Өлең, жыр, ақындар

Алаштың алғашқы басылымдарының біріндегі қазақ ауыз әдебиеті

Халық үшін басылым қандай маңызды болса, басылым үшін халыққа ұсынатын ақпарат та сондай құнды. Қазақ тарихындағы «Түркістан уәлаяты газетінен» кейінгі екінші газет «Дала уәлаяты газеті» мұндай ақпараттардың қайнар көзі. Себебі, 1888 жылы жарық көрген бұл газет тек Патша үкіметі енгізген өзгерістерді, білім-ғылым, мәдениет, шаруашылық туралы ғана жазып қойған жоқ, қазақтың халық ауыз әдебиетінің жандануына үлкен септігін тигізді. Ешмұхамед Абылайханов пен Дінмұхамед Сұлтанғазиндер басшылық еткен бұл басылым арқылы талай талантты жандар таныла бастады, шыңдала бастады, халықтың көзін ашуға тырысты.

Басылымда жарияланған ауыз әдебиеті үлгілерінен ең бірінші тоқталатынымыз – Абай шығармалары. Абайдың екі өлеңі ең алғаш рет осы газет бетінде жарияланған. Олар: «Жазды күн шілде болғанда» және «Болыс болдым, мінеки». Абайдың өз шығармаларын өз атынан жарияламағанын бәріміз білеміз. Бұл жолғы өлеңдері де басылым бетіне Көкбай Жанатаевтың атымен жарияланған. Бірақ, басылым Абайдың «Жазды күні шілде болғанда» өлеңін өзгертіп басып шығарған. Себебі, өлеңде кедейдің байға жалыныштылығы, байдық кедейге үстемдігі шектен тыс суреттелген. Ол кезеңде қазақ орыстың қыспағында болғандықтан, оларға ашық қарсы шығуға шектеу қойылған еді, яғни, цензура қатты болды. Сондықтан, газет Абайдың кейбір өлеңдеріне өзгеріс енгізіп жариялап отырды.

Бір қызығы – «Дала уәлаяты газетіне» Абайдың аталмыш өлеңдерінен басқа шығармалары шықпаған деген деректер де бар. Бұның бірнеше себептері болуы мүмкін. Біріншісі, Абайға редакторлардың өз өлеңіне өзгерту енгізгені ұнамай қалғандықтан, өз жұмыстарын жіберуді тоқтатқан. Екіншісі – Абай жіберген материалдарда негізгі мәселе ашық көтерілгендіктен, редакторлардың оларды газетке жарияламауы. Бірақ, газет беттерінде Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбайұлының аударуымен Лев Толстойдың «Ұзақ пен көгершін», «Бұғы мен қарақаттың сабағы», «Бұғы», «Қоян», «Өтпес пышақ» секілді өлеңдері басылып шыққан деген ақпараттар да кездеседі. Алайда, осы күнге дейін бұған байланысты нақты деректер келтірілмеген.

Қазақтың халық ауыз әдебиеті мұраларынан Абай өлеңдерінен бөлек Әбубәкір Ахметжанұлы Диваевтың жұмыстары, Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері, сонымен қатар, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Еңлік-Кебек», «Қамбар батыр», «Бозжігіт» дастандары, Жиренше шешен, Қожанасыр, Алдар көсе туралы аңыздар және ертегілер де жарияланды.

«Дала уәлаяты газеті» Патша үкіметінің қол астына қарайтын ресми газет болғандықтан, орыс тіліндегі материалдар да жарық көріп отырды. Мәселен, қазақтар тұңғыш рет орыс шығармаларымен осы газеттің арқасында танысты. Олар: Александр Пушкин, Василий Жуковский, Михаил Лермонтов, Алексей Крылов, Лев Толстой, Глеб Успенский және Дмитрий Мамин-Сибиряктың өлеңдері. Газет тек орыс әдебиеті шығармаларымен шектеліп қалмады. Мәселен, қазақ халқын орыс әдебиетінен бөлек украин, литва, татар, башқұрт халықтары әдебиетімен таныстырды. Сонымен қатар, шығыс халықтарының «Мың бір түн», «Ләйлә-Мәжнүн» секілді туындыларынан үзінді келтірілген.

Басылымның барлық проблемаларды қамтығанын жоғарыда айтып өткен болатынмын. Осы тұста газет әдебиет саласын әйел теңдігін көтеруде тиімді пайдаланған. Оны біз сол кезеңдерде сүйгеніне жетемін деп боранда үсіп өлген қыз туралы айтылған «Бәти» әңгімесінен және қыздардың тағдыры сөз болатын «Махаббат күші» поэмасынан анық аңғара аламыз. Дәлірек айтқанда, «Дала уәлаяты газеті» халық ішіндегі мәселелерді көтеруде ауыз әдебиетін орынды қолдана білген.

Айтқым келгені, бүгінгі күнде ауыз әдебиетіміздегі шығармалар бізге өз құндылығын жоймай жетсе, мұның бәрі Патша үкіметі кезеңінде еш тайсалмай, болашақ үшін қызмет еткен басылымдардың, редакторлардың, зиялылардың арқасы деп білемін. Дәл осы тұста жалпылама айтып кеткеннен гөрі нақты бір басылымға тоқталып, нақты факттармен жұмыс жасағанды жөн көрдім. Себебі, кешегі күннен қазақ басылымдары арқылы хабардар болу – әр қазақ азаматының парызы. Бізге кешегі қаһарлы күндерден мұра болып қалған рухани-мәдени құндылықтарымызды қашан да келешекке кемел, болашаққа бедел ретінде дәріптейік.

Аяулым АБАЕВА ҚазҰУ журналистика факультетінің 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар