Өлең, жыр, ақындар

Алманың албырап пісетін шағы

(новелла)

Алмадай албыраған, көктемдей көгілжіген...

Еврипид, "Ипполит"

Өздерінің күміс тойлары күні Эшерст әйелімен бірге автомобильге отырды да, екеуі алғаш танысқан Торкиге барып түнеп қайту үшін қысы-жазы көкпеңбек болып тұратын аршалы алқапты бетке алып, жүріп кеткен. Бұл сапар туралы бастама ойдың иесі - әрдайым әсершіл сезімнің жетегінде жүретін Стелла Эшерст еді. Бүгінде ол бұдан жиырма алты жыл бұрын қылшылдаған жас Эшерсті есінен тандырған көгілдір көздің сиқырынан да, сол тұстағы албырап піскен алмадай өңнің ажарынан да, талшыбықтай майысқан құлын мүсіннің сұлу бітімінен де әлдеқашан айырылған. Дегенмен қазіргі қырық үш жасының өзінде ойлы да сырлы көздерімен, аққұба өңіндегі сәл-пәл қызыл шырайымен әлі де сүйікті жар, сүйкімді әйел қалпын жоғалтпаған еді.

Бұрылысқа жеткенде машинаны Стелланың өзі тоқтатты. Тас жол шұғыл сол жақтағы биікке білек артқан да, ал қарағайлы, шыршалы тоқымдай орманның бір шеті төмендегі жал-жал жоталардың етегіне қарай ойысқан. Стелла рақаттана отырып тамақтанып алатын жерді енді ғана тапқандай. Бұл жер тынығуға да сондай қолайлы көрінді; сәуірдің салқын ауасынан қарағайдың ашқылтым шайыр иісі аңқиды; осы жерден төмендегі бұйрат-бұйрат жоталар да, олардың арасын қуалай өскен бұп-бұйра арша бұталары да, одан әрідегі көгілдір көкжиекте — бәрі-бәрі алақандағыдай көрінеді; табиғат аясында акварельмен этюд жазуды әдет еткен әрі әмсе романтикаға бейім тұратын Стеллаға бұл көрініс қатты ұнап кетті де, қағазы мен бояуларын алып, машинадан шығып кетті.

— Мына жер қандай тамаша, Фрэнк! Қарашы, керемет қой, ә?!

Еңсегей бойлы, ұзын сирақты, самай шашы ағарған, үлкен қой көздері үнемі ойға тұнып тұратын, келісті бет әлпеті сақалды Шиллерді еске түсіретін Эшерст — қырық сегіз жастағы сабырлы, салиқалы егде адам - себетті қолына алып, ол да машинадан түсе бастады.

— О-о!..Фрэнк, қарашы! Мынау зират қой!

Тас жолды тігінен қиып өтіп, бір ұшы сонау жота басындағы тоғайға қарай созылып жатқан жалғыз аяқ соқпақтың төменгі қиылысында, ұзындығы — алты, ені — бір футтай төбешік тұр. Оның бір бүйірінде — бетін қына басқан жалпақ тас. Тас бетіне біреулер итмұрынның бір тал сабағы мен бір шоқ дала гүлдерін қойып кетіпті. Оған қараған сайын Эшерсттің көңілі құлази түскен. Жол қиылысындағы жалғыз бейіт... Өзін-өзі өлтірген адамды осылай жерлейді. Бейшара марқұмдар: бұлар туралы қаншама ой түюге болады! Бірақ мына жерде кім жерленсін, мейлі — беті бос сөзге толы қаптаған қалың құлпытастың ортасынан орын алғанша, мынадай ашық аспан астында, қарапайым ғана қара тасты жастанып, ары өткен-бері өткеннің аянышты сөзіне бөленіп, жеке дара жатқаны да жөн шығар.

Эшерстердің отбасында пәлсапашылдықты аса әспеттей бермейтін, сондықтан ол бейіт туралы пәлендей ойға бата қоймады да, тас жолға қайтып келіп, тастан қаланған дуал түбіне тамақ толы себетін қойып, әйелі отыратын жерге көрпеше төсеп, қарны ашқан кезде оның этюдін көтеріп жетіп келетіні белгілі, сосын Мэррейдің аудармасындағы "Ипполитті" қалтасынан алып, оқи бастады. Кітаптағы Кипридтің ию-қию тірлігі мен адам сенгісіз кекшілдігі оны біраз ойға батырды да, бір сәт көк аспанға көз тігіп отырып қалды. Сонау көгілдір көкте жөңкіле көшіп бара жатқан ақша бұлттар, неге екені белгісіз, кенет Эшерсттің көңіліне әлдебір мұң ұялатқандай болды. Бұл не? Дәл бүгін, дәл осы өзінің күміс тойы күні жаны жабырқау тартатындай не жөні бар еді? Адам баласының болмысы қандай жұмбақ, қандай күрделі десеңші! Қай жағынан да керемет өмір сүріп жүрмін десең де, қашанда, әйтеуір, көкірегіңде бір нәрсе жетпей тұрғандай, әлденені шөліркеп аңсайтындай, бар қызығың өткен бір күндерде қалғандай сезінесің де тұрасың! Құдай-ау, осындай сезім әйелдерде де бола ма екен? Кім білсін? Қалай десең де адамдар осы бір тойымсыздықтың жетегінде тынымсыз алға ұмтылудан, қажымай-талмай ізденуден, тұмсығын тасқа ұрса да, қайта тұрып ұмтылудан бір танбайды. Сол қанағатсыздықтан көретін көрешегі, тартатын азабы, жейтін соққысы да жеткілікті. Бірақ бәрібір тойдым, қойдым демейді.

Иә, бұдан қашып құтыла алмайсың. Не десең де өркениетті адам — жануарлар секілді қапысыз-қамсыз, уайымсыз-мұңсыз өмір сүре алмайды ғой. Ол үшін "Ипполиттегі" грек хоры асқақ жырлаған "алмадай албыраған, көктемдей мөлдіреген" ғажайып бақтың рақаты да, өмірдің бал шырынды ләззаты да, бақыттың жұмақ сынды мәңгі тұрағы да жоқ. Бұның бәрі тек көркемөнерде ғана әдемі өрнектелген. Мұндай кереметтерді өнер туындысынан оқи отырып, көре отырып, ештеңемен салыстыруға келмейтін сырлы әлемнің сұлулығына таң қаласың, талант құдіретіне тәнті боласың... Рас, өмірде де осындай күтпеген, жаныңды рақатқа бөлейтін сұлу көріністер болады, бірақ олар көгілдір аспанда жүзіп бара жатқан мына ақша бұлттар сияқты — көз алдында қазір бар да, сосын жоқ — бәрі де қас-қағымдық өткінші дүние. Жарқ-жұрқ еткен алтынның нұры қандай тұрақсыз болса, олар да адам санасында сондай тұрақсыз да тұрлаусыз. Міне, қазір де... Эшерсттің бетін аймалай сүйіп тұрған күннің жып-жылы шуағы, анау тоғай ішінде шақырып жатқан көкектің үні, сонау жал-жал жоталардың үстінен қалқи ұшқан ақша бұлттар — мәңгі осылай болғандай, ғұмыры өстіп тұратындай көрінеді. Бірақ бұл да алдамшы — бірер сағаттан кейін осы көріністе, осы сәттегі адамның сезімі де түп-түгел өзгеріп шыға келеді.

Кенет Эшерст орнынан тұрып кетті. Төңірегіндегі көріністің бәрі оған соншама таныс көрінді - мына таспадай созылған тастақ жол да, анау ескі тас қоршау да, оны жиектей өтетін жіңішке сүрлеу-соқпақ та көзіне біртіндеп жылы ұшырай берген. Жаңа осылай келе жатқанда ол ештеңеге мән бермеген, өйткені ештеңе ойламаған, тіпті ойлағысы да келмеген. Ал енді есіне түп-түгел түсе бастап еді. Бұдан жиырма алты жыл бұрын, дәл осындай көктемнің бір күні ол осы жолмен ферма жақтан келген де, Торкиге қарай жүріп кеткен, содан қайтып оралған жоқ. Кенет оның жүрегін бірнәрсе удай ашытып, шаншып-шаншып алғандай болды: ол күтпеген жерде баяғы бір нағыз сұлулық пен қуанышты қалай уысынан шығарып алғанын еске түсіріп еді. Қапыда көз жазып қалған сол бір тәтті де сәтті күндер енді оның санасында қайта тіріліп, көз алдынан көне суреттер көлбең-көлбең көше бастаған...

II

Университетті жаңа ғана бітірген Фрэнк Эшерст пен оның досы Роберт Гартон бірінші мамыр күні ұзақ жолда жаяулатып келе жатты. Олар сол күні Бренттен шығып, Шегфордқа жеткенде бір-ақ демаламыз деген үмітпен көпке дейін тоқтаусыз жүре берген. Бірақ Эшерсттің футбол ойнап жүргенде жарақаттап алған аяғы біртіндеп сыр бере бастаған да, ендігі қалған жеті миль жерге жетулері қиындай түскен. Сосын жолдың ұшы орманға сұғына кірген бір тұста олар жиекке шығып, демалуға отырды. Екеуі де сырықтай ұзын, екеуінің де бойы алты футтай еді; Эшерст — өңі қуқыл тартқан, арманшыл аздап жаңғалақтау жігіт болса, ал Гартон — дөкірлеу, өтімді, мығым денелі, бұйра бас, азамат деген атқа жетіп қалған бозбала-тұғын. Эшерсттің жұп-жұмсақ, ақсарғыш, толқынды шашы маңдайына түсіп тұрса, ал Гартонның бұп-бұйра қара шашы аттың жалындай бұрқырап көрінетін. Олар осы жерге дейін қаншама жер жүріп өтсе де, жолай бір пендеге жолықпап еді.

— Аяушылық деген — әншейін өзіңді-өзің жегеннен басқа не дейсің, жарқыным, — дейді Гартон. — Бұл соңғы бес мың жылдың дерті ғой. Дүние аяныш атаулыны білмеген кезде әлдеқайда бақытты еді.

Эшерст бұлттарға ойлана қарап отырып:

— Бірақ, не десең де, бүл әлемнің көркі аяушылықта ғой, — дейді.

— Жоқ, достым, қазіргі қасіретіміздің бәрі де аяныштан шығып отыр. Мәселен, мына мысалға қара, хайуандар мен қызыл тәнді үндістер тек қана өз бастары үшін қам жейді, ал біз басқаның тісі ауырса басымызды солқылдатамыз. Осы әдетімізді қойсақ, біз әлдеқайда бақытты болатынымыз анық.

— Сен өзің оған бейім емессің ғой.

Гартон қою шашын ширата отырып, ойланып қалды.

— Өмірді шынымен танығысы келген адам тым кірпияз болуға тиіс емес. Өз "меніңді" өз қолыңмен тұншықтыру — қателік. Кез келген эмоция өмірді тек гүлдендіре түседі.

— Солай ма? Ал егер олар намысыңа қайшы келсе ше?

— О, қандай ағылшынға тән мінез бұл! Эмоция туралы, сезім туралы сөз қозғасаң болды, ағылшындар әңгіме тек тән сезімі жөнінде екен деп ыршып түседі. Олар құмарлық атаулыны аса ұната бермейді, ал әйелқұмарлық жағынан — о-о, алдарына жан салмайды ғой шіркіндер!

Эшерст үндеген жоқ, бір тал көкшіл гүлді үзіп алып, оны көк аспанмен салыстыра берді. Тоғай жақтан көкек шақырды... Зеңгір көк...Көкшіл гүлдер. Неше түрлі сайраған құстар үні... Ойына не келсе, соны сөйлеп отырған Роберт...

— Жүр, маңайдан түнеп шығатын бір ферма іздеп көрейік, — деді Эшерст. Осы сөзді айтып болғанша ол өздеріне қарай аяңдай басып келе жатқан бір қызды көрген. Көгілдір аспан аясында оның түр-тұлғасы айдын көлдің бетіндегі ақ желкендей көзге ұрады, себет қысып алған қолтығының астынан да алақандай аспан көрінген. Эшерст ғайыптан пайда бола қалған осы көрініске қарап отырып: "Қандай әдемі!" деген еріксіз таңданып. Ұзын қара белдемшесінің етегі желмен желбірейді, көк береті де көк айдындағы желкендей дір-дір етеді. Үстіндегі сұр жейдесі тозыңқы, өкшесіз жайпақ сандалы шытынап-шытынап сынып кеткен, кішкентай қолдары жарылған, ал жұп-жұмыр ұзын мойыны күнге тым күйіп кеткені байқалады. Қара шашы қобырап, тік маңдайының үстінде ойнақ қағады, сүйірлеу біткен иегінен әлдебір сүйкімділік сезіледі. Кірпіктері ұзын әрі қап-қара, ал жіңішке қою қастары қыр мұрынның үстінде құс қанатындай иіліп көрінеді. Бірақ бәрінен де аясы ашық қой көздері адамға ерекше әсер ететіндей. Сондай тұнық, сондай мөлдір! Бейне қылаусыз тазалықтың, кіршіксіз пәктіктің белгісіндей! Ол Роберттен гөрі Эшерстке көбірек қарай берген, тегі, оның бір аяғын бүгіңкіреп тұрғаны қызық көрінсе керек. Ал Эшерст жалаңбас болған соң, әрине, оған бас киімін шешіп, иіліп тағзым ете алған жоқ, тек қолын сәл жоғары көтеріп, сәлем ырымын жасаған да:

— Жақын маңайда бір түнеп шығатын ферма бар ма? — деді. — Менің аяғым ауырып келе жатыр еді.

— Ең жақын ферма — біздікі ғана, сэр, — деді ол өте бір сүйкімді де сыңғырлаған дауыспен.

— Ол қай жерде?

— Бұл арадан сәл әріректе.

— Бізге онда түнеп шығуға болар ма екен?

— Иә, меніңше, болатын шығар.

— Сіз бізге жол көрсетіп жібермес пе екенсіз?

— Иә, сэр.

Эшерст ақсаңдай басып қыз соңынан ерді де, ендігі сұрақ кезегін Роберт алған.

— Сіз Девонширден емессіз бе?

— Жоқ, сэр.

— Ал сонда қай жерденсіз?

— Уэльстен.

— Солай деңіз. Өзім де сізді кельт пе деп ойлап едім. Демек, бұл сіздің фермаңыз емес қой?

— Жоқ, сэр, ол менің үлкен жеңгемдікі.

— Және ағаңдікі?

— Жоқ, сэр, ол қайтыс болған.

— Ал сонда... кім тұрады онда?

— Менің жеңгем мен үш немере ағайым.

— Алайда үлкен ағаң негізінен Девонширден ғой?

— Иә, сэр.

— Сіз мұнда бұрыннан тұрасыз ба?

— Жеті жылдан бері.

— Ал сізге Уэльске қарағанда осы жер көбірек ұнай ма?

— Білмеймін, сэр.

— Сіз расында о жақты ұмыта бастаған екенсіз!

— Жо-жоқ! Бұ жаққа қарағанда онда біраз өзгешелік бар.

— Бұл сөзіңе сенем енді.

Кенет Эшерст оған күтпеген сұрақ қойған.

— Сіздің жасыңыз нешеде?

— Он жетіде, сэр.

— Ал есіміңіз кім болады?

— Мигэн Дэвид, сэр.

— Ендеше танысып қояйық. Менің аты-жөнім — Фрэнк Эшерст, ал мына жігіт — Роберт Гартон. Біз Шегфордқа бара жатыр едік.

— Аяғыңыздың ауырып қалғаны қандай өкінішті. — Эшерст жымиып қойды, ол жымиған кезде тіпті сұлу көрінуші еді.

Тоқымдай ғана тоғайдың арғы жағынан ферманың да төбесі көрінген. Ол өзі атшаптырым ауласы бар, үлкен терезелі, ұзындау етіп тастан салынған аласа үй екен. Есік алдында қыт-қыттап тауықтар жүр. Одан әріде үш-төрт шошқа қора түбіндегі қоқыстарды ақтарып, қорс-қорс етеді. Үй артындағы жатаған жотаның үстінде қадау-қадау қарағай өскен. Алма ағаштары жаңа гүлдей бастаған жеміс бағының бір жағы сай ішіндегі бұлаққа тірелген де, екінші жағы жап- жасыл шабындыққа қарай қанат жайған. Есік алдында бұларды мамақаздай балпаңдай басқан, ұзын мойынды, орта жастағы бір әйел қарсы алып еді.

— Бұл кісі миссис Наракомб болады, менің жеңгем, — деді қыз.

— Біз сіздің "қызыңызды" жолда кезіктірдік, — деді оған Эшерст. — Бізге бір түнеп шығатын жатын орын керек еді.

— Жақсы, тарсынбасаңдар бір бөлме тауып беруге болады. Мигэн, қонақ бөлмені дайында да, жігіттерге бір құмыра кілегей әкеліп бер. Мүмкін шәй да ішетін болар.

Қыз екі жағын қарақат пен арша бұталары көмкерген кіреберіс арқылы үйге қарай жүгіре жөнелді. Жүгірген кезде көк береті басында ойнақ қағып кетеді екен.

— Үйге кіріп, демала тұрыңдар, — деді әйел, — Байқауымша, университетте оқисыңдар-ау деймін.

— Иә, оқығанбыз, бірақ таяуда бітірдік.

Миссис Наракомб түсіндім дегендей бас изеп қойды. Қонақ бөлмесі адам айтқысыз таза екен, кірпіш едені, үстіне әзірге ештеңе қойылмаған бос үстелдің жанындағы орындықтар мен үлкен диван айнадай жарқырайды, құдды мұнда бұрын-соңды ешкім аяқ баспағандай. Эшерст ауырған тізесін құшақтаған күйі бірден диванға отыра кетті де, ал миссис Наракомб оған қадала қарап тұрып қалған. Эшерст химиядан сабақ беретін оқытушының жалғыз баласы еді, өзі жұртқа тым тәкаппар көрінетін, мүмкін бұнысы кез келген адамға көңіл аудара бермейтінінен де болар.

— Мұнда суға шомылып алатын жер бар ма?

— Бақшаның арт жағында бұлақ бар, бірақ тым таяз, тізерлеп отырсаң да басыңнан аспайды.

— Тереңдігі қанша сонда?

— Сірә, бір жарым футтай боп қалар.

— Оһо, одан артық не керек! Маған сол да жетеді. Ал оған қалай баруға болады?

— Сыртқы қақпаға дейін тура жүріп барасың да, сосын оңға бұрыласың. Сол жерде жалғыз тұрған алма ағашының жанында кішкентай тоған бар. Онда тіпті қара балықтар жүзіп жүреді, тек оларды үркітіп алмасаңдар бопты да.

— Шындығында олар бізді үркітетін шығар. — Миссис Наракомб күліп жіберді.

—Келген кезде шайларың дайын тұрады.

Жартастардың ойығынан пайда болған тоған түбі жұп-жұмсақ құм екен. Үлкен алма ағашының оған жақын тұрғаны сондай, төменгі бұтақтары салбырап суға тиіп тұр. Қазірдің өзінде ол түгел жапырақтап үлгірген, әр жерінен бозамық гүлдері де көріне бастапты. Тарлауыт тоғанға екі адам бірдей сыймайтын болды да, Эшерст өз кезегін күтіп, жиекте отырып қалды: төңірегі түгел қараған бұталар, бұта арасында неше түрлі дала гүлдері, одан әріде - жатаған жота үстінде қарауытқан қара орман! Ағаш бұтақтары самал желмен изең қағады, маңайдан сан түрлі құстардың сайрағаны естіледі, шөп басы күн нұрымен жылт-жылт етеді. Эшерст бір сәт Феокритті еске алып, Черрел өзені туралы, қарақат көзді қыз бен айдың алтын сәулесі туралы ойлаған, жо-жоқ, бір мезетте бірнеше нәрсені ойлағандықтан ол бейне ештеңе ойламағандай, тек тылсым табиғаттан ғажап бір ләззат алып отырғандай сезінген өзін...

III

Жаңа ғана пісірілген жұмыртқамен, кілегеймен, басқа да неше түрлі тәтті-дәмділермен рақаттана шай іше отырып, Гардон кельттер туралы небір қызықты әңгіме жіберсе керек, үй иесі де өз ата-бабасының нағыз кельт болғанын мақтана жайып салған-ды. Бұған кәдімгі кельт ретінде Роберт қатты қуанып қалған. Жұмсақ креслоға шалқая жатып, қолдан шиыршықтаған темекісін аузына қыстырып қойып, ол өзінің инедей өткір көздерін Эшерстке тік қадаған күйі валлиліктердің тарихын алға тартқан. Уэльстен Англияға қоныс аудару деген сөз - қытай фарфорын қыш ыдысқа айырбастағанмен бірдей ғой деп бір қояды. Әрине, Эшерст таза ағылшын ретінде валлиліктердің тарихына да, осы валли қызының таңқаларлық түріне де аса мән бермеген. Роберт сосын бір мезет әлі де дымқылдау қара бұйра шашын саусақтарымен тарақтай түсіп, валлиліктердің он екінші ғасырдағы атақты барды Морган-оф-Имяректің шығармаларына осы қыз қандай әдемі иллюстрация болар еді дегенді де қосып қойғаны бар.

Эшерст қысқа диванға жамбастай қисайып, темекі түтінін будақтата түскен, әңгімеге құлақ қойып жатқан да ол жоқ, көз алдында тек — жаңа ғана тәрелкемен ыстық күлше алып келген беретті қыздың бейнесі ғана. Оған қараудың өзі табиғаттың таңғажайып бір құбылысына немесе қыр басындағы қызғалдаққа қызыға қараумен бірдей еді, қыз кірпігін жыпылықтатып, көзін төмен салғанша, сосын қысыла ұялып, бөлмеден шығып кеткенше бұл оған өстіп қызыға да құмарта қарай берген.

— Жүр, ас үйге барып, оны дұрыстап көріп алайық, — деп Гартон ұсыныс жасады.

Аппақ қылып әктеген асүйде қақталған шошқа еті ұзын темір білікке ілулі тұр; терезе жақтауындағы қыш ыдыстарда — әр түрлі гүлдер, қабырғаларға мылтық, король-ханша Викторияның үлкен суреті ілініпті; сөрелерде көне ыдыс-аяқтар, мыстан, қыштан жасалған құмыралар ерекше көз тартады. Жіңішке ағаш үстел үстіне аяқ-табақтар мен қасықтар қойылған; бір-біріне байланған жұмыр пияздардың тізбегі төбеден еденге дейін созыла түскен.

Еденде екі овчарка мен үш мысық жатыр. Пештің жанында екі еркек бала тып-тыныш монтиып отыр. Олардан бірер қадам әріде қызыл шырайлы, толықтау келген жас жігіт сүмбімен мылтығын тазалау үстінде. Миссис Наракомб те қазір осы жерде үлкен табақты алдына қойып, иісі мұрын қытықтайтын әлдебір дәмді тамақ дайындап жатыр. Пеш жанындағы балалардікі сияқты ақ сарғыш шашы бар тағы бір ересектеу екі бала қулана жымиып қойып, арқаларын қабырғаға тіреп, әңгіме соғып отыр. Үстіне барқыттан тігілген күрте киген, сақал-мұртын жып-жылмағай етіп қырып тастаған егделеу адам терезе жақтауына отырып алып, ескі бір журналға шұқшия түседі. Мұнда тынымсыз шаруаның әлегімен жүрген — жалғыз Мигэн ғана: ыдыс-аяқтарды орнына қойып, күріжкелерге компот құйып, қазан-ошақ пен үстел арасында дамылсыз безек қағады.

Бұл жердегілердің кешкі асқа отырғалы жатқанын сезе қойған Гартон:

— Жарайды, рұқсат болса, біз сіздер ішіп болған соң келейік, — деген сыпайысып.

Бұған жауап күтпей-ақ екеуі өз бөлмелеріне қайтып оралды. Тамақ иісі тәбетіңді қоздырған сондай жылы да жайлы, көп адамды асүйден кейін бұлардың айнадай жарқыраған бөлмесі әрі көңілсіз, әрі салқындау көрінді де, олар өз креслоларында тұнжырай отырып қалды.

— Жаңағы балалардың барлығы дерлік сығаннан аумайды, олардың арасында нағыз англосакс мылтық тазалап отырған жігіт қана. Ал ана қыз көңіл-күй жағынан назар аударуға тұратын объект.

Эшерстің еріндері дір ете қалды. Бұл Гартон қандай доңыз еді! "Назар аударуға тұратын объект!" Қайдағы "объект!.." Бұл қыз құлпырып тұрған қызғалдақ қой!

— Оның ішінде бұғып жатқан бір бұла сезім бар. Тек оны оятуың білсін, — деді Гартон тағы.

— Сен не, сол сезімді қытықтағың келе ме?

Гартон бұған қарап мырс ете қалды. Құдды "ағылшынбысың деген осы!" дегендей.

Эшерст темекі түтінін будақтата түсті. "Тек оны оятуың білсін!.." Бұл доңыз өзін тым керемет санайды. Эшерст терезені ашып, түнгі баққа көз салды. Қараңғылық қоюлана түскен. Атқора мен сарайдың қабырғалары тас қамалдай түнеріп көрінеді, бақ іші ит тұмсығы өтпейтін қалың орман секілді. Ас үй жақтан тамақ иісі аңқиды. Әлдебір құстың үздіге шиқылдағаны естіледі, бұнысы — үйықтар алдындағы соңғы әні болса керек. Атқора ішінен аттың пысқырғаны мен аяқ тықырына дейін ап-анық естіліп түр. Қораның арғы жағы — мұнарланған түнгі аспан. Тұңғиық төрінен жымың-жымың етіп, алғашқы жұлдыздар сығалайды... Міне, енді таяу маңнан байғыз шақыра бастады. Эшерст терең тыныс алды. Осындай түнде орманда жүру қандай керемет! Кенет ат тұяғының дүрсілі білінді де, артынша шабындық жақтан бірнеше қараның сұлбасы көрінді: құлындарды қоналқыға қуып келе жатыр екен — қоршау сыртында жалдары желк-желк етіп келеді. Терезе алдында ары-бері сусылдап, жарқанаттар ұшып жүр. Эшерст қолдарын алға созып еді — алақандарынан шық дымын сезді. Осы мезетте үстіңгі қабаттан балалардың дауысы, тәпішкенің тықыры, әйел адамның жұмсақ үні естілді — тегі, манағы сүйкімді қыз балаларды жатар орындарына жайғастырып жүрсе керек.

"Жо-жоқ, Рик, мысықты қойынға алып жатуға болмайды" деген даусы ап-анық естіледі. Сосын... сықылықтаған күлкі... жұп-жұмсақ шапалақ дыбысы... тағы да күлкі... Сондай бейкүнә, соншама сазды тіршілік, Эшерст тіпті болмашы дір ете қалған. Енді бір сәтте... бейне біреу терезе сыртынан қолын созып жіберіп, шамды жалп еткізіп өшіріп тастағандай болды да, терезе алды қап-қараңғы бола қалды... Өлі тыныштық! Эшерст кері бұрылды да, креслоға келіп отырды. Тізесі ауырып, көңілін бір мұң басты.

— Асүйге сен өзің бара бер, ал мен ұйықтаймын, — деді сосын Гартонға.

Эшерстің бойына ұйқы шым-шымдап ұялап, бүкіл денесі балбырап, тұңғиық түбіне жайлап батып бара жатқандай болған, бірақ шын мәнінде әлі ұйықтаған жоқ еді; түннің бір мезгілінде Гартонның қалай келіп, қалай төсегіне қисайғанын түп-түгел сезіп жатты. Тізесінің ауырғаны болмаса, ол өзін жақсы сезінген: жатып алып аунақшып, тіршіліктің қам-қарекетін ойлап, бас қатырған жоқ. Өйтетіндей жөні де жоқ-ты. Жаңа ғана университет бітіріп, заңгердің табақтай дипломына ие болды, оның үстіне әдеби таланттан да кенде емес, бала-шағаны ойлап, түн ұйқысын төрт бөлетін де жайы жоқ — әлі бойдақ, қара басына төрт жүз фунт ақша былай да былай жетеді: дүниенің төрт бұрышын кезіп кетем десе де өзі біледі. Не істесе де, қайда барса да — кімнің бұнда не шатағы бар!

Оған төсек-орынның жұқалығы біліне бастады. Салқындау. Бірақ терезеден ескен самал жел жанға бір түрлі жайлы сезіледі. Мұндай сәтте өткенді еске түсіруде, болашақты ойлап армандау да — рақат. Рас, Гартонға деген реніші көкірегін аздап тырнағандай болады, алайда онда тұрған не бар, үш күн бірге жүрсең кез келген адам саған отырса - опақ, тұрса — сопақ боп көрінетіні заңды ғой. Сосын, неге екені белгісіз, мана пеш жанында мылтығын тазалап отырған қызыл шырайлы жас жігіт Эшерстің көз алдында тұрып алған: қыш құмырадан алма шарабын құйып жатқан қызға ол неге көз алмай қарап отырды деп ойлады. Сонан соң бір кезек оның орнына әлгі қыздың көкшіл көзі мен ұзын кірпіктері елес берді. Өстіп ол бір елестен бір елесті көз алдынан көшіріп жатқанда, алғашқы таң сәулесі де терезеден сығалай бастаған. Алыстан сиырдың құмыға мөңірегені естілді. Содан кейін не заматта терезе түбінен қараторғайлар шиқылдағанша тырс еткен дыбыс білінбеген. Жарықтан көзін жасырып, көрпе астына тығыла түсіп еді, кірпігі ілініп кетіпті...

Таңертең Эшерстің тізесі күп боп ісіп кеткен де, ұзақ жолдың біткен жері осы болған. Гартон Лондонға қайтуға тиіс болып, шұғыл жинала бастады. Кетерінде Эшерсті мазақ еткендей мысқылдай күліп тұрып, бұның арқасынан қаққаны бар. Онысы Эшерстке қатты батып еді, бірақ ол серең-серең етіп қыр асып кеткен кезде, бұл оған деген ренішін лезде ұмытып кеткен. Сосын үй алдындағы көгалға қойылған орындыққа отырып, ауырған аяғын алға созып қойып, күн көзінде иісі тіптен бұрқырай түскен қалампыр гүлдері мен қарақат бұталарына қызықтай көз салған қалпы күні бойы алаңсыз демалды: рақаттанып темекі тартты, тәтті армандарға берілді, төңірегін тамашалады.

Шіркін, көктемде фермадағы өмір қайнап шыға келеді ғой. Тұқымнан жас өскіндер қылтияды, талшыбықтар бүршік атады, мал төлдейді, құс балапандайды, ал адамдар оларды бағып-қағып әуре. Эшерст біраз уақыт тастай қатып қозғалмай отырды, өйткені ұябасар мама қаз балапандарын ертіп, бұның аяқ жағын төңіректей берген де, ал темірқанат алты сарыауыз қара тұмсықтарымен көк шөпті гірт-гірт үзіп, оның жанында ұзақ жайылып жүрген. Сонан кейін бір әредікте миссис Наракомб немесе Мигэн бұның қасына келіп, бір нәрсе қажет пе деп сұрап тұрды. Ондай сәтте бұл: "Жо-жоқ, рақмет! Маған ештеңе қажет емес, мен мұнда өте жақсы демалып отырмын", — деп күлген. Түскі шай алдында олар бірге келіп, бұның ісіген аяғын дұрыстап қарап алған да, сосын әлдебір сұйық затқа малынған ұзын шүберекті тізесіне шандып байлап берген. Олар кеткен кезде Фрэнк аяғын қарап тұрған сәтте қыздың бұған соншама аяныш білдіріп, қайта-қайта қабағын шыта бергенін, қабағын шытып тұрып ақырын ғана: "О-о-о!" деп, дауысын үздіге созғанын еске алды. Сол мезетте кетіп қалған досына деген реніші қайта оянып шыға келіп еді; осы қыз туралы ол не оттады десеңші! Сәлден соң қыз шай алып келген кезде, Эшерст:

— Менің досым сіздерге ұнады ма, Мигэн? — деді. Қыз күліп жіберуден сақтанғысы келгендей жоғарғы ернін тістей берді, тегі, артық күлкіні әдепсіздік көрсе керек.

— Қызық жігіт екен, бәрімізді күлкіге батырып кетті. Меніңше, өте ақылды секілді.

— Сонда не айтып күлдірді ол?

— Маған ол: сіз бардтардың қызысыз деді. Олар кімдер?

— Баяғыда өмір сүрген валлилік ақындар. Сол ақындар жырлаған қыздарға сізді ұқсатқаны болар.

Қыз қабағын кіржитті.

— Меніңше, ол қалжыңдағанды жақсы көреді. Мен шындығында оларға ұқсаспын ба?

— Мен айтқан сөзге сіз сенер ме едіңіз?

— О, әрине.

— Ендеше ол дұрыс айтқан деп ойлаймын.

Қыз жымиды. Ал Эшерст: "Иә, сіздің жаратылысыңыз ерекше!" деп қойды ішінен.

— Сосын ол Джоны саксондық тип деді. Бұны қалай түсінуге болады?

— Джон деген кім? Анау қызыл шырайлы, көк көз жігіт пе?

— Иә. Жеңгейдің немере бауыры.

— Демек, оның сізге туыстығы жоқ па?

— Жоқ.

— Мәселе мынада, оның айтайын дегені — бұдан мың төрт жүз жыл бұрын Англияға келіп, елді жаулап алған адамдарға Джон қатты ұқсайды екен.

— Ә, солай ма, бұл туралы естігенмін. Ал ол расында ұқсас па?

— Иә, әрине.

Осы "иә, әрине" Эшерстті мүлде өзіне құлатқан. Қыз бейнебір қытайлық сауаты бар адамдай-ақ бұл сөзді аса әдеппен, назды да сәнді айтып еді.

— Ал сосын ол екі балаға қарап отырып, сығандардан аумайды деді. Бұны бекер айтты. Жеңгей күлді, бірақ, әрине, іштей ұнатқан жоқ, ал ағайындылар тіпті ренжіп қалды. Олардың әкелері фермер болған, фермерлер ешқашан сыған болған емес. Адамдарды ренжіткен жақсы ма!

Эшерст оны құшақтай алып, қолын қатты қысқысы келіп кетті, бірақ әдептен озбай:

— Әрине, жақсы емес, Мигэн. Айтпақшы, мен кеше сіздің балаларды қалай аялап жатқызғаныңызды естіп жаттым.

Қыздың беті сәл қызара қалды.

— Шай ішіңізші, мүлде суып қалды ғой. Әлде ысытып әкелейін бе?

— Осы сіз өзіңіз үшін бірдеңе істейтін кезіңіз бола ма?

— Әрине.

— Міне, мен қаншама уақыт қарап отырып, оныңызды бір де бір рет байқай алмаппын.

Қыз томсара қалып, одан сайын қызара түскен. Ол кеткен кезде, Эшерст "Шынымен-ақ мен оған қажып отырғандай көріндім бе? Дәл солай істейін деген ой менде жоқ еді ғой" деп ойлады.

Эшерст сұлулық деген дүниені ақындар айтқандай "жұмақтың гүлі" деп білетін және оның жолында жаным құрбан дейтін жаста еді. Әдетте ол маңайында не боп жатқанына мән бермейтін, енді міне, Гартон "саксондық тип" деп бағалаған жігіттің атқора алдында тұрғанын байқамай қалыпты. Оның қоңыр мақпалдан тігілген ескі шалбары мен көкшіл көйлегі алыстан-ақ "мен мұндалап" тұрғандай. Ал күнге күйіп күреңіткен қолдары мен беті кендір жіптей ақ сары шашынан айырықша бөлектеніп көрінеді. Бір орнында тастай қатып тұрған ол алыс бір қиырға ойсыз-мұңсыз көз салады. Эшерсттің назары өзіне ауғанын сезіп қалған ол қысылған сәтте аяқтарына тұсау түскендей болатын шаруа жастарына тән ебедейсіздеу жүріспен кері бұрылып, жүре берді. Сөйтіп ол бұрыш айналып, асүйге кіріп кеткен кезде, Эшерст өзін біртүрлі жайсыз сезінген. "Топастар!" деді ішінен. Осы бір адамдарға жақындау қандай қиын еді, қандай бөтен еді олар бұған! Сөйте тұрып ана қызға қарау! Аяқ киімі жырым-жырым, қолдары күс-күс, бірақ онда тұрған не бар? Және ол Гартон айтқандай, түпкі тегі кельттерден болғаны үшін кінәлі ме, ал шын мәнінде бұл қыз тумысынан ханзада сияқты емес пе! Нағыз асылдың өзі ғой! Ал бірақ оның жазу-сызудан да хабары шамалы болуы әбден мүмкін.

Кеше бұл асүйден көрген сақал-мұрты жып-жылмағай адам ауладан итін ертіп өтті. Алдында сиыр. Тегі, сауғызуға апара жатса керек. Эшерст оның аяғы ақсақ екенін байқады.

— Сиырыңыз тұрықты екен!

Ақсақ адамның бетінен ризашылық білінді. Ол бұған көпті көрген адамға тән салмақты пішінмен көз салып қойған.

— Иә, біздің сиырлардың келісті екені рас. Сүтті де көп береді.

— Сүті де керемет шығар?

— Аяғыңыз тәуір боп қалды ма, сэр?

— Шүкір, бүгін өзімді жақсы сезініп отырмын. Ақсақ адам тұра қалып, өз аяғын сипай берді.

— Е, аяқтың жайы маған белгілі ғой. Әсіресе, тізенің ауырғанын құдай басқа салмасын. Міне, он жылдан бері оның азабын тартып-ақ келемін.

Түсінем-түсінем дегендей Эшерст бас изеп қойды. Ақсақ адам жымиды.

— Дегенмен маған да жылай беру күнә. Әйтеуір мына екінші аяғым сау ғой.

— Тәубе дегенге не жетсін!

— Иә, иә! Бұрын бұл да ауырған, қазір қойды ғой.

— Менің аяғыма бүгін бір керемет сұйық тұнба жақты.

— Оны дайындайтын ана қыз ғой. Шөп пен гүлдің қасиетін жақсы біледі ол Марқұм менің шешем де бұл жағынан өте білгір еді. Жарайды, тезірек жазылып кетіңіз, сэр... Өк, әй, өк! Ау, былай жүрсеңші!..

Сиырды алдына салып ол кетті. Эшерст күлді. "Шөп пен гүлдің қасиетін жақсы біледі" дейді қыз туралы. Япырау, оның өзі гүл емес пе, қырдың қызғалдағы ғой ол.. Эшерст кешкісін тоңазыған құс еті мен ірімшік жеп, алма шарабынан дәм татып отырғанда, бөлмеге қыз келген.

— Кешіріңіз, сэр, жеңгем сізге самса жеуге қалай қарайды дейді!

— Асүйге өзім барғаным ыңғайсыз емес пе?

— Жо-жоқ! Жүріңіз. Жолдасыңыз кетіп қалып, жалғызсырап отырған шығарсыз.

— Мен бе? Тіпті де олай емес. Ол жерде менің келгенімді біреулер артық көрмей ме?

— Кімдер? Онда бөтен ешкім жоқ. Ал біз тек қуанамыз сіздің келгеніңізге.

Эшерст ауырған аяғын ұмытып орнынан ұшып тұрғанда, сүрініп кетіп, етбетінен түсті. Қыз тұра ұмтылып, екі қолын бірдей созған. Эшерст күнге күйген кішкентай тілім-тілім қолдарды шап беріп ұстай алғанда, оны сүйіп алғысы келген ынтығын әзер басып, қызға тек жабыса беріп еді. Қыз оны сүйеп тұрғызды да, оң қолын иығына салғызып, есікке қарай сүйемелдей жүрді. Осы бір тірі таяныштан Эшерст ештеңемен салыстыруға келмейтін керемет ләззатқа бөленген. Бірақ асүйге кіргенше жолай таяқ тауып алып, қыз иығынан қолын босатуды ол дер кезінде сезе қойып еді.

Бұл күнгі түнде ол тұяқ серіппей ұйықтаған, таңертең тұрғанда тізесінің ісігі мүлде дерлік қайта қалғанын көрді. Сосын шуақты таңды тағы да көгалдағы креслода отырып, өлең жазумен өткізді. Ал түстен кейін Ник, Рик деген екі баламен маңайда серуендеуге жарап қалған. Мөлдіреген қара көзді, қара шашты бұл екі баланың бірі алтылар, енді бірі жетілер шамасында еді, олардың бойы бұған тез үйреніп кеткен, бұл да олармен жылдам тіл табысып, ауыз жаппай әңгімелесе берді. Сөйтіп сағат төртке дейін бүл олардан әрбір тірі жәндікті қалай қолға түсіруді түп-түгел біліп алған; тек қара балықты ғана қалай ұстарларын білмеді. Олар балықты ішкиімдерімен сүзбекші болып еді, бірақ соқыр бірдеңе болмаса, суды шалпылдатып жүрген адамның жанына қай мақұлық жоласын! Эшерст жағадағы жалпақ тастың үстіне отырып, балалардың қимылын қызықтады, көкектің шақырғанын тамашалады. Ник Риктен сәл үлкендеу, сәл батылдау еді, бір сәт ол бұның жанына келіп:

— Осы тастың үстінде ылғи да бір қорқынышты сыған отырады, — деген.

— Қандай сыған ол қорқынышты?

— Білмеймін. Өзім ешқашан көргем жоқ. Мигэн оны осы жерде отырады дейді, ал Джим атай оны өз көзімен көріпті. Әкемнің басын ат теуіп кеткен күні ол тура осы жерде отырған көрінеді. Ол скрипка тартады дейді.

— Сонда не ойнайды?

— Білмеймін.

— Түрі қандай?

— Қап-қара. Тұла бойы жүн дейді Джим атай. Албастының албастысы! Тек түнде жүреді. — Баланың көздері алақ-жұлақ етіп кетті. — Ол мені алып кетуі мүмкін бе? Мигэн де одан қатты қорқады.

— Ол оны көріп пе?

— Жоқ! Бірақ ол сізден қорықпайды.

— Әрине, қорықпайды. Несіне менен қорқады?

— Ол түні бойы сіз үшін құдайға жалбарынып шығады.

— Сен жүгірмек оны қайдан білесің?

— Мен ұйықтап бара жатқан кезде ол: "О, Құдай, бізге де, мистер Эшерстке де амандығыңды бере көр!" деп, күбір-күбір еткенін өз құлағыммен естідім ғой.

— Ой, кішкентай дию!

— Ол немене?

— Дию деген — өте жаман бірдеңе, қолына түскеннің бәрін жеп қояды.

Бала ренжіп қалды.

— Біз тек өлген қоянды ғана жейміз!

— Дұрыс айтасың сен, Ник, кешір мені.

— Мен бақаның да терісін сыпырып алуды білемін. Эшерст енді оны тыңдаған жоқ."О,Құдай, бізге де, мистер Эшерстке де амандығыңды бере көр!" Ник бұның үндемей қалғанына таңданып тұрды да, сосын су жаққа қайта жүгіре жөнелді.

Мигэн шәй алып келген кезде, Эшерст:

— Қорқынышты сыған деген кім ол, Мигэн? — деп сұраған.

Ол бұған үрейлене қарады.

— Адамдарға қасірет әкелетін біреу.

— Алайда сіз жын-шайтанға сенбейсіз ғой?

— Құдай маған оны көрсетпей-ақ қойсын!

— Қорықпай-ақ қойыңыз, көрмейсіз. Бұл өмірде жын-шайтан деген жоқ. Джим шал бұл жерден қараңғыда жылқы бірдеңе көрген болар.

— Ой, жоқ! Тауда аруақтар жүреді, бұрын осы жерді мекендеген адамдардың рухы олар.

— Бірақ ол уақытта сығандар болған жоқ қой бұл жерде. Олар мұнда кейін келді емес пе?

— Сыған атаулының бәрі жаман, — деді қыз қысқа ғана.

— Неге? Олар да табиғаттың бір жаратылысы емес пе? Өмірде ондай жаратылыстар көп қой. Даланың гүлі, орманның елік, қояны... Мысалы, мынаған қара: тоғайда итмұрын, бүрген, қарақат бар, оларды ешкім өсірген жоқ - табиғаттың өзі жаратқан. Оның ешқайсысын сіз жаман дей алмайсыз ғой. Сығандар да сол сияқты. Егер қажет десеңіз, мен бүгін түнде сол қорқынышты сығанға барам да, онымен сөйлесіп көремін.

— Ой, жоқ! Қажет емес!

— Жоқ, міндетті түрде барамын ол отыратын тасқа. Қыз жалынғандай екі қолын кеудесіне қойды.

— Өтінем, бармаңызшы, қажет емес!

— Неге? Ол маған бірдеңе істеп қойса да, сізге бәрібір емес пе?

Қыз үндеген жоқ, ал Эшерст қайтер екен дегендей әдейі:

— Бірақ мен оны көретіндей уақытым да жоқ қой, таяуда кетемін, — деді.

— Таяуда?! Қалайша тез? — деді қыз жұлып алғандай.

— Өйткені, сіздің үйдегілер менің мұнда ұзағырақ жүруімді қаламайтын шығар.

—Ой, жоға! Жазда бізде ылғи да адамдар болып тұрады.

Бұл оған қадала қарады.

— Ал сіз менің қалғанымды қалар ма едіңіз?

— Иә, — деді ол қысыла сыбырлап.

— Жақсы, бүгін түнде мен сіз үшін Құдайға жалбарынам.

Қыз қып-қызыл болып кетті. Сосын қабағын шытыңқырап бөлмеден шығып кетті. Эшерст шай іше отырып, аңдамай сөйлеп қалғанына қатты өкінген. Несін айтасың, үлбіреген гүлді керзі етікпен мыжып өткендей болды ғой. Несіне айтты екен әлгі сөзді. Құдай-ау, сондай қалжың бола ма? Қызды қылжақ еткен Роберт Гартоннан айырмасы болмағаны ма сонда бұның?

IV

Эшерст келесі апта бойы жақын маңда жаяу жүріп, ауру тізесін жаттықтырумен болды. Биылғы көктем оған тіпті ерекше көрініп еді. Көгілдір аспан аясында күннің алтын шуағына малынып тұрған бук ағашының қызыл-сары гүлдері, салба-салба самырсындардың мұрын жарар ашқылтым иісі, бәрі-бәрі жанын нұрға, көкірегін қуанышқа бөлеген. Кейде ол жота үстіндегі дауылдан майысқан шегіршін ағаштарына қарап, оның жас жапырақтарын желдің қалай жұлмалағанын ұзақ қызықтап тұрып қалады. Немесе бұлақ жағасында жатып алып, жаңа шешек ата бастаған гүлдер мен енді-енді жапырағын жая түскен папоротниктерді тамашалайды, көкек даусына құлақ түреді. Сондай сәтте жақын маңнан тоқылдақтың тоқылы, бозторғайдың шырылдағаны да естіліп қалады. Иә, мұндай көктемді ол бұрын-соңды көрмеген; ол көктем бұның көкірегінде де көктеп жатыр еді.

Күндіз ол үй иелерін сирек көретін, өзіне тамақ алып келетін Мигэнмен де көп сөйлесе алмайтын, өйткені оның қолы күйбең-күйбең шаруадан ешқашан босаған емес. Ал кешкісін... Эшерст асүйдегі терезе түбінде отырып алып, ақсақ Джиммен немесе миссис Наракомбпен әр түрлі әңгіме қозғайды, мұндай сәтте қыз бір бұрышта іс тігіп отырады, не үстел үстін жинап-тазалап жүреді. Эшерст осындай мезетте қыздың боталаған әдемі көздері өзіне жиі-жиі түсе бергенін сезіп отырады, сол көздерден бір нәзік те мұңлы сезімді аңғарғанда, іштей масаттанып та қалады.

Эшерст бірде жексенбі күні кешкісін барылдақ торғайдың үніне құлақ түріп қойып, бақта махаббат туралы өлең жазып отырған. Кенет сыртқы қақпаның сарт етіп жабылғанын естіп қалып, жалт қараса, Мигэн өзін құшақтамақ болып жабыса берген Джодан қашып келеді екен. Қалың шөп арасынан бұны байқамаған олар жиырма қадамдай жерге келіп тоқтап еді. Эшерст қыздың ашуланып, Джоны жанына жақындатпай тұрғанын көрді. Ал ол!.. Ыржалаң қағып, қайта-қайта

Мигэнге ұмтыла береді. Бұл көрініс жанына қатты батып кеткені сондай, Эшерст орнынан қалай атып тұрғанын сезбей қалған. Бұны енді ғана көрген Мигэн ербеңдеп жүрген қолын тартып ала қойып, ағаш артына жасырына берген. Ал жігіт бірдеңе деп мыңқ ете түсті де, қашадан қарғып өтіп, жоқ болды. Эшерст жайлап басып қызға жақындады. Оның қара шашы қобырап, беті алабұрта қызарып, астыңғы ернін тістеген күйі үнсіз тұрды.

— Кешіріңіз мені! — деді Эшерст.

Қыз оған көзін бақырайта жалт қарады да, терең бір күрсініп алып, жүріп кетті. Бұл оның соңынан ерген.

— Мигэн!

Бірақ ол тоқтаған жоқ. Эшерст оның иығынан ұстай алып, жайлап өзіне бұрды.

— Тоқтаңызшы, сөйлесейік!

— Сіз неге менен кешірім сұрайсыз? Сізге істеген менің түгім жоқ.

— Ендеше Джодан сұрайын.

— Менде оның не жұмысы бар десеңші!

— Жақсы көрген адам не істемейді. — Қыз аяғымен жерді теуіп жіберді. Эшерст мырс ете қалды.

— Оның мұрнын бет қылайын ба осы?!

— Сіз мені мазақ етіп тұрсыз! Сіз біздің бәрімізді мазақ еткіңіз келеді! — деп қыз қызбалана айқайлап жіберді.

Эшерст оның қолынан ұстады, бірақ қыз қып-қызыл болып бұлқынып, шашы кәрі алма ағашының гүлді бұтақтарына оратылып қалғанша бұдан қашқақтай түскен. Эшерст оның бір қолын ептеп ерніне тосты. Осы сәтте ол ана томарбас Джоға қарағанда өзін нағыз рыцар етіп көрсеткісі келіп еді, — иә, ол тілім-тілім кішкентай қолға ернін ғана тигізді де қойды. Мигэн кенет тұра қалды, денесі сәл дір етіп, бұған жақындай түскендей сезілді. Эшерстің бойы ысып, жүрегі лүпілдей соқты: осы бір талдырмаш, қарапайым, адамды бар қылығымен өзіне тартып тұратын қызға жаңағы болмашы сүйістің жағымды әсер еткені ме сонда? Ол осы ойдың қызуымен қызды шап беріп құшақтап, маңдайынан сүйіп алды, сосын "япырау, мен не істеп қойдым" дегендей, күрт шегініп кеткен. Қыздың жүзі нарттай қызарып, көзін жұма берді. Қолдары сылқ етіп төмен түскен. Өз кеудесіне тиген нәзік омыраудың дірілі бұны естен тандырғандай еді. "Мигэн! — деді бұл сыбырлай тіл қатып — Мигэн!.." Сосын оны құшағынан босата салды. Тыныштықты шар-шар еткен шау қарға үні бұзды. Қыз күтпеген жерде жігіттің қолынан ұстап, оны бетіне, жүрегіне, ерніне тосып, сүйіп-сүйіп алды да, сонан соң үйге қарай жылдам жүгіре жөнелген.

Эшерст басы жерге тиіп жатқан ағаштың төменгі имек діңіне отырып, әлгінде қыздың шашына оратылған алма бұтағына басын сүйеген күйі біраз уақыт демалды. Бойында әлі де толқу бар, діріл бар. Жаңағының бәрі өң мен түстің арасындағы бірдеңе секілді. Сонадай жердегі қалың райхан гүлдерінің арасында жалғыз ақ гүлдің қауашағы үлбірей көрінеді...

Япырау, не істеп қойды бұл? Қай қылығымен қыз жүрегіне от салып үлгірді Эшерст? Әлде бәріне көктем кінәлі ме?.. Ар-ұяты іштей мүжігенмен ол өзін бір түрлі бақытты, мерейлі сезінді. Тұла бойын бір нәзік діріл, тәтті үміт билейді. Ол қандай үміт, қандай жақсылықтың басы? Денесін масалар шағып, бет-аузын шыбын-шіркейлер қытықтайды — бәрін де көктем дүбірі оятқан. Бір тұста көкек шақырады, алма бұтақтарында қараторғайлар шырылдайды, таяу маңда тоқылдақтың ағаш діңін тоқ-тоқ ұрғаны естіледі, төңірекке түгел күннің аппақ нұры ұялаған...

Ол орнынан тұрып, бақ ішінен шығып кетті — ашық даланы, кең жерді армансыз аралап, табиғат аясында рақаттана демалғысы келген. Асықпай, аяңдай жүріп, жота басындағы қалың тоғайға дейін жетті. Жолай бук ағашының арасынан шыға келген бір сауысқан шықылық қағып, бұның алды-артын кес-кестеп біраз жерге дейін ұшып барды да, ақыры жотаны асып, жоқ болды.

Еркек кіндіктінің ешқайсысы (бес жастағы баладан бастап) "мен ешкімді сүйгем жоқ" деп айта алмайтын шығар. Эшерст те осы жасына дейін әйел затының біразын сүйген; бала кезінде би үйірмесінде өзімен бірге билейтін қызға соншама ынтық болды. Сосын өз үйлеріндегі үй күтушіні ұнатып жүрді, кейін жазғы каникул кезінде әр түрлі бикештермен көңіл жарастырды — әйтеуір, қай уақытта да біреуді сүйіп, біреуді ұнатып, тәтті бір қиялда жүретін. Ал бойын билеп алған қазіргі сезім тіпті де ондай балалық қиялдың жемісі емес, бұл өзі қай жағынан да пісіп-жетілген ер азаматтың табиғи, таза жүрек лүпілінен туған сезім еді. Табиғаттың еркін өскен мұндай гүлін қолыңа ұстап, оны аялап ерініңе тосу, оның нәзік дірілін жан дүниеңмен сезіну — қандай рақат еді, әрі... қандай ыңғайсыз десеңші! Не істеу керек? Қалай онымен кездесе алады? Оның алғашқы ыңғай білдіруінде қысылу бар, қымсыну бар, ал алдағы уақытта олай ете қоймас. Эшерст оның сүйетінін білді — қолын оттай күйдіріп сүйіп алғанынан, құшағын шоқтай қарып жабыса түскенінен білді. Өзіне қарай жалындай лаулаған махаббат біреулерді кеудесінен кері итерсе, ал Эшерст сияқтыларды өзіне тарта түседі, өмірдегі мұндай сезім оларға ғажап көрініп, оны барынша аялауға ұмтылады.

Міне, енді, ол құз-жартастардың ортасында тұрып, осы бір көктем сыйлаған әлгі бір тәтті сезімді тағы да шөліркей аңсаған, тағы да оның бал-шырынын татқысы келген. Сөйтіп тұрып ол қарақат көзді қыздың мөлдір сезіміне ие болғанына бірде масаттанып қойса, енді бірде іштей: "Бәрі жақсы-ау, жігітім... Бірақ осының аяғы немен бітетініне көзің жете ме?" дейді салмақты түрде.

Ол қалай ымырт үйіріліп қалғанын, көне ассириялықтардың қамалындай боп құз-жартастардың қалай сұрлана түскенін аңғармай қалыпты. Төңірегі түгел оған: "Сенің алдыңнан жаңа күн туып келеді!" дегендей болады. Таңғы сағат төртте тұрып көктемгі далаға шыққан адам осындай сезімге бөленер еді: жүгірген аң, ұшқан құс, жапырағы жайқалған ағаштар — бәрі оған таңдана қарайды, ал оған дүние түгел бүгін ғана жаралғандай сезіледі.

Эшерст бойы тоңази бастағанша таста отырды, сосын мүк басқан серек тастардың арасындағы аршалы сүрлеумен төмен түсті де, шабындықты кесіп өтіп, баққа қайта оралды. Сол жерде сіріңке шағып, сағатына қарады. Он екіге таяп қалыпты. Бақ іші манағы алтылар шамасындағы күн сәулесі ұйып, құстар сайрап жатқан мамыражай тірлігінен айырылып, енді біртүрлі үрейлі де сұсты кейіпке енген... Кенет Эшерст өзінің алдағы "күндерін" елестетіп, оны "басқа" біреудің көзімен шолып көрді: миссис Нарокомб жылан мойнын созып, жан-жағына алақтай қарайды да, көңілсіздеу қабақ шытады; Мигэннің екі немере інісі бұған сенімсіздеу көз салып, мысқылдай күледі; Джоның ызадан булыққан топастау өңі күреңіте түседі. Тек ақсақ Джим ғана әдеттегі мұңлы жүзімен жұмсақ назар аударады. Ал деревня адамдары? Бұл жандарынан өткен кезде бір-біріне иек қағып, сыбыр-күбір өсекке басады. Сонан соң достары! Эшерст бұдан он күн бұрын өзін тастап кеткен Роберт Гартонның мысқылды күлкісін еске алды. Қандай жиіркенішті! Эшерст бір сәт осынау қатыгез де сайқал, тұрақсыз да тұрлаусыз жалғанды жек көріп кетті.

Ол тұтқасына қол салған сыртқы қақпаның бетіне алдыңғы жақтан алагеуім жарық түсіп тұрғандай көрінді. Шынымен-ақ ай туып үлгіргені ме? Расында, дуал иығынан дөңгелек айдың дөңес маңдайы көтеріліп келеді екен. Жас жапырақтардың иісі аңқыған бақ ішімен үйге қарай беттеді. Үйге жақындаған сайын қора маңындағы көңнің көңірсіген иісі мүңки түскен. Қора маңынан сиырлардың ыңыранғаны естіледі, ала көлеңде олардың мүйіздері тігінен шаншылған жаңа туған ай сияқты ағараңдайды. Ол ішкі қақпаны ақырын ашып, қараңғыда мысықша басып, кіре беріске енді де, басын жоғары көтеріп, Мигэннің бөлмесіне үңілген. Терезесі ашық тұр екен. Ол ұйықтап қалды ма, әлде бұның ұзақ жоғалып кеткеніне қапаланып, кірпік қақпай ояу жатыр ма? Орман жақтан үкі шақырды, сосын тағы тып-тыныш бола қалды. Енді осы тыныштықты тек бақ артындағы бұлақтың сылдыры ғана бұзғандай. Күндіз — көкек, түнде — үкі... Осы екеуі кезек алмасып, бұның көңілін үнемі алабұртады да тұрады! Кенет Эшерст терезеден қызды көрді. "Мигэн!" деді сыбырлай тіл қатып. Қыз кейін шегініп кетті де, сәлден соң терезе алдына қайта келді. Эшерст терезе түбіндегі қалың шөпке аяғын баса бергенде, ағаш орындыққа тізесін соғып алып, терең тыныстап тұрып қалды. Қыз қолын төмен созып, бұған ым қаққандай болды. Эшерст орындықты сәл алға жылжытып, абайлап оның үстіне шықты. Енді ол қолын созып, уысына сыртқы есіктің үлкен кілтін қысып тұрған қызға жетуіне болатын еді. Эшерст оның ып-ыстық қолын ұстаған кезде, темір кілттің суық табын сезді. Ол қыздың өңін, маржандай аппақ тістері мен ұйпа-тұйпа шашын әзер аңғарды. Қыз әлі шешінбеген де екен, тегі, бұны манадан бері екі көзі төрт болып күтіп отырса керек, "Мигэн, жаным менің!" Оның кедір-бұдыр саусақтары бұның қолына жабыса түсті, өңінен әлдеқандай мазасыздық, нәзік уайым сезіледі. Шіркін-ай, от боп жанып тұрған осы бетке өз бетін сол ғана тигізіп өтсе ғой бұл! Үкі тағы да шақырды, алыстан иттің үргені білінді. Қыз қолын тартып ала қойды да, бөлмесіне қарай шегіне берді.

— Қайырлы түн, Мигэн!

— Қайырлы түн, сэр!

Қыз көзден ғайып болды. Эшерст терең күрсініп, орындықтан түсті де, бәтеңкесін шеше бастады. Енді жымын білдірмей бөлмесіне жетіп, тып-тыныш жатқаннан басқа ештеңе қалған жоқ еді. Бірақ қыбыр етпей осы жерде тағы біраз отырды. Түнгі шықтан аяғы тоңазиын деді, бірақ ол жаңағы өзіне жымия қараған қыздың өңі мен оның салқын темір кілт ұстаған қолының ып-ыстық табынан өзге ештеңе ойлағысы келмеген.

V

Эшерст оянған кезде өзін түнге қарсы тамақты көп жеп қойғандай сезінген, ал шындығында жатарда нәр татпай қисая кетіп еді. Кешегі оқиға енді оған көрген түстей немесе жалт етіп жоқ болған елестей көрінген. Ал таң ғажайып еді. Көктем күтпеген жерде құлпырып шыға келген; қауашағы оттай жайнаған қызғалдақтар бір-ақ түнде шешек атып, көк майсалы алқапты ерекше сәнге бөлегендей, ал бақ ішіндегі алманың бозғылт-қызыл гүлдерінен көз тұнады.

Эшерст төменге түсерде Мигэнді көргенде не деймін деп, көңілі алабұртып тұр еді, бірақ ертеңгі асты миссис Наракомб алып келгенде, ұнжырғасы түсіп, қабағы кіржие қалды. Бұл әйелдің қылдырықтай мойны мен ойнақшып тұратын көздері бүгін тіптен жандана түскендей көрінді. Шынымен-ақ бірдеңені сезіп қалғаны ма?

— Демек, ай жарығымен қыдырғыңыз келді ме, мистер Эшерст? Кешке бір жерден тамақ іше алдыңыз ба?

Эшерст басын шайқады.

— Ал біз сізге ас дайындап қойғанбыз, бірақ оны ойлайтындай жағдайыңыз болмады-ау деймін, ә?

Бұл не, мазағы ма? Әлде сөз салтымен айта салғаны ма?

Оның дауысында батыстық мәнерден гөрі валлийлік жұмсақ әуез басым еді. Егер ол бұның не істеп жүргенін, ойында не жатқанын біліп қойса?!. "Жоқ, жоқ, бұл жерден тезірек кетуім керек, — деп шешті ол бірден. — Масқара болмай тұрғанда, табанымды жалтыратқаным жөн".

Алайда ол тамақ ішіп болған соң Мигэнді сондай көргісі келген, осы ой уақыт өткен сайын жанына маза бермеп еді.

Қызға біреулер жаман бірдеңе айтып қойып, бәрін де бүлдіріп тынды ма екен деп қауіптеніп те қояды. Бірақ бәрібір оны көруге ынтыға түседі. Шіркін-ай, болмағанда сыртынан бір көріп қалса ғой! Кеше алма ағашының түбінде отырып жазған махаббат туралы өлеңі енді оған әншейін бос дүние сияқты көрінді де, оны ортасынан қақ айырып, темекі орап тұтатты. Мигэн бұны құшақтай алып, қолынан сүйгенше махаббат туралы бұл не білді? Ал қазір өз сезіміне өзі өртеніп отырғаны мынау. Бірақ бұл туралы тағы бірдеңе жазудың керегі не?!

Эшерст оқитын кітап алып шығайын деп бөлмесіне кіргенде... өз көзіне өзі сенбеді. Мигэн бұның төсек-орынын жинастырып жатыр! Эшерст есік тұсында тұрып, оның әр қимылына қызыға қарай берген. Кенет қуаныштан тұла бойы оттай ысып кетті: қыз еңкейе беріп, бұның жастыққа басы тиген жерді сүйіп алған. Осы бір жүрек қозғар жайды көріп қалғанын бұл оған қалай білдірерін білмей қиналған. Ол егер бұның үнсіз бұрылып кеткенін сезер болса — тіпті жаман! Қыз жастықтың бырысып қалған жерін жазғысы келгендей оны көтере бергенде, қолынан түсіріп алған да, арт жағына жалт бұрылып еді.

— Мигэн!

Қыз алақандарымен бетін баса қойды, бірақ екі көзі Эшерстте еді. Бұл өзіне сондай берілген, сондай тұнық, таңғы шықпен жуып алғандай мөп-мөлдір көзді бірінші рет көрген-ді.

— Кеше кешкісін мені күткеніңізге... шексіз ризамын. Рақмет! — деді бұл міңгірлеп. Бұны қалай айтқанын өзі де сезбей қалған.

Қыз тіл қатқан жоқ, ал Эшерст абыржып тұрып тағы да:

— Мен... мен жота басындағы жақпар тастарға барып қайттым... Түн керемет жақсы болды. Мен., мен мұнда әншейін кітап алып шығайын деп кіріп едім, — деді кібіртіктей тіл қатып.

Бірақ қыздың жаңа ғана жастығын сүйіп алғаны есіне түскенде, бұл кенет батылданып кетті де, оған тұра ұмтылды. Сосын еріндерін оның көзіне тигізе беріп: "Кешегінің бәрі кездейсоқ бірдеңе... енді бәрі бітті, ештеңеден дәмеленбей-ақ қой!" деді сенімсіздеу. Алайда... қыздың көзі жұмыла берді... Эшерсттің еріндері көзден — мұрынға, мұрыннан — төмен... жылжып барып... үлбіреген ерінге жабыса түсті... Бұл алғашқы шын сүйіс — ғажап та айырықша, тосын да бейкүнә сүйіс — кімнің бойын көбірек балқытты екен? Эшерсттің... әлде Мигэннің?

— Бүгін түнде, жұрттың бәрі ұйықтаған соң үлкен алма ағашының түбіне келші, Мигэн. Келем деші...

— Келем, — деді ол ақырын ғана.

Қыздың өңі бозара қалып еді, бұдан әрі оның жанында тұра беруге ыңғайсызданған Эшерст жеңіл қоштасты да, төмен түсіп кетті. Иә, іс бітті! Қыз бұны сүйеді екен! Сүйетінін білдірді әне!..

Ол бақ ішіндегі жасыл орындыққа барып, көзін алысқа қадаған күйі ойсыз-мұңсыз, тәкаппар да маңғаз кейіпте ұзақ отырды. Төңірегінде қайнап жатқан ферманың күнделікті күйбең тірлігін де сезер емес. Уақытқа да, кеңістікке де селт етпей, өстіп қанша отырғанын білмейді, кенет ту сыртынан естілген сыбдырға жалт бұрылса... оң иығы тұсында қоқайып Джо тұр екен. Екі қолы қалтасында. Тегі, егіс жұмысынан келе жатса керек, күнге күйген өңі күреңітіп, мұрны пыс-пыс етеді. Топ-толық қысқа білектері шабдалының қабығындай түктеніп кеткен.

Қып-қызыл еріндері дүрдиіп, көгілдір көзі Эшерстке қадала қалыпты.

— Иә, Джо, не айтасың? Құлағым сенде, — деді бұл мысқылмен.

— Ендеше тыңдаңыз.

— Тыңдап тұрмын.

— Бұл жерден кеткеніңіз жөн. Сіз бізге керек емессіз.

Бет-жүзінен әрдайым аздап тәкаппарлығы сезіліп тұратын

Эшерст енді тіптен сыздана қалған.

— Ақылыңа рақмет, жігітім, бірақ бұны сенен емес, басқадан естісем деп едім.

Жігіт тағы бірер қадам жақындай түскенде, Эшерст мұрын астынан мүңкіген ащы тер иісін де сезген.

— Сіз неге мұнда тұрып жатырсыз?

— Өйткені бұл жер маған ұнайды.

— Байқаңыз, басыңызды мен быт-шыт қылған кезде, ұнамай қалуы мүмкін.

— Солай ма? Ал оны қашан істемексің?

Джо ештеңе деген жоқ, бірақ түрі одан сайын бұзыла түсті. Сүзетін бұқадай көздері қызарып, денесі дірілдеп кеткен. Бүл діріл артынша бетіне көшіп еді.

— Мигэн сізді көргісі де келмейді.

Мұрнынан суы аққан мына еркексымақтың сөзі Эшерсттің қанын қайнатып жіберген, орнынан атып тұрып, орындықты аяғымен бір тепті де:

— Жоғал әрмен! — деді қалш-қалш етіп. — Жоғал әрі, сумұрын неме!

Эшерст сөзін аяқтап болғанша кішкентай қара күшікті қолына көтерген Мигэн үйден шыға келіп еді. Бұның жанына жылдам жетіп келген ол:

— Қараңызшы, көзі көкпеңбек, — деді күшіктің жонынан сипап тұрып.

Джо кері бұрылып жүре берді. Желкесі қызарып кетіпті.

Эшерст қыз қолындағы күшіктің жып-жылы тұмсығын саусақ ұшымен сипап қойды. Мигэннің жанында тұру қандай жайлы еді!

— Сізді бұл жақсы көріп қалыпты. О, Мигэн, сізді бәрі де жақсы көреді.

— Айтыңызшы, Джо сізге не деді?

— Ол маған: бұ жерден тезірек кетіңіз, өйткені Мигэн сіздің мұнда болуыңызды қаламайды деді.

Қыз аяғымен жерді дүрс еткізді де, Эшерстке қарады. Осы бір сүйкімді қарастан оның жүрегі дір ете қалған.

— Бүгін түнде, — деді бұл сыбырлап. — Ұмытпайсыз ғой?

— Жоқ, ұмытпаймын. — Қыз қолындағы топ-толық күшікті бетіне тосып үйге қарай жүгіре жөнелді.

Эшерст бақ ішіндегі сүрлеуге түсті. Сосын сыртқы қақпадан шығып, шабындыққа қарай бет алғанда, қоршау түбінде сиыр айдап бара жатқан ақсақ бақташыны көрген.

— Күн қандай тамаша, Джим!

— Иә-ә, майдай еріп тұр ғой... Бәріне жайлы. Биыл үйеңкіге қарағанда емен ерте бүрлейтін түрі бар. Ал емен ерте бүрлесе...

Эшерст оның сөзін бөліп жіберді.

— Айтыңызшы, қорқынышты сығанды сіз қай жерден көрдіңіз, Джим?

— Е, ол анау жерде... үлкен алманың жанынан өткендей болған.

— Сіз оның дәл сол жерде болғанына шынымен-ақ сенесіз бе?

Джим бұған бірден жауап берген жоқ.

— Е, не десем екен.. сол жерде болды ма, болды ма — дәл айту қиын. Кім біледі... солай сияқты көрінеді де...

— Ал сіз қалай ойлайсыз, оның күтпеген жерде пайда болу себебі не?

Джим даусын бәсеңдетіп:

— Е, жұрт не демейді, олардың айтуынша, баяғы мистер Наракомб шалдың өзі сыған болғанға ұқсайды. Бұның бәрі ертегі шығар, тәйірі... Жалпы, сыған деген халық қызық қой: ұрпағы үзілмейді олардың, бірінен бірі жалғасып кете береді. Мүмкін олар шалдың өлетінін біліп, — міне, осылай аруақтарының бірін жіберген шығар оған. Мен солай ойлаймын...

— О шалдың түрі қандай еді?

— Бет-аузының бәрі қап-қара түк болатын, ал өзі скрипка тартқан адамдай еңкейіңкіреп жүретін. Аруақ деген болмайды дейді ғой, мен тек мына итімнің жүні тік тұрғанын байқағам... Ал өзім анық көрдім деп айта алмаймын...

— Сол сәтте ай жарық болды ма?

— Иә, сүттей жарық сияқты еді... Бірақ айдың өзі анау ағаштардың басынан жаңа ғана көтеріліп келе жатқан...

— Аруақ жаманшылыққа көрінеді дегенге сіз сенесіз бе?

Ақсақ Джим малақайын желкесіне қарай ысырып қойды.

Сығырайған өткір көздері Эшерстке тура қадалған.

— Бұл туралы біз ештеңе айта алмаймыз. Үрей шақырғаннан басқа онда дәнеңе жоқ. Өмірде біз түсінбейтін жұмбақ көп. Бұл да соның бірі! Кейбіреулер көрместі көреді, ал енді біреулер көз алдындағыны көрмейді. Мысалы, біздің Джоға қараңыз, иегінің астындағыны көрмейтін көрсоқырың сол. Басқа жігіттердің де бұ жағынан жетісіп тұрғаны шамалы. Ал Мигэнге қараңыз, сыртыңды қойып ішіңдегінің бәрін көріп тұратын нағыз сұңғыла ғой ол..

— Рас, ол өте сезімтал.

— Не дедіңіз?

— Өте сезімтал деймін. Ол бәрін де нәзік сезіне біледі.

— А, иә... оның жүрегі сезе де біледі, сүйе де біледі. — Эшерст өз бетінің қызара қалғанын білді де, оны жасырғысы келгендей қалтасынан темекі дорбасын суыра берді.

— Темекі тартыңыз, Джим!

— Шүкіршілік деңіз, сэр. Жүз қыздың бірі ондай бола бермейді.

— Мүмкін, — деді Эшерст, сосын темекісін тартып кете барды.

"Оның жүрегі.. сүйе де біледі!.." Иә. Ал бұл не істеп жүр? Сүйе білетін жүрекке бұның ниеті қандай? Сиырлар жайылып жүрген сарғалдақты көк майсаны тізеден кешіп келе жатып бұл осы ойдан арыла алмаған. Төбесінен қарлығаштар ары-бері ойқастай ұшады. Иә, биылғы жылы емендер үйеңкіден бұрын бүрлейін деп тұр. Қазірдің өзінде қызыл-қоңыр бүршіктері қылтиып көрініп қалған. Әр тұстан көкек шақырады, бақта сан түрлі құстар сайрайды, мөп-мөлдір бұлақтар шөп арасынан сылаң қағып, сылдыр-сылдыр етеді. Баяғының адамдары алтын ғасырға, Гесперид жұмақ бағына сенген ғой... Эшерсттің қолына уара кеп қона қалды — "аналық ара". "Егер оны өлтірсе, жаз аяғында алма ағаштарын кеміретін екі мың уара кем болады". Бірақ жүрегіне махаббат оты маздап келе жатқан адам дәл бүгін тірі жәндікті өлтіруге тиіс пе? Көгалда тұмсығын ыңырана көтеріп, бір өгізше жайылып жүр. Эшерст оны Джоға қатты ұқсайды екен деп қойды. Бірақ өгізше бұған пысқырып та қарайтын емес, ол да құстардың сайрағаны мен төңірегіндегі неше түрлі гүлдерге елітіп жүрген секілді. Эшерст тас шоқының түбінде жылтырай ағып жатқан кішкентай қайнар бұлаққа келді. Жақпар тастардың бауырында ендік гүлдер көгереді. Бұлақ жағасында жабайы алмалар тұтастай гүлдеп үлгірген.

Эшерст көк шөптің үстіне жата кетті. Жартастар түбіндегі көлеңкелі тып-тыныш бұрыш жаңағы емені бүрлеп, сарғалдағы жайқалып тұрған ашық алқапқа мүлде ұқсамайды... тек көкектің шақырғаны мен бұлақтың сылдырында ғана өзгешелік жоқ. Ол сан құбылған күн сәулесін көзімен бағып, алма ағаштарының ұзын көлеңкесі қоңырау гүлдердің басын шалғанша ұзақ жатты. Төңіректе тірі пенде жоқ, тек аралар ғана гу-гу етеді. Таңертеңгі ыстық сүйіс пен алда күтіп тұрған түнгі кездесу бұның басын айналдырған. Кезінде дәл осындай жерде фавналар1 мен дриадалар өмір сүріп, аппақ алма гүлдеріндей нимфалар2 жасырынған шығар, ал оларды шөп арасына жатып фавналар қорғаған болар...

Эшерст оянған кезде көкектер әлі де шақырып жатқанын байқады. Бұлақтар да манағыдай шулайды. Күн көзі шоқы тастардан әрі асып кеткен, жотаның теріскей беті күңгірттене бастапты. "Бүгін түнде..." — басына әр түрлі ойлар келді. Көкірегінде бір нәрсе шырматылып жатыр — босап кетеді, қайта ширығады, құдды оны белгісіз бір қол бірде босатып, бірде ширатып тұрғандай. Ол орнынан тұрып, жабайы алманың бір бұтағын сындырып алды. Гүлдердің түйнегі Мигэнге ұқсайды — нәп-нәзік, жап-жас, сирек кездесетін қызғылт ұлу қабыршағы сияқты; гүлдердің өзі де одан айнымайды — табиғи, тап-таза, тартымды. Ол гүлді бұтақты тұзақтап иіп, мойнына салып алды. Кеудесін шаттық кернеп, көкірегін қуаныш билейді,

Көз алдында қояндар секек қағып барады.

VI

Эшерст бір сағат бойы қолына босқа ұстап жүрген "Одиссей" кітабын қалтасына сала салып, аула арқылы бақ ішіне өткенде, сағат он бірге тақап қалып еді. Жаңа ғана жота үстіне дөңгеленіп шыға келген шартабақ айдың алтын нұры жартылай жалаңаш үйеңкі ағаштарының арасында сүттей ұйып тұр. Алма ағаштарының түбі әлі де қараңғы еді. Эшерст жүретін жол іздеп, қалың шөпті аяғымен сипалап тұрып қалды. Арт жағынан пыс-пыс еткен бір дыбыс естіген, ту сыртына бұрылса... екі-үш қадамдай жерде өңкиіп-өңкиіп үш шошқа жатыр екен. Эшерст қыбырсыз тұрып, тың тыңдады. Үп еткен жел жоқ, бірақ бұлақтың сылдыры күндізгіден де анық естіледі. Белгісіз бір құстың "пип-пип... пип-пип" деп, бір қалыпты, үздіксіз созған даусы құлақ етті жейді. Алыс бір түкпірден ешкішектің маңырай шырылдағаны, үкінің үздіге қиқылдағаны құмыға жетеді. Эшерст бірер қадам алға аттап барып, төбесінде жыбыр-жыбыр еткен күңгірт сәулені қызықтап тағы да тұрып қалды. Қараңғыда қалғып-мүлгіп тұрған ағаштардың мың сан гүлдері мен бүрлерінде айдың алтын сәулесі ойнақ салады. Бейне бұның көз алдында қаптаған түнгі көбелектер қанаттарын жыпылықтата қағып, бүрден бүрге, гүлден гүлге қонып жатқандай. Осы бір сыбдырсыз, тынымсыз, қас-қағымдық көрініске еліте қалған бұл бір сәтке мұнда неге келгенін де ұмыта берген. Күндіз де сан құбылып тұратын бұл жердегі таңғажайып табиғат енді түн түнегінде басқаша бір болмысымен, өзгеше бір сиқырымен адам жанын тіптен баурай түсетіні байқалады. Ол ағаштардың арасымен ақырын жүріп келіп, манадан көздеп келе жатқан дәу алманың түбіне жетті. Иә, ол — осы ағаш, тіпті тас қараңғыда да бұны танымау мүмкін емес: басқаларға қарағанда екі есе жуан, төменгі алып бұтақтары бұлаққа қарай салбырай төніп тұр. Бұл тағы да маңайына құлақ түрді. Жаңағы сол дыбыстар... бұлақтың сылдыры... ауық-ауық шақырған үкінің үні... Қыз қашан келер екен? Келер ме екен? Сүттей аппақ ай сәулесінің астында діріл қаққан осы бір тылсым тіршілік көңілге әр түрлі ой салады. Мұндағы әрбір құбылыс, әрбір көрініс жер бетіндегі қарапайым тіршілік иелерінен гөрі фавналар мен нимфалар мекендейтін таңғажайып әлемге көбірек ұқсайтын тәрізді... Осы таңғажайып әлемге періштедей қанат қағып, Мигэн қашан жетер екен ? Мүмкін оның келмей қалғаны тіпті жақсы болар ма еді? Жоқ, бәрібір оны күтеді! Ол келуге тиіс! Тағы да елең қағып тың тыңдады. Манағы белгісіз құстың жағы бір талар емес: "Пип-пип... пип-пип..." Сосын... бұлақтың сылдыры... Тура көз алдындағы алманың аппақ гүлдері де үлбірей дірілдеп, бұнымен қоса әлденені тағатсыз күтетіндей. Бұл қолына іліккен бір тал сабақты үзіп алып, бетіне тосты. Үш гүл.. Жеміс ағашының жап-жас гүлін жұлып алып, лақтырып тастау қандай күнә десеңші! Кенет ол қақпаның сықырлағанын естіді; сосын аяқ сыбдыры, шошқаның қорсылы... Ағашқа сүйеніп тұрған Эшерсттің қолы жуан діңнің кедір-бұдыр қабығына жабыса түсіп, тынысы тарылып кетті. Қыздың қарауытқан бейнесі ағаш арасында көлбең-көлбең етеді... Міне, ол жақындап та қалды... Эшерсттің жүрегі аузына тығылды. "Мигэн!.. Жаным!" деп, бұл оған қолын соза ұмтылды. Ол бірден бұның құшағына құлаған. Оның оттай ыстық денесі Эшерсттің тұла бойын балқытып, босатып жібергендей еді. Ол Эшерст өскен ортаның қызы емес-ті, ол соншама қарапайым, тал шыбықтай жап-жас, еліктің лағындай қорғансыз да аңғал-тұғын, — мынадай қара түнде бұл оған қалай қорған болмайды? Бірақ ол осы қарапайым да хас сұлу қалпымен көктемгі түннің осындай бір бөлшегі, мынадай үлбіреген гүлдердің бір тал жапырақшасы тұнып тұрған табиғаттың тура өзі еді, — ол сыйлап тұрған барлық асылды бұл қалай алып қалмайды? Оны мен өз жүрегіндегі көктемді қалай мерекелемейді бұл? Осындай екі ұдай сезімде арпалысып тұрып, бұл оны қатты құшақтап, шашынан сүйді. Өстіп екеуі де үнсіз, жүрекпен ғана түсінісіп, қанша тұрғандарын білмейді. Бұлақ әдетінше сылдырлай берді, манағыдай ауық-ауық үкі шақырады, ай да біртіндеп биікке көтеріліп, нұр жүзі тіптен жарқырай түскен; бұлардың жан-жағындағы, төбелеріндегі гүлдер де екі жүрекпен бірге лүпілдеп тұрғандай. Екі ерін де бір-бірін ынтыға іздейді. Біреуі бір ауыз сөз айтып қалса — бәрін бүлдіріп тынатын секілді. Көктемде тіл жоқ, онда тек сыбдыр мен сыбыр ғана бар. Көктемде кез келген әдемі сөзге бергісіз тәтті сыр шешек атқан гүлде, қауызын жарған бүрде бар. Көктем кейде ғашықтардың ең тілеулес адамындай болып, оларды ыстық құшағына басады, оның от қызуына еріген бал шырынды еріндер тек бір-бірін ессіз сүюді ғана біледі. Қыз жүрегі оның кеудесінде дүрсілдей соғады, қыз еріндері оның ернін аймалай береді, ал Эшерсттің басында ешқандай ой жоқ — жүрегінде ләззат, бойында рақат қана бар: иә, жаратқан ие бұл қызды тек оған арнаған, ендеше махаббатпен ойнауға болмайды! Ал кеуделер алқына тыныстап, екі ерін ажырай қалған кезде, жаңағы тұтасқан бір дүние, бір әлем кенет екіге жарылып кеткендей еді. Тек енді құмарлық қана барлық еркектік сезімнен артып шыға келген де, ол күрсіне демігіп:

— О, Мигэн! Сен неге келдің? — деген сыбырлап. Қыздың көзінен реніш пен таңданыс бірдей білінген.

— Сэр, сіз өзіңіз шақырып едіңіз ғой.

— Жаным менің, "сэр" демеші мені!

— Басқаша не деймін енді?

— Фрэнк десең болғаны.

— Жо-жоқ!..Олай дей алмаймын...

— Ал сен мені сүйесің ғой, ә?

— Сізді қалайша сүймеймін мен? Маған тек сіздің жаныңызда болсам болғаны... Басқа ештеңенің керегі жоқ...

— Басқа ештеңенің...

— Егер сіздің жаныңызда болмасам, мен өліп кететін шығармын. — Қыз бұны сыбырлай айтқаны соншалық, бұл әзер естіген.

Эшерст бүкіл кеудесімен терең тыныс алды.

— Ендеше менімен қал!

— О-о!

Қыздың бұл сөзіне ерекше толқи қалған Эшерст бір сәт тебірене сөйлеп кеткен.

— Біз Лондонға кетеміз. Мен саған бүкіл дүниені көрсетемін. Мен сені өмір бойы мәпелеп өтемін, еш уақытта сені ренжітпеймін, Мигэн, сенші маған!..

— Мен тек сіздің жаныңызда жүрсем болғаны. Тек сізді ғана көріп жүрсем... иә, басқа ештеңенің керегі жоқ маған.

Эшерст қыздың шашынан сипап тұрып:

— Мен ертең Торкиге барып, ақша аламын, — деді. — Мына киімдеріңмен жұрттың көзіне бірден түспеуің үшін саған көйлек сатып алуым керек... Сосын бұл жерден зытып отырамыз. Ал сосын Лондонға бара салып, егер мені шын сүйсең, бірден некеге тұрамыз.

Қараңғыда қыз басын шайқап жібергенін бұл оның желп ете қалған шашынан сезді.

— Жо-жоқ, олай болмайды. Мен сізге лайық адам емеспін. Мен тек сізбен бірге болғанды ғана қалаймын...

Эшерст мырза көңілдің қызуымен одан сайын қызбалана түскен.

— О, жоқ, Мигэн, керісінше мен саған лайық адам емеспін. Мигэн, жаным менің, айтшы, сен мені қашан сүйіп қалдың?

— Сізді алғаш рет жолда кезіктірген сәтте... Сіз маған қараған сәтте... Сол күнгі кештен бастап сүйдім сізді, бірақ сіздің де көңіліңіз маған ауады деп еш уақытта ойлаған емеспін...

Қыз тізерлеп отыра қалып, оның аяғынан сүймекші болды.

Мұндай тосын жайды күтпеген Эшерст шошып қалды да, оны жерден жылдам көтеріп алып, құшағына қатты қыса берді.

— Сіз неге рұқсат етпейсіз? — деді қыз сыбырлап.

— Жоқ, сенің аяғыңды мен сүюім керек!

Қыздың көзінен жас шығып кетті. Оның ай сәулесімен ағараңдаған беті Эшерсттің бетіне тым тақау еді, сәл ғана ашықтау еріндері алманың нәп-нәзік гүліндей діріл қағып тұрғаны байқалды.

Кенет қыздың көзі бақырая қалған да, әлдебір сұмдықты көргендей оның құшағынан сытылып шыға келген.

— Қараңызшы!

Эшерст тек ай сәулесімен шағылысқан бұлақты, сонадай жерде үрпиіп-үрпиіп тұрған тікенді бұтаны, одан әріде жоталардың ирек-ирек сұлбасын ғана көрді. Ал арт жағынан қыздың үрейлі сыбыры естілген.

— Аруақ... Қорқынышты сыған!

— Қайда?

— Анау жерде, ағаш түбіндегі таста... — Батырсынып кеткен бұл бұлақтан бір-ақ секіріп, қыз нұсқаған жаққа жүгіре жөнелген. Ай сәулесі ойнаған жықпыл-жықпыл! Ешкім жоқ! Ол кесек-кесек қойтастардың арасында секіріп-ыршып, сүріне-қабынып біраз жерді адақтап шықты. Қыбыр еткен бір қара жоқ! Қандай сандырақ! Неткен ессіздік! Ол жерге бір түкіріп, Мигэн тұрған алма түбіне қайтып оралған... Бірақ енді Мигэн жоқ, тек аяқтың сыбдыры, шошқалардың қорсылы, қақпаның сықыр етіп жабылғаны ғана естілген. Оның орнында — тек дәу алма ағашы. Эшерст оның жуан діңін құшақтады. Сап-салқын, қап-қатты! Қайда жаңағы нәзік бел, ып-ыстық дене! Қандай контраст! Оның жалын шарпыған жұмсақ, нәзік бетінің орнында енді — ағаштың кедір-бұдыр қабығы ғана, тек бұның шайыр аңқыған иісі ғана қыздың шашын сәл-пәл еске түсіреді...

Ал жан-жағы мен төбесіндегі алманың шоқ-шоқ гүлдері бұрынғыдан да жандана, нұрлана түскен секілді.

VII

Эшерст Торкиде пойыздан түсісімен қала ішіндегі өзенді батылсыздау жағалап жүріп кетті; Англиядағы осы бір тамаша курорт оған аса таныс емес-ті. Жеңіл де сәнді киінген жұрт бұның үстіндегі қалың күртесі мен шаң-шаң бәтеңкесіне тосырқай қарайды. Басындағы қалпағы да мыж-мыж еді. Ол ұзақ сандалып жүріп, Лондондағы өз банкінің мұндағы бөлімшесін әзер тапқан. Бірақ күтпеген жерде тосқауылға тап болды. Бөлімшеде отырғандар: "Торкиде сізді танитын біреулер бар ма, жеке басыңызға кім куәлік ете алады?" деп сұраған. Әрине, бұл ешкімді білмейді. Сосын олар Лондондағы банкке жеделхат жіберуді ұсынған. Ол жерден дұрыс жауап келсе, Торкинде де бөлімше бұған қызмет етуге әзір көрінеді. Қатып-семіп қалған қаржы қызметкерлерінің өзіне деген бұл сенімсіздігі Эшерсттің қуанышын су сепкендей басып еді. Бірақ дереу жеделхат салып жіберуді ұмытқан жоқ.

Поштаның тура жанына әйелдер киімін сататын дүкенді көріп, әлдебір қызығушылықпен көрнеуге қойған заттарға қарай бастады. Өзінің деревнялық бикешіне киім таңдау оған аса қызықты көрінбеді. Дегенмен ішке кірген. Жап-жас сатушы қыз жанына келді. Көзі көкшіл екен, өзі бірдеңеге алаңдап тұрған сияқты.

Эшерст оған үнсіз көз салды.

— Сізге не керек еді, сэр?

— Маған жас қызға көйлек керек.

Сатушы жымиды. Ал Эшерстің қабағы түйіліп кеткен: өз жауабы өзіне ыңғайсыз көрініп еді.

— Қандай үлгідегі көйлекті қалайсыз? Ең соңғысын?

— Жоқ, қарапайымдау болса.

— Ол қыздың бойы қандай?

— Білмеймін, сізден екі дюймдей аласа ғой деймін.

— Ал белі қандай екенін айта алмайсыз ба? — Мигэннің белі...

— Былайша айтқанда... орташа.

— Жақсы, қазір әкелемін.

Қыз кетті. Ол терезедегі үлгілерге имене көз жүгіртті, сосын кенет басына мынадай ой келе қалды: Мигэн — жүннен тоқылған қалың юбка, кенеп блузка, көк берет киіп үйренген бұның Мигэні — мына сияқты киімдерге қалай қарайды екен?!. Сатушы бір құшақ көйлекті көтеріп келді де, олардың әрқайсысын өз бойына өлшеп көрсете бастады. Эшерстке біреуі ұнады, дәлірегінде — оның жылтыр-сұрғылт түсі ұнады, бірақ Мигэнді бұнымен елестету оған тым қиынға түскен. Сатушы дүкен түкпіріне қайта барып, тағы да бірнеше көйлек әкеліп еді. Алайда Эшерсттің басы мәңгіріп, не істерін білмей тұрып қалған. Қайсысын таңдауы керек? Және қалай таңдауы керек? Мигэнге жалғыз көйлек қана емес, әдемі қалпақ, сүйкімді туфли, аппақ қолғап та керек қой. Ал осының бәрін киіп шыға келсе, тым өрескел көрінбес пе екен ол?!. Әдетте қалалық сәнді киімдер деревня адамдарына бірден қона кетпейтіні бар. Сосын... оны киіп жүру де оларға қолайсыз. Ендеше ол өз киімдерімен неге кете бермейді? Жоқ! Бұл тек күдік туғызады... Эшерст қызды нағыз серілік жолмен алып қашпақшы. Олай болса көрінгеннің көзіне түсіп керегі не! Ол сатушыға ұрлана қарап қойды. "Қызық, бұл қыз бір нәрсені сезді ме екен, әлде бұны дым білмес делқұлы біреу деп ойлап тұр ма?" — деді ішінен.

— Мына сұрғылт көйлекті сақтай тұрсаңыз қайтеді, — деді ол қысыла сөйлеп. — Біраздан соң қайтып келермін.

Сатушы күрсінді.

— О, жарайды. Бұл бір әдемі көйлек. Бұдан артықты табуыңыз қиын шығар.

— Әрине, әрине, — деп, Эшерст міңгірлей сөйлеп дүкеннен шығып кетті.

Көше бойлап келе жатқан ол өзіне үдірейе қараған сұқты көздерді бір сәт ұмытып, тәтті армандарға берілген. Өз тағдырын бұның қолына сеніп тапсырған бейкүнә жанның бейнесі келеді көз алдына. Ертеңгі күні бұл оны қараңғыда сыртқа алып шығып, бір қолымен оның белінен ұстап, екіншісімен оған сатып алған жаңа киімдерді көтеріп, айдың аппақ нұры астында сүрлеу жолға түседі, сосын орманның бір қалтарысына жеткенде, оны мұнтаздай етіп киіндіріп алады да, шағын теміржол стансасына барып пойызға отырады. Одан әрі Лондон...некелесу...той...

— Фрэнк Эшерст! Ау, не ғып жүрсің мұнда? Сені көрмегелі қай заман.

Эшерстің ойға батып келе жатқан жүзі бірден сергіп шыға келген: қарсы алдында өзіндей жас жігіттің көгілдір көзі күлімсірей қарайды. Бұл көздер күнге күйіп күреңіткен беттің ажарын аша түскендей.

— Фил Холлидэй! Міне, қайда кездесу!

— Бұл жерде не істеп жүрсің сен?

— Жәй, әншейін, ақша алайын деп келіп едім. Мен қазір фермада тұрамын.

— Сен қай жерден тамақтанасың? Бізге жүрсеңші! Мен мұнда қарындастарыммен біргемін. Олар қызылшамен ауырып жаңа тұрған. Осы арада сауығып жатыр.

Сөйтіп ғайыптан кезіккен досы Эшерстті өзімен бірге ала жөнелген. Алдымен жотаға көтеріліп, сосын қайта төмен түсіп, ақыры қала сыртына шығып кетіп еді. Холлидэйдің даусы жарқын-жарқын шығады, өте көңілді. Бірақ оның айтуынша, осы бір "түкпірдегі қуыста" суда жүзіп, ескекті қайықпен жарысқаннан басқа көп қызық жоқ сияқты. Өстіп олар әңгімелесе жүріп, не заматта теңіз басында тұрған бірнеше үйге жеткен. Холлидэй бұны өз қонақүйіне алып барды.

— Менің бөлмеме барайық, сонда жуынып-шайынып аласың. Тамақ қазір әзір болады.

Эшерст айна алдында тұрып, шашын тарап, өзін аздап қалыпқа келтіріп алған болды. Фермадағы қуықтай бөлмесінде екі көйлек, бір қалпағынан басқа көзге түсер ештеңе көрінбеуші еді, ал мұнда киім тазалайтын, тіс тазалайтын шөткеден бастап, айна, тарақ, сабын, орамал — бәрі-бәрі бар.

"Қызық, — деп ойлады ол - Кейде өзімізге есеп бермейміз-ау, осы". Бірақ өзінің неменеге "есеп бермегенін" айта алмады.

Ол Холлидэйге еріп асханаға кірді.

— Міне, Фрэнк Эшерст, ал мыналар — менің кішкентай қарындастарым, — деп Холлидай көңілді тіл қатқанда, көкшіл көзді, ақсары үш қыз бұған бірдей бұрылған.

Екеуі расында кішкентай екен: бірі — он, екіншісі — он бірлер шамасында. Ал ұзын бойлы, алтын сары шашты үшіншісі он жетілерге кеп қалғандай. Жіңішке қастары шашына қарағанда қаралау екен. Қызыл-сарғыш өңі күнге сәл тотыға қалыпты. Үшеуінің де дауысы ағаларынікі сияқты сыңғырлап тұр, үшеуі де ағалары сияқты көңілді. Олар ұшып тұрып, Фрэнкке жылдам қолдарын ұсынды, сосын оның сынай қарауынан қысылып, көздерін тайдырып әкетті де, орындарына қайта отырып, бүгін не істейтіндері жөнінде өзара әңгімелесіп кетті. Нимфа-құрбыларымен бірге жүрген нағыз Диана! Фермадағы өмірден кейінгі мыналардың сыңғырлаған таза тілі, қысылу-қымтырылуды білмейтін еркін де сәнді отырыстары Эшерстке алғашында біртүрлі қызық әсер еткен, ал сосын бәрі де үйреншікті көрінгені сондай, артынша әлгіндегі ойынан өзі ұялған. Кішкентай қыздардың аттары Сабина және Фрида екен. Ал үлкені — Стелла.

— Тыңдаңызшы, — деп кенет Сабина саңқ ете қалды. — Жүріңізші бізбен бірге, шаян аулауға, бұл өте қызық!

Эшерст мұндай күтпеген өзімсінуге абыржып қалды.

— Мен кешкілік кетіп қалатын шығармын, - деді ол міңгірлеп.

— О-о-о... Қандай өкінішті!

— Ал сонда кідіруге болмай ма?

Бұны айтқан Стелла еді. Эшерст оған қарап жымиды да, бас шайқап қойды. Қандай сүйкімді қыз!

— Ой-ой, қалыңызшы, — деді Сабина жалына. Сосын әңгіме жүзуге ауысқан.

— Сіз қанша жерге дейін жүзе аласыз?

— Екі милге дейін жүзе аламын.

— О-о-о!

— Міне, керемет!

— Шынымен-ақ...

Өзіне тандана қарай қалған үш қыздың көзі кенет бұның өз пікірін оятқандай болып еді. Осы мезетте бұл ерекше бір сезімге бөленген.

— Достым, — сен қалай да бізбен қалып, бірге суға түсуге баруға тиіссің... Сосын осында ұйықтай салуыңа болады.

— Иә, иә, міндетті түрде!

Бірақ Эшерст жауап орнына жымиды да, басын шайқады. Бұдан соң бұның спортта жеткен жетістіктері жөнінде жан-жақтан сұрақтар жауып кеткен. Бұл сұрақтар Эшерсттің университетте жүргенде ескекті қайық жарысынан бірнеше рет жүлде алғанын, университеттің футбол командасында ойнағанын, сосын жүгіруден бірінші орынға ие болғанын анықтап берді. Қысқасы, үстел басынан ол нағыз мықтының өзі боп тұрды. Екі қыз бұған "жартастағы біздің үңгірді көріңізші" деп тақылдап қоймады да, ақыры бәрі сонда аттанды — Эшерст кішкентай екі қызбен алда, ал Стелла ағасымен бірге арт жақта.

Бұл үңгір де барлық үңгірлер сияқты қараңғы, әрі сызды екен, бірақ олардан бір айырмашылығы, ортасында көлшігі бар. Оны мекен еткен әлдебір жұмбақ жәндіктерді ұстап алып, шиша ішіне салып алуға болады.

Сабина мен Фриданың күнге күйген жұп-жұмыр аяқтарында шұлық жоқ еді. Олар суға бірден қойып кетті де, өздерімен бірге қайдағы-жайдағы бірдеңелерді ұстауға Эшерсті де шақырды. Ол да бәтеңкесі мен шұлығын шешті. Сұлулықты сезіне білген адам, әсіресе суда сүйкімді балалар асыр салып жүргенде, уақытты жиі ұмыта беретіні бар ғой, Эшерст қалтасынан сағатын кездейсоқ суырып алған кезде, жүрегі зу ете қалған. Төртке жақындап қалыпты. Бүгін енді ақша алуы мүмкін емес, қазір құс боп ұшып жетсе де банкке үлгірмейді — бұл барғанша жабылып қалады.

Бұның түрі өзгере қалғанын байқаған қыздар секіріп-ыршып сандарын шапалақтаған.

— Ура! Сіз енді бізбен қалатын болдыңыз!

Эшерст ештеңе деген жоқ. Оның көз алдына Мигэн елестеді, кетерде оған не айтқаны есіне түсті. "Жаным, мен қазір Торкиге аттанамын, бәрін сатып алып, кешке қайтып келемін. Сосын... ауа-райы жақсы болса, бүгін түнде жүріп кетеміз. Күт мені!" дегенде, ол терең күрсініп еді-ау!

Енді ол не ойлайды? Кенет ол өзіне сабырлы да сынай қарап тұрған жас қыздың көзін байқады. Сымбатты, ақсары өңді... Дәл Диананың өзі! Егер осы бір көгілдір көздер бұның көкірегін алай-дүлей етіп тұрған ой түкпіріне үңілер болса, Эшерсттің бүгін түнде не істегісі келгенін айтқызбай-ақ білер еді-ау. Қазір сәл қарсылық болса — мына үңгірде ол жалғыз қалып қоюға да бар еді. Ар-ұяты іштен мүжіп, қарадай қысылып, маңдайынан шып-шып тер шыға қалған ол сағатын қалтасына көңілсіздеу тыға салды да:

— Иә, бүгін жолым болмады, — деді күрсініп.

— Ура-а! Демек сіз бізбен суға шомылуға баратын болдыңыз.

Осы бір сүйкімді қыздардың сан шапалақтаған қуанышына, Стелланың жылы жымиысына, Холлидэйдің: "Міне, тамаша! Саған түнде не керек болса, бәрін де тауып берем" деген көңілді көзқарасына қарсы тұру тіпті мүмкін емес-ті. Дегенмен көңіл кірбіңінен әлі де арыла алмай тұрған Эшерст:

— Мен дереу жеделхат салып келейін, — деді көңілсіздеу дауыспен.

Шаян аулау жайына қалды да, бәрі қонақүйге қайтты. Эшерст миссис Наракомбтың атына "Өкінішке қарай, түнеп қалдым. Таңертең қайтамын" деген жеделхат салып жіберді. Ештеңеге үлгіре алмағанымды Мигэн осыдан-ақ түсінер деп ойлады. Аз да болса енді жаны жай тапқандай болды. Күн тамаша еді: жып-жылы, теңіз еркін тыныстап жатты. Эшерст суда құмары қанғанша жүзуді жақсы көретін. Балалардың өзіне мәз бола қарағаны, ал өзінің Стелла мен Холлидэйдің көңілді жүзіне көз салғаны бұның жанын жадырата түсті. Бәрі де бұған сәл-пәл қиялдағыдай, бірақ бәрі де өмірдегі ең табиғи дүниедей көрінген — құдды Мигэннің жанынан кеткеннен бері бірінші рет нағыз өмірдің рақатына бөленгендей.

Холлидэй бұған суға түскенде киетін жеңіл киімдер берді де, бәрі теңізге аттанды. Жігіттер биік жартастың бергі жағына, қыздар арғы жағына шешінген. Эшерст бірден суға қойып кетті де, өзінің керемет жүзе білетінін көрсеткісі келгендей құлашын кеңінен салып, жағадан жылдам алыстай берді. Сөйтіп недәуір жерге ұзап барып, қайта бұрылған сәтте Холлидэйдің су жиегін бойлай ғана жүзіп, ал қыздардың таязда асыр салып жүргенін байқады. Әдетте суға бұлай түсуді бұл ұнатпаушы еді, бірақ қазір оған осының өзі қызық көрінген: бір жағынан, олардың арасында нағыз жүзгіш өзі екеніне мақтанып та қалған. Эшерст оларға қарай құлаштай жүзе жөнелді, бірақ кенет ол өз қызықтарын өздері тауып жүрген олардың қасына барып, шырықтарын бұзғаным қалай болар екен... және өзіне таяу келгенімді су перісіндей сұлу қыз Стелла ұната ма, жоқ па деп ойлаған. Алайда Сабина бұған қалай жүзуді үйретіңізші деп жабыса түсті де, бұл екі қызды мәз қылып, су бетінде ойната бастады... Кенет ту сыртынан шар ете қалған дауысты естіп, жалт бұрылса... Стелла аппақ жіңішке қолдарын алдыңғы жаққа нұсқап, үрейлене айқайлап тұр екен.

— Филге қараңдаршы!.. Ой, ол батып барады әне! Эшерст бірден көрді... Бұлардан оқ бойы жерде Фил расында суға бір батып, бір шығып жүр екен. Енді бір сәтте қолын бір бұлғап, тұншыға айқай салды да, тағы да тереңге батып кетті. Стелла оған тұра ұмтылған. "Тоқта, Стелла! Мен қазір!.." деп ышқына айқайлаған Эшерст бар күшімен алға жүзе жөнелген. Бұл еш уақытта мұндай тез жүзбеп еді, сәтіне орай Эшерст жеткен кезде, Холлидей су бетіне қайта шыға қалған еді. Тегі, сіңірі тартылып қалса керек. Оны жағаға алып шығу аса қиын болған жоқ, өйткені ол мүлде қарсыласпаған.

Жағаға жақындағанда бұған Стелла да көмектесті, Холлидэйді екеуі бірігіп құмды жерге шығарды да, аяқ-қолдары мен денесін уқалай бастады. Кішкентай қыздар бұларға үрейлене қарап тұрды.

Сәлден кейін Холлидэй есін жиып, болмашы жымиды да, өз тарпынан үлкен ағаттық болғанына өкініш білдірді, сосын Фрэнкке сүйеніп, жартас түбінде қалған киімдеріне барғысы келді. Эшерст оны орнынан тұрғызып жатып, Стеллаға көзі түсіп кеткен: манағы жайдары, әдемі қалпы жоқ, көзі жасаурап, оймақтай еріндері бұртия қалыпты. "Мен оған жаңа жай ғана "Стелла" деп едім, ренжіп қалмады ма екен?" деп ойлады Эшерст.

Олар киініп болған кезде, Холлидэй:

— Сен мені бір ажалдан құтқардың-ау, достым, — деді ақырын.

— Бос сөз!

Киініп болған соң, бәрі қонақүйге барып, шәй ішуге отырған. Холлидэй жата тұруға өз бөлмесіне кетті. Сабина бір сәт қолындағы нанды шетке қоя салып:

— Ой, сіз нағыз батыр екенсіз! — деді.

— Иә, әрине! — деп оны Фрида да қостап қойды. Стелла темен қарады. Эшерст орнынан тұрды да, терезе алдына барды. Сырт жағынан Сабинаның: "Келіңдер, бәріміз қандас одақ құрайық. Фрида, пышағың қайда сенің?" деген даусын естіген. Бұл көз қиығымен үш қыздың саусақ ұштарын қанатып, оны ақ қағазға қалай қыса тамызып жатқанын көріп тұрды. Сосын бір арагідікте кері бұрылып, есікке беттей беріп еді, бірақ қыздар оны бірден ұстап алған.

— Қулығын қарай гөр! Қашып кетпекші ғой! — Кішкентай екеуі бұның қолына жармасып, үстелге қарай тартты. Бір жапырақ қағаз бетінде — қанмен салынған әлдебір сурет, оның жанында — үш қыздың аты-жөні: Стелла Холлидэй, Сабина Холлидэй және Фрида Холлидэй, бұл да қанмен жазылған.

— Мынау — сіз, — дейді Сабина суретті көрсетіп. — Бізге енді сізді сүю керек!

— Міндетті түрде! — деп Фрида оны қостап қойды. Эшерст ес жиғанша екі қыздың дымқыл шашы бетіне тие берді. Біреуі мұрнынан тістейді, екіншісі қолынан... Кішкентай тістер бетін түгел жаулап алғандай. Өздері сылқ-сылқ күледі. Сосын оны босатып тұрып Фрида:

— Ал ендігі кезек Стелланікі! — деген.

Қысылып, қызарып тұрған Эшерст үстелдің арғы жағында өзі сияқты қысылып, қызарған Стеллаға жақындай түсті. Сабина пысқырып жіберді.

— Тез, тез енді! — деп айқайлайды Фрида. — Әйтпесе барлық істі екеуің бүлдіресіңдер.

Әлдебір ыңғайсыздықтан Эшерсттің өн-бойы от боп ысып кеткен, бірақ өзін тез жинақтап ала қойған ол:

— Қойыңдар енді жынданбай! — деді күліп. Сабина тағы да пысқырды.

— Жарайды, сүйіскілерің келмесе, Стелла өз қолын сүйсін де, ал сіз оған мұрныңызды тигізіңіз. Бұл да есептеледі!

Эшерсттің таңданғаны сол — қыз өз қолын сүйді де, бұған ұсынды. Бұл оны маңғаздана ұстап, жып-жылы алақанды бетіне басты. Екі қыз қолдарын шапалақтап жіберген.

— Біз енді әрқашан да сіздің өміріңізді қорғауға міндетіміз! — деді Фрида қуанышты түрде. — Стелла, маған тағы бір шыны шай құйшы, бірақ мына сияқты сұйық болмасын.

Бәрі қайтадан шай ішуге отырды, Эшерст қағазды бүктеп қалтасына салып алған. Ендігі сөз қызылшаға ауысып, оның тек жақсы жақтары айтылды — апельсин мен балды көбірек жеп, сабаққа бармасаң болғаны — одан рақат жоқ!

Эшерст Стелламен көзбен тілдесіп, үнсіз отырды. Қыздың күнге күйген қызыл-қоңыр жүзі қайта нұрлана түскен.

Осы бір жылы жүзді ағалы-қарындастылардың өзін жатырқамай бауырға тартқандары бұған сондай жайлы әсер еткен. Олардың сүп-сүйкімді түрлеріне қарап отырудың өзі қандай рақат! Шайдан кейін кішкентай екі қыз гербариймен айналысып кетті де, Эшерст терезе алдында тұрған креслоға отырып, Стелламен әңгімелесе бастады. Сосын бір мезет оның акварельмен салған суреттерін қызықтаған. Осының бәрі оған ғажап бір түс сияқты сезіліп еді. Уақыт тоқтаған, көз алдындағыдан басқаның бәрі ұмытылған, бәрі өз маңызын жоғалтқан. Ертең ол Мигэнге оралады, сонда осы ғажап түстен қалатыны — қалтасындағы бір жапырақ қағаз ғана... Онда мына балалардың аты қанмен жазылған. Балалар... ау, бірақ Стелла бала емес қой, ол Мигэнмен шамалас емес пе!

Қыздың қысыла, үзіле шыққан үнінен достық шырай, жылы ниет сезіледі, Эшерст үнсіз қалған кезде ол одан сайын ашыла түскендей болады. Оның бойынан әлдебір тектілік, салқынқанды ақыл байқалып еді.

Түстік асқа Холлидэй келмеген, теңіз суын көбірек жүтып қойса керек. Оның орнында отырған Сабина күтпеген жерде өз шешімін алға тартып еді.

— Мен сізді тек Фрэнк деп атағым келеді.

— Фрэнк, Фрэнк, Фрэнк! — деп әндетті Фрида. Эшерст күліп, басын изеді.

— Сізді Стелла "мистер Эшерст" деп, әрбір атаған сайын айып төлейтін болады. Бұл суық рәсім!

Эшерст Стеллаға қарады. Оның беті жайлап қызара берген. Сабина рақаттана күлді, ал Фрида:

— О-о, оған қараңдаршы! — дейді айқайлап. — Жанып кетті! Өртеніп кетті!

Эшерст қос қолымен басын ұстаған.

— Тентектер-ау, қойсаңдаршы енді! Стелланы бүйтіп мазалай берсеңіздер, мен сендерді қосарлап байлап қоятын боламын!

— Қарай гөр, — дейді Фрида масаттана шиқылдап. — Ашушаң өзі!

— Ал сіз оны тек Стелла деп атайсыз! — деп қуланды Сабина.

— Не, олай атауға болмай ма? Әдемі есім!

— Құдай ақы, атай беріңіз, сізге кім қарсы!

Эшерст қолын басынан алып ойланып қалды. Стелла! Мына әзілден кейін ол бұны қалай атар екен? Бірақ Стелла қыздардың көзінше бәрібір бұны өз атымен атамаған, сосын Эшерст бәрі ұйықтауға жиналған кезде, әдейі:

— Қайырлы түн, Стелла! — деген.

— Қайырлы түн, мист... қайырлы түн, Фрэнк. Білесіз бе, сіз қалай дегенмен азаматсыз!..

— Рақмет пейіліңізге!

Қыз күтпеген жерде бұның қолын ұстай алып, қаттырақ қысып жіберді де, сосын лезде тартып ала қойды.

Эшерст асханада жалғыз қалған. Кеше осы уақытта түнде бұл дәу алма ағашының түбінде Мигэнді құшақтап түр еді. Оның жәудіреген көзі мен үлбіреген ернінен ұзақ-ұзақ сүйіп еді-ау сонда. Эшерст күрсінді. Бүгінгі түннен бастап бұл өз тағдырын онымен — өзі сүйген, өзі армандаған Мигэнмен қосақтауға тиісті! Ал енді жағдай мынадай болып тұр. Сағатына қарауды ұмытып кетіп, амалсыз мұнда қонып қалған түрі мынау. Бейкүнә жастығымен, тап-таза балауса күндерімен енді қоштасайын деп тұрған сәтте, мынадай бейкүнә, тап-таза қыздармен неге ғана достаса қалды екен. Бірақ бәрібір оған қосылам ғой, — деп ойлады бұл — қосылуға уәде бердім ғой.

Ол майшамды жағып, қолына ұстады да, жоғарыдағы жатын бөлмесіне қарай беттеді. Бірақ Холлидэй жатқан бөлменің есік тұсынан өте бергенде, түкпір жақтан:

— Достым, бұл сенбісің? — деген оның дауысын естіді. — Бір минутқа маған кіріп кетші.

Холлидэй төсек үстінде темекі тартып отыр екен.

— Отыршы жаныма.

Эшерст ашық тұрған терезе алдындағы креслоға жайғасты.

— Білесің бе, мен бүгінгі оқиғаны әлі ойлап отырмын, — деді ол — Адам суға батып кеткен кезде, бүкіл өмірі көз алдынан көше бастайды дейді ғой. Мен ондай ештеңе көргем жоқ. Тегі, толық батып үлгірмесем керек.

— Ал сонда не ойладың? — Холлидэй сәл үнсіз қалды.

— Білесің бе, — деді ол өте сабырлы түрде. — Мен бір өте қызық жайды ойладым... Кембридждегі бір қыз есіме түсті. Мен оны былай... жұқалап жіберуіме болатын еді... түсінесің ғой... Мен оның алдында арымды таза ұстап қалғаныма қуандым. Қалай десем де, достым, менің қазір осы жерде отырғаным — сенің арқаң. Әйтпесе, осы сәтте су астында жатар ма едім, кім білсін... Тыңдашы, сен қалай ойлайсың, өлгеннен кейін бізге не болады?

— Не болушы еді, от жалыны қалай сөнсе, біз де солай сөнеміз.

— Фу-у-у!

— Мүмкін бірден сөне қалмаймыз, ұшқындап, жылтылдап біраз жататын шығармыз.

— Ім-м. Бұның бәрі қандай қорқынышты.ә?!. Айтпақшы, менің қарындастарым саған ұнаған болар?

— Өте ұнады!

Холлидэй темекісін тастап, қолдарын желкесіне айқастыра салған күйі терезеге қарап отырып қалды.

— Иә, олар адам тілін таба біледі.

Эшерст майшамның жарығында жымиып отырған досының бетіне қараған... Иә, ол дұрыс айтады: дәл қазір оның тұңғиық түбінде жатуы әбден мүмкін еді... денесін құрт жеп. И-и, қандай қорқынышты!.. Эшерстке бір сәт Филдің мына жымиысы ғажап көрінді, өлім мен өмірдің айырмасын бұл осы жымиыстан-ақ көріп тұрғандай еді:

Эшерст орнынан жайлап тұрып:

— Жарайды, сенің ұйықтағаның жөн болар, — деді жұмсақтау үнмен. — Шамды өшіріп кетейін бе?

Холлидэй оның қолынан ұстай алды.

— Достым, тыңдашы, білмеймін... не десем екен... былайша айтқанда, өліп жатқан өте жаман шығар. Қайырлы түн, достым!

Эшерст құлази да толқи тұрып оның қолын қысты да, қайта төмен түсіп кетті. Сыртқы есік әлі ашық екен, үй алдындағы бетон төсеніштер арқылы саябаққа шықты. Тұңғиық аспан төрінде жұлдыздар жымың қағады. Оның көмескі жарығы астында бозқараған гүлдері ерекше бір түске енген. Эшерст иісі аңқып, күлтеленіп тұрған оның бір шоқ сабағын мұрнына тақап тұрып, кішкентай қара күшікті көтеріп келе жатқан Мигэнді еске түсірді. Ойына жаңағы Холлидэйдің сөзі оралды: "Мен бір қыз туралы ойладым... сен түсінесің бе, мен оның алдында арымды таза ұстап қалғаныма қуандым". Эшерст бозқараған сабағын қолынан босатып, саябақ ішін аралап кете барды, шам жарығы түскенде көлеңкесі көлбең-көлбең етеді... Тағы да Мигэн көз алдына келді. Мигэнмен бірге... алманың аппақ гүлдері... сылдыр-сылдыр еткен бұлақ... ай сәулесімен жылтылдаған алақандай тоған. Оның құшақтап бұны сүйгені, елжіреп тұрып бұған қарағаны... қалай есіңнен кетер! Рас, қандай ғажап, қандай тәтті еді сол түн!

Ол бір түп бозқарағанның түбіне келіп тоқтады. Мұндағы түн бұлақтың сылдырымен емес, теңіздің алапат гүрілімен сөйлейді. Мұнда құстардың сайрағаны да, үкі мен ешкішектің қиқылдағаны да, аралардың гуілі де жоқ. Әлдебір жерден роялдың дың-дыңы естіледі, өңкиген сұрғылт үйлердің төбесі көк тірейді. Мұнда тынысыңды кеңейтер тек бозқараған иісі. Қонақүйдің жоғарғы қабатында бір терезе жарқырап түр. Перде артында біреудің көлеңкесі ары-бері қозғалып жүр. Эшерсттің жан дүниесінде екіұдай сезім арпалысып жатқандай, құдды махаббат пен көктем тыңнан бір күшке ие болып, бұны жаңа бір жол, жаңа бір арнаға бұрғысы келетін секілді. Өзін тура Фрэнк деп атап, қолын қаттырақ қысқан мына қыз, сондай бейкүнә да таза қыз, бұның бетін бірден қайтара салса ғой, шіркін!..

Эшерст шөп үстіне тізе бүгіп, Будда сияқты екі аяғын айқастыра астына басып, қонақүй жаққа арқасын берген күйі ұзақ отырды. Бұл сонда шынымен-ақ ар-ұяттан аттап, кіршіксіз махаббатты аяғына таптағысы келе ме? Қырдың әсем қызғалдағын жұлып алып, оны иіскеп болған соң лақтырып тастамақ па? "Кембридждегі бір қыз есіме түсті. Мен оны былай... жұқалап жіберуіме болатын еді..." Эшерст алақандарын шөп үсіне басты — әлі жып-жылы екен, сол дымқылдау да. "Не істеймін?" деп ойлады ол Дәл қазір Мигэн бұны терезе алдында күтіп, дәу алма ағашына қараған қалпы бұны ойлап тұрған шығар. Байғұс кішкентай Мигэн! Ал неге байғұс? — деді ол — Мен оны сүйем ғой! Бірақ... мен оны шын сүйем бе, әлде өзімді сондай сүйгені үшін, өзі де сондай сүйкімді болғаны үшін оған тек ынтыға түсем бе? Не істеуім керек сонда мен?"

Роялдың дың-дыңы, жұлдыздардың жымыңы бұны сәл де болса сергіте түскендей еді. Түн түнегінде теңіз терең тыныс алады. Ол орнынан тұрған кезде, аяқтарының ұйып қалғанын байқаған. Терезелердің ешқайсысында жарық жоқ.

Эшерст үйге келді де, тас бүркеніп жатып қалды.

VIII

Эшерст бұл күні түнде тұяқ серіппей ұйықтап еді, тіпті ешқандай түс те көрмеген. Таңертең есіктің қатты тарсылынан ояна келсе, бөлме жап-жарық болып тұр екен.

— Эй, тамақ дайын! — дейді сырттан сыңғырлаған бір дауыс.

Ол орнынан ұшып тұрды да, жылдам киіне бастады.

Эшерст төмен түскен кезде, бәрі нан мен қайнатпа жеп отыр екен. Бұған Сабина мен Стелланың ортасынан орын сақтап қойыпты. Сабина бұны көз қиығымен бағып отырды да, кенет асығыстау сөйлей жөнелді.

— Болыңдар енді! Тезірек ішсеңдерші тамақтарыңды! Тоғыз жарымда бұл жерден шығып кетуіміз керек.

— Біз Берри-Хедке барамыз, достым, сен міндетті түрде бізбен болуың керек.

"Барсам ба, бармасам ба?" деп ойлады бұл. — Жоқ, бұл мүмкін емес. Заттарды тезірек сатып алып, дереу қайтуым керек". Ол Стеллаға қарады.

— Жүріңіз бізбен бірге! — деді қыз жылдамырақ.

— Сіз бармасаңыз ешқандай көңілді болмайды, — деп, Сабина оған қосыла кетті. Кішкентай Фрида ұшып тұрып, бұл отырған орындықтың арт жағына келе қалды.

— Кеттік, әйтпесе сізді шашыңыздан көтеріп тұрғызамын.

"Бір күн... тек бір күн, — деп ойлады Эшерст. — Бәрін де ақылға салу керек... Тек бір күн".

— Ал, жарайды, келістім! - деді ол шешімді түрде. - Шашымды жіберші енді, тентек қыз.

— Ур-ра!..

Ол стансада фермаға екінші рет жеделхат салып жібергісі келген, бірақ өйте алмады, неге екенін өзі де білмеген. Бриксэмде отырған күймелері тым тар болып шықты да, Сабина мен Фрида бұны қыса түсіп, тізесі қайта-қайта Стелланың тізесіне тие берді. Кішкентай екі қыздың ойыны тасып, өздері де күліп, өзгелерді де күлдіріп, бәрін мәз қылып отырды. Оларға еліткен Эшерсттің біртіндеп көңілі көтеріле түскен де, біраздан соң өзге дүниенің бәрін ұмытып сала берген — көңілді еді, мәз еді. Кеше кешкісін "бәрін де жан-жақты ойлау керек" деп шешкен ол бүгінгі күні тіпті ештеңе ойлағысы келмеді. Теңіз жағасында олар бір-бірімен жарысты, күресті, таяз жерде тұрып алып су шашысты — кешегі жағдайдан кейін ешкім тереңге барған жоқ — әр түрлі ойындар ойнады, хормен ән айтты, өздерімен әкелген тамақтарын түгел жеп тауысты. Қайтар жолда екі кішкентай қыз Фрэнкке сүйенген күйі ұйықтап кетті де, оның тізесі тағы да Стелланың тізесіне тие бастады. Бұдан бір-ақ күн бұрын осы үш ақсары қызды ешқашан көрмегеніне бұл енді мүлде сенгісі келмейді. Пойызда ол Стелламен өлең-жыр туралы сөйлесіп отырды, оның қандай ақындарды сүйіп оқитынын білді, бұл жағынан өзі де кімдерді пір тұтатынын шабыттана әңгімелеген. Бір мезетте қыз бұған бұрылып:

— Филдің айтуынша, сіз о дүниедегі өмірге сенетін сияқтысыз, — деді ақырын ғана. — Бұл ақылға сыймайтын нәрсе ғой.

— Мәселе сену, сенбеуде емес, маған тек о жақтың тым жұмақ боп көрінетіні рас, — деді Эшерст.

— Бұл менің түйсігіме жетпейді, — деп қыз бастырмалата сөйлей жөнелді. — О жақта да өмір болса, мұнда тірлік етіп керегі не?

Эшерст оның жіңішке әдемі қастары төмен иіліп, қабағы түйіле қалғанын байқады.

— Тек өзіңці жұбату үшін ғана дінге сенуге болмайды ғой, — деді бұл сыпайы.

— Шын мәнінде жоқ дүниеге адамдардың соншама алданып, ұмтыла түсетіні не сонда?

Қыз да енді бұның көзіне сұраулы пішінмен қадала қарай қалған.

Эшерст оны ренжіткісі келмеді, бірақ өз ақыл-ойының одан озық тұрғанын қалайда көрсетіп қалу ниетімен:

— Тірі адам қашан да өзін мәңгі өлместей сезінеді — өмірдің бүкіл мәні осында ғой, — деді. — Ал бұның сыртында басқа да бір кереметтің болуы мүмкін емес шығар.

— Демек, сіз мүлде сенбейсіз бе?

"Міне, мен енді оны шынымен-ақ ренжітем" — деп ойлады Эшерст.

— Мен тек Тауда айтылған өсиетті сүйемін, өйткені ол өте әдемі жазылған әрі уақыт сынынан өткен, — деді ол.

— Сіз сонда Исаның құдай болғанына да сенбейсіз бе? Фрэнк "сенбеймін" дегендей бас шайқап қойды, сосын қыз терезеге бұрылып кеткен кезде, неге екені белгісіз, есіне Ник айтқан Мигэннің мына жалбарынышы түсіп еді: "О, Құдайым, біздің баршамызға және мистер Эшерстке аманшылық бере көр!.." Кім енді бұл үшін Құдайға өстіп жалбарынады? Ол қазір де өстіп оңаша бөлмеде бұл үшін жалбарынып тұрған шығар! "Қандай оңбағанмын!"

Бүкіл кеш бойы ол осы сөзді іштей қайталай берген де, оған біртіндеп бойы үйреніп алғаны сондай, ақыры өзін шынымен-ақ "оңбаған" сезініп еді. Бірақ не үшін оңбаған екенін тағы айта алмас еді: Мигэнге жете алмай жатқаны үшін бе, әлде қалайда оған барғысы келетіні үшін бе?..

Кешкісін олар балаларды ұйықтауға жібергенше, бәрі жиылып карта ойнаған. Сосын Стелла роялда ойнап отырды. Эшерст қараңғылау терезе алдына жайғасып, қыздың ақсары басы мен нәзік мойны клавишада билеген қол қимылымен қалай үндестік тауып жатқанын ұзақ қызықтады. Ол кереметтей ойнамағанмен саусақтарының қимылы көз сүйсінтеді екен. Өзі де музыка ырғағымен тотықұстай құлпырады. Ақ сарғыш шашы екі майшамның жарығында бірде сусып, бірде толқып, сан құбылады. Ол Шуманның "Не үшін?" деген әуенін ойнап еді. Сосын Холлидэй сырнай алып келіп, Эшерстті Шуман әндерін айтуға мәжбүр еткен. Стелла оны роялмен демеп отырды. Әннің "Мен саған өкпелемеймін" деген жерін бұл көтере созып тұрғанда, көк халат киген екі қыз да ұрлана басып, роял жанына жақындай берген... Музыкалық кештің соңы кереметтей бір күлкімен, әзілмен, соңынан Сабина айтқандай "Сұмдық көңілді!" аяқталған.

Бұл күні түнде Эшерст мүлде ұйықтамады десе де болады. Ары-бері аунақшып жатып, бәрі-бәрін қайта ойлады. Осы бір күндері бұл жатқан мына жұмсақ төсек, жайлы үй, мына ағалы-қарындастардың өзіне деген ақ жарқын пейілі бұны бір түрлі баурап алған да, ал анау ферма, ондағы адамдар, тіпті Мигэннің өзі де Эшерстке енді жат көріне бастап еді. Бұл өзі шынымен-ақ ол қызға сүйетінін айтып па еді, шынымен-ақ оны алып кететініне уәдесін берді ме? Әлде сол күні, сол түнде көктем лебіне мас болып, алма ағашының гүлдерінен басы айналып қалды ма? Алайда көктемнің бұл уыты түбінде екеуін де құртып тынуы мүмкін ғой. Сонда мен сол бір сүп-сүйкімді қаршадай қызды көңілдес еткім келді ме деген ой бір сәт бұның төбе құйқасын шым еткізгендей болды. "Ойпырмай, неткен сұмдық! Не істедім мен?" деген ой өзегін өрттей қарыған. Енді бір сәтте көже боп кеткен миының бір түкпірінен Шуман әнінің әдемі сазы естілгенде, көз алдына тағы да ақсары шашты Стелла... оның аппақ көйлек киген талшыбықтай денесі келе қалған. "Жоқ, мен жынданған шығармын... Иә, мен жындымын, — деді күбірлеп. — Бейшара Мигэн! Мигэн!.." "О, құдайым, біздің баршамызға және мистер Эшерстке аманшылығыңды бере гөр!".. "Мен тек сізбен бірге болсам болғаны, тек қана сізбен..." Эшерст жастыққа басын тығып, жылап жіберді. Оған қайта оралмау — сұмдық. Қайтып бару — одан өткен сұмдық!

Жастық шақта әрдайым былай ғой: күйзелген кезде өзіңді сәл алдарқата білсең, уайымнан құтылып шыға келесің, Фрэнктің кірпігі ілініп бара жатқанда, оған мынадай ой келген: "Со құрлы не боп қалды? Бірер сәттік тәтті сүйіс... оны біраз күннен соң Мигэннің өзі де ұмытып та кетеді!"

Ертеңінде таңертең ол чек бойынша ақшасын алған, бірақ әлгі көйлекті қойдырып кеткен дүкен жаққа қарағысы да келмеген. Оның орнына өзіне қажетті оны-мұны бірдеңелер сатып алды. Бірақ күні бойы өзіне-өзі ыза болғандай тістенді де жүрді. Бірер күнгі уайымнан кейін көкірегі мүлде бос қалғандай. Бұдан соң ештеңе ойлағысы да келмеді. Ойласа болды, тағы да уайымға бататыны анық.

Шайдан кейін Стелла бұған келіп әлдебір кітапты ұсынды.

— Сіз мынаны оқыдыңыз ба, Фрэнк? — деді ол ұяңдау үнмен.

Бұл — Фаррердің "Исаның өмірі" деген кітабы екен. Эшерст жымиды. Бұның жан дүниесіне бола оның қам жеуі

Эшерсттің күлкісін келтірген, бірақ көңілге жылы, сонымен қатар әсерлі де: бұл өз сенімінің дұрыстығын дәлелдеп жатпаған күннің өзінде, оның кейбір артықшылықтарын айтқысы келіп еді, бірақ айтпады. Кешкісін қыздар ағаларымен бірге балық аулайтын құралдарды дайындап жатқан кезде бұл:

— Кез келген ресми діннің негізінде, менің түсінігімше, ізгілік идеясы жатады — егер жақсы болсаң, аласың. Құдды жақсылықтың бәрін сұрап алатын сияқтысың. Меніңше, осының бәрі қорқыныштан басталған, — деді.

Диван үстінде балыққа тұзақ жасауды үйреніп отырған Стелла:

— Ал меніңше, бұның сыры әлдеқайда тереңде, — деп қастарын керіп қойды.

Эшерст тағы да өзінің білімдарлығын көрсеткісі келіп:

— Сізге солай көрінеді де, — деп қойды. — Әйтпесе бәріміздің де бірнәрсе алғымыз кеп тұратыны рас қой. Жалпы бұл жөнінде нақты бірдеңе айту қиын да.

Қыз ойлы пішінде тағы да қастарын керіп қойған.

— Мен сізді жөнді түсінбей отырмын.

Ал Эшерст "түсінбесеңіз қайтейін" дегендей, сөзін одан әрі қызбалана жалғап еді.

— Сіз былай ойлап көріңізші, сонда түсінесіз.. Нағыз діншіл адамдар кімдер? Өмірде өз армандарына толық жете алмағанын сезінетіндер. Ал менің өз сенімім мынау: қолыңнан келгенше жақсылық жаса, ол жақсылығың қарымтасыз, сатусыз жасалса — тіпті жақсы.

— Демек, сіз, бәрібір, жақсы болу үшін жақсылық жаса дегенге сенеді екенсіз ғой?

Осы бір сәтте ол қандай әдемі боп кетті десеңші! Иә, мұндай қызға әдемі болу оп-оңай. Эшерст басын изеді де, әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді.

— Сіз маған одан да балыққа тұзақ жасауды үйретіңізші, — деді ол жымиып.

Қыздың сүйріктей әдемі саусақтарына қолы тиіп кеткен кезде, бұның тұла бойы шым ете қалды. Артынша өз жүрегінен бір қуанышты сезген. Ол ненің қуанышы? Білмейді. Осы әсермен төсегіне жатқан кезде де тек қана оны ойлаған.

Келесі күні ол қыздардан: пойызбен Потнеске дейін барып, сол жердегі Берри-Помрой бекінісі түбінде демалатындарын білді. Өткеннің бәрін қалайда ұмытуды ойлаған Эшерст экипажда Холлидэймен қатар отырып, жүріп кеткен... Кенет жағалауда... тура вокзалға жете берген сәтте бұның жүрегі тас төбесіне шығып еді. Мигэн! Мигэннің өзі — үстінде: сол ескі белдемшесі мен жейдесі, басында көк берет — жүргіншілердің әрқайсысына бір қарап келе жатыр. Эшерст бетін көлегейлеп жаба қойды. Бірақ саусақ арасынан оның иесінен адасып қалған күшік сияқты көрінгенге жалтаңдап, не алға, не артқа жүрерін білмей, аяқтарын кібіртіктей басып келе жатқанын көрді. Ол қалай келіп қалды екен мұнда? Ал үйден қалай сытылып шығып кетті? Не табам, кімді табам деді ол сонда? Экипаж доңғалақтары одан алыстаған сайын Эшерсттің жүрегі қысыла түсті, көкірегінде бір нәрсе "тоқтат экипажды, түсіп қал да қуып жет оны" деп айқайлап тұрғандай болды. Сосын экипаж вокзалға қарай шұғыл бұрылған кезде, бұл да орнынан шұғыл тұрып, есікті ашып жіберді де:

— Кешіріңіздер... мен... мен бірнәрсемді ұмытып кетіппін... Мені күтпей-ақ қойыңыздар. Сіздерді келесі пойызбен қуып жетем! - деп, жерге ескіріп түсті. Секірген сәтте сүрініп кетіп, құлап қала жаздады да, сосын бойын тіктеп алып, кері қарай бар пәрменімен жүгіре жөнелді. Экипаж әрі таңырқап, әрі абыржып қалған Холлидэйлерді сүйреп кете барды.

Эшерст бұрыштың арғы жағынан шыққанда, алыстан Мигэнді көрді, біраз жерге ұзап кетіпті. Алғашында бұл тұра жүгірді де, сосын біртіндеп ақырындай берді. Алдыңғы жақта Мигэн, артқы жагында Холлидэйлер — екі қара да бұдан алыстап барады. Екі жақтанда бұл қара үзіп барады... ал Мигэнді қуып жетсін делік. Сонда бірдеңе өзгере қала ма? Кездескенде не дейді? Жақсы, бәрін де жайлап түсіндірер. Ал одан не ұтады? Шындығында, түсіндіретін де ештеңе жоқ қой, Холлидэйлермен кездескен күні-ақ Мигэнге ешқашан үйленбейтінін сезген. Оған үйлену деген сөз — тек ар-ұяттың өмірін ғана орындау, жылт еткен бір сәттік сезімге алдану — ол сезім біртіндеп мұқалады, оның адалдығы мен ақпейілділігі, қарапайымдылығы мен бұған өліп-өшіп берілгендігі бұны кейін кекірік аттыратын болады. Иә, бұның бәрі қас-қағымдық алданыш...

Көк берет көз алдынан алыстап барады. Көк беретпен бірге жан-жағына жалтаңдай қарап, Мигэн де бұдан алыстап барады. Осындай сұмдық минуттарды кім басынан кешірді екен? Бірақ қалай ойласа да, осы сәтте Эшерст өзін хайуан есебінде сезінген. Бұның аһ ұра күрсінгені сондай, алдында кетіп бара жатқан бір қыз түкке түсінбегендей бұған жалт қарады. Енді бір мезетте бұл Мигэннің жағалау текшесінде аяқ суытып, теңіз жаққа тесіле қарап тұрғанын байқады. Эшерст те тоқтай қалды. Мүмкін ол бұрын ешқашан теңізді көрмеген шығар, қазір тіпті мұңға батып тұрған күннің өзінде, осынау көз жеткісіз көгілдір дүние оған сондай бір керемет боп көрінген болар. "Иә, ол ештеңені көрген жоқ, — деп ойлады бұл — Оның бүкіл өмірі алда ғой.Тек бірер апталық қызыққа бола мен енді осы өмірді — жас өмірді қыршыннан қиғалы тұрмын. Жоқ, бұны істегенше өлгенім артық!" Кенет бұған Стелланың сабырлы жүзі, ақ сарғыш жұмсақ шашы елестей қалды. Жоқ, бұл ессіздік болады, бұл дегенің — өзің кие тұтқан қасиеттің бәрінен бас тарту, өзіңді-өзің қорлау, сыйламау... Ол кілт тоқтай қалды да, сонан соң кері бұрылып, вокзалды бетке алған. Бірақ қалай ұмытайын десе де осы бір шынашақтай қыздың көшедегі көрінген адамға жалтақтай қарап, жыламсырап келе жатқан бейнесі көз алдынан кетпей қойып еді. "Хайуанмын! — деді ол өзіне. — Хайуанмын мен!.." Осы сөзден жерге кіре жаздаған ол... тағы да жағалау жаққа мойын бұрған. Бірақ бұл жолы көк беретті көре алмады: қайда кетті екен? Кімдердің бетіне жаутаңдай қарап барады екен? Өкініш пен қападан жаны қатты күйзеліп кеткен бұл сонау қара-құрасы мол қалың жұрттың ортасына қарай ентелей ұмтылған.

Бірақ қыз көзіне түсе қоймады. Жарты сағаттан астам оны дал ұрып іздеген ол, ақыры таппаған соң, жағаға шығып, құм үстіне етбетінен жата кетіп еді. Оны шындап іздесе, оп-оңай тауып алатынын да білді — вокзалға барып күтіп отырса болғаны — ол біраздан соң шаршап-шалдығып өзі-ақ келмей ме. Немесе қазір тура фермаға аттанып кетсе, кешкісін оны қиналмай-ақ сонда кезіктірер еді. Бірақ бұл құм үстінде қозғалмай жата берді, маңайында балалар кішкентай күрек-шелектерімен құмды сапырып, мәз бола ойнап жүрді. Бұның бойында ыстық қаны лықсып тасып жатты, "өмірде бәрін көруге тура келеді, бәрімен де күресу керек, тек елжіреген сезімнің құлы болуға болмайды!" деді ол өзін жігерлендіре түсіп. Осы ойды миына әбден сіңіре берген сайын оның Мигэнге деген мәрттік ниеті біртіндеп бойынан қаша бастады. Бірақ, сөйте тұра... қызық, бұл өзін-өзі түсінер емес. Одан саналы түрде қашайын деп ойлайды, алайда қаша алмайды, дәлірегінде, кешегі бір күндердің тәтті елесінен құтыларға шамасы жоқ. Оны ойласа болды... тағы да құшағына қатты қысып тұрып, сүйгісі келеді Мигэнді. Тағы да алма ағашының түбінде тұрып, тәтті бір сезімдерге бөленгісі келеді. Осы бір ынтызарлық фавнаның нимфаны қуып жеткісі келген ынтықтығынан бірде-бір кем емес секілді...Сылдыр-сылдыр еткен мөп-мөлдір бұлақ... қауашағы оттай жанған сарғалдақтар... "қорқынышты сыған" жүретін құз-жартастар... көкектің шақырғаны... тоқылдақтың тоқылы... ал қара көк аспандағы алтын ай... алманың үлбіреген гүлдері... Оның ып-ыстық ерніне жабыса түскен өз еріндері... Қандай тәтті елестер - бірақ ол бәрібір жатқан жерінен қозғалар емес. Бұны осы жылы құмға шегелеп тастаған не күш, не құдірет?.. Ақсары өңді үш қыз... қоңыр-қара көзді албыраған ақшыл жүз... бұның қолын қысқан жіңішке нәзік қол.. "Демек сіз жақсылыққа сенеді екенсіз ғой?" деген жұмсақ үн... Иә, осының бәрі - биік дуалмен қоршалған көне ағылшын бақтарында өсетін раушан гүлдері, ондағы таза ауа, ондағы қалампырдың мұрын қытықтар ашқылтым иісі, жаныңды рақатқа бөлер тылсым тыныштық — бәрі-бәрі де бұның бала кезден үйренген, сүйген, кереметтей қасиет тұтқан дүниесі. Кенет ол орнынан атып тұрды. "Егер ол осы жаққа қайта оралса, мені көріп қалады ғой!" деп ойлады да, аулақтағы жартасқа қарай жүгіре жөнелді.

Ол тура су жағасындағы жалпақ тастың үстіне келіп отырды — осы жерде болмағанда алаңдамай ойлануға мүмкіндік бар. Толқын ұрған тастардан су шашырайды. Ауадан салқын ылғал еседі.

Фермаға қайта бару, Мигэнмен тұрмыс құру; айдаладағы орманда, құз-жартастардың арасында өмір сүру — жоқ, бұл мүмкін емес. Ал оны үлкен қалаға апарып, кең дүниеде еркін өскен табиғаттың тұмса перзентін тар пәтерге қамап қою — жо-жоқ, бұл дегеніңіз оны да, өзін де ғұмыр бойы азаптау деген сөз. Ендеше босқа қиналып несі бар, көңіл желігі біртіндеп басылар, сонда бәрі де өз орнына келер. Лондонда ол қыздың өзіне де жайлы бола қоймас, кең дүниесін аңсап кейін бармақ тістер, бас шайқар. Көк теңізден көз алмай тас үстінде ұзақ отырған сайын оған бәрі де анық көріне бастап еді. Кешегі бұның тұла-бойын еріткен қыздың қолы, қыздың денесі енді бұның санасынан алыстап, мұнарлы да тұманды бір дүниенің қойнына сіңіп бара жатқандай болды... Тағы бір сәтте оның аянышты түрі, жалынышты көзқарасы бұның жанарында жарқырап тұрып алды да, жанын жегідей жей бастады. Ол орнынан тұрып, жал-жалқырлы тастарды аттап өтіп, төмендегі көк иірімнің жанына барды. Мүмкін суға түссе сергіп, бар елестен, уайымнан арылатын шығар! Киімдерін асығыс шешіп, суға бір-ақ секірді. Ештеңе ойламау үшін, ештеңеге бас қатырмау үшін есінен танғанша жүзе бергісі келді. Өстіп шамалы уақытта ол жағадан әрі тез, әрі тым алыстап кетіп еді. Сосын оны қорқыныш биледі. Абайсызда толқын сүйреп кетсе қайтеді! Холлидэй сияқты аяқ-қолы тартылып қалуы да мүмкін ғой? Қайтадан кері жүзді. Енді оған жағадағы қызыл жартастар өте алыстап кеткендей көрінді. Егер суға батып кетсе, жағада киімдері қалады. Бұның өкінішті қазасын Холлидэй біледі, ал Мигэн — ешқашан: фермада ешкім газет оқымайды. Фил Холлидэйдің сөзі тағы есіне түсті: "Кэмбридждегі бір қыз... Мен оның алдында арымды таза ұстап қалғаныма қуандым..." Эшерст осы сәтте қатты қорқыныштың әсерінен Мигэнді еш уақытта ренжітпеске ант етіп те үлгірген. Осы ойдың басына келуі мұң екен, бойына тосыннан күш құйылғандай болды да, жеңіл де жылдам жүзе жөнелді.

Жағаға жетіп, күнге кептірініп, киініп алған соң, бойының біртүрлі сергіп қалғанын сезіп еді.

Адам жас кезінде аяушылық сезімнен тез арылады ғой. Эшерст қонақүйге келісімен ұзақ аурудан тұрған адамдай бірден шайға бас қойып еді. Оған бәрі де тәтті, бәрі де ұнамды көрінді: қара шай мен қара нанның өзі бұған ешқашан мұндай тәтті көрінбеген шығар. Эшерст бөлмеде ары-бері жүріп, әр затты қолымен ұстап, әр нәрсеге байыппен қарап, көбірек айналып қалды. Стелланың жұмыс себетін қолына алып, ішіндегі арба жіпті саусақтарымен айналдырып көрді, оның жанында жатқан кішкентай дорбаны иіскеп біраз тұрды, әлдебір музыка әуенін тере бастады. "Бүгін кешке ол қыз ойнайды, мен жанында тұрамын. Оған қарағанда жаның қандай ләззатқа батады десеңші!.." Эшерст қыздың бұған алып қойған кітабын қолына ұстап, оқып көргісі келді. Бірақ Мигэннің мұңайған жүзі тағы да көз алдына келе қалды да, ол орнынан тұрып, терезе алдына барды. Сая бақта құстар сайрайды, ағаш жапырақтары самал желден жыбыр-жыбыр етеді, одан әрі көсіліп жатқан көк теңіз. Үй күтуші әйел бөлмеге кіріп, үстел үстін жинастырып кетті. Ол терезе алдында қозғалмастан әлі тұр еді. Біраздан кейін сыртқы қақпадан Холлидэйлердің де қарасы көрінген Стелла алда, ал Фил мен себет көтерген кішкентай қыздар соңында. Эшерст терезеден еріксіз бұрылып кетті. Көңіл күйі бұзылып тұр еді, достарын бір жағынан көргісі келгені, екінші жағынан оған тым құштар да бола қойған жоқ, оларға біртүрлі реніші бар сияқты. Дегенмен әлдебір күш бұны оларға, әсіресе, Стеллаға қарай тарта берген.

Қыз бөлмеге кіргенде, бұл роял жанында тұр еді. Бұған ол әрі таңырқай, әрі сәл ренішті қарағандай болған. Сосын жымиып күлді де:

— Сіз не үшін келмедіңіз, Фрэнк? — деді.

— Үлгірмей қалдым.

— Қараңызшы, біз қандай кеш гүлдеген фиалка тауып алғанымызды!

Қыз бұған бір шоқ гүлді ұсына берді. Эшерст оны бетіне тосқан кезде, көкірегін бір көк аяз қарып өткендей болды. Мигэн де осындай даланың еркін өскен гүлі еді ғой.

— Өт-те әдемі! — деді даусын үзе созып, сосын бұрылды да, шығып кетті.

Ол басқышта тарпылдатып келе жатқан қыздарға көрінгісі келмей, жылдамдата басып, өз бөлмесіне жетті де, бетін екі қолымен басқан күйі төсегіне құлап түсті. Мигэннен енді мәңгі айырылғанына әбден сенген ол ең алдымен өзін, сосын тұнығын лайлаған мына Холлидэйлерді, мына сән-салтанатты, жайлы ағылшындық тұрмыс-жайды — бәрін-бәрін жек көріп кетті. Қайдан ғана бұлар мұнда келді екен, қайдан ғана бұл оларға жолықты екен! Өзінің жылтыраған әдемі түрімен бұны баурап алып, Мигэннен айнытып шыға келуге Стелланың қандай қақысы бар еді. Не үшін ғана ол бұның мөп-мөлдір сезімін лайлап, айықпас уайымға, өшпес өкінішке бөледі. Бұны жер-көктен іздеп таба алмай қайтқан байғұс Мигэн, кішкентай Мигэн қазір екі көзі төрт болып терезе алдында тұрған шығар. Ұяттан беті өртеніп, өксіп-өксіп жылауға аз-ақ қалған бұл жеңімен аузын басты. Ал сосын төменге тамақ ішуге барғанда, бір ауыз тіл қатпастан түнерді де отырды, тіпті қыздардың өзі бұған қарап тып-тыныш бола қалған. Эшерсттің көңіл күйі бәріне де әсер етіп, бұл күнгі кеш өте қоңырқай өтіп еді: қыздар шаршаған, Фил де үнсіз. Эшерст Стелланың өзіне бірер мәрте мұңая қарағанын байқап, "саған со керек, бәріне кінәлі сенсің" дегендей болды ішінен.

Түнде сондай мазасыз ұйықтады, сосын таңертең ерте тұрып, сыртқа шығып кетті. Теңіз жағасына барғанда, салқын ауамен тыныстап, сәл серги түскен. Қалай ойласа да, бұл қандай өркөкірек десеңші! Бұның бәрін Мигэн жүрегіне соншама жақын қабылдайтынын қайдан біліпті! Бірер аптадан соң ол бұны сөзсіз ұмытады. Ал бұл... Иә, бұл парасатты шешім қабылдағаны үшін "марапатталып" шыға келеді! Парасатты жас жігіт! Егер бұның қандай қадамға барғанын Стелла білген болса, сайтанның азғыруынан аман қалған бұған алғыс айтар ма еді. Эшерст ызалана күлді. Бірақ көк аспан, көкшіл теңіздің мамыражай тынысы, жағада шаңқылдай ұшып жүрген жалғыз шағаланың бейбіт тірлігі жүрегін жібіте берді де, әлгіндегі оғаш ойларынан енді өзі ұяла бастаған. Сосын суға шомылып алып, үйге беттеді.

Стелла бақ ішінде жиналмалы орындыққа жайғасып, сурет салып отыр екен. Бұл ұрлана басып оның жанына келді. Қылқаламның қимылына қарай қасын кере түсіп, басын бір жағына қисайта бұрып отырған осы түрі қандай әдемі еді!

— Кешіріңіз, кеше сондай оғаш мінез көрсетіп алдым, Стелла, — деді бұл ыңғайсыздана.

Ол бұған жалт қарағанда, беті қызара қалған.

— Ештеңе етпейді, — деді ол күлімсіреп. — Бір кездейсоқ жағдайға тап болғаныңызды сезгем. Достарға ренжуге болмайды, солай емес пе?

— Достарға, — деді Эшерст қайталап. — Біз бәріміз доспыз ғой, ә?

Қыз бұған қарап, бас изеп қойды, жымиған кезде маржандай аппақ тістері жарқырап көрінген.

Үш күннен кейін Эшерст Холлидэйлермен бірге Лондонға оралды. Фермаға бір ауыз хат жазған жоқ. Не бетімен жазады?

Келесі жылдың көкек айында ол Стеллаға үйленген...

Міне, Эшерст өзінің күміс тойы күні ескі дуалдың түбіндегі бір түп қараған бұтаның жанында отырып, осы оқиғаларды еске түсіріп еді. Өзі дастарқан жайған осы жерде, түпсіз тұңғиық көк аспанның аясынан бірінші рет Мигэннің елесін көрді. Бұл кездейсоқтық дегенді қойсаңшы! Бүгін дәл осы арада, фермадан таяқ тастам жерде демаламыз деп бұл ойлады ма? Ал енді сол фермаға барып, баяғы бақты, баяғы дәу алма мен "қорқынышты сыған" жүретін құз-жартастарды неге көріп қайтпасқа? Иә, бару керек: Стелла бір сағаттан кейін ғана оралады, оған дейін үлгіреді ғой.

Бәрі есінде жақсы қалыпты — қарағайлы орман да, жоталар да, көк майсалы алқап та көзіне жып-жылы көрінеді. Ол ферма қақпасының алдына келіп тоқтады. Аласа тас үй, кіре берістегі қалқайма шатыр, оның түбіндегі қарақат бұталары — бәрі сол қалпында! Тіпті терезе алдындағы жасыл орындық та өз орнында тұр. Эшерст күні кеше ғана осы орындыққа шығып, қыз қолындағы салқын кілтті ұстағандай. Ол аула ішімен жүріп келіп, бақ қақпасына сүйеніп тұрды — баяғы сықырлауық ескі қақпа. Бір қара шошқа ағаштардың түбін тіміскілеп жүр. Дәл сондағы сияқты... шынымен-ақ жиырма алты жыл өтіп кеткені ме — әлде содан бергінің бәрі түс те, ал қазір төсектен жаңа ғана тұрған бұны дәу алманың түбінде Мигэн күтіп тұр ма? Ол жастық шағын ойлап тұрып бүгінде бурыл тарта бастаған шоқша сақалын қалай сипай бергенін өзі де аңғармаған. Қақпаны ашып, бақ ішіне кірді. Бұталар мен қалың шөптің арасын бойлай жүріп, дәу алма ағашына жетті. Сол қалпы... Тек жуан діңіндегі көкшіл-сұр мүгі біраз қалыңдай түсіпті, төмендегі екі-үш бұтағы қурап қалған, ал былайша... Былайша қарағанда өткен түнде ғана жуан діңді құшақтап тұрып қалғандай... сол сәттегі мұрын қытықтар орманның қышқылтым иісі, сондағы алма гүлдерінің шоқ-шоқ болып төбесінен төніп тұрғаны — бәрі де қазіргідей. Міне, бүгін де... дәл осы сәтте де ағаштар баяғыдай бүрлей бастаған, таяу жерден көкектің шақырғаны, әлдебір құстың тынымсыз шырылдағаны естіледі, жарқыраған күн сәулесі арқанды қыздырады. Бәрі де кешегідей дегенге сенгің келмейді, бірақ сенесің: қара балықтар жүзіп жүрген кішкентай бұлағыңыз да, кезінде жағасында жатып алып, үстіне уыс-уыс су шашатын алақандай тоғаныңыз да — мінеки. Ал одан әрі де кең төскейде... бәз баяғыдай бук ағаштары мен "қорқынышты сыған" жүретін құз-жартастар қарауытады. Жастық шағына деген сағыныш, қайтып оралмас қайран күндердің елесі, уақыт өткен сайын қартая бастағанын сезіну — Эшерсттің еңсесін езіп жіберген. Иә, бұл жердегі табиғат әлі күнге тұмса қалпында тұр. Осы табиғаттың, осы сұлулықтың бағасын кезіңде бүл білді ме? Жоқ, білмеді. Өкінішті-ақ!

Ол бұлақ жағасына түсті, сосын құралайдың көзіндей мөлдіреп, тұнып жатқан тоғанға қарап тұрып: "Көктем және көк өрім жастық, — деді күрсініп. — Ал мұндағы... адамдар ше?" Жоқ, олардың көзіне көрінуге болмайды... Эшерст сүрлеу жолмен асыға басып, жылдам төмен түсіп кетті де, сәлден кейін жол айырығына жеткен.

Машинасының жанында бурыл сақалды бір шаруа таяғына сүйеніп, жүргізушімен сөйлесіп тұр екен. Ол Эшерстті көргенде, әңгімесін кілт тия қойып, кінәлі адамдай қипақтап қалған да, аяғын сылти басып жүре берген.

Эшерст оған жол жиегіндегі қоян жота төбешікті көрсетіп:

— Мынаның не екенін айтып жібермейсіз бе? — деді. Шал тоқтай қалды, тоқтай қалған сәтте оның әжім торлаған жүзінен; "Кімнен сұрайтынды дәл таптыңыз, мырза" деген нышан байқалғандай еді.

— Бұл — бейіт қой, — деп жауап берді ол.

— Қызық екен!.. Айдалада жалғыз бейіт... — Шал жымиды.

— Е, бұл деген бір ұзақ әңгіме ғой. Бұны айта-айта өзім де жалығып біттім. Кездескеннің бәрі сұрайды, ал мен бәріне айтып берем. Бұл жерді біз "Қыз зираты" деп атаймыз.

Эшерст темекі дорбасын ұсынды.

— Шылым шегіңіз.

Шал мыжырайған малақайын шүйдесіне қарай ысырып қойып, темекі үйіндісін қыш трубкасына баптап нығарлай бастады. Қалың қабағының астындағы сығырайған көздері жас адамның көзіндей әлі де ұшқын атып тұр еді.

Егер сіз ренжімесеңіз, мен отырайын, сэр. Неге екені белгісіз, соңғы уақытта аяғым сыр бере бастады, — деп ол Эшерсттің жанына тізе бүккен.

Бұл бейіттің үстінде ылғи да неше түрлі гүлдер жатады. Бұл жер қазір тым көңілсіз де емес. Жүргіншілер көп, біреу автомобильмен, біреу басқамен келеді дегендей. Баяғыда ғой... күні бойы бір адамның қарасын көрмеуші едік... Бейшара бала өзіне-өзі қол жұмсап... енді, міне, жалғыз жатқан түрі мынау.

— Солай деңіз, — деді Эшерст. — Сондықтан да жол айрығына қойған екен ғой оны. Бұл дәстүрдің әлі күнге жалғасып келе жатқанын білмеуші едім.

— С, бұл оқиға баяғыда болған! Ол кездегі священнигіміз өте қатал адам еді. Тоқтай тұрыңыз, осы мен қазір жетпіс алтыға қадам бастым-ау деймін. Ал ол кезде небәрі елу жаста едім. Бұл оқиғаны бүгінде менен артық білетін де ешкім жоқ. Ол қыз, яки мына жерде жатқан қызды айтам да, мен жұмыс істеген фермада тұрушы еді. Қазір бұл ферма миссис Наракомбтан Ник Наракомбтың қолына көшкен. Мен енді соған аздап қолғабыс жасап жүрген жайым бар...

Эшерст дуалға арқасын сүйей отырып, желге қолын қалқалап, темекі тұтатпақшы болып еді, шырпысы қайта-қайта сөне берген. Ақыры тұтатып алған кезде де, қолын бетінен алған жоқ.

— Солай ма? — деді ол қарлығып шыққан өз даусы өзіне бөтен сезіліп.

— Е, бейшара, ондай қызды енді бұл өмірден табу қиын шығар. Әдемі еді, ақылды еді, бірақ қайтесің, шіркеудің жанына жерлеуге рұқсат етпеді, тіпті өзі өтінген жерге де қоймады ғой. — Шал бір сәт үнсіз қалды да, жүн басқан сіңірлі қолдарымен бейіт үстінде жатқан фиалка гүлдерін сипап қойды.

— Солай ма? — деді Эшерст.

— Егер шындығын айтсам, — деді шал сөзін одан әрі жалғап. — Менің ойымша, бұл оқиғаға махаббат араласқан сияқты, басқа ештеңе де емес... дегенмен ешкім ештеңені білмейді де. Қайдан білсін, қыздың басына кім кіріп шықты дейсің. Бірақ, меніңше, солай болған.. — Ол тағы да бейіт үстін сипап қойды. — Мен ол қызды өте жақсы көруші едім, иә, шындығын айтқанда, оны кім жақсы көрмеді дейсің? Тек жүрегі тым нәзік еді — бәрі де содан болды ғой. — Шал көзін жоғары көтерді.

— Солай ма? — деді еріндері дір-дір еткен Эшерст тағы да.

— Бұл өзі көктемде болып еді... дәл қазіргідей кез... жоқ, бәлкім, кештеу ғой деймін... Әйтеуір, ағаштардың гүлдеп тұрғанын білемін... Сол кезде бізде бір студент болған, жанып тұрған жас жігіт еді, жеңілтектеу ме, қалай... Өз басыма ол ұнаған, арамызда ешқандай анау-мынау әңгіме болған жоқ, бірақ байқауымша, қызға кесел сол жігіттен болған сияқты. — Шал аузынан трубкасын алып, оң жағына еңкейе түкіріп тастады да, әңгімесін одан әрі жалғады. — Қызығы сол, күтпеген жерде ол кетіп қалды да, қайта оралған жоқ. Оның кейбір заттары әлі күнге осында жатыр... иыққа асатын қапшығына дейін. Бұл заттарын кейін не алдыртып та алмады. Мен осыған таң қаламын. Соның өзі аты кім еді? Эшерст пе еді? Е, әйтеуір, сондай бірдеңе де...

— Сола-ай ма? — деді Эшерст төртінші рет.

— Қыз ештеңе айтқан жоқ, бірақ сол күннен бастап миы айналып қалғандай есеңгіреді де жүрді. Мен ешқашан адамның мұндай тез өзгергенін көрген емеспін. Олардың фермасында Джо Биддафорд деген бір жас жігіт жұмыс істеуші еді, сол жігіт, обалы нешік, әлгі қызды өліп-өшіп сүйді ғой, бірақ, амал не, қыз оны маңайына жолатпаған, ол сәл жақындап кетсе болды, кірпідей жиырыла қалушы еді. Мен оны өрістен сиыр қайтарып келе жатқан кезімде күн сайын кешкісін көріп жүрдім. Бейшара бала дәу алма ағашының түбінде алысқа мұңая қарайды да тұрады. Балам-ай, не жетті екен саған, түрің жақсы емес-ау осы сенің, аяғаннан басқа не істейін, деп ойлаймын оны көргенде...

— Иә, сосын?.. — деп күбірледі Эшерст.

— Бірде мен одан: "Саған не болды, Мигэн?" деп сұрадым. Оның аты-жөні Мигэн Дэвид болатын, миссис Наракомб сияқты ол да кезінде Уэльсте тұрған ғой. "Байқаймын, бірдеңеге мұңайып жүрсің ғой" деймін. "Жоқ, Джим ағай, ешқандай мұңайып жүргем жоқ" деді ол "Жо-жоқ, сенде бір мұң бар" деймін мен. Ал ол "жоқтан " басқа айтпайды, бірақ көзінен жас парлап ағады. "Ал сонда неге жылайсың?" деймін мен, ол болса қолын жүрегіне басып: "Мына жерім ауырады дейді, ештеңе етпес, басылады ғой, ал егер, — дейді, — маған бірдеңе бола қалса, мына алманың түбіне жерлеңдер", — дейді. Ал мен: "Ақымақ балам-ау, саған не болады дейсің!" деймін күлемін. "Жоқ, мен ақымақ емеспін", — дейді ол. Е, бұл қыздар не демейді дедім де қойдым мен. Ал екі күн өткен соң кешкі сағат алтылар шамасында сиырларды айдап келе жатсам... әлгі алма ағашының жанындағы бұлақта бірдеңе қараяды. "Шошқа ма, немене бұл? Атаңа нәлеттің жеткен жерін қара!" деймін іштей. Ал жақындап келгенде, шыққыр көзім не көрді дейсің ғой...

Шал үндемей қалды. Не заматта ғана басын көтеріп, мұңға батқан көзін Эшерстке бұрған.

— Жартас түбіндегі кішкентай тоғанда жатқан ... сол екен, соның тура өзі екен. Бұл тоғанға әлгі студент жігіттің де түсіп жүргенін бірер мәрте көріп қалғаным бар-ды... Қыз суда ет бетімен жатыр екен. Ал бас жағында — жартастан салбырай түсіп жатқан бір тал сарғалдақ... Қызды судан көтеріп, бетіне қарадым — құдай-ау, кәдімгі сәбидің жүзіндей албырап тұр, қарасаң — көз тояды, айтсаң — сөз жетпейді! Неткен әдемі десеңші! Дәрігер оны ары-бері қарап шықты да, бұл — қатты қайғыдан болған іс, әйтпесе мынадай суға батып өлуі мүмкін емес деді. Расында да оның өзіне ие бола алмағаны бетінен анық көрініп тұр еді. Мен оған қарап тұрып, көз жасымды тыя алсамшы — сондай әдемі боп жатты ғой ол! Өзіңіз білесіз, мезгіл маусым айына аяқ басқан кезде ағаш гүлдері түлей бастайды ғой, ал оның қайдан тапқанын кім білсін, алманың бір тал гүлін шашына қыстырып алыпты. Рас, бұл қызға бірдеңе жеткен екен деп ойлаймын, әйтпесе сондай көңілді жүрген оның өлімге ұмтылып несі бар! Дәрігер айтқандай, жөні түзу адам анадай суға батып өле ме, небәрі бір жарым-ақ фут шығар ол жер... Ал тура сол жерге барып өлгені несі? Бір гәп бар онда, бір гәп... Тек мен бір нәрсеге қатты өкінемін: қыздың маған айтқан әлгі "... мені алма ағашының түбіне жерлеңдер" деген сөзін бекер-ақ тісімнен шығардым. Бұны естіген жұрт "Мигэн өзін-өзі өлтірген екен" деп гулеп жүре берді ғой. Ал біздің священник мұндай мәселеге өте қатты қараушы еді.

Шал тағы да бейіттің бетін сипап қойды.

— Е, бұл қыздар дегенің махаббат жолында не істемейді дейсің! Таң қалатын-ақ дүние! Ал оның жүрегі тым нәзік еді. Қайтесің, біреу жара салды ғой оған. Бірақ, шын мәнінде не болғанын кім білсін...

Шал, "бұған не дейсің?" дегендей Эшерстке бұрылып еді. Ол ештеңе көрмеген, ештеңе естімеген адамдай орнынан созалаңдай тұрып, үн-түнсіз жүріп кетті.

Эшерст дастарқан жайып қойған жердің жанына түк көрмегендей өте шықты да, сүрлеу жолмен жотаның басына көтеріліп шөп үстіне ет беттеп жата кетті. Міне, бұның кезіндегі "парасатты шешіміне" қарай тағдырдың тартқан сыйы. Міне, қайда махаббат құдайы Киприданың атқан оғы! Оның жасқа шыланған көз алдында бір тал алма гүлін шашына қыстырған Мигэннің мұңлы жүзі елестеген. "Менің кінәм не? — деп ойлады ол — Қай жерде қателестім екен? Бірақ жауап таба алмады. Ол кезде көктем еді, көңілде желік бар еді... Гүлдер шешек атқан, құстар сайрап жатқан... Бұның жүрегіне де, оның жүрегіне де көктем көгілдір нұрын төккен... Ол көктем сиқырлы еді, сиқырына бұлардың басы айналған. Махаббат! Ал шын махаббат құрбандықсыз бола ма? Демек, грек ақыны дұрыс айтқан:

Махаббат деген — бір пері

Қанаты нұрға малынған.

Сиқырлы сұлу көктемде

Жер-жаһан оған табынған.

Жас өскін міне, нұр жайнап,

Жымыңдап, күліп бүрлейді.

Шуақты күнмен дүн-дүние

Махаббат болып гүлдейді.

Адамзат, шаттан тағы да,

Киприда мінді тағына!

Иә, грек ақыны дұрыс айтады. Мигэн, байғұс Мигэн! Дәу алманың түбінде бұны сағына күткен, сарғая күткен Мигэн! Өлген соң да бар сұлулығын жоғалтпаған қайран Мигэн!..

— Е, сен мұнда екенсің ғой! — Ту сыртынан әйелінің даусы естілді — Қарашы мынаған?

Эшерст орнынан тұрып, Стелла ұсынған сурет нобайын қолына ұстады да, үнсіз ұзақ қарады.

— Қалай ойлайсың, Фрэнк, негізгі ойымды дұрыс жеткіздім-ау деймін, ә?

— Иә.

— Бірақ бір нәрсе жетпей тұр ма қалай?

Эшерст бас изеді. Сонда не жетпейді? Иә, мұнда "алманың үлбіреген гүлі мен көктемнің көгілдір нұры" жоқ қой...

Орыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер