Өлең, жыр, ақындар

Форсайттың құтқарылуы

(новелла)

I

Суизин Форсайт төсекте жатыр. Бурыл мұрттың астындағы ауыздың екі бұрышы екі қатпарлы бұғаққа дейін салпайып түсіп кеткен. Ауыр тыныстап жатып ол:

— Дәрігердің айтуынша, бұл ауруымның беті жаман көрінеді, Джемс, — дейді.

Джемс, өзімен егіз туған сыңары, алақанын құлағына тосады.

— Естімедім, дәрігерлер маған емделу керек дей ме? Әйтеуір, қашан да емделуден көз ашпадық қой. Эмилия да емделіп еді...

— Не деп міңгірлеп кеттің, Джемс, түк түсінбедім. Анау Адольф бірдеңе десе, менің малайымды айтам да, оны жақсы естимін. Үйренген... үйреткем мен оған. Ал сенің аузыңа мүйіз жаңғырық салмаса, сөзіңді жан баласы ұқпайды. Былжырап әбден біттің-ау, Джемс.

Біраз уақыт екеуі де үнсіз қалды. Сосын Джемс Форсайт күтпеген жерде күш алғандай:

— Сен ендігі өсиетіңді жазып, ақшаңның бәрін ағайын-туысыңа қалдырған шығарсың, — деді. — Олардан басқа кімге қиясың оны. Ал анау сәрсенбі күні өлген Денсон ақшасын түп-түгел ауруханаға аударып кетіпті.

Суизиннің бурыл мұрты тікірейе қалды.

— Мына есуас дәрігер де маған өсиет жазуым туралы айтқан, — деді ол — Өсиет жөнінде біреулердің былжырап ақыл айтқанын суқаным сүймейді. Тәбетім жаман емес: кеше кешкісін бір құрдың етін жалғыз жеп қойдым, күн өткен сайын араным ашыла түспесе, басыла түсер емес. Дәрігер маған шампан ішуге болмайды дейді! Ал мен тамақты тоя ішкенді жақсы көрем. Жасым әлі сексенге де жеткен жоқ. Саған да солай. Дегенмен сенің шаршап қалған түрің бар.

— Сен басқа бір дәрігермен кеңесуің керек. Бланкты шақырып көр, одан артық дәрігерді іздесең таппайсың. Мен оны Эмилияға шақырғам. Бұл үшін екі жүз гинь төлеуіме тура келді. Ол оны Хомбэргке жөнелтті — ондай жерді де іздесең таппайсың. Оған ханзаданың өзі барады, бәрі де оған барады, — дейді Джемс Форсайт.

— Мен таза ауада өте сирек боламын, — дейді оған Суизин Форсайт. — Сондықтан болар, жаман ұйықтаймын. Таяуда бесік-арба сатып алдым, тым қымбатқа түсті. Сен көкжөтелмен ауырып көрдің бе? Шампан ішу зиянды дейді, ал меніңше, одан өткен шипалы дәрі жоқ.

Джемс Форсайт орнынан тұрды.

— Қалай болғанда да саған басқа дәрігер шақыру керек. Эмилия саған сәлем айтуды өтінген. Өзі кіріп-шығуға уақыты болмады, оған "Нигараға" кетуге тура келді ғой. Қазір елдің бәрі со жерге барады — бұл мода. Рэчел оған күн сайын барады, бұнысы артық енді, мүлде жатып қала ма деп қорқам. Бүгін онда маскарад болды, герцогтің өзі сыйлық үлестіреді.

Суизин Форсайт ренжи тіл қатқан.

— Бізде тамақты нашар дайындайды, қалай үйретерімді білмеймін. Ал анау клубтың шпинаты қандай десеңші!

Суизиннің аяғы көрпе астында қалай дірілдеп жатқаны көрініп тұр.

— Сен Тинторсттоның картиналарын сатып та біраз ақша тапқан шығарсың? Жер рентасынан да түсетін пайдаң аз емес. Ақшаңның көптігі сондай, қайда тығарыңды білмей басың қататын болар, — деп Джемс Форсайт сулы еріндерін сылп еткізіп қойды.

Суизин Форсайт оған жеп жіберердей қарады.

— Ақша! — деді дүңк етіп. — Бір дәрігерге ғана қанша шығатынын білесің бе сен!

Джемс Форсайт оған салқындау, дымқыл қолын ұсына берді.

— Сау бол! Қалай десең де басқа дәрігер шақырғаның жөн. Аттарды далада ұзақ қаңтарып қоя алмаймын, екеуін де жаңадан сатып алғам, үш жүзімді қағып алды бұған. Сақта өзіңді. Мен Бланкпен сөйлесіп көремін. Оны сен шақыруың керек, одан өткен дәрігер жоқ дейді бәрі. Сау бол!

Суизин Форсайт төбеге қадала қарап: "Бейшара Джемс! Мұндай да сараң болады-ау! Құдай біледі, оның өзінде де екі мыңнан кем жоқ шығар" деп ойлады.

Ол ұйқылы-ояу жатып, өмір туралы ойлаған...

Ол ауру еді, жалғыз еді. Жалғыздықтың азабын жылдар бойы тартып келсе, соңғы екі жылда бұған ауру деген бәле қосылған; алайда ол ең алғашқы темекісін қалай құшырлана, қалай тұқылына дейін тартып бітірсе, өмірін де ол дәл солай өткізгісі келеді. Оны күн сайын клубқа апарады. Жолда өз экипажының серіппелі орындығында қолдарын тізесіне қойып, алдына сәл еңкейе түсіп, маңғаздана отырады. Жерге түскен соң алқымындағы қыртыс-қыртыс әжімін жағасымен жасырып, таяққа сүйенген күйі өзін тік ұстауға тырысып, басқышпен мәрмәр залға көтеріледі. Сосын ішіне шампан салып қойған мұзды шелек алдында отырып, тамақ ішеді; ондай сәтте омырауына алжапқыш жауып, тамақ дәмін тамсана татып, жанындағы малайға қиғаштай қарап, сондай тәкаппар кейіп танытады. Кейде жан-жағына абайлап көз салып қояды, бірақ еш уақытта не басын салбыратып, не белін бүгіп көрген емес.

Ол өзі кәрі, өзі саңырау адам болғандықтан ешкіммен сөйлеспеуші еді. Сондай-ақ оны да сөзге тартып жатқан ешкім жоқ. Тек клубтағы өсекші ирландиялық әйел әрбір жаңа келген адамға:

— Ана отырған Форсайт шалға қараңдаршы! Бір сұмдықты бастан кешкен біреу ғой, әйтпесе бүйтіп қабағынан қар жауып отыра ма! — дейтіні бар.

Бірақ Суизин өз өмірінде ондай сұмдықты бастан кешкен адам емес-ті.

Міне, ол өзінің опопонакс пен темекі иісі аңқыған, күміс, пурпур, электр жарығымен сан құбылған демалыс бөлмесінде үйелеп жатқанына бірнеше күн болған. Терезе пердесі жабық, каминь оты өшкен; төсек жанындағы кішірек үстел үстіне арпа тұнбасы бар құмыра қойылған, оның жанында "Таймс" жорналы жатыр. Суизин оны оқығысы келіп еді, бірақ шамасы жетпеді де, тағы да қалың ойға берілген. Оның ақ қағаздай қуарған қан-сөлсіз беті қыртысты жуан бұғағымен қоса құдды жастық үстіне тастай салған бетпердені елестетеді. Әй, жалғыздық-ай десеңші! Егер осы бөлмеде әйел болса, бәрі де басқаша болар еді-ау. Неге ғана үйленбеді екен! Суизин төбеге қарап жатып, баяғы бір күндерін еске алды. Бұл өзі қырық жыл бұрынғы оқиға болса да, енді оны кеше ғана бастан кешіргендей...

Ол уақытта Суизин отыз сегіз жаста болатын; егізінің сыңары Джемс пен Тракер деген біреуді жанына алып, алғашқы да соңғы рет Еуропаға саяхат жасаған. Жолай Германиядан Венецияға кетіп бара жатқанда, Зальцбургтегі "Алтын Альпі" қонақүйіне тоқтап еді. Тамыздың соңы болатын, табиғат тамылжып тұрды: күн сәулесі мен жабайы жүзім жапырақтарының көлеңкесі қабырғаларда ойнайды, ал түнде ай сәулесі мен жапырақ көлеңкелері тағы да қабырғаларда. Суизин біреудің ақылын құлағына ілмейтін адам еді, сондықтан қамалды қызықтауға бармады; бұл күнді тұтастай жатын бөлмесінің терезесі алдында жападан-жалғыз тұрып, темекісін бірінен соң бірін тартып, көшеде кетіп бара жатқан адамдарға тәкаппар көз салумен өткізді. Ал түскі астан кейін еріккеннен шыдамай серуендеп қайтуға сыртқа шыққан. Жемсауы бұлтиған кептер сияқты кеудесін алға кере түсіп, әскери киімді адамдарға сұқтана да суық қарап қойып, ол маңғаздана басып келе жатты; көшеде әскерилердің көптігі оның әрі жанына, әрі жынына тиген. Қайдағы бір түсініксіз тілде сөйлеп, сасық темекі тартқан осынау сақалды шетелдіктердің қарасы көбейген сайын оның қабағы тіптен кіржие түскен-ді. "Бұларды да ел дейді-ау!" деп бір қойды. Бір сәт оның көңілі шағындау дәмханадан естілген музыкаға ауған да, бірден солай бұрылған. Оған кірген бойда осы жерде бір жанжал шыға қалса деген әлдебір мысықтілеу ой көкірегінде жылт ете қалды, бірақ оның арты әдеттегідей үлкен шуға айналмағанын және тіледі; кездейсоқ бір кеселді оқиғаға деген құлшынысы жақсылап тамақ ішіп алғаннан кейін одан сайын қоза түсіп еді. Ақыры дәмхананың бір бұрышындағы Віеr-Наііе1-ден бір-ақ шыққан. Елуінші жылдары Германияда мұндай сыраханалар көп болатын. Залдың екі есігі және ағаштан жасалған үлкен шамы бар екен — бұл шам төңірегіне жарығын мол шашып, жарқырап тұрды. Шағын эстрадада үш скрипкашы құйқылжыта саз төгеді. Темекі түтініне көмілген қаз-қатар үстел басында бірден, екіден, кей тұста тобымен отырған адамдар, даяшыларды бокал-бокал сыраға зыр жүгіртеді. Суизин отыра салып бірден: "Шарап!" деген гүж етіп. Даяшы бұған таңдана қарап, айтқанын алып келді. "Мұнда!" — деп сыра саптыаяқты нұсқап, тағы да ашулы гүж етті. Даяшы саптыаяқты лық толтырды. "Қарай гөр, — деп ойлады Суизин. — Егер пейілі болса, иттің де тілін түсінеді бұлар!" Сонадай жерде бір топ офицер дарақы күлкіге басып, залды басына көтерді. Суизин оларға жаратпай қарай қалған сәтте, тура желке тұсынан біреудің құрғақ жөтелі естілген. Байқаса, сол жағында бір адам алдына жайып салған газетіне шынтағын тіреп қойып, оқып отыр екен; оның қушиған иықтары көз тұсына дейін көтеріліп кетіпті, жирен қаба сақалы кеудесіне түскен, беті уқалаған қағаздай мыж-мыж.

Өзі бір таңғаларық жаратылыс — жүзінен тәкаппарлық, көзінен ашу-ыза білінеді. Оның киім киісі Суизинге ұнаған жоқ, бұлайша киіну журналистер мен кезбе әртістерге тән еді. Осындай киім киген адам қалайша Суизиннің көңілін аударды екен? Осы аралықта әлгі бейтаныс кісі жүн-жүн қолын созып, кемеріне дейін күрең-қызыл сұйық құйылған бокалды үстелден жұлып алды да, аузына тақай берді. Суизин "коньяк" деді тітіркеніп. Артынша тарс етіп құлап түскен орындық дыбысынан селк ете қалды — көршісі орнынан күжірейе тұрған. Ол сырықтай ұзын, әрі өте арық адам екенін Суизин енді ғана байқады. Сақалы шудаланып, желп-желп етеді; сосын ол қарағайдай серейіп тұрған күйі офицерлер жаққа ызалы қарап, бірдеңе деп боқтап салғандай болды. Суизиннің құлағында қалғаны: "Hunde! Deutshe Hunde!.." "Иттер! Немістің төбеттері!" дегені ғой деді ол өзінше аударған болып — Ім-м! Қатты айтты!" Бір офицер орнынан атып тұрып, қылышына жармасқан. Сол сәтте әлгі қаба сақал бейтаныс жанындағы орындықты жұлып алып, оны бар пәрменімен офицерлерге қарай лақтырып үлгерді. Үстел басындағылар жамырай көтеріліп, оған тұра ұмтылды. "Қайдасыңдар, мадьяр бауырлар!" деп бейтаныс кісі айқайға басқан.

Суизин жымиды. Қарақұрым дұшпанға жалғыз шапқан осы бір алып адамның жүрек жұтқан ерлігі бұны еріксіз тәнті еткен. Алғашында тіпті осы адамға көмектессем қайтеді деп бір ойлады да, сосын қарадан қарап тұмсығымды бұзып алмайын дегендей, жан-жағына бұрылып, қауіпсіздеу жер іздей бастаған. Бірақ дәл осы мезетте біреу лақтырған лимон бетіне сарт ете түсіп еді. Бұдан әрі... арыстандай ақырып, офицерлерге қарай атой сала ұмтылған. Жан-жағын орындықпен жайпап жүрген венгрдің өзіне деген ризашылығын байқап қалған бұл одан сайын өршелене түскен... бірақ енді бір сәтте біреудің қылышы қолын сызып кетті де, венгрді бірден ұмытып сала берді. "Бұл енді артықтау!" деп ойлағанын біледі... Сосын орындықты көтеріп алып, шамға қарай сілтегенін біледі. Шынының быт-шыт болып сынғанын... адамдар мен қылыштардың көз алдынан өшкенін біледі... Енді бір ес жиған шақта шырт еткізіп сіріңке жағып, соның жылт еткен жарығымен есікке қарай жан ұшыра жүгіре жөнелген де, бірер секундта сыртқа шығып үлгерген...

II

Біреу ағылшынша: "рахмет, бауырым!" деді. Ту сыртына шұғыл бұрылған Суизин өзіне қол созып тұрған венгрді көрді. Оның қолын алып тұрып бұл: "қарай гөр, кімді ақымақ көргенімді!" деп ойлады. Венгр өзінің көзқарас қимылымен: "біз екеуміз тең адамдармыз!" дегенді білдірді. Суизинге бұл жайсыздау әсер етті, екіншіден, неге екені белгісіз, бұның өзі көңіл жықпас жалған пейілден көрінген. Енді байқады, бейтаныстың бойы тіптен биік екен; бетін қылыш тіліп кетіпті, сақалынан қан тамып тұр.

— Ағылшынсың ғой, — деді ол — Мен сіздердің Гейнауды қалай таспен атқылағандарыңызды, қалай Кошутты қарсы алғандарыңызды көргем. Сіздің халқыңыздың еркіндік сүйгіш рухы бізге өте жақын. — Суизинге көз сала тұрып тағы да: — Сіз үлкен адамсыз, жүрегіңіз де үлкен. Күшіңіз де зор. Оларды қалай лақтырғаныңызға қайран қаламын, — дегенді қосып қойды.

Суизин ештеңеге қарамай қаша жөнелгісі келген.

— Менің аты-жөнім — Болешско, — деді венгер. — Сіз — менің досым боласыз!

Ағылшынша ол жақсы сөйлейді екен.

"Балешске, белешске... Міне, қалай бұның аты-жөні" — деп түйді ішінен Суизин.

— Ал мен — Форсайтпын, — деді бұл ызғарлы.

— Форсайт... Форсайт... — деді ол қайталап.

— Бетіңіз қатты жараланыпты, — деп күңк ете қалды бұл.

Венгрдің қанға ұйысып, сатпақтанып тұрған сақалы Суизинді жиіркендіріп жіберді.

Ол бетін сипап көріп, қан жұққан саусақтарына қарады да, сосын бір уыс сақалын бұрып апарып жарасына жапсырды.

— Фу! — деді Суизин. — Мінеки, мына орамалмен сүртіңізші!

— Рақмет! — деп, венгр тағзым етті. — Бұл туралы тіпті ойламаппын да. Мың да бір рақмет.

— Ау, ұстасаңызшы! — деді Суизин зілдене. Неге екені белгісіз, қазір оған ең басты нәрсе осы сияқты көрінді. Орамалды венгрге беріп жатқанда өз қолының қатты ауырып кеткенін сезді. "Ал керек болса!... Сіңірі созылған-ау, шамасы" деп қойды ішінен.

Венгр көлденең өтіп жатқандарға көңіл аудармастан әлі де бірнәрсені мылжыңдай берген.

— Шошқалар! Сіз оларды қалай жан-жаққа лақтырды десеңізші! Екеуміз бірігіп бірнешеуінің басын жарғанымыз анық енді. Шошқа ғой олар, шошқалар!

— Айтыңызшы, — деді кенет Суизин. — Маған "Алтын Альпіге" қалай жетуге болады?

— Сіз не, менің үйіме кіріп, шарап ішіп шыққыңыз келмей ме? — деді венгр.

Суизин төмен қарап, ішінен: "Оныңыз бола қоймас" деп түйді.

— А! Демек сіз менімен дос болғыңыз келмейді екен ғой? — деді венгр ер көңілмен.

Суизин "кедейде де намыс бар" дегенді ойлады да, батылсыздау міңгірлеп:

— Қайтеміз, сіз солай десеңіз, көнеміз де, — деген.

Венгр риза кейіппен иіліп тағзым етті.

— Кешірерсіз мені!

Олар он шақты қадам жүрмей жатып, алдарынан торсық шеке, түбіт иек бір жігіт шыға келгені.

— Құдай үшін, қайыр етіңіздерші, мырзалар! — деп ол жалына тіл қатты.

— Сен неміссің бе? — деді Болешске.

— Иә.

— Ендеше арам қат!

— Мырза, маған қараңызшы! — жігіт пальтосының өңірін ашып жіберіп, жап-жалаңаш кеудесін көрсетті.

Суизин тағы да қаша жөнелгісі келген. Нағыз серілерге лайықсыз осы бір жайларға тым жақындап кеттім-ау деген жиіркенішті сезімнен ол әлі де құтылып болған жоқ еді.

— Бауырым, жүр бізбен бірге, — деді Болешске шоқынып алып жігітке.

Суизин серіктеріне сенімсіздеу көз қиығын тастады да, "жарайды, шешінген судан тайынбас" дегендей оларға ілесіп жүре берді. Тіпті көзге түртсе көргісіз дейтіндей қараңғыда олар жан-жағын сипалай жүріп, биік басқышпен жоғары көтерілді де, терезеден ай жарығы түсіп тұрған үлкен бір бөлмеге кірген. Өлеусірей жанған майшам. Бөлме ішінен райхан гүлінің, спирт пен темекінің иісі білінеді. Бір бұрышта бума-бума газет, оның жанында цимбала дейтін саз аспабы тұр. Қабырғаға көне тапаншалар ілінген. Үй жиһаздары өте ұқыпты жиналыпты, бірақ барлық жерде тұтасқан шаң. Камин жанындағы үстел үсті жуып-тазаламаған ыдыстарға былығып тұр. Бөлменің төбесі де, едені де қаралау тақтаймен жабылған. Үй жиһаздарының қолға түскенін ғана қоя салғанмен, олар көзге сүп-сүйкімді көрінеді. Венгр буфеттен шиша алып стақандарға шарап толтырып, оның бірін Суизинге ұсынды. "Қай жерде сүрінерімді кім білсін, дегенмен қайдан шықса, одан шықсын" деп ойлаған бұл стақанды жайлап аузына апара берді. Шарап әрі қою, әрі өте тәтті екен, дегенмен ішуге болатындай.

— Сіздердің денсаулықтарыңыз үшін, бауырлар! — деді венгр стақандарды тағы да толтырып.

Жігіт күттірмей-ақ тартып салды. Суизин де сөйтті; енді бұл жігітке аяй қараған.

— Ертең маған келіңіз, бірер көйлек берейін, — деді бұл оған.

Бірақ жігіт шығып кеткеннен кейін оған мекенжайын айтуды ұмытып кеткеніне бір жағынан қуанып та қалды.

"Бұның өзі дұрыс болды, — деп ойлады бұл. — Әрине, қайдағы бір алаяқ қой ол".

— Сіз оған не дедіңіз? — деп сұрады сосын венгрден.

— Мен оған: "Сені тойғыздым, шарап бердім, енді сен менің жауымсың" дедім, — деп жауап берді венгр.

— Дұрыс! Өте дұрыс! Қайыршылар әрқайсымыздың жауымыз, — деді Суизин.

— Сіз мені түсінбедіңіз, — деп венгр сыпайы қарсылық білдірді. — Бұған дейін ол аш-жалаңаш, қайыршы ғана болды... Кезінде менің де қайыр сұрағаным бар. ("Құдай-ау, мен кімдермен жүрмін өзі!" деп ойлады Суизин.) Ал енді мен тойындырған кезде кім ол? Кәдімгі неміс төбеті. Мен ешбір австриялық итке үйімді былғатқызбаймын!

Осыны айтқан кезде венгрдің тамағы қырылдап, мұрны таңырайып кеткенін Суизин байқап қалды.

— Мен қуғындағы адаммын. Менің халқым тұтастай қуғын көріп отыр. Бәрі де солардың кесірі, сол иттердің ылаңы.

Суизин бұған тез-ақ келісе салды. Осы сәтте есіктен біреу сығалаған.

— Рози! — деп венгр айқай салды.

Ішке бір жас қыз кіре берді. Ол өзі орта бойлы, жұмыр денелі, дөңгелек жүзді, жуан бұрымды бойжеткен екен. Маржандай тізілген аппақ тістерін ақсита көрсетіп, мөлдіреген қой көздерін анаған бір, мынаған бір төңкере тастап, күлімсірей береді. Қасы сәл көтеріңкі, жағы шығыңқы; бетінде таң шапағындай болмашы қызыл нұр ойнайды. Қанды көріп, шошына бетін басқан ол: "Маргит!" деді жан ұшыра біреуді шақырғандай. Бөлмеге одан жасы үлкендеу, бірақ бойы да кішірек тағы бір қыз кірді. Бұның қолдары сондай әдемі, көзі үлкен, еріндері қаймыжықтай, ал мұрны — кейінірек Маргаритті ауызға алғанда әкесі айтатындай — "үйрек тұмсықтау" көрінді. Екі қыз бірден әкелерінің жарақатын емдеуге кіріскен. Суизин оларға арқасын беріп отырды. Оның қолы ауырып, шыдатпай тұр еді.

"Көрінген жерге тұмсық тыға берсең, көретін күнің осы, — деп қойды ол ішінен. — Өстіп жүрсең, бір күні мойныңды сындырарсың!" Кенет ол өз қолының сыртынан біреудің жұмсақ алақанының табын сезген, сосын ту сыртына бұрылған сәтте... өзіне ұяңдау жымиып, мөлдірей қарап тұрған қызды көрді. Артынша "Рози!" деген дауыс естілді де, қыз зып етіп сыртқа шығып кетті. Суизин түс көргендей аңырып, тағы венгрдің жанында жалғыз қалған.

— Сіздің қызыңыздың аты Роза ма? — деді ол. — Бізде, ағылшындардың арасында да мұндай есім бар. Роза гүлдің аты ғой.

— Жоқ, оның аты — Рози, — деп венгр түзетіп қойды. — Ағылшын тілі өте қиын тіл. Ол француз тілінен де, немістер мен чехтардың тілінен де қиын, тіпті орыс пен румын тілдерінен де. Басқаларын білмеймін.

— Не? — деді Суизин таңырқап. — Сіз сонда алты тіл білесіз бе? — Ішінен өтірікті судай соғады екен деп ойлады.

— Сіз егер ылғи да басқалардан қысым көрген елде тұрсаңыз, ештеңеге таңданбас едіңіз, — деді венгр міңгірлеп. — Біз ерікті елміз, біз құрып барамыз, бірақ әзірге құрығамыз жоқ.

Оның не туралы айтып отырғанын Суизин мүлде түсінген жоқ. Осы бір қара сақалы ұйысқан, басын ақ дәкемен орап алған адамның сұсты жүзі, міңгірлеп сөйлегені, қыстыға жөтелгені — бәрі-бәрі Суизинге жиіркенішті көрінген. Өзі бір қияли біреу секілді. Алды-артына қарамай ойындағысын ашық айтып салатыны да әдепті адамның қылығы емес, бірақ осы қылығының өзі табиғи тазалығымен, сезімтал да сергек болмысымен Суизинді өзіне тарта беріп еді. Тіпті, бір қызығы, жайнап жанған қызыл шоқтың алдында адам қандай сезімге бөленсе, бұл да өз бойынан сондай бір сезімнің пайда бола бастағанын сезген-ді. Болешске бөлмеде ары-бері жүргенін қойып:

— Сонымен сіз бәрі бітті деп ойлайсыз ба? — деді. — Жоқ, әрбір мадьярдың жүрегінде лаулаған от барын біліп қойыңыз... Өмірден қымбат, ауадан қымбат, мына біз жұтып отырған ауадан да қымбат не бар деп ойлайсыз? Ол — Отан!..

Ол осы сөздерді биік рухпен нығыздап, шегелеп айтқаны сондай, Суизиннің тіпті, аузы ашылып қалып еді, бірақ артынша өтірік есінеген сыңай танытып үлгерген.

— Айтыңызшы, егер сіздерді француздар жеңіп кеткен болса, не істер едіңіздер? — деп сұрады Болешске.

Суизин жымиды, ал сосын біреу ұрып жібергендей айқай салған.

— Не? Бізді жаман Франстар жеңуі керек пе? Алдымен тұмсық тығып көрсін!

— Ішіңіз! — деді Болешске, — мұндай шарапты еш жерден таба алмайсыз. — Ол Суизиннің стақанын толтырып қойды. — Мен сізге өзім туралы айтайын.

Суизин орнынан асыға көтерілген.

— Кеш боп қалды, — деді ол — Ал шарап керемет. Сізде бұл көп пе?

— Жоқ, осы соңғы шиша.

— Қалай? Сонда бұны қайыршыға да құйдыңыз ба?

— Менің атым Стефан Болешске, — деді венгр басын маңғаз көтеріп. — Мен коморондық Болешскенің тұқымынанмын.

Осы сөздің кең тыныстан шыққанының өзі-ақ басқадай саған қандай түсінік керек дегенді білдіргендей еді. Бұл Суизинге жақсы әсер қалдырды да, әлі де отыра тұрғысы келді. Ал Болешске ауыз жаппай сөйлей берген.

— Қаншама қорлық, қаншама әділетсіздік... бейшаралық болды десеңізші. Мен өз Отанымның басына үйірілген талай-талай қара бұлтты көрдім... Австриялықтар бізді тұншықтыра қысып, бостандық атаулының сұлбасына дейін тартып алмақ болды. Ал біздегі қалғанның өзі — тек сол сұлба ғана еді... Екі жыл бұрын, қырық сегізінші жылы... ой, бауырым, қарғыс атсын оларды! Сол жылы еңкейген кәріміз бен еңбектеген баламызға дейін түп-түгел қолға қару алып, Отан қорғауға шықтық. Менің бүкіл тұқым-туыстарымның бірі де одан қалған жоқ, ал мен... Мен қаламды қару етуге тиіс едім. Бұйрық солай болған. Олар менің баламды өлтірді, бауырларымды түрмеге тықты, өзімді иттей ғып қаңғытып жіберді. Бірақ мен жаза бердім, жүрек қаныммен жаздым... бойымдағы бүкіл қанмен жаздым.

Болешске алып көлеңкедей көрінді. Арып-ашыған, қажып-талған ол көзін бір нүктеге қадаған күйі бөлме ортасында серейіп тұрды.

Суизин орнынан тұрып, кібіртіктеп тіл қатты.

— Сізге өте ризамын. Мен үшін бұл қызықты болды... Қарсы алдына қарап әлі де ойланып тұрған Болешске бұның кетуіне қарсы болған жоқ. Суизин:

— Cay болыңыз! — деді де, ауырлау басып, басқышқа қарай беттеді.

III

Ақыры түннің бір уағында қонақ үйге жеткен Суизин есік алдында абыржып тұрған сыңары мен досын көрді. Тракер — шотландық акцентпен шобырлау сөйлейтін, өз жасынан ертерек қартайған еркек еді.

— Тым ерте оралдың, достым, — деді ол кекеткендей. Суизин оған жауап ретінде мұрын астынан мыңқ ете қалды да, ұйықтауға кетті. Қолының шамалы кесілген жеріне қарап ызасы келген. Жазмыштан басқаны күтсе де, дәл осыны күтпеп еді. Сөйте тұра Рози еске түскенде, оның жұп-жұмсақ, ып-ыстық алақанын ойлағанда, жаңағы ренішті көңілдің бір түкпірінен әлдебір алдамшы, әлдебір жылы сәуле жылт ете қалғандай болды. Таңертең тамақ ішіп отырғанда сыңары мен Тракер сапарды одан әрі жалғастыру керектігін білдірген. Джемс Форсайттың түсіндіруінше, "коллекционер" үшін мұнда түк те жоқ екен, өйткені "көне" атаулыны сататын дүкендердің барлығы жөйттер мен алыпсатарлардың қолында көрінеді. Сөз ыңғайын Суизин бірден сезді, алдындағы кофе шынысын итере салды да:

— Сендер не істесеңдер өздерің біліңдер, ал мен мұнда қаламын, — деді.

Джемс Форсайт бастырмалата сөйлей жөнелді:

— Сен неге қаласың мұнда? Не бар саған мұнда? Бұл жерде адам қызығатын түк те жоқ, ескі қамалдан басқа! Оны да көрейін деген сенде ниет жоқ.

— Оны саған кім айтты? — деп Суизин дүңк етті де, қойды. Өз дегеніне көндірген соң, ол біраз жеңілдеп қалған. Қолын жібек шүберекпен асып алған еді, бұны ол аяғым тайып, құлап қалдым деп, бір-ақ ауыз сөзбен түсіндірген. Суизин таңертеңгі астан соң серуендеуге шыққан да, көпірге дейін жеткен. Жақұт таулардың ортасында үйлердің найзадай үшкір төбелері күн сәулесімен жарқырап тұрды. Тап-таза қалашық. Қайда қарасаң да, көз қуанады. Суизин қамал жаққа қарап тұрып: "Жаман қамал емес, бұны ешкім бұзып кіре алмайды десе, ешқандай таңданбас едім" деп ойлады. Бұл ой әлдебір қызық себеппен оның көңілін көтеріп тастады.

Сосын күтпеген жерден венгрдің үйін тауып алуға деген құлшынысы оянып шыға келген.

Екі сағат бойы сандалып іздеу мен шыжыған ыстықтан әбден қажып-шаршаған, бірақ бұдан бұрын өзінің қисайған жағына құламай тынбайтын қырсықтығына жыны келген Суизин тал түс шамасында, бір көшенің бойында маңайына алақ-жұлақ қарап тұрған сәтте, бас жағынан: "Мистер!" деген дауысты естіп еді. Көзін жоғары көтергенде, Розиді көрді. Ол дөңгелене біткен иегін қолына сүйеп, бұған ұялы терең көзімен қулана жымиып тұр екен. Суизин еңкейіп сәлем бергенде, қыз алақандарын шапалақтап қойды. "Қошемет көрсетіп жатыр, демек мені ұнатып қалған ғой" деп жорыды бұл оны. Өзінің серейген, қолапайсыз бойына қонымсыз болса да ол ширақ қимылдап келіп, өзін екі бірдей қыз күтіп отырған үйге кіре берді. Сосын, неге екені белгісіз, қайдағы бір шет тілінде сөйлегісі келіп еді.

— Мадемуазель, — деп бастады ол, — гм... э... э... bond joup2 э-э... сіздердің әкелеріңіз — pere comment3?

— Біз де ағылшынша сөйлей аламыз, — деді үлкені. — Өтінем, кіріңіз.

Суизин алабұртқан көңілін басып, ішке кірді. Бөлменің жайсыз, күтімсіз, көзге қораштығы күндіз анық байқалады екен, құдды одан қашқан, бұдан қашқандар мен тағдыр тәлкегіне ұшырағандардың бас қосатын орны тек осы жер секілді. Суизин жайғасып отырды. Оның көзқарасы: "Мен шетелдікпін, бірақ мені қуып шығу қиын. Ал қайтесіңдер!" деп тұрғандай еді. Қыздар оған үнсіз қарай берді. Рози үстіне қысқа қара белдемше мен ақ кездеме көйлек киіпті; иығына тоқыма шәлі жапқан; ал апайының кигені — қара-жасыл көйлек, мойнында — аппақ тастар тізілген ұзын алқа... Екеуі де шаштарын бұрымдап өріп алған. Бір минуттай үнсіздіктен кейін Рози оның қолындағы жарақатын сипап көре бастады.

— Түк емес, — деп, Суизин қолын сілтей салды.

— Төбелескенде әкейдің қолында орындық болыпты, ал сіз құр қолмен... — деді Рози таңданғандай боп.

Суизин сау қолының жұдырығын түйіп алып, біреуді ұрғандай қатты сілтеп қалды. Рози мазақ қылғандай күліп жіберді. Бұған оның шамы келді де, жаңағы сау қолын ауыр үстелдің астына тығып жіберіп, оны жерден тік көтерген. Рози қолын шапалақтап: "О-о! Міне, енді сіздің қандай күшті адам екеніңізді байқадым!" деді мәз болып. Сосын сәлем бергендей тәжім етті де, терезеге қарай жалт бұрылды. Оның ойнақы да ұшқыр көзқарасы Суизинді абыржытып тастаған: ал сосын Розидің әлдебір затқа бұны жанай қарап тұрғандай болуы Суизинді одан сайын қысылдыра түсіп еді. Ол Маргиттен: бұлардың барлығы екі жылға жуық Англияда тұрғанын, әкелері онда шет тілінен сабақ беріп, күнкөріс жасағанын білді. Ал қазір бір жыл бойы осында, Зальцбургте тұрып жатқан көрінеді.

— Біз күтіп жүрміз, — деп мәлімдеді тосыннан Рози, оны Маргит та қостап қойды.

— Иә, біз күтіп жүрміз.

Суизиннің көзі бақырайып кетті: Олардың нені "күтіп жүргендерін" сондай білгісі келді. Қандай қызық жандар, бұның өңменінен тесіп өткендей өткір көздерімен әлдебір жаққа қалай қызық қарайды десеңші! Ол қыздарға қадала көз тастап отырды. "Бұларды жұтындырып киіндірсе ғой" деп ойлады, сосын Розиді жаңа үлгімен тігілген қынама бел белдемшемен, етімен ет боп тұратын тарлау көкірекшемен, әдемілеп қиылған қысқа шашпен елестетіп көрді. Иә, осындай қою шашты, қолдары да сондай нәзік қызды қалай киіндірсең де жарасар еді! Енді бір сәтте ол өзінің қолы мен бетіне, киген киіміне қарап, ыңғайсыздана берді. Ендігі жерде осы бір шаң басқан, тозып біткен, қай жағынан да жайсыздау бөлме бұған жиіркенішті көрінген. Ол орнынан тұрып, қабырғада ілулі тұрған тапаншаларды қызықтай бастады. Артынша: "Сыраханадай мүңкіп тұр!" деп, мұрнын тыжыртты да, Розиге жақын келіп отырды.

— Сіз билей аласыз ба? — деді қыз. — Би дегеніңіз ғажап қой! Музыка естілсе болды, аяғың қозғала бастайды. Керемет! Алдымен жайлап бастайсың... сосын тезірек, тезірек... әрі-беріден соң ауада қалқып бара жатқандай боласың, басқа ештеңені сезбейсің!.. Ой, қандай тамаша!

Суизиннің өңі біртіндеп қызара түсті. Рози одан көз алмастан сөйлей берді:

— Ой-ой! Мен билеп жүрген сәтте... көз алдыма не келмейді дейсіз... шалқыған көл, жазира дала... ал аяғыңмен бір-екі-үш... бір-екі-үш...тезірек, тезірек, тағы да тезірек, сонда ұшып бара жатасың...

Қыз бойын тіктеп алған кезде, бүкіл денесі дірілдеп қоя берген. "Маргит, кел билейік!" дегенді естуі сол-ақ, Суизинді екі қыз таң-тамаша етіп, бір-бірінің иығына қол салып алған да аяқтарымен еденді тарсылдата ұрып, бірде олай, бірде бұлай теңселе жүріп, қалықтай жөнелген. Көздерін жұмып, бастарын шалқайтып енді бір мезетте аяқтары бірден жылдамдай түсіп, бірде оңға, бірде солға қарай құстай ұшып жүрді де, ақыр соңында бұның тура алдында шыр көбелек айнала берген. Суизин райхан гүлінің хош иісіне бөленді. Бөлмеге Болешске кіріп келгенде, қыздар әлі де дөңгелене билеп жүр еді. Ол Суизиннің қолын қос қолымен қысып тұрып:

— Қош келдің, бауырым. А, сіздің қолыңыз жарақаттанып қалып еді ғой! Мен кешегіні әлі ұмытқам жоқ, — деді. Оның шүңірейген көздері мен сарғайған өңінен бұған деген алғыс нышаны анық білініп тұрды. — Менің досым — барон Кастелицті сізге таныстыруға рұқсат етіңіз.

Суизин биялай киген қолын кеудесіне басып, байқатпай баспалап кірген тайқы маңдай адамға бас изеді. Оның бүкіл болмысы мысық сияқты көрінді. Суизин оны бірден ұнатпады, тіпті жек көре қарады. Болешскенің бойында да соған ұқсас бірдеңе болғанмен оны жек көру мүмкін емес-ті. Мүмкін бұның өзі оның зор денесінің мысы басып тұратынынан шығар, әлде досқа деген адал сезімінің күштілігінен болар, әлде бет-жүзінің қандай да бір сұстылығы мен ызбарлығынан ба, тіпті болмаса оған деген қарапайым ілтипаттан ба екен — әйтеуір бұл адамға басқаша қарау қиын-ды. Ал мына көзі ойнақшып тұрған тайқы маңдай, жұқа ерінді Кастелиц дегеннің алдында Суизин өзін әлдеқайда жоғары сезінген. "Сіздің достарыңыз — менің де достарым ғой," — деді Кастелиц сыпайы ғана. Суизин оның тілін шайнап сөйлейтінін байқады. Осы сәтте бөлмеде әлдебір музыкалық дыбыс ұзақ дірілдеп тұрып алған. Ту сыртына бұрылған Суизин Розидің цимбала алдында отырғанын көрді. Оның қолына ұстаған кішкентай балғасының астынан металл дыбысы жаңғырып шығып жатты; бұл жай дыбыс емес, бірде көкке өрлеп, енді бірде құлдырай төмен құлап, сан құбылған әдемі бір әуен еді. Кастелицтің ұшқын атқан көздері Розиге қадала қарай қалған. Болешске басын шұлғи отырып, өз аяғының астынан көз алар емес. Ал өңі бозара түскен Маргит тас мүсіндей сіресіп, қозғалыссыз тұр еді.

"Мұнда не керемет бар? Осы да музыка ма?" деп ойлады Суизин. Сосын қалпағына қол соза берді. Бұны аңғарып қалған Рози ойнағанын бірден қоя қойған, реніштен еріндері сәл-пәл дірілдеп кеткендей болды. Қыздың ренжіп қалғанын Суизин де сезіп, оны тіпті аяп кетті. Ал Рози болса, орнынан ұшып тұрған да, ернін бұртитқан күйі теріс бұрылып кеткен. Осы арада Суизинге кенет бір ой келгендей:

— Сіздерді түстікке шақыруға қалай қарайсыздар? — деді Болешскеге бұрылып. — Ертең досыңызбен бірге"Алтын Альпі" қонақүйіне келіңіз.

Ол отырғандардың назары түп-түгел өзіне ауғанын аңғарды. Бұған венгрдің әдемі көздері де, бақырая түскен Маргиттің көзі де, ренішті, қысыңқы Кастелицтің көзі де, ең соңында Розидің көзі де қадала қалған. Суизин өзіне-өзі сүйсінгендей еді. Бірақ сыртқа шығысымен: "Осы мен не істедім!" деген ой жанын жегідей жей бастаған. Біраз жерге барған соң, артына бұрылып, терезеден қарап тұрған қыздарға жымия қол бұлғаған болды. Осы бір сәттік көңілсіз жайға қарамастан, Суизин күні бойы әлдебір әдемі әсерге бөленіп жүрген; ал түскі ас үстінде өзінің сыңары мен Тракерге жұмбақтау көз сала отырып: "Өмір туралы бұлар не біледі? — деп түйді. — Бұлар мұнда бір жыл тұрса да ештеңе көре алмай кететіні анық". Ол көңілді еді, қалжыңға да басты, тіпті даяшының арқасына ас мәзірін түйрей жапсырып жібергені де бар, сөйте отырып, ақыры:

— Бұл жер маған ұнайды. Мен мұнда әлі де үш аптадай бола тұрам, — деп қойып қалды.

Аузына бір түйір мейізді сала берген Джемс таңданғаннан қақалып қала жаздап еді.

IV

Қонақтарын түстікке шақырған күні Суизин қатты толқыған. Болешске қалай киініп келер екен деген ойға дейін басын қатырғаны бар. Мейрамханада адамдардың аз болатын мезгілін шамалап, түстік уақытын әдейі ерте белгілеген. Өзі әдеттен тыс әдемі киінді, қолының ауырғанына қарамастан, оны таңып алған шүберекті шешіп тастады...

...Ол үш сағаттан соң өзінің қонақтарымен бірге "Алтын Альпіден" қызара бөртіп шығып еді. Күн ұясына қонған, жарығы семіп бара жатқан аспан аясында жағалау бойындағы үйлердің сұлбасы бірден көзге ұрады; көшеде үйлеріне асыққан адамдардың қарасы молая түскен. Басы тұманданып келе жатқан Суизин аяқ астындағы жерді де, жерде шашылған бос шөлмектерді де бұлдыр-сылдыр ғана көреді және... дүниеде өзінен өткен құдірет жоқ сияқты көрінеді. Әлгінде, дастархан басында айтқан өзінің небір ақылды сөздері, сосын залдың бір бұрышында бұған таңырқай қарап отырған сыңары мен Тракердің мүскін кейпі есіне түскенде, масаттана жымиып қояды. Қонақтарының алдында өзін жоғары көрсеткісі келіп, мүмкіндігінше денесін тіп-тік ұстап, аяғын кердең-кердең басуға тырысады. Шындығында, ол мейрамханадан соң қай жаққа, қандай бір оймен кетіп бара жатқанын да анық түсінген емес. Көз алдында тек өзін ынтықтыра түскен Розидің ойнақшыған жүзі ғана тұрды. Бір-екі рет Кастелицке де жеп жіберердей жек көре қарап қойған. Ал Болешскеге керісінше достық пейіл танытып, өткен жолы оның бір бокал шарапты бір демде қалай төңкере салғанын ризашылықпен еске алды. "Оның ішісі маған ұнайды, — деп қойды ішінен. — Қалай дегенмен ол джентльмен ғой!"

Болешске ешкімге көңіл аудармай, біртүрлі екпіндей жүріп келе жатты. Кастелиц енді мысықтан тіпті аумай қалған. Бұлар собордан алыс емес бір кішкентай көшеге жетіп, әлдебір үйдің жанына тоқтағанда, мүлде қараңғы түсіп үлгерген. Бұларға есікті бір кәрілеу әйел ашты. Оның абыржыған көзқарасы, таза ауадан кейін қолқаны қысқан дәліздің қапырық ауасы, және сарт етіп жабылған есіктің дыбысы Суизинді сергітіп жіберді.

— Мен оған сіз үшін туған баламдай жауап беретінімді айттым, — деді Болешске бұған бұрылып.

Суизин ашуланып қалды: бұл үшін жауап беретіндей кім еді ол!

Олар әйелдер мен еркектер лық толып отырған үлкен үйге кірді; барлығы өзіне бұрылғанын Суизин сезе қойған. Өз кезегінде ол да отырғандарды түгел шолып өтті; мұнда әр түрлі тектің өкілдері бас қосқан екен; біреулері фрак пен жібек киген, енді бірінің үстінде қарапайым жұмыс киімі; былғары алжапқышты етікші де осында, бейне ол жұмыс үстінен жүгіріп келген секілді. Болешске Суизиннің иығына қолын салып тұрып, сөйлей бастады, тегі бұның кім екенін таныстырып жатса керек. Бұдан соң оған қол созғандар көбейіп кетті, ал алысырақ тұрғандар бас изесті. Оларға жауап ретінде Суизин де салмақты түрде бас изеді де, сосын отыра бастаған жұртпен бірге өзі де креслоға жайғасты. Артынша біреулер бұның атын атап, сыбыр ете түскенін естіді — сөйтсе... арт жағында Маргит пен Рози отыр екен.

— Қош келдіңіз! — деді Маргит, бірақ Суизин Розиге қарады.

Оның сондай бір мазасызданып, абыржып тұрғаны байқалады. "Бұларға не болған? — деп ойлады Суизин. — Бірақ қандай жағдайда да осы қыз тым сүйкімді-ақ!.." Рози қолдарын артына жылдам жасыра қойды да, көз қиығын тағы да бұның тұсынан асыра, алысқа қарай қадады. "Не боп жатыр өзі?" деп ойлады Суизин дегенмен...бір сәт креслоға шалқасынан жата қап, қыздың ернінен құшырлана сүйгісі келіп кетті. Сөйте отырып, бәрінің назары бір жаққа ауған осы жұрттан бұл қыз не көріп тұрғанын түсінгісі де келді. "Не? Тағы да анау антұрған музыка ма?" деді бұл ішінен. Маргит бұған еңкейе түсіп: "Тыңдаңыз,бұл Ракоци! Тыйым салынған марш!" деп, сыбыр ете қалды. Суизин арт жағында енді Розидің жоқ екенін білді. Демек тыйым салынған маршты сол ойнап отыр екен ғой. Ол жан-жағына көз салды — маңайы ерекше әсерге бөленген, қыбыр еткен пенде жоқ, ызғарлы үнсіздік. Күңіренген әуен, осы әуеннің өзі де ыза мен кекке батқандай. Суизиннің өзіне-өзі жыны келді. "Құдай-ау, мен осы қайда тұрмын?" деп ойлады. Маңайындағылардың қас қақпай тұрып музыка тыңдауының өзі сұмдық үрейлі еді...

"Бұл жерден тезірек сытылып кету керек, — деді қара терге түскен Суизин кресло жақтауын қыса ұстаған күйі. — Нағыз топалаңды музыка біткенде көресің". Бірақ жаңағыдан бетер өлі тыныштық орнады. Мыналардың көзіне қазір жау көріне қалса, түтіп жейтіні сөзсіз деген ой келді Суизинге. Бір әйел еңкілдеп жылап жіберді. Бұдан әрі шыдау мүмкін емес еді, Суизин орнынан тұрып, ұрлана басып сыртқа беттегені сол.. біреу "Полиция!" деп айқай салды. Сол-ақ екен, бірін-бірі итерген жұрт жапа тармағай есікке лап берді. Бұл уақытта Суизин есікке жақындап та қалған, бірақ артқа бір мойын бұрған сәтте, Розиді әлдекімнің аяқтан қағып жібергенін байқап қалды. Үрейден иманы ұшқан оны көргенде Суизиннің басына қан шапшыған. "Жоқ! Әулекі әуенімен жұртты жынды қылуға жеткізсе де, дәл мұндай жазаға ол лайық емес", — деп, ызаға булыққан Суизин жұртты бұзып-жарып, кері ұмтылған Розиге. Қолы іліккен бойда қыз бұған жабыса берді, балғын дененің от-қызуы тұла бойын шарпып өткендей болды. Өстіп оны қапсыра құшақтаған күйі қалың нөпірді қоғадай жапырып, көшеге бір-ақ шықты.

— Қатты қорқып кеттім! — деді Рози.

— Қорықпаған да ше, — деп, Суизин күңк етті де қойды. Қыз құшағынан босаған ендігі сәтте бұның көңілі тағы да құлази түсті.

— Сіз сондай күшті екенсіз, — деді Рози сыбырлап.

— Сізге мұнда қалуға болмайды, — деді бұл әмірлі түрде. — Мен үйіңізге дейін шығарып саламын.

— Ой! Папам мен Маргитті қайттік ? — деді Рози абыржып.

— Қайтетіндерін өздері біледі, — деп Суизин қызды жетелей жөнелді.

Рози бұның қолынан ұстап алған. Оның денесі өз денесіне әрбір жеңіл тиіп өткеніне дейін бұл ап-анық сезіп келе жатты, бұның өзі Суизиннің жынын тіптен қоздыра түсіп еді. Әрине, оған деген ашуының орынсыз екенін де білген, алайда ішіне ащы запырандай тола түскен осы бір ашудың сыртқа лықсып шығуына шақ қалған-ды. Сондықтан да болар, жол бойы бір ауыз тіл қатқан жоқ. Рози де үндемеді, тек үйіне тақағанда ғана қолын босатып алып:

— Ашуланып тұрсыз ғой? — деді.

— Ашуланып? — деп, Суизин жорта таңданыс білдірді. — Жо-жоқ! Оны қайдан шығардыңыз?

— Жоқ, сіз ашуланып тұрсыз, — деді Рози қайталап. — Папам мен Маргитті мен осы жерде күтейін.

Қабырғаға сүйене тұрып, Суизин де оларды күтуге қалған. Жаратылысында бұның көзі өткір еді, Розидің өзіне бір емес, екі рет ұрлана, жалынышты қарап қойғанын байқап қалды да, осыдан бір ерекше ләззат алғандай болды. Арада бес минуттай өткенде Болешске, Маргит, Кастелиц те жеткен. Розиді көргенде олар қатты қуанып қалып еді. Кастелиц тіпті Суизиннің көзінше оның қолын ерніне тоса берді. Ал Суизин Розидің көзінен: "Сіз не қарап тұрсыз?" дегенді сезген-ді. Бірақ шұғыл бұрылды да, кете барды.

V

Суизин сол күнгі түнді ұйқысыз өткізді — ғұмыры дәл мұндай қиналмаған шығар. Түннің бір уақытында төсегінен атып тұрып, майшам жақты да, айна алдына барып, өз бетіне ұзақ үңілді. Бұдан кейін шамалы кірпігі ілініп еді, қайдағы-жайдағы түстен тағы мазасы кетті. Ояна салып бірден: "менің бауырыма бірдеңе болған екен" деп түйді. Басын суық суға бір тығып алып, жылдам киінді де, көшеге бет алды. Біраздан кейін қонақүй артта қалған. Шөп басы түгел шыққа шыланыпты. Бұта-қарағанның арасында қара торғайлар безек қағады. Ауа тап-таза, шыныдай мөлдіреп тұр. Бұл бала кезінде де дәл осылай ерте тұрып көрмеген. Ендеше не жетті бұған? Таң атпай дымқыл орманды кезіп кеткені несі? Сірә, жынданған шығар. Әйтпесе, есі дұрыс адамның тірлігі ме бұл? Суизин кенет қаққан қазықтай бір орнында тұрып қалды да, сосын кібіртіктей басып кері бұрылды. Қонақ үйге жеткен соң, ол қайтадан төсегіне құлаған. Бір мезет көзі ілініп кеткен екен... қайдағы бір белгісіз елде жүр екем дейді — бөлмеде қаптаған құрт-құмырсқа, ал қолдарына шөтке ұстаған үй күтуші мен Рози бұған мұңая қарайды. Байқауынша, өзі тезірек бір жаққа кетуі керек болған да, қолжүктерін жинап-тазалап, оларды күні бұрын аттандырып жіберуді Розиге тапсырған сияқты. Бұл жұмыс үшін жиырма екі шиллинг төлеуге тиіс екен, оны тым қымбатсынып тұрғандай. Ол не істерін білмей қиналған сыңай танытады да: "Жоқ! Бұл жүктерді өзіммен бірге алып жүрем!" дейді ақыры. Үй күтушісі кенет әлде бір құбыжыққа айналып кетеді... Бұл шошып оянды.

Көзіне бірінші ілінгені — суға шылқыған бәтеңкесі. Басқа заттардың бәрі де бұған үрейлі, жиіркенішті көрініп кетті де, орнынан ұшып тұрып, киім-кешек, жүктерін шамаданға асығыс сала бастады. Ол барлық затын жинап алып төменге түскенде, сағат он екі де боп қалған, сыңары мен Тракер екеуі алдағы сапар жөнінде ақылдасып отыр екен, олардың таңданысына қарай бұл да бірге жүретінін білдірді; күндегідей қайда болғанын тәптіштеп те жатпай, бірден тамаққа кірісті. Джемс осы араға жақындау жерде тұз шығатын бір кен орны барын естіпті, соны ол жол-жөнекей көре кетелік, көп болса бір сағат уақытымыз кетер деген ұсыныс жасады. "Тұз шығатын кен орнын көрдіңдер ме деп бәрі сұрайтын болады. Мен оны көрмедім деп қалай айтам, ұят қой, — деді ол — Тұз кенін көре алмасаң, соншама алыс жерге несіне бардың демей ме біреулер..." Бұған қоса ол екінші даяшыға шәй үшін ақша берсем бе, бермесем бе деп және қиналғаны бар. Бұл сараңдық дегенді қойсаңшы!

Барайық, бармайық деген дау басталды. Суизин түнере отырып, тамағын іше берді; менің өз уайымым өзіме жетерлік деп қойды ішінен. Кенет... көшенің арғы бетінде кішкентай себет ұстап бара жатқан Рози мен Маргитті көзі шалып қалды. Суизин орнына ұшып тұрған сәтте Рози де бері қарай мойын бұрып үлгерген. Сондай сүйкімді жүз! Сүйірлеу иек... Бұртия қалған төменгі ерін... аққудай бұрылған мойын... Неткен керемет! Суизин: "Өздерің келісе беріңдер, мені қайтесіңдер" деді де, залдан жүгіре шыға жөнелді. Аң-таң болып Джемс қалды артында.

Бірақ Суизин сыртқа шыққанда, қыздар ғайып болған. Ол көлденең бір арбакешті тоқтата қойып, күймеге секіріп мінді де, таяғымен нұсқап: "Айда!" деді бір-ақ. Доңғалақтар тастарды тарсылдата ұрып, алға ұмтылды. Суизин жастыққа шалқая жатып, жан-жағына қас қақпай қарады да отырды. Біраздан кейін қыздарды табам деген үміті де үзілген, дегенмен арбакешті қала бойымен қуа беруден жалыққан жоқ. Сөйтіп көше-көшені түк қалдырмай адақтап шығып, ақыры қала сыртына шығып кеткенін де байқамай қалған. Өстіп күні бойы салдырлаған күйме үстінде отырып, арбакештің аттарды үсті-үстіне айдауын бір тоқтатпап еді. Тұла бойын құтырынған бір шыдамсыздық билеп алған. Бұның бәрі де ақыры деревнялық бір кішкентай трактирден жүрек жалғап алумен біткен. Қырсыққанда, оныңа тамағы ит ішкісіз екен.

Әбден қараңғы түскенде үйге оралған Суизин өз бөлмесінен Тракер жазып қалдырған бір жапырақ қағазды тауып алды. "Осы сенің есің дұрыс па, достым? — депті ол — Бұдан әрі біз уақытымызды босқа жібере алмаймыз. Егер бізге қосылғың келсе, Венецияға кел, Даниелли қонақүйіне". Суизин бұны оқыды да күлді, сосын қатты шаршағанын сезіп, бірден төсегіне құлаған. Бұл күні ол тұяқ серіппей ұйықтап еді.

VI

Арада үш апта өтті, бірақ Суизин әлі де Зальцбургтен табан жылжымаған; рас, бұл күндері ол бұрынғы "Алтын Альпіде" емес, Болешскеге таяу жердегі бір дүкеннің үстінен шағын пәтер жалдап алып еді. Осы бір күндері тек гүл сатып алу үшін ғана бар ақшасының жартысы кеткен шығар. Әр сәт сайын оның әкелген шоқ-шоқ гүлдеріне Маргит қатты қуанғанмен Рози нақ солай болуға тиістідей-ақ оларды енжар ғана қабылдап: "Үлкен рақмет" дейтін де, айна алдында әр тал гүлді шашына қыстырған күйі ұзақ тұрып алатын. Суизин оған біртіндеп таң қалуды қойған — енді олар не істесе де бұны қызықтырмайтын еді. Бірде кешкілік ол Болешскенің әлдебір жүдеулеу, өңі бөздей бозарған біреумен маңызды бір мәселе төңірегінде әңгімелесіп отырғанының үстінен түсті. — Біздің досымыз — мистер Форсайт. Ал мына кісі Граф Д, — деп таныстырды бұларды ол.

Графтың сырт пішіні Суизинге былайша құрметпен қарауға тұрарлықтай көрінген, бірақ бұтындағы шалбарына қарап: "Бұл пәтшағар графқа дым ұқсамайды екен", — деп қойды. Сосын жым-жырт отырған қыздарды мазақ еткісі келгендей басын иіп, тағзым еткен болды да, іле қалпағына қол созған. Алайда алакөлеңкелеу алдыңғы бөлмеден өтіп, төмен түсе бергенде, арт жағынан аяқ дыбысы естілген. Бұл Рози еді. Төменге жүгіре түсіп келе жатқан ол қараңғыда ешкімді байқай алмай, қапы қалғандай кеудесін қолымен баса берді. Сосын жылдам кері бұрылған сәтте, тура жанында тұрған Суизинді көрген. Суизин оның қолынан ұстай алды. Ол қолын тартып ала қойды, артынша сыңғырлай күліп, кері қарай жүгіре жөнелді, сонан соң баспалдақтың орта тұсында тоқтай қалып, бұған жұмбақтау бір қарап алды да, кете барды, Суизин не істерін білмей абдырап қалған, әлдебір өкініш өзегін өртеген, бірақ кері бұрылудың жөні жоқ еді...

"Бұл қыз маған не айтқысы келді екен?" деп ойлады артынша.

Иә, соңғы үш аптада осындай мазасыз ойлар бұның санасын сансыратып жіберіп еді: осы Рози мені шынымен сүйе ме? Әлде уақытша алданыш қылып жүр ме? Жалпы мен осында не ғып жүрмін осы?" деген сұрақтардан әбден қажығаны бар. Кейде түн ортасында тұрып, құдды шам жарығымен бірдеңе істейтіндей балауыз шырақты жағып қояды, сонан соң әлдеқашан оты өшкен темекісін қолына ұстаған күйі қабырғаға тесіле қарап, самал жел лекіген терезе алдында ұзақ-ұзақ үнсіз отырады да қояды. Ал таңертең: "Жетті! Кетем!" дейді де, жүктерін жинастыра бастайды. Өстіп екі рет тіпті күйме де шақырып қойған. Бірақ екі ретте оны қайтарып жіберген. Нені көздеп, неменеге үміттеніп жүргенін, қандай шешімге келу керектігін өзі де білмейді — ойлайтыны тек Рози, бірақ оның жұмбақ қылықтарының сырын түсіне алмай тағы дал болады. Ал Болешске? Суизин оны көрсе-ақ болды "Құдайым-ау, болмағанда үсті-басын таза ұстаса етті" деген ой көкірегін тырнап өткендей болады. Сондай мезетте өзінің әдемі галстугына қолының қалай жүгіріп кеткенін де сезбей қалатын. Бұл адаммен сөйлесіп те жарымайсың. Айтатыны тек қана — бостандық, теңдік, бұл жолда өзін құрбан ету! "Осындай мылжың сөзді қойып, маңызды бірнәрсемен неге айналыспайды бұл?" деп ойлайды Суизин. Оның әр нәрсеге сенімсіздігі, ылғи да өзін-өзі кем сезініп отыруы, онымен қоймай жоқтан өзгеге торығуы Суизиннің ызасын келтіреді. "Құдай атқан бейшара ғой бір, — дейді сонда бұл ашуланып.

— Шүкіршілік, құдай маған мұндай сезім бермеген! Сөйте тұрып тәкаппарлығын қайтерсің! Кедейдің кербездігінен без! Кейбір қылығы тіпті ақылға сыймайды!" Бір күні кешкісін Болешске үйіне удай мас болып келген. Суизин оны жатын бөлмесіне апарып, шешіндіріп жатқызып, ұйықтағанша жанында отыруға мәжбүр болып еді. "Бұнысы енді өрескел! — деп түйді бұл — Өлесі мас. Қыздарының алдында. Ұят-ақ!.." Осы қаладан безініп, күйме шақырғаны да содан кейін еді. Ал екінші рет жүктерін жинастыруға себеп болған нәрсе — кешкі ас үстінде Болешскені былай қойғанда, Розидің өзі тауықты қолына ұстай отырып, оның сирағын сипалай бергені...

Таңертеңгілік Суизин таза ауада темекісін рақаттана тарту үшін "Мирабель" саябағына жиі баратын. Бетіне күн түспес үшін қалпағын еңкейте киіп алып, кей күндері қаз-қатар тізілген мәрмәр мүсіндерді тамашалап, ұзақ-ұзақ қыдырушы еді. Бұл мүсіндерде бақытсыздау әйелдерді батырсымақ еркектедің ұрлап бара жатқаны бейнеленгені де қызық-ты.

Ал келесі бір күні, әлгі Рози бұны баспалдақ түбінде қалдырып, жүгіре жөнелген күннен кейін, Суизин әдеттегідей тағы да сол саябаққа келген. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ, көне саябаққа күн де нұрын мейірлене төгіп тұрды; баяғы қаз-қатар мүсіндер, сыңсыған жеміс ағаштары: алма, өрік, шабдалы...

Суизин күнде өзі келіп демалатын орындыққа тақай бергенде... онда отырған Розиді көрді.

— Қайырлы таң! — деді тілі күрмеліп. — Бұл менің орындығым екенін сіз білуші ме едіңіз?

— Иә, — деді қыз ақырын ғана. Жүзінен ыңғайсызданып қалғаны білінді.

Әуелде Суизин де абдырап қалып еді.

— Сіз маған өте бір қызық мінез көрсетіп жүргеніңізді сезесіз бе?

Бұны таңдандырғаны сол — Рози өзінің сондай нәзік, сондай жып-жылы қолын бұның қолының үстіне қойды, ал сосын ештеңе айтпастан орнынан ұшып тұрып, жүгіре жөнелді. Суизин есеңгіреп қалғандай еді. Маңайы толған адам, қыз соңынан тұра ұмтылуға алғашында ыңғайсызданды да, дегенмен оны көпірге жеткізбей қуып жетіп, қолынан ұстай алды.

— Сіздің бұныңыз не? — деді ол — Неге қаштыңыз? — Рози күлді, — Суизин өз қолын жұлып алып, Розиді қапсыра құшақтап сілкілеп жібергісі келді, бірақ артынша бұл райынан қайтып, біразға дейін үнсіз жүріп отырды да, бір мезетте:

— Құдай үшін, айтыңызшы, саябаққа сіз неге келдіңіз? — деді.

Рози оған жалт бұрылып:

— Ертең карнавал болады, — деді салмақты түрде.

— Ал болсын делік, — деп Суизин күңк ете қалды.

— Егер сіз шақырмасаңыз, біз оған бармаймыз.

— Ал, мен қарсылық білдірсем ше? — деді бұл түнеріп. — Менен басқа да талай сері табылып қалар о жерден...

Аяғын жылдамдай басқан Розидің еңсесі түсіп кеткендей көрінді.

— Жоқ, — деді қыз сыбырлап. — Егер сіз бармасаңыз, мен де бармайын.

Суизин оның қайтадан қолынан ұстаған. Қандай жұмсақ, қандай ыстық қол десеңші. Суизин қадалып тұрып қыз бетіне қарағысы келді. Бірақ бұл уақытта олар үйге де тақалып қалып еді, Суизин әлдебір белгісіз себеппен ешкім екеуінің қатар келе жатқанын көріп қалмауын қалады да, қыздың қолын босатып тұрып: "Сау болыңыз!" деді жай ғана. Сонан соң Рози көзден таса болғанша соңынан ұзақ қарап тұрған, ол тек недәуір уақыттан кейін ғана кері бұрылып, тағы да саябаққа беттеген... Әлгінде Рози отырған орындыққа жеткен соң, қайтадан оған жайғасып, темекісін тұтатып, мәрмәр мүсіндерді қызықтаумен көпке дейін үнсіз отырып еді...

VII

Тақтайлардан уақытша жасап қойған ойын-сауық отауларының маңайы құжынаған халық. Суизин қыздардың қолынан ұстап жүруді өзінің міндеті деп білген. "Жексенбі күні Лондон түбінде серуендеген клерктердің шеруі сияқты екен" деп ойлады ол. Бірақ осы бір көріністер оның жүйкесіне тиіп келе жатқанын қыздар аңғарған жоқ, у-шуы мол, сығылысқан осынау қалың нөпір ішіндегі әрбір дыбыс-дауыстың бәрі олардың жандарына қатты жаққандай, мәз болып, күле береді.

Суизин қыздарға сынай көз салып қояды: олардың жоқтан өзгеге таңданып, тамсанып, кейде қаттырақ сөйлеп, бір-бірімен шүйіркелесе кетуі бұған жабайылау көрінген. Адамдар тағы бір тұста иін тірестіре түскенде, ол Маргиттен қолын босатып ала қойып еді, алайда енді құтылдым-ау дегенде, әлгі жарамсақ қол қайта өзіне жабыса берген. Суизин оны тағы да босатып алғысы келгенде, әбден көңілденіп алған Маргит тіптен бұның қолына құлай түскен. Суизин енді бұл сәтсіздікке кекесінмен ғана қарауға мәжбүр болған-ды. Ал Рози өзіне қабыса жақындаған сәтте, оның бетінен шарпыған ыстық леп те жымия күлген әдемі еріндері мен жұмбақтау ұшқын атқан қарақат көздері де Суизинді ерекше бір сезімге бөлегені бар. Енді бір мезетте қыздар әлдебір сыған әйелімен түсініксіз тілде сөйлесе кеткенде, бұл олардың әңгімесі біткенше сәл шеткеріректе күте тұрды. Күтіп тұрып сығанның арық тарамыс қолдары мен ұзын қара бұрымына жиіркенішті көз салды. Рози оған алақандарын тосқанда: "Қандай ақымақтық!" деп теріс айналған, ал сыған әйел қызға бірдеңе айтып тұрып, бұған оқты көзімен қарап еді. Рози кенет қолын жинап алып, шоқына бастады. "Бұдан өткен надандық бар ма!" деп ойлады Суизин тағы да. Сосын қыздарды қолынан жетелеп, аулаққа қарай сүйрей жөнелді.

— Әлгі қақпас кемпір не дейді? — деп сұрады ол Рози тек басын шайқады да қойды. — Сіздер қалайша оларға сенесіздер?

— Сығандар өте көреген, — деп Рози сыбырлай тіл қатты.

— Жә, жә, сонымен не айтты ол?

Рози жан-жағына жылдам көз салып өтті де, жүгіре жөнелді. Бұлар қалың жұрттың арасын біраз сүзіп жүріп, оны әзер тауып алды. Суизин ызадан булығып оған дүрсе қоя берсін.

— Сіздің қаша жөнелгеніңіз дұрыс болмады, бұл өте жарасымсыз қылық!

Дөңгелек алаңның ортасындағы биікте әскери оркестр ойнап тұрған. Осы бір ырду-дырдуы мол ортаға кіру үшін Суизин үш крон төледі, есесіне, әрине, бұлар ең жақсы орынға жайғасты. Онымен де қоймай Суизин шарап алдырып, оны бокалдарға құя отырып, көз қиығымен Розиге қарап қоюды да ұмытқан жоқ. Дегенмен осы бейшара көптің ішінде кешегі нәзік сезімдерінен айырылып қалғандай еді. Бірақ әркімнің өз қызығы бар ғой, Розидің сүйкімді жүзі алаулап, осы отырыстан соншама рақат тапқаны байқалады. Сәлден соң ол бокалын күрт үстелге қоя салып:

— Рақмет сізге! — деген. — Енді маған ішуге болмайды.

Әдемі еріндері күлкіден бір жиылмай отырған Маргит:

"Liber Gott4. Шіркін, өмір сүру деген ғанибет емес пе?! Солай ғой?" — деп қойды. Бұл сұраққа жауап қатуды Суизин артық көрген. Оркестр вальс ойнады. "Қазір жұрт билейді! Liber Gott! Жарқ-жұрқ еткен шамдар қандай ғажап!". Ағаш түптеріндегі шамдар бейне бір мың сан жарық қоңыздай мың құбылып жарқырайды. Жұрт араның ұясындай гу-гу етеді. Бірі кетіп, бірі келеді; бірі билеп, бірі қарап тұрады; осы көріністің барлығы Розиді бір әдемі ләззатқа бөлегендей.

Адамдардың көбі оркестрді айнала жұп-жұбымен дөңгелеп жүр. Рози музыка ырғағымен басын шайқай береді.

— О, Маргит! — деп қояды кейде көңілі лепіріп. Суизиннің өңінен тәкаппарлықпен қоса көңілдің пәстігі білінген. Әлдебір ер адам қалпағын көтеріп, Маргитті биге шақырды. Қыз онымен билеп жүріп, бұған иық үстінен жымия қарап:

— Біздің дос қой, — деп көңілін жайлаған сыңай білдірді. Суизин Розиге қараған — оның көзі жайнап, еріндері діріл қағып тұр еді. Бұл үстел астынан қол созып, оның саусақтарын ұстап қойды. Қыз назарын бұған аударған: осы бір қас қағымдық көзқараста нәп-нәзік мұң да, бұны өзімсінген әдемі пейіл де, тіпті кінәлау да — түп-түгел тұнып тұрғандай еді. Бұдан ол не тіледі екен? Неге мені биге шақырмайсыз дегісі келді ме? Мына айқайлаған, шулаған қалың көпір ішінде өзіңізді көрсетіп қалуға қалайсыз дей ме әлде? "Қайырлы кеш!" деген дауыс шықты кенет жандарынан. Суизин ту сыртына бұрылса, қара суртюгін тастай қып түймелеп алған Кастелиц бұларға желке тұсынан төніп тұр екен.

— Сіз неге биге шықпай отырсыз Rori Kisaszony (мисс Рози)? Ендеше маған құрмет көрсетуіңізді өтінем, — деп, ол қызға қолын созған.

Суизин оларға қараған жоқ. Рози Кастелицпен кетіп бара жатып: "Ал сіз ше?" дегенді бұған жәудіреген көзімен ап-анық білдіріп еді. Суизин жауап қайтарудың орнына көзін одан тайдырып әкетті, ал оған қайта қараған сәтте... қыз топ ішіне сіңіп кеткенін байқады. Ол даяшымен есептесті де, қалың топтың арасымен алға ұмтылды. Беті оттай жанып, терең тыныстап жүрген Рози бұны қалайда тоқтатқысы келгендей, би екпінімен бұған жақындай түсті. Суизинге оның көзі мөп-мөлдір жасқа толғандай көрінді. Сосын оны тағы да жоғалтып алған. Екеуі енді ғана қалған оңаша сәтте бұны жалғыз тастап кеткені несі? Не үшін, кім үшін? Анау көзі ойнақтаған шоқпарбас, шолтыраңдаған Кастелиц үшін бе? Жоқ, бұнысы өрескел енді! Кенет бұған Розидің түн ішінде жалғыз, үйінен аулақта әлгі бір шоқпарбаспен қалғаны есіне түскен.

"Менің онда шаруам қанша?" деп ойлады Суизин қалың топтың ішінде кимелеп, алға ұмтылып бара жатып. — Осындай адамдармен тұз жаласқан өзіме де обал жоқ. "Ол карнавалдан сытылып шыққанмен ашу-ызасы бірден басылған жоқ, қайта опасыздық жасап кеткендей көрінген қызға деген өкпесі, оған деген қызғанышы аяғын аттап басқан сайын өзегін өрттей күйдіре түскен. "Барон, бірақ бейшара", — деп қойды ішінен.

Күтпеген жерден әлдеқайдан жанына Болешскенің қатарласа қалғаны. Суизин бір қарағанда-ақ сезе қойды — тағы да мас! Бұл шыдамның шегіне жеткені еді.

Сорына қарай, Болешске бұны танып үлгергені. Өзі қатты қыстығып келеді екен.

— Қайда олар? Қайда менің қыздарым? — деп дүрсе қоя берсін. Суизин жанынан жылыстап өтіп кетпекші болып еді, бірақ Болешске қолынан ұстай алған. — Бауырым, тыңда! — деді ол — Менің отанымнан мынадай хабар бар. Бүрсүгіні..

— Мені енді мазаламаңыз! — деп, Суизин барқ ете қалды да, қолын жұлып алды.

Бұл тура өзінің пәтеріне жетті де, шам жақпастан қараңғылау қонақ бөлмесіндегі қатты диванға жата кетті. Алайда қанша ашу-ызаға булықса да Розидің бұртиған еріндері, оның жалынышпен қараған мұңға толы көздері, құлын мүсінді денесі көпке дейін көз алдынан кетпеген.

VIII

Таңертең күн бұлыңғыр, тұманды болды да, Суизинге күйме шақырудың реті келмей, сапарын кейінге қалдыра тұруды жөн көрген. Сосын иесінен адасып қалған ит сияқты көшедегі көрінгенге сұқтана қарап, қала аралап кете барды.

Кешке қарай пәтеріне оралса... қонақ бөлмесінің бір бұрышында Рози тұр екен. Суизин өзінің қуанып, бір түрлі жеңілдеп қалғанын сезді, бірақ жай ғана жымиды да қойды. Рози алақандарымен бетін басқан күйі үнсіз тұра берді. Осы бір үнсіздік Суизиннің жанына қатты батқандай еді. Қыз бұны қалайда бірінші боп сөйлетуге мәжбүр еткендей! Не себептен ол жасырынады? Беті бәрібір ашық тұр ғой! Ал неге үндемейді? Бұл жерде және не ғып жүр, неге жалғыз? Мұнда бір гәп бар.

Кенет Рози бетін басып тұрған қолдарын төмен түсіріп жіберген — бүкіл беті нарттай қызарып, дірілдеп, бір ауыз сөз айтсаң болды, көзінен жас ыршып-ыршып кететіндей көрінді.

Суизин терезе жаққа ойыса берді. "Өзіне-өзі келгенше үндемейін" деп ойлады ол, бірақ осы бір үнсіздік үстінде өзіне-өзі есеп бермес бір дойыр сезімнің жетегімен жылдам бұрылып келіп, оны қолынан шап беріп ұстай алды. Рози шалқалай қисайып барып, қайта тік тұрды да, сосын басын Суизиннің кеудесіне құлата салды...

Арада жарты сағат өткенде Суизин бөлме ішінде ойға батып, ары-бері сенделді де жүрді. Бөлмеде әлі де райхан гүлінің хош иісі аңқып тұр еді. Еденде имектеліп қалған бес саусақты биялай жатты. Суизин оны көтеріп алып, қолына ұстаған күйі ұзақ тұрды. Оның ойы мен сезімі мүлде шатасып кеткендей. Қыз бұған риясыз берілгеннен кейінгі осы бір минуттар — бұның өз өміріндегі алғаш рет нәпсісін ақылға жеңдірген минуттар еді. Алайда ол біртіндеп ыңғайсыз да ұсақ бір сезімдерге беріле бастаған. Бөлмеге біреу келіп кіргенде, бұл әлі де биялайды қолына ұстап тұрған-ды. Ол Кастелиц еді.

— Сізге қандай қызмет істейін? — деді бұл мысқылмен. Венгр ашулы екен. Кеше кешкісін Суизин неге өз міндетін орындамады? Өз әрекетін ол немен ақтай алады? Ақыр соңында мұндай қылықты не деп бағалауға болады?

Осы минуттарда Суизин бульдог итке өте ұқсап кетіп еді: "Бұның бәрінде сенің не шатағың бар?" — деп сұрады ол Кастелицтен.

— Не шатағың бар? Мәселе джентльмендікте! Қыздың басқан ізінен қалмайтындай ағылшынның қандай қақысы бар?

— Басқан ізінен қалмайтын? — деді Суизин көзін ежірейтіп. — Демек сіз менің соңымнан тыңшылық жасап жүр екенсіз ғой?

— Тыңшылық? Мен, Кастелиц... Маурус Иоганн Кастелиц? Бұл қорлау!

— Ә, бұны сіз қорлау дейді екенсіз ғой, — деп Суизин оны мазақ етті, — Демек сіз: "Мен терезе түбінде тіміскілеп жүргем жоқ" дегіңіз келеді ғой. Солай ма?

Кастелиц қалшылдап кетті.

— Егер сіз бұ жерден өз еркіңізбен кетпесеңіз, мен қанжармен кетірем, ұқтыңыз ба?

— Ал сіз осы үйден дереу табан жалтыратпасаңыз, мен сізді терезеден бір-ақ лақтырамын.

Кастелиц бірер минут венгршілеп бірдеңе айтқан болды, ал Суизин оған қадала қараған күйі күлді де тұрды. Әрине, ол венгр тілін білмейді ғой.

— Егер сіз ертең кешкісін әлі де осы қалада жүрсеңіз, мен сіздің бетіңізге былш еткізіп бір-ақ түкіремін.

Суизин өзінің жынын қоздырып, көңілін нілдей бұзып кеткен Кастелицтің соңынан ұзақ қарап тұрып қалды. "Е, жарайды, менің де мұнда жетісіп жүргенім шамалы", — деді ақыры.

Бұл туралы ойлау көңілсіз еді, бірақ басына берік ұялап алған осы ой бір шешімге келуін жеделдете түскен-ді. Енді ол тек Розиді қалай көрсем дегенді ғана ойлаумен болды: оның ыстық сүйісінен қаны әлі де қызып тұр еді...

IX

Келесі күні Суизин "не істесем екен?" деп, көп ойға батқан. Ақыры Розиге кешкі бестен ерте бармайын деген тоқтамға келіп еді. "Өз басыңды қадірлеу керек" деп ойлаған ол. Содан алтылар шамасында көшеге шығып, салқын сабырмен Болешскенің пәтеріне қарай аяңдаған. Үйге жақындағанда Розиді әдеттегідей терезе алдынан көрем деп ойлап еді, бірақ ол көрінбеді. Таңданғаны сол, терезе жабық тұр екен: тіпті оның түбіндегі гүлдердің де бастары салбырап, мұңайып тұрғандай. Суизин сыртқы есікті жайлап қағып қойды. Жауап жоқ. Сосын жұдырығымен қатты ұра бастады. Недәуір уақыттан кейін беті мыжырайған, сары сақалды, түпкі тегін тевтондардан тарататын етікші дейтін қауымға көбірек ұқсайтын бір адам сыртқа шыққан.

— Бұл не шу? Сізге не керек өзі? — деді ол немісше.

Суизин басқыш жақты нұсқады. Сары сақал иығын қиқаң еткізді де, басын шайқады.

— Мен жоғарыға шығайын деп едім, — деді Суизин. Етікші тағы да иығын қозғады да қойды, Суизин басқышпен өрлей жөнелді. Бөлмеде ешкім жоқ. Үй жиһаздары орнында, бірақ тірі пенденің иісі білінбейді. Бұл әкелген гүлдердің бір шоғы шыны ыдыста сөлпірейіп тұр; камин қоламтасы суып қалған, оның жанындағы сөреде ұсақтап жыртып тастаған қағаз қиқымдары жатыр. Қысқасы, бөлмеде тірлік нышаны байқалмайды. Суизин жатын бөлмесіне кіріп, қыздар жататын қабырға тұсындағы төсекке мән-мағынасыз қарап, ұзақ тұрды. Көзіне жерде жатқан лента түсті де, Розиді ылғи да еске алып жүрейін деген оймен оны қалтасына салып қойды. Айна алдында бірнеше түйреуіш пен опа ұнтағы шашылып қалыпты. Бұл айнадан өзінің торыққан, толқыған жүзіне қарап тұрып: "Мені алдап кетті!" деді жеңіл күрсініп. Етікшінің дауысы есін қайта жиғызғандай болды.

— Tausend Teufei! Eilen Sie nur! Zeitist Geid. Kann nicht lander warten!5

Суизин асықпай басқыштан түсті.

— Олар қайда кетті? — деді әзер сөйлеп. — Ағылшынша айтқан әр сөзіңе бір фунттан беремін, стерлинг фунты. — Суизин саусақтарымен дөңгелек бейнелеп көрсетті.

Етікші мырс етті.

— Geld! Pff! Eilen Sie nur!6

Суизинді кенет ашу қыса бастаған.

— Егер айтпасаң, менен жақсылық күтпе! — деп айқай салды.

— Sind ein kommicler kerl, — деді етікші. — Hier ist meine Frau7.

Дәліз бойымен асыға басып келе жатқан кәрілеу әйелдің немісше айқайлап сөйлегені Суизинді елең еткізіп еді.

— Ұстай тұр, жіберме оны!

Етікші ашулана бірдеңе деді де, Суизинге ту сыртын беріп, тарп-тарп басып кете берді.

Әйел Суизиннің қолына бір жапырақ қағазды жылдам ұстата салып, сол жылдам қимылымен бұрылып кетті. Бұл Розидің хаты екен.

"Қоштаспай аттанып бара жатқаныма ғафу етіңіз. Бүгін әкеміз өзіміз көптен күтіп жүрген туған қаламыздан шақыру қағазын алды, — деп жазыпты ол — Енді екі сағаттан кейін біз жолға шығамыз. Мен Әулие-Анадан жалбарынып сұрайтыным: қай уақытта да сізге ол жар болсын және мені мүлде ұмыттырып жібермесін сізге. Еш уақытта да сізді ұмытпайтын досыңыз — Рози".

Хатты оқып болғанда Суизиннің табан астындағы жер жылжып бара жатқандай болды, бірақ сол сәттің өзінде қисайған жағына құламай тынбайтын қырыстығына тағы басқан. "Жоқ, мен шегінбеймін!" — деді ол Деді де бір фунт стерлингті әйелге көрсетіп тұрып, егер Болешскенің қайда кеткенін айтсаң, мен саған мынаны берем дегенді ұқтырған болды. Әйел әйтеуір бұны түсінгендей қойын кітапшасына бірдеңе жазып берді. Суизин ақшаны оның қолына ұстата салды да, бірден "Алтын Альпіге" аттанды, сол жердегі бір даяшының ағылшын тілін білетіні есіне түсіп еді... Ол қағаздағы жазуды былайша аударып берді: "Олар сағат үште күймеге мініп, Линц жақты бетке алған. Аттары шабан. Мырзаның өзі ақ боз атқа салт мініп кетті".

Бұның көңілі көтеріліп қалды, бірақ артынша: олар кеткелі үш сағат болыпты, қуып жете алам ба, жоқ па деген ой жанын тағы жегі құрттай жеп еді. Рас, соңғы екі түн бойы жаңбыр толассыз жауған, демек жол жаман, бұған қоса күймеге шеккен аттары арық-тұрық, шабан дейді, ал бұның аттары жүрдек, керемет, шай-суына артығырақ ақша алған көшір де көңілді, ендеше сағат ондар шамасында бұл оларды сөзсіз қуып жетуге тиіс.

Бірақ көңілі осыны қалай ма? Бәрінен бұрын жүктерін жинап алмағанын айтсаңшы! Алды-артына қарап, сәл дайындалып шықса, бет-жүзі де оңды көрінер еді. Енді міне, не сақал-мұрты қырылмаған, не бір жөні түзу көйлегін де кимеген. Мына жүдеп-жадаған түрін көргенде, олар" мынау жынданған шығар" демесіне кім кепіл? "Мен өзімді-өзім тоздырған адаммын" деп ойлады ол. Сосын тағы: "Жә, қойшы, түсіндіріп көрермін" деп өзін жұбатып қойды. Ол осындай ойлармен жол бойы көшірдің артында түнерді де отырды. Сосын бір мезет Розидың хатын қайта оқыған — одан қыз иісмайының хош иісі әлі де аңқып тұр еді. Суизин өстіп ала көлеңке кеште жолсоқты болып шаршап, бір жағынан ар-ұяты жанын қинап, енді бір жағынан өзіне жеңсік бермес ынтызарлықтың адуынды арынымен алысып келе жатты.

Біраздан кейін қараңғылық мүлде қоюланып алды. Төңірек суыта түскен, Суизин пальтосының жағасын көтеріп, қымтанып отырды. Есіне бір сот Пикадилли түсті де, осы бір ессіз қуғынның өзі бұған кенет соншама қауіпті, соншама есуастық болып көрінді. Шамдары жарқыраған көшелер, ду-ду еткен көңілді орта, жанға жайлы дүниенің бәрі артта қалды. "Құдайым-ау, — деді ол. — Неге олар мені магниттей тарта береді осы!" Бірақ "олар" деп кімді, нені меңзеп отырғаны және түсініксіз еді. Болешскенің отбасы ма, әлде өзінің мазасыз сезімдері ме немесе миынан бір шықпаған Рози туралы әдемі ойлары ма — белгісіз. Болмағанда бір шабаданын көтере кетпеді! Соншама естен айырылатындай не болды бұған? Ақыр соңында бұл жүрісі қай жүріс өзі? Мақсаты не, ниеті қандай? Суизин бұл сұрақтардың біріне жауап таба алмаған. Қабағы тас қараңғы түннен әрмен түнере түсіп еді. Сағатына әлсін-әлсін қарап қояды. Көшір жігіт әрбір елді мекенде тоқтап, алдағы бағытты анықтап алады. Өстіп келе жатып ол күймені күрт тоқтата қойған кезде, сағат тілі он бірге ауып еді. Жұлдыздар салқындау жымыңдайды, жолдан әудем жерде ай нұрымен шағылысып жатқан қамысты көл көрінеді. Суизиннің жүрегі дір ете қалды: салт атқа мінген біреу күйменің алдын кес-кестеп тұр екен, бұл әдеттегі бірбеткейлігіне басып: "Айда!" деді көшірге бұйрықты дауыспен. Артынша... ыңыршағы айналған ақ боз аттың үстінен Болешскені көріп еді. Қолында пистолет, жол ортасынан кетер емес.

"Әртіссымақ!" — деді Суизин ызалы күліп, бірақ оны әдейі танымаған сыңай танытқан. Болешске мәстек бозымен бұлардың жанына ақырын жақындап келіп, Суизинге қарады да, қатты таңданғаннан аузына сөз түспей қалғандай болды.

— Ау, бұл сіз бе едіңіз? — деді сосын қуанышты. — Не, сіз де бізбен бірге боласыз ба?

— Солай боп тұр ғой, — деп, Суизин міңгір ете қалды.

— Не көрсеңіз де бізбен бірге көргіңіз келді ме?! Бұлай болуы мүмкін бе? Сіз... сіз нағыз жүрек жұтқан серісіз.

— Құдай жар болсын! — дегеннен басқа Суизиннің аузына сөз түспеген.

Мәстек бозына қамшы басып, Болешске әлдебір жаққа шаба жөнелді де, сәлден кейін бір ескі шекпенді алып келіп, Суизинге берді. Бұған қоса бүйірі бұлтиған бір құты ұсынып тұрып:

— Тоңып қалған шығарсыз? — деді жымиып, — Ғажап! Сіздер, ағылшындар, ғажап адамсыздар! — Ол аса ризашылық пейілмен Суизинге мейірлене қараған.

Олар біраздан соң екінші күймені қуып жетті, бірақ шекпенге мықтап оранып алған Суизин онда кімдердің отырғанын тіпті сығалап та көруге зауқы соқпады. Венгрдің өбектеген жанашырлығы бұның жүйкесіне тиіп, ызасын келтірген. Іштегі мысқылын сездірмей, ақырын ғана ол:

— Қатты асығып бара жатқан сияқтысыздар ғой? — деді.

— Егер қанатымыз болса, ұшар едік, — деп жауап қатты Болешске.

— Қанатты қайтем, маған аяғым да жетеді, — деді Суизин естілер-естілмес.

X

Олар түннің бір уақытында түнемелік жайға жеткен кезде, Суизин үйге "дабырасыз" кіріп барайын деп, күймеден түсуге тым асықпаған, бірақ ақыр-соңында сыртқа шыққанда есік аузында екі қыздың өзін күтіп тұрғанын көрді; Маргит бұған қызық бір таңданыспен шиқылдай күліп сәлем берді; бұнысы, неге екені белгісіз, Суизинге әлдебір мысқыл сияқты көрінген. Ал өңі боп-боз болып, дірілдеп тұрған Рози бұған үрейлі түрде қолын ұсына берді де, артынша онысын жылдам тартып ала қойып, апайының арт жағына тығыла қалды. Екі қыз өз бөлмелеріне кеткен кезде, Суизин Болешскені іздеп еді. Көңілі біршама көтеріле түскен ол:

— Қожайынға айтып ас-су әкелдіре беріңдер, ал әзірге біз сапарымыздың сәтті болуы үшін бір шөлмектің басын қайырып жіберейік, — деді.

Бөлме терезесі қалың қара орман жаққа қараған екен. Ағаштардың жақындығы сондай, созсаң қолың жетердей еді. Бөлме ішінде қылқан жапырақтардың қышқылтым иісі аңқиды. Тұңғиық орманды біраз тамашалап тұрған Суизин сәлден соң кері бұрылды да, шөлмектің тығынын ашуға кіріскен. Тарс етіп тығын атылған кезде, дәл соны күтіп тұрғандай-ақ Болесшке де бөлмеге кіре берді. Үсті-басы салтақ-салтақ, өн-бойынан атқораның иісі мүңкиді. Оның соңында ала қашанғы мұнтаздай таза қалпымен Маргит те келіп жеткен. Бірақ Рози жоқ.

— Ал сіңлің қайда сенің? — деді Суизин.

— Рози шаршаңқырап қалыпты.

— Шаршаса, бізбен отырып сергімей ме? — деді Суизин батыл түрде.

— Ол отан үшін бір рюмка ішуге тиіс, — деп Болешске міңгір ете қалды да, қызының бөлмесіне қарай адымдай жөнелді.

Оның соңынан Маргит те кетті, ал Суизин тауық етін боршалай бастады. Артынша олар өздері ғана қайта оралған, Розидің "сақинасы" ұстап қалыпты.

Суизиннің қабағы түсіп кетті.

— Жарайды, — деді ол — Енді мен барып көндіріп көрейін оны. Менсіз-ақ бастай беріңдер.

— Иә, иә, — деді Болешске өкінішті түрде, орындыққа отыра беріп. — Расында көндірсеңші оны, бауырым.

Суизин дәліз бойымен кетіп бара жатып жүрегінің біртүрлі лүпілдей соғып, кеудесіне тығыла түскенін сезді. Есікті жайлап тықылдатып еді, сәлден соң бас көрсеткен Рози бұған таңдана қараған. Шашы дудырап тұр.

Бұл кібіртіктей сөйлеп:

— Рози, дәл қазір сенің менен қорқатын жөнің жоқ қой... — деді.

Рози бұның бетіне тіке қарады, бірақ тіл қатқан жоқ.

— Сен неге бізбен бірге отырып тамақ ішкің келмейді? Қыз сол үнсіз тұрған күйі бұған жалаңаш қолын ұсына берді. Суизин оны өзіне тартып, құшағына қысты. Рози құдды суықтан тоңғандай дірілдеп тұрып, бұның құлағына: "Қазір барам" деп, сыбыр ете қалды да, есікті жайлап жауып алды. Суизин аяғын сыбдырсыз басып келіп, қонақ бөлмесінің алдына жеткенде, өзін қалыпқа келтіру үшін есік аузында бір минуттай кідіре тұрды... Қолына шөлмек ұстап отырған Болешскенің түрі бұның көңілін жайлай түскен.

— Ол қазір келеді, — деді Суизин. Айтқандай-ақ артынша Розидің де төбесі көрінді. Қою қара шашын асығыс өріп үлгіргені байқалып тұр.

Суизин екі қыздың ортасына жайғасқан, бірақ өте аз сөйлеп отырды. Ауыр ойға батқан Болешске де үнсіздікке берілген. Ал Рози тіпті мақау болып қалғандай, тынымсыз ауыз жаппай отырған тек Маргит қана.

— Сіз шынымен-ақ бізбен бірге жүретін болдыңыз ба? Біздің қалаға? Біз сізге бәрін, бәрін көрсететін боламыз. Иә, бәрін де көрсетеміз ғой, Рози, солай ма?

Рози бұны шақырғандай қолымен ишара жасады да:

— Біз сізге бәрін көрсетеміз! — деді.

Осы сөздерден кейін оның әлгіндегі байланып қалған тілі кілт шешіліп сала бергендей болды да, екі қыздың көздері жайнап, беттері алаулап, тамақты аса бір тәбетпен жей отырып, өздерінің "сүйікті туған қалалары", "сүйікті достары", "сүйікті туған үйлері" туралы тоқтаусыз сөйлесін келіп.

"Айтып отырғандары қайдағы бір қиыр болар" деп ойлады Суизин. Лепіріп айтқан сөз бұған қашан да сенімсіздеу көрінетін, дегенмен қыздардың әңгімесін "өте қызыға" тыңдап отырған кейіп танытып еді, сонысы үшін Розидің ұшқын атқан нұрлы көздерінен ерекше ілтипатқа да ие боп қалған.

Өкінішке қарай, бұл уақытта шөлмектің түбі көрініп қалып, Болешскенің қабағы тіптен түнере түскен, тек анда-санда ғана өңіне қан жүгіргендей болады. Сөйтіп отырып ол бір мезет орнынан тұрды да:

— Мүмкін біз бәрінен айырылуға, қайыршы болуға аттанып бара жатырмыз, — деді. — Бұны ұмытуға болмайды. Мүмкін тіпті өлімге бас тігіп отырған шығармыз. Бірақ бәрібір баруымыз керек, отан тағдыры үшін баруымыз керек... Мен үшін де, қыздарым, мына сендер үшін де, бұл оңай іс емес. Мен бұны әсіресе мына ағылшын досқа қаратып айтамын. Бұған осындай ізгі жүрек бергені үшін Құдайға алғыс айтуымыз керек! Ол қазір оз отаны үшін, өз даңқ-беделі үшін, ақша-байлық үшін кетіп бара жатқан жоқ, әлсіздер мен езілгендерге көмектесейін деп бара жатыр. Ендеше осы азамат үшін ішейік! Қаһарман Форсайт үшін көтеріңдер бокалдарыңды!

Бәрі тып-тыныш бола қалды, Суизин көз астымен Розиге қараған. Оның тұп-тұнық мөлдір жанарынан болмашы мысқыл сезілгендей. Сосын бұл "осы бізді мазақ қылып, тұр ма?" деген пішінмен венгрге көз тастап еді. Алайда ол бокалды аузына бір-ақ төңкеріп, креслосына отыра берді де, таңқаларлығы сол — бірден қор ете түсті.

Орнынан жедел тұрған Маргит әкесіне еңкейе үңіліп: "Жолда сондай шаршаған-ау шамасы", — деді аянышты түрде. Сосын оны қарулы қолымен креслодан сүйемелдей көтеріп, екі аяғынан тік тұрғызды. Болешске оның иығына сүйенген күйі сенделектей қозғалып, бөлмеден шығып кетті. Суизин Розимен жеке қалған. Дастарқанның таяу шетінде етбетінен жатқан қыздың қолына бұл өз қолын созды. Осыны қыз қолы да күтіп жатқандай сезілді. Осы сәтте Суизинді іштей тежеп жүрген әлдебір қысылу-қымтырылудың бәрі ада боп шыға келді де, тіл тиегін ағытсын-ай бір: сөз дегенің судай ақтарылып, өзінен-өзі төгіле жөнелген. Өстіп сөйлеп отырып Суизин бір сәт жанындағы қыздан басқа дүниенің барлығын: өзін де, өзгені де, түп-түгел ұмытқандай болып еді. Қыз басын бұның иығына сүйеген, Суизин оның шашынан аңқыған жұпар иіске тұншыққандай деміккен. Сосын... әлдебір уақытта: "Қайырлы түн!" деген тәтті бір сыбыр құлақ түбінен сондай жағымды естілді де, бұл ес жиғанша... көз алдынан қыз ғайып болып еді...

Қыз аяғының сыбдыры дәлізден әлдеқашан алыстап кетсе де, Суизин үстел үстіне тамған жалғыз тамшы шарапқа әлі де қадала қарап отыра берді. Осы бір минуттарда Рози өзінің дәрменсіздігімен, махаббатымен Суизинге дүниедегі ең асыл жанның өзіндей көрінген: "менің бұған дейінгі өмірім түкке тұрғысыз" екен-ау деген ой да басын шырмап алып еді. Иә, бұның өмірі — ойлап қараса, тек әдет-дағдыдан, дәстүр мен сенімнен, тәрбиеден ғана тұрады екен, ал өзі қайдағы бір құмарлықтың, серілік сезімнің жетегімен қою мұнар, қалың тұманның ішінде кеткен екен. Суизин бір түйір нанмен үстелде жылтырап жатқан жалғыз тамшы шарапты ақырын ғана сүртіп алды да: "Бұл дегенің ғажап қой!" деп ойлады. Сосын ашық тұрған терезе алдында қара орманға қадала қарап көп тұрып еді.

XI

Суизин осы бір бөтен жердегі жатар орынның қолайсыздығынан ба, әлде түнде көрген түсінің жайсыздығынан ба, әйтеуір, таң сәріде оянып кеткен. Қалың көрпенің астына мұрнын тыға түсіп жатқан ол төсектен тұрғанша сұмдық бір күдікті ойға беріліп кетіп еді. Бұл күдік біртіндеп бүкіл санасын жаулап алғаны сондай, орнынан қалай атып тұрғанын өзі де сезбей қалды. Ау, осының бәрі де бұны Розиге үйлендіру үшін әдейі істеліп жүрген айла-шарғы емес пе екен? Осы ой бұны бір сәт жиіркендіріп те жіберді... Бірақ солай деп ойлағанмен... қыздың өз басы ештеңе білмеуі де мүмкін ғой? Дегенмен ол мүлде кінәсіз бе? Қандай күнәдан пәк, кінәден таза қыз жігітке өзі келіп сүйкенеді? Иә, қандай қыз? Ал оның әкесі тек өз отанының тағдырын ғана ойлайтындай түр танытатыны қалай? Еркек адам дәл осындай ақымақ болады дегенге қалай сенесің! Иә, бұның бәрі күні бұрын ойластырған ойыннан басқа ештеңе емес! Қарғыс атқан қандай жексұрындық бұл, ә! Анау Кастелиц те бұл арамдықтан құр емес, кешегі күні не деп қоқаңдағанын есіңе түсіріп көр! Демек бәрі жабылып бұны үйлендіргісі келген. Осы жиіркенішті ойлар бұның некеге, некелесуге деген құрметін тіптен жирендіре түскен. Неке мәселесі бұл үшін мұнтаздай тазалықтың, адами асыл қасиеттің мөп-мөлдір тұнығындай көрінетін де, махаббаттағы кездейсоқ байланыстардан өлердей қорқушы еді. Сондықтан ба екен, Розимен некелесу жайын ойлағанда, маңдайынан суық тер бұрқ ете түскен. Онымен қоймай Розидің бұған әлден-ақ беріліп қойғаны есіне түскенде, онымен некелесу одан сайын сұмдық болып көрінген. Сөйтіп сол бір ашық та салқын таң жарығында Суизин алғаш рет өз жағдайын барлық қиындығымен қоса таразыға тартып, салиқалы сараптап еді. Төсек үстінде бейне жағаға лақтырып тастаған балықтай ентіге тыныстап отырған ол өз күмән-күдік, болжамдарына терең бойлаған сайын санасы сансырап кеткендей болған. Бұның өзі іштегі небір запыранын да қозғағандай еді.

Ол басын қос қолымен қыса ұстап, төсекте қыбырсыз отырған қалпы бұл неке маған не беруі мүмкін дегенді және ойлаған. Ештеңе! Біріншіден — бұның бәрі қисынсыз, екіншіден — ешбір мағынасыз, үшіншіден — қай жағынан қарасаң да мәнсіз.

Бұл оны сүйгісі келген сәтте, ол тауықты қолмен бұтарлап жеп отырады. Басқа бір еркектермен жын ұрғандай билеп-билеп келіп, сосын өзінің "сүйікті туған қаласы" туралы таусылмас жырға басады. Одан кейін әрдайым оның көздері бұған ешқандай қатыссыз қайдағы бір қарғыс атқан жерге бұның өңменінен өте қадалып тұрады. Суизин төсегінен ұшып тұрып, бөлмеде ары-бері жүгіре бастады. Осы мезетте ол өзін жынданып кеткендей сезінген.

Олар бұны үйлендіргісі келеді. Тіпті ол да, оның өзі де соған ынтық. Оның өзіне ынтықтырып қоятын жұмбақ қылықтары, оның тылсым нәзіктігі, оның әдемі күлкісі, қас қағым сәттік жылдам сүйісі, тіпті қолдарының қозғалысы мен мөлдіреген көз жасы — бәрі-бәрі оған тағар кінәнің дәлеліндей. Оған жаратқанның өзі істеуге мәжбүр еткен істің барлығы да Суизин үшін кінәлауға тұрарлық сияқты, бірақ соның бәрі де бұның сезімін қалай қытықтап, қалай құмарын арттырып қойған десеңші! Суизин айна алдына барып, шашын саусақтармен тарағысы келіп еді, бірақ шашы сұйық болғандықтан қайта-қайта сусып бетіне түсе берді. Бұған оның тіптен ызасы келген. Ақыры аяғына кір-кір сандалын киіп жатқанда, басына тағы бір ой түсіп еді. "Егер онымен бетпе-бет жүздессем, біз қалайда бірнәрсеге келісер едік". Алайда бұл ойынан тез айни қалды. Өйткені кез келген келісім тек қауіпті ғана емес, сұмдық бір тәуекелге бел байлатып жіберуі де мүмкін ғой. Ол қалпағын қолына ұстай алып, аңшыдан қашқан қояндай бөлмеден зытып шыққан. Сосын басын жерге салған күйі ызалы да үрейлі кейіппен дымқыл орман ішінде ұзақ жүріп еді.

Бірақ көкжиектен күн көтеріліп, шыныдай мөлдір ауадан қылқан жапырақтардың иісі аңқи бастағанда, бұның әлем-тапырық ішкі жан дүниесі біртіндеп қалыпқа түсе берді. Не десең де бұған қыздың өзі берілген, демек бұған көп жағдай әзірге белгісіз... Өзінің бірқалыпты аяқ сыбдыры көңіл мазасыздығын жайлап баса түсті де, бәрі де оңымен шешілетініне сенімі орныққандай болды. "Жә, мәселені іс жүзінде көре жатармыз" деп ойлаған ол неғұрлым жылдам аяқ басқан сайын соғұрлым бұл тығырықтан оңай шығатынына сенімі күшейе берген. Қалтасынан сағатын алып қараса, сегізге тақап қалыпты. Ол үйге қарай асыға жөнелді.

Көшір жігіт аттарды күймеге жегіп қойған екен. Оған жақын келген Суизин:

— Кім саған бұны жек деген? — деді.

— Der Herr8 - деді ол.

Суизин теріс бұрылып кетті. "Он минуттан кейін мен осы күймеде боламын, — деп ойлады ол — Ал басымның мәңгіріп тұрғаны мынау!

Сонда Англияны адыра қалдырып?.. бәрін тастап?.. өскен, үйренген жерді?.. сонда қайда?.. "Бұған өзі дайын ба? Бүгін таңертең ғана жанын жегідей жеген жайларға бір күн, бір түн емес, өмір бойы төзуге бұл дайын ба? Басын көтерген сәтте ашық тұрған терезеден өзіне Розидің қарап тұрғанын көрді. Оның осындай сүйкімді де, қылықты түрін Суизин бұрын-соңды байқамағандай. Адам айтса түсініп болмайтын бір сұмдық сезім тұла бойын шымырлатып жіберді. Ол жүгірген бойда аулаға жетті де, күймеге секіріп мінді.

"Айда! Зальцбургке!" — деді айқайлап. Күйме салдыр-гүлдір етіп қақпадан шыға бергенде, Суизин жан-жағына қарамастан түнемелік жайдың иесіне бір бақыр алтын ақшаны (соверен- ауд.) лақтырып тастап, кете барды. Қайтар жолда аттарды кеше мұнда келе жатқан кездегіден де қатты айдатты. Көздері мопс иттің көзіндей ойсыз, мәнсіз бозара түскен, жол бойы бір ауыз тіл де қатқан жоқ, тек Зальцбургтегі жатар орнына жеткенде ғана көшірге аттарды тоқтатуға бұйырған.

XII

Жол азабын әбден көріп, өңі сарғайып, жағы суалып жүдеген Суизин бесінші күн кешке қарай ғана жалғыз ескекті қайықпен Даниелли қонақүйіне жетіп тоқтаған. Есік аузындағы басқышта бұған таңырқай қарап Джемс тұрды.

— Ау, бұл сен бе едің! — деді ол — Жақсы жеттің бе, әйтеуір?

Суизиннің ызасы келді.

— Жақсы жетпегенде, не қылайын деп едің!

— Мен ойлап едім, сен достарыңды қимайтын шығар деп, — деді Джеме.

— Қандай достар? — деп бұл ыршып түсті. Джемс сөзді басқаға бұрып жіберді.

— Өңің жүдеу ғой ?

— Рас па? — деп, Суизин міңгір ете қалды. — Жүдеу болса не істейін деп едің?

Кешкілік ол тамақ ішуге төменге түскен, бірақ кофе ішіп отырып қалғып кеткендей болды. Тракер де, Джемс те одан ештеңе сұраған жоқ. Тегі мазасын алмайық деген болар. Содан олар төрт күн бойы Венецияны түк қалдырмай аралап шықты. Суизин еңсесін тік ұстап, алшаң-алшаң басып жүргенмен құдды есінен айырылып қалған адамдай ештеңеге елең де етпеген, мән де бермеген. Тек Генуяға барып, пароходқа отырғанда ғана төңірегіне сергек көзбен қарай бастап еді. Борттағы бір адам пианиноны қайта-қайта даңғырлатып ойнап қоймаған соң, ол аспап қақпағын тарс еткізіп жапқан да, кілтті теңізге лақтырып жіберген.

Келесі қысты ол Лондонда қалыпты жағдайда өткізді, бірақ ара-тұра шамкөстігі ұстап кеткенде онымен ешкім байланысып барқадар таппай қалатын.

Бірде кешкілік достарының бірімен Пикадилли бойында серуендеп жүргенде әлдебір қыз бұған немісше бірдеңе деп еді, Суизин оған үнсіз қараған қалпы бес фунттық қағаз ақшаны ұстата салған. Бұл жомарттығына досының қайран қалғаны бар. Бұнысын досы түгіл өзі де түсінбей қалып еді.

Бұдан кейін Рози туралы ешқашан ештеңе естіген емес.

Міне, ауру әбден меңдеген шақта Суизиннің төсекте жатып есіне түсірген өткен күндердің сорабы осы еді. Қолын созып қоңырау түймесін басты. Бөлмеге мысықша басып камердинер-швед кірді де, төсекке жақындай түсті; осы бір жүйкесі тозған, алақандай бетін әжім торлаған, тікірейген мұртты кішкентай адам Суизинге баяғыдан бері қызмет етіп келе жатыр еді, қожайынға мұндай берілген жан дүниеде жоқ шығар.

Суизин әлсіз ғана қол ұшын жыбырлатты.

— Адольф, мен өте қиналып жатырмын.

— Иә, сэр.

— Есек құсап неге мәңгіріп тұрсың сен? — деді Суизин. Әлде сен менің қиналғанымды көрмей тұрсың ба?

— Иә, сэр. — Камердинердің беті дір ете қалды, оны аяғанын өзінше білдіргісі келмеген секілді.

Суизин өз сөзіне қарсылық күткендей, содан бір жұбаныш табатындай күрсініп қойды.

— Мен біраз ұйықтап алайын. Жеті жарымға таман ыстық су әкеліп, түстікке қарай сақал-мұртымды қырып берерсің.

Камердинер есікке қарай беттеді. Суизин басын сәл көтеріп:

— Мистер Джемс не деп кетті? — деді.

— Ол сізге басқа дәрігер шақыру керек деді. Екі дәрігердің дұрыс біреуін ғана деді. Сосын тағы да айтқаны — үйге қайтарда және бір кіріп шығам деді мұнда.

Суизин күңкілдей тіл қатты.

— Ім-м, тағы не айтты?

— Ол сізді өз денсаулығына қарамайды деді. — Суизин оған ашулана қараған.

— Басқа ешкім келген жоқ па? — Камердинер бұдан жүзін тайдырып әкетті.

— Екі апта бұрын, дүйсенбі күні миссис Томас Форсайт кіріп шыққан.

— Мен осы қай уақыттан бері ауырып жатырмын?

Сенбі күні бес апта болады.

— Сенің ойыңша, менің ауруымның беті жаман ба? Адольфтің беті тіптен тыртысып кетті.

— Бұндайды менен сұрамаңыз! Маған осындай сұрақтарға жауап беру үшін ақы төленбейді, сэр.

Суизин жеңіл күрсініп қойды да:

— Сен де бір бетпақ екенсің! Аш, кәнеки, шампанның тығынын! — деді.

Адольф буфеттен шөлмекті алып шығып, сым темірін бұрау үшін қолына кемпірауызды ұстап тұрып, бұған қадала қараған.

— Дәрігер айтады...

— Аш шөлмекті!

— Ашам ғой, бірақ бұл..

— Аш деймін саған, әйтпесе жұмыстан шығарып жіберемін сені.

Адольф шөлмек тығынын атып жіберді. Сосын бокалды мұқият сүртіп, оған шарапты мөлтілдете құйып, Суизинге аса еппен ұсынды да, мұртын сипай отырып:

— Бұл дегеніңіз у ғой, — деді. Суизин әлсіздеу езу тартты.

— Ақымақ!.. Бар, кете бер! — Камердинер шығып кетті.

"Адольфтың миы ашып кеткен", — деп ойлады Суизин. Ол бокалды ақырын аузына көтерді, ақырын орнына қойды, сосын ентіге демалып, жастығына қисайды. Бір минуттан кейін ол енді ұйықтап кетіп еді.

Түсінде ол түстен кейін баяғы клубта, адамдар лық толған темекі тартатын бөлмеде отырғанын көрді: үш таған шырақтың жарығы бөлме қабырғасын жап-жарық қылып тұр... Күн сайын ол маңызды да салтанатты түрде мұнда жалғыз келіп, кеш бойы асқан шыдамдылықпен отыратын еді. Кейде қалғып та кететіні бар, сонда әжім торлаған мыж-мыж беті кеудесіне қарай салбырап түсіп кететін. Ал осы жолы түсінде сондағы камин үстінде ілулі тұратын картина алдында отыр екенмін дейді. Бұл өзі жұқалау өңді, түксиген қабақты байырғы бір мемлекет қайраткерінің портреті — тек қана шындықты айтуды өзіне айнымас әдет еткен адамның жұмбақтау портреті болатын. Суизиннің маңайындағы клубтың тұрақты қонақтары гу-гу әңгімеге басады да отырады, жақ кірісін ашпайтын жалғыз бұл ғана — өзі ауру, өзі кәрі болса не дейді! Әттең, олар жалғыз отырудың, жалғыз отырып өз қайғы-мұңын сезінудің не екенін білсе ғой. Ал олардың айтар әңгімесін бұл кемі жүз рет естіген шығар. Сонда не айтады дейсің, ақшаларын қайда салу туралы, темекілердің түр-түрі туралы, машина, ат, әртістер туралы. Бұл не? Қазандықтарды тазалайтын шетелдік машинаның патенті дей ме? Оттапты! Қазандықтарды тазалау мүмкін емес екенін кез келген ақымақ біледі. Егер қазандықты ағылшындар тазалай алмаса, басқалар қайдан тазалай алсын!

Суизин кәрі джентльменнің портретіне тесіле қарады, бірақ бұл жолы оның көзі бұған бірінші рет күмәнді, тұманды, буалдыр көрінді де, артынша мүлде жоғалып кетті. Оның орнына алыс бір қиырға құмарта, жұмбақтау қараған Розидің кішкентай, ойлы көздері пайда бола қалды. Осы бір көздерге қарап отырған сәтте, оларға ғайыптан жан біткендей ұшқын атып, бұнымен тілдесе бастағандай болды. Сосын портреттің күңгірттеу фонында біртіндеп оның бүкіл бет жүзі — алаулаған, алыстай берген, өзіне қарай тарта түскен, ерні дірілдеген, бұл ең соңғы рет көргендегі Розидің сүйкімді жүзі ап-анық болып айқындала түскен. Рози бейне бұған "Сен бір нәрсеңді жоғалтып алдың ба? Тауып беруге көмектесейін" дегендей болады. "Қазір бәрі де жақсы" дейді Суизин түсінде ықылық атып.

Ол маңдайына жып-жылы саусақтардың тигенін сезіп жатып, түсінде:"Бұл менің түсім ғой" деп ойлаған.

Рози кенет ғайып болды да, портреттің арғы жағынан, алыстан оның аяқ дыбысы естілген.

Суизин оянбай жатып: "Мен жоғалттым..." деді ап-анық. Артынша тағы да тым таяу жерден жеңіл аяқ сыбдырын, тура құлақ түбінен біреудің өксіп жылағанына ұқсас бір үн естілгендей болды. Осы сәтте ол оянып кеткен. Әлгі өксіген үн өзінікі екенін сезді. Маңдайынан шып-шып тер шықты. "Бұл не? — деп ойлады ол — Мен не жоғалттым сонда?" Ой сарабына жиған ақшасын салып көріп еді, жоғалтқан ештеңесін таба алмады. "Япырау, немді жоғалттым мен? Неден айырылдым?.." Жастықтан басын әзер көтеріп, Суизин бокалға бас қойды. "Осы да нағыз Хидсек пе?" деді ызаланып. Оның осы қанағатсыз ындыны көз алдындағы тұманды елестерді сейілтіп жіберді. Ол тағы да ішу үшін басын еңкейте беріп еді, бірақ ішінде бірдеңе үзіліп кеткендей болды да, терең тыныстап барып, көбікті бокалға еңкейген күйі Суизин Форсайт мәңгілікке көз жұма берді.

Джемс Форсайт үйіне қайтып келе жатып мұнда соққанда, бүкіл денесі діріл қағып тұрған камердинер оның қалпағы мен таяғын қолына алып еді.

— Қалай қожайының сенің?

— Қожайын өлді, сэр.

— Өлді!? Мүмкін емес! Мен оны бір сағат бұрын ғана көріп едім ғой!

Суизиннің денесі мыж-мыж болған қап сияқты төсекте бүктетіліп жатыр еді; қолы әлі де бокалдан айырылмапты. Джемс Форсайт кеш қалғанын енді ғана сезгендей.

— Суизин, — деді ол қолын құлағына тосып, жауап күтіп. Бірақ жауап болған жоқ, тек бокал түбіндегі соңғы түйір көпіршік тереңнен үзіліп шығып, шарап бетіне шықты да, жарылып кетті.

Орыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз