Өлең, жыр, ақындар

Жамбыл Жабаев туралы

1945 жылдың 22 июнь күні, таңертеңгі 7 сағат 55 минутта біздің дәуірдің ең ардақты ақыны, халық поэзиясысының ақсақалы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, үш орденді Жәкең 100-ге қараған жасында қайтыс болды.

Көп ұлтты, бір тілекті, Ленин партиясының мәңгі жасайтын қызыл туының саясында бақытты дәурен сүрген совет халқының еңкейген кәрісі мен еңбектеген жасында Жәкеңді білмейтін кісі жоқ, себебі Жәкен, социалистік дәуір жасаған совет халқының қуаныш, қайғысына ортақ бола білді, социалистік дәуірдің жетістігін өзге ақындардан асыра жырлай білді. Сондықтан да, большевиктік баспасөздеріміздің бетінде, жиналыстарда жасалған баяндамаларда, плакаттарда, әдеттегі сөздерде Жәкеңнің данышпандық жырлары үлгі, мақал-мәтел, афоризм ретінде қолданылады.

Бүкіл совет халқы болып ардақтаған Жәкеңнің шығармалары шетелдерге де аз тараған жоқ. Халқының, бостандығы үшін күрескен Испания республикашылары, Жапония милитаристеріне қарсы күрескен қытай халқы, тағы сол сияқты бостандық көксеген елдер Жәкеңнің совет бостандығын шалқи жырлаған сөздерін өз тілдеріне аударып, ұран орнына қолданды.

Жәкең әлеуметтік және жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі. Бірақ оқушы көпшілікке ескерте кететін нәрсе: Жәкен, де, сөзді өлеңмен сөйлейтін өзге ақындар да ешуақытта өлеңдерін жинау, немесе сақтау мақсатымен айтпайды, олар кезегі келген жерде өлеңмен сөйлеп қалады да, сол өлең сөзді тыңдаушылардан ұғып тарататындар, болмаса ақынның өзі айтқан өлең-сөзін есіне сақтауға тырыспайды, қайталап айтпайды. Сондықтан да қазақтың я болмаса басқа елдердің халық ақындарының бір зор тарихи оқиғаға арнаған ұзақ желілі жырлары, я ұзақ көлемді айтыстары, болмаса, қысқа тақырыпқа арнаған жырларының жүзден тоқсан тоғызы ұмытылып отырады. Арғы ғасырлардың ұмытылған қазақ ақындарын айтпағанда, XIX ғасырда аттары мәлім қазақ ақындарының көбін айтыс жанры арқылы ғана білетіндігіміз де осыдан.

Жәкең 100 жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өтті. Сөзді өлеңмен сөйлейтін адамның, 85 жылда қаншалық өлең айтуына сан да жетпес еді, сонша көп өлеңді Жәкең де, оның өлеңін тыңдаушылар да есіне сақтай алмас еді. «Жәкеңнің тыңдаушысы» деген сөздің де ерекше мағынасы бар. Бірнеше аудан боп отырған Шапырашты және оған көрші Дулат руларында Жәкеңмен қатар жасаған бір де адам жоқ екен. Осы екі руда Жәкеңнен кейінгі қарт ақындар дейтін: Кенен мен Үмбетәлінің екеуі де Жәкеңнің, алғашқы ұлдары — Қожамбердімен Қожаштан кіші екен. Сондықтан да, Жәкеңнің шәкірттері саналатын Жәкеңнің жырларын көп біледі дейтін Кенен, Үмбетәлі тағы басқалар, ұстаздарының айтыстарын ғана есте сақтап, өзге өлеңдерін өте аз біледі.

Жәкең ақындардың қашанғы дағдысы бойынша ел арасында жырларын айтып жүреді, соңғы жылдарға дейін ол жырларды жазған, жинаған кісі болған емес. Осындай ескерусіздіктің салдарынан, Жәкеңнің де басқа халық ақындарының да революцияны, совет өкіметін құттықтап айтқан, ауылдағы тап күресінің, социалистік құрылысты сипаттап айтқан жырларының көбі сақталмады.

Қазақстан өкіметінің Жәкеңе айрықша көңіл бөлуі 1936 жылдан басталады. Сол жылы, апрель айында, Алматы қаласында болатын қазақстандық бірінші ақындар слетінде Жәкең ерекше көзге түсті де, сол слеттен бастап, бұрын кең Қазақстанның Алатау өлкесіне ғана мәлім Жәкеңнің аты бүкіл Қазақстанға тарады. Слеттің артынан Жәкең әлемге әйгілі «Туған елім» деген жыр айтып, бұл тамаша жыр орыс тіліне аударылып «Правда» газетіне басылды. Советтер Одағындағы барлық халық Жәкеңді осы жырынан кейін ғана білді, содан кейін дүниеден көзін жұмғанша, Жәкеңнің жырлары «Правдадан» бастап, Советтер Одағындағы барлық тілдегі газеттерде басылып отырды.

Жәкеңнің аузынан шыққан жырлардың бәрі 1936 жылдың, бер жағында ғана түгел жазылып отырды. «Туған елімді» ең алғаш жазып алған — қазақтың белгілі ақыны Әбділдә Тәжібаев. Одан кейін, 1936 — 1938 жылдары үнемі Жәкеңнің қасында боп, жырларын жазып отырған ақынымыз — Қалмақан Әбдіқадыров. 1938 — 1942 жылдардың арасында Жәкеңнің шығармаларын ақын Тайыр Жароков жазып ап жүрді, 1942 жылдан бастап, Жәкең дүниеден көзін жұмғанша үнемі қасында боп, барлық жырларын жазып отырған ақынымыз — Ғали Орманов.
1936 — 1941 жылдардың арасында Жәкеңнің барлық жырларын орыс тіліне аударған Павел Николаевич Кузнецов осы еңбегі үшін 1940 жылы П. Н. Кузнецовқа «Құрмет белгісі» ордені берілді. 1941 жылдың июнь айында П. Н. Кузнецов өзі тіленіп майданға кеткеннен кейін, Жәкеңнің Отан соғысына арналған барлық өлеңдерін орыс тіліне Марк Тарловский аударды.

Жәкеңнен 1936 жылы жазылып алынған жырдың саны — 16, өлең жолы — 1350 шамалы, 1937 жылы жазылып алынған жырдың саны — 40, өлең жолы — 4500 шамалы, солардың ішінде «Клим батыр», «Өтеген батыр» сияқты ұзақ екі поэма бар.
Бұл цифрлардан көрінетін нәрсе: егер жазып алушы кісі болса, Жәкеңнің жырды қалай өндіріп айтатындығы еді. 92 жасында, бір жылда 4500 жолдай жыр айтқан Жәкең 25 немесе отыз жастарында бір жылда қанша жыр айта алатынын шамалауға болады.
Біздің бұл арада айтайын деп отырғанымыз: Жәкеңнің қай жылда қанша жыр айтқанын есептеу емес, оның революциядан бұрын, тіпті 1936 жылға дейін айтқан жырларын оқушы көпшіліктің есіне салу.

1936 жылдан бастап, газеттерде басылуынан басқа, қазақ, орыс және Советтер Одағындағы басқа бауырлас елдер тілінде Жәкеңнің жырларының жинақтары кітап боп шыға бастады. Бірақ, бұл жинақтардың көпшілігінде Жәкеңнің совет өмірінен алған жырлары ғана басылды да, революциядан бұрынғы жырлары басылмады. Сондықтан, Жәкеңнің оқушылары «Жамбыл революциядан бұрын не айтқан?» деген сияқты заңды сұраулар беріп жүрді.

Бұл сұрауға қазақ тілінде бірінші жауап — 1940 жылы берілді. Осы жылы СССР Ғылым академиясының қазақстандық филиалының Жамбыл атындағы Тіл-әдебиет секторы Жәкеңнің жырларының, I томын жариялады. Томға, бірінші рет Жәкеңнің бұрын баспаға шықпаған, революциядан бұрынғы бірнеше ұсақ өлеңдері, айтыстары, дастандары кірді; Жәкеңнің революциядан бұрын-соңғы шығарған жырларының, көбіне комментария берілді. Томның басына бірінші рет Жәкеңнің өмірбаяны жарияланды.

Осы томның Жәкеңнің өмірін және шығармаларын і.шуда маңызы зор. Бірақ сонымен қатар, кемшілігі: ең алдымен өмірбаянының материалы жеткіліксіз, кей жерде үстірт, шалағай болуы; екіншіден, «I том» аталмағанмен, 11 томға кіретін материалдардың филиалдың қолында і.оқтығы; үшінші, революциядан бұрынғы жырлардың, әлі де болса аз жиналғаны еді.

1936 жылдан бастап, Жәкеңнің революциядан бұрын соң да шығарған жырларын жиып алу міндеті түгелімен Қазақстан Жазушылар одағына жүктелді. Жәкеңнің жырларын жазып алуға Жазушылар одағының Әбділда, Қалмақан, Тайыр, Ғали сияқты қазақ жазба поэзиясының көрнекті ақындарын бөлуі де осыдан. Жоғарыда айтылған I томға кірген материалдар түгелімен сол төрт ақынымыздың жазып алғандары деуге болады.

I том жарияланғаннан кейін, ондағы олқылықты көрген Жазушылар одағы Жәкеңнің өмірбаяндық материалдарын жинай түсуге, революциядан бұрынғы жырларынан «Жәкеңнің есінде қалғанын жазып алуға кірісті.

Осы игілікті жұмыс бастала бергенде, Ұлы Отан соғысының өрті лаулап жүре берді. Отаншыл ақын — Жәкең, жасым 96-ға келді деп отырмады, жастық қайратын бойына жинап, Отан қорғау темасына жыр артынан жыр шығарды да отырды. Ескі жырларын еске түсіруге ақында уақыт болмады. Сондықтан, соғыс жылдарында Жәкеңнің қасында болған ақынымыз Ғали Орманов уақытының көбін Жәкеңнің соғыс темасына шығарған өлеңдерін жазып алуға жұмсап, революциядан бұрын, яғни 1936 жылға дейін айтқан жырларын жазып алуға уақытты аз тапты.

Әйткенімен, Ғалидың табысы да аз болған жоқ. Ол Жәкеңнің революциядан бұрын айтқан ұсақ жырларынан 40 шақтысын жазып алды; Айкүміспен айтысын, Нұрила мен ақындардың айтысын және Жамбылдың берген төрелігін тапты. Бұлардың бәрі — Жәкеңнің ақындық бейнесін айқындай түсуге аса қажетті материалдар. Сонымен, 1946 жылы, Жәкеңнің 100 жасқа толу мерекесінің қарсаңында шыққалы отырған Жәкен, жырларының бір томдығы, ақынның әзірге толық жинағы. Бұл жинаққа ақынның Отан соғысына арнаған барлық өлеңдері де кірді.

Әрине, мұнымен Жәкеңнің жырлары түгел жиналып болды деуге болмайды. Ел арасында шашыраған оның өлең-жырлары әлі де көп болуы керек, оларды жинау — әлі аяқталмаған міндет.

Жәкең ақындығының үстіне зор әңгімеші кісі еді. Қазақ елінің, көршілес Шығыс елдерінің басынан өткен кейбір қызғылықты оқиғаларды айтқанда "тыңдаушылар көркем повесть, я роман оқығандай құмары қанып отыратын. Бірақ, зор өкініші сол — әңгімелердің ешқайсысы жазылып алынбады. Егер осы әңгімелерді, я Жәкең ертеде айтатын ұзақ поэмаларды білетіндер болса, оны жазып алу аса қымбатты еңбек болар еді.

Оқушы көпшілікке ұсынылып отырған бұл еңбектің алдына қойған міндеті — ақын туралы жиналған мәліметтерге сүйене отырып, оның ата тегімен, өмірбаянмен, ақындық қызметімен қысқаша таныстыру.

Жамбылдың әкесі Жапа1 орта дәулетті болған деседі. Жапаның тұсында Жетісудағы Ұлы жүз (Жәкеңнің руы — Үйсін, Үйсін ішінде Шапырашты, оның ішінде азғана тұқым Екей аталады) Қоқан хандығына бағынып тұрған. Ол кездің ханы Құдияр аса қиянатшыл жауыз болады. Құдиярдың халыққа көрсеткен қорлығы, Жәкеңнің «Сұраншы батыр» деген поэмасында толық сипатталады.
Қоқан қорлығына шыдамаған Ұлы жүз елі көтеріліс жасағанда, Жәкеңнің әкесі Жапа ерлігімен көзге түскем батыр жігіттердің бірі болады.
Жапаның Ұландай дейтін әйелінен үш ұл туған: Тәйті, Жамбыл, Қоман.

Жәкең Шу өзенінің бойындағы Жамбыл тауының етегінде туғандықтан, әкесі атын Жамбыл қойыпты. «Жамбыл» монғолша «сарай» деген сөз болса керек, Жамбыл тауы да, барлық Жетісу өлкесінде XIX ғасырға шейін монғол және түрік тұқымдас рулардың кезек жауласып алған жері болған.

Тентек атанған бала Жамбыл, кішкене күнінде әкесі Жапа ауылдағы молдаға сабаққа берем дегенде, қашып ұстатпай жүреді. 17 жасқа келгенде жақсы көретін ағасы Тәйтінің өтінішімен Жәкең, молдаға сабаққа барады. Кадим оқуының барлық молдалары сияқты, бұл молда да оқытқан балаларын дүрелейді екен. Сол дағдымен дүреге жыққанда Жәкең молданы боқтайды да, кетіп отырады.

— Бұл жолы бетімен қашпай, арызымды әкеме өлеңмен айттым, — дейтін еді, Жәкең.

Жәкең бұл өлеңінде, әкесінен «оқуға бар деме» деп өтінуімен қатар, бойында ақындық дарын барлығын, енді не ы жолға түсуіне рұқсат етуін сұрайды.

— Әкем ақын болғанымды ұнатпады, — дейтін Жәкең. — «Оқуға бармасаң барма, бірақ ақын болмай-ақ қой», — деді. Неге деп ем: «Екейде елу бақсы, сексен ақын деген атақ аз боп жүрме? Сексен бірінші боп қайтесің», — деді.

— Содан кейін сабаққа бармадым, — дейді Жәкең, — өмір бойы әліпті таяқ деп білмейтін боп қалдым. Бірақ ақындыққа құмартудан тынбадым. Әкемнен жасырып ауыл арасында қыз-қырқынмен айтыса бердім.

Бір күні Жәкеңнің аулына қазақ халқына белгілі, атақты Сүйінбай ақын келеді. Оның келуіне себеп: осы кезде Екей руынан Айдос баласы Сарыбай деген шығып, бытыраған Екейді жинауға кіріседі.

Жетісу елін патша өкіметі XIX ғасырдың, 50 жылдарында басып алған ғой. Осы жорықты бастаған генерал Колпаковскийге Сарыбай жәрдемші боп, біраз елді жанжалсыз бағындырған екен сол себепті Колпаковскиймен жақын болған екен. Сол жақындығына сүйеніп, Сарыбай бытыраған руы — Екейді жинайды да, қазіргі Ұзынағаш деревнясы мен Қарақыстақ деген өлкенің екі арасынан ол араны бұрын мекендеген Есқожа руын сырғытып, қоныс а лады. Есқожа жерін бергісі келмегенмен, Колпаковскийге сүйенген Сарыбай, белдесіп келгенде шыдатпай, жеңе береді. «Алты қасқыр аңдай шабады, ақсақ қасқыр жандай шабады» деген мақал осы кезде шығады. Алты қасқыр — Есқожаның ру басы алты адамы болса керек. Ақсақ қасқыр — Сарыбай еді деседі, Сарыбайдың оң аяғы ақсақ екен. Сарыбайдың баласы Қисыбаймен қалжыңдап айтысқанда, Жәкең:

Қисыбай, әкең де ақсақ, шешең де ақсақ,
Екі ақсақтан туыпсың сен боп жақсы-ақ, —

деп мысқылдайды.

Бытыраған Екейді жинап жүріп, Сүйімбай Жапаның үйіне кеп қонғанда, Жапа «Осы елге үйреніп қалып ек, қалай көшеміз» деп толқиды, сонда 18 жасар Жамбыл: «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», деген емес пе, әке? Көшейік», — депті.
Көнген Жапаны Сүйімбай көшіріп әкеп, Майтөбе деген жерге орналастырыпты. Сол арада Жапа ауылы 1930 жылы ел колхоз болғанға дейін отырып, колхоз болғанда, қасына жылжып қонады.

Ақын болам деуге әкесінен бата алмай, Жәкең, ауылы Майтөбеге көп орныққаннан кейін, көбіне Сүйімбайды сағалап, соның қасына еріп жүреді де, ол кезде бүкіл Екей руына аға болған Сарыбайға 20 жасында көп өлеңмен арыз айтады. Арызында өз тұсындағы адамдарының әртүрлі кәсіпте екенін айта кеп, аяғын:

Қайсысын маған соның еп көресіз? Әкетсем өзім таңдап өкпелерсіз. Сүйекемнің сүйгенін ойласаңыз. «Өлең, болсын серігің» деп берерсіз, — деп бітіреді. Сарыбай бұл тілегін қабылдап, Жапаға: «Балаң ақын екен, бетін қақпа», — дейді. Сол күннен бастап Жәкең ақындық жолға біржола түседі. Бірақ, бұл жолында ол өз бетімен кете бермей, Сүйімбайды ұстаз етеді, одан үйренеді, Жаныс деген ақынға:

Менің, пірім — Сүйімбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай,
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай, —

дейді Жәкең.

Еңбекші семьяда туып, болашақта маңдайына халық ақыны болу жазылған Жәкеңнің Сүйімбайды пір тұтуы — жай тұту емес.
Ақын атаулының бәрі бір қалыпты болмаған, олардың ішінде байлардың асына ар-намысын сатып, байды мақтап тамақ асырайтындары да болған, байлардың, әкімдердің мінін бетіне айтып, халық мұңын жоқтаушылар да болған. Сүйімбай соңғы жүйеге жатады. Бір мысал алайық: Сүйімбайдың тұсында бүкіл Жетісу өлкесін Тезек тере Абылайханов билеген. Осы Тезек амандаспақ боп үйіне сұраусыз кіріп барған Сүйімбайды сабатпақ болғанда, Сүйімбай:

Келіп едім, хан Тезек, көрейін деп,
Пайғамбардың сәлемін берейін деп
Аттандырған екі ұрың жылқы ап келмей,
Хан, тұлданып тұрмысың өлейін деп?
Кесіп алсаң, бас міне, батыр Тезек
Өлмейтұғын адам жоқ темір өзек.
Сәлемге келген жанды қыра берсең
Ұры төре, саған да келер кезек...
Атандың осы күнде Тезек төре,
Елден жылқы қоймаған кезеп төре.
Төре менен тентекті тыяд десе,
Өзің ұрлық қыласын, әттегене...
Ұрыларың басымды кесіп алар,
Қанжығаға өткізіп тесіп алар,
Шапырашты, Дулатым қаптап кетсе,
Отыз үйлі төренің несі қалар!.. —

депті. Тезек Сүйімбайдан қаймығып, қабылдап, өле-өлгенше сыйлап өтіпті.

Сүйімбай Тезекті ғана емес, халықты қанаушылардың бәріне осылай қарсы боп өткен, үнемі бұқарашылық бағытта болған ақын. Жәкеңнің жасынан халықшыл, қанаушы тапқа қарсы боп өсуіне Сүйімбайдың әсері ерекше тигенін Жәкең айтып отыратын «оны пірім дейтінім, басында мені бай мен манапқа қарсы болып есірген Сүйекең» дейтін.

Сүйімбайды пір тұтып, 15 жасынан ақындық майданына түскен Жәкең 99 жасқа кеп өлгенше әлеумет тұрмысына өлеңнен басқа іспен араласпаған, сондықтан, Жәкеңнің 15-тен кейінгі өмірбаянын біз, көбінесе, оның ақындық тұрғысынан іздейміз.

Жапа — малжандылау сараң кісі болса керек, сондықтан, үлкен ұлы Тәйтіні үйлендіріп, Жамбылға көп уақытқа дейін қалың бере қоймайды. Осы кезде Жәкең көрші ауылдағы Қадыр дегеннің Бұрым атты қызымен көңіл қосады.

Сүйген Бұрымды алып қашқан Жәкең басқа паналар жер таппай, Сарыбайдың інісі Саржанға кеп қорғалайды. Саржан болыстық правитель болғанмен, тізгіні Сарыбайда екен.

Қыздың төркіні де, қайын жұрты да іздеп жүріп, бірер айдан кейін Бұрымның Саржан үйінде екенін біледі де, Сарыбайға айтады. Егер қызды қайтарып бермесе, жаңа ғана құрастырған елі бытырап кететінін көрген Сарыбай Жәкеңді еріксіз көндіріп, Бұрымды әкесіне қайтарып береді.

— Сол қызды аса ұнатып ем, — дейтін Жәкең, — айырылғанға қатты қайғырдым. Өмірлік есімде қалды.
Жәкең 27 жасында Айкүміс деген ақын қызбен айтысқан. Сонда Жәкеңнің мұқатпақ боп:

Барасың бір жаманға өзін, қор боп,
Отырасың қарқарадай әзір зор боп,
Көзіңе көк шыбынды үймелетер,
Көргенің өле-өлгенше ылғи сор боп, —
дегеніне Айкүміс:
Жамбыл-ау, күпінесің неге сонша?
Құтқарып қыз біткенді қалған жанша?
Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың,
Тұтқасы дүниенің сенде болса? —

деген жауап береді. Сонда қаршығасы — Бұрымнан айрылған күйікті Жамбыл:

Жалғанның сорлысы екен қыз бен жігіт,
Жүрмеген бірге ойнап, бірге күліп,
Арыны басылмаған арсыз көңіл,
Тағы да етіп отыр сенен үміт, —

дейді.

— Сол Айкүмісті де жақсы көріп ем, — дейтін еді Жәкең, — сондықтан аз уақыт өлеңмен әзілдесіп отырып сөзімді былай аяқтап ем:

Айкүміс, амалым жоқ, қош ендеше,
Кетелік сыр білдірмей жат пендеше,
Атыңды, ақ жүзіңді ұмытпаспын,
Кеудемнен қашан менің от сөнгенше,

Бұрымнан айрылған Жамбылға әкесі қалың беріп, Момын атты қызды айттырады. Ол қызды аларда Жәкең бармаймын деп қашып кетіп, Жапаның ағасы Қазыбай ұстап әкеледі де, Момынды еріксіз қосады.

— Оны өмір бойы сүймей өттім, кескіні тұрпайы, өзі салақ кісі еді, — дейтін Жәкең.

Әрі әйеліне көңілі толмаған, әрі ақындық қысқан Жәкең домбырасын бөктеріп, 1874 жылы ел аралап кетеді. Осы жолында ол қазіргі Талдықорған облысындағы Жалайыр руының атақты ақыны — Бақтыбайға жолығып, екеуі ұзақ салғыласып айтыспағанмен, өлеңмен аздап қағысады. Бақтыбай жасап қалған ақын екен, ол сонысын алдына сала сөйлегенде, Жәкең кішілік қып:

Әуелі сәлем берейін,
Жасыңыз үлкен аға, — деп...
Майкеменен айтысып,
Мәлім болған өзіңсің.
Абақ, Тарақ арасын
Аралаған серімсің...
Егер сөзім ұнаса,
Оң батаңыз берілсін.
Ұнамаса өлеңім,
Онда менен жерірсің... —

дей кеп, ақындық жолында өзінің кімдерден үлгі алғанын көрсетеді:

Қаздай қалқып ерінбей, Өлең тердім жасымнан. Майкөт ақын, Құлмамбет орын берді қасынан. Майлықожа, Құлыншақ — Пірім еді бас ұрған.
Бұл сөздеріне қарағанда, Жәкең Бақтыбайға кездескен — 29 жасында, қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Талдықорған 4 облысты түгел аралап, барлық атақты ақындардан да үлгі алғаны көрінеді. Жәкен, қазақтың ауыз әдебиетін аса көп білетін. Соларды қазақтың атақты ақындарынан үйрендім дейтін. Осы сапарында Жәкең Өзбекстан мен Қырғызстанның көп жерін аралайды, ақындарымен кездеседі, әдебиетшілерімен танысады. Қырғыздың эпосы «Манасты», «Шаһнаманы», «Тотының 90 тарауының» көп хикаяларын жырлайтын Жәкең, «бұл әңгімелерді сол сапарында естіп ұққан едім» — деп отыратын.

Отыз жастың аржағына шыққанмен, асқақ көңілі төмендемей кәсібі өлең, аңсағаны махаббат боп, «Камшат қызға» сияқты, аса көркем лирикалы өлеңдермен шұғылданған Жәкең, аралап жүрген елінде тап қайшылығын да айқын көріп, 1879 жылы, 33 жасында, «Кедей күйі» деген өлең шығарады. Мұнда ол:

Ұзынағаш, Қаратас,
Қалқабайдай қайран жас,
Бекеттен нан қоймайды,
Жалан, аяқ, жалаң бас,
Оған ауыз жарымас,
Сондадағы ар қалмас,
Қалт-құлт етіп жүргені
Қысы, жазы қарны аш, —

деп, кедейдің қайыршылық халін суреттеумен қатар:

Қайтып жаның ашымас?
Неткен заман қатыбас! —
деп заманды тілдейді.

Қатыбас заман — байлардың үстемдігі жүрген заман екенің байдың байлығы еңбекші халықты қанаудан құралатынын Жәкең сол кезде-ақ түсінген. Сол кезде бір бай үйіне жиналған ақындарға, есік алдында жатқан итін көрсетіп, «осы итімді мақтаңдаршы» депті. Кейбір ақындар мақтамақ болғанда Жәкең оларға ұрсып, байға былай депті:

Итің жаман демеймін,
Күзетіп жүр малыңды,
Көпшілікті бұлдіріп,
Ұрлап алғандарыңды:
Айтсам, сөзім нанымды,
Өлеңім оттай жалынды,
Сенен жұртқа ит жақсы
Күзеткен қотан — ауылды

1881 жылы Жамбыл атақты Құлмамбет ақынмен кездеседі, айтысады.

— Ол айтыс Ұзынкөпірдің қасында болыпты, — дейді Жәкеңнің ауылындағы Ыбырай қарт, — сол жерде бүкіл Жетісу елінің билері, болыстары жиналып, үй тігіліп, көп жұрт жиналған. Жамбылды шақырып ап, Құлмамбетпен айтыстырған Есқожа руының Құдайберген деген кісісі.
Айтыстың көлемі 600 жолдай. Сол айтыстан бір-екі мәселені ғана оқушының есіне сала кеткіміз келеді.

Бірінші, бұрынғы кездескен ақындарымен сөз қағысудан әрі бармайтын өзін ілгері ақындардың шәкірті көретін Жәкеңнің Құлмамбетпен айтысы оның өзіндік , ақындық бет ала білгендігін, есейген ақын болғанын дәлелдейді.

Екінші, ол кездегі және одан бұрынғы қазақ ақындарының айтыстарынан ерекше орын алатын сарын — екі жағының да өз руларының байларын мақтау болушы еді. Мына айтыста Құлмамбет сол ескі даңғылығымен тарта жөнелгенде, Жамбыл тыңнан салған сүрлеудей бір жол табады, онысы:

Адамдықты айт, ерлікті, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарымбайдай сараңдар толып жатыр,
Оны мақтап әуре болмай жөніңе қайт.

Жамбылдың «ерлікті, батырлықты айт» дегеніне Құлмамбеттің таптым деген тәсілі:

Ақыры Саурық, Сұраншың, жаудан өлген
Көзіме де ілмеймін ендігіңді, —
дейді. Оған Жәкеңнің жауабы:

Батыр Сұраншы, Саурық жаудан өлген,
Халық үшін шәйт болып жанын берген.
Елді қорғап өлгеннің арманы не,
Қалың қазақ құрметпен соңына ерген.

Жәкең 40 жасында, 1885 жылы, Тілеуқабыл қызы Қанымжанды еркімен, өзі сүйіп, айттырып алады. Бұл кезде алғашқы әйелі Момын өледі. Момынның үстіне, ағайын-туғаны, Жәкеңнің, өлген інісі Қаманның әйелін қосқан екен. Одан Аққұлы деген ұл, Ақбала деген қыз туған. Қанымжанды алған соң, Жәкең келіндей алған әйеліне рұқсат беріп, өзі сүйген әйелімен тұрып қалады.

Құлмамбетпен айтысып, оны жеңгеннен кейін, бүкіл Жетісу еліне зор ақын деген даңқы жайылған Жәкең, атағым шықты деп тасымайды. 1886 жылы жоғарыда атаған Екей руының басын қосқан Сарыбай өліп, соған 1887 жылы бір болыстың халқын түгел шақырып ас бергенде, Шымкент жағынан атақты Майкөт ақын келген. Сонымен дидарласқанда, Жәкең:

Сіз бе еді ақын аға, Майкөт деген,
Бір сөзі бір сөзінен қайта етпеген.
Саңқылдап сарайынан өлең шықса,
Именіп өзге ақындар бәйпектеген.
Келдіңіз біздің елге әдейі іздеп,
Мейманды құрметтейтін кәдеміз ед,
Сүйреңдеп алдыңызда сөз сөйлемей,
Ертейін деп ойладым әдеп-ізет, —

дейді. Майкөттің үнемі қасында боп, онымен сөз жарыстырмай, бетке қақпай, елінен құрметпен аттандырады.

Жәкең ел тіршілігінің тақырыбына ұсақ өлеңдерді кәп айтатын болған. Бертін келе, ол кісі қара сөз сөйлемей, ылғи өлеңмен сөйлейді екен. Ол өлеңдерден өзінің есінде қалған бірен-сарандары болмаса, өзгесі сақталмаған. Оның Майкөтпен дидарласқаннан кейінгі күрделі өлеңі — 1895 жылы Дулат руынан шыққан Сарыбаспен айтысы. Көлемі мың жолдан артық бұл айтыс өлеңнің тақырыбында Құлмамбет пен Жамбылдың айтысынан айырма жоқ. Ішкі мазмұнындағы айырма: Сарыбас Құлмамбетке ұқсап, елінің байларын мақтай береді, ал Жәкең Құлмамбетпен айтысқандағысындай байға батырды қарсы қоя сөйлейді Бірақ, бұл жолғы Сарыбаспен айтысында Жәкең:

Батырым Сұраншы, Саурық жаудан өлген,
Халық үшін құрбан болып жанын берген, —

деген сияқты, мәселені бетінен жеңіл қалқымай, мақтайтын батырларының батыр аты не себепті шыққанын терең қазады. Саурықты Жәкең былай сипаттайды:

«Ал, ал Саурық» дегенде,
Қалтырамады қандай жау?
Қарсыласып келгеннің
Қайтқаны бар ма одан сау?
«Саурықтың жауы кім?» — деген сұрауға Жәкеңнің, берер жауабы:

Жетісуда қазақтың, Көрген күні кем еді: Жан-жағынан күнде жау, Елге тиыштық бермеді. Бір жағынан қалмақтың Ұрылары талады. Бір жағынан қырғыздың Орман ханы ойқастап, Күнде мазаны алады. Үшінші жақтан Қоқанның Белгер бегі қоқаңдап, Әскерлері топырлап Ауыр салмақ салады. Күнде тонау шабыстан Ел титығы құрылды. Мал мен жаннан түңілді, Жер мен судан қуылды, Қатың бала, жас кәрі Беті жаспен жуылды...

— «Халықты осы апаттан арашалаған кім еді!?» — деген сұрауға Жәкең:

— Саурық еді ардагер, — деп жауап береді. Сұраншы батырдың да алысар жауы сыртқы жау — қазақ елін жаулап алып қорлықта ұстаған Қоқан хандығы. Жәкең Сұраншыны:

Үш күн, үш түн соғысып,
Жауды шөптей жапырды,
Қырып-жойып қалғанын
Ел шетіне қашырды, —
деп мақтай кеп, Сарбас ақынды:
Кәне, осындай ерді айтпай,
Жатқа намыс бермеген,
Құр созасың өңешті,
Байларын айтып еліңнің,
Түк келмейтін қолынан! —

деп сөгеді.

Сұраншы мен Саурықтың ерлігіне Жәкең көп шығармаларын арнаған. Жәкеңнің «Сұраншы батыр» дейтін дастаны оқушы көпшілікке белгілі. Ол дастанда Жәкең Сұраншының Қоқан басқыншыларына қарсы күресін жырлағанда, Сұраншының батырлық қимылдарынан басқа, дастанға және бір арқау кіргізеді, ол — орыс пен қазақтың достығы. Дастанда Сұраншының Жагор дейтін досы, қанды көйлек серігі бар. Дастанда ақын:

Сап түзесіп солдаты,
Сатырласып арбасы.
Серейіскен зеңбірек
Бетке ұстаған айбаты, —

деп патша өкіметінің қазақ даласына отарлауға келген әскерін жек көре отыра, кейбір ақындардай орыс атаулының бәрін жаман демейді, орыстың досы мен қасын айыра жырлайды:

Патшаның қашқан солдаты,
Алпыстан асқан бар жасы,
Бастығы Жагор оралдық,
Сегіз орыс, бір татар,
Бірге келген жолдасы.

Осы топ Жәкеңнің жырлауынша, қазақ халқының Қоқан басқыншыларына қарсы күресінде, Сұраншы бастаған халықпен бірге жүріп соғысады, бірге жеңіседі.

«Сұраншы батыр» реализм негізінде құрылған дастан «Өтеген батыр» дейтін дастанын Жәкең мифологиялық негізге құрған. Ол дастанда Өтегенмен алысатын жаулар: айдаһар, әбжылан, жезтырнақ. Дастанның түрі ертегі болғанмен, мазмұны — қазақ халқының XVIII ғасырдағы бостандығы, тәуелсіздігі үшін күресуі. Өтеген — тарихта болған адам.

— «Сұраншы батырды» да, «Өтеген батырды» да бірінші жырлаған — мен емес, Сүйімбай, — дейтін еді Жәкең, — мен соның негізінде жырлаймын. Бұл жырларды мен жас кезімнен айттым. Қай жасымнан бастағаным да есімде жоқ. «Саурық батыр» деген де ұзақ жыр айтушы ем.

1902 жылы Жәкең Жалайыр руынан шыққан Досмағамбет ақынмен айтысады. Досмағамбет ақындығының, үстіне молда екен. Жәкең онымен шайқасып отырып, былай дейді:

Молда емессің, соқырсың,
Зікір айтып зарлаған.
Жаназа оқып өлгенге,
Педия алып жалмаған.
Шариғат жолы — мынау, — деп,
Қараңғы надан халықты
Көзді жұмып алдаған,
Кедей өлсе үйіне
Күңіреніп бармаған.
Аттана шауып, бай өлсе,
Қирағаттап құранды,
Күні-түні сарнаған.
Досмағамбет Жәкеңді:
Сен — Абақтың жүйрігі,
Мен — тұлпары Тарақтың,
Бәрекелді, Жамбылым,
Салты осы ма еліңнің?
Қаскелеңнің жігіті
Босатпас алдын қабақтың.
Арақ десе, жымыңдар,
Құлқыны құрып қылмыңдар, —
деп кемітпек болғанда, Жәкең:
Еліңде бұзық жоқ болса,
Қожақан ішті неге арақ?
Сол Қожақан болысың
Мекеге барды қажы боп.
Боза, арақ ішкен соң,
Айтасың несін қажы деп?
Пара тағы жейді екен,
Ел ішінде қазы боп... —
деп жауап береді.

Осылай халықты қанаушыларды сынау, мінеу, сықақтаумен, халық зарын айтумен, халықтың тарихында болған ардақты ұлдарын дәріптеумен, жалынды жырын жайып, ат жетер жерді аралаумен өмірі етіп жатады. 1909 жылы Жәкең Орталық Қазақстандағы Арғын руының атақты ақыны Шашубаймен айтысады.

1913 жылы, февраль айында, Ресей патшасы — Романовтардың таққа отырғанына 300 жыл толған тойы жасалады. Сол тойға тарту-таралғы алып, Жетісу облысынан атақты қазақ байы Құдайберген Маманов кетеді.

Жетісудың губернаторы той жасауға әзірленеді: Алматыдағы қазіргі панфиловшыл 28 батырдың атындағы паркте керме жасалады.
Бұл тойға бүкіл Жетісу елінің атақты байлары, әкімдері түгел жиналады. Тойды мақтау мақсатымен барлық ақындар шақырылады. Жәкең де келеді. Жәкеңнің бірінші рет ақындар арасында суретке түсуі осы жолы. Сол сурет тойға арнап шығарған фотоальбомға кірген және Жәкеңнің 1940 жылы шыққан шығармаларының 1 томдығында басылды.

Сонда айтқан өлеңдерінен есімде қалғаны деп Жәкең «Өстепкеде» («Выставкада» деген) өлеңін айтып отырушы еді. Бұл жырда Жәкең:

Үйсін, Найман саңлағы,
Өстепкеге жиылдың....
Елде жүрген егейлер.
Қалада құр үйілдің,
Ұлық көрсең ұйлығып,
Желді күнгі қамыстай
Жапырылып иілдің
Келтірдіңдер намысты,
Бек қорланып күйіндім... —
деп келеді.

1916 жылғы қазақ даласында болған оқиғаны Жәкең халықпен бірге қабырғасы қайыса қарсы алады. Көтеріліс жасаған халықпен бірге жүріп, халық зарын жырға айналдырады, халықты бостандық алу жолындағы күресте қажымауға шақырады.

Осындай харекетте жүргенде Жәкең бір топ адамымен қуғыншылардың қолына түседі, қасындағы адамдарымен абақтыға жабылады. Бұл халін Жәкең, «Менің өмірім» деген жырында былай жырлайды:

Ақыны, әнші, күйші қыруар жан,
Аймағын Жетісудың жинап алған.
Сабаннан төсек, ерден жастық істеп,
Жатарға жай салғызды ат қорадан.
Сорпасы капустаның «ыстығына»,
Сөткесіне кісіге бір қара нан...
«Үгіт айт, патшаны мақта!» — дейді.
«Болып жатқан соғысты жақта!» — дейді.
«Жыр айтсаң, құдай менен пайғамбарды айт,
Онан басқа жырыңды айтпа!» — дейді.
Бұл жырын Жәкең былай аяқтайды:
Ұстаған қанды тырнақ елді қысты,
Кім болмақ ызаланса елден күшті?
Жамбыл қарт жетпіс екі жасағанда,
Николай ұрған доптай тақтан түсті.
Жабырқаған халықтың көңілі өсті.

Революция жылдарында айтқан Жәкеңнің, жырлары сақталмаған.

— Тілі бар кісі сөйлейтін заман туғанда, мен нелер жыр айтпады дейсің, балалар, — дейтін еді Жәкең, — талай жырлар айтылған да, айтылған орнында қалып қойған.

1919 жылдың көктемінде Жәкең бір қызық айтысқа қатынасады. Бұл жылы Жәкең 73 жаста. Жәкеңді бұл кезде бүкіл ел боп зор ақын деп, ақсақал ақын деп аса құрметтейді, Жәкеңнің қасында жас ақындар топталып жүріп, одан үлгі алады.

Бір жолы, 1919 жылдың көктемінде, Жәкеңді көршілес Дулат руының бір бұтағы — Жаныс елі қонаққа шақырады. Жәкеңнің қасына

Шапыраштының бірнеше жас ақындары ере барады. Қонақ болған ауылға Дулаттың ақындары жиналады.

Осы мәжілісте: «Осы елде Нүрила атты ақын келіншек бар, ешбір ақынды айтыста тең келтірмейді» — деседі.

Келіншекті шақыруға кісі барса, оның босанғанына үш-ақ күн болған екен. Сонда да, Жәкең шақыртады деген соң, Нұрила бармасам ренжір деп, баласын үйіне тастап, жиынға келеді. Жәкең Нұриланы қасындағы ақындармен айтыстырады.

Бұл айтыс бұрын ешқайда басылмаған. Айтысты жатқа білетін — қазіргі орденді ақын Саяділ Керімбеков.

Саяділ Нүриламен он бір ақынның айтысының көбін ұмытып қалған екен, жазып бергенде, 400 жолдан аз-ақ артық болды. «Түгел есте сақтағанда 1500 жолдай болар еді» дейді.

Айтыс өте көркем және айтушы ақындардың бәрін Нүрила жеңе береді. Нүриламен он бірдің соңғысы боп айтысқан бір ақын — Үмбетәлі Кәрібаев (1889 жылы туған), Нүриланы жеңер басқа дәлел таба алмаған соң Үмбетәлі қазақтың «байтал шауып бәйгі алмас» деген мақалына жабысады. Сонда Үмбетәлінің сасқанын көріп Нұрила:

Жеңілерін Үмбеттің Жәкең біліп,
Байқауымша маған бір қалды ұмтылып,
Талайдың-ақ шапанын шешіндіргем.
Айтыспаққа ынтасын жұлқындырып,
Ал, Жәке, Үмбетәлің тері тұлып,
Қаупитқан ішіне бір сабан тығып,
Түбінде бір керегі болар десең,
Апарып босағаға қойғын іліп,
Қару өлең бұл сөзге қайдан тапсын,
Жүйрігінің Нүрила басын тартсын,
Кім жеңді, осы арада кім жеңілді,
Қазылық енді соған Жамбыл айтсын, —

дейді. Сонда Жәкең, Нұриланы «байтал» деген Үмбетәліні сөгіп:

Жамбыл сөзін бастаса бастан айтар,
Түйіп түгел соңына тастап айтар.
Бақ берген маңдайына бас бармақтай,
Жүлде алады әр жерде жүйрік байтал.
Бағы жанса байталдық бағасы зор,
Адасқанын Үмбеттің байқады ол,
Бұл жердегі айтыстың мезебінен
Нұрила беретін теңеуім сол, —

дейді де:

Жүйрік озды жүйріктеп құлаштаған,
Көрген жұрт көз мөрімен растаған.
Кәрі демей, жас демей айтысатын
Сүйімбайдан соңғыға мирас қалған,' —

деп, Нұриламен айтысуға өзі қызығады. Бірақ Жәкеңе сыртынан құрмет ететін, оны ақындардың ақсақалы көретін Нұрила:

...Сіз — дарқан, сізден үлкен ақын бар ма,
Жасым кіші әйелмін, жаны — нәзік.
Даусыңды неше түрлі әсемдейсіз,
Желдетіп дауылыңнан бәсеңдейсіз,
Сіздің бетке мен қарсы тұра алмаймын
Әлдилеп алдына алған әкемдейсіз, —
деп, айтыспайды. Сонда Жәкең Нұрилаға:
Сөзіңнен сорғалаған тамады алтың
Аңқылдаған адамға көңілің жарқын.
Бала жастан өлеңге Жамбыл құмар,
Басылатын жәйім бар әнмен мауқым.
Тебіренткен жүрегімді жас баладай,
Құлағымда тұрады осы даусын;.
Барғын, балам, аман бол жолыққанша,
Бәрекелде, үстіңе көп нұр жаусын, —

деп бата береді.

Жәкең кейін, қазақ халқы өз алдына отау тіккен соң, 1924 жылы «Қазақстан тойына» деген жыр шығарады:

Халықтың енді міне жетілгені,
Құрыштың білінбейді кетілгені,
Атандық Қазақстан ел боп туып,
Үй тігіп, ірге қалап бекінгелі...
Болайық өкіметке, кедей ұйтқы,
Секілді темір тіреу көпірдегі...
Сеніменен туған елім, біте қайнап,
Жан емен әңгіменің шетіндегі, —

дейді. Ақынның халқы ерікті ел болуына қалай қуануына, республиканың, халықтың, өзінің міндеті не екенін тануына бұл өлең айқын дәлел.
Жәкең осы бетінен қайтпай келе жатқан-ды, осы 1924 жылы Түркістандағы қазақ облыстары Қазақстанға қосылып, бүкіл қазақ халқы тұтас бір республика болады. Үш жылдан кейін, 1927 жылы Қазақстан өмірінде бір кезеңді оқиға кездеседі: осы жылы, өкіметтің ерекше декретімен қазақ байларының егіндік, шабындық жерлері кедейлерге бөлініп беріледі. Сол науқанға байланысты, Жәкеңнің ауылына жақын жердегі Ұзынағаш деревнясында кедейлердің жиналысы болады. Осы жиналыста Жәкең «Замана ағымы» деген ұзақ жыр айтады. Бұл жыр түгел сақталған. Көлемі 1000 жолдан артық.

Жыр қазақ халқының өмірбаяны сияқты. Жәкең жырында қазақтың кәрі заманынан бастап, Социалистік Октябрь революциясына шейін басынан кешкен халін ұзақ толғап етеді. Бұл толғаудан шығатын қорытынды: Октябрь революциясы қазақ халқына жат емес осындай революция болу қазаққа қажет еді, егер бұл революция болмаса қазақ халқы құрып кетер еді. Октябрь революциясы болғаннан кейінгі қазақ өмірі туралы ақынның айтары:

Осы жолды өмірлік
Ленин бізге бастаған.
Жуандарды жұмсартып,
Өш алған бай молдадан.
Большевиктің тұсында
Елдің бәрі бірігіп,
Араларын ашпаған.
Бір ауызға қараған,
Бір ауыздан мақұлдап,
Тоқтам қылып тараған...
Жер мен суды қолға алып,
Жетісіп тұр енді елім.
Сексен бірге келгенде,
Осы менің көргенім...
Ленин туын қолға алған,
Қалың қайрат қозғалған,
Жалшы, кедей досым-ай,
Күн де туды сен үшін,
Ай да туды сен үшін,
Заң жасалды сен үшін
Серпіле түс, серпіле,
Бұрынғыдай жасымай!..

Бұл жиыннан кейін де Жәкең жасым сексеннен асты демей халық арасында да, ұлы жиындарда да жаңа өмірдің жаршысы болады. 1934 жылы 16 июнь күні Алматы қаласында жас көркем өнершілердің слеті болғанда, Жәкең «Жастар алдында» деген жыр айтып береді. 1935 жылы, Алатаудың биік басын жайлап отырған колхоздардың отарын аралап жүріп, «Жайлау» атты жырын шығарады.

1936 жылы көктемде Алматы қаласында қазақ ақындарының республикалық бірінші слеті болды. Осы слетте Жәкең «Туған елім» деген дүние жүзіне әйгілі жырын айтты. Бұл жыр Жәкең шығармаларының ғана емес, бүкіл совет поэзиясының ең биік шыңы еді, сондықтан да бұл жыр Советтер Одағындағы барлық тілге аударылды сондықтан да бұл жырды барлық Совет елі күні бүгінге шейін үлгі есебінде қолданады.
1936 жылдың көктемінде Москвада қазақ көркемөнерінің онкүндігі болды. Осы онкүндікке бірге барған Жәкең Лениннің мавзолейін үкімет басшыларын кергенде, соларға арнап бірнеше жырлар шығарды. 91 жасқа шыққан қарт ақынның бұл сияқты қарқындай шабуын қарсы алған Одақтық өкімет Жәкеңе Еңбек Қызыл Ту орденін сыйлады. Сол сыйлықты Кремльде Жәкеңнің кеудесіне қадап тұрып, СССР Орталық Атқару Комитетінің председателі Михаил Иванович Калинин былай деді:

«Көркемөнердің ең жоғарғы, ең талантты, ең данышпан түрі — халық көркемөнері; басқаша айтқанда, халықтың көңілінде қалған, халық сақтап келген халықтың әлденеше ғасырлардан бергі бірден-бірге қалдырып келген көркемөнері, бұл күмәнсіз. Өздеріңізге мәлім, құны жоқ көркемөнер халықта сақталмайды. Халық та — бір, алтын іздеуші де — бір. Ол ен, бағалы, ең данышпан нәрсені ғана іріктеп алып, өңдеп, әлденеше ондаған жылдар ұстайды... Сөз жоқ, халық та нағыз артықша көркем және дапышпан шығармалар туғызып, бұрынғыдан да әрі жемісті етіп өңдейді».

1936 жылдан бастап, Жәкеңнің жырын өркендетуге ерекше жағдай жасалғаннан кейін Жәкең социалистік құрылыстың жетістіктеріне, күнделік болып жатқан саяси, шаруашылық, мәдени науқандарға даусын мынадай жағдайда қосты:

1. Жәкең радио тыңдағыш еді. Көңілін қозғайтын бір хабарды Жәкең естісе, хатшыларынан немесе маңайына көп үйірілетін мектеп оқушыларынан сол естігенін толығырақ баяндауын өтінетін. Содан кейін, естіген жаңалығы көңіліне әбден қонған соң, жырлауға кірісетін.
2. Жәкең газет оқытуды ұнататын еді және нендей қызық жаңалығы бар? — деп сұрар еді. Хатшыларының бірі мектеп оқушылары, я сауатты колхозшылар оқып бер¬ген газеттен өзінің көңілін қозғаған жаңалықты жырға айналдырар еді.
3. Жәкең 97 жасына дейін атқа салт мініп жүрді. 1942 жылға дейін салт атпен Алатаудың биігіндегі Құлан саз деген жайлауға да шықты.

— Машинаға мініп жүрміз ғой, — деді Жәкең 1936 жылдың жазында, үйіне сәлем бере барып отырған өкімет адамдарына, — бірақ, оның тас жолға, құрғақ жолға, жазық жолға жүйрік екен. Мен өзім таудың биігін жайлап ескен кісімін. Оған шықпай көңілім көншімейді. Машина бергендеріңе тәңір жарылқасын, енді маған бір жақсы ат тауып беріңдер — өзі жорға, өзі жуан, өзі жуас ат болсын.
Жәкеңе ондай ат табылды. 1936 жылдың жазында өкімет сатып әперген күрең жорғаны Жәкең тауға 1941 жыл¬дың күзіне дейін мінді, ауыл арасына 1944 жылға дейін мініп жүрді.

Бұл атты еске алып отырған себебіміз, Жәкеңе салт жүріп табиғаттың көрінісі мен құбылысын, колхоздың даласында жайылған малдарды, егінмен байланысты еңбектерді көруге құмар еді де, сезімін қозғаған көрініс пен істі жырға айналдырар еді.
Жәкең қасына ергендер мұндай тақырыпта оның ауызынан талай тамаша жырлар естіді, бірақ, өкініш — олардың көбі жазылып алынбады, ат үстінде жазып алуға мүмкін де болмады.

1937 жылдың декабрінде грузин халқының атақты ақыны Шота Руставелидің туғанына 750 жыл толуы тойланды. Сол тойға Қазақстаннан барған делегацияны Жәкең бастады.

Грузин халқы ерекше құрметпен қарсы алды. Осы сапарында Жәкеңнің көрген тамашаларына арнаған Жәкеңнің бірнеше жырлары бар.
Кавказға барып қайтқан сапарында көргендерін Жәкең қызық әңгіме қып айтып отыратын.

1938 жылы 20 май күні, Жәкеңнің әдебиетпен айналысқанына 75 жыл толу құрметіне, Алматыда және Жәкеңнің ауылында той болды. Тойға Советтер Одағындағы барлық ұлттардан жазушылар келді. Жәкеңнің атына Совет Одағының барлық елдерінен, шетелдерден (Америка, Франция, Чехословакия т. б.) құттықтау телеграммалар келді.

Осы мерекемен байланысты, Жәкең Ленин орденімен наградталды.

1936 жыл мен Ұлы Отан соғысы басталудың екі арасында Жәкең 10000 жолдан артық жыр шығарды. Соның бәрі социалистік Ұлы Октябрь революциясының арқасында, Ленин партиясының жолымен, социалистік қоғам құрып, бақытты дәурен сүрген халқымыздың шаттық тұрмысын, қуанышты көңілін сипаттауға, халықтар достығын баяндауға арналған.

Халықтың, Совет өкіметінің ерекше құрметтеуімен, 1936 жылдан бастап қайта жасарғандай болған Жәкең 1940 жылдың бержағында кәрілікке мойындай бастады. Осы кезде Жәкең өзімен істес ақын — Қалмақан Әбдіқадыровқа:
Насыбай бер,

Насыбайын, бар болса жасырмай бер,
Саулық қойдың жасындай жасым қалды,
Бірер жылға Жамбылды асырай бер —

деп қалжыңдапты.

— «Ар жасы жүз» деп еді, — дейтін болды содан кейін Жәкең, — жүзге де ілуде біреу-ақ келетін еді, сол жүзді адымдап қалдым, балалар. Көздің қарашығы бұлдырап барады, көз алдымдағы кісі, — кісі емес, оның көлеңкесі сияқтанатын болды; оң құлағым жабылды, сол құлағым әрең естиді; бірер жыл бұрын атқа мінетін басым, енді орнымнан кісі сүйемесе тұра алмаймын; осы айнала тонаудың арты қайда соққалы келе жатқанын білесіңдер ме, балалар? «Ата-ананың жоралғысы» жақын, балалар. Шырақтарым, қамдана беріңдер...

Жәкеңнің үйінде тұрып денсаулығын қарайтын дәрігер Рахымбек Досымбековтен басқа, 1936 жылдан бастап Жәкеңді үнемі бақылап отыратын — Қазақстандағы атақты дәрігердің бірі — X. Барлыбаев болатын.

X. Барлыбаевтың айтуынша, Жәкеңнің өзге денесі қартайғанмен, жүрегі — жас, оның жүрегі 100 жасты еркін көтереді.
Жәкеңнің денсаулығын жеке қарау — Алматы қаласындағы қазіргі Министрлер Советі ауруханасының міндеті болды. Осы аурухананың алдыңғы қатардағы дәрігерлері Барлыбаев және Зотов жолдастардың ақылымен, 1940 жылдан бастап Жәкең диэтаға кешті. Сол күннен бастап, Жәкең дүниеден көзін жұмғанша, диэта даярлап беретін Фатима Файзрахманованы Жәкең аса жақсы көріп, «мені емізген екінші шешем — осы» деп, қалжыңдап отыратын еді.

Өзінің күнделік қызметкерлерінен Жәкеңнің және бір жақсы көретіні — шофері, өз ауылының жігіті — Нағашымбек Байсабаев болды. — Ту сырты еліктің артқы сандары сияқты тіп-тік болып, балаша елгезектеніп ұшады да жүреді байғұс, бұл да мені кезеңді жерде балаша арқалап әкетеді, дер еді Жәкең Нағашымбек туралы.

Өз туысқандарынан, өз балаларымен қатар, Жәкеңнің ерекше жақсы көргені — туған ағасы Тәйтінің баласы — Сатыш.

— Тәйті Мекеге қажылыққа кеткен жолда өлді, — дер еді Жәкең, — қажылыққа аттанарда, үш жастағы жалғыз баласы осы Сатышты қолынан жетектеп маған алып келіп: құдай алдында сенің қолыңнан алам, — деп еді, жарайды деп уәде бергенмін. Содан бері осы шіркін өз балаларымнан кем көрінбейді.

Жәкең оған да қалжыңдағанда, аш күзендей бұраңым деуші еді.

Жәкең ауылы Жамбыл колхозы деп аталады. Сол колхоз ұйымдасқаннан бүгінге дейін Жәкеңнің немере інісі Тұрап Мыржиев үздіксіз бастық боп келеді.

— Бұл шаруаға жүйрік, — дер еді Жәкең, ол туралы, — бірақ қулау, түлкінің іні сияқты, ішінде қалтарысы көп.

Ауылында Жартыбай Қырықбаев дейтін шамалылау бір ақынды «осы суыр сияқты: әрі жалтақ, әрі бақырауық» дейтін еді.

Жәкеңмен біраз жұмыс істеген ақын Қалмақанның екі танауы көтеріңкі делдеңдеу кісі. Оны Жәкен, «шеміршек болған жылқыдай делбеңдеуін қарашы» деп қалжыңдайтын еді.

Өмірзақ ақын қара кескінді, ақ шашты, ақ сақалды адам. «Басын ұнға тығып алған қара мысық сияқты» деп ойнар еді Жәкең онымен.

Оңтүстік Қазақстанда тұратын қарт ақын Орынбай Тайманұлы жіңішке дауысты және шырылдаңқырап сөйлейтін кісі, оны Жәкең «Тауқұдірет» дейтін еді.

Семей облысындағы ақын Нұрлыбек Баймұратов денелі, зор мұрынды адам, Жәкең бір күні соған қарап: «жайылған үйірін шыңның басында күзеткен арқардың қошқары сияқты екен», — деді.

Осылар сияқты, жаратылысында, мінезінде өзгешеліктер бар адамдар туралы Жәкеңнің беретін сын-мінездемесі аса көп болатын.

— Шіркін көз-ай! деп өкінетін болды Жәкең, 1940 жылдың бержағында көзі бұлдырлана бастаған соң, — «қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар; қара көзден нұр тайса, бір көруге зар болар» деген — осы. Кезге не ілексе сол қызық көрінетін дүние-ай!
Осылай қартайғанына арнап, 1941 жылдың көктемінде шығарған өлеңінде Жәкең былай дейді:

Сақалым темір күрек борға малған,
Селеудей шашым селдір, зорға қалған.
Аузыма ақ жабағы жапсырғандай,
Кәрілік немді қойды қорламаған.
Құлпырған қызыл шырай түсімді алды,
Аузымды опырайтып тісімді алды;
Босатып буынымның шегелерін,
Сыпырып тұла бойдан күшімді алды...
Содан кейін айтқан бір өлеңінде:
Жетіппін жүре-жүре қыр басына.
Жол екен таусылмайтын бір ғасырға,
Елбіреп екі аяғым дірілдейді,
Көз жетпей тұрары ма, тұрмасы ма, —

дейді. Осындай халге түскен Жәкең, дәрігерлеріне былай деп наз айтады:

Тамырдың тілі қалай, дәрігерім?
Жамбылға турасын айт, сыр жасырма.
Жетелеп біраз күнге жүріңдерші,
«Кез болдық қайдан, — демей, — бір масылға».

Жәкең осылай кәрілікке мойындаған кезде, 1941 жылдың 22 июнь күні Ұлы Отан соғысы басталды. Бұл басқыншылыққа ызаланған Жәкең:

Асқар таудай еліме,
Байтақ жатқан жеріме, —
Шапты фашист, — дегенде
Ашуменен аралас,
Жыр да келді көмейге,
Қаһар қаулап денемде! —

деп бастап «Ата жаумен айқастық» деген ұзақ, жыр айтты.

Ұлы Отан соғысының тақырыбына соғыстың төрт жылында Жәкең 3000 жолдан артық жыр шығарды. Халқымыздың отаншылдық намысын күшейте түсуде, совет адамдарының елдегі, майдандағы тамаша ерліктерін сипаттауда Жәкеңнің бұл жырларының тарихи маңызы аса зор.
Мысалға «Ленинградтық өрендерім» деген жырын алайық. Бұл жырды Жәкең, Ленинградтың халі аса бір ауыр шақта — сүйікті Ленин қаласы жаудың, қоршауында қалған кезде шығарды. Осы кезде Жәкеңнің, жырының күші қандай болғаның Ленинград Жазушылар одағының қазіргі председателі, Ленинградты қорғауда ерекше көзге түскен адамның бірі орыстың белгілі ақыны Александр Прокофьев былай дейді:

— Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры жарияланған кез Ленинградтың халінің аса бір ауыр шағы еді. Бұл шақта, немістің қоршауында қалған Ленинградта азық өте аз болды: күніне жұмыс істейтін адам 250 грамм, жай кісі 150 грамм нан алды: ет, май дегенді халық өте аз және өте сирек көрді, басқа азықты көрген жоқ. Үйлерге кіретін су тоқтатылды, канализация істемеді, отын атымен болмады. Жау атқан снаряд пен бомбалардың салдарынан шынысы қирап, терезе біткен аңырайып ашық тұрды, Электр жарығы да нашар жанды, тіпті қаладағы үйлердің көбінде болған жоқ. Қалаға жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды.

Осындай халде Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры газеттерде жарияланды. Халықтың рухын көтер)'де ерекше күші көрінген бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқып тұрды. Жыр үлкен әріппен басылып, көшелерде плакат боп ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамдарды көрдім. Немістердің самолеттері төбеде ұшып бомба тастап жүргенде, бомбаубежищеге тығылудың орнына, Жамбылдың жыры басылған газетті алуға көшеде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім.
Прокофьев жолдас сөзін аяқтай келіп, Жамбылдың бұл өлеңінің Ленинград халқын және оның жауынгерлерін жігерлендіруде өте зор қызмет атқарғанын айтады.

«Ленинградты қорғау» деген атпен шыққан қалың кітапта Жәкеңнің «Ленинградтық өрендерім» деген өлеңі көрнекті орын алды.
Жәкеңнің Ұлы Отан соғысына арналған жырларының күші Жәкеңнің атына жүздеп-мыңдап келген хаттардан да байқалады.
Жәкеңнің жырына 1941 жылдың 13 сентябрь күні өлеңмен жауап қайтарған, армияға өзі тіленіп барған, Ленииградтық бірінші атқыштар полкының жауынгері, соғыстан бұрын Ленинград технологиялық институтының профессоры — Всеволод Зубганинов былай деп жазады:

«Ленинградтық сенің балаларың,
О, Жамбыл, мақтанышы Отанның.
Саған сәлем жолдайды
Соғыстың қорқыныш жылында.
Мен тіпті ақын емеспін,
Менде жоқ сөзге шеберлік,
Менің сөздерім көмескі жарқылы ғана
Сенің нажағайдай жырыңның.
Сенің өлеңін, маған қадірлі,
Себебі, ол жалған жарқылдауық емес.
Одан мен сеземін іздерін.
Ойлы, ұйқысыз түндердің.
Зубганинов жолдас рас айтады: оның бұл сөзбе-сөз аударылған өлеңі шын мағынасындағы өлең емес, бұл үйлестіріп айтқан жабайы сөздер; бұл сөздердің қасиеті — шын жүректен шыққандығы.

* * *
«Осы хатты Сізге жолдап отырған қазақ ұлы Сейітов Дүйсекей, оның командирі орыс ұлы Сахаров Борис. Блиндаждан кейін шегінбейді, фашистерді талқандауға ілгері басады.
Бізге ардақты жырларыңызды жіберіп тұрыңыз, олар бізге жәрдемші. Адресіміз: Майдандағы армия п. п. — 130 94 — С.1.10/ІІІ, 1942 ж.».

* * *
Сүйікті Жамбыл!
Сенің балаң Алғадайдың майданда көрсеткен ерлігіне сүйсініп шығарған жырыңды «Коногвардеец» деген әскери газетке басып ек, маңызы өте зор болды. Осы сияқты жырларды тағы жазуыңды өтінеміз.
Редактор — Рабцун.
20/1, 1943 ж.».

* * *
«Сүйікті Жамбыл!
Майданға қазақтың артистері келіп кетті, сенің жырыңды айтты. Тамаша екен. Мың рақмет.
Коневалюк, Гобатадзе. П.П.03677 — А»

* * *
«Жамбыл ата!
Бұл хатты жазып отырған жауынгерлер: қазақ — Несіпбаев Мұқат, бурят — Одонов Роман, біз барлаушы боп қызмет істейміз... Сіздің жырларыңыз жауды жеңуде аса зор құрал. Сол құралды көбірек жібере көріңіз. Біздің адресіміз:
П. П. 833, бөліміміз — 435».

* * *
Майдандағы жауынгерлерден, командирлерден, саяси қызметкерлерден Жәкеңнің атына келген хаттардың түрлері осы, Отан соғысындағы Қызыл Армияның әрбір жеңісіне Жәкең ерекше шаттанар еді, атағы шыққан ерлерді көруге құмартар еді. Сөйтіп жүргенде, 1943 жылдың жазында, майданнан Советтер Одағының батыры деген зор абройлы атаққа ие боп, қазақ халқының ардақты ұлының бірі Мәлік Ғабдуллин Алматыға келді.

Мәлік Жәкеңе сәлем беріп қайтуға аулына барды. Оның баратыны Жәкеңе телефон арқылы хабарландырылып қойылған еді.
Өзге қонақтарын Жәкең үйінің ішінде қабылдайтын. Ымшық-шымшығы көп қарт адам, көңілі келмей отырған жағдайда, қашан өзі бабына келіп алмай, үстіне кіруге ұлықсат етпейтін. Көңілі түсе қоймаса қабылдамай жіберетін адамдары да болатын.

1940 жылдың бержағында, төсекте отырып қалған Жәкеңнің көбірек сергитін уақыты сәскелік асын ішкеннен кейін болушы еді. Түскі астан кейін Жәкең ауырлап, кешке қарай жатып қалатын да, содан, келесі сәскеге дейін, өзін күтетіндерден басқаларды маңына жолатпайтын.
Мәлік Жәкеңнің үйіне күн бата жетті. Дағдылы күнде бұл Жәкеңнің жатып қалатын шағы.

Мәлік барса, Жәкең үлкен ағаш үйінің алдындағы көгалда, кілемнің үстінде отыр екен, қолында — домбырасы.

Сәлем беріп қолын алған Мәліктің, қолын Жәкең ұстап тұрып, оның батырлық істерін естігені, көруге ғашық болғаны туралы ұзақ жыр айтты.

— «Мәлік келеді дегенді сіздер таңертең хабарладыңыздар ғой, — деді Жәкеңнің баласы Тезекбай бізге, — содан бері тәтем осы арада отыр. Үйде неге отырып қарсы алмайсыз? — десек: — Сезбе екен сол? Бұрын батыр дегенді құлақ естіп, шіркін соларды көрмеген екеміз деп өкінетін ек, сол батыр енді үйге келсе, оны үйде отырып қарсы алу кісілік бола ма? Әттең, не керек, шегіп отырған күнім, әйтпесе, шауып алдынан шығар ем, — деді. «Машина деген жүйрік тыз етіп келіп қап, қапы қалармын» — деп Жәкең ұзақты күнге үйге кірген жоқ, асты да далада ішіп, далада қалғыпты.

Амандықтан кейін Мәлікті үйіне кіргізіп, Жәкең оның күтіміне де ерекше көңіл белді, бас тартты.

Мәлік те, оның серіктері де кешкі астан кейін, ұйықтауға Жәкеңнің алма бақшасының ішіне жатқан едік. Оны Жәкең байқаған жоқ-ты.

Бақшада Мәлікпен қатар ұйықтап жатсам, мені біреу оятады. Басымды көтерсем, ай жарық екен, оятқан колхоз бастығы Тұрап Мыржиев.

— Сізді Жәкең шақырады, — деді ол.

Барсам, Жәкең өзінің ұйықтайтын бөлмесінде, шам жақтырып, төсекте киініп отыр екен.

— Оларың қалай, — деп ренжіді Жәкең, — жыланы бар жер бұл, қапыда жылан шақса қайтесіңдер батырды? Көрпесі ашылып қап, салқын тисе қайтесіңдер? Ай жарықта шыбын-шіркей болады; олар маза да бермей жатқан болар. Безгектің масасы бар десіп жүр ғой осы жақта, осылай маса шағып ауыртып алсаңдар, қайтесіңдер?.. Батырды үйге жатқызыңдар.
Мәлік үйге кеп жатты.

Панфиловшыл 8-гвардиялық дивизияның даңқты қолбасшысының бірі, полковник Бауыржан Момышұлы үйіне қонаққа барғанда да, Жәкең Мәлікке жасаған құрметті көрсетті.

Жәкеңнің белінен алты ұл болған: Қожамберді, Қожаш, Аққұлы, Ізтілеу, Алғадай, Тезекбай. Бастапқы екеуі ертерек өліпті. Соңғы тірі төртеуінің екеуі — Ізтілеу мен Алғадай армия қатарына алынды. Майданда Алғадайдың көрсеткен ерліктерін айтып бөлім бастығы хат жазғанда, Жәкең аса қуанды. 1942 жылдың күзінде Алғадайдың өзі әкесіне хат жазып, ерлік қимылдарымен таныстырады. Соған қайтарған жауабында
Жәкең:

Хатыңды, балам, оқыдым
Қалыңды білдім сапардан.
Қуанып соған отырмын
Гвардеец атанған.
Сұраншы, Саурық секілді
Болыпсың балам, қаһарман... —
деп, ерлігіне сүйіне отыра:
Есіңде, балам, бар шығар,
Айтқаным Отан әмірін,
Шегінбе жаудан, жанды сал,
Шешілмек содан тағдырың! —

деп, баласына әлі де болса, рух бере түседі. Бұл жырын Жәкең:

Достарыңа сәлем айт!
Жауларыңды жеңіп қайт! —
деген тілекпен бітіреді.

Жәкең, Алғадайды аса жақсы көріп: «өзге балаларым — бір тебе, бұл — бір тебе» деп отыратын еді.

1943 жылдың жазында Жәкеңнің сол аса жақсы көретін ұлы Алғадайдың ерлікпен қазаға ұшырауы туралы хабар келді. Аулына барып, бұл хабарды Жәкеңе Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі бастаған комиссия естіртті.

— Әттең, дүние-ай! — деді ұзақ уақыт сазарып отырып қалған Жәкең, басын көтеріп, — бұл қайғыны қалай көтерем енді?.
Қайғы Жәкеңе аса ауыр соқты. Бір жырында ол Кенен мен өзінің әдеби хатшысы Ғалиға мұңын былай деп шағады:

Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?
Әлім деген — у екен
Мендей кәріп адамға.
Күнде үйімде күңіренем,
Көзіме жас алам да.

Алғадай майданға аттанғаннан 7 күн кейін әйелі Жәмеш босанып, ұл тауып, Жәкең оның атын Қуаныш қойған. Алғадайдың өліміне бүгіле қайғырған Жәкеңнің бір жұбанышы осы Қуаныш болды. Ол туралы Жәкең былай дейді:

Ал, Қуаныш, Қуаныш,
Сені етейін жұбаныш.
Алғадайым өлгелі
Боп кетіп ем жылағыш.
«Ата, ата» — деп келсең
Айналайын, алайын.
Ақ бетіңнен өпкен соң,
Жүрегімді жамайын.

«Жамайын» дегенмен, Жәкеңнің қайғыдан жыртылған жүрегі жамалмады. Ол енді құлдырай қартайды: 1944 жылдан бастап, көзі көруден, құлағы естуден қалды. (Сол құлағы ғана әлсіз естіді), кісі сүйемей, төсектен басын көтере алмайтын болды. Ғали Орманов бір барғанға, сондай халде отырған Жәкең былай деп екі ауыз өлең айтыпты:

Сөндің бе, жарқыраған шам-шырағым?
Қалдың ба тас бекініп, қос құлағым?
Жатсам да төсек тартып дәрменім жоқ,
Сен болып сөйлетесің жалғыз жағым.
Қалыппын ие болмай өзіме-өзім.
Әлім жоқ, күш-қайратты етті көзім.
Балалар, өлгенімше асырай бер,
Сендерге сол-ақ айтар соңғы сөзім.

«Соңғы сөзім» — дегенмен, көңіл көтеріңкі минуттарында Жәкең қарап отырмай, бірлі-жарымды ауыз өлең айта берді. Оның ең соңғы көлемді жыры фашистік Германияның біржола қирап жеңілген 9 май күні шығарылды. Бұл хабарға қуанған Жәкең үйіне жиналған жұртқа ұзақ жыр айтып, жырда: «Енді өлсем де арман жоқ» — деп аяқтапты. Бұл жырды жазып алар кісі болмағандықтан, сақталмаған.

Жәкең жеңіс тойынан кейін ұзақ жасамады: 1945 жылдың 15 июнь күні сырқаттанып, ауылынан Алматыдағы қазіргі Министрлер Советінің аруханасына кеп түсіп, 22 июнь күні, таңертең, дүниемен біржола қоштасты.

Көп тілді, бір мазмұнды совет әдебиеті, Жәкеңнің өлімін түгел азалады. Қазақстан Жазушылар одағының атына СССР, Украина, Белоруссия, Латвия, Литва, Ленинград, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузин, Тәжікстан, Татарстан, Дағыстан, Карело-Фин, тағы басқа совет елдерінен жүздеген көңіл айту телеграммалар келді. Ардақты алып ақынның өліміне бүкіл Совет Одағы түгел қайғырды.

Январь, 1946 ж.
Жамбылдың 1946 жылы қазақ тілінде шыққан шығармалар жинағына алғысөз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз