Өлең, жыр, ақындар

Әлімбайдың әңгімесі

1971 жылы бітіріп келген соң Әлімбайдың алғаш өндіріске орналасуы Өзен газ участкесінде басталған. Ол жұмысқа орналасқан участке №2 мұнай өндіру кәсіпшілігімен қатар болды да, бұл екі жұмыс орнының адамдары бір-бірімен жиі ұшырасып қалатын. Мұндай жерлерде қандай әңгімелер айтылатыны белгілі ғой, олар бірінен бірі өздерінің бастықтары, олардың мінез-құлқы туралы пікірлерді жиі еститін. Бұл мұнай өндіру кәсіпшілігінің бастығы Амангерей Орынбаев туралы пікірлердің сол себепті де жас маман Әлімбайдың есінде қалуы түсінікті еді. Бір қызығы, көршілерінің өз бастықтары жайында айтқан сөздерін тыңдай жүріп, Әлімбай алғашында бір қорытынды пікірге келе алмады. Біреулерінің сөзіне қарағанда, ол бір өте қатал адам, қатты қосып тастайтын болу керек, сол үшін кәдімгідей ренжіп бара жатады. Ал екінші біреулерінің сөзіне қарағанда ол бір аса қарапайым жан, онымен кез-келген мәселе төңірегінде емін-еркін сөйлесіп, жағдайыңды айтсаң түсінбейтін кезі болмайды дейді. Ал бастықтарының іскерлігі жөніне келгенде бәрінің де айтарға сөзі жетпейді. Сөйтіп, өзі бір жұмбақ адам болды ғой деген ойда жүрген. Кездесіп, жақынырақ танысқысы келетін. Оның орайын өмірдің өзі келтірді.

Әдетте кәсіпшіліктің де, газ учаскесінің де өз адамдарын тасымалдайтын көліктері болады. Ал әлдеқалай біреулерінің көлігі бұзылып немесе өзгедей бір себеппен көліктері болмай, жаяу қалып жатса, қайсысының болса да автобусына отырып жүре беретін. Бір күні газ учаскесі адамдарының көршілер көлігіне жармасуларына тура келді. Жұмыс күні аяқталып, үйлеріне барып демалуға ниеттенген бір топ адам автобус ішін лезде толтырған. Амангерейді мұның сол жолы бірінші рет көруі.

Ол да жұмыстастарымен бірге үйіне қайтуға жиналған беті екен. Жолға шыға бергендері сол еді, Амангерей кенет автобустың жүргізушісіне:

Анау качалканы көріп тұрсың ба? Тарт солай қарай! — дейді.

Автобус дереу жолдан шығып, қиралаңдай түсіп, жүріп берді. Алғашында отырғандардың ешқайсысы ештеңе ұқпай, үрпиісіп қалған. Сөйтсе, жұмыс жасап тұрған качалкалардың біреуі тоқтап тұр екен. Не істегелі жүр екен деп, бәрі соның қимылын бағып қалды. Бірақ ешқайсысы да жұмыс күнін аяқтап, үйіне бара жатқан бастық адам сол арада шешініп тастап, качалканы өзі жөндеуге кіріседі-ау деп күтпеген. Ал Амангерей болса, үн-түнсіз күйі, бейне осы жерге тек осы шаруа үшін арнайы әрең жеткен жандай, қара терге түсіп, жұмыс істеп жатты...

Олар сол күні үйлеріне әдеттегіден әлдеқайда кеш оралған. Бірақ ол үшін ешқайсысы да ренжімеген. Әлімбайдың да көңілін өмірдің бір үлкен сабағын алғандай, жайлы сезім жайлаған. Осы бір көрініс тіпті оның санасында өшпес таңба қалдырған сияқты. Сол күні тұңғыш рет адамның бойындағы алуан түрлі қасиеттер мен олардың өз ісіне қарым-қатынасы, міндет пен жауапкершілік, іске деген құрмет пен сүйіспеншілік туралы ұшы қиырсыз бір ойларға шомған. Мүмкін бұл айғайлатып айтып жатпай-ақ берілетін үлгі-өнегенің бір көрінісі шығар. Өзге біреуге тапсырып жүре беруге болса да, ол кісі әлгі жұмысты ойланып жатпастан өзі атқара салды. Былай қарағанда, кейде тіпті онда тұрған ештеңе жоқтай. Ал шын мәніне келгенде, бұл арадан адамдық қасиеттің әншейінде байқай бермейтін терең иірімдері, шынайы үлгісі көрініс бергендей... содан бері Әлімбай да талай бастықтарды көрген екен, өзі де талай адамдарды жұмсап, бастықтықтың дәмін татты. Бірақ сол ағасына әлі күнге дейін таңданып, бас шайқап отыруын қоя алар емес...

Осы оқиғадан кейін оның қандай адам екеніне көзі жеткендей болды. Бұл кісі бір сирек кездесетін парасатты адам екен деген қорытындыға келіп, көрген жерде әкесіндей сыйлап тұратын жағдайға жеткен. Сөйтіп жүргенде уақыт өте берді, "жас өспей ме, жарлы байымай ма" дегендей, жас маман Әлімбай да қызмет бабымен өсіп, бұрынғысынан гөрі салмақтырақ жұмыстар атқара бастаған. 1986 жылы мұны сол кезде Амангерей Орынбаев бастық болып тұрған Өзен мұнай газ өндіру басқармасының кәсіпшіліктеріне өндірістік қызмет көрсету базасына қызметке берді. Бұл Амангерей ағасының тікелей қарамағында алғаш рет болуы, іскерлігін де, талап қойғыштығын да шет жағалай өзі көріп қалды емес пе, алғашында аздап сескеніңкіреп, бір Жағынан осының өзі дұрыс болар деп, әлденеден үміттеніңкіреп, алдына екі ұдай сезіммен барған. Бірақ не де болса сол адамның айтқанын екі етпей, ойынан шығуға талпынуды, мақсат тұтқаны есінде. Өйткені, өзінің дәл содан қор болмайтынын жақсы түйсінген.

Өндірістік қызмет көрсету цехының қарамағында ол кезде екі-үш цех бар еді, соның мұнай тасымалдау жұмыстарымен шұғылданатын цехының жауапкершілігі Әлімбай Жайлашевқа жүктелді. Бұл өзі мұның жасап көрмеген шаруасы ғой. Әбекең бәрімен таныстырып, түсіндіреді деп күткен. Шынында да, ол кісі бұған: "Жүр, кеттік!" — деп, ілестіріп ала жөнелді. Мұнай жүріп жатқан бәленбай шақырымға созылған құбырларды бойлай екеуі кете береді. Бір кезде тоқтап:

— Міне, сенің міндетің — осы құбырларды бақылау. Осылар жарылып кетуі мүмкін, кейде басқадай зақым келіп, май ағатын жағдайлары болады. Солардың алдын алу керек, қажет болған жерлерде жөндеу жасайсыңдар. Әйтеуір май ысырап болмаудың қамын жасауға тиіссің, — дейді де, жиі кездесуі мүмкін кейбір жағдайларды түсіндіріп, көрсетіп беріп, кетіп қалады. Бәрін де ұғып алған сияқтанған еді, Амангерей ағасы оп-оңай түсіндіріп бергеннің бәрін біразға дейін толық игеріп кете алмаған.

Бір күні түскі үзіліс кезінде құбыр жарылып, май ағып жатыр деген хабар келді де, Амангерей ағасына еліктеді ме, өзім-ақ жасап тастауға болатын шаруа ғой деп, тартып кетті. Алдында көргені бар, естігені бар дегендей, күрделі ештеңесі жоқ секілді. Бірақ олай айналдырып, бұлай айналдырып, ақыры ештеңе шығара алмаған. Май болса ағып жерге кетіп жатыр, мұның қайткенде де өзі жөндеп тастағысы келгенін сезіп, ерегіске түскендей, әлгі "кілтипан" тіпті тіл таптырмады. Ақыры өзге амалын таба алмай, Амангерей ағасына телефон шалуға мәжбүр болғаны...

— Өзің қай жерде тұрсың?! — деп, ол әуелі тұрған жерін тәптіштеп сұрап алды. Содан соң не істеу керектігін жайлап түсіндіре бастайды. — Дәл өзің тұрған орыннан бір метрдей жерде задвижка бар және сол шұңқырда бір сом темір жатыр. Енді соны қолыңа ал... — осылайша оның нұсқаулары біразға дейін жалғасқан екен сол жолы....

Бәрі жөнделіп болып, аққан мұнай тыйылып, үйіне келген соң ғана Әлімбай болған оқиғаны бастан-аяқ саралап, ойша сан рет талдау жасап, таң-тамаша қалғаны бар. Өзен кен орны толған темір-терсек, басқа-басқа, солардың қайсысы қай шұңқырда қалғанын үйде отырған адам қалай біледі? Ең болмаса көзімен көрген сәтте есіне түсіпті десе де шындыққа сыйғандай. Ал телефонның құлағында, ондаған шақырым жерде үйінде отырып, бәрін көзбен көріп, қолмен ұстап тұрғандай айтып беру ақылға көп сыя қоятын жай еместей. "Бұл кісінің басы — компьютер" деп, бас шайқайтындардың жайына бұл сол жолы ғана түсінгендей әсерде қалған. Оның өз ісіне берілгендігінің бір көрінісі екенін де сол жолы ұққан.

Кейіннен екеуінің май дайындау жұмыстарында да талай жолдары түйісіп, қатар жүріп қызмет атқарды. Соңғы жылдары көрші тұрып, ағалы-інілі болып кетті. Әлімбай ағасы көп үндемегенмен, іші толған қазынадай көріп, сол бір қызық мінезді жанға жақынырақ жүргенді ұнатып тұратын, оның өзіне деген жақсы сөздеріне іші жылып қалатын.

Амангерей де мұны жек көрмеген сияқты. Қыздары тұрмысқа шыққанда жанына бас құданың бірі ретінде ылғи алып жүретін. Осынау сыйластықтары Амангерей орталарынан кеткеннен кейін оның отбасындағы бала-шағасымен арада жарасымды жалғасын тауып келеді. Ол Марат пен Болатқа аға, Дәметкенге іні болып кетті. "Алла арнаса, осы екеуінің барлық тойын енді осы ағасы басқаратын шығар", — дейді апасы. Ал той болатын күндер де алыс емес болмауға тиіс, өйткені Марат оқуын бітіріп келіп, қызметке шыққалы екінші жылға айналып барады, ол бүгінде Жаңаөзен мұнайшыларының бірі болып саналады. Анасы енді оның үйлену тойын күтіп жүр. Болаты он бірінші класта оқиды, құдай көпсінбесін, түсінген адамға ең үлкен тойдың бірі сол емес пе.

Иә, Дәметкен ананың құдайға шүкіршілік айтарлықтай жайы жоқ емес. Құдай қосқан қосағынан қыз да сүйді, ұл да сүйді. Балалары өмірден өз орындарын тауып жатыр, Раушаны да, Райханы да әке жолын қуып, мұнайшылық жолға түсті. Қазір бірі Құмкөлде, екіншісі Ақтауда тұрады, өздерінің үй-күйі бар, балалы-шағалы. Өзі былтырдан бері байланыс бөліміндегі жеңіл-желпі қызметін қойған. "Балам қызметте, бізге енді соның тапқаны да жарайтын шығар. Болымсыз табыс табам деп, бір жақта жүргенше, үйімде отырып, қос құлынымның ас-суын дұрыстап бергенім жөн емес пе... Оның үстіне бұрынғыдай денсаулық та жоқ", — деген оның сөздерінің ар жағынан жазылмаған жараның орны да көрініп тұрғандай, қайта-қайта көзіне үйіріліп қалатын жас моншақтарына қарап, соны түйсінуге болар еді.

Әрине, тірі адам тірлігін жасайтыны түсінікті ғой, бірақ өткен күн де елес емес екеніне Дәметкен әбден көз жеткізген. Егер өткен күн тек елес болып өте шықса, Амангерейдің көзін көргендер айналып үйіріліп бұлардың жанында жүріп несі бар... Өзімен институтта бірге оқығандар қазір он сегіз үй болып, осы Жаңаөзен мен Ақтаудың төңірегінде жүр, күнде болмағанмен, олар да хал-ахуалдарын сұрап, хабарласып тұрады. Келіп әңгімелесіп отырып, өткен-кеткен түрлі оқиғаларды айтып, көңілдерін көтеріп тұрады. Сондай әңгімелердің әсері ме екен, Дәметкен де осы күнде бұрын өзі көп мән бермеген талай жайларды көңілінде қайта жаңғыртып, еске алып отыруды әдетке айналдырып алыпты. Балаларының біреуін қызметіне, екіншісін мектебіне шығарып жіберіп, үй жинастырып болған соң аз уақыт қолы босай қалса, отағасының заттарын реттеп немесе ойда жоқта ескерткіш болып қалған елу жылдығындағы бейнетаспаны қарап көңілін аулайтыны бар. Кейде жай ғана қисая кетіп, ойға шомады. Бүгін де сондай бір сәті еді, неге екені белгісіз, "Өзенмұнайгаздың" бас инженері болып қызметке кірген кезі есіне түсті. Марқұм, өзі де бір қызық мінезді адам еді ғой, мұнымен өмірі жұмыс жайында сөйлеспейтін. Үйге келе лас киімдерін лақтырып тастап, жуына сала дайын тұрған тамағын ішіп алып, залдың сол жақ қапталында тұрған диванға қисая кетеді де, телефонға жабысады. Жұмыс басында қалған кезекшілерге әлденелерді тапсырып, даусын көтере сөйлеп жатады. Біраздан соң әлгі тапсырмасының жайын сұрап қайтадан хабарласады. Айғайлап ұрсып, телефонның арғы құлағындағы әлдекімдердің жазасын беріп жататын кездері де болмай қалмайды. Бір уақыттарда әлгі телефонын көтеріп, жоғарыдағы жатын бөлмесіне кетеді. Бірақ онда да тыным алып жатып қалмайды ау. Телефонмен сөйлеспейтін уақытында бұларға түсініксіз әлдеқандай бір схемаларды қарап, темекісінің түтінін будақтата соларға үңілетін де отыратын еді. Содан таңертең ерте қайтадан атқа қонады. Түскі асқа келу деген атымен жоқ.

Бірде Дәметкен балаларымен бірге жеңілдеу ғана дайындалған түскі астарын алдарына ала бергені сол еді, Амангерей келіп қалды. Таңертең киіп кеткен киімі соншалық былғана қоймапты. Бұл дәл қазір киім дайындаудың қажетсіздігін көреді де, өзге шаруасына айналып кетеді. Түс қайта Әбекең жұмысына қайтадан кетіп қалады...

Сөйтіп ол кісі үш күн бойы түскі асқа келіп, түс қайта қайтадан кетіп қалып жүреді. Дәметкен: "Бұл неге түскі асқа келіп жүр екен?" — деп, сұрай қоймайды. "Жұмысының реті солай болған шығар, қашан келіп, қашан кетсе де өз үйі ғой", — деп, жүре береді.

Үшінші күні ұсақ-түйек шаруамен дүкенге шыға бергені сол еді, көршілері Бигелді мен Айымгүл кездесе кетті. Олар мұны көрген бойда қуанышты үнмен жарыса құттықтай бастайды: "Шалыңның қызметі құтты болсын! Тіпті айтпайсың-ау тегі", — деп, наз да білдіріп қояды. Бұл болса аң-таң.

— Қайдағы қызметті айтып тұрсыңдар?! Түкке түсінсем бұйырмасын, — дейді, бір жағынан, тұйық мінезді ерінің оңайлықпен ештеңені айта қоймайтын мінезін білетіндіктен, өзінің мына кісілер айтып тұрған жаңалықты білмей қалуы да бек мүмкін екендігін де біліп, қысылып.

— Қойшы, әрі! Несіне жасырасың! Шалың "Өзенмұнайгаздың" бас инженері болыпты ғой, — дейді көршісі.

Сөйтсе, құдай қосқан қосағының түскі асты үйден ішіп жүргенінің өзіндік себебі бар екен. Бұл айтпаған соң қайдан білсін... Кешке Әбекең үйіне келген соң өкпесін білдірген.:

— Жұмысың өскенін біреулерден естідім. Өзің айта салсаң қайтетін еді? Сенің жаңалығыңды біреуден естіп, ұялып қалдым ғой...

Сонда жарықтық:

— Оның айтатын несі бар?! Күнде түсте үйге келіп жүргенімнен өзің де білмейсің бе? — депті ғой.

Амангерей Орынбаев ешкімге ұқсамайтын, ешқашан ешкімнің үстінен шағым айтпайтын, дүниеқұмарлығы жоқ қыбыр еткен адам баласына жамандық тілеп көрмеген, қолынан келіп тұрған шапағатты ешкімнен аямаған, ешуақытта еш жанға көкірегін керіп, кісімсіп сөйлемеген, жан баласына қылдай қиянаты жоқ адам болыпты. Мақтануға жаны қас, көп ішінен көзге түсуге құмар емес екен. Қысқасы, ол кісінің жан дүниесі пендешіліктен ада, алла өзіне берген азғантай ғана нәпақаны місе тұтып, еш жанның көңілін қалдырып, көз алартпаған. Мүмкін жер бетіндегі періштелер де осындай-ақ болар. Алайда жанын періштедей таза ұстаған адамдарға Жер бетінде өмір сүру қалай қиын екенін ойлап көргеніңіз бар ма? Адам жүрегі неден азап шегеді? Оны жел өтіндегі жапырақтай қалтырататын не? Меніңше, жаны таза адамдар ең алдымен әділетсіздіктен, жазықсыз айыптаулардан, жала мен өсек-өтіріктен зардап шегеді. Ал егер оның еңбегі орнымен ескерілмей жатса, ол отыратын төрлерде жолын тапқан жылпостар шалжиса, ол тағынуға тиісті марапат белгілері тырнағына татымайтын біреулердің омырауында жарқыраса, мұндай жайлар жаңа айтып отырған жаны таза адамдардың бәрін бірдей бейтарап қалдырады деу дұрыс емес шығар. Әрине, өзінің жұлдызды шақтарын төзіммен күтіп, пендешіліктің топан суларынан өзін әрқашан жоғары ұстай алатындар да бар. Бірақ ондай дініне берік, өзінің рухани биіктігінен нәр алып, ырың-жырыңға бой алдырмайтындар некен-саяқ екенін де айтпауға болмас. Ал Амангерей Орынбаев жүрегіне түскен салмақтың әйтеуір тым ауырлап кеткені күмәнсіз. Дәметкеннің есінде әсіресе жақсы сақталған Әбекеңнің бас инженерлік қызметтен түсіп қалған кезі екен.

Сол күні ол үйге қатты өзгеріп келді дейді. Жұмыс жөнінен бір пәленің болғанын сезеді, бірақ сұрауға батпай, жанынан және кете алмай, қатты қиналады. Бір кезде шай жабдығымен ас үйге шығып кетіп, қайтадан келсе, қап-қара боп түтігіп, диванда отыр екен. Түрінен қатты сескеніп, шыдай алмай жанына барып:

— Не болды соншалықты, неге қарауытып отырсың?! — деп, жылап жібереді. Әйелінің мына оқыс мінезінен сасып қалғаны ма, ол сол арада бірінші рет "жұмыс тақырыбына" барып:

— Мені қызметтен алып тастады, — деп, жауап береді.

Түтігіп отырғаның сол ма еді?! Қайтейін деп едің ол қызметті?! Бізге сенің дәрежең емес, аман-сау жүргенің керек екенін білесің бе?! Екі қолға бір жұмыс табылмайды дейсің бе?! Тіпті болмаса ана шопырлығыңа қайтадан барарсың. Мен саған бастық болып жүргеніңде емес, сол шопыр болып жүргеніңде келмеп пе едім, — деп, зар жылайды. Әйелінің шын жүрегінен шыққан, риясыз көңілмен айтқан әлгі сөздері әсер етті ме екен, әйтеуір осыдан кейін Әбекеңнің өңі кіріп, күндегі қалпына келеді.

Сөйтсе, газ объектілерінің бірінде өрт шығып, содан кісі өлімі болады да, бас инженер қауіпсіздік техникасын сақтауды қамтамасыз ете алмады деп, оны қызметінен алуға шешім шығарыпты. Ол кездегі Өзен мұнай газ өндіру басқармасының бастығы Боранбаев Мақсат деген осы Маңғыстаудың жігіті болатын (1992-95 жылдары басқарған). Жұмыстың жайын өзгелердей жақсы білмегенімен, отағасының сырын білетін Дәметкен бұл арада айтылмай қалған өзге бір әңгіменің де бар екенін әйел жүрегімен әбден сезінген. Бірақ дәл сол сәтте ол үшін ең бастысы дүниедегі өзіне қымбатты болған сол бір жанның жан тыныштығы еді. Сондықтан да өзге ештеңеге де мән бермей, соның қабағында осы әлгінде ғана пайда болған өзгеше бір жылы лепті қуаныштағандай, бір жайлы сезім құшағында бәрін ұмытқан сияқтанған. Амангерейдің өзінің әлгі бір қылығына сүйінгендей, әншейінде көп сөзділігі жоқ әңгімеге сараңдау жарының әлгі бір әзірден жан даусы шырқыра шығып, мұның көңіліне түскен кірбің үшін соншама жан ұшыра ниет білдіруі оны шынымен-ақ елжіретіп жіберген секілді. Жарты сағаттан соң жаны жадырап, бала-шағасының ортасында ештеңе болмағандай-ақ күнделікті қалпында отырғаны Дәметкеннің әлі есінде...

Отағасы арнайы сөз қозғап, бұл турасындағы әңгімені қайтадан қозғатпағанымен, "отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады" дегендей, соңынан Амангерейдің бас инженерлік қызметтен кетуі туралы әңгіменің жайын естіген. Бірақ өзінің көңіліне түйіп қалғаны, өрттің шығуы қазір "бақытсыздық оқиғасы" деп, атап жүргендей, бас инженердің іскерлік дәрежесіне еш қатысы жоқ жай секілді. Бұл оқиға тек бір "керек адамның" танысына қызмет тауып беру үшін сылтауға қызмет еткен дейді. Шамасы, Әбекеңе батыңқырап кеткен де осы бір әділетсіздік болса керек. Өйткені өзі сырын жақсы білетін Дәметкен қожайынының анау-мынау нәрсеге бола, әсіресе өз жөнімен істелген іске қобалжи қоймасына да сенетін. Бір жақсысы, Орынбаев қызметінен алынғанымен, қызметсіз далада қалған жоқ. Қолынан іс келетін адамның таптыра бермейтінін олар да білетін болу керек, кейіннен "Өзенмұнайгаз" өндірістік бірлестігі бас директорының орынбасары болып та қызмет атқарды.

* * *

Өзен кен орнының мұнай кәсіпшіліктерін аралап көргеніңіз бар ма? Ал біздің суретшілеріміз оларды қанша рет бейнелеп, өндіріс пейзаждарын жасады екен?! Жаңаөзен қаласынан шыққан бойда көз алдыңыздан Маңғыстаудың өсімдікке тапшы сыр даласы шығады. Машина екпінімен тұрған желге бетіңізді төсеп, зулап келе жатасыз, бір кезде жол солға қарай бұрылады. Енді Сізді сиректеу орналасқан качалкалар бас шұлғи қарсы алып, өз қойнына біртіндеп тартып бара жатқандай әсерде боласыз. Олардың қатары сәлден соң жиілей түседі де, ұзын жолда сізбен жарыса алға ентелеген құбырлар пайда болады. Олардың қатары бірнешеу. Бірінде — мұнай, екіншісінде — газ, үшіншісінде кәдімгі су ағып жатады. Егер көзіңізді жұма түсіп, осы үшеуінің өзіңізбен жарыса әлдеқайда жөнеп бара жатқанын елестетсеңіз, айналаңыздағы қалың качалкалар ну орманға, құбырларда сарқырап жатқан әлгі мұнай мен су алқынып аққан бұлақтарға айналғандай бір әсерге бөленер едіңіз... Одан әрі бара берсеңіз, жер бедері құбыла түсіп, екпіндей ойға құлайсыз. Кәсіпшілік кеңсесінің жасаған үйлеріне кіріп-шығып жүрген адамдардың күн күйдірген жүздерін көріп, өзіңіздің әлі қоңырқай тарта қоймаған бет жүзіңізден қымсынғандай, тезірек теріс айналып немесе ештеңе байқамағандай, олармен жайбарақат әңгіме бастап жіберуге асығар едіңіз... Бұл табиғат байлығын игерушілердің қиын да қызықты еңбегін сырттай ғана бақылаған адамның сөзі, соның қиялынан туған елес десе боларлық. Ол осынау кен орындарын ондаған жылдар бойы кезумен табанын тоздырған жандар бұл арадан өткенде не ойлайды екен десеңізші... Амангерей бұл өмірге ат ізін салғалы ондаған жылдар өткен екен. Осынау сыңсыған қалың качалкалардың қаншасы оның көз алдында өмірге келіп, билей бастады екен... Осынау топыраққа оның маңдайынан қанша тер төгілді екен.. Осы жылдар ішінде қанша құбырдың жазда аптап қыздырған ыстық қыста аяз сорған суық сауырынан сипап, олардың қанша жыртығын жамады екен... Оны ешкім де айта алмас, бірақ оның іскер саусақтары тимеген жер бұл маңайда аз дейді білетіндер... Ал өндірістің бүкіл қару сайланған осынау далаға қарап, көз майын тауысқан шақтары қанша дер едіңіз...

Кемелхан Қатарбаев еске түсіреді. Біз Амангереймен бірге оқыдық Ол ерекше зерек болатын. Жасы бізден сәл ересектеу еді де, қалжыңдап, бір жағынан еркелеп деуге де болады, "шал" дейтінбіз. Бір қызығы, осында қызметтес болып жүрген кездерімізде орыс жұмысшылар да оған ат қойып, "батя" деп кеткенін көрдім. Мұндай жағдайдың өзі адамға деген қалтқысыз сенген, мүлтіксіз сыйлаған кездерде ғана болатын секілді. Ол шыныда да, адам баласына болмасын демейтін, пендешілік дертіне бой алдырмаған, жаны кіршіксіз таза жан болды. Мен өзім көзім көрген бір жайды айта кетейін: бірде мұнайшыларға машина бөлінді. Оны сұрап жүргендердің арасында бір орыс жұмысшысы да бар еді. Бір айыбы ішіп қоятын. Машина бөлінердің алдында ғана жұмыста осы мәселе жөнінен көзге түсіп, шу болған. Жігіттер соны еске түсіріп, ондай адамға машина беріп не керек деген әңгімелер айтты. Сол жерде Амангерей оларды басып:

— Жігіттер, осы қайсымыз ішпей жүреміз?! Ондай-ондай күнәға батпайтындар көп емес шығар. Ал бұл кісінің ішіп қоятыны болғанмен, ісіне мығым. Мүмкіндік болып жатса берген жөн, — деп машинасын бергізді.

Ол кісінің бір ерекшелігі, өзгелерге осылайша қажетін алып беріп, өзге мәселелерінің де қолынан келгенше оң шешім табуына сан рет көмектесіп жүрсе де, өзі үшін ештеңе сұрап көрмеген.

Ал жұмысқа келгенде ондай берілген, ондай іскер адамды табу қиын. Бірде мынадай бір жағдай болды: Тоқсаныншы жылдардың ортасы ғой деймін, Қарамандыбас жерінде бір үлкен авария болды. Мұнай тасымалдау цехына айдалатын тұста құбырға май қатып қалыпты. Күн салқын болатын. Біздің мұнай үшін қатып қалу қиын емес қой, оның үстіне жиырма градустық аяз болып тұрған. Түс кезі болатын, тағы да жігіттер бар, бәріміз әлгі қатып қалған құбырдың төңірегінен шыға алмай, көп кідіріп қалдық. Жөндеушілердің бір тобы мықшыңдап жұмыстанып жатыр, олардың да аяз бен ызғырықтан әбден титықтап шаршағаны көрініп тұр. Күн кешкіріп барады. Содан бір уақытта Әбекең бізге:

— Мынау жуық арада аяқтала қоятын шаруа емес, шеті көрінбейді, мен осында қала тұрайын, сендер қайта беріңдер, ертең осы шамада хабар аларсыңдар, деп, басы артық адамдардың бәрін қайтарып жіберді. Біз бастықтың сөзін қалт еткізбей, ауылға қайтып кеттік. Содан өзі айтқан келесі күні сол уақытында келсек, ол кісі сол кешегі орнында отыр екен. Қалай екені белгісіз, ол жөндеушілердің қай бригадасы қай уақытта керек болатынын дәл білетін. Және жөндеу жұмыстары әбден аяқталғанша, өзі жұмысшылардың жанында болатын.

Тағы да бір есте қалғаны, ол ешқашан да жақсы көлікке мініп жүруге немесе әдемі киінуге әуестенбеген жан. Бас инженер болып жүрген кезінде оған жаңа жеңіл машина берілді. Соны мініп келеді де, келген соң жұмыс орындарын аралауға өзі бұрын мініп жүретін ескі "КамАЗ-ын сұрап алатын...

...Қарапайымдылық — қандай тамаша қасиет. Пендешілікке бой алдырмау деген неткен мықтылық. Бірақ адамдардың көбі осыны түсіне тұра оның ережелерін неге ұстанбайды екен, әлде ұстануға кез келгеннің ерік күші жете бермей ме екен?! Сірә, солай болар-ау...

Өзеннің мұнай кәсіпшіліктерін Амангерей Орынбаев өзінің бес саусағындай білген дейді. Олардағы бүкіл құбырлар не соның қолымен жүргізілген, не соның басқаруымен жүргізілген деген лақап сөз бар. Оның шындығына Әбекеңді білетіндер еш күмәнданбайды. Мұндағы су, мұнай, газ коммуникацияларының бүкіл схемасын Орынбаев Өзен мұнай газ өндіру басқармасында бас инженер болып жүргенде сол кісінің басшылығымен жасалыпты және сол схема күні бүгінге дейін қажетке жарауда. Тоқсаныншы жылдарда кәсіпшілік коммуникацияларының сол реконструкциясы осы күнге дейінгі уақыт сынына төтеп беріп қана қойған жоқ, мұнайды өндіру, дайындау және тасымалдау жөніндегі жаңалықтарды бойына сіңіре отырып, әлі де ұзақ уақыт басшылыққа алуға қабілетті екенін көрсетіп отыр дейді онымен бірге жүріп қызмет атқарған замандасы Ізберген Оразбаев.

... Сол күні тағы да құбыр жарылды. Мұнымен шұғылдану — басқаратын кәсіпорынның тікелей атқаруға тиіс шаруасы, үзіліс мезгілі еді, мен инженерлік-техникалық қызмет көрсету қызметкерлерін орындарынан таба алмай қалып, Амангерейге телефон соқтым. Сөзге келген жоқ сол бойда жарылған құбырға барып, бар шаруаны тындырып кеттік, — деп, еске алады тағы да Ізекең. Былайша айтқанда, адамдар өзіне қалай сенсе, оған да солай сенген ғой...

Оның тапқырлығы туралы айтқан Шақан Наушабаевтың бір сөзі бар: ызғарлы көктем айларының бірінде жігіттер жоспар орындалмай, жетпей тұрған мұнайдың орнын қалай толтыруды білмей, қатты сасады. Сол арада Амангерей бұларды алдында ғана жөндеу жұмыстары жүрген жерге алып барып:

— Жігіттер, саспаңдар. Сендерге керек мұнай мынаның ішінде, — деп, кесіліп тасталған құбырды көрсетеді. Жөндеу жұмыстары кезінде мұнай жүріп тұрған құбырды кескенде балауызды, тез қататын мұнай одан ағым кетпей, ішінде шұжық сияқтанып қала береді. Оны басқалар білсе де, ойына келе бермейді. Әлгі жерде жігіттер сол бойда ішіне су айдап, кесілген құбырдағы мұнайды ағызып алғанда тура өздеріне керек боп тұрған мөлшерде май алынады. Сөйтіп Әбекеңнің тапқырлығы арқасында жігіттер жоспарларын орындап, көңілдері жайланып үйлеріне қайтады...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз