Өлең, жыр, ақындар

Парламентте жаңалық көп

(Ақын Ұлықбек Есдәулетке жауап)

Аса талантты інім Ұлықбек!

Осы жылғы 31-казанда «Егемен Қазақстанда» маған өлеңмен жазған хатыңды оқыдым. Жауапты кешігіңкіреп қайтарып отырмын. Себебі жұмыс басты болып кеттік. Дәл қазір Парламенттің сіңбіруге қолы тимейді. Жыл аяғына таянғанда заң жобалары деген басып қалды. «Жер туралы», «Қаржы туралы», «Салық туралы», «Жергілікті билік туралы»... несін айтасың, толып жатыр.

Менің тағы бір қиналып қалғаным — өлеңмен жазған хатыңа өлеңмен жауап бере алмаймын. Баяғы-баяғы бозбала шағымда «Терезеңнің алдынан күнде өтемін» деген сияқты өлеңдер жазып көріп едім. Бірлі-жарымы жас ақындар жинағына да ілінген. Ілінгені бар болсын: Зейнолла Серікқалиев деген сыншы сойып салып, содан бері өлең жазғанды қойғанмын. Жазсам, Әкім Тарази, Кәрібай Ахметбеков, Уәлихан Қалижан сияқты замандастарға, інілерге арналған әзіл-бәдік өлеңдер ғана жазамын. Бірақ оларды жариялауға болмайды.

Сондықтан, Ұлықбек бауырым, қарасөзбен жазған хатымды қанағат тұтарсың.

«Сатылмай ма масқара боп Жер-Ана?» — деп сұрапсың.

Жер сатылса масқара болатыны рас. Бірақ қорықпа. Ауыл-шаруашылығына тиесілі жер сатылмайды.

Жердің жыры сонау тоқсаныншы жылдардың басынан басталып, міне, осы уақытқа дейін созылды. Ол кезде Парламент жоқ, Жоғарғы Кеңес бар еді. Чернышев деген депутат болды: жерді сат, тауды сат, тасты сат — халықты асыра деген талап қойғаны есімде.

Мен, марқұм Балғабек Қыдырбекұлы бұған өлермендікпен қарсы болдық.

Жер сатылған жоқ. Бірақ көп жер ат төбеліндей күштілердің шеңгеліне түсіп кетті.

Мына жаңа Заң жобасы талай талқыға түсті. Биылғы маусым айындағы талқылауда мен ұсыныс жасадым. Заңды бірінші оқылымында дауысқа қойғанда аты жөні айқын дауыс, яғни «поименное голосование» берілсін және сол тізім баспасөзде жариялансын, — деп едім. — Заң бірінші оқылымында басым дауыспен қабылданса, сол жоба баспасөзде жариялансын, — дедім. 58 адам қостап, 8 адам қарсы болып, осы ұсыныс қабылданды.

Жаңа жоба газетте жарияланды. Бүкіл халықтық талқыға түсті. Үкімет ұсынған бұрынғы жобадан там-тұм тамтық қалды. Көпшіліктің ұсынысы, депутаттардың ұсынысы енгізіліп, алғашқы нұсқадан мүлде өзгеше сипат алды. Халықтың қауіптенгені — жердің сатылуы еді.

Жер сатылмайды.

Сатылса, қалалық аумақта үй және өндіріс орындары салынатын жер сатылады.

Депутаттар арасындағы айтыс: кімге қанша жер бұйырады — Парламенттегі көкпар осы төңіректе болды. Өйткені жерді рабайсыз көлемде бұрын иемденіп қойғандар бар. Мысалы, «Отан» партиясының көсемі Терещенко мырза сияқтылар. Мұны газет бетінде сол Терещенконың өзі мақтанып айтты.

Мұндай монополистер, латифундистер Парламент депутаттарының. арасында да отыр ма деп сезіктенемін.

Жерді сонда әділ бөлетін кім? Әкім бе, жоқ халық сайлаған мәслихат па? Осы тартыс талайға созылды. Ақыры заң Мәжілісте қабылданып, Сенат құзырына тапсырылды.

Бұл Заңның қолдайтын да, қолдамайтын да жағы бар.

Жер — мемлекет меншігі. Жерді құрметтеп, күтіп-баптап, жемісін көремін дегендерге әр аймақтың жер көлеміне қарай шаруаларға жалға беріледі. Соңғы жоба бойынша, қырық тоғыз жылға. ,

Ендігі мәселе — Үкіметтің ауыл шаруашылығын мейлінше қолдауы. Ауыл шаруашылығы экономикалық барлық саланың көшбасы екенін түсінетін уақыт жетті. Мемлекетті ең алдымен ауыл асырайды. Осыны ұмытпаған Үкімет ұтады.

«Ағын судай ағып жатқан байлықтан бұқараға бірер тамшы тама ма?» — деп сұрайсың.

Есінде болса, сонау 1996-97 жылдың өзінде біз, ағаң Камал Смайыл екеуміз «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде осы сұрақ төңірегінде көп хат жазысқанбыз. Кейін бұл хаттар «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» деген атпен кітап болып шықты. Бұл хаттарға қалың бұқара сүйсінгенмен, халықтың қанын сорған алпауыттар, жемқорлар, ұры-қарылар тіксініп қалды. «Сатылмаған не қалды?» деп жаздық біз сонда.

Жекешелендіру дегенді желеу қылып, жебірлер елдің несібесін қомағайлана жеп жібереді. Әлі жеткен әлі жеп жатыр. Тосқауыл бола ма деп Жарлықта шықты. Заңда шықты. Нәпсісі тойымсыздар әлі тиылар емес. Президент Прокуратураны, милицияны, сотты тоқпақтап -ақ жатады. Ұрылар ұрған сайын семіреді. Жоғары лауазымды ұрылардың талайы шетелге қашып кетті. Біреуі ұсталған жоқ. Ең соңғысы Кутовой деген мәдениеттің ақшасын жеп ол кетті. Сорақысы сол, заң кызметкерлері оның қылмысын біле тұра, көз жұмды.

Сөйтіп, өзің айтқан «ірі жыртқыштар» торға ілінбей тұр.

Заң қорғаушылардың қолындағы қаруы — баяғы бытыралы мылтық. Бытыралы мылтықпен тек торғайларды, қырғауылды, кекілікті, үйректерді ғана ата аласың. Аюларға, қасқырларға бытыра батпайды.

«Қазақ тілі қайғы жұтып қала ма?» деген сұрағың кеудесінде жаны бар, тамырында бір тамшы қазақы қаны бар, намысы бар адамның қабырғасын қайыстыратын сұрақ.

Бұған не дейін, шырағым. Тіл туралы айта-айта жағымыз қарысып қалды. Бұл жөнінде жазылмаған заң, қабылданбаған қаулы қалған жоқ. Қаулысы орындалмаған үкімет қауқарсыз.

Мен бірдеңе білсем, қазақ тілінің жауы өзгелерден гөрі, өз қазағымыздың арасынан көбірек шығып тұр.

Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаған Парламент. Парламент мемлекеттегі биліктің үш тармағының бір тармағы. Өзі шығарған заңға өзінің билігі жүрмеген Парламент әйтеуір аман болсын. Қазіргі Парламенттің «Мәжіліс» деген палатасында 77 адам бармыз. Соның тоқсан пайызға жуығы казактар. Ал мәжілісте қазақша сөйлейтіні жалғыз-жарым, тоқты-торым. Іштерінде қазақша таза сөйлей алатындары бар-ақ. Бірақ орысша сөйлейді. Әуелі бір-екі сөзді қазақша бастап алып, содан соң: «Бәріне түсінікті болу үшін»,—дейді де, орысша гөй-гөйіне басады. Аудармашы бар. Қазақша сөйлесең лезде сөзбе-сөз тәржімелеп отыр. Жоқ, орысша соғады. «Бәріне түсінікті болу үшін». Бұл нашақорлық сияқты айығуы киын дерт. Сонда ол өзінің ана тілін қорлап тұрғанын сезбейді. «Бәріне түсінікті болу үшін!»

Заң жүрмегеннен кейін, Конституцияның бабы іс жүзіне аспағаннан кейін, осыдан оншақты жыл бұрын беті бері қараған казак балаларын қайтадан орыс мектебіне қарай сүйрей бастады.

Басқа-басқа, Астанада қазір 3-аққазақ мектебі бар!!! Намыстан жарылып кете жаздайсың.

Ұлықбек бауырым! Бұл — бұл ма. Ең сорақысы, қазір ұлт тағдырын шешпекші болған теоретиктер шыға бастады. Олардың қасында аты әйгілі Масанов далада қалады. Жақында мен «Сафсана — национальная идея казахстанского народа» деген кітапшаны оқып шықтым. Анықтамасына Караганда авторы «аса көрнекті» («выдающийся») ғалым Марат Телемтаев. Оның тапқан «идеясы» — многонациональный народ Казахстана — единая нация... В такой казахстанской нации люди свободно и не предвзято общаются между собой.»

«Казахстанский народ» дегенді Конституцияға да кіргіздік.

Ал енді «біртүтас Қазақстан ұлты» деген шықты. Казак ұлты емес, татар, ұйғыр, дұнған, корей, әзербайжан, өзбек, орыс ұлты емес, Қазақстан ұлты!»

Бір-ақ ұлт. Құдайдың қаламағанын біз жасаймыз! Баяғы кеңес дәуіріндегі: «Табиғаттың бермегенін тартып аламыз!» деген имансыз ұраннан несі кем?!

Ал сен болсаң, Ұлықбек, «қазақ тілі қайғы жұтып қала ма?» дейсің. «Қазақстан ұлты» болса, оның тілі қандай болады? Бір-ақ ұлт болған соң оның тілі де біреу-ақ болмай ма? Сонда ол қандай тіл?

Сонда сенің қазақ тілің қайғы ғана емес, қан жұтып қалады.

Философ ғалым Амангелді Айталы өзінің «Ұлттану» атты кітабында: «Шындыққа тура қарасақ, қазақ этносының өз Отанында өзіне лайықты орын ала алмай, ұлттық дәстүрлік пен мәдениетіне қолы жетуден қашық екені анық», — дейді. Батыс әлеуметтану ғылымының терминдеріне тағы сүйенсек, бұл жағдайды «ішкі отаршылдық» (внутренний колониализм) дейді.

Біз қазір отаршылдықтан құтылдық, тәуелсіз мемлекет болдық деп мәзбіз. Сөйтсек, ішкі отаршылдық деген бар екен. Мынау Сафсана соның айқын көрінісі.

Біздің ұлттық нигилистер, өз ұлтын менсінбейтіндер, өзбектерше айтқанда «караивандар» өз ішімізде жүрген отаршылдар. Тап-таза сафсана уағыздаушылар емес, ұлттық сананы улаушылар.

Бұл өз ішіміздегі колонизаторлар. Ал сырттағылар ше?

Олар қарап жатқан жоқ. Ұлттық санаңды жаулап жатыр. Қаптап кеткен телевизиялық арналардан не көріп жүрсің, Ұлықбек? Батыстың басқыншылығын көріп жүрсің. Мәдени, рухани басқыншылық. А. Айталы тілімен айтқанда, самопал мәдениет басқыншылығы. Ал самопал арақтан адамдар бауыры іріп-шіріп баудай түсіп жатқанын көріп жүрсің. Самопал мәдениет санаңды сансыратады. Ұлттық бет-бейнеңді айғыздап жыртып, адам танымастай құбыжық етеді. Біздің құдайдан тілегеніміз осы ма еді?!

Ал иманы бар-ау деген бірлі-жарым теледидар арналары қазақшаны әйтеуір көз бояу үшін ғана там-тұм көрсетеді. «Қазақстан-1» арнасы ғана ұлтына бүйрегі бұрады. Бірақ тырыли кедей. Қаржысы соқыр көздің жасындай ғана.

Тіл туралы заңда айтылған «елу де елу» деген бап айдалада қаңғырып қалды. Оны қадағалап отырған Үкімет те, Парламент те, Прокуратура да жоқ. Парламент заң шығарады. Ол заң көкектің балапаны сияқты бағусыз қалады. Парламент, бәлкім, өз балапанын бағар еді. Бірақ Конституция тыйым салған. Заңның орындалуын іске асырушы, атқарушы өкіметтің уақыты жоқ, басқа шаруалармен басы қатып жатыр. Ал заңның орындалуын бақылаушы прокуратура дәрменсіз.

Осы қатарға Ұлттық Кауіпсіздік Комитетін де қосуға болады. Осы мекеменің шақыруымен мен Астанада біздің чекистермен кездестім. Мәселе — тіл туралы болды. Обалы не керек, бұл мекеме мемлекеттік тілді өз аясында қадірлеп, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізіп, қазақ тілін өз қызметкерлеріне үйрету жолында көп жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл тек өз кеңсесінің аясында. Ал жалпы республикадағы тіл, мәдениет, руханият саясатын бұл комитет біздің міндетіміз емес деп есептейтін сияқты.

Меніңше, бұл жаңсақтық. Сен ұлттың қауіпсіздігін қорғайды екенсің, ұлт сана-сезімін де жаулаудан, уланудан қорға. Коррупциямен күрес, ниеті бұзықтармен, шпиондармен күрес—оның дұрыс. Бірақ адамдардың жаны жүдеп, рухы қирап, мәдениет самопалымен ақыл-естен айрылып жатса, ұлтты қауіпсіздендіргенің қайда?

Ұлықбек! Ұлттық сана-сезім торқадай тозған жерде ұлттық патриотизм де жетімсірейді. Отанының патриоты тек өз қарақан басының қамын ғана, қу құлқынның қамын ғана ойламай, халық қамын мүдделесе — сол ел бақытты.

Сорлатқанда, бізде қу құлқын қамын, тойымсыз қарын қамын ойлаушылар көп. Әйтпесе, осыншама бай Қазақстанда халық жүдеп-жадай ма? Жастар әлеуметтік қасірет салдарынан әлжуаз, қауқарсыз өсіп жатса ол әскерге жарай ма? Одан патриот шыға ма?

Патриотизм қазіргі нарықтық кезеңде де байқалады екен. Мысалы, бай Қазақстан шетелдерге тек шикізат қана сата алады. Оның пайдасын көбінесе кім жеп жатқанын өзің де шамалайсың. Ал шикізатты: мұнайды, мысты, көмірді, темірді; ең қымбат хромды, вольфрамды, титанды, алтынды т.б. құдай өзі жаратқан. Олар — адамдар тер төгіп жаратқан өнімдер емес. Құдай бізді өлмесін деп жаратқан.

Соның езін ұқсата алмасақ, көзін тауып тиімді етіп сата алмасақ, кімге өкпелейміз? Сонау сойқан соғыстан күл-талқаны шығып қирап қалған Германия неге тез арада байып кетті?

Философ А. Айталы айтады: «Патриотизмнің іргетасын экономикалық көзқарастар құрайды», — дейді. Сөйтіп, неміс-герман патриотизмінің мынандай өсиеттерін келтіреді:

— Тіпті ұсақ-түйек шығын шығарғанда да Отанның және ел азаматтарының мүдделерім^н есептес.

— Шетелдің бір теңгеге тұратын тауарын сатып алғанда, өз еліңе бір теңге зиян келтіретініңді ұмытпа.

— Сенің ақшаң тек неміс саудагерлері мен жүмысшыларына пайда әкелуі керек.

— Шетелден келген машина мен құрал-саймандарды қолданып, неміс жерін, неміс шаңырағын, неміс шеберханасын қорлама.

— Дастарқаныңа шетелдің етін, майын т.б. қойма, себебі ол неміс ет өндірісі мен отандық мал шаруашылығына зиян келтіреді.

— Әр уақытта неміс қағазына неміс сиясына малып, неміс қаламымен жаз да, неміс сорғышымен сорғыз.

— Неміс игілігіне тек немістің ұны, немістің, жемісі, немістің еті жарайды.

— Тек неміс матасынан тігілген сырт киім мен неміс қолынан шыққан бас киімдерді ки... (А. Айталы. «Ұлттану» кітабы).

Міне, неміс патриотизмінің ұраны.

Ал біз не қылдық? Қажыгелдин деген бас әкім келіп: «Малды құрт. Шығыны көп. Етті, сүтті, майды шетелден арзанға сатып аламыз», — деді.

Бас терісі келіскен бастық осылай айта ма? Есі дұрыс ел Қазақстандай байырғы мал өсіретін жерден етті, сүтті, майды қайта өзі сатпай ма шетелдерге?!

Қазақстанда шетелдік жарамды-жарамсыз тауарлар топан суындай қаптады. Азаматтардың ақшасы өз қазынамызды толтырудың орнына, шетелдіктерді байытып жатыр.

Ұлықбек! Біздегі патриотизмнің сиқы осындай. Сен болсаң «Өрістерге шегірткені өргізіп, қаңырайды қойды аңсаған қоралар» дейсің.

Ал ел басқарып отырған белсенділердің көбі ғылым докторлары, азуын айға білеген экономистер, саясаткерлер. Қайда сонда олардың биік білімі? Оларды өз елінің патриоттары деп кім айтады?

Ұлықбек бауырым! Елін сүйген, халқын сүйген үкімет, министрлер, әкімдер жоқтан бар жасамай-ақ қойсын. (Жоқтан бар жасайтын мемлекеттер де бар). Біздің атқамінерлер тым болмаса Құдайдың өзі Қазақстанға бұйыртқан байлығын талан-таражға салмай, көлденеңнен келген қоқаттыға жем қылмай, көзін тауып, ұқсата біліп, халқының игілігіне жарата алса ғой.

Біз Мұнайға бай он мемлекеттің қатарында екенбіз. Сол мұнайды шетелдіктердің сауулы сиырына айналдырдық. Олардан алатын салық көлемін азайттық. Не деген мырзалық! Кәдімгі дарақы кедейдің мырзалығы.

Біз халықаралық нарықта қалыптасқан жүйе бойынша талап етсек, осы мұнайды өндіруші, оның қызығы мен шыжығын мейлінше көруші шетелдіктерден қосымша 100 миллиард теңге өз бюджетімізге түсіруге болады екен. Мұны дәлелдеген кешегі министр (қазір не істейтінін білмеймін) Мұхтар Әбіләзов деген азамат.

Қазір болса Үкімет пен Парламент 2001 жылдың бюджетін бекіте алмай, бюджеттің жыртығы мен тесігін бітей алмай бастары қатып отыр. Қыска көрпе басына тартса аяғына жетпейді, аяғына тартса басына жетпейді. Ал құнтталмаған миллиардтар айдалаға кетіп жатыр. Жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны имандылау етіп өсіруге қаржы жетпейді. Тауар бағасы осқырына өсіп барады. Индексация жоқ.

Ендігі бір шемен түйін: бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі. БАҚ туралы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ретінде Парламентке жаңа жоба келіп түсті. Сол — сол екен, тәуелсіз электронды құралдар иелері байбалам сала бастады. «Демократия қайда? Бостандық қайда?» — деп даурығады.

Демократия — жүгенсіздік емес.

Бостандық — жүйесіздік емес.

Заңға өзгерістің бар болғаны: егер шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдері біздің Конституциямызға, заңдарымызға қайшы келетін болса, онда мұндай өнімдер таратуға сот арқылы тыйым салынады.

Шетелдік теле-радио хабарларын тарату теле-радио желілерінен таратылатын хабарлардың. жалпы көлемінің 20 пайызынан аспау керек.

Бұл өзгерістер мен толықтырулар да қабылданар-ау. Бірақ орындалуы қалай болады? Заңда БАҚ-тан таратылатын хабарлардың тең жарымы мемлекеттік тілде жүргізілетін деген сөз — бос сөз болып қалған жоқ па?!

Орындалмаған заң мемлекеттің беделін түсіреді. Заңға деген халық сенімі жоғалады.

Ұлықбек! Біздің руханияттың бір кен бұлағы — ана тіліміздегі газеттер мен журналдар еді ғой. Белді, белгілі деген газеттеріміздің таралымы күрт азайды. Қазақтардың көбі орысшаға ауып кетті. Біздің ұлттық патриотизмнің келбет-кепиеті осындай. Ұлттық намыс үшін болса да жазылмай ма? Рас, көпшілікте ақша аз. Аудандағы әкімдер жергілікті бюджет жартымсыз болса да, амалдап, кәрі-құртаңға, көп балалы отбасыларына, кемтарларға көмектесіп, газет-журналдарға жазылуға көмек көрсетсе, елдіктің о да бір белгісі болар еді. Ол үшін Құдайым әкімдерге биік сана, парасат бергей.

Таралымның құлдырауы баспасөз қызметкерлеріне де сын. Газеті өткір болса, шыншыл болса, өмірдегі өзекті мәселелерді көтеріп жатса, жемқорлардың масқарасын шығарып жатса, баспасөз мерейі үстем болар ма еді деген қиял ғой біздікі.

Уақыт тығыздығынан әр нәрсенің басын шалып, біраз әңгіме айтқан болдым. Осыны місе түт, Ұлықбек. Сау бол.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз