Өлең, жыр, ақындар

Шексіз мүмкіндіктер университеті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – Қазақстандағы көпсалалы білім беретін алдыңғы қатарлы оқу орны. Алғашында Қазақ Мемлекеттік университеті деп аталды. Ол РКФСР Халық Ағарту Комиссариатының шешімімен 1934 жылдың 1 қаңтарында құрылды.

Қазақ ұлттық университеті өзінің негізін  қаланғаннан бастап Қазақстандағы білім беру жүйесінің бетке ұстар көркі, университеттік дәстүрлердің, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау - көзі болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әлемдік стандарттарға сай, еліміздегі, тіпті Орта Азия кеңістігіндегі ең ірі әрі қуатты оқу орны болып табылады. Сонымен бірге жыл сайын өткізілетін  QS World University Rankings рейтінгі бойынша ТМД мемлекеттері ішінен тек М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне жол беріп, биылғы оқу жылында 165 орынға жайғасып, әлемдік ең мықты 200 университеттің қатарына кірді.

ҚазҰУ ғылыми инфрақұрылымының негізі – Республикадағы іргелі зерттеу бағдарламалары жалпы мөлшерінің 50% жүргізілетін 20 ғылыми-зерттеу институты мен халықаралық ғылыми орталық. Университет жанында сонымен қатар колледж, біліктілікті көтеру институты және түлектері қосымша әскери мамандық алып шығып, ҚР Қарулы күштері қатарында, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарында, кеден қызметі мекемелерінде қызмет етуге мүмкіндік беретін әскери кафедра жұмыс істейді.

ҚазҰУ 400-ден астам шетелдік университеттермен ынтымақтастық туралы келісім жасаған. Осы негізде магистрант, докторанттарға екі адамның жетекшілік ету тәжірибесі кеңінен өрістеп отыр. Бір ғылыми жетекші Қазақстаннан болса, екіншісі – шетел ЖОО-дағы белгілі ғалым. Осының бәрі де ҚазҰУ студенттері үшін халықаралық деңгейде оқып, зерттеулер жүргізуге лайықты жол ашады.

Сонымен қатар университет әлемдік жетекші университеттермен қарым-қатынас жасай отырып, жыл сайын студенттерге, жалпы білім алушыларға шет елде сапалы білім алу үшін тиімді жағдайлар жасап отыр. Жыл сайын  тәжірибиеден өту сынды шараларды да іске асырады. Бұдан бөлек оқу орнында Қазақстан тарихында алғаш рет қос дипломды бағдарлама бойынша жұмыс жасау мүмкіндігі қарастырылды. Яғни, магистратурада білім алушылар оқудың бір жылын Қазақстанда, бір жылын шет елдік университетте оқып, екі оқу орнынан да диплом алу мүмкіндігі жасалған.

Университет білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, студенттің өзін-өзі басқаруға, көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеуге мол мүмкіндіктер тудыруда. 

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, тарих, археология және этнология факультетінің 1 курс магистранты Байбукашева Айдана


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз