Өлең, жыр, ақындар

Өмір жолы — өнер жолы

Орын әкеміздің алпыс жылдық тойында белгілі жерлесіміз, "Казахойл" ұлттық мұнай компаниясының Вице-президенті Жақсылық Смағұлұлы Жанғазиев:

— Осы Орекең мен есімді жаңа біле бастаған бала кезімде таяғын оңды-солды сермелеп, дирижерлық жасап тұратын еді, міне, елуге аяқ басыппыз, әлі сол, — деп жұртты ду күлдіргені есімізде. Қазір Жөкеңнің өзі баяғыда елуден асып кетті, бірақ сол таяққа, сірә, әлі тыным бола қоймас. Лайым, солай бола бергей. Шынында да, ол кісінің бүкіл ғұмыры Маңғыстау өнерімен бірге өркендеп, қатар қанат жайып келе жатыр. Ол аймағымызға өнер дәнін себуші. Осы өлкеде көркемөнерпаздар үйірмелерін жаппай ұйымдастыруға ұйтқы болған сол кісі. Жер-жерде өнер мектептерін ашып, жасөспірімдер жүрегіне оған деген сүйіспеншілік сезімін ұялату үшін аянбай тер төккен де сол кісі. Ел ішінде тіпті: "Маңғыстауда қолына домбыра ұстап, күй тартпайтын немесе "әу" деп, домбырамен ән салмайтын адам сирек кездеседі. Ал солардың бәріне домбыра ұстауды Орекең үйреткен, егер өзі болмаса, соның шәкірттері үйреткен", — деген сөз бар. Шынында да, солай. Қазір Маңғыстау өнерпазы деп танылған осы өңірден шыққан өнер иелерінің бәрі де Орын әкеміздің шәкірттері дегенге ешкім қарсы сөз айта алмас. Ол кісімен өткен кездесу кештерінде сөз алған ересек адамдардың аузынан бұл турасындағы әңгімелерді жиі естуге болады. Кезінде әрбір еңбек ұжымында бойында өнерге қабілеті бар жасты да, үлкенді де сахнаға шығарып, олардың талайының кейіннен кәдімгідей өнерлі азаматқа айналып кеткендігі туралы да естіп жүрміз. Ж. Қошақбаев деген азамат бірде осындай бір жайды баспасөз бетіне сыр ғып түсіріпті: "Уақытпен санасу деген ол үшін жат. Түннің бір уағына дейін дайындықпен өткізетін кездерді қазір сағынышпен еске аламын. Мені өнерге баулыған сол Орекең. Қазір сол кісінің арқасында отызға тарта күй білемін. Шәкірттерінің алды қазір алыс Астанада да жүр, олардың бірі Айгүл Қосанова екенін айтсақ та жетіп қалар. Ол қолына домбыра ұстауды алғаш рет Орын әкемізден үйренген, қазір осы өңірге белгілі Маңғыстаудың ақын қызы Ақырыс Қойшығұлқызы ағасына "өмірі жазса болар дара дастан, өнерді кие тұтқан бала жастан", — деп, баға бере келіп, өнерге қарай "қол созған балалық шақты" кей күндерін былайша суреттепті:

Көрінер көзге қазір болып сағым,

Есімде сонау кезгі жастық шағым.

Таушықта, Шахта орта мектебінде

қыздардың оркестрі болды шағын.

Қыздарды үйрете алмай ұсақ күйге,

жүргенде Жаңбырханов жылап күнде.

"Ақбай" мен "Партияны" осы Орекең

үйретіп кетіп еді бір-ақ күнде...

Ал Ақырыстың мына бір жолдары жоғарыда айтылған әлгі бір сөздерді қайтадан ойға түсіреді:

Ел қамын, бала қамын ойлай жүріп,

Сан сыйпат өнер тойын тойлай жүріп,

Талантты біреу көрсе, айырылмай,

Шығарды ел алдына қоймай жүріп...

Халықты өнермен сусындата жүріп, айналасына өнер дәнін себе жүріп, бойында өнерге деген қабілеті бар-ау деген кішіні ғана емес, үлкендерді де өнерге баули жүріп, Орын әкеміздің өз балапандарын одан қағыс қалдыруы тіпті мүмкін емес еді. Мұнайшылық жолын қуса да, Ғалия мен Сәкен, Гүлжан мен Кенжеш ән салғанда жаныңды жадыратып, көңіліңе қуаныш егетіні тегін бе?! Олар ғана емес, балалардың бәрі де әншіліктен құр емес. Ал Гүлнәр аймаққа танылып жүрген сазгер. Светасы ән пәнінен сабақ беретін ұстаз. Рақила жөніндегі әңгіме тіптен басқа...

Орын әкеміз оның өнерге деген бейімділігін ерте танып, ерекше ден қойғаны байқалады. "Оған үйдің лас шаруасын жасатпаңдар, қолын былғамасын!" — деп, ылғи қорғаштап отыратын деп еске алады қазір өздері. Сол Рақиланы Орын әкеміз алдымен өз шәкірті, облыстың қадірлі белгілі қобызшысы Қадиша Балапашеваның класында оқытады. Сегіз жылдықты бітірген соң Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесіне жібереді. Ең қызығы, оны өзі де ертіп бармайды, біреуге тапсырып та қоймайды. Тек қолына Алматыда тұратын немере ағасының мекен жайы көрсетілген бір жапырақ қағаз ұстатады. Рақила ағасының үйін тауып, орналасқан соң ертеңіне училищесін іздеп, оның да мән-жайына қанады. Не керек, қаршадай қыздың жолы болып, сол жылы оқуға түседі. Атақты сазгер Сейілхан Құсайыновтың жолдасы Раушан апаның класынан училищені үздік бітіріп шығады. Бірақ өзі кезінде білім сапарын армансыз жалғастыра алмай қалған әке қызының өз бағын одан әрі сынағысы келген тілегін қолдап, Рақила консерваторияға түседі. Осылайша, Рақила ауылға сол жазда үлкен оқу орнының студенті болып оралады.

Таланттың бірде болмаса, бірде көзге түсуі заңды құбылыс қой. Үшінші курстан кейін оны Академиялық Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестріне қызметке шақырады. Ал консерваторияны бітіруге бір жыл қалғанда ол Атырауда жаңадан ұйымдастырылып жатқан ұлт аспаптары оркестріне қызметке шақырылады. Бұл екі аралықта ол қобыз аспабы бойынша республикалық конкурстың жүлдегері болып үлгерген. Ата-ана рұқсатымен осылайша Рақила оқуын одан әрі жалғастыра жүріп, өзі Атырауға қызметке ауысады. Асылдың сынығы бұл жерде де жарқырап көрінеді. Жұртқа танымал қобызшы атанады. Тұрмысқа шығып, екі балаға ана болады. Сөйтіп жүргенде, оның және бір қыры ашылады: 1999 жылдан бері Дина Нұрпейісова атындағы республикалық дәрежедегі ұлт аспаптары оркестрінің дирижері...

Сөйтсек, ол консерваториядан қосымша мамандық ретінде дирижерлік өнерді де үйреніп шыққан екен. Осылайша Орын Құлсариевтың қызы Рақила Құлсариева әйелдер арасынан шыққан бірінші дирижер деген лауазымға да ие болды. Міне, мақсатты жүргізілген тәлім-тәрбие, жастайынан бойына сіңген өнерге деген сүйіспеншілік осындай нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Әке үмітінің ақталуы, әке арманының жүзеге асуы деген осы болса керек...

Өмірдің елеулі сәттері, атаулы күндері деген болады ғой. Ойлап қарасаңыз, осынау жанның кешіп келе жатқан көшінде елеусіз дерлік сәттер бар ма екен өзі деген ойға қалуға болар еді. Өйткені оның өткен күндерінің құнарлылығы соншалықты, бір шолып өткенде оларды айтып тауысу тіпті мүмкін еместей көрінеді. Дегенмен, осыншама өмірбаяны бай, көрген білгені мол жанның өз жүрегінде ылғи бой көрсетіп, қарапайым болмысына да қарамастан, айтқысы келмесе де айтылып жататын бір жайлар болары сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде оның 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне Дина Нұрпейісова атындағы оркестрмен қатысқанын, онда еліміздің белгілі өнер қайраткерлері Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиев, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Рашид, Мүслім Абдуллиндермен қатар жүріп, концерттер қойғанын айтпауға болмас еді. Сондай-ақ 1982 және 1997 жылдары облыстың Құрмет грамотасымен марапатталды. Облыс өмірінде ғана емес, қазақ елінің мәдени өміріндегі атаулы оқиға болған Өскінбай атамыздың 130-жылдық тойын өткізіп, оның қазақ өнеріндегі орнын айқындауға зор еңбек сіңірген де Орын Құлсариев болатын.

"Бес жыл оқыған оқуды Орекең алты айда бітірген" — деген екен марқұм болып кеткен замандасы Боздақ Рзаханов оның мерейтойында. Сол айтқандай-ақ бойындағы ерен қабілет, өз ісінің қаншалықты маңызды екенін терең сезінуі, құдай берген қажымас қайрат пен жігер, ең бастысы талмайтын еңбекқорлық пен төзімділік оны бүгінгі биігіне алып келді. Бұл жөнінде өзінің шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Роза Айдарбаева былай дейді:

— Бізді өнерге тәнті еткен Орын ағамыздың отыз-қырық жыл бойына асқан шыдамдылықпен, жалықпай тәрбиелеуі... — Осы сөздің астарында да көп мағына жатқандай...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз