Өлең, жыр, ақындар

Тірліктің таңырқатқан тұстары

Адам неліктен түс көреді? Одан кейде жүрек тітіркеніп, жамандық келе жатқандай сескеніп, ал кейде қуаныш есік қаққалы тұрғандай қанаттануымыз неліктен? Ал (Жаны жәннәтта болсын) аруақтардың түсте аян беріп немесе өзінің сенің ісіңе риза еместігін немесе керісінше ризашылығын білдіруін қалай түсіндіруге болады? Бала кезімде айтқан анамның бір түсі есімнен кетпейді. Тұрмысқа шыққаннан кейін көріпті: Аппақ отау үйі бар екен дейді, далаға шықса үйінің дәл төбесінде бір топ Ай туып, бір топ Күн шығып тұрыпты. Бір кезде қара бұлт келіп, бір-екеуін алып кетіпті. Сол кезде өзі жорығанындай, кейіннен бір топ ұлы, бір топ қызы болды. Бір екеуінің шетінегені де рас. Сол бір топ Күннің біреуі мен шығармын, сірә. Мінезімнің толып жатқан кемшіліктері мен өмірімнің айтарлықтай олқылықтарына қарамастан, мен де айналама сәл-сәл болса да сәуле түсіріп келе жатырмын-ау деген үмітім бар. Бірақ осы жайларды сөз басында келтіре отырып айтайын дегенім, өзім көрген түстер хақында. Олар әр алуан, өмірімдегі түрлі жағдайлармен тікелей байланысты. Мүмкін олар түс жөнінде зерттеу жасайтындардың қажетіне жарар. Олай болмаған күннің өзінде де, оқырман үшін қызықты екеніне күмәнім жоқ. Өйткені өздері де талай таңғажайып түс көріп жүргендер көп.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз