Өлең, жыр, ақындар

Үлкен жүрек иесі

Егер Орекеңде алпыс кило салмақ бар деп есептесек, соның елу килосы тап-таза жүрек дер едім, — деген сөз айтты бірде атақты әнші, өзінің тамаша замандасы Күріш Тасболатов ол кісі туралы. Қандай дәл суреттеу! Қандай табиғи теңеу! Ол кісі шын мәнінде пендешілік дертіне ұрынбаған, қандай замандарды, қиын күндерді басынан өткерсе де, жан-жүрегін кіршіксіз таза, сәби қалпында сақтай алған. Онымен болған әрбір кездесуде бола жүріп, түрлі жиындарда оның сөйлеген сөздерін ести жүріп, ұйымдастырған түрлі шараларына қатыса жүріп, жұртшылықтың ол туралы айтқан тамаша сөздерін көкірегіме түйе жүріп, менің жүрегімде осынау бір аңқылдаған ақкөңіл жанның бейнесі әбден орныққан болу керек, кезекті бір кештен кейін өзінен-өзі бір өлең туды:

Орын аға орнын тапқан өнерден,

өнерімен өсіп-өнген, көгерген.

Күймен бірге күмбірлесе ол егер,

Шаттық тауып, қол соғады көрермен.

Орын аға, жақсылыққа жаршысың,

өзгелерге үлгі болды қанша ісің...

Қаншама жыл тер төктің сен татсын деп,

әр көкірек сұлулықтың тамшысын.

Танылатын сен оятқан аз ба әні...

Қаншама жыл тер төктің сен қалсын деп,

әр жүректе сұлулықтың саздары...

Алайда кеш әсерімен жазылғанымен, оны жариялай қоятындай маңызды себеп сол кездері табылмаған болу керек. Өйткені әдетте мұндай өлең арнайы бір тапсырмамен немесе атаулы күндерге байланысты ғана жазылады да, сол бойда жарық көріп жатады. Ал бұл жатып қалған, тіпті оның бар екенін де ұмытып бара жатыр екенмін. Тек бір күні кездейсоқ сол кісінің алпыс жылдығына байланысты беріліп жатқан бетке өлең қажет болып жатқанын біліп, содан ойыма түскені. Сөйтіп ол өлең бірнеше жылдан кейін барып жарық көрген... Келесі күні облыс орталығында шығармашылық кеш өтті. Бәріміз сонда барғанбыз. Не керек, сол күнгі кеш осы өлең шумақтарымен басталып, осы өлең шумақтарымен аяқталды. Соңынан бірнеше адам өздерінің арнайы пікірлерін де білдірген.

Олардың айтқаны:

— Арнау өлеңнің осыншама сәтті жазылуы өте сирек кездесетін жай. Мына өлең сондай сәтті өлеңнің бірі екен... Әрине, кейбіреулеріне оның тапсырмамен жазылмағанын алғашында айтып та жүрдім. Бірақ мәселе онда емес қой, ол шынымен, сәтті шыққан өлең еді, өзіме де ұнайтын. Бірақ мен ол кезде енді бір жарты жылдан кейін өзімнің сол адамға өкіл қыз болатынымды білген жоқ едім. Оған дейін аралас-құраласымыз жоқ болатын. Тек қана ол кісінің өзімді журналист ретінде де бағалайтын болу керек, қызы Гүлнәр Құлсариеваның кейбір әндеріне сөз керек болғанда маған жіберіп жүретін. Қазір өз арамызда ылғи орындалып жататын "Әке", "Апаларым" әндері сол кездері жазылған-ды. Кейіннен "Азия даусы" деген әннің де сөзін жаздым. Оның үстіне, менің шығармашылық кешімде Құндыз маманың сахнаға бірінші болып көтеріліп, маған алғашқы гүл шоғын тапсыруы, бағдарламада болмаса да, өз өтініштерімен Гүлнәр мен кішкентай Айдананың (Сәтбайдың қызы) "Әке" әнін орындаулары да сол сыйлаудың көріністері екенін түсіну қиын емес шығар... Сөйтіп жүргенде бір күні олар ғұмыры ашпаған біздің үйдің есігін ашты. Маған күтпеген ұсыныс жасалды. Жас балаға өкіл ата-ана табылып, қуанысып жатқанды талайлар көрген шығар-ау. Ал жасы елуден асып бара жатқан адамға өкіл ата-ана болды дегенді естігендер аз шығар. Мен мұндай іс тек қана Орын Құлсариев сияқты адамның қолынан келетінін түсіндім. Мен мұны өз басыма қонған бақ деп қабылдадым. Толқығаннан, қуанғаннан сан рет жыладым да. Осылайша, келін болып түскен Адай елі мені қызына балап, бауырына басты. Қазір Орын әкемнің қай үйіне барсам да, ең төрдегі құрметті орын менікі. Ал ұланғайыр Маңғыстауда ол кісінікі емес дейтін үй аз екені белгілі.

Әрине, "Адайға келін болып келсем-дағы, Абайдың қызы болып бұлғақтадым", — деп жүрген мені бұл аймақта, құдайға шүкір, құрметті аз көріп жүр еді деп ешкім айта алмас еді. Айтайын дегенім: көке мен мама! Сендер менің бар бақытымды еселеп арттырдыңдар, бар қуанышымды екі еттіңдер! Сендер арқылы тапқан менің он үш бауырым, олардың жандарындағы құдай қосқан қосақтары, олардың өрбіген үрім-бұтақ менің сыңсыған орманым, айдын-шалқар көлдерім, көзімнің ағы мен қарасындай Жанарымның жанына дем берер мәңгілік ортасы деп есептеймін... Сенің үлкен жүрегіңнен маған да бір қуыс табылыпты, мен де соған сыйыппын. Сол үшін мәңгілік бақыттымын және саған, көке, мәңгіге қарыздармын... Мамам екеуіңнің Алтын тойларыңда мен соны айтқым келеді. Сенің жүрегіңнің үлкен екені рас, салмақты да шығар, бірақ ол жай ғана салмақ емес, алтыннан жаралғандықтан болу керек. Алтын деген де ауыр емес пе...

2002 жыл


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз