Өлең, жыр, ақындар

Тоқсан үшінші жыл

БІРІНШІ БӨЛІМ
ТЕҢІЗДЕ
Бірінші кітап
СОДРЕЙ ОРМАНЫ

1793 жылғы мамыр айының соңғы күндерінде Париж еріктілерінің батальоны Бретаньдағы қауіп-қатер жайлаған Содрей орманында барлау жүргізді. Отрядта небары үш күндей адам болатын, өйткені оның қатары қырғын соғыс кезінде мықтап сиреп қалған еді.

Батальон Содрей орманына енісімен сақтықпен ілгеріледі. Асықпай ақырын жүріп келеді. Алды-артына, оңды-солға қарап қояды. "Солдаттың желкесінде де көз болуға тиіс" деген сөз, сірә, тегін айтылмаса керек. Батальонның жүріп келе жатқанына біраз болды. Қазір қанша сағат, қай мезгіл екенін тап басып айту қиын. Өйткені ит тұмсығы өтпес мұндай тоғайды үнемі қаракөлеңке басып тұрады, ал Содрей орманының ішіне ешқашан жартымды жарық түсіп көрген емес.

Содрей орманы — талай қайғылы оқиғаның куәгері. Мұнда, ну тоғай ішінде, 1792 жылы қарашада азамат соғысы басталған еді. Бүл жерде қаншама қырғын болғанын есіңе алсаң, төбе шашың тік тұрады. Жалғанда мұнан бетер үрейлі жер болмас.

Солдаттар ақырын жылжып келеді. Айнала шешек ата құлпырып тұр. Гүл-жапырақтың хош иісі мұрын жарады. Күн сәулесі жасыл желекті әредік тесіп өтіп, буалдыр перде таққандай.

Солдаттар бұталарды алаңдай ысырып, аяғын санап басып, үн-түнсіз келеді.

Төбеде найза ұшында неше түрлі құс құйқылжыта сайрайды.

Бағзы бір бейбіт заманда Содрей орманында жұрт түнделетіп құс аулайтын. Енді кісі аулайтын болыпты.

Орман іші тұтасқан шегіршін, қайың, емен. Ол тегіс, жазық жерге өскен. Мүк пен шалғын адамның аяқ тысырын естіртер емес. Мұнда жол да, соқпақ та жоқ. Сүрлеу кездесе қалғанның өзінде іле қалың жыңғылға кіріп, жым-жылас жоғалып жатады. Сүйір жапырақ, жабайы мойыл, папоротник, ұйыса өскен биік тікенек бұта арасынан он қадам жердегі адамнан көз жазып қалу оңай. Кейде бұтаның арғы жағынан жақын маңда шалшық барын сездіргендей көкқұтан не су тауығы қылт ете қалады.

Солдаттар әлі ілгері басып, тек алға, іздегеніміздің үстінен шығамыз ба дегендей, үрейленіп келе жатыр. Оқта-текте әлдекімнің жуырда ғана аялдап кеткен орындары: шөбі өртелген не тапталып қалған алаңқайлар, қан шашыраған, кесілген ағаш бұтақтары ұшырасады. Мына бір жерде ас-су әзірлеп, ана бір жерде жаралыларды таңыпты. Бірақ осында болған адамдардың қазір қарасы да көрінбейді, зым-зия. Олар ендігі қай жерде екен? Мүмкін, алыста шығар, әлде тосқауыл құрып, мылтығын кезеп, жуық маңда күтіп жатыр ма? Орман елсіз қалғандай. Батальон сақтықты күшейте түсті. Ешкім жоқ екен деп қапы қалуға болмас. Тірі жан көзге түспесе, әлдекімнен сақтану әбден орынды. Не десең де, жамандықпен аты шыққан орман емес пе бұл?

Тосқауылдың болуы ықтимал-тұғын.

Сержант бастаған отыз барлаушы-гренадер негізгі отрядтан едәуір алда келе жатыр. Араларында батальондағы маркитант әйел — жаралыларға шайқас даласында ауыз су таситын әйел бар.

Маркитант әйелдер әдетте алдыңғы бөлімдерге еруге құштар. Сірә, онда болу әрі қорқынышты, әрі қызықты шықты.

Кенет алдыңғы сапта келе жатқан азын-аулақ бір топ солдат апанға кезіккен аңшыдай әлденеден секемдене қалды. Қалың бұта арасынан сыбдыр естіліп, жапырақ қимылдап кеткендей болды. Солдаттар бір-біріне жалт қарасты.

Барлау қызметінде кімде-кім үнемі сақ болуға тиіс. Офицерлерге мұндайда арнайы бұйрық беріп жатудың еш қажеті жоқ, істелуге тиіс нәрсе өз-өзінен істеле бермек.

Әлгі күдікті жер лезде қоршауға алынды. Тоғайдың қап-қараңғы орта тұсы айнала мылтық нысанасына ілікті; солдаттар бұтадан көз айырмастан шүріппеге саусағын оңтайлап, сержанттың бұйрығын ғана күтіп тұр.

Сол сәтте маркитант әйел тәуекелге бел буып, сезік тудырған қалыңның арасына үңіле қарады да, сержант "Атыңдар!" деп әмір етпек болып аузын аша бергенде: "Тоқтаңдар!" деп жан ұшыра айғайлап жіберді.

— Жолдастар, атпаңдар! — деді ол солдаттарға бұрылып, сөйтті де, бұта ішіне сүңгіп кетті.

Соңынан солдаттар да лап қойды.

Әлгі жерде шынында да кісі бар екен. Қалың бұта ішінде, әдетте көмір жасау үшін ағаш түбірін жағатын шағын шұңқырдың шетінде, төбесін жапырақ жапқан, бір жағы ашық бөлме тәріздес қуыста баласын емізіп бір әйел отыр, тізесіне ақ сары шашы дудыраған бастарын қойып, тағы да екі бөбек ұйықтап жатыр.

"Тосқауылдың" сиқы осы екен.

— Бұл жерде неғып жүрсіз? — деп дауыстады маркитант әйел.

Әлгі әйел басын көтерді.

— Есіңіз дұрыс па өзі? Бүл жерде неғып отырсыз? — деді маркитант әйел ашу шақыра. — Енді болмағанда оққа ұшатын едіңіз.

Сонан соң ол солдаттарға бұрылып, түсіндірген болды:

— Бұл әйел ғой!

— Әйел екенін өзіміз де көріп тұрмыз, — деп қалды гренадерлердің бірі.

Маркитант әйел тағатсызданып, сөзін доғарар емес:

— Қапылыста оққа ұшам-ау деп қорықпай, орман кезіп жүруін қарашы? Адам баласының осындай да алаңғасары болады екен.

Мынау қыруар мылтықтың, найза мен қылыштың, сұсты адамдардың қайдан тап болғанына түсіне алмай, зәресі кеткен әйел ұйқылы-ояу адамдай маңайына жалтақ-жалтақ қарайды.

Ересектеу балалары ұйқысынан оянып, қыңқылдай бастады:

— Қарным ашты, — деді біреуі.

Қорқып барам! — деді екіншісі даусы дірілдеп.

Сүт кенжесі ғана ештеңемен ісі болмай, шеше емшегін қаннен—қаперсіз сорып жатыр.

— Өз шаруаңды білесің, бәрінен ақылдысы сен екенсің, балақай, — деді оған маркитант әйел мейірлене тіл қатып.

Шешесінің құты қашып кетіпті. Қорықпаңыз!

Біз Қызыл Бөрік батальонынанбыз! — деді оған сержант зілді дауыспен.

Әйелдің тұла бойы қалтырап кетті. Ол сержантқа, оның аузы-басын жүн қаптаған сұсты жүзіне қарай қалды. Оның түксиген қабағы, едірейген мұрты мен көмірдей жылтыраған көзі өзіне кімді болсын, еріксіз қаратқандай еді.

— Бұл Қызыл Крестің бұрынғы батальоны, — деп түсіндірмек болды маркитант әйел.

Ал сержант болса:

— Сен кімсің өзің? — деп сұрақты төтесінен қойды. Әйел оған шошына қарады. Өзі арықша келген, талдырмаш келіншек екен. Өңі құп-қу, үстіндегі киімі жырым-жырым. Басында бретаньдық шаруа әйелдерінің ебедейсіз бас киімі — күләпара, ал плащтың орнында — иығынан асыра тамағының астынан қайыс баумен байлап тастаған жүн жамылғы. Аяғында шәркейі де, шұлығы да жоқ, қанталап кетіпті.

Қайыршы екен ғой, — деп қалды сержант.

Ал маркитант әйел солдатқа төн дөрекілеу дауыспен:

Аты-жөніңіз кім? — деп сұрады. Әйткенмен даусынан жылы лебіз сезілгендей еді.

Әйел тұтыға міңгірлеп:

Мишель Флешар, — дегенді зорға айтты. Маркитант әйел түрпідей алақанымен емшектегі баланың басынан еркелете сипап:

— Мынау көкқарын нешеде? — деп сұрады. Шешесі түсінбей қалды.

— Мен сізден мынау кішкентайыңыз нешеде деп сұрап тұрмын,— деп қайталады маркитант әйел.

— Бір жарымда, — деп жауап берді шешесі.

— Дардай боп қалыпты ғой! — деді маркитант әйел — Енді емізудің қажеті не, емшектен айыру керек. Біз оған көже береміз қазір.

Шешесінің жүрегі енді-енді орнығайын деді. Ересектеу екі баласы ұйқылары шайдай ашылып, қорқудың орнына айналаға қызықтай көз сала бастады. Екеуі гренадерлердің бас киіміне қадалған қауырсын айдарға таңырқай қарайды.

— Бұлар нәр татпағалы қашан, — деді шешесі.

— Оларды да, өзіңізді де тойдыра тамақтандырамыз, — деп дауыстай үн қатты сержант. — Бірақ әңгіме мұнда емес. Сен онан да өзіңнің саяси сенімің қандай екенін айт алдымен.

Әйел оған тесіле қарады да, ләм демеді.

— Сенен не сұрап тұрғанымды естимісің?

— Мені қаршадайымнан монастырьға берген. Бірақ кейіннен тұрмысқа шықтым. Мен монахиня емеспін. Монахиня апайлар мені французша сөйлеуге үйретті. Күні кеше ғана ауылымыз өртеніп кетті. Өзіміз әрең дегенде бас сауғалап, қашып құтылдық. Асыққаным сонша, шәркей киюге де мұршам болмады.

— Жоқ-ә, мен сенен саяси сенімің қандай деп сұрап тұрмын ғой.

— Білмеймін.

Сержант сөзін әрі қарай жалғастырды:

— Сендейлердің арасында жансыздар да болады. Ал жансыздарды атып тастайды. Кәне, айтшы, сыған емессің бе осы? Отаның қайда?

Әйел ештеңеге түсінбестен, сержанттан көз алмай қарап қалған. Сержант қайталап сұрады:

— Отаның қайда деймін?

— Білмеймін, — деп жауап берді әйел

— Қалайша? Отаныңның қайда екенін білмейсің бе?

— Қай жерде туып-өскенімді айтасыз ба? Оны білемін.

— Қай жерде?

— Азэ өңіріндегі Сикуаньяр фермасында, — деп жауап берді әйел.

Сержант аң-таң:

— ІІІырағым-ау, Отан дегенің ол емес қой!

— Мен сол жерде туып-өстім. Әйел бір сәт ойланып қалды:

— Гәптің неде екенін енді түсіндім, сударь, — деп тағы да тіл қатты ол. — Сіз Францияда, ал мен Бретаньда туғанбыз ғой.

— Солай-ақ болсын, онда тұрған не бар?

— Бұл екі бөлек жер емес пе?

— Әйтсе де бізде Отан біреу-ақ қой! — деп шаңқ етті сержант.

Бұған әйел:

— Мен Сикуаньяр фермасынанмын, — деп өзінікін тағы қайталады.

— Жарайды, Сикуаньяр-ақ бола қойсын, — деп мақұлдады сержант. — Ағайын-туыстарың сонда тұра ма?

— Иә.

— Олар не істейді?

— Бәрі қайтыс болған. Ешкімім қалған жоқ. Сөзуар сержант тергеуін доғарар емес:

— Сайтан алғыр! Ағайын-туыс деген әркімде де болады ғой. Тап қазір болмаса, бұрын болды да... Сен кімсің өзің? Айтшы, кәне, дұрыстап.

Маркитант әйел келіншекке қол ұшын беру керектігін сезді, білем. Ол емшек еміп жатқан нәрестенің тағы да басынан сипап, ересектеу екі баланы ұртынан қысып-қысып қойды.

— Мына бөпештің аты кім? — деп сұрады ол — Өзі қыз бала ғой деймін.

— Жоржетта, — деді шешесі.

— Ал үлкені ше? Бұл сотқардың ер бала екені көрініп-ақ тұр.

— Рене-жан.

— Ал кішісінің аты кім? Ол да ер бала ғой, шамасы, торсықтайын қарашы өзінің!

— Оның аты Гро-Ален, — деп жауап берді шешесі.

— Балаларың сүп-сүйкімді екен! — деді маркитант әйел — Нағыз патриоттардан* айнымай қалған.

Алайда сержант алған бетінен қайтпай, тергеуін жалғастыра түсті:

— Енді менің сұрағыма жауап бергін, сударыня... Үй-жайың бар ма?

— Болған.

— Қай жерде?

— Азэде.

— Өз үйіңде неге тұрмайсың?

— Оны өртеп жіберді.

— Кім өртеді?

— Білмеймін. Қиян-кескі ұрыс болған.

— Қайдан келе жатырсың?

— Анау жақтан.

— Қайда бара жатырсың?

— Білмеймін.

— Іске көшелік. Сен кімсің?

— Білмеймін.

— Кім екеніңді білмейсің бе?

— Біз босқындармыз.

— Қай партияның жағындасың?

— Білмеймін.

— Көктермен бе, ақтармен бе, кіммен біргесің?*

— Мен өз балаларыммен біргемін. Екеуі үнсіз қалды.

— Ал мен бала көтерген емеспін, — дей салды тосыннан маркитант әйел — Олармен алысып жүруге шамам болмады...

Сержант сұрақты тағы да үсті-үстіне жаудыра бастады:

— Жоқ-ә, осы сенің әке-шешең кім? Рақым етіп, әке-шешеңнің кім екенін айтып берсең. Мысалға, мені алалық. Атым — Радуб. Сержантпын. Шерш-Миди көшесінің тұрғынымын. Әке-шешем де сонда тұрған. Әке-шешемнің кім болғанын жақсы білемін. Енді өз туыстарың туралы сен де осылайша айтып бер. Иә, сонымен, олар кім болып еді?

— Олардың аты-жөні Флешар болатын. Бар білетінім осы ғана.

— Ойбай-ау, әр адамның қандай да бір атағы, лауазымы деген болады ғой. Сенің қарттарыңның атақ-лауазымы қандай еді? Сенің Флешарларың не істеді? Немен шұғылданды?

— Олар жер жыртатын. Бірде әкейді сеньор*, өзінің сеньоры, біздің сеньор таяққа жығып жазалатқан соң, ол кісі майып болып, жұмыс істеуден қалды. Керек десеңіз, мұның өзі сеньор тарапынан жасалған үлкен қайырымдылық еді, өйткені әкей оның үй қоянын ұрлап алыпты. Мұндай қылмыс үшін заң бойынша өлім жазасы кесілетін. Бірақ сеньор әкейге аяушылық жасады. Ол "мынаған жүз рет дүре соғыңдар" деп қана қойды. Міне, сонан әкей майып боп қалған.

— Сонан соң.

— Менің атам гугенот*. Кюре* мырзаның талабы бойынша оны галераға айдапты. Мен ол кезде құртақандай болатынмын.

— Сонан соң.

— Күйеуімнің әкесі, яғни қайын атам, контрабанда арқылы тұз сатумен айналысқан. Король оны дарға асуға жарлық етті.

— Ал күйеуің не істейді?

— Ол күні кеше шайқаста жүрген.

— Кім үшін?

— Король үшін.

— Тағы кім үшін?

— Әлбетте, өз мырзасы үшін де.

— Тағы да?

— Тағы да өз кюресі үшін.

— Сайтан алғыр хайуандар! — деп айғайлап жіберді солдаттардың бірі.

Әйел селк етіп, орнынан атып тұрды.

— Саспаңыз, сударыня, біз — париждіктерміз, — деді жайменен маркитант әйел.

— Жаратқан ием! — деп әйел дұға оқығандай—ақ қол қусырып, бебеу қақты.

— Сандырақты қой! — деп жекіп тастады оған сержант. Маркитант әйел келіншекпен қатарласа отырып үлкен баласын өзіне тартты. Анау

қарсыласқан жоқ. Бала дегеннің қорқуы да, жұбануы да болмашы нәрседен емес пе; олар адамды қайдағы бір ішкі түйсікпен танып-біледі.

— Байғұсым-ай, — деді маркитант әйел келіншекке бұрылып, — жат болсаңыз да, жаным удай ашиды сізге. Турасын айтсақ, мына қара сирақ балаларыңыз адамның іші-бауырын алып барады. Қайсысының нешеде екенін айту да қиын емес сияқты. Үлкені төрт жаста да, інісі үште болса керек. Ал мынау бұлтиған қыз мешкейдің өзі екен, емшектен басқамен ісі жоқ. Тоқтай тұр, сені ме, бәтшағар! Сақ бол, шешеңді жұтып қойып жүрме!... Иә, сөйтіп, сударыня, сіз ештеңеден де қорықпаңыз. Сізге не айтқалы отырғанымды сезесіз бе? Біздің батальонға кіріп алыңызшы осы. Мен секілді жұмыс істейтін боласыз. Жұрт мені гусар әйел дейді. Бұл — менің лақап атым. Мен мұнда шинкар іспеттімін, яғни әскер жанында қызмет етіп, ұрыс кезінде су мен шарап таситын әйелмін. Екеуміздің аяғымыз шамалас екен, сізге шәркейімді сыйлайын... Оныншы тамызда мен Парижде болған едім. Пай-пай, сол күнгі қым-қуытты айтсаңызшы! Мен Людовик Он алтыншының қалай дарға асылғанын көзіммен көрдім. Өлгісі жоқ-ақ еді оның. Шынында да, өзіңіз-ақ ойлаңызшы: он үшінші қаңтарда-ақ ол отбасымен бірге каштан жаңғағын қуырып, әңгіме-дүкен құрып, күліп-ойнап отырған жоқ па еді? ...Иә, сонымен, бізге ересіз бе, қалай? Солдаттарымыз -жайсаң жігіттер! Сіз екінші маркитант әйел боласыз. Бұл оп-оңай. Мойныңа шарап құюлы үлкен құмыра іліп, қолыңа қоңырау алып, қан майданға қойып кетесің. Жауған оқ пен зіркілдеген зеңбірек добының астында міз бақпастан қолыңдағы қоңырауды қағып қойып: "Жігіттер, қайсыңа шарап керек?" — деп айғай салып жүргенің. Бұл онша қиын жұмыс емес. Шынымды айтсам, мен сұраған жанның бәріне құя берем, құя берем. Көктерден де, ақтардан да аямаймын. Өзім көк болсам да істейтінім сол. Әрі көк болғанда қандаймын. Жаралылар әрдайым тамағы кеуіп, шөлдегіш келеді. Ал адам өлім аузында жатқанда оның саяси сенімі қандай екенінде кімнің қанша жұмысы бар?.. Қалай, сонымен, бізге ересіз бе? Егер мен өліп кетсем, орнымды басасыз. Мынау ұсқыныма қарамай-ақ қойыңыз. Мен қайырымды әйелмін әрі ержүрек солдатпын. Ештеңеден жасқанбаңыз.

Осы кезде сержант Радуб бір солдатқа зіркілдеп жатты:

— Ашпа аузыңды! Көрдің бе, қорқытып тастадың. Бикештердің көзінше дөрекі сөз айту жарамайды.

— Мынадай сандырақ кімнің болса да жынын келтірмей қоймас! — дейді ақтала сөйлеп гренадер. — Осынау миғүлаларға қайтіп зығырданың қайнамас? Өзіңіз-ақ ойлап көріңізші: сеньор қайын атасын майып қылады, поп атасын галераға айдатады, король әкесін дарға асады, ал олар, не екенін бір сайтаным білсін бе, бүлік шығарып, қырық пышақ болып, сеньор үшін, поп пен король үшін жауып тұрған оқ астына ұмтылады!..

Сержант оған жекіріп тастады:

— Жап аузыңды! Салғыласпа! Біз саяси клубта отырған жоқпыз. Сөйтті де, ол әйелге бұрылды. — Ал күйеуің ше? Ол не істейді? Кім өзі?

— Қазір ол ешкім де емес! Оны өлтіріп кетті.

— Қай жерде?

— Ұрыс кезінде.

— Қашан?

— Осыдан үш күн бұрын.

— Кім өлтірді?

— Білмеймін.

— Күйеуіңді кім өлтіргенін білмейсің бе?

— Білмеймін.

— Көктер ме, ақтар ма? Мылтықпен атып өлтірді. Осыдан үш күн бұрын дейсің бе?

— Иә.

— Қай жерде?

— Эрне түбінде. Гүрс етіп мылтық атылды да, күйеуім құлап түсті. Бар-жоғы осы ғана.

— Ол өлгеннен бері не істеп жүрсің?

— Балаларыммен келе жатырмын.

— Қайда барасың?

— Басым ауған жаққа.

— Қайда түнеп жүрсің?

— Жер бетінде.

— Немен тамақ асырап жүрсің?

— Ештеңемен де.

— Ештеңемен де дейсің бе? Бұл қалай? — деп қайталап сұрады сержант.

— Былтырғыдан қалған түрлі жидек—мойыл, бүлдірген, қарақат, папоротник бүршігін теріп, талшық етеміз.

— Иә, мұның ештеңе емес екені рас. — Ересектеу бала түсініп қалса керек:

— Қарным ашты, — деп ыңырсыды.

Сержант қалтасынан солдаттың бір үзім қатқан нанын алып, әйелге ұсынды. Әйел нанды қақ бөліп, екі баласына ұстатты. Екеуі нанға жармаса кетті.

— Өзіне қалдырмағаны несі, — деп күңк етті сержант.

— Тегі, ашықпаған шығар, — дей салды бір солдат.

— Аш болсын-болмасын, ананың аты ана ғой, — деді сержант.

Балалар нанды жеп бола сап:

— Шөлдедім!.. Су берші? — деп қыңқылдай бастады.

— Бұл жын жайлаған орманда бұлақ та табыла қоймас! — деп кейісті кейіп танытты сержант.

Маркитант әйел дорбадан мыс тостаған алып, мойнына ілулі құтының шүмегін ағытты да, оған біраз су құйып, балаларға ұсынды.

Естиярлауы бір-екі талмап жұтты да, бетін тыржитты. Кішкентайы да судың дәмін татып, жиіркене түкіріп тастады.

— Бұларың не? Жаман ба екен? — деді маркитант әйел

— Бұл не? Әлде арақ па? — деп сұрады сержант.

— Иә, ең жақсы арақ. Тәйірі, олар нені түсінсін, өңшең мұжық. Осыны айтып маркитант әйел тостағанды сүртіп-сүртіп алды.

Сержант келіншекті тағы да тергей бастады:

— Демек, сударыня, қашып құтылмақсың ғой, шамасы?

— Сөйтуге тура келсе, қайтейін?

— Ұшарын — жел, қонарын сай білетін қаңбақ құсап дейсің ғой?

— Әлім құрығанша жүгірем, сонсоң аяңдаймын. Ақыр соңында сүрініп құлаймын.

— Қайтсін, байғұс, — деп күрсінді маркитант әйел.

— Айнала қырғын төбелес, — деді келіншек сөзін сабақтай түсіп. — Қайда қарасаң да көретінің — мылтық пен зеңбірек. Өздеріне не керек екеніне түсінбей-ақ қойдым! Менің күйеуімді атып өлтірген де солар. Түйгенім осы ғана.

Сержант мылтықтың дүмімен жерді нұқып-нұқып қалды:

— Атаңа нәлет соғыс! Қарғыс атқыр!

Әйел әңгімесін соза түсті.

— Кеше біз ағаш қуысында түнеп шықтық.

— Төртеуің де ме?

— Төртеуміз де.

— Ұйықтай алдыңдар ма?

— Ұйықтадық.

— Шамасы, тік тұрып ұйықтағансыңдар ғой, — деді сержант. Сонсоң ол солдаттарына бұрылды. — Естіп тұрмысыңдар, жолдастар! Құндақтаулы адамдай сіресіп, қураған ағаштың қуысында түн бойы қақайып тұру деген неткен азап? Иә, бұларға не айтарсың? Жабайылар емес пе? Қайтіп Париж тұрғындарындай бол дерсің.

— Үш баламен бірдей ағаш қуысында түнеп шығу деген сұмдық! — деп қостап әкетті маркитант әйел.

— Ойлап тұрсаң, сол түні сол ағаштың жанынан өткен адам қандай таңырқар еді? — деді тағы да сержант. — Сырт қарағанда бөтен ештеңе көрінбейтін ағаш аяқ астынан "Папа! Мама!" деп балаша айғайға басса, тірі қызық емес пе?

— Бағымызға қарай, қазір жаз ғой, — деп бір күрсініп алды әйел.

Тағдыр тауқыметін тартқан байғұс әйел мұңлы көзбен бір нүктеге қадала қалды. Көзқарасынан басына түскен пәленің қайдан келгеніне түсінбей, таңырқағандық байқалады.

Солдаттар бейшара әйелге үн-түнсіз қарап, айнала иін тіресе тұр.

Жесір әйел мен үш жетім... Паналауға жер таппай, айдалада қаңғып жүр... Аспанды торлап алған соғыс бұлтының күркіреуік найзағайынан қашып құтылмақ, арып-ашып аңқалары да кеуіпті. Шөп-шаламды қорек етіп, ашық аспанды баспана қылып жүрген түрлері мынау.

Сержант әйелдің жанына келіп, емшек еміп жатқан нәрестеге еңкейді. Кенет нәресте емшекті тастай сап, сақал-мұрты абажадай адамның үстіне төнген суық жүзіне әдемі көкшіл көзімен қадала бір қарап, жымия күлді.

Сержант бойын жазды. Самайынан сорғалап түскен бір тамшы көз жасы жақұттай жылтырап, тікірейген мұртының ұшына тұра қалды.

Ол сұрлана, тез-тез сөйледі:

— Жолдастар! Осының бәрінен біздің батальон әке болуға тиіс деген қорытынды шықпақ. Мынау үш баланы бауырымызға басалық. Мақұл ма?

— Жасасын республика! — деп айқайлап жіберді солдаттар.

— Мақұл, — деді сержант.

Сөйтті де, ол шешесі мен балаларының үстінен қолын соза:

— Міне, мынау Қызыл Бөрік батальонының балалары! — дегенді қоса айтты.

Маркитант әйел қуанышын қоярға жер таппады:

— Үш басқа бір пана деген осы да!

Кенет ол келіп қалған көз жасын ірке алмай, сығып-сығып жіберді де, бейшара жесір әйелге құшағын жаза ұмтылды.

— Жасасын республика! — деп қайталады солдаттар. Ал сержант әйелге бұрылып:

— Ал кеттік, азаматша, — деді.

Екінші кітап

"КЛЕЙМОР" КОРВЕТІ

I. Достар мен дұшпандар

1793 жылдың көктемінде, Франция жан-жақтан анталаған жау қоршауында қалған кезде, Ла-Манш бұғазында мынадай бір оқиға болды.

Джерсей аралындағы қаға берістегі кішігірім мүйісте, 1 маусымда, күннің батуына бірер сағат қалғанда, жүзуге қауіпті, демек, сып беріп қашып шығуға қолайлы тұманды күні бір корвет* сапарға дайындалып жатты. Бұл кемені француз командасы басқарғанмен, ол Бульонский әулетіндегі герцогтардың тұқымынан шыққан принц де-ла-Тур д’Оверньнің қол астындағы ағылшын флотилиясының құрамына кіретін. Корвет ерекше маңызды, шұғыл тапсырманы орындауға соның әмірімен бөлінген болатын.

"Клеймор" деген атпен тізімге алынған бұл корвет зілдей ауыр кәдімгі сауда кемесінше жасалған. Бірақ сыртқы түрі алдамшы еді. Оны жасағанда ұрысқа жарамды ету, әрі көз бояу сияқты екі түрлі мақсат көзделді. Ол мүмкін болса, алдап кетуге, қажет болса, ұрыс салуға тиіс-тұғын. Корвет алдында тұрған маңызды істі орындау үшін сол күні оның ортаншы палубасына жүктің орнына үлкен калибрлі отыз каронада* орнатылды. Дауыл болатынын күні бұрын сезгендіктен бе, әлде кемеге қарапайым түр беру үшін бе, әйтеуір, осынау отыз зеңбіректің бәрі жатқан-жатқан жерінде тас бекітілген люкке ұңғысы тірелетіндей етіп үш қабат шынжырмен байлап тасталды. Сырттай қарағанда ештеңе де көрінбейді. Корвет бейнебір маска киіп алғандай. Бұл ескі үлгідегі каронадалар болатын: лафеттері бітеу доңғалақтарға емес, шабақтары бар қоладан құйылған доңғалақтарға орнатылған. Әдетте әскери корветте зеңбіректер үстіңгі палубада тұратын. Ал қапылыста жауға бас салуға және жол торуға арналған "Клеймордың" палубасы қарусыз еді жөне ол жаңа ғана көргеніміздей, үстіңгі палубаның астына құпия батарея орнатуға болатындай етіп жасалған-ды. "Клеймор" салмақты әрі сырттай қарағанда ебедейсіз көрінетін, дегенмен бұл оның жүрдектік сапасына кедергі келтірмейтін еді. Бүкіл ағылшын флотында, сайып келгенде, корпусы "Клеймордікіндей" мықты келген басқа кеме болған жоқ. Әрі ол ұрыс кезінде фрегаттан* кем түспейтін десек, асыра айтпас едік.

Экипаж тек қана француздардан — эмигрант-офицерлер мен дезертир-матростардан тұратын. Олар бірінен-бірі өткен шетінен тәжірибелі теңізшілер, ержүрек солдаттар әрі айнымас роялистер еді. Бәрі де корветке, семсер мен корольге жан-тәнімен берілген.

Кеме экипажына десант түсіре қалғандай жағдайда теңіз жаяу әскерінің жартылай батальоны қоса берілген.

"Клеймордың" капитаны әулие Людовик орденінің кавалері, бұрынғы король флотындағы таңдаулы офицерлердің бірі граф-дю-Буабертло, оның көмекшісі — шевалье* де ла-Вьевиль. Лоцман* Джерсей аралығындағы ең тәжірибелі шкипер* — Филипп Гакуаль.

Бүл кеменің әдеттегіден өзгеше жұмыс істеуге тиіс екенін аңғару қиын емес-ті. Дәл жүріп кетер сәтте оның бортына біреу келіп мінді. Сырт пішініне қарап-ақ оның әлдеқандай қауіпті іске бел шешкен адам екенін жаңылмай айтуға болатын. Өзі тіп-тік, мығым денелі, түсі суық, бойшаң қарт. Жас шамасын тап басып айту қиын: жас десе — жас, кәрі десе — кәрі дерлік. Уақыт озса да қайратынан қайтпайтын, шашы аппақ қудай болса да жанары таймай, нұр шашып тұратын адамдардың санатына қосылатын: сергек, шабытына бақсаң — қырық жастағы еркек, жұрттың ықылас-ілтипатына бақсаң — сексен жастағы қарт сияқты.

Ол корветке міне бергенде үстіндегі теңіз плащының етегі ашылып кетіп, астынан кең шалбары, етігі, түгі ішіне қаратылған, сыртында жібек ою-өрнегі бар ешкі терісінен тігілген кеудешесі, қысқасы, бретань шаруасы киетін бүтін костюм көзге шалынды. Осы ұқсастықты күшейте түскендей, жұмбақ қарттың костюмі тізесі мен шынтақ тұсынан жұқарып, тозыпты, ал мықты кездемеден тігілген теңіз плащы балықшының көнетоз плащынан айнымай қалған. Басында сол кезде жұрт киетін төбесі биік, етегі жалпақ дөңгелек қалпақ. Етегі салбыраған күйде ол шаруа қалпағына ұқсайтын, бірақ оны әскери бас киімге айналдыру да оңай еді: бұл үшін бір етегін көтеріп, кокардасы* бар петлица арқылы үшкір төбесіне байлай салса, бітіп жатыр. Қарт қалпағын құдды шаруаларша петлица мен кокардасыз киіп алған.

Драл губернаторы лорд Балькарра мен шахзада де-ла-Тур д' Овернь оны кемеге өздері шығарып салды. Эмигрант — шахзадалардың құпия агенті Желамбр оның каютасының қалай жабдықталғанын өзі тексерді және ізетті де ілтипатты болғаны сонша, өзінің дворяндық тегіне қарамастан, қарт соңынан еріп, шамаданын көтерісіп кірді. Желамбр жағаға қайтарда осынау бретань мұжығымен иіліп-бүгіле қоштасты. Норд Балькарра оған: "Генерал, табысты болуыңызға тілекшімін" десе, шахзададе-ла-Турд' Овернь: "Көріскенше күн жақсы болсын, бауырым" дей салды.

"Клеймор" матростары өз жолаушысына салған жерден "мұжық" деп ат қойып алды. Бірақ ол туралы бейхабар болғандықтан, матростар өздерінің әскери корветі қаншалықты жүк кемесі болса, бұл бейтаныстың да соншалықты "мұжық" екенін жақсы сезді.

Баяу ғана жел есіп түр. "Клеймор" мүйістен шығып, біраз уақыт көзден кетпей, жағаны бойлай жүріп отырды: сонаң соң бірте-бірте ымырт қараңғылығына еніп, кішірейе бере, ақыры біржола ғайып болды.

Желамбр үйіне келген соң, бірер сағаттан кейін граф д'Артуаға* шұғыл пошта кемесімен мынадай бірнеше сөз жазып жіберді:

"Мәртебелі ағзам! Аттаныс іске асырылды. Сәті түсері кәміл Бір аптадан соң Гранвильден Сен-Малоға дейін бүкіл жағалау өрт құшағында қалмақ".

Ал осыдан төрт күн бұрын Шербург жағалауындағы республикашыл армияға маңызды тапсырмамен жіберілген және сол кезде Гранвильде тұрған Марнадан сайланған депутат Приер әлгі ақпарды жазған адамның қолынан шыққан — қып-қысқа хат алған. Онда былай делінген болатын:

"Азамат депутат! 1 маусымда су көтеріле үсті бүркеулі батареясы бар "Клеймор" әскери корветі теңізге шығады. Ол Францияның жағасына мынадай белгілері бар бір кісіні түсіруге тиіс: қарт, ұзын бойлы, ақ шашты, саусағы ақсүйек адамның саусағындай сүйрік те сұлу, үстінде шаруа костюмі. Ендігі егжей-тегжейлі хабарды сізге ертең жіберемін. Ол екісінде таң ата барып түспек. Эскадрамызға ескертіңіз, корветті ұстаңыздар. Ол кісіні гильотиналауға бұйырыңыз".

II. Түн қараңғысын жамылған кеме мен жолаушы

Корвет оңтүстікке бет алудың орнына әуелі солтүстікке, сонан соң батысқа бұрылып, жұртқа тұп-тура "Апат Өткелі" деген атпен танымал болған бұғазға келіп кірді. Бүл өткелдің не арғы, не бергі жақ шетінде маяк атаулы жоқ еді.

Күн батқалы қашан? Түн қараңғылығы әдеттегіден гөрі қою. Ай туатын уақыт болса да, бүкіл аспанды қалың бұлт қаптап алғандықтан, оның батар кезінде бір-ақ көрінетін түрі бар. Бір үйір жабағы бұлт теңізге төніп, айдын үстін тұмшалап тұр.

Қараңғылық корветтің жоспарына септескендей.

Лоцман Гакуаль егер корвет тосын жайтқа ұшырамай, жел оңынан соғып, барлық желкенді көтере жүрсе, таң ата Францияның жағасына жетіп қалар деп үміттенді.

Әзірге бәрі де жап-жақсы келе жатыр еді. Бірақ тоғыздар шамасында жел үдеп, толқын көтеріле бастады. Жел қуалай соғып, күшті толқын дауылға ұласа қоймаса да, әрдайым биіктен сапырыла құлағанда, корветтің тұмсығы суға көміліп-көміліп кетеді.

Лорд Балькарра генерал деп атаған және шахзада де-ла- Тур д' Овернь "Сау болыңыз, бауырым" деп қоштасқан манағы "мұжық" байсалды да байыпты қалыппен палуба үстінде жүр. Кеменің әрлі-берлі теңселуін байқамағандай. Бұл жүрісіне қарап көпті көрген кәнігі теңізші дерсің. Анда-санда кеудешесінің қалтасынан шоколад тақтасын алып, шетінен сындырып аузына салып қояды; шашы түгел ағарып кетсе де, тісі шетінемеген, бүп-бүтін.

Оқта-текте капитанға бірдеңе айтып қойғаны болмаса, ешкіммен тіс жарып сөйлеспеді. Капитан оның әр сөзін әдеппен тыңдайды және өзінен гөрі осы жолаушыны кеме командирі деп санайтын секілді.

Шебер лоцман басқарып келе жатқан "Клеймор" тұман ішімен Джерсей аралының сопайған солтүстік мүйісін елеусіз орағыта өтті де, қауіпті құз тасқа соқтығып қалмау үшін жағаны ала жүрді. Рульде тұрған Гакуаль су астындағы жартастарды қолмен қармалағандай, бірақ мұхитпен жақсы таныс адамша, кемені сеніммен жүргізіп келеді. Корвет осынау қатаң бақылау қойылған су үстінде келе жатқанын сездіріп алам ба деп сескеніп, тұмсығындағы шамды жаға қоймады. Тұман түскеніне кемедегілер түгел риза. Корвет үстінде бәрі бәз-баяғы қалпында. Сағат оннан кете капитан граф дю- Буабертло мен оның көмекшісі шевалье де-ла-Вьевиль шаруа киімін киген адамды соған бөлінген каютаға, яғни капитанның өз каютасына ертіп апарды. Каютаға кіріп бара жатып, қарт артына бұрыла бәсең дауыспен:

— Мырзалар, құпияны мұқият сақтау қажет екені сіздерге мәлім болуға тиіс. Жарылыс болар сәтке дейін тірі жанға тіс жармаңыздар. Менің атымды бүл кемеде екеуіңізден басқа ешкім білмейді, — деді.

— Бұл құпияны біз қабірге өзімізбен бірге әкетеміз, — деп жауап қайырды Буабертло.

— Ал мен оны басыма өлім қаупі төнсе де айтпаймын, — деді қарт.

Сөйтіп, ол каютаға кіріп кетті.

III. Ақсүйектер мен қара тобырлар

Капитан мен оның көмекшісі қайтадан жоғары көтерілді де, өздерінің әлгі жолаушысы жайлы әсерлерін ортаға салып, палуба үстінде әрлі-берлі жүре бастады.

Буабертло:

— Мұның қандай көсем екенін енді көп ұзамай-ақ білеміз, — деп сыбырлады ла-Вьевильдің құлағына.

— Қанша дегенмен, шахзада ғой, — деп жауап қатты ла-Вьевиль.

— Иә, шахзада десе де болғандай.

— Францияда дворянин болса да, Бретаньда — шахзаданың нақ өзі.

Француз шахзадасы жоқ болғандықтан Бретань шахзадасын қанағат тұтамыз да, — деді Буабертло.

Сайрағыш сары шымшықтың орнын... Жоқ, сары шымшықтың емес, қыранның орнын қарға басты деген осы да.

— Маған қара құс артық, — деді Буабертло.

— Әрине, әйтеуір тырнағы мен тұмсығы өткір ғой, — деп мақұлдады ла-Вьевиль.

— Не де болса көріп алдық.

— Иә, жетекші жайлы ойланатын кез келді, — деді тағы да аз-кем үнсіздіктен кейін ла-Вьевиль. — Мен "Оқ-дәрі мен көсем керек!" деген ұранды қостаймын. Сізге мынаны айтқым келеді, капитан. Мен көсем боларлық адамдарды түгел дерлік білемін. Бірақ олардың ешқайсысын да бізге қазір қажет болып отырғандай ақылды адам деп санамаймын. Қарғыс атқан бұл Вандея үшін тым бөлек генерал қажет. Мұнда жауға тыным бермей, онымен әр диірмен үшін, әрбір жыра, .әрбір тас үшін жағаласу керек; әрдайым әлегін аспаннан келтіріп, әрбір жаңсақ басқан қадамын аңдып түру, көзден ешнәрсені таса жібермей, оң-солынан бірдей сілейте соғып, жойқын шабуыл жасап, зәресін ала беру керек, аяушылық көрсетпеу керек, демалыс, ұйқы дегенді ұмыту керек. Қазір бұл мұжықтар армиясында батыр коп те, көсем жоқ. Шынында да осы біз, қара басып, революцияға неліктен шабуыл жасап жүрміз, шаштараздарды өзіміз-ақ дворяндардың үстінен бастық еткенде, республикашылар мен біздің арамызда айырма қандай?

Енді қайтесің! Бұл сайтан алғыр революция біздің ішімізге де еніп бара жатқан жоқ па?

Бұл Францияның тәніне түскен мерез де.

— Үшінші сословиенің мерезі, — деп ойын қорытты Буабертло. — Бізді бұл дерттен жалғыз Англия ғана айықтыруы мүмкін.

— Және айықтырады да. Бұған сеніңіз, капитан.

— Ал әзірге жүрегің айнып, құсқың келеді!

— Өйтпегенде ше! Айнала мұжық. Бүл Вандея соғысында қандай ғана дұшпандарды көрмей отырмыз? Көктер жағынан көретінің — сыра қайнатушы Сантер де, ақтар жағынан көретінің — шаштараз Гастон.

— Жо-жоқ, сүйіктім ла-Вьевиль, менің Гастонға деген көзқарасым бұдан өзгешелеу. Ол Гемен түбінде әскерлерге басшылық жасағанда тіпті де олқы соққан жоқ. Жадыңызда ма, ол көктердің үш жүз адамын өздеріне алдын ала көр қаздырып, жайдан-жай, дымын шығармастан атып тастаған жоқ па?

— Мұның бәрі тамаша-ау, бірақ мұндайда мен де қалыспас едім.

— Әрине, мен де сөйтер едім.

— Әскери ұлы ерлік оны жасайтын адамдардан тумысынан бекзатты болуды талап етеді, — деді ла-Вьевиль. — Соғыс — шаштараздардың ісі емес, рыцарьлардың ісі.

— Дегенмен, осы үшінші қауымның ішінде де тәуір адамдар кездесіп қалатыны рас, — деп сөз таластырды Буабертло. — Мысалға, сағатшы Жолиді алалық. Бұрын Фландр полкінің сержанты болған ол вандеялықтардың бір жетекшісіне айналыпты. Ол жағалаудағы армия отрядын басқарады. Оның бір ұлы болатын. Ол ұлы республикашыл екен. Міне, сөйтіп, әкесі ақтар үшін шайқасса, баласы көктер үшін шайқасып жүрген. Бір ұрыс кезінде олар бетпе-бет кездесіп қалыпты. Сонда әкесі баласын тұтқынға алып, табан аузында тапаншамен атып тастапты.

— Жақсының аты жақсы ғой, — деп қостады ла-Вьевиль. Әрқайсысы өз ойымен болып, олар әрлі-берлі біраз жүрді.

Сонсоң әңгіме қайта жалғасты.

— Капитан, каютаңызда "Монитер"* бар ғой деймін?

— Бар.

— Соңғы кезде Парижде жұрттың қандай карта ойынына құмар екенін білмейсіз бе?

— "Адель мен Полэн" және "Үңгір" атты ойындар деседі.

— Көрер ме еді.

— Көрерміз әлі.

Капитан сәл ойланып қалды да:

— Бірер айдан кейін Парижде боламыз, — дегенді қоса айтты.

— Ендеше, капитан, жағдайымыз онша жаман емес екен ғой әлі?

— Бретань соғысы үшін нағыз басшыларды таба алсақ, жағдайымыз мұнан да тәуір болар еді.

Лa-Вьевиль басын шайқады.

— Иә, жағалау бізді қолдаса ғана. Ал жау болып шықса — түсіре алмаймыз. Соғыста жабулы есікті бұзып-жаруға да, кейде сып беріп жасырын өтіп кетуге де тура келетін кездер болады. Азамат соғысы кезінде қалтаңда әрдайым басы артық қолайлы кілт болғаны абзал. Біз мүмкін нәрсенің бәрін істейміз. Әңгіме алдымен көсем табуда. Лa-Вьевиль бір сәт ойланып барып:

— Мұндайда шахзада, француз мұрагері, нағыз текті мұрагер керек, — деді.

— Неге? "Шахзада" дегеніміз...

— "... қорқақ" дегенмен бірдей. Мұны мен білемін, капитан. Бірақ ол бізге әлгі деревня мақұлықтарын жолға салып айдау үшін қажет.

— Сүйіктім, Шевалье, мұрагерлердің төбелеске барғысы жоқ.

— Ендеше, оларсыз-ақ күн көрерміз.

Буабертло әлдеқандай бір ойды басынан қысып шығарғысы келгендей, қолымен еріксіз маңдайын сығымдап:

— Несі бар, әзірге осы генералды-ақ сынап көрелік, — деді ақырын.

— Ол атақты тұқымнан шыққан адам деседі ғой.

— Үмітімізді ақтайды деп ойлайсыз ба?

— Иә, жақсы боп шықса, ақтауға тиіс, — деді ла-Вьевиль.

— Яғни рақымсыз болса дейсіз ғой, — деп түзетті оны Буабертло. Граф пен кавалер бір-біріне қадала қарасты.

— Граф дю-Буабертло, сіз "рақымсыз" деген сөзді тауып айттыңыз. Бізге керегінің өзі де осы. Бүл соғыс рақымшылық дегенді білмеуге тиіс. Қанішерлер заманы туды. Патша өлтірушілер Людовик он алтыншының басын кессе, біз патша өлтірушілердің өзін паршалаймыз. Иә, бізге аяушылықты білмейтін қайсар қолбасшы қажет. Анжу мен Жоғары Пуатуда бастықтар қайырымдылық танытқан болып кешірім жасауда, сондықтан да ондағының астан-кестені шығып жатыр. Ал Марэ мен Ретцеде әскери басшылық кәрін тігіп, қаһарына мінген, сөйтіп, онда іс оңға басуда.

Буабертло тіл қатып үлгермеді. Ла-Вьевильдің соңғы сөзін жан ұшырған бір айқай бөліп кетті де, іле-шала құлаққа ештеңеге ұқсамайтын бөтен сарын келді. Айғай да, түсініксіз сарын да палуба астынан естілді.

Капитан мен оның көмекшісі ортаңғы палубаға шығатын трапқа тұра ұмтылса да, төмен түсіп үлгермеді: артиллерия қызметкерлерінің бәрі есі шығып кеткендей, бірін-бірі кимелей сыртқа қарай жүгіріп келеді екен. Жантүршігерлік бірдеңе болыпты.

IV. Соғыс сұмдықтары

Катарея зеңбіректерінің бірі — жиырма торт фунттық каронаданың шынжыры үзіліп кетіпті.

Теңіз үстінде болуы мүмкін пәленің ішіндегі ең сұмдығы осы. Ашық теңізде екпіндей жүзіп келе жатқан әскери кеме үшін мұнан жаман нәрсе жоқ.

Бұғаудан босаған зеңбірек әп-сәтте тажал сияқтанып кетеді. Доңғалағы бар зіл батпан еңгезердей нәрсе бильярд шарындай ерсілі-қарсылы, оңды-солды жүйткіп, толқын бүйірден шайқағанда жантая лықсиды да, кильден шайқағанда* кемемен ілесе біресе алға, біресе артқа зымырайды, әлдене есіне түскендей сәл кідіріп қалады да, сонсоң тағы жорта жөнеледі, кеменің бір шетінен екінші шетіне оқша зулайды, кейде бір орында тұра қап, ытқып-ытқып кетеді, енді бірде бұрыла салып, тағы да біресе омақасып, біресе дөңбекши, төңірегіндегінің бәрін айпап-жайпап, астан-кестенін шығарып жатыр.

Қабырғаны үсті-үстіне түйгіштеп жатқан тоқпақты көзге елестетіп көріңізші. Бұған қоса тоқпақтың темір екенін, ал қабырғаның тақтай екенін ескеріңіз.

Жын соққан бұл тажал пілдей ауыр, бірақ қабыландай жүйткіп, тышқандай жалтарады. Ол қара балтадай қайсар, тау толқындай құбылмалы, найзағайдай мертті, қабырғадай мылқау.

Салмағы он мың пұт болса да, допша секіреді. Біресе тұрған орнында кенет шыр көбелек айналып, біресе жалт бұрылады. Мұндайда не істемексің? Бүл жын ойнақты қайтіп тоқтатарсың?

Дауыл ақыр соңында басылады, жел саябырлайды, сынған мачтаны жаңасымен алмастырады, тесіктен кірген суды тоқтатуға, өртті сөндіруге болады. Бірақ қоладан құйылған мынау алып хайуанды қалай ырыққа көндірерсің? Қасына қалай жақындарсың? Итті тыңдатуға, бұқаны жасқантуға, аждаһаны арбауға, арыстанды сескентуге, жолбарыстың айбатын шағуға болады. Бірақ мынау тажал — шынжырын үзген зеңбіректен қорғанар еш амал жоқ. Оны өлтіре де алмайсың, ол онсыз да жансыз. Әйткенмен, бір жағынан тірі де. Тірлігінің өзі жан шошырлық. Астындағы еден теңселсе, өзі бірге теңселеді. Толқын кемені айдап, жел толқынды қуса, кеме де жүріп келе жатып, соны итермелей түседі. Бүл тажал алапат күштерге өзі ойыншық іспеттес. Кеме, толқын, жел екпіні оны өз уысына алған: оның жан шошырлық тірлігі де солардың ырқында. Апат қаупін төндірген бұл зұлмат қаруды қайткенде ноқталауға болады? Оның бағыт-бағдарын, секіріс-шабысын, бұрыс-бұлтарысын, тұрыс-кідірісін, түйіс-сүзісін қалай болжап білерсің?

Кеменің қабырғасын қаусырата жаздаған мұндай әрбір соққы оны теңіз түбіне жіберердей. Кесапаттан қайтып құтылуға болар? Бүл жерде жанды заттай ытқыған зеңбірекке іс түсіп отыр: ол әлдене ойланғандай, біресе кідіріп қалады да, біресе бағытын кілт өзгертіп, сізден жалтарып кетеді. Қасына жақындаудың өзі қауіпті, бүл сойқанды қайтіп тоқтатарсың?

Үрей шақыра құтырынған зеңбірек алға да жүйткиді, кейін де шегіншектейді, не болса соған ұрынып, кенет қаша жөнеледі, есебіңнен шатыстырып, қасыңнан зу етіп өте шығады, кедергі атаулыны быт-шыт қылып, жұртты шыбындай жаншып барады. Сұмдығы сол, аяқ астындағы еден тербеліп, теңселіп тұр. Онсыз да ойнақшыған, түйетайлы жерде қалай әрекет істерсің? Бұл кеме құрсағына кіріп кетіп, қайтып шығарға жол таба алмай жүрген найзағай секілді. Бұл көкті тіреп тұрғанда жердің аласұра сілкінгенімен пара-пар.

Корнет экипажы көзді ашып-жұмғанша аяғынан тік тұрды.

Бұған кінәлі адам шынжыр бұрандасын нашар бекітіп, әрі каронада доңғалағының астына тежеуіш қоймаған канонир* еді.

Шынжыр үзіліп кеткенде канонирлер бәрі батарея жанында болатын. Біреулері бас қосып жиналып, енді біреулері өзді-өзі болып, бәрі де алдағы шайқасқа әзірлік жұмыстарымен шұғылданып жатқан. Толқын кильден ұрғанда палуба бойымен кейін лықсыған каронада бір топ адамға соқтығып, төртеуін табан аузында жаншып өтті де, көлбей шайқалғанда қисая кілт бұрылып, бесінші бейшараны екі бөліп кетті, сонсоң сол жақтағы бортқа соғылып, лафеттен екінші зеңбіректі ұшырып түсірді. Үстіңгілер естіген бағанағы жан ұшырған айғай нақ осы кезде шыққан еді. Ортаңғы палубадағылардың бәрі трапқа жүгірді. Батарея бөлмесі қас қаққанша қаңырап қалды.

Енді өз-өзімен оңаша қалған ауыр зеңбірек не істеймін десе де ерікті еді. Кемеге өзі қожа, өзі би болып алды. Қандай лаң. салам десе — ықтияры. Ұрыста шыныққан, шайқас кезінде де күлкіден қалмайтын адамдардың, енді мынау, дірілдеп тұрғаны. Барша жұртты билеп алған үрейді айтып жеткізудің өзі қиын.

Екеуі де ержүрек адам — капитан Буабертло мен оның көмекшісі ла-Вьевиль не істерге білмей, түсі қашып, трап үстінде үн-түнсіз төмен қарап тұр. Кенет біреу оларды қаға-маға, зып етіп төмен түсті. Бүл осыдан бірер минут бұрын ғана әлгі екеуі әңгіме еткен жолаушы — Бретань шаруасы еді. Ол траптан* төмен түсе тоқтай қалып, төңірегін көзімен бір шолып өтті.

V. Күш пен ержүректік

Зеңбірек ортаңғы палубада әлі зырғып жүр. Батарея үстінде бұлаңдап тұрған теңіз шамы біресе жарық шашып, біресе қараңғылыққа бөлеп, сұмдық көріністі күшейте түскендей. Зырылдаған зеңбіректің сырт тұлғасы сан құбылады: біресе қап-қара болып, жарыққа шыға келсе, біресе ағараңдай жылтырап, қараңғылыққа қайта сүңгіп кетеді.

Каронада сойқанын тоқтатар емес. Ол ендігі төрт зеңбіректі зақымдап, бортты екі жерінен тесіп үлгерді. Алып тоқпақтың соққысынан кеменің сықырлай сынғаны айқын сезіліп түр. Ішінде бір бытыра бар бөтелкені қанша сіліксең де, бытыра дәл мұндай зулай алмас. Ауыр лафеттің төрт доңғалағы өлген адамдардың денесін езгілей-жаншып, парша-паршасын шығарды да, бес өлік көп ұзамай батарея үстінде домалап жүрген жиырма бөлек ұмар-жұмар етке айналды. Өлі бастар шыңғырып жатқандай. Төгілген қан корветтің шайқалуынан еденді жуа ерсілі-қарсылы ағады. Корветтің көп жері тесілген, ішкі құрсауы қақырап, сөгіле бастады. Кеме үстін үрей басып, у-шу болды да қалды.

Капитан ақылын тез жиды. Оның бұйрығымен жұрт ортаңғы палубадағы траптың шаршы қуысына каронаданың содыр шабысын тежей не бәсеңдете алар ма деген нәрсенің бәрін — матрастарды, кереуеттерді, запас желкендерді, түйдек арқандарды, матростардың іш киімі салынған қапшықтарды, тіпті жалған ақшаның бумаларын лақтыра бастады. Корветте мұндай жалған ақша қыруар болатын. Жұрт ол кезде ағылшындардың бұл зымиян қылығына ешбір ерсілігі жоқ әскери қулық деп қарайтын.

Бірақ бұл кәкір-шүкірді төмен түсіп, дұрыстап қоюға ешкімнің дәті бармағандықтан — одан не пайда, не қайыр? Ол әп-сәтте быт-шыты шығып, жүн-жұрқаға айналып қала берді. Теңіз толқыны бүл сойқанды күшейте түсті. Нағыз дауыл тұрса зеңбіректі аударып тастауы мүмкін еді. Егер ол қырынан ауса, не төңкеріліп қалса, ырыққа алуға әбден болатын.

Оның бер жағында лаң әлі тоқтар емес. Кильге дейін ярустардың бәрін бойлай өтетін мачталардың төменгі жағында саңылау, тіпті үлкен жарық пайда болды. Каронаданың зілмауыр соққысынан фок-мачта* шытынап кетті, грот-мачтаға* да зиян келді. Батарея түгелдей зақымданыпты. Отыз зеңбіректің оны ендігі ұрысқа жарамсыз боп қалған. Борттағы тесіктің саны көбейіп, корветтің ішіне су кіре бастады.

Ортаңғы палубаға түскен жолаушы қарт траптың жанында тас мүсіндей мелшиіп тұр. Ол мынау астан-кестен дүниеге сұрлана қарай қалған, бірақ орнынан селт етіп, қозғалмады. Батарея ішінде тырп етіп, аяқ басуына болмайтындай-ақ.

Босап кеткен каронаданың әрбір оқыс қимылына орай корветтің су түбіне кетер сәті де жақындай берді, жақындай берді. Сәлден соң оның апатқа ұшырауы даусыз еді.

Ендігі қалғаны — апат болу, не апаттың бетін қайтару ғана. Қайткенде де екінің біріне бел шешуге тура келді. Бірақ қайсысына бел шешерсің?

Каронада — тым қорқынышты жау. Осынау есуасты тақымға басып, осынау аласұрған найзағайды бұғаулап тастау керек болды.

Каронаданы ырқына жіберіп, барша жұрт не істерге білмей, аңтарылып қалған.

Ал корвет бортын сырттан түйгіштеген толқын іштегі соққымен ұласып, бірін-бірі қостай түскендей. Екі балға кезекпе-кезек төмпештеп жатқан тәрізді.

Шынжырдан босап кеткен жыртқыш еркін сайрандап жүрген, еш пенде аяқ баспас аренаға кенет қолына кеспелтек темір ұстаған біреу шыға келді. Бүл осы кесепатқа кінәлі, жұлынып кеткен каронаданың зеңбірекшісі, өз шалағайлығынан жұртты осыншама пәлеге душар еткен кісі еді. Кесапатқа кінәлі екенін сезінген ол, осы кінәсін жуғысы келсе керек. Ол бір қолына — ганшпуг*, екінші қолына ұшы тұзақталған арқан ұстап, ортаңғы палубаға секіріп шықты.

Осы арада көзсіз сайыс: зеңбіректің зеңбірекшімен шайқасы, зат пен адам арасындағы жекпе-жек басталды да кетті.

Адам сүймені мен тұзақталған арқанын әзірлей, бұрышқа тұра қалды.

Ол арқасымен кеме қабырғасына сүйеніп, болаттан құйылғандай сом аяқтарын алшайта ұстап, еденге қаққан қазықтай тырп етпестен, қанын ішіне тарта, міз бақпастан күтіп тұр.

Ол зеңбіректің қасынан зулай өтер сәтін аңдыды.

Зеңбірекші қаруын білетін және оны қаруы да білетіндей. Өйткені олар көптен бірге келе жатқан сыралғы еді. Ол зеңбірегінің көмейіне қолын қаншама рет салмады дейсің! Бұл оның қолға үйретілген, ырқына көндірген хайуаны болатын. Сөйтіп, әлгі адам зеңбіректі асыранды итіндей-ақ:

— Кел, кел, келе ғой! — деп шақыра бастады.

Ол, бәлкім, зеңбіректі жақсы да көрген шығар. Шақырғанда жүгіріп келе қалса екен деп те ойлаған сияқты.

Бірақ оған жүгіріп бару оны басып кетумен бірдей болып тұр. Ал басса — мерт болғаны. Мұны қалай болдыртпау керек? Басып кетпесі үшін не істесе екен? Барлығы демін ішіне тартып, сол екеуіне қарай қалған, тек жолаушы қарт қана сабырлы; сайысқа шыққан екеуден басқа осы жекпе-жекке үнсіз куәгер болып, палубада жалғыз өзі тұр.

Оның өзі де жаншылып қалуы ықтимал еді, бірақ тұрған орнынан қыбыр етпеді.

Ал аяқ астындағы дүлей теңіз осы сайысты өз ырқына алғандай.

Зеңбірекші қолма-қол сұмдық сайысқа кірісіп, зеңбіректі жекпе-жекке шақырғанда шайқалып келе жатқан кеме теңіздің ырқына көніп, сәл кідіріп еді, каронада бұған таңырқағандай оқыс тоқтай қалды.

Кел, кел, келе ғой! — деп зеңбірекші қолын соза шақырып тұр.

Анау оның сөзіне құлақ тіккендей көрінді.

Кенеттен оған тұра ұмтылды. Ол соққыдан жалтарып кетті.

Сөйтіп, нағыз айқас — құлақ естіп, көз көрмеген айқас басталды. Нәзік пенде мен мылқау алып бір-біріне шап берісті. Сүйек пен еттен жаралған жан иесі мен қола хайуан арпалысқа түсті.

Осының бәрі қаракөлеңке жерде болып жатты.

Ашу шақыра долданған алып ақылдан да құралақан емес секілді: ол қолайлы сәтті бағып жүргендей. Сұрапыл күшті ғаламат темір жәндік тәрізді. Осынау дәу шегіртке біресе батареяның аласа төбесіне соғылып, біресе төрт аяғымен тік түскен жолбарыстай төрт доңғалағымен қалт тұра қалады, сөйтеді де, қайтадан әлгі адамның соңынан қуып береді. Анау көз ілеспес соққыдан кесірткеше жалт бұрылады. Әйтсе де ол ашық тайталастан жалтарғанмен, оған дарымаған соққы кеменің қабырғасын дүрс-дүрс ұрып, қақыратып барады.

Зеңбірекке үзік шынжыр сүйретіліп жүр. Жез уыстағы темір шыбыртқыдай үйіріліп, қасына жан жуытар емес. Осы үзік шынжыр күресті қиындата түсті.

Бірақ адам айқасып-ақ бақты. Кейде тіпті шабуылға да шығып қояды.

Ол қолына сүймені мен арқанын ұстап, оңтайлы сәтті аңдып, бортты жағалай жүрді. Зеңбірек те тосқауылды сезгендей, одан бұлтара қашты. Ал анау алған бетінен қайтпай, оны қуғынға алды.

Мұндай айқас ұзаққа бармайтын. Зеңбірек өз-өзіне: "Жетер енді! Бітіру керек!" дегендей, тоқтай қалды. Шешуші шақтың таянғаны сезіліп-ақ түр. Зеңбірек әлі екі ойлы, бірақ ол (айналадағылардың бәріне тірі жан сияқты көрінгендіктен) берік тоқтамға келуге әзірленгендей не әзірленіп болғандай еді. Кенет ол зеңбірекшіге тап берді. Анау жалт бұрылып, жанынан өткізіп жіберді де, соңынан күле қарап:

— Қапы кеттің-ау! Кәне, тағы байқап көр! — деп айғайлап жіберді.

Зеңбірек ызаланып кеткендей, сол жақ бортта тұрған зеңбірекке дүрс соғылды, сөйтті де, алып садақтан атылған тастай оң жақ бортқа, тұп-тура зеңбірекшіге қарай зымырай жөнелді. Анау тағы да тайқып кетті. Есірген тажалдың сұрапыл екпінінен үш каронаданың быт-шыты шықты. Не істеп, не қойғанын өзі де білмейтін соқыр жандай, ол кенеттен артымен адамға оқыс бұрылып, ілгері домалай жөнелді, форштевеньді* құлатып, кеменің тұмсығын тесіп кете жаздады. Адам трапқа қарай секіріп түсіп, сүйменін оңтайлай, жолаушы қарттан бірнеше қадам жерде тұра қалды. Мұны зеңбірек те сезіп қалғандай: ол тіпті бұрылып жатпастан, шегіншектеген күйі баскесер балтадай адамға тұра шапты.

Борт пен саты аралығындағы бұрышқа тығылған адам енді ажал тырнағынан құтылмастай еді.

Үрейі ұшқан жұрт шу ете қалды.

Бірақ дәл осы арада бұған дейін қыбыр етпей, қалшиып тұрған жолаушы қарт өзінің жас шамасынан тыс ептілікпен лып етіп, зеңбірекке тұра ұмтылды. Жалған ақшаның бір бумасын жол-жөнекей іліп әкетіп, астында қалам-ау деп қаймықпастан, тұп-тура лафет доңғалағының астына лақтырып жіберді. Бұл батыл да қауіпті айланың асқан ептілікпен дәл әрі шебер істелгені сонша, бұған тіпті теңіз зеңбірегін ұстау тәсіліне жетік адам да қайран қалар еді.

Әлгі бума оралғы бола қалды. Кей кездері құйтақандай тас құлағалы тұрған жартасты сүйемелдеп тұрса, ағаш бұтағы құламаның бағытын өзгертіп те жібере алады ғой. Сөйтіп, бұл жолы зеңбірек сүрініп кеткендей болды. Сол мезетте зеңбірекші кеспелтек темірін лафеттің артқы доңғалағының шабақтарының арасына сәтін тауып сұғып үлгерді. Зеңбірек тоқтай қалды.

Ол бүйірлеп барып, қисая құлады. Адам кеспелтек темірді тұтқаша пайдаланып, оны төңкеріп тастады. Жібінен жұлынған қоңыраудай шомбал нәрсе еденге дүрс құлады. Қара терге түскен адам оған тап беріп, тізе бүккен асаудың мойнына тұзағын тастап жіберді.

Сөйтіп бәрі тынды. Адамның жеңісімен тынды. Тышқан пілді шалып жықты. Ергежейлі алыпты ауыздықтады.

Солдаттар мен матростар ду қол шапалақтады.

Бүкіл экипаж қолдарына арқан мен шынжыр ұстай, төмен түсіп, зеңбіректі әп-сәтте матап тастады.

Зеңбірекші жолаушыға тәжім етіп:

— Сударь, сіз мені ажалдан құтқардыңыз, — деді.

Қайтадан бейжай қалпына келген қарт бұған ләм-мим демеді.

VI. Таразының екі басы

Адам жеңіп шықты, бірақ зеңбірек те дегеніне жеткендей еді. Өйткені кеме дереу су түбіне кетпегенімен, оны біржолата құтқарылды деуге болмайтын. Зақымданған жерлерін жөндеу мүмкін еместей. Борттан бес тесік табылды; тұмсық жақтағы бір тесік аңырайып жатыр. Отыз зеңбіректің жиырмасы қираған. Осыншама лаң салып, енді қолға түсіп, шынжырға қайта байланған зеңбіректің өзі де саптан шыққан. Батареядағы жарамды зеңбіректердің саны азайып, тоғызы-ақ қалыпты. Трюмнен де су көрінді. Сорғыны тез қолға алып, зақымданған жерлерді жөндеу қажет болды.

Қарауға енді ғана реті келген ортаңғы палуба сұмдық күйде екен. Құтырынған піл қамалған тор ішінде де тап мұндай бүліншілікті көзге елестету мүмкін емес.

Кемеге жат көзге түспеу қанша қажет болғанмен, осы сәтте оны суға батырмау мұнан де маңыздырақ еді. Сондықтан шамдарды борттың әр жеріне іліп қойып, палубаға жарық түсіруге тура келді.

Зеңбірекпен арпалыса жүріп, жаны алқымға тірелген экипаж кемедегі оқиғаға есі шығып жатқанда, теңіз үстінде не болып жатқанын ешкім білмейді. Оның бер жағында тұман қоюлана түскен-ді. Ауа райы құбылып сала берді. Кеме жел ыңғайымен жүзіп келе жатты. Корвет бағытынан тайып, оңтүстікке қарай қияндап кетіпті. Енді оны Джерсей мен Гернсей аралдарының жағалауы тасалай алмайтын: ол ойнақшыған теңіз үстінде қалқансыз, ашық қалды. Жалақтаған дәу толқындар оның қансыраған жарасына келіп шүйлігеді. Шолжаңдаған бұл еркелік тым қауіпті еді. Теңіз жалын күдірейте бастады. Жағадан соққан үлпек жел қатая түсті.

Теңіз тулатар сұрапыл жел төніп келе жатты. Оның соңы дауылға айналуы да ықтимал Он бес қадам жерден ештеңе көрінер емес.

Команда асығыс-үсігіс, қалай болса солай ортаңғы палубаның бүлінген жерлерін жөндеп, тесіктерді тығындап, қалған зеңбіректерді жауынгерлік тәртіппен орналастырып жатқанда жолаушы қарт жоғары шығыпты.

Ол грот-мачтаға арқасын сүйеп тұр екен.

Ойға шомған күйі ол корветте төтенше бір қимыл болып жатқанын байқамай тұра берді. Шевалье де-ла-Вьевиль теңіз жаяу әскерінің солдаттарына грот-мачтаның екі жағына сапқа тұруға бұйырды да, осы маневрге қатысқан солдаттар боцманның ысқырығымен желкен ағаштардың үстіне қаз-қатар тізіле қалды.

Граф дю-Буабертло жолаушының қасына барды.

Оның соңына көйлегі дал-дұл болған, жан-жағына алақтай қараған, абыржулы, бірақ әлденеге көңілі көншулі біреу ере жүрді.

Бұл жаңа ғана ширақ қимылдап, алыпты бұғаулаған матрос, зеңбіректі жыққан зеңбірекші еді.

Граф шаруа киімін киген қартқа әскери ізет берді де: Генерал, әлгі адам, міне, — деді.

Зеңбірекші сыптай тартылып, иба сақтай, төмен қарап тұр.

Граф дю-Буабертло сөзін әрі жалғастырды:

— Генерал, сіздіңше, бұл адамның әрекетін кеме бастығы бірдеңе етіп бағалауы керек емес пе?

— Иә, солай, — деп жауап қатты қарт.

— Ендеше, бұйырғаныңыз жөн шығар, — деді Буабертло.

— Бұл сіздің ықтирярыңыз. Капитан өзіңізсіз.

— Бірақ сіз генералсыз ғой, — деп тартынды Буабертло. Қарт зеңбірекшіге қарады.

— Бері кел, — деп бұйырды о л Зеңбірекші бір адым ілгері басты.

Қарт графқа бұрылып, оның омырауынан әулие Людовик орденін ағытты да, зеңбірекшінің кеудесіне тақты.

— Ура! — деп айғайлады матростар.

Теңіз жаяу әскерінің солдаттары мылтықтарын қарауылға алды.

Сол кезде жолаушы аң-таң болған канонирге қолын шошайтып:

— Енді оны атып тастаңдар! — деді.

Әуелеген шаттық дауыс кілт үзілді. Барша жұрт мелшие қалды.

Орнай қалған мылқау тыныштықта қарттың үні айбынды естілді:

— Бұл адамның салақтығы кемені құрдымға жіберуден аз-ақ қалды. Кемені құтқару ендігі мүмкін емес те шығар. Теңізде болу жаумен жағаласқанмен бірдей. Теңіз кешіп жүрген кеме ұрыс салып жүрген армия сияқты. Дауыл кейде бұғып жатса да, әрдайым кемені аңдып тұрады. Теңіз үсті толған тосқауыл Жау алдында жаза басу — өлімге бас тігу деген сөз. Істелген қателікті түзеу мүмкін емес. Ерлік наградталуға тиіс. Ал салақтық сазайын тартуы керек.

Бұл сөздер бір сарынды ырғақпен, сабырлы әрі леппен естілді.

Сонан соң қарт солдаттарға қарап: Үкім орындалсын! — деп қоса айтты.

Кеудесіне әулие Людовик кресі тағылған адамның басы салбырап кетті.

Граф дю-Буабертло берген белгімен екі матрос төмен түсіп, кешікпей кебін алып шықты. Оларға ілесе кеме жолға шыққаннан бері офицерлер каютасында дұға оқумен келе жатқан кеме әулие әкейі келді. Сержант грот-мачта жанында мылтық көтеріп тұрған солдаттардың арасынан он екі адамды бөліп, әрқайсысында алты адамнан екі қатарға тұрғызды.Үкімге кесілген адам тіл қатпастан екі қатардың ортасына барып тұрды. Қолына Христос бейнесіндегі крес ұстаған әулие әкей алға шығып, оның қасына барды.

Алға! — деп команда берді сержант.

Взвод асықпай адымдап, кеменің тұмсығына беттеді. Матростар кебінді қолдарына ұстап, соңынан жүрді.

Кеме үстінде құлақ кескендей тыныштық орнай қалды. Алыста ышқына соққан дауыл сарыны естіледі.

Бірнеше минуттан соң қараңғылықты қақ жара от жарқ етті де, көп мылтық гүрс атылды, сонан соң жым-жырт бола қалды. Көп ұзамай суға құлаған дененің шолп еткені естілді.

Жолаушы қарт мачтаға сүйеніп, қолын кеудесіне айқастыра ұстаған күйі әлі ойға шомып тұр.

Буабертло оны ла-Вьевильге көрсете, қолын шошайтып: — Ақыры Вандеяның маңдайына да басшы бітіпті ғой! — деп сыбыр етті.

VII. Желкенді кім көтерсе - жеребені сол тастайды

Бірақ кемені алда әлі қандай сын тосып тұр еді десеңізші?

Толқын жалын құшқан бұлттың түн бойы қоюланып, төмен түскені сонша, ендігі көкжиекті де қымтап алыпты. Теңіз тұтас сүр көрпе жамыла қалғандай. Айнала қалың тұман. Мұндай жағдай сау кеменің өзіне де қауіпті.

Тұманға қоса теңіз де мазасыздана бастады.

Команда уақытты бос жіберген жоқ. Кеме дереу жеңілдетілді. Каронада салған ойраннан кейін жинап алуға келген нәрсенің бәрі: бүлінген зеңбіректер, қираған лафеттер, ішкі қапталдың жарқыншақтары, ағаш пен темір сынықтары теңізге лақтырылды. Сонан соң брезентке оралған мүрделер мен пәре-пәресі шыққан өліктер тақтайға салынып, суға ағызып жіберілді.

Теңізбен арпалыс барған сайын қиындай түсті. Дауыл онша күшті емес-ті; қайта, көкжиектің ар жағында ойнақшыған жел солтүстікке ойысып, бірте-бірте бәсеңдей бастаған. Дегенмен толқын толастай қоймады.

Қиюы қашқан кеме күшті толқынға ұзақ төтеп бере алмайтын, сондықтан кез келген дәу толқынның оны опат қылуы ықтимал еді.

Гакуаль ойға кетіп, руль жанында түр.

Қауіп-қатерді жайбарақат қарсы алу кеме командирлерінің әдеті емес пе.

Ла-Вьевиль қиын-қыстау кезде де әзіл-оспағы бірге жүретін нағыз дуалы ауыздың озі болатын. Ол Гакуальдың қасына келді.

— Қалай, лоцман, дүлей шашалып қалды-ау, сірә, ә? — деді ол — Қаттылап түшкірмек болып еді, танауын басып тына қалды-ау деймін. Ештеңе етпес. Мықтағанда жел тұрар. Ол не дейсің, тәйірі.

Гакуаль шындап жауап қатты: Жел енді толқын айдай бастады.

Теңізшілер риясыз күлгенді де, томаға-тұйық жабырқағанды да жаратпайды. Алайда лоцманның жауабынан абыржушылық байқалды. Шұрқ тесік кеме толқын кемерлей шыққанда суға тез толып кетуі мүмкін. Гакуаль болса жорамалын қабағын түксите айтты. Теңіз құпияға толы: оның арам ойын күн ілгері біліп болмайды. Онымен әрдайым сақ болған жөн.

Ла-Вьевиль байсалдылыққа көшудің керектігін сезді, білем:

Лоцман, біз қай жерде келе жатырмыз? — деп сұрады.

Ол сұрақты лоцманға қойса да, жауапты көкжиек берді.

Суға төнген тұман пердесі серпіліп, көз ұшына дейін қарауыта, дөңбекшіп жатқан теңіз көзге шалынды.

Аспан бұлтпен өрілген тұтас төбе тәрізді.Бірақ бұл күмбез көкжиекке жетіңкіремей жатыр: шығыс жақта қарауытқан теңіз бен бұлт торлаған аспан арасында таң .жаршысы -шұғылалы белдеу көрінеді, батыста жаңа батқан айың бозамық сәулесі әлі семе қоймапты.

Осынау екі жарық белдеудің аясында түп-түзу әрі қимылсыз қатып қалған қоңырқай сұлбалар байқалады.

Ай жарығы батып үлгермеген аспанның батыс жағында биік үш жартас қарауытып тұр.

Шығыста, көкжиектің дәл іргесінде, бозара атқан таңның күлгін жарығында өзара бір келі қашықтықта сес көрсете тырнадай тізіле қалған сегіз кеменің желкені теңіз үстінен желбірей көрінеді.

Үш жартас су астындағы құз, ал сегіз корабль француз эскадрасы болатын.

Кеменің дәл жанында жамандықпен аты жайылған Лe- Менкье құзы, қарсы алдында — жау флоты. Батысында — теңіз тұңғиығы, шығысында — сұрапыл шайқас тосып тұр. Не күші басым жаумен шайқасқа шығу, не апатқа ұшырап, суға бату, екінің бірі, басқа лаж, қолдан келер амал қалмапты.

Кеме құзбен қарсы келуге шұрқ-тесік қорабын, қирап біткен құрал-саймандар мен түбі босаған мачталарын қайрат қылмақ, ал дұшпан флотымен айқасуға — отыз зеңбірегінің тоғызы-ақ бүтін қалған, әрі таңдаулы канонирлері түгелдей қаза тапқан батареясын ғана қарсы қоя алатын.

Таң енді-енді сібірлеп келе жатқан, жарық түскенше әлі біраз уақыт бар. Түн әдеттегіден гөрі ұзаққа созылуы мүмкін, өйткені қараңғылық алдымен биікте көк тіреп тұрған қою қара бұлтқа байланысты еді.

Бұлт етегін ыдыратып жіберген жел корветті Ле-Менкьеге қарай тықсырды.

Зақымданып, құр сүлдері қалған кеме рульге бағынуды қойды десе де болғандай. Ол енді жол таңдаудан қалды да, жел мен толқынның ырқына көніп, лағып жүре берді.

Ле-Менкьенің су асты жақпар тастары бұрын қазірден де қауіпті болатын. Сонан бері теңіздің асау толқыны ерсілі-қарсылы үздіксіз соғып, осынау табиғи теңіз қамалының көптеген мұнараларын мүжіп, жып-жылмағай еткен. Құз бедерінің үнемі өзгеріп тұратындығы да содан.

Теңіз дегенің тілгілеуден жалықпайтын ара іспеттес және осы ара жалы көтерілген сайын толқынның өткір тісімен жартасқа жаңа бедер салып тұрады.

Ол кезде Ле-Менкьеге жақындау — су түбіне кетумен пара-пар еді.

Ал шығыс жақтағы сегіз кеме кейіннен капитан Дю-шеннің асшылығымен даңқы шыққан эскадра болатын.

Кеменің жайы мүшкілге айналды. Шынжырдан босап кеткен каронада салған лаң кезінде ол бастапқы бағытынан еріксіз ауып кеткен-ді. Ол маневр жасап, желкендерін түгел көтере жүзсе де, Джерсей аралына бәрібір орала алмайтын, өйткені оның жолын Ле-Менкье кес-кестеп тұрған. Француз жағалауына жақындайын десе, эскадра бөгет жасады.

Әйткенмен дауыл көтеріле қоймады: лоцманның айтуынша, теңізде "мүләйім толқын" ғана болды. Самал айдап, жолшыбай құз сияқты кедергіге ұшыраған теңіз едәуір буырқанып жатты.

"Клеймор" корветі түн бойы тұманмен алысып, тау толқынға төтеп беруге әзірленген еді. Теңіз қулығын асырып, алдап соқты: пи дауылмен қорқытқан болып, құзға әкеп тықсырды. Алда сол баяғы апаттың кескіні ғана басқаша болатын.

Тасқа соғылып қирау қаупіне теңдессіз ұрыста қаза табу қаупі қосылды. Екі жау бір-біріне көмектесіп-ақ жатыр.

Былай жүрсем — апат, олай жүрсем — шайқас? — деп дауыстап жіберді, ла-Вьевиль қасқая күліп. — Екі жақтан бірдей шах — мат!

VIII. 9-380

Әлсіреген кеме жаңқадай дәрменсіз еді.

Атып келе жатқан бозамық таң жарығында, түнерген бұлтта, бұлдырай толықсыған көкжиекте, толқынның жұмбақ дүбірінде салтанатты да самарқау сыбыс бар сияқты. Айнала тым-тырыс, тек жел ғана азынап тұр. Көрден шыққан аруақ сынды апат тәлімси басып, төніп келеді. Күз қойнауы жым-жырт, кемелер қыбыр етер емес. Құлаққа ұрған танадай, тылсым тыныштық орнай қалған. Корветке шынымен қауіп төнді дегенге сену қиын. Теңіз үстін кезген елес өте шығатындай. Аңыз-әңгімелерде осындай кезбе елес туралы айтылатын, қазір кеме ертегідегі секілді, құз-пері мен ібіліс дұшпан флотының екі арасында қалған.

Граф дю-Буабертло ла-Вьевильге ақырын ғана бір бұйрық берді де, анау іле-шала батарея бөлмесіне түсіп кетті. Сонан соң қолына дүрбі алып, кеме тұмсығында тұрған лоцманның қасына барды.

Гакуаль кемені толқынға төтелей ұстамақ болып барын салды. Әйткенмен корабльді жел мен толқын қапталдай соқса, аударылып кетері сөзсіз еді.

— Лоцман, қай жерде келе жатырмыз? — деп сұрады капитан.

— Ле-Менкье тұсындамыз.

— Қай жағындамыз?

— Ең қауіпті жағындамыз.

— Бұл жерде теңіз түбі қандай?

— Жақпар тастарға толы.

— Зәкір тастауға бола ма?

— Өлуге қашан да кеш емес қой, — деп тура жауап берді лоцман.

Капитан дүрбісін батысқа бағыттап, құзға қарады да, сонан соң шығысқа бұрылып, көз ұшында ағараңдаған желкендерді санай бастады.

Лоцман өз-өзімен сөйлескендей, күбірлеп қояды:

— Иә, Ле-Менкье... Голландиядан ұшқан шағалалар мен теңіз мұзбалақтары жолшыбай осында қонып, дамылдайды.

Капитан сол екі арада желкендерді түгел санап шықты. Шынында да әскери тәртіппен сап түзеген барлығы сегіз кеме екен. Олардың қарасы су бетінен айқын көрініп түр. Орта тұста үш палубалы үлкен кеменің биік тұлғасын айқын ажыратуға болады.

Капитан лоцманнан сұрастыра бастады:

— Мұның қандай кемелер екенін білесіз бе?

— Білгенде қандай, — деп жауап қатты Гакуаль. — Бұл эскадра.

— Француздікі ме?

— Ібілістікі.

Екеуі бірауық үндемей қалды. Сонан соң капитан:

— Крейсерлері түгел осында ма? — деп сұрады.

— Жоқ, түгел емес.

— Иә-иә, — деді есіне әлденені түсіргендей капитан, — эскадраның құрамында он алты кеме болады екен-ау, мұндағысы сегіз ғана.

— Қалғандары анау жақта, жағаны бойлай жол торып жүр, — деді Гакуаль.

Капитан дүрбіден көзін алмастан:

— Үш палубалы кеме, бірінші рангілі екі фрегат пен екінші рангілі бес фрегат, — деп күбірледі.

— Мен де оларды торығанмын, — деп күңк етті Гакуаль. — Жап-жақсы кемелер, — деп қостап әкетті капитан. — Өзім де осындай кемелерді басқарғанмын.

— Ал мен оларды тек жақыннан көргем, — деді Гакуаль.

— Бір-бірімен шатастырмасам кәміл. Барлық белгісін жаттап алғам.

Капитан оған дүрбіні беріп жатып:

— Қарап көрші: орталарындағы биік кемені танып тұрсың ба? — деп сұрады.

— Иә, командир. Бұл — "Алтын кемер".

— Дұрыс-ақ, тек оның атын өзгертіпті, — деді капитан. — Бұрын ол "Бургундия штаттары" деп аталатын. Өзі жаңа кеме. Жүз жиырма сегіз зеңбірегі бар.

Ол қалтасынан қарындашымен қоса қойын кітапшасын алып, "128" деген сан жазды.

— Ал корабльдің сол жағында бірінші кеме қалай аталады? — деп сұрады сонан соң ол

— "Тәжірибелі".

— Бірінші рангілі фрегат. Елу екі зеңбірегі бар. Осыдан екі ай бұрын Брестте қаруланған.

Соны айтып, капитан кітапшасына "52" деп белгі соқты.

— Ал "Тәжірибелінің" қасындағы қандай кеме?

— "Дриада".

— Ол да бірінші разрядты фрегат. Он сегіз фунттық қырық зеңбірегі бар. Бұл фрегат Үндістанға да барған. Әскери кеме ретінде оның ертеден-ақ аты шыққан.

Капитан "52" санының қасына "40" санын жазып қойды. Сонан соң басын көтеріп, тағы да лоцманға қарады:

— Енді оң жақтағы кемелердің қандай екенін айтқан.

— Командир, оң қанаттағылардың бәрі — екінші разрядты фрегаттар. Барлығы — бесеу.

— Корабльге таяу тұрғаны қалай аталады?

— "Батыл".

— Он сегіз фунттық отыз екі зеңбірек. Ал екіншісі ше?

— "Ришмон".

— Қару-жарағы жаңағыдай. Ал оның соңындағысы ше?

— "Атеист".

— Мұндай атпен теңізге шығудың өзі күлкі емес пе? Онан арғысы ше?

— "Калипсо".

— Ең соңғысы ше?

— "Аулағыш".

— Әрқайсысында отыз екі зеңбіректен — барлығы бес фрегат.

Сөйтіп, капитан бұрынғы цифрлардың астына "160" санын жазып қойды.

— Қайткенмен, оларды жақсы таниды екенсің, лоцман, — деп сөз тастады ол.

— Оларды мен танысам, сіз жақсы білесіз, командир! — деп жауап берді Гакуаль. — Таныған жақсы-ақ, ал білген одан да артық қой.

Капитан қойын кітапшасына үңіліп, ішінен санап шықты:

— Жүз жиырма сегіз... елу екі... қырық... жүз алпыс... Осы кезде палуба үстінде ла-Вьевиль көрінді.

— Шевалье! — деп дауыстады оған капитан. — Бізге қарсы үш жүз сексен зеңбірек екен.

— Несі бар, сайысып көрелік, — деді ла-Вьевиль.

— Сіз жаңа ғана батареяны қарап шықтыңыз ғой, тоқетері, ұрысқа жарамды зеңбірегіміз қанша?

— Тоғыз.

— Несі бар, сайыссақ — сайысамыз да, — деді дю-Буа- бертло да.

Ол лоцманнан дүрбіні алып, көкжиектің шығыс жағын шола қарады.

Сегіз кеменің алыстан қараңдаған тұлғалары қимылсыз көрінгенмен, жақындаған сайын зорая берді.

Олар бірте-бірте корветке таяп келе жатты.

— Командир, мәлімдемені қабылдауыңызды өтінемін, — деді капитанға ізет бере ла-Вьевиль. — Мен әу бастан-ақ бүл "Клейморға" сенбеп едім. Бейтаныс кемеге өзіңді тосыннан-тосын мінгізе салғаннан жаман нәрсе жоқ. Опасыз ағылшын кемесі француздарға әбден қас. Мұны қарғыс атқыр каронада дәлелдеп берді ғой. Мен кемені тегіс қарап шықтым. Зәкірлері сенімді. Темірінің сапасы жақсы, қаяу жоқ. Зәкірдің шығыршықтары да берік. Арқаны да мықты, оңай тарқатылады, әрі қажетті межеден қысқа да емес — жүз жиырма сажын. Зеңбірекшілердің алтауы өлген. Снаряд көп. Зеңбірек басына жүз жетпіс бірден келеді.

— Иә, бар-жоғы тоғыз зеңбірек болғандықтан да, — деп күбір етті капитан.

Ол дүрбісін тағы да көкжиекке бағыштады. Эскадра ақырын жақындап келе жатты.

Каронаданың жай зеңбіректен артықшылығы сол, одан оқ атуға үш-ақ адам жетеді, мұның есесіне ол алысқа әрі дәлдеп ату жөнінде зеңбіректен қалыс. Демек, эскадраны каронада оғы жететіндей жерге жақындату керек.

Капитан баяу дауыспен бұйрық беріп жүр. Кеме үсті тыныштық. Жауынгерлік дабыл қағылмаса да, мұндайда істелуге тиіс нәрсенің бәрі істеліп жатыр. Корвет ұрысқа жарамсыз: ол адамдармен шайқасқа да, толқынмен арпалысқа да шыдар емес. Сонда да команда әскери кеменің осынау тамтығынан бар мүмкіндікті сарқа пайдаланды. Жаралыларды таңатын бөлме ретке келтірілді. Теңізшілердің сол кездегі салты бойынша, бортты желкенмен және буда-буда арқанмен орап тастады. Мұның өзі оқтан қорғайтын, бірақ ядро алдында дәрменсіз еді. Қазір тексеріп жатуға кеш болып қалса да, оқ сұрыптағыш әкелінді. Бірақ мұндай қиян-кескінің боларын күн ілгері кім біліпті. Әр матрос оқшантай, екі-екіден пистолет және бір-бірден қанжар алды. Кереуеттер жинастырылып, зеңбіректер нысанаға көзделді, оқ-дәрі бөлмесі мен снарядтар сақтаулы камера ашылды. Әркім орнына барып тұрды. Осының бәрі жан тәсілімде адамның бөлмесінде жүргендей-ақ жым-жырт, үн-түнсіз істелді. Жұрт тәуекелге бел байлай, шапшаң қимылдады.

Корвет зәкірге тұрды. Фрегаттағыдай оның да алты зәкірі болатын. Алтауы да суға тасталды.

Сау қалған тоғыз каронада жау эскадрасы жағындағы бортқа қатарластыра қойылды.

Өз тарапынан эскадра кемелері де қажетті маневрдің бәрін осылайша жым-жырт істеп жатты. Олар енді Ле-Менкьеге туралай, ойыса тізіліпті. Зәкірлері ұстап тұрған "Клеймор" құзға тықсырулы, яғни тура ажалға басын тіккен.

Сегіз кеме аш бөріні ортаға алған бір топ сырттандай: бәрі даусын шығармай, тісін ғана ақситып тұр.

Екі жақ та әлденені күткен тәрізді.

"Клеймордың" канонирлері зеңбіректерінің қасынан орын тапқан.

IX. Біреу-міреу құтылып барады

Жолаушы карт палубадан кете қоймады. Ол айналада болып жатқан нәрсенің бәріне сүлесоқ қарап тұра берді.

Оның қасына Буабертло келді.

— Генерал, әзірлік бітті, — деді ол — Біз енді көр аузында тұрмыз, бірақ алған бетімізден қайтпаймыз. Біз эскадра мен құз арасында тұзақтамыз. Жау қолына берілуден немесе құзға соғылып қираудан бөтен амал қалған жоқ. Бізде тағы бір жол бар. Ол — өлім. Қор болып толқынға көмілгенше, ұрыста қаза тапқан артық. Өз басым суға кеткеннен жау қолынан мерт болуды қалаймын. Ақыры бір өлім болса, оның судан емес, оттан болғаны абзал да. Бірақ өлу деген сіздің міндет емес, біздің міндет. Сіз — асылзада мұрагерлердің қалаулы адамысыз, сізге Вандея көтерілісін басқару сияқты ұлы міндет жүктелген. Сіз жазатайым болсаңыз, монархияның құрып кетуі ықтимал: сіз тірі қалуға тиіссіз. Біздің борыш — корветте қалу да, сіздің борыш — мұнан кету. Сөйтіп, генерал, кемені тастағаныңыз жөн. Мен сізге ескекшісімен қоса бір қайық беремін. Алғаш қарағанда қисынсыз көрінгенмен, жағаға орағытып баруға қайтсе де болады. Таң әлі ата қойған жоқ. Толқын болса биік, теңіз үсті қараңғы, сіз көзге түспей өтіп кете аласыз. Кейде қаша жүріп те жеңіске жетуге болады ғой.

Қарт салқын ғана, байсалдылықпен бас изеп, келісім білдірді.

— Солдаттар мен матростар! — деп айғайлады дю- Буабертло.

Кемедегі матростар жұмыстарын қоя салып, тұс-тұстан капитанға жалт қарасты. Буабертло сөзін әрі қарай сабақтады:

— Біз әкеле жатқан адам — корольдің өкілі. Ол бізге аманат етілді, біз оны сақтап қалуымыз керек. Ол француз тағына қажет. Асылзада шахзаданың жоқтығынан ол Вандея жасақшыларының көсемі болады деп үміттенеміз. Бұл — атақты жауынгер генерал Ол Францияның жағалауына бізбен бірге түсуге тиіс еді. Амал нешік, енді бізсіз-ақ баратын болды. Басты сақтау — бәрін сақтау деген емес пе?

— Дұрыс! Дұрыс! — деп бірауыздан шу ете қалды бүкіл экипаж.

Капитан сөзін соза түсті:

— Ол да елеулі қауіп-қатерге кездеспек. Жағаға жету оңай емес. Толқынға төтеп беру үшін үлкен қайық қажет. Бірақ кішкентай қайық қана крейсерлердің жанынан елеусіз өтіп кете алады. Жағаға барып түсу үшін жаумен кезігіп қалмайтындай таса жер таңдап алу керек. Қазір жақсы ескек есіп, жақсы жүзе алатын әрі жағамен таныс, оның кішігірім айлақтарын түгел білетін тәжірибелі матрос қажет. Әзірге қараңғылық онша сейіле қойған жоқ, сондықтан қайық корветтен елеусіз ұзай алады. Сонан соң ол оқ-дәрі түтінін жамылып, көзден біржола ғайып болмақ. Кішкентай қайық тайыз судан тез өтеді. Біз құтылмасақ та, кішкентай қайық құтылғандай жол бар. Ол ескек есіп, аулақтайды да, оны жау кемелері аңғармай қалады. Сол екі арада біз олардың назарын қақпайлауға тырысамыз. Қалай, айтып тұрғаным дұрыс па?

— Дұрыс! Дұрыс! — деп тағы да қостап әкетті бүкіл экипаж.

— Уақыт оздырмалық, — деді капитан іле-шала. — Жолаушымызды кім апарып салады?

Қараңғылық ішінен топтан бір адам жырылып шықты.

— Мен апарамын, — деді ол

X. Құтыла алар ма екен?

Әдетте кеме командирлері жүріп-тұру үшін пайдаланылатын гичка деп аталатын кішкентай қайық бірнеше минуттан соң корветтен қол үзіп, артта қалды. Оның үстінде екі адам отырды: рульде — жолаушы қарт, ескекте — ерікті матрос. Әлі қап-қараңғы болатын.

Капитанның нұсқауымен матрос қайықты Ле-Менкьеге қарай қатты есіп келеді. Басқа жолмен жүруге мүмкіндік жоқ-ты.

Қайыққа азды-көпті тамақ: бір қап кептірген нан, сиырдың бір бөлек сүр еті, бір күбі су тиеп үлгеріпті.

Қайық кемеден бөліне бергенде ажал аузында да қалжыңын тастамайтын ла-Вьевиль борттан еңкейіп, кетіп бара жатқандарға қоштаса сөз тастады:

— Мынау астаумен сып беру оңай екен, бірақ су түбіне кету одан да оңайырақ болмағай.

— Сударь, күлмей-ақ қойсаңыз етті, — деді лоцман. Кеме мен қайықтың арасы алшақтай берді. Жел мен бірбеткей толқын ескекшіге септесіп, құртақандай қайық біресе таң қараңғысында жалт-жұлт етіп, біресе жал-жал толқын арасында көміле сүңгіп, алға қарай зымырап бара жатты.

Теңіз үсті тып-тыныш, әлденені үрке күткендей.

Кенет мұхит үстін албастыдай басқан мылқау тыныштықты бұзып-жара адам даусы саңқылдай естілді. Рупор күшейткен бүл дауыс о дүниеден шыққандай әдеттен тыс эсер етті:

Сөйлеп тұрған капитан дю-Буабертло болатын:

— Ұлы мәртебелі корольдің теңізшілері! Грот-мачта үстіне ақ жалау көтеріңдер: біз арай таңды ақырғы рет қарсы алғалы тұрмыз.

Корветтен гүрс еткен зеңбірек даусы естілді.

— Жасасын король! — деп айқай салды команда.

Сол кезде алыстан, тұман ішінен, басқа бір коп дауысты көмескі айқай толқын шуына ұласа, бірақ сонда да айқын естілді:

— Жасасын республика!

Сөйткенше болмады, қатар атылған үш жүз зеңбіректің даусы теңіз түңғиығын жаңғыртып жіберді.

Шайқас басталды да кетті. Теңіз үстін түгелдей түтін жауып, зу-зу атылған оқ оның ара-арасынан найзағайша жарқ-жұрқ етті.

Суға топылдай құлаған зеңбірек ядроларынан толқын қақ жарылып, жан-жаққа көбік шашып жатыр.

"Клеймор" сегіз кемеге тайынбастан оқ жаудыруда. Оны айқабақтанып ортаға алған эскадра да барлық зеңбірегінен от түкірді. Аспанға жалын шапшиды: теңіз түбінен от құсқан жанартау пайда болғандай. Қызғылт-қошқыл түтіннің құлаш шудасын жел әрлі-берлі желпиді, оның ара-арасында кемелер біресе көзден ғайып болып, біресе қайта көрініп, бейнебір елестей кезіп жүр. Алдыңғы жақта, ұрыстың қайнаған қызыл шоғы ішінде корветтің қарауытқан сүлдесі көрінеді. Оның грот-мачтасының ұшар басынан алтын лилиялы ақ жалау айқын байқалып түр.

Қайықта отырған екі адамда үн жоқ.

Қайықты апаруға тілек білдірген матрос оны Ле-Менкье жартастарының тасасына қойды, бұл жерде эскадра оғынан қорықпауға болатын еді. Матрос біресе оң жақ, біресе сол жақтан қауіп төндірген су асты тастарынан шебер орағыта, тап-тар шығанақ ішінде желе жүзіп келеді. Енді биік құздар қайықты эскадрадан біржолата тасалады. Көкжиекте таң шапағы ағарып, өршеленген каронада гүрсілі бұлар алыстаған сайын бірте-бірте бәсеңдей бастады. Бірақ зеңбірек даусы тына қоймады: мұнан корвет әлі төтеп беріп жатыр деп және ол снарядтарын ақырына дейін атуға бел байлаған деп қорытынды жасауға болатын.

Қайық көп ұзамай ашық теңізге шықты. Енді ол қауіпсіз: құздан әрі, атыстан тыс, шайқастан аулақ еді.

Теңіз үсті жайлап ағара бастады; көкжиек пен бұлт арасындағы аспанда жарық белдеу ұлғайып, толқын жалы ағараңдай, мөлдір көбік жалт-жұлт етті. Таң атты.

Қайық дұшпан кемелерінен құтылды, бірақ ең қиыны әлі алда болатын. Ол бұдан былай картечь қаупінен құтылса да, оның су түбіне кету қаупіне ұшырады. Палубасыз, мачтасыз, желкенсіз, компассыз құйттай астау ескекке ғана сүйеніп, дүлей күшпен арпалысуға тиіс болды.

Кенет елсіз жапан дүниенің қақ ортасында қайық тұмсығында отырған адам таңертеңгі сәуле түскен боп-боз қуқыл жүзін бұрып, құйрық жақта отырған адамның көзіне тесіле қарап:

— Мен сіздің бұйрығыңыз бойынша атылған канонирдің інісімін, — деді.

Үшінші кітап

ГАЛЬМАЛО

I. Сөздің құдіреті

Қарт жайлап басын көтерді.

Әлгіні айтқан адам отыздар шамасында екен. Теңіз үстінде желқақты болып, беті қарайып кеткен. Көзқарасы біртүрлі: матростың өткір жанарынан шаруаның ақкөңіл аңғалдығы көрініп-ақ түр. Ескекті әлуетті қолымен мықтай ұстаған. Белбеуіне екі пистолет қыстырып, қанжар мен таспиық байлап алған. Бірақ кескін-келбеті ақ пейілділік танытқандай.

— Сіз кімсіз? — деп сұрады қарт.

— Оны сізге жаңа ғана айтқам.

Матрос ескегін қоя салды да, қолын омырауына айқастырып:

— Мен сізді өлтірмекпін, — деп жауап берді.

— Қалауыңыз білсін, — деді қарт.

Матрос даусын көтере сөйледі:

— Дайындалыңыз.

— Неменеге?

— Өлімге.

— Не үшін?

Үнсіздік орнай қалды. Матрос бұл сұраққа сасып қалғандай. Оған қайтадан тіл бітті:

— Сізді өлтіремін дедім ғой.

— Ал мен не үшін деп сұрап тұрмын.

Матростың көзі ұшқын атты:

— Ағамды өлтіргеніңіз үшін!

Қарт сабырмен қарсылық білдірді:

— Мен әуелі оны ажалдан құтқардым.

— Иә, ол рас. Сіз әуелі оны құтқардыңыз, бірақ кейін өлтірдіңіз.

— Оны өлтірген мен емес.

— Енді кім?

— Өзінің кінәсі.

Матрос қартқа абыржи қарады. Сонан соң қабағы қайтадан тас түйіліп, түнеріп кетті.

— Атыңыз кім? — деп сұрады қарт.

— Атым — Гальмало, бірақ сізге менің атымды біліп жатудың түкке керегі жоқ: мен кім екенімді айтпай-ақ өлтіре аламын.

Осы сәтте күн де көтерілді. Оның жалқын сәулесі матросқа түсіп, ызалы жүзін танытты. Қарт оған барлай қарады.

Каронада әлі естіліп түр, бірақ ол ақырғы күші сарқылғандай, ауық-ауық, үздік-создық естіледі. Көкжиекті қою қошқыл түтін жапқан. Ескекші еркіне жіберген қайық желмен ығып барады.

Матрос белбеуінен оң қолымен пистолетін суырып алып, сол қолына таспиық ұстады.

Қарт бойын жазып, орнынан түрегелді.

— Сен құдайға сенесің бе? — деп сұрады ол

— Сенемін. "Құдай тағала, көкте барың хақ", — деп жауап қатты да, матрос шоқынып алды.

— Шешең бар ма?

— Бар.

Матрос тағы да шоқынып:

— Бас-аяғы осы. Өлімге дайындалуыңызға бір минут уақыт беремін, монсеньор, — деп қоса айтты. Сөйтті де, пистолетінің шүріппесін қайырды.

— Сен мені неге монсеньор дейсің?

— Себебі сіз сеньорсыз: оныңыз көрініп-ақ тұр.

— Сенің сеньорың бар ма?

— Бар. Әрі сеньор болғанда қандай. Сеньорсыз тұруға бола ма екен?

— Ол қайда?

— Білмеймін. Ол біздің жақтан қашып кеткен. Оны жұрт маркиз де-Лантенак, виконт де-Фонтене дейтін. Бретаньда ол мұрагер шахзада, Жеті Орман деген қоныс соған тиісті. Мен оны ешқашан көрген емен, бірақ ол — бәрібір менің мырзам.

— Ал сен оны көрсең, айтқан тілін алар ма едің?

— Алғанда қандай! Мырзамның тілін алмасам, пұтқа табынушы болар едім. Біз құдай мен корольге бағынуға тиіспіз, өйткені король дегеніңіз жер бетіндегі құдай емес пе? Сонан соң біз сеньорға бағынуға тиіспіз, біз үшін ол да бір, король де бір. Бірақ біздің әңгіме бұл қақында емес қой. Сіз ағамды өлтірдіңіз, сондықтан мен сізді өлтіруге тиіспін.

— Ағаңды өлтіріп, мен дұрыс істедім, — деді қарт.

Матрос уысындағы пистолетін қыса түсті.

— Бәрібір мен сізді өлтіремін.

— Солай-ақ болсын, — деп жауап қатты қарт, сонан соң:

— Ал, әулие әкей қайда? — деп сұрады саспастан.

Матрос оған таңырқай қарады:

— Әулие әкей дейді?

— Иә, әулие әкей деймін. Өйткені мен сенің ағаңа жаназашы бердім ғой. Маған да жаназашы керек.

— Теңіз үстінде сізге оны қайдан табамын?

Зеңбіректердің қалшылдаған даусы барған сайын алыстап,талықсып барады.

— Анау жақта өлімге бас тіккендердің жаназашысы бар, — деді қарт.

— Иә, рас, — деп күбірледі матрос, — онда кеме жаназашысы бар.

— Сен менің жанымды қорлайсың, ал мұның өзі ауыр күнә, — деді қарт.

Матростың басы салбырап кетті: ол ойға батты.

Менің жанымды қорлай отырып, сен өз жаныңды да қорлайсың, — деді мұнан соң қарт. — Сөзіме құлақ ас, саған жаным ашып отыр. Білгеніңді істей бер. Мен сенің ағаңды құтқарып, сонан соң оның өмірін қиған кезде, өз борышымды ғана өтедім. Сенің жаныңды құтқармақ болып мен қазір де оз борышымды өтеп отырмын. Ойлан! Мұның саған тікелей қатысы бар. Сен анау атысты естимісің? Ондағылар қаза тауып, сұмдық азаппен өліп жатыр. Сонда кімнің кінәсінен дейсің ғой? Сенің ағаңның кінәсінен. Құрып бара жатқан анау кемеде біз баршамыз не тілеп едік? Білесің бе оны? Біз тәңір ісіне көмектеспек едік. Егер ағаң тәңір ісінің адал қызметшісі болса, егер ол оз борышын адал да саналы түрде орындаса, каронада кесірге ұшырамас еді, корвет зақымданбас еді, жолдан адаспас еді, мынау қарғыс атқан флотқа кезікпес еді — сөйтіп, осы сәтте біз жалғыз адамымыздан да айрылмастан Францияның жағалауына түсіп жатар едік. Тайынбас жүрекпен қолға қанжар ұстап, ақ туды желбірете біз Вандеяның адал шаруаларына Францияны құтқаруға, корольді құтқаруға, сөйтіп, әділ іске қызмет етулеріне көмектесер едік. Біз осы үшін келе жатқанбыз. Біз осылай істер едік. Міне, енді мен — жападан-жалғыз аман қалған адам осы үшін келе жатыр едім. Ал сен жолыма кесе-көлденең тұрмақсың. Сенің ағаң ібілістің бірінші жәрдемшісі болған еді, сен екінші жәрдемшісі болмақсың. Ол бастап, сен аяқтамақсың. Сен патша өлтірушілермен бірге таққа қарсысың, құдайсыздармен бірге шіркеуге қарсысың. Сен құдай-тағаланы жеңіске жетуге ақырғы мүмкіндіктен айырмақсың. Несі бар, қыларыңды қылып қал Мен саған үміттенген едім, қателесіппін... Ә, рас, ағаңды өлтіргенім рас. Ағаң ержүрек еді. Бүл үшін мен оны наградтадым. Ол қылмысты салақтыққа кінәлі болып шықты. Бүл үшін мен оны жазаладым. Ол борышынан тайды, мен борышымды өтедім. Мұндай жағдай қайталанса, тағы да осылай істер едім. Бізге көктен қарап тұрған әулие Анна Орейскаяның атымен ант етемін: сенің ағаңның орнында менің өз ұлым болса, мен оны да атып тастауға бұйырар едім. Енді ерік қолыңда. Сонда да саған жаным ашып отыр. Сен командиріңді алдадың. Сен християнин болсаң да, дінсізсің. Бретаньдық болсаң да, намыссызсың. Адалдығыңа сеніп мені саған тапсырған еді, сен болсаң опасыздықтан бастағалы отырсың. Сен мені өлтіріп, менің өмірімді сақтауға уәде берген адамдарыңа сатқындық істейсің. Ал енді істеп бақ қылмысыңды! Кідірме, көмектес ібіліске!.. Істе ойлағаныңды. Мен кәрімін — сен жасың; мен қарусызбын — сен қарулысың. Өлтір мені!

Қарт түрегелген күйі сөйлеп түр. Даусы теңіз шуын баса, өктем естіледі. Кішкентай қайық толқын үстінде ойнақшып, қарттың жүзі біресе көлеңкеге еніп, біресе жарықта и ағараңдай көрінеді. Матрос тірі өліктей сұп-сұр. Маңдайынан шып-шып тер шығып кеткен. Жел соққан жапырақтай қалтырап, ернін әлсін-әлі таспиығына тигізіп қояды. Қарт сөзін доғарысымен, ол тапаншасын лақтырып тастап, жүрелей жығылды.

— Кешіріңіз, монсеньор!* — деп жалына үн қатты ол. — Сіздің аузыңызға құдайдың өзі сөз салып тұр ғой. Кінә менде. Ағам да кінәлі-тұғын. Оның кінәсін өтеу үшін қолымнан келгеннің бәрін істейін. Мен сіздің өміріңіздемін. Бұйыра беріңіз! Айтқаныңызды екі етпеспін.

— Кешірдім, — деді қарт.

II. Шаруаның ақыл-ойы қолбасшының біліміне пара-пар

Қайықтағы азық-түлік кәдеге асты. Төтелей емес, орағыта жүруге мәжбүр болған екі қашқынның жағаға жетуіне отыз алты сағат ат қажет болды. Олар ұзақ түнді ашық теңізде өткізді. Түн тымық әрі жылы болды; тек жұрт көзінен жасырынуға мәжбүр жандарға ай ғана тым жарық көрінді.

Олар оқ астында қалған корветтің аңшылардың қуғынына түсіп, зорыққан жолбарыстың ыңыранған даусындай хош айтыса, ақырғы рет сатыр-сұтыр еткен атыс үнін естіді. Сонан соң теңіз үстін тыныштық басты.

"Клеймор" кемесі опат болды, бірақ ол даңққа бөлене алмады: отанға қарсы шайқаса жүріп батыр болу мүмкін емес.

Гальмало асқан шебер теңізші екен. Ол толқын үстінде,. су асты жартастарының ара-арасымен, аңдыған дұшпанның көзіне шалынбай жүзіп, ғажап өнер корсетті. Енді жел саябырлап, толқын бәсеңдеді де, теңіздегі қауіп-қатер артып қалды.

Келесі күні кешқұрым, күннің батуына бірер сага; қалғанда қайық Сен-Мишель тауын артқа салып, елсіз құмдауыт жағаға, кеме де, адам да жоламайтын жерге барып тоқтады. Мұнда тоқтау қауіпсіз емес-ті, өйткені құмға қайраңдап қалуға әбден болатын.

Бұлардың бақытына қарай су тасып келе жатқан кез еді

Гальмало қайықты жағаға жақындата есті, сонсоң аяғымен құмды байқап, тығыз екенін көрді де, жерге секіріп түсті.

Қарт та ілесе түсіп, көкжиекті барлап қарай бастады.

Сонан кейін ол қайыққа еңкейіп, қапшықтан бір үзім нан алып, қалтасына салып жатып:

— Қалғанын сен ал, — деді Гальмалоға.

Гальмало ішінде кепкен нан бар қапшыққа қалған сиыр етін салып, қапшықты иығына ытқытты.

— Не бұйырасыз, монсеньор, сізге жол көрсетейін бе, әлде соңыңыздан ерейін бе? — деп сұрады ол

— Бірін де істемей-ақ қой, — деп жауап қайырды қарт. Гальмало оған таңырқай қарады. Қарт сөзін сабақтай түсті:

— Екеуміз екі жаққа кетеміз. Сен маған бәрібір қорған бола алмайсың. Мың кісі болсақ, бір сәрі. Ал мұндайда жалғыз жүрген артық.

Ол үндемей қалды, сонсоң қалтасынан кокардадан айнымайтын, ортасына алтын лилия өрнектелген жасыл жібек бант алып:

— Білесің бе? — деп сұрады.

— Жоқ.

— Мұның жақсы екен: сауатты адамнан көбінесе қымсынып. Ал бір айтқанды ұмытпайсың ба?

— Ұмытпаймын.

— Тамаша болды... Енді тыңдап ал, Гальмало. Қазір сен оңға, мен солға кетемін. Сен Фужерге, мен Базужға беттеймін. Қаншықты тастаушы болма. Онымен жүрсең, шаруаға ұқсайсың. Қаруыңды тығып таста. Бір шетеннен өзіңе таяқ ал. Ыңғайына қарай еңбектеп өт: қазір қара бидай өсіп қалыпты. Жол мен көпірге маңайлама. Жағалай өскен қалауды сағалай жүр, өткен-кеткен адамдарға жақындама. Шарбақтардан секіріп өтіп, даламен тіке тарт.

— Ал сіз ше, монсеньор? Көп ұзамай түн болады. Қайда түнемексіз?

— Маған алаң болмай-ақ қой. Өзің қайда түнейсің?

— Орманда қуыс ағаш қашан да табылады.

— Басыңдағы теңізші қалпағын таста, кім екеніңді білдіріп қояр. Бір жерден шаруаның қалпағын тауып аларсың.

— Тәйірі, оны қайдан да табармын-ау! Алғаш жолыққан балықшы-ақ қалпағын сатары кәміл.

— Тамаша болды. Енді әрі қарай тыңда. Сен мұндағы орман-тоғайды жақсы білесің бе?

— Жатқа білемін.

— Аттарын да білесің бе?

— Мен мұндағы орман-тоғайды да, деревняларды да, олардың аттарын да түгел білемін.

— Ештеңені ұмытпайсың ба?

— Ұмытпаймын.

— Жақсы. Ендеше, мұқият тыңдап ал Сен бір күнде қанша льеге жүре аласың?

— Он, он бес, он сегіз лье жүре аламын. Қажет болса жиырма льеге барамын.

— Иә, қажет болатын түрі бар. Қазір саған айтар әңгімемді тіс жарып, сыртқа жаюшы болма. Сен Сент-Обен орманына барасың.

— Ламбаль түбіндегі ме?

— Иә, онда бір ордың шетінен үлкен ағашты көресің. Сол каштанның түбіне барып түр. Әуелі сен ештеңені байқамайсың.

— Бірақ бұл ол жерде жан иесі жоқ деген сөз емес қой, шамасы. Түсінікті.

— Сен белгі бер. Қандай белгі екенін білесің бе?

Гальмало ұртын томпайтып, теңізге қарай бұрылды да, байғызша қиқ-қиқ етті. Кәдімгі байғыздың даусына өте ұқсас шықты. Мұны түн қараңғылығында қиқылдап тұрған байғыз деп кім де болса ойлар еді; бұл қиқылда үрей алардай бірдеңе бар-ды.

— Жақсы, — деді қарт. Ол Гальмалога өзінің жасыл жібек бантын ұсынды: — Мынау менің кокардам. Мә, ал Әзірге менің аты-жөнімді ешкімнің білмегені дұрыс. Бірақ мынау кокарданың өзі де жеткілікті болмақ. Ондағы лилияны мәртебелі королева Тампль абақтысында отырған кезінде өрнектеген.

Гальмало бір тізерлей отыра қалды. Ол қарттың қолынан қасиетті кокарданы дірілдей алып, ерніне тақады да, кенет өзінің батылдығынан шошып кеткендей, басын жалт көтеріп:

— Сүюге рұқсат па? — деп жүрексіне сұрады.

— Иә, кресті де сүйесің ғой.

Гальмало ернін алтын лилияға тигізді.

— Тұр, — деді қарт.

Гальмало орнынан тұрып, кокарданы қойнына тықты. Қарт сөзін әрі жалғастырды:

— Жақсылап тыңдап ал Біздің пароль: "Қару алыңдар! Ешкімді аяушы болмаңдар!" Сөйтіп, Сент-Обен орманында ордың жанынан белгі бересің. Үш рет белгі бер. Үшінші белгің бойынша жер астынан біреу шығады.

— Яғни ағаш түбіндегі жер астында жатқан жолдан дейсіз ғой Түсініп тұрмын.

— Бұл адам — Планшено немесе, жұрттың айтуынша, Король Жүрегі. Сен оған кокарданы көрсетесің. Ол бірден түсінеді. Сонан соң сен қалаған жолыңмен Астилье орманына өтесің. Онда Мускетон деген маймақты көресің. Ол — өжет кісі. Оған мен оның досы екенімді айт және өз қарауындағы діни қауымды тегістей қаруға шақырсын де. Мұнан кейін Куэсбон орманына барасың. Онда тағы да белгі бересің, саған жер астындағы жолдан тағы да біреу шығады. Ол Тюо деген кісі болмақ. Оған эмигрант, маркиз де-Герге тиісті Куэсбон қамалын күшейтсін де. Ол жер қолайлы-ақ: ойлы-қырлы, айнала қалың жыныс, сай-сала. Тюо — адал әрі ақылды адам. Куэсбоннан соң Сент-Уанле-Туаға өтесің, онда Жан Шуаммен* сөйлесесің. Мен оны нағыз көсем санаймын. Бәрін ас жадыңа түйіп ал. Мен естігенімді жазып жатпаймын, өйткені бұл қауіпті... сонан соң сен Ружфе орманына барасың. Онда ұзын сырықпен аяғы-аяғына жұқпай ор-ордан секіріп жүретін Мьелетт деген адам тұрады. Сен сол құсап секіре аласың ба?

— Секіргенде қандай! Өйтпесе Бретань шаруасы болып нем бар. Мұндай сырық — сыралғы досымыз: ол қолымызды шынықтырып, қадамымызды ұзартады. Бірде мен осындай сырықпен үш бірдей приставтан қашып құтылғанмын. Ал олардың қолында қылышы бар-ды.

— Бұл қашан болып еді?

— Осыдан он жыл бұрын.

— Король тұсында ма?

— Әлбетте.

— Демек, сен корольдің көзі тірісінде-ақ шайқасқан екенсің ғой?

— Енді қалай деп едіңіз?

— Кіммен шайқастың?

— Оны өзім де білмеймін. Мен жасырын түз тасығанмын.

— Солай де!

— Біздегілер мұны түз салығына қарсы күрес дейтін. Бірақ салықтың жөні бір басқа да, корольдің жөні бір басқа емес не?

— Бұл сенің ақылың жетер іс емес.

— Орынсыз сұрақ қойып, мазалағаным үшін кешірерсіз, монсеньор.

— Іске көшелік. Ла-Тург қамалын білесің бе?

— Ла-Тургті білмей маған не болыпты? Ол менің мырзаларымның ата-бабасынан қалған қамалы емес пе? Ескі қамал мен жаңа қамалдың арасында темір есік бар; оның қалыңдығы сондай, тіпті зеңбірекпен атсаң да тесе алмассың. Ал жаңа қамалда әулие Варфоломей туралы әйгілі кітап сақтаулы. Көптеген адамдар соны көруге әдейі келеді. Ол жерде шөп арасында бақа деген құжынап жүр. Бала кезімде ылғи солармен әуре болатынмын. Онда жер астымен жүретін жол да бар. Мен оны білемін. Жалғанда оны менен басқа, сірә, кім біле қояр екен.

— Жер астындағы жол дейсің бе? Ол қайдағы жол? Не айтып тұрсың өзің? Түсінсем бұйырмасын.

— Ол Ла-Тург жиі-жиі қоршауда қалып келген кезден, бағзы заманнан сақталған. Қоршаудағылар әрдайым осы жолмен құтылып кетеді екен, өйткені ол орманға алып шығады.

— Кейбір қамалдарда мұндай жер асты жолдарының бар миі рас, бірақ Ла-Тургте мұндай жол атымен жоқ.

— Жоқ емес, бар, монсеньор. Бірақ оны менен басқа ешкім білмейді. Ол жайында айтуға бізге тыйым салынған болатын. Оны әкем білетін, маған да көрсетті. Оған қалай кіріп-шығуды білемін. Мен орманнан мұнараға, мұнарадан орманға шыға аламын, әрі сонда мені тірі жан көрмек емес. Дұшпан қамалға басып кіргенмен, онда ешкімді таба алмай қалуы мүмкін. Ла-Тург дегенің осындай. Оны бес саусағымдай білемін!

Қарт біраз үнсіз қалды.

— Тегі, қателесіп тұрған шығарсың. Онда мұндай жол болса, мен білер едім ғой.

Монсеньор, оның бар екеніне бас тіге аламын. Әуелі қабырғадағы тасты орнынан қозғау керек...

— Соқ, соқ, соға бер! Сендер, шаруалар, не айтса, соған сенесіңдер! Сендердің айтқандарыңа бақсақ, тас екеш тас та шыр көбелек айналатын, он салатын, тіпті түн ішінде су ішуге көрші бұлаққа баратын сияқты. Мұның бәрі ертегі емей не дейсің?

— Апырмау, ол тасты өз қолыммен қозғап едім ғой!..

— Ал басқалар тастың қалай ән салғанын да естіпті. Жоқ, тамыр. Ла-Тург — тәп-тәуір, берік қамал, онда оңай қорғануға болады, бірақ ақырғы сәтте қашып шығамын деп сен айтқан жер асты жолына дәмеленген адам ақымақтың өзі болар еді.

— Бірақ, монсеньор-ау... Қарт иығын қопаң еткізді:

— Уақыт ұттырмалық. Алдымен істі тындыралық.

Бұл тұжырымды сөз Гальмалоны сөйлетпей тастады.

Қарт әңгімесін қайта жалғады:

— Әрмен қарай тыңда. Ружфеден шығып, сен Моншеврие орманына өтесің. Онда Он екі деген жасақ бастығы Бенедесите билеп-төстеп жүр. Ол да ержүрек жауынгер. Соның бұйрығы бойынша адамдар атылып жатқанда, оның міз бақпай дұға оқып отырғаны. Соғыс сезімді күйттеуді көтермейді. Моншевриеден тұп-тура... Ол сөзін кілт үзді. -Мәссаған, ақша жайы есімнен тарс шығып кетіпті ғой! Ол қалтасынан күмәжнігі мен әмиянын алып, екеуін де Гальмолаға берді. — Мә, ал. Күмәжнікте ассигнация түрінде отыз мың франк, яғни үш ливр* он судай* ақша бар. Рас, ол жалған ақша, бірақ шын ақшаның құны да мұнан асып бара жатқаны шамалы. Ал әмиянда жүз луидор* бар, есіңде болғай, жүз луидор. Сонсоң, басқаны былай қойғанда, менің жанымнан ақша таба алмағандары мақұл Әрмен қарай тыңда. Шато-Гонтьеде шахзада де-Тальмонмен сөйлесесің.

— Шахзаданың менімен сөйлесуге құлқы бола қойса?

— Мен де сөйлесіп тұрған жоқпын ба сенімен?

Гальмало басынан бөркін шешті.

— Ұлы мәртебелінің лилиясы саған жер-жерде ықылас-ілтипат тудырмақ. Саған шаруалар мен таулықтар ғана тұратын жерлермен жүруге тура келерін ұмытпағайсың. Киіміңді өзгертуің керек. Бұл оңай. Республикашылардың ақымақтығы сонша, көк қамзол мен үш түсті кокардасы бар үш бұрышты қалпақ киіп, кез келген жерден өтіп кетуге болады. Қазір полктер де, әскери форма да жоқ. Керек десең, жекелеген әскер бөлімдерінің өз нөмірі де жоқ, кім нені қаласа, соны киеді... Перне лагеріне өт. Онда беті қап-қара адамдарды , ұшыратасың. Олар бетіне әдейі күйе жағады, ал мылтықтарының даусы қаттырақ шығуы үшін екі еселеп оқтайды, әрі сонысына қоса ішіне ірі құм салады. Бұл жақсы, керегінің өзі де осы. Бірақ, ең бастысы, оларға менің аманатымды жеткіз: өлтіре берсін, өлтіре берсін, өлтіре берсін. Саған тағы да Шарни орманындағы қыратта орналасқан Қара сиыр лагеріне, сонан соң Сұлылы лагері мен Жасыл және Құмырсқа лагерьлеріне соғу керек. Сол жерлерде түгел болып, менің " Қару алыңдар! Ешкімді аяушы болмаңдар!" деген паролімді бәріне айтқан соң, сен басты армияға — католиктік король армиясына — сол жүрген жерінде қосыласың. Сен әзірге көзі тірі әскербасылардың бәріне жолығасың. Оларға менің кокардамды көрсет: мұның не екенін олар біледі. Оларға менің атымнан: бірден екі соғыс — үлкен және кіші соғыс жүргізетін уақыт жетті де. Үлкені айғай-шуды көбейтсе, кішісі дұшпанның берекетін алмақ. Вандея соғысы — қайырымсыз соғыс, бірақ Шуан соғысы онан да асқан. Соғыстың пайдасы тигізер . залалының мөлшерімен бағаланады. Ол аз-кем үндемей қалып, тағы да мынаны қоса айтты:

— Гальмало, мұның бәрін айтып тұрған себебім — саған сенемін. Сен сөзді түсінбесең де, жай-жапсарды түсінесің. Қайықты жүргізгеніңе қарап отырып, саған деген сенімім арта түскен. Теңіздің алдыңнан тосқан бөгет-кедергісінен шебер құтылғаныңды көріп, менің бұл тапсырмаларымды орындай алатыныңа көзім жеткен... Иә, сөйтіп, көсемдерге тілің жеткенше төмендегіні айта бар. Мен орман соғысын дала соғысынан артық көремін. Мен жүз мың шаруаны көктердің мылтығы мен зеңбірегіне тіпті де жем еткім келмейді. Осы айдың аяқ шеніне қарай менің қол астымда орман-тоғайда жасырынулы елу мың баскесер болуы керек. Аулайтын құсым — республикашыл армия. Біз браконьерлерше соғысамыз. Мен — орман жынысының стратегімін. Стратег*... Бұл сөзді сен түсінбейтін шығарсың, бірақ бәрібір "Ешкімге аяушылық болмасын!" және "Жер-жерде тосқауыл құрылсын!" деген сөздің не екенін түсінесің ғой, әйтеуір. Ең бастысы — кіші соғыс, үлкені — сонан соң, екінші қатарда. Республика екі оттың ортасында қалмақ. Бізге Еуропа қолұшын бермек. Революцияның көк желкесін қию керек. Оған қарсы монархтар, мейлі, мемлекеттер соғысын жүргізе берсін, ал біз діни қауымдар соғысын бастамаймыз. Оларға осының бәрін айт. Түсіндің бе?

— Түсіндім. Бәрін де отпен өртеп, қылышпен жайпау керек.

— Тап солай.

— Аяушылық болмасын...

— Ешкімге де.

— Мен жер-жердің берін аралап шығамын.

— Бірақ абай бол: бүл елде басыңа қай жақтан өлім төніп тұрғанын біліп болмайды.

— Ал менен монсеньордың аты-жөнін сұрай қалса ше?

— Оның аты-жөні әзірге беймәлім қалуға тиіс. Сен оны білмеймін де, тіпті шыны да сол ғой.

— Сізді қай жерде кездестіре аламын енді, монсеньор?

— Жүрген жерімде.

— Қай жерде жүргеніңізді қайдан білмекпін?

— Мұны жұрттың бәрі білмек. Бір апта өтпей-ақ мен жайлы жұрт шу етпек. Мен өзімді өлі таныта жатармын... Мен король үшін, дін үшін кек аламын, сонда мен жайлы әңгіме болып жатқанын оп-оңай аңғарасың.

— Түсінікті.

— Сақ бол, ештеңені ұмытпа.

— Мазасызданбаңыз.

— Енді бара бер. Құдайың жар болсын!

— Бұйрығыңыздың бәрін орындаймын. Ал кеттім. Аманатыңызды айта барамын. Айтқандарын тыңдаймын. Керегінде өзім де бұйырмақпын.

— Мақұл.

— Егер бәрін ойдағыдай орындай алсам...

— Сені әулие Людовик орденімен наградтаймын.

— Ағам секілді ме? Сәтсіздікке ұшырасам, мені атып тастауға әмір етіңіз...

— Ағаң секілді.

— Құп болады, монсеньор.

Қарт басын төмен түсіріп, ауыр ойға шомғандай болды. Ол басын қайта көтергенде жалғыз қалған еді. Гальмало көз ұшында құлдырап, көкжиектен асып барады.

Күн енді ғана ұясына батты. Шағалалар мен балық аулайтын құстар жағадағы ұясына қайтып жатыр.

Табиғат әрдайым түн қараңғысы түсердегі әлдеқандай секем сезімге бөленген. Бақалар бақылдап, ұзақтар мен шағалалар орынға жайғасар алдында абыр-сабыр бола қалған, жағадағы құстар бір-біріне үн қата қиқуласады. Бірақ бұл маңда адам барын аңғартарлықтай бөтен дыбыс естілмейді. Төңіректе жер жыртып жүрген бірде-бір диқан көрінбейді. Айнала жым-жырт, құлазып қалғандай. Дырау түйе тікен жел өтінде тербеліп тұр. Шапағы семіп үлгермеген аспан жағаға қызғылт сәуле төгеді. Ымырт жамылған жазық далада тағандар алыстан жерге шашылып жатқан қола жапырақ сияқты. Теңіз жақтан жел есіп тұр.

Төртінші кітап

ТЕЛЬМАРШ

І. Шағыл басы

Қарт Гальмало көзден ғайып болғанша күтіп тұрды, сонан соң плащын оранып, жүріп кетті. Ойланып, ақырын басып бара жатты.

Оның желке тұсында үшкір күмбезді шыңы, дөңгелек және шаршы келген екі үлкен мұнарасы бар сауыт киген қамалға ұқсас Сен-Мишель тауы үлкен үш бұрыштанып қарауытып көрінеді. Сол мұнаралар оған екі бірдей ауырлықты: шіркеу мен деревняны көтерісіп тұрғандай.

Сен-Мишель бухтасының жағалауындағы сусыма шағыл құмайт дөңдердің бедерін үнемі өзгертіп, аңдаусыз жылжи көшіп жатады. Ол кезде бұл жерде зәулім бір дөң болатын, қазір ол жағамен бірдей болып, тегістеліп кетіпті. Бұл дөң өзінің ежелдігімен әйгілі еді. Оның төбесінен төңірек көз талдырым жерге дейін көрінетін.

Қарт осы шағылға беттеп, үстіне өрмелей бастады. Төбесіне шыққан соң ол милялық қашықтықты білдіретін діңгектің сандықша төрт тасының біріне сүйене отырып, етекте жатқан географиялық жанды картаны көзімен шола бастады. Өзіне жақсы таныс жерден керек жолын іздеп отырғандай. Ымырт үйірілгені сонша, осынау жалпақ суреттегі бірден-бір айқын белдеу болып бозғылт аспанның өкпе тұсында көкжиек қана қарауытады.

Бұл жерден он бір қыстақ пен деревняның төбесін ажыратуға болатын. Екі қапталда бірнеше лье жерден жағалауда тұрған шіркеулердің қоңырау алаңдары көзге түседі; ол жерлерде теңізде жүрген кемелерге белгі болуы үшін оларды әдейі биік етіп салатын.

Біраздан соң қарт іңір қараңғылығында іздеген нәрсесін тапқандай болды. Оның назары айналасы қоршаулы орман арасындағы алаңда еміс-еміс көрініп тұрған, хуторға не фермаға ұқсас бір топ үй мен терекке ауды. Кенет ол фермадағы үлкен құрылыстың төбесінде әлденендей ерсі заттың бұлаңдап тұрғанын байқады. Қараңғылықта оның түр-түсін ажырату мүмкін емес еді. Қарт бұл не болды екен деп өз-өзінен сұрағандай, әлгі затқа сұқтана ұзақ қарады. Бұл флюгер емес, ол айналар еді, ал мынау болса, бұлаңдап тұр. Жалау дейін десе, бұл жерге ол қайдан келмек?

Ол әбден қалжыраған-ды, енді шаршаған адам тыныққанда әрдайым бойын билеп әкетер шуақ сезімге бөленіп, тастың үстінде жаны жай тауып отыр.

Тәулік ішінде ешбір ың-шыңсыз сәт — тып-тыныш, маужыраған кешкі мезгіл болады ғой. Қазір де сондай мезгіл еді. Қарт рақат тауып, айналаға көз тастап, әлденеге құлақ түре отырды. Неменеге дейсіз бе? Тыныштыққа. Қатал жандардың да жабырқайтын сәттері болады емес пе? Кенет өтіп бара жатқан адамдардың даусы естіліп, ол түн тыныштығын бұзудың орнына, оны біртүрлі аңғарта түскендей болды. Бұл әйелдер мен бала-шағаның даусы еді. Түн қараңғылығын көңілді у-шудың тосыннан бұзып-жаратын кездері де болады. Дабырлаған адамдар бұта тасасынан көрінбесе де, олардың құм төбені жағалап, жазық жермен орманға қарай, ойға шомған қарттың жанынан өтіп бара жатқан аяқ дыбысы естіліп тұрды. Олардың ашық-жарқын дауыстарының жақыннан естілгені сонша, оның құлағына әр сөз анық естілгендей еді.

— Флешар жеңгей, қаттырақ жүрелік. Қайда бұрыламыз! Мұнда ма? — деген әйел даусы шықты.

— Жоқ, анау жаққа, — деп жауап қатты екінші дауыс. Сөйтіп, бірі күшті әрі ашық, екіншісі ұяңдау екі әйел даусы әңгімені соза түсті:

— Қазір біз келе жатқан ферма сіздерше қалай аталады?

— Эрб-ан-Пайль.

— Оған дейін әлі қашық па?

— Ширек сағат, бәлкім, онан да көп жүреміз.

— Тезірек басалық. Кешкі тамақ та болып қалды ғой.

— Иә, онсыз да кешіккен тәріздіміз.

— Жүгіре бассақ, жетер едік, әттең, балақайларың шаршап қалыпты. Екі қатын үш торайды қалай көтерсін. Сен онсыз да біреуін көтеріп келесің. Өзі кемінде пұт шығар. Қолыңа алып не керек соншама? Дардай қыз, екіге келіп қалған. Емшектен айырдың. Несіне еркелете бересің? Кәне, өзі жүгіріп көрсін... Қап, көжеміз суып қалатын болды-ау!

— Ал сіздің маған сыйлаған башмағыңыз оңды екен! Аяғыма құйып қойғандай шап-шақ.

— Жалаң аяқ жүргеннен жақсы ғой, әйтеуір.

— Қалма, Рене-Жан. Жүр тезірек.

Дауыстар бірте-бірте алыстап, ақыры толас тапты.

II. Құлағы болса да естімейді

Қарт орнынан қыбыр етпеді. Ештеңені ойламады да, армандамады да. Айнала құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Дүние қамсыз, қалғып-мүлгіп тұрғандай. Дөң үсті өлі жарық, бірақ жазықты қараңғылық басып, орман іші түн құшағына енген. Шығыстан ай туып келе жатыр. Бозғылт аспанға сирек жұлдыздар шашыла бастады. Әбден әбігерге түскен бұл адам жүрегіне ақырын үміт ұшқыны ұялай бастағанын сезді. Сондағы "үмітінің" түрі -азамат соғысын аңсағаны. Енді оған осыншама қайырымсыздық көрсеткен дүлей теңізден құтылып, жерге табан тіреген соң қауіп-қатер басына қайтып төнбестей көрінді. Оның аты-жөнін ешкім білмейді; ол жаудан із-түзсіз құтылып кетті, өйткені теңіз айдынында із қалмайды; баршаға бейтаныс, ешкімге күдік тудырмайтын ол енді жападан-жалғыз отыр. Сондықтан да көңілі жай тауып, жаны рақатқа батты. Енді болмағанда көзі ілініп, қалғып кетуге әзір еді.

Осынау мүлгіген кешкі мезгілде көк пен жер-жаһанды баурап алған көгілдір тыныштық оған, осыншама іштей және сырттай сұрапылды бастан кешкен адамға, құмар басар ғанибеттей көрінбеуі мүмкін емес-тұғын.

Теңіз жақтан есіп тұрған жел уілінен басқа дыбыс естілмейді. Бірақ жел уілі бірсарынды, тынымсыз, сондықтан оған бойдың үйреніп кететіні сонша, ол тіпті дыбыс болудан қалатын секілді.

Қарт әудемде орнынан тұрып, алысқа көз тіге бастады.

Оны осыншама алаңдатып, тынышын алған не болды екен сонда?

Жазық шетінде көрініп тұрған Кормере қоңырау алаңында әлденендей тосын жайт болғанға ұқсайды.

Оның қарайған сұлбасы алдыңғы жақта сұрқай аспан әлемінен айқын аңғарылып тұр; төбесі қиық бүкіл мұнара, ал төбе мен мұнара аралығында қоңырау тұратын бөлме — бретаньдықтардың әдетінше салынған шаршы, жан-жағы ашық ұя көрінеді.

Ұя ашылып-жабылып тұр: оның биік терезесі әлсін-әлі жарқырап, әлсін-әлі қараяды; біресе терезе қуысынан аспан әлемі көрініп, біресе оны әлденендей көлеңке басады. Осынау алма-кезектескен көлеңке мен сәуле жарығына қоса ауық-ауық төске соғылған балға даусы естіледі.

Қарт оңға, көкжиектен көрініп тұрған Багер-Пикан қоңырау ұясына қарады. Онда да терезелер Кормередегі тәрізді ашылып-жабылып тұр екен.

Қарт сол жаққа, Танис қоңырау ұясына қарады. Онда да сол көрініс қайталанды.

Ол енді төңіректегі барлық шіркеулердің қоңырау ұясына шұқшия қарай бастады.

Бәрінде де қоңырау ұяларына терезе қуысы біресе қарайып, біресе жарығайып көрінеді.

Мұның мәнісі не болды екен?

Бұл жер-жерде қоңырау соғылып жатыр деген сөз еді. Әрі ол екілене соғылып жатты, әйтпесе жарық пен қараңғылық осыншама тез алмаспаған болар еді.

Бірақ бұл неғылған жарапазан?

Тегі, дабыл қағылып жатса керек. Барлық шіркеу қоңырауханаларында, барлық діни қауымдарда, барлық деревняларда жанталаса дабыл қағылып жатты.

Бірақ дауыс естілер емес. Себебі — екі аралық қашық әрі жел теңіз жақтан соғып, дауысты түгелдей қарсы жаққа ықтыра әкетіп жатыр.

Қоңыраулар жан-жақтан, бәрі бір мезгілде өршелене соғылып, кешкі мылқау тыныштықтың шырқын бұзғандай. Мұнан өткен сұмдықты көзге елестету қиын. Қарт көз тіге қарап, бір орында тұра берді. Ол дабылды естімесе де, көріп тұр еді.

Дабылды көру —- тым әнтек сезім.

Қоңырау кімге кәрін тікті екен?

Қоңырау кімге айтақтап, дабыл қағып жатты екен?

III. Іpi қаріптің пайдасы

Кім де болса біреуді қаумалап ұстатуға әзірлік жасалып жатқаны сөзсіз... Тек кімді екен?

Темірдей берік адам селк етті.

Жоқ, оны іздеп жатулары мүмкін емес. Оның бүл жерде екенін қайдан білмек? Жағаға түскені жаңа ғана емес пе? Опат болған кемеден, сірә, тірі жан қалмаған шығар. Әрі кемеде Буабертло мен ла-Вьевильден басқа оның аты-жөнін ешкім білмейтін.

Ал қоңырау болса, жын ойнағын тоқтатар емес. Ол қоңырауларға қарап, бәрін дегбірсіздене санай бастады.

Жайбарақаттықтан әп-сәтте беймәлім үрей билеген ақыл-есі сан-саққа жүгіріп, аласұрды. Бірақ осы қорқа қоятындай несі бар? Дабыл қағуға себеп аз болып па? Сөйтіп, ол: "Түк те емес. Менің мұнда екенімді ешкім білмейді. Керек десең менің кім екенімді де білмейді" деп өзін-өзі алдарқата бастады.

Ол бірнеше минуттан бері шағыл басында бір сыбдыр естіп отырған. Күшті жел соққан ағаш жапырағы осылай сыбдырлайтын. Әуелі ол бұған көңіл бөле қоймады, әйтсе де сыбдыр тоқтамай, үсті-үстіне қайталай берді де, ол ақыры бұрылып, артына қарады. Бұл шынында да жапырақ, бір жапырақ қағаз болып шықты: жел оның үстіңгі жағында милялық діңгекке жапсырылған жарнаманы желпілдетіп тұр екен. Жуырда ғана желімделсе керек, дымқылы кеппепті әрі нашар желімделгенге ұқсайды, әйтпесе жел оны жырта алмас еді.

Қарт дөңге қарама-қарсы жақтан шыққандықтан бұдан бұрын жарнаманы аңғармаған.

Ол орнынан тұрып тасқа шықты да, жел көтерген жарнаманы бұрышынан ұстады. Аспан ашық болатын маусымда ымырт ұзаққа созылады. Төменде, дөңнің етегінде қас қарауытыпты, бірақ үстіңгі жақ әлі жарық. Жарнама ірі әріппен жазылған екен, сондықтан оны ажыратып оқу қиын болмады. Ол мынаны оқып шықты:

"Біртұтас әрі ажырамас француз республикасы.

Біз, халық өкілі, Марнадан шыққан Приер, жағалаудағы Шербург армиясының жанындағы комиссар ретінде бұйырамыз:

Өзін бретань мұрагері деп атайтын Гранвиль түбінде Францияның жағалауына жасырын барып түскен бұрынғы маркиз де-Лантенак, виконт Фонтене заңнан тыс деп жарияланады. Оның басына бәйге тігіледі. Оны тірілей немесе өлідей өкімет орындарына ұстап берген адамға алпыс мың ливр төленетін болады. Ол қағаз ақшамен емес, алтынмен төленеді. Шербург армиясының бір батальоны арада жоғарыда аталған бұрынғы маркиз де-Лантенакты іздеуге жіберіледі. Ауыл қауымдары әскерге жәрдем көрсетуге шақырылады. Бұйрық 1793 жылғы 2 маусымда Гранвильде берілді. Қол қоюшы: "Марнадан шыққан Приер".

Мұның астында басқа бір қол қойылған. Бірақ оным кішкентай әріппен жазылғаны сондай, ымырт үйіріліп, көз байланғандықтан, оны ажырату мүмкін болмады.

Қарт қалпағын көзіне баса киіп, теңіз плащының басқа киетін жамылғышын иек астынан түймеледі де, тез басып төмен түсті. Сірә, оған жарық түсіп тұрған бұл төбеде енді қалу қауіпті көрінсе керек.

Бәлкім, ол мұнда онсыз да тым ұзақ тұрып қалған шығар Шағыл төбесі көзге шалынып тұрған бірден-бір биік нүкте болатын.

Ол қараңғы жерге түсісімен аяңға көшті. Өзі бұрынырақ байқаған жолмен қалауды сағалай фермаға беттеді. Ол жерде қауіпсіз боламын деп бекерге үміттенбеген сияқты.

Айнала қыбыр еткен жан жоқ. Деревняларда мұндай кезде түнделетіп ешкім жүрмейді десе де болады.

Бұта арасына кірісімен қарт аялдап, плащы мен кеудешесін шешті, сонан соң кеудешесін мамығын сыртына қарата киіп, жыртық плащын мойнына жіппен іле салып, ілгері жүріп кетті.

Ай көтеріліп қалған.

Ол екі жолдың торабына келіп тоқтады. Ол жерде екі тас крест тұр екен. Крестің түбінде төрт бұрышты бір парақ қағаз ағараңдайды. Сірә, ол да өзі жаңа ғана оқығандай жарнама болса керек. Ол жақын келді.

— Қайда барасыз? — деп дауыстады оған біреу.

Ол бұрылып артына қарады. Қалаудың арғы жағында тап өзі секілді бойшаң, өзі секілді карт, шашына ақ кірген біреу, өзінің сыңарындай, бірақ мұнан да бетер жұпыны киім киген біреу тұр екен.

Ол ұзын таяғына сүйене қалыпты.

Мен сізден қайда барасыз деп сұрап тұрмын ғой, — деп қайталады ол сұрағын.

— Одан да менің қай жерде тұрғанымды айтсаңыз? — деп байыппен, тіпті бәлсіне жауап қатты қарт.

— Сіз Танис сеньориясында тұрсыз. Мен — осындағы қайыршымын, сіз — осындағы сеньорсыз, — деп жауап берді әлгі кісі.

— Мен бе?

— Иә, сіз — маркиз* де-Лантенак мырзасыз.

IV. Қайыршы

Маркиз де-Лантенак (енді біз де оны осылай аталық) аспай-саспай:

— Не істесеңіз де еркіңіз, керек болса, ұстап беріңіз, — деп тіл қатты.

Қайыршы сөзін әрмен жалғастырды:

— Біз мұнда екеуміз де өз үйіміздеміз: мен — қорғандамын, сіз — ормандасыз.

— Доғарыңыз мылжыңды! Ұстап беріңіз мені, — деді маркиз.

— Сіз Эрб-ан-Пайль фермасына бара жатыр ма едіңіз? — деп сұрады қайыршы.

— Иә.

— Онда бармаңыз.

— Неге?

— Өйткені қазір онда көктер бар.

— Көптен бері ме?

— Үш күн болды.

— Ферма тұрғындары қарсылық көрсеткен шығар?

— Жоқ. Олар қақпаны алдарынан аңқайта ашып тастады.

— Солай де! — деп күңк етті маркиз.

Қайыршы саусағын шошайтып, терек тасасынан көрініп тұрған ферманың төбесін нұсқады.

— Анау шатырды көріп тұрсыз ба, маркиз мырза?

— Көріп тұрмын.

— Оның ар жағындағыны ше?..

— Жалауды ма?

— Үш түсті жалауды айтамын, — деді қайыршы. Мұның өзі маркиз дөң үстінде тұрғанда-ақ оның назарын аударған зат болатын.

— Дабыл қағып жатыр-ау осы? — деп сұрады ол — Маған солай көрінді...

— Иә, қағып жатыр.

— Біреу-міреуді ұстамақ па?

— Сірә, сізді ұстамақ болса керек.

— Ал қоңырау даусы естілмей тұрғаны несі?

— Жел ыққа әкетіп жатыр ғой, — деді қайыршы. — Сіз жарнаманы көрдіңіз бе? — деп сұрады сонан соң ол.

— Көрдім.

— Сізді іздеп жүр... Сөйтті де, ол ферма жаққа қарап: — Онда олардың кемінде жарты батальоны бар, — деп қоса айтты.

— Республикашылардың ба?

— Париждіктердің.

— Несі бар, ендеше, сонда бару керек, — деді маркиз. Соны айтып, ол фермаға қарай бір аттады.

Қайыршы жалма-жан қолынан ұстай алды:

— Ол жаққа бара көрмеңіз!

— Енді қайда бармақпын?

— Маған жүріңіз.

Маркиз оның айтқанына түсінбей, бетіне қарады.

— Маркиз мырза, — деп сөзін әрі жалғастырып қайыршы. — Менің оңып тұрған үйім жоқ, бірақ ол жерден сізді таба алмайды. Мен жеркепеде тұрамын. Еденнің орнына мүк төсеулі, төбенің орнына — бұтақ пен шөптен тоқылған өрме. Жүріңіз. Фермаға барсаңыз, сізді атып тастайды, ал менің үйімде ұйықтап, тыныға аласыз. Шаршаған да шығарсыз. Ал ертең таңертең көктер кетеді де, сіз қалаған жағыңызға барасыз.

Маркиз де-Лантенак бұл кісіге зейін қоя қарады.

— Сіз кімсіз! — деп сұрады ол. — Республикашылсыз ба, әлде роялистсіз бе?

— Мен кедеймін.

— Роялист те, республикашыл да емессіз, ә?

— Емес шығармын.

— Корольді жақтайсыз ба, әлде оған қарсысыз ба?

— Мұны ойлап жатуға уақытым жоқ.

— Ал қазір не болып жатқанын ойлайсыз ба?

— Күнкөрісім қиын.

— Сөйте тұра маған көмектескіңіз келеді ғой, шамасы?

— Мен сіздің заңнан тыс деп жарияланғаныңызды естідім. Мұндай заңнан кейін не болмақ? Түсінсем не дейсің? Демек, заңнан тыс болуға да болады екен ғой. Мысалға, мені алыңызшы: бәлкім, мен де заңнан тыс шығармын? Аштан өлу заңнан тыс болу деген емей, немене?

— Көптен ашсыз ба?

— Өмір бойы.

— Сөйтсе де мені құтқарғыңыз келеді, ә?

— Иә.

— Неге?

— Сізді көріп: "Міне, мына кісі менен де кедей. Мен дем алуға хақылымын, ол болса мұндай құқықтан да айрылған" деп ойладым.

— Оның рас. Сөйтіп, сіз мені құтқармақсыз ғой, солай ма?

— Әлбетте. Біз енді ағалы-ініліміз, монсеньор. Мені үзім наннан қақса, сізді өмірден қол үздірмек. Біз екеуміз де қайыршымыз.

— Басыма бәйге тігілгенін білесіз бе?

— Білемін.

— Оны қайдан білесіз?

— Жарнамадан оқыдым.

— Оқи аласыз ба?

Жазу-сызу қолымнан келеді. Неліктен надан болуға і иіспін?

— Егер сіз оқи алсаңыз әрі жарнаманы оқыған болсаңыз, мені ұстап берген адамның алпыс мың ливр алатыны сізге белгілі болуға тиіс.

— Білемін.

— Қағаз ақшамен емес, алтынмен алады.

— Білемін.

— Алпыс мың ливр дегенің жатқан байлық емес пе?

— Болғанда қандай?

— Демек, кімде-кім мені ұстап берсе, байлыққа батпақ.

— Мен мұны ойладым да. Сізді көрісімен өз-өзіме: "бұл адамды кімде-кім ұстап берсе, қыруар байлықтың астында қалмақ — алпыс мың ливр, паһ-паһ! Оны тезірек жасыру керек екен" дедім.

Маркиз қайыршының соңына ерді.

Олар қалың жынысқа кірді. Онда қайыршының жеркепесі тұр екен. Үлкен ескі емен адамға баспана болыпты: жеркепе еменнің тамыры астынан қазылған, үстін бұтағы жауып тұр. Төбесі аласа, іші тас қараңғы; оны ешкім де байқай алмас еді. Ішіне екі адам зорға сиярлық.

— Үйіме қонақ келерін күнілгері сезгенмін, — деді қайыршы.

Жергілікті шаруалар құпия қойнау деп атайтын жер астынан қазылған мұндай баспаналар Бретаньда тап жұрт ойлағандай аз емес-тұғын.

Бүл баспаналардың әдеттегі жиһазы — сабаннан, не жуып көптірілген теңіз балдырынан жасалған төсек-орын, шөптен тоқылған көрпе, бірнеше май шам мен шақпақ қана.

Маркиз бен оның серігі еңкейе жүріп, біраздан соң ағаш тамыры қисық-қыңыр бірнеше бөлме етіп тұрған жеркепенің ішінен бір-ақ шықты. Олар төсек орнына салынған бір құшақ құрғақ балдырдың үстіне жайғаса отырды. Есік орнындағы екі тамырдың арасынан әлсіз жарық түсіп түр. Далада түн болатын, бірақ адам көзі қараңғылыққа үйреніп, әлсіз жарықты да ажырататын халге жетеді. Оның үстіне жеркепенің босағасына ай сәулесі түсіп тұрған. Бұрышта су құйылған құты; қасында қара құмықтан пісірілген шелпек пен каштан жаңғағы жатыр.

— Кәне, тамаққа қараңыз, — деді қайыршы.

Олар жаңғақты бөлісті, маркиз өзінің кепкен нанын ортаға қойды, сөйтіп, екеуі жалғыз шелпекті кезек-кезек үзіп жеп, бір құтыдан кезек-кезек су ұрттап, тамақ ішуге кірісті.

Әңгіме де басталып кетті. Маркиз қайыршыға үсті-үстіне сұрақ қойды:

— Сөйтіп, сізге бәрібір ғой, шамасы?

— Тегі, солай ғой деймін Сіздер — мырзаларсыздар, есепке мықтысыздар. Мырзалардың ісінде жұмысымыз қанша?

— Бірақ болып жатқан нәрселер...

— Оның бәрі сонау жоғары жақта болып жатқан жоқ па, — деді қайыршы, сонсоң ол тағы тіл қатты: — Тіпті одан да жоғарыда болып жатқан құбылыстар бар ғой: күн ұясынан шығады, ай туып, көкжиекке барып батады... Ойлайтыным, міне, осылар. Ол құтысынан бір ұрттап: — Мөп-мөлдір, тәтті су, ә? — деп тамсанып қойды. — Сізге ұнай ма, монсеньор? — деп сұрады ол сонан соң.

— Есіміңіз кім? — деп сұрады маркиз жауап берудің орнына.

— Есімім — Тельмарш, лақап атым — Қаңғыбас. Қарт деген тағы бір лақап атым бар. Жұрттың Қарт деп келе жатқанына қырық жыл болып қалды, — деп қоса айтты ол.

Қырық жыл дейсіз бе? Ол кезде сіз жас емес пе едіңіз?

Мен ешқашан жас болып көрген емеспін. Ал сіз әрдайым жассыз, маркиз мырза. Жүрісіңіз жиырма жасар жігіттің жүрісіндей ширақ, шағылға да өрмелеп шығасыз. Ал мен ширек лье жүрсем-ақ шаршап, болдырып қаламын. Екеуіміз түйдей құрдаспыз, тіпті. Әйтсе де бай адамдардың бір артықшылығы — олар күн сайын тамақтанады. Ac — адамның арқауы деген бар емес пе?

Ол бірауық үндемей қалды да, әңгімесін қайтадан қозғады:

— Гәптің неде екенін білесіз бе? Байлық пен кедейлік дегенің неткен сұмдық еді, ә? Меніңше, бар пәле осыдан шығып жатыр. Кедей бай болғысы келгенімен, байдың кедей болғысы жоқ. Бар гәп осында ғой деймін. Бірақ мұнымен шаруам қанша. Бәрібір ештеңені өзгерте алмайсың: бәленің бетін қайтарар лаж жоқ. Мен несиешілерді де, борышкерлерді де жақтамаймын. Білетінім: борыш деген бар нәрсе және ол борышты төлеу керек. Корольді өлтірмеген жақсы сияқты, бірақ мұның неліктен екенін айтуға қиналар едім. Ал жазықсыз жандарды күні кеше ғана дарға тартқан жоқ па еді? — деп тайталасулары да мүмкін біреулердің. Айтып-айтпай не керек, қиын-қыстау кезде корольдің киігін атып өлтіргені үшін бір адамды дарға асқанын өз көзіммен көргем. Ол бейбақтың әйелімен қоса жеті бірдей бал асы болатын... Қазбалай берсе, әңгіме таусылмас.

Ол тағы да тына қалып, сонсоң:

— Сіз білесіз, ал өз басым істің жай-жапсарын түсінсем бұйырмасын. Айнала ойран-ботқа, өңшең жан ұшырып аласұрып жатқан жұрт. Ал мен жайнаған жұлдыз астында жеркепемде тұрып жатқаным, бар-жоғы осы, — деп қоса айтты.

Ол тағы да әлденені ойланып, ұзамай қайтадан сөйлеп кетті:

— Менің аздаған тәуіптігім де бар, ауру-сырқауды емдей аламын. Неше түрлі шөпті білемін. Кейде бір шөпті көре қалып, соны әрі-бері қарап жатсаң, жұрт көріп: әне, дуана деседі. Адам ойлана қалса, ол басқаларға бейхабар бірдеңені біледі деп ойлайтын жұрттың әдеті емес пе.

— Осы жерде туып-өстіңіз бе? — деп сұрады маркиз.

— Иә, осы жерде туып, осы жерде өстім, осы жерде қартайдым да.

— Мені білесіз бе?

— Білгенде қандай. Сізді мен соңғы рет бұдан екі жыл бұрын осында келіп-кеткеніңізде көргем. Сонан соң Англияға кетіп қалдыңыз. Міне, жаңағы әзірде біреудің дөң басында тұрғанын көрдім. Өзі сұңғақ екен. Бойшаң адамдарды жиі кездестіре бермейсің ғой: Бретань халқы тым ұсақ. Сөйтіп, қарап тұрмын (жарнаманы бұрыннан оқығам). Ішімнен: "Апырмау, соның өзі емес пе?" деп ойлаймын. Сол кезде ай да туды. Сіз төмен түсіп, жақын келдіңіз. Тани кеттім.

— Ал мен сізді танымаймын, — деді маркиз.

— Сіз мені талай рет көрдіңіз, бірақ бүл көрмегеніңізбен бірдей болатын. Ал сізді мен жадымда берік сақтап қалдым. Келім-кетімді адамдар қайыршыға бұрылып қарар ма? Ал қайыршының ондайлардан көз жазбайтын әдеті.

— Бұрын сізбен жолықтым ба?

— Тіпті жиі жолыққансыз. Мен үнемі сіздің қамалдан шығатын жол бойында жүретінмін. Сіз кейде маған тиын-тебен беретінсіз, бірақ қайыр беруші кімге беріп жатқанына қарай ма, ал садақа алушы бәрін де аңғарады, ештеңені де мүлт жібермейді. Жұрт қайыршыларды тыңшы деп ойлайды. Бірақ мен тыңшы емеспін, рас, тұрмысым мәз емес, сонда да тыңшы болмауға тырысам. Мен қайыр сұрай қолымды созатынмын. Сіз созылған қолды ғана көріп, соған тиын-тебен ұстататынсыз. Бұл тиын-тебен маған ертеңгілік тамақ ішіп, кешке ішегім үзіліп, аштан өлмеу үшін қажет болатын. Біз сияқты пақырлардың тәулік бойы аш жүретін кезі де болады. Кейде адамның өміріне бірлі-жарым тиын да араша тұрады. Сіз менің талай рет жанымды сақтадыңыз: сізге енді борышымды өтемекпін.

— Иә, сіз мені құтқарғалы тұрсыз.

— Құтқармақпын, монсеньор, тек... Осы жерде Тельмарштың даусы салтанатты да байсалды естілді, — тек бір шартым бар.

— Қандай шарт?

— Сіз мұнда бәле бастағалы келген жоқсыз ба, соны айтыңызшы?

— Мен игі іс істеуге келдім, — деп жауап берді маркиз.

— Жарайды, ендеше. Онда жаталық.

Олар үйілген балдыр үстіне қатарласа жатты. Тельмарш салған жерден қор етті. Маркиз қанша шаршаса да үйықтай қоймады. Ол біраз ойланып жатты, содан соң қорылдап жатқан көршісіне қарап, қисая кетті. Мұндай төсекте жату қу тақырда жатқанмен бірдей. Сондықтан маркиз жерге құлағын тосып, тың тыңдады. Дыбыстың жер арқылы тарайтыны жұртқа мәлім. Құлағына бір гуіл келді. Бұл қағылып жатқан қоңырау даусы болатын. Дабыл сол күйінше әлі қағылып жатыр екен.

Маркиз сөйтіп жатып ұйықтап кетті.

V. "Говэн" деп қол қойылған

Ол ұйқыдан оянғанда күн шығып қалған екен. Қайыршы таяғына сүйеніп кіреберісте түр. Өйткені жеркепе ішінде бой жазу да мүмкін емес. Бетіне күн сәулесі шашырайды.

— Монсеньор, Танис қоңырауы әлгінде ғана сағат төртті соғып өтті, — деді ол маркизге. — Мен қоңыраудың торт рет соғылғанын есіттім, демек, жел бағытын өзгертіп, енді жаға жақтан соғып тұрса керек. Бөтен дауыс естілмейді, демек, дабылдың тоқтағаны. Енді бәрі саябыр тапқан: көктер не кеткен, не ұйықтап жатыр. Басты қауіптен құтылдыңыз, енді қоштасқанымыз абзал болар. Кетер уақытым боп қалды. Мен мына жаққа барамын, ал сіз анау жаққа кетіңіз.

Ол кетіп бара жатып қонақпен тағзым ете, ізетпен қоштасты да, кештен қалған тамақтың қиқымын көрсетіп:

— Жаңғақты ала кетіңіз: бәлкім, керегі болар, — деді. Сәлден соң ол терек тасасына түсіп, жоқ болды. Маркиз Тельмарш нұсқаған жаққа беттеді.

Маркиз бұрын өзі Тельмаршен бірге жүрген жолымен аяңдап келе жатты. Қалың жыныстан шығысымен тас крест тұрған жол торабына тап болды. Жарнама бұрынғы жерінде, шығып келе жатқан күн сәулесі түсіп, ағараңдап көрінеді. Ол жарнаманың аяқ жағында ұсақ қаріптермен бірдеңе жазылғанын, оны қараңғыда ажырата алмағанын есіне түсірді. Маркиз крестке жақын келді. Шынында да, Марнадан шыққан Приердің қолы астында тағы да екі жол сөз бар екен. Ол оқып шықты:

"Маркиз де-Лантенак кім екені анықталысымен атылады". Соңында: "Батальон командирі, экспедициялық отрядтың бастығы Говэн" деп қол қойылған.

— Говэн! — деп күбір етті маркиз.

Ол қатты ойға кетіп, жарнамаға қарап тұрып қалды.

— Говэн! — деді тағы да қайталап.

Ол кейін шегініп крестке тағы көз тастады, қайтып келіп, жарнаманы тағы оқып шықты. Сонан соң артына бұрылып, жолмен аяңдап кете барды. Жақын маңда біреу-міреу бола қалса, маркиздің "Говэн!" деп бірнеше рет ақырын күбірлегенін естір еді.

Ол келе жатқан сайдың табанынан сол қолда қалған ферманың шатыры көрінер емес. Ол енді жабайы шомыртгүл шаша қаулай өскен биік, түйетайлы төбені айналып бара жатты. Қырат төбесі сүйірленіп біткен. Жергілікті тұрғындар оны "Қабан бас" деп атап кеткен. Оның көзі етек жаққа ұйыса өскен бұта мен терекке түсті. Жапырағы түгелдей күн нұрына шомылған. Табиғат таңертеңгі шадыман тыныштыққа бөленіп, маужырап тұр.

Кенет бәрінің астан-кестені шықты. Күн нұры төгілген дала мен орманды қайдағы бір жойқын мылтық даусы мен сұмдық айғай басты да, ферма жақта үп-үлкен діңгек түтін аспанға шаншыла қалды. Ара-арасында қып-қызыл от тілі сумаң қағады. Поселке мен ферма сабан шөмелеше қосарлана лап берді.

Эрб-ан-Пайль фермасында шайқас жүріп жатқан. Маркиз тоқтай қалды.

Мұндайда адамның қауіптен гөрі әуестікке бой ұрғыш келетін әдеті емес пе? Мұндайды бастан кешпеген тірі жан болмас, сірә. Ол әуелі не болып жатқанын білуге құштар, ондайда тіпті сол жерде өліп кетуге де бар! Маркиз төбеге көтерілді. Ол жерден жұрттың оны байқап қалуы мүмкін еді, бірақ есесіне оның өзі де айналаны түгел көреді емес пе? Ол төбеге әп-сәтте өрмелеп шықты.

Иә, шүбә жоқ, өрт шалған ферма жанында атыс болып жатыр. Айнала азан-қазан, аласұра айғайлаған дауыстар, жалаңдаған от. Ол жерде не боп қалды екен соншама? Фермаға шабуыл жасалды ма, әлде? Кім шабуыл жасамақ? Бұл ұрыс па өзі?.. Жоқ, бүл жаумен сайыс емес, топалаң салушылық тәрізді. Мынау өрт жұрттың тіл алмағаны үшін әдейі қолданылған жаза емес пе екен?

Маркиз үстіне шығып, төңіректі байқап тұрған төбеде қалың бұта қаптай өскен; кей жерлерде арасынан өту қиынға соғатын. Бұл ұйысқан бұта үлкен алқапты қамтыған: ол фермаға дейін созылған және Бретаньдағы орман-тоғай сияқты өзінің ит тұмсығы өтпес қалың жынысымен қыруар сай-саланы, ор-жылғаны, сүрлеу-соқпақты жасырып жатыр. Тоқетері, жер жағдайымен таныс емес республикашыл отрядтар оп-оңай адасып кете алатын ылғи шырғалаң-шатқал.

Маркиз не түрлі жорамалға қалып, төбе үстінде тұра берейін бе, әлде төмен түсейін бе деп ойланып-толғанып, айналаға қарап, тың тыңдап тұрғанда, тарс-тұрс атыс кілт тоқтады немесе, дәлірек айтсақ, кілт басылды. Маркиз айғай сала, мәз-мейрам болған бір топ адамның бұта арасына жапатармағай кіргенін көрді. Жұрт құмырсқаның илеуіндегіше құжынап, ерсілі-қарсылы шапқылап, бұта мен терек түбінде ереуілдеп жүр. Барша жұрт фермадан орманға лап қойды. Барабан дабыл қақты. Мылтық даусы басылды. Енді торуыл басталғандай. Әлдекімді қуғындап, әлдекімнің ізіне түскендей, әлдекімді іздеп жүргендей. Орман іші даңғыр-дүңгір дауысқа толып кетті. Біреудің ашу-ыза кернеген, енді біреудің масайраған даусы естіледі, бірақ толассыз у-шудың арасында сөзін ажырату мүмкін емес. Кенет көктен жай түскендей осынау ызы-қиқудың арасынан жекелеген дауыстар ап-анық естіле бастады. Көп дауыс бір адамның атын ғана қайталайды. Маркиздің құлағына:

— Лантенак! Лантенак! Маркиз де-Лантенак! — деген сөз айқын шалынды.

Жұрт соны іздеп жүрген болатын.

VI. Азамат соғысының алапаты

Сол сәтте оның төңірегінде қалың жыныстың о жер, бұ жерінен өңшең найза тікірейіп, өңшең қылыш жалаң ете қалды. Жасыл жапырақ арасынан үш түсті ту көтерілді.

— Лантенак! — деген дауыс шаңқ етті оның өкпе тұсынан, сөйткенше болмай аяқ астынан, шомырт бұтасының арасынан түсі суық адамдар көрінді.

Ол жалғыз болатын. Биікте тұрғандықтан орманның тұс-тұсынан көзге түсіп тұр. Ол өз атын айғайлай атаған адамдарды жақсы көре алмаса да, оны жұрттың бәрі көріп тұрды. Орман ішінде кемінде мың мылтық болатын, сондықтан ол осы бүкіл қаруға тамаша нысана еді. Ол бұта арасынан өзіне тесіле қарай қалған өткір көздерден басқа ештеңені ажырата алмады.

Ол телпегін алып, бір шетін көтеріңкірей, шомырт бұтағынан қураған ұзын тікен сындырды да, қалтасынан ақ кокардасын алып, оны тікенекпен етегі көтеріңкі телпегімен бірге төбесіне қадады, сонан соң телпегін басына киіп, бүкіл орманға дауыстай:

— Іздеп жүрген адамдарың менмін. Мен маркиз де-Лантенак, виконт ле-Фонтене, Бретань мұрагері, король әскерлерінің генерал-лейтенантымын. Жә, жетер енді! Көздеңдер! Атыңдар! — деді өктем үнмен. Сөйтті де, екі қолымен былғары кеудешесін айқара ашып, омырауын жалаңаштады.

Ол өзіне бағышталған мылтық ұңғысын көрмек болып, төмен қарап еді, өзін қаумалай тәжім еткен адамдардың ортасында тұрғанын көрді. Орман ішін сан мың адамның:

— Жасасын Лантенак! Жасасын біздің сеньор! Жасасын генерал! — деген айғайы кеулеп барады.

Жұрт қалпақтарын аспанға атты. Жүздеген қол мәз бола қылыштарын сермелеп, орман іші ұшына қоңыр жүннен тігілген бөрік ілулі әрлі-берлі бұлғаңдаған ұзын сырыққа толып кетті.

Лантенак Вандея бандасының қақ ортасында тұр еді. Оны көрген бойда мына адамдардың бәрі жүрелей отыра қалысты.

Бұл тобыр түгелдей мылтықпен, қылышпен, орақ, шот, сойылмен қаруланып алған. Бәрінің үстінде кең етекті киіз қалпақ немесе ақ кокардасы бар қоңыр бөрік, толып жатқан таспиық пен тұмар, тізеден түскен ұзын қамзол, мамық кеудеше мен былғары күләпара. Бәрінің тізесі жалаңаш, шаштары алба-жұлба. Кейбіреуі сұсты-ақ, бірақ бәрінің көзқарасынан аңғалдық сезіледі. Жүрелеген тобыр ішінен келбетті бір жас жігіт алға шықты. Ол тез басып, қыратқа көтеріліп, маркиздің қасына келді. Қалған жұрт сияқты оның үстінде де әншейін мамық кеудеше мен көтеріңкі етегіне ақ кокарда қадалған киізден тігілген шаруа телпегі, дегенмен қолы сүйріктей аппақ, көйлегі жұқа кездемеден, кеудешесінің үстінде иығынан асыра ақ жібек бөкебай салған, оған алтын сапты сапы тағулы.

Ол төбеге шығысымен қалпағын жерге тастап, бір тізерлей отырды, сапы тағулы бөкебайын шешіп, маркизге ұсынды да:

— Сізді іздеп жүр едік. Міне, енді таптық. Мынау бас командашының сапысы. Мына адамдар сіздің қол астыңызда. Мен олардың командирі едім — енді сіздің солдатыңызбын: мен үшін бұл — шенімнің жоғарылағаны. Баршамыздың сәлемімізді қабыл алыңыз, монсеньор. Бұйыра беріңіз, генерал, — деді.

Ол белгі берді де, бұта арасынан қолдарына үш түсті ту ұстаған бірнеше адам шықты. Олар маркиздің қасына келіп, туды аяғына жықты. Бүл оның жаңа ғана қалың ағаш арасынан көрген туы болатын.

— Генерал, біз бүл туды ферманы иемденген көктерден тартып алдық. Менің атым — Гавар, — деді тағы оған бөкебайы мен сапысын берген әлгі жігіт.

— Жақсы, — деді маркиз.

Ол сапы тағулы бөкебайды байыппен әрі салтанатпен үстіне байлап алды. Сонан соң сапыны қынынан суырып, басынан асыра бұлғалай:

— Тұрыңдар! Жасасын король! — деп айғай салды. Бәрі аяқтарынан атып тұрып, орман іші шаттанды айғай—шумен жаңғырып кетті:

— Жасасын король! Жасасын біздің маркиз! Жасасын Лантенак!

— Барлығың қаншасыңдар? — деді маркиз Гаварға бұрылып.

— Жеті мыңбыз.

Ол маркизбен бірге төбеден түсті. Маркиздің алдынан шаруалар бұта-бұтаны жалма-жан ысырып, жол ашты. Гавар жол-жөнекей мән-жайды түсіндіре бастады.

— Істің бәрі аяқ астынан болды, монсеньор. Тоқетерін айтайын. Жұрт ұшқынды ғана күтіп келген. Сіздің келгеніңізді республикашылардың жарнамасынан естіп-білдік. Ол барша жұртты аяғынан тік тұрғызды. Бәрі корольді қорғауға аттанды. Айтпақшы, сіз жөнінде Грэнвильдің мэрі де бізге жасырын хабарлаған-ды. Ол да біздің адам. Ал оған қоса бүгін түнде дабыл қағылды.

— Не үшін?

— Сіз үшін.

— Солай ма! — деді маркиз.

— Сөйтіп, біз де келіп жеттік.

— Сонымен, сендер жеті мыңсыңдар ғой?

— Иә, әзірге. Ертең он бес мың боламыз. Бүл бір ғана округтен. Сізді осы орманның бір жерінде жасырынып жүрген шығар-ау деп іздеп жүргенбіз.

— Жаңағы әзірде фермаға тап берген сендер ме едіңдер?

— Иә. Көктер дабылды естіген жоқ, өйткені жел қарсы жақтан еді. Олар қаннен-қаперсіз дем алмаққа жайғасыпты. Өңшең миғүлалар оларды фермада да, поселкеде де мәз боп қарсы алыпты. Бүгін біз таңертеңгілік көктер тырайып ұйықтап жатқанда фермаға тап беріп, бәрін бір-ақ жайғастырдық. Менің бір сәйгүлігім бар, соны қабыл алыңыз, генерал

— Жақсы.

Бір шаруа әскери ер-тұрманы бар боз атты көлденең тартты. Маркиз өзін демемек болған қолды ысырып тастап, ерге қарғып мінді.

— Па, шіркін! — деп шу ете қалды жиылған жұрт.

— Негізгі пәтеріңіз қайда болмақ, генерал? — деп сұрады Гавар маркизге ізет беріп жатып.

— Ілкіде Фужер орманында болмақ.

— Ол өзіңізге тиісті жеті орманның бірі ғой, монсеньор.

— Бізге әулие әкей қажет.

— Әулие әкей арамызда бар.

— Ол кім?

— Эрбрей шіркеуінің викарийі.

— Білем оны. Ол Джерсейге келіп кеткен.

Шаруалардың арасынан әулие әкей алға шығып:

— Үш рет барғанмын, монсеньор, — деді.

Маркиз оған мойын бұрды.

— Сәлеметсіз бе, викарий ағзам. Сізге жұмыс көбейгелі тұр.

— Әбден жақсы, маркиз мырза.

— Сізге көп жұрттың, әлбетте, өлер алдында тілек білдіргендердің жаназасын шығаруға тура келмек.

Әлденендей жарлық беруге кеткен Гавар қайтып келді.

— Генерал, әміріңізді күтіп тұрмыз, — деді ол.

— Біріншіден, жиналатын жер — Фужер орманы. Жұрттың бәрі сонда біртіндеп жиналатын болсын.

— Мен бұл жөнінде жарлық беріп қойғанмын, генерал.

— Сіз ферма мен поселке тұрғындары көктерді жылы шыраймен қарсы алды деген едіңіз ғой осы?

— Дәл солай, генерал.

— Ферманы өртедіңдер ме?

— Өртедік.

— Поселкені ше?

— Өртеген жоқпыз.

— Өртеңдер.

— Көктер қорғанбақ болды, бірақ өздері бас-аяғы жүз елудей адам екен, ал біз жеті мың болатынбыз.

— Ол қайдағы көктер? Қай отрядтан?

— Генерал, олардың туына "Қызыл Бөрік батальоны" деп жазылған.

— Білем, ендеше: өңшең хайуандар.

— Жаралыларды қайт демексіз?

— Көзін жойыңдар.

— Тұтқындарды ше?

— Атып тастаңдар.

— Өздері сексен шақты.

— Бәрін де атып тастаңдар.

— Араларында екі әйел бар.

— Әйелдер де атылсын.

— Және үш бала бар.

— Балаларды өздеріңмен ала кетіңдер. Оларды қайда жіберерімізді кейін көре жатармыз. Соны айтты да, маркиз атын тебініп жүріп кетті.

VII. Рақымшылық болмасын!

Осы оқиға болып жатқан кезде қайыршы қарт ескі сүрлеу-соқпақпен сай-саланы кезіп, қалың орман ішіне бойлай түсті. Ол біресе ештеңені байқамай, біресе қайдағы жоқты қызықтап, ойдан гөрі қиялға бой ұра жүріп келеді. Әлсін-әлі жолдан шығып, дем алмақ боп отыра қалады, еңкейіп, қымыздық жапырағын жұлып жеп, алыстан талып жеткен шуға құлақ түреді, сонсоң тағы да жабайы жаратылыстың мейірбан құшағына қайта бөленеді, жалба-жұлба киімін күн көзіне қақтай, тағы ойға шомады, адам даусын, бәлкім, еміс-еміс естісе де, сайраған құс үніне ғана құлақ тосады.

Жасы әбден ұлғайғандықтан қол-аяғы ауыр тартқан: жүріп-тұру қиынға соғатын. Ол үйіне қайтып келе жатқанда кеш те болып қалған-ды.

Оның назары жер бетінен будақтай көтерілген қою түтінге ауды.

Түтін қап-қара әрі оны оқтын-оқтын қызыл шоқ шарпып қояды; өрттің бірте-бірте өшіп бара жатқаны ап-анық. Түтін Эрб-ан-Пайль фермасының үстінен шығып жатыр.

Тельмарш тезірек басып, тура түтінге қарай жүрді. Ол әбден қалжырап еді, бірақ не боп жатқанын білгісі келді.

Ол бөктерінде поселке мен ферма орналасқан қыраттың төбесіне шықты.

Ферма да, поселке де із-түзсіз ғайып болыпты. Жанып бітуге таяған қайдағы бір үйінділер ғана бықсып жатыр. Эрб-ан-Пайль фермасының ендігі сиқы осы екен.

Жанып жатқан сарайға қарауға дәтің шыдамаса, лашық жанып жатқанда сай-сүйегің одан бетер сырқырайды. Кедейдің өрт шалған лашығынан асқан не сұмдық бар!

Тельмарш алдынан тап болған мынау көрініске сілейіп тұрды да қалды. Бүліншілік өз ісін тым-тырыс бітіріп жатыр. Тіпті тірі жанның қыбыр еткен дыбысы естілер емес.

Түтін будақтап жатқан жерде құлаққа ондалаған ешбір үн келмейді. Құлап жатқан бөренелердің салдыр-гүлдірі мен жанып жатқан сабан шатырдың шытырынан басқа ештеңе естілмейді. Түтін ауық-ауық серпілгенде құлаған шатырдың ара-арасынан лашықтың іші: қызыл тіл жалмап жатқан кедейлердің ескі-құсқы жиһазы мен лапылдаған бөлме ішінен көнетоз жиһаз көрініп қалады.

От фермаға іргелес каштан тоғайға шапшып, таяу маңдағы ін аштар да жанып жатыр.

Тельмарш адам үнін, қандай да болсын бір дыбыс, шақырған дауыс естимін бе дегендей құлақ тікті. Бірақ шытырлаған оттан басқа дәнеңе естілер емес. Айнала жым-жырт.

Шынымен-ақ бар жан босып кеткен бе?

Әрдайым қандай да бір іспен айналысып жүретін, осынау ошаққа жан бітіріп жүретін жұрт қайда ғана кетті екен? Оларға не бопты мұншама?

Тельмарш ылдиға түсті. Алдында әлдебір сұмдық жұмбақ жатты. Ол тірі аруақтай-ақ аяғын ақырын басып, көрген нәрсесінен көз жазбай, ферманың ойран болған жұртына жақындай түсті. Ол өзін молаға көмулі мүрдедей сезінді.

Ол бір кезде ферма қақпасы болған нәрсеге келіп, аула ішіне көз жіберді. Бұған дейін көргенінің бәрі мына көргенімен салыстырғанда түк емес екен: аула ортасында үйме-жүйме бірдеңе қараяды. Оған бір жағынан өрт сәулесі, екінші жағынан ай жарығы түсіп түр. Бүл үйінді жерде жатқан адамдар екен, бәрі жансыз өлік.

Айналасы буы бұрқыраған үлкен шалшық. Оған өрт жалыны түсіп түр. Бірақ ол сәуле түспесе де қып-қызыл: көл-көсір қан еді.

Тельмарш жақындай түсті. Ол былқ-сылқ еткен адам денелерін бірінен соң бірін қарай бастады: бәрі өлген. Ай мен өрт жалыны оларға жарығын аямай төгіп тұр.

Өліктің бәрі солдат мундирін киген, бірақ аяқтары жалаңаш. Сірә, етіктерін шешіп алып, қару-жарағын тонап әкетсе керек. Мундирдің бәрі көк: ыбырсыған жансыз қолдың, аяқ пен бастың арасынан үш түсті кокардасы бар оқ тескен үш бұрышты бас киімдер де кездеседі. Бүл өліктер республикашылар, осының қарсаңында ғана Эрб-ан-Пайль фермасында гарнизон болып тұрған Париж батальонының сау-сәлемет, жайдары-жарқын солдаттары болатын.

Денелердің қаз-қатар жатуы бүл адамдардың атып өлтірілгенін айқын аңғартып түр: оларды тұрған орындарында бір дүркін оқ атып, мүлт жіберместен баудай қырып салыпты. Бірі тірі қалмапты: ешбір қырыл-сырыл, ыңырсыған үн жоқ.

Тельмарш өліктің ешқайсысын назардан таса етпей, мұқият қарап шықты: оқ бәрін шұрқ тескен.

Қырғын салушылар асықса керек, өліктерді көміп , үлгермепті.

Ол кетуге ыңғайланғанда, өрттен аман қалған аласа қабырғаға аңдаусызда көзі түсіп кетті де, оның ар жағынан ербиген төрт аяқты байқап қалды. Аяқкиімдері орнында әрі басқалардікінен гөрі кішірек көрінді. Ол қабырғаға жақындап еді, әлгі әйелдің аяғы болып шықты.

Қабырғаның арғы жағында атылған екі әйел қатар жатыр. Тельмарш оларға еңкейе қарады. Біреуінің үстінде солдат мундирі сияқты бірдеңе бар. Қасында быт-шыт болған бос құты жатыр. Бұл — маркитант әйел болатын. Басын төрт жерден оқ тесіп өткен. Жансыз.

Ол екінші әйелді қарай бастады. Бұл шаруа әйел екен. Беті құп-қу, аузы ашылып кеткен, көзі жұмулы. Басында жара көрінбейді. Киімі, сірә, ұзақ жол жүргендіктен бе, жалба-жұлба. Көйлегі құлаған кезде түріліп кетсе керек, төсі жалаңаштанып қалған. Тельмарш бір иығын оқ тескен дөп-дөңгелек жараны көрді. Бұғанасын үзіп кетіпті.

— Бала емізіп жүрген әйел екен... — деп күбірледі ол әйелдің бозарып кеткен жансыз кеудесіне қарап.

Ол денеге қолын тигізіп еді, жүрегінің ақырын соғып жатқанын сезді. Әйел әлі тірі екен... Сонда ол бойын жазып:

— Бұл жерде біреу-міреу бар ма, ей? — деп айғайлап жіберді.

—Бұл сенбісің, қарт? — деп тіл қатты оған біреу. Дауыстың ақырын шыққаны сонша, құлаққа талып естілді. Ойраны шыққан жерде әлденендей біреу басын көтерді. Ізінше басқа тасадан тағы біреудің басы қылтиды. Бұлар уақтылы жасырынып үлгерген, фермада адам атаулыдан тірі қалған екі шаруа болатын. Олар қайыршының таныс даусын естіп, тәуекелдеп, өздері тығылып қалған үңгірден еңбектеп шығып келеді екен. Көрген сұмдықтан әлі есін жиып үлгермей, дір-дір еткен қалпы Тельмаршқа жақындады.

Тельмарш тек айғайлай алатын, сөйлеуге шамасы жоқ-ты. Бұл үрей ұшқанда әркімнің әдеті ғой. Ол шалқасынан жатқан әйелді саусағымен нұсқады.

— Ойпырым-ай, тірі ме екен? — деп сұрады шаруалардың бірі.

Тельмарш басын изеді.

— Екінші әйел де тірі ме? — деп сұрады екінші шаруа. Тельмарш басын шайқады.

Оған бірінші болып үн қатқан шаруа даусы қалтырап, сөйлей бастады:

— Қалғандарын түгелдей өлтіріп кеткен шығар. Мен бәрін көріп жаттым. Астыңғы үйде тығылып жатқанмын. Отбасының жоқтығы үшін сол кезде құдай-тағалаға мың да бір шүкіршілік еттім емес пе? Үйімді өртеп жіберді... О, жаббар ием! Бәрін қырып кетті! Мынау әйелдің балалары, үш бірдей баласы болатын. Кілең үйелмелі-сүйелмелі. Сол балалар "Мама, мама!" деп құлын даусы шықпасын ба? Байғұс шеше "шыбындарым-ай..." деп бебеу қақты. Шешесін өлтірді де, балаларын алып кетті. Өз көзіммен көрдім. О, жасаған, жасаған! Бәрін қырып-жойып, бір нәрсені тындырғандай, мәз-мейрам болысты. Балаларын айдап, шешесін өлтіріп қайқайды... Әлде, ол әлі тірі ме екен? Тірі ғой, ә? Қарт қалай ойлайсың, оны құтқарып қалуға болмас па? Қаласаң, жеркепеңе апарысар едік.

Тельмарш басын изеді.

Орман ферманың іргесіне дейін өскен. Олар жуан бұтақтар мен папоротниктен әп-сәтте зембіл жасады да, оған әлі ес-түссіз жатқан әйелді көтеріп салып, жүріп кетті.

Екі шаруа зембілді бірі аяқ жағынан, екіншісі бас жағынан көтеріп, Тельмарш әйелдің қолын ұстай, тамырын байқап, жанында келеді. Әйелдің қан-сөлсіз қуқыл бетіне ай сәулесі құйылып тұр.

Шаруалар жол бойы аһ ұрып, қапаланумен болды:

— Тігерге тұяқ қалдырмай, қырып кетті-ау!

— Дымын қалдырмай өртеп жіберді!

— Ой, тоба-ай, енді не болар екен десейші?

— Осының бәрін істеткен анау ұзынтұра қарт.

— Иә, сол ғой әмір еткен.

— Жұртты атып жатқанда мен оны көрген жоқпын. Ол да басы-қасында болды ма?

— Жоқ, ол ертерек кетіп қалған. Бірақ бәрібір осының бәрі соның бұйрығымен істелді.

— Демек, бәріне кінәлі сол десейші.

— Иә. "Өлтіріңдер! Өртеңдер! Рақымшылық жасамаңдар!" деген сол

— Өзін қайдағы бір маркиз дейді ғой.

— Әлбетте, біздің маркиз тап соның өзі.

— Аты-жөні кім сонда?

— Де-Лантенак мырза.

Тельмарш көкке телміре қарап:

— Білсемші мұны! — деп тістене күбір етті.

ЕКІНШІ БӨЛІМ
ПАРИЖДЕ
Бірінші кітап
СИМУРДЕН
I. Париж көшелерінде

Өмір баршаның көз алдында өтіп жатты. Жұрт үй-үйдің есігі алдына үстел қойып, тура көше бойында тамақ ішуде; әйелдер шіркеу папертіне жайғасып, "Марсельезаны" әндете, жара таңатын жүн-жұрқаны түтіп отыр. Барлық көше тораптарында қару-жарақ шеберханалары жең сыбана жұмысқа кіріскен: қол шапалақтаған топ алдында мылтық бірінен соң бірі дайын болып жатыр. Баршаның аузынан: "Шыдау керек, бізде революция болып жатыр" деген сөз ғана естіледі. Жұрт қаймықпастан, жымия күледі.

Немістер Париж қақпасының алдында тұр. Прусс королі өзіне Опера театрында бірнеше ложа қалдыруға бұйрық беріпті деген қауесет тарап кетті.

Кокардасыз бір қалпақ көрінбейді. "Бізге Қызыл Бөрік жарасады" десті әйелдер.

Ескі-құсқы сатушылардың дүкендері тәждерге, митраларға*, алтын жалатқан ағаш скипетрлерге* және гербілі лилияларға, король сарайларынан шыққан неше түрлі қоқысқа толды: бұл қоқыстан монархияның көбесі сөгіліп жатқаны көрініп-ақ тұр. Шүберекшілерден жұрт стихарь* мен рясаны қолдан-қолға тигізбей, сатып алуда. Үстіне стихарь киген, жабудың орнына арқасына зерлі кездеме салынған есек мінген адамдар кабактарға келіп, қожайындардан өздеріне собордың сырлы тостағанына шарап құюға әмір етіп жатқаны.

Сен-Жак көшесінде жол төсеуші жалаңаяқ шеберлер аяқкиім сатушылардың арбасын тоқтатып қойып, бәрі қосыла он бес пардан башмак сатып алып, "біздің солдаттар үшін" деп Конвентке жөнелтіп жатыр.

Үлкен дүкендердің көбі жабық, бірақ оның есесіне қоларба сүйреген әйелдер көше-көшені аралап, ойыншықтар мен майда-шүйде тауарлар сатып жүр: кешкілік арба үстіне жарық түсіру үшін майшам жағылып, оның тауарға майы тамшылып тұрғаны. Ашық аспан астынан қатарласа тізілген дүкендерде ақсары парик киген бұрынғы монах әйелдер сауда істеуде. Жамап-жасқауға шұлық қабылдап жатқан әйел аяқ астынан графиня болып, қайдағы бір тігінші — маркиза болып шыға келеді; де-Буффле ханым шардақта тұрады, бұл жерден оған жуырда ғана өзіне тиісті болып келген сарай анық көрінеді.

"Соңғы хабарларды" жұртқа әйгілей жар салып, көше бойында газетшілер шауып жүр.

Аяқ басқан сайын кезбе әншілер ұшырасады. Жиналған топ роялист әнші Питуді ысқырық астына алып жатса да, оның азаматтық ерлігін мойындамасқа болмайтын: ол жиырма екі рет түрмеде отырып шыққан, ал бірде тіпті "азаматтық ерлік" деген сөзді айтып, жұмсақ жерін қағып қалды деп айып тағылып, революцияшыл трибунал алдына баруға тиіс болады. Бүл үшін бас кетуі мүмкін екенін түсінген ол: "Апырым-ай, бұған кінәлі басым емес, денемнің басқа бір мүшесі еді ғой" деп іле сөз тастайды. Мұның өзі төрешілерді қыран-топан күлдіріп, оны ажалдан аман сақтап қалыпты.

Жұрт көше бойында аяғы талғанша "Карманьоланы" билеп, соның өзінде бір-біріне: "жігіт" және "бикеш" демей, "азамат" және "азаматша" десті. Жұрт альтар үстіндегі шамның әлсіз жарығында қираған монастырь ішінде билеп жатты.

"Тиран" деген қамзол кию сәнге айналды. Ер көйлектері ақ, көк және қызыл таспен әшекейленген "Бостандық" түйреуішімен түймеленетін.

Ришелье көшесі Заң көшесі деп, Сент-Антуан өңірі Даңқ өңірі деп аталды. Бастилия алаңында Жаратылыс статуясы тұрды.

Жұрт Әскери мектеп түлектерінің маршына қызықтай қарайды.

Сырбаздар азаматтық некені күлкіге айналдырмақ болады. Олар мэрия есігіне кимелеп, онан шығып келе жатқан жас жұбайларды:

— Муниципалитетке некесін қидырғандар! — деп келемеждей айғайлайды.

Қоғамдық бауларда жер жыртылып жатыр: Тюильриде түрен іске кіріскен.

Жер-жердің бәрі — газет. Шаштараз көмекшілері жұрт көзінше әйел париктерін бұйралап жатса, қожайын оларға "Монитерді" дауыстай оқып тұрғаны; өзгелері топ-топ болып жиналып, газет мақалаларын талқылай, қолдарын оңды-солды сермелейді. Шарап сатушылар көше бойында "эмигрант" шараптарын сапырта сатып жатыр.

Астық та, көмір де, сабын да — бәр-бәрі жетіспеді. Провинциялардан келген үйір-үйір сауын сиырларды көше бойлай айдап барады. Он күнде әр адамға бір фунттан сиыр еті беріледі. Дүкендердің алдында кезек күткен халық. Оны жұрт, басқаша айтқанда, "жіп ұстау" дейтін, өйткені ығы-жығы кезекте тұрғандардың бәрі ұзын жіптен ұстап тұруға тиіс-тұғын. Әйелдер осынау қиын-қыстау кезеңде шыдамдылық көрсетіп, кезегін тосып, нан дүкенінің алдында түн бойы тырп етпестен тұратын.

Революция қолданған шектен шыққан шаралар кәдеге асты: ол қайыршылықтың сұмдық кесапатына қарсы қауіпті екі құралмен — ассигнациямен және мейлінше қымбат баға қою арқылы күресті. Бүл Францияны құтқарып қалды. Вивьен көшесінен шыққан башмағы балшық-балшық, шашы майдан жылтыраған, түлкі құйрығы бұлғаңдаған мамық бөрік киген биржашылар да, жып-жылтыр етік, қырмызы қалпақ киген, тіс тазалағышы аузынан түспейтін Валуа көшесінен шыққан олжашылар да болды. Халық оларды ұры-қарыдай көріп, қудалайтын. Оларды роялистер "белсенді азаматтар" деп атайтын. Дегенмен ұрлық тым сирек болды. Ал адамдар ювелир жаймаларының жанынан сырт беріп, байсалды жүзбен өтіп кететін. Бірде тінту кезінде жиналған той бақтан гүл жұлып иманы үшін бір әйелді сабап тастады.

Бір сажын отын ағаш күмістей төрт жүз франк тұрды. Көше бойларында кереуеттерін отынға жарып жатқан адамдар көрінеді.

Қыста бұрқақтар қатып қалды да, жұрттың бәрі су тасушы болып алды.

Халық ішінде мойығандықтың нышаны да жоқ, тек тақтың күні өткеніне ғана жабырқау қуаныш үстінде. Еріктілер отанына өмірін пида етпекке лек-легімен ағылып жатыр.

Әр көше бір батальоннан беруде. Жер-жерде округ тулары желбірей көрінеді. Әрқайсысының өз ұраны бар. Бір туда "Бізді ешкім жеңе алмайды" делініпті. Екіншісіне "Бізге ізгі жүректен басқаның керегі жоқ" деп жазылған.

Қабырғада ілінген жарнамалардан көз сүрінеді. Үлкенді-кішілі, ағы да, сарысы да, жасылы мен қызылы да, тасқа басылғаны да, қолдан жазылғаны да бар және бәрі бірауыздан "Жасасын республика!" деп жар салып тұр.

Кішкентай бөбектер "Карманьоланың"* қайырмасын былдырлай айтады.

Бұл балалар ұлан-ғайыр болашақтың бейнесі еді.

Біз әңгімелеп отырған 93-жылы Париж көшелеріне революцияның бастапқы кезеңінің асқақ та суық сипаты тән болатын. Олардың өз шешендері, өз қаһармандары, өз сүйіктілері бар-ды. Әйгілі жандардың кейбірі бәлекет салса, кейбірі асыл ұрық себетін. Олардың арасында өжет әрі ақ — адал бір адам көзге түсетін. Оның аты Симурден еді.

II. Симурден

Симурден көпке өнегелі жан болса да, тұйық мінезді еді. Мінез-құлқында біртүрлі қайсарлық бар. Бұрын ол әулие әкей болды, ал мұның өзі ізін салмай қойсын ба?

Оның өмірбаяны тіптен қарапайым. Ол ауыл кюресі әрі бір ақсүйектің үйінде мұғалім болды. Сонан соң оған азын-аулақ мұра тиді де, ол өзінің діни қауымын тастап, тайып тұрды.

()л ең алдымен табанды еді. Көңіліне оралған ойға тас кенеше жабысып айрылмайтын. Бір нәрсені ойлай қалса, байыбына жетпей тынбайтын. Ол өршелене ойлайтын. Еууропалық тілдердің бәрін және басқа да бірсыпыра тіл білетін. Ол өмір бойы, жатпай-тұрмай оқумен болды.

Әулие әкей кезінде ол парыз атаулыны түгелдей атқарды. Бірақ дінін сақтап қала алмады. Дінінің түбіне ғылым жетті. Сонда ол ішкі дүниесін барлай келіп, өзін жаны мүгедек кісідей сезінді де, бойында әулие әкей кезінен сақталып қалған қасиеттен арыла алмай, енді өзін адамдық қасиетке, бірақ өзінің қатаң түсінігіне орай баулып, тәрбиелей бастады.

Оны отбасынан айырған соң Отан оның жанашырына айналды.

Симурденнің әке-шешесі қарапайым шаруалар, оны жай халықтың ішінен адам болып шығуы үшін діндар етіп еді, қайтадан халық ішіне оралды, тал бойындағы бүкіл ынтызарымен оралды.

Ғаріптік атаулы оны әлденендей ыстық мейірімге бөлейтін. Діндар философқа, философ жауынгерге айналды. Людовик XV-нің көзі тірісінде-ақ Симурден, неге екенін өзі де түсінбестен, өзін республикашыл сезінді. Бірақ ол қандай республиканы армандаушы еді?

Оған сүюге тыйым салынғандықтан, ол жек көруді үйренді. Ол жалғандықты, монархияны, поптардың үстемдігін, өзінің қара шапанын жек көрді. Ол өз заманын жек көріп, болашаққа құштарлана талпынды. Революцияның ұлы жылдарын бастан кешіп, оның барлық дүрбелеңіне үн қосты: 89-жылы — Бастилия* құлады, халықтың қайғы-қасіреті тыйылды; 90- жылы — феодалдық құрылыс құрыды; 91-жылы — монархиялық өкімет құлады; 92-жылы — республика құрылды. Ол революцияның қалай өрлегенін керді. Айналадағы нәрсенің түгелдей өсіп-өрбуі оны жігерлендіріп, жандандыра түсті. Сол кезде елу бірге аяқ басқанына қарамастан, ол да өсе бастады. Жылдан-жылға өрістеп келе жатқан оқиғаларға қарай отырып, солармен бірге өзі де өсті. Әуелі революция тағдыры үшін қорықты. Оған жіті көз салды. Парасат пен құқықтың революция жағында екеніне көзі жетіп, оған жан-тәнімен тілектес болды. Революция үрей тудырған сайын оның жаны жай таба бастады. Осылайша 93-жылға да жетті.

93-жыл — Еуропаның Франциямен және Францияның Парижбен соғысы. Ал революция дегеніміз не? Бұл — Францияның Еуропаны және Париждің Францияны жеңуі. XVIII ғасырдың өзге жылдарының бәрінен коп нәрсе берген бұл сұмдық жылдың ұлан-асыр маңызы да осында.

Мұнан бетер қасіретті жәйтті көзге елестету мүмкін емес: Еуропа Францияға, ал Франция Парижге шабуыл жасап жатты.

93-жыл күш-жігер әбден шарықтаған жыл болды. Ол жылы көк үйірген найзағай өзінің жайнаған кекті ызасын, өзінің алапат ұлылығын паш етті. Симурден көксегеніне жеткендей сезінді. Мынау алай-түлей заман оның құлаш сермеуіне доп келгендей еді. Теңіздің ақиығы секілді оған да іштей байсалдылыққа қоса сырттай қауіп-қатерге деген құштарлық тән-тұғын. Жан дүниесінде дауыл ұйтқып жататын адамдар да болады.

Ол жапа шеккендерге ғана жаны ашитын. Тіпті үрей ұшырар азап та бетін қайтара алмайтын. Мейірбандығының ерекшелігі де осы. Бірде тамағына қатерлі жара шыққан біреу ауруханада буына жаздап, жан алқымда жатқан. Жара жиіркенішті, сасық әрі жұқпалы болуы да мүмкін екен; ажал аузындағы адамды аман алып қалу үшін дереу жараның іріңін ағызу керек болады. Сонда Симурденнің кездейсоқта сол науқастың қасында бола қалуын қараңызшы. Ол ернімен жараға жабысады да, іріңін сорғылап, аузы толған сайын түкіріп тастап отырады, сөйтіп, әлгі адамды ажал тырнағынан құтқарып қалады. Сол кезде ол діндар шапанымен жүргендіктен, қасында тұрғандардың бірі:

— Сіз мұны корольге істесеңіз, күні ертең-ақ епископ болар едіңіз, — депті оған.

— Мен мұны корольге істемес едім, — деп жауап қатыпты Симурден.

Осы әрекеті мен осы жауабы Париждің кедей махаялаларына оның атын жайып жіберген-ді.

Аты әйгілі болғаны сонша, қайғы-қасірет шеккендердің бөрі, жәбір-жапа көріп, зығырданы қайнағандардың бәрі оның алдына келгенде айтқанын екі еткізбей, балауыздай балқып жүре беретін. Алыпсатарларға қарсы халықтың ашу-ызасы бұрқ еткен кездері -өкінішті қателіктерге осыншама жиі ұрындырып келген ашу-ыза үстінде - Симурден әулие Николай айлағында бір-ақ ауыз сөзімен сабын тиелген желкенді кемені талқандалудан сақтап қалыпты, екінші бір ретте Сен-Лазар заставасының қасында жүк тиелген көліктерді тоқтатпақ болып, елірген топты таратып жіберген.

Және тап сол Симурден оныншы тамыздан кейін он күннен соң корольдердің мүсіндерін құлатуға соңына бір топ адамды ертіп барады. Мүсіндер тұғырдан құлағанда жұртты да қағып кетіп жатты. Вандом алаңында бір әйел Людовик XIV-нің қола мүсінінің мойнына жіп байлап, тұғырдан сүйреп түсіргенде астында жаншылып қалды. Бүл мүсін осы орнында дәл жүз жыл тұрып келген еді: ол 1692-жылы 12 тамызда тұрғызылып, 1793 жылы 12 тамызда құлатылды.

Келісім алаңында Генгерло деген біреудің мүсінді қиратушыларды "сұмырайлар өңшең" деуі мұң екен, жиналған жұрт оны табан аузында Людовик XV-нің мүсіні жанында таптап кетеді. Мүсін быт-шыт болып қиратылады. Кейіннен одан мыс ақша соғылады. Оның бір қолы — Людовик XV-нің Рим императорынша алға созып тұрған оң қолы әлдеқалай сау қалыпты. Симурдениің өтініші бойынша халық оған осы қолды береді де, салтанатты депутация оны Бастилияда отыз жеті жыл отырған Латюдке апарады. Мүсіні Париж үстінде сорайып тұрған корольдің бұйрығы бойынша мойнына темір қарғы тағылып, шынжырмен қабырғаға таңып тасталған Латюд осы түрменің зынданында тірілей шіріп жатқанда осы түрменің қабырғасы күйрейді, корольдің мүсіні құлатылады деп, өзі, яғни Латюд, моласынан шығады, ал монархия құриды деп, нәпсіқұмар деспоттан қоладан құйылған осынау қолдан басқа ештеңе қалмайды деп, сірә, оның үш ұйықтаса, түсіне енді ме екен?

Симурден өзінің ар-ұжданына құлақ асып отыратын адамдардың санатынан болатын. Мұндай адамдар сырт қарағанда аңғал көрінеді, ал шынында өте аңғарымпаз келеді.

Симурден жайлы ол бәрін білетін әрі түк білмейтін адам деуге болар еді. Ол ғылым үйрететін нәрсені түгел білетін де, тұрмыс, күнкөріс жағынан мүлдем бейхабар болатын. Бірбеткей турашылдығының сыры да осында жатыр. Симурден алған бетінен қайтпай, қайсарлы табандылығымен тұп-тура ілгері тарта беретін.

Ол әлеуметтік төңкерістерде әсіре шаралар ғана болашақтың баянды негізі болып табылады деп кәміл сенді. Симурден Конвенттен де, Коммунадан да әрі кетті: ол Епископатқа мүше болды.

Бұрынғы епископ сарайының бір залында мәжіліс құрғандықтан Епископат деп аталып кеткен революциялық, қоғамдық саяси партиядан гөрі ала-құла тобырға көбірек ұқсайтын. Коммуна сияқты оның мәжілістеріне де көп үндей қоймайтын, бірақ "қалта сайын бір пистолеті" бар сесті көрермендер қатысып отыратын. Епископат неше түрлі киім-кешек пен кескін-келбеттің ерсілеу жиынтығы — таза парижшіл әрі халықаралық жиынтық іспеттес еді. Мұның өзі бірін-бірі терістемейтін, өйткені Париж — барлық халықтардың жүрегі соғып тұрған мекен ғой. Епископатта плебейлік сезім кемерлей тасқындап жататын.

Епископатпен салыстырғанда Конвент салқын, ал Коммуна сәл жылы сияқты көрінетін. Епископат жанартаулы формацияларға ұқсас революцияшыл ұйымдардың қатарына қосылатын. Онда аз-аздан бәрі де — ақымақтық та, надандық та, қаһармандық та, әділ ашушаңдық та, тіпті тыңшылық та болды. Бірақ көпшілігі ақ пейіл, көзсіз ерлер болатын. Париждің көптеген тұрғындары Париж төңірегіне топтасудың қажеттігін кәміл сезінді. Симурден, міне, осы топқа қосылды.

Бүл топ реакционерлермен белсене күресті. Епископат барлық революцияларға тән қасиет болып табылатын қоғамның зорлық-зомбылыққа деген қажетін тудырды. Осы күштен әл жиған ол құрметті орынды іле жеңіп алды. Сол кезде Париждегі толқулардың бәрінде де Коммуна зеңбіректен оқ жаудырып жатса, Епископат дабыл қағатын.

Симурден ақиқатқа қызмет ету бәрін ақтайды деп сенді: бұл оны әсіре партиялардың дәйім жетекшісі етті.

Епископат мүшелерінің көпшілігі, ең алдымен кедейлер, әсіре көзқарастағы және адал ниетті адамдар Симурденге сеніп, соның соңына жұмыла ерді.

Коммуна Конвентті, Епископат Коммунаны бақылап отырды. Айла-шарғыны жаны жек көретін турашыл адам болғандықтан, Симурден талай-талай құпияны әшкереледі. Ол неше түрлі элементтер арасындағы дәнекер болды. Бұл оның жағдайын тым шалқақтатып жібермегенмен, мықтай түсті.

Бүл кезде Симурден қайсарлықпен әмір жүргізді. Ол өзін жаңылмас жан санаған ізгі адам болатын. Оның жылағанын ешкім көрген емес. Мұның өзі ақылға сыйымсыз мұздай мейірбандық еді; ол әділдік үстінде жан шошырлық болатын.

Революцияға қосылған әулие әкей үшін екі орта деген жоқ. Мұндай ғаламат, адуынды оқиғаларға әулие әкей не ең ұсқынсыз, не ең шарапатты сезіммен ғана белсене қатыса алатын; бүл үшін не оңбаған, не абзал адам болу керек. Симурденнің жаны абзал-тұғын, бірақ онысы елсіз жартасқа ұялағандай, өз-өзінен оқшауланып, асқақтығымен жұртты сескендіріп, шыңырау үстінде кезіп жүретін. Мұндай тәнті қылар тазалық асқар тауға ғана тән.

Симурденнің сыртқы пішіні қарапайым: ол олпы-солпы киінетін, кедей сияқтанатын. Жасында төбе шашын ұстарамен алғызатын. Қартая келе нағыз ай қасқа болып, әр жерде қылтиған селдір шашы ағарып кетті. Жазық маңдай, зер сала қараған кісі бүл маңдайдан үлкен зиялы ақыл-ойдың табын аңдар еді. Ол салтанатты түрде, өктем дауыспен әрі дақпа-дақтап сөйлейтін. Кезерген ернінен әлденендей өкінішті сызат кетпейтін. Жанары байсалды да өткір, бүкіл бет әлпеті ұстамды ызбарлықты танытқандай.

Симурден осындай адам еді.

Қазіргі кезде оның есімі жұрт есінен ұмыт болған. Заманында аты жер жара дүрілдеген мұндай беймәлім жандар тарихта аз болып па?

III. Тәрбиеші

Мұнда адамды адам деуге болатын ба еді? Адамзатқа қызмет ете жүріп, ол жеке басын күйттеуге құқты ма? Симурден сүйе алатын ба еді?

Турасын айтсақ: сүйе алатын.

Жас шағында бір ақсүйектің үйінде тәрбиеші әрі мұғалім болып жүргенде қамқорлығында бір жас түлегі болды. Ол осы отбасының баласы әрі мұрагері еді және оны Симурден жақсы көретін. Бөбекке бауыр басу қиын болып па? Сәбиге нені ғана кешірмессің? Оның атақты тектен шыққандығында, мұрагер екендігінде, король екендігінде не тұр. Оның жас күндегі пәктігі әулетінің қылмысын ұмыттырады; құйтымдай сәбидің дәрменсіздігі оның шыққан тегін көлегейлеп, тасалайды. Оның кішкентайлығы сонша, жоғары мәртебелілігіне де кешірім жасалады. Құл оған қожайындығы үшін өшікпейді. Қарт негр ақ нәсілді түлегін пір тұтады. Симурден шәкіртіне жан-тәнімен үйір болып алды. Балалық шақтың тіл жетпес ғажап сыры сол, бөбекті елжірей сүйе аласың. Симурденнің бойындағы мейірбандық атаулы осы балаға үйіп-төгілді десе де болады: жалғыздыққа душар болған жүрегін осы бір сүйкімді де бейкүнә сәби баурап әкетті. Бүл оны бойына біткен барша махаббатпен әрі әкесінше, әрі бауырынша, әрі досынша сүйді. Симурден бұл баланың әкесі емес-ті, оның есесіне ұстазы, бапкері, зергері еді. Осынау құйтақандай мырзаны ол адам етіп шығарды, бәлкім, кім білген, ұлы адам етіп тәрбиелеген шығар! Қалай болғанда да, ол осыны армандады. Отбасының қаперінен тыс өз түлегі — жас виконтка өз бойындағы өсіп-өрбіп жатқан нәрсенің бәрін дарытты. Айтпақшы, ақыл-ойды, ықтиярды және турашыл мінез-құлықты саралап, шыңдауға рұқсат алып жатудың керегі бар ма? Ол өзінің берік сенімін, ар-намысы мен асыл мұратын оның қан тамырына құйып, сіңіре берді, сіңіре берді. Ақсүйектің миына ол халықтың жан дүниесін теліді.

Кейде бауыр басқан әйелдің туған шешеден бетер ана атағына лайық келетіні сияқты, кейде тәрбиеші де әке атануға туған әкеден бетер құқылы келеді.

Симурденді түлегімен нақ осындай терең рухани әкелік сезім тоғыстыратын. Осы баланы көрген бойда жаны жадырап сала беретін.

Бұл ретте әкенің орнын басу оншама қиын болмағанын айта кеткен жөн. Бала жетім болатын, әке-шешесі өліп, соқыр қарт әжесі мен өне бойы үйінде болмайтын немере атасының қолында қалған-ды. Көп ұзамай әжесі де дүние салды. Отбасы басы — қарт атасы сарай жанында көрнекті қызмет атқарған әскери адам әрі ақсүйек болатын. Ол өзінің нәсілетті қамалына сирек келетін және жетім баланы оңаша қамалда жалғыз тастап, біресе Версальда, біресе армия жанында жүретін. Сөйтіп, тәрбиеші баланың шын мәнісіндегі әміршісі болды.

Бала қаршадайында-ақ қауіпті науқаспен ауырды. Ол бірнеше күн ажал аузында жатты да, Симурден қасынан күні-түні екі елі кетпеді. Дәрігер емдейді, күтуші әйел бағып-қағады. Ал Симурден болса, баланы құлан-таза жазып шығарды. Түгелі оған тәрбиесі, алған тәлімі мен білімі үшін ғана емес, ауыр науқастан сауыққаны үшін де, денсаулығы үшін де борыштар болатын. Ол тәрбиешісіне ой толғауға үйреткені үшін ғана емес, ажалдан аман алып қалғаны үшін де парыздар болатын.

Әдетте не болмайды: өмір екеуін екі ажыратты. Тәрбие тәмамдалып, бала ержетті де, Симурденге онымен қош айтысуға тура келді. Мұндай қоштасу қаншалықты жөн-жосықсыз, қатыгез де қайырымсыз нәрсе десеңізші! Баланың санасына өз ой-парасатын құйған ұстазды, оған өз бойындағы бүкіл нәр-шырынын сарп еткен қамқор әйелді әке-шешесінің міз бақпас байсалдылықпен қалай аттандырып салатынын айтсаңшы? Симурденмен де есеп айырысып, табалдырықтан шығарып салды; ол қоғамның ойына қайта түсу үшін, қырынан тайып тұрды. Бұл дүниені мықтылардан, әлсіздерден бөліп тұрған дырау есік артынан тарс жабылды. Туа сила армияға офицер болып жазылып, енді бірде капитан шеніне жоғарылатылған жас ақсүйек гарнизонына кетті де, бар ықыласымен қайсар жандардың лагеріне ойша әлдеқашан қосылған қарапайым әулие әкей — мұғалім шіркеудің төменгі діншілдер деп аталатын қараңғы, қапас қабатына асыға оралып, шәкіртінен көз жазып қалды.

Революция да келіп жетті. Симурден өзі адам қатарына қосқан бозбаланы ешқашан есінен шығарған емес. Бұл сезім оның жүрек түкпірінде әрдайым ұшқындап жататын, сондықтан қоғамдық оқиғалар қаншама зор болғанмен бұл ұшқынды өшіре алмады.

Тамаша мүсін соғып, оған жан бітіру — жақсы-ақ, бірақ жап-жас ақыл-ойды өрбітіп, жас жанды өзіңше сомдау және оған шыншыл сезім дарыту — онан да артық.

Ақыл-ойдың өзінің рухани перзенті болуы мүмкін.

Осынау жетімек шәкірті Симурденнің тіршілікте жақсы көрген жалғыз пендесі еді.

Бірақ осындай адамның ықылас-пейілінде олқылық та бар ма еді, қалай? Біз мұны кейін көреміз.

Екінші кітап

ТОТЫ ҚҰС КӨШЕСІНДЕГІ ШАҒЫН КАБАК

I. Үшеу

Тоты құс көшесінде бір шағын кабак немесе, жұрттың айтуынша, дәмхана болатын. Осы дәмхананың жанында түкпір бөлме бар-ды. Қазір ол тарихи бөлмеге айналған. Міне, осында құдіретті күш иесі болған әрі үнемі қатаң бақылауда жүргендіктен, бір-бірімен жұрт көзінше сөйлесуден тайсалатын адамдар, мүмкін, қадерінше, жасырын түрде ауық-ауық бас қосатын.

1793 жылғы 28 маусымда осы бөлмеде үстел басында үш адам отырды. Олардың әрқайсысы үстелдің бір-бір жағып алыпты да, төртінші жағы бос қалыпты. Кешкі сағат сегіздер шамасы болатын. Көше әлі жарық, бірақ дәмхананың түкпір бөлмесі қараңғы тартып, үстел үстіне аспалы шам жарық түсіріп түр.

Әңгімелесіп отырған үшеудің бірі боп-боз, байсалды, жұқа ерінді, жанары суық жас жігіт. Бір шықшыты кейістікпеп әлсін-әлі бұлт-бұлт етеді. Оны күлдірмей тұрған да сол болса керек. Басында опаланған парик, қолында биялай.

Қалған екеуінің бірі — алып та, екіншісі — ергежейлі дерлік. Алыптың бетін шешек айғыздап тастаған. Көнтек ерін, балға тіс, абажадай жұдырық, жайнақ көз; екі қасының ортасында сестиген қыртыс, бірақ езуі мейірімділік танытқандай. Үшіншісі — сарғыш бет тапал Отырғанда бүкір сияқты; аузы дорбадай әрі адуын тәрізді.

Біріншісінің аты — Робеспьер, екіншісі — Дантон, үшіншісі Марат болатын.

Олар бөлме ішінде өзді-өзі оңаша отыр. Дантонның алдында тостаған мен шарап құюлы шаң-шаң бөтелке; Мараттың алдында — бір кесе кофе, Робеспьердің алдында — жаюлы қағаз.

Қағаз жанында сия сауыт, ғасырдың сонау бас шенінде мектептерде қолданылып келген кедір өрнекті дөңгелек қорғасын сия сауыттардың бірі. Тап осы жерде қауырсын қалам жатыр. Қағаз үстінде мыстан жасалған үлкен мөр. Үстел ортасында Францияның жаюлы қартасы.

Кеңесте талқыланып жатқан мәселе үстел үстінде жаюлы жатқан және Робеспьер дауыстай оқып шыққан қағаздар. Әңгіме қыза-қыза айтысқа ұласып барады. Дауыстар барған сайын зорайып, қатқыл сарын естіле бастады.

II. Республика қауіп үстінде!

Дантон түрегеліп, орындығын әрегірек итеріп тастады.

— Естимісіңдер! — деп дауыстап жіберді ол. — Алдымызда тұрған міндет біреу-ақ — ол республиканы құтқару. Республика қауіп үстінде! Қазір мен үшін ең бастысы — Францияны жаудан азат ету. Бұл үшін құрал атаулының бәрі жақсы. Айнала ажал төніп тұрғанда мен құралдың бәрін пайдаланамын. Бәрінен қорықсам, бәрін істеуге дайынмын. Революцияда шалағай шараның, кінәмшілдіктің болуы мүмкін емес. Өзгенің зәресін алсақ қана пайдамыз болмақ. Піл табанын қайда қоярын ойлап, бас қатырып жата ма? Жауды таптап өту керек!

Робеспьер ақырын жауап қатты:

— Менің де тілегім осы. — Сөйтті де ол: — Әңгіме тек жаудың қайда екендігінде, — деп қоса айтты.

— Ол Франциядан тыс жерде, әрі оны мен қуып тастағанмын! — деп дүңк етті Дантон.

— Ол біздің шепте, әрі мен оны бақылап жүрмін, — деді Робеспьер.

— Мен оны қайта қуып тастаймын, — деді Дантон.

— Іштегі жауды қуа алмайсың.

— Ендеше, оны қайту керек?

— Қыру керек.

— Мен мұны қостаймын, — деді Дантон өз тарапынан; сонан соң, қайталаймын, Робеспьер, жау елден тыс жерде, — деді.

— Қайталап айтамын, Дантон, ол — ішімізде.

— Робеспьер, ол — біздің шекарада.

— Дантон, ол Вандеяда.

— Сабыр етіңіздер, — деп үн тастады үшінші дауыс, — жау жер-жердің бәрін жайлап алған, сондықтан сіздер құрыдыңыздар.

Мұны айтқан Марат еді. Робеспьер оның бетіне жалт қарады да, сабырмен пікір таластырды:

— Жалпылама сөз жетер енді. Мен сіздерге фактіні мысалға келтірдім. — Робеспьер қолын алдында жатқан қағаз үстіне қойып, сөзін сабақтай түсті. — Мен сіздерге Желамбр жеткізген мәліметті хабарладым. Дантон, сізге айтарым: сыртқы жаумен соғыс — дәнеңе емес; гәптің бәрі азамат соғысында. Сыртқы соғыс — шынтаққа түскен сызаттай: азамат соғысы — іш-қазанды кеулеп кетер қатерлі ісік. Жаңа ғана мен оқып берген мәліметтен бір нәрсе айқын аңғарылады: күні бүгінге дейін күші бытыраңқы болып, жекелеген басбұзарлар ғана қимыл жасап келген Вандея енді топтасуға дайын. Бұдан былай оның бас командашысы болмақ.

Қарақшы атаман! — деп дүңк етті Дантон.

Ол біздің жағалауға екінші маусымда келіп түсті, —деді оның сөзіне құлақ аспастан Робеспьер. — Мұның қандай екенін білесіздер. Бұта арасынан жүргізіп келген соғыс етек жая бастады. Сонымен бір мезгілде ағылшын десанты әзірленіп жатыр. Вандеялықтар мен ағылшындар — Бретань мен Британия. Мен сіздерге қолға түскен хатты көрсеттім, онда "көтерілісшілер арасына жиырма мың қызыл мундир* келе қалса, жүз мың адам көтерілмек" делінген. Шаруа бүлігі шарықтағанда ағылшын десанты келіп түспекші. Олардың жоспары мынау. Картаға қараңыздар. Сонан соң картаны саусағымен түрткілеп, әңгімесін жалғастыра түсті. — Ағылшындардың қалауы мол: олар мына жағалаудың кез келген жеріне түсе алады. Екі аптадан кейін үш жүз мың адамдық армия жиналады да, бүкіл Бретань француз королінің қолына көшеді.

— Яғни ағылшын королінің, — деп түзетті Дантон.

— Жоқ, француз королінің. Сөйтті де, Робеспьер тағы да былай деді: — Француз королі одан да жаман: шет жерлік жауды екі аптада қуып жіберуге болады, ал монархиядан құтылу үшін бізге он сегіз ғасыр қажет болмады ма?

Дантон орнына отырып, ойлана, қолымен басын сүйеді.

— Енді қауіптің қайдан төніп тұрғанын көріп отырсыздар ма, — деді Робеспьер. — Бретань ағылшындарға Парижге жол ашпақ.

Дантон басын көтеріп, ызалана түйген үлкен жұдырығын төске қойған балғадай үстелге түсірді.

— Робеспьер, Верден пруссактарға Парижге жол ашпап па еді?

— Сонда ше?

— Сонда ма, біз пруссактарды қуғандай ағылшындарды да қуып шығамыз! — Осыны айтты да, Дантон орнынан тағы ұшып тұрды.

Робеспьер сап-салқын қолымен оның қыз-қыз қайнаған жұдырығын ұстады.

— Отырыңыз, Дантон, картаны жұдырықпен түйгіштеудің орнына көз қиығыңызды салыңызшы.

Бірақ Дантонды пікірінен тайдыру оңай емес-ті.

— Жоқ, мұныңыз тіпті артық! — деп саңқ етті ол. — Шығыстан төніп келе жатқан апатты батыстан күтпекпіз бе?.. Иә, Робеспьер, Англия бізге мұхит жағынан қауіп төндіріп отыр, қош. Бірақ Пиренейде — Испания, Альпіде — Италия, Рейнде — Германия бізге қарсы көтеріліп келе жатқан жоқ па? Ал көз ұшында тағы да орыс аюы жатыр... Робеспьер, қатер жан-жақтан төніп тұр: ол бізді тар құрсаумен қоршап алды. Армия мықтап сиреді. Төрт жүзден астам солдаты бар бірде-бір батальон жоқ. Жаужүрек Де-Понт полкінде небары бес жүз адам қалды. Памар лагері жауға тапсырылды. Живэде қалған бүкіл үн қоры бес жүз қапқа жетер-жетпес. Біз шегініп келеміз — Брауншвейг* күшейіп, бізге қарсы ентелей, өздері басып алған француз қалаларының бәріне неміс туын тігіп жатыр. Прусс королі Еуропаның тағдырын билей бастады. Ол біздің провинцияларды басып алуда, ол, әлі көрерсіз, Бельгияны да уысына алмақ. Ол рас, біз шынында да Берлин үшін қара тер боп жүргенге ұқсаймыз. Бүйте берсе, егер ақыл-есімізді жимасақ, француз революциясы Потсдамға пайда келтірген болып, Фридрих Екіншінің кішігірім иеліктерінің ұлғаюы соның бірден-бір нәтижесі болып шықпақ және біз Францияның королін Пруссия королінің мүддесі үшін жаһаннамға аттандырған болып шықпақпыз! Осы жерде Дантон, үрейлі Дантон қарқылдай күліп жіберді.

Оның күлкісін естіп, Марат жымия мырс етті.

— Әркімнің өз білгені бар, — деді ол — Сіздің ойыңыз, Дантон — Пруссия, ал сіздің ойыңыз, Робеспьер — Вандея. Енді мен де өз ойымды айтайын. Екеуіңіз де шын қауіпті көрмей отырсыздар. Екеуіңіз де қателесесіздер. Қауіп, Робесьердің ойлағанындай, Лондонда да және Дантонның ойлағанындай, Берлинде де емес: қауіп — Парижде. Бүл қауіп бірліктің жоқтығында, сіздердің екеуіңізден бастап әркімнің оз дегенінен қайтпай, қасарысуға құқықтымын деп отырғанында. Қауіп — идеялық былықта, ерік-жігер анархиясында.

— Сонда сіз де анархия туралы айтпақсыз ба? — деп үзіп жіберді оны Дантон. — Оны туғызып отырған сізден басқа кім?

Бірақ Марат кідірмей сөйлей берді:

— Робеспьер, Дантон, қауіп-қатер кабактарда, қызойнақтарда, клубтарда... Қауіп аштықта. Қауіп құны күн санап құлдырап бара жатқан қағаз ақшада. Ассигнацияны алыпсатарлар мен саудагерлер — қауіптің нағыз ошағы ... Ә- ә, сіздер Парижге мән бермейді екенсіздер ғой! Сіздер аяқ астындағы қауіпті айдаладан іздеп отырсыздар. Ендеше, қойыңыздар: қауіп үстеріңізде, тап іргелеріңізде. Айнала голы астыртын әрекет. Жүргіншілер көше бойында бір-біріне газет оқыған болып, көз ала бас шұлғысады. Ниеті түзулігі туралы куәлігі жоқ алты мың адам — қайтып оралған эмигранттар, фәни сырбаздар мен тыңшылар — астыңғы үйлерде, шатырлар мен Пале-Рояльдың ағаш галереяларында жасырынып-пысырынып жүр. Нан дүкендері алдында — ұзын-шұбақ кезек. Әр босағада сүмірейіп тұрған бейшара әйелдер және бәрі де "Тыныштық енді қашан орнайды?" деп жалбарына сұрайды. Иә, қауіп — жер-жердің бәрінде, әсіресе орталықта, Парижде. Бұрынғы дворяндар астыртын әрекет әзірлеп жатыр, патриоттар жалаңаяқ жүр. Тоғызыншы наурызда қамауға алынған ақсүйектер ендігі босатып жіберілген. Шекарада зеңбірек сүйреп жүруге тиіс мыңдаған желіс аттарының көшеде бізге балшық шашыратып бара жатқаны. Төрт фунт қатқан нан — үш франк — он екі су тұрады. Театрларда әдепсіз пьесалар ойналып жатыр, және көп ұзамай Робеспьер Дантонды гильотинаға* аттандырмақ.

— Сөйтіп көрсін! — деп дүңк етті Дантон. Робеспьер картаны шұқшия қарап түр.

— Ал менің ұсынысым мынау, — деді мұнан соң Марат. — Ақырғы рет күш жұмсап көрелік. Келісімге келуге тырысалық. Мұндайда тырысып көрудің жөні бар сияқты. Екеуіңіз дің де сөзіңізде шындықтың ұшығы жатыр, бірақ түгел шындық — мен айтып тұрған нәрседе. Бізге жетіспей тұрғаны не? Бірлік. Тірі қалмағымыз осы бірлікте ғана. Бірақ асығуымыз керек. Париж революция тізгінін қолына алуға тиіс. Тым болмаса бір сағаттан айрылсақ, ертең, вандеялықтардың Орлеаннан, ал пруссактардың — Парижден табылуы ықтимал. Көріп отырсыздар ма, Дантон мен Робеспьер, мен сіздерге бір сәт ырық бермекпін. Мұнан қандай қорытынды шығаруға болады? Қорытынды біреу ғана, ол — диктатура. Біз үшеуміз революцияны бейнелейміз. Біз — оның үш бірдей басымыз. Осы үш бастың біреуі сөйлейді, ол сіз — Робеспьер, екіншісі ырылдайды, ол сіз — Дантон...

— Ал үшіншісі тістейді, ол сіз — Марат, — деп қостап әкетті Дантон.

— Үшеуі де тістеуік, — деп түзетті Робеспьер.

Бір сәт үнсіздік басты. Сонан соң әңгіме қайта басталды. Марат ашуға мінді:

— Робеспьер! Дантон! Демек, мені тыңдағыларыңыз келмейді екен ғой! Ендеше, тағы да айтамын: сіздер құрыдыңыздар. Өздеріңіздің саясатыңыз өздеріңізді тұйыққа тірегелі отыр. Әрі қарай жол жоқ. Амалдарың таусылды. Істеп отырғандарыңыз молаға апарар есіктен басқа есіктің бәрін алдарыңыздан тарс жабады.

Дантон иығын қиқаң еткізді.

— Біздің ұлылығымыздың өзі осында, — деді ол

— Сіз екеуіңіз әлі жассыздар, — деді одан әрі Марат. — Сен нешедесің, Дантон? Отыз төрттемін дейсің бе?

— Ал сен ше, Робеспьер? Отыз үштесің бе?.. Ал мен дүние жаралғаннан бері жасап келемін: мен — адамзаттың мәңгілік қайғы-қасіретімін, мен алты мың жасаған адаммын.

III. Асыл сезім бұлқынысы

Әңгіме кілт тынды. Үшеуі де өз ойларына шомғандай. Робеспьер сазарыңқырап кетті. Дантон қызарыңқырап кетті. Екеуі де қалш-қалш етеді. Мараттың көз жанарындағы уытты ұшқын өшті, жүзі қайтадан жадырап, жайдарыланып сала берді.

Сол мезет бөлменің түкпір жағынан:

— Марат, сенікі дұрыс емес, — деген дауыс естілді. Бәрі жалт қарады. Айтыс кезінде олар артқы есік арқылы біреудің ішке кіргенін байқамай қалған.

— Ә, бұл сен бе едің, азамат Симурден? — деді Марат.

— Сәлеметсің бе?

Кірген шынында да Симурден еді.

— Марат, сенікі дұрыс емес деп тұрмын, —деп қайталады ол.

Марат көгеріп кетті: бұл оның бозарғаны еді. Симурден сөйлей берді:

— Сен пайдалысың, ал Робеспьер мен Дантон қажет. Олай қорқытып-үркітудің керегі не? Бірлік, бірлік қажет, азаматтар! Халық бірлікті талап етеді.

Симурденнің араласуы, ішкі айтысқа ойда-жоқта бөгде адамның кимелеуі шашып жіберген салқын судай эсер етті; ол дауылды басып тастамағанмен, бетін қайтарды.

Симурден үстелге жақындады.

Дантон мен Робеспьер оны білетін. Конвенттің халыққа арнаған трибуналарында олар осынау әлуетті адамды талай рет байқаған-ды. Халық оның алдынан бас киімін алатын. Әйткенмен формалист Робеспьер қайтсе де сұрап қалды.

— Сіз мұнда қалай кірдіңіз, азамат?

— Ол Епископаттан, — деп жауап берді Марат.

—Е, Симурден азамат бүл жерде артықшылық етпейді, —деді де, Дантон Симурденге қолын ұсынды, сонан соң: — Симурден азаматқа мән-жайды түсіндіру керек. Ол дер кезінде келді. Мен бүл жерде Гораның өкілімін, Марат — Коммунаның өкілі, Робеспьер — Қоғамды құтқару комитетінің өкілі, Симурден — Епископаттың өкілі. Ол бізді татуластырмақ, — деді тағы да.

— Мақұл,— деді Симурден сабырмен әрі жай ғана. — Қандай мәселе?

— Біз Вандея туралы сөйлесіп отыр едік, — деді Робеспьер.

— Вандея туралы ма? — деп қайталап сұрады да, Симурден сөзін әрі созды. — Иә, бұл — үлкен қатер. Революция опат болса, бұл Вандеяның ғана кесірінен болмақ: Вандея он Германиядан да қауіпті. Францияның өмір сүре алуы үшін Вандеяны құрту қажет.

Бүл аз сөздің өзі Робеспьерге жағып кетті. Сонда да ол:

— Сіз, бұрын әулие әкей болдыңыз-ау, осы? — деп сұрады.

— Иә, азамат, — деп жауап қатты Симурден.

— Мұнда тұрған не бар? — деп іліп әкетті Дантон. — Әулие әкей бізді жақтап отырса, жай адамнан құндырақ болғаны. Революция кезінде қоңырау мәнет пен зеңбірекке қалай айналса, діндар да жай азаматқа солай айналмақ.

— Енді Вандеяға оралайық, — деді Робеспьер.

— Иә, сонда гәп неде болып тұр? — деп сұрады Симурден.

— Онда әлгі Вандеяда не боп жатыр өзі?

— Вандея көсем тауыпты. Енді ол қорқынышты бола бастады, — деп жауап берді Робеспьер.

— Ол неткен көсем, азамат Робеспьер?

— Лантенак деген біреу, өзін Бретань мұрагерімін деп мұрнын шүйіріп жүрген бұрынғы маркиз.

Симурден елең етті.

— Білем, — деді ол — Мен оның діни қауымында әулие әкей болғанмын. Содан соң сәл ойланып, сөзін тағы жалғады. — Иә, ол қорқынышты болуға тиіс.

— Шынында да қорқынышты, — деді Робеспьер. — Ол деревняларды өртеп, жаралыларды біржола құртып, тұтқындарды өлтіріп, әйелдерді атып жүрген көрінеді.

— Әйелдерді дейсіз бе?

— Иә. Оның бұйрығы бойынша өзгелермен бірге үш бірдей баланың шешесі атып тасталған. Балалардың не күйде екені белгісіз... Әрі ол — нағыз қолбасшы, әскери өнерді білетін кісі.

— Ол рас, — деді Симурден. — Ганновер соғысы кезінде—ақ солдаттар ол жайында: "Жоғарыда Ришелье, төменде Лантенак" дейтін. Нағыз бас командашы Лантенак болатын.

Робеспьер айта берді:

— Міне, сөйтіп, Симурден азамат, сол кісі қазір Вандеяда жүр.

— Көптен бері ме?

— Үш аптадан бері.

— Оны заңнан тыс деп жариялау керек.

— Істелді.

— Оның басына бәйге тігу керек.

— Істелді.

— Оны ұстаған адамға ақшалай көп сыйлық беріледі деп уәде ету керек.

— Істелді.

— Қағаз ақшамен емес, алтынмен.

— Істелді.

— Оны гильотинаға жөнелту керек.

— Істеледі.

— Мұны кім істемек?

— Сіз.

— Мен бе?

— Иә, Қоғамды құтқару комитеті сізді барша уәкілдікпен Вандеяға делегат етіп жібермек.

— Мақұл, — деді Симурден.

Робеспьер адамды тез таңдайтын — бұл мемлекет қайраткеріне тән қасиет. Ол алдында жатқан қалың қағаздың арасынан "Біртұтас және ажырамас Француз республикасы. Қоғамды құтқару комитеті" деп тасқа басылған бас тақырыбы бар бланк алды.

Симурден әңгімесін сабақтай түсті:

— Иә, бұл ұйғарымды мен қабыл аламын. Жайға қарсы жай атылмақ. Лантенак қатыгез — мен де қатыгез боламын. Оған өліспей-беріспеске соғыс жариялаймын. Одан республиканы азат етемін... Мен сонда кімнің жанында делегат боламын?

— Лантенакқа қарсы жіберілген экспедициялық отряд командашысының жанында, — деп жауап берді Робеспьер. — Тек сізге оның ақсүйек екенін ескертуге тиіспін.

Дантон қостап әкетті:

— Онда тұрған не бар? Тағы да шарттылық. Рас-ау, кісі күлерлік емес пе! Ақсүйек! Оның кесірі қандай? Әулие әжейлер туралы не айтсақ, ақсүйектер туралы да соны айтуға болады: бізді жақтайды екен, демек, жақсы болғаны. Дворяндық — ескінің сарқыншағы, сондықтан оның маңызын пе әрі, не бері әсірелемеу керек.

— Азамат Дантон, азамат Робеспьер, — Симурденнің даусы байсалды естілді. — Сіздер ақсүйектерге сеніп, бәлкім, дұрыс істеп отырған шығарсыздар, бірақ халық оларға сенбейді, әрі онысы дұрыс та. Әулие әкейге дворянға бас-көз болу тапсырылғанда екі бірдей жауапкерлік жүктеледі, сондықтан мұндайда әулие әкей тайынбауға тиіс.

— Дау жоқ, — деді Робеспьер.

— Әрі айтқанынан қайтпауға тиіс, — деді оған ілесе Симурден.

—Дұрыс-ақ, азамат Симурден, — деді Робеспьер. — Сіз жас жігітпен істес боласыз және жасыңыз екі еседей үлкен болғандықтан, оны ықпалыңызға оп-оңай аласыз. Онымен санаса отырып, бағыт сілтеу керек. Сірә, өзі дарынды офицер болса керек: ақпар біткен осыны қуаттайды. Оның отряды Вандеяға жорық жасау үшін Рейн армиясынан бөлінген корпустың құрамына кіреді. Ол жақында шекарадан келді. Онда ақылы мен ержүректігі арқасында ерекше көзге түскен. Өз колоннасын үздік басқарады. Лантенак қартқа екі аптадан бері тыныс алғызбай, тықсырып, алдына сап қуып барады. Ақыр соңында жағаға тығып, теңізге тоғытпақ. Лантенактың бойында даусыз тәжірибе мен жауынгер кәрі тарланның қулығы болса, оның бойында жас командирге тән адуынды қайрат бар.

— Байқауымша, ол жігіттің шынында да дарын-қабілеті мол көрінеді, — деп қалды Симурден.

— Иә, әттең, бір кемшілігі бар.

Бұл ескертпе Мараттың аузынан шықты.

— Қандай? — деп сұрады Симурден.

— Мейірбан жүрек, — деп жауап қатты да, Марат сөзін әрі жалғастырды. — Ол ұрыста қатал да, ұрыстан соң осал Тым қайырымпаз. Кешірімшіл әрі тартыншақ. Ол монах әйелдерге ара түсіп, ақсүйектердің әйелдері мен қыздарын құтқарып жібереді, тұтқындар мен поптарды босатып қоя береді.

— Бұл үлкен қателік екен, — деп күбірледі Симурден.

— Бұл — қылмыс, — деп түзетті Марат.

— Кей кезде, — деп ескертті Дантон.

— Көбінесе, — деді Робеспьер.

— Әрқашан дерлік, — деп сөз қыстырды тағы да Марат.

— Отан жауларымен ісің түскенде — әрқашан да қылмыс, — деді Симурден.

Марат оған бұрылып қарады:

— Азамат Симурден, роялистердің көсемін еркіне қоя берген республикашыл көсемге не істер едің?

— Атып тастауға бұйырар едім.

— Немесе гильотинаға аттандырар еді, — деп қалды Марат.

— Қалағанын таңдап алсын, — деді Симурден. Дантон мырс етті.

— Маған салса, екеуінің жақсылығы бірдей.

— Саспағын, — деп күңк етті Марат, — сен әлі екеуін де бірдей аларсың. Сонан соң оның көзі Дантоннан ауып, Симурденге қадала қалды: — Жә, сөйтіп, азамат Симурден, республикашыл көсем жаза басса, басын алуға бұйырар ма едің?

— Жиырма төрт сағаттың ішінде.

— Ендеше, Робеспьердің пікіріне қосыламын, — деді Марат. — Қоғамды құтқару комитеті азамат Симурденді жағалау армиясының экспедициялық колоннасының командиріне бас—көз болу үшін төтенше уәкілдікпен комиссар етіп жіберуге тиіс. Айтпақшы, командирдің аты—жөні кім?

— Ол — бұрынғы дворянин, ақсүйек, — деп жауап берді Робеспьер. Сөйтті де, қағаздарын ақтара бастады.

Мейлі, поп дворянның ізін бағып жүрсін, — деді Дантон — Мен оқшау алғанда дворянға да, попқа да сенбес едім, бірақ екеуінің басы қосыла қалса, олардан қорықпаймын: олар бір-бірінің басқан ізін аңдып жүрмек. Сонда бәрі оңынан келмек.

Симурденнің маңдайында өне бойы жазылмай, түнеріп тұратын қыртыс тереңдей түсті, бірақ бұл ескертпені шын мәнінде дұрыс деп тапса керек, ол тіпті Дантонға бұрылып та қарамады.

— Менің бақылауыма берілген революцияшыл әскер басының ең алғаш жаңсақ қадамы үшін өлім жазасы кесіледі, — деді ол қатаң үнмен.

Робеспьер қағаздан көзін алмай жатып:

— Ә, міне, таптым атын... Азамат Симурден, тағдыры сізге тапсырылғалы отырған жас командир — бұрынғы виконт. Ата-тегі — Говэн.

Симурден сұп-сұр болып кетті.

— Говэн! — деді ол қапелімде не айтарға білмей. Оның лезде бозарып кеткені Мараттың назарынан тыс қалмады.

— Виконт Говэн! — деп сасқалақтай қайталады Симурден.

— Иә, — деді Робеспьер.

— Ал қалай? — деп үн қатты Марат онан көзін айырмастан.

Бәрі бір сәт тына қалды. Содан соң Марат сөзін жалғастырды:

— Азамат Симурден, өзіңіз айтқан шарт бойынша командашы Говэннің жанына комиссар болып тағайындалуға келісесіз бе? Тоқтамға келдіңіз бе?

-— Келдім, — деп жауап берді қатты Симурден, бұрынғыдан бетер өңі қашып.

Робеспьер алдында жатқан қаламды алып, "Қоғамды құтқару комитеті" деген тақырыбы бар бланкіге өзінің түп-түзу қолтаңбасымен торт жол сөз жазып, қол қойды да, қағаз бен қаламды Дантонға сырғытты. Ол да қолын қойды, сонан соң әбден құты қашқан Симурденнен көз жазбай отырған Марат қолтаңбасын салды.

Робеспьер қағазды қайта қолына алып, уақытын қойды да, Симурденге берді. Симурден оны оқып шықты:

Республиканың екінші жылы.

Осымен Қоғамды құтқару комитетінің азамат Симурденді жағалаудағы армияның экспедициялық отрядының бастығы азамат Говэннің жанында құзырлы уәкілдігі бар комиссар етіп тағайындалатыны куәландырылады.

Робеспьер, Дантон, Марат.

28 маусым, 1793 жыл. Марат Симурден куәлікті оқып тұрғанда одан көз жазбастан қарап отырды, сонан соң өз-өзіне сөйлегендей:

— Мұның бәрін Конвенттің декретімен немесе Қоғамды құтқару комитетінің айрықша қаулысымен қуаттау керек болады, — деді күбірлеп.

— Сіз қайда тұрасыз, азамат Симурден? — деп сұрады Робеспьер.

Сауда палатасының үйінде.

Мәссаған! Мен де сонда тұрамын, ендеше, — деді Дантон. Өзіміз тіпті көрші екенбіз ғой.

Робеспьер сөзін әрі жалғады:

Бір минутты да бос жібермеу керек. Ертең сіз Қоғамды құтқару комитетінің барлық мүшелері қол қойған ресми қағаз аласыз. Бүл қағаз армия жанында жүрген депутаттарға сіздің дайындалғаныңызды қуаттайды. Сіздің жеке басыңыз бізге мәлім. Сізге құзырлы уәкілдік беріп отырмыз. Сіз Говэнді генерал ете де аласыз, эшафотқа* жөнелте де аласыз. Тағайындалғаныңыз туралы бұйрықты ертең сағат үште аласыз. Қашан жүріп кетпексіз?

Ертең сағат төртте, — деп жауап берді Симурден. Олар осымен қош айтысты.

Ал осыдан екі күннен соң Қоғамды құтқару комитеті тұтқын қарақшылар мен бүлікшілердің қашуына қандай да бір септесушілік үшін өлім жазасын кесетін декретті Вандеяның қалалары мен селоларына жариялап, оны қатаң орындау жөнінде шартарапқа жасарлық таратты.

Бұл декрет алғашқы қадам ғана болды. Конвент одан әрі кетті. Бірнеше айдан соң Лаваль қаласы вандеялық қашқындарға қақпасын ашқаннан кейін бүлікшілерге баспана берген кез келген қала талқандалады деп жарлық еткен декрет жарияланған.

Екінші жағынан, мұнан бұрын Еуропаның барша монархтарының атынан эмигранттардың түртпегімен жазылған герцог Брауншвейгскийдің манифесі бойынша қолындағы қаруымен ұсталған кез келген француз атылады және француз королінің басынан бір тал шаш жерге түссе, Париж жермен-жексен етіледі деп жарияланған болатын.

ҮШІНШІ БӨЛІМ
ВАНДЕЯДА
Бірінші кітап
ВАНДЕЯ
I. Ормандар

Ол кезде Бретаньда қорқынышты жеті орман болатын.

Вандея — поптардың бүлік шығарған жері. Бүл көтеріліске септескен орман-тоғай болды. Қайтесің, қараңғылыққа көмектеседі де.

Бретань ақсүйектерінің бірін жұрт жеті орманның қожайыны деп атайтын. Бұл тап сол виконт де-Фонтене Бретань принці болатын. Бретань орманының 1792 жылдан 1800 жылға дейінгі тарихы жеке кітап құрай алар еді; ол аңыз сияқтанып тарихқа, көлемді Вандея авантюрасына ұласа, астарласып жатыр.

Тарихтың да, аңыздың да өз шындығы бар. Вандея көтерілісінің сырын тарихты аңызбен толықтырғанда ғана толық түсіндіруге болады. Тарих — тұтастық үшін, ал аңыз даралық үшін қажет.

Турасын айтсақ, Вандея мұндай еңбек сіңіруге әбден тұрады.

Вандея көтерілісін түсіну үшін осынау ымырасыз қарама-қайшылықты: бір жағынан, француз революциясын, екінші жағынан, Бретань шаруасын көзге айқын елестету керек. Игілігін түгел құртып жіберердей анталаған жау қоршауында қалған өркениеттің суыт шеруімен қатар, өзімен бірге қисапсыз жақсылық әкеле жатқан прогрестің; осынау қарышты адым, өршіл екпінімен қатар, теңдесі жоқ осынау ұлы оқиғалармен қатар -жабайы, өзінің егінжайына, ауласына, шатыры сабанмен жабылған баспанасына матап-таңулы, төңіректегі ауыл біткенді қоңырау даусынан ажырататын, суды ішуге ғана пайдаланатын, сүтпен, каштан жаңғағымен тамақтанатын шашы жалбыраған, көк көз, өзінше бір маңғаз да сабырлы адам тұр. Жібек өрнек төгілген былғары күрте киген бұл адам бір кезде өз ата-бабалары кельттердің бет-аузын бояп-безегені сияқты киім-кешегін әшекейлейді және өзінің сеньор жендетін қожам деп құрмет тұтады. Ол өгізін айдауды, шалғысын қайрауды, ептеп-септеп жер өңдеуді, қарақұмықтан шелпек пісіруді ғана біледі. Ол ең алдымен соқасын, сонан соң әжесін қадірлейді, ол абзал құдай анаға да, ізгі сиқыршыға да, залым сиқыршыға да сенеді. Ол альтар алдында да, құм ортасында сопайып тұрған үлкен жұмбақ тас алдында да тәжім етіп, тізе бүгеді. Өз корольдерін, өз мырзаларын, өз дінбасыларын, өз битін жақсы көретін бұл диқан, балықшы, браконьер жайдақ, құмайт жағада теңіз шуына құлақ тоса, түнеріңкі ойға кеткен күйі бірнеше сағат тапжылмай тұруға бар. Енді осы адамның қасына француз революциясын қатар қойып, бұл соқыр оның нұрын аңғарар ма деп өзіңізден сұрап көріңізші.

II. Адамдар

Шаруаның табан тірер екі нүктесі бар. Бірі — оны асырайтын егінжайы да, екіншісі — оны жасыратын орман.

Бретань орманының қандай болғанын көзге елестету оңай емес: ол жұрт мекендеген өңшең қала болатын. Ағаш бұтағы мен тікенек бұта ұйыса өскен ит тұмсығы батпас қалың жыныс іші толған жабайы құс, қараңғы түкпір, елсіз, меңіреу тыныштық секілденетін. Бірақ кенеттен, қас пен көздің арасында, ағаш біткен қағып тасталса, бүл қаракөлеңкеде құмырсқаның илеуіндегідей жыпырлап жүрген адам көрінер еді.

Үстіне жалпақ тас пен қурай жабылған, жер астында иірімше кеңейіп, әуелі тіп-тік темен түсетін, содан соң жан-жаққа тарамданып, қараңғы үңгірге барып тірелетін тап-тар дөңгелек құдықтар бретаньдықтардың бой тасалар баспанасы еді.

Мидон орманында қаптаған үңгір мен ерсілі-қарсылы адам жүрген жер астындағы қатынас жолдары қазып тасталған ең шеткергі алаңқайлардың бірі "Үлкен қала" деп аталатын. Үсті тап осындай елсіз, ал жер астында жұрт жиі мекендеген екінші бір алаңқай "Король алаңы" делінетін.

Бретаньда жер астындағы бұл өмір бағзы заманнан басталған. Мұнда адам өз тектестерінен әрдайым қашып жүруге мәжбүр болды. Бүл жердегі орман-тоғайда ағаш түбінен қазылған адам інінің осыншама коп болуы да сондықтан.

Он бесінші ғасырда сеньорлар ұйымдастырған қанды қырғын, он алтыншы және он жетінші ғасырларда — діни соғыстар, он сегізінші ғасырда — адамдарды аулауға баулынған отыз мың иттің айтақталуы — халықтың көзден тасалануды жөн көруіне себеп болған нәрсе, міне, осылар. Байырғы халық кельттерден, кельттер римдіктерден бас сауғалай, бретаньдықтар нормандардан бас сауғалай, гугеноттар хатоликтерден бас сауғалай — бәрі кезекпе-кезек әуелі орманға, сонан жер астына барып тығылады. Хайуандар осылай етеді. Тирания халықты, міне, қандай хәлге ұшыратты. Екі мың жыл бойы деспотизмнің барлық түрлері — шапқыншылық, феодализм, фанатизм, мемлекеттік қазына — ізге түскен аңшыдай-ақ зәресі зәр түбіне кеткен бейшара Бретаньды қудалаумен болды, бұл аяусыз қудалаушылық бір түрде аяқталар-аяқталмаста екінші түрде қайта басталатын. Сол себепті де жұрт жер қойнауына кіріп бой тасалады.

Бұл адамдардың жан дүниесінде әрдайым ашумен шектес үрей бұғып жататын, ал француз республикасы жарияланғанда орман-тоғай ішінде оларға ін атаулы дап-дайын тұрды. Бретань езгіге қарсы шыққандай-ақ, ықтиярсыз бостандыққа қарсы көтеріліске аттанды. Бұл құлдарға тән қателік еді.

III. Адамдар мен ормандардың ымыраластығы

Нелер сұмдықты бастан өткерген Бретань орманы тағы да ескі дағдысымен бүлікке жәрдемдесе бастады: бағзы кездегіше бұл жолы да Вандея көтерілісіне көмекке келді.

Бұл орманның астыңғы топырағы боркемікке ұқсайтын. Ол жер астындағы жолдардың, індер мен галереялардың көзден таса қисапсыз тізбегімен шұрқ тесік қазып тасталған.

Мұндай іннің әрқайсысында қыстырылып-қымтырылып бес-алты адам тұрады. Жер астындағы бұл баспаналардың ең бір қолайсыздығы — онда ауа тым тар, қапырық болатын.

Бұл шаруа бүлігі зор шеберлікпен әрі мейлінше ұтымдылықпен ұйымдастырылды.

Пертр орманында адам даусы естілмейтін, адамның басқан ізі еш көрінбейтін, соған қарамастан онда алты мың адамдық отряд тығылып жатқан. Елсіз көрінетін Мелак орманында сегіз мың қарулы қол бар еді. Ал шынында оның екеуі де Бретаньда үлкен орман саналмайтын.

Бұл қалың нуға аяқ басуға жаудың жүрегі дауаламайтын. Жер астындағы құжынаған қуысқа жасырынып, жауынгерлер қаптап жүрген осынау алдамшы қалың жыныс революцияның зілдей табанының тегеурінімен азамат соғысы бұрқақша атқылап жатқан астыртын дәу ұлпа тәріздес.

Аңдаусыз батальондар жаудың басқан ізін аңдып тұратын. Біресе табан астынан сораң етіп, біресе жер астына кейін сүңгіп, біресе түйдек-түйдек тобыр болып шыға келіп, біресе әп-сәтте қайтадан жым-жылас жоқ болып, әрі кезбе, әрі әккі астыртын армиялар республикашыл отрядтардың аяғына орала жүрді де қойды. Олар лезде шаң-тозаңға айналатын құлама, кішірейе алатын алпамса, ұрыс кезінде - алып, жасырына қалса -ергежейлі, көртышқанның қулығына басар кесіртке дерлік.

Үлкен ормандарға қоса толып жатқан шоқ тоғайлар мен бұталар да болатын. Қала маңында ауылдардың жапатармағай орналасатыны сияқты, үлкен орманның төңірегіне де кішігірім тал-бұта қаптап өседі. Ормандар осындай шашыраңқы тоғайлықтар арқылы өзара байланысып лагерьлеріне айналған поселкелер; аяқтан шалар тұзақ болар қоршаулы ауласы бар фермалар; айналасына ор қазылып, биік палисадалар тұрғызылған қоражайлар, міне, осының бәрі республикашыл армиялар түсіп қалып жүрген қалың тордың түйінделер тұзақтары болатын.

Тал-бұта мен поселкелерін қоса осынау аласа орман тұтас алғанда "Шоқ ормандар" деп жалпылама аталатын. Біз Париж батальоны тінту жүргізген кезде осы кітаптың бірінші тарауында танысқан Содрей орманы да соның құрамына кіретін.

Бұл ормандар мен сирек тоғайлардың кейбіреуінде көсем үңгірінің төңірегіне үйме-жүйме орналасқан жер астындағы шағын деревнялар ғана емес, ағаш тасасындағы аласа лашықтардан тұратын нағыз поселкелер де болатын. Кейде мұндай поселкелердің көптігі сонша — орман ішінде бықып жататын. Оларды көбінесе тұрбадан шығып жатқан түтінге қарап аңғаруға болар еді.

Әйелдер лашықтарда, ал еркектер жер астындағы мекендерде тұрды. Соғыс кезінде олар табиғи үңгірлерді де, кельттердің жер астындағы ежелгі жолдарын да пайдаланатын. Жер астында жасырынып жатқан еркектерге әйелдері тамақ таситын. Жер астында ұмыт қалған адамдардың аштан өлген кездері де болды. Бұлар баспана-құдықтың қақпағын аша алмай қалған адамдар-тұғын. Әдетте қураған бұтақ пен мүк жабылған мұндай қақпақтардың шебер жасалатыны сондай, сырт қарағанда шоп астынан мүлде байқалмайтын, бірақ іштен оңай ашылып-жабылатын. Жер үлкен сақтықпен қазылатын: қазылған топырақ жуық маңдағы қара суға тасталатын. Жер астындағы мекендердің қабырғасы мен еденіне папоротник пен мүк төселетін. Мұндай баспаналар "ложа" деп аталатын. Онда жақсылап жайғасуға болатын, бірақ, әрине, жарықсыз, отсыз, ауасыз, ал кейде тіпті тамақсыз күнелтуге тура келетін.

Ерекше сақтықпен болмаса жер астынан шығу қауіпті еді: өтіп бара жатқан республикашылар отрядының табан астынан шыға келуі әбден ықтимал-тұғын. Бұл қорқынышты орман: екі бірдей тұзақ еді. Көктер онда жүруге қорықса, ақтар бас көтеруге батылы бармайтын.

ІV. Жер астындағы өмір

Мұндай үңгірде отырған адамдардың іші пысып, зерігетін. Кей түндері олар қауіп-қатерге қарамастан сыртқа шығып, би билеуге таяудағы жасыл көгалдардың біріне баратын. Әлде уақыт өткізу үшін дұға оқитын. Жан Шуан жауынгерлеріне күн бойы таспиық санаттырып қояды екен.

Жазда орақ мейрамы жақындағанда шаруаларды жер астында ұстап тұру қиынның-қиыны-тұғын. Кейбіреулерінің өзіндік ерекше талғамы да болатын. Бір вандеялық әйелше киініп, театрға баратын, кейін ініне қайтып оралатын деседі жұрт.

Мұндай өмірге шыдай алмай, моладан түрмені артық көріп, кейбіреулер тура ажалға аттанатын.

Кей кездері үңгірдің қақпағы сәл ашылып, онда отырған адамдар еш жерде оқ атылып жатқан жоқ па екен деп тың тыңдайтын және оқтың даусына қарай шайқастың барысын қадағалайтын. Олар республикашылардың оқты дүркін-дүркін, ал роялистердің бір-бірлеп ататынын біледі. Дүркін-дүркін атылған оқ даусы кенет тына қалса, бүл роялистердің талқандалғанын білдіретін; бір-бірлеп атылған оқ даусы сембей, алыстап бара жатса, бұл роялистердің жауды қуып бара жатқанын аңғартатын. Ақтар талқандалған дұшпанды әрдайым өкшелей қуатын да, көктер ешқашан қумайтын, себебі ел оларға қарсы болатын.

Бұл жер астындағы жауынгерлер көп нәрседен керемет хабардар еді. Олардың бір-бірімен қаншалықты тез байланысып, қарым-қатынасы қаншалықты құпия сақталғанына сенудің өзі қиын. Олар көпір атаулыны қиратып, көлік атаулыны доғарып тастаса да, бір-біріне бәрін хабарлап, бір-бірін сақтандыру тәсілін бәрібір таба білетін. Бүкіл елде, орманнан орманға, ауылдан ауылға, фермадан фермаға, лашықтан лашыққа, бұтадан бұтаға өзара алмасып тұратын барлаушылар күзеті қойылған.

Бет пішіні ешқандай сезік тудырмайтын аңқау да аңғал келген әлдебір мұжық қуыс таяққа тығып шұғыл мәлімет алып, өтіп кете беретін.

Құрылтай жиналысының бұрынғы мүшесі Боэтиду мұндай өкілдерді жаңа үлгідегі республикалық төлқұжатпен жабдықтап тұрды, оған тек кісінің аты-жөнін ғана жазу керек-ті. Бүл опасыздың қолында мұндай төлқұжаттардың бума-бумасы болды. Жұрт бұл төлқұжаттармен бүкіл Бретаньда емін-еркін сайрандап жүрді. Оларды тауып ұстау мүмкін емес еді. Төрт жүз мыңнан аса адамға белгілі құпия қастерлей сақталып келді.

Көтеріліске шыққан өлкенің бір ғана ортақ жүйкесі бардай, демек, Бретань шеңберінде жердің қандай да бір нүктесіндегі тербеліс оның өн бойын шарлап өтетін. Хабар бұл өлкеге көзді ашып-жұмғанша жайылатын. Бұған құстардың бір қатысы бар-ау деп ойлауға да болатындай. "Оларда телеграф барға ұқсайды" деп жазды республикашыл генералдардың бірі.

Әр қауымның өз жетекшісі болды. Менің әкем осы соғысқа қатысқан адам, демек, мен бұл соғыс туралы куәгердің сөзімен айтып бере аламын.

V. Олардың өмірі соғыспен өтеді

Жұрттың көбісі найзамен қаруланған. Дегенмен тым тәуір аңшы карабиндер де баршылық. Бретань браконьерлері мен контрабандистерінен асқан атқыш болған емес. Олар жүрек жұтқан өжет жауынгерлер еді. Үш жүз мың адамдық жасақ құру туралы декрет алты жүз деревняда дабыл қақтырды. Өрт жан-жақтан бір мезгілде лаулай көтерілді. Алғашқы күркір 1792 жылы-ақ 8 шілдеде құлазыған Кер-бадер жазығында естілді. Роялистер қырып-жоямыз деп қоқан-лоқы жасап, қолына қару ұстай алатындардың бәрін бас көтеруге мәжбүр етті. Жұртты жапатармағай көтеруге пәлендей күш жұмсаудың керегі де болмады. Республикаға ант берген қайдағы бір әулие әкей жиһаз сауытына қара мысықты күні бұрын салатын да, намаз кезінде мысық әлгі жерден кенеттен сумаң етіп шыға келетін. Шаруалар: "Албасты! Албасты!" деп айғайласып, төңірек бір адамдай аяғынан тік тұратын. Уағыз орындары осылайша өрт ошағына айналып жатты.

Әр бүлікші көктерге шабуыл жасау үшін де, қашқанда ор-ордан қарғып өту үшін де өзімен бірге он бес футтық ұзын сырық алып жүрді. Мұны ол ұрыста да пайдаланатын. Ұрыс даласында, тіпті жаппай алыс-жұлыс немесе шабуыл кезінде де, шаруаларға крест не шіркеу ұшырай қалса, бері жүрелей отырып, зулаған картечь астында намаз оқитын, сөйтіп, тірі қалғандары намаз оқып болысымен жауға дүрсе қоя беретін. Олар мылтықтарын жүгіре оқтап, зор шеберлік танытатын.

Оларды неге де нандыруға болар еді. Қайдағы бір дінбасы оларға тарамыспен күні бұрын таңып тасталғандықтан, мойнына қызыл жолақ із түскен екінші бір діндарды көрсетіп, "Міне, гильотина басын кескен адам қайта тіріліпті" десе, аналар иланып қалатын. Қаншама керемет нәрсе болса да, кеткен су қараңғылық десеңізші!

Олардың кейде серілігі де ұстап кететін. Мысалы, олар кескілеген қылыш астында, уысынан туын шығармай өліп кеткен республикашылардың ту ұстаушысы Фескіні сый-сияпатпен жерледі. Ілкіде олар зеңбіректен қорқатын, содан соң оған шоқпармен тайсалмай тап беретінді шығарды, тіпті оқта-текте төтеп беріп, бетін қайтарып та жүрді. Олардың алғашқы олжасы өздері "Уағызшы" деп атап кеткен тамаша қола зеңбірек болды. Содан кейін олар діни соғыстардан қалған үстіне әулие қыздың суреті оймыштап салынған екінші бір зеңбіректі қолға түсірді. Бұл зеңбіректі олар "Мари-Анна" деп атады. Оларды Фонтенеден түріп шыққанда "Мари-Аннаны" тартып алған, онда оның төңірегінде табан тайдырмастан алты жүз шаруа жан тапсырған.

Кейінірек олар Фонтенені қайта алып, "Мари-Аннаны" кайта қолға түсірді де, оны гүл шоғымен безендіріп, жолшыбай кездескен әйелдердің бәріне сүйгізіп, гербілі лилиясы бар желбіреген ту астында өз лагеріне әкетті. Бірақ екі зеңбірек, сонан соң тіпті төрт зеңбірек те аздық етті. Нандеяның екі көсемі бөренеден толып жатқан зеңбірек жасап, канонирлердің орнына солдаттардың қарақшысын қойып, өздері мәз бола күлген осы "артиллерияның" көмегімен бірде көктерді шегінуге мәжбүр еткен. Бүл олардың ең жарқын кезеңі - табысты кезеңі болатын. Кейіннен олар ағылшын таңбасы соғылған екі зеңбіректі ұрыс даласына масқаралықпен тастай қашты. Ол кезде Англия Франция принцтеріне ақша мен қару-жарақ беріп келген. Бүлікшілер "Жасасын ағылшындар!" деп атой салатын.

Дұшпан қалаларын басып алғанда тонаушылық та болмай тұрмайтын. Құдайшыл шаруалар баукеспе ұры болып алды. Вандеялықтар Шолені тонап, Шалланды тас-талқан қылды. Гранвильде сәтсіздікке ұшыраған соң олар Виль-Дьенің бытшытын шығарды. Көктерге қосылған шаруаларды "якобиншіл құйыршықтар" деп атап, өршелене қырып жойды. Олар ұрыс салуды солдаттарша, кісі бауыздауды қарақшыларша жақсы көретін. "Жуан қарындарды", яғни қала буржуаларын атып өлтіргенде масайрап, рахаттанып қалатын: мұны олар "көңіл көтеру" деп атайтын. Фонтененің жанында олардың пәтері бір қартты тұрған орнында қылышпен турап салды. Сен-Жерменсюр-Ильде олардың бір көсемі, дворянин, ауыл қауымының прокурорын мылтықпен атып өлтіріп, сағатын қалтасына салып алды. Машкулде республикашыларды әлсін әлі, күніне отыз адамнан жойып отырды. Бүл бес аптаға созылды. Өлімге кесілген отыз адамның осындай әр легі "таспиық" деп аталатын. Оларды күнілгері қазылған орға теріс қаратып қойып ататын. Атылғандар орға кейде шалажансар күйде құлайтын, бірақ оларды бәрібір көміп тастайтын. Бір республикашылдың, округ президентінің екі қолын саусақ түбінен арамен кесіп тастағандары да бар. Республикашыл тұтқындардың қолына шеті қиғыр кісен кигізетін. Оларды аңшылардың кернейін тартып, қала алаңдарында он-ондап өлтіріп жатты. Шаретті қоса өртеп жіберді. Рас, ол кезде республикашыл Каррье де рақымсыз болды... Ақ террорға көктер де террормен жауап берді.

Вандея армиясында бір жүз елу төрт дивизия болды. Бүл әскерлер дұшпанды дұрыс қоршай білетін. Олардың бір күнде республикашылардың он төрт лагерін талқандап үлгергені де бар.

Бұл адамдарға мылтық патроны он сомнан қымбат еді. Ли олар оз шатырынан көз жазып қалғанда балаша еңірейтін. Олар ұрыс даласынан қашуға ұялмайтын. Мұндайда көсемдері: "Башмақты лақтырыңдар, тек мылтықты сақтай көріңдер!" деп айғайлайтын. Оқ-дәрі жетпей қалғанда олар намаз оқып, республикашыл артиллерияның оқ-дәрі жәшіктерін тонауға аттанатын. Кейінірек вандеялықтар ағылшындардан мылтық дәрісін сұрайтын болды. Олар жаралыларын биік егін арасына немесе папоротник ішіне жасыратын, ал ұрыс бітуге таянғанда оларды алып кетуге іздеп келетін. Әскери форма дегеннің еш керегі болмады. көпшілігі жырым-жыртық киіммен жүрді. Бәрі — шаруалар да, дворяндар да — қолға не түссе, соны киді. Бәрінің үстінде .ақ белбеу мен бант тағылған бөкебай болатын.

Әскер бастықтары да солдаттар секілді көбінесе надан келетін. Атамандары бірін-бірі көре алмайтын. Қырдан келген жетекшілер: "Таулық жетекшілер құрысын!" деп айғайлайтын. Олардың атты әскері болды әрі оны құрудың өзі қиын да еді. Олардың кейбірі ұлдарын беруге әзір болған, ат сұрай қалса, маңына жолатпайтын. Оларда қару-жарақ дегенде өңшең шалғы, сырық, айыр, ескілі-жаңалы мылтық, аңшының кездігі, істік, ұшы темір немесе айнала еге қадалған шоқпар болатын. Кейбірі мойнына адам сүйегінен крест тағып жүрді. Олар тұс-тұстан — орманнан, дөң астынан, сай-саладан — тұтқиылдан атой сала ұмтылып, дұшпанды қоршап алатын, мылтықпен атқылап, найзамен түйрелеп, қылышпен кескілейтін де, демде жан-жаққа бытырай қашып, жоқ болатын.

Республикашыл қалалардың үстімен өткенде олар ең алдымен Бостандық ағашын түп-тамырымен жұлып тастап, өртеп жіберетін де, жанып жатқан отты айналып, қол ұстаса би билейтін. Бәрінің айла-тәсілі түнде жортатын жыртқыш аңдардың айла-тәсіліндей еді. Вандеялықтар әдетте әрдайым тұтқиылдан қимылдайтын. Олар үн-түнсіз, мүлде сыбыс шығармастан, бірде-бір бұтақты қозғамай, жолшыбай шөпті жапырмай он бес лье жүре алатын. Кеш түсісімен атамандар ертеңге, қай жерде республикашыл күзеттерге тап беру жөнінде келісу үшін әскери кеңеске жиналатын, бәрін келісіп алған соң бүкіл отряд мылтықтарын оқтап, намаздарын оқып, сонсоң башмақтарын шешетін де, демін іштен ала, қараңғыда жемтік аңдыған мысықша тысыр білдірмей, орман-тоғайлардың арасымен шұбай жөнелетін.

Көтеріліске аттанған Вандеяда әйелдер мен бала-шағаны қосқанда кемінде бес жүз мың адам бар-тұғын.

Оларға федерацияшылар көмектесті. Жиронда Вандеяның сыбайласы болғандықтан, бүлікті қоздыра, отқа май тамызып отырды.

Өзі екі Вандея: орман ішінде ұрыс салған үлкен Вандея және бұта арасында ұрыс салған кішкентай Вандея болатын. Осынысына қарап Шаретті* Жан Шуаннан ажыратуға болушы еді. Баскесер Шарет маркиз деген титулмен, король әскерлерінің генерал-лейтенанты деген шенмен және әулие Людовик орденімен наградталған-ды. Жан Шуан сол Жан Шуан күйінде қалды.

Нағыз Вандея — өз үйінде қалған Вандея: мұнда ол соққы да дарытпайтын, ұстатпайтын да. Өз жерінде вандеялық әрі егінші, әрі контрабандист, әрі солдат, әрі браконьер, әрі ерікті атқыш, әрі шошқа бағушы, әрі қоңырау қағушы, әрі бейбіт тұрғын, әрі тыңшы, әрі қанішер, әрі таспиықшы, әрі ормандағы хайуан іспеттес. Бірақ Вандея шеңберінен шығуға тырысқан әрекет жеңіліске ұшыратуға тиіс еді.

Вандея көтерілісі сәтсіздікке ұшырады да.

Бүкіл Вандея соғысының мәнін туған ауыл және отан деген екі сөзден ұғынуға болады. Бұл — екі идеяның — жергілікті және баршаға ортақ идеяның дұшпандығы. Бұл ауыл тұрғындарының патриоттарға қарсы шығуы. Бұл — меңіреу түкпірдегі католиктік қауым ұлдарының отан перзенттеріне қарсы шығуы.

VI. Вандея Бретаньның түбіне жетті

Бретань — ежелгі бүлікші. Ол революциямен немесе монархиямен, республиканың өкіл делегаттармен немесе герцогтармен және пэрлермен, корольдердің әміршілерімен күрессін, қағаз ақша шығаруға қарсы немесе түз салығына қарсы күрессін, корольге қарсы немесе корольді жақтап көтеріліске шықсын — бәрібір сол баяғы Бретань соғысы: жергілікті рухтың орталық рухпен соғысы болды.

Ескі Бретань провинцияларын ағынсыз тоғанмен салыстыруға болатын: бүл тұйық су қасарыса ақпайтын, үстінен есіп өткен жел оны салқындата сергітпейтін, қайта лайлай түсетін. Король өкіметінің не республикашыл үкіметтің тарапынан болсын, орталық Париж әрдайым түрткі берген сайын бүл түрткі бостандыққа не озбырлықта қарсы бағытталса да — Бретань одан жаңалықты сезіне өре түрегелетін. "Мазамызды шұқымаңдар! Бізден керегі не сендерге?" деп дала тұрғыны айырға, ал тоғай тұрғыны карабинге жармасатын. Неткен тассаңыраулық. Неткен сұрқия түсінбестік.

Вандея жоқ нәрсе үшін өзін-өзі қылғындырып, эгоизмге бола өзін-өзі құрбанға шалып келді, қалтқысыз қаһармандығын есепсіз, стратегиясыз, тактикасыз, жоспарсыз, мақсатсыз, жауапсыз, бассыз қорқақтарға бола жұмсады. Өзін жарықтан тасалау үшін қараңғы қапас мұнара тұрғызуға талпынды; надандық ақиқатқа, парасатқа, құқыққа, әділдікке, бостандыққа табандылықпен, ақымақтықпен әрі таңғажайып қарсылық көрсетіп келді. Вандея — сегіз жыл бойы Францияға төнген қауіп; күйзелген он торт департамент, ойрандалған дала, тып-типыл болған егінжай, отқа оранған деревнялар, қираған қалалар, тоналған баспаналар, қырылған әйелдер мен балалар, сабан төбеде лапылдаған алау, жүрекке сұғылған семсер, өркениет құбыжығы, ағылшындардың маяғы — бұл соғыстың, әке өлтіруге есуастықпен жасалған бұл сұмпайы қастандықтың сиқы осындай еді.

Әйтсе де, жалпы алғанда, Бретаньды жауып келген ежелгі қара түнекті жан-жақтан сейілтудің және осынау ит тұмсығы өтпес Бретань жыңғылына нұр шашудың қажеттігін дәлелдеп, Вандея прогресс ісіне қызмет етті. Апаттың кей-кейде сұмдық жолдармен бәрін де жақсылыққа мегзейтін қасиеті болады.

Екінші кітап

ҮШ БАЛА

I. Азамат соғысы мен отбасының соғысы

1793 жылдың жазында жаймашуақ шілде күні ымырт жабыла Бретаньдағы кішігірім мейманхананың жанына бір салт атты келіп тоқтады. Мейманхана Понторсонға кіреберісте тұратын және осыдан бір жыл ғана бұрын оның маңдайшасынан "Кішкентай бөшкеден құйып сатылатын жақсы сидр" деген жазуды оқуға болатын.

Ұзақты күн ыстық болғанмен, кешке таман салқын самал тұрды.

Жолаушының үстінде атының жауырын жауып тұрған кең плащ, басында үш түсті кокардасы бар кең етекті қалпақ. Мұның өзі үшін үш түсті кокардаға тосқауыл құратын және оны бұрыш-бұрыштан нысанаға алатын бүл елде үлкен батылдық еді. Жағадан ілгектелген плащтың етегі жайылып, екі қолын бос қалдырған. Сондықтан сабы бар екі пистолет қыстырулы үш түсті белбеуі анық көрінеді. Плащтың етегі астынан қылыштың ұшы шығып түр.

Пысқыра келіп тоқтаған аттың алдынан мейманхана есігі ашылды да, табалдырықта қолына шам ұстаған қожайын көрінді. Бүл аула іші әлі жарық, ал бөлме іші қараңғы тарта бастаған мезгіл болатын.

Қожайынның көзі алдымен кокардаға түсті:

— Сіз осында аялдайсыз ба, азамат? — деп сұрады ол

— Жоқ, кетем.

— Қайда бармақсыз?

— Дольге.

— Одан да кейін қайтыңыз, не осында қона кетіңіз.

— Неге?

— Неге десеңіз, Дольде қырқыс болып жатыр.

— Солай ма? — деді жолаушы сабырмен. — Атыма сұлы берерсіз, — деп қоса айтты ол

Қожайын астау әкеліп, бір қап сұлы салды да, аттың ауыздығын алды.

Ат пысқырынып қойып, жемге кірісті.

Әңгіме қайтадан басталды:

— Қай жақтан келесіз?

— Парижден.

— Тура келесіз бе?

— Жоқ.

— Бәсе, жол біткенді жайлап алыпты. Бірақ пошта әлі жүріп тұрады.

— Иә, Алансонға дейін. Алансоннан бермен қарай салт жүруге тура келді.

— Дем алып, тыныққаныңыз жөн болар, азамат. Айтқан ақылды алыңыз. Жолсоқты болып, шаршаған шығарсыз. Атыңызды қараңызшы, әбден болдырыпты.

— Аттың болдыруға қақысы болмағанмен, адамның шаршауға қақысы жоқ қой.

Трактирші бейтаныс адамға шұқшия қарады. Шашын боз қырау шалған бүл адамның жүзі байсалды да суық көрінді. Содан соң трактирші елсіз жол бойына көз тастай:

— Сонда жападан-жалғыз кетпексіз бе? — деп сұрады.

— Жанымда күзетім бар?

— Қайдағы күзет.

— Қылыш пен пистолет ше?

Қожайын су толы шелек әкеліп, аттың алдына қойды. Ат су ішіп жатқанда ол бейтанысқа басынан аяғына дейін барлай қарап, ішінен: "өзі әулие әкейге ұқсайды екен" деп ойлады.

Жолаушы тағы тіл қатты:

— Осы сіз Дольде қырқысып жатыр дедіңіз-ау?

— Иә. Ендігі басталған шығар.

— Кім-кіммен қырқысып жатыр?

— Бұрынғылар бұрынғылармен.

— Не дедіңіз?

— Бұрынғылардың бірі республика үшін, екіншісі король үшін қырқысып жатыр.

— Король ендігі жоқ қой.

— Бар, бірақ ол әлі шақадай жас... Әрі ең қызығы сол, әлгі бұрынғылар деп отырған екеуім — бір-біріне туыс.

Бейтаныс зейін сала тыңдады. Трактирші сөйлей берді:

— Бірі — жас жігіт те, екіншісі — қарт. Нағашысы — роялист те, жиені — патриот. Нағашысы ақтарды басқарса, жиені көктерді басқарып жүр. Пәлі, екеуі бір-біріне есе жіберер емес! Өліспей-беріспес күрес дегенің осындай-ақ шығар.

— Өліспей-беріспес күрес дейсіз бе?

— Иә, азамат. Міне, олардың бір-біріне қандай ілтипат білдіріп жатқанын қараңызшы. Мынау хабарландыруды көріп тұрсыз ба? Мұндай жарнамаларды қарт маркиз қандай тәсілмен болса да жер-жерге: үй біткенге, теректерге жапсырып жүр, тіпті менің есігіме де жапсырып кеткені.

Трактирші шамды есіктің жақтауына жапсырылған бір парақ қағазға жақындатты да, жарнама өте ірі әріппен жазылғандықтан жолаушы оны аттан түспей-ақ оқып шықты:

"Маркиз де-Лантенак өз жиені виконит Говэнге, егер өзі, яғни маркиз виконтты сәті келіп қолына түсірсе, оны дереу атып тастауға бұйрық беретінін ескертуді абырой санайды".

— Ал мынау соған жауап, — деді тағы да трактирші. Ол арт жағына бұрылып, есіктің қарсы жақтауына желімделген жарнамаға қолшам жарығын түсірді. Жолаушы оны да оқып шықты:

"Говэн Лантенакқа егер ол, яғни Лантенак қолға түсе қалса, атып тасталатынын ескертеді".

Трактирші сөзін тағы сабақтады:

— Кеше бұл есікке бірінші қағазды, ал бүгін таңертең екіншісін жапсырып кетіпті. Көріп тұрған шығарсыз, жауап өзін көп тостырмапты.

Бейтаныс өз-өзімен сөйлескендей күбірлеп, бірдеңе деді. Оны мейманхана иесі естісе де, түсіне алмады:

— Иә, бұл азамат соғысынан бетер қиын нәрсе — бұл отбасының соғысы. Жақсы, солай-ақ болсын. Халықтардың ұлағатты өрлеуі арзанға түспейді. Соны айтты да бейтаныс екінші хабарламадан көзін айырмастан, қолын қалпағына таяп, ізет көрсетті. Трактирші сөзін жалғай берді:

— Бар гәп мынада, азамат. Біз, қала тұрғындары мен үлкен ауыл тұрғындары, революцияны жақтаймыз, ал шаруалар болса оған қарсы соғысып жатыр немесе, дұрысырақ айтқанда, біз, қала тұрғындары — француздармыз да, олар — бретаньдықтар. Бұл — мұжықтардың қала тұрғындарымен соғысы. Олар бізді "жуанқарындар" десе, біз оларды "мешеулер" дейміз. Дворяндар мен дінбасылар солардың жағында.

— Бәрі бірдей емес, — деп бөліп жіберді оны бейтаныс.

— Әрине, азамат, бәрі бірдей емес, виконт маркизге қарсы шығып отырған жоқ па, әне? Сөйтті де, ол ішінен: "шамасы, дінбасымен сөйлесіп тұрмын-ау" деп ойлап қойды.

— Сонда олардың қайсысы басым боп жүр? — деп сұрады бейтаныс.

— Әзірге виконт. Бірақ бүл оған оңайға түсер емес. Қарт мұқалмас шақпақ тастай. Екеуі де осындағы дворяндар — Говэндер тұқымынан. Олардың тұқымы екі тармаққа ажырап кеткен. Үлкен тармақтың басшысы маркиз де-Лантенак та, кішісінің басшысы —  виконт Говэн саналады. Енді осы екі бұтақ өзара қырқысып жатыр. Ағаш болса өйтпес еді, кісі болған соң сөйтеді де. Анау маркиз де-Лантенак — Бретаньдағы мықты: шаруалар оны ықпалды князь деп біледі. Жағаға түсуі мұң екен, әп-сәтте сегіз мың адам қосылып үлгерді. Бір аптадан кейін үш жүз қауым көтерілді. Ол тым құрыса ұлтарақтай жағалауды басып алар болса, ағылшындар жетіп келмек. Бақытымызға қарай, оның жиен немересі Говэн келіп үлгерді. Шынында да, таңданарлық жәйт емес пе? Ол республикашыл отрядқа командалық етеді; нағашы атасын тоқтатып та тастады. Ал оның үстіне, тағы да бақытымызға қарай, Әлгі Лантенак деп отырғанымыз бірде қыруар тұтқынды қырып-жойып, оның ішінде екі әйелді атып тастауға бұйырыпты. Олардың бірі — жесір әйелдің үш баласы бар екен, оларды соның алдында ғана бір Париж батальоны бауырына салыпты. Енді сол батальон ақтардың үрейін ұшырып, ешкімге рақымшылық жасамай жүрген көрінеді. Бұл — Қызыл Бөрік батальоны. Сан жағынан ендігі аз болғанмен, париждіктер дегенің өжет халық емес пе? Олар Говэн командалық ететін отрядтың құрамына еніпті. Оларға ешкім де төтеп бере алар емес. Олар әлгі әйелдер үшін кек алып, балаларды құтқармақ деседі. Лантенактың балаларды қайда жібергенін тірі жан білмейді: Париж гренадерлерінің зығырданы қайнап жүргені де сол. Бүл жерде балалар араласпаса, кім білсін, соғыс мүлде басқа сипат алар ма еді, қайтер еді. Виконт — ержүрек әрі гамаша жігіт, ал қартың — нағыз құбыжық... Дәм татсаңызшы, азамат?

— Рахмет. Менің наным да, бір құты шарабым да бар. Одан да Дольде не болып жатқанын айтсаңыз.

— Жағдай мынадай. Говэн жағалаудағы армияның отрядына командалық етеді. Лантенак болса, төменгі Бретань мен төменгі Нормадияны көтеріп, ағылшындарға қақпа ашып, қатарында екі жүз мың шаруа бар ұлы Вандея армиясын жиырма мың солдаты бар қосымша ағылшын корпусымен қолдамақ болды. Говэн бұл жоспарды ақсатты. Ол бүкіл жағалауды иемденіп алып, енді Лантенакты елдің түкпіріне, ал ағылшындарды теңізге тықсырып келеді. Лантенак жуырда ғана осында жүрген-ді, бірақ Говэн оны шегіндіріп тастады. Енді оның тактикасы — ақтарды Фужер орманына қуып тығып, сонда қоршауға алу. Бұған дейін бәрі де ойдағыдай келе жатыр еді. Кеше Говэн өз отрядымен осында болды. Кенет сүсты хабар келді: әккі жауынгер әлгі қарт ойда жоқ жерден орағыта өтіп, Дольге бет түзепті. Егер ол Дольді алып, Мон-Доль тауына батарея орнатса, ал оның зеңбірегі баршылық, онда жағалаудың біраз бөлігі соның қолына көшеді де, ағылшындардың келіп түсуі оңайлайды. Онда бәрінің құрығаны. Бірақ Говэн де басы бар адам. Уақыт тығыз-таяң болғандықтан, ол ешкіммен кеңеспей, ешқандай нұсқауды күтіп жатпастан жалма-жан дабыл қаға, отрядын жиып, аттарын ерттеп, зеңбіректерді жегуге әмір етті де, атына қарғып міне, Лантенактың қарсы алдынан тұра ұмтылды. Енді Бретаньнан шыққан бұл екі бас Дольде түйіспек. Соқтығыстың күшті болуы әбден ықтимал! Ендігі екеуі де сонда.

— Ал Дольге қанша уақытта жетуге болады?

— Жүгі бар отряд кемінде үш сағат жүреді. Ал біздің адамдар жеткен де шығар.

Бейтаныс әлденеге құлақ түре, үн-түнсіз біраз тұрды да, сонан соң:

— Оныңыз рас, зеңбірек даусын естіп тұрғандаймын, — деді.

Трактирші де құлағын тікті:

— Иә, азамат, мынау зеңбірек пен мылтықтың даусы: қалай тарсылдап жатқанын естіп тұрмысыз?.. Шынында да, осында түней кеткеніңіз абзал шығар. Онда сізді құшақ жая қарсы алғалы тұрған ешкім жоқ.

— Айналуыма болмайды. Жүруім керек.

— Мұныңыз бекершілік-ақ. Шаруаңыздың қандай екенін білмеймін, бірақ ол жаққа бару-тым қауіпті, сондықтан гәп дүниедегі ең қымбат нәрсеңіз сияқты бірдеңеде...

— Гәптің дәл сонда болып тұрғаны, — деп сөз қыстырды салт атты.

— Мұның, мәселен, ұлыңызға қатысы болса...

— Солай деуге де болады.

Трактирші оған барлай қарап, күбір етті:

— Апыр-ай, ә, маған бүл азамат дінбасы сияқты көрінеді де тұрады. Сонан соң аз-кем ойланып: — Айтпақшы, әулие әкейлердің де баласы болады ғой, — деп қалды.

— Атымның ауыздығын салып жібергейсіз, — деді оған бейтаныс. — Сұлыңыз үшін қанша бере жақпын? — Сөйтіп, ол есеп айырысты.

Трактирші астауы мен шелегін жинап қойып, тағы да оның қасына келді:

— Қайткенде де бармақ болып бел шешкен екенсіз, ендеше, кеңесіме құлақ асыңыз. Сіз, сірә, Сен-Малоға баратын шығарсыз. Онда Дольге бармай-ақ қойыңыз. Сен-Малоға екі жол бар: бірі — Дольге апарады, екіншісі — теңіз жағасымен жүреді. Екіншісі біріншісінен тіпті де ұзақ емес. Осы жолдың аяғына дейін барсаңыз, торапты көресіз: ол жерде екі айрылады. Солға, Дольге бұрылсаңыз, қайнаған оттың ішінен бір-ақ шығасыз. Шатыстырып алмаңыз, солға емес, оңға алыңыз.

— Рахмет сізге, — деді де, бейтаныс атын тебініп, жүріп кетті.

Қас қарауытқан кез еді: трактирші одан тез көз жазып қалды да, анау лезде түн қараңғысына сүңгіп, ғайып болды.

Бейтаныс жол айырыққа жете бергенде трактиршінің:

— Оңға алыңыз! — деген даусы алыстан талып жетті. Ол солға бұрылды.

II. Доль

Ол кезде Доль қала емес, көше — үлкен ескі көше еді. Ондағы үйлердің бәрінде колонна болатын және олар түзу, бір саппен емес, қалай болса солай, қиқы-шиқы орналасқан-ды: біреулері алға шығыңқырап, екіншілері көше бойын іркес-тіркес етіп, шегіншектей салынған. Айналасы мүлде ашық болғандықтан, қабырғасыз, қақпасыз бүл қала қоршауға түссе, төтеп бере алмайтын: бірақ қоршауға басты көше шыдайтын. Осыдан елу жыл бұрын-ақ көруге болатын оның шығыңқы фасадгары және көшенің өн бойына созылып жатқан екі қатар колонналар оны қорғанысқа қолайлы етіп тұрды. Үй біткен қамал тәрізді: әр үйді ұрыс сала басып алуға тура келетін. Көшенің орта тұсында ескі базар бар-тұғын.

Мейманхана қожайыны дұрыс айтқан еді: ол бейтаныспен сөйлесіп тұрған сәтте Дольде кескілескен айқас жүріп жатты. Қаланы таңертеңгілік қолына алған ақтар мен түнде тап берген көктер арасында ә дегеннен-ақ сұмдық жекпе-жек басталды да кетті. Күш тең емес еді: ақтар алты мың да, көктер бір жарым мың-ақ болатын. Бірақ тамаша шабуыл жасап жатқан — аз жағы.

Бір жағынан іркес-тіркес тобыр, екінші жағынан сыптай түзу шеп қимылға кіріскен. Бір жағында — былғары күртесіне Исустың жүрегі өрнектеп салынған, дөңгелек қалпағына ақ лента байлаулы, жеңіне христиан дінінің ғақлиялары жазылған, қоржынында таспиығы, көпшілігі айырмен және найзасыз карабинмен қаруланған, арқанмен зеңбірек сүйрелеп жүрген, нашар киінген, тәртіпсіз, бірақ нағыз қайсар, бәріне бас тігуге бар алты мың мұжық. Екінші жағында — үш түсті кокардасы бар үш бұрышты бас киім, қайырма жағасы бар стегі ұзын камзол киген, үстін белбеумен айқыш-ұйқыш таңып алған, жез сапты айбалтасы мен найзасы ұзын мылтығы бар, бәрі әбден жаттыққан, сап сақтайтын, тәртіпке мойынсұнатын және ұрыста бетінен қайтпайтын, саналы адамша бағына білетін, қажет болса әскерге командалық ете алатын бір жарым мың солдат. Олар да еріктілер, киімдері дал-дүл болғанына әрі етіксіз жүргеніне қарамастан Отан еріктілері. Монархия жағында -мұжықтар да, революция жағында — жалаңаяқ батырлар.

Бүл шағын армиялардың әрқайсысының жан-жүйкесі — өз көсемі: роялистерде — карт, республикашыларда — жас жігіт болды. Бір жағында — Лантенак та, екінші жағында — Говэн.

Говэн отыз жаста еді. Қапсағай дене, әулиеше байсалды көзқарас, балаша ақжарқын күлкі — бойына тән қасиеттері осындай. Ол ішпейтін, темекі тартпайтын, балағат сөз айтпайтын және құдайға да табынбайтын. Жорық кезінде ол тырнағын, тісін және тамаша қолаң шашын таза ұстауға қам жейтін: ал аялдаған жерде оқ тескен және шаң тұтып, ағарып кеткен әскери мундирін өзі қағып-сілкіп жатқаны. Ұрыстың қайнаған ортасына елден бұрын қойып кетіп жүрсе де, бір рет жараланып көрген емес. Оның биязы даусы керегінде команда бергенде өктем де қатты шығатын. Солдаттарға үлгі-өнеге бола жүріп, ол плащына оранып, әдемі басын тасқа қойып жерде, жел өтінде, жауып тұрған жаңбыр астында, қар үстінде жата беретін. Бүл қаһарман әрі пәк жан еді. Шабуылға шығарда өзгеріп сала беретін: жайшылықта әйелдей ұяң жігіт ұрыс кезінде түтеп кететін.

Мұның үстіне ол ойшыл әрі философ, жас кемеңгер болатын.

Француз революциясының бастапқы кезінде бұл жігіт бірден суырылып шықты.

Оның өзі құрған отряд кішігірім армия іспетті еді. Ол жаяу және атты әскерден тұратын: оның жанында барлаушылар да, саперлер де, үш зеңбірегі бар артиллеристер де болды. Ат жегілген үш зеңбірек отрядтың жүріс-тұрысына қиындық келтірместен, қайта күш қосатын.

Лантенак та жақсы әскербасы, ол, тіпті жиенінен де асып түскендей. Одан әрі сағырақ әрі батылырақ. Қарт жауынгерлер қайнаған өмірден алыстап кеткендіктен, жас жауынгерлерден гөрі салқынқандылау және қабірге жақындау болғандықтан батылырақ келеді. Олардың несі кетпек? Аянары жоққа тән. Лантенактың шектен шыққандай батыл әрі әбден ойластырылған тактикасының сыры да осында. Бірақ қарт пен жас жағаласқан осынау жекпе-жекте жалпы алғанда және әрдайым дерлік Говэн басым түсіп отырды, мұның себебі, сірә, оның жолы болғыштығында шығар. Бақыттың қандайы болсын, оның ішінде жауынгерлік бақыт та жастыққа тиесілі ғой.

Жеңіс екеш жеңіс те аздап әйел қылықты.

Лантенак, біріншіден, ұрыстарда өзін жеңіп жүргені үшін, екіншіден, өзіне туыс болғандықтан Говэнді жек көріп кетті. Аузынан ана сүті кеппей жатып, бүл боқмұрының собинші болу не теңі екен? Осынау аузынан уызы кеппеген жас, шәуілдеген күшік, өзінің жиен немересі, тіпті немересінің өзі дерліктей туысы, бала сүймеген маркиздің мұрагері якобинші бола қалыпты... "Қолыма түсіп көр тек, ит терісін басыңа қаптатайын!" деп қояды бүл нағашысы, дәлірек айтсақ, атасы.

Республика Лантенак жөнінде бекер қобалжымаған еді. Оның француз жағалауына түсуі мұң екен, алдынан бәр-бәрі дір-дір қақты. Көтеріліске аттанған Вандеяда оның есімі жарылған оқ-дәрідей жаңғыра естіліп, ол кіндік ортаға айналды. Барша жұрт өзара бәсекелесетін, әркім өз бұтасын тасалап, өз сайында бұғып жататын мұндай көтерілісте көпшілік мойынсұнатын адам пайда болса, бытырап жүрген жекелеген атамандар ортақ іс үшін бас қосып, топтасатын. Орман-тоғайға жасырынып жатқан барлық шаруа отрядтарының көсемдері Лантенакқа қосылды да, бәрі — алысы да, жақыны да — соған бағынды.

Лантенак дұрыс соғысты партизандық соғыспен ұштастырғысы келді. Ол түбінде қырғын табар католиктік король армиясы сияқты "қырық құрау қалың тобырмен" жауды жаныштайтындай емес, үркітерліктей-ақ шабуыл жасауды да, әскер күштерін орман-тоғайға шашыратуды да мойындамайтын. Партизандық шабуылдар соғыс тағдырын шеше алмай, тек жамандыққа ұрындыратын: олар республикаға шабуыл жасаудан бастап, дилижанстарды тонаумен тәмамдалатын. Лантенак нағыз соғысты қалады да, ол шаруаларды пайдалана отырып, солдаттарға арқа сүйемек Сюлды. Тосқауылдар мен тұтқиыл әрекеттер, оның пікірінше, шабуыл жасау үшін тамаша құрал болатын, сондықтан ә дегенше жиналып, әп-сәтте тарқап кете алатын мұжықтардан құрылған отрядтар осы мақсатқа сайма-сай келетін. Бірақ бұл отрядтарды ол тым тұрақсыз деп санады: олар судай сырғанап, уыста тұрмайтын. Ол осынау тәртіпсіз, бытыраңқы соғыс үшін табанды тірек, ұйтқы құрмақ болды, орман жабайыларының армиясын оның жауынгерлік қимылына дәнекер болар тұрақты әскермен нығайтқысы келді. Әрі терең, әрі қорқынышты еді бұл ой! Жүзеге аса қалса, Вандея жеңдірмей кетер еді.

Бірақ тұрақты әскерді қайдан табарсың? Полктерді қалай жинарсың? Солдаттарды қайдан алмақсың? Дайын армия қайдан табылмақ? Ол Англиядан табылмақ. Сөйтіп, ағылшындарды жағаға түсіру туралы ой Лантенактың көкейінен шықпай-ақ қойды. Оның есіл-дерті жағалаудың бір бөлегін басып алып, оны солардың қарамағына беру болды. Сондықтан ол Дольдің қорғансыз екенін біліп, оны иемденген соң іргесіндегі Мон-Доль жотасын басып алуға, Мон-Дольді иемденген соң таяудағы жағалауды да басып алуға үміттеніп, Дольге тұра ұмтылды.

Орын жақсы таңдап алынды. Мон-Дольге орнатылған батарея төңіректегі елді мекендерді талқан етіп, десантқа жағалауды тазалап бере алатын.

Бүл батыл жоспарын орындау үшін Лантенак қол астындағы шаруа жасақтарының ішінен іліп аларын — он мыңнан астам адамды және бүкіл артиллериясын: он пушка мен екі зеңбіректі өзімен ала жүрді. Ол бес зеңбіректен бір жарым мың дүркін оқ атқаннан он зеңбіректен мың дүркін оқ атқан артық деп пайымдап, Мон-Дольдің үстіне барынша көп зеңбірек қоюды ұйғарды.

Табысқа қол жетері кәміл сияқты еді. Олар алты мың адам-тұғын. Авранш жағынан бір жарым мың солдаты бар Говэннен және Динан жағынан — Лешельден сескенуге болатын. Рас, Лешельдің жиырма бес мың солдаты бар-ды, бірақ ол мұнан жиырма лье жерде тұрған.

Лантенак табысқа жетеріне шүбә келтірмеді. Ол Дольді ұрыссыз-ақ иемденді. Жұрт оны рақымшылықты білмейтін шорт мінез санайтын. Қала қарсылық көрсетуге тырысқан

да жоқ. Зәресі ұшқан тұрғындар үйді-үйлеріне тығылып қалды. Алты мың вандеялық, жемшөпті және түстенетін орынды керексініп жатпастан ауыл тұрғындарына тән алаңсыздықпен қалаға дәл бір жәрмеңкеге келгендей орналасып алды: ашық аспан астында ас пісіріп, кез келген жерге отыра қалып, кез келген жерге жата кетісті, мылтық орнына таспиық ұстап, шіркеуге барды.

Лантенак сол бойда қасына бірнеше артиллерия офицерін ертті де, командованиені ең жақын көмекшісі Гуж-ле-Брюанға тапсырып, Мон-Доль биіктігін көріп келуге кетті.

Бүл Гуж-ле-Брюан тарихқа біршама із қалдырды. Оның патриоттарды аяусыз жазалағаны үшін көктердің тажалы деген және Иманус, яғни Сүмырай, ұсқынсыз жан деген екі лақап аты бар-ды. Вандеяда бүлікшілердің бәрі жабайылар болатын, бірақ Гуж-ле-Брюан варвар еді. Бөтен ешкімге ұқсамайтын оның пасық жандылығы сырт кескінінен-ақ көрініп тұратын: ол ұрыста жүрек жұтқан батыл да, ұрыстан соң мейірімсіз қатал-ды. Біреуге қалтықсыз берілуге де, оны жан-тәнімен жек көруге де бар. Оның қылмыстары кейде сұрқиялылығымен жан түршіктіретін. Одан не сұмдықты күтуге болатын.

Иманус деген сұмпайы атының шығуы да осыдан. Маркиз де-Лантенак оның қатыгездігіне үміт артты. Шынында Иманус шектен шыққан қатыгез еді. Мұның есесіне соғыс өнеріне шорқақ болатын. Маркиз оны өзіне орынбасар етіп тағайындап, бәлкім, қате жасаған шығар. Қалай болғанда да маркиз кетіп бара жатқанда оған командованиені тапсырып, бәріне бас-көз болуды жүктеді.

Кейінірек, батарея орнатылатын жерді аралап шығып, Лантенак ымырт үйіріле Дольге қайтып келе жатқанда кенет гүрс еткен зеңбірек даусын естіді. Ол жан-жағын көзімен шолып өтті. Басты көшенің үстінен алқызыл жалын көтеріліп келеді екен. Жаудың бұларды қапылыста бас салғаны аян болды. Қалаға дұшпан басып кірген, көше бойында ұрыс жүріп жатыр.

Маркизді анау-мынауға таңданту қиын еді, бірақ бүл жолы қайран қалды: ол мұндайды тіпті де күтпеген болатын. Бүл кім болуы мүмкін? Әйтәуір Говэн емес: өзінен төрт есе күші басым дұшпанға бас салуға оның тәуекелі бармас. Бәлкім, Лешель шығар? Бүл үшін ол жиырма льені жедел қарқынмен жүріп өтуге тиіс... Жоқ, жоқ! Лешельдің келуі мүмкін емес.

Лантенак атын тебініп қалды. Жол бойы оған қашып бара жатқан тұрғындар кездесумен болды. Мән-жайды сұрайын десе, аналар үрейден есі шыға, "Көктер! Көктер!" деп айғайлап, қашып берді. Ақыры ол қалаға жеткенде вандеялықтардың жайы мүшкіл еді. Мән-жай былай екен.

III. Кішкентай армиялар мен үлкен соғыстар

Жоғарыда айтылғандай, Вандея жасағы Дольге кірісімен қаланы аралап, әркім бетімен кетті. Зеңбіректері мен оқ-дәрі жәшіктерін ескі базар күмбезінің астына қойып, шаршап-шалдыққан шаруалар тамақ ішіп, таспиық санауға кірісті; содан соң көшенің өн бойына сұлай-сұлай кетіп, оны қорғаудың орнына, дөңкиіп-дөңкиіп жатып алды. Мезгіл түн болғандықтан көпшілігі басына дорба жастанып, ұйықтап кетті, кейбіреуі тіпті әйелдерімен жатыр. Вандеялық шаруа әйелдер жорық кезінде күйеулеріне көбіне-көп еріп жүретін.

Шілде түні жып-жылы, ашық. Аспанның көгілдір тұңғиығынан жұлдыз жайнап тұр. Әскери қосыннан гөрі керуенге ұқсаңқырайтын осынау лагерь түгелдей тып-тыныш ұйқыға шомды. Кенет үйықтай қоймағандары жұлдыздың күлгін жарығында көшенің бір шетінен өздеріне қақ маңдайдан үш зебіректің ұңғысы үңірейіп тұрғанын көріп қалды.

Бұл Говэн еді. Қалаға жымын сездірмей таяп келген ол күзетшілердің дымын өшіріп, отрядымен басты көшенің бір шетін иемденген болатын. Бір шаруа орнынан ұшып тұрып, "Бұл кім?" деп айғай салды мылтығын атып. Оған зеңбірек жауап қатты. Лезде айнала сатыр-күтір мылтық даусына қаңғырып кетті. Көзі ұйқыға жұмыла берген тобыр үстіне қайнаған су шашып жібергендей орын-орнынан атып тұрды. Бұл жайлы ояныс болмады: жатарда үстерінен жымыңдап тұрған жұлдыз орнына оянғанда картечь зулап жатыр екен.

Алғашқы сәттерде жұртта зәре қалмады. Есі шығып, сасқалақтаған тобырдан бетер не сұмдық бар? Бәрі қаруға жармасты, біреулер ойбайлап, біреулер қашып, көбісі құлап жатыр. Қапылыста жау шапқан шаруалар не істеп, не қойғанын білместен, өз адамдарына оқ жаудыруда. Атыстан құлағы тұнып, үрейі ұшқан адамдар үйді-үйден жүгіре шығып, одан кері қашып, қайтадан көшеге жүгіріп, сандалған топ ішінде сеңдей соқтығысып, қиқуды күшейте түсті. Күйеулері адасып қалған әйелдер мен балаларын шақырып, бала-шаға бақырып, әке-шешелерін іздеп жүр. Осынау түнгі топалаңда бәрінің астан-кестені шықты. Ысқырған оқ қою түнді қақ жара өтіп жатыр. Қараңғы бұрыш-бұрыштан атылған мылтық даусы гүрс-гүрс етеді. Түтін мен айғай-ұйғайдың ішінен ештеңені түсініп болмайды. Көше бойына жұрт тастай қашқан фургондар мен жүк арбалар жаппай дүрбелеңді күшейте түскендей: аттар үркіп, тертені теуіп, арындай, аспанға шапшиды. Аттар да, адамдар да жаралыларды тапап, әр жерден ойбайлаған, ыңырсыған дауыстар естіледі. Біреулердің құты қашып, біреулер әбігерге түскен. Солдаттар мен офицерлер бірін-бірі іздеп жүр. Осынау қайнаған тозақ ортасында бәріне безбүйрек бейтараптықпен қараған тосын жәйттер де кездесіп қалады. Бір әйел жерде бала емізіп отыр, қасында бір аяғын таңып алған күйеуі қабырғаға сүйеніп, жаралы аяғынан қан заулап жатса да, аспай-саспай карабинін оқтап, айдалаға қараңғыға үсті-үстіне атады. Бірнеше адам жер бауырлай жатып алып, жүк арбалардың тасасынан оқ жаудыруда. Әрекідік жұрттың даусы жамырай шығады да, оны іле-шала дүркіреген зеңбірек үні көміп кетеді. Бүл жантүршігерлік көрініс еді.

Орман шауып жатқандай: жұрт ағаш сияқты бірінің үстіне бірі баудай түсіп жатыр.

Говэннің отряды тасада тұрып, дәлдей атуда әрі шығынға да ұшырар емес.

Әйтсе де, тәртібі қанша нашар болғанмен жаужүрек шаруа жасағы есін жиып, қорғанысқа көшті. Ол ормандағыша қыруар ұзын діңгектен тұратын тас қамал — базар үйінің жанына шоғырланды. Пана тапқанын сезіп, жұрттың көңілі серіге бастады: орман тәрізді нәрсенің бәрі олардың көңілін ашып, шабыттандыра түсетін. Иманус жоқ Лантенактың орнын басуға қолынан келгенше тырысып-ақ бақты. Олардың артиллериясы бар-ды, бірақ оны іске қоспай-ақ қойды. Бұл Говэнді мықтап таңдандырды. Мұның себебі, олардың артиллерия офицерлері түгелдей маркизбен бірге Мон-Дольді аралап келуге кеткен, ал шаруалар зеңбірекпен не істеуді білмейтін. Дегенмен мұның есесіне олар өздерін зеңбіректен атқылаған көктерге оқты боратып жатты. Енді олардың мықты баспанасы бар. Олар жүк арбалардың бәрін, базар үйіндегі бумалардың, жәшіктер мен бөшкелердің бәрін жинап, көздеуге саңылау қалдыра биік баррикада тұрғызды да, осы бекіністің артынан жойқын оқ жаудырды. Осының бәрі өте тез істелді. Ширек сағаттан соң-ақ базар алынбас қамалға айналды.

Говэн үшін іс насырға шабайын деді. Базардың бұлайша табан астынан қамалға айналуы ол үшін тіпті күтпеген жай болды. Онда вандеялықтар тас түйініп, табан тіресе орнығып алды. Говэн оларға тұтқиылдан бас салғанмен, жеңіске дейін әлі көп бар-ды. Атынан түсіп, сапысын қолына ұстаған күйі, батареясының үстінде жанған алау жарығында қолын кеудесіне айқастырып, қараңғыға үңіле қарап тұрды. Алау қарығында ап-анық көрініп тұрған оның биік тұлғасы баррикаданы қорғаушыларға нысана еді. Бірақ ол ойға шомған күйі, төңірегінде жауып жатқан оқты байқамады.

Ол жеңетініне тіпті де күмәнданбады. Рас, анау жақта, баррикадада, атқыштар көп болатын, бірақ осыншама көп мылтыққа қарсы оның зеңбіректері бар-ды, ал оқ, түптеп келгенде, ядроға ешқашан төтеп берген емес. Жеңіс әрдайым артиллериясы бар әскер жағында. Оның батареясы шебер қолда болатын әрі Говэнге табысты қамтамасыз етіп тұрған.

Кенет қараңғы баррикаданың ту сыртынан найзағай жарқ еткендей болды: жасыл түскендей шатыр етті де, зеңбірек ядросы үйдің қабырғасын Говэннің дәл үстінен тесіп өтті.

Баррикада оның үсті-үстіне атқан оғына зеңбірекпен гүрс дегізіп жауап берді...

Бұл не болды? Жағдай өзгеріп сала берді. Артиллерия енді бір жақта ғана болмай шықты.

Біріншісінің соңынан екінші ядро да іле-шала одан екі қадам жердегі қабырғаға сарт соғылды. Үшінші ядро қалпағын жұлып әкетті.

Ядролар үлкен калибрлі болатын: жау он алты фунттық зеңбіректен атқылап жатыр екен.

— Командир, сізді көздеп жатыр! — деп баж етіп, артиллеристер алауды өшіре қойды.

Говэн ойланған қалпымен еңкейіп, қалпағын көтерді. Оны шынында да нысанаға алған екен: оны нысанаға алған арғы жақтан жаңа ғана баррикадаға шауып келген Лантенак болатын. Ол келісімен қасына Иманус жетіп барды:

— Монсеньер, бізге тап берді...

— Кім?

— Білмеймін.

— Динанға баратын жол бос па?

— Бос сияқты.

— Шегіне бастау керек.

— Шегіну басталды да. Көбісі қашып барады.

— Қашудың керегі жоқ, шегіну керек. Артиллерияны неғып іске қоспадыңыз?

— Жұрттың бәрі сасып қалды, оның үстіне артиллерия офицерлері болмады.

— Батареяға қазір өзім барамын.

— Монсеньер мен Фужерге баратын жолмен жүктен мүмкін нәрсенің бәрін жөнелттім. Әйелдерді де, қысқасы, басы артық нәрсені түгел жөнелттім. Біз тұтқынға алған үш баланы не істеуге бұйырасыз?

— Бұл балалар — біздің кепіліміз. Оларды Тургке жіберіңіз. Осы жарлықты берді де, маркиз баррикада басына кетті.

Бастық келісімен бәрі өзгеріп сала берді. Баррикада артиллерия орнатуға бейімделмеген болатын: онда небары екі зеңбірекке орын бар-ды. Маркиз он алты фунттық екі зеңбіректі қойды да, оларға тез-тез амбразура жасатты. Ол бір зеңбіректің үстінен амбразураға еңкейіп, дұшпан батареясын бақылап тұрғанда, Говэнді көріп қалды.

Анау соның өзі! — деді ол жұлып алғандай.

Ол зеңбіректі өзі оқтап, нысанаға дәлдей, атып жіберді. Бұл Говэнді үш рет кездеп, үшеуінде де оғы далаға кетті. Үшінші рет атқанда қалпағын ғана ұшырып түсірді.

Қап! — деп міңгірледі ол — Сәл төмен алғанда, басын қағып түсетін ем.

Кенет алау жалп етіп өшті де, дұшпан батареясы қараңғылыққа шомды.

Тоқтай тұр, бәлем! — деп кіжінді Лантенак, сонсоң канонирге бұрылып: — Картечь! — деп бұйырды.

Говэн де мықтап абыржулы еді. Отрядының жағдайы нашарлай түсті. Шайқас жаңа сатыға аяң басты. Баррикада жақтан зеңбіректер атқылай бастады. Ондағылардың қорғаныстан шабуылға шықпасына кім кепіл? Жаралыларды, өлгендер мен қашып кеткендерді былай қойғанда да, оған қарсы кемінде бес мың жауынгер, ал оның қоластында қалғаны бір мың екі жүзден асар-аспас. Дұшпан отрядтың аздығын сезіп қойса, республикашылар не күйге ұшырамақ? Онда орын ауыстыруға тура келмек. Әзірге бұлар шабуылдап жатыр, ал он кезде қорғанысқа көшпек. Бүлікшілер ұмсынып бір көрсе, бөрі құрығалы тұр.

Не істеу керек? Баррикаданы маңдайдан тура шабуылдауды ойлап та қажеті жоқ; штурм жасау да мүмкін емес: мың екі жүз адам бес мың адамды бекінген жерінен түріп шыға алмайды. Баса-көктеу де мүлде қисынсыз, ал кідіріс құрбанға ұшыратуы ықтимал Қайткенде де істі тындыру керек. Бірақ қайтіп?

Говэн жергілікті адам еді. Ол қаланың орналасу тәртібімен таныс-тұғын әрі вандеялықтар орнығып алған базардың сыртқы жағы ирек-ирек шытырман тар көшелерге барып тірелетінін білетін.

Ол адъютанты, ержүрек капитан Гешанға бұрылды.

— Гешан, командованиені сізге тапсырамын, — деді оған Говэн. — Оқты бұрынғысынша жаудыра беріңдер. Олардың баррикадасын қиратуға тырысыңдар. Ең бастысы, осы сабаздарды алаңдата тұрыңдар.

— Түсінікті, — деп жауап қатты Гешан.

— Солдаттарды түгелдей сапқа тұрғызыңыз. Бәрі мылтықтарын оқтап, шабуылға дайын тұрсын.

Говэн оның құлағына тағы да әлденені сыбырлады.

— Түсінікті, — деді тағы да Гешан.

— Барабаншылар түгел ме? — деп сұрады Говэн.

— Түгел.

— Бізде тоғыз барабаншы бар ғой. Өзіңізге екеуін қалдырып, жетеуін маған беріңіз.

Жеті барабаншы үн-түнсіз алға шығып, командирдің алдында сапқа тізілді.

— Қызыл Бөрік батальоны, қасыма кел! — деп дауыстады сонда ол.

Саптың ішінен сержантпен қоса он екі адам алға шықты.

— Мен батальонды түгел шақырдым ғой, — деді Говэн.

— Түгелі осы, — деп жауап берді сержант.

— Қалайша? Бар-жоғы он екі адамбысыңдар?

— Иә, он екіміз-ақ қалдық.

— Жә, жақсы, — деді Говэн.

Сержант Содрей орманында табылған үш жетімді өз батальонының атынан бауыр басқан сол баяғы мінезі тұрпайылау әрі ақкөңіл Радуб болатын.

Оқырманымыздың есінде шығар, бұл батальонның тең жартысы Әрб-ан-Пайль түбінде қырғынға ұшырап, Радуб қана ғайыптан тайып тірі қалған.

Батарея жанында жемшөп тиелген фургон тұр еді, Говэн Радубқа соны нұсқады:

Сержант, жолшыбай салдырламауы үшін адамдарыңыз мылтықтарын сабанмен орап алсын.

Бірнеше минут өтті. Бұйрық қараңғыда үн-түнсіз орындалды.

Дайын болды, — деп баяндады сержант.

— Солдаттар, башмақтарыңды шешіңдер, — деп бұйырды Говэн.

Бізде ол жоқ, — деп жауап берді сержант.

Жеті барабаншыны қоса санағанда он тоғыз адамдық отряд құрылды. Говэн жиырмасыншы еді.

— Бір сапқа тұрыңдар! Соңымнан! Барабаншылар алда, батальон солдаттары артта жүрсін. Сержант, батальонға командалық етуді сізге тапсырамын, — деп әмір етті ол

Говэн колоннаның алдына барып тұрды да, екі жақтан ұласып жатқан каронада гүрсілінің астында осы жиырма адам көлеңкедей көлбеңдеп, қаңырап қалған тығырық көшелердің түкпіріне сүңгіп берді.

Олар үй-үйді жағалап, осылайша ұзақ жүрді. Қала иесіз қалғандай: тоғышарлар ұраға тығылып үлгерген.

Терезе біткеннің қақпағы жабулы, есік біткен іштей кілттенген. Еш жерден ешқандай сығырайған жарық көрінбейді.

Меңіреу тыныштық орнап, құлазып қалған қалтарыстарда басты көше жақтағы атыс анығырақ естілгендей. Артиллерия ұрысы тоқтар емес. Республикашыл батарея мен роялистік баррикада бір-біріне кәрлене картечь төгіп жатыр.

Ирелеңдеген жолдармен қараңғыда тап басып келе жатқан Говэн жиырма минуттай жүрген соң отрядын басты көшеге шығатын базардың ту сыртында орналасқан бір қалтарыстың шетіне алып келді.

Соғысып жатқандардың жағдайы өзгеріп сала берді. Бүл жақтан баррикада қорғансыз болатын — баррикада жасаушылардың, әрдайымғы қателігі де — сондықтан Говэннің отряды жолға шығуға дайын, аттары жегулі бірнеше арба тұрған базар колоннасының астына оп-оңай сып берді. Говэн мен оның он тоғыз солдатының қарсы алдында вандеялықтардың сол баяғы бес мың адамдық армиясы түр, бірақ енді бұлар оның ту сыртынан шыққан-ды.

Говэн сержантқа бірдеңе деп сыбыр етті. Мылтықты ораған сабан алып тасталды. Он екі гренадер қалтарыс бұрышына тізіле қалды. Жеті барабаншы команда күте, таяқшасын көтерді.

Зеңбіректер сәл үзіліс жасай, дүркін-дүркін атып жатыр. Міне, осындай үзілістердің бірінде Говэн сапысын сермеп қалып, орнаған тыныштықта құлақ тұндырар ашық даусымен:

— Екі жүз адам оңға, екі жүз адам солға, қалғандары тура алға! — деп саңқ-саңқ етті.

Он екі мылтық гүрс атылып, жеті барабан "шабуылға" дабыл қаға безектеп берді. Говэн:

— Жігіттер найза алыңдар! Түйреңдер! — деп команда тастады.

Бүл ақтардың құтын қашыратын республикашылардың сұмдық атойы болатын.

Мұның өзі әдеттен тыс эсер етті.

Сан мың адамдық шаруалар тобыры арт жақтан жау шапқанын сезіп, өзіне қарсы жаңа армия келіп қалған екен деп ойлады. Сол мезетте басты көшенің шетіне жайғасып, Гешанның қол астында қалған республикашыл колонна барабан үнін естісімен ол да "шабуылға" дабыл қағып, жүгіре басып, баррикадаға ұмтылды. Вандеялықтар екі оттың ортасында қалды. Дүрлігу басталды, ал дүрлігу — үрейдің қашқаны, ондайда қорыққанға қос көрінедінің кебі келіп, әр сөз аруақша зәре алады, пистолет даусы зеңбірек залпындай, иттің үрісі арыстанның арсылындай естіледі.

Базар әп-сәтте қаңырап қалды. Зәресі кеткен шаруалар басы шин жаққа бытырай қашты. Офицерлер түк істей алмады. Иманус екі ме, үш пе қашқынды атып өлтіріп еді, мұнан да нәтиже шықпады. Жан-жақтан: "Шама келсе, құтылыңдар!" имен айғай ғана естіледі. Електен саулаған үн секілді осынау бүкіл армия қалашықтың тығырық көшелерімен жөңкіліп, ашық далаға жел айдаған бұлттай дүрліге қашты.

Маркиз де-Лантенак осы дүрлігуге өз көзімен куә боп тұрды. Ол зеңбіректерді өз қолымен тығындап, ең соңынан кетті.

Иә, бүл шаруалармен не тындырарсың. Бізге ағылшындар қажет, — деді ол асықпай, маң-маң басып бара жатып.

IV. Екінші рет

Жеңіске толық қол жетті.

Говэн Қызыл Бөрік батальонынын солдаттарына бұрылып:

— Он екі болсаңдар да, мың адамға бергісіз екенсіңдер, — деді.

Бастықтың мақтауы ол кезде орден алғанмен бірдей болатын.

Говэннің жұмсауымен қашқындарды қуып кеткен Гешанның отряды толып жатқан тұтқын айдап келді.

Алаулар жағылып, қалаға тінту жүргізіле бастады.

Қашып үлгермегендер түгел берілді. Басты көшеге майшамнан жарық түсірілді; көше бойы өлгендер мен жараланғандардан аяқ алып жүргісіз. Әрбір ұрыс әдетте ұсақ-түйек қақтығыстармен аяқталады. Өжет жандардың азын-аулақ, жекелеген топтары әлі қарсыласып жатты. Олар қоршауға алынғанда ғана қаруын тастады.

Жұрт жапырыла қашып жатқан аласапыран ішінде Говэн ержүрек біреуді байқап қалды; бүл епті де қайратты адам қашқан жолдастарын қалқалай, ұрыс салып жүрсе де, өз басының қашатын ойы жоқ. Ол карабинін шебер пайдаланып, біресе атып, біресе дүмімен қорғанып жүр. Ақыры карабині күл-талқан болды. Сонда ол бір қолына тапанша, екінші қолына қылыш алды. Жұрт оған жақындаудан жасқана бастады. Кенет Говэн оның тәлтіректеп кетіп, бағанаға сүйенгенін көрді; сірә, жараланса керек. Бірақ жараланғанына қарамастан қылышы мен тапаншасын қолынан тастамады. Говэн сапысын қолтығына қысып, оның қасына барды.

— Беріл! — деді о л

Жаралы оған қадала қарады. Күртесінің ішінен қан саулап түр екен, аяқ астында үйып қалыпты.

— Сен менің тұтқынымсың, — деді Говэн сөзін жалғап.

Жаралы тіл қаптады.

— Атың кім?

— Атым — Ажал биі, — деп жауап қатты анау.

— Сабаз екенсің! — деп Говэн оған қолын созды.

Вандеялық жауап берудің орнына:

— Жасасын король! — деп айғай салды.

Ол бар күшін жиып, екі қолын көтере, біреуімен Говэнді тапаншасымен атып жіберді де, екіншісімен қылышын сермеп қалды.

Осының бәрін ол жолбарысша асқан ептілікпен істеді, Бірақ басқа біреу одан да епті болып шықты. Бұл осыдан сәл бұрын келіп жеткен және осы көріністі үн-түнсіз бақылап тұрған баяғы салт атты еді. Ол вандеялықтың тапаншасын көтеріп, қылышын сермегелі жатқанын көріп қалып, оны мен Говэннің екі арасына тұра ұмтылды. Ол болмағанда Говэн өлетін еді. Оқ атқа тиді де, қылыш адамға дарып, ат пен салт атты екеуі бірдей жалп етті. Осының бәрі қас-қағымда болды.

Қансыраған вандеялық әлі құрып, көше үстіне сылқ түсті.

Қылыш бейтаныс адамның бетін осып өтіпті. Ол ес-түссіз жатыр. Астындағы аты өліп қалған.

Бұл кім екен? — деп сұрады Говэн, бейтаныстың жүзіне төне қарап.

Бірақ жарадан саулаған қан бетін жауып кеткендіктен, қып-қызыл маска астынан ештеңені ажырату мүмкін болмады. Тек боз қырауланған шашы көрінеді.

Бұл кісі мені ажалдан сақтап қалды, — деді Говэн. — Оның кім екенін ешқайсың да білмейсіңдер ме?

Командир, ол қалаға жаңа ғана келген, — деп үн қатты солдаттардың бірі. — Мен оның Понторсон жағынан келе жатқанын көргем.

Колоннаның аға дәрігері де келіп жетті. Жаралы әлі есін жиған жоқ-ты. Дәрігер оны қарап шықты:

Дәнеңе етпейді: терең тіліпті, бірақ қауіпті емес. Жарасын тігеміз, бірер аптадан соң аяғынан тік тұрады. Дегенмен, сабазың мықтап сермеген екен!

Бейтаныстың үстінде үш түсті бауы бар плащ. Жанында тапаншасы мен қылышы. Оны шешіндіріп, зембілге жатқызды. Дәрігер бір шелек салқын су әкелдіріп, жарасын жуып-шайды. Енді бетін анықтап көруге болатын еді. Говэн оған тапжылмай тесіле қарады.

— Жанында қандай да бір қағаздары бар ма екен? — деп сұрады ол

Дәрігер жаралының жан қалтасын сипап, бір әмиян алып, Говэнге ұсынды. Сол екі ортада жаралы да салқын судан есін жия бастады: қабағы қимылдағандай болды.

Говэн әмиянды ақтарып, төрт бүктелген бір жапырақ қағаз тапты. Қағазды ашып, оқып шықты:

"Қоғамды құтқару комитеті. Азамат Симурден..."

— Симурден! — деді ол жұлып алғандай.

Жаралы бүл сөзді естіп, көзін ашты. Говэн қуанышын қоярға жер таппады.

— Симурден! Сіз бе едіңіз?... Сіз мені ажалдан екінші рет сақтап қалдыңыз...

Симурден оның бетіне қарады. Қанталаған жүзі тіл жеткісіз шадыман сезімге бөленген.

Говэн оның алдына жүрелей отыра қалып:

— Ұстазым менің! — деді шаттанып.

— Әкеңмін ғой, — деді Симурден ақырын күбірлеп.

V. Бір тамшы салқын су

Көріспегелі көп жыл өтсе де, олар бір-бірін ешқашан көңілінен шығарған емес. Енді оларға бір-бірімен күні кеше айрылысқандай көрінді.

Қалалық ратушада қолма-қол көшпелі лазарет жасалды. Симурденді жаралылар үшін ортақ палатаға арналған үлкен залмен іргелес шағын оңаша бөлмеге жатқызды. Жарасын тіккен хирург науқасқа операциядан кейін ұйықтау керек екенін айтып, екі достың шер тарқата шүйіркелескен әңгімесін бұзып жіберді. Расында, Говэнді де әрдайым жеңістен соң әскер басыны қаптайтын шұғыл істер күтіп тұрған. Симурден жалғыз қалса да үйықтай алмады: бірі жарадан, екіншісі қуаныштан екі түрлі діріл сезім бойын билеп, ұйқысын қашырып жіберді.

Ол ұйықтаған жоқ, сонда да әлденендей түс көріп жатқандай сезінді. Бүл мүмкін бе? Өмірдегі арманы орындала бастады. Симурден өзінің бақ жұлдызына сенбеуші еді; енді алдынан бақыт жаз құшағын жайғандай болды: ол Говэнді тапты. Оны бала кезінде қалдырып, енді ер жеткен, батыл, қайратты, жаужүрек шағында кездестіріп отыр.

Симурден оны халық ісі үшін күресте салтанатты сәтте мірді. Вандеяда Говэн революция тіректерінің бірі болды әрі революция үшін осы тіректі орнатқан да өзі, яғни Симурден еді. Бұл жеңімпаз — соның түлегі. Осынау жап-жас жігіттің жүзінде жайнаған ой мен шындық нұры — өзінің, Симурденнің ойы, Симурденнің шындығы. Оның шәкірті, оның жан дүниесінен түлеп ұшқан бел баласы бұдан былай батыр атанып отыр, ал таяу арада, бәлкім, отанының мақтанышына ми айналар.

Жаңа ғана бастан кешкен әсерлерін тағы да ой елегінен өткізіп, Симурден ұйықтамай, ояу жатты, оның жан дүниесі әлдеқандай тылсым сезімге бөленіп, діріл қақты. Таңғажайып жаңа шырақ, жарқырамай шешек атар жас ғұмыр Францияның көкжиегінен иек арта көтеріліп келеді және оны ерекше бір қуантқан нәрсе — осы ғұмырдың болашақ тағдыры өз қолында. Өзі куә болған тағы бір осындай жеңіске қол жетсе, оның бір ауыз сөзіне бола республика Говэнді армия басына қоймақ.

Адамды тосын жетістіктен бетер мастандырар нәрсе жоқ. Ол кез жұрттың бәрі әскери даңқты қиялдаған кез болатын: әркім өз адамын әскербасы еткісі келді. Симурден Говэнді ұлы қолбасшы ретінде көрсем деді. Ол ендігі оны (арман да бір құс емес пе?) мұхит үстінде — қашып бара жатқан ағылшындарды қудалаушы, Рейн бойында — корольдер коалициясын жазалаушы, Пиренейде — испандарды тықсырушы, Альпіде — Римге көтеріліске белгі беруші ретінде көрді. Симурденнің бойында: бірі — мейірбан жүректі, екіншісі — бұлтармас турашылдықты мұрат тұтқан қатал мінезді екі адам қосарласа өмір сүргендей, әрі екеуі де риза, өйткені ол Говэнді айбынды көсем деп қана емес, қаһарлы кекшіл жан деп те білді. Симурден жасамай тұрып қирату керек деген сенімде болатын. "Қазір еркелікті көтерер кез емес" дейтін ол. Әрі ол Говэнді сол кезде жұрттың айтқанындай, "жағдай деңгейінен" табылады деп кәміл сенді. Ол Говэнді даңқ тұғырында тұрған күйінде көзіне елестетті.

Кенеттен ол бөлмесінің шала жабылған есігінен Говэннің даусын естігенде қиялы тіпті шарықтап кетті. Ол тыңдай қалды. Құлағына аяқ тықыры естілді:

— Сен жараланғансың ба?

— Атып тастауларыңа жарайтындай хәлдемін.

— Бұл адамды төсекке салыңдар. Жарасын таңып, емдеңдер.

— Менің өлгім келеді.

— Сен өлмейсің. Сен мені король үшін өлтірмек болдың, мен сені республика үшін ажалдан арашалаймын.

Симурден түнеріп кетті. Ол біреудің түрпідей қолы оятып жібергендей, қиялдан тез арылып, он бойын сезік-секем билеп алды.

— Иә, ол шынында да биязы жан, — деп түңіле күбірледі.

VI. Жара жазылса да, жүрек қан жылайды

Симурденнің жарасы көп ұзамай жазылды. Бірақ жарасы мұнан әлдеқайда ауыр тағы бір жан бар-ды. Ол вандеялықтар атып кеткен, қаңғыбас Тельмарш Эрб-ан-Пайль фермасында қанға боялып жатқан жерінен тауып алған әйел болатын. Мишель Флешардың жағдайы Тельмарш ойлағаннан бетер қауіпті еді. Оның үш жарасы бар екен: бірі көктей өткен — оң кеудесінің жоғары жағынан тиіп, жауырынын сындырып, і у сыртынан шығыпты, екінші оқ бұғанасын, үшінші оқ иық сүйегін уатып жіберген. Әйткенмен өкпесі аман екен: оның жазылып кетуі ықтимал еді.

Деревняда Тельмарш "философ" атанатын, шаруалар тілінде бұл тәуіп, яғни біршама дәрігер әрі хирург, біршама дуана деген соз. Ол жаралы әйелді жеркепесіне апарып, мүктен істелген төсегіне жатқызды да, "қарапайым" әдістермен бағып-қағуға кірісті. Соның қамқорлығы арқасында ғана әйел тірі қалды. Бұғанасы бітісіп, кеудесі мен иығындағы жара бітелді де, бірнеше аптадан соң сауыға бастады.

Ақыры Тельмарштың қолына сүйеніп, сыртқа шығатын болды. Бірде Тельмарш оны ағаш түбіне күн шуаққа апарып отырғызды. Бүл әйел туралы ол ештеңе білмейтін. Кеудесінен жараланған кісіге мүлдем тыныштық керек, сондықтан Тельмарш оны сөйлетпей қойды. Ол үндеген жоқ, бірақ қарт оның көзқарасынан әлдене жанын жегідей жеп, бір ой есіл-дертінен шықпай жүргенін аңғарды. Бүгін таңертең ол әлдеқайда сергек болатын: сүйемелсіз-ақ жүріп кетердей. Абзал жанды қарт оған қуана, тіпті әкелік мейірмен қарап тұрды. Ол әйелге күлімсірей қарап:

— Міне, енді тік тұратын болдық. Жарамыз әбден жазылды, — деді.

— Тек жүрегім сыздайды, — деді әйел, сонсоң тағы да сөзін жалғай түсті: — Сөйтіп, сіз олардың қайда екенін білмейді екенсіз ғой, мүлдем бейхабарсыз ғой, ә?

— Кімдердің? — деп сұрады Тельмарш.

— Балаларым ше?

Ол талай рет қол-аяғы қалшылдап, ес-түссіз сандырақтап жатып та, балаларын шақыратын, сонда — адам сандырақтап жатса да көп нәрсені аңғарады емес пе — қарттың бұған жауап бергісі келмейтінін көрген.

Бірақ Тельмарш шынында да оған не айтарын білмеді. Жоғалып кеткен балалары жайлы анаға әңгімелеп жату оңай болып па. Тіпті, шынына келгенде, ол не білетін? Түк те білмейтін. Ол тек бір әйел-ананы атып кеткенін, оны қанға боялып жатқан жерінен өзі тауып алғанын, бүл марқұмның үш баласы болғанын, шешесін атып кеткен соң балаларды Лантенактың өзімен әкеткенін білетін. Бар білетіні осы. Балаларға не болды? Олар өлі ме, тірі ме?.. Ол үш баланың екеуі ұл да, біреуі емшектен жаңа суалған қыз бала екенін естіген. Бар болғаны осы. Бейшара балалардың тағдыры оның өзін де қинайтын. Әйткенмен ол жауап таба алмай-ақ қойды. Төңіректегі шаруалардан сұрастырып көріп еді, олар бастарын шайқап, ләм-мим айтқан жоқ. Лантенак өзі жайлы көп айтқанды ұнатпайтын.

Шаруалар Лантенак туралы әңгімелеуден тайсалып, Тельмаршпен сөйлесуге оншама құлық білдірмейтін. Жалпы олар — айтқанға сенбейтін халық. Өздері Тельмаршты ұнатыңқырамайтын. Қаңғыбас Тельмарш тынымсыз жан еді. Соның өне бойы аспаннан көз айырмайтыны несі? Не істейді, қаққан қазықтай бір орында әлденеше сағат тапжылмай тұрғанда не ойлайды екен? Сөз жоқ, өзі біртүрлі адам. Соғыс өрті жайлап алған елде, жұрттың бәрі өзін жанартау үстінде тұрғандай сезінетін елде, баршаның бір ғана ықыласы — жайпап жалмау, бір ғана жұмысы — өзгені бауыздау болып отырған елде, әркім жауының үйін өртеп, отбасын қырып кетуді, дұшпанның қарауылын шетінен өлтіріп, ауылын тас-талқан етуді, тосқауыл құрып жауды қақпанға түсіруді ғана ойлайтын елде, жұрт бірін-бірі жарыса құртып жатқан елде, табиғатқа мұңдана көз салып, шексіз-шетсіз жаһанның тылсым тыныштығына құлақ түре, неше түрлі шөп теріп, әдемі гүлді, сайраған құс пен жымыңдаған жұлдызды ғана тамашалап к үрген осынау дуана көрінеу көзге қауіпті кісі болатын. Дені түзу емес екені айдан анық. Ол бұта жамылып, жасырынбайды да, ешкімге оқ та атпайды. Айналадағы жұрттың оған қаймыға қирайтын да жөні бар.

Ақылынан адасқан, — дейтін өзгелер.

Сөйтіп, Тельмарш жалғыздықтан бетер жайсыз халге ұшырады: ол жұрт безетін жанға айналды.

Одан ешкім ештеңе сұраған да емес. Сондықтан қанша тырысса да, ол Мишель Флешардың балалары жайында жарытып ештеңе біле алмай-ақ қойды.

Тельмарш тұл қалған анадан "балаларым-ай" деген сөзді естіп, күлкіден тыйылды да, ал байғұс шеше өзінің қат-қабат ойына тағы шомды. Бейшараның жан дүниесінде қандай алақұйын болып жатқанын кім біліпті? Түпсіз терең қараңғы шыңырауға құлап түскендей... Кенет ол Тельмаршқа жалт қарап, ашынғандай кейіппен:

— Балаларым-ай! — X. Құтыла алар ма екен?деп аһ ұрды.

Тельмарш кінәлі адамдай басын салбыратып жіберді.

Ол маркизді ойлады. Ал маркиз болса, әрине, оны ойламақ түгіл, оның бүл дүниеде бар-жоғын ұмытып та кеткен шығар. Тельмарш мұны әп-әдемі білетін. "Ұлағатты мырзаның басына күн түскенде сен оған керексің әрі ол сенімен дос-ақ, бірақ қауіп-қатер басынан өтісімен оның сенімен ісі жоқ", — дейді ол ішінен өз-өзіне. Сонсоң өзінен: "Ендеше, сен бүл мырзаны неге құтқардың?" — деп сұрады да, іле-шала: "Өйткені ол адам ғой", — деп жауап берді. Ол біраз ойланып барып: "Жә, болды, соның өзі шынымен адам ба?" — деп қарсы шықты өз-өзіне.

— Әттеген-ай, білсемші мұны! — деп тағы да қапаланды ол

Дұрыс істедім бе осы деп бас қатыра коп ойланды. Мұны ойлаудың өзі азап еді. Демек, жақсы қылықтың да жаман болып шығуы мүмкін екен ғой. Қасқырды құтқарған адам — қойды құртпақ. Қарақұстың сынған қанатын емдеген адам оның тырнағы үшін жауап бермек. Ол өзін шынымен-ақ кінәлі сезінді. Байғұс ананың ашынарлық та жөні бар.

Иә, ол кінәлі: ол маркизді қүтқарып жіберді. Бірақ ол мынау ананы да құтқарды ғой! Осы ой ғана оның жанын біршама байыз таптырғандай болатын.

Ал балалар ше? Оларға не болды? Ендігі қай жерде жүр?..

Әйел де осыны ойлайтын. Бүл екі адамның ойы бір ізбен жүргендей еді, сөйтіп, өзара тіл қатыспаса да, олардың ойы бір ғана бұлдыр арманға тоғысып жатты.

Бірақ әйелдің мұңды жанары Тельмаршқа тағы да қадала қалды:

— Қашанғы осылай бола бермек, — деп күбір етті ол

— Тсс! — деп сыбырлады Тельмарш саусағын ерніне басып.

Әйел оны тыңдамастан сөйлей берді:

— Мені неге құтқардыңыз? Мұныңызды кешіре алар емеспін. Одан да өлгенім артық еді; оларды тым болмаса о дүниеден көрер едім ғой. Қайда екенін білер ем, олар мені көрмесе де, жандарында жүрер ем... Марқұм шеше де балаларына қорғаныш бола алады.

Тельмарш оның қолын ұстап, тамырын басып көрді:

— Сабыр етіңіз. Тағы қайталап қаларсыз.

— Қашан кетуіме болады? — деп сұрады әйел оғаштау үнмен.

— Кетуді айтасыз ба?

— Иә, иә. Соларды іздеуге шығам.

— Мазасызданатын болсаңыз, ешқашан кете алмайсыз. Ал сабыр тұтсаңыз, бәлкім, ертең-ақ жүріп кетерсіз.

— Сіздіңше, сабыр тұту деген не?

— Ол — құдайға сыйыну деген сөз.

— Құдайға дейсіз бе? Ал сонда ол менің балаларымды қайтті екен?

Әйел сандырақтап кеткендей болды. Бірақ даусы қайтадан сабырлы естілді.

— Түсінсеңіз етті, — деді ол, — бүйтіп отыра беруге шыдамым жоқ. Сіз бала сүймеген адамсыз, ал мен құрсақ көтерген жанмын: айырма осында. Адамның сезімін бастан кешпей, пікір түюге болмайды. Сіздің ешқашан балаңыз болған емес пе?

— Жоқ, — деп жауап қатты Тельмарш.

— Ал мен баладан көз ашқан емен. Енді оларсыз не істемекпін? Осыны айтсаңызшы, тым болмаса... Балаларымды не үшін тартып әкеткенін түсінсем бұйырмасын. Бір сорақылықтық болып жатқанын көріп... сезіп жүрмін, бірақ түсіне алар емеспін. Олар күйеуімді өлтіріп, өзімді атып кетті. Сонда не үшін? Түсінсем не дейсіз.

— Міне, енді тағы да қызуыңыз көтеріліп барады, — деді Тельмарш. — Бүйтіп, көп сөйлей бермеңіз.

Әйел оның бетіне қарады да, тына қалды. О л осы күннен бастап мүлде әңгімелесуді қойды.

Тельмарш мұндай тіл алғыштықты күтпеп еді, мұны ол жаратпай да қалды. Әйел бүк түсіп, кәрі емен түбінде неше сағат бойы тапжылмай бір орында отырады да қояды. Ой ойлап тым-тырыс отырады. Үнсіздік — адам қасіретін ақырына дейін бастан кешкен қарапайым жанның сая табар панасы. Әйел ештеңені түсініп болмасына көнген сияқты. Жеріне жете түңілген адам сүлесоқ боп қала бермек.

Тельмарш жаны удай ашып, оны сыртынан бақылаумен болды. Осынау әйел қасіретінің алдында қайырымды қарт өзі де әйелше сезініп, әйелше ойлай бастады. "Иә, өзі үндемесе де, көзінен бәрі аңғарылып түр ғой, — деді ол ішінен. — Баяғы бір ойдың жанын жай таптырмай жүргенін байқаймын. Ана, емшек емізіп жүрген ана — ана болудан қалды деген не сұмдық? Әйел бұған көндігер емес. Өзі жақында ғана емшек еміп жүрген ең кенжесін көбірек ойлайды білемін; бейшара жатса-тұрса да, соны есінен екі елі шығарар емес".

Мұндай қайғыға сөздің еш септігі болмасын Тельмарш та түсініп, үндемейді. Қыр соңынан қалмас ойдың мылқаулығы жан шошырлық.

Ендеше, өкшелеген сұмдық ойдан арылу керек деп ананы қандай сылтаумен ғана иландыра аларсың?

Бала — әлдилеп, мәпелеуді қажет ететін кіп-кішкентай дәрменсіз пенде. Сондықтан әрбір ананың бойында парасаттан әрі төмен, әрі жоғары бір нәрсе бар: ол — сезік.

Енді Тельмарш бұл бақытсыз бейшараны сөйлеттірмек болды, бірақ қолынан келмей-ақ қойды. Бірде ол әйелге былай деді:

— Сор болғанда, мен шалмын, сондықтан көп жүре алмаймын. Ешқайда бара алмаймын, әлім жоқ. Ширек сағат жүрген соң-ақ аяғым талып, тынықпасам болмайды, әйтпесе сізбен бірге кетер ем... Бір есептен жүре алмағанымның өзі жақсы ма деймін. Неге десеңіз, серік боламын деп сізге қауіп төндіруім де ықтимал ғой. Мұндағылар маған төзіп қана жүр, әйтпесе ұнатпайды, тәйірі, өзім шаруа болғандықтан көктерге күдікті көрінемін, ал шаруалар мені дуана санайды.

Ол әйел не айтар екен дегендей жауап күтті. Бірақ оған көз қырын да салған жоқ.

Қасарысқан ой не есуастыққа, не қаһармандыққа бастайды. Бірақ бейшара әйел қаһармандық жасап не көгертпек? Оның ана болудан басқа қолынан келері жоқ. Ол күн санап ой тұңғиығына бата берді, бата берді. Сыртынан Тельмарш үн-түнсіз бақылап қана жүрді.

Ол әйелді бірдеңемен алдарқатпақ болды: оған жіп пен ине, оймақ әкеп берді. Әйел байғұс оны-мұны тіге бастағанда қарт мәз боп қуанып қалды. Әйел ойымен болып, жұмыс істей берді. Бүл денсаулық нышаны еді. Ол бірте-бірте әл жия бастады. Өзінің іш киімін, көйлек-кеншегін, башмағын жамап-жасқады. Әйтсе де жүзі сынық, баяғысынша селсоқ. Жұмыс үстінде ыңырсып, жабырқау он салады. Кейде әнін кілт үзіп, балалары жайлы хабар әкелгендей құстардың сайраған үніне құлақ тоса тыңдайды. Бірауық күбірлей бастайды; балаларының атын атап шақырып жата ма, кім білсін, әйтеуір Тельмарш жөнді ести алмайды. Ерні үнсіз қыбырлайды. Ол бірде қапшық тігіп, ішіне толтыра жаңғақ салды. Таңертеңгісін Тельмарш оның жолға шыққанын көрді. Екі көзі қалың орманда.

— Қайда барасың? — деп сұрады Тельмарш.

— Соларды іздеп барамын, — деп жауап берді ол

Тельмарш оны тоқтатам деп әрекеттенбеді.

VII. Қарама-қарсы қос шындық

Азамат соғысының оқиғаларына толы бірнеше апта өтті. Фужер төңірегіндегі кеу-кеу әңгіме бір-біріне ұқсамайтын, бірақ бір ғана істің игілігіне жұмыс істеп, революция үшін ұлы шайқаста иін тіресе ұрыс салып жүрген екі адам жайында ғана болды.

Вандеядағы қантөгіс жекпе-жек созыла түсті, бірақ Вандеядан ендігі дәрмен кете бастаған. Оның хәлі әсіресе Илье-Виленде мүшкіл болды. Дольде алты мың роялистің ерен шабуылына бір жарым мың патриоттың ерлігін осыншама тапқырлықпен қарама-қарсы қойған жас командирдің қайрат-жігері арқасында округтегі көтеріліс басыла қоймаса да, едәуір бәсеңдеп, тұйықталған болатын. Бұдан кейін тағы да осыған пара-пар бірнеше рет соққы берілді де, осы жетістіктердің бәрі жағдайды жаңа арнаға түсірді. Жағдай өзгерді, әйткенмен іле-шала аяқ астынан шиеленіс туды.

Вандеяның бүкіл бүл бөлігінде республика жеңімпаз шеру тартты — бұған ешқандай да күмән болмады. Бірақ бүл қандай республика еді? Революцияның түпкілікті салтанатынан республиканың екі түрі: террор республикасы және мейірбандық республикасы аңғарылған. Бірі жеңіске қаталдықпен, екіншісі — момын шаралармен жетуді ойлады.

Екеуінің қайсысы басым түсер екен? Бітімшіл және бітімсіз бұл екі үлгінің өз жақтастары — ықпалы мен беделі бірдей екі адамы болды. Бірі — әскербасы, екіншісі — қатардағы делегат. Қайсысы басым түспек? Қатардағы делегат жағындағы үлкен бір артықшылық — республикашыл өкімет орындарының қолдауы. Ол Париж коммунасының: "Ешқандай қайырым болмасын!" деген зілді бұйрығын ала келді. Ол Конвенттің "Бүлікшілердің тұтқынға түскен көсемін босатып жіберген немесе оның қашып кетуіне жол берген әрбір адам өлім жазасына тартылады" деген декретін әкелді. Оның қолында қоғамды құтқару комитетінен құзырлы уәкілдік әрі оған толық бағыну туралы Робеспьер, Дантон және Марат қол қойған бұйрық бар.

Екінші бір әскери адамның қолындағы жалғыз ғана күш — жанашыр сезім. Оны қостайтын мығым қолы мен жеңілгендерге мейірбандық жасап жүрген жүрегі ғана. Ол жеңімпаз болатын, сондықтан мейірбандық жасауға хақылымын деп білетін.

Соның салдарынан осы екі адамның арасында астыртын, бірақ терең жік туған-ды. Олар түрлі сыңайдағы адамдар еді. Екеуі де көтеріліске қарсы күресті және әрқайсысының өз құралы: бірінде — жеңіс, екіншісінде — террор болды.

Түгелдей орман жапқан Бретань соларды ауыздан тастамай-ақ қойды; көптің назары соларға ауды. Көзқарастарының қарама-қайшылығына қарамастан араларында берік рухани байланыстың болуы баршаның оларға деген ықыласын күшейте түсті.

Бүл екі дұшпан өзара дос болатын. Екі жүректі қосқан сүйіспеншілік сезім ешқашан мұншалықты берік те терең болып көрмеген шығар. Рақымсыз мейірбанды ажалдан құтқарды, терең тыртық қалдырды. Бұл екі адамның бірі — өлім бейнесі, екіншісі — өмір бейнесі болды. Бірі — үрейшіл принциптің, екіншісі — ымырашыл принциптің көрінісі. Олар ештеңеге қарамай, бірін-бірі жақсы көрді. Кісі таңырқарлық жұмбақтар да бола бермей ме?

Бұған қоса мынаны айта кетелік: "қатыгез" деп қауесет тараған екеудің бірі өте қайырымды болатын: ол жұрттың жарасын өз қолымен таңып, науқастарға өзі баратын, күндіз-түні емханалар мен жара таңатын пункттерден шықпайтын, аш-жалаңаш балаларды көргенде жылап жіберуге шақ тұратын, қолда барын түгелдей кедейлерге үлестіріп беретіндіктен, өзі қу тақыр еді. Ол барлық ұрыстарға қатысты: шабуылда алда болды, ұрыстың қайнаған ортасына қарумен де, қарусыз да қойып кетіп жүрді — себебі белбеуінде пистолеттері мен қылышы болатын, бірақ оның қылышын жалаңаштағанын немесе пистолетін қолға алғанын ешкім көрген емес. Ол соққыға қарсы жүретін, бірақ өзі соққы бермейтін. Жұрт оны бұрын дінбасы болған деседі.

Бұл адамдардың бірі — Говэн, екіншісі — Симурден еді. Екі адамның арасында достық, екі қағидаттың арасында — қастық болатын. Арадағы терең жік осыдан туды. Бүл бұқпантай күрес сыртқа шықпай тұра алмайтын. Ақыры ол бұрқ етті.

— Қалай, хәліміз нешік? — деп сұрады Симурден Говэннен.

— Сіз мұны менен кем білмейсіз ғой. Лантенактың баскесерлері тоз-тоз болды. Оның қарамағында мықтағанда жиырма-отыз адам қалды. Ол қазір Фужер орманына тықсырылды, ал бірер аптадан соң қоршауға алынбақ, — деп жауап берді Говэн.

— Ал екі аптадан соң ше?

— Қолға түседі.

— Сонан соң?

— Сіз менің жарнамамды оқып па едіңіз?

— Оқыдым. Сонда ше?

— Ол атылады.

— Тағы да мүсіркеушілік пе? Жоқ, ол гильотинада өлуге тиіс.

— Мен әскери өлім жазасын жақтаймын, — деді Говэн.

— Ал мен революцияшыл өлім жазасын жақтаймын, — деп жарыса сөйледі Симурден. — Сен әулие Марк монастырінің монах әйелдерін неге босатып жібердің? — деп сұрады сонан соң ол Говэннің көзіне тура қарап.

— Мен әйелдермен жауласпаймын, — деп жауап қайтарды Говэн.

— Ол әйелдер халыққа өшпенділікпен қарайды. Ал өшіккен әйел он еркекке бергісіз. Біз Лувиньеде қолға түсірген карт фанатик — поптардың сұрқия тобырын революциялық трибуналға неліктен тартпадың?

— Мен қарттармен жауласпаймын.

— Қарт әулие әкей жас әулие әкейден де жаман. Қурай шашты қарт көтерген бүлік — ең қауіпті бүлік. Жұрт әжімге сенгіш-ақ. Жалған аяныштың қажеті жоқ, Говэн. Патша өлтірушілер — халыққа азаттық әперушілер. Тампль* мұнарасына сақ болғайсың.

— Тампль мұнарасына дейсіз бе? Қолымда ерік болса, мен одан дофинді босатып жіберер едім. Мен балалармен жауласпаймын.

Симурден қатуланып кетті:

— Біліп қойғын, Говэн, жұрт Мария-Антуанетта* десе, әйелге қарсы, папа Пий Алтыншы* десе, қартқа қарсы, Люцовик Капет десе, балаға қарсы рақымсыз соғыс жүргізу керек.

— Қадірлі ұстазым, сіз менің саяси қайраткер емес екенімді ұмытып тұрсыз ғой деймін?

— Қауіпті қылықтан аулақ болғайсың... Коссеге шабуыл жасағанда әскерлеріміздің қоршауына түсіп, үстіне ажал төнген бүлікші Жан Третон қолына қылыш алып, колоннамызға жалғыз өзі тап бергенде сен солдаттарға: "Жол беріңдер! Өткізіп жіберіңдер!" деп неге айғайладың?

— Өйткені мың сан солдаты бар отряд үшін жалғыз адамға жабылу масқаралық та.

— Кайльетрт д'Астилье іргесінде солдаттарымыз жер бауырлап бара жатқан жаралы вандеялық Жозеф Безьені құртпақ болып тоқтағанын көргенде, сен оларға "Алға! Мен оның сазайын өзім тартқызамын!" деп айғайлап, оғыңды далаға атып жібергенің қалай?

— Себебі жығылғанға жұдырық жұмсамас болар.

— Мұның дұрыс болмай шықты. Әлгі адамның екеуі де бүлікшіл содырларға атаман болып кетті. Жозеф Безелье — Мұрт дейтін белгілі баскесер де, Жан Третон — Күмісаяқ. Сол екі адамды құтқарамын деп сен республикаға екі дұшпан әпердің.

— Республикаға жаудан гөрі достың көбірек болуын тілейтінімді жақсы білесіз.

— Ендеше, Ландэань тұсындағы жеңістен кейін біз тұтқынға алған үш жүз шаруаны атып тастауға қалайша әмір етпедің?

— Өйткені соның алдында ғана Боншан тұтқын республикашыларға рақым жасаған болатын, сондықтан мен республикашылардың да тұтқын роялистерге рақым жасағанын барша жұрт білсін дедім.

— Демек, Лантенакты қолға түсірсең, оған да рақым жасамақсың ба?

— Жоқ.

— Неліктен? Сен анау шаруаларға рақым жасадың ғой.

— Шаруалар — қараңғы халық, ал Лантенак не істеп, не қойып жүргенін біледі.

— Бірақ Лантенак нағашың емес пе?

— Ал Франция — туған шешем.

— Лантенак — қарт.

— Лантенактың жасы жоқ. Лантенак бізге бөтен. Ол француз емес: ол бізді ағылшындарға сатып жүр. Лантенак шетелдік шапқыншылық дайындау үстінде. Ол — отан жауы. Біздің жекпе-жек не оның, не менің өліміммен ғана тынуы мүмкін.

— Говэн, осы айтқаның есіңде болсын.

— Болады.

Екеуі үнсіз қалды. Бір-біріне қарап отыр. Говэн сөзін жалғады:

— Бұл тоқсан үшінші жыл тарихта қанқұйлы дата болмақ.

— Абайла! — деп іліп әкетті Симурден. — Неше түрлі сұмдық міндет болады. Кінәдан аулақ адамды айыптай көрме. Ауру-сырқаудың бары үшін қашаннан бері дәрігерлер кінәлі болыпты? Иә, мынау ұлы жыл рақымсыздықпен аты шықты. Ал себебі не? Себебі бұл — революция жылы. Революцияның жауы бар, ол заманы өткен дүние, сондықтан хирургтің өз жауы — гангренаға қайырымсыз болатыны сияқты, революция да оз жауына қайырымсыз. Революция король арқылы корольдік өкіметті, дворян арқылы — ақсүйектікті, әскери өкімет орындары арқылы — озбырлықты, дінбасылар арқылы — варварлықты құртады. Тоқетерін айтқанда, әрбір тиран арқылы тирания атаулыны құртады. Операция жан қинамағанмен, оны істегенде революцияның қолы селт етпейді.

Сонда бүкіл қоғамдық организмді уландырып жатқан іріңді мерезге рақым жасауды талап етуге сенің қайтіп қана дәтің барады?.. Жоқ, ол сенің дегеніңе көнбейді. Ол біздің бұрынғы жексұрындығымызды әлуетті қолына нық ұстаған әрі оның дымын өшіреді. Ол өркениеттің тәніне адамзатты сауықтырар терең таңба салады... Жаныма батып барады дейсің бе? Иә, батса — бататын да шығар, онсыз болмайды. Ал азап қаншама ұзаққа созылмақ? Операция біткенше. Оның есесіне сіз өмір сүретін боласыз. Революция ескі дүниенің тәнінен тән кесіп алады, сонда қан ақпай тұра алмайды. Біздің тоқсан үшінші жыл — қан ағатын жыл

— Иә, бірақ хирург сабырлы да, айналадағы адамдар қаһарлы ғой, — деп қарсыласты Говэн.

— Жеңіп шығу үшін революцияға қайратты жандар қажет, — деді Симурден. — Ол қалтырақ қолды кейін серпіп тастайды. Қайсарларға ғана арқа сүйейді. Дантон үрейлі, Робеспьер қайсар, Марат ымырасыз... Есіңде болсын, Говэн, бұл есімдер бізге қажет. Олар тұтас армияға пара-пар: олар Еуропаның зәресін алады.

— Бәлкім, келешек ғасырлардың да зәресін алатын шығар, — деп сөз қыстырды Говэн. Ол аз-кем үндемей қалды да, сөзін қайта сабақтады: — Дегенмен, ұстазым, сіз қателесіп тұрсыз: мен ешкімді де кінәламаймын... Меніңше, революцияға ешкім кінәлі емес және бәрі де кінәлі деп қараған жөн сияқты.

Симурден басын көтеріп:

— Революция жемісі террорды ақтай алатын күн де туар, — деді.

— Мен террор революцияны масқараламаса игі еді деп қорқамын. — Говэн әңгімесін әрі созды. — Бостандық, теңдік және туысқандық дегеніміз — бейбітшілік пен баршаға бірдей гармония. Оларды апай-топай етудің керегі не? Революция сұмдық емес, ымыраласу болуға тиіс. Амнистия — бұрын-соңды адам тілінде айтылған ең асыл сөз. Өз қанымды төгуге тәуекел жасап қана өзгенің қанын төге аламын... Айтпақшы, мен өзім күресуді ғана білемін, өйткені мен тек солдатпын. Бірақ бір нәрсені: кешірім жасауға болмаса, жеңудің де қажеті жоқ екенін кәміл білемін. Ұрыста жауыңа жау бол, ал жеңген соң соның бауыры болғын...

— Абайла, Говэн! — деп қайталады Симурден осымен үшінші рет. — Сен маған ұлымнан да артықсың. Абайла! Сөйтті де, ол ойланып барып: — Біздің мұндай заманда жанашырлықтың опасыздыққа айналып кетуі мүмкін, — деп қоса айтты.

Бүл екі адамның әңгімесі сапы мен балтаның жекпе-жегіне ұқсас еді.

VIII. Азалы ана

Оның бер жағында ана балаларын іздеп келе жатты.

Ол басы ауған жаққа жүре берді. Сонда қайтіп күнелтті дейсіз ғой? Немен қоректенді? Мұны өзі де білмейтін... Ол күні-түні, жаяулай-жалпылай жүріп, қайыр сұрады, шөп-шаламды қорек етіп, ашық аспан астында, жымыңдаған жұлдыз астында, бұта арасында, ал кейде жаңбыр мен жел өтінде тақыр жерге түнеп жүрді.

Ол деревнядан деревняға, фермадан фермаға тентіреп, үй-үйдің жанына тоқтап, сұрастыра берді. Үстіндегі киім-кешегі алба-жұлба болды. Кейде оны ішке кіргізеді, кейде жолатпай, қуып жібереді. Кіргізбей қойса, орманға беттейді.

Ол төңіректі білмейтін. Ол ешқайда болған емес және бар білетіні — өзінің Сикуаньяр деревнясы мен Азэ қауымы ғана. Ол жүріп кеткен жерін талай рет қайталап, шыр айналып, бекерге әлі құритын. Біресе тас жолмен, біресе арба салған терең сораппен, біресе қалың орманға бойлай сүрлеумен жүріп отырды. Өстіп тентіреп жүргенде оның жұпыны киімінің тамтығы ғана қалғанына таңданатын не тұр.

Әуелі ол башмақсыз, сонан соң жалаңаяқ жүрді, ақыр соңында аяғы қанталап, борша-боршасы шықты.

Ол шайқас далаларының үстімен, оқ астында жүріп отырды. Ештеңені естіген де жоқ, ештеңені көрген де жоқ, ештеңеден қашқан да жоқ: ол балаларын ғана іздеумен болды. Бүкіл елді бүлік жайлаған, еш жерде ешқандай жандармдар да, пэрлер де, ауылдың өкімет орындары да жоқ-тұғын. Өткен-кеткен адамдармен ғана сөз қағыстыруына тура келді. Ол әркіммен әуелі өзі әңгіме қозғап:

— Жүрген-тұрған жерлеріңізде кішкентай үш бала көзіңізге түспеді ме? — деп сұрайтын.

Жүргінші таңырқай басын көтеретін.

— Екі ер бала да, бір қыз бала, — деп түсіндірмек болатын сонда ол. — Аттары Рене-Жан, Гро-Ален және Жоржетта, көрген жоқсыз ба? Үлкені беске кетті, кішкентайына — бір жас сегіз ай. Қайда екенін білмейсіз бе? Оларды менен тартып әкеткен.

Жүргінші тіл қатпай әйелге қарайтын. Өзін түсінбей тұрғанын көрген соң әйел:

— Неге десеңіз, бұл менің балаларым, сұрап тұрғаным да сондықтан, — деп тағы түсіндіріп әуреленетін.

Жүргінші басын шайқап, жөніне кететін. Сонда әйел әбден түңіліп, бір орында қалшиып тұрып қалатын.

Ақыры бірде оның сөзіне ықылас қойған адам да табылды. Бір шаруа әйелдің тәптіштеген сұрақтарын тыңдап болып, әлденені есіне түсіре бастады:

— Тоқтаңыз, — деді ол — Үшеу еді дейсіз бе?

— Иә.

— Екі ер бала да...

— Бір қыз бала.

— Сіз соларды іздеп жүрсіз бе?

— Иә.

— Мен осындағы бір сеньор ұрыс кезінде үш баланы қолға түсіріп, өзімен әкетті дегенді естігем.

— Ол кісі қазір қайда? — деп шыңғырып жібере жаздады әйел — Қайда менің балаларым?

— Тургке барыңыз, — деп жауап берді шаруа.

— Сіздіңше, оларды сол жерден табамын ғой, о?

— Бәлкім, тауып қаларсыз.

— Қайда дейсіз.

— Тургке деймін.

— Тург деген не?

— Сондай жер бар.

— Деревня ма, қамал ма? Әлде ферма ма?

— Білмеймін. Мен онда ешқашан болған емеспін.

— Алыс па?

— Иә, жақын емес.

— Қай жақта?

— Фужер жақта.

— Онда қалай барамын?

— Тікелей Ванторгке тартыңыз. Сонан соң Лоршан арқылы Лераға бет ұстаңыз. Ол қолымен батысты нұсқады. — Тура күннің батысына қарай жүре беріңіз.

Ол созған қолын түсіргенше әйел кетіп те үлгерді.

— Тек сақ болғайсыз. Ол жерде ұрыс болып жатыр, — деп айғайлады шаруа соңынан.

Әйел ештеңе деп жауап қатпады, тіпті бұрылып та қарамады — ол алға қарай жүре берді, жүре берді.

IX. Провинциялық Бастилия

Бұдан қырық жылдай бұрын жолаушы Фужер орманына Леньеле жағынан кіріп, Паринье жағынан шыққанда, осынау ұйысқан қалың жыныстың шетіне жете бере сұсты көрініске тап болатын: оның қақ алдынан ойда-жоқта сораң етіп Тург шыға келетін.

Бүл тірі емес, өлі Тург: жарым-жартылай қираған, жалаңашталған, әр жері құлап, қабырғасы шытынап кеткен. Осынау Тургтен бетер сиықсыз үй сүлдері, сірә, бола қояр ма екен? Таңырқаған жолаушы қарсы алдынан биік дөңгелек мұнараны көретін: ол олжа аңдығандай ұмсынып, орман шетінде жападан-жалғыз түр. Жолаушы жақындап, жарқабақтан көтерілгенде қабырғаның опырыла құлаған жерін көзі шалатын.

Бүл ойық минаның жарылуынан пайда болған: минаға, тегі, кемінде екі центнер оқ-дәрі сыйса керек. Жарылыстан қабырғаның үп-үлкен жері құлап түскен және түріне қарағанда, қоршауға алғандар мұнараға осы тесіктен кіргенге ұқсайды.

Мұнараның ор заманда талай рет қоршауда қалып, шыдап баққаны көрініп түр: қабырғаларында XIV ғасырдың тас ядроларынан XVIII ғасырдың шойын ядросына дейін неше түрлі снарядтардан тыртық қалған.

Ойықтың тура тұсында, қарсы қабырғада, қабірге баратын есік бар.

Бұл склеп бір жағынан абақты, бір жағынан тұтқындар тірі шығып көрмеген тас қоржын болатын. Ол кезде әр мұнараның, әр қорғанның жанында тас қоржыны болушы еді. Сол замандағы абақтылардың көпшілігі сияқты Тург зынданы да екі қабатты-тұғын. Жоғары қабаты күмбезденіп келген төбесі бар үлкен бір бөлмеден тұратын. Феодалдық заманда бүл бөлмеде адамды паршалайтын, бірақ мұның өзі неғұрлым қарапайым және атпен паршалағаннан гөрі ың-шыңсыз істелетін. Мұнда кезінде екі доңғалақ орнатылған. Олардың үлкендігі сондай, қабырға мен төбеге тиіп тұрған. Әрқайсысына айыпкердің аяқ-қолын таңып, доңғалақтарды жан-жаққа айналдыра бастайтын, сонда адамның парша-паршасы шығатын.

Абақты болған бүл бөлменің астында екінші бір бөлме — сөздің тура мағынасында тас қоржын болатын. Оған есік арқылы емес, төбедегі тесік арқылы кіретін. Айыпкерді қабірдің жоғарғы бөлегінен тыр жалаңаш күйінде қолтығынан жіп байлап түсіретін. Жоғарғы қабаты абақты да, төменгі қабат қабір болатын.

Біздің ата-бабаларымыз мұндай абақты-қабірлерді тас қоржын дейтін. Біз үшін бүл атау жай ғана сөз, өйткені ол бейнелеген нәрсе із-түзсіз жойылып кеткен. Революцияның арқасында біз мұндай сөздерді жайбарақат тыңдап, айта береміз.

Мұнараның сырт жағында, осыдан қырық жыл бұрын оған кіретін жалғыз есік іспеттес ойық үстінде, амбразура немесе атыс үясы бар-ды. Ол қалған атыс ұяларынан едеуір кең болатын. Астыңғы жағында қабырғадан жұлынып, майысып қалған темір тор салбырап тұр.

Ойықтың қарсы алдынан мұнараға үш арқалығы бар тас көпір тіреледі.

Ғасырдың орта шенінде бүкіл қамал бір ғана мұнарадан тұратын әрі жан шаппас берік болатын. Көпір оны әлсіретіп жіберген. Орта ғасырда Говэндер оны көпірсіз салған-ды. Ол кезде қамалға кіру үшін балтамен бір соқса, қирап түсер кішкентай көпірден өту керек еді.

XVII ғасырда мұнараны жақын маңдағы жалпақ қыратпен байланыстырып келген көпір арқалықтарының үстіне қамал салынды. Ол ескі мұнарадан гөрі қолайлы қоныс ретінде тұрғын үй етілді.

Бірі — сұсты, екіншісі — әдемі бұл екі үй бірін-бірі толықтырудан гөрі стильдерінің әр қилылығымен оғаш көрінетін. Жан баспаған ну орманға лайық бұл сұсты мұнара Версальға лайық мынау қамалдың жанында көзге түрпідей тиетін.

Әскери тұрғыдан алғанда, көпір мұнараны жауға бұлтартпастан ұстап берерліктей. Көпір мұнараны әрі ажарландырып, әрі дымын құртып тұр: мұнара әсемдіктен ұтса да, әлден айрылған. Орман жақтан бекем болғанмен, қырат жақтан осалданып қалыпты.

Қайталап айталық, оған көпірді тіркестіре салу стратегиялық тұрғыдан қателік болған. Дегенмен көпір салушылар біршама сақтық та жасапты. Олар, біріншіден, өрт шығу мүмкіндігін күн ілгері ескеріпті: қамалдың ор жақтағы терезелерінің астында темір ілгегі бар берік құтқарма саты ілінген. Екіншіден, олар жаудың көктей шабуыл жасау мүмкіндігін күнілгері ескеріпті: көпір аласа ауыр темір есікпен мұнарадан оқшаулап тасталған. Бүл есіктің қалыңдығы мен беріктігі сонша, таран былай тұрсын, зеңбірек дүмпуіне де шыдайтындай.

Бұл есікке жету үшін көпірден өту, ал мұнараға ену үшін осы есікке кіру керек. Басқа жол жоқ.

Иә, сөйтіп, әр түрлі биіктікте жасалған атыс ұялары және ішіне кіретін жалғыз жол — аспалы көпірге тіреліп тұрған үй жаққа ашылатын жалғыз темір есігі бар кең әрі биік алты қабатты мұнара: артында — орман; алдында — көпірден жоғары, мұнарадан төмен орналасқан, үстіне қалың бұта өскен биік қырат; көпір астында — мұнара мен қырат аралығында ішінде шілік өскен, қыста күшті тасқынға ұласып, көктемде жылғаға, ал жазда — тас табан жыраға айналатын терең әрі жіңішке ор — Говэндердің қамалы, Тур-Говэн, былайша айтқанда, Тург дегеніміз, міне, осындай болатын.

X. Кепіл балалар

Шілде өтіп, тамыз басталды. Францияны қаһармандық пен рақымсыз қатыгездік рухы жайлады. Оның көкжиегінде екі елес жарқ етті де, жоқ болды. Олар: қынына пышақ сұғылған Марат пен басы алынған Шарлотта Корде*. Іс насырға шабайын деді. Стратегиялық үлкен соғыста тас-талқаны шыққан Вандея партизандық шағын соғыстың, бұрынғыдан да сұмдық соғыстың құшағына паналады. Енді бүл соғыс орман-тоғай мен бұта-бұтаны бүркемеленген жекелеген отрядтардың толассыз шайқасына айналды. Ұлы армия, католиктік және корольдік деп аталатын армия жеңілістен жеңіліске ұшырай бастады. Сонда да вандеялықтар Лa-Рошель қамалына бұрынғысынша қауіп төндірумен болды, ал теңізде бірнеше ағылшын полкі мен оған қосылған француз флотының офицерлерінен дайын десанты бар ағылшын флоты осы полктерді француз жағасына түсіру үшін маркиз де-Лантенактан белгі ғана күтті. Мұның өзі көтеріліске аттанған роялистерге жеңісті қайта әперуі мүмкін еді.

Питт* мемлекеттік қылмыскер болатын. Қанжар қару-жарақтың қандай ажырамас бөлігі болса, опасыздық та саясаттың сондай ажырамас бөлігі. Питт қанжармен біздің елді жарақаттап, өз еліне опасыздық жасады, өйткені өз отанын масқаралау — оған опасыздық жасау деген сөз. Оның тұсында және соның арқасында Англия жексұрын соғыс жүргізді: ол тыңшылық жасады, қулық-сұмдыққа басты, алдап-арбады. Ол жалғандықтан жиренбеді, браконьерлермен және ассигнацияны қолдан жасаушылармен соз байласты: ол бізге деген өшпенділік атаулының ең ұсқынсыз түрінен де шімірікпеді. Лиллада бір ағылшыннан Питтің Вандеядағы агентінің хаты қолға түсті, сол хатта, басқаны былай қойғанда, былай делініпті: "Ақшаны аямауларыңды өтінемін. Кісілер тиісті сақтықпен өлтіріледі деп үміттенеміз. Киімін өзгерткен әулие әкейлер мен әйелдер — осы мақсатқа ең қолайлы адамдар. Руанга алпыс мың және Каннга елу мың фунт жіберіңдер". Бірінші тамызда бұл хат Конвентте оқылды. Екі жақтың да жағдайы мүшкіл еді. Соғыс бір жерде тоқтаса, іле-шала екінші жерде бұрқ етіп жатты. "Ешкімді де аямаңдар!" "Тұтқынға алмаңдар!" — соғысушы екі лагерьдің ұраны, міне, осындай болды. Тарихтың бүл парағын албастыдай ажал көлеңкесі басты.

Тург қамалы қоршауға алынды. Бірде кешқұрым, көкте жұлдыз туа бастағанда, қас қарайып, ормандағы жапырақ пен даладағы шөп сыбдыры естілмей, табиғат мүлгіп тұрған бір шақта керней үні жаңғырып қоя берді. Ол жоғарыдан, мұнара төбесінен естілді.

Кернейге төменнен сырнай үн қосты.

Мұнара үстінде қарулы адам түр: төменде, қараңғылық құшағында тұтас лагерь орналасқан.

Қамал төңірегінде қыбырлаған жұрттың қарасын ажыратуға болады. Бүл адам илеуі әскери лагерь-тұғын. Әр жерде, орманда — ағаш түбінде, қырат үстінде — шілік ішінде от жағылып жатыр, сондықтан қараңғылық бірте-бірте жылтылдаған нүктеге толып кетті. Жер де аспанға еліктеп, жұлдыздан әшекей таққысы келгендей. Бірақ бүл суық жұлдыз — соғыс жұлдызы болатын. Лагерь қырат жақта жазық алқаптың бергі шетіне дейін созылып, қарсы жақта қалың орманға еніп жатыр.

Тург қамалы айнала қоршалған.

Қамаушылар лагері иемденіп жатқан кеңістік әскер санының көптігін аңғартқандай.

Керней екінші рет ойналып, сырнай тағы үн қосты. Керней сұрап, сырнай жауап беріп түр. Мұнара жау қосынынан: "Сендермен сөйлесуге бола ма?" деп сұрады да, жау қосыны "Иә, болады" деп жауап қатты.

Вандея бүлікшілерін соғысушы жақ мойындамайтын, сөйтіп, Конвент декреті бойынша "қарақшылармен" парламентер арқылы байланыс жасауға тыйым салынған. Дұшпанмен келіссөз жүргізуге халықаралық құқық былайғы соғыстарда жол беріп, азамат соғысында рұқсат етпейтіндіктен бұл үшін жаңа ғана суреттелген мұжық керней мен әскери сырнай арасындағы тілдесу сияқты әдеттен тыс орағытпа тәсіл іздеуге тура келді. Алғашқы дабыл дұшпанның назарын аударуды мақсат еткен кіріспе іспеттес, ал екінші дабыл: "Бізді тыңдағыларың келе ме?" деп сұрады. Егер кернейдің қайтара шыққан даусына сырнай жауап қатпаса, бұл бас тартқандықты білдіретін, бірақ ол үн қосты: бұл келісімге келу немесе соған орайлас нәрсе — бірнеше минутқа бітісу деген сөз.

Сырнай екінші қайтара ойналғанда мұнара төбесінде тұрған адам сөйлей бастады. Төменде тұрғандардың сондағы естігені мынау болды:

— Ей, төмендегілер! Сөзіме құлақ салыңдар! Мен — Гуж-де-Брюанмын. Сендердің талайларыңды жер қаптырған мына мен боламын. Жұрт мені сондықтан да Көктердің тажалы дейді. Мені Иманус деп те атайды, өйткені мен бұдан былай да сендерді аяусыз қыра бермекпін. Гранвиль жанындағы шабуыл кезінде сендерді мылтықпен көздеп жатқанымда сендер қылышпен бір саусағымды шауып түсірдіңдер; Лавальда әке-шешемді және он сегізге енді ғана толған қарындасым Жаклинаны өлтірдіңдер... Енді менің кім екенімді білесіңдер...

Мен сендерге Бретань принці, жеті орманның қожасы және менің мырзам виконт де-Фонтенің, монсеньор маркиз де- Лантенактың атынан сөйлеп тұрмын.

Мынаны біліп қойындар, біріншіден, сендер қоршап тұрған бұл мұнараға тығылмастан бұрын монсеньор соғыс қимылына басшылық жасау міндетін алты көмекшісіне бөліп тапсырды. Бұл қамалды алумен сендер үшін соғыс бітпейді, тіпті монсеньор ұрыста қаза тапса да, құдай тағала мен корольдің шапағаты ауған Вандея онымен бірге құрып кетпейді.

Мұның бәрін сендерге ескерту үшін айтып тұрмын. Монсеньор маркиз осында, менің қасымда түр: менің айтып тұрғаным — сол кісінің айтпағы... Ал енді, қоршаушылар, сөзімді бөлмей, әрмен қарай тыңдаңдар.

Сендердің бізге қарсы жүргізіп жатқан соғыстарың — әділетсіз соғыс, мұны бір деп біліңдер. Біз — бейбіт халықпыз. Біз өз жерімізде тұрып келдік, ешкімге тиіскен жоқпыз. Енді біз оз құқымыз үшін адал күрес жүргізіп жатырмыз. Біз — қарапайым адамдармыз, бар істе бір құдайға сиынамыз: біз құдайсыз — шық түспеген шоп тәріздіміз. Республика бізге алдымен бас салды. Ол бізге шақырусыз келді, ауылдарымызға басып кіріп, үйлерімізді, егінжайымызды өртеп жіберді, фермаларымызды қиратты, ал әйел, бала-шағаларымызды көктем құсы сайрап үлгерместен орман-тоғайды жалаңаш-жалпы кезіп кетуге мәжбүр етті.

Мұнда жиналып, мені естіп тұрғандардың бәрі, сендердің бәрің, бізді жабайы аңдай орман ішінде қудалап, күн көрсетпедіңдер, сонан соң мынау мұнараға әкеп тықтыңдар. Бізге қосылғандарды түгелдей қырып, тым-тырақай еттіңдер. Сендердің зеңбіректерің бар. Енді сендер торт мың бес жүз адамсыңдар, әрі бізге шабуылдап жатырсыңдар. Ал біз небары он тоғыз адамбыз, әрі біз де қорғануға бел байладық. Бізде ішіп-жейтін тамақ қоры бар, оқ-дәрі мен патрон да бар.

Сендер мина қойып, біз тұрған мұнара қабырғасының бір жағын бұздыңдар. Сендер үңірейіп қалған ойық арқылы басып кіре аласыңдар. Рас, ол онша үлкен емес және үстіндегі мұнара бұрынғысынша берік.

Енді сендер үрдіс шабуылға түбінде әзірленіп жатырсыңдар. Ал біз сендерге мынаны жар етпекпіз...

Ей, төмендегілер, мұнара түбінде тұрғандар! Мұқият тыңдап алыңдар!

Біздің қолымызда үш тұтқын — үш бала бар. Бүл балаларды сендердің батальондарыңның бірі асырап алыпты: бұл — сендердің балаларың. Біз солардың үшеуін де сендерге беруді ұсынамыз, тек ол үшін бізге мұнарадан емін-еркін шығып кетуге мүмкіндік берулерің керек.

Әрі қарай тыңдаңдар. Егер сендер біздің ұсыныстан бас тартсаңдар, сендер бізді екі жақтан ғана: не орман жақтан ойық арқылы, не қырат жақтан көпір арқылы шабуылдай аласыңдар. Көпір үстіндегі қамал ішінде үш қабат бар. Төменгі қабатта менің бұйрығым бойынша ішіне қара май құюлы алты бөшке қойылып, жүз байлам құрғақ бұта үйілген. Мен, Иманус, осы сәтте сендермен сөйлесіп тұрғаным қаншалықты рас болса, бүл айтқаным да соншалықты рас. Жоғарғы қабатқа сабан үйілген, кітапхана бар ортаңғы қабатта кітаптар мен құжаттар сақтаулы. Мұнараны көпірмен байланыстыратын темір есік құлыптаулы, ал кілті монсеньорда. Бүл есіктің астында тағы да менің бұйрығым бойынша саңылау жасалып, сол саңылау арқылы күкіртпен ысталған білте өткізілді. Оның бір ұшы осында, мұнара ішінде. Ол менің қол астымда болмақ және мен оны қалаған уақытымда тұтата аламын. Егер сендер бізді босатып жіберуден бас тартсаңдар, біз балаларды қамалдың екінші қабатына, қара май құйылған бөшке мен сабан төселген шатыр арасына апарамыз да, темір есікті тарс жабамыз. Егер көпірге шабуыл жасай қалсаңдар, қамалға өздерің өрт саласыңдар; егер ойық арқылы шабуылдасаңдар, оған біз от қоямыз; егер бізді екі жақтан бір мезгілде шабуылдасаңдар, қамалды бәріміз қосылып өртейміз. Бірақ осы үш жағдайдан қай-қайсысында да балалар қаза табады.

Енді біздің ұсынысымызды қабылдау-қабылдамауды өздерің шешіңдер. Қабылдасаңдар — біз шығамыз, бас тартсаңдар — балалар өледі... Мен айтарымды айттым.

Мұнара төбесінен сөйлеп тұрған адам тына қалды. Оған төменнен ашық дауыс жауап қатты:

Біз бас тартамыз!

Дауыс қату әрі батыл шықты. Мұндай қатаң болмағанмен, дәл сондай төтенше екінші дауыс:

— Сендерге ойлануға жиырма төрт сағат мұрша береміз, бірақ ешқандай шарт қоймастан берілуге тиіссіңдер, — деп қоса айтты.

Бірнеше секунд тым-тырыс бола қалды, сонан соң әлгі дауыс қайтадан шықты:

— Берілмесеңдер, ертең осы сәтте шабуыл бастаймыз.

— Тек сонда рақым күтуші болмаңдар! — деп тәмамдады. Бұл сөзді бірінші дауыс.

Бүл өктем де қатаң дауысқа жауап ретінде мұнара үстінен басқа бір дауыс естілді. Мұнараның екі тісінің арасынан сұңғақ бойлы біреудің сұлбасы көрінді, жұлдыз жарығында маркиз де-Лантенактың сұсты тұлғасын тануға болатын; ол қараңғыда әлденені көргісі келгендей, еңкейіп:

— Бұл сенбісің, ей, әулие әкей? — деп дауыстады.

— Иә, менмін, опасыз! — деп жауап қатты төменнен қатқыл дауыс.

XI. Жазмыштай қорқынышты

Сөйлескен екі адамның біріншісін Симурден аббат деп тапқанда маркиз де-Лантенак жаңылысқан жоқ. Қатаң да өктем дауыс шынында да сонікі еді. Жастау әрі ұяң дауыс Говэндікі болатын.

Бірнеше апта өтісімен Симурденнің есімі қан-жоса болған бүкіл елге жайылды. Тіпті сол кезде де мұндай сұсты есімдер көп емес-тұғын. "Парижде Марат кім болса, Вандеяда Симурден сол" дейтін жұрт ол жайында.

Симурден үрей ұшырды. Қатал жандар — бақытсыз жандар: оларды қылығына қарай кінәлап, айыптайды, ал егер жанына үңілсе, бәлкім, бәрі де ақталар ма еді. Маркиз де-Лантеиак пен аббат Симурден бірдей өшпенділік тудыратын: роялистердің қарғысы Симурденнің, республикашылардың қарғысы Лантенактың басына жауып жатты. Олардың әрқайсысы жау жағы үшін тозақ отындай қорқынышты болды. Көктер Лантенактын, басына құн тігіп, ақтар Симурденнің басына бәйге тағайындады.

Сөйтіп, қоршаудағы Тург қамалы біраз кідіріс алды. Жаңа ғана көргеніміздей, Говэннің араласуы арқасында жиырма төрт сағатқа бітім тәрізді бірдеңе орнады.

Иманус жақсы хабардар болатын: Симурденнің республикашыл өкімет орындарына неше дүркін талап қоюының нәтижесінде қазір Говэннің қарауына Ұлттық гвардия солдаттарының бір бөлігі мен линия әскерлері солдаттарының бір бөлігі — барлығы торт мың бес жүз солдат болатын. Ол тап осы күшпен Тург қамалын қоршауға алды. Ол қамалға қарсы он екі зеңбірек қоя алатын. Алтауын орман шетіндегі мұнараға қарсы және алтауын — қырат үстіне көпірге қарсы қойды. Бұған қоса оның мина әкеліп жаруға, сөйтіп, мұнара қабырғасын ойып түсуге мүмкіндігі болды.

Қырат пен орман ішінде қоршау түзген торт мың бес жүз адам. Мұнара ішінде — қоршауда қалған он тоғыз.

Симурден торт мың адамдық отрядтың, яғни тұтас армияның дерлік командашысы ретінде Говэннің генерал дәрежесіне жоғарылатылуын қалады, бірақ Говэн: "Лантенакты қолға түсірелік, сонда көре жатармыз. Әзірге ешқандай еңбек сіңірген жоқпын" деп бұл құрметтен жалтарып кетті.

Ол кезде ірі күшке командалық ету кішігірім шендегі офицерлерге жүктеле беретін: бүл республиканың салты-тұғын. Мәселен, бұдан сәл кейін кішігірім артиллерия капитаны Бонопарт итальян армиясының командашысы болды.

Говэндер қамалы таңданарлық тағдырға ұшырады: оны Говэндердің бірі қоршап, екіншісі қорғап жатты. Шабуылдың біршама ұстамдылығы қамал үшін екі Говэннің жауласып жатқандығынан еді, бірақ қорғаныста мұндай ұстамдылық болған жоқ, өйткені Лантенак ешнәрсені аямайтын адамдардың қатарына жататын, әрі ол өмір бойы дерлік Версальда тұрып келді, Тург қамалын аз білетін, сондықтан оған тіпті де іш тартпайтын. Ол жақын маңда өзге баспана табылмағандықтан ғана осы қамалға тығылған, бар-жоғы осы ғана. Бірақ ол мұны ешбір өкінбестен қирата алатын. Говэн ескі қамалға одан гөрі ықыласпен қарады.

Қамалдың осал жері — көпір-тұғын. Бірақ көпір үстінде орналасқан кітапханада отбасы мұрағаты сақтаулы еді. Егер үрдіс шабуыл көпір жақтан басталса, өрт шығуы даусыз, ал отбасы мұрағатын өртеу ата-бабаңды қорлағандық болар еді, қайткенде де Говэнге осылай сияқтанды. Тург — оның әлеуеттік қамалы. Говэндердің отбасы естеліктері түгелдей осында: тіпті оның өзі де осында дүниеге келді. Міне, енді неше түрлі бәлекеттің тоқайласуымен ол әбден ер жеткен шағында, өзін бала кезде паналатып, қорған болған мынау киелі қабырғаға шабуыл жасауға мәжбүр. Ол шынымен сұрқиялыққа салынып, осынау баспананың күлін көкке ұшырудан тайынбас па екен? Бәлкім, бүл үйде, шатырдың бір жерінде, өзін нәресте кезінде тербеткен бесігі де тұрған шығар! Ойлағанда адамды тебірентпей қоймайтын нәрселер де болады емес пе? Ескі үйдің, атамекенінің мына түріне Говэннің көңілі босап кетті. Сондықтан ол көпірді аяды да, оның қарсысына батарея қойып, бұл жақтан жұрттың қашып кетуіне және әрекет жасауына мүмкіндік бермеумен ғана шектелді. Ал шабуылдау үшін қарсы жақты таңдап алып, мұнараның түбіне мина апарып қойды.

Симурден оған қимыл жасауға ерік берді. Осы үшін өзін сөкті де, өйткені ол — қатыгез жан, мынау ескі-құсқыға ешқандай мән берген жоқ әрі оның адамдар сияқты үйлерді де мүсіркеуі шамалы еді.

Қамалды аяу — ендігі мейірбандық саясаттың бастамасы болатын. Ал мұндай саясатқа бейімділік Говэннің осал жері, сондықтан Симурден, біз білетіндей, оны жіті қадағалап, өз ойынша оған залалды мұндай тайғанақ беткейде оны мүмкіндігінше тарта ұстауға тырысты. Оның бер жағында ескі қамалға өзі де іштей елжіремей тұра алмады, әрі мұнысын өкіне аңғарды.

Ол кішкентай Говэнге өзі оқуға берген алғашқы кітаптар сақтаулы тұрған сынып бөлмесіне қарап, көңілі босап кеткенін сезді. Ол, Симурден, көршілес Паринье қауымының қатардағы кюресі, осы қамалды пана тұтып, өзі де талай жыл тұрған. Ол әлгі кітапханада Говэнді екі тізесінің арасына отырғызып, иығынан қапсыра ұстап, кітап оқуға үйреткен. Бүл ескі торт қабырға ішінде ол қымбатты бөбегінің, жан перзентінің қалай өскенін, оның қалай ержеткенін, ойының қалай толысқанын күн сайын зер сала қадағалайтын. Апырмай, осы қабырғаны өртеуге, қиратып, құртуға дәті шыдар ма екен, расында? Мұндайда, ол, рас, іштей қынжылса да, ескі үйді есіркеп, сақтап қалуға әзір еді.

Говэн шабуылды қарама-қарсы жақтан бастауды ұйғарғанда ол қарсылық етпеді. Тург қамалының екі жағы: мәдениетті жағы — кітапхана мен жабайы жағы — мұнара болатын.

Симурден Говэнге жабайы жақты талқандауға ерік берді.

XII. Құтылу әрекеті

Түнді екі жақ та әзірлік үстінде өткізді.

Келіссөз түк нәтижесіз аяқталған соң Говэн адьютанты Гешанды шақырып келуге кісі жіберді.

Гешан ақылы асып бара жатпаса да, қарапайым, адал, ержүрек адам, тамаша солдат және екі айтқызбайтын, бастықтарға бағынғанда алған бұйрық-жарлығының жай-жапсарына ой жүгіртуді артық деп санауға бар нашар әскербасы, ар-ұжданды бүлдірер сатқындықтан да, әділдікке нұқсан келтірер болса, жанашыр сезімнен де аулақ жан еді, жүрек шарпуын темірдей қатаң тәртіп ауыздықтап отыратын. Көзіне қарақшы тағылған үркек аттай жан-жағынан ештеңені көрмей, аяғын нық басып, бірақ тар жолмен тарта беретін

Жалпы алғанда сенімді адам: қатал бастық әрі тіл алғыш жауынгер.

Ол келісімен Говэн:

— Гешан, саты қажет, — деді оған бұрылып.

— Бізде саты жоқ, командир.

— Табу керек.

— Штурм үшін бе?

— Жоқ, өрт бола қалса, жұртты құтқару үшін. Гешан ойланып барып тіл қатты:

— Түсінікті. Демек, саты өте биік болуға тиіс қой.

— Кемінде кәдімгі үш қабатқа жетсін.

— Иә, командир, одан аласа болуы мүмкін емес.

— Жетеріне кәміл болу үшін, сірә, одан да биігірегі дұрыс. Гешан, бізде сатының жоқ болып шыққаны қалай?

— Кінәлі мен емес, командир. Сіз қырат жақтан шабуылдауды қолайсыз деп таптыңыз: осы жақтан қоршауда жасаумен шектелдіңіз де, шабуыл нысанаңыз мұнара болды. Сондықтан біз соған қарай жер астынан жол қазумен ғана айналысып, қамалға шабуыл жасау туралы ойды естен шығардық. Сол себепті де сатыны ойламаған едік.

— Ендеше, тап қазір саты жасауға әмір етіңіз.

— Биіктігі үш қабат сатыны бір күнде жасау мүмкін емес.

— Бірнеше қысқа саты алыңыз да, бір саты етіп құрастырыңыз.

— Иә, бірақ бұл үшін қысқа сатылар болуы керек қой. — Табыңыз.

— Бұл оңай емес. Халықтың бізді қанша жек көретінін өзіңіз де білесіз. Шаруалар көпірлерді бұзып, жүк арбаларды қиратып жатыр, сатыларды сындырып, қолға түскеннің бәрін құртып жатыр.

— Иә, өстіп республиканы әлсіретпек қой, білемін.

— Олар бізге кіре ертіп жүруге, өзеннен өтуге, қабырғаны штурммен алуға бөгет жасайды.

— Қайткенде де саты қажет.

— Маған бір ой келді, командир. Жавеньеде, Фужер түбінде, үлкен ұстахана бар. Сонда істетіп алуға болатын сияқты.

— Бір минут та босқа кетпесін.

— Саты қашан қажет?

— Ертең осы уақытта, тек одан кешікпесін.

— Мен Жавенге сатыны ертеңге дейін жасап қойсын деген бұйрықпен шабарман жіберемін. Айтпақшы, Жавеньеде атты әскер отряды түр; ол бізге сатыны күзетпен жеткізбек. Ертең күн батқанша саты осында болады.

— Жақсы, бұл кештік етпейді, — деді Говэн. — Тек тездетіңіздер. Бара беріңіз.

Он минуттан соң Гешан қайтып келіп:

— Командир, шабарман Жавенге шауып кетті, — деп баяндады.

Говэн қыратқа көтеріліп, ордың аржағында менмұндалап тұрған қамалға ұзақ қарады. Қыраттан көпірдің бірінші арқалығына жету үшін жар қабақтан орға түсу керек. Онда тал-шілікті қармалап түсуге болатын, бірақ орға түскен соң қоршаушылар қамалдың үш қабатынан бірдей бастарына жауып беруі мүмкін снарядтан қорғансыз қалуы ықтимал Мұндай қоршау жағдайында нағыз шабуыл мұнара қабырғасындағы ойық арқылы жасалуға тиіс екеніне Говэннің біржола көзі жетті.

Ол қоршаудағылардың қашуына еш мүмкіндік бермеу үшін қажет шараның бәрін қолданды. Арасынан ешкімді шығармау үшін батальондарының қатарын нығарлап, қоршаудың тар шеңберін одан бетер қыса түсті. Ол Симурденмен алдағы жұмысты бөлісті. Говэн орман жақтан жасалатын шабуылға басшылық етуді өзіне қалдырды да, Симурден қыратта орналасқан әскерлерге команданы қабылдап алды. Говэн Гешанмен бірге ойық арқылы үрдіс шабуылға көшкенде Симурден батареясының оқтаулы алты зеңбірегінің қасында тұрып, көпір мен орды бақылайды деп Келісілді.

XIII. Маркиз не істеп жүр?

Сыртта шабуылға әзірлік жүріп жатқанда, іштегілер қорғанысқа дайындалып жатты.

Екі немесе үш центнер оқ-дәрінің жарылуынан Тург мұнарасына тиген күшті соққы қалың қабырғаны ойып түсіпті. Жарық іргетастан басталып, бітеу қабырғаны тесіп өтіп, төменгі қабатта қиқы-жиқы тесік болып бітіпті. Қоршаушылар үрдіс шабуылға осы тесікті қолайлау үшін оны зеңбіректен ядро атқылап, кеңітіңкіреді.

Жарылыс ойып түскен төменгі қабат, ортасында күмбезді ұстап тұрған жалпақ діңгегі бар үлкен дөңгелек залдан тұратын. Бұл зал — бүкіл мұнара ішіндегі ең үлкен бөлме — қаңырап қалған. Онда атыс үясы, терезе, желдеткіш деген атымен жоқ; ал жарық пен ауа моладағыдай-ақ болатын.

Мұнда екі есік бар-ды; оның темірмен қапталған біреуі жер астындағы зынданға апаратын да, екіншісі жоғарыға көтерілетін сатыға шығатын. Сатылардың бірі бітеу қабырғадан қашап жасалған.

Қоршаушылар өздері тескен ойық арқылы күмбезі аласа осы залға кірмек болды. Бірақ шабуыл төменгі залды алумен тіпті де тәмамдалмайтын: тағы да үстіңгі бес қабатты алуға тура келетін. Ал қоршаудағы он тоғыз адамның алдынан қайтып қорғану қажет деген сұрақ туды. Қабырғадағы жарықты бітеу қиын емес, бірақ пайдасыз болатын: ядро бәрібір оны қайтадан тесе алатын. Қоршаушыларды оқ астына алуға мүмкіндік беретіндей баррикада тәрізді бірдеңе орнату әлдеқайда жақсы еді; мұның өзі ойықты сырт жақтан ашық қалдыра отырып, оны іштен жауып тастайтын. Оларда материал жеткілікті еді, сондықтан мықты баррикада орнатып, онда мылтық ұңғысы сыятындай саңылау қалдырды. Оған қоса қолайлы жерлерге футас бомбалар қойылды.

Маркиз әзірліктің бәріне өзі тікелей басшылық жасап: жұртқа бұйырып, жарлық беріп, қолпаштай-көтермелеп, жігерлендіріп жүрді. Жұмыс атаулыға ұйытқы болды. Оның өмірі айбатты да зілді еді.

Төменгі екі қабатқа баррикада орнатып, қуыс-тесіктерді бекітіп тастады: есіктерді жуан бөренемен тіреп, оны еденге бекітіп, шегеледі; барлық қабатты байланыстыратын қуалама сатының өн бойын ғана ашық қалдырды, өйткені оны қоршаушылардан жабу қоршаудағылардан да жауып тастағандық болар еді. Бекіністерді қорғағанда осал жерлер дәйім қалып отырады.

Жас жігіттей-ақ епті де мығым маркиз өзгелермен бірдей жұмыс істеді: бөрене көтеріп, тас тасып: баршаға мұқалмас жігердің үлгі-өнегесін көрсетіп жүрді; осынау аласұрған тобырдың арасында әркіммен жора-жолдасынша қалжыңдасып, әрі олардың өркөкірек те қарапайым, ілтипатты да сабырлы мырзасы боп қалуда. Оны тыңдамау мүмкін емес-ті. Ол әуел бастан-ақ: "Егер бір жартыларың бағынудан бас тартса, екінші жартыларыңа бағынбағандарды атып тастауға бұйырамын да, қамалды қалған адамдармен қорғаймын", — деген. Мұндай мәлімдемелер жұртқа көсемді сый-құрмет тұтқызады.

XIV. Иманус не істеп жүр?

Маркиз ойық мұнараны бекітумен жүргенде, Иманус көпір үстінде айналысып жатқан. Қоршау басталысымен екінші қабатта терезе алдында ілулі тұрған құтқарма сатыны маркиздің бұйрығымен әкетіп, кітапханаға апарып қойды. Говэннің қамданып жүргені де тап осындай саты болатын.

Төменгі қабаттың терезелері тас қабырғаға қағып тасталған үш қабатты бірнеше темір білікпен қорғаулы, сондықтан бүл терезелерге кіруге де, шығуға да ешқандай мүмкіндік жоқ. Кітапхана терезелерінде тор болғанымен, жер бетінен өте биік орналасқан.

Иманус дәл өзі сияқты бәріне бейім, бәріне әзір үш адамды көмекші етіп алды. Бұлар Гуанар, лақап аты бойынша Алтынбұтақ және Пик-ан-Буа деген ағайынды екеу болатын. Республикашылар Гуанардың ағасын өлтірген, сондықтан оның қатыгездігі Иманустан кем түспейтін.

Иманус қолшам алып, темір есіктің құлпын ашты да, қамалдың үш қабатын түгелдей мұқият қарап шықты. Жоғары қабатқа сабан мен пішеннің жеткілікті үйілгенін көзімен көріп, төменгі қабатқа түсті. Бірнеше горшок көмір шоғын әкелдіріп, қара май құюлы бөшкелердің қасына қойды, еден үстіне құрғақ бұтақ төсеп, бір шеті мұнараға, темір есіктің астына жіберілген күкірттелген білтені қарады, сөйтіп, білтенің бүтін екенін көрген соң оның екінші ұшын бөшке мен бұтақтың астына әдейі өзі төккен қара майға тастады. Сонан кейін үш бала ұйықтап жатқан кереуеттерді кітапханаға апаруға бұйырды. Олардың үшеуі де — Рене-Жан, Гро-Ален және Жоржетта шырт ұйқыда жатыр еді, ешқайсысы оянған жоқ.

Бүл кереуеттер деревнядағы кәдуілгі кішкентай бесік, яғни қабырғасы аласа тоқыма себеттер болатын. Бүл себеттерді балалар өздігінен түсіп-шыға алатындай етіп тура еденге қояды. Әр кереуеттің қасына ішінде кеспесі бар бір-бір үлкен аяқ пен ағаш қасық қойылған. Ілгіштен алынған құтқарма сатыны қабырғаға сүйеп, үш кереуетті екінші қабырғаның қасына, сатының қарсы алдына қойды. Сонсоң Иманус қуалай соққан жел отты өршітеді деп санап, кітапхананың барлық алты терезесін өзі барып айқара ашты да, ағалы-інілі Пик-ан-Буаның екеуін төменгі және жоғарғы қабаттардағы қалған терезені ашуға жіберді. Жазғы түн ашық әрі жылы болатын.

Көпірдің шығыс жағын тұтастай және қамалдың бүкіл шығыс фасадын төменнен жоғарыға дейін үш қабаттың терезелерін түгел көмкерген, әбден тозып, оңалып кеткен пүліш жауып түр. Иманус осы пүлішке қарап тұрып, "бүл да кәдеге асар" деп ойлады, сонан соң қамал мен көпірге тағы да шұқшия көз тастап, көмекшілерін шақырды да, төртеуі түгелдей мұнараға ауысты. Иманус қалың ауыр есікті кілтпен екі бұрап, қайта жапты, сонсоң зілдей құлыпты көзімен тағы шолып өтіп, өзі ойлап тапқан нәрсе — темір есіктің астына жіберілген және бұдан былай мұнара мен көпірді жалғастырып тұрған жалғыз буын — күкірттелген білтеге масаттана қарады. Білте мұнараның үшінші қабаттағы дөңгелек залынан қамалдың екінші қабатына өтіп, сонан соң, жыланша ирелеңдей, қуалама сатының басқыштары арқылы төменгі қабатқа түсіп, еденнің үстінде шұбатыла, үйілген бұтақ астындағы қарамай қағына барып бір-ақ тіреледі. Иманус мүнара ішінде білтеге от қойған сәттен бастап кітапхана астындағы қарамай тұтанғанға дейін ширек сағаттай уақыт өтетінін есептеп шығарды. Ол әзірлікті түгел аяқтап және бәрін қарап шығып, кілтті маркизге апарып берді де, анау оны қалтасына салып алды.

Қоршаушылардың жүріс-тұрысын көз жазбай қадағалап тұру қажет еді.

Иманус белбеуіне бақташы кернейін қыстырып алған күйі мұнара діңгегіне шығып, біресе оңға — орман жаққа, біресе солға — қырат жаққа кезек-кезек қарайлай бастады. Оның қасында діңгектегі кішкентай терезенің ойығында оқ-дәрі салынған жәшік, оқ салынған кенеп қапшық пен ескі газеттер жатыр: Иманус уақыт алмай одан патрон жасай бастады.

Таңертең ұясынан шыққан күн орман шетінде бақайшағына дейін қаруланған, ұрысқа сақадай-сай сегіз батальон солдатқа, қырат үстінде — ядро толы заряды бар жәшіктерімен бірге алты зеңбіректен тұратын батареяға, мұнара ішінде — мылтықтарын, мушкетондары мен тапаншаларын оқтап жатқан он тоғыз адамға және бесік үстінде ұйықтап жатқан үш балаға нұрын себеледі.

Үшінші кітап

КІТАПХАНА ІШІНДЕГІ БӨБЕКТЕР

I

Балалар оянды. Алдымен бүлдіршін қыз ұйқысын ашты. Ұйқыдан оянған сәби — шешек атып келе жатқан гүл тәрізді: гүл сияқты тап-таза сәби жаннан да жұпар иіс еседі. Үш баланың ең кішкентайы (бір жас сегіз айға енді толған) Жоржетта жастықтан басын көтеріп, төсегіне жайғаса отырды да, аяғына қарап әлдене деп былдырлай бастады. Бесігінде күн шапағы ойнап тұр, сондықтан ұясынан шыққан күн сәулесі ме, әлде Жоржеттаның аяғы ма — қайсысы қызғылттау екенін кесіп айту қиын еді.

Қалған екеуі әлі ұйықтап жатыр: ерлер ұйқыға үйір ғой. Ал көңілді де жайбарақат Жоржетта сол күйі былдырлап отыр.

Рене-Жанның шашы қоңыр, Гро-Алендікі — күлгін, Жоржеттанікі — шикіл сары. Баланың шашы көбінесе өсе келе қараятын әдеті ғой. Рене-Жан бетін жұдырығына басып, бүк түсіп жатыр. Гро-Аленнің аяғы себеттің шетінен шығып, салбырап кеткен.

Үшеуінің де киімі жырым-жыртық. Қызыл Бөрік батальонынан сыйға алған көйлектері әлдеқашан тозып біткен. Үстіндегі алба-жұлбаның көйлек ұсқыны жоқ. Екі ер бала жалаңаш қалған десе де болғандай, ал Жоржеттаның үстінде бір кездегі юбканың енді тамтығы да қалмапты. Дегендей, оларға қам жей қоятындай кім бар еді соншама? Шешелері жоқ. Оларды өздерімен бірге ой мен қырға сүйрелеп жүрген жабайы шаруалар сорпа-суларын солармен бөле-жара ішетін бар қамқорлықтары осы ғана. Балалар әл-дәрменінше жүре берді. Оларға көрінген адам қожа болатын, бірақ ешкім әке болған емес. Олар алба-жұлба күйінде жүре берді, бірақ жыртық киім де баланың сәнін кетіре алмайды ғой. Балалар үріп ауызға салғандай сүйкімді еді.

Жоржеттаның былдырында қайғырып-қамығудың ұшығы да жоқ, өйткені сүп-сүйкімді доңгелек жүзі мәз-мейрам, жымың-жымың етеді. Ернінде күлкі табы, көзі де, екі езуіндегі оймақтай ұя да күлім қағып тұрғандай.

Жайма-шуақ жаз күні басталып келеді: аспан шайдай ашық, көкпеңбек, күн жып-жылы.

Жоржеттадан соң ең ересегі Рене-Жан, торт жастағы жігіт оянды. Ол орнынан ұшып тұрып, себеттен батыл аттап жерге түсті де, бір аяқ кеспені көріп, мұны тиісті нәрседей санап, еденге отыра қалып іше бастады.

Гро-Ален Жоржеттаның былдырынан ояна қоймаса да, Рене-Жанның ағаш қасығы аяққа тарс-тарс тиюі мұң екен, жалма-жан бір бүйіріне аунап түсіп, көзін ашты. Гро-Алем үште болатын. Ол кеспені көре сала, себеттен шықпастан, қолын созып, аяқты алды да, тізесіне қойып, қасығын қыса ұстап, ол да тамақ іше бастады.

Жоржетта ештеңені естіген жоқ.

Кеспесін ішіп болып, Рене-Жан қасығымен аяқты тықырлап, бір дем алды да:

— Кеспені тауыстым, — деді масаттана. Бұл Жоржеттаның, көңілін бөліп жіберді.

— Кеспе-пе, — деп қайталады ол, сонсоң Рене-Жанның тамақ ішіп болғанын, ал Гро-Аленнің әлі ішіп жатқанын көріп, қасында тұрған бір аяқ кеспені алды да, қасығын аузынан гөрі құлағына көбірек апарып, өзінше іше бастады.

Анда-санда қолымен де ішіп қояды. Гро-Ален ағасынан көріп, аяқты қасығымен тықырлады да, екеуі бөлме ішінде асыр салуға кірісті.

II

Кенет сырттан, төменнен, орман жақтан өктем де қату шыққан сырнай даусы естілді. Оған жауап ретінде жоғарыдан, мұнара төбесінен керней үн қосты. Бүл жолы сырнай сұрақ қойып, керней жауап берді.

Сырнай екінші қайтара ойнады да, керней екінші қайтара үн қатты.

Сонан соң төменнен, орман шетінен, алыстан жетсе де ап-айқын дауыс естілді:

— Ей, қарақшылар! Ешқандай шарт қоймастан күп батқанша берілмесеңдер, біз шабуылға шығамыз!

Адамның даусынан гөрі жабайы аңның ыңыранғанына ұқсас екінші бір дауыс мұнара діңгегінен жауап қатты:

— Шығып көріңдер!

Бұған алғашқы дауыс төменнен айғай салды:

— Шабуылдан жарты сағат бұрын біз зеңбірек атамыз: бұл ақырғы ескерту болмақ!

— Шауып көріңдер! — деп қайталады жоғарыдан хағы да.

Адам даусы балаларға жете қойған жоқ, сонда да сырнай мен керней даусы қатайыңқырап, алысқа тарай бастады да, Жоржетта сырнайдың алғашқы үні естілісімен ішіп отырған тамағын тастай сала, мойнын созды.

Керней даусы шығысымен ол қасығын жерге қоя қойды. Сырнай екінші рет дабыл қаққанда оң сұқ саусағын көтеріп, оны дауыс ырғағына қарай әрлі-берлі қимылдатты да, сырнай мен керней тына қалғанда саусағын жоғары көтере, оянған бойы:

— Мизика, — деді ақырын ғана. Сірә, "музыка" дегісі келген шығар.

Ересек екеуі керней мен сырнайдың келіссөзіне көңіл бөле қоймады: олардың басқа нәрсеге — еденде жорғалап бара жатқан құртқа есі ауып кеткен. Гро-Ален оны бірінші болып көріп:

— Мына мақұлықты қара! — деп шыңғырып жіберді. Рене-Жан оның қасына жетіп барды.

— Тістемей ме? — деп сұрады Гро-Ален.

— Өлтірме оны, — деді Рене-Жан.

Сөйтіп, екеуі бейсауат қонақты қызықтауға кірісті. Оның бер жағында Жоржетта кеспесін ішіп болды да, көзімен ағаларын іздеп, айналасына қарай бастады. Балалар құртқа естері ауа, маңдайымен түйісуге шақ-шақ қалып, терезе ойығында жүрелеп отыр екен. Олардың мұншама ықыласына онша риза еместей, жорғалауын қойып, бір орнында мелшиіп қалған "мақұлықты" үркітіп алмау үшін екеуі дем шығармауға тырысты.

Жоржетта ағаларының әлденеге үңіліп отырғанын көріп, оның не екенін білгісі келді. Қастарына бару өзіне оңай болмаса да, осы сапарға тәуекел етті. Бүл қиын-қыстау сапар болатын. Еденде қыруар зат шашылып жатыр: мына жерде төңкерілген орындық, ана жерде — бума-бума қағаз, одан әріде — кітаптан босап қалған жәшіктер; қайдағы бір бумалар, неше түрлі үйіліп жатқан заттар. Солардың бәрін су асты тастарының арасымен архипелаг ішінде жүргендей айналып өту керек-тұғын.

Жоржетта тәуекелге мініп жолға шықты. Алдымен кереуеттен түсу керек - бұл да оңай емес-ті. Сонан соң ол тар шығанақтардың арасынан әупіріммен өтіп, құз тастардың ара-арасымен жылжып берді, жолшыбай орындықты итеріп-митеріп, екі сандықтың арасынан сытыла жорғалап өтті, бейкүнә, алаңсыз сезіммен өзінің кіп-кішкене қызғылт тәнінің төменгі жалаңаш жағын көрсете-мөрсете қалың қағаз буданың үстіне бер жағынан тырмыса шығып, ар жағынан аударылып түсті, сонан ақыр аяғында ашық теңізге, яғни бөлменің екінші жағына шықты, ол жерде еден үсті бос болатын және оған төнетіндей қауіп-қатер жоқ-ты. Осы жерде ол алға батыл жылжып, еденнің бос жерін мысықтың баласындай тез-тез еңбектеп өтті де, аман-сау терезеге жетті. Бірақ мұнда оны елеулі бір бөгет тосып тұрған; қабырғаны бойлай ұзын саты жатыр екен. Жоржетта тоқтай қалды да, аз-кем ойланып, шешімге келді: кішкентай саусақтарымен сатының бір шабағына жармасып (саты қырынан жатқандықтан шабақтар тік тұрған-ды), түрегелмек болып еді, құлап қалды; тағы тырысып еді, тағы құлап түсті. Үшінші ретте ақыры түрегелді.

Сонда аяғымен тік тұрып, бойын жазды да, шабақтарды екі қолымен кезек-кезек ұстап, сатыны жағалап жүре бастады. Шетіне жете бергенде бойын билей алмай, тәлтіректеп кетті, бірақ екі қолымен ең соңғы шабаққа жармасып, қайтадан көтерілді, сөйтіп, сатыны айналып өтіп, Рене-Жан мен Гро-Аленге қарап, сықылықтап күліп жіберді.

III

Жоржеттаның сықылықтағанын естіп, Гро-Ален де күлді. Жоржеттаның сапары аяқталды. Ол ағаларының қасына барып, натуралист ғалымдардың кішігірім үйірмесін толықтыра түсті. Бірақ құрт ғайып болыпты. Ол Жоржеттаның күлкісін пайдаланып, еденнің жарығына тығылып қалыпты.

Бірақ осы кезде жаңадан неше түрлі қызық оқиға басталды. Қарлығаштар пайда болды. Сірә, төбенің карнизі астында ұясы болса керек. Олар үш баланың жақындағанынан сескеніп, әрлі-берлі айналып, қатты шықылықтай, терезенің тап алдына ұшып жүр. Олардың сескене шықылықтаған даусына үш бала басын көтерді: құрт ұмыт боп, жайына қалды. Жоржетта қарлығаштарды саусағымен нұсқап:

— Кіш! — деп айғайлап жіберді. Рене-Жан оны кәдімгідей түзетпек болды:

— Әй, балақай! Оның аты кіш емес, құс. Құс, — деп қайталады Жоржетта. Сөйтіп, үшеуі қарлығаштарға қарай бастады.

Бірер минуттан соң терезеге ара ұшып келді. Ол "Ұшып келем, ұшып келем! Раушан гүлін жаңа сордым, енді баланы шаққым келеді. Кәне, не істеп жатырсыңдар, балдырғандар?" дегендей ызыңдай келді.

Ара — шаруақор: ол жұмыс үстінде ән салады, кейде күңкілдеп те қояды. Үш бала арадан көз айырмай қарай қалған. Ара кітапхананы түгел аралап шықты, жарық-тесікке түгел үңілді. Ол, тегі, үйінде, ұясында жүргендей сезінсе керек. Қанатын дірілдетіп, әуендете ызыңдап, шкафтан шкафқа ұшты, оқи білетіндей-ақ шыны үстінен кітап аттарына үңілгендей болды. Керегін қарап шығып, жайына қайқайды.

— Үйіне кетті, — деді Рене-Жан.

— Бұл да мақұлық, — деді Гро-Ален.

— Жоқ, бұл шыбын, — деді Рене-Жан қарсылық білдіре.

— Шыбын, — деп қайталады Жоржетта.

Гро-Ален еденнен ұшы түюлі тарамыс тауып алып, оны екі саусағымен ұстап, басынан айналдыра үйіріп, ауада сызған ізіне қадала қалды. Қайтадан еңбектеп кеткен Жоржетта да еден үстін аралай, бір жаңалық ашты: ол сыртын күйе жеген және жыртығынан аттың қылы шығып тұрған ескі кресло тапты. Креслоның жақтауына сүйеніп, саусағымен жыртықты әрлі-берлі шұқылай, қылын тартқылап, суыра берді. Кенет ол "тыңдаңдар!" дегендей сұқ саусағын шошайта қойды.

Екі бала жалт қарады.

Сырттан, алыстан еміс-еміс дүбір естілді. Сірә, орман шетінде, қоршаулардың лагерінде әлдебір әскери жүріс-тұрыс болып жатса керек: дабыл үні, аттардың кісінегені, барабан даусы, ішінде заряды бар домалаған жәшіктердің салдыры, шынжырдың шылдыры - бір-бірімен үндесе тоғысқан неше түрлі соғыс дүбірі естіледі. Балалар аң-таң боп құлақ түрді.

IV

Шу тоқтаса да, Рене-Жан әлденені ойлап, тұрған орнынан тапжылмады.

— Мама, — деп сыбыр етті ол естілер-естілмес.

— Мама, — деп қайталады Гро-Ален.

— Мама, — деп былдырлады Жоржетта.

Сонан соң Рене-Жан бөлме ішінде асыр сала бастады. Оған Гро-Ален қосылды.

Гро-Ален Рене-Жанның әр қимылына, әр қарекетіне еліктеді; Жоржетта одан гөрі дербесірек болатын. Үш жастағылар торт жастағыларға әрдайым еліктегіш келеді, бірақ бір жарым жасында адам тәуелсіздігін сақтайды.

Жоржетта оқта-текте былдырлап қойып, бір орында отыра берді. Ол әлі сөйлем құрай білмейтін. Сөздің де жалғыз буындыларына үйір еді. Бірақ көргенінен көз ақы алу деген емес пе? Екі ер баланың көңілді ойыны Жоржеттаны да қызықтырмай қоймады. Сөйтіп, ақыр соңында, ол да анау екеуіне шамасынша ілесіп, үш бала кіп-кішкентай аяқтарымен шаң басқан, ескі емен паркетте асыр салуға көшті.

Жоржетта енді ғана тәй-тәй тұра бастағандықтан, жүруінен құлағаны коп болды; сондықтан ағаларын қуалағанда торт аяқтап еңбектегенді жөн көрді.

Терезе қасына жүгіріп барған Рене-Жан кенет амбразураның бұрышына тығыла қалды. Ол сырттан өзіне біреудің қарап тұрғанын байқады. Бүл қыратта орналасқан көктер лагерінен шыққан солдат болатын. Ол бітімді пайдаланып және оны біршама бұза отырып, тәуекел жасап, орға ойысқан жар қабаққа келіпті. Бүл жерден кітапхананың іші анық көрінетін. Рене-Жанның бірдеңеден қорқып, жасырынып қалғанын көрген Гро-Ален де бұғып, оған тығыла түсті. Сонда балаларға жармасып Жоржетта да жасырынды. Үшеуі бірдей орнынан қимылдамай, тым-тырыс бола қалды; Жоржетта тіпті саусағымен ернін басты. Бірнеше минуттан соң Рене-Жан басын қылтитып терезеден қарауға тәуекел етті: солдат әлі тұр екен Рене-Жан бұға қойды. Қорқып кеткен балалар жым болды. Осылайша біразға созылды. Жоржетта ақыры қорқа-қорқа жалығып кетті де, батырлығы ұстап, терезеден басын сұқты. Солдат кетіп қалыпты. Содан балалар тағы да ойнақ салуға көшті.

Гро-Ален Рене-Жанға қайран қалып, соған жан-тәнімен еліктесе де, оның өз мамандығы болатын. Ол олжа тапқыш еді. Ағасы мен қарындасы кенет оның бір жерден өзі тауып алған торт дөңгелекті ойыншықты сүйретіп, бөлме ішінде асыр сала шауып жүргенін көріп, таң болды.

Ұмыт қалған бұл арба талай жылдан бері кемеңгер туындылар мен ғалымдардың мүсіндеріне көрші-қоңсы болып елеусіз жатқан.

Бәлкім, бүл арбамен бала кезінде Говэн де ойнаған шығар. Гро-Ален жібінен кішкентай қамшы жасап алып, оны мәз бола тарсылдатып жүр.

Рене-Жан арбаға жегілетінін айтып еді, Жоржеттаның оған мініп, қыдырғысы келді. Ол арбаға өзі тырмысып мінді. Рене-Жан — ат, Гро-Ален - делбеші болды. Бірақ делбеші ат айдауды білмейтін болып шықты да, ат оны үйрете бастады:

— Шүу деп айғайла! — деп әмір етті Рене-Жан.

— Шүу! — деп қайталады Гро-Ален.

Арба ауып кетті. Жоржетта құлап түсіп, бір жерін ауыртып алып, айғайлап жіберді. Ол жылағысы келіп еді, Рене-Жан:

Жылама, дырау болдың ғой, — деп оған тоқтау салды.

— Дылау, — деп былдырлады Жоржетта, сөйтіп, осыны медеу тұтқандай қоя қойды.

Кітапхана терезесінің астында сыртта жалпақ ернеу болатын; жел оған шаң-тозаңды үйе беріпті. Жаңбыр оны топыраққа айналдырып, жел ұрық ұшырып әкелген. Итмұрынның бір өсімпаз түрінің ұрығы топыраққа тамыр жайыпты. Бір жылдан соң ол тұтас шоғыр боп шыққан. Тамыздың іші болатын. Шоғырға жеміс қаптап өсіпті; бір бұтағы кітапхана терезесінен асылып, еденге салбырап тұр екен.

Арба мен жіп тауып алған Гро-Ален бұл бұтаққа да бірінші болып назар аударды. Ол бір жемісті жұлып ап, жеп көрді.

Менің де жегім келеді, — деп мәлімдеді Рене-Жан. Олардың қасына шапшаң әдісімен еңбектей жорғалап Жоржетта да жетті. Үшеуі жемісін түгелдей үзіп жеп, әп-сәтте таяқтың өзін қалдырды. Бәрі рақаттанып, мәз-мейрам болды. Үшеуі қып-қызыл жеміс шырынына үсті-бастарын түгел бояды.

Оңай жатқан не болушы еді — бірінен соң бірі саусағына тікен қадап алды. Жоржетта қан шыққан саусағын Рене-Жанға созып, тікенді көрсетіп: Тістейді, — деп былдырлады.

Қолына шөп қадап алған Гро-Ален тікенге қарап: Ол тірі, әрі қабаған, — деді оны қостай.

— Жоқ, ол тірі емес, — деп қарсыласты Рене-Жан, — бұл — таяқ.

— Қабаған таяқ екен, — деді Гро-Ален.

Жоржетта бұл жолы да жылағысы кеп еді, бірақ жылаудың орнына күліп жіберді.

V

Оның бер жағында Рене-Жан інісінің тапқырлығына іші күйді ме, бір үлкен жоба ойластырды. Ол саусағына тікен қадалып, бұтақтан жеміс үзіп жатқанда кітапхананың ортасында тұрған биік аналойға қарайлай берді. Оның үстіңде "Варфоломей әулиенің күнкөрісі" деген атақты кітап жатқан.

Бүл шынында сирек кездесетін, тамаша кітап-ты. Ол Кельнде 1682 жылы шыққан. Кітап голланд қағазына емес, ешқашан түсін бермейтін тамаша ақ жібек араб қағазына басылыпты. Алтын жалатқан сафьян былғарымен түптелген ілмешектері күміс. Бастапқы тап-таза парақтар кітаптың соңында да ең жақсы пергаменттен. Кітапта ағаш пен мыстан істелген толып жатқан гравюра мен түрлі елдердің географиялық картасы бар.

Кітап өте әдемі еді. Рене-Жанның қызыға, бәлкім, тым артық ықыласпен қарауы да сондықтан шығар. Кітап Варфоломей әулиені бейнелейтін үлкен гравюра салынған бетте ашулы жатыр екен. Ол қырынан жатқандықтан гравюра еденнен-ақ көрініп тұрған. Жеміс желініп біткен соң, Рене-Жан кітапқа құмарта да қызыға қарады. Жоржетта да:

— Әне, сулет, — деді гравюраны көріп қалып.

Бүл сөз Рене-Жанға түрткі болды. Ол осы арада, Гро-Ален таңырқап үлгергенше, елден ерек бір әрекет жасады. Кітапхана бұрышында үлкен әрі ауыр емен үстел тұрған. Рене-Жан соған жетіп барып, жалғыз өзі бөлменің қақ ортасына сүйреп шығарды. Сонан соң оны аналойға тақады да, үстіне шығып, кітапқа қос қолдап бас салды.

Ол көздеген нысанасына жеткен соң суреттің жоғарғы бұрышынан ұстап, асықпай, ептеп жұла бастады. Бірақ қаншама мұқияттаса да, қисық жыртып алды: гравюраның сол жағы түгелімен кітапта қалып қойды, қалған жартысын ол Жоржеттаға берді.

— Ата, — деді Жоржетта әулиені ілтипатпен қолына алып жатып.

— Маған да бер, — деп тұра жүгірді Гро-Ален. Алғаш жұлынған парақ алғаш төгілген қан сияқты, іс тағдырын шешіп бермек; мұнан соң ойран басталады.

Рене-Жан екінші парақты аударды.

Келесі "суретті" сол Гро-Аленнің еншісіне берді.

Осы кезде Жоржетта гравюраның өзіне тиген үлкен бөлегін әуелі екіге, сонан соң төртке жыртып үлгерді.

VI

Жоржетта суретін төрт жыртып:

— Тағы да, — деді Рене-Жанға қол созып.

Варфоломей әулиеден кейін басқа гравюралар да соның аяғын құшты.

Енді географиялық карталар қалған, Рене-Жан оларды да таратып берді. Сөйтіп, бүл істі тындырып, кітапты еденге ұшырып түсірді.

Бүл қаһарлы сәт болды. Гро-Ален мен Жоржетта Рене-Жанның қабағын түйе тістеніп, бар күшін жиып, ауыр томды биіктен құлатпақ болып жатқанын көріп, шаттанып та, шошып та кетті. Орнынан қозғалған қалың кітап аналойдың шетіне сырғып барды да, бір жартысы төмен салбырап, кідіріңкірей, әрі жылжып, ақыр соңында мұқабасынан шығып, жыртылған, ұйпа-тұйпа болған, адам аярлықтай күйі еденге дүрс құлады. Бір жақсысы, балаларға тиіп кетпеді.

Қандай да бір атақты нәрсе сияқты, атақты кітаптың құлауынан да қатты шу шығып, тұтас тозаң бұлты көтерілді.

Рене-Жан дұшпанның көзін құртып, орындықтан түсті, Гро-Ален біраз үндемей тұрды да, ашылып қалған кітапқа жетіп барып, аяғымен періп жіберді.

Бүл түрткі болды. Қиратуға деген құштарлық әрқайсысымыздың да бойымызда бар ғой. Рене-Жан да кітапқа барып, теуіп қалды. Жоржетта да соны істемек болып еді, екпінімен жерге тайып жығылды. Ол отырған қолайлы жағдайын пайдаланып, кітапқа бірден тап берді. Жоржеттадан соң байғұс кітапқа Рене-Жан, оған ілесе Гро-Ален жармасты. Сөйтіп, үшеулеп аяқ-қолдарымен, тырнақ-тістерімен іске кірісіп, қызара бөртіп, естері шыға масайрап, масаттанып, әрі күліп, әрі өршеленіп, аман қалған ең соңғы гравюраларды жыртып, парақтарды умаждап, қатырмасын жұлып, алтын жалатулы түптеме былғарыны сыдырып, күміс бұрыштаманың шегелерін суырып, пергаментті сындыра бастады.

Сөйтіп, бәрінің ойран-ботқасы шықты.

Бұл жұмысқа олардың көп уақыты кетті, бірақ істі жеріне жеткізіп тындырды: Варфоломей әулиенің тамтығы да қалмады.

Бәрі бітіп, ақырғы парақ жыртылып, ақырғы гравюра еденге түскенде кітаптан мұқаба түбіне жабысып, желбіреген жырым-жыртық қағаз қалғанда ғана Рене-Жан орнынан тұрып, қағаз шашылып жатқан еденге қарап, қолын шапалақтап жіберді. Әлбетте, Гро-Ален де соның істегенін істеді. Жоржетта еденнен бір парақ алып, терезеге еңбектеп барды да, түрегеліп, иегінен келетін терезе жақтауына сүйенді, сонан соң қолындағы парақты күлдей ғып жыртып, терезеден тастай бастады.

Бұл балаларға ұнап кетіп, олар да соны істеуге кірісті. Олар парақтарды қайта жинап, қайта жыртып, кішкене, әрі аяусыз қолмен ақырғы бетіне дейін жыртылып, пәре-пәресі шыққан ескі кітап көп ұзамай желге жем боп кете барды. Әуеде ұшып жүрген үйір-үйір аппақ қағазға ойлана қарап тұрған Жоржетта:

— Көбелек, — деп былдырлады. Ойран осымен тынды.

Ендігі күн кешкіріп қалған-ды. Бірақ аптап әлі басыла қоймаған. Тынығатын мезгіл де жеткендей, Жоржеттаның көзіне ұйқы тығылып, қалғи бастады. Рене-Жан кереуетіне келіп, ішіне шөп салынған төсегін алды да, терезе алдына сүйреп апарып, үстіне жата кетті.

— Енді ұйықтаймыз, — деді ол

Гро-Ален мен Жоржетта да жатып: Гро-Ален басын Рене-Жанның үстіне, Жоржетта — Гро-Аленнің үстіне сүйеді, сөйтіп, кішкентай үш қылмыскер ұйқыға кетті.

Ашық терезеден жазғы кештің жылы лебі есіп түр: қыраттар мен алқаптардан түрлі дала гүлдерінің хош иісі аралас самал соғады; айнала құлақ кескендей тып-тыныш, бәрі шапақ атып түр; бәрі маужырап, бәрі тіршілік атаулыға еміне ұмсынады. Ұясына таянған күн көзі жерге ақырын әлдиі — нұр сәулесін жолдағандай. Тург қамалының үстінде үйір-үйір құс айнала ұшып, қарлығаштар терезеге үңіліп-үңіліп кетеді: балалар тәтті ұйқыға енді ме екен деп білгісі келгендей.

Міне, күн көзі көкжиекке иек артты.

Мүлгіп бара жатқан табиғаттың көгілдір дүниесін қақ жара кенет найзағай жарқ етті де, іле құлақ тұндырған гүрсіл естілді. Бүл атылған зеңбірек даусы еді. Жаңғырық осы гүрсілді қағып әкетіп, төңіректі азан-қазан етті — ол бір төбеден екінші төбеге асып, жер тітіреткен күркірге ұласты. Жоржетта күркірден оянып кетті.

Ол басын көтере түсіп, саусағын шошайтты да, ұйықтап бара жатқан күйі:

— Бум! — деп күбір етті.

Гүрсіл тоқтады да, айнала тағы жым-жырт болды. Жоржеттаның басы Гро-Аленнің иығына сылқ етіп, бөбек қайтадан ұйықтап кетті.

Төртінші кітап

AHA

I. Ажал төніп келеді

Дәл осы күні кешқұрым байғұс ана (оның басы ауған жаққа бара жатқанын біз бұрыннан білетінбіз) күн ұзағына табанынан тоза, шаршап-шалдығып, ілби басып келе жатты. Дегендей, оның күндегісі осы болатын. Дамыл таппай тек алға басып, ілгерілей беру оның әдетіне, өмір шырқына айналған, өйткені оның ұшқан құстай қағып жеп, жүрек жалғар қиқым-сиқымын тамақ деуге болмайтыны сияқты, діңкесі құрып, кез келген жерге көз іліндіріп жата кетер сәтін тынығу деуге болмайтын. Оның көріп келе жатқаны — өлмешінің күні ғана.

Кеше ол жұртта, сарай ішінде түнеп шықты. Көзі ілінер-ілінбесте астында егеуқұйрықтың құжынап жүргенін сезіп, төбенің жарық-тесігінен жымыңдаған жұлдыздарды көріп жатты. Ол бірнеше сағат ұйықтап, түн ортасы ауа оянды да, сескеге дейін біраз жүріп қалайын деп, қайтадан жолға шықты.

Ол Ванторгтағы шаруа нұсқаған бағытты бетке ала, содан айнымауға тырысып, осы жолдан барынша таймай, батысқа қарай жүре берді. Егер қасында әлдекім болса, оның "Тург, Тург" деп әлсін-әлі қайталап келе жатқанын естір еді. Ол осы сөз бен балаларының аттарынан басқа дүниедегі сөз атаулыны ұмытқандай.

Жаяу жүру — ойлануға жақсы. Ол басынан кешкендерін, қанша қайғы-қасірет шеккенін ойлады. Оның ештеңемен ісі жоқ, балаларын тапса болғаны.

Бүгін оған жолшыбай әуелі бір деревня тап болды. Таң енді ғана саз беріп келе жатқан, қараңғылық әлі сейіле қоймаған кез. Ал оның бер жағында деревня ортасындағы басты көшеде үйлердің есігі сәл ашық, қызыққұмар адамдар терезеден бастарын сұғып, сыртқа қарайлайды. Ұясы бұзылған арадай тұрғындарға бір абыржу кіріпті. Ал олар таяп қалған ауыр доңғалақтардың тарсылы мен шылдырлаған шынжыр даусын естіп, абыржулы еді.

Алаңда, шіркеу алдында қобалжыған бір топ адам түр, бәрі жоғары жаққа, дөңнен құлдилаған жол бойына қарай қалған. Жол бойында бірдеңе жылжып келеді екен. Бүл қайыс орнына шынжыр байлап, бес ат сүйреп келе жатқан торт доңғалақты үлкен жүк арба болатын. Арбаға ұзын білік пе, бөрене ме, бірдеңе тиелген, ортасында кебін іспетті үлкен брезентпен бүркеулі рабайсыз нәрсе сорайып түр. Жүк арбаның алдында да, артында да салт аттылар. Бәрінің басында үш бұрышты қалпақ, ал әрқайсысының иық тұсында шошайған өп-өткір бірдеңе, сірә, жалаң қылыш болса керек.

Жүк арба күзетімен бірге деревняға келіп кірді де, алаңға беттеді. Ол дөңнен түсіп келе жатқанда таң да ата бастаған, енді оны анықтап қарауға болатын.

Салт аттылар жандармдар болып шықты және олар шынында да қылыштарын жалаң ұстап келе жатыр екен. Жүк арбаға қара брезент жабылған.

Сорлы ана деревняға нақ осы кезде келіп кірді. Ол жүк арба мен жандармдар алаңға тап кіріп келе жатқанда, топталып тұрған шаруалардың жанына келген. Жиналған топ күбір-күбір сөйлесіп түр. Бір-біріне қойған сұрақтары мен берген жауаптары естілді:

— Мыналары не екен?

— Гильотина әкеле жатыр.

— Қайдан?

— Фужерден.

— Қайда апарады екен?

— Қайдам. Паринье жақтағы бір қамалға деседі.

— Қайда апарса, онда апарсын, әйтеуір бізден аулақ. Қара кебінмен бүркеулі жүгі бар мынау үлкен арба, шынжырын салдырлатқан мынау бес ат, мынау үн-түнсіз жандармдар — осының бәрі таңғы алагеуімде жұртқа үрей салғандай.

Жүк арба алаңды кесіп өтіп, деревнядан шығып кетті. Ауыр доңғалақтар жол соқпағына соғыла, салдыр-гүлдір етіп, қаптал шынжыр шылдырлап, қылыштар көкжиектен көтеріліп келе жатқан күн сәулесімен шағылыса жалт-жұлт етеді. Жол бір бүйірге шұғыл ойысты да, әлгінің бәрі лезде көзден ғайып болды.

Тап осы сәтте қамал кітапханасында ағалары әлі шырт ұйқыда жатқанда Жоржетта көзін ашып, кіп-кішкентай қызғылт аяқтарына қызықтай қарады.

II. Ажал тіл қатқанда

Мишель Флешар беймәлім жүгі бар арбаның өтіп кеткенін көрсе де, мұның не екенін білген жоқ және білгісі де келмеді. Оның көз алдынан басқа бір елес — жоғалған балалары кетпей қойды.

Ол деревнядан шықты, бірақ көп ұзамай бүл жүк арбаның соңынан жүре беруге дәті шыдамады. Ол жолдан шығып, солға бұрылды да, орманның қалың түкпіріне бойлай кірді. Бүл Фужер орманы болатын.

Бірнеше сағат жүрген соң ол қоңырау мұнарасын және орман шетінде о жер, бұ жерде бытырап жатқан деревнялардың бірінен үй шатырын көрді. Тамақ ішкісі келген ол тұп-тура деревняға беттеді. Ол мэр үйі тұрған алаңға жетті. Бүл деревняда республикашыл жауынгерлік постылардың бірі тұрған. Мұнда да абыржушылық байқалады. Мэрге кіреберісте әбігерге түсіп, бір-бірін кимелеген жұрт. Табалдырықта конвойдың ортасында, қолына жаюлы үлкен плакат ұстаған біреу. Оң жағында — барабаншы, сол жағында -ішінде желім мен қалам бар құмыра ұстаған жұмысшы.

Табалдырықта, балконда, шаруа көйлегінің сыртынан үш түсті әшекей таңған деревня мэрі түр.

Плакат ұстаған адам халық жаршысы* екен.

"Біртүтас әрі ажырамас француз республикасы", — деді ол қатты-қатты дауыстап.

Барабан тасыр-тұсыр етті. Жаршы оқи бастады:

"Қоғамды құтқару комитетінің бізге берген бұйрықтары мен өкілдіктеріне сүйене отырып!.."

Барабан қайта қағылды. Жаршы оқи берді.

"... және қолындағы қаруымен ұсталған бүлікшілердің бәрін заңнан тыс деп жариялайтын және оларға баспана беретін немесе олардың қашып кетуіне септесетін әр адамды ең жоғары қылмыс жазасына кесетін Ұлттық Конвенттің декретін орындау үшін..."

Жаршы қол орамалын сілкіп қалып, оқи түсті:

"...Көтеріліс шығарған провинцияларда республика делегаттарына шексіз билік жүктейтін 30 сәуірдегі заңның 17-бабына сәйкес..."

Ол сәл кідірді де, әрмен қарай жалғастырды:

"... төмендегі есімдері мен лақап аттары бойынша мәлім адамдардың бәрі..."

Топырлаған жұрт құлақ тіге қалды.

"Лантенак, қарақшы..."

Жаршының даусы енді кернейше саңқылдай естілді. Ол қайталап айтты:

"Лантенак, қарақшы, бұрынғы маркиз..."

— Монсеньор ғой, — деп күбірледі бір шаруа. Сөйткенше болмады:

— Бұл монсеньор, монсеньор той, — деп гу-гу етісті жұрт.

— ...Иманус, қарақшы...

Екі шаруа бір-біріне жалт қарасты.

— Гуж-де Брюан ғой.

— Иә, оны "Көктердің тажалы" десетін.

Жаршы ормен қарай оқып, он тоғыз адамның атын атап шықты.

"...жоғарыда аталғандардың бәрі қай жерде қолға түскеніне қарамастан, кім екені анықталысымен дереу жазалап өлтіріледі... "

Жиналған жұрт абдырап қалды, жаршы сөзін жалғастыра түсті:

".. .және оларды өзінде паналататын немесе олардың қашып кетуіне септесетін әр адам әскери-дала сотына тартылып, жазалап өлтірілетін болады. Қол қойған..." Айнала жым-жырт болды.

"... қол қойған: Қоғамды құтқару комитетінің делегаты Симурден".

— Әулие әкей, — деді шаруалардың бірі.

— Иә, Париньедегі бұрынғы кюре, — деп қостады екіншісі.

Балконда тұрған мэр қалпағын көтеріп:

— Жасасын республика! — деп айғайлап жіберді. Барабан даусы жаршы сөзін әлі бітірмегенін аңғартты.

Шынында да ол қолымен ишарат білдіріп:

— Әрі қарай тыңдаңыздар, міне, мынау — үкімет хабарландыруының соңғы төрт жолы. Оған солтүстік жағалаудағы экспедициялық колоннаның командашысы Говэн қол қойған, — деді.

— Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! — деген дауыстар естілді.

Жаршы оқи бастады.

"Өлім жазасымен үрейлендіру арқылы".

Жұрт түгел тына қалды.

"... жоғарыда келтірілген үкімет жарлығына сәйкес, жоғарыда аты аталған, қазіргі кезде қоршауға алынып, Тург қамалының мұнарасына қамалған он тоғыз бүлікшіге қолдау мен жәрдем көрсетуге тыйым салынады".

— Немене? Тург дей ме? — деген біреудің даусы естілді. Бүл әйел даусы, ана даусы еді.

III. Шаруалар тобында

Мишель Флешар жаршыны қаумалаған топ ішінде еді. Ол жаршының сөзін тыңдаған жоқ-ты, бірақ кейде тыңдамай тұрып та естисің ғой. "Тург" деген сөзді естіді де, бүл сөз оның санасына бірден ұялады. Байғұс ана басын көтеріп:

— Немене? Тург дей ме? — деп қайталап сұрады.

Жұрт оған жалт қарады. Түсі адам таңданарлық — үсті-басы алба-жұлба, көзіне қасірет тұнып, шатынап кеткен.

— Мынау қайдағы әйел? Түрмеден қашып шыққаннан сау ма өзі? — деген дауыстар естілді.

Бір шаруа әйел қара құмықтан пісірілген шелпек толы себетімен қасына тақап келіп:

— Тырс етпе, — деп құлағына сыбырлады.

Мишель Флешар әйелге таңырқай, қадала қарады. Ол тағы да түсінуден қалғандай еді. "Тург" деген сөз санасында қас қағымда жай оғындай жалт етті де, сонан соң қайтадан жалп етіп, өшті де қалды. Сонда оның басқалар сияқты сұрауға да қақы болмағаны ма? Жұрттың оны осыншама тосырқауы неліктен?

Сол екі арада барабан ақырғы рет қағылды да, қылқалам ұстаған кісі қабырғаға хабарландыру апарып жапсырды, мэр балконнан кетіп, жаршы басқа деревняға бет түзеп, жиналған топ енді біртіндеп тарқай бастады. Хабарландырудың алдында азын-аулақ адам қалды. Мишель Флешар солардың қасына келді.

Әңгіме заңнан тыс деп жарияланған бүлікшілер жайында екен. Топ ішінде ақтар да, көктер де болатын.

— Лантенакты ұстаса, бәрінің құрығаны, — деді мосқал тартқан біреу.

— Бірақ ол әлі ұстата қойған жоқ қой, — деп қарсыласты жастардың бірі.

— Лантенактан айрылу — жансыз қалумен бірдей. Лантенак құрыса — Вандея да құрымақ, — деп жауап қатты қарт.

— Қайда барсаң да еститінің — "Лантенак", "Лантенак". Өзінің қандай екенін көрер ме еді, — деді бір қала тұрғыны.

— Ол — бұрынғы маркиз, — деп жауап берді екіншісі. Ал үшіншісі:

— Әйелдерді атып тастайтындардың бірі, — деп қостап қойды.

Мишель Флешар осыны естуі мұң екен:

— Ол рас, — деді жұлып алғандай.

Бәрі жалт қарады.

— Мені де атып кеткен, — деді ол тағы да қайталап.

Тірі әйелдің мен өліп-тірілген адаммын дегені тым оғаш көрінді.

Жұрттың бәрі оған онша ықылас білдірмей, бас-аяғына шола қарады.

— Бәлкім, жансыз шығар, — деп күңк етті шаруалардың бірі.

— Үндемей, жоғал! — деп сыбыр етті оған тағы да әлгінде ғана тілдескен әйел

Әйел оны шеткерірек әкетті де, қолына шелпек ұстатты. Мишель қомағайлана жей бастады. Жұрт бірте-бірте тарқап жатты.

Мишель шелпегін жеп болып:

— Тургке баруым керек. Айтыңызшы, жарқыным, онда қалай баруыма болады? — деп сұрады шаруа әйелден.

— Өлтірсе де айтпа. Немене, өзіңді ажал айдап жүр ме? Ақылыңнан алжастың ба, әлде?.. Иә, шынымды айтсам, онда қалай баруды өзім де білмеймін... Көгершінім-ау, өзің әбден арып-ашыпсың ғой. Одан да біздікіне жүрсеңші, дем алып, тынығарсың.

— О, жасаған! Менің Тургке баруым керек! — деп аласұрды байғұс ана. — Сударыня! Нәресте Иисус пен оның шешесі әулие Марияның атымен өтінемін, жаһандағы қасиетті атаулының атымен жалынып, жалбарынамын сізден, Тургке қалай баруыма болады, айтсаңызшы?

Шаруа әйел шабынып қалды:

— Білмеймін деп тұрмын ғой саған. Тіпті білсем де айтпас едім. Ол — жаман жер. Онда барудың қажеті жоқ саған.

— Бәрібір барамын, — деп Мишель жолға түсті. Шаруа әйел соңынан қарап тұрып:

— Қалай болғанда да, жүрекке талшық қылар бірдеңе керек қой оған, — деп күңкілдеді.

Сөйтті де, соңынан қуып жетіп, қолына тағы бір шелпек ұстатты.

— Кешке жүрек жалғарсың, — деді ол

Мишель Флешар шелпекті алды да, жұмған аузын ашпастан, тіпті мойнын да бұрмай, жөніне кете барды.

Ол деревнядан шықты. Шеткі үйлердің тұсында қарсы алдына жалба-жұлба, жалаңбас кішкентай үш бала тап болды. Ол тоқтай қалып:

— Жоқ, менің балаларым емес, мыналардың екеуі қыз, біреуі ұл, — деді өз-өзіне.

Сол сәтте балалардың қарап тұрғанын көріп, қолындағы шелпекті соларға бөліп берді. Балалар мынау тосын әйелден жасқанса да, шелпекті алды. Мишель Флешар болса, орманға кіріп, көрінбей кетті.

IV. Қателік

Тап сол күні елең-алаңда Жавеньеден Париньеге баратын жол кесіп өтетін қалың жыныс ішінде бір топ адам тосқауыл құрып жатты. Бұлар шаруалар еді. Кейбірінде мылтық, кейбірінде балта — шетінен қару асынған. Балтасы барлары кепкен бұтақ пен молтақ ағаштарды кесіп, үйіп қойыпты; оны тек тұтату ғана қалған. Мылтығы барлары жолдың екі жағына шығып, әлденені күтіп жатыр; мылтық біткеннің ұңғысы бұтақ арасына тығулы және жол жақты нысанаға алған; жұрттың саусағы қайырулы шүріппеге кезенген.

Олардың әлдекімді аңдып жатқаны бесенеден белгілі болып тұр.

Таң қылаң берді, енді ағараңдаған жол сорабы көзге айқын шалына бастады.

— Сен білетін шығарсың, бәлкім?

— Солай деп естігем.

— Осы жермен әкетеді деп пе?

— Иә, ол ендігі алыс емес деседі.

— Оны қоя беруге болмас.

— Өртеп жіберу керек, тоқетері сол!

— Үш бірдей деревня болып бүл жерге не үшін жиналдық сонда?

— Солайы солай, бірақ ол күзетпен келе жатқан жоқ па?

— Күзетінің де көзін құртамыз.

— Оның осы жолмен әкетілетіні рас па?

— Осы жолмен деседі.

— Демек, Витреден әкеле жатқаны да?

— Витреден болса, Витреден шығар.

— Онда тұрған не бар?

— Бұрын Фужерден келе жатыр деп еді ғой.

— Қайдан шықса, онан шықсын, ібілістің өзі айдап жіберсе керек, шамасы.

— Онысы рас-ау.

— Ендеше, сол ібілісіне қайтарып жіберелік!

— Ал оны қайда апара жатыр екен? Париньеге шығар, шамасы.

— Солай сияқты.

— Жо-жоқ, онда жібере алмаймыз.

— Тыныш! Үндемеңдер!

Расында да, тынышталатын кез болған еді: орман іші қылаң беріп қалыпты.

Міне, енді доңғалақ салдыры мен тағалы аттардың тарс-тұрс еткен тұяқ дүбірі естілді.

Бәрі іштен тынып, бұта тасасынан сығалай қалысты.

Алыста, екі бүйірден қалау қысқан тап-тар жол бойында келе жатқан салт аттылар мен үстінде бірдеңе тиеген арбаны ажыратуға болатын.

Осының бәрі бұлар жатқан жаққа қарай жылжып келе жатты.

— Соның дәл өзі, — деді көптің ішінен біреу, сірә, жасақтың бастығы болса керек.

— Сол, сол! Әне, қасындағысы күзет, — деп қуаттады екіншісі.

— Ал күзеттегілері қанша екен?

— Он екі.

— Жиырма деген еді ғой.

— Он екі ме, жиырма ма, бәрібір түгел қырамыз.

— Күте тұрыңдар, жақынырақ келсін.

Көп ұзамай жол тасасына түсіп көрінбей кеткен жүк арба мен салт аттылар қайтадан жап-жақын жерден шыға келді.

— Жасасын король! — деп айғай салды жасақ бастығы. Жүздеген мылтық бірден гүрс етті. Түтін сейілгенде қараса, күзет зым-зия болған. Салт аттылардың жетеуі аттарынан құлап түскен, қалған бесеуі қашып кетіпті. Шаруалар жүк арбаға жүгіріп барды.

— Мәссаған! — деп баж етті бастық. — Мынау гильотина емес, саты ғой.

Расында да, жүк арба үстінде қабырғаға сүйейтін саты жатыр, басқа ешқандай жүк жоқ боп шықты. Оқ тиген екі ат жерде тыпырлап жатыр. Арбашы қаңғырған оққа ұшып, жан тапсырыпты. Оны ешкім көздеген емес-ті.

— Жә, бәрібір, сатыны күзетпен әкеле жатты, сондықтан бұлары күдікті көрінді, — деді бастық. — Әрі Париньеге апара жатты, ал онда Тург қамалы бар, демек, саты үрдіс шабуылға арналған.

— Өртеу керек оны, өртеу керек! — деп айғайлады бәрі бір дауыстан.

Сөйтіп, сатыны өртеп жіберді.

Ал үстінде сұсты жүгі бар, жұрт өзін торуылдап келген қара арба басқа жолмен кетіп, таңсәріде Мишель Флешар көрген деревняға келіп жеткен.

V. Жол шеті

Шелпегін кішкентай үш қайыршыға бөліп беріп, Мишель Флешар орман ішімен беталды жүре берді.

Оған анау шаруа әйел жол нұсқағысы келмеді, ендеше, оны өзі тауып алуға тиіс. Ол әлсін-әлі түрегеліп, жүре түсіп, қайта отырып, жол бойы тыным таппады. Қалжырағаны сонша, бұлшық еті ғана емес, тіпті сай-сүйегі сыздағандай болды. Күң ғана осылайша титықтайтын. Ол шынында да күң еді — жоғалған балаларының құлы еді. Соларды табуға тиіс болды. Өтіп жатқан әр минут олардың түбіне жетуі мүмкін. Ол таңертеңнен жүріп келеді, әрі оған бірде-бір деревня, бірде-бір үй ұшырамай қойды. Әуелі, ол дұрыс жолмен келе жатты, сонан соң, неге екенін өзі де білмейді, одан тайып, ақыр аяғында ит тұмсығы батпайтын жыныс ішінде адасты да кетті. Ол нысанаға жақындап келе жатты ма, онан алыстап бара жатты ма? Егер құлап түсіп, өліп кетсе қайтеді? Кей кездері оған бір аттауға да әлі жоқтай көрінді. Күн көзі көкжиекке еңкейіп, орман іші қараңғы тартты да, қалың шоп арасындағы сүрлеуді ажырату қиынға айналды. Сорлы әйел әбден састы. Айғайлап, жәрдем шақырмақ болып еді, ешкім үн қатпады.

Ол төңірегіне көз салып, бұтақ арасынан жылтыраған жарық көрді. Соған қарай жүріп еді, ойламаған жерден орман шетінен бір-ақ шықты.

Алдынан жіңішке сай кездесті, түбінде тас үстімен сылдыр қағып, мөп-мөлдір су ағып жатыр. Суды көріп, көптен шөлдеп келе жатқаны есіне түсті. Ол жылғаға келіп, тізерлей отырып, суға бас қойды. Сонсоң орнынан тұрып, айналасына қарады.

Аз-кем ойланып тұрды да, жылғадан аттап, сайдың екінші қабағымен өрмелей бастады.

Сайдың арғы жағында ұсақ тал-шілік өскен жалпақ қырат көз жетер жерге көсіліп жатыр. Ол түйетайлыланып, жылғаға дейін өрлеп, екінші шеті көкжиектен әрі асып, жоқ болып жатыр. Орман іші елсіз сияқты, мынау қырат құлазыған қу мекеннің өзі екен. Орманда әр бұтаның түбінде біреу-міреудің үстінен түсуің мүмкін, ал мынау жазықта, көз ұшына дейін қыбыр еткен жан көрінбейді. Тек қурай үстінде ғана қауіптен бас сауғалағандай, қандай да бір құстар ұшып жүр.

Сонда тізесі қалтырап бара жатқанын сезіп, осынау зәре ұшырар тұл даланың қақ ортасында өзінің қаншалық дәрменсіз екенін аңғарып, сорлы ана мүлде есінен шатаса, жалпақ шөлге жан ұшыра айғай салды:

— Ей, мұнда біреу-міреу бар ма? Әу десеңдерші!

Ол жауап күтіп, үндемей тына қалды.

Оған жауап қатты. Оған қою да күңгірт дауыс естілді: бүл дауыс жеті қат жер астынан шыққандай еді және жаңғырыққа ұласып, кең жазықты түгел күңірентіп жіберді. Өзі күннің күркіріне немесе атылған зеңбірек даусына ұқсайды. Ол бейшара ананың сұрағына жауап бергендей, әрі "Иә" деп жауап бергендей болды. Сонан соң қайтадан тыныштық орнады.

Мишель Флешар бойын жазып, түрегелді. Еңсесі көтерілейін деді. Демек, мұның шөл далада жалғыз болмағаны. Бойына күш-жігер қайта оралғандай. Құлағына алыстан талып жеткен үнге қарай, қыратқа көтеріле бастады.

Кенет батып бара жатқан күн сәулесіне бөленіп, нарттай жанған тұл даланың қақ ортасында жападан-жалғыз тұрған биік мұнара көкжиек астынан қарсы алдынан шыға келді. Оған дейін бір милядан сәл астам. Арт жағында іңір қараңғысында қарауытқан қалың орман көзге шалынады: бұл Фужер орманы болатын.

Мишель қырат үстіне көтерілді: қарсы алдында жазық көсіліп жатыр. Ол тура мұнараға беттеді.

VI. Істің жайы

Күткен сәт те келіп жетті: рақымсыз жан қайсар жанның қармағына ілікті. Лантенак Симурденнің уысына түсті.

Бүлікшіл роялист қарт апанына қуып тығылды. Ол қашып кете алмайтын: Симурден бұл ақсүйектің, бұрынғы маркиздің, табан аузында өз мекенінде, былайша айтқанда, өз үйінде жазалап өлтірілуін қалады: ол феодалдық ескі орда феодалдың басы қалай қағыларына куә болса екен, бұл тағылым баршаның есінде ұзақ сақталса екен деп тіледі.

Сондықтан да ол Фужерге гильотинаны, Мишель Флешар ұшыратқан гильотинаны әкелуге кісі жіберген.

Лантенакты құрту — Вандеяны құрту, ал Вандеяны құрту — Францияны құтқарып қалу деген соз. Симурден толқыған жоқ. Бұл адам борышын орындау үшін қатал болуға тура келсе, құба-құп қарсы алатын.

Маркиздің шаруасы бітті — бұған ешқандай күмән болуы мүмкін емес, бұл жөнінде Симурден тіпті де уайым жеген жоқ. Бірақ оны басқа нәрсе мазасыздандыратын. Алда дүлей шайқас күтіп тұрды. Говэн шабуылға басшылық жасауға тиіс болды. Әрі оның алдыңғы саппен кетуі ықтимал Бұл жас әскер басшы өзін солдатша сезінетін: ол жанын шүберекке түйіп, жекпе-жек ұрысқа қойып кетуден тайынған емес. Тек өліп кетпесе, игі еді! Өз бөбегі, жан перзенті Говэн оның жер бетіндегі бірден-бір жұбанышы болатын. Бұған дейін бақыт оған қамқоршы болып келді, бірақ бақыты бар болғырың тұрақсыз, тиянақсыз нәрсе емес пе? Симурден өз түлегі үшін уайым шекті. Ол тағдыр тәлкегіне түскендей-ақ екі Говэннің арасында қалып, бірінің өлгенін, екіншісінің тірі қалғанын жатпай-тұрмай тіледі.

Бесігінде жатқан Жоржеттаны оятып, жапан далада жалғыз жүрген ананы балаларына көмекке шақырған зеңбірек даусының салдары бүл ғана емес-ті. Кездейсоқ па, әлде зеңбіректі көздеген канонирдің қалауы ма, әйтеуір, ескерту үшін атылған ядро мұнараның екінші қабатындағы басты атыс ұясын қорғап тұрған темір білік арматураға тиіп, тесіп өтіп, жартысын қабырғадан жұлып әкетті. Ол осы қалпында қала берді: қоршаудағылардың мұндай зақымды жөндеп жатуға мұршасы болмады.

Қоршаудағылар оқ-дәріміз коп деп мақтанса да, онысы шынында аз болатын. Жалпы олардың хәлі қоршаушылар ойлағаннан гөрі мүшкіл еді. Олардың оқ-дәрісі болса, қоршаушыларды мұнараға кіргізіп алып, оны солармен бірге қопарып тастар еді. Онда, әрине, өздері де құрбанға шалынбақ. Олардың тілегені де сол, бірақ оқ-дәрі қоры таусылуға таяп қалды. Олар адам басы отыз реттен астам оқ ата алмайтын. Мылтығы, мушкеті мен тапаншасы көп болса да, патрондары аз-тұғын. Олар толассыз оқ ату үшін қолда бар атыс құралдарын тегіс оқтады. Әйткенмен бұлайша қашанға дейін оқ жаудыра алмақ? Әрі мылтықтан үнемі оқ атып, әрі оқ-дәріні сақтау керек еді. Шешілмес міндет деген осы да! Олардың бар үміті сол, күрес көбінесе қолма-қол жүргізіліп, екі жақ суық қарумен — қылышпен және қанжармен қимылдайтын болады, атысудан гөрі көбірек шауып-түйреуге тура келмек деп ойлады.

Мұнараның ішіне тірі жан кіре алмастай. Ойығы бар төменгі залда кіреберісті қалқалаған берік баррикада орнатты. Баррикаданың ар жағына, залға үлкен үстел қойып, үстіне қару-жарақты: оқталған мылтықтарды, карабиндерді, тапаншаларды, қылыштарды, балталар мен қанжарларды жайып тастады. Төменгі қабатта дөңгелек зал бар-ды, оған тап-тар қуалама саты бойынша ғана кіруге болатын. Төменгі залдағы сияқты бүл бөлмеге де үстіне оқталған атыс құралдары мен өткір суық қару үйілген үстел қойылды. Бөлме ішіне торын ядро зақымдаған басты атыс ұясынан жарық түсіп түр. Бүл жерден сол баяғы бұрандалы саты бойынша, қамалға шығатын темір есігі бар үшінші қабаттың залына баруға болатын.

Зеңбірек даусы жұртты аяғынан тік тұрғызды. Үрдіс шабуыл басталғанша жарты сағаттай-ақ қалған.

Иманус мұнара діңгегінен қоршаушылардың қалай жақындап келе жатқанын бақылап тұрды. Лантенак олар әбден жақын келмейінше оқ атуға тыйым салған.

— Олар — төрт жарым мың адам, біз бәрін бәрібір қыра алмаймыз. Олар ішке кірмейінше оқ атудан пайда жоқ; тек осында, мұнара ішінде ғана күштің тепе-теңдігі қалпына келмек, — деді ол Сонан соң "Теңдік пен туысқандық!" деді мысқылдай күліп.

Дұшпан шабуылға шығысымен Иманус адамдарын ескерту үшін сырнай тартады деп келісілген болатын. Біреу баррикада тасасына түсіп, енді біреу сатының басқышына тұрып, бәрі орын-орындарына барды да, үн-түнсіз бір қолына мылтық, екінші қолына таспиық ұстай, күтіне бастады.

Жауласушы жақтардың жайы мынадай-тұғын: қоршаушылар ойыққа басып кіріп, баррикаданы иемденуге және шайқас сала жүріп бірінен соң бірін мұнараның үш қабатын алуға, сонан соң әр басқышта ұрыс жүргізіп, тап-тар екі қуалама сатыны алуға тиіс, қоршаудағыларға бір-ақ лаж қалған, ол —өлу.

VII. Ұрыс басталар алдында

Говэн де өз тарапынан шабуылға дайындалып жатты. Орман іргесінде тұрған төменгі батарея да, қыратта орналасқан жоғарғы батарея да қоршаудағылар сытылып шығуға немесе қашып кетуге әрекеттенсе ғана оқ атады деп ұйғарылды. Штурмға шығатын колоннаға басшылық жасауды ол өзіне қалдырды. Симурденді қынжылтқан да осы еді.

Күн жаңа ғана ұясына қонды. Жазық жердегі мұнара ашық теңіздегі кеме іспеттес. Мұндай мұнараға кемеге жасағандай тәсілмен ғана шабуыл жасауға болады: бүл штурмнан гөрі абордажға жақын. Мұндайда зеңбіректің қажеті жоқ. Қалыңдығы он бес футтық қабырғаны атқылағаннан не пайда? Бортты ойып түсіп, біреулер соған басып кіруге ұмтылады да, екіншілері оны жабуға әлектенеді, балта, пышақ, тапанша, жұдырық пен тіс —бәр-бәрі іске қосылады. Мұндай ұрыстардың түр сипаты осындай.

Говэн Тург мұнарасын иемденуге мұнан басқа тәсіл жоқ екенін түсінді. Жаумен бетпе-бет кездесетін шабуылдан бетер қырғын қантөгіс жоқ. Говэн бұл мұнарада сәби кезінде тұрған, оның ішкі құрылысын бүге-шігесіне дейін жақсы білетін және оны басып алудың қаншалықты қиынға түсері де оған кәміл аян еді.

Ол терең ойға шомып, біраз тұрды. Онан бірнеше қадам жерде көмекшісі Гешан дүрбімен Париньеге баратын жолға қарап тұрған. Кенет ол:

— Ә-ә, ақыры жетті ме, әйтеуір? — деп айғайлап жібере жаздады. Оның даусы Говэннің ойын бөліп жіберді:

— Не боп қалды, Гешан?

—Саты әкеле жатыр, командир.

— Қалайша? Оны әлі әкелген жоқ па еді?

— Жоқ, командир, әкелген жоқ. Мен мықтап қобалжығанмын. Неге десеңіз, командир, Жавенге кеткен атқосшы баяғыда-ақ қайтып келген.

— Білемін.

— Ол Жавеньеде қажетті мөлшерде ұзын, дайын саты тауып, оны реквизициялағанын баяндаған. Ол он екі адамнан тұратын күзет тауып, сатының жүк арбаға тиелуін күтіп тұрған, сонан соң саты тиелген жүк арбаның күзетімен қоса Париньеге баратын жолға түскенін көрген соң ғана қайтып кеткен.

— Мұның бәрін ол маған баяндаған. Бірақ ол жүк арба сағат екілерде жолға шықты, сондықтан күн батқанша осында келіп жетуге тиіс деген еді ғой. Мұның бәрін естігенмін. Сонан соң не болды? Соны айтыңыз.

— Білмеймін не болғанын, командир. Күн батса да, әлі келмей жатқаны.

— Бұл қалай? Шабуыл бастайтын уақытымыз болып қалды. Белгіленген мерзімі өтіп те кетті. Кібіртіктей берсек, дұшпан бізді екі ойлы екен деп қалулары мүмкін ғой.

— Несі бар, командир, бастауымызға да болады.

— Құтқарма сатысыз қалай бастамақпыз?

— Саты келеді. Ендігі жол бойында келе жатқан шығар. Жаңа ғана дүрбімен жол жақты қарағанмын: жүк арба екен. Өзіңіздің қарауыңызға да болады.

Говэн дүрбіні алып, жол бойына көз тікті де:

— Иә, оның рас, мынау солар сияқты, — деді. — Әттең, ымырт үйіріліп қалғанын қарашы, жақсылап көре алмайсың. Бірақ жүк арбаның жанында салт аттылар бары рас, сірә, бүл саты шығар. Тек күзеттегі адамдарының саны он екі емес, оннан көбірек сияқты ғой деймін.

— Иә, көптеу сияқты, мен де аңғардым.

— Ендігі олар мұнан ширек миля жерде.

— Ширек сағаттан соң саты осында келмек, командир.

— Демек, бастауға да болады.

Жол бойында шынында да жанында күзеті бар арба келе жатты, бірақ ол жұрттың күтіп тұрған арбасы емес-тұғын.

Говэн артына бұрылып, әскери адамша сымдай тартылып, қолын күнқағарына тақап тұрған сержант Радубты көрді.

— Азамат командир, біз, Қызыл Бөрік батальонының адамдары, сізден бір қайырым өтінеміз.

— Қандай қайырым?

— Бізді алға, оқ астына жіберсеңіз.

— Ә-ә, сол ма еді? Мұның осыншама не керегі болып қалды сендерге?

— Енді қалай деп едіңіз, командир. Сіз сонау кезде Дольде болған түнгі шайқас кезінен бері бізді қызғыштай қорғап келесіз, ал шынтуайтқа келгенде, біз әлі күнге он екі адамбыз.

— Онда тұрған не бар?

— Біз бұған жәбірліміз.

— Сендерді мен резервте ұстап келемін.

— Біз авангардта болғымыз келеді.

— Бірақ сендер маған шешуші соққы беру үшін ақырғы сәтте қажет боласыңдар. Сендерді қорғаштап келе жатқаным да сол

— Тым қорғаштайсыз, командир.

— Гәп мұнда емес. Өйткені сендер штурм колоннасымен бірге барасыңдар.

— Иә, арт жағынан. Бірақ париждіктер алда жүруге құқылы.

— Жарайды, сержант, ойланып көрейін.

— Ойланыңыз, командир. Бүгін орайы келіп тұрғаны! Қызықтың көкесі енді болмақ. Тург мұнарасы жақындаған жанның саусағын қарып түспек. Бізді алдыңғы саппен жіберуді жалына өтінеміз.

Сержант Радуб біраз үндемей қалды да, мұртын сипай, діріл аралас дауыспен сөзін әрі сабақтады:

— Оның үстіне, командир, бұл мұнарада біздің балаларымыз — батальонымыздың бөбектері бар. Өздері үшеу. Ал анау ұсқынсыз... аты кім еді өзінің... оның лақап аты толып жатыр... сол Гуж де-Брюан, немесе Иманус, немесе Көктердің тажалы... адам сиқындағы сол ібіліс балаларымызды құртып жіберемін деп қорқытады. Ойлап көріңізші, командир, құйтымдай нәрестелерді құртып жіберу деген не сұмдық! Аспан айналып жерге түссе де, біз оларды жәбірлетіп қоя алмаймыз. Естіп тұрмысыз, командир? Қарап отыра алмаймыз! Мен үшеуін жаңа ғана көріп келдім. Бітім кезінде сәтін тауып қыратқа көтерілдім де, терезеге қарадым; олар сонда, қамал ішінде екен, бүл кәміл Қыраттың шетінен бөлме іші жақсы көрінеді. Сөйтіп, олардың үшеуін де көрдім. Байғұс балаларды қорқытып та алдым-ау деймін! Олар мені көріп, тығылып қалды... Айтарым мынау, командир: егер осы бөбектердің қай-қайсысы болса да жәбір шеге қалса, жер бетіндегі зиялы заттың бәрімен ант етейін, мына мен, сержант Радуб, жер-көктің астан-кестенін шығармасам, атым өшсін! Тіпті біздің батальон да: "Балақайларымызды не құтқарамыз, не өлеміз" дейді. Және сол балалар үшін шыбын жанымызды шүберекке түйіп, өлеріміз хақ. Бұған біз құқылымыз ғой, тәйір алғыр!... Бар айтпағым осы. Тағзым етіп, қош айтысуыма рұқсат етіңіз, командир.

Говэн оған қолын ұсынып:

— Сабаз екенсіңдер! — деді. — Сендер штурм колоннасымен барасыңдар. Сендерді екіге бөлеміз: алтауың авангардта жүріп, колоннаны соңдарыңа ертесіңдер, ал қалған алтауың колоннаны шегіндірмеу үшін арьергардта жүресіңдер.

— Ал мен ше? Мен батальонда үлкені болып қалмаймын ба?

— Әлбетте.

— Рахмет жаусын, командир. Демек, мен авангардқа жүрем ғой.

Радуб командирге тағы да ізет беріп, орнына барып тұрды.

Говэн сағатын алып, Гешанның құлағына бірдеңе деп сыбырлады да, штурм колоннасы сап құрай бастады.

VIII. Әңгіме және ырыл

Қыратта әлі орнына кетпеген және Говэнге таяу жерде тұрған Симурден осы кезде дабылшының қасына барып:

— Белгі бер! — деді.

Керней мен сырнай тағы да өзара дабыл алысты.

— Бұл не? — деп сұрады Говэн Гешаннан. — Симурден не істемек?

Сол екі арада Симурден мұнараның қасына барып, аппақ қол орамалын бұлғап:

— Уа, мұнара ішіндегілер! Сендер мені білесіңдер ме? — деді қатты дауыстап.

Діңгек үстінен Иманустың даусы үн қатты:

— Білеміз.

— Мен республика өкілімін.

— Сен Париньеден шыққан бұрынғы кюресің.

— Мен Қоғамды құтқару комитетінің делегатымын.

— Сен дінбасысың.

— Мен заң өкілімін.

— Сен сатқынсың.

— Мен революциялық үкіметтің комиссары Симурденмін.

— Сен діннен безген жансың, ібіліссің.

— Мейлі, солай-ақ болсын, сендер мені бәрібір білесіңдер.

— Біз сені иттің етіндей жек көреміз.

— Демек, қолдарыңа түссем, ризасыңдар ғой?

— Біз мұнда он сегіз адамбыз және әрқайсымыз сенің басың үшін оз басымызды қуана-қуана құрбанға шалар едік.

— Ендеше, біліп қойыңдар: мен қолдарыңа берілемін. Жоғарыдан қарқылдаған күлкі естілді де, іле-шала сол дауыс:

— Келе ғой, — деп айғайлады.

Төменде бүкіл лагерь тым-тырыс бола қалған: бәрі әрі қарай не боларын күтіп тұр. Симурден сөзін жалғай түсті:

— Мен қолдарыңа берілемін, бірақ бір шартым бар.

— Қандай шарт?

— Мұқият тыңдап алыңдар.

— Айта бер.

— Сендер мені иттің етіндей жек көресіңдер ғой, солай ма?

— Жек көреміз.

— Ал мен сендерді жақсы көремін: мен — сендердің бауырыңмын.

— Иә, жәдігөй, — деп жауап қатты оның сөзіне діңгек үстіндегілер.

Симурден тағы да сөйлей бастады: оның даусы біртүрлі жаңаша леппен әрі сабырлы естілді:

— Тілдей беріңдер, бірақ тыңдап алыңдар. Мен сендерге парламентер болып барамын. Қайталап айтамын: сендер маған бауырсыңдар. Сендер адасқан, бейшара жансыңдар. Мен сендердің досыңмын. Мен түнекпен сөйлесіп тұрған жарықпын, ал жарық дегенің -бауырмалдық. Шынында, бәріміз де бір ғана Отан-ананың балалары емеспіз бе?.. Міне, сөйтіп, мен сендерге келіп тұрмын және өз басымды ұсынамын, мен одан да зорын істеп, сендерге бауырмалдық қолымды ұсынып тұрмын. Менің сендерден жалбарынып сұрайтыным: мені өлтіріңдер де, өздеріңді қорғап қалыңдар, құтқара көріңдер. Мен барлық билікке иемін, сондықтан берген уәдемді орындай аламын. Бүл сәт сендердің тағдырларыңды шешпек. Мен бітімге келуге ақырғы рет әрекет істеп тұрмын. Сендердің "Республикашының айтқанына сенуге болмайды" деп ойлап тұрғандарыңды да білемін. Иә, сендермен республикашы азамат сөйлесіп түр, бірақ бұл азаматтың бойында діндардан көп нәрсе сақталған. Тыңдаңдар, бауырлар! Көбіңнің әйелдерің, бала-шағаларың бар. Әйелдерің мен бала-шағаларыңды мен өз панама аламын: мен оларды сендерден қорғаймын. Уа, бауырларым...

— Поптық әуеніне басты, — деп кеңкілдей күлді Иманус. Симурден естімегенсіп, сөйлей берді:

— Бауырларым! Кеш болмай тұрғанда, тоқтаңдар. Сұмдық сәт те келіп жетер. Енді біраздан соң қырғын басталмақ. Алдарыңда тұрған біздің көбіміз қаза табамыз, ал сендер — сендер түгел қырыласыңдар. Аясаңдаршы өздеріңді. Нақақтан-нақақ осынша қан төгудің керегі не? Екі адамды өлтіру жеткілікті болса, осынша қан төгудің не қажеті бар?

— Екі адамды ма? — деп қайталап сұрады Иманус.

— Иә, екі-ақ адамды.

— Сонда кім-кімді?

— Мені мен Лантенакты.

Симурден даусын зорайтты:

— Мұнда басы артық екі адам бар: біз үшін — Лантенак, сендер үшін — Симурден. Міне, енді, егер аман қалғыларың келсе, мынаны ұсынамын: бізге Лантенакты беріңдер де, сендер мені алыңдар. Лантенак гильотинада өледі, мені не істеймін десеңдер де еріктерің.

— Тек қолымызға түсіп көр, поп, ақырын отқа қақтайық! — деп ырылдады Иманус.

— Құп, — деді Симурден, сонсоң мынаны қоса айтты: — Бұл мұнараға паналаған сендер — құрыған жансыңдар. Бірақ сендер бірер сағаттан соң одан ап-аман, емін-еркін шығып кете аласыңдар. Бұл сендерге байланысты. Мен сендерге бостандық әпермекпін. Қабыл аласыңдар ма оны?

Иманус зығырданы қайнап, арс етті:

— Сен өзің зұлым ғана емес, есалаң да екенсің ғой, поп? Кім сенен бізбен сөйлесуді өтініп еді? Біз монсеньорды ұстап береді деген немене? Бізден керегі не саған?

— Соның басы керек. Ал сендерге менің ұсынарым...

— Өзіңнің тулағың ба? Өйткені біліп қойғын, әулие әкей Симурден, біз саған ит теріңді басыңа қаптар едік. Жоқ, сенің тулағың оның басына татымайды. Жоғал әрмен!

— Ақырғы рет айтамын — ұсынысымды ақылға сап көріңдер.

Түн қараңғысы қоюланып келе жатты. Лантенак әңгіме өзі туралы болып жатпағандай-ақ, үн қатпады.

Кенет Иманус сөйлеп берді де, даусы Симурденнің даусын басып кетті:

— Шабуылшылар, тыңдаңдар! Біз сендерге өз шартымызды баяндадық. Бүл ақырғы сөзіміз, одан таймаймыз. Сонымен, ұсынысымызды қабылдайсыңдар ма, жоқ па? Жоқ болса — сақтаныңдар! Қалай, келісесіңдер ме? Біз қамалға қамаулы балаларыңды қайтарып береміз, ал сендер бізді түгел еркімізге жібересіңдер.

— Біреуді ғана босатпаймыз, — деп жауап берді Симурден.

— Кімді?

— Лантенакты.

— Монсеньорды ма? Монсеньорды ұстап бермекпіз бе? Бұларың ешқашан да болмайды!

— Бізге Лантенак қажет. Біз осы шарт арқылы ғана келісімге келе аламыз.

— Олай болса — шабуылдарыңды бастай беріңдер.

Айнала тыныштық орнай қалды. Иманус белгі беріп, мұнара діңгегінен түсіп кетті. Маркиз қылышын қынабынан суырды. Қоршаудағы он тоғыз адамның бәрі үн-түнсіз төменгі залдағы баррикада тасасына жиналып, тізерлей отырды. Оларға штурм колоннасының бір ырғақпен адымдап, мұнараға жақындап келе жатқаны естіліп тұрды. Аяқ дүрсілі жақындай түсті. Кенет ол жап-жақын жерден, тап ойықтың қасынан естілді. Сонда бәрі тізерлеген күйі мылтықтарын баррикаданың қуыс-қуысына тығып, кезене қалды. Олардың бірі, Гран-Франкер, бұрынғы дінбасы Тюрмо, түрегеліп, оң қолына жалаң қылышы мен сол қолына крест ұстаған қалпы, салтанатты түрде:

— Атасы мен баласының һәм әулие рухтың аруағы үшін! — деп айғайлады.

Мылтық біткен бірден гүрс етті де, ұрыс басталып кетті.

IX. Титандар алыптарға қарсы

Көрініс шынында да жантүршігерлік еді.

Бұл қолма-қол ұрыс өзінің қатыгездігімен не сұмдықтың бәрінен асып түсті.

Қоршаушылардың алдынан үңірейген аран ашылғандай: үстінде де, астында да, жанында да быт-шыт болған қабырғаның тістері сойдиып-сойдиып тұр. Мұншама тіс акулада да болмас. Әрі тап осы түнек үңгірге басып кіру керек еді.

Қоршаушылардың алдыңғы толқыны ойыққа лап қойысымен бүкіл баррикада найзағай отымен жап-жарық болып кетті: жер астында күн күркіреп жатқандай. Атысқа атыс жауап қатып жатыр. Говэннің "Ілгері жарып өтіңдер!" деген командасы, сонан соң Лантенактың "Достарым, берік болыңдар!" деген даусы, ақыр соңында Иманустың "Жерлестер, қасыма келіңдер!" деген айғайы естілді. Айқасқан қылыштар мен толассыз атылған мылтық даусы естіліп тұр. Қабырғаға ілулі, жанып тұрған алаң осынау жантүршігерлік күңгірт көрініске бұлдыр сәуле шашады. Қызғылт түнекте ештеңені ажырату мүмкін емес. Мұнда тап болған адам ә дегенше түтіннен соқыр болып, тарсылдаған атыстан саңырау болып қалардай.

Астан-кестені шығып шашылған дүниенің арасында жаралылар жатыр: шайқасушылар өліктерден аттап, жалаңаш жараны баса-көктей, сынған сүйектерді аяғымен тапап барады: жаралылар ышқына ойбайлап, үстінен өтіп бара жатқандардың аяғынан тістелейді. Арагідік үрейлі тыныштық орнай қалады: оның өзі у-шудан бетер қорқынышты. Жұрт бірін-бірі кеңірдектеп, арпалысып жатқандардың ырсылдай, аптыға дем алғаны, қылқынған, қырылдаған үні, тістің жүйке қозғай шықырлағаны, лағнет-қарғыс жаудырып жатқан дауыстары естіледі. Сонан соң қайтадан тасыр-тұсыр атыс басталады. Мұнарадан ойық арқылы жылымшы қан шымырлай ағып, шөп үстінде колки жайылып, қараңғыда буы бұрқырап жатыр.

Абажадай мұнараның өзі жараланып, қансырап жатқандай.

Қанша тосын көрінгенмен, айғай-шу сырттан еміс-еміс қана естіледі. Түн тымық, тас қараңғы, сондықтан қоршаудағы мұнараның төңірегінде орманшы мен жазық та моладағыдай жым-жырт.

— Алға! Баса-көктеңдер! — деп команда берді Говэн. — Баррикаданы кім алғысы келеді?

— Мен! — деп саңқ етті сержант Радуб.

X. Радуб

Бірақ осы мезетте қоршаушылар абдырап қалды. Радуб колоннасын бастап ойыққа кіргенде онымен Париж батальонының бес адамы болатын, төртеуі табан аузында оққа ұшты.

Радуб командирдің шақыруына "Мен!" деп саңқ еткенде кенет жұрттың бәрі оның алға ұмтылудың орнына, кейін бұрылып, басын бұғып, шабуылшылардың аяқ астынан еңбектеп өткендей, мұнараның ойығына зып беріп жоқ болғанын байқады. Бүл не? Шынымен-ақ қашқаны ма? Мұндай адам қашар ма?.. Сонда не болды екен?..

Осы екі арада ойықтан шығып, түтіннен көзін әзер ашқан Радуб қарсы алдындағы сұмдық көріністен айықпақ болғандай, көзін уқалап жіберді де, жұлдыз жарығында мұнара қабырғасын айналдыра қарай бастады. Қарап болған соң, "Тап солай, қателеспеппін" дегендей, қанағаттана басын изеді.

Ол жарылыстан пайда болған терең жарықтың темір арматурасын ядро майыстырып, жартысын жұлып кеткен екінші қабаттағы атыс ұясына жететінін бұрын-ақ байқаған. Жұлынып кеткен темір шыбықтар төмен салбырап түр және әлгі жарыққа адам сыйып кетердей.

Атыс ұясына кіруге болатын, бірақ оған көтерілу мүмкін бе? Иә, жарықтың кеңдеу жерінен жармасып мұны істеуге болатын, бүл үшін мысықтай ептілік керек.

Радуб осындай епті адам еді. Коп жасамаса да көпті көрген солдат болудың қисынсыз түгі жоқ.

Француз гвардиясының қатардағы бұрынғы жауынгері Радуб әлі қырыққа да келе қоймаған. Ол Геркулес*, бірақ акробат сияқты епті Геркулес болатын.

Ол мушкетін жерге қойып, үстінен қамзолы мен жилетін тастады да, қарудан қылышы мен екі тапаншасын ғана алды.

Тапаншаларын белбеуіне қыстырып, жалаң қылышын аузына тістеп алды.

Осылайша басы артық нәрсенің бәрінен арылып, ойыққа әлі жасырынып үлгірмеген штурм колоннасындағы барша адам көзбен ұзатып тұрғанда жарықтың кетік жерлерімен сатының басқыштарымен аттағандай өрмелей бастады. Аяғында башмақтың жоқтығы мұндай жақсы болар ма: адамның аяғы өрмелеуге өте икем ғой. Ол аяғының үлкен башпайларымен тастың кедір-бұдырын қармап, қолымен тартыла көтеріліп, тізесімен қабырға жарығына сүйеніп, тырмысып барады. Өрмелеу оңай емес-ті: мұның өзі ара тісімен өрмелегенге пара-пар десе де болғандай.

"Екінші қабатта ешкімнің жоқтығы қандай жақсы, — деп ойлады ол, — әйтпесе, мені шығармас еді".

Оған осындай тәсілмен жерден кемінде қырық фут өрмелеу керек-тұғын.

Жарық жоғарғы жақта кішірейіп, көтерілу қиындай түсті. Белбеуінен сорайып шығып тұрған тапанша саптары да аз бөгет болған жоқ. Жерден жоғарылаған сайын құлау қаупі де күшейе түсті.

Бірақ ол ақыры атыс ұясының төменгі жиегіне жетті де, майысқан тордың салбырап тұрған шабақтарын бір жаққа итеріп, ішіне кіруге кәміл болатынын анықтап алды. Сонан соң қатты бір ырғып, жоғары көтерілді де, тізесімен атыс ұясының астындағы карнизге сүйенді, оң қолымен сынған бір шыбықтан, сол қолымен екінші шыбықтан ұстай көтерілді де, амбразураның ернеуінен бір-ақ шықты. Аузында қылыш тістеген күйі ол қырық футтық шыңырау үстінде салбырап тұрып қалды.

Оған енді амбразурадан аттап, бөлмеге секіріп түсу ғана қалған. Бірақ ойда жоқта атыс ұясынан біреу жалт қарады. Радуб қарсы алдындағы қара көлеңкеден бір сұмдықты — жақ сүйегі уатылған, бір көзі ағып түскен қан-қан масканы көрді. Әрі осы маска жалғыз көзімен тура өзіне қарап түр екен.

Бірақ масканың екі қолы да бар болып шықты. Сол екі қолдың бірі күтпеген жерден қараңғылықтан мұның тапаншаларын лезде суырып, екіншісі аузына тістеген қылышын жұлып алды.

Ол қарудан жұрдай болды. Тізесі карнизден тайғанақтап, тор сынығына жармасқан күйі қолымен әзер ұстап тұр, астында қырық футтық терең шыңырау жатыр.

Жантүршігерлік қанталаған жүз бен Радубты қарусыздандырған екі қол Қысқы Әншінікі болатын.

Қысқы Әнші төменнен көтерілген түтіннен тұншыға жаздап, атыс ұясының амбразурасына еңбектеп, әупіріммен жеткен. Таза ауа айықтырып, түнгі салқын жарасынан сауғалаған қанды тоқтатты да, ол қайтадан ес жинай бастады. Кенет атыс ұясының тесігінен сырттан біреудің торсиған білегі көрінді. Сол кезде құлап кетпес үшін тордан ұстауға тура келгендіктен бүл адамның екі қолы бос еместігін, сондықтан оның қорғана алмайтынын байқап, Қысқы Әнші құт қашырар байсалдылықпен ананың белбеуінен тапаншаларын суырып, аузына тістеген қылышын жұлып алды.

Көз көріп, құлақ естімеген жекпе-жек — қарусыз адам мен шалажансар адамның дуэлі басталды.

Шалажансар адам жеңуге тиіс сияқты еді. Радубты астында аранын ашқан терең шыңырауға лықсытып жіберуге жалғыз оқ та жететін. Бірақ сержанттың бағына қарай, екі тапаншаны бір қолына ұстап тұрған Қысқы Әнші екеуін бірдей ата алмай, қылыш жұмсауға мәжбүр болды. Радубтың иығына қылышпен бір сермеді. Ол Радубты жарадар етті де, сонысымен оны ажалдан сақтап қалды.

Қарудан айрылса да күш-қайратын жоймаған Радуб жараланғанын сезген де жоқ (Айтпақшы, қылыш сүйегіне өте қоймапты). Ол ілгері ұмтылып, тор шыбықтарын қолынан қоя берді де, амбразураға секіріп мінді. Осы жерде ол қылышты лақтырып үлгіріп, енді әр қолына бір тапаншадан ұстап тұрған Қысқы Әншімен бетпе-бет ұшырасты. Анау тізерлей тұрып Радубты қақ маңдайдан көздеді, бірақ әлі кеткен қолы дірілдеп, шүріппені баса алар емес. Радуб қарқ-қарқ күлді.

— Әп-бәлем, ұсқынсыз сұмырай! — деп айғайлап жіберді ол — Тегі, беттің орнынан шикі ет көріп, мені шошып кетеді деп ойлайсың ғой, шамасы, ә?

Қысқы Әнші оны әлі көздеп тұр еді.

— Оғымыз сәніңді мықтап келтірген екен, сабазым-ай, — деп сөзін доғарар емес Радуб. — Ат, енді, ат, көгершінім, бір құмардан шық!

Тапанша тарс етті. Оқ Радубтың басын жанай өтіп, жарты құлағын жұлып кетті. Қысқы Әнші екінші тапаншаны көтере бергенде, Радуб көздеуге мұршасын келтірмеді.

— Жетер енді! — деп саңқ етті ол — Енді қалған құлағымды жұлдыра алмаспын. Онсыз да мені екі рет жараладың, ендігі кезек менікі шығар.

Радуб оған тап беріп, шынтағынан қағып қалғанда, тапанша жоғары атылды да, қолымен оның уатылған жақ сүйегін мытып-мытып жіберді.

Қысқы Әнші ышқына ойбай сап, есінен танып қалды. Радуб үстінен аттап өтті.

— Ал енді менің талабымды біліп қойғын, — деді ол, — орныңнан тырп етпей жата бер, жарымжан. Саспай-ақ қой, жаныңды алып жатпаймын, мұндай ермекке уақытым жоқ. Жаның барда жорғалай бересің бе әлде жаһаннамға аттанасың ба — ол жағын өзің біл Бәрібір түбі саудаң бітті. Кюреңнің қандай сандыраққа үйреткенін білесің ғой. Ол дүниеге аттана бер, мұжық неме!

Соны айтып, ол ілгері қарай залға ұмтылды.

—Ойбай-ау, көзге түртсе көргісіз ғой мұнда! — деп опынды ол.

Қысқы Әнші зар қаға ыңырсып жатыр. Радуб оған бұрыла қарады.

— Маған істеген жақсылығың болсын, азамат, жап аузыңды. Сенің ісіңе мен араласпай-ақ тұрмын ғой. Ендеше, сен де маған кесел жасамағын.

Ол өлгелі жатқан адамға қараған күйі желкесін қасып қойды.

— Мұның бәрі жақсы-ау, бірақ енді не істемекпін? — деп күңкілдеді өз-өзінен. — Мынау мақұлықтың кесірінен қарусыз қалдым. Қап, екі оғымды ұрлап әкеткенін қарашы. Оның үстіне қарғыс атқан ащы түтін көзді ашытып барады, айғайламасаң — ойбайла, мейлің.

Ол қан шыпшып тұрған құлағына аңдаусыз тиіп кетіп, о — һо деп таңырқай түсті де, бұрынғысынша күңкілдей берді.

— Әйткенмен, туыс, құлағымды шебер-ақ сәндепсің! Құлағымды жұлып, басқа еш жеріме тимегеніне де шүкір. Құлақ дегенің — беттің ғана сәні. Міне, иығымды да сыдырып кетіпсің, ол да түк емес. Мен сені кешіремін: өлсең — өміре қап, миғұла.

Ол құлақ түре тына қалды. Төменгі зал тарс-тұрс атыстан тітіреп тұр екен. Ұрыс қызған үстіне қыза түсуде.

— Тәп-тәуір төбелесіп жатыр-ау, ә? — деп күбірледі Радуб. — "Жасасын король!" деп бақыруларын қарашы өздерінің! Шынын айту керек, сарбаздарша өле біледі екен.

Осы екі арада оның аяғы еденде жатқан өз қылышына тиіп кетті. Оны жерден көтеріп алып, енді қозғалмай жатқаң, бәлкім, ендігі өліп те қалған Қысқы Әншіге бұрылып, сөйлеп қоя берді.

— Не істегенімді көріп қойғын, орман шайтаны! Мен ойлаған іске қылыштың түк қажеті жоқ. Мен оны жай ғана, дағды бойынша қолыма алғанмын. Маған тапанша керек еді. Онсыз оның не қажеті бар енді? Қайтсе де албасты басқыр екенсің өзің! Енді не істедім? Тапаншасыз қалу — қолсыз қалғанмен бірдей ғой.

Ол жан-жағын бағдарлап алу үшін, қараңғылыққа көз үйрете, бөлме ішінде бірнеше қадам жасады. Кенет ол бөлменің қақ ортасында діңгек жанында тұрған ұзын үстелдің сұлбасын көріп қалды, үстел үстінде қараңғыда жылтырап еміс-еміс бір заттар жатыр. Ол қолымен ұстап көрді. Бүл тапаншалар, карабиндер, мушкеттер екен — қатарласа жатқан атқыш қару-жарақтың тұтас бір қоймасы дерлік. Мұның өзі қоршаудағылардың екінші залды қорғау үшін сақтап қойған қару-жарағы болатын.

— Мынау тұтас бір қойма ғой! — деп мәз болып, Радуб қару-жараққа тұра ұмтылды.

Ол қас қаққанша қаһарлы жауынгер болып алды.

Есік айқара ашық тұрғандықтан, төменгі және жоғарғы қабаттарға баратын сатыға шығар жер көрініп тұрған. Саты үстінде қару-жарақ үюлі жатқан дәл үстел тұсында еді. Радуб қылышын тастай сап, әр қолына қос ауыз тапаншадан алып, бірден төмен қарата, қуалама сатының он бойымен тарс еткізді; кейін ірі бытырамен оқталған мушкеттерден ата бастады. Мушкеттен атылған он бес шағын оқ картечьтей эсер етті. Сонан соң Радуб:

— Жасасын Париж! — деп айқай салды қаһарлана. Сөйтті де, ол екінші мушкетті шап беріп, ұңғысын сатыға көздей аңысын аңдуға кірісті.

Төменгі залда ауызбен айтып жеткісіз дүрбелең басталды. Мұндай тұтқиыл жәйттер қорғаныстың әрқашан берекесін қашырады.

Радуб атқан үш оқтың екеуі зая кетпеді: оның бірі ағайынды Пикан-Буаның үлкенін, екіншісі Гусар деген лақап атпен мәлім болған де-Келенді мұрттай ұшырды.

—Олар жоғарыда! — деп айғайлады маркиз.

Іс тағдырын осы айғай шешті. Баррикада көзді ашып-жұмғанша қаңырап қалды: оны қорғаушылар бір топ үріккен құстай сатыға лап берді. Маркиз жүгіріп бара жатқандарды жігерлендіріп қояды.

— Тез, тез! — деп айғайлайды ол — Енді бар ерлік солардың қолына түспеуде. Үшінші қабатқа жүгіріңдер: біз оларды сонда қарсы аламыз.

Ол баррикададан ең соңынан кетті де, бүл оны ажалдан аман сақтап қалды.

Радуб екінші қабатта саты астында, шүріппесі қайырулы мушкетті көздей ұстап, жүгіріп бара жатқандарды андып түр. Сатының қайырылысынан шыға келген алғашқы екі-үш адам қақ жүректен оқ тиіп, сеспей қатты. Олардың арасында маркиз болса, ол да өлетін. Қалғандары Радуб қолындағы қаруын жаңартқанша өтіп кетті. Маркиз бәрінен соң әрі бәрінен ақырын өтті. Екінші қабатты дұшпан иемденіп алды деп кәміл сенген олар кідірместен, Радубтың жанынан үшінші қабатқа, айналы залға, темір қабаты бар, тұтанғыш білтенің ұшы жатқан бөлмеге жүгіре өтті. Мұнда олар не берілуге, не өлуге тиіс болатын.

Сатыдан естілген тарс-тұрс мылтық даусына қоршаудағылардан кем таңданбаған Говэн ойда-жоқта келіп жеткен бұл көмектің сырын білместен, тіпті мұны ойлап жатпастан, басталған дүрбелеңді пайдаланып қалды. Ол соңына ілескен адамдармен бірге баррикададан секіріп өтіп, дұшпанды өкшелей, екінші қабатқа басып кірді. Мұнда олар Радубтың үстінен шықты.

Радуб командирге ізет берді.

— Баяндауға рұқсат етіңіз, командир, мұнда оқ атқан мен, — деді ол — Мен сіздің Дольде қалай жарлық еткеніңізді есіме алдым да, сол сіз істегенді қайталап, дұшпанның ту сыртынан шықтым.

— Жақсы шәкірт екенсіз! — деп Говэн жымиып.

Қараңғыда біраз болсаң, көз үйреніп, түнде ұшатын құстың көзіндей көре бастайды. Говэн Радубтың үсті-басы қан екенін байқап қалды.

— Жолдас-ау, жараланып қалыпсыз ғой!

— Оны қайтесіз, командир. Бір құлақтың кемдігі не, артығы не — бәрібір емес пе? Оған қоса мен қылышпен де жараландым, бірақ ол да оқа емес. Орманды кессе, жаңқа ұшпай ма, тәйірі. Әрі үстімдегі жалғыз өз қаным ғана емес.

Радуб басып алған екінші қабаттың залында аялдама жасалды. Қолшам әкелінді. Симурден де келді, сөйтіп, кеңес басталды. Ойласар жайт баршылық еді. Қоршаушылар қоршаудағылардың құпиясынан бейхабар болатын: алдыңғылар соңғылардың заряды әбден азайып, оқ-дәрі қорының түгесілуге қалғанын білмейтін. Үшінші қабат солардың соңғы тірегі еді, сондықтан сатының астына мина қойылған деп топшылауға болатын.

Бір нәрсе ғана даусыз еді: дұшпан қашып кете алмайды. Әзірге тірі қалғандары құлыптаулы отырғанмен бірдей. Лантенак тұзаққа түсті.

Осыған көз кәміл жеткендіктен, асықпауға, ойлануға, қалыптасқан жағдайдан шығар ең жақсы жол табу үшін бірауық мұрса алуға болатын. Штурм колоннасы онсыз да тым көп адамнан өлідей айрылды. Ақырғы сәтте, мейлінше аз құрбан болу үшін мүмкін нәрсенің бәрін істеу керек. Батыл үрдіс шабуыл қыруар қауіп-қатерге байланысты. Олардың қоршаушыларды өршелене оқ жаудырумен қарсы алатынын алдын ала жорамалдауға болатын.

Сөйтіп, ұрыс бір сәт тоқтатылды. Мұнараның төменгі және екінші қабаттарын иемденіп, қоршаушылар шабуылды қайта бастау үшін команда ғана күтіп жатты. Говэн мен Симурден әлі кеңесумен болды. Радуб осы кеңеске қатысып, тым-тырыс отыра берді.

Ақыры ол қолын күн қағарына апарып, Говэнге жүрексіне тіл қатты:

— Командир...

— Немене, Радуб?

— Наградаға лайық еңбек еттім бе?

— Әрине. Қалауыңды айт.

— Маған бірінші болып жоғары көтерілуге рұқсат етсеңіз.

Оған рұқсат етпеу мүмкін емес-ті. Бірақ ол рұқсатсыз да себеп табатын.

XI. Саудасы біткендер

Екінші қабатта кеңес болып жатқанда, үшінші қабатта асығыс-үсігіс баррикада орнатылып жатты. Табыс тасытса, сәтсіздік ашындырады. Мұнараның екі қабаты ақырғы күресте бір-бірімен жұлқысуға дайындалып жатты. Жоғарыда — жанталас, сабырлы, салқын, түнеріңкі жанталас.

Қоршаудағылар үміт шегі — өздерінің ақырғы тірегіне жетісімен, әуелі, кіреберісті баррикадалауға кірісті. Есікті жабудың қажеті жоқ-ты: одан да сатыға бірдеңелерді үйіп тастаған артық. Мұндайда ара-арасынан қарап, оқ атуға болатын кедергі тұйық бөгеттен әлдеқайда тиімді.

Иманус жаққан және айналасында сұр білтенің ұшы жатқан алау бөлме ішіне жарық түсіріп түр. Бұрышта дырау зілдей емен сандық; мұндай сандықтарға жылжымалы жәшіктері бар комод ойлап табылмастан бұрын көйлек-көншек пен киім салатын.

Тап осы сандықты тікесінен қойып, сатыға шығар жерді бөгеп тастады. Ол есік жақтауының кеңдігіне дәл келіп, кіреберісті тарс бітеді.

Күмбез астында бір адам ғана сыятындай кішкентай бос орын қалды. Бұл өте қолайлы еді, неге десеңіз, шабуылшыларды бір-бірлеп сұлатуға мүмкіндік беретін. Дұшпанның мұндай тәуекелге баруы екіталай-ды.

Сөйтіп, кіреберіс мықтап бекітілді. Бүл уақытша кідіріс болатын. Қоршаудағылар өз күшін есептей бастады.

Оларда он тоғыз адамнан жетеуі ғана, оның ішінде Иманус тірі қалған екен. Оны мен маркизден басқалары түгелдей жараланған. Өзгелері өлген.

Оқ-дәрілері түгесіле жаздапты, оқшантайлары босап қалған. Патрондарын қайта санап шықты: жеті адамға бар-жоғы торт оқ.

Оларға ендігі қалғаны өлу ғана. Олар үңірейген шыңырау үстінен төніп тұрған тік жарға тықсырылған. Құрдымға құламай, аман қалу мүмкін еместей.

Сол екі арада шабуыл қайта басталды. Ол мұқият жүргізіліп, қимыл дәлдеп жасалды. Қоршаушылардың сатымен көтеріліп, мылтық дүмімен әр басқышты тексеріп келе жатқаны естіліп тұрды.

Қашар жер қалмады. Кітапхана арқылы ма? Жоқ, қырат үстінде қамалға бағышталған оқтаулы алты зеңбірек түр. Үстіңгі бөлмелер арқылы ма? Оның қажеті не? Жоғарғы қабаттан төбеге шығуға ғана болады. Ал төбеден — шыңырауға басыңмен төмен құлдыраудан басқа жол жоқ.

Бүкіл бандадан жеті адам ғана аман қалған. Олар құтылыстың жоқ екенін, қамауда қалғанын, өздерін қорғап келген қалың қабырға енді оларды жауға ұстап беріп тұрғанын түсінді.

Әлі қолға түсе қоймаса да, өздерін тұтқынбыз деп сезінді.

— Достарым, шаруа бітті, — деді маркиз. Сонан соң біраз үндемей отырып:

— Осы сәттен бастап Гран-Франкер қайтадан аббат Тюрмо болады, — деп қоса айтты.

Бәрі қолдарына таспиық ұстап, жүрелей отырды. Мылтық дүмінің басқыштарды тарсылдатқан даусы жақындай түсті.

Бас сүйегіне оқ тиіп, бір жақ терісін шашымен жұлып әкеткен, үсті-басын қан жуған Гран-Франкер крест ұстаған оң қолын жоғары көтерді. Шын мәнінде дінге сенбейтін маркиз де тізерлей отырды.

— Әрқайсысы күнәсін дауыстап, мойнына алсын, — деді Гран-Франкер. — Монсеньор, айта беріңіз.

Маркиз жауап қайырды:

— Мен жұртты қырып-жойдым.

— Мен жұртты қырып-жойдым, — деп қайталады оған ілесе қалғандарының бәрі.

Гран-Франкер оларды кресімен жебеп:

— Әулие үштік үшін күнәларыңды кешемін. Жаһаннамнан жай тапсын жандарың, — деп сарнады.

— Әумин! — деді алты дауыс. Маркиз түрегелді.

— Ал енді өлер кез жетті, — деді ол

— Өлтіретін кез де жетті, — деді Иманус.

Кіреберісті бөгеп тұрған сандық мылтық дүмінің соққысына шыдамай, шатынап, сына бастады.

— Тәңіріні ойлаңдар, — деді аббат. — Енді бұл фәниден аулақсыңдар.

— Иә, біз молдамыз,— деді маркиз.

Бәрі басын иіп, шоқына бастады. Маркиз бен аббат қана тұрған күйі қозғалмады. Бәрінің көзі шала жұмулы: әулие әкей дұға оқып тұр, шаруалар да дұға оқып тұр, маркиз ой үстінде. Балғамен ұрғандай тарсылдата соққы тиіп жатқан нілді сандық жаназа шақырғандай үн шығарады.

Кенеттен дұға оқып жатқандардың арт жағынан жап-жас, сергек дауыс саңқ етті:

— Айтқан жоқ па едім сізге, монсеньор!

Жұрттың бәрі таңырқай жалт бұрылды.

Қабырғадан құпия жол ашылды. Қасындағы тастарға нығыздай қаланған, бірақ оларға цементпен бекітілмеген төменгі және жоғары жағында екі темір құрсауы бар бір тас осінен айналды да, қабырғадан оң және сол жақтан кеңдігі екі кісі өте аларлықтай екі саңылау ашылды. Ойда-жоқта ашылған бүл есіктің саңылауынан қуалама сатының үстіңгі басқыштары көрініп түр. Онда бір адам түр екен. Маркиз Гальмалоны тани кетті.

XII. Құтқарушы

— Бұл сенбісің, Гальмало?

— Мен ғой, монсеньор. Сіз енді айналмалы тастардың болатынын және бұл бөлмеде жасырын жол бар екенін көріп тұрсыз ғой, ә? Құдайға мың да бір шүкір, кешікпедім, бірақ асыққаныңыз дұрыс. Он минуттан соң қауіпсіз жерден, орман ішінен бір-ақ шығасыз...

— Құтылып кетіңіз, монсеньор! — деп шу ете қалды жұрттың бәрі бірауыздан.

— Алдымен сіздер шығыңыздар, — деп жауап қайтарды маркиз.

— Сіз бірінші болуға тиіссіз, монсеньор, — деді аббат Тюрмо.

— Мен ең соңынан шығамын. — Осыны айтты да, маркиз жігерлі дауыспен сөзін соза түсті: — Пейіл салғастырып керегі не? Ілтипаттасып жатуды жағдай көтермейді: Тездетіп, аман-есен құтылуларыңа бұйырамын. Тез-тез! Орайдан қапы қалмаңыздар... Рахмет, Гальмало.

— Монсеньор, — деп аббат маркизге бұрылды, — демек, біз қоштасамыз да?

— Төменде ме? Әрине қоштасамыз. Тек бір-бірлеп қана қашуға болады.

— Бізге жиналатын орын белгілейсіз бе, монсеньор?

— Әлбетте. Орман ішіндегі алаңқайда, Говэндер тасының жанында. Ол жерді білетін шығарсыздар?

— Білеміз.

— Ертең түсте мен сонда боламын. Жүре алатындарың түгел келіңіздер.

— Келеміз.

— Сонан соң жаңадан соғыс бастаймыз.

Оның бер жағында Гальмало айналмалы тасты орнына қаншалықты оңай қоюға болатынын тексермек болып, аяғымен нұқып қалып еді, тас енді тырп етпей қатты да қалды.

— Монсеньор, тездетіңіз, — деді ол — Тас болар емес, орнынан қозғай алар түрім жоқ. Жолды ашуын ашсам да, қайтып жаба алар емеспін.

Шынында да, айналмалы тас көптен қарап, бос тұрғандықтан білікке жабысып қалған, қозғауға тіпті көнер емес.

— Мен соңыңыздан жолды жауып кетпекші едім. Сонда көктер ешкімді таба алмай, ештеңеге түсінбей, дал болатын, — деді Гальмало. — Әттең, қарғыс атқыр тастың қасарысып қалғаны. Енді аузы ашық тұрған жасырын жолды көріп, соңыңыздан қуғын салулары мүмкін. Еш кідіруге болмайды. Тезірек кеткейсіз.

Иманус Гальмало иығына қолын салды.

— Бұл жолмен орманға шығуға қанша уақыт керек, достым?

— Араларыңда ауыр жаралылар жоқ па? — деп сұрады онан Гальмало.

— Жоқ, — деп жауап қатты Иманус. — Ендеше, ширек сағат-ақ жеткілікті.

— Демек, — деді Иманус, — егер дұшпан мұнда ширек сағаттан соң басып кірсе, онда...

— Қуғын салуларына болады: олар бізді қуып жете алмайды.

— Бірақ қарауымызда ширек сағат та жоқ қой, қырсық шалғанда.

— Бес минуттан соң олар осында болады. Мынау ескі сандық көпке шыдамайды: мылтық дүмімен бірнеше нұқыған соң быт-шыты шығады... Ширек сағат! Сонда оларды ширек сағатқа кім кідіртпек?

— Мен! — деді Иманус.

— Сен бе, Гуан ле-Брюан?

— Иә, мен, монсеньор. Тыңдаңыз. Сіздердің алтауыңыздың бесеуі жараланған. Ал маған сызат та түскен жоқ.

— Маған да, — деді маркиз.

— Сіз бастықсыз, монсеньор, ал мен жай солдатпын. Мұның айырмасы баршылық.

— Иә, оның рас, әрқайсымыздың өз борышымыз бар.

— Жоқ, монсеньор, Гальмало екеуіміздің бір ғана қасиетті борышымыз бар, ол — сізді құтқару. Осы жерге келгенде Иманус қалғандарына бұрылды. — Жолдастар! Дұшпанды кідіртіп, қуғынды мүмкіндігінше кешіктіруіміз керек. Тыңдаңдар. Мен сау-сәлеметпін, бар күшімді сақтап қалдым, бір тамшы қан төккен жоқпын. Жараланған да емеспін, демек, өзгелерден ұзақ жағаласа аламын. Бәрің де кетіңдер, тек маған қаруларыңды қалдырғайсыңдар: атқан оғым зая кетпес. Дұшпанды кем дегенде жарты сағат кідіртерім кәміл Оқтаулы тапаншаларың қанша?

— Төртеу.

— Мына жерге, еденге қойыңдар. Бәрі соның айтқанын істеді.

— Жақсы. Мен қалдым. Олар шер тарқатысар адамын табады. Ал енді тезірек тайғайсыңдар!

Кетіп бара жатқандар Имануспен шала-пұла қол алысып, қоштасты.

— Тез көріскенше! — деді оған маркиз.

— Жоқ, монсеньор. Тез арада көрісе қоймаспыз, тегі, мұнан маған тірі шығу болмас.

Бәрі бірінің соңынан бірі тар сатымен төмен бастады: жаралыларды алға өткізіп жіберді.

Алдыңғылар түсіп бара жатқанда маркиз қалтасындағы қойын кітапшасынан қарындаш алды да, енді орнынан қозғалмай, жасырын жолдың бетін ашық қалдырған айналмалы тасқа бірнеше сөзді нығарлап жазды.

— Жүре беріңіз, монсеньор, ендігі бәрі кетті, — деді Гальмало сатымен түсіп келе жатып.

Маркиз оның соңына ерді. Иманус жалғыз қалды.

XIII. Жендет

Иманус бөлменің тас еденінде жатқан оқтаулы торт тапаншаны бір-бірден екі қолына алып, сандық бөгеп тұрған сатыға шығар жерге бір бүйірлеп жақындады.

Қоршаушылар, тегі жарылыс сияқты оқыс жайтқа немесе алдын ала әдейі қамданылып қойған апаттардың біріне, жеңілгендермен бірге жеңімпаздарды да жер жастандырар апаттардың біріне ұрынудан қорықты. Алғашқы шабуыл қаншалықты үрдіс басталса, екінші шабуыл да соншалықты ыждағатты әрі сақтықпен жүргізілді. Шабуылшылар кіреберісті бөгеп тұрған баррикаданы бірден жоя алмады, бәлкім, өйткісі келмеген де шығар. Олар мылтық дүмімен сандықтың түбін сындырды да, қақпағын найзамен шұрқ тесіп, бөлмеге тәуекелдеп басып кірместен бұрын осы тесіктерден іште не болып жатқанын анықтап көруге тырысты.

Олардың сатыны жарық еткен қолшамдарының сәулесі ішке түсіп тұрған. Сонда Иманус осындай бір тесіктен біреудің сығалап тұрғанын байқап қалды. Ол іле-шала тапанша ұңғысын соған жалт бұрып, шүріппені басып қалды. Тарс етіп оқ атылды да, Иманус біреудің өкірген даусын естіп, мәз болды. Оқ тесіктен сығалаған солдаттың көзінен тиіп, басынан көктей өтіп, анау сатыға етпетінен сұлап түсті.

Сол екі арада қоршаушылар еденнің тап іргесінен сандық қақпағын сындырып, екі жерден оқ атуға қолайлы едәуір саңылау жасады. Иманус дап-дайын осы екі атыс ұясының бірін пайдаланып қалды: ол саңылауға қолын тығып жіберіп, саты үстінде топырлаған солдаттарға екінші тапаншадан бас-көзге қарамай атып жіберді. Оқ серпіле соқса керек, өйткені жараланған үш-төрт адамның ойбайлаған даусы шықты. Сонан соң саты үстінде сұмдық дүрбелең басталып, қашып бара жатқандардың аяқ тырсылы естілді.

Иманус оғы атылған тапаншаларын былай лақтырып тастап, басқа екеуін алды да, екі қолына дайындай ұстап, саңылаудан сығалап қарады.

Ол атқан оғының ойдағыдай эсер еткенін көзімен көріп, масайрап қалды. Дұшпан сатыны тазалай тайып тұрыпты. Жоғарыдан қуалама сатының бұрылысына дейін алғашқы үш-төрт басқыш көрініп түр, әрі оның үстінде жан тәсілімде алас ұрып, жаралылар жатыр. Иманус тағы да күте бастады. "Қайтсе де уақыт ұттым ғой", — деп ойлады ол. Кенеттен ол басқыштармен біреудің еңбектеп келе жатқанын, ал төменіректе, бұрылыстан, біреудің басы қылтиып тұрғанын көріп қалды. Ол осы басты көздей атып жіберді. Біреу шыңғыра, төмен домалап түсті. Иманус еңбектеп келе жатқан адамды атып түсірмек болып, оқтаулы ақырғы тапаншасын сол қолынан оң қолына алды. Бірақ осы сәтте ол іші удай ашып кеткенін сезіп, өзі де баж етті. Қарны қарс жарылған екен. Уысына қылыш ұстаған біреудің қолы, сатымен еңбектеп келе жатқан адамның қолы — сандық қақпағындағы екінші бір саңылаудан Иманустың ішіне қылышын бойлата сұғып жіберді.

Жара жантүршігерлік еді: ішек-қарын ақтарылып түсті.

Иманус құламады. Ол тек тісін қайрай "Қап, әттеген-ай!" деп күбірледі де, теңселе басып, темір есік қасында жанып тұрған алауға сүйретіле жетіп, еденге тапаншасын қойды да, қабырғадан алауды алып, ақтарылып жатқан ішек-қарнын сол қолымен ұстай, оң қолымен алауды еңкейте, тұтанғыш білтеге от қойды.

Білте лап етті. Сол кезде Иманус алауды тастап жіберді де, ол еден үстінде жана бастады. Сонан соң Иманус қайтадан тапаншасына жармасты. Бірақ енді қайтып түрегеле алмайды; ол еденге сылқ құлап, шынтақтай көтеріліп, жанып жатқан білтені ақырғы демімен үрлей бастады.

Жалын білтені бойлай жүгіріп, темір есіктің астына өтіп, көпір үстіндегі қамалға жетті.

Сонда өзінің пасық ниетінің іске асқанын көріп, қылмысын осының алдында ғана істеген сабаздығынан бетер мақтан тұта, өзін жаңа ғана батыр ғып көрсеткен, енді қарапайым қанішерге айналған бұл адам, осынау өлімші хәлдегі кісі, күлімсірегендей болды.

— Олар енді мені ұмыта қоймас! — сыбырлады ол — Мен өз перзентіміз — Тампльде қапаста жатқан короліміз үшін олардың балаларынан кек алдым.

XIV. Иманус та құтылып барады

Осы мезетте сатыр-сұтыр дауыс шықты: күшті екпінмен итерілген сандық есік рамасынан төңкеріле ұшып түсті де, бөлмеге қылыш ұстаған біреу ентелей кірді.

— Бұл мен, Радубпын! Кім маған қарсы — шығыңдар, кәне! Күте-күте күтешегім үзілетін болды. Екі өлім жоқ. Соңымнан жолдастарым келе жатыр ма, жоқ, па, маған бәрібір, сендерден жалғыз өзім де қорықпаймын. Біреудің қарнын жарып та үлгердім. Енді мен баршаңды жекпе-жекке шақырып тұрмын. Нешеусіңдер мұнда?

Расында да, бүл Радуб болатын. Ол жалғыз еді. Иманус саты үстінде топалаң салған соң Говэн әлдеқандай жаңа тосқауылдың боларынан сескенді де, адамдарын шақырып алып, тағы да Симурденмен ақылдаса бастады.

Радуб табалдырықта жалаң қылыш ұстаған күйі, өшіп бара жатқан алау мүлде жарық бермей тұрғандықтан, алакөлеңке жерден қайталап айтты:

— Нешеусіңдер деймін! Шығыңдар бермен!

Ол жауап ала алмай, бөлме ішіне аттады. Өшкелі тұрған алау осы сәтте жарқырай лап етті де, бөлме ішін түгелдей жап-жарық қылып жіберді. Радуб қабырғаға тұтылған кішкентай айналардың бірін байқап қалды. Соған жақындап, құлағы жұлынған, қан-қан жүзіне қарап тұрып:

— Қайткенмен, сәнімді келтірген-ақ екен-ау! — деп күңкілдеді.

Тек сол кезде ғана ол төңірегіне қарап, бөлменің бос екенін көріп, қатты таңырқады.

— Иә, мұнда тірі жан жоқ қой! — деп даусын көтере сөйледі ол.

Кенет ол қабырғадағы саңылау мен жасырын сатыны байқап қалды.

— Ә, түсінікті! Зытқан екен ғой түгел.. Жолдастар, мұнда келіңдер! Бәрің келіңдер! Олар мұнда жоқ! Қашып кетіпті, сытылып беріпті, малғұндар! Мынау жексұрын ескі мұнараның қабырғасында екі тесік бар екен — солар зытып кеткен тесікті таптым... Қандай айлашыл еді, оңбағандар! Ібілістің өзі желеп-жебеп жүр ме дерсің. Тайлы-тұяғы қалмай бәрі зытыпты!...

Күтпеген жерден тапанша тарс етті де, оқ Радубтың шынтағын жалап, қабырғаға барып тиді.

— Е-һе! Мұнда біреу бар екен ғой! Маған мұндай ілтипат көрсеткен кім болды екен, білуге болар ма?

— Мен! — деп жауап қатты біреудің даусы.

Радуб мойнын созып, қараңғыда еден үстінде жатқан құр сүлдерді көрді. Бүл сүлдер бір кездегі Иманус болатын.

— Қолға түстің бе, бәлем! — деп ақырып қалды Радуб. — Қалғандары қашып кетіпті, бірақ сен өйте алмассың енді.

— Солай ма?- деді Иманус.

Радуб оған қарсы жүрді.

— Әй, жамбасың сыңғыр, кімсің өзің?

— Мен жамбастап жатқанмен тік тұрғандарға түкірмеймін де!

— Оң қолыңдағы не?

— Тапанша.

— Сол қолыңдағы ше?

— Ішек-қарным.

— Мен сені тұтқынға аламын.

— Алып көр.

Соны айтты да, Иманус жанып тұрған алауды ақырғы рет үрлеп қалып, жантәсілім етті.

Бірнеше минуттан соң Говэн мен басқалары түгелдей залға кірді. Олар қабырғадағы аузы ашық жолды көрді, оны о жақ, бұ жағынан қарады - саты сайға шығады екен. Қоршаудағылардың осы жолмен қашып кеткеніне иненің жасуындай да күмән қалмады. Иманусты қозғап көріп еді, өліп қалыпты. Говэн қолындағы қолшамымен айналмалы тасқа келді. Бүл тас туралы ол неше түрлі әңгімені бұрын де естіген, бірақ басқалар сияқты ол да мұның бәрін жай аңыз деп санайтын. Ол тасты айнала қарап тұрып, оған қарындашпен бірдеңе жазылғанын көрді. Шамды жазуға жақындата ұстап, мынаны оқып шықты:

— "Көріскенше, виконт мырза.

— Лантенак".

Говэннің қасына Гешан келді. Тегі, қуғын салудан пайда жоқ еді: қашқындар кеткеннен бері көп уақыт өтіпті, сондықтан олар ендігі алыста болатын. Оларды қуып жетуге ешбір мүмкіндік жоқ, бүкіл ел: бұта-тал, сай-сала, жыңғыл орман, тұрғындар — бәр-бәрі солардың жағында. Фужер орманы тұтас тосқауыл.. Не істеу керек? Бәрін қайта бастауға тура келмек. Говэн мен Гешан қинала өкініп, болашаққа жоспар құрысты. Симурден ләм-мим деместен, түнерген күйі тыңдап тұра берді.

— Гешан, айтпақшы, құтқарма саты қайда? — деп сұрады Говэн.

— Сатыны әкелген жоқ, командир.

— Қалайша? Біз күзет ерткен жүк арбаны көріп едік қой.

— Онымен әкелінген болмай шықты.

— Енді не екен?

— Гильотина, — деді Симурден.

XV. Кілтті сағатпен бірге қалтаға салмаған жөн

Маркиз де-Лантенак жаулары ойлағандай алыста емес-тұғын. Сонда да ол мүлде қауіпсіз жерде еді, өйткені оны табуға болмайтын.

Ол Гальмалоға ілесе шыққан.

Олар басқа қашқындарға еріп, түсіп келе жатқан жасырын саты ор ішінде көпір арқалығының дәл астында күмбезденген тар өткел болып бітетін. Ол бір шеті орға шығып, екінші шеті орманға тірелетін терең де шырғалаң, табиғи жыраға апаратын. Бұл жылғаға шөп пен бұтаның қалың өскені сонша, ол тосын көзден мүлде таса болатын: онда жасырынған адамды тауып алу мүмкін емес-ті. Қашқын орманға дейін бірнеше қадам жерді еңбектеп өтуге тиіс, сонда ол жау қолына түспейтін.

Күмбезденген өткелден шыға беріс тікенек бұтамен жақсы қалқаланып тұрғандықтан, құрылысшылар оны қандай да бір басқаша тәсілмен көлегейлеп жатуды артық санаса керек.

Енді маркизге орманға жасырыну ғана қалды. Оған костюмін өзгертуге әуре болудың қажеті жоқ-ты. Ол Бретаньға келісімен қандай костюммен жүрсе де мырза күйінде қаламын деп пайымдап, шаруа көйлегін шешпей қойған. Ол сапысын портупеясымен бірге ағытып, бұта арасына лақтырумен ғана шектелді.

Гальмаломен екеуі жылғаға шыққанда онда қашқындардан ешкім жоқ екен.

— Байқап тұрсам, тарландар тайып тұруға асыққан тәрізді-ау, — деп тұспалдай сөйледі Гальмало.

— Сенің де солай етуіңе ақыл қосамын, — деді оған маркиз.

— Сіз маған өзіңізді жалғыз тастап кетуге бұйырмақсыз ба, монсеньор?

— Әлбетте. Бір-бірлеп қана құтылуға болады дедім ғой. Бір адам өтетін жерден екі адам, бәлкім, өте алмай жүрер. Екеулеп жүрсек, жұрттың назарын аударып алармыз. Сенің кесіріңнен мені, менің кесірімнен сені ұстап алулары мүмкін.

— Монсеньорға бүл өңір жақсы таныс па?

— Таныс болғанда қандай!

Ал жиналар орын ше? Бұрынғы шешіміңізді өзгерткен жоқсыз ба? Сол Говэндер тасының қасында ғой?

— Иә, ертең тал түсте.

— Мен келемін. Бәріміз де келеміз. — Гальмало үндемей қалды да, жұлып алғандай басқа сарынмен сөйлей жөнелді. — Әттеген-ай, монсеньор, есіңізде ме, екеуміз ашық теңізде болғанда сізді қожайыным екеніңізді білместен өлтірмек болдым-ау, ә? Ал сіз ғой мұны маған айта алатын едіңіз, бірақ айтпадыңыз... Қандай тамаша адам едіңіз?

— Иә, Англия, бір ғана Англия, — деп күбірледі маркиз. — Басқа жол жоқ. Екі аптадан соң ағылшындар Францияда болуға тиіс.

— Мен монсеньорге әлі есеп беріп үлгермеппін ғой, — деді Гальмало. — Тапсырмаларыңызды түгел орындадым.

— Бұл жайында ертең сөйлесерміз.

— Құп болады. Ертеңге дейін қош-сау болыңыз, монсеньор.

— Тоқтай тұр. Сен, бәлкім, аш шығарсың?

— Аш бол сам, аш та шығармын, монсеньор. Кешігіп қалам ба деп қорыққаным сонша, бүгін тамақ ішкен-ішпегенімді өзім де білмеймін.

Маркиз қалтасынан бір тақта шоколад алып, екіге бөлді де, бір жартысын Гальмалоға беріп, екінші жартысын өзі жей бастады.

— Ұмыта көрмеңіз, монсеньор: оң жақта — ор, сол жақта — орманға шығатын жол, — деді Гальмало.

— Жақсы. Енді қош, бара бер.

Гальмало екі айттырмады. Бір минуттан соң ол қараңғылыққа сүңгіп, жоқ болды. Жан-жаққа ысырылған бұтақ сыбдыры ғана естіліп тұрды, сонан соң тым-тырыс бола қалды. Бірнеше секунд өтпей-ақ оның басқан ізін ешкім таба алмайтын. Жер-жерін жыра-сай қазғылап тастаған ну тоғай жапқан Бретаньның бұл жағы — орманды бөлігінің қашқындарға осыншама қолайлы баспана саналатыны да тіпті тегін емес. Мұнда адам көзден бірте-бірте тасаланбай, лезде ғайып болатын. Тап осындай із шалдырмас қалың жыныс үнемі сытылып кетіп жүрген Вандея алдында, жым-жылас жоқ болып, жұрттың зәре-құтын қашырып келген осынау дұшпан алдында әскерлерімізді талай рет кідіртіп, тұсап тастайтын.

Маркиз кетуге асықпады. Ол жаңа ғана қан иісін иіскеп, соңғы екі сағат ішінде қыруар жайтты бастан кешкен соң саф ауамен еркін дем алып, қуанышты толқу сезімге бөленді.

Өзін құрыдым деп санай отырып, құтылып кету, моланың шетіне таяп барып, қаннен-қаперсіз жайбарақат хәлге келу, ажалдан аман қалып, өмірге қайта оралу — бұл тіпті Лантенак сынды адам үшін де жүйке қозғарлық нәрсе еді. Бірақ ол бойын билеген толқу сезімін тез басты.

Ол қалтасынан сағатын алып, тілін қоңырауға туралады. Сағат небары он бір рет сыңғырлап, оны қатты таңырқатты. Демек, сағат сегізде басталған қоршау онға таяу бітіпті. Осынау үрейлі оқиғалардың бәрі тек болғаны жүз жиырма минутқа созылыпты-ау.

Шынын айтсақ, бұған керісінше басқа нәрсеге: осынау ат төбеліндей аз ғана топтың тұтас армияға қарсы осыншама ұзақ тайталасқанына таңданған жөн болатын. Егер осы тұрғыдан қарасақ, он тоғыз адамның торт мың адамға қарсы бүл күресі қысқа болды деудің реті жоқ-ақ.

Маркиз ақыры кетер уақыты болғанын есіне алды. Гальмало ендігі алыста болатын және мұнан былай аялдаудың жөні жоқ-ты. Ол сағатын бұрыннан жатқан қалтасынан басқа қалтасына салды, өйткені алғашқы қалтасында қамалды қарап шыққан соң өзіне Иманус берген темір есіктің кілті жатқанын байқады, кілттің сағат әйнегін сындырып жіберуі мүмкін еді. Ол алға бірнеше аттап, солға, орман жаққа бұрыла бергенде кенет оған төбесінде тұтасқан жапырақ арасынан сырттан біртүрлі жарық түскендей болды. Ол артына қарап, енді қызғылт аспан аясынан айқын аңғарылып тұрған қалың бұтақ арасынан, от ішінен алау көрді. Солай қарай бұрыла беріп, үстіне жарық түсе қалса, өзінің көзге оңай ілігерін ойлап, тез іркілді: ешбір қажетсіз өзін қауіп-қатерге байлаудың жөні жоқ-тұғын. Сонда ол өзіне тағы да Гальмало нұсқаған бағытпен кетті.

Ол бұтақ тасасынан көрінбей, орманға жақындай бере, кенет үстінен, сірә, орға ойысқан жардың дәл жиегінен шыққандай өзек өртер бір дауыс естілді.

Ол басын көтеріп, тоқтай қалды.

Бесінші кітап

ХАЙУАН ТҰРПАТЫНДАҒЫ АДАМ

I. Табылды да қайта жоғалды

Мишель Флешар батып бара жатқан күннің алтын шапағына шомылған мұнараны көргенде одан әлі жарты милядай жерде еді, бірақ бүл оны қаймықтыра алмады. Әйелдер әлсіз болса да, аналар әлді. Мишель Флешар алған бетімен жүре берді.

Күн батты. Ымырт жабылып, ұзамай қараңғы түсті. Ол жолшыбай аулақтағы бір қоңырау мұнарасында сағаттың сегіз рет, сонан соң тоғыз рет соққанын естіді. Кей кездері ол тоқтай қалып, мұнара жақтан түннің көмескі әуенімен ұласа талықси жеткен күмбірлеген қоңырау даусына құлақ тігеді.

Ол қанталаған аяғымен ой-шұңқырды, итмұрын тікенегін басып, алға қарай ентелей берді. Шалғайдағы мұнараның атыс ұяларынан жылтылдаған жарықты бетке ұстай жүрді.

Мишель Флешар келе жатқан жалпақ қыратта бұта мен шалғын қаулай өскен. Төңіректе ағаш та, баспана да көзге түспейді. Қырат елеусіз тауға өрмелейтін де, алдыңғы жақтан, алыстан, жұлдыз жайылған көкжиектен ұп-ұзын түп-түзу бір сызатпен ажырап кететін. Мишельдің қарсы алдында өзін менмұндалап шақырған мұнара болмаса, оның бүл асудан өтер-өтпесі екіталай еді. Әлгі мұнара бірте-бірте зорая түсті.

Мұнарадағы көмескі тартқан жарық пен күмбірлеген қоңырау-сағат даусына ауық-ауық тас қараңғылық пен меңіреу тыныштық ұласып, зар илеген байғұс ананың үрейін әбден ұшырды.

Ойда-жоқта бәрі де жым-жырт болды: жарық өшіп, дыбыс тына қалды. Айнала құлаққа ұрған танадай, мылқау саябыр тапты.

Осы кезде Мишель Флешар қырат шетіне жетіп еді. Оның аяқ астында op жатты, түбі күлгін түн қараңғылығына көмілген. Ол шеткеректе өрі сәл жоғарыда доңғалақ үстінде қараңдаған қайдағы бір сорайған заттардың тізіліп тұрғанын көрді (бұл республикашыл батареяның зеңбіректері еді); ал оның тап қарсысында осы батареяның жанып тұрған білтелерінен әлсіз жарық түскен тұнжыраңқы әрі қарауытқан шомбал қамал зәулімденеді. Қамал астында биік арқалықтарға орнатылған көпір бар-ды, сол көпір мен қамалдың ар жағында, соларға жабыса қалқиған бір дөңгелек үй тұр. Мұның өзі байғұс ана іздеу сала, арып-ашып, осыншама миля жер жүріп келген мұнара болатын.

Мұнара терезелерінен әлдекімдердің көлеңкесі ербеңдейді және естіліп тұрған гу-гу дауысқа қарағанда, ішінде көп адам барға ұқсайды.

Мишель Флешар жардың дәл жиегінде, көпірге жақын тұрғаны сондай, қолын созса жететіндей. Оны көпір мен қамалдан бөліп тұрған терең ор ғана.

Бұл жерде қанша тұрып қалғанын өзі де білмейді. Тағы бөгет, тағы кедергі!.. Аяқ астында қара мақпалданып жатқан мынау ордан қайтіп өтпек? Мынау неткен қамал? Неліктен осыншама тұнжыр? Ішінде не болып жатыр? Тург емес пе осы? Зарыға күттірген буалдыр үміттен басы айналып кеткендей болды. Бүл сезімде бір сұмдықты тосқан секем де, көл-көсір қуаныш та бар еді.

Айнала көз сала, тың тыңдап тұра берді.

Күтпеген жерден көпір мен қамал көз алдынан ғайып боп кете барды. Екі арада қалың бұлт қаптай шөгіп, ол ащы түтіннен көзін жұмды. Көзін қайта ашқанда төңірегінде енді түн емес, жап-жарық күндіз еді, бірақ күн көзі емес, ызғарлы суыт сәуле жайнап тұрды. Одан қарға адым жерде лапылдап өрт шыға бастады.

От біресе сыртқа өрмелеп, біресе түтінге көміліп, найзағайша әлде аждаһаша жүйткіп, мың бұрала сумаң қағады.

Ұйтқып тұрған көмей сияқты ашық терезеден жалын тілі сүйреңдейді.

Мишель Флешар бұған таң қалып, таңырқай қарап, осы көріп тұрғанымның бәрі өңім бе, түсім бе деп, өз-өзінен сұрағандай. Енді не істемек? Қашпақ па? Қалмақ па?

Жел екпіні бір сәт түтін пердені қақ айырып, жалаңаштанып қалған ызбарлы қамал тұтасымен, өзінің көпірімен, қамалымен және өрттің алтын зері шашақтаған самаладай жарық, сұсты мұнарасымен қоса әлгі жарықта көз алдынан сылаң етті. Осынау суыт сәуле түскенде Мишель Флешар бәрін тәптіштей көріп алды.

Көпір үстінде тұрған қамалдың төменгі қабаты жанып жатыр. Одан биікте әлі жалын шарпи қоймаған жоғарғы екі қабаты от оранған себет ішінде тұрғандай қарайып көрінеді. Мишель Флешар тұрған ордың жиегінен жалын түтінді жауып кеткен сәттерде бөлменің ішін көруге болатын. Терезелердің бәрі ашып тасталған.

Екінші қабаттың үлкен терезелерінен қабырғаның он бойында тұрған кітап толы әйнек шкафтар көрінеді, ал бір терезенің алдында, еденде үлкен ұяға не кішкентай аңның шақасына ұқсас бірдеңе шоқиып жатыр. Бүл шоқы Мишельге тіпті қимылдап қоятындай көрінді.

Ол шұқшия қарады. Бүл не болуы мүмкін? "Бәлкім, шынында да тірі жан шығар?" деген ой келді оған. Тұла бойы қалшылдап кетті: дем алмастан күні бойы жүріп, таңертеңнен нәр татпаған соң әбден қалжырап, діңкесі құрыған. Ол сандырақтай бастағанын сезді де, өз-өзіне сенбеді. Сонда да болса үйдің жанып жатқан бөлігінің дәл үстіндегі бөлмеде паркет үстінде қарауытқан беймәлім заттан көзін әкете алмады.

Кенет от, сана біткендей, қызыл тілдерінің бірін сумаң еткізді де, Мишель Флешар қарап тұрған қамалдың фасадын жапқан қураған шырмауық бұтағын жалап өтті. Жалын жаңа қорек тауып, тарпа бас салды. Ол шырмауықтың желбіршектерін уыстай бүріп, сабақты бойлай зыта жөнелді. Әп-сәтте үстіңгі қабатқа жетіп, жоғарыдан екінші қабаттың ішін жап-жарық етті. Жарық еден үстінде бұйығып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан үш бөбекке нұрын шашты. Үшеуі бір-біріне тығыла түсіп, аяқ-қолдары шатысып, жайбарақат ұйықтап жатыр. Сүйкімді үш балдырған көздері жұмулы, түсінде күлімсіреп қояды.

Шешесі балаларын тани кетті. Аузынан жан ұшыра айғай шықты — мұның өзі ананың аузынан шығар тіл жеткісіз қасірет буған айғай еді.

Мишель Флешардың аузынан еріксіз шыққан айғай шынында айғайдан гөрі ұлыған дауысқа ұқсап кетті.

Маркиз де-Лантенактың естігені де осы дауыс-ты.

Бізге мәлім, ол кілт тоқтады.

Бүл кезде ол өзін Гальмало алып шыққан жасырын жол мен ордың екі аралығында болатын. Төбеде ұйысқан бұтақ арасынан отқа бөленген көпір мен өрт жалыны алау түсірген мұнара көрініп тұр. Ол анығырақ көрмек болып бұтақты ысырып жіберді. Жоғарыда, жар қабақта, ордың арғы бетінде жанып жатқан қамалдың тап қарсы алдында үстіне от жарығы түскен, жүзін үрей билеп, орға еңкейіп тұрған әйелді көрді. Айғайлаған, тегі, осы әйел болса керек.

Үсті-үстіне қарғыс жаудырған бет-аузы, кескін-келбеті қайғы мен кекті ыза танытқандай. Жас бұлаған көзі ұшқын атып, жанарымен жанған өртке жалбарына, өмір өте, сес көрсете қарап түр.

Маркиз тыңдай қалды. Оған жоғарыдан айғай да, ойбай да, өксік те кесектей жауып жатыр: оған құйқа шашты шымырлатар бірдеңе естіліп түр — мұның өзі сөзден гөрі зарға ұқсаңқырайтын:

— О, жасаған! Балапандарым! Бүл менің балаларым ғой. Көмектесіңдер! Өртенді ғой енді! Өртенді ғой! Малғұнсыңдар ма өздерің, кімсіңдер? Бұл жерде шынымен ешкім жоқ па?.. Балаларым өртенді-ау... О, тоба, бүл неткен сұмдық! Жоржетта! Балақайларым менің. Гро-Ален, Рене-Жан!.. Уа, қу құдай, не боп барады өзі?

Балаларымды кім мұнда қамаған? Өздері әлі ұйықтап жатыр, құлындарым-ай... Ойпырым-ай, жынданатын болдым ғой... Жоқ, жоқ, олар жанып кетпейді, мүмкін емес мұнысы! Көмектесіңдер!

Сол екі арада мұнара мен қыратта адам айтып жеткізгісіз әбігер болып жатты. Өрт басталғанын көріп, бүкіл лагерь жинала қалды. Жаңа ғана картечьпен істес болған қоршаушыларға енді өртпен күресуге тура келді. Говэн, Симурден және Гешан асығыс бұйрық беріп жатты. Бірақ бүл арада не істерсің? Немен көмектесерсің? Ор ішінде ағып жатқан тайыз бастаудан бірнеше шелек су ала да алмайсың. Жаппай әбігерлік пен үрей күшейе түсті. Зәресі ұшқан жүздері құп-қу, өртке дәрменсіз қарап тұрған адамдар жар басына қаптап кетті.

Көрініс расында да үрейлі еді. Жалын төменнен тұтанған шырмауықты бойлай үстіңгі қабатқа зулап жетті. Онда сабан толы шатыр ішінде, ол қыруар қорекке кезігіп, сұғанақтана бас салды. Енді шатыр түгел жанып жатты. От билеп, от мәз-мейрам болды. Жалынның желіккені қорқынышты. Осынау алауды әлдекім қасақана, залымдықпен үрлеп, өршітіп тұрғандай. Кәрін шашқан Иманустың өзі құйындаған от ұшқынындай аласұрып, өлім сепкіш жебір отша тіршілік кешіп жүргендей. Хайуан іспеттес бұл адамның сұмпайы жаны тәнінен ажырап, өрт боп шалқып жүрген секілді. Кітапхана бар ортаңғы қабатты өрт өлі шала қойған жоқ. Оның от оранар сәтін биік төбе мен қалың қабырға кідірте түскендей. Бірақ бұл сәт те таяп қалды: сумаңдаған Қызыл тіл оны жоғары-төменнен жалай бастады. Төменде — лава балқыған қазан, жоғарыда — лапылдаған алау: шағыр жанса, кітапхана қып-қызыл шоқ астында қалғалы тұр; еден жанса, бәрі қайнап жатқан қазан іші қопарылып түспек.

Рене-Жан, Гро-Ален және Жоржетта әлі оянған жоқ: олар балалық шаққа тән бейқам, шырт ұйқыда жатыр. Біресе кітапхана терезесін жалап кетіп, біресе оны ашық қалдырып тұрған түтін мен от тасқыны арасынан олардың үшеуін де көруге болатын. Олар қамсыз, мүләйім күйінде, аяқ-қолын жайып тастап, маздаған өрт жарығына шомылып, осынау жалын атқан үңгірде әлі ұйықтап жатыр. Енді ғана өмірге аяқ басқан бүл балғын жандарды, балапандай сәбилерді ажал құшағынан көргенде арыстан екеш арыстан да көз жасын көл етер еді.

— Өртенді ғой, өртенді ғой енді! Көмектесіңдер, жарандар! — деп қолын сындыра жалбарынады байғұс ана. Ешкім барар емес. — О, құдай тағала! Бәрің тас саңырау болып қалдыңдар ма, бұл не? Естіп тұрмысыңдар, ойбай-ау, балаларым өртенетін болды ғой. Сендер мұнда көпсіңдер, барсаңшы біреуің! Қаншама күн кезіп, түн кезіп тауып едім, міне, енді көрмес көзім не көріп түр! Не үшін бүл? Не үшін? Бейкүнә сәбилер емес пе бұлар? Не істепті соншама? Не жазыпты?.. Мені атып кетті, оларды өртеп жібермек. Кім мұны істеп жүрген?.. Көмектессеңдерші! Құтқарсаңдаршы қарашықтарымды! Неғып мені естімей тұрсыңдар?.. Ит екеш ит те аяйды емес пе?.. Айналайындарым, шыбындарым менің! Әне, ұйықтап жатыр әлі... Жоржетта, қызым менің, қызғалдағым менің! Тіпті тыржалаңаш ұйықтап жатыр, томпайған қарнын қарашы. Рене-Жан! Гро-Ален! Балапандарым менің... Мен солардың шешесімін ғой, аты-жөндерін білемін. Солардың шешесі екенімді енді көріп тұрсыңдар ғой... О, жасаған, не боп жатыр жарық дүниеде?.. Мен бейбақ соларды іздеп келдім, күн демей, түн демей жүріп келем, жүріп келем. Бүгін таңертең бір әйелге балаларымды іздеп жүргенімді айтқам... Көмектесіңдер! Көмектессеңдерші! Жексұрындар! Малғұндар! Анау жерде балалар өртеніп барады ғой?! Үлкені беске енді қарады, кішкентайы екіге де толған жоқ. Шыбынтайларым менің! Рақаттанып ұйықтауларын қарашы! Міне, мына жерден аяқтарын көріп тұрмын. Түк білместен ұйықтап жатқандары... Жоқ, сендер жанып кетпейсіңдер, бөбектерім!.. Сендерді мен сол үшін өсіріппін бе, сол үшін ақ сүтімді емізіппін бе, сендерді сол үшін іздеп, осынша жер кезіппін бе?.. Менен сендерді тартып әкеткенде "неткен бақытсыз жанмын!" деп ойлап едім... Уа, жарандар, аясаңдаршы мені! Әперіңдер балаларымды! Оларсыз қайтіп тірі жүрмекпін... Бәлкім, бүл сандырақ шығар?.. Жо-жоқ, олар анау жерде, от ішінде, көріп тұрмын... Көмектессеңдерші! Хайуан болмай, адам болсаңдар, бөбектерімді мұндай ажалға қия алмассыңдар. Баланы тірілей отқа тастағанды кім көріпті? Бұл сұрқия үйге оларды қамаған кім? Қарақшы өңшең! Баланы ұрлап әкетіп, өлтіру деген не сұмдық!.. Мейірімді Ғайса, бер маған балаларымды! Ойпырым-ай, не істедім енді? Олар өлсе, күнім не болмақ? Олардың бұлайша азаппен өлерін білсем, құдай тағаланың өзін құртар едім... Көмектесіңдер! Көмектессеңдерші!

Шешесі жалбарына жылап тұрғанда қырат пен сай ішінде әр жерден дауыс естіліп жатты:

— Саты керек!

— Саты жоқ!

— Су керек!

— Су жоқ.

— Онда, мұнара ішінде үшінші қабатта есік бар.

— Ол темірден жасалған.

— Бұзу керек!

— Бұзу мүмкін емес.

Ал байғұс шеше дауыс сала, сыңсиды.

— Өрт! Өрт! Көмектесіңдер! Тезірек! Құтқара көріңдер балақайларымды, әйтпесе мені де қоса өлтіріңдер! Көгершіндерім менің! Балапандарым!.. От қаулап барады... Оларды өрттен алып шығыңдар, әйтпесе мені тастаңдар отқа!..

Өксік буған осы айғайдың ара-арасында өрттің жайбарақат біркелкі ысылдай жанып жатқан дыбысы естіледі.

Маркиз қолын қалтасына салып, темір есіктің кілтін ұстап көрді де, өзі қашып шыққан жер астындағы жол үңгіріне еңкейіп қайта кірді.

II. Тас есіктен — темір есікке

Бір қарекет жасауға амалы құрып, абыр-сабыр болған тұтас бір армия, үш баланы құтқаруға дәрмені жетпей торығып тұрған төрт мың адам - істің жайы, міне, осындай еді.

Саты шынында да жоқ болатын: Жавеньеден жіберілген саты нысаналы жеріне жете алмады. Сол екі арада өрт аузы ашылған кратерден аққан лавадай жайылып бара жатты. Оны кеуіп қалған жылғадан су әкеліп сөндірем деу бос әурешілік болатын, мұның өзі бір тостаған су шашып, атқылап жатқан жанартауды өшірем деумен бірдей.

Симурден, Гешан, Радуб үшеуі сайға түсті. Говэн мұнараның үшінші қабатындағы айналмалы тас көлегейлеп тұрған жасырын жолымен кітапханаға шығатын темір есігі бар залға кірді. Күкірт сіңірілген Иманус тұтатып кеткен білте де сонда болатын; өрт те сол жерден басталған.

Говэн соңына жиырма сапер ертті. Ендігі қалған бір-ақ айла — темір есікті бұзу: оны ашу мүмкін емес.

Балталап көріп еді — балталар бірінен соң бірі сынып қала берді.

— Мына темірге ешқандай болат өтпейді екен, — деді саперлердің бірі.

Расында да, бұл былқ етпейтін есік-тұғын. Тұтас сом темірден жасалған әрі әрқайсысының қалыңдығы үш дюйм болатын қос-қос болтпен бекітіп тасталған.

Темір сүймендерді тұтқа сияқты салып көріп еді, морт сынды. Говэн түнере ойға шомып:

— Бұл есікті зеңбірек ядросымен ғана қиратуға болар. Зеңбіректі әкелсек пе екен? — деп күбірледі.

— Зеңбіректен де ештеңе өнбейді, — деп үн қатты әлгі сапер.

Жұрт өзінің дәрменсіздігін көріп, түгел тұнжырап, салы суға кетті. Жеңілгенін сезіп, қапаланып, қырсық шалған есікке үн-түнсіз қарай қалған. Есік астынан қызыл белдеу — оттың жалқын сәулесі көрінеді: арғы жағында өрт өршіп, үдей түсуде. Қасында Иманустың сестиген, масайраған сұрқия өлігі жатыр.

Енді бірнеше минуттан соң бәрінің күлі көкке ұшпақ. Не істеуге болады?.. Үміттің ұшығы да қалмады. Жасырын жол іргесінде ысырулы тұрған тасқа қарап, Говэн үміті кесілгендей, дауыстай сөйледі:

— Ал оның бер жағында мына жолмен маркиз де-Лантенак кеткен еді-ау!

— Әрі тап осы жолмен қайтып келе жатыр, — деген дауыс естілді.

Жер астындағы жолдың тас үңгірінен біреудің аппақ қудай басы көрінді. Бүл маркиз еді.

Говэннің оны көрмегеніне коп жыл болған: ол еріксіз кейін шегінді. Қалғандарының бәрі орын-орнында мелшиіп қалды.

Маркиздің қолында үлкен кілт. Ол ызбарлы көзқарасымен жолында тұрған бірнеше адамды ығыстыра, қасынан өтті де, темір есікке барып еңкейіп, құлыпқа кілт салды. Құлып сықыр етіп, есік ашылды да, іштен лапылдаған жалын көрінді. Маркиз осынау жалын атқан теңізге қойып кетті — басын тәкаппарлана, жоғары ұстап, нық адыммен кірді.

Жұрттың бәрі оған сұқтана қарай қалған.

Бірақ оның жанып жатқан бөлме ішінде бірнеше қадам аттауы мұң екен, өрт кемірген еден арт жағынан құлап түсіп, оны артқы есіктен от шыңырау арқылы бөліп тастады. Ол бұған мойнын да бұрмастан, ілгері жүре берді. Ә дегенше түтінге кіріп, жоқ болды да, ештеңе көрінбей кетті.

Ол әрмен өте алды ма? Еден тағы бір опырылып, оны өзімен бірге әкеткен жоқ па? Шынымен оның өзін-өзі босқа құртқаны ма? Бұған ешкім жауап бере алмайтын. Түтін мен от қаулаған тұтас қабырға ғана көрінеді. Өлі-тірісі белгісіз маркиз сол қабырғаның ар жағында қалды.

III. Балалар ояна бастады

Балалар ақыры ұйқысын ашты. Қамалдың екінші қабатын өрт әлі шала қоймаған, кітапхана төбесінде қызыл жалын ойнап түр. Балалар мұндай ғажайып таңды ешқашан көрген емес. Оған үшеуі бірдей шаттана қарай қалды.

Өрт самаладай боп, маздай жанып жатыр. Шалықтаған қызғылт жалын, қошқыл түтін арасынан біресе қара албасты, біресе қызыл айдаһар елестегендей. Жарқырай жанған ұзын ағаш шоқтары қараңғылықты қақ айыра аспанға атылып жатыр: ойнақшыған құйрықты жұлдыздар бірін-бірі қуалап жүргендей. От ысырапшыл, ол қазынасын желге құшақ-құшақ шашады. Үшінші қабат қабырғасының кей жерлері түгел жанып кеткен де, пайда болған қуыс-тесікке жалын асыл тастарын уыстай лақтырып жатыр; шатырда жанып жатқан сұлы мен сабан терезелерге алтын жаңбырдай селдете құйылады: сұлы — меруертке, сабан сабағы лағылға айналған.

— Қандай әсем! — деді Жоржетта.

Үшеуі бірдей бастарын көтеріп, мойындарын соза түсті.

— Әне, олар ояна бастады! — деп шыңғырып жіберді шешесі.

Рене-Жан ұшып түрегелді; оған ілесе Гро-Ален, Гро-Аленге ілесе Жоржетта ұшып тұрды. Рене-Жан бойын жаза керіліп, терезеге келді.

—Кандай ыстық! — деді ол.

— Ыстық, — деп қайталады Жоржетта. Шешесі олардың атын атай бастады:

— Балақандарым! Рене! Ален! Жоржетта!

Балалар кімнің шақырып жатқанын түсінбек болып, айнала қарасты. Ересек адам қорқар нәрсеге бала тек таңырқайды ғой, ал оңай таңырқайтын адам оңай қорқа қоймайды: бейхабарлық қорқынышты білмейді.

Шешесі тағы шақырды:

— Рене! Ален! Жоржетта!

Рене-Жан дауыс шыққан жаққа жалт бұрылды. Балалар жылдам ұмытады, бірақ тез еске алады: өткен шақтың бәрі оларға кешегі күндей. Рене-Жан шешесін көрсе де, мұнан таңырқарлықтай ештеңе таппады, тек үйреншіксіз мынау жағдайда өзіне бір сүйеніштің керек екенін іштей сезгендей:

— Мама! — деп қалды.

— Мама! — деп қайталады оған ілесе Гро-Ален.

— Мама! — деп былдырлады да, Жоржетта анасына кішкентай қолдарын соза тұра ұмтылды.

— Қарашықтарым! — деп аһ ұрды ана.

Балалар терезеге жабысты: бақытқа қарай, өрт бүл жақтан оны әлі шарпып үлгермеген болатын.

— Ыстықтап кеттім, — деді Рене-Жан. Ол ойланып қалып: — Жанып жатыр! — деді тағы да. Сонан соң шешесін көзімен іздеп тауып: — Мұнда кел, мама! — деп айғайлады.

— Мұнда кел, мама! — деп қайталады Жоржетта.

Есі қалмаған, үсті-басы дал-дұл, аяғы қанталап кеткен бей шара әйел бұтадан-бұтаға жармасып, өйтіп-бүйтіп орға сырғанап түсті. Гешан мен Симурден де осында болатын. Төменде тұрған олар да жоғарыда тұрған Говэндей дәрменсіз еді. Олардың төңірегіне солдаттар жиылып қалған. Өздерінің пайдасыздығын сезіп, ұнжырғасы түсіп, үн-түнсіз ошарылып тұр.

Ыстық адам төзгісіз болатын, бірақ мұны ешкім байқар емес. Бәрі қайтсе де шұғыл қимыл жасаудың қажеттігін іштей сезіп, жанып жатқан қамалға, көпірдің биік арқалықтарына, бой жетпес терезелерге шошына қарап, опынып тұр.

Үш қабат жанып жатыр, ал оған жетердей лаж қалмапты...

Иығын қылыш кескен, бір құлағы жұлынған, бет-аузы терге малшынып, қанға боялған Радуб Гешанның қасына жүгіріп келді. Кенет ол Мишель Флешарды көзі шалып қалды.

— Міне, керемет! — деп саңқ етті ол еріксіз. — Атылған әйел тіріліпті деген осы да!

— Балаларым! — деп тілге әзер келді әйел

— Расы-рас, — деді Радуб. — О дүниеден келгендермен сөйлесіп жатуға шама жоқ.

Соны айтты да ол көпірге тырмысып шыға бастады. Бұл әрекеттен ештеңе өнбеді. Ол тасқа тырнағын батырып, жоғары қарай бірнеше сүйем өрмеледі: бірақ тіреуіштері жып-жылтыр, жылмағай болатын — ешқандай жарық сызаты, кедір-бұдыры жоқ; тастар бір-біріне шебер қиюластырылыпты. Радуб қолы тайып, құлап түсті.

Өрт болса, өршеленіп барады. Қызғылт нұрға бөленген терезе алдынан үш баланың ағараңдаған басы көрінеді. Радуб соларды көріп қалды. Сол кезде ол жүзін аспанға қаратып, жұдырығын түйе:

—Осы ма сенің әділдігің, жасаған! — деді кіжіне, ызаға булығып.

Ана тізерлей қалып, көпір тіреуішіне жармасып:

— Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! — деп ойбайлап жатыр. Жанған ағаш шытыры оттың ысылдаған дыбысымен аралас шығады. Кітапханада шкафтар әйнектері шалдырлай сынып, еденге құлай бастады. Апаттың таяп қалғаны айдан анық. Апат бетін еш пенде қайтара алмастай. Енді бірер минуттан соң бәрі опырылып түспек. Жұрт қыбыр етпестен осы сәтті ғана шошына тосып түр. "Мама! Мама!" деп айғайлаған жіңішке дауыстар ғана үзіле естіледі. Үрей шырқау шегіне жетті.

Кенет балалар тұрған терезе жанында, алқызыл өрт жалынында біреудің биік тұлғасы көрінді.

Бас біткен жоғары қарап, көз біткен сол терезеге тесіле қалды. Ол жерде, жоғарыда, кітапхана залында біреу — ересек біреу жүр екен. Ол керемет ептілікпен осынау тамұққа кіріп кетіпті. Тұлғасы қызғылт жалын ішінде қарауыта көрініп түр; шашы аппақ қудай. Онан маркиз де-Лантенакты тану қиын емес-тұғын.

Ол бір сәт көзден тасаланып, көп ұзамай қайта көрінді. Сұсты қарт бүл жолы қолына ұзын саты ұстаған. Мұның өзі қабырға іргесінде жатқан құтқарма саты болатын. Ол сатыны терезенің қасына сүйреп апарып, бір шетінен алды да, екінші шетін өте ептілікпен әрі күшене көтеріп, терезеге тығып жіберді, сөйтіп, ақырындап орға түсіре бастады. Төменде тұрған Радуб қуанышын қайда қоярға білмей, қолын соза сатыны қағып алып, құшақтаған күйі:

— Жасасын республика! —деп айғайлап жіберді.

—Жасасын король! — деп үн қатты маркиз.

— Қалағаныңды айғайла, қалағаныңды көкі, мен сонда да сені құдай тағаладай көріп, табынуға бармын! — деп күңкілдеді Радуб.

Саты қойылды; жанып жатқан үй мен жердің екі аралығында қатынас орнады. Жұрт жиналып қалды. Радуб бастаған жиырма адам әп-сәтте сатыға өрмелей шығып, оның он бойына арқасымен сүйеніп, тұра-тұра қалысты: құрылыста тас қалаушылар биікке тас әпергенде осылай істейтін. Осылайша ағаш саты үстінде адам сатысы пайда болды. Үстіңгі басқышта бетін терезеге беріп Радуб тұр, басы терезе табанымен деңгейлес.

Алуан түрлі сезім бой билеген кішігірім армия жарқабақта, бұта арасында, қырат үстінде, ор ішінде топ-тобымен ошарылып қалған. Солдаттардың бір бөлігі тіпті мұнара діңгегіне де шығып алыпты.

Маркиз тағы жоқ болып кетті де, ә дегенше қолына бала ұстап, қайта көрінді. Жұрт жаңғырта қол шапалақтап жіберді.

Маркиз қолына іліккен балалардың бірін көтеріп алды: бүл Гро-Ален еді.

— Қорқам! Қорқам! — деп бақырып жатыр бала.

Маркиз оны Радубқа әперді, Радуб оны өзінен төменде тұрған солдатқа, анау — келесі адамға, осылайша бір-біріне қақпақылдай әпере берді: зәресі ұшқан, қолдан-қолға өтіп, бажылдаған Гро-Ален сатымен түсіп бара жатқанда, маркиз тағы да көзден ғайып болып, Рене-Жанды ұстай терезеге қайтып келді. Рене-Жан да жылап-сықтап, бұлқынып жатыр: маркиз оны сержанттың қолына ұстата бергенде, ол Радубты аяғымен періп жіберді.

Маркиз тағы да жалын кеулеген бөлмеге сүңгіп, жоқ болды. Онда жалғыз Жоржетта қалған-ды. Қарт соның қасына келді. Жоржетта оған күлімдей қарады. Сонда осынау қатыгез адам өзі де байқамай, көзінің жасаурап кеткенін сезді.

— Атың кім? — деп сұрады ол

— Озетта, — деп жауап берді қыз.

Маркиз оны қолына алды. Сәби әлі күлімдеумен болды. Қарттың сұсты да тәкаппар жаны осынау бейкүнә сенімпаздық алдында босап кетіп, Радубке әперіп жатқанда қызды бетінен шөп еткізіп бір сүйді.

—Міне, біздің қызымыз! — деп айғайласты солдаттар. Сөйтіп, Жоржетта да қолдан-қолға өтіп, мәз-мейрам болып жерге түсті. Бойын шабыт кернеген жұрт қол шапалақтап, жер тепкілеп жатыр. Қарт гренадерлер еңкілдей жылады. Жоржетта оларға күлімсірей қарап түр.

Қуаныштан тынысы тарылып, тосыннан тап болған бақыттан есін жиып үлгермеген ана қолын созған қалпы саты түбінде тұрған. Қуаныштан адамның жүрегі жарылып кетуі де мүмкін ғой. Ол әуелі Гро-Аленді, сонан соң Рене-Жанды, сонан кейін Жоржеттаны бауырына қысып, аймалап, сүйе берді, сүйе берді, сонан соң сықылықтай күліп жіберді де, ес-түссіз құлап түсті.

— Құтқарылды! Бәрі құтқарылды! — деп шулап жатыр айналадағылар.

Иә, қарттан басқасының бәрі құтқарылған болатын. Бірақ оны құтқаруды ешкім де, тіпті, бәлкім, оның өзі де ойламаған сияқты.

Ол оттың бір шешімге келуін қалағандай, терезе алдында бірнеше секунд үн-түнсіз тұрып қалды. Сонан соң асықпай, байсалды пішінмен, басын кегжите ұстай терезе табанынан аттап, арт жағында лапылдаған отқа қарамастан, аяқ астында қарауытқан шыңырауға бетін бұрып, біп-биік, тіп-тік және маңғаз күйі аруақтай паңданып, төмен түсе бастады. Саты үстінде тұрғандар жүгіріп төмен түсті. Бәрі биіктен түсіп келе жатқан мынау адамға таңдана қарай қалған: бәрі қаһарлы елеске кез болғандай қасиетті үрей билеп, алдынан қақ жарыла жол берді. Ал анау болса асықпай, тәкаппар қалпымен өзін тосып тұрған түнекке тура басып келе жатты. Ол алдынан жұрт шегінген сайын жақындай берді. Құп-қу өңінде бірде-бір бұлшық еті бүлк етпеді: бедірейіп қалған жанарында тіршілік ұшқыны жоқтай. Ол өзіне қараңғылық түкпірінен шошына, бажырая қараған мынау адамдарға жақындаған сайын зорая түскендей еді. Зілдей табаны астында саты солқылдап түр.

Ол темен түсіп, аяғы ақырғы басқыштан жерге тиген бойда біреу иығына қолын салды.

Ол артына бұрылды.

— Мен сені қамаймын, — деді Симурден.

— Оның дұрыс, — деп жауап қатты Лантенак.

Алтыншы кітап

ЖЕҢІСТЕН СОҢ - КҮРЕС

I. Лантенак қолға түсті

Маркизді алып кетті.

Мұнараның төменгі қабаты астында орналасқан зынданды Симурден өзі қадағалай жүріп дереу ашқызды. Онда шам, бір құты су, бір үзім солдат нанын қойып, еденге бір құшақ сабан тастатты. Ауыр есік маркиздің соңынан қапсыра жабылды.

Бүл істі бірыңғайлаған соң Симурден Говэнді іздеп кетті. Алыстағы шіркеу қоңырау мұнарасында, Париньеде, осы мезетте қоңырау сағат он бірді соқты. Симурден Говэнге былай деді:

— Ертең әскери-дала соты жиналады. Бірақ сен сот құрамында болмайсың. Сен Лантенак екеуің — Говэндер руынансыңдар. Оның соты болуға қаның оған тым жақын. Сот құрамына үш адам кіреді: капитан Гешан, сержант Радуб және төраға ретінде мен. Мұның саған ешбір қатысы жоқ. Біз Конвент декретіне сай қимылдаймыз: біз бұрынғы маркиз де-Лантенактың жеке басын куәландырумен шектелеміз. Ертең — сот, бүрсігүні — гильотина. Вандея өлді.

Говэн бір ауыз қарсы сөз айтқан жоқ, Симурден алдында тұрған маңызды істің жабдығымен кетіп қалды. Жазалау орнын таңдап алуға қам жеу, уақытты белгілеу және қажетті жарлықтың бәрін беріп үлгеру керек еді. Симурденнің "жақсы өнеге көрсететін", яғни өзі бекіткен жазалау шараларының бәріне тікелей қатысатын әдеті бар-ды. Сот жендеттің жұмысына қарайтын.

Говэн де қобалжулы еді.

Орман жақтан салқын жел есіп түр. Говэн шұғыл қызметтің бәрін Гешанға тапсырып, көгалда, орман шетінде, мұнараға жақын жерде тұрған шатырына кірді де, күләпарасы бар плащын тауып, үстіне оранды. Бүл плащ ешқандай әшекейді мойындамайтын республикашыл қарапайым үлгі бойынша, жай галунмен әдіптей салынған; мұндай галун отряд бастықтарының ерекшелік белгісі болатын. Говэн жападан-жалғыз қалды. Ол ұрыста қаза тапқандардың қанына боялған көгалмен әрлі-берлі жүре бастады; мұнараға үрдіс шабуыл осы жерден басталған. Өрт өше қоймапты, бірақ оған енді ешкім назар аудара қоймады.

Радуб әлі есін жиып болмаған Мишель Флешардың қасында әбігерге түсіп, балаларды шешесіндей-ақ бәйек қаға жайлап жүр. Қамал өртеніп бітуге таяды. Солдаттардың шаруасы бастан асып жатқан. Олар зират қазып, өлгендерді көміп, жаралыларды таңып, баррикаданы бұзып жатыр, мұнараның залдары мен сатыларын өліктерден тазартып, жеңістің сұрапыл ізін жоюға тырысып, сойқан болған жерлерді тазалап жүр, тоқетері, солдаттар шайқастан қалған жауынгерлік шаруашылығын таза әскери шымырлықпен тәртіпке келтіріп жатыр.

Говэн мұның ешқайсысын көрген де жоқ, байқаған да жоқ. Ол ойға кетіп, Симурденнің бұйрығымен күшті қарауыл қойылған мұнара қабырғасындағы ойық жаққа анда-санда барлай қарап қояды.

Бүл ойық Говэн қараңғылықта әрлі-берлі жүрген көгал шетінен мұнарадан екі жүз қадамдай жерден көрініп түр. Ол ойықтың үңірейген қара көмейін айқын ажыратқандай. Бұдан үш сағат бұрын осы жерден шабуыл басталған; ол, Говэн, тап осы ойық арқылы солдаттарымен мұнараға басып кірген; бүл ойықтың арғы жағында бұлар баррикадаға тап болған төменгі қабат, бұл қабатта маркиз отырған зынданға шығатын есік бар; ойық жанындағы қарауыл осы зынданды күзетіп түр.

Сөйтіп, оның көзқарасы еріксіз сол жаққа ауа берді де, құлағынан "Ертең — сот, бүрсігүні — гильотина" деген сөз ақирет ызыңындай кетпей қойды.

Өрт бұғауланды, бірақ оған үсті-үстіне су құйып жатқанымен, ол бірден өше қоймай, сумаңдаған қызыл тілін шалқыта жалаңдатып қояды. Кей кездері бөренелердің сатырлай жанғаны естіледі, ал қабаттардың бірінде еден әлде шатыр құлап түскенде ұшқын жан-жаққа шашырай атылады; төңірек найзағай ойнағандай көкжиекке дейін жап-жарық болып, мұнараның шомбал көлеңкесі орманға дейін созылып кетеді.

Говэн осы көлеңке түскен көгалда, қарауыл тұрған ойық жанында аяңдап жүр. Кейде ол саусақтарын айқастыра, екі қолын көтеріп, басына жамылған жамылғысының сыртынан желкесіне салады. Бүл оның ойға батып жүргені еді.

II. Говэннің ой толғауы

Ол қинала ой толғады. Оның көз алдында таңғажайып құбылыс болды.

Маркиз де-Лантенак өзгеріп сала берді.

Ол қат-қабат жай қаншама тоғысқанмен мұндай нәтижеге жеткізеді деп ешқашан ойламас та еді, сенбес те еді.

Мұндай бірдеңе болады екен деп үш ұйықтаса түсіне енген емес.

Осының бәрін ол не деп пайымдады екен сонда?

Алдынан бір сұрақ қойылды да, одан жалтаруға қақы болмай қалды.

Сұрақты қойған кім еді?

Оқиғалар еді.

Бірақ оңай оқиғалар емес-тұғын.

Говэн тергеуге төтеп беріп бақты.

Ол қазір қатыгез сот алдында тұр.

Сот — ар-ұжданы.

Ол тұла бойы толқып тұрғанын сезді. Оның ең табанды сенімі, ең асыл серті, ең бұлжымас шешімі — бәр-бәрі түбірінен шайқалып кетті.

Ол жаңа ғана өзі куә болған нәрсені неғұрлым ойлаған сайын, жан толқуы соғұрлым күшейе түсті.

Ол болуға тиіс нәрсе үшін жауапкершілік сезімнен бас сауғалай алмады. Бүл маңызды іс еді әрі ол, Говэн, осы іске көппен бірге қатысты. Симурден "Мұның саған қатысы жоқ" деп қанша айтқанмен, одан сырт бере алмады, тамыры үзілген теректей бір сезімге душар болды.

Говэн жан-тәнімен тебіренді.

Басынан ақиқатты сығып шығарғысы келгендей қос қолдай ұстап алған.

Туып отырған жағдайды айқындап, жігін айыру оңай емес-тұғын.

Говэн әлгінде ғана керемет нәрсеге куә болды.

Маркиздің қайырымсыз жүрегі жеңіліс тапты.

Говэннің алдында бұрын өзімшіл әрі зұлым делініп келген адам тұрды; оның тұла бойында адамның жан дүниесіндегі жамандық атаулы: қатыгездік, адасушылық, соқырлық, қасақана тайталастық, менмендік, өзімшілдік — бәр-бәрі тоқайласқан, міне, енді осы адамға бір керемет болды.

Говэн адамгершіліктің адамды жеңгеніне куә. Адамгершілік алдында сұмпайылық тізе бүкті.

Дүниеге жаңа аяң басқан, титімдей бейкүнә үш жан, айдалада панасыз қалған, былдырлап, күлімдеуден басқа дәнеңені білмейтін үш жетім азамат соғысына, өшпенділік заңына, жаппай ойранға, өзара қырғынға, жіктік дүрдараздыққа, кекшілдікке қарсы шықты да, салтанат құрды. Адам естіп-көрмеген қылмысқа ұрындыруға тиіс қаскүнем өрт мақсатына жетпеді: сұрқия пиғыл іске аспады. Феодалдық ежелгі өшпенділік, өзінен кейінгілерге деген етке сіңген менсінбеушілік, даңдайсулық, соғыс уақытының талабымен ақталмақшы даңғойлық, мемлекеттік ой-пікір, ымырасыз кәріліктің тәлімсіген шәлкездігі — осының бәрі өмірге көзін енді ашқан сәби жандардың жарқын жанары алдында қаусап, қожырап жүре берді.

Говэн ой толғаумен болды.

Айып тағылған, заңнан тыс деп жарияланған, қабырғаға тықсырылған, қысқашпен шегеше қысылған, цирктегі аңша қыспаққа түскен, түрмеше өз ініне қуып тығылған, темір тор мен от құрсауына қамалған маркиз де-Лантенак құтылып кетті. Иә, мұндай керемет те оның қолынан келді. Ол мұндай соғыстағы ең қиын таңғажайып әскери айла жасады: ол қашып кетті. Ол бой тасалап, жасырына алатын орманға қайтып оралды; ол қараңғылыққа сүңги, зым-зия жоғалды. Оның қол астында өзіне жете таныс ел болатын, мұнда ол басталған күресті қайтадан оңай тұтата алатын; ол қаһарлы қара күшке, кезбе жын-періге, ібілістердің жетекшісіне, жер астындағы жауынгерлердің көсеміне — баршаға осыншама үрей салған орман қожайынына қайта айнала алатын. Жеңіс Говэндікі еді, бірақ Лантенак бас бостандығын қайтып алды. Лантенак қауіпсіз жерде еді, қызмет етуіне қайтадан өріс ашылған; баспана таңдап алуына қыруар мүмкіндігі бар-ды. Ол қайтадан із шалдырмас, бой бермес, торға түспес болып алды. Арыстан тосқауылға түсті де, бұлқына босанып кетті.

Енді ол тосқауылға қайтып келді.

Маркиз де-Лантенак өзін қорғап келген түнектен шықты, оз еркімен, өз тілегімен шықты, орманмен қош айтысты, қауіпсіздікті, бостандықты елемей, күмәнсіз өлімге қарсы жүріп, әуелі от көмейіне ұмтылып, тірілей жанып кетуге тәуекел жасады, содан сатымен, басқаларға арашашы, ал өзіне залалды сатымен төмен түсті.

Мұны ол не үшін істеді?

Үш баланы құтқару үшін.

Енді оны қайтпек?

Жазалап өлтірмек.

Сөйтіп, бүл адам кішкентай үш бала үшін... өз балалары үшін бе?.. Жоқ: нәсілдес туыстары үшін бе? Жоқ... өзі мүлде танымайтын, жалаңаяқ, жалаңбас қайдағы бір үш қу жетім үшін, ол құтылып кеткен, сәтімен қашып шығып, жеңіске жеткендей масайраған бүл ақсүйек, бүл мұрагер, бүл қарт бәрін тастап, бәрін ұмытып, бәрін талақ етіп, тәуекелге байлады да, балаларды құтқарды, бұған дейін жұрттың зәресін ұшырып келген, енді қасиет дарыған басын жауына тәкаппарлықпен сыйға тартты.

Олар енді не істемек?

Осы тартуды қабыл алмақ.

Маркиз де-Лантенак екінің бірін: өз өмірі мен жақынының өмірін таңдай алатын; ол өзіне өлім тілеп алды.

Енді оны өлтірмек.

Қаһармандықтың құны осындай!

Қайырымды қылыққа қастанды жауап!

Республика мұратын неткен табалаушылық бүл!...

Және осының бәрі әскер басшысының қатысуымен, өзінің, Говэннің қатысуымен істелмек! Әрі ол бөгет жасау қолынан келсе де, осыған жол бермек!"Мұның саған қатысы жоқ" деп өзіне айтыла салған өктем сөзге тосылып, көне қалмақ. Мұндайда өзіңді аластау сыбайластық жасаумен пара-пар екенін іштей сезбейді де! Әрі ол кісі қатысатын мұндай маңызды істе оны жүзеге асырушыдан гөрі, жүзеге асыруға жол беруші анағүрлым жаман екенін түсінбейді де!

Бірақ, екінші жағынан, осы өлімге, осы адамды жазалап өлтіруге ол келісімін өзі бермеп пе еді? Симурденге Лантенактың жөні бөлек екенін, оған мейірбандықтың жатпайтынын, Лантенак қолға түсісімен соның, Симурденнің, қолына берілетінін салтанатпен мәлімдеген соның өзі, адамгершіл Говэн емес пе?

Иә, ол Симурденге борыштар: оған осы басты ұстап беруге уәде еткен, енді сол басты ұстап бере тұрып, ол борышын ғана өтемек.

Мұның бәрі солай. Бірақ әңгіме тап осы бас туралы болып па еді?

Говэн бұған дейін Лантенакты жабайы жауынгер, феодализм фанатигі, тұтқындарды құртып келген қаныпезер, соғыс кезінде жүгенсіздікпен лаң салған жыртқыш деп қана білетін. Мүндай Лантенактан ол қорықпайтын; бүл жендетті ол ойланбастан өлімге кесер еді. Қайсар адам Говэндей қайсар сотқа тап болар еді. Бірақ сахнаға күтпеген жерден жаңа Лантенак шықты. Сұмырай — батырға, мейірімді адамға айналды. Енді Говэннің алдында жұртты қырып келген қаныпезер емес, қайта арашашы түр. Лантенак оны жарқ еткен ізгілік найзағайымен түйреп өтті.

Говэннің алдында тағы бір күйінішті сұрақ тұрды. Бұл — туыстық арқауы болатын. Ол төккелі отырған қан — өз қаны, Говэндердің қаны емес пе? Оның атасы қайтыс болған, бірақ атасының ағасы тірі болатын және бүл екінші атасы маркиз де-Лантенак тұғын.

Говэннің ар-ұжданының дау-дамайында мәселе осылайша қойылды да, жауап өздігінен келіп туды: Лантенакты құтқару керек.

Ал Франция ше?

Бүл бәрін өзгертіп сала берді.

Франция — сұмдық қыспақта. Францияны сатып кетті: ол жау алдында қалқансыз, қорғансыз қалды. Оның бұдан былай межесі жоқ: Германия Рейннен аттап өтті; оның бұдан былай бекініс қабырғасы жоқ: Италия — Альпіден, Испания — Пиренейден басып өтті. Оның бір ғана тірегі - теңіз тұңғиығы, мұхит қалып отыр. Мұхит соның жағында. Ол мұхитқа сүйене алатын және оның кең айдынына арқа сүйей отырып, ұлы да қуатты күйінде жалпақ жермен шайқаса алатын. Тіпті соның өзінде де ол жеңілмейтін. Енді одан ақырғы тірегін — мұхитты да тартып алмақ. Бұл мұхитта Англия түр. Рас, Англия француз жағалауына қалай баруды бұған дейін білмейтін. Бірақ енді Англияға қол ұсынатын, мұхит арқылы көпір тастап, Питтке және сол теңіз қарақшыларының бәріне: "Мархабат етіңіздер, төрлетіңіздер!" дейтін, "Мә, керегі Франция болса, ала қойыңыздар!" деп айғай салатын адам бар. Және бүл адам — маркиз де-Лантенак.

Қазір бүл адам Говэндердің қасында. Үш ай соңынан түсіп, үш ай қыр соңынан қалмай, қуғындай жүріп, ақыры қолға түсірді. Революцияның өткір тырнағы нәлет соққан залымды желкесінен бүрді; тоқсан үшінші жылдың түйілген жұдырығы роялист қаныпезерді жағадан алды. Феодализмді қорғаушы феодалдық зынданға қамалды. Қамалдың тасына дейін оған қарсы көтерілді: бүл тас оны тырп еткізбей ұстап отыр, сөйтіп, отанын сатпақ болған адамды өз үйінің сатып кеткені мынау.

Кек алар сот келіп жетті. Революция халық жауын тұтқындады: енді ол шайқасуға да, күресуге де, зиян келтіруге де дәрменсіз. Вандеяда қол көп, ми біреу ғана болатын. Осы миды құрту азамат соғысын тоқтатумен бірдей.

Оны құтқармақшы біреу шынымен табыла қояр ма екен?

Симурден, яғни тоқсан үшінші жыл, Лантенакты, яғни монархияны қыспақта ұстап тұр, сонда ойда-жоқта олжаны осынау темір қыспақтан құтқармақ адам табылып қалса ше? Лантенак, өткен шақ деген жалпылама аты бар пәле атаулының бейнесі Лантенак, маркиз де-Лантенак енді қабір ішінде; мәңгіліктің зілдей есігі соңынан тарс жабылды, сонда әлдекім есік тұтқасын ашпақ болса ше? Қоғамға қарсы бұл қылмыскер өлді, әрі сонымен бірге бүлік, алауыздық, өзара зұлмат соғыс тоқталмақ, сонда кенеттен біреу оны қайта тірілтпек болса ше?

Пай-пай, бұл өлі бас сонда қалай кеңкілдеп күлер еді!

О дүниеден келген бұл кісі: "Рахмет сендерге, ақымақтар! Міне, мен тағы тірілдім", — деп қандай табалар еді?

Ол пасық ісін екілене қалай қайта қолға алар еді? Қайсарлығы қайта ұстап, масайраған күйі, өшпенділік пен рақымсыздықтың кекті батпағына қаншалықты шаттанып, қайтадан белшесінен батар еді? Сонда үйлер мен деревнялар қайтадан лапылдап, тұтқындарды қырып-жою, жаралыларды ұрып-соғу, әйелдерді атып-асу қайтадан басталмақ.

Жоқ-ә, басқа пиғылдың бәрін былай қойғанда, ол, Говэн, өзін осыншама қайран қалдырған мейірбандық қылықтың маңызын асыра бағалап тұрған жоқ па?

Иә, үш баланың ажал тырнағына ілігіп, оларды Лантенактың құтқарғаны рас.

Бірақ оларды құртпақ болған да сол Лантенактың өзі емес пе еді?

Оларды қызыл шоққа тастаған кім? Кішкентай бесіктерін өрт шығатын жерге апарып қойған кім? Иманус.

Ал Иманус кім еді?

Лантенактың өміріндегі адам, соның оң қолы болатын. Өрттің шығуына кім жауапты? Бастық.

Сөйтіп, өрт қоюшы да, кісі өлтіруші де соның өзі — Лантенак.

Ол әдеттен тыс соншама не істей қойды? Пиғылын іске асырмады, бас-аяғы осы ғана.

Қылмысты алдын ала ойластырып, әзірлеп қойып, ақырғы сәтте кейін шегінді. Өз-өзінен шошынды. Ана зары әркімнің жан дүниесінде, тіпті қатып-семіп қалған жан дүниесінде де өмір бойы өніп-өрбитін адамгершіл жанашырлықтың ескі ұйтқысын қозғап жіберді. Бүл зар оны кетіп бара жатқан жолынан қайтып оралтты. Ол батып-өшпек болған түнегінен қайта жарыққа шықты. Қылмыс жасап тұрып, оны талақ етті. Ол ақырына дейін тажал болып қалмады — бар бітіргені осы ғана.

Сонда осындай болар-болмашы нәрсе үшін оған бәрін қайыру керек пе? Оған қарақшылық жасауға пайдаланар ауаны, күннің нұрын, кең жазираны, көкмайса алқап пен орман-тоғайды, жақындарын құлдыққа салуға пайдаланар бостандықты, төңірегіне өлім себуге арнар өмірді қайыру керек пе?

Ал онымен мәмілеге келуге тырысу, бүл өр кеудеге сеніммен эсер етуге талпыну, оған белгілі бір шарт бойынша бас бостандығын ұсыну және қандай да бір дұшпандық әрекеттен тартынуға келісесің бе деп сұрау қандай қателік болар еді? Мұндай әрекет оны қалай дандайсытар еді? Мұндай әрекетті ол қаншалықты жиіркенішпен, тыжырынып қарсы алар еді? Бүл сияқты сұраққа ол қандай шапалақпен жауап берер еді? "Масқаралық өздеріңе, одан да мені өлтіріңдер!" деп қаншалықты кекесінмен табалар еді?

Жоқ, мұндай адамды өлтіруге, не босатып жіберуге ғана болатын.

Ал өлтірсе ше? Неткен сұмдық! Ал босатып жіберсе ше? Неткен жауапкершілік!

Лантенакты құтқару — Вандеямен, басы кесілмеген албастымен күресті қайта бастау деген сөз. Осы адам жоғалысымен өшкен өрт жалыны әп-сәтте ақпа жұлдыздай жарқ етіп, қайта өршімек. Ол жоспарын жүзеге асырмайынша, республиканы — монархиямен және Францияны — Англиямен құлпы тасша бастырмайынша тыншымайды. Лантенакты құтқару — Францияны құрбанға шалу деген сөз. Лантенактың тірі қалуы — жазықсыз мыңдаған еркектің, әйелдер мен бала-шағаның өлімі, ағайын-туыс арасындағы қырғын соғыстың қайта басталуы деген сөз, бұл — ағылшындардың жағаға түсуі, революцияның кері кетуі, қалалардың талқандалуы, Бретаньның қанға боялуы, халықтың жапа шегуі, құзғынның улы шеңгеліне олжа тастау деген сөз. Оны босатып жіберу — жолбарысты еркіне жібергенмен бірдей емес пе?

Сонан соң сұрақ бастапқы қалпына тағы қайтып келді. Жә, жетер, Лантенак жолбарыс па екен?

Бәлкім, ол жолбарыс болған да шығар, ал қазір ше?.. Говэннің ойы бір орында шыр айналды.

Лантенак бар зұлымдығын осынау жанқиярлық әрекетімен ақтады. Енді ол таза, пәк.

Ол жұрт құрметіне ие болды.

Лантенак өзін елден ерек адам ретінде танытты.

Ендігі кезек Говэндікі. Мұндай өршіл қылыққа ол немен жауап қайтармақ?

Қайтпек?

Сөйтіп, ойша: "Мен Лантенакты құтқарамын!" деп бекінді ол.

"Тамаша! деген басқа бір дауыс естілді жүрек түкпірінен. — Бар, көмектес ағылшындарға. Дезертир бол. Жауға барып беріл Лантенакты құтқарып, Францияны сат!

Бұл дауыс оны тітіркендіріп жіберді. "Сен ештеңені де шеше алмайсың, қиялшыл!" деді ол іштей.

Іштей күрес оны қарама-қарсы ақиқаттар өзара арпалысқан жерге, адам санасы жеткен адамгершілік, отан, отбасы сияқты ең жоғары үш қағида бір-біріне қырғи қабақтана қарайтын жерге, тұйыққа апарып тіреді.

Говэн сеңдей толқыды. Бүл нағыз азап еді.

Алдында түпсіз екі шыңырау жатты. Ол Лантенакты құртуға, не құтқаруға тиіс. Бір тоқтамға келу қажет.

Борыш оны осы екі шыңыраудың қайсысына итермеледі сонда?

III. Командирдің плащы

Қоңырау түн жарымын, сонан соң таңғы сағатты соқты. Говэн ойықтың қасына қалай келіп қалғанын өзі де байқамады.

Өлімсіреген өрттен төңірекке көмескі жарық тарап жатыр.

Сөніп бара жатқан жалынның жылтылдаған сәулесі мұнараның сырт жағын орай қыратқа түсіп, қырат біресе түнектен шығып, біресе қайта түнекке батып тұр. Бірауық қараңғылықпен алма-кезектескен жылтылдаған сәуле айналадағы заттардың бәрін оғаш зорайтып жіберді де, қарауылда тұрған сақшылар алыстан қайдағы бір аруақ сияқтанады. Ойға шомған Говэн от пен түтіннің арпалысына сүлесоқ қарай қалған. Жарық пен қараңғылықтың үздіксіз алмасуы да оның ойында тайталасқан қарама-қарсы ақиқаттардың алмасуына ұқсас бір ерсі сәйкестік бардай.

Кенет будақ-будақ түтін арасынан өрттен ұшып түскен шоқ қырат төбесін жап-жарық етіп жіберді де, Говэннің көз алдынан жүк арбаның қызғылт сұлбасы қылаң етті. Ол анықтап қарай бастады. Жүк арбаны форма киген үш бұрышты бас киімі бар салт аттылар күзетіп жүр екен. Бүл осыдан бірнеше сағат бұрын, күн батарда Гешан екеуі дүрбімен көрген жүк арбаға ұқсап кетті. Үстінде біреулер күйбеңдеп жүр, түсіріп жатса керек. Олар арба үстінен анда-санда металл дыбыс шығарып қоятын, тегі, ауыр нәрсе түсіріп жатыр. Бұл жерден оның не екенін анықтап көру қиын еді. Өзі кеспелтек ағашқа ұқсайды. Екі адам жәшікті жерге түсірді, оның ішінде, нобайына қарағанда, қандай да бір үш бұрышты зат бар сияқты. Шоқ өшті де, айнала қайтадан қараңғылық жамылды. Говэн ішінде не барын білгісі келіп, Әлгі жәшікке шұқшия ұзақ қарады.

Қолшамдар жағылып, әлдеқандай көлеңкелер ербеңдей бастады. Кей-кейде ағаш шапқан балта даусына ұқсас бір дыбыс естіледі. Біреу шалғы қайрап жатқандай, қайдағы бір металл дыбыс құлаққа шалынады.

Қоңырау сағат екіні соқты. Говэн ықтиярынан тыс ақырын, жүрексіне басып, ойыққа беттеді. Ол жақындағанда сақшы қараңғыда галунмен тігілген командир плащын байқап қалып, ізет берді. Говэн қарауыл бөлмеге айналдырылған мұнараның төменгі залына кірді. Төбеде қолшам ілінген. Шам бөлмеде сабан үстіне сұлай-сұлай кеткен және бері дерлік ұйықтап жатқан қарауылшылардың денесіне сүрінбейтіндей ғана залға біркелкі жарық түсіріп тұр екен.

Командир ішке кіргенде жерде жатқандардың кейбіреуі, оның ішінде қарауыл бастығы — офицер де орындарынан ұшып тұрды. Говэн офицерге тас қамаудың есігін нұсқап:

— Ашыңыз, — деді.

Ырғақ кейін ысырылды. Говэн тас қамауға кіріп, артынан есік тарс жабылды.

Жетінші кітап

ФЕОДАЛИЗМ ЖӘНЕ РЕВОЛЮЦИЯ

I. Ата тек

Жер астындағы қамаудың тас еденінде қолшам жанып тұр; сол жерде бір тостаған су мен бір үзім нан. Еденге бір құшақ сабан төселген.

Есік сықырлай ашылғанда маркиз торға қамалған хайуанша камера ішінде әрлі-берлі жүр екен.

Ол есік сықырына басын көтерді. Оны мен Говэннің арасында, еден үстінде тұрған шамнан екеуінің де бетіне жарық түсті: маркиз кеңк-кеңк күлді:

— Сәлеметсіз бе, сударь? Көптен көре алмай, құмарым тарқамай жүр еді. Менімен жүздесуге ілтипат білдіріпсіз. Рахмет оныңызға. Сізбен әңгімелесуге өте қуаныштымын, әбден зерігіп кетіп ем. Достарыңыз уақытты босқа өткізіп жатыр. Адамның жеке басын куәландыру, әскери-дала соттары және басқа рәсім біткеннің бәрі — істі сөзбұйдаға салушылық қана. Олардың орнында болсам, тура іске көшер едім. Мен мұнда өз үйімдемін. Кіріңіз ішке. Мынау оқиғалар жайында не дей аласыз? Ерен нәрсе емес пе? Ерте, ерте, ертеде, король мен оның зайыбы — королева болыпты. Король — король де, королева — Франция болатын. Сөйтіп жүргенде корольдің басын шауып, королеваны Робеспьерге ұзатыпты. Бүл мырза мен бұл бикештің арасынан Гильотина дейтін қыз дүниеге келіпті. Менің, сірә, сол қызбен ертең танысуыма тура келетін шығар. Қуанышым қойныма сыяр емес. Бүл жерде сізді көріп тұрғаныма да қуаныштымын. Мені сол сұлуға дидарластыруға келгеннен саумысыз? Әлде шеніңізді арттырып, жендет етіп тағайындаған шығар? Жоқ па? Егер бұл жай ғана достықпен сәлемдесе келгеніңіз болса -дән ризамын. Сіз, бәлкім, виконт мырза, дворяндардың кім екенін ұмытқан шығарсыз. Ендеше, жақсылап қарап алыңыз — солардың бірі алдыңызда түр. Әрі ол сізді қуана-қуана атып тастар еді. Айтқандай, сіз неғып тігіңізден тұрсыз? Рақым етіңіз, отырыңыз. Рас, еденде отыруға тура келмек, себебі бұл салонда кресло деген жоқ, бірақ қоқыста тұратын адамға жерге де отыруға болады ғой. Мен мұны сізге тіл тигізу үшін айтып отырған жоқпын: өйткені сіздер халық дейтін нәрсені біз қоқыс деп атаймыз. Сіз менен "Бостандық! Теңдік! Туысқандық!" деп айғайлауымды талап етпессіз деп үміттенемін. Бұл жер — үйімнің ескі бөлмесі: бір кездері мырзалар мұнда мұжықтарды қамайтын, енді мұжықтар мырзаларды қамайтын болыпты. Осы былшылдың аты революция көрінеді. Отыз алты сағаттан соң басымды алмақ. Несі бар, қарсылығым жоқ. Әйтсе де сіз темекі сауытыма кісі жіберсеңіз, бүл сіздің тарапыңыздан ибалық болар еді, мен оны жоғарыда, сіз бала күніңізде тіземнен түспей ойнайтын бөлмеде ұмытып кетіппін... Виконт, сізге мынаны айтқым келеді: сіздің есіміңіз — Говэн және қаншама таңданарлық болғанмен, сіздің қан тамырыңызда да менің тамырымдағыдай асыл қан ағады. Бүл қан мені абзал адам етсе, сізді жексұрын етіпті. Бұған мен кінәлі емеспін деп менімен таласуыңыз мүмкін. Бірақ бүл менің де кінәм емес. Санасыз қылмыскерлер де болады. Бәрі де адамның қандай ауамен тыныстайтынына байланысты. Қазіргідей заманда ешкім де өз қылығы үшін жауап бермейді. Сайқал революция бәрімізді де тәлкек етуде және біздің шектен шыққан зұлымдарымыздың бәрі, шын мәнінде, нағыз ашық ауыздар ғана. Сізден-ақ басталық. Сізге қайран қалмау мүмкін емес. Зиялы отбасынан шыққан, қоғамда биік дәреже иемденіп, өзінің асыл қанын ұлы іс үшін төгуге мүмкіндігі бола тұра, тап осы Тург-Говэн қамалының виконты, келешекте заңды герцог атану және Францияның мэрі деген атақты мирас ету қолынан келетін Бретань мұрагері бола тұра, яғни жер бетінде парасатты адамның тілер нәрсесін түгел дерлік иемдене отырып, қазіргідей күйге жетуді артық көретін әрі жаулары зұлым деп қарайтын, ал достары ақымақ деп санайтын жас жігітке сүйсінбеу мүмкін емес. Айтпақшы, аббат Симурден мырзаға сол ем айта барғайсыз.

Маркиз ештеңені бөле-жармай, жақын-жаранымен әңгімелескендей Говэнге көңілді де шат жүзбен қарап, қолын қалтасына салған қалпы жайдан-жай, байсалды сөйлеп тұр.

— Жасырмаймын — мен сізді өлтірмек болдым; бүл үшін қолымнан келгеннің бәрін істеп бақтым. Сізге өз қолыммен үш дүркін зеңбірек аттым. Бұл сыпайылық емес, мұны мойындаймын, бірақ соғыс кезінде дұшпаннан сыпайылық сақтауды күту ерсілік болар еді ғой. Ал сізбен біз соғысып жүргенбіз, жиен мырза. Айналадағының бәрін өрт құшып, қан жапты. Корольді өлтірді. Па, шіркін, заман болғаныңа!

Ол тағы үндемей қалды да, сол сарынмен қайта сөйлеп кетті:

— Ойлап қарасаң, Вольтерді* дарға асып, Руссоны* галераға айдаса, мұның бірі де болмас еді. Өй, осы бір ақылгөй немелер-ай, пәленің бар басы соларда емес пе? Авторларының өзін өртеудің орнына, шығармаларын өртепті. Бәрінің себебі — шыжбай-шатпақшылар мен ұйқас қуалаушылар. Мен болсам, бүл қағаз шимайлаушылардың бәріне әкесін танытар едім! Біз өз заманымызда сот құрып, жазалай білетінбіз. Міне, тап осы бөлмеде адамдарды паршалаған болатын: қабырғада тіпті доңғалақ ізі де сақталыпты. Біз қалжыңды білмейтінбіз. Жоқ, жоқ, шыжбай-шатпақшыларды атай көрмеңіз. Вольтерлер барда Мараттар да болады. Қағаз шимайлаушылар барда қанішерлер де бола бермек. Сия барда қара дақ та болмақ. Адам қолына қалам ұстауды ұмытпайынша, ақымақтық пен сұмпайылық парықсыз қатыгездікті тудыра бермек. Қылмысты тудыратын — кітап. Мұндай сандырақты жұрт қайтіп қана ермек етеді десейші? Осынау құқылардың бәрін бізге түсіндіріп жатудың қажеті қанша? Адам құқығы! Халық құқығы! Қиял, бос сөз. Құр сандырақ. Сіздердің жексұрындарыңыз, жарлы-жақыбайларыңыз құқық деп жүрген нәрсе не? Құдай мен патшаны өлтірушілік. Бұл сұмпайылық емей — немене? Малғұндар!.. Сіз үшін реніштімін, қайырымды тақсыр. Сіз ежелгі Бретань руына жатасыз; біздің сізбен арғы атамыз бір. Ол — Говэн де-Туар. Сіз, сударь, мәңгүрттігіңізге бәлденесіз, менің атқосшыммен тең болуға мәзсіз. Сіз бала кезіңізде-ақ мен қарт болатынмын: мен мұрныңызды сүртетінмін, қазір де сүрте аламын. Бойыңыз өскенмен, ойыңыз өспепті: есейе келе ергежейліге айналыпсыз. Сізбен көріспегелі жолымыз екі айрылыпты: мен намыс жолымен, сіз — оған қарама-қарсы жолмен кетіпсіз... Мұның бәрі немен тынарын білмеймін, бірақ сіздің достарыңыз сияқты мырзалардың — сілімтік жексұрындар екенін білемін!

Бәрі тамаша, азамат мырзалар! Францияда патшалық құрыңдар, қожайындық етіңдер, билеп-төстеңдер, ұялып-қызармаңдар, өз үйлеріңде жүргендей сезініңдер! Бірақ діннің дін болып қаларын, король өкіметінің тарихымыздың он бес ғасырын қамтып келген дерегі не істесеңдер де дәлел болып қаларын және ескі француз ақсүйектігі тіпті басынан айрылғанда да, сіздерден әлдеқайда жоғары болып қаларын біліп қойыңыздар.

Сіздер бәрін айпап-жайпап құрттыңыздар, қираттыңыздар, ойрандадыңыздар. Сіздерге дворяндықтың қажеті жоқ. Несі бар, сіздерге енді ол болмайды да және сіздер оған әлі зар болып, жас төгесіздер. Сіздерде енді серілер мен батырлар болмайды. Хош, Францияның қайран ұлылығы!

Аз-кем кідіріп, ол тағы да мынаны айтты:

— Корольді өлтіре беріңдер, дворяндарды өлтіре беріңдер, дінбасыларын өлтіре беріңдер, ескі заңдарды, ескі дәстүрлерді, ескі мінез-құлықтарды жайпап жойыңдар, талқандаңдар, тонаңдар, аяққа таптаңдар; тақтарды төңкеріңдер, альтарды табалаңдар, құдайды аластаңдар және ойраны шыққан жерде ойнақ салыңдар — еріктерің. Мен бәрін айттым. Енді мені гильотинаға жөнелтіңдер. Виконт мырза, иіліп, тәжім етем!

Ол тағы да:

— Мен сізге көптеген күйінішті ақиқатты айтып салдым. Бірақ неден қорқайын? Мен енді өлікпін, — деді.

— Сіз еріктісіз, — деді Говэн.

Ол маркиздің қасына барып, үстіндегі плащын шешті де, Лантенактың иығына жауып, көзіне күлопарасын баса кигізді. Олардың бойы бірдей еді.

— Не істеп жатырсыз? — деп сұрады маркиз. Говэн оған жауап қайырмастан:

— Поручик, есікті ашыңыз! — деп әмір етті. Есік ашылды:

— Соңымнан жауып алғайсыз! — деп Говэн тағы дауыстады да, аң-таң болған маркизді босағадан итеріп жіберді.

Мұнараның қарауыл бөлмеге айналдырылған төменгі залында, оқырманның есінде шығар, жалғыз шамнан көмескі жарық түсіп тұрған-ды. Ұйықтамай, ояу жатқан солдаттар осынау әлсіз жарықта жамылғысы бар галунмен тігілген командир плащын киген сұңғақ бойлы адамның жандарынан есікке қарай өткенін көрді. Олар ізет берді де, анау есіктен шығып, жоқ болды.

Маркиз зал ішімен асықпай өтіп, ойықтан асыла аттады да, басын тастың қырына бірнеше рет соғып алып, ақыры мұнарадан шықты. Сақшы оны Говэн екен деп ойлап, мылтығын қарауылға алды.

Маркиз еркіндікке шығысымен аяқ астынан майда шалғынды сезгенде, қарсы алдынан екі жүз қадам жерде орманның шеті мен жазықты көріп, онда, орман ішінде, өзін тасалар түн қараңғысы, бостандық, өмір күтіп тұрғанын түсініп, кілт тоқтады. Ол кенет абдырап қалып, қапылыста бір қылық жасап қойғандай және дұрыс істедім бе осы, кейін қайтқаным дұрыс болмас па екен деп ойланған адамдай, бірер минут қозғалмай, дүдәмал қалыпта тұрып қалды. Бірақ біраз ойланып, оң қолын көтере, саусағын сарт еткізді де, "Несі бар?" деп күбір етіп, ілгері жүріп кетті.

Тас қамаудың есігі жабылды. Есіктің ар жағында Говэн қалды.

II. Әскери сот

Симурден алдағы әскери соттың мәжіліс орны етіп шабуыл алдынан баррикада орнатылған және кейіннен қарауыл бөлмеге айналдырылған мұнараның төменгі залын таңдап алды. Симурден бүкіл процедураны оңайлатуды жақтады, түрмеден сотқа және соттан эшафотқа дейінгі жолды қысқартқысы келді.

Тал түсте, соның жарлығына сәйкес, сот мәжілісі ашылды. Қарағай үстел үстінде жанулы екі балауыз шам, үстелдің бір жағында сабаннан тоқылған үш орындық, екінші жағында, орындықтардың қарсы алдында табурет тұр.

Үстелдің екі шетінде бірі прокурорға, екіншісі хатшыға деген екі табурет. Бүл жерде прокурордың қызметін полк фурьері* атқаруға тиіс болды, ал хатшы болып капралдардың бірі тағайындалды.

Үстел үстінде екі сия сауыт, қызыл сорғыштың таяқшасы, мыс мөр, ішінде таза қағаз салынған папка мен бірінде заңнан тыс деп жарияланғандардың тізімі бар, екіншісінде Конвенттің декреті бар тасқа басылған беті ашық жаюлы екі плакат жатыр.

Ортаңғы орындықтың арт жағында үш түсті бірнеше ту қойылған. Төрағаға арналған бүл орындық тас қамауға кіретін есіктің тура қарсысында еді. Оның екі жағында екі жандарм түр. Куәлар солдаттар болатын.

Ортаңғы орындықта Симурден отыр: оң жағында — соттың аға мүшесі капитан Гешан, сол жағында — соттың кіші мүшесі, сержант Радуб. Симурден басына үш түсті кокардасы бар қалпақ киген, жанында қылыш және белбеуіне қыстырған екі тапаншасы бар. Қылыш тілген бетінің қып-қызыл болып тұрған тыртығы оның суық жүзіне ызғар шашқандай.

Радуб ақыры болмаған соң жарасын байлауға көнді. Басы ақ орамалмен таңылған, сыртына қан таңбасы жайылып шыққан.

Сот мәжілісі әлі ашыла қойған жоқ. Үстел жанында судьялар алдында хабаршы түр, оны күтіп тұрған аттың мұнараға кіреберісте тұяғымен жер тарпығаны естіледі. Симурден хабарлама жазып отыр:

"Азаматтар, Қоғамды құтқару комитетінің мүшелері!

Лантенак қолға түсті және ертең жазаланып өлтірілмек".

Ол ай-күнін белгілеп, қолын қойды да, депешаны конвертке салып, шабарманға берді. Ол үйден шыға атына мініп, шаба жөнелді.

Сонда Симурден:

— Камераны ашыңдар! — деп дауыстай бұйырды.

Жандармдар ысырманы әрі итеріп, есікті ашты да, ішіне кіріп жоқ болып кетті.

Симурден басын көтеріп, қолын төсіне айқастырып, есіктен көз алмастан:

— Тұтқынды кіргізіңдер! — деп саңқ етті. Табалдырықтан екі жандарм мен орталарындағы тұтқын көрінді.

Симурден селк етті:

— Говэн! Сенбісің? — деді ол қапелімде не айтарға білмей. Сөйтті де: — Мен айыпкерді әкелуді талап еттім ғой, — деді жалма-жан.

— Айыпкер — мен, — деді Говэн.

— Қалайша? Лантенак ше?

— Лантенак бостандықта жүр.

— Қашып кетті ме?

— Қашып кетті.

— Иә, иә, түсінікті, — деп күбірледі Симурден даусы дірілдеп. — Қамалдың қожайыны емес пе, кіріп-шығатын есік-тесіктің бәрі мәлім ғой оған. Зынданда құпия жол бар шығар, сірә, оны не ғып ойламадым екен!.. Ол, әрине, өзгенің көмегінсіз-ақ қашып кете алатын еді ғой.

— Оған көмектесіпті, — деді Говэн.

— Қашып кетуіне көмектесіп пе? Ол кім?

— Мен.

— Сен бе?

— Мен.

— Не деп сандырақтап тұрсың?

— Мен оның камерасына кірдім. Біз екеуден-екеу болдық. Мен оған плащымды кигізіп, бетіне жамылғымды жаптым, сөйтіп, менің орныма ол шықты да, мен камерада қалдым. Енді, міне, алдыңызда тұрмын.

— Бұлай етуің мүмкін емес!

— Осылай еттім.

— Мүмкін емес!

— Айтқаным айна-қатесіз.

— Лантенакты әкеліңдер!

— Ол мұнда жоқ. Солдаттар менің плащымды киген оны көріп, мен деп ойлап, өткізіп жіберген. Әрі ол кезде мезгіл әлі қараңғы болатын.

— Сен алжасқан шығарсың!

— Шыным сол.

Үнсіздік орнай қалды. Ақыры Симурден әр сөзін әрең-әрең ежіктей айтты:

— Егер бұл рас болса, сен... қылығыңа лайық...

—... Өлім жазасына кесілемін, — деп тәмамдады оның сөзін Говэн.

Симурден өліктей бозарып, жасын түскен адамдай мелшиіп қатты да қалды. Тынысы тарылып кетті. Маңдайынан суық тер бұрқ етті. Ол даусын әзер билеп:

— Жандармдар, айыпкерді орнына апарыңдар! — деді. Говэн табуретке отыра кетті.

— Жандармдар, қылышты суырыңдар! — деп бұйырды Симурден.

Әскери соттарда бүл айыпкерге өлім жазасы төнген жәйтте айтылатын әдеттегі рәсім еді.

Жандармдар қылышын қынабынан суырды.

— Айыпкер, тұрыңыз, — дегенде Симурденнің даусы қайтадан қату да байсалды естілді.

Ол оған "сен" деген сөзді бұдан былай айтқан жоқ.

III. Дауыс беру

Говэн орнынан тұрды. Симурден сұрақ қоя бастады:

— Аты-жөніңіз кім?

— Говэн.

— Атағыңыз қандай?

— Солтүстік жағалаудағы экспедициялық отрядтың командашысымын.

— Сіз қашып кеткен қылмыскердің туысысыз ба?

— Мен оның жиен немересімін.

— Сізге Конвенттің декреті мәлім бе?

— Сіздің үстелдің үстінде жатқан ба? Иә, мәлім.

— Бұл декрет жөнінде не айта аласыз?

— Мен оны өз қолтаңбаммен бекітіп, сонда айтылғанның берін қатаң орындауға бұйрық бергенмін және төменгі жағында менің аты-жөнім тұрған қосымша сөзді өзім жазғанмын.

— Өзіңізге қорғаушы таңдап алыңыз.

— Мен өзімді-өзім қорғаймын.

— Айта беріңіз.

Симурден қайтадан байсалды қалпына келді, бірақ бұл байсалдылықтан тірі адамның сабырлылығынан гөрі, жартастың мелшиген табандылығы сезіліп тұрды.

Говэн ойын жиыстырғандай, үн-түнсіз қалды.

— Сіз өзіңізді қорғап не айтар едіңіз? — деп сұрады одан Симурден.

Говен басын көтеріп, ешкімге қарамастан, сөйлей бастады:

— Гәп мынада. Мен мәселенің бір жағымен болып, екінші жағын аңдамай қалыппын. Өзім куә болған мейірбанды қылық қыруар қылмысты көзімнен тасалапты. Қарт... ол құтқарған балалар... Осының бәрі жеке басым мен борышымның ортасына кесе-көлденең тұра қалыпты. Мен жанып жатқан деревняларды, тып-типыл болған егінжайды, атылған әйелдерді, құртылып жатқан тұтқындарды, көзі жойылып жатқан жаралыларды ұмытыппын; мен Францияны ағылшындарға сатып жібергенін естен шығарып, отанның қанішерін босатып жібердім. Мен кінәлімін. Мен осыны айта тұрып, өзіме қарсы сөйлеп тұрғандай көрінуім мүмкін. Бұл қате: мен өзімді жақтап сөйлеп тұрмын. Кінәлі адам кінәсін мойындағанда құтқаруға тұрарлық бірден-бір нәрсені — арын құтқарады.

— Өзіңізді қорғап айтарыңыздың бәрі осы ма? — деп сұрады Симурден.

— Мен бұған қоса бастық ретінде үлгі көрсетуге тиіс болғанымды ғана айта аламын, демек, сіз де судья ретінде үлгі көрсетуге тиіссіз.

— Қандай үлгі?

— Мені өлім жазасына кесіңіз.

— Сіз мұның өзі әділ жаза деп сенесіз бе?

— Әділ ғана емес, қажет те.

— Отырыңыз.

Фурьер-прокурор түрегеліп, әуелі бұрынғы маркиз де-Лантенакты заңнан тыс дап жариялаған қаулыны, сонан соң тұтқын бүлікшінің қашып кетуіне септесетін адамға өлім жазасын белгілеген Конвенттің декретін оқыды. Ол декрет жазылған тасқа басылған плакаттың астындағы бірнеше жол жазуды да оқып шықты: онда, бүл жазуда, жоғарыда аталған бүлікшіге қолдау немесе жәрдем көрсетуге өлім жазасымен үрейлендіру арқылы тыйым салынған болатын және оның астында "Экспедициялық отрядтың командашысы Говэн" деген қолтаңба тұрған.

Прокурор оқып болып, орнына отырды.

Симурден қолын айқастырып, былай деді:

— Айыпкер, мұқият тыңдаңыз. Жиналған жамағаттан шуламауды және ешқандай ескерту жасамауды өтінемін, заңға жұрттың бәрі құрметпен қарауға міндетті. Біз дауыс беруге кірісеміз. Үкім жай көпшілік дауыспен шығарылмақ. Судьялардың әрқайсысы айыпкердің көзінше өз пікірін айтады, неге десеңіз, әділ соттың жасырары жоқ. Ол біраз уақыт үндемей қалды да:

— Сөз аға судьянікі. Капитан Гешан, сөйлеңіз, — деп қоса айтты.

Капитан Гешан Симурденді де, Говэнді де байқамай отырған секілді. Ол қарсы алдында түпсіз шыңырау жатқандай декрет плакатқа қабағын қарс түйе, үрейлі көзімен қадала қалған.

— Заң түсінікті, — деді ол түнеріңкі дауыспен. — Судьяның жайын адамнан артықшылығы да бар, кемшілігі де бар: кемшілігі сол — оның жүрегі жоқ және болуға тиіс емес; артықшылығы сол — оның қолында қанжар бар. Христос дүниеге келгеннен бастап төрт жүз он төртінші жылы римдік Манлий ұлын өзінен алдын ала рұқсат сұрамастан жеңіске жеткені үшін жазалап өлтіріпті. Тәртіп бұзғандық осылайша жазалауды қажет еткен. Бұл жерде біз заң бұзушылықты көріп отырмыз, ал заң тәртіптен де жоғары. Адамға іші-бауыры елжірегенде айыпкер отанын қауіпке байлапты. Жанашырлық кейде қылмыс болып шығады. Командир Говэн бүлікшіл Лантенактың қашып кетуіне септесті. Говэн кінәлі. Мен өлім жазасын жақтап дауыс беремін.

— Хатшы, жазып қойыңыз, — деді Симурден.

Хатшы "Капитан Гешан өлім жазасын жақтайды" деп жазып қойды.

— Гешан, сіздің шешіміңіз дұрыс. Рахмет сізге, — деді Говэн.

— Сөз кіші судьянікі, — деді Симурден. — Сержант Радуб, сөйлеңіз.

Радуб орнынан тұрды да, айыпкер жаққа бұрылып, оған ізет жасады. Сонан соң даусын көтере сөйлеп кетті:

— Олай болса, мені де гильотинаға салыңдар, өйткені құдай атымен ант етемін, әуелі қарт істегенді, сонан соң біздің командир істегенді істеу үшін тым көп құн төлер едім. Әлгі сексен жастағы қарттың құйтақандай үш нәрестені құтқару үшін өртке қойып кеткенін көрген кезде мен: "Жарайсың, қартым, сабаз екенсің" деп едім. Ал командир қарттың қарғыс атқыр сұрқия гильотиналарыңнан құтылуына жәрдемдескенін естігенде: "Бұл үшін командирді генерал шеніне көтеру керек: ол — нағыз адам" дедім. Бізде крест пен әулиелер болса, мен, құдай атсын, оған әулие Людовиктің кресін берер едім. Шынында да, не боп барады өзі?! Говэн командир торт ай бойы осынау роялистік тобырды қойша дүркіретіп қуып келеді, әрі қолына қылышын ұстай, басын қауіп-қатерге тіге республиканы қорғап келеді, расында, Доль түбіндегі шайқасты соның арқасында ғана ұттық қой, мұндай іске әжептәуір ақыл жұмсау керек-тұғын — ал сендер осындай асыл қазына, осындай командир қолда тұрғанда одан құтылуға тырысасыңдар! Оны генерал етудің орнына, басын кесіп алмақсыңдар! Бұл деген есуастық қой!.. Сіз де айтса айтқандайсыз, азамат Говэн! Сіз менің командирім болмай, батальонымдағы капрал болсаңыз, сізге әлгіде мықтап былшылдадыңыз дер едім. Қарт балаларды құтқарып, жақсы істеді; қартты құтқарып сіз де жақсы істедіңіз; ал егер жұртты жақсы қылық үшін атып-аса бастаса, құрысын де бәрі! Бұл арада бірдеңеге түсінсем бұйырмасын!.. Демек, балалар тірілей жанып кетсе де, қарттың тырп етпеуі және біздің командир қарттың басын шапқызуы керек еді ғой, ә? Жоқ, түсінбеймін! Одан да мені гильотинаға жіберіңдер. Одан да осынысы дұрыс... Түсінсеңдерші, егер балалар опат болса, Қызыл Бөрік батальоны масқараға ұшырайтын еді ғой. Сендер осыны қалайсыңдар ма? Біз басымызды не үшін оққа тіктік, ойбай-ау? Бізден командирімізді тартып алып, гильотинаға жөнелтулері үшін бе? Жоқ, бұл сандырақ! Бұлай болмайды. Біз командирімізді жақсы көреміз, бізге командиріміз әбден керги Енді ол бізге бұрынғыдан да қымбат. Оны гильотинаға жіберу деген не сұмдық? Мұны естудің өзі күлкі ғой! Жоқ, жоқ, мұнан аулақ! Біз мұны қаламаймыз. Тыңдай-тыңдай мезі болдым. Не деп көкісеңдер

де еріктерің, бірақ бұл —болмайтын нәрсе!

Соны айтты да, Радуб орнына отырды. Жарасының аузы ашылып кетті. Шүберек астынан бұрын құлағы болған жерден самайын бойлай жіпсіп қан аға бастады.

Симурден Радубқа бұрылды.

— Сіз айыпкерді ақтауды жақтап дауыс бересіз бе?

— Мен оның шенін генерал етіп өсіруді жақтап дауыс беремін, — деп жауап қатты Радуб.

— Мен сізден айыпкердің ақталуын қалайсыз ба деп сұрап тұрмын.

— Мен оны республикадағы бірінші адам етуді қалаймын!

— Сержант Радуб, анық жауап беріңіз: сіз командир Говэннің ақталуын қалайсыз ба? Иә ма, жоқ па?

— Мен оның орнына мына менің басымды шабуды қалаймын!

— Демек, сіз ақтауды жақтайсыз ғой, — деді Симурден.

— Хатшы, жазып қойыңыз.

Хатшы "Сержант Радуб ақтауды жақтайды" деп жазды.

Сонсоң:

— Бір дауыс өлім жазасын жақтайды, бір дауыс ақтауды жақтайды. Дауыс екі бөлінді, —деді.

Дауыс беру кезегі Симурденге келді.

Ол түрегеліп, қалпағын шешті де, үстелге қойды. Бозарған беті күреңдене түсті.

Егер сот залында отырғандардың бәрі зират ішінде жатса да, тыныштық мұнан бетер меңіреу болмас еді.

Симурден салтанатты, сабырлы, қатаң дауыспен үн қатты:

— Айыпкер Говэн, біз сіздің ісіңізді қарадық. Әскери сот республиканың атынан бір дауысқа қарсы екі дауыспен...

— Ол ойланып алмақ болғандай кідіріп қалды. Ол неден толқыды екен? Өлім жазасына кескен үкімнен бе? Ақтаудан ба? Бәрі демін ішіне тарта, тына қалды... — сізді өлім жазасына кеседі —, деп барып, Симурден сөзін тәмамдады.

Оның қуқыл тартқан жүзінен салтанат құрған борыш сезімінің адам айтып жеткісіз азабы айқын көрінді. Бірақ бұл лып етпе көрініс еді, жалт етті де жоқ болды. Симурденнің жүзі қайтадан тастай қатты.

Ол орнына отырып, қалпағын киіп жатып:

— Говэн, ертең сіз күн шыға жазаға тартыласыз, — деді.

Говэн орнынан тұрып, сотқа иілді де:

— Азамат соттарға рахмет айтамын, — деді.

— Айыпкерді әкетіңдер, — деп бұйырды Симурден.

Ол қолымен белгі берді. Зындан есігі ашылып, Говэнді ішке кіргізіп жіберді де, соңынан тарс жабылды. Жандармдар есік алдында жалаң қылышпен күзетте тұрып қалды.

Радуб есінен танып, еденге сылқ құлады. Оны көтеріп әкетті.

IV. Симурден судьядан соң Симурден ұстаз

Әскери лагерь құжынаған араның ұясына ұқсас, әсіресе, революция заманында. Тург қамалын алған ержүрек республикашыл отряд соңғы оқиғалар әбден шырқын бұзып жіберген ара ұясындай гу-гу етеді.

Солдаттар Лантенактың қашып кеткенін естіп, отряд командирі Говэнге ренжулі еді. Лантенак болуға тиісті тас қамаудан Говэнді алып шыққанда сот залында отырғандарды тыз етпе сезім дір еткізді. Мұны іле-шала бүкіл лагерь естіп білді. Солдаттар: "Енді Говэнді соттап жатыр, бірақ бүл көз бояушылық қана. Осындай бұрынғылардың бәріне, оның үстіне поптарға сенуге бола ма, тәйірі? Біз жаңа ғана бұрынғы виконттың маркизді қашырып жібергенін көрдік. Енді біз дінбасының виконтты ақтайтынын да көреміз", — десті. Ал үкімді естігенде басқа сарындағы өсек-аяң басталды. "Жоқ бұлары тым үстірттік! Біздің бастықты, біздің ержүрек жас командирді, батырды жазалау деген не сұмдық? Оның виконт екені рас, бірақ ол республикашыл ғой. Демек, оның сіңірген еңбегі соғұрлым зор емес пе? Қалайша! Понторсонды, Вильдені, Пон-о-Боны азат етушіні, Доль түбіндегі жеңімпазды, Тургті жаңа ғана алған адамды, бізді жеңістен жеңіске бастаған, республиканың Вандеядагы семсеріне айналып отырған адамды Симурден деген біреу өлімге кеспекші! Не үшін? Үш баланы құтқарған қартты құтқарып жібергені үшін! Поп солдатты өлтірмек!.. Жетіспегені осы еді!

Үкімге риза болмаған жеңімпаз лагерь осылайша ашынды. Симурден баршаның ашу-ызасы кернеген тұнжыраңқы ортада ауыр жағдайда қалды. Бәрі де Симурденге байланысты. Ол әскери сот ретінде істегенін азаматтық делегат ретінде шегере алатын. Ол бір өзі ғана кешірім бере алатын. Ол барша билікке не: соның бір ғана ишараты бойынша Говэн бостандық ала алады. Ол өлім мен өмірдің әміршісі болды: өйткені ол гильотинаның қожайыны-тұғын. Осы қасірет буған сәтте оның әмірі аспандап тұрған.

Тек таңды күту ғана қалды.

Түн де келіп жетті.

V. Абақтыда

Сот залы тағы да қарауыл бөлмеге айналдырылды. Күзет осының қарсаңындағыдай тағы күшейтілді. Тас қамауға кіретін есікті бұрынғысынша екі жандарм күзетіп тұрды.

Түн ортасы таянғанда қолына шам ұстаған біреу залдан өтіп, аты-жөнін атады да, зынданды ашуға бұйырды. Бүл Симурден болатын. Ол камераға кіріп, есікті шала-шарпы ашық қалдырды.

Камера іші қараңғы әрі тым-тырыс. Симурден табалдырықтан аттап, қолшамды еденге қойды да, тоқтай қалды. Қара көлеңке жерде ұйықтап жатқан адамның біркелкі дем алғаны естіліп түр. Симурден осы сабырлы, алаңсыз дыбысқа құлақ тосып, әлденені ойлағандай болды.

Говэн камера түкпірінде сабан үстінде қатты ұйықтап жатыр екен.

Симурден дыбыс шығармауға тырысып, оның қасына жақындады да, жүзіне үңіліп ұзақ қарады. Ұйықтап жатқан бөбегін қызықтаған ананың жүзі де мұнан мейірімдірек болмас. Симурденнің жанарынан өз қалауынан бетер уытты сезім аңғарылып тұр. Ол бұрынғы әдетінше жұдырығымен көзін басып, бір сот тапжылмай тұрып қалды. Сонан соң жүрелеп отырып, еппен ұйықтап жатқан адамның қолын алып, ерніне тақады.

Говэн қимылдап кетіп, ұйқыдан қапылыста оянған адамның әдетінше таңырқаған жүзбен кезін шайдай ашты. Қолшамнан камера ішіне әлсіз жарық түсіп тұрған. Говэн Симурденді бірден таныды.

— Ә, бұл сіз бе едіңіз, ұстазым! Бір сәт кідіріп барып:

— Жаңа ғана түсімде ажал қолымды сүйіп жатқандай көрініп еді, — деп қоса айтты.

Симурденнің ақыл-санасын алуан түрлі сезім шарпып, тебіреніп кетті. Мұндай ой тасқынының биік болатыны және сарқырай төгілетіні сонша, адам жанын кернеп, тұншықтырып тастардай. Бірақ сезім лық кернеген Симурденнің жүрегінен ешқандай да сыбыс шықпады. Ол тек қана:

— Говэн! — деп үлгерді.

Олар бір-біріне қарады. Симурденнің көзінде суық ұшқын жайнап тұрған: мұндай суық ұшқыннан көз жасы кеуіп кететін. Говэн мүләйім түрде жымиды. Ол шынтағымен көтеріле түсіп, сөйлей бастады:

— Мен бетіңіздегі мынау тыртыққа өне бойы қарай беремін, қадірмен ұстазым, — бұл сізге менің кесірімнен дарыған қылыштың ізі ғой. Әрі... сіз күні кеше ғана менімен бірге, қасымда шайқасып жүр едіңіз: мен үшін, мені қорғаштап, сіз алыс-жұлыстың қайнаған ортасына қойып кеттіңіз. Шапағатты жарықтық сізді менің бесігім басына әкелмегенде мен кім болар едім? Мен түнекте жүрер едім. Егер тұла бойымда борыш сезім бар болса, бүл үшін сізге қарыздармын. Мен матаулы күйде жарыққа келдім. Неге десеңіз, ескінің сарқыншағы да — сол кәдімгі тұзақ қой. Сіз менен сол тұзақты шештіңіз, сіз маған еркін өсіп-жетілуіме мүмкіндік бердіңіз және жансыз қуыршақ сияқты нәрседен қарапайым, тірі бөбек еттіңіз. Мен сіз болмасаңыз, ергежейлі болып өсетін едім. Сіздің арқаңызда өмір сүріп жүрмін. Мен мырза ғана едім, — сіз менен азамат баулып шығардыңыз. Егер сіз мені ойлай алатын адам етіп тәрбиелемегенде азамат болып қана қалатын едім. Сіз маған ақиқатқа, жарыққа бастайтын жол нұсқадыңыз... Уа, қымбатты ұстазым! Рахмет, сізге, мың да бір рахмет! Сіз мені адам еттіңіз.

Симурден оның қасына сабанға отырып жатып:

— Мен сенімен бірге кешкі тамақ ішуге келдім, — деді. Говэн қара нанның қабығын қақ бөлді де, оған бір жартысын беріп, сонан соң бір құты су ұсынды.

— Әуелі сен іш, — деді Симурден.

Говэн бір ұрттады да, құтыны оған берді. Говэн бір ғана сімірсе, Симурден құмарта, ұзақ сімірді.

Жалпы бұл кешкі тамақ үстінде Говэн тамақ жеді де, Симурден ішумен болды, бұл алғашқысының жан дүниесінің саябыр-сабырлылығы мен екіншісінің толқып-тебіреніп отырғанының айқын нышаны еді. Камера үстінде үрей шақырарлық тыныштық орнай қалған. Ұстазы мен шәкіртінің арасында әңгіме басталды.

Говэн мынаны айтты:

— Ұлы оқиғалар дайындалып жатыр. Революцияның қазіргі сәтте жасап жатқаны келешекте, бұлыңғыр мұнар ішінде. Көз алдындағы жұмыстың астарында жанардан тыс жұмыс жатыр: біріншісін екіншісі тасалайды. Біздің көріп отырғанымыз — қатыгездік, көрмей отырғанымыз — тамаша дүние. Қазір мен не болатынын ап-айқын көріп отырмын. Мұның өзі қандай ерсі әрі қандай жақсы десеңізші!.. Өткен шақтың бізге өсиет еткен тағылымы зая кеткен жоқ: ол әдеттен тыс осынау тоқсан үшінші жылды тудырды.

— Нақтырақ айтсаң етті пікіріңді, — деді Симурден.

— Рақым етіңіз, ендеше. Сіз жалпыға бірдей әскери міндеттілікті, баршаға міндетті әскери парызды қалайсыз. Бірақ кіммен соғысу керек? Басқа адамдармен бе? Ал мен әскери қызметті тіпті де мойындамаймын: мен соғысты қаламаймын, бейбітшілікті тілеймін. Сіз мемлекеттің кедейлерге көмек көрсетуін қалайсыз, ал мен кедейліктің мүлде болмауын тілеймін. Сіз табысқа сай салықтың болуын қалайсыз, ал мен ешқандай салықты тілемеймін. Мен қоғамдық шығынның ең қарапайым үлгілерге саюын және қоғамдық табыстың басы артық молшылығымен өтелуін тілеймін.

— Мұны қалай істеу керек?

— Былай. Ең алдымен арамтамақтық атаулыны: дінбасының арамтамақтығын, судьяның арамтамақтығын, солдаттың арамтамақтығын құртыңыз. Сонан соң байлығыңызды пайдалануға тырысыңыз. Сіз тыңайтқышты қоқыс шұңқырына лақтырасыз, оны бороздаға тастаңыз. Францияда жердің төрттен үші бос жатыр — бүкіл жерді жыртыңыз, басы артық жайылымды құртыңыз, қоғамдық жерді баршаға тепе-тең бөліп беріңіз. Әр қызметкердің жер участогы болсын, сонда әр участокта қызметкер болсын. Сол кезде елдің жалпы өнімі жүз есе артады. Қазіргі кезде Францияда шаруа етті жылына төрт күнде жейді, ал жерді дұрыс өңдеп баптаса, Франция үш жүз миллион адамды — бүкіл Еуропаны асырай алады. Қуатты одақтас — табиғатты пайдаланыңыз, сіз оны менсінбейсіз. Желдің әрбір лүпілін, әрбір сарқыраманы, барлық магниттік тоқтарды өзіңізге қызмет еткізіңіз. Жер шары судың, майдың, оттың сарқылмас қоры — жинақтаулы аса бай жүлгелердің жер астындағы жүйесімен ерсілі-қарсылы тілгіленіп жатыр. Осы жүлгелерді қазыңыз, сонда сіз бұрқақтарыңыз үшін— су, шамдарыңыз үшін — май, ошақтарыңыз үшін — от аласыз. Ал теңіз толқынының ағыны ше? Ал теңіз суының қайтуы мен шарпуы ше? Мұхит дегеніміз не? Зая кетіп жатқан ғаламат күш. Жердің мұхитты пайдаланбауы неткен ақымақтық?

— Сен тағы да қиялға беріліп кеттің.

— Атай көрмеңіз. Мен шындықтан аулақтамаймын. Соны айтты да Говэн аз-кем кідіріп, мынаны қосып қойды: — Ал әйел ше? Сіздер әйелді неге айналдырып жібердіңіздер?

Симурден жауап берді:

— Кімге айналуы тиіс болса, соған: еркектің қызметшісіне.

— Иә, бір ғана шартпен: еркек те әйелдің қызметшісі болуға тиіс.

— Сен сандырақтап кеттің ғой! — деп қалды Симурден. — Еркек әйелдің қызметшісі деген не тағы? Бұл — ешқашан болмайтын нәрсе. Еркек — әмірші. Мен бір ғана өктемшіл билікті -еркектің үй ішіндегі билігін мойындаймын. Еркек оз үйінде — патша.

— Иә, бірақ бір шарт бойынша: әйел де өз үйінде падиша болуға тиіс.

— Басқаша айтқанда, сенің еркек пен әйел үшін тілейтінің...

— Теңдік.

— Теңдік дейсің бе? Ақылыңнан алжасқанбысың! Мүлде екі түрлі жан...

— Мен тепе-теңдікті емес, теңдікті айттым.

Тағы да үнсіздік туды — бір-біріне жасыл атып жатқан екі ақыл-ойдың жекпе-жегінде бітім туды. Үнсіздікті Симурден бұзды:

— Ал бала ше? Сен баланы кімге әпермексің?

— Ең алдымен оның ұрығын шашқан әкесіне, сонан соң оны жарыққа әкелген шешесіне, сонан соң оны тәрбиелеген ұстазына, сонан соң туып-өскен қаласына, сонан соң оның рухани шешесі — Отанына, сонан соң арғы тегі — адамзатқа.

Говэн бірер минуттай ойланып қалды да, әңгімесін қайтадан соза түсті:

— Менің ұраным — әрдайым алға жүру! Біздің назарымыз әрдайым таң шапағына, өмір туып келе жатқан жаққа, рауанға бағытталуға тиіс. Ғұмыры өткен нәрсе құлағанда, өмірге енді аяқ басып келе жатқан нәрсеге: "Жасай бер!" дейді.

Говэн сәуегейше ынтызарлықпен сөйледі. Симурден тыңдап отыр. Олар орын ауысқандай еді: енді шәкіртін ұстазы емес, ұстазын шәкірті үйрете бастағандай.

— Сен тым шапшаңсың, — деп күбірледі Симурден.

— Не істеу керек? Неге десеңіз, уақытым аз қалды да, — деп жауап қайтарды Говэн күлімсірей. — Міне, солай, қадірлі ұстазым, екеуміздің көзқарасымыздағы айырмашылық осында жатыр. Сіз баршаға міндетті казарманы армандайсыз, ал мен мектепті армандаймын. Сіз солдат адамды, ал мен азамат адамды тәрбиелегіміз келеді. Сіз оның қаһарлы болуын, ал мен одан пікір түйе алатын адам жасауды тілеймін. Сіз семсер республикасын жасайсыз, ал менің жасайтыным... ал мен жасар едім, — деп түзетті ол өзін, — ақыл-ой республикасын.

Симурден қабағын түсіріп жіберді де, көзін көтерместен:

— Ал әзірге — сен не тілейсің? — деп сұрады.

— Қазіргі бар нәрсені.

— Демек, сен қазіргі сәтті ақтайсың ғой?

— Иә.

— Неге?

— Өйткені бұл — дауыл. Дауыл не істейтінін әрқашан біледі. Найзағай өртеген бір еменнің орнына найзағайлы нөсерге қанған қаншама орман өсіп-жетіледі десеңізші! Өркениетке оба жұққан еді — революция залалды құртты. Бәлкім, залалды нәрсемен бірге кейде жақсы нәрсе де құрып жатқан шығар. Бірақ басқаша болуы мүмкін бе? Өйткені осыншама түбегейлі тазалық жұмысын атқару қажет қой! Залалдың қорқынышымен салыстырғанда революцияның қаһары деген не? Әрі құбылнама барда дауылдан қорқатындай маған не болыпты! Тұла бойымда ар-ұжданым бар кезде қаһарлы оқиғалардан қорқып нем бар?

Екеуі тағы үндемей қалды.

— Сен адам қоғамы табиғаттан әрі өрлеуге тиіс дейсің, — деді ақыр соңында Симурден. — Ал мен: бұған қол жетпейді, бүл арман ғана деймін.

— Жоқ, бұл — мақсат. Адам қоғамы болайық. Табиғаттан әрі өрлейік. Маған араның ұясына жетіспейтін, құмырсқаның илеуіне жетіспейтін нәрсенің бәрі қажет: маған өнер, поэзия, сәулет ескерткіштері, кемеңгерлер, батырлар қажет. Адамның өмірдегі нысанасы тұрмыс тауқыметін мәңгі-бақи тарта бермеу. Жоқ, жоқ, жоқ! Бұдан былай құқықсыз жандардың да, құлдардың да, каторгашылардың да керегі жоқ, тұл қалғандардың керегі жоқ! Мен рухтың бостандығын, жүректің теңдігін, адамдардың туысқандығын тілеймін. Езгі атаулы құрысын! Адам шынжыр сүйрету үшін емес, қанатын кең жайып, жер бетінде қалықтай ұшу үшін жаралған. Жер бауырлап жүрген адамның бұдан былай керегі жоқ.

Ол үндемей қалды. Көзі жайнап кетті. Ерні дыбыссыз жыбырлағандай.

Есік шала жабулы күйі тұра берді. Зынданға сырттан неше түрлі дыбыс естіліп тұр. Алыстан шыққандай кернейдің үні әзер келіп жетті: сірә, таң шапағы ойнаса керек. Мылтық дүмінің жерге қойылған дүсірі естіледі: тегі, күзетшілер ауысып жатса керек. Сонан соң қараңғыда дыбыстың бағытына қарағанда, мұнарадан біршама таяу маңда қандай да бір тақтай немесе бөрене тасып жатқандай жүріс-тұрыс басталып, балға соғылып жатқандай күңгір, ауық-ауық соққы үні естілді.

Өліктей құп-қу болып кеткен Симурден осы дыбыстарға құлақ түре отырды. Говэн оны естіген жоқ. Ол барған сайын өз ойына беріле түсті. Оның миында туындап жатқан жарқын қиялдарға берілгені сондай, тіпті дем алмай қалған тәрізді. Тәтті діріл өн бойын билеп алған. Жанарындағы таң нұры жайнай түскендей.

Осылайша едәуір уақыт өтті. Симурден:

— Нені ойлап отырсың? — деп сұрады одан.

— Болашақты, — деп жауап берді Говэн, сөйтті де, ойына тағы шомды.

Симурден сабан төсектен түрегелді: Говэн мұны аңғарған жоқ. Симурден жас жігіттен мұңды, мейірімге толы көзін алмастан, ақырындай есікке шегініп, шығып кетті. Есік қайтадан жабылды.

VI. Күн шығып келе жатқанда

Көкжиек нұрлана бастады. Күндізгі жарықпен бір мезгілде Тург қамалының қарсы алдында, қыратта, Фужер орманының үстінде, мұнда бұрын-сонды жұрт көрмеген, еп-ерсі, серейген, көктегі құс екеш құсқа да бейтаныс бір зат пайда болды.

Ол бір түнде пайда болды.

Бұл затқа алғаш қарағанда оның мұнда басы артық деген ой оралатын. Гүл шашқан тал бұтағы арасында тұрған ол көзге шыққан сүйелдей еді. Оның мұнда не керегі бар деген сұрақ еріксіз туатын, содан соң адамның құйқа тамыры шымырлап жүре беретін. Бүл жуан төрт діңгегі бар сәкі сияқты бірдеңе-тұғын. Сәкінің бір шетінде жоғары жағы ағаш иен жалғастырылған басқа екі діңгек тігінен бекітілген: ол ағашқа таңертеңгі аспанның көгілдір аясында қап-қара болып көрінген үшбұрыш ілінген. Сәкінің екінші шетінен саты түседі. Төменде, екі діңгектің аралығында, үшбұрыштың астында, жеке-жеке екі жартыдан тұратын рама сияқты бірдеңені ажыратуға болады; бұл рама сияқты зат әрлі-берлі ажырай алатын, ал қосылған кезде диаметрінде адам мойнының орташа мөлшеріне пара-пар дөңгелек тесік қалдыратын. Темір үшбұрыштан басқа бөліктердің бәрі ағаштан жасалған.

Бұл жексұрын құрылыс — гильотина болатын.

Оның қарама-қарсысында, бірнеше қадам жерде екінші бір тажал — Тург мұнарасы тұр. Тас тажал ағаш тажалды жекпе-жекке шақырғандай.

Тург қамалы өткен шақтың — Парижде Бастилия, Лондонда Таэр, ал Римде Киелі Періштенің қамалы деп аталатын қасіретті мұнарасы болатын.

Тургте он бес ғасыр — орта ғасырлар түгелдей: вассалдық, басыбайлылық феодализм шоғырланған. Гильотинада бір ғана тоқсан үшінші жыл көрініс тапқан. Әрі осы он екі ай он бес ғасырды теңгеріп түр.

Бұл — қайғылы шенеме. Бір жағынан — борыш, екінші жағынан — төлем. Бір жағынан -шытырман: помещик пен басыбайлы шаруа, заңдардың, әдет-ғүрыппен астарласып жатқан заңдардың алақұла кодексі, дінбасының судьямен одағы, адамның аяқ-қолын матап тастайтын қыруар шылбыр, мемлекеттік қазына, тұз салығы, жан басына алым-салық, шегерілмес мүлік, айрықша құқық, ескіліктің сарқыншағы, фанатизм, корольдің кеңшілігі, скипетр, тақ, озбырлық. Екінші жағынан — гильотинаның пышағы. Бір жағынан — тұзақ, екінші жағынан — балта.

Тург мұнарасы ұзақ уақыт бойы қайнаған смола, шыжғырған май мен қорытылған қорғасын құйылған атыс ұяларымен, адамның сүйегі төселіп жатқан жер астындағы тас қамауымен, адамдарды паршалаған зынданымен, бүкіл сұсты трагедиясымен абай қоқаңданып осынау шол далада жападан-жалғыз сорайып тұрды. Оның сұсты тұлғасы осынау орман үстінде зорайып көрінетін; ол орман саясының зұлмат тыныштығында он бес ғасырды бастан кешті. Бүл жерде ол бірден-бір күш, жұрт табынар бірден-бір зат, бірден-бір үрей болатын. Ол варварлықтың асқан үлгісі бола отырып, шексіз-шетсіз билік құрып келді. Кенет оның алдынан және оған қарама-қарсы дәл өзіндей қорқынышты бірдеңе — гильотина пайда бола кетті.

Тург мұнарасы гильотинаға зер сала қарағандай еді. Ол "Мұның өзі немене?" деп өз-өзінен сұрап тұрғандай. Гильотина құдды жер астынан шыға келген сияқты.

Ол шынында да жер астынан шыққан болатын. Бұл сұсты ағаш қасіретті жерде дүниеге келді. Маңдай тері мен көз жасы суарған қанға бөккен жерден, айқыш-ұйқыш ор қазылып, үңгір мен тосқауыл қаптап жатқан жерден, осыншама өліктің сүйегі қурап, шіріп жатқан тиранияның неше алуан құрбандарының, осыншама зұлымдықтың, келешектің осыншама улы дәнінің көмілген жерінен — осы жерден тағдыр қосқан күні бейтаныс-кекшіл, жалаңдаған пышағы бар қатыгез машина шыға келді де, тоқсан үшінші жыл ескі дүниеге: "Міне, мен де жеттім" деді.

Гильотинаның ескі қамалға: "Мен — сенің қызыңмын" деуге қақы бар еді. Сонда ескі қамал өзін қызының өлтіргенін сезінді.

Аспан тап осы жазғы таңдағыдай бұрын-соңды мейірлене шуақ төккен емес, арайлай атып келе жатқан таң осыншама хош, жұпар иіс шашқан емес. Самал жел тал көгін желбіретіп тұр: таңсәрідегі тұманның соңғы сілемі шалғын үстімен ақырын жылжып барады; жылғаның нәрлі ылғалы бойына тараған Фужер орманы таң атарда фимиам толы зерендей буы бұрқырап жатты. Көгілдір аспан, алашабыр бұлт, мөлдір айдын, алқоңыр түстен жақұт түсіне дейін құбылып тұрған, алуан реңктегі жасыл желек, бір-бірімен құшақтаса аймаласқан шоқ ағаштар, көк майса шөп, кең жазық, терең сайлар — осының бәрі тазалық пен пәктік нышанын өз бойына дарытқандай: табиғат осынысымен адамға: "Үйрен менен" деп тұрғандай. Әрі осынау таңғажайып көріністің қақ ортасында адам ғана өзінің бүкіл арсыздығын жұрт көзіне жайып салып тұрғандай: осынау ерен сұлулықтың ен ортасында бір-біріне қарама-қарсы қамал мен эшафот, соғыс пен азап, қанқұйлы ғасырлардың туындысы мен қанқұйлы сәттің туындысы — өткен шақтың түнгі жапалағы мен болашақтың жарқанаты түр. Әрі осынау гүл жайнаған, хош иісті, мейірімге толы, тамаша табиғаттың алдында жомарт күн, зеңгір аспан мұнара мен гильотинаға да алтын рауан төгіп, жұртқа: "Қараңдаршы, мен не істеп тұрмын, ал сендер не істеп жатырсыңдар?" дегендей.

Бүл көріністің өз көрермендері бар. Экспедициялық отрядтың торт мың солдаты қырат үстінде қамалға қарама-қарсы жауынгерлік тәртіппен сапқа тұрғызылды. Олар "Е" әрпі сияқты бірдеңе құрап, гильотинаны үш жақтан қоршап тұрды. Ең ұзын, ортаңғы қатардың ортасына орналасқан артиллерия батареясы осы "Е"-нің белдік сызықшасы болатын Гильотина тірі қалау тәрізді осы жауынгерлік саппен қоршалған: екі шеті ор үстіндегі жиекке дейін созылып жатқан бүл тірі қалаудың төртінші, ашық жағы ор жиегімен шектеліп, қамалға қарап түр. Бос кеңістікте, осынау ұзын төрт бұрыштың ортасында эшафот сораяды. Күн көтерілген сайын гильотинадан шөпке түскен көлеңке қысқара берді, қысқара берді.

Зеңбіректердің жанында жағулы білте ұстаған артиллеристер тұр.

Мұнара діңгегіне судьялар мәжіліс үстел және арқалығына үш түсті ту бекітілген орындықтар апарылды. Күн Тургтің арғы жағынан шығып келе жатты және ашық аспанда үйдің еңгезердей тұрпаты қара дақ болып көрінеді, ал мұнараның діңгегінде — тулардың саясында тұрған судьяның орындығы, орындықта қолын қусырып бір адам тапжылмай отыр.

Бүл Симурден еді. Бәрі үн-түнсіз. Солдаттар мылтықтарын аяғына сүйеп, қабақтары салыңқы тұр. Олар бір-бірінің шынтағына тиіп тұрса да, әңгімелескен жоқ. Олар осынау сұмдық соғысты, өздері қатысқан қыруар шайқасты, өздері қасқая қарсы жүрген бұрыштан атылған оқты, алынған қамалдарды, өздері ұтып шыққан ұрыстарды, жеңістерді еске алды және оларға осы даңқ түгелдей масқаралыққа айналып бара жатқандай көрінді. Зілдей ауыр күту сезімі баршаның жүрегін езгілеп жатқандай. Жендеттің гильотинаның сәкісі үстінде әрлі-берлі жүргені көрініп тұр. Жарқырап атып келе жатқан таң көкжиекке нұрын шашты.

Кездемемен таңып тасталған барабанның дүңгірлеген даусы естілді. Бүл азалы үн жақындай түсті. Солдаттардың қатары қақ айрылды: процессия жұрттың қаумалаған ортасына еніп, эшафотқа беттеді.

Әуелі қара барабандар көрінді, соңында мылтықтарын төмен ұстап, гренадерлер ротасы келе жатты, сонан соң айыпкер көрінді. Жандармдардың екінші взводы шерудің ең соңында.

Говэн бос келе жатыр: қолында да, аяғында да кісен жоқ. Үстінде жорық кезінде киетін формасы, жанында сапысы.

Жүзіне қуанышты ой ұшқын шашып тұрғандай; бұл ой ол Симурденге "Мен болашақты ойлап отырмын" деген сәтте жүзін нұрландырып жіберген болатын.

Ол үкім орындалатын жерге жеткенде ең алдымен мұнараның діңгегіне қарады. Гильотинаға бұрылып та жатпады. Ол Симурденнің үкім орындалар кезде осында келуді өзіне борыш санарын білді, Говэн көзімен соны іздеген. Тапты да.

Симурден өліктей, өңі құп-қу, қан-сөл жоқ, отырған орнынан тапжылар емес. Жанында тұрған адамдар оның тынысын естіген жоқ. Ол айыпкерді көргенде селт етпеді, тіпті қабағын да шытпады.

Осы екі арада Говэн эшафотқа таяп қалды. Ол жүріп келе жатып, Симурденнен көз алмады, Симурден де соған қарап тұрды, ол Говэннің көзқарасынан өзіне медеу тапқандай еді.

Говэн эшафоттың іргесіне келіп, сәкіге шықты. Гренадерлер ротасын басқарған офицер оған ілесе көтерілді. Говэн сапысын шешіп, офицерге берді; сонан соң галстугін шешіп, жендетке берді.

Ол бұрын-соңды дәл қазіргідей шырайлы болған емес. Оның қолаң шашы желмен желбіреп тұрды — ол кезде еркектер шашын қысқа алдырмайтын. Оның аппақ мойны әйелдің мойнындай нәзік те шымыр еді, ал өткір де айбынды көз жанары ерекше мейірімді болатын. Ол эшафот үстінде тұрса да, армандаумен болды. Эшафот та шың ғой. Говэн бойын тік жазып, байсалды да сабырлы қалпымен түр. Күн оған нұрын шашып, шұғыласына бөлеген.

Айыпкерді байлау керек еді. Жендет қолына жібін алып, оған жақындай түсті.

Бірақ осы арада солдаттар өздерінің жас командирін қазір пышаққа салатынын көріп, шыдай алмады, тіпті, соғыстың нелер сұмдығына еті үйреніп кеткен бүл адамдардың да жүрегі жарылып кете жаздады. Жан шошырлық бірдеңе — армияның аһ ұрғаны естілді. "Кешірім! Кешірім!" деген баршаның айғайы естілді. Кейбіреулер жүрелей құлап, кейбіреулер мылтықтарын лақтырып тастай, Симурден отырған мұнараның діңгегіне қолдарын жайды. Бір гренадер гильотинаға қарап: "Мұнда орынбасарды қабылдай ма? Мені алыңдар!" деп шыңғырып жіберді. Бәрі де: "Кешірім! Кешірім!" деп жан ұшыра қайталады. Жабайы аң екеш аң да бұл өксіктен жаны елжіреп кетер еді немесе зәресі ұшып зыта жөнелер еді, солдаттың көз жасы құт қашырарлық.

Жендет не істерге білмей, әрі-сәрі болып тұр.

Сонда қоңыр әрі төтен дауыс, бірақ сұстылығы сонша, барша жұртқа айқын естілген дауыс мұнараның жоғары жағынан:

— Заң орындалсын! — деп айғай салды.

Бұл қайтпас-қайсар дауыс баршаға таныс болатын. Симурден сөзін айтты. Армия түршігіп кетті. Жендет енді қобалжыған жоқ. Ол жібін созды.

— Сабыр етіңіз, — деді оған Говэн.

Ол мұнара жаққа қарай бұрылып, бос оң қолымен Симурденге қоштасу белгісін беріп, сонан соң өзін байлаттырды.

Өзін байлап болған соң ол жендетке:

— Ғафу етіңіз, тағы бір сәтке, — деді.

Сөйтті де:

— Жасасын республика! — деп айғайлады.

Оны тақтайға салды: сұлу, тәкаппар басын масқаралық қарғыға сұғып жіберді. Жендет оның желкесіндегі шашын ақырын көтеріп, пружинаны басып қалды. Үш бұрышты пышақ орнынан қозғалып, әуелі ақырын, сонан соң тездете төмен зымырады. Жиіркенішті дыбыс естілді...

Тап сол мезетте екінші бір дауыс шықты — балта соққысына тапанша даусы саңқ етіп жауап қатты. Симурден белбеуінен тапаншаны суырып алды да, Говэннің басы себетке домалап түскенде, өзінің жүрек тұсынан атып жіберді. Аузынан бұрқ етіп қан шықты. Ол жансыз құлап түсті.

ЕСКЕРТУЛЕР

Патриоттар — Францияда республиканы жақтаушыларды жұрт осылай деп атайтын.

"Сен көктермен біргесің бе? Ақтармен бе? Кіммен біргесің?" — Бальзак "Шуандар, немесе Бретань 1799 жылы" деген романында былай деп жазады: "Қырғи қабақ болған сол кезде Батыс Францияның тұрғындары республиканың барлық солдаттарын көктер дейтін. Мұндай лақап ат қызыл жиекті республикалық тұңғыш мундирге байланысты шықты..." Ақтар деп корольдің жақтастарын (роялистерді, монархистерді) солардың ортасына алтын лилия гүлі салынған ақ туына орай атайтын.

Сеньор — феодалдық қоғамда өзіне тиісті иелікте өкімдік билікке не болған жер қожайыны.

Гугеноттар — католиктік шіркеуден бөлініп кеткен француз протестанттары.

Кюре — Францияда католиктік қауымның дінбасы.

"... галераға айдапты" — каторга жұмысына (байырғы кезде — мемлекеттік кемелерге: галераларға, каторгаларға ескекші етіп) жіберу.

1782 жылы 10 тамызда көтеріліске аттанған халық корольдің Тюильри сарайын басып алды, ал 13 тамызда король Людовик XVI жасы кіші дофинмен, тақ мұрагерімен бірге (ол да Людовик болатын) Париждегі Тампль мұнарасына қамалды. 1793 жылы 21 қаңтарда Людовик XVI жазалап өлтірілді.

Корвет — үш мачталы ескі әскери кеме.

Каронада — салмағы әр түрлі ядро ататын ескі теңіз зеңбірегі.

Фрегат — крейсерлік, яғни байқау-күзет қызметіне және барлау қызметіне арналған үш мачталы әскери кеме.

Шевалье — феодалдық Франциядағы дворяндық титул (баронмен тең).

Лоцман — фарватерді (белгілі бір су айдынында кеме жүре алатын жолды) жақсы білетін және сол жолмен кемені алып жүретін адам.

Шкипер —коммерциялық (сауда-саттық) кеменің капитаны: әскери кеме мүлігін басқаратын қызмет адамы.

Кокарда — бұл жерде: бант; республикашылар үш түсті кокарда тағып жүретін (қарттың жасыл кокардасы туралы айтылатын жерді қараңыз).

Граф д-Артуа — революция құлатқан Бурбондар династиясының өкілі. Ол (басқа принцтер: граф Прованскиймен және принц Кондемен бірге) контрреволюция күштерін ұйымдастырушы болды.

"Монитер" — үкіметтік баспасөз органы ретінде ұзақ уақыт шығып тұрған француз газеті (1789-1901).

Киль толқуы — бүйір толқудан өзгеше ұзына бойға толқу; киль — кеме корпусының төменгі жағының негізі болып табылатын ұзына бойғы бөрене.

Канонир — зеңбірекші.

Трап — кемелерде болады: саты.

Фок—мачта — кеменің алдыңғы мачтасы.

Грот—мачта — желкенді және ескекті кемелердегі ортаңғы, ең биік мачта.

Ганшпуг — рычаг, сырық, тұтқа.

Форштевень — кеменің салмақты бөлігі, кильдің жалғасы және кеменің тұмсық жағын құрайды.

Монсеньор — ("менің сеньорым") байырғы Францияда тегі не мансабы жоғары адамдардың сыпайы атауы (мысалы, монсеньор-епископ).

Лье — француздың ескі ұзындық өлшемі, 4,5 километрдей.

Жан Шуан (өзіне тән ысқырығы бойынша оның Жан Филин, Жан Жапалақ деген лақап аттары болған, шын ата-тегі Жан Котро) - 1793 жылдың аяқ шенінде республикаға қарсы бүлік шығарған Вандея контрреволюциялық бандаларының аса қауіпті жетекшілерінің бірі.

Ливр — Францияда ежелгі күміс ақша (монета), бағасы әр заманда әртүрлі болған.

Су — француздың ұсатқыш майда монетасы; қазір франктың 20-дан біріне тең (5 сантим).

Луидор — алтын ақша, он сомдық.

Стратег —қолбасшы, соғыс жүргізу өнерінің білгірі.

Маркиз —дворяндық титул, герцог пен графтың аралығында, ал виконт — граф пен баронның аралығында.

"Марсельеза" — 1792 жылы Ружс-де-Лиль жазған революциялық ән. Алғаш рет Марсель еріктілері айтқандықтан, аты ("марсельдік") да содан шыққан; кейіннен Француз республикасының ұлттық гимніне айналды.

Митра — епископтардың (және кейбір дінбасыларының) бас киімі, құдайға табынған кезде киеді.

Скипетр — шоқпар (әдетте асыл тастармен және ою-өрнекпен безендіріледі) патшалық (корольдік) өкімет билігінің белгісі.

Стихарь — құдайға табынған кезде киетін дьяконның жеңі кең ұзын етекті киімі.

"Карманьола" — 1792 жылы пайда болған француздың ұлттық революциялық әні мен биі.

Бастилия — 1789 жылы 14 шілдеде халық қиратқан Париждегі қамал-түрме; Бастилияның алынуы жыл сайын Францияда ұлттық мейрам ретінде тойланады.

Робеспьер Максимилиан (1758-1794), Дантон Жорж (1759-1794), Марат Жан-Поль (1743-1793) — бірінші француз буржуазиялық революциясының аса ірі қайраткерлері.

Қызыл мундирлер — ағылшын солдаттары.

Брауншвейг — герцог Карл Брауншвейгский, 1792 жылы монархияны қалпына келтіру мақсатымен Францияға басып кірген пруссиялық-австриялық-гессендік әскерлердің бас командашысы (оларға он торт мың эмигрант қосылды).

Гильотина — басты кесу арқылы өлім жазасын орындайтын құрал; бірінші француз буржуазиялық революциясының тұсында доктор Гильотеннің ұсынысы бойынша қолданыла бастады.

Эшафот — өлім жазасын орындауға арналған сәкі.

Шаретт де-ла-Контри Франсуа — текті Бретань дворянині; 1793 жылдың наурызынан Төменгі Вандеяда контрреволюцияның басында тұрды. Ол отанға қарсы толып жатқан қылмыс жасаумен қарабет болып, 1796 жылы 29 наурызда жазалап өлтірілді.

Тампль — Париждегі Тампль мұнарасына француз тағының жасы толмаған мұрагері (дофин) басы кесілген король Людовик XVI-ның баласы -Людовик Капет қамалған болатын; эмигранттар оны Людовик XVII деп атайтын.

Мария-Антуанетта — француз королевасы, Людовик XVI-ның зайыбы, Людовик XVII-ның анасы; 1793 жылы 16 қазанда жазалап өлтірілді.

Пий VI — сол кездегі Рим папасы (1755 жылдан 1789 жылға дейін).

Шарлотта Корде (1768-1793) — Нормандиядан шыққан кедейленген дворянның қызы. Оның екі ағасы бірдей 1792 жылы эмиграцияға кетіп, принц Конденің армиясында Францияға қарсы соғысты. Парижден қашып кеткен жирондист-депутаттардың контрреволюциялық үгітінің ықпалымен Шарлота Корде революцияшыл астанаға аттанып, Маратпен дидарласуға қолы жетеді де, оны өлтіреді. Төрт күннен соң өзі жазалап өлтірілді.

Питт Кішкентай Вильям (1759-1806) — Англияның 1783 жылдан премьер-министрі, революцияшыл Францияға қарсы, содан соң Наполеон І-ге қарсы соғыстардың жігер берушісі және ұйымдастырушысы.

Жаршы — халыққа ресми хабарларды жариялайтын адам.

Геркулес — Геракльдің жүректілігімен және төтенше күшімен көзге түскен ежелгі Грецияның аңыздағы батырының латынша аты.

Вольтер (1694-1778) — француздың аса ірі ағартушы — жазушыларының бірі: ақын, драматург әрі новеллист, тарихшы, публицист және философ.

Руссо Жан-Жак (1712-1778) — француздың ағартушысы, оның идеялары бірінші француз буржуазиялық революциясын дайындауда үлкен роль атқарды.

Фурьер — азық-түлікті, жемшөпті дайындауды, сондай-ақ бөлім басқа жаққа ауысқанда офицерлер мен солдаттарды орналастыру үшін пәтер табу жұмысын басқаратын адам.

Орыс тілінен аударғандар Балмағамбет Қойшыбаев, Аманғали Сұлтанов


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз