Өлең, жыр, ақындар

Бақыт қонып ақ отау түндігіне

  • 03.08.2016
  • 0
  • 0
  • 21013
(Үйлену тойына тілектер)

Жалғастырып кеше мен бүгінгіні,
Еске сап ата дәстүр - бұрынғыны.
Міне, тағы бас қосты ортамызда
Екі жас ұнатқан соң бірін-бірі.

Бақыт қонып ақ отау түндігіне,
Тағы да сезім нұры күлді, міне.
Қол ұстасты жұбайлар салтанатпен
Жарастығы сай келіп бір-біріне.

Бергеннен соң қос жүрек сенімге ерік,
Той жасады тағы да елің болып.
Түсіп жатыр, мінеки, ақ отауға
Іргелі елдің бір қызы келін болып.

Ақ жол болсын үлкеннен бата алғаның,
Құтты болсын шаңырақ-отандарың!
Жайнай берсін қашанда гүлге оранып
Бүгінгі сендер тіккен отауларың!

Ұрпақ ерсін ізетті іздеріңнен,
Бақ күлкісі кетпесін жүздеріңнен!
Өмірлерің болашақ арылтпасын
Әрдайым бақытты осы кездеріңнен!

Тілейміз ырысты отау қаланғанын,
Қос жүрек сезім отын жаға алғанын.
Қол ұстасқан жұбайлар, құтты болсын
Жасаған болашаққа қадамдарың!

Үлкендер көрсін ізет ойлы жастан,
Сендерге нұрын төксін айлы аспан!
Үнемі тек осындай шаттықпенен
Көрейік тойларыңды тойға ұласқан!

***

Жар сүйіп, болуға отау қам қылыпсың,
Қолыңа бақыт құсын қондырыпсың.
Осылай дос-жаранды шаттандырып,
Думанмен айналаны ән қылыпсың.
Ақ неке қиылған соң жұбайыңмен,
Біріңе-бірің үшін мәңгіліксің!

Жақсы жар жаннан әр кез табылады,
Кетсе алыс бірін-бірі сағынады.
Бүгінгі көтерілген отауыңның
Әр кезде биік болсын шаңырағы!

Отаудың іргетасы босамасын,
Берік қып қойсын тәңір босағасын!
Жарыңмен қол ұстасып қалап алған
Ел мен ел, дос пен достың қос арасын.

Тілейміз татулықтың сезілгенін,
Таусылмай қиындықта төзімдерің.
Біріңді-бірің сүйген жүректегі
Сөнбесін, лауласын ақ сезімдерің!

Үйреніп жақсылықтың жастан бәрін,
Тойларға жайылсын тек дастарқаның!
Ағайын, міне, тағы ортамызда
Көрдіңіз қуаныштың басталғанын.

Бәрі де тоймен өтіп жыл, айлардың,
Көбейсін қуанышы мұңайғанның.
Жақсылық алып келіп болашағы,
Бағы ассын ақ некелі жұбайлардың!

Сөнбесін сенім-сәуле жүректегі,
Болады әр нәрсенің бір өткелі.
Бүгінгі тойда айтылған ел мен жұрттың
Қабыл боп қалсын бата-тілектері!

***

Екі жасқа бақ жолына ұмтылған
Бақыт тілеп әрдайым да күлсін таң.
Оларға әне ақ отаудың есігі
Қол бұлғап-ақ өмір атты тұр шыңнан.

Сол ақ отау ырыс баққа кенелсін,
Іші, сырты арай нұрға бөленсін.
Ақ батаның шапағаты әрдайым
Дари берер, ниет етсе, деген шын.

Екі жасқа сол бата кеп дарысын,
Ақ отауы - болашақтың бағы шын.
Келешегі нұрлы жарық болсын деп
Ашылып-ақ тұр оларға жолы шын.

Сол жолының қадірін шын ұға алсын,
Сол ақ жолға лайық боп тұра алсын.
Сол баянды бақ күніне куә боп
Екі жастың жақындары қуансын!

***

Сезiм жолы сан мәрте сыналғанда
Өмiр сыйын ұсынды бұларға да.
Бүгiн, мiне, қос ғашық қос аққу боп
Сапар шектi бақытқа бiр арнада.

Шымылдығы шаттықтың түрілді де,
Естіртті ән ғып өмірдің үнін күле.
Қол ұстасқан қос ғашық сол әнді айтып
Жарасыммен ортада бүгін, міне.

Оларға өмір той гүлін тақты мына,
Бағыт алды жұбайлар бақ қырына.
Кел, ендеше, ортақтас, ағайын, дос,
Екi жастың бас қосқан шаттығына.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Төсінен ұшқан түлектің арманы биік болған жер

  • 0
  • 0

Елдің бір салты қашаннан -
Өнермен бағы жанған жер.
Төсінен ұшқан түлектің
Арманы биік болған жер.

Толық

Соғыс жылғы Аналар

  • 0
  • 2

Өтсе де күн, есімің ескерілер,
Ұрпағыңның жадынан өшпедіңдер.
Соғыс жылғы Аналар, өйткені, рас,
Болмысы асқақ, өзгеше, басқа едіңдер!

Толық

Қыз сөзi

  • 0
  • 0

Жүрегiмде қандай мұңым жатты екен,
Деме менi тұрақсыз.
Болар едiм, әттең, саған тәттi өлең,
Махаббатта болмайды екен сынақсыз.

Толық

Қарап көріңіз