Өлең, жыр, ақындар

Маяковскиймен кездесу

ӘДЕБИ ПОРТРЕТТЕР

Ол, 1924 жылдың аяғы еді. Москваның «Охотный ряд» аталатын көшесімен Үміт Балқашев екеуіміз келе жатырмыз. Қазіргі «Москва» аталатын 15 этажды тамаша қонақ үйдің орнында ол кезде жапырайған аласа, бір этажды ғана, тақтайдан жасалған лавкалар тұрады, оларда құс, балық, қоян еттері сатылады, сондықтан да көше «Охотный ряд», — «Аңшылар қатары» аталады. Лавкалардың арасында «Харчевня» аталатын асхана үйлері де бар, ақшасы аз рабфактың студенті Үміт екеуіміз, содан арзан, бірақ тоқшылығы жақсы тамақ ішеміз.

Күндегі дағдымен бүгін де сәскелік ішу үшін «Харчевняға» келе жатсақ, тақтай лавкалардың қабырғаларында күндегідей жаңа афишалар жапсырылып қалыпты. Солардың әрқайсысына бір үңіліп келе жатсақ, бір орында екі афиша қатар тұр; біреуінде: «Бүгін коммунистік академияның актовый залында философиялық диспут болады, онда каузальность (себепкерлік) және теология (құдайшылық) туралы мәселе талқыланады» деген. Ал, бірінде: «Тарихи музейдің клубында әдебиеттік диспут болады, онда Владимир Маяковский өзінің шығармалық әдістері туралы сөйлейді» деген.

— Ал мұның қайсысына барамыз? — дедім мен Үмітке.

— Мен философиялық диспутқа барам, — деді, сол кездің өзінде бүйірі философия жағына бұрып жүретін Үміт.

— Мен, әрине, Маяковскийге барам!

Афиша оқыған күннің кешіне, мерзімді уақытта Тарихи музейге бардым. Дала ол кеште шаңытқан үскірік аяз-ды. Соның ызғары музейдің ішінде де тұр екен. Ол жылдары отынның тапшылығынан жағылмаған музейдің ішіне, далада желді тұман мен кешіп жүрген қыраулы ызғар есік-терезесі жабық музейге қамалып қапты да, тымырсықтана сызданып алыпты. Электрдің де әлсіз кезі, көп адамның демімен суық фоенің іші көмескі сәуле және буалдыр, — фоеде дөңгелене жүрген адамның ішінде біреудің біреу тұлғасын ғана көрмесе, жақындамай кім екенін айырып болатын емес.

Жұрт солай жүріп жатты, ауыздары кеңесте. Көп адамның тұтасқан үні араның ұясындай гу-гу етеді. Жақын жүрген адамдардың дыбысына құлақ түрсең, сөйлейтіні — әдебиет. Біреулердің аузында — Маяковский. Біреулер жақсылап, біреулер жамандап дегендей, әркімдер-ақ ол туралы керкілдесіп қызыл өңеш боп жүр... Олардың сөзіне қарағанда, Маяковский бұл үйге әлі келмеген сияқты.

Бір кезде, фоенің есік жағынан гармонь дауысы естілді. Шаңқылдаған ашық дауысты гормонь, орыстың деревнялық бір тамаша әнін желіктіре желпіп келеді... Әлдекім оған қосыла кетті, әлдекім найзадай өткір ысқырықты да тартып жіберді!.. Бұл дабыстарға қатты әсерленген менің ойым, Москвадан деревняға қарай ұша жөнелді. Гармоньді мен бірінші рет балалық шағымда орыс деревняларынан естігем. Сонда менің басыма «дүниеде бұдан сұлу, бұдан дауысты, бұдан үні тәтті құрал болмайтын шығар» деген ой ұялаған. Расымды айтайын, гармонь даусы менің делебемді әлі күнге дейін музыкалық өзге құралдардан әлде қайда артық қоздырады!..

Тарихи музейдің есігінен кірген гармонь даусына, оған әнің ысқырығын қосушыларға менің ғана делебем қозған жоқ, фоедегі барлық адам көңіл бөле, тоқтай қалды. Көмескі сәулені де, жол ашқан жұртты да қақ жара, үш адам келе жатыр. Міне, жақындады олар. Сырнай оң қанаттағы адамның қолында, оның сол жағында ұзын бойлы біреу, оның сол жағында тапал біреу. Бәрінің де киімі бір түсті: бастарында оң шекелеріне қисайта киген, күнқағары үлкен ала кепка: мойындарында, тек, бір ғана орай сап, бір ұшын өңіріне түсірген қоян жүн қызыл ала шарф; үстерінде жағасыз, жең ұшының жүнін шығара кейін қайырған, етегі тізеге жетпейтін бояусыз ақ шолақ тон; аяқтарында сұр, дөрекі пима...

— Сырнайшы — Василий Каменский! — деп қалды біреу.

— Ортада Маяковский!..

Сол жақ шетіндегі кіші денеліні Кирсанов деді ғой деймін...

Сырнайлата, өлеңдете, ысқырта олар топты жарып, фоенің сахна жақтағы есігіне кіріп кетті.

— Ол бүгін көңілді екен, — десті біреулер, — диспутқа мықтап даярланған болу керек және жеңем деген сеніммен келу керек.

— Жұртқа көрсеткен көзі, — деп таласты біреулер. — Бүгін таяқ жерін біліп, ызалы ашумен келген адам бұл, әйтпесе, көпшілік жиналған жерге әндетіп келетін артист пе, күлдіргі ме ол... Жұрт көзінде көңілді болғансуы, қарсыларына жасаған психологиялық шабуылы...

Кешікпей қоңырау соғылды. Залдың есіктері ашылып, жұрт кіре бастады. Оның да ызғары фоедей, бірақ, көп және үлкен шамды люстра болғандықтан, жарығы айқындау. Тастай суық орындықтарға жұрт отыра бастады. Зал лық толды.

Бір кезде, сахнаға қысқы пальтосы, аяғында пимасы бар, құлақшынын қолына ұстаған, жалтыр бас, зор, жуан денелі, шүйделі адам шықты, қасында екі-үш кісі бар.

— Демьян Бедный! — деп күбірлесті қасымдағылар.

Ол жиналысты ашты да, Совет Одағындағы жазушылар жазудың әртүрлі жолында келе жатқаның көбінің негізгі бағыты бір — коммунизм екенің совет әдебиетінің шешілмеген мәселелері әлі көп екенің оларды шешуге бүгінгідей диспуттың жәрдем беретінін айта кеп:

— Сөз, өзінің творчестволық әдісін түсіндіру үшін. ақын Владимир Маяковскийге беріледі, — деді.

Сахна шымылдығының аржағынан Маяковский шықты. Ол сыртқы киімін тастапты, үстінде костюм, шалбарының балақтары пимаға сұғулы, алды көтеріңкі шашын кейін қайырған. Кескінін енді айқын көрдім: ұрты түсіңкі сопақтау бетінде, түйіліңкіреген қабағы қалыңдау, көзінде ашу бар сияқты.

Ол трибунаға көтерілмей, президиум столының зал жағында, биік аяқтарын кең жаза, үлкен табандарын нығарлай баса, ауыр қимылмен, ойлы кескінмен бірер рет ерсілі-қарсылы серги қап, сөйлеп кетті.

— Азаматтар! — деп бастады ол сөзін. Даусы арыстанның гүрілдегеніндей зор екен, зал солқ ете түсті. Бұлай ресми және қатаң дауыспен бастауын ұнатпағандай, залдың, кейбір тұсынан күңкіл шыға бастады.

— Мысалы, — деді ол алғысөзінде, — үш кісіні кәсіпшілер одағы шақырса, бірі — Александр Пушкин, екіншісі — - Валерий Брюсов, үшіншісі - — мен, яғни — Владимир Маяковский.

— Охо! — деп дауыстады, алысырақ отырған біреу.

— Тишш! — деді оған әркімдер.

— Біз кәсіпшілер одағына барамыз, — деді Маяковский, оның председатель ақындардың ең үлкені деп Александр Пушкинді қабылдайды. «Халіңіз қалай?» — деп сұрайды председатель Пушкиннен. Пушкин үндемей томсарып тұрып қалады. Сонда председатель «Неге үндемейсіз? десе, Пушкин сұрауға жауап берудің орнына, былайша, өзінің «Чернь» деген өлеңін оқып кетеді...

Маяковский Пушкин боп, жуан үнін жіңішкертіңкірей, өлеңді оқып берді.

— Браво! — деп қол шапалақтасып қалды бір топ адам.

— Бұзып оқыды! — десіп қалды біреулер.

— Сонан соң, — деді Маяковский «Черньді» оқып боп, — председатель Пушкинге: «Тұрмысыңызға наразы екенсіз ғой сіз? Өйткені ретіңіз бар — пәтеріңіз суық болу керек, киім де, тамақ та шағын болу керек... Бірақ, мұның бәрі уақытша қиыншылық. Сізге біз тез арада ренжімейтін риза болатын жағдай жасаймыз. Әзірге бара тұрыңыз!» — дейді. Пушкин кетеді. Екінші кезекте Брюсов кіреді. Председатель оған: «Не істеп жатырсыз, Валерий Яковлевич?» — десе, ол езінің формалистік мына өлеңін оқи бастайды...

Қай өлеңі екені есімде жоқ, Маяковский Брюсовтың бір өлеңін оқи бастағанда, біреулер — «марқұмның аруағына күлу бұл!» деп, біреулер — «дауыс!» деп, зал қақ жарылып бөліне қалды. Демьян Бедный ұзақ уақыт қоңырау қағып, залдағы гуілді әрең басты.

— Сонан кейін, — деді Маяковский Брюсовтің қысқаша өлеңін оқып шығып, — председатель оған: «Пушкиннің көңілсіздігін кінәламаймын оның социалистік революцияны түсінбеуі мүмкін. Ал, сіздікі не? Коммунист емессіз бе, сіз? Сіздің күйректігіңізді кешіруге болмайды. Тұрмыстан сыртта қалғансыз сіз. Оны білу үшін завод пен фабрикаға барыңыз!» деп шығарып жібереді.

— Тұрпайы сөз! — деп дауыстады біреулер.

— Адал сөз, — деді екіншілер.

— Сонан, — деді Маяковский, — председатель мені шақырады. «Халың қалай?» десе барлық Совет азаматтарының халіндей деймін. «Ол сөзіңді қалай ұғуға болады?» десе, «Социализм құрып жатырмыз, ендеше, жақсы» деймін. «Не жазып жатырсың?» десе, жуырда «Владимир Ильич Ленин» атты поэма бітіргенімді айтам да, былай деп оқи берем! деп Маяковский поэманы оқи жөнелді. Кейін байқасам, поэманың ол үшінші тарауы екен.

Маяковский кім екенін мен сонда ғана толық таныдым. Даусы зорлығының үстіне ол мейлінше оқығыш екен. Одан бұрын да, талай оқығышты көре жүре, мен өлеңді мұндай шебер оқушыны көрген емен. Өлеңді ол аузымен ғана емес, бүкіл бетінің, денесінің қимылымен оқиды екен және ол қимылы, кейбір олақ оқығыштардікіндей босқа қимылдау емес, оқып тұрған өлеңінің, мазмұнымен сәйкес келетін көркем естілуін толықтандыратың әрбір елі сөзге тірі жан бітіретін қимыл. Ал дауысының зорлығы арыстан гүрілдегендей, залды солқылдатады!

«Міне, қайда оқу!» дедім мен ішімнен. «Міне, қайда Маяковский!» дедім мен, ол оқыған поэманың бар сырына түгел түсініп. Оның оқу шеберлігі, дауыс қуаты, сөз мазмұны мені ғана емес, бүкіл залды билеп ап, қашан оқып болғанша, жақтаушылары түгіл қарсылары да дыбыссыз тым-тырыс бола қалды...

Залдың шуы поэма оқылып болғаннан кейін тағы көтерілді. Ол шуды тұтандырып, Маяковский дұрыс сөздерге дұрыс жауап берді де, қисық сөздерге қыңыр жауап берді. Осы сұрау-жауаптың тұсында біреуді біреу тыңдамай, зал у-шу болды да кетті. Председатель қоңырауының оны басуға әлі келмеді. Ақырда дауға кіріскен зал басылмайтын болған соқ, Маяковский екі аяғын кергіш қып сахнада тұра қалды да, оң қолынан үш саусағын еріндерінің арасына қыстырып жіберіп, ысқырып кеп қалды. Манағы қатты ысқырық соныкі екен, бұл жолы да залды тесіп жібере жаздады. Өткір ысқырудан зал тына қалған секундта Маяковский:

— Білем, кімнің мені ұнатпайтының — деді зілді зор даусымен, — пролетариаттық үнді ұнатпайтындар олар. Бірақ, олар, пролетариаттың үнін өшіре алмайды, кешікпей олардың өз үндері өшеді!..

Зал тағы да ду ете түсті. Біреулер «Браво!» лап, біреулер «Долой!» лап жатыр... Одан әрі созуға мүмкіндігі жоғын көріп, председатель жиналысты жауып жіберді...

Одан кейін Маяковскийдің зор үні өсе бергенің мен оның ілгеріде жазылған шығармаларынан көрдім де отырдым және қай кезде жазылған шығармасы болса да ішкі-сыртқы сырын түгел түсіне, көп жағдайда үлгі ала оқыдым.

Маяковскийдің ұлан-байтақ көп еңбектерінен менің, әрдайым өте сүйсініп оқып, кеп қарайтыным соңғы шығармаларының бірі — «Бар дауыспен». Идеялық және көркемдік жағы биік болумен қатар, бұл шығарма маған Маяковскийдің ғана емес, бүкіл пролетариаттың күрес майданында жеңіп шыққан даусы сияқты көрінеді. Расында да сондай. Бұл социалистік Ұлы Октябрь революциясының жеңіс даусы. Сондықтан менің әрдайым:

Тоқтат,
дүние,
дабырды!
Не керек
күңкіл,
ескі оймен.
Тыңдайық жаңа дабыл
Жолдас!
Маяковскийден? —

дегім кеп тұрады.

1«Коммунизм таңы» газеті, 13 апрель, 1955 жыл, 74-номер.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз