Өлең, жыр, ақындар

Жарқын жолмен

повесть

ЖОЛҒАСУ

Сандықкөлдің дөңесіне шыға бергенімізде, қап-қара мақпалдай керіліп жатқан борозданың ішінен өркешті нар түйедей бір нәрсе көзімізге ұшыраса кетті.

Тайпалған жылжыма жорғадай ырғалып, оқтай зырлаған «газик» көз ұшында көргенге, көзді ашып-жұмғанша келді де қалды. Ол көрінген — тыңы көтерілген дала. Мезгіл — майдың басы. Құлпыра көктеген кең даланың бороздамен астасқан тұсы, қара мақпал мен жасыл мақпалдың астасуына ұқсайды. Осы араға келгенде, зымыраған машина борозданы жағалай ілгері тартты.

— Сонау өркешті не нәрсе?и — дедім, қасымдағы шоферға.

— Катарпеллер.

— Ол не?

— Трактордың бір сорты, — деді шофер, — америкалық машина. Бізде әлі өзіміз шығаратын трактор аз ғой.

Катарпеллер жасыл даланы жиектеп кеп, бұрыштанған борозданың шетіне жақындағанда шофер автомобилін кілт тоқтата қойды.

Біз автомобильден түсе, дарылдап келе жатқан трактордың алдынан, төңкеріліп жатқан борозда қыртысын бойлай сүріне-жығыла жүгірдік.

Біз жақындай трактор де тоқтай қалып еді, ішінен, — дөңгелек жүз, денесі сүмбедей тік, басында бұлғары кепкесі, көзінде алақандай қаптама көзілдірігі, сыртында бұлғары шекпені, аяғында жұмыстың жуан етігі, қолында қара бұлғары биялайы бар, бет-аузын шаң басқан біреу шыға келді.

«Жас жігіт-ау шамасы», — дедім ішімнен.

— Есенсіздер ме, жолдастар? — деп қолымызды алған «жігіт» әйел дауысты!..

— Бет-аузын, немене болып кеткен, шаң басқан ба? — деді шофер оған қалжыңдап.

— Жуса кететін кір ғой ол. Жуса да кетпейтін кірден сақтасын, — деді әйел дауысты адам.

Оның әйел екендігіне енді күдігім қалмаған мен, ішімнен «қазақ әйелінен де тракторист шыға бастаған екен, бұл олардың «жыл құсы» екен!» деп қуандым да, стажын білмек боп:

— Трактор тізгініне отыруыңыз нешінші жыл? — дедім.

— Екінші жыл, — деді әйел.

— Атыңыз?

— Үміт!..

— Түскі астың мезгілі болғанын аңғармай қалыппын ғой, — деді Үміт сағатына қарап.

— Неге? — деді шофер.

— Екі қос социалистік жарысқа түскен ек, — деді Үміт, — бірі — ерлердің, бірі — әйелдердің қосы. — Жарыстан мақсат — озу ғой. Сол мақсатты қуу соңында жүріп, уақыттың қалай өткенін аңғармай қаламыз.

— Қосыңа тамаққа барсақ ала кетуге болады.

— Жақсы. Қазір Надежда келеді, соны ала кетейік.

Сол кезде екінші трактор бізге жақындай берді.

— Бұл «Коммунар!» — деді шофер мақтанған кескінмен. — Бұл біздің отандық өндірістің жемісі.

«Коммунар» катарпеллермен қатарласып кеп тоқтағанда, ішінен орыс әйелі секіріп түсті де, Үмітті жүгіріп кеп құшақтай алды.

— Сағынысып қалыпсыздар ғой? — дедім мен күліп.

Қапелімде шыққан дауысқа Надежда жалт қарады да:

— Ғафу етіңіз жолдас, амансыз ба? — деп қолын ұсынды.

— Надежда Сергеевна Карапузова, менің досым! — деді Үміт.

— Кәне, қосқа баралық, жолдастар! — деді Үміт бізге.

— Машинамен! — деді шофер.

— Құп болады! — десті әйелдер.

БАҚЫТТЫ БАЛАЛАР

Келе жатқан бетімізде, жайылымға шыққан аққудай боп, сәулесі күнге шағылған, ағарған бірдемелер көріне кетті. Тұлпардың тізгінін еркінірек жіберген шофер «ә» дегенше ағарғандарға жақындап қалды, — қаз-қатар тігілген шатырлар екен. Бұлардың аты шатыр демесең, ұзындығы он бір метрдей, көлденеңі он метрдей, кәдімгідей терезесі бар, жап-жалпақ үй, жалпы саны он шақты. Шатырлардың арасында қаптап тұрған машиналар, олардың үйіліп жатқан саймандары. Шатырлардың нақ ортасына орнатқан ұзын діңгектің биігінде радионың ауыздары аңқиған екі репродукторы.

Біз келіп бір шатырдың, сыртына тоқтай қалғанда, ішінен «Гугай-ай-дың» әнін шырқаған бірнеше әйелдің дауысы естілді.

— Бұл не концерт?! — дедім мен Үмітке, машинадан түсіп жатып.

— Бірге тұратын әйелдердің көңіл көтеруі болар.

— Қанша әйел тұрады бұл шатырда?

— Жиырма үш!.. Сегізі трактор жүргізуші, өзгесі қара жұмыста.

— Көп екен! — дедім ойнаған болып.

— Бұл бір қостағы ғана әйелдер. Совхоздағы барлық жұмыс әйелінің саны жүзден асады.

— Мына әйелдер неге бос отыр кәзір?

— Сменасы енді басталады.

Біз машинадан түсіп болған кезде шатырдан жұмыс киіміндегі таңқы мұрындау қара бұжыр әйел жүгіріп шыға келді де, бізге атүсті ғана амандасып:

— Смена! — деді қатты дауыспен.

Үйден жұмыс киіміндегі көп әйел жүгіре шықты. Бізге бастарын ғана изеген оларды, грузовик егін өлкесіне ала жөнелді...

— Ало, ало!.. — деген дауыс естілді сол кезде, манағы бағананың басында тұрған радио репродукторынан.

— Жолдастар! — деді радио. — Қазір Алматыдағы қазақ театрының артистері совхоз жұмыскерлерінің күндізгі демалысына арнап концерт береді.

Әдемі әндер бастала жөнелгенде:

— Осы өнерге мен таңғалам, — деді Үміт, маған, — радио орнатылғанына айдан асты. Былтыр да осында болған екен. Бірақ, мен онда басқа участокте ем. Қыс жиып алып, мынаны әнеугүні егінге шыға қайта құрды. Неше түрлі тамашаларды естиміз. Жалғыз Алматыдан ғана емес, Ташкеннен, Мәскеуден, тағы басқа қалалардан... Өзі тіпті рақат болды!.. Кейде жұмыстан шаршап келгенде, төсегіңде қисайып жатып тыңдасаң, аунаған аттай, адам сергіп қалады. Ән-күйдің нелер тамашасын тыңдайсың!..

— Үміт, — деді Надежда, мені нұсқап, — жазушы жолдас қызыл бұрышқа бара тұрсын, біз жуынып, киініп алайық.

— Жақсы, — деді Үміт.

Мен «анау шатыр» деген жобамен жөнелгенде, екі әйел шатырына кірді.

Қызыл бұрыш ұйымдасқан шатырдың іші кәдімгі қалалы жердегі қызыл бұрыштан айнымайды екен: төріне Маркс пен Лениннің портреттерін қызыл шұғаға орап, жан-жағын гүлдермен әшекейлеген; ортада үстіне қызыл шұға жапқан ұзын үстел, оның үсті толған газет-журнал; мен кіргенде оннан аса әйел, еркек газет, журнал оқып отыр; шатырдың қабырғасына өндірістің ұрандары жазылған плакаттар мен жалаулар ілінген.

Есіктен кіре, мен соларды тамашалай қарап тұр ем, құлағыма жас балалардың шулап, әндеткен дауысы сап ете түсті. Жалма-жан жүгіріп далаға шыға келсем, өргізген қаздың балапанындай болып, ылғи ақ киім кигізген жиырма шақты, екі мен сегіздің арасындағы балалар, бірінің артынан бірі шұбырып барады екен. Балалардың алдында да, артында да бастарына ақ орамал тартып, үстіне ақ халат киген екі әйел — біреуі — орыс, біреуі — қазақ.

Жалғыз мен емес, шатырдың сыртында жүргендердің көпшілігі балалардың жүрісін, шуын қызық көріп, көздерін айырмай қарады. Әсіресе, мосқалдау, қазақша киінген бір әйел:

— Ой, садағаң кетейін!.. Ой, қыбырлаған аяғыңнан айналайын!.. Ой, құрмалдығың болайын!.. — деп өзінен-өзі сөйлеп, балалардың соңын ала жүріп барады.

— Сіздің де балаңыз бар ма еді, жеңгей? — дедім әйелге, соңынан еріп.

— Бар еді, қарағым! — деді әйел жүрісін доғармай, — анау біреу томпаңдап бара жатқан қара домалақ менікі еді!

— Қашан беріп ең?

— Биыл екінші жыл.

— Совхозда көптен тұрасыз ба?

— Орнағаннан бері.

— Отағасыңыз бар ма?

— Бар.

— Не жұмыста?

— Қара жұмыста!

— Өзіңіз не істейсіз?

— Ac пісірем.

— Қалай, жақсы ма, совхоз?

— Түбін кім білсін. Әзірге жаман емес.

— Бұрын қалай тұрып едіңіздер?

— О жағын сұрама, шырағым. Ерім де, өзім де туғалы тесік өкпе болып, кісі есігінде жүрген адам едік. Жасым биыл қырық үште. Ерім елу алтыда. Совхозда тамақ тоқ. Қысы-жазымызға үй де береді. Етіме жамаусыз көйлек осы совхозда ғана тиді.

— Балаңыз нешеу?

— Өліп-өліп, өлім сарқытындай болып қалған жалғыз осы ғана.

— Күтімі қалай балаңыздың?

— Болашағын қайдан білейін, қарағым. Әзірге күтімі біздің қолдан жақсы. Құдай-ай сақтай гөр! — деді әйел маған қарап, — шешек еккен сұмдықты кім көрген, бұрын?! Ол жарықтық егу түгіл, қарағанға шамданады дейтін еді. Әнеугүні лөктір қатын келіп балаларға шешек егіпті. Мен ектірмейін деп ем, қазына өз дегенін істемей қоя ма, — еркімді билеп әкетті. Амалсыз көнгенмен: «Алла-ау, не пәлеңе кез келтіресің? Өлгенде көрген жалғызым еді, сақтай көр!» деп мойныма бұршақ салдым. Жүрегіме ас батпады. Екі-үш күннен кейін балам ауырып, денесін көрсем, мөп-мөлдір танадай болып шешектің бес-алты анасы шыққан екен. «Ә, құдай, ә, аруақ қолдай гөр, жеңілдігін бере гөр!» деп жаба қойдым... Сонан, құдай жөн берді-ау, шырағым, жазылды-ау!

— Сіз мұнда келген екенсіз ғой, — деген дауысқа жалт қарасам, екі бетінен қаны тамған бір әдемі әйел. Үстінде қалалы жерде киетін таза және қымбат костюм, кеудесінде қадаған гүл.

— Мұндамын, — деген жауапты бергенмен, «бұл неткен әйел?! деп кескініне қарай қалдым. Сүзіле қарап Үміт екенін зорға танығаным ғой!.. Манағы шаң мен күйе басқан бет-аузын жуып, үстіне оңды, таза киімдерді кигенде, сымбаттанып та, сұлуланып та кетіпті. Бейнесінің шырайы құбылмалы пүліштей ойнап тұр!..

— Осы балаларды зордың күшімен жинадық, — деді Үміт маған, — ел әлі де надан ғой. Баласын бақшаға берсе өлтіретіндей көреді. Қазір үйреніп кетті. Емшек балалары анау шатырда. Саны көп емес — сегіз. Мүмкін, көрерсіз?

— Көрейік.

Шатырдың ішіне кірсек, ақ ағаш кроваттарда сегіз бала уызға тойған қозыдай ұйықтап жатыр екен. Беттері толған ай тәрізденіп дөп-дөңгелек боп, бопылдатып еміп жатқан еріндерінде бақыт қуанышының әсері тұр.

Күзетіп отырған татар әйелі, тышқан аңдыған мысықтай, аяғын ептеп басып, бізге жақындады да:

— Балалардың тыныс кезі еді, жаңа ұйықтатып ек — деді.

Біз — «ғапу етіңіз!» деп шығып кеттік.

КЕШКІ САЛҚЫНДА

Тамақтан кейін аз тынығып далаға шықсам, күн екіндіге құлаған екен. Күндіз көк мұздай жалтырап тұрған торғын аспанға, үйездеген жылқылардай, әр жеріне бұлт үйіріліпті. Бұлттың оңтүстік жағы қарақошқылданып, қоюланған. Күнбатыс жағы қойдың шарпындай алашабырланған да, дәл жермен астасқан тұсы — көтерілген шымылдықтың етегіндей жоғары түрілген. Сол жоғары түрілген етектің жер жақ шетінен алтын күннің бір жақ жиегі ғана шыққан екен, өзгесі бұлт ішінде... Әлгінде самал болып қана есіп тұрған жел, енді демін ішіне тартып, тына қапты.

Ерсілі-қарсылы өріп, зырқырап жүрген автомобильдердің ішінен біреуі зырлатып кеп, мен тұрған жерге тұра қалды. Ішіндегі инженер Железнов екен. Ол мана менен бөлініп төртінші участкеге кеткен.

— Егін биыл шығымды болады, — деді ол түсіп жатып, — жақын арада төгіп өткен жаңбырдан жерге екі қарыс су сіңген еді. Анау тұрған бұлт, — деді ол, батыста қоюланған қара бұлтты қолымен нұсқап, — бүгін тағы төксе, совхоз егіннің әрбір десятинасынан жүз бұтты еркін аламыз!

— Болсын, одан да артық болсын! — дедім мен.

Сол кезде шатырынан шығып, бізге беттей берген Үмітті Железнов қарсы алды да:

— Мына біреуді сізге парт ячейканың хатшысы беріп еді, — деп конверт ұсынды.

Конвертті ашып Үміт оқыды да:

— Жүретін кезіміз болып қалған екен ғой, — деді.

— Қайда? — дедім мен.

— Округтік партия конференциясына.

— Қайыр, қош! — деді Железнов Үмітке қолын ұсынып. — Мен Қиялы станциясына барып қайтатын ем. Жолыңыз болсын. Сіз деді маған Железнов менімен де қол алысып, — Шағалаға қайтыңыз.

— Сіз ше?

— Мен де кешке келем, Шағалаға. Ертең совхоз өндірісін екеуміз бірге аралармыз.

— Мақұл.

Железнов жүріп кетті.

— Осы жолдас коммунист пе? — дедім Үмітке.

— Көптен бергі большевик. Арғы негізі — Ленинградтағы «Красный треугольник» заводының жұмыскері, кейін, совет заманында, іс үстінде оқып, инженерлік білім алған. Біздің совхозға өзі тіленіп келген. Механика мастерскоенің бас инженері боп қызмет атқарады.

— Сіз, енді, қашан жүресіз конференцияға? — дедім мен, Үмітке.

— Кешке совхоз орталығынан келетін машинамен.

— Қызылжарға машинамен баратын боларсыздар?

— Әрине, атпен емес, — деді Үміт күліп. — Қызылжар бұл арадан тігінен елу-алпыс километр болғанмен, атпен ара қонып барады, — жол жаман. Автомашинаға да қиын. Смирново станциясы жақын. Содан пойызбен кету қолайлы.

— Смирновоға Сізді, мүмкін, мен шығарып сап қайтармын?

— Оны кезінде көрерміз.

Ойын осылай бекіткен Үміт, кешке дейін басқаратын тракторына барып, серігіне тапсырмалар беру жабдығымен шұғылданбақ болды, мен оған дейін осы бригададағы басқа жұмыстарыммен шұғылдануға кірістім.

Біз шатырларға оралған кезде күн жерге белуарынан батып, бұлттың түрілген жиегіне алтын сәулесін тармақтандыра шашып тұрған шағы еді. Сол күннің баюын күткендей-ақ, жерден жоғарғы ернеуі ғана қылтиған кезде, манағы тынған жел көтерілді де кетті. Қою қара бұлт желді құйынға үйірілген шаңдай бауырына тартты да, қаһарлы түспен бермен қарай көшті. Өсімдіктер арыстаннан бұққан мысықтай, басын жерге тигізіп бұлтқа тәжім етті. Ызбары күшті қара бұлт жалбыр жал қара айғырдай, қайра-қайра кісінеді. Қара айғырға мініп, жауымен жұлысқан батырдың сілтеген найзасындай, жайдың оғы аспанның о жағында бір, бұ жағында бір жарқ-жұрқ етті.

Аспаннан жерге шұбалта төккен ермектей тарам-тарам созылып, қою жаңбыр, шүмектен ағытқан судай лақылдап кеп құйылды...

Жауыннан ыққан жұрт шатырларға тығылды. Аспаннан нөсер емес, бидайдың дәні құйылғандай, сол қуанышты сезімге жаны ғана емес, аузы да құмығып сөйлеуге келмегендей, шатырдан жан адам үн шығарған жоқ.

Жалғыз-ақ, радиомен әлдеқайдан келген ән-күй, нөсер жаңбырдың сарылдай құйылған дыбысын бөліп, балдай тәтті үні құлаққа құйылды да тұрды...

Бұл күннің кешкі салқынын біз осылай қарсы алдық.

БОЛАШАҚТЫҢ БЕТАШАРЫ

Автомобильмен зырлатып келе жатырмыз. Қасымда Үміт пен шофер.

Жаңбырдан кейін жаңарған ауамен пүліш даланың жұпар исі мұрынды жарып барады. Жел тынған. Аспан ашық. Бір шөкім бұлт жоқ. Қияға өрлеп шығып алған толған ай самсаған жұлдыздың ішінде, күміс қадаған қара мақпал шапаннан бетін ғана шығарып тұрған сұлу тәрізді.

Біз шыққан участоктан Смирново жиырма бес шақырым.

— Сағат неше? — дедім мен шоферға, былай шыға.

— Он бір, — деді шофер, шылымға тұтанған сіріңкесінің жарығына білек сағатын тосып.

— Кеш шыққан екеміз ғой.

— Жабдық кеп болды ғой, — деді Үміт.

— Сонымен, бригада жиналысының қорытындысы немен тынды?

— Ойдағыдай тынды, — деді Үміт — кеше бір жұмада бітіруге ойлаған планды, бүгін екі жарым күнде бітіріп кететін болдық!

— Мүмкіншіліктерің жете ме оған?

— Біздің бригаданың жері былтыр жыртылып даярланған. Осы жерден бір катарпеллер бір кезекте он бес гектарды, «коммунар» он гектарды себе алады. Бригадада сегіз катарпеллер, бес «коммунар» бар. Егер бұларды үздіксіз үш кезекпен жіберсек, күніне 390 гектарды айдап тастайды. Біздің жоспардан қазір қалғаны 1107 гектар. Бұл мөлшерді екі жарым күнде, әрине, бітіреді. Амандық болса, — деді Үміт шаттық дауыспен — үшінші күні бізбен іргелес «Игілік», «Жаңа жол», «Екпінді» колхоздарына жәрдемге барлық тракторды айдаймыз.

— Онда жақсы екен, — дедім мен, — өкінішін қоса айтқанда, бұл маңдағы колхоздарда трактор өте аз ғой әлі. Көпшілігінің жегетіні көлік қой. Кейбірінде ат, егіз сияқты мықты көлік те болмай, сиыр жегеді ғой. Көктемнің сиыры да қай бір күйлі, — көбі тыртиған арық. Соқа сүйреп не оңдырады олар.

— Рас, — деді Үміт. — Соқаға сиыр жегудің не екенін көзбен көрдік: өткен жыл сиырмен себілген егіннің ең шығымды гектарынан бес-алты центнер ғана дән алынды, онда да, — жаңбырлы жыл болғандықтан; ал, біздің тракторлар жәрдемдескен колхоздар, гектарына жиырма бес, — отыз центнерден алды.

— Онда, осылай жәрдемдесе беру керек қой! — дедім мен күліп.

— Әрине! — деді Үміт, — Бірақ, оған мүмкіндік жетсе.

— Неге жетпейді?

— Сіз аспаннан келген адамдай сөйлейсіз, — деді Үміт салмақты дауыспен, — осы елде туып, осы елде тұрып жатқан жоқсыз ба? Бүкіл «Петропавл» аталатын бүкіл Қызылжар округінде бірінші совхоз болып, біздің «Шағала» бұдан екі жыл бұрын ғана ашылған жоқ па?!. МТС деген, бұл округте әлі құрылмай жатқан жоқ па?.. Осы жалғыз совхоздың өзі алғаш қалай құрылғанын естімедіңіз бе?

Айтпақшы, — дедім мен Үміттің сөзін бөліп, — сізден я басқа біреуден сұрайын деген кеңесім еді бұл, аузыма сөз салып жібердіңіз-ау!.. Өте жақсы болды. Совхозды ұйымдастырушының біреуісіз, қысқаша болса да айтыңызшы, оның тарихын.

— Онда көп тарих жоқ. — деді Үміт, — Бұрын, патша заманында, жылында бір рет, жаз ортасында, «Тайша» атты жәрмеңке жиналмаса, былайғы уақытта бос жатқан жер ғой бұл. Және, қандай кең өзі, — «айналасы айшылық, көлденеңі күншілік» дегендей, біздің бір «Шағалаға» кесіп бергені 250 мың гектар. Одан артылып бос жатқаны қанша!.. Және, қандай жер: қара топырақты қыртысы бір метр... қою шалғыны белуардан өседі...

— Жер жайынан хабарым бар, — дедім мен, — сіз совхоз ұйымдастыру тарихына кешіңіз.

— О да болсын, — мен бұл араға, жаңадан ашылған совхоздың бірінші топ адамымен келдім. Көп адам емес, — директор, манағы бас инженер, бас бухгалтер, советтік бес, алты тракторист, ішінде — мен...

— Неге «советтік» дейсіз? — дедім мен, — советтік емес трактористер де болғандай?

— Болған! — деді Үміт.

— Қайдан?

— Америкадан. «Катарпеллер» аталатын тракторлар Америкадан келген, трактористері ере келген...

— Неге?

— Бізге тракторды жүргізуді үйретуге.

— Қойыңызшы?!

— Рас. Ақыларын алтынмен алатын болып келді. Еңбегіне алтынын ала берсін-ау!.. Капиталистік тәрбияда өскен мұндарлар, мұрындарын көтере, тәкаппарси келді... Сол ызасына шыдамадық та, бір жылдан кейін, келген іздерімен қайырдық...

— Өнерін үйреніп қой?..

— Әрине. Америка тракторын жүргізу де соншалық бір қиын іс емес екен. Біздің жігіттер мен қыздар қастарында жүріп, америка трактористерінің өнерін бір айға жетпей қағып алды. Одан кейін қалуға, өздерінде де ықлас болған жоқ.

— Ілгері озып кеттік, — деді Үміт, аз кідіріп, — кейін оралайық. Сонымен, совхоз бос жатқан айдалаға келіп орнады. «Шағала» атануы — көлден. Сол атты шалқар көл бар.

— Көрдім ғой, — дедім мен, — бірақ, совхоз орталығы оның жағасында емес, жиырма бес шақырымдағы Сандықкөл жағасында ғой.

— Рас. Совхозға кіші көлдің емес, үлкен көлдің атын қойған болар.

— Түсінікті. Совхоз тарихын жалғастыра беріңіз.

— Біз көктемде орнадық, — деді Үміт. — Екі жұмыс қатар кетті: үй құрылысы және тың айыру.

— Қанша тың айырылды, алғашқы жыл?

— Он мың гектар. Оған кейінгі екі жылда отыз мың қосылды.

— Тұқымды бәріне де себесіздер ме, бұл көлемнің биыл?

— Түгелімен!..

— Шығып кетсе көп егін ғой ол?

— Әрине. Гектарынан жүз бұттан алғанда да төрт миллион бұт қой ол!.. Бұрын бұндай астықты бүкіл Ақмола губерниясы боп жинай алмаған. Қазір бір совхоз бүкіл губерниядан артық астық алады. Біздің дәмеміз төрт миллионнан да артығырақ!..

— Жылдың, яғни, жаңбырдың жайына қарағанда ол да болар?

— Әрине!..

— Шіркін, — деді Үміт, аз кідірістен кейін, — бос жер көп-ау біздің Қазақстанда әлі!.. Соның бәріне совхоздар ұйымдастырса, ә?!..

— Ол күн де алыс болмауға тиісті...

— Мен де солай ойлаймын. Маған біздің «Шағала» болашақ совхоздардың «беташары» сияқтанады...

— Маған да солай.

БАҚЫТСЫЗ БАЛА

Бізге Шағаланың өткен тарихы осымен бітіп қалған сияқтанды. Ендігі ой, болашақта ашылатын совхоздар өлкесін кезгендей, Үміт екеуміз біраз уақыт тым-тырыс отырдық.

Бұл күйде, автомобильдің сырғанай зырлаған шабысына көңілдің көтерілуімен қатар, түннің тұңғиық кескіні, сезімді біраз ауырлатты. Сол кезде жолды қысқартайық деген ниетпен, Үмітпен тағы бір ұзақ әңгімеге кірісуді ойладым.

— Үміт! — дедім мен, қалғыған адамдай қасымда басын төменірек салбыратып отырған оған.

— Ә ? — деді Үміт, шошынған адамдай басын көтеpiп ап.

— Жол қысқартсақ қайтеді?

— Немен?

— Әңгімемен.

— Не жайда?

— Менің әңгімені тағы да сізден естігім кеп отыр.

— Қандай әңгімені?

— Маған сіздің қазіргі өміріңізді ғана білу емес, өткен өміріңізді білу де қызық сияқтанып отыр...

Үміт қатты күрсінді. Ол күрсінудің өзі-ақ өткен күнінде жүрегіне қорғасыннан ауыр тиетін әлденеменелер барлығын көрсетіп тұрды. Сол халдегі Үміттің аузына сөз салып жіберу мақсатымен:

— Неге күрсінесіз? — дедім мен оған. — Өмір болғасын, ыстығы да, суығы да, қайғысы да, қуанышы да болмай қоймайды. Мүмкін, сіздің өткен өмірде көргеніңіз, қазір еске түсіру үшін ауыр да болуы. Ал, мен үшін оның үлкен мәні болуы. Айтуыңызды өтінем!

— Айтқым келмейді, — деді Үміт, тағы да күрсініп.

— Неге?

— Өте жеркенішті өмір ол.

— Оның жеркенішті болуына, мүмкін, сіз айыпты емес шығарсыз?

— Әрине! — деді Үміт нық дауыспен.

— Он да несін жасырасыз?

— Жасырмауға да болады, — деді Үміт жиналыңқырап.

— Ендеше, бастаңыз.

— Шешем есімді білмейтін кезде өлген екен, — деп бастады Үміт сөзін, — оның кескін-кейпі есімде жоқ. Әкемді өңім мен түсімдей білем. Ол менің тоғыз жасымда өлді.

— Қызметі не еді?

— Қызылжардың тері заводында жұмысшы да.

— Кімнің қолында қалдыңыз?

— Ешкімнің де емес. Әкемде туысқан-туған болмайтын. Менен басқа, Бөбек дейтін ұлы болған. Жасынан қағына өсіп сотқар болғандықтан, көршілер «Сотқарбай» деген ат қойып, кейін солай атығып кеткен. Әкем өлгенде ол жиырмада.

— Иә, сонымен!.. — дедім мен, сорлы баланың халі одан әрі не боларын естуге асығып.

— Әкем өлгеннің артынан көп кешікпей тентіреуге, қайыр сұрауға түстім.

— Сотқарбай асырамады ма?

— Қайдан асырайды, — деді Үміт күрсініп, — он жасқа келе қарта ойнау, арақ ішу жолына түскен ол, әкем өлген соң бейбастақтық өмірге кешіп, бұзықтарға қосылып кетті...

— Сонымен?

— Сонымен, қайыр сұрау үстіне киімдерімнің жырым-жырымы шығып, етегін айнала түйіп алатын болдым. Аяқтағы далба-дұлба бәтеңкенің жұлығынан кенеп шұлғау сүйретіліп жүретін болды. Мойным ырғайдай боп жүрдім. Осындай күйге түскен адамды кім жолатсын. Әуелгі кезде әркім есіркегенмен, артынан жеркеніп, жан пәнде үйіне жолатпайтын болды. Жаз күнін не қылайын, онда қайда болса сонда үй ғой. Қыстың сақылдаған сары аязында далаға қонып жүрдім-ау!

— Әлің келетін бір жұмыс табылмады ма? — дедім мен, Үміттің қайыршылық өмірінің аржағын естігім келмей.

— Зорға табылды, — деді Үміт те, қайыршылық тақырыбынан еңбек тақырыбына ауысуына қуанғандай, ауыр сезімнен сергіген сияқтанып. — «Кірпіш сарай» дейтін жер бар ғой Қызылжарда...

— Білем.

— Жақсы білесіз бе?

— Жақсы білем ғой деймін.

— Онда кірпіш соғылатынын да білесіз бе?

— Қазір соғылмайды ғой ол кірпіш? Ертеде соғылғанын естідім.

— Иесі кім екенін естідіңіз бе, ертеде соғылатын кірпіштің...

— Масляков деген бай еді деседі.

— Рас сол. Оның жұмысшыларын қалай ұстағанын естідіңіз бе?

— Жалпы сөз ғой ол. Сіз конкретті жағдайын айтсаңыз, тыңдауға әзірмін.

— «Жағдай» дегенде он екі, он үштегі бала несін біледі. Менін, есімде қалғаны — көктем туып, жер жібігеннен бастап, күз жердің тоңы қатқанша жалаңаш аяғымен балшық илеп кірпіш соғатын әйел, еркектер. Олардың ішінде жасы менің алды-артымдағы балалар да бар.

— Күн көрісі қандай, сонда?

— Іс күн көріс болды дейсіз оларда. Көбінде өзіндік баспана жоқ. Жатар жерлері — барак. Ол әрі лас, әрі суық, әрі төсенішсіз. Сол халінде тамағы тойса бір сәрі ғой. Көбі аш — тапқандары тамағына жетпейді. Киімге, — болса, болмаса да!.. Жаз оқасы жоқ қой. Қыстыгүні жалаңаш-жалпы дірдектеуден жаман жоқ екен!..

— Дегенмен, — деді Үміт ауыр күрсініп ап, — қайыршылықтан бұл да жақсы екен, тіленіп емес, тырбанып күн көруге тырысасың!..

— Сонымен, — дедім мен, — бақыт тапқан күнін естуге асығып, — ұзаққа созылды ма, бұл бейнет?

— Қызылжарда Совет өкіметі құрылғанға дейін.

— Енді содан кейінгі өміріңізді сөйлеңіз!..

ЕҢБЕК ӨРІНДЕ

Біз кеңесіміздің осы арасына келгенде, қап-қара боп тұнжырап жатқан жалпақ борозданы жағалап келе жатқан жол қайқайып, бозамық далаға қарай айнала берді.

— Қап, бәрекелді-ай, — деді шофер машина жүрісін бәсеңдетіп, — жайлаудың жіңішке жолына түсіп кеткен екеміз. Оңбаған жаман жол еді. Бұнымен жүріп болмайды.

— Ендеше кейін бұрыл! — дедік Үміт екеуміз.

Кейін бұрылған машина асау аттай аз уақыт мөңкіді де, «тәк!» дегендей тоқтай қалды. Оның тоқтаған қимылымен бірге үні де өшті.

— Машина сынды! — деді шофер, автомобильден түсе қап моторының әлденелерін шұқылап көріп ап.

— Енді қайттік?

— Таң атқанша тұрамыз. Бұзылғанын жарық түсе ондаймыз. Қазір жарық жоқ.

Амал құрыды... Нақ сол кезде, түнде еңсесі түскен дүниеге «таң келеді!» деп шүйінші айта, аспанның шығыс жақ жабығынан күлім көз шолпан туды.

— Шіркін-ай, һауа қалай таза еді, адам тоярлық емес екен! — дедім мен.

— Түн тамаша! — деді Үміт те.

— Ұйқыңыз келген жоқ па?

— Өзіңіздің ше?

— Мені ұйқы қысып кетті, — деді шофер, — ұлықсат етсеңіздер, таң атқанша көз шырымын алар ем.

— Болсын, — дестік біз.

Шофер өз орнына отыра беріп қор ете түсті.

Әлгінде машина тоқтаған уақыттан бері, — менің делебемді қоздырып тұрған нәрсе, — жақын жерде су құстарының шулауы, сол дауысқа қарағанда, сөз жоқ, көл бар. Тегі, біз дөңестеу жерде тұрмыз, көл соның еңісіндегі ойпатта.

— Естисіз бе? — дедім мен Үмітке, шофер ұйықтағаннан кейін.

— Нені?

— Көлдегі құстардың шуылын?

— Менде құлақ жоқ деп пе едіңіз? — деді Үміт күлімсіреген дауыспен.

— Келдің жағасында жүріп естімейміз бе, ол құстардың сайрауын.

— Өйтуге де болады.

— Иә, сонымен, — дедім мен Үмітке, көл жаққа қолтықтаса кетіп бара жатып — «құланның қасынуына мылтықтың басуы дәл келді» дегендей, машинаның бұзылуы, біздің кеңесімізді аяқтауға жақсы болды-ау!

— Солайлау болды.

— Енді сіз бақыт дүниесіне қалай кірген әңгімеңізден бастаңыз.

— Ол менің механика заводына кіруімнен басталады, алғаш алып барған адам, — кірпіш сарайда тұратын Мария Гавриловна Карапузова. Ол манағы өзіңіз көрген Надежда деген әйелдің шешесі. Марияның күйеуі тері заводында әкеммен көп жыл бірге қызмет атқарған адам. Ол ертеде өлген, баладан жалғыз-ақ Надежда қалған.

— Әке-шешем өлгеннен кейін, — деді Үміт, демін соза бір алып қойып, — маған жылы қабақпен қарайтын жалғыз адам осы Мария Гавриловна болды. Бірақ, «қарағым-шырағымдаған», ауыр қалымды аяған сөздерінен басқа жәрдемі тиген жоқ. Оған мен өкпелеген де жоқпын. Несіне өкпелеймін, — қызы мен өзі де тамақ пен киімге тақыл-тұқыл ғана жарып, бірде аш, бірде тоқ отырады...

— Сонан, революция болып қалды, — деді Үміт, әңгімесінің аржағын тездеткісі келген адамдай жинақыланып, — «Революция» ның не екенін ол кезде білгем жоқ. Қайдан білем, он үш жасар баламын. Тек қана білгенім — жұрт біреулерді «ақ», біреулерді «қызыл» десіп жүрді. Мария апай «қызыл» болып шықты. Ақтар жеңгенде, ол абақтыға түсіп қалды...

— 1918 жылы ғой бұл?

— Солай.

— Абақтыдан қалай босана алды?..

— Қашып шыққан көрінеді. Онысын біз білмейміз. Біздің білгеніміз — 1919-жылдың күзді де, Қызылжарда Совет өкіметі құрылғанда, Мария апай қызыл туды қолынан бірге тігісті...

— Иә, сонан? — дедім мен, әңгіменің аржағын тіпті тез естігім кеп.

— Сонан, — деді Үміт, менің асыққан ойымды түсінгендей, жылдамдата сөйлеп, — ұзын сөздің қысқасы, Мария Гавриловна Карапузова Қызылжардағы механика заводының директоры болып шыға келді!..

— Қалай?.. Механик па екен ол?

— Солай екен. Революцияға дейін сол заводта аға-шебер боп қызмет атқарады екен. Өзі 1915 жылдан партия мүшесі екен.

— Ал, енді, оның өзіңізге істеген жақсылығын айтыңыз.

— Жақсылығы — азып-тозып жүрген жерімнен тауып алды да, заводтың жұмысына орналастырды. Қызы — Надежда да сол заводта жұмыста екен.

— Әрине, қара жұмыс?

— Әрине.

— Қанша уақыт болдыңыз онда?

— Осы совхозға келгенге дейін...

— Қалай?!.. Оқуды қашан оқыдыңыз?

— Заводтың өз ішінде. Одан кейін, Надежда екеуміз Қызылжардағы механикалық техникумнан сырттай оқып бітірдік. Сөйтіп, екеуміз де аға механик боп қызмет атқарып жүргенде, осы «Шағала» совхозы ашылу хабары естілді. Оған тракторист керектігі мәлім болды. Округімізде бірінші боп ашылатын совхозға баруды, оның қызметін көтерісуді Надежда екеуміз серт еттік те, округтік партия комитетіне арыз апардық.

— Коммунист пе едіңіз онда?

— Әрине. Надежда да. Екі жылдық стажымыз бар. Арыз қабылданды да, біз осында келдік. И всё!

Үмітке еңбегі жайлы одан әрі сұрау беруді мен мақұл көрмедім. Оған екі себеп болды: бірі — таң ағарып болды, дөңдегі машинаның түзелгені, гүрілінен естіліп тұр, ендеше, жүру керек; екіншісі — Үміттің бақытсыздық тұңғиығынан бақыт өріне қалай шыққаны айқын көрінді, ендеше, неменесін тұжырымдай берем оның?.. Осы оймен:

— Машина даусы естіледі, — дедім Үмітке, — түзелген болар.

— Мен де солай ойлап тұрмын.

— Жүруіміз қажет болар онда?

— Әрине!

Үміт пен қолтықтаса машинаға беттеп келе жатқанда; тағы бір сұрау көмейімді қытықтай бастады, ол, — «осы кісінің махаббаты болды ма? Болса, немен тынды?»

Біраз уақыт ыңғайсызданғанмен, мен ретін келтіріп бұл сұрауды бергенде:

— Махаббатсыз өмір бола ма? — деп Үміт күлді де, — Бірақ, бұл әлі аяқталмаған драма, — деді.

— Басталуына көп болған ба еді? — дедім мен.

— Оның сізге қажеті жоқ, — деді Үміт тағы да күліп, — мен сіздің пьесаңызға героина бола алмаймын.

— Кісі «героина» болам деп бола ма, қарындас?.. Өмірдің өзі болдырады да оны?..

— Егер сүюшілердің арасында драмалық тартыс болса!.. Менде ондай тартыс әзірге жоқ.

— Мүмкін, болар?

— Жоқ, болмайды ғой деймін, — деді Үміт күлкілі кескінін байсалдыландырып. — Расымды айтқанда, завод жұмысына өзіммен бірге кірген менің болашақ жұбайым, жуырда, яғни осы көктемде, Москвадағы машина құрылысы институтын бітіреді. Сонда мен, сізді тойға шақырам!..

— Келем! — дедім мен.

Сол секундте біз машинаға да таянып қалдық.

— Мен даяр! — деді шофер. — Машина бабында.

Біз үсті қайырылған машинаға мініп жөнеле бергенде, алтын сәулесін аймағына кең таратқан күннің де көкжиектен шеті көріне бастады. Бұл күн маған Үміттің бақыты сияқтанып кетті.

Жарқын жолмен зымыраған машина, екпінін үдете түсті.

Зымыра, заманымыздың машинасы!..

Январь, 1931 ж.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз