Федор Достоевский
Достоевский Федор Михайлович – орыс жазушысы, Санкт-Петербург Ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1877). Ол 1821 жылы он бірінші қарашада Мәскеу қаласында туған. 1843 жылы Санкт-Петербург әскери-инженерлік училищесін бітіреді. 1847 жылдан Михаил Петрашевскийдің қоғамына қатысқаны үшін 1849 жылы қамауға алынып, өлім жазасына кесіледі. Бұл жаза каторгамен ауыстырылып, 1850 – 54 жылдары Омбыда айдауда, кейін қатардағы солдат болды. 1854 жылы Омбыда Шоқан Уәлихановпен танысады, бұл таныстық Семейдегі кездесулерден соң үлкен достыққа айналды. 1859 жылы Достоевский Тверь, кейіннен Санкт-Петербург қаласында тұруға рұқсат алады. Өз ағасы Михаил Достоевскиймен бірге 1864 жылға дейін «Время» (1861 – 63) және «Эпоха» (1864 – 65) журналдарын шығарып тұрды. 1862 – 63 және 1867 – 71 жылдары шет елде болды. 1873 – 74 жылдары князь Владимир Мещерский шығарып тұрған «Гражданин» журналының редакторы болды. Достоевскийдің «Бейшаралар» (1846 қазақшаға 1955 жылы Сәйділ Талжанов аударған) атты алғашқы романы оның шығармашылық қуатын танытты. Кейінірек, «Қор болғандар мен қорланғандар» (1861), «Өлі үйден хаттар» (1861 – 62) романдары жарық көрді. Достоевский «Ойыншы» (1866), «Қылмыс және Жаза» (1866, қазақшаға 1972 ж. Мұхтар Жанғалин аударды), «Нақұрыс» (1868, қазақшаға 1984 ж. Нияз Сыздықов аударған), «Албастылар» (1871 – 72), «Жасөспірім» (1875). «Ағайынды Карамазовтар» (1879 – 80) романдарын жазды. Жазушы шығармалары адамның ішкі дүниесіндегі қайшылықты ашып, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге психологиялық талдау жасайды. «Жазушының күнделігі» (1871 – 81), «Пушкин туралы сөз» (1880), т.б. әдеби-сын еңбектерінің әлемдік эстетика тарихында алар орны ерекше. Уәлихановпен достығы туралы Достоевский «Жазушының күнделігінде» жазған, екеуінің жазысқан хаттары сақталған. Жазушы 1881 жылдың тоғызыншы ақпанында Санкт-Петербург қаласында қайтыс болған. Семейдегі 1857 – 59 жылдары тұрған үйінде Достоевскийдің әдеби-мемориалдық мұражайы (1971) бар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі