Өлең, жыр, ақындар

Ұядан ұлы жолға

Төре ауылы жайлаудан қайтқалы, Шоқанның ойында Омбы қаласына деген жүріс жолы елестеп, асығу да бар. Әсіресе Сергей ағайдың қала жайынан қызықтырып айтқан әңгімелері есіне түседі. Ал қалаға жүрсе мына ауыл өмірінен бөлінеді. Ойыны бір құрдастан, тентек те болса бауырлас Жақыптан бөлінеді. Ыржия күліп, қорғана тіл қатып, балшықтан мүсін жасап ойынына талшық еткен Мысықтан көз жазады. Қатар отырып жазу салыстырған, ойын тобында үнемі қасында болып, мұрнын тартып қойып, «Шоқа» дейтін құрдасы Әлібайдан бөлінеді. Осындай ойларға оралған Шоқан күн санап анадағы бастаған күнделік дәптеріне әрбір ойын жазып жүрді. Ол жаздағы нағашы аулына барған сапарынан көрген-білгендерін — Етекбай сөзін, Зеренді түсінігін жазды.

Ауыл Қосқимылға келген күні-ақ Шоқан белгілі күзек құдықта отыратын жалғыз қара лашық Мысықтың үйіне келді. Жаздай ел көрмей, елегізіп елсіз өмірде бұйығып жүрген Мысықты, екі бұзауды қайырып келе жатқан жерінен, қорық ішінде кездестірді. Ыржиып, құлағы делдиіп тұра қалған Мысыққа Шоқан құнанынан түсіп, қасына келді де:

— Немене, Мысық, аман ба!? — деді. Мысық үндемеді, тек күле берді.

— Сен, немене, сөзді ұмытып қалғансың ба?

— Жоқ, сөзді білем. Аман ба, Шоқан!

— Иә, аман. Өзің, немене, қандай мүсін жасадың?

— Түк те жасағаным жоқ.

— Неге?

— Бұзауымды бағып, апамды күтем.

Мысықтың мына сөзі Шоқанға ерекше бір ой салды. «Иә, алдымен тіршілік өмір жабдығы» деді ішінен.

— Мен енді қалаға оқуға жүрем. Сен ертең біздің, ауылға кел. Және жаңа суретің болса, ала кел.

— Жаңа мүсінім жоқ. Жалғыз қалай барам, қорқам. Апамды жалғыз қалдыра алмаймын.

— Неге?

— Апам орнынан тұра алмайды.

— Әкең қайда?

— Төре үйінің шөбін шауып жүр. Алыста, анау өзен жақта.

Мысықтың мына кейінгі үй жайын айтқандағы мұңайған түріне көзі түскен Шоқан оны аяп кетті. «Анасы ауру, әкесі біреудің жұмысында, өзі жалғыз. Мына бұзаулар оның әрі көрер азығы, әрі ермегі. Қандай қиын».

— Онда ертең мен өзім келейін, жарай ма?

Мысық басын изеді.

Шыңғыс өзінде қонақта жатқан Дабашинский мен Шоқанды ертіп Айғаным аулына келгенде, Қанғожа, Мамеке — бәрі де ханым үйінде еді. Шоқанды Омбыға оқуға апарады деген өз осы күзекке қонысымен-ақ төре ауылына хабарланған. Бүгін ханым үйінде болатындықтары да оларға айтылғанды. Сүйікті немересін қасына алып, қайта-қайта маңдайынан иіскеп, ойлана алысқа қараған Айғаным:

— Мына Шоқанжанның тоқым қағарын өзім істейін деп әдейі мына аға, аталарын шақыртып алдым. Баталарын берсін. Ана ауыл ақсақалдары да келеді. Шыңғысты орысша оқуға бергенімде, төре, қара болып — «Айғаным енді өзі шоқынғанымен қоймай, баласын да орыс оқуына шоқындыруға беріпті. Аталары орысша оқымай-ақ Үш жүзді билеп еді ғой. Бұл қай бұзылғаны», — деп айтпаған өсегі бар ма еді. Сол шоқындыруға берді деген Шыңғыс, міне орталарыңда. Дінін бұзып па? Халқының қағидасын бұзып па? Білім алды, білімді елдің адамымен тізелесе отыруға, өз ойын басқаға тәуелсіз-ақ орысша жеткізуге жетті. Ал Шоқанжан енді одан да үлкен оқуға барады. Жаңа заманның білімін алады, — деді Айғаным.

Әрқайсысы Айғаным сөзін өзінше түсінген туысқандар үнсіз тыңдап, әдеппен ана алдындағы құрметтерін істеді. Айғанымның әлгі айтқан сөзін тыңдап отырған Дабашинский:

— Төрелер, ханым аналарыңыз өте дұрыс айтады. Сіздердің бағынған үкіметтеріңіз орыс патшалығы, оның тілін біліп, заңын ұғу сіздерге парыз. Егер оны білмесеңіздер, мен сияқты тілмашқа тәуелді болып отырасыңдар. Сіздің қазақтың мақалы бар ғой: «Шайнап берген балаға ас болмайды» деген. Сондай-ақ біреу арқылы тілдескен ел басшысы ұлыққа қай ойын жеткізеді. Ал мына Шыңғыс Уәлиханович патшаның өзімен де сөйлесе алады. Шоқан корпусқа түсіп оқыса, Шыңғыстан да оқымысты болады. Енді сіздің елдің жастарына оқу керек, — деп өте бір достық ойлар айтты. Бұл сөзге риза болған Айғаным:

— Шырағым, Шоқанымды өз қолыңа береміз. Үйіңде ұста, зеріктірме, оқуын жақсылап оқыт. Сен де дос-жар баламның бірі бол, — деді.

— Ханым апай, сеніміңізді ақтармын. Шоқаныңызды өз балам етіп тәрбиелермін.

— Жолың болсын, шырағым, — деп Айғаным қасындағы Шоқанға, — сен ана ағаңның айтқанын тыңда. Оқуыңды жақсы оқы, — деді. Шоқан үндемей басын изеді.

Осы кезде Айғаным хабарлаған ауыл ақсақалдары: Ықылас, Сал, Әжібайлар, тағы басқалары келді. Мәжіліс қызды. Қанғожаның қобызы да, Нұртайдың әні де шырқалды. Түс ауа ханым ауылынан аттанған топтың ішінде келе жатқан Шоқан, өз ауылдарына таянғанда:

— Атеке, мен кеше Мысыққа келем дегем, соған барып келейін, — деді.

— Е, досың ғой, әлгі шебер бала ғой, бар, бар, — деп Шыңғыс рұқсат етті.

Шоқан Тақырбас бар қасында, Мысыққа келгенде, күркесінің қасында от жағып жүр екен.

Ол Шоқанды көріп, ыржия күліп алдынан шықты.

— Ал, Мысық, жүр, біздің ауылға жүр.

— Апам жалғыз қалады ғой.

— Көп болмайсың, апаңа айт.

— Жарайды, қазір, — Мысық апасы жатқан қара лашыққа жүгіріп кетті. Біраздан соң үстіне анада Шоқан берген көнетоз шапанын киіп шықты.

— Кәні, менің артыма мін, — деп Тақырбас оны қолынан тартып, артына мінгестіріп алды. Мысықты өзіне ілестіре үйге кірген Шоқанға Зейнеп:

— Шоқанжан-ау, мына сары сұңқарды тағы тауып алғансың ба? — деді таңданып.

— Иә, апеке, шешесі ауру екен. Жазда сурет жасай алмапты. Әкесі атам үйінің шөбін шауып, үйінде жоқ. Сондай аянышты, — деді.

— Шешесі не ауру екен? — деп Зейнеп ежіктей сұрады. Оны байқап тұрған Мысық қорқып көзін жыпылықтатып, төмен қарап кетті.

— Апа, сіз ұрыспаңыз, оның жазығы жоқ. Мен ертең қалаға оқуға жүремін ғой, ана менің қазақы кемзал, шалбарымды Мысыққа берші, түк киімі жоқ. Өзіне тамақ бергізші. Шешесіне де тамақ беріп жібер, — деді өтініш етіп.

— Иә, жол садақаң болсын, берейін, — деп Зейнеп Қанипаға, — Шоқанжанның кемзал, шалбарын ана балаға берші. Өзіне тамақ бер. Шешесі ауру болса, шай, қант түйіп берші, — деді, Қанипа жымия күліп:

— Осы бір сары шегір жүгірмекке Шоқанжанның мүлде ықыласы түсті-ау. Мына кемзал, шалбарын қалаға жүрерде өзім сұрап алып, бауырыма кигізейін деп жүр едім.

— Қанипа, оған ренжімей-ақ қой. Сенің бауырыңа да Шоқанның бір көнесі табылар, — деп Зейнеп Қанипа көңілін де жұбатып қойды. Киім киіп шай, қант алып, олжалы болған Мысық қуанышы қойнына сыймай, үйіне жетуге асығып Шоқанның қасына келіп, не айтарын білмей, ыржиып танауын тартып тұрып қалды.

— Немене, үйіңе қайтасың ба? — Мысық басын изеді. — Тақа, Мысықты үйіне апарып тастаңыз, иттен қорқады, — деп Шоқан Мысықпен хош айтысты. Тақырбастың артына мінгесіп жүре берген Мысыққа:

— Мысық, мүсін жасауыңды ұмытпа. Маған жақсылап көп мүсін істеп қой.

Мысық Тақырбастың белбеуінен ұстап, тырмысып бара жатып, артына бұрылып:

— Жарайды, істеп қоям, — деді.

Шоқан Тақырбастың артына мінгесіп бара жатқан Мысыққа қарап біраз тұрып қалды. Тек, артынан келіп Жақыптың:

— Өй, анау әлгі мияу Мысық па? — деген сөзіне бұрылып:

— Иә, сотқар, бір айқасатын едің, көре алмай қалдың-ау, - деді.

Жақып Шоқанның қалаға жүретін хабарын естігелі бері бұрынғыдай соқтықпай, өзінше бір ойға түскендей болып жүрген. Бұл жерде де сол мінезін істеді.

Дабашинский Шыңғыс ауылына келісімен-ақ Шоқанның жаңа досы болып алды. Шекарашылар мекемесінің тілмашы, қазақ даласын көп аралаған, тапқыр да ділмар Дабашинский Шыңғыстың көптен бергі досы еді. Шоқанды оқуға алып жүрердегі қаладағы Шоқанға сайлаған пәтер үйі де осы Дабашинскийдікі болатын. Сондықтан көктем кезіндегі қалаға қатынасқанында, Дабашинскийді қонаққа шақыра келген. Дабашинскийдің бұл келуіндегі себептер де осы болатын. Дабашинский Шыңғыстан бір-екі жас үлкен болғандықтан, Шыңғыс оны Уәсіл ағай деп өзімсіне сөйлейтін. Шыңғыстың өзін қазақсына атағанына Дабашинский аса разы болып, көңілденіп қалушы еді. Әкесінің атауымен Шоқан да оны Уәсіл ағай деп атайтын болды.

— Корпусқа бала қабылдау кезі болып қалды. Алдын ала барғанымыз жақсы, — деп Дабашинский Шыңғысқа жүру жайын бір ескертіп қойды.

— Иә, иә, ол рас. Ертең ерте аттанамыз, — деп Шыңғыс жол аттарын, қасына алар жолдасын әзірлетті. Тұңғыш баласын бауырынан шығарып, алыс жолға, шәһәрлі жерге жіберуге әзірленген Зейнеп әлденеден бір ауыр ойда. Ананың көз алдына кішкене Шоқанның жат үйде жалтаңдап отырған түрі елестейді. Қаланың қамау көшесі, өзі тілін түсінбейтін жұрттың ішінде баласының жабығып тұрған бейнесі келеді. Іші елжірегенімен бір сенімді медеу бар. Ол анада келіп жатқан Сергей, мына Уәсіл ағайлар көңіліне тиянақ тәрізденіп кетеді. Білімге, оқуға аттанады, ол бір мерей ғой, деген жақсылық ойдың жарқын сәулесі жігер туғызып тұрғандай болады. Осыны ойлайды да бойын ширатады.

Үш ат жегілген пәуескенің күймесін шалқалата ашып, Бейсен көлденең тартқанда, Айғаным бастаған аналар тобы Шоқанды кезекпе-кезек бетінен сүйіп, асыл ниеттерін айтуда.

Алдымен пәуескеге келіп отырған Шыңғыс:

— Кәні, Уәсіл ағай, келіңіз, — деп өз қасын нұсқады.

Тентек Жақып жыламсырап Шоқанды құшақтап, бауырлық жылы мінез көрсетіп тұр. Жақыптың сырт жағында Әлібай, Мұқандар тұр. Бұлар ыржия күліп, «Шоқан, қош, аман бол» десіп, жолдастық қимас достық лебіз білдіруде. Бейсеннің делбе ұстаған қолы қозғалғанда, пәуеске үзеңгілігіне аяғын салған Шоқанды ұстап, қолтығынан алып, Зейнеп өз қолынан аттандырып жіберді. Шоқанның пәуеске тұтқасына жармасқан қолынан ұстап, Уәсіл ағай көтеріп алды. Жан-жүйесі босап, көзіне жас алған Зейнеп: «Жолың болсын, құлыным», — деп орамалын көтеріп қала берді. Пәуескенің артынан көзі жасаурап қарап тұрған Айғанымға:

— Апасы, үйге жүріңіз, Шоқаныңыздың жол шашуына батаңызды беріңіз, — деді Зейнеп.

— Жарайды, Зейнепжан, Шоқанымнан аяр тілегім бар ма, — деп Айғаным қасындағы күтушілерімен үйге кірді.

Ауылдан шыға бере тақта жолға түскен пәуескені, ерігіп тұрған үш күрең ат зырлата ұшырып келеді. Артына жалтақтай қараған Шоқанға:

— Шоқанжан, енді артыңа емес, алдыңа қара. Өміріңнің өрі алдыңда, — деді Шыңғыс.

— Иә, Шоқан, Шыңғыс Уәлиханович өте дұрыс айтады. Алдыңа қара. Қызық та, білім де, өнер де алдыңда, — деді Дабашинский, Шоқанның ауылға қиыла қараған ойын бөліп. Құсмұрын жазығынан созыла құлаш ұрған жіңішке қара жол, тобыл бойын кемерлей тартып келеді. Анда-санда күзекте отырған киіз үйлі азақ ауылдары, кей жерде некен-саяқ қысқы қора елесі көрінеді. Солтүстіктен ескен қоңыр жел лебі әрі салқын, әрі бір көңілсіздікті сүйретіп жүргендей, бір ызғар сездіреді. Аспан әлеміндегі бұлттың түрі де, қоңыр күңгірт тартқан күн жылуы да ауылдан алыс жолға аттанған Шоқанның бала көңіліне солғын болып сезіледі.

Шоқанның осы сияқты көңілсіз күйін сезген Дабашинский әдейі әңгімеге алдандырғысы келіп:

— Шоқан, сен орыстың ұлы оқымыстысы әрі ақыны Ломоносов жайында естімеген боларсың. Білімді іздеген адамға оның әмірі үлгі, мен саған соны айтып берейін, — деді.

— Иә, Уәсіл ағай, Шоқанға айтыңыз. Ломоносовты Пушкиннің: «Ломоносов біздің бірінші университетіміз», дегені әншейін айтылмаған. Ұлы ақын оны өте жоғары бағалаған, — деп Шыңғыс Ломоносов жайындағы көңілінде қалған Пушкин сөзін есіне алды.

— Шоқан, сен әлі орысша оқып хат таныған кезіңде Пушкиннің де, Ломоносовтың да өмірбаянын, шығармаларын оқып танысасың. Мен саған тек Ломоносовтың оқуды қалай ізденіп, ұлы ғалым болғанын айтып берейін.

Пәуескеге отырғызардағы Зейнептің елжірей бетінен сүйіп, аналық махаббатпен қараған жанары; тентек Жақыптың пәуеске қозғалған сәттегі қолын бұлғап аңыра тұрып қалғаны көз алдына елестеп мұңая ойланып отырған Шоқан Уәсіл ағайдың жылы лебізінен ойы сергіп:

— Уәсіл аға, ол қандай адам, айтыңыз, тыңдайын, — деп көңілі жадырай Дабашинскийге, әкесіне жалтақтай кезек қарап көтеріле отырды.

— Михаил Васильевич Ломоносов Россиянин, шет жағындағы Архангель губерниясындағы бір қара шаруаның баласы. 1711 жылы туған.Ол кезде орыс қалалары мен деревняларында оқу аса өріс алмаған кез ғой. Деревнядағы бастауыш мектепте оқығанымен онша өнімді білім ала алмаған. Жиырма жасқа келген кезінде талапты жас оқу іздеп жаяу, жалғыз Москваға жүріп кеткен. Азықсыз, көліксіз алыс жол жүріп, ашып-арып Москваға жетіп, іздеген оқуына тұяғын іледі. Бір жағынан еңбек етіп және оқып жоғары дәрежелі білім алады. Ломоносовтың зеректігіне сүйсінген ұстаздары оны Германияға үлкен оқуға жібереді. Ол Германияда университетті бітіріп, үлкен ғалым болып қайтады. Әрі ғалым, ірі ақын данышпан Ломоносов біздің орыс елінің ардақты ұлы, тұңғыш ғалымдарының бірі болған. Шоқан, көрдің бе, ұлы адамдар білімді қалай іздеп табады.

Сен мына сияқты салтанатпен оқуға аттанып келе жатып, ауылыңды қимай мұңаясың. Асықпа, әлі-ақ қала тұрмысына үйреніп кетесің, — деді.

— Ұқтың ба, Шоқан, Уәсіл ағайдың айтқанын өзіңе ақыл деп біл. Ендігі сенің ақылшың осы кісі болады, — деген сөзін Шыңғыс Шоқанның құлағына қайталап айтты.

Арада бірнеше күн жүріп Омбы қаласына да таянып қалды. Алдымен ұзыннан қарауыта тоғайға бөленген Ертіс өзенінің арнасы көрінді. Жазық даланы қақ жара белдеуленген өзен өлкесіне көз тастаған Шоқан Дабашинскийге бұрылып:

— Уәсіл аға, анау қарауытқан немене? — деп сұрады.

— Ол қарауытқан үлкен Ертіс деген өзеннің бойы. Өзен жағасын кемерлей ескен тал, қайың ағаштар ғой қарауытып тұрған. Ертіс аса үлкен өзен, әлі қасына барғанда көресің. Омбы қаласы осы Ертіс өзенінің жағасында.

— Немене, біз қалаға жақындадық па?

— Енді қала жақын, біз қонаға барамыз, — деді баласының жол жүруден жалыққанын сезіп отырған Шыңғыс. Аттардың үздіксіз жүрістен салмақтана жортқан баяу қимылына ыңылдай теңселе ғана қолын қозғап отырған Бейсен, Шыңғыстың «бүгін қонаға қарай қалаға барамыз» дегенін естігеннен кейін қозғалақтап аттарға қамшы үйіріп қойды. Делбені жұлқи жортқан үш күрең дала апшысын қуыра жүйткіді. Ойнақшыған ат жүрісі көңілдендіріп Шоқан, алға ұмтыла, Бейсеннің иығына асыла айналаға көз тастайды. Ол әне көрініп, міне көрініп қалады дегендей қала елесін көздейді. Әлден уақытта қарауытқан өзен өлкесінің арғы жағынан биік мұнараларды көрді. Кешкі батар күннің шапағына шағылысқан шіркеу крестерінің алтындаған бояулары жалтылдап көз тартады.

— Атеке, анау көрінген не? — деп Шоқан үнсіз қала елесіне көз тастап келе жатқан Шыңғысқа қарады.

— Ол, ол қаланың шіркеулерінің мұнарасы. Анау қарауытып көлбеген қаланың өзі. Әне көрдің бе, ағараңдаған үйлер, жылтыңдаған оттар да көріне бастады, — деп Шыңғыс баласына қала көрінісінен байыпты хабар берді.

Шіркеу деген сөзді бұрын естімеген Шоқан, ол ерекше мұнара орнатқан қандай үй дегендей ойланса да, қуалап сұрай қойған жоқ. Осындай әңгіме сұраумен алданып келе жатқанда Ертістің қалаға қатарласқан қабағына да жетіп қалды. Біразда қала ап-айқын үлкен-үлкен үйлерімен, сәнді көшелерімен саңлақтанып керінді. Сонша болмады, Бейсен желдірте айдап аттарын екпіндете, Ертістен өтетін үлкен қайықтың аузына да келіп тоқтады.

— Мына өзеннен біз қалай өтеміз? Ана арғы жаққа барамыз ба? — деп Шоқан өзі түсінбеген жайларды сұрай бастады.

Қайық аузына келісімен пәуеске күймесінен жерге түсіп, бой жазып жүрген қала тұрғыны Дабашинский:

— Ал, Шоқан, қала деген осы, ана су жиегінен көтеріле салынған биік үйлер — кеңселер. Солардың бірінде сен оқисың, — деп қала жайынан түсінік айтып тұрды. Арғы жаққа кеткен паром қайық кеп кешігіп тұрып қалды. Қала көрінісіне қызыққан Шоқан:

— Атеке, сіздің жол дәптеріңіз қайда, маған бере тұрыңызшы? — деп сұрап алды. Шыңғыс та жерге түсіп бой жазып жүрген. Шоқан дәптерге қыстырулы қарындашты алып, қала көрінісінен бір үш сурет салды. Әсіресе шіркеудің бейнесін, биік үйлердің Ертіс қабағынан көрінісін салды.

Бұлар паром тосып тұрғанда, Ертістің бас жағынан суды қақ жара жүзіп бір пароход келді. Атой беріп айқайлап суды кешіп жүрген кемеге Шоқан таңдана қарап қалды. Бұрын ондай су кемесі — пароходты көрмеген оған сондай жаңалық болды. Шоқанның таңданып отырғанын көрген Дабашинский:

— Шоқан, мына кемені көрдің бе, бұл осы Ертіс өзенімен жоғары өрлеп, төмен құлдилап басқа қалаларға барып кісі мінгізіп жүретін, жүк таситын пароход. Бұл будың күшімен жүреді. Әлі осыған да мінесің, — деп пароход жайын түсіндірді. Біздің паромның арғы жақта бөгеліп тұрғаны да осының келетінін біліп, көлденең жүруге рұқсат болмағандықтан екен ғой, қазір келеді, — деп оның да тәртібін айтып қойды. Шоқан алдыңғы салған суреттеріне қоса қарындашпен сызғылап әлгі пароходтың да бейнесін жазды.

Біразда паром да келді. Шоқандардың пәуескесі келіп үлкен қайыққа түсті. Дабашинский мен Шыңғыс та күймеге жайлана отырысты. Шоқанның жол дәптерін қолына алған Шыңғыс жаңа ғана салған суреттерді көрді.

— Уәсіл ағай, Шоқанжанның қаланы көргенде салған суретін қара. Бала деген еліктегіш, әуесқой болады-ау. Мынасы қала көрінісіне ұқсайды, — деп дәптерді Дабашинскийге ұсынды.

— Сіз қаланы айтасыз, мына әлгі өткен пароходты қараңыз, Шыңғыс Уәлиханович, — деп Шоқанның шимайлаған пароход бейнесін көрсетті. — Пароходтың өзінен түтіні үлкен болып кетіпті, — деп Шоқанға қарап қызықтай күлді. Шоқан қысылғаннан төмен қарап, аяғының басымен жер шұқи берді.

— Сен, Шоқан, ұялма, бұл тамаша талап. Орыс тілінде мынадай сурет салушыларды художник дейді. Бұл тамаша өнер, — деп Дабашинский қайық үстінде суретшілік жайында біраз әңгіме айтты. «Оқыған білімді елдің аты білімпаз, осы Уәсіл ағайдың тіпті білмейтіні жоқ» деп ойлады Шоқан өзіне ерекше болып көрінген Дабашинскийге разылана.

Бұлар қаланың орта шеніндегі аласа ғана шатырлы үйге келіп тоқтады. Ат, арба қораға кірді. Әлі көзі үйреніп болмаған Шоқан үйге, айналаға жатырқай қарайды. Қала үйі біріне бірі тіркеле салынған, ұзыннан-ұзақ құймалар. «Ал, үйге кірелік» деген Уәсіл ағайдың шақыруымен Шыңғыс бастап, бәрі үйге кірді. Орта жастағы жалаң бас сары әйел Шыңғысқа таныс үйір адамша қол беріп: «Шыңғыс Уәлиханович», — деп амандасты. Олардың қасында тұрған кішкене Шоқанды көріп:

— Шыңғыс Уәлиханович, бұл жігіт сіздің бала ма? Аты кім, танысуға бола ма? — деп күліп Шоқанның қолынан ұстап, — мені Мария Михайловна дейді. Сені кім деп атайын? — деді. Шоқан ақырын ғана:

— Шоқан, — деді.

— Ә, Шоқан Шыңғысович екен ғой. Жас қонақ, жоғары төрлетіңіз, — деп қазақша жатық тілмен үйіріле сөйледі.

— Мария Михайловна, Шоқанды сіздің балаңыз болсын деп алып келдім. Ендігі билігі сіздерде, оқытыңыз, тәрбиелеңіз, — деп Шыңғыс осы сәтте өзінің ойын да айтып салды.

— Тіпті жақсы, Шыңғыс Уәлиханович, маған мына сияқты жақсы баланы сыйлағаныңызға рақмет айтам. Онда, Шоқан, бері кел, мына жерге шешін, — деп Мария Михайловна Шоқанға сол сәтте-ақ езінің орнын көрсетіп тәртіптей бастады.

Алыс жол жүріп келген Шыңғыс, Василий Дабашинский қала тәртібімен жақсылап демалыс етті. Тамақ, артынан жолдан шаршап келген Шоқан Мария Михайловна арнап көрсеткен кереуетке жатып ұйқтап қалды. Шоқанның қала қақпасын ашқан күні осылай басталды.

Таңертең Шоқан оянғанда әкесі де, Уәсіл ағай да үйде жоқ еді. Тек Мария Михайловна мен Бейсен үшеуі отырып шай ішті. Шай артынан қора ішіне шығып, Бейсенмен бірге аттарды күтісіп, Ертіске суаруға апарысты. Түс кезінде Шыңғыс пен Василий келді.

— Ал, Шоқан Шыңғысович, сен енді Кадет корпусының оқушысы боласың. Жолың болсын, үлкен адам бол, — деп Дабашинский Шоқанның қолын алды.

— Иә, Шоқанжан, мына Уәсіл ағаң екеуміз сенің оқитын мектебіңе барып, сөйлесіп қайттық. Сені ертеңнен бастап қабылдайтын болды. Сәті түскенде, Сергей Сотников сонда кездесті. Барлық жұмысты өз қолына алып, өзі ие болып кетті. — Сергей Сотниковтың атын айтқанда, құрбысын атағандай Шоқан сергектеніп:

— Атеке, Сергей ағай қайда, ол неге мұнда келмеді? — деді.

— Сергей ағайың қызметінде. Ертең соның кеңсесіне барасың, — деп Шыңғыс Шоқанның көңілін жұбатып қойды. Келер күні Шыңғыс, Уәсіл ағай екеуі Шоқанды пәуескемен корпус үйіне алып келді. Күлімдеп алдарынан шыққан Сергей Сотников:

— Ә, Шоқан Шыңғысович, оқуға келдің бе, қазақша айтқанда, жолың болсын, — деп Шоқанды құшақтап амандасты. Мектеп кеңсесіне өзі ертіп келіп, оқу бөлімінің бастығына:

— Менің сізге айтып жүрген шәкіртім осы бала, — деп Шоқанды таныстырды. Шоқанға жылы жүзді шенді киім киген ұлық кісінің жымия қарағаны сондай ұнады. Шенді ұлықтар ызғарлы, түсі суық болады деп еститін еді. Ал мына кісі ондай емес, қазіргі Шоқан ойындағы бар топшылау осы ғана. Біраз орысша сөйлескеннен кейін Шыңғыс, Уәсіл ағай, Сергей үшеуі оқу бөлімінің үйінен шығып, пәуескеге отырды.

— Енді Шоқанды Кадет корпусының оқушысы дей беруге болады. Әлгі кісі айтты ғой, қағазын дайында деп. Өзімен бірге оқитын балалармен қазыналық үйде жатады. Тіл үйренуіне, сабақ, дайындауына да жақсы, — деп Сергей Сотников алдағы тәртіпті де түсіндіріп өтті.

— Әзірше Шоқан біздің үйде болар. Балалардың жатақ үйі әбден тәртіпке келтірілсін. Мен өзім Шоқанды жақсы серік тауып орналастырам. Сіз алаң болмай қайта беріңіз, — деп Дабашинский Шыңғысқа қайтуына кеңес берді.

— Ол да дұрыс, біздің бос жата беруіміздің мәні жоқ. Ертең ерте жүріп кетерміз. Мұндағы жолығатын кісілерге тегіс жолықтым, — деп Шыңғыс Шоқанға жайын түсіндірді.

— Жарайды, атеке, қайтыңыз. Ендігі жұмысты Уәсіл ағай орындайды ғой, — деп Шоқан ризалығын білдірді.

Осы әзірде сырттан кірген жас балаға Мария Михайловна:

— Ә, Гришамысың? Жақсы келдің. Бері жүр. Мен сені бір жақсы баламен таныстырайын, — деп Шоқандар отырған бөлмеге ертіп келді. Өткір үлкен көк көзді Гриша батыл басып келіп, орысша сәлемдесті.

— Ә, Григорий екен ғой. Кәне, сен мына Шоқанмен танысып қой. Екеуің бірге оқисың, — деп Дабашинский Шоқан мен Григорий Потанинді қол алыстырып амандастырды.

— Шоқан, мынау бала Григорий Потанин деген, сен түсетін Кадет корпусына былтыр келіп түскен. Өзі қазақша біледі. Бұл баланың әкесі Потанин сенің нағашы атаң Мұса Шормановтың досы, мұның үй-ішінің бәрі де қазақша біледі, — деп Шоқанды жаңа дос құрбы баламен таныстырды.

Таң сібірлей Шыңғыс орнынан тұрғанда, Бейсен аттарды жемдеп, пәуескеге жегіп, әзір тұрған болатын. Көңілшек әке Шоқанның ұйқыда жатқан кезінде оятпай жүріп кетуді ойлап еді. Ол жуынып, киініп, ұйқтап жатқан Шоқанның қасына келді. Ойлана, қимай біраз тұрып, еңкейіп келіп, маңдайынан иіскеді.

— Ә, Шыңғыс Уәлиханович, Шоқаныңды қимай тұрсың- ау. Сен енді елжірегенді қой. Бұл бала біздікі. Оянса, тағы босаңсисың. Өзің жуырда қайта келем деп отырсың, ал, аттан! — деді Дабашинский баласын қия алмай тұрған Шыңғысқа.

— Ал, Уәсіл аға, өзіңе тапсырдым. Дұрыс айтасыз, бала сіздікі. Әншейін, әншейін, — деп сөзін қайталап Шыңғыс далаға шықты. Ол пәуескеге отырып, қорадан жөнелгенде, Дабашинскийдің өзі Шыңғысты қимай, көпке дейін артынан қарап тұрды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз