісі тәбетін қоздыратын бір топ-томпақ бөлкеге ашқарақтана қарап тұр екен.
Д'Артаньян оған де Тревиль мырзаның қорасынан екі атты — біреуін маған — д'Артаньянға, екіншісін өзіне ертте-дағы, Атостың үйіне кел деп әмір етті. Де Тревиль мырза өзінің қорасынан кез-келген уақытта ат алуға д'Артаньянға рұқсат еткен еді.
Планше Көне Көгершін ұясы көшесіне, ал, д'Артаньян Феру көшесіне қарай кетті. Атос үйінде жалғыз өзі жабығып, әнеугүні Пикардиядан әкелген испан шарабының бір шынысын ішіп тауысуға жақындатқан екен. Ол Гримоға д'Артаньянға стакан әкел деген белгі берді, қызметшісі үйреншікті әдеті бойынша үнсіз мойынсұнды.
Д'Артаньян шіркеуде Портос пен прокурорша арасында болған жәйтті Атосқа келістіріп әңгімелеп берді және жолдасымыз жорық жабдығын алу әдісіне көшті деген жорамал айтты.
— Ал, менің өз басым, — деді Атос бұған, — мүлде қиналмаймын: әрине: менің жорық жабдығымды әйелдердің алып бермейтіні анық.
— Қанша айтқанмен, сүйікті Атос, сіздің кескін-келбетіңіз, ізетті тәрбиеңіз, шыққан тегіңіз кез-келген ханша мен ханымның жүрегінде махаббат отын маздатар еді-ау.
— Мына д'Артаньян әлі шіп-шикі жас екен-ау! — деді Атос иығын бір қушитып.
Ол тағы да ымдап Гримоға басқа бір шыныны әкел деп әмір етті.
Тап сол сәтте Планше жартылай ашық тұрған есіктен абайлап сығалап, өз қожасына аттардың әзір екенін хабарлады.
— Қайдағы ат? — деді Атос.
— Де Тревиль мырза серуендеп қайтуға маған екі атын беріп еді, енді солармен Сен-Жерменге барып қайтсам деп едім.
— Сен-Жерменнен не бітіресіз? — деді Атос тағы да.
Д'Артаньян сол арада оған шіркеу ішінде бір әйелмен жолыққанын, әлгі бір қара плащты тыртық бет кісі сияқты, бұл әйелдің де ойынан шықпай қойғанын Атосқа жыр етіп айтты.
Басқа сөзбен айтқанда, бұрын Бонасье бикеге қалай ғашық болсаңыз бұл әйелге де солай ғашық болып қалғансыз ғой, — деді Атос, сосын пендешіліктің жетегінде кететін байғұстарға қынжылғандай иығын бір қиқаң еткізді де қойды.
— Мен бе? Тіпті де олай емес! — деді д'Артаньян дызақтап. — Бар болғаны, сол әйелге байланысты бір құпия сырды ашқым келеді. Неге екенін өзім де білмеймін, бірақ осынау мүлде беймағлұм әйелдің түбінде (мен де оған мүлде бей мағұлыммын) менің өмір-тірлігіме бір ықпалы болатындай көрінеді.
Сайып келгенде сіз дұрыс жасайсыз, — деді Атос. — Мен бұл фәниде еркектің іздеуіне тұратын әйел жоқ деп ойлаймын, ол ұшты-күйлі жоғалып кетсе де іздеудің қажеті жоқ. Бонасье бике ғайып болған екен — өз обалы өзіне, әйтпесе дереу табылсын.
— Жоқ, Атос, сіз қателесесіз, — деді д'Артаньян оны құптамай, Констанция байғұсты бұрынғыдан бетер жақсы көремін, егер мен оның қайда екенін білсем, дүниенің қиыр шетінде болса да, іздеп барып, қас дұшпандардың қолынан босатып алар едім! Бірақ мен оның қайда кеткенін білмеймін — қанша іздесем де таба алмадым. Қайтейін, көңіл көтеру керек!
— Ендеше, миледимен ойнап-күл, сүйікті д'Артаньян. Егер ол сенің көңіліңді ауласа, жолыңның оң болуына шын жүректен тілектеспін.
— Атос, менің тілімді алсаңыз, — деді д'Артаньян, — тұтқын кісідей үйде қамалып отыра бергенше, атқа мініңіз, екеуміз Сен-Жерменге желе-жортып барып қайталық.
— Қымбаттым менің, — деді Атос бұған, — атым бар кезде көлікпен сейіл-серуен құрамын да, жоқ кезде жаяу жүремін.
— Ал, мен болсам, — деді Артаньян, Атостың құпиянпұрыстығына күліп, басқа біреу осылай етсе, ол өкпелеп те қалар еді, — сіз сияқты тәкаппар емеспін, тақымыма не іліксе, соны мініп жүре беремін. Көріскенше, сүйікті Атос!
— Көріскенше, — деді мушкетер, әкелген шыныңның аузын аш деп Гримоға белгі беріп.
Д'Артаньян мен Планше аттарына мініп, Сен-Жерменге қарай жүріп кетті.
Атостың Бонасье бике жөнінде айтқан сөзі жол бойы д'Артаниянның ойынан шықпай қойды. Жас жігіт онша сезімтал болмаса да, галантерейшінің келіншегі көңілінде ұялап қалған еді: сол әйелді табу үшін ол шынында да жер түбіне дейін баруға дайын, бірақ жұмыр жердің алқап-аймақтары көп, жігіт соның қай жағына барарын білмейді.
Ал, әзірге ол мына миледи дегеннің кім екенін білуге тырысады. Миледи қара плащты кісімен сөйлесті — ендеше оны біледі. Ал, д' Артаньян болса Бонасье бикені бірінші рет ұрлағаны сияқты, осы жолы да оны тап сол қара плащты кісі ақиқат ұрлады деп есептейді.I Сонымен, миледиді жатпай-тұрмай іздеу — Констанцияны да іздеу деп өзіне-өзі іштей серт беріп қойғанда д'Артаньян өтірікті жартылай ғана айтқан, ал мұның өзі шын сөзбен бірдей.
Осының бәрін ойға алып, анда-санда атына тақымын бір басып қойып келе жатып, д'Артаньян жолдың қалай біткенін, Сен-Жерменге қалай жеткенін аңдамай да қалды. Енді осыдан он жыл кейін Людовик XIV жарық дүниеге келуге тиіс павильонның қасынан жанай өтіп, айдай сұлу ағылшын әйелінің бір белгісі көзге түспес пе екен деп, құлазыған көшемен оң-солына көз тастап, асықпай келе жатып, ол кенет бір әдеміше үйдің гүлмен көмкерілген айваның ерсілі-қарсылы кезіп жүрген бір кісіні көрді, бұл үйдің төменгі қабатында, сол кездің салты бойынша, көшеге қарайтын бірде-бір терезесі жоқ еді. Ол кісіні Планше бірінші болып таныды.
— Сударь, сіз ана жігітті білесіз бе? — деді ол. — Бізге аузы аңқиып қарап тұрған жігітті айтамын.
— Білмеймін, бірақ өзін бір жерде көрген сияқтымын, — деді д'Артаньян.
— Көргенде қандай! — деді Планше. — Бұл әлгі граф де Вардтың малайы Любен байғұс емес пе, осыдан бір ай бұрын Каледе порттың бастығына бара жатқанда, сіз де Вардты келістіріп бірнеше рет түйрегеніңіз бар еді ғой.
— Ах, иә, — деді д'Артаньян, — бұл жүгермекті енді мен де таныдым. Қалай ойлайсың, ол сені танып тұр ма екен?
— Білмеймін, сударь, бірақ ол байғұстың үрейі ұшып жүргенде мені есінде анық сақтады дейсіз бе.
— Олай болса барып сөйлес, — деді д'Артаньян, — ал, әңгімелесіп тұрғанда қожасы қаза болған жоқ па екен, соны абайлап білгейсің.
Планше атынан секіріп түсіп, тұп-тура Любенге жетіп барды, бірақ ол шынында да мұны танымады, екеуі ортақ бір әңгіме тауып, тез сөйлесіп кетті. Ал, д'Артаньян болса, атының басын бір тығырыққа бұрып, үйді бір айналып, қою жаңғақ бұтасының тасасына барып тұрды, сөйтіп екеуінің сөзін тыңдамақ болды.
Бұтаның тасасында бір минуттай тұрғаннан кейін, ол келе жатқан күйме даусын есітті, мұның тап алдына миледидің күймесі келіп тоқтады. Енді шүбәлануға болмай қалды: күймеде миледидің тап өзі отыр екен. Д'Артаньян көзге түспей елеусіз бақылау үшін еңкейіп ат жалына жабысты.
Миледидің сары шашы сұлу жүзі күйме терезесінен көрінді де, жас әйел күтушісіне бірдеңе деп жарлық беріп жатты.
Жиырма-жиырма екілер шамасындағы дәулетті де текті бибіге таптырмайтын, лыпылдап ұшып-қонып тұрған әп-әсем күтуші қыз, сол кездің әдеті бойынша, күйме тепкішегінде отырған жерінен секіріп түсіп, әлгіде д'Артаньян Любенді көрген айванға қарай беттеді.
Д'Артаньян кәнизактің соңынан қарап, оның айванға бара жатқанын көрді. Бірақ содан сәл ғана бұрын үй ішінен біреу Любенді шақырып алып, айванда Планше жалғыз қалған еді, со заматта ол қожайынының қайда жоғалып кеткенін білмей, төңірегіне аңырып қарап тұрған.
Күтуші қыз Планшеге таяп барып, оны Любен деп ойласа керек, оған бір хатты ұсына берді.
— Мырзаңызға берерсіз, — деді күтуші.
— Менің мырзама ма? — деді Планше таңданып.
Ия, аса бір тығыз шаруа. Алсаңызшы тезірек.
Осыны айтты да, ол кейін бұрылған күйменің тепкішегіне жүгіріп барып, секіріп мінді, со замат күйме де жүріп кетті.
Планше қолындағы хатты айналдырып көрді де, бұйрықты сөзсіз орындап үйреніп қалған жазған, айваннан секіріп түсіп, тығырыққа бұрылды да, жиырма қадамдай жүргесін, жаңағының бәрін көріп-біліп, енді өзіне қарай келе жатқан д'Артаньянмен кездесіп қалды.
— Сізге, сударь, — деді Планше, жас жігітке хатты беріп жатып.
— Маған дейсің бе? Шын айтасың ба? — деді д'Артаньян. Шын айтпай мені сонша жын соғып па! Күтуші қыз: «Мырзаңа бер», — деді. Менің сізден басқа мырзам жоқ, ендеше... япырмай, әлгі күтуші бір әдемі қыз екен!
Д'Артаньян хатты ашып, төмендегі сөздерді оқыды:
«Сізге көкейтесті ойын ауызша айтқаннан да көбірек ынта-ықылас білдіретін бір бикеш сіздің орманға сейілдеп қайтуға жарайтын кезіңізді білгісі келеді. Ертең «Алтын Алқап» мейманханасында үстіне қара-қызыл ливрей киген малай жауабыңызды тосып тұрады».
«Oho! — деп ойлады д'Артаньян. — Сонша сәйкес келуін! Миледи де, мен де бір кісінің денсаулығын білгіміз келіп жүрген сияқты.»
— Әй, Планше, де Вард мырзаның хал-ахуалы қалай екен? Сырт мәліметтерге қарағанда, ол әлі өлмеген-ау, шамасы?
— Жоқ, сударь, төрт рет жараланса да, жағдайы жаман көрінбейді. Көңіліңізге келмесін, сіз ол байғұсты шпагамен төрт рет түйреп едіңіз ғой, содан қатты қансырап қалған екен, әлі әлжуаз көрінеді. Өзім ойлағандай, Любен мені танымады, сол себепті де өзіміз бастан өткерген оқиғаны маған тәптіштеп айтып берді.
— Бәрекелде, Планше, сен малайлардың королісін! Ал, енді атыңа қон, әлгі күймені қуып жeтeлiк.
Оған көп уақыт кетпеді. Арада бес минут өткен шамада олар жол шетінде тоқтап тұрған күймені көрді, қымбат киінген бір салт кісі атын ойнақтатып, күйме есігінің алдында тұр екен.
Миледи мен салт аттының әңгіме қызығына түсіп кеткені сондай, д'Артаньян күйменің екінші жағына келіп тұра қалғанда, оны әсем кәнизактан басқа ешкім де байқамады.
Олар д'Артаньян білмейтін ағылшын тілінде сөйлесіп жатыр екен, дегенмен сұлу келіншектің әуенінен оның қатты ашуланып отырғанын жас жігіт бірден сезе қойды, оның соңғы қимылы жігіт көңілінің күдігін сейілтіп жіберді: миледи желпуішін ызалана қысып жібергенде, нәзік әйел заты табанда күл-пәрша болды.
Салт атты жадырай күліп жіберіп еді, миледидің ашуы бұрынғыдан да күшейе түскендей болды.
Д'Артаньян бұлардың сөзіне бір бүйірден киіп кетпекші болды; ол күйменің екінші есігіне таяп барып, әйелге ізет көрсетіп қалпағын шешті.
— Сударыня, — деді ол, — өзіңізге қызмет көрсетуге рұқсат етіңіз. Менің байқауымша, мына бір салт атты сізді қатты ашуландырған сияқты. Бір сөз айтсаңыз болды, сізге сыпайы мінез көрсетпеген бұл мұндарды мен табанда жазалаймын!
Д'Артаньян ләм деп тіл қатқаннан-ақ, миледи бұған таң қалып, бұрылып қарай берді.
— Сударь, — деді ол, жас жігіт сөзін бітіргесін французша еркін тіл қатып, — егер менімен ерегісіп тұрған бұл кісі туған ағайым болмаса, мен өз тағдырымды шын көңілден сіздің қамқор қолыңызға тапсырар едім.
— О, ендеше кешірім сұраймын! Егер сенсеңіз, сударыня, мен оны білмеп едім, — деді д'Артаньян әдеппен.
— Мына бір ұшқалақ неменің өзгенің ісіне өнмеңдеп киліккені қалай? — деді миледи туысқаным деген салт атты, күйме есігіне еңкейе қарап. — Өз жөнімен неге жүре бермейді ол?
— Нағыз ұшқалақ мына сізсіз! — деді д'Артаньян атының жалына еңкейіп, өзі тұрған жақтағы есіктен жауап қатып. — Менің өз жолыммен жүре бермейтін себебім — тап осы араға аялдағым келді.
Салт атты қарындасына ағылшынша бірдеңе деп тіл қатты.
— Мына сізбен французша сөйлесіп тұрмын, — деді д'Артаньян, — рақым етіп сіз де маған сол тілде жауап қайтарыңыз. Сіз мына әйелдің ағасы екенсіз — өте жақсы, солай-ақ болсын, бірақ, бір тәуірі, сіз маған туысқан емессіз ғой әйтеуір.
Миледи өз жынысына тән су жүректікке басып, енді тұтанғалы тұрған жанжалды, насырға шаппай тұрғанда, сөндіріп тастау үшін дереу араласады ғой деп ойлауға болатын еді, бірақ ол күйменің түкпіріне қарай шалқая түсіп, көшірге:
— Үйге тарт! — деп әмір етті.
Жас жігіттің келісті кескін-кейпі ұнап қалды ма қалай, әйтеуір әсем кәнизак д'Артаиьянға жалт етіп бір рет көз тастады.
Күйме кетіп, екі жігіт бетпе-бет оңаша қалды: енді оларды айырып тұрған бөгет жоқ еді.
Салт атты бір тебініп, күйменің артынан қуа жөнелгісі келіп еді, бірақ қайтадан ашуына мінген д'Артаньян оны тізгінінен бір жұлқып тоқтатып тастады, өйткені ол бейтаныс кісінің Амьенде астындағы атын ұтып алатын және Атостан алмас жүзікті ұтып ала жаздаған ағылшын екенін білді.
— Ей, сударь, — деді ол, — сіз менен де өткен ұшқалақ сияқтысыз: бізді аздап шекісіп қалғанымызды ұмытып бара жатқаннан саумысыз?
— Ах, бұл сіз бе едіңіз, сударь! — деді ағылшын. — Сіз шамасы, ұдайы құмар ойнап әдеттенген кісісіз ғой деймін: бір ойын болмаса екінші бір ойынға еркін көше салатын.
Ия, қарымта қайтару үшін тағы ойнау қажеттігін, міне, сіз де есіме салып жатырсыз? Сіз сүйек салынған стакандай, рапираны да шебер игеріп алғансыз ба, әлде жоқ па — біз қазір соны анықтаймыз, сүйіктім!
Менде де шпага жоқ екенін өзіңіз де көріп тұрсыз, — деді ағылшын шытынып. — Әлде сіз қарусыз кісінің алдында батырсынғанды ұнататын шығарсыз?
— Үйіңізде шпагаңыз бар шығар деп ойлаймын. Ал, менде екі шпаг бар, егер қаласаңыз, сізге біреуін тағы ұттырайын, — деді д'Артаньян.
— Ағат кетпелік, ондай заттар менде жетіп жатыр, — деді ағылшын.
— Ендеше жақсы болды, қадірлі жігітім! Соның ең ұзынын таңдап алып, бүгін кешкілік маған көрсетерсіз, — деді д'Артаньян.
— Оны көруіңізге сізге қай жер қолайлы болар екен?
— Люксембург сарайының сырты. Ол бір сондай серуен құруға қолайлы жер.
— Мақұл, мен сол араға келемін.
— Қай мезгілде?
Сағат алтыда.
— Айтпақшы, сіздің мұнда бірер досыңыз бар шығар?
— Менің үш досым бар, олар менімен бірге жүргенді өзіне құрмет санайды.
— Үшеу ме? Керемет! Тағы тепе-тең болып шықтық! Менің де үш досым бар еді, — деді д'Артаньян.
— Енді маған кім екеніңізді айтыңыз? — деді ағылшын.
— Мен гасконнон дворянині, дезэссар мырза ротасының гвардияшысы д'Артаньянмын.
— Мен лорд Винтермін, барон Шеффилдпін.
— Жақсы! Сіздің атыңыз өте қиын болса да, барон мырза, мен сіздің хұзырыңызға әзірмін, — деді д'Артаньян.
Сосын ол атына шпорын қадап кейін бұрылып Парижге қарай құйғыта жөнелді.
Осындай бір жағдай болғанда ол әдетте Атосқа баратын, осы жолы да тура Атостың үйіне келіп түсті.
Атос ұзын кушетканың үстінде жатыр екен, егер оның өз сөзін пайдалансақ, жорық жабдығының келуін күтіп жатыр екен.
Д'Артаньян оған болған оқиғаның бәрін баяндап берді, тек де Вардқа жолданған хат жайлы ғана айтпады.
Атос сайысқа шығатынын білгенде, әсіресе, ағылшындармен сайысатынын білгенде қатты қуанды. Оның мұны ұдайы арман етіп жүргенін біз кезінде айтқанбыз.
Екі дос қызметшілерін дереу Портос пен Арамиске жіберді, сосын оларға болған оқиғаны түгел айтып шықты.
Портос табанда шпагасын суырып алып, қабырғаны шауып, бастады, оқтын-оқтын биші сияқты плие жасайды. Поэмасын әлі аяқтай алмай жүрген Арамис Атостың кабинетіне кіріп, жауып алды да, жекпе-жек сағаты соққанша мені мазаламаңыздар деп өтінді.
Атос ымдап, Гримоға шыныны жеткіз деді.
Ал, д'Артаньянға келетін болсақ, ол ойша бір шағын жоспар жасап отырды, аман жүрсек, біз оның жүзеге асқанын әлі көреміз; жігіттің өңі жадырап, әлденені ойлап, жымия күліп отырғанына қарағанда, сол жоспарын орындау кезінде ол қызық бір шытырманды оқиғаны бастан кешіретін болса керек.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі