Өлең, жыр, ақындар

Бәрін де жақсы жағынан көру керек

(новелла)

Осы бір шынашақтай ағылшын әйелі баяғыда, бұдан он сегіз жыл бұрын, Лондонның шетіндегі Путни деген шағын елді-мекенде жұқа тері илеумен айналысатын неміс жігітіне тұрмысқа шығып, содан бергі барлық уайымсыз-мұңсыз қоңыр тірлігін сол жерде өткізіп жатыр еді. Күйеуі момындау келген іскер жігіт болатын, күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың бәрін сол өздері мекендеген тау басында-ақ жасай беретін Шварцвальт шаруаларының бүкіл ата кәсібін ол да аса шеберлікпен меңгерген-тін — өздері өсірген зығыр талшықтарынан қалың кенеп тоқу; мал терісін илеп, неше түрлі былғары жасау; олардың жүнін иіріп, әр түрлі киімдер тігу; ағаштан үй жиһаздарын істеу, өз бидайларын диірменге тартып, үн жасап, одан нан пісіру, ешкі сүтінен ірімшік дайындау — ертеден қара кешке дейінгі оның күнделікті шаруасы еді. Англияға не үшін келгенін ол мүмкін білмейтін де шығар — бұл өзі тым ертеректе болған дүние ғой; ал есесіне қазірге дейін адамдық қасиеттерін ерекше бағалайтын өзінің сүйкімді Дорасына — Путнидегі қарапайым ғана балташының қызына не үшін үйленгенін өте жақсы біледі: ол өзі қолынан келгенше адамдарға тек қана жақсылық жасауға дайын тұратын және сол істеген жақсылығын мүмкіндігінше білдірмеуге тырысатын пейілі кең, жаны дарқан лондондық қарапайым әйелдердің бірі еді. Ерлі-зайыпты екеуі осы он сегіз жылда балалардың қамы үшін (олар үшеу еді — бір ұл, екі қыз) неше рет басқа үйге көшкілері келгенмен бәрібір сол Путнидегі кішкентай лашықтарын қиып кете алмаған. Миссис Гергарт — мен енді оны осылай атаймын, өйткені бұл — күйеуіне берілген тап-таза немістік фамилия ғой, ал фамилиямен атаудың аса маңыздылығын біз тіпті Шекспирден де білеміз — міне, сол миссис Гергарт үлкен қой көзді, қара бұйра шашты, соғыс басталғаннан бері самайын аздап қырау шала бастаған, шынашақтай ғана әйел еді. Ол уақытта балаларының үлкені Дэвид небары он төрт жаста, ал қыздары Минна мен Виолеттаның бірі бесте, бірі сегізде болатын, екеуі де өте сүйкімді, әсіресе кішісі үріп ауызға салғандай еді. Гергарт өз ісінің мықты шебері болғандықтан шығар, қандастары мекендеген тауға барған жоқ. Фирма басшылары он саусағынан өнер тамған оны өте жоғары бағалап, еңбекақысын мүмкіндігінше көбірек төлеп тұрған, бірақ ол табиғатынан "жұлымыр жігіт" емес еді, сондықтан азды-көпті фирмадан алғанын қанағат тұтатын да, бос уақытында өз үйінің ұсақ-түйек шаруасымен айналысатын, одан қала берсе көршілеріне көмектесетін. Бұл жұмыстарына, әрине, "рақметтен" басқа алары да жоқ. Сол себепті де олардың тапқан-таянғандары күнделікті күнкөрістен аса бермейді, мұндай адамдардың артында қай бір қоры болсын, қор болу үшін алдымен қалтаның қамын ойлау керек, ал ондай "пысықтық" не әйелінде, не өзінде болған емес. Есесіне екеуінің де уайым-мұңы аз, достары көп, дұшпандары жоқ-тұғын; ал қарлығаштың ұясындай жып-жинақы кішкентай үйлері мен сол үйдің сыртындағы алақандай жер телімінен жыл сайын көзге жылы бір жаңалықты көруге болатын. Миссис Гергарт тек өз ошағының панасы, өз балаларының анасы ғана емес, қажет кезінде көршілерінің қай-қайсысына да көмек қолын созып, біріне көйлек-көншек тігіп, біріне ас пісіріп, енді бірінің кір-қоңын жуып беріп, әрқашан да қысылғанның қасынан, ауырғанның басынан табылатын жомарт жүректі жан еді. Бірінші баласын тым қиналып босанғандықтан денсаулығы аса мәз емес-ті, алайда құдай оған болмыс атаулыны бояусыз көре білетін ерекше көз берген, рух берген, сондықтан да ол қандайда болмасын тағдырдың жазуын тайсалмай қарсы алуға әзір тұратын. Ол күйеуінің кемшілігін де, артықшылығын да дөп басып, дәл танитын — екеуі ешқашан жүз шайысып көрген емес. Сондай-ақ ол балаларының мінез-құлқын да өте әділ бағалайтын; ол білмесе тек бір-ақ дүниені — ертеңгі күні олардың кім болатынын, қандай тағдыр күтіп тұрғанын ғана білмеген шығар. Соғыс басталар алдында олар бүкіл отбасымен Маргейтке мейрамдап қайтуға жиналған, бұл олар үшін өмірдегі ең қызықты сәттердің бірі болуға тиіс еді, бірақ амал не, сұм соғыстың кесірінен жолдары шорт кесілген де қалған. Бұрын үйден қарға адым шығып көрмеген байғұстар өздерінен тым алыста, шалғай бір шетте соғыс деген бәленің бас көтеріп келе жатқанын естігендері болмаса, оның өрт жалыны ертеңгі күні бізді де шарпиды-ау, біз де оның қасіретін тартамыз-ау деп тіпті де ойлаған жоқ-ты. Тек бірде әдеттегідей қызыл жолақты қоңыр сырма көрпелерін жамылып, темір төсекте жатқанда, соғыс дегеннің сұмдық қасірет екенін, өкінішке қарай, оның біраз жерде басталып та кеткенін қысқа ғана еске алғандары бар. Сонда олар "осы кішкентай ғана Бельгияға" басып кірудің әділетсіз де заңсыздығын тілге тиек еткен де, сонымен өздері қалыпты өмір деп есептейтін барлық тірліктің шырқын бұзатын тосын оқиғалар туралы сөз қозғауды артық көрген. Олар күн сайын шығатын бір газет және бір апталық газет альга тұратын да, басқа да миллиондаған оқырман сияқты бұларда жарияланған әр материалға құдайдай сенетін. Кезінде осы басылымдардан "гунндардың" қаскөй әрекеттері туралы оқығанда, олар бұл сұмдыққа жағасын ұстап, құдды байырғы ағылшындардай-ақ неміс кайзері мен оның миллитаризмін батыл сынға алған болатын. Сонан соң тура сол газеттер "біздің арамызда гунндардың әлі де өріп жүргені" туралы, сондай-ақ әлдебір "шпиондар" туралы, мұндай "іштен шыққан жыландардың" ұлт үшін қаншама қауіпті екендігі жөнінде тіптен жиі еске ала бергенде, бұның өзі оларға біртіндеп жағымсыз әсер ете бастап еді. Бірақ екеуі де өздерінің "іштен шыққан жылан" еместігіне кәміл сенген, сөйте тұра әділетсіздіктің желі қай жақтан есе бастағанын да аз-аздап түсіне берген-ді. Бұл әсіресе миссис Гергарттың жанына қатты батқаны рас, өйткені негізгі соққы оның күйеуіне бағытталып жатқанын ол жақсы түсінген. Ал ол өз күйеуін бес саусақтай білетін. Оның ешкімге зияны жоқ, тек өз жұмысын үнсіз істеп жүре беретін тым бейкүнә жан екенін білетін, ал енді оны "гунндардың" немесе "шпиондардың" қатарына жатқызып, бүкіл жұртқа жеккөрінішті етіп көрсету бұны әрі таңдандырған, әрі ашу ызасын келтірген, дәлірегінде, ашу-ызасын келтіруге тиіс еді, бірақ табиғатынан біртоға, ұстамды әйел бұл іске де сабырлы қарауға тырысқан-тұғын. Ал Гергарт болса, мінезінің өзгергені сондай, біреумен бір ауыз сөйлесуді қойған, күні бойы түрі өрт сөндіргендей болып түнереді де жүреді. Оның қандай ойға беріліп жүргенін басқаны қойып әйелі де білуден қалған. Газеттегі патриотизм туралы материалдардың Путни тұрғындарына қаншалықты әсер еткенін байқау үшін біраз уақыт керек-ті. Әзірге көршілердің ешқайсысы күйеуін "жылан", "шпион" демей тұрғанда, миссис Гергарт газет шабуылын өздеріне қатыссыз дүние деп алаңсыз ұйықтауына болатын еді. Алайда ол күйеуінің ендігі жерде газет оқығанды мүлде қойғанын, оқымақ түгіл газет бетін көрсе болды, қарадай тыжырына қалатынын байқап, көңілі тағы секем ала бастаған.

Мүмкін күн өткен сайын өз бастарына қауіптің қара бұлты төне түскенін күйеуі бұған қарағанда анығырақ сезген болар. Сол жылы олардың үлкен баласы Дэвид жұмысқа орналасқан, қыздары мектепте оқып жүрді, бір сөзбен айтқанда, соғыстың ұзаққа созылған алғашқы қысы бұлар үшін әдеттегідей қалыпты жағдайда өтіп жатты. Миссис Гергарт күндегі күйбең тірліктен кейін кешкісін ұзақ отырып "окопта суыққа қатып жүрген біздің жігіттер" үшін шұлық тоқыды, ал Гергарт бұрынғыдай көршілердің жұмысын іздеп жүріп істегенін қойған. Миссис Гергарттың ойынша, ол енді көршілерге де күдікпен қарай бастаған сияқты.

Көктемнің алғашқы күндерінде миссис Гергарт панасыз қалған кәрі жеңгесін қолына кіргізіп алған. Ол нағашы ағасының әйелі болғанмен өзіне тікелей туыстығы жоқ-ты, бірақ екі құлағы тас керең бейшара жанды далаға тастағысы келмеп еді, осыған орай Дэвидті енді кішкентай қонақ бөлмесіндегі жылқының қылымен толтырған қатты төсекке жатқызатын болған. Міне, осы көкек айының бір күні бетінде қырып аларға қызылы жоқ миссис Клайрхью деген тырби арық көрші әйел үйге кіріп келген де:

— Ой, миссис Гергарт, сіз естідіңіз бе! Олар бар ғой, әлгі... "Лузитанияны" суға батырып жіберіпті. Бұл не сұмдық, ә! — деп лақ еткізген.

Кір жуып жатқан қолынан сабын көпіршігі ағып тұрған миссис Гергарт та оны қостап:

— Әрине, сұмдық бұл! Онымен бірге қаншама бейшара құрдымға кетті десеңші! Обал-ай! Обал-ай! — деген күйініп.

— Бәріне кінәлі жексұрын гунндар емес пе! Қолымда мылтығым болса мен оларды түк қалдырмай атып тастар едім!

— Расында олар нағыз хайуандар ғой, — деді миссис Гергарт тағы да оны қолдай түсіп. — Хайуан болмаса бұлай істер ме еді.

Бұл оқиғаның өздеріне де үлкен зобалаң ала келгенін Миссис Гергарт тек кешкі сағат бесте ғана, күйеуінің беті боп-боз болып жұмыстан оралғанда ғана білген.

— Олар мені неміссің дейді. — Үйге кіре салып оның бірінші айтқан сөзі осы болды. — Долли, олар мені неміссің дейді.

— Онда тұрған не бар, неміс екенің рас қой, — деді миссис Гергарт.

— Сен ештеңені түсінбей тұрсың, — деді ол күйіне сөйлеп. — Саған айтайын дегенім мынау: осы "Лузитанияның" құруымен бірге біз де енді құримыз. Олар мені тұтқынға алады. Сен күйеусіз қаласың, балалар әкеден айырылады. Міне, қара, бүгіннен бастап газеттер "Арамыздан барлық гунндарды аластауымыз керек" деп жазып жатыр.

Ол жұмыстан кейін жуып та үлгермеген кір-кір қолдарымен басын ұстап, тура асүйдегі үстел жанына отыра кеткен.

— Бірақ, Макс, айтшы, — деді бұл, — осының бәрінің саған қандай қатысы бар? Сенің ешқандай кінәң жоқ екені рас қой?

Гергарт басын көтеріп алды: кең маңдайы жиырылып, өңі күреңітіп кеткен.

— Менің кінәм бар ма, жоқ па, оны кім тексеріп жатады! Аты-жөнім — Макс Гергарт. Дұрыс па? Осы жеткілікті оларға! Менің соғысты жек көретінім, оған жан-тәніммен қарсы екенім оларға не керек. Мен неміспін! Ал немісті тұтқындау керек. Көресің, дәл солай болады!

— Жо-жоқ, ондай әділетсіздікке ешкім бара қоймас! — деді миссис Гергарт шошынып.

Гергарт оны иегінен көтеріп, жүзін өзіне бұрғанда, көздері бір-біріне мұңая қадалып еді.

— Мен тұтқындалғым келмейді, Долли. Сендерсіз, сенсіз, балаларымсыз қалай өмір сүремін, Долли? Мені алып кетсе — құрығаным ғой, Долли!

Миссис Гергарт өзегін өрт жалап тұрса да, онысын қалайда білдірмеуге тырысып:

— Бәрін жаманшылыққа жорып қайтесің, Макс, — деді жорта күліп. — Қазір саған буын бұрқыратып тұрып жақсы шай дайындаймын. Сосын оны екеуміз терлеп-тепшіп отырып ішеміз де, басымыздан барлық жаман ойды лақтырып тастаймыз. Құдайдың бізге деген де бір жақсылығы бар шығар. Жалпы, не нәрсенің жақсы жағы да болады ғой.

Бірақ Гергарт тағы да жағын ашпастан үнсіз отырып қалған, миссис Гергарт оның соңғы уақытта тапқан осы мінезінен қорқа бастап еді.

Дәл сол күні түнде біреулер бірнеше дүкеннің маңдайшасын сындырып тағы бір жерлерде неміс аты-жөндерін сызып-шимайлап кетіпті. Гергарттардың дүкендері жоқ еді, аты-жөндері де ешбір жерде жазылмаған, сондықтан олар бір бәледен әзірге аман қалған-ды. Бірақ "біздің арамызда жүрген гунндерге" өршелене шабуыл жасауды газеттер мен парламенттегілер жаңа күш, жаңа қарқынмен жандандыра түскен; бірақ тағдыр өзінің сойқанды сойылын Гергарттарға сілтеуге әлі де үлгірмей жатыр еді. Гергарттің өзі бұрынғыдай жұмысына барып жүрді, оның мимырт та қиын тірлігінің шырқын жуық арада ешкім бұза қойған жоқ, таңертең үйден үнсіз шығып кетеді, кешкісін тағы да үн-түнсіз есіктен кіріп келе жатады. Осы үнсіздікті неге жоритынын білмей әйелінің басы қатады: құдай-ау, бұның басына бірдеңе болды ма, әлде жұмыста жайы болмай жүр ме, мүмкін көршілерден күдіктенетін шығар деп ойлайды. Бірақ қалай ойласа да күйеуінің күн өткен сайын жүнжіп, жүдеп бара жатқаны анық еді. Ал оның әзірге қармаққа ілінбей жүргені — Англияда ұзақ жылдан бері тұратынын қызыл көздер ескеретін сияқты, екіншіден — ол өз жұмысының асқан шебері ғой. Мұндай жұмыскер адам барлық жерде, барлық елде керек емес пе!

Дегенмен... 1916 жылғы әуе шабуылынан кейін дүйім жұрт бөрінің артындай шулап қоя берген кезде, егде тартқан көп адаммен бірге Гергартты да ала жөнелген, байғұстардың бар кінәлары — Германияда туғандары ғана. Бұның өзі бір-ақ күнде болған оқиға еді, бірақ бұл Гергарттарды аса таң қалдыра қоймаған, өйткені бір зауалдың жақындап келе жатқанын көптен бері сезіп жүрген олар миссис Гергарт жиі айтатын "істің жақсы жағын көруден" біртіндеп қала бастаған болатын. Ол үйдегілер асығыс жинап берген ең қажетті заттарын қолына алып, толықтау келген, жылы жүзді констебльдің алдына түскен кезде, әйелі бірден полицияға аттанған. Обалы нешік, ол жерде оны жаман қарсы алған жоқ, шамалары келгенше көңілін де аулап қойды — айтуларынша: қапа болудың қажеті жоқ, бәрі де дұрыс болады, алаңдамай үйіне бара бергені жөн. Оның, әрине, егер қажет деп тапса, ішкі істер министрлігіне баруына болады, мүмкін сол жерде бірдеңе шешіліп қалар. Бірақ... шындығына келгенде, одан да ештеңе шыға қоймас!

Миссис Гергарт түнде кішкентай Виолеттаны құшақтап жатып, көз жасын жастығына төгіп, көрер танды көзімен атқызған; сосын құлқын сәріде орнынан тұрып, ең жөні түзу киімдерін киіп, өмірі табалдырығын аттап көрмеген Уайтхоллдағы ең үлкен үйге жүріп кеткен. Онда ол қабағы түсіп, үлкен көздері бақырайып, тура қарсы алдына абыржи қараған қалпы екі сағат бойы күтіп отырды. Алайда жарты сағат сайын шабарман жігітке: "Мені ана жерде ұмытып кеткен жоқ па, сэр? Мүмкін естеріне салып қоярсыз?" деп, қайта-қайта өтініш білдіруді де ұмытқан жоқ. Бұны ол көңілді, жайдары кейіппен айтқандықтан шабарман да оған қамқор пейіл танытып: "Алаңдамай-ақ қойыңыз, апай. Олар қазір өте маңызды мәселемен отыр, дегенмен сізге де уақыт табар. Асықпаңыз," — деп қояды.

Ақыры, әйтеуір, оның "көмегімен" не заматта ол көзілдірік киген, сұсты жүзді джентльменнің алдына да жеткен. Жеткені құрысын, оның ызғар шашқан бетіне көзі түскенде-ақ өзінің қандай шаруамен келгенін ұмытып, қатты абдырап қалып еді, ең өкініштісі сол — түні бойы дайындап келген сөздерінің бірі аузына түссеші! "О, құдайым-ай! — деді жүрегі дір-дір етіп, — мынау ештеңені түсінетін адам болмас, мен де оған бірдеңені түсіндіріп қарық болмаспын!.." Артынша есіне құрдымға кетіп бара жатқан күйеуі, панасыз қалған балалары, соңғы кезде төсектен тұрудан да қалған саңырау жеңгесі түскенде, бірден ес жиып ала қойған да, тоқтаусыз сөйлей жөнелген.

— Шындығын айтсам, сіздің уақытыңызды алғаныма өте ыңғайсызданып отырмын, сэр, бірақ күйеуімнің жағдайына байланысты сізге амалсыз келіп тұрған жайым бар... Оны алып кетті... "Сарайға" апарып қамап қойды; мен онымен жиырма жылдан бері бірге тұрамын, ал оның Англияға келгеніне жиырма бес жылдан асып барады... Ол өте жақсы кісі, жұмысын да жақсы істейді; бұны олар білмейді-ау деп ойлаймын; үйде үш баламыз бар, бұған қоса бір туысқан кемпірді қолымызға алып едік, ол бейшара қазір төсегінен де тұра алмайды. Әрине, немістердің өте жаман істеп жатқанын біз түсінеміз, бұны Гергарттың өзі де жиі айтады. Бірақ ол ешқандай да шпион емес; сіздер осыны түсініп, бізге көмектесетін шығарсыздар деп ойлаймын, сэр. Сіздер сияқты мен де ағылшынмын ғой, бұны да ескерерсіздер, сэр!

Ол көзін жоғары төңкеріп, әлдебір нүктеге шаршай қараған қалпы:

— Гергарт... Жарайды, көрерміз, — деді салқын ғана. — Бізге қазір аса жайсыз істермен айналысуға тура келіп отыр, миссис Гергарт.

Осы тұста шынашақтай миссис Гергарттың үрейлене қалғаны сондай, көзі шарасынан шығып кете жаздап еді, өйткені ол ақымақ емес қой, бәрін де түсінеді: бұл — зауалдың келгені ғой.

— Иә, әрине, мен түсінемін, — деді ол асығыс. — Жағдай қиын, жұрт шулап жатыр, газеттер де осыны талап етеді; ал бірақ менің күйеуім жөнінде ешкім жаман пікір айтпайды, бәрі де оны жақсы көреді, көршілер де қатты сыйлайды, сэр. Қолынан келгенше ол бәріне көмектеседі. Осы жағын ескеріп, сіздер оған кеңшілік жасайтын шығарсыздар деп ойлаймын, сэр!

"Жұрт шулап жатыр" деген сөзді естігенде көзілдірікті джентльменнің қабағы түксие түскенін ол аңғарып қалып еді.

— Оның ісі комиссия алдынан өтіп кеткені сөзсіз, алайда мен тағы да анықтап көрейін. Сау болыңыз! — деді ол ақырын.

Адамға кенеше жабыса беруді ұнатпайтын миссис Гергарт орнынан тұра берген; көзі жасқа толып кетті, бірақ артынша жорта жымия қалып:

— Рақмет сізге, сэр, — деді. — Өте рақмет сізге! Сау болыңыз, сэр!

Солай деді де ол шыға жөнелді. Дәлізде кезіккен шабарманның: "Иә, не деді, апай?" деген сұрағына:

— Білмеймін, — деп жауап берді. — Қайтеміз, жақсылыққа сенеміз де. Жалпы, әр нәрсені жақсы жағынан көре білу керек қой. Сау болыңыз! Сізді мазалағаныма кешірім өтінемін.

Ал қазіргі уақытта "жақсы жағынан" көруге тиісті нәрсе — тек елдің кауіпсіздігі үшін ұсталып кеткен бейшара Гергарттың қалай да үйіне қайтып оралуы емес-ті. Миссис Гергарт бір жағынан үйдің тұрмыс-жайын ойлап, екіншіден, болған жайдың көбіне өзінің сүйікті газеттерінің де кінәсі бар-ау деген көңіл күйге беріліп, оларды енді жаздырып алуды қойған да, оқудың орнына іс тігумен айналыса бастаған. Және оны бұған итермелеген нәрсе үкіметтен алатын барлық жәрдемақысының мөлшері Гергарт айлығының небары ширегіне ғана жететін. Әрине, осыншама айырмашылыққа қарамастан бұның өзі де жоқтың қасында жақсы еді, сондықтан ол шүкіршілікті де ұмытқан емес. Бірақ таңданарлығы сол, бұған қоса ол өзінің ағылшын екенін де ұмытқан жоқ, сөйте тұра өмірі онсыз бір күн тұрып көрмеген сүйікті жарынан айырылғаны аздай, Англияны өз еліндей, өз отанындай көрген күйеуі үшін бұның соншама азап шегуі, бұрынғыдан екі есе артық жұмыс істеп, екі есе кем тамақ жеуі өзіне адам сенгісіз қызық көрінген. Бірақ, шындығына келгенде, қазір бұдан да жаман күн кешіп отырғандар жеткілікті еді, сондықтан ол әрбір істі тек жақсы жағынан көруге тырысып, ертеңгі күні тек жақсылыққа жетуді ғана үміт еткен, әсіресе аптасына бір рет кейде жалғыз өзі, кейде кішкентай Виолеттаны жетелеп күйеуі жатқан анау "Сарайға" барғанда, өзін ылғи да осындай көңіл күйде ұстауға тырысатын; газеттердің жазуына қарағанда, бұл "Сарайда" отырғандарға ханзадаларға жасайтын жақсылықтың бәрі де жасалып қойған. Гергарттың ақшасы жоқ болғандықтан оны "команда" деп аталатындардың қатарына қосқан екен, олардың туған-туысқандармен кездесетін жері — сол "ханзадалардың" қолымен жасалған ұсақ-түйек заттардан тұратын шағын базардың іші. Мұнда мистер мен миссис Гергарт әлдебір қуыршақ бювар, күнтізбе немесе әлгі "хан сарайында" жатқан "ханзадалардың" бірі жасаған ойыншық мылтықтардың жанында тұрып, оны-мұны әңгіме ететін. Осындай сәтте маңайындағы сұқ көздерді елемеуге тырысып, бір-бірінің қолдарын қатты қысып ұстап тұрады, ал кішкентай Виолетта бұлардың жанынан бірде ұзап кетіп, бірде қайта келіп, екі ортада жүгіреді де жүреді. Миссис Гергарт бұл жерде тұрғанда да өмірді тек жақсы жағынан көруге ұмтылып, күйеуіне үйдегі жағдайдың бәрі ойдағыдай екенін, өздері үшін ешқандай уайым жеудің қажеті жоқтығын, полицияның да бұларға жақсы қарайтынын, үйдегі саңырау кемпірдің жағдайы жаман еместігін, ал Минна мектепте үздік оқып жүргенін айтып береді де, сөз соңын: "Саған алаңдайтын түк те жоқ, бәрі де жақсы болады" деп бітіреді. Бұған күйеуі жымияды да қояды, осы жымиыстың өзі миссис Гергарттің жүрегіне қанжардай қадалатыны бар. Алайда Гергарт:

— Жарайды, әйтеуір, жақсы болса болғаны. Менің де жағдайым жаман емес, Долли, — дегенде, бұның көңілі сәл тыныш тауып қалады.

Сосын ысқырық естілген кезде, Гергарт кішкентай Виолеттаны құшақтап сүйе бастайды, осы сәтте әйелі екеуі бір-біріне қимастықпен қарап, үнсіз тұрып қалады. Сонан соң миссис әдеттегі жігерлі де қайратты қалпын бұзбай:

— Жақсы, біз енді кетейік. Сау бол, жаным! — дейді.

— Сау бол, Долли! Мені сүйші, — дейді ол.

Екеуі сүйісіп болған соң миссис Гергарт кішкентай Виолеттаны қолынан ұстап алып, осы бір кездесудің жақсы жақтарын жоғалтып алам ба деп қорыққандай, алды-артына қарамай, көптің ішіне жылдам сіңіп кетеді. Бірақ ай артынан ай, жыл артынан жыл өтсе де, аптасына бір рет сол баяғы "Сарайда" отырған "ханзадасына" барып тұрудан бір жалыққан жоқ. Жо-жоқ, жалықпады деген сөз — бос сөз, әбден қажыған, мүлде жүдеген, өйткені қанша қайратты болғанмен ол да ет пен теріден жаратылған пенде ғой, уақыт өткен сайын күйеуінің жүрегін тілімдеген әжімдер бұның да бетіне айғыз-айғыз із түсірген. Күйеуі: "Менің жағдайым өте жақсы" деген сөзін баяғыша-ақ қойған-ды. Беті мыж-мыж болып, тым жүдеп кеткен ол соңғы кезде бас ауруын жиі айта беретін болған.

— Мына жерде тыныштық жоқ, — дейді ол ылғи да. — Ой, қандай шулы десеңші! Құлағыңа бір минут, бір секунд маза бермейді. Беріп жатқан тамақтары да өте нашар. Оның үстіне күнделікті ас-судың мөлшерін де азайтып тастады, Долли.

Миссис Гергарт оған жасырын тамақ беріп тұруды да үйреніп алды, бірақ, әрине, аздап қана, өйткені өздерінің де үйде жетісіп отырғандары шамалы еді: дүкендерде баға шырқап кеткен, ал табыс жағы азаймаса көбейген жоқ. Күйеуінің айтуына қарағанда, газеттер енді мынадай шу көтере бастапты: "гунндар" арсыздықпен кемелерді суға батырып жатса, біз олардың мұндағы сілімтіктерін шошқадай семіртіп жатырмыз". Сол "шошқаның" бірі Гергарт болса, соңғы бір жылда ғана ол он сегіз фунтқа арықтаған, бұрын да сіңіріне ғана ілініп жүрген бейшара еді, енді тек қу сүйегі қалғандай. Миссис Гергарттың өзі де ілмиіп әбден біткен, бірақ тек күйеуінің жағдайын ойлағандықтан бұған мән беріп жүрген ол жоқ. Оның соңғы айларда көргенінің бәрі азап еді, бұл азап жанын қинаған сайын күн санап ол барлық үмітінен де айырыла берген, оны сезінудің өзі қандай қорлық десеңші! Мұндай өмірдің ешқандай жақсы жағы жоқ екеніне оның көзі баяғыда жеткен, алайда бұны мойындаса, мүлде жүнжіп, мүлде бас көтеруден қалатынын да біледі. Сондықтан ол күйеуімен кездескен сәттерде мысқалдай мұңын шағып көрген жоқ, ал оған жылап тұрып айтатын әңгімесі көп-тұғын: Дэвид болса тез өсіп келеді, бірақ күш-қуаты шамалы, өйткені оны тойдырып тамақ беруге бұның шамасы жоқ; үйдегі саңырау кемпір қазір қозғалудан қалған; бұрынғыдай емес көршілері де ала көзденіп барады. Көршілер демекші, оларды да түсінуге болады — күн сайын еститіндері: немістердің зұлымдығы, әуе шабуылы, "гунндардың" адам айтқысыз айуандығы, бұның расы да, өтірігі де бар шығар, алайда соғыс жағдайында адамдардың кез келген жерде ұзақ кезекке тұруы, әр күнді үреймен қарсы алып, үреймен шығарып салуы — кімнің де болса жүйкесін жұқартады ғой. Ал жұқарған жүйке не дегізбейді, не істетпейді?! Жаны қиналып жүрген кезде миссис Гергарттің өзі де бір-екі рет ешқандай жазығы жоқ күйеуін осыншама уақыт қамауда ұстау дегеніңіз масқара ғой деп қалып еді, кеше ғана өзі бар шаруаларына көмектесіп жүрген көршілері енді бұдан сырт айнала бастаған. Өзінің ұстамдылығына қарамастан — шындығында, ол өте ұстамды еді — апта сайын күйеуінің күйреп бара жатқанын көргенде, ақыры ол үкіметке де сенімін мүлде жоғалтып тынған. Осының әсері ме, бірде "әділ саясат" туралы әңгіме айтып қалып еді, сол-ақ екен, бұл "немістерге бүйрегі бұратын адам" боп шыға келген де, бұдан кейінгі күні күн болудан қалған: бұрын оның шапағатын көріп жүргендер, енді оған бірінші болып тіл тигізуге, жәбірлеуге ұмтылған. Путнидің тұрғындары қаншама көнбіс болғанмен бұдан былайғы жерде "немістерге бүйрегі бұратын адам" ретінде белгілі боп қалған әйелден көмек сұрауды өздеріне намыс көрді, ал намыс дегеніңіз әркімде бар. Лондон түбіндегі нағыз қара шаруаның қызы ретінде болаттай шыңдалып өскен миссис Гергарт егер бар қиыншылық жеке басына түскен болса, оның бәрін қара нардай көтеріп шығар еді, бірақ, амал не, қырсық енді балаларының басын шала бастаған. Бірде жұмыстан Дэвидтің көзі көгеріп келді. "Не үшін?" Бұл сұраққа жұмған аузын ашпай қойды. Мектепте Миннаға дұрыс бағасын қоймапты. "Не үшін?" Бұған жауап берудің орнына ол жылап жіберген. Осының бәрі немістердің соңғы шабуылынан кейін болып еді. Бірақ бұған балалардың кінәсі не? Қиын сұрақ! Долли қалай ойласа да жауап таба алмаған. Сөйтіп жүргенде кішкентай Виолеттаның өзі бір емес екі рет:

— Мам, мен ағылшынмын ба? — дегені бар.

— Әрине, балам, әрине! — деді бұл, басқа не дейді. Бірақ бұнымен баласын толық сендіре алмағанын да сезіп еді.

Көп өтпей-ақ Дэвидті ағылшын армиясының қатарына алды. Бұған миссис Гергарттың қаны қайнағаны сондай, жанында қалған жалғыз сырласы миссис Клайрхьюдің көзінше іштегі бар запыранын ақтара салған.

— Меніңше, бұдан өткен сұмдық болмас, Элиза, — деді ол түтігіп. — Олар алдымен әкесін алып кетіп, міне, қаншама жыл қамауда ұстап отыр. Енді баласын армияға алып, гунндарға қарсы соғысқа салмақшы. Әкесін гунн деп есептесе, сонда ол кімге қарсы оқ атады, айтшы! Ал мен оларсыз қалай күн көремін, Элиза?!.

Миссис Клайрхьюдің өзі де шотланд еді, бірақ солай бола тұра: — Иә, дұрыс-ақ, бірақ біз гунндарды құртуымыз керек қой. Олар дегеніңіз хайуан емес пе! Әрине, саған оңай емес, түсінем, алайда жауды құртпай бола ма!! — дегені.

— Ау, бірақ біз... мына біздер кімге зияндық жасадық? — деп, миссис Гергарт айқайлап жіберді. — Олар хайуан болғанмен біз хайуан емеспіз ғой. Біз ешқашан соғысты қалағамыз жоқ. Сол қаламаған соғысқа енді балам бара жатыр... өлімге бара жатыр. Ал мен баламның да, күйеуімнің де өлгенін көргім келмейді. Ендеше олар болмағанда біреуін қайтаруы керек, не баламды, не күйеуімді!..

— Алайда сен үкіметті де түсінуің керек, Долли, ол қатал болмаса, біз жауды жеңе аламыз ба?!.

Миссис Гергарт оған дірілдей қараған. Дірілдеп тұрып:

— Тырысып көрейік, — деді әлде мысқылмен, әлде шынымен. Миссис Клайрхьюге бұнысы "үкіметке әбден өшіккені" сияқты көрінген.

Долли бұны ұмыта алмады; бұрынғы досы туралы енді еске алса болды, жүрегі дір ете қалатынды шығарды. Оған бұл да оңайға соққан жоқ, өйткені бұдан былайғы жерде маңайында тілдесерге тірі пенде қалмағанын сезген. Иә, кіммен сөйлесіп, кімге мұңын шағады? Төсекте жатқан саңырау кемпірге ме? Оған соғыс не керек, сөз не керек, тамаққа тойдырып, астын тазалап, жылы бүркеп жатқызып қойсаң, болғаны.

Арада біраз уақыт өткенде соғыстағы жағдай күрт өзгеріп, немістердің тізе бүккені белгілі болған. Тіпті газет бетіне қарамайтын миссис Гергарттың өзі де бұны жұрттан бұрын біліп, жеңілдеп сала берген; өмірдің жақсы жағы тағы да сонау көкжиектен жылт ете қалды. Бұрынғы үрейден құтылған енді оған бұдан былай күйеуіне ешкім қатал қарамайтындай, баласы да бір бәлеге ұшырамай тұрғанда соғыс ертерек бітетіндей көрініп еді. Бірақ күйеуі таң қалдырған. Ол жаңалықтарға түк те қуанған жоқ. Құдды адамдық сезімінің бәрінен жұрдай болған сияқты. Бұның сырын миссис Гергарт кейін түсінген. Бірде базарды аралап келе жатып, сонадай жерде есігі ашық тұрған казарма ішіне көзі түскен. Сонда не көрді дейсіз ғой?.. Ұзын жіпке қаз-қатар етіп жайып қойған қоңыр көрпелер... бір-бірінен сәл алшақтау тұрған ондаған ескі төсек...ары-бері сенделіп жүрген адамдар...гу-гу әңгіме... Міне, қараңыз, күйеуін үш жылға жуық қай жерде ұстап отырғандарын! Мынадай у-шудың, мынадай лас жердің ортасында жүрген адамнан не сұрайсыз! Онда қандай денсаулық, қайбір адамдық сезім қалсын! Осыған қарамастан, күйеуі бұнымен кездескен кезде өзінше таза боп көрінгісі келетін. Ал жатқан жері мынау! Сол күні бұл үйге жалғыз қайтып келе жатып (кейінгі кезде Виолеттаны неміс-әкесіне әкелуді қойған), көпке дейін ес жия алмаған. Сонда ол күйеуін үйге қайтарған күннің өзінде, оның еш уақытта бұрынғы қалпына келе алмасын сезіп еді.

Бір күні таңертең аспанды қақ айыра тарсылдай атылып жатқан ракеталардың үнін естіп, әуе шабуылы басталып кетті ме деп ойлаған Путнидің барша тұрғындары сияқты бұл да үйден жүгіре шығып еді. Кәрі көршісі аспанға қарап ақсия күліп тұрғанын, ал мектептің алдында балалар асыр салып жүгіріп, мәз бола айқайлап жүргенін көрді. Бүл сонда ғана соғыстың біткенін, ақыр соңында, әйтеуір, бейбіт күннің келгенін білген. Жүрегі атша тулап кеткен ол үйге жүгіріп келді де, креслоға етбетінен түсті. Содан ал кеп жыласын! Солқылдап тұрып жыласын. Бұл — айтып жеткізгісіз қуаныштың, бойдағы бар шерді босатудың көз жасы еді. Бәрі де бітті. Ақыр соңында бәрі де бітті, әйтеуір. Күн сайын "жақсылық жағын" сарыла күту... апта сайын алып-ұшып күйеуіне бару... оған барған сайын бір уыс шашын ағартып қайту... соғыс жүріп жатқан жерде толарсақтан саз кешіп жүрген, өз ұлының аманшылығын тілеп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылу — бәрі де бітті ақыры! Енді олар Макеты босатады, енді Дэвид армиядан оралады; бұдан былайғы жерде жұртта Гергарттар отбасына күмән-күдікпен қарауларын қояды.

Қалай дегенмен де ол Лондон түбіндегі қара шаруаның қызы емес пе, оның қарапайым болмысы қашан да еркіндікті аңсап тұрушы еді, шүкіршілік, міне, сол еркіндік қайта оралды ғой енді. Ол көз жасын сүртіп, камин үстінде тұрған дөңгелек айнаның алдына келді. Беті өрмекшінің торындай әжім-әжім, шашы мүлде ағарып кеткен, ал күйеуі екі жылдан бері бұны тек мыжырайған ескі қалпақпен көріп жүр. Құдай-ау, бұны көргенде ол не дейді? Әжімдерін аз да болса таратқысы келіп, бетін ұзақ уқалап, сипай берді. Сосын кенет есіне әлдене түскендей айна алдынан жылдам бұрылып кетті де, жоғарыдағы жатын бөлмесінде жатқан саңырау кемпірге қарай жүгіре жөнелді. Гергарт соғысқа дейін-ақ қолдан жасап берген даңғырлақты ол кемпірдің құлағына тақап:

— Соғыс бітті, апа! Соғыс бітті! — деп айқайлай бастады.

— Естіп тұрсың ба, соғыс бітті деймін, апа?!.

— Не дейсің? — дейді кемпір түк ұқпай.

— Соғыс бітті, бейбітшілік келді деймін, апа? Саңырау байғұс басын сәл көтеріп, өлеусіреген көзімен бұған әлденеге дәмелене қараған.

— Не дейсің? Тамақ ішетін уақыт болды дейсің бе? Беретініңді берсеңші енді. Қарным ашып жатыр, Долли.

— Иә, қазір әкелемін, қазір, — деп ол кемпірдің күндегі жейтін бір тілім наны мен тұздалған пияз бұрышын алып келу үшін төменге қайта түсіп кетті.

Бұл күні және бұдан кейінгі екі күн бойы болған жайдың тек жақсы жағын көрген ол "Сарайда" отырған "ханзадасымен" кездесуге соншама асығып еді. Ал кездескен кезде күйеуінің өте бір қызық жайда, адам төзгісіз ауыр күйде отырғанын көрді. Соғыстың біткені туралы хабар мұнда әкеліп қамаған мың-мыңдаған адамға сұмдық әсер еткені сондай — ендігі сәтте олар не күлерін, не жыларын білмей қалған сияқты. Дәлірегінде, не нәрсеге де еттері өліп қалғандай. Бір жарым сағаттық кездесуде ол тұтастай күйеуіне бұл оқиғаның жақсы жағын көру керектігін, ертеңгі күнге тек сеніммен қараудың дұрыстығын барынша түсіндіріп баққан, алайда күйеуін әр түрлі күмән-күдіктен арылта алмай қойған да, ақыры әдеттегіде күле тұрып қоштасқан-ды, бірақ іші оттай күйіп тұр еді. Күн артынан күн өтті, бірақ ештеңе өзгерген жоқ, бәрі де бұрынғы қалпында қалғанына ол енді біртіндеп сене бастады. Алайда сәтін салған күні Гергарт келіп қалады-ау деген үмітін үзбей, оның үйде киетін сандалын жамап-жасқап, Дэвидтің кейбір киімдерін оған шақтап қайта тігіп, тіпті келген кезде ыстық сумен дұрыстап жуынсыншы деп үлкен легенге дейін дайындап қойды. Сонымен катар бар жағынан ақшасын үнемдей отырып, бірер шөлмек сыра мен тұздалған қияр сатып алуды да ұмытқан жоқ, сонан соң бұрын көңілі қалған газеттерді енді қайта оқи бастаған. Бірақ бәрібір күйеуі келмеді. Ал газеттер артынша ағылшын әскери тұтқындарының біртіндеп босап жатқанын, көпшілігінің жағдайы өте ауыр екенін жазған. Бұны оқығанда миссис Гергарттың жүрегі езіліп жүре беріп еді, оларды осындай халге жеткізгендерге іштей қаны да қайнап еді; дегенмен әлгі газетте, редакцияның ойынша, қарғыс атқан "гунндарға" бұдан әрі төзуге болмайтынын, "оларды елден мүлде аластау керектігін" еске алып өтіпті. Бұл сөздің күйеуіне де қатысы барын ол алғашында аңғармаған, ал аңғарған кезде, қолына газет емес, қып-қызыл шоқ ұстағандай болып, ыршып түскен. Қаншама уақыт қамауда ұстағандары аздай, енді оны үйіне жібергілері келмейді! Бүйтіп сорлататындай не жазығы бар еді оның! Қаншама жыл осы елде тұрса да... енді оны мұнда қалдырмай, баяғыда ұмыт болған қайдағы бір жерге қуғылары келеді. Ау, оның бұл жерде ағылшын әйелі, ағылшынша тәрбие алған балалары бар емес пе! Мұндай да қатыгездік, осындай да әділетсіздік бола ма, құдай-ау! Ол бөлмеден атып шығып, үй артындағы қараңғы баққа қарай жүгіре жөнелді. Терістіктен соққан суық жел азынап тұр. Азынаған жел мен қып-қызыл боп батып бара жатқан күнге жүзін тосып, ол өксіп-өксіп жылап жіберді. Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес; бірақ, не дегенмен газеттің жазғандары ылғи да болып келе жатыр — алғашында арамызда гунндар жүр деп еді, көп өтпей-ақ Гергартты алып кетті, сосын "біз оларды шошқадай семіртіп жатырмыз" деп еді, ақыры беретін азық-түлік мөлшерін қысқартып тастады. Сол есте жоқ ескі күндердің арасынан бір сәт оған баяғы Уайтхоллдағы көзілдірікті джентльмен елестей қалды. "Бізге өте бір жайсыз жағдайлар жасауға тура келіп отыр, миссис Гергарт" деп еді ол. Неге ондай "жағдайлар" жасауға тура келеді оларға? Бұның күйеуі ешқашан ешкімге жаманшылық жасаған жоқ қой! Неге олар бүйтіп адамды күйдіреді? Неге газетте отырған джентльмендер осындай дүние жазады? Оларда жүрек жоқ па, көз жоқ па, әлде өз жазғандарынан қарапайым адамдар қаншама қасірет шегетінін білмей ме? "Жоқ, мен көрген қорлықты, менің күйеуім тартқан азапты сендер көрмей-ақ қойыңдар!" деді ол жылап тұрып.

Жаңбыр тамшылары шашын сулап, көзін дымдап, бетінен сорғалай аға бастады. "Жоқ, маған мұндай ызақор болуға болмайды" деп түйді ол, сосын қараңғыда еңкейіп, күйеуі ертеректе асүйдің жанынан сумен жылитын етіп жасаған шағын парниктің шынысына үңілді. Шыны астында гүлдеп тұрған жалғыз тал райхан гүлі мен бірнеше үрпекбас хризантема бар еді. Долли бұларды күйеуі үйге оралған күнгі қуанышқа сақтап отырған. Ал ол келмей қалса, не істейді? Ол бойын тіктеп, аспанға қарады. Үй үстінен қап-қара жауын бұлттары көшіп барады; олардың арасынан жымың-жымың етіп, бір-екі жұлдыз сығалайды. "Бәрін де жақсы жағынан көру керек, — деп ойлады ол — Әйтпесе құрып кетуім мүмкін". Сосын кешкі асқа быламық дайындау үшін үйге беттеді.

Қыс айларын ол өте мазасыз өткізді. "Гунндарды елдеріне қайтару керек!" Бұл ұранды газеттен оқыған сайын құдды бір құбыжықты көргендей жүрегі дір ете қалатын; ал сосын Гергартпен кездесіп қайтқанда, күнделікті секем-сезігі шындыққа айналып бара жатқанын сезе түскен. Бұрынғыдай емес, күйеуі тіпті еңсе көтеруден қалған, осыны көрген Долли кейде "шынымен-ақ бұған бірдеңе болған ба?" деп қорқа бастап еді. Өйткені дәрігерлердің айтуынша, оның "миында бірдеңе бар" көрінеді. Ол не? Қандай ауру? Ауру демекші, Долли осы сөзді ауызға алудан қорқатыны бар, сондықтан оны іштей "бірдеңе" деуші еді — Мен бұған шыдай алмаймын, Долли, — дейді ол — Ол жерде мен не істеймін? Және не істей аламын? Бірде-бір танысым да жоқ онда. Қайда баратыным да белгісіз. Құрыған деген осы ғой. Бұдан өткен қорқыныш бар ма? Ал сен қалай барасың о жаққа? Балалар ше? Жаңа жерде сендерді қалай асырай аламын мен? Сендерді қойып, өз күнімді өзім көре алар ма екенмін? Ал Долли оған:

— Уайымдай бермеші, жаным, — дейді. — Бір жақсылыққа сенеміз де. Басқалар қайтеді, соны да ойласаңшы.

Отан "басқалардың" жағдайы да жақсы жағынан көрінбегенмен, әйтеуір, тағдыр тәлкегіне ұшырағалы отырған жалғыз біз емеспіз ғой, олар не көрсе, біз де соны көрерміз дегенді айтып, күйеуінің көңілін сол де болса алдартқысы келіп еді. Бірақ Гергарт басын шайқаған.

— Жоқ, ендігі жерде біз бірге бола алмаспыз.

— Сенің соңыңнан мен де барып қаламын, — дейді Долли. — Сен қорықпа, Макс, мен балалармен бірге егістікке жұмысқа шығамын. Қалайда бірдеңе етіп күн көреміз. Рухыңды түсірме, жаным. Ертеңгі күні бұның бәрі бір күнгідей болмай өте шығады. Мен ылғи да сенің жанында боламын, Макс, қорықпа. Көр де тұр, олар да сені ешқайда жібермейді, Макс.

Сосын басына кенет мынадай ойлар келе қалды да, кеудесіне біреу мұз баса қойғандай болды: "Ал егер жіберсе?.. Үйдегі өлмелі кемпір!.. Әскердегі бала? Әкесіз жаутаңдаған қыздар? Сонда мен не істеймін?"

Артынша көшқұлаш тізімдер пайда болып, оған іліккендер топ-тобымен Германияға айдала бастады, бүгінде олардың көпшілігі неміс тілін жөнді түсінбейтін де. Гергарттің аты-жөні әзірге бұл тізімге кірмеген. Әдетте тізім миссис Гергарт күйеуімен кездескен күннің ертеңінде ілінуші еді, "егер одан өзіңді көре қалсаң, бірден қарсылық жаса" деп, бұл оған барған сайын үйретіп қоятын. Гергартты бұған көндіру де оңайға соқпаған.

— Бәрі де дұрыс болады, Макс, қандай істі де жақсы жағынан көру керек қой, — дейді ол жалынышты түрде. — Балаң ағылшын армиясында жүр, сондықтан сені Германияға жібере қоймас. Қаталдықтың да бір шегі бар ғой. Тек жақсылықтан үмітіңді үзбеші, жаным!

Кейін оның да аты тізімге кірген, бірақ ізінше сызып тастаған да, содан кейінгі күндер тағы да сарғая күтумен, сансыраған оймен, газет бетіне үрейлене қараумен өте берген. Долли баяғы газетін жек көрсе де, оны амалсыз қайта оқи бастап еді. Шындығында, күйеуін күн сайын құрдымға итеріп, біртіндеп өлтіріп бара жатқан да осы газет еді, жоқ, күйеуін ғана емес, Долли сияқты мың-мыңдаған адамның ертеңгі күнге деген барлық үміт пен сенімін де өлтіріп тынған осы газет болатын. Долли сондықтан да оны иттің етінен жек көретін, бірақ жек көре тұрып бастан-аяқ оқып шығатын.

Доллидің кішкентай бақшасында райхан гүлі мен қызыл-қоңыр хризантема гүлденгеннен кейін іле-шала сарыбас жауқазындар шешек атып шыға келген, одан соң көкек гүлдері бірінен соң бірі бас жарса, ең соңында "періштенің көз жасы" дейтін ақшыл нарцистер толық бас жарып үлгірген.

Бақытты күндер кешіккенімен табиғат жарықтық бәз баяғы тірлігінен танған жоқ, асүйдің бұрышындағы шағын парник мезгілінде көктеп, уақытында гүлдеді. Жо-жоқ, бақытты күндер де тым кешіккен жоқ, бір күні миссис Гергарт күйеуінің үйге қайтатыны жөнінде өте қуанышты хат алған! Оны Германияға жібермейтін болыпты, ол үйге қайтады екен! Ол бүгін, дәл бүгін кез келген сәтте жетіп келуі мүмкін. Долли бұл хатты алған кезде, иә, оны әкеп берген кезде, есі шығып қуанғаны сондай, кемпірге деп нанға жағып жатқан маргаринін үнем-сүнемді ұмытып, тым қалыңдау жағып жібергенін өзі де сезбей қалған, осы тұста қолындағы пышағы да жерге түсіп кетіп еді, оны көтерместен орнынан ұшып тұрып, екі қолын кеудесіне басқан күйі сақылдап кеп күлсін, ал сосын, жынды адамдай әнге салсын айқайлап: "Әйда! Әйда! Ән шырқайды періште!" дауысында не ырғақ, не әуен жоқ, бірақ өзінен өткен әнші де жоқ секілді. Қыздар мектепте, саңырау кемпір жоғарыда, оның кенет ағаш креслоға құлап түсіп, көз жасына ерік беріп, нан салған тәрелкені әлі де ұстап отырған қалпы өксіп тұрып жылағанын ешкім естіген жоқ, ешкім көрген де жоқ. Күйеуі үйге қайтады! Үйге! Үйге! Міне, қайда жақсы жағы! Міне, қайда жұлдызының жанғаны!

Өзін қалпына келтіргенше дәл жиырма минуттай уақыт өткен шығар, кенет жоғарыдан дүрс-дүрс еткен дыбыс естілген, бұл — тамақ ішкім келеді деп еденді ұрғылап жатқан саңырау кемпір еді. Долли тезірек шай құйып алып, жоғарыға беттеді. Нанға осыншама қалың маргарин жағылғанын көргенде, кемпірдің өлеусіреген көзі шырадай жанған, бірақ бұл ненің қуанышы екенін Долли тәптіштеп айтып жатуды артық көрді, тек жар дегенде жалғыз сырласының нанды қалай жегеніне қызыға қарады да отырды; қызара қалған бетінен көз жасы әлі де моншақтай тамып тұр еді, ал көкірегінде жаңағы ән:

Дүние түгел — ізгілік,

Иса туған бұл күнді.

Қарсы аламыз біз күліп.

Сосын бір ауыз сөз айтпастан, жүгіріп төмен түсіп кетті де, төсекке жаңа жаймалар сала бастады. Бұдан соң да тыныш таппай, ыдыс-аяқ, кір-қоңды жууға кірісті. Ал түс кезінде бақшаға барып, парникте өсіп тұрған барлық гүлді үзіп алды: жауқазын, көкек гүлі, нарцисс, — бәрін қосқанда бір құшақ болған. Бұларды қонақ бөлмесіне алып келді де, терезелерді айқара ашып тастады. Әдемілеп тұрып гүлшоғын жасау үшін дастарқан бетіне жайып тастаған гүлдерді енді суда көбірек сақталсын деп сабақтарын сындырып, әр қайсысын жеке-жеке іріктеп тұрғанда, терезе сыртынан біреудің аяқ тықырын естіген. Басын көтерген кезде миссис Клайрхьюді көрді. Басына іс түскен сәтте оның теріс айналып кеткенін есепке алып жатпастан, ол:

— Кір, кірсеңші, Элиза, қарашы, менің гүлдерім қандай! — деген жарқылдап.

Миссис Клайрхью кірді; үстіне тұтастай қара киім, жағы суалып, көзі шүңірейіп кетіпті. Сопайған бетінен тарам-тарам жас ағып тұр. Көршісінің мынадай кейпін көргенде, миссис Гергарттың жүрегі езіліп жүре беріп еді.

— Жаным-ау, не болды саған? — деді ол шошына тіл қатып.

— Менің балам!.. Балам!.. — деп көршісі булығып сөйлей алмай қалды.

— Не, оған бірдеңе болып қалды ма?

— Өлді! — деді миссис Клайрхью. — Тұмаудан өліп кетті. Бүгін жерлейік деп жатырмыз. Ал мен., мен... — Ол көз жасына тұншығып тағы да сөйлей алмай қалды. Долли оны құшақтай алып, басын кеудесіне басты.

— Ал мен, — деді миссис Клайрхью жылап тұрып. — Мен оған гүл таба алмай жүрмін. Енді, міне, сенің гүліңді көріп...

— Алшы, ала берші гүл керек болса. Қанша керек өзіңе? Қажет десең бәрін ал, — деді Долли қалбалақтап.

— Қалай алам, қайтып алам, — деді миссис Клайрхью жерге қарап. — Кешегі күні мен саған...

— Қойшы кешегі күнді, сен кінәлі емессің ғой оған, — деп Долли гүлдерді үстел үстінен жинастыра бастады. — Ал дедім ғой саған, ал Бәрін алып кетші, мінеки!.. Бейшара бала-ай! Қалай ғана ерте солды екен! Бірақ мына өмірдің азабынан құтылды ғой, әйтеуір. Ал сен тым қайғыра берме енді. Барлық нәрсені тек жақсы жағынан көру керек те.

Миссис Клайрхью басын шайқай берді.

— Сен періштесің, Долли! — деді басқа сөз аузына түспей. — Періштесің ғой сен!

Ол бір құшақ гүлді көтеріп, бөлмеден шыға жөнелді, ал сосын бірнеше секунд өткенде қара көйлегі көлбеңдеп, терезе алдынан өтіп бара жатты.

Миссис Гергарт үсті бос қалған үстелдің жанында тұрып: "Бейшара-ай! Гүлді алғанда баласы қайта тірілгендей болды-ау. Гергарттың келе жатқанын айтпағаным қандай жақсы болды!" деп ойлады. Сонан соң жерге түсіп қалған бір тал нарцисті көтеріп алды да, вазадағы суға салып, терезе алдына қойды. Осы бір ақшыл, нәзік гүлге жүрегі елжірей қарап тұрғанда, күтпеген жерде біреудің есік қаққаны естілген. Ол жүгіріп барып, оны ашып жібергенде, қолына үлкен қоңыр дорба ұстаған күйеуін көрді. Басы салбырап табалдырықтың арғы жағында тұр — қимыл жоқ, қозғалыс жоқ... Өңі мүлде сарғайып кеткен. "Макс!" деді іштей ышқына қыстығып. "Құдай-ау, өз үйіне келіп тұрып, есік қаққаны несі?!"

— Долли? — деді ол ақырын ғана. — Долли?

Құдды ол өз әйелін өзі танымай тұрғандай: өңінде де, дауысында да — "бұл сенбісің?" деген сұрақ бар.

Долли солқылдап жылап жіберді де, оны өзіне тартып бөлмеге кіргізіп алды, сосын есікті жауып келіп, оған қадала қараған. Иә, бұл Макс, соның өзі, тек көзінде бір өзгеріс бар ма, қалай? Баяғы мейірімге толы жылы жанарынан енді әлдебір салқындық сезіледі. Жоқ, салқындық емес, сағыныштың сары сызы секілді.

— Долли, — деді ол тағы да. — Долли.

Бұл оны құшағына қыса берді. Қысып тұрып қыстыға жылады.

— Мен біткен адаммын, Долли, — деді ол міңгірлеп.

— Әрине қажыдың ғой, шаршадың ғой, жаным. Бірақ күні ертең-ақ құр аттай шабатын боласың. Құдайға шүкір, үйге келдің, енді менің жанымдасың. Бәрі де дұрыс болады, тек мұңая бермеші, жаным!

— Мен біткен адаммын, — деді ол тағы да.

Долли оның қолындағы дорбаны алып, бір бұрышқа тастай салды да, вазадағы нарцисті суырып әкеліп, Макстің омырауына қадады.

— Міне, саған көктем гүлі, Макс, бұл сен істеген парникте өскен. Иә, сенің парнигінде, сенің үйіңде. Сен енді сол өз үйіңде тұрсың, міне. Апамыз жоғарыда, қыздарың мектепте, сәлден соң келіп қалады. Бәріміз бірге отырып тамақ ішеміз қазір.

— Мен ауырам... мен біткен адаммын, Долли, — деді ол Осы бір қайталай берген жаман сөзден қорқып қалған Долли оны тақтай төсекке отырғызды да, өзі келіп тізесіне жайғасты.

— Сен үйдесің, Макс, ал енді сүйсеңші мені! Бергеніңе шүкір. Осыған да жеттік-ау, әйтеуір.

Ол оны тас қып құшақтап алып, ары-бері шайқай бастады. Бірақ қалайда көзіне қарамауға тырысты, өйткені кіртиген сол көзде бір өшіп, бір жанып тұрған әлдебір ұшқын бұны әлгінде қорқытып тастап еді.

— Сен мынаны білесің бе?! — деп ол кенет орнынан ұшып тұрды. — Мен саған сыра да алып қойғанмын. Ішесің бе? Ішем деші, жаным!

Макс еріндерін қыбырлатып, бірдеңе дегендей болды, бұл тіпті дыбыс та емес, дыбысқа ұқсас әлдебір сыбырға ғана ұқсаған. Долли тіптен қорқа түсті — оның осы бір дыбысында да, қимыл-қозғалысында да тірі адамға тән белгі мүлде аз сияқты көрінді.

Макс оны құшақтаған болды да, мұрын астынан міңгірлей тіл қатты.

— Иә, бірер күннен кейін бәрі дұрыс болар. Олар мені ақыры босатты ғой... Бірақ... мен ауырам, Долли.

Бар бәле мына жерде тұр дегендей Макс сұқ саусағымен басын түртті.

Ал Долли оны құшақтаған күйі ары-бері шайқай отырып, баласын еркелеткен мысықтай болып, ерекше бір әуенмен әр сөзін әдемілеп айта берген, айта берген.

— Бәрі де жақсы болады, жаным. Жақсы болуға тиіс те. Жақсы бола береді де! Өйткені... әр нәрсені жақсы жағынан көру керек, жаным менің!

Орыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер